Қазақ халқының этникалық мәдениеті



Жоспар
1. Қазақ халқының салт . дәстүрі мен әдет . ғұрыптары.
2. Қазақ халқының этникалық мәдениеті.
3. Қазақтардың діни . наным сенімдері.
4. Қолданылған әдебиеттер тізімі.

Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 25 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар

1. Қазақ халқының салт – дәстүрі мен әдет – ғұрыптары.

2. Қазақ халқының этникалық мәдениеті.

3. Қазақтардың діни – наным сенімдері.

4. Қолданылған әдебиеттер тізімі.

1. Қазақ халқының салт – дәстүрі мен әдет – ғұрыптары.

Көптеген ғасырлардың барысында қазақтардың өзіндік бірегей әдет-ғұрыптары
мен салт-дәстүрлері қалыптасты. XVIII ғасыр мен XX ғасырдың бас кезінде
оның бірқатарын Ресей әкімшілігінің өкілдері, орыс және шетел ғалымдары,
саяхатшылар айқын байқап, жазып қалдырды. Қазақтардың әдет-ғұрыптары мен
салт-дәстүрлері үй ішіндегі отбасылық және адамдардың өзге де топтары
арасындагы өзара қарым-қатынастарды қалыптастыруда үлкен рөл
атқарды.Қазақтарға дәстүрлі қонақжайлылық қасиет ежелден тән. Олардың бұл
қасиеті көптеген ғасырлар барысында қалыптасқан. Бұл жөнінде XIX ғасырдың
аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын:
Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды
ақкөңілділігімен және қонақжайяылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі
олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет.Үйге келген
қонақ оларда әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады. XIX
ғасырда Қазақстанда болып, оны зерттеген неміс зерттеушілерінің бірі Ф. фон
Хелльвальд та былай деп жазды: Қырғыз-қайсақтар барынша қонақжай мейірімді
болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік
адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей,
алаңсыз уйықтай беруіне әбден болады.Қазақтарда үйіне келген кез келген
адамға міндетті түрде тегін қонақасы беру, оған жайлы төсек-орын салып,
қондырып жіберу әдет-ғұрпы ежелден орын алды. Егер үй иесі қонаққа ондай
құрмет көрсетудің дәстүрлі әдет-ғұрпынан бас тартса, әлгі бейтаныс жолаушы
үй иесінің үстінен биге барып, шағым айтуға құқықты болған. Ал би
қонақжайлылық әдет-ғұрыпты бұзған үй иесіне ат-тон айып салатын. Әдетте
мұндай келеңсіз оқиға қазақ арасында өте сирек ұшырасқан.

Қазақтарда ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптың бірі - дәм ауыз тию. Үйге бас
сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбейінше жібермейтін — Қуыс үйден
құр шығармайтын.
Қазақтардың және бір жақсы әдет-ғұрпы - ерулік беру. Басқа жақтан жаңадан
көшіп келгендерді оның туған-туыстары немесе көршілері арнайы дастарқанға
шақырып, ерулік тамақ беретін болған. Бұл арқылы көшіп келген туыстарына
немесе көршілеріне деген ыстық ықыласы мен ізгі ниетін білдірген. Ал көшіп
келгендер жаңа қонысқа тез үйреніп, оңдағы адамдармен жақсы қарым-қатынас
орнатуға ықыласты болатын. Далалық көшпелілердегі кеңінен таралған әдет-
ғұрыптардың бірі - қалау. Үйге келген қонақтың сол үйдегі өзіне ұнаған
заттың кез келгенін қаладым деп айтуына болады, ал үй иесі ол затты
міндетті түрде беруі тиіс. Мұның өзі де адамдар арасындағы достық қарым-
қатынастың негізін қалайтын. Анасы аман-есен босанып, дүниеге жас нәресте
келген соң тап осы әдет-ғұрып бойынша кіндік шешенің де өз қалауын айтып,
ұнаған нәрсесін алуына болатын.
Қымызмұрындық - қымыз ашыту маусымының басталуына байланысты әдет-ғұрып.
Ауыл адамдары бірін-бірі шақырысып, қымыз ішер алдында арнайы дастарқаннан
тамақ жеседі. Қымызмұрындыққа шақырған үй иелеріне ауыл ақсақалдары ақ
батасын береді. Қазақтарда жылу жинау әдет-ғұрпы да бар болатын. Оның мәні
кездейсоқ жағдайда үйі өртеніп кеткен немесе дұшпанның шабуылынан, қатал
қыстың ауыртпалығынан, су тасқыңынан, аштықтан зардап шеккен отбасыларына
ауылдас немесе туысқан адамдардың көмек; көрсетуі болып табылады. Олар
зардап шеккен жандардың алдына қолдарынан келгенінше мал салып береді, киім-
кешек, көрпе-төсек, ыдыс-аяқ жағынан көмек көрсетеді, бастарына шаңырақ
көтеруіне жәрдемдеседі. Мұның өзі зардап шегіп, қиналған ағайынға жаны
ашынғандықтың, қамқорлық жасағандықтың көрінісі еді. Мүмкіндігі бола тұрып,
ондай көмек көрсетуден бас тартқан ағайын-туыс ру ішінен қуылып,
аластатылатын. Ал мұндай жазаға кесілгендер өз руының тарапынан жанашырлық
жақсылық дәмете алмайды. Өйткені ондай құқықтан айырылған болып саналады.
Оларды кез келген қарақшы аяусыз тонап кете алатын.
Қазақ даласында жұртшылық деген әдет-ғұрып та кеңінен тараған. Оның мәні
белгілі бір себеппен бөлшесінен қарызға батып, оны төлеуге жағдайы жоқ
туысқан адамға рулас ағайын-туғандарының көмек көрсетіп, қарызынан
құтылуына көмектесуі болып табылады. Мұндай көмек ауыл ақсақалдары
кеңесінің шешімі бойынша көрсетіледі. Қазақтардың ауызбірлігінің, өз
жақындары мен туыстарына жанашырлықпен жәрдем жасауының бір көрінісі міне
осындай.
Дала тұрғындарының дәстүрлі әдет-ғұрыптарының бірі — асар. Онда ауыл
тұрғындары ешқандай ақы алмастан бірлесе жұмылып, біреудің белгілі бір
жұмысын бітіріп береді. Мәселен, олар біреудің қысқы баспанасын немесе мал
қорасын салып беруге, сондай-ақ құдығын қазып беруге жұмыла көмектеседі.
Асар ауылдас отырған рулас адамдардың туысқандығы мен ынтымақ бірлігінің
жарқын көрінісі болып табылады. Асарға шақырылғанда оған бармай қалу
әдепсіздік саналатын. Қазақтар XX ғасырдың бас кезінде осы әдет-ғұрыпты
пайдаланып көптеген жерлерде зайырлы мектептер және мешіттер салып алды.
Әрбір қазақ суға кетіп бара жатқан адамға жәрдем қолын созуға, қиналған
адамның өтінішін орындауға, шөлдеген адамға сусын беруге міндетті. Рулас
адамдар жоғалған немесе ұрланған малды бірлесе іздеген. Дала тұрғыны өте-
мөте мұқтаж, кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл міндетті орындау қажеттігі
туған жағдайда кез келген қазақтың жылқы қосынан ат ұстап мініп кете беруге
құқықты болған. Бұл үшін ат иесінен рұқсат сұрау міндетті емес-ті. Ондай
кезде көлік беруден бас тартқан адамға ат-тон айып салынған және ол туралы
жағымсыз қоғамдық пікір қалыптасқан.
Әдептілік пен сыпайылық әдет-ғұрпы
Екі қазақ кездесе қалғанда жасы кішісі жасы үлкеніне Ассаламағалейқұм!
деп бірінші болып сәлем береді. Жасы үлкен кісі оған Уағалайқұмассалам!
деп жауап қатады. Тек содан кейін ғана егжей-тегжейлі аман-саулық сұрасады.
Бұлай сәлемдесу бірін-бірі тіпті танымайтын адамдар үшін де міндетті болып
саналады.
Дала тұрғындарына тән әдептілік пен сыпайылық, кішіпейілділіктің бір
көрінісі — үлкен кісінің есіміне әке (еке) сияқты жұрнақ сөз қосып айту.
Мәселен, Қазбек — Қазеке, Диқан — Дәке, Бауыржан — Бауке сияқты айтылады.
Мұны XX ғасырдың бас кезінде белгілі орыс ғалымдарының бірі Л. Баллюзек те
байқаған: Қырғыздардың сыпайылығы, кішіпейілділігі мен әдептілігінің бір
көрінісі — жасы үлкен кісілердің есіміне еке (әке) сөзін қосып айтуы.
Жас келіндер ер азаматты ерекше құрметтеудің белгісі ретінде күйеуінің
жақын туысының атын атамаған. Күйеуінің әкесі мен шешесін ата, ене деп
атаған. Күйеуінің іні-қарындастарын шырақ, жарқын, айнаш, гүлім, бауырым
деп еркелете ат қоятын. Өзге туысқандарына да жаңа әрі жарасымды ат ойлап
табатын.
Қазақтар екіқабат әйел мен жасы үлкен адамның алдын кесіп өтуді әдепсіздік
санаған. Келіндер атасының, қайын ағаларының көзіне түспеуге тырысқан.
Отағасы үйде жоқ кезде ересек ер адамның үйге түсуіне рұқсат етілмеген.
Қазақ даласының мызғымас заңы, міне, осындай еді. Қазақтар үйге бас сұғар
алдында қару-жарағын әрқашан тыста қалдыратын. Ал ханның алдына қамшы ұстап
кіруге де болмайтын.
Алыс сапардан немесе жәрмеңкеден қайтып оралған адам өзінің жақын туыстары
мен көршілеріне әр түрлі сыйлықтар - базарлық ала келетін. Ауыл ақсақалдары
тамақ үстінде үлкен табақтан жасы кішілерге асату жасайтын. Егер кімде-кім
әлдебір жаңа киім кие қалса, бағалы затқа ие болса, оған жақын туыстарының,
дос-жарандарының байғазы беру әдет-ғұрпы болған.
Әйелдер үйде қалған балалары мен жақындарына мереке-тойларда болған
жерлерінен сарқыт ала келетін. Мұның өзі, бір жағыман, тағамға деген
құрметті білдірсе, екінші жағынан, болып өткен мереке тойлардан үйде
қалғандардың да дәм татып, қатысты болғанын сезінуге тәрбиелейді.
Қазақтарда көптен бері көрмеген жақын-туыстарына қымбат бағалы заттардан,
әдемі естелік бұйымдардан, қазы-қарта, мүшелі жіліктерден, сүр еттерден
сәлемдеме беріп жіберу әдет-ғұрпы да болған.
Сәлемдемені алған жақ шын ниетімен разы болып, ізгі батасын беретін.
Базарлықтар мен сыйлықтарды туған-туыстар, дос-жарандар мен көрші-қоландар
өзара бөлісетін.
Дала тұрғындары бір-біріне қуанышты хабар жеткізгенде сүйінші сұрайтын әдет-
ғұрып та болған. Қуанышты хабар жеткізген адамға жақсы сыйлық жасалатын.
Саят құру кезінде жас аңшы бағалы олжасын өзімен бірге аңға шыққан
адамдардың жасы үлкен ақсақалына байлайтын. Ол мұны дәстүр бойынша өз
еркімен жасаған.
Қазақта ежелден бар тұрмыстық әдет-ғұрыптың бірі - ажырасу аяқ. Оның мәні
ауылдың бір түрғыны басқа бір алыс жаққа көшіп кетерде ағайын-туғандарымен,
көрші-қолаңдарымен қоштасу ретінде ажырасу аяқ деп аталатын тамақ беруінде
болатын. Ауылдастарына айтпай, үн-түнсіз көшіп кету көргенсіздік,
тәрбиесіздік саналатын. Ал көшіп бара жатқан жақ өздерінің туған-
туыстарына, құрметті ауылдастарына көзіміздей көріп жүріндер деп, естелік
сыйлықтар қалдыратын. Ал ауылдастары өз кезегінде ризашылығын білдіріп, көш
көлікті, барған жердегі қоныстарың құтты болсын айтысып, ақсақалдар ақ
баталарын берісетін.
Жасы үлкендерге құрмет көрсету
Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден бар
болатын. Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан
екендігіне қарамай көрсетілетін. XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс
ғалымдарының бірі Ф. фон Шварц былай деп жазған болатын: Қырғыз-
қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер
азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше
сый-құрметке бөленеді. Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті
орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар
олардың айтқан сөзін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайтын. Жас жігіт үшін
үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі
саналатын. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше
ешқашан отырмайтын.
Жас адамның үлкен кісінің алдын кесіп өтуі көргенсіздік деп есептелінетін.
Бұл ереже әйел адамның ер азаматтың алдын кесіп өтпеуіне де қатысты
болатын. Жасы кішілердің жасы үлкендерге дауыс көтеруіне барып тұрған
әдепсіздік ретінде үзілді-кесілді тыйым салынатын. Әңгіме үстінде жасы
үлкен кісінің сөзін бөлуге ешқашан рұқсат етілмейтін.
Жастар алыс жолға аттанарда не үй болып, шаңырақ көтерерде жасы үлкен
ақсақалдардың алдынан өтіп, ақ батасын алатын. Қазақтар жасы үлкен әрі
құрметті адамдардан мұндай батаны жауға аттанарда да тілейтін.
Тамырлық әдет-ғұрпы
Қазақтардың арасында достасып-бауырласу немесе тамыр болу әдет-ғұрпы да
кеңінен тараған. Бұл рәсім куәлардың көзінше салтанатты жағдайда өткізіліп,
нығайтыла түсетін. Рәсім кезінде екі дос қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп,
мәңгі адал дос болуға серттесіп, ант ішісетін. Олар бір-біріне мәңгі
достықтың белгісі болсын деп қымбат бағалы бұйымдар ұсынатын. Дос-жаран,
тамырдың үйінде қашан болса да қонуға болатын, ал үй иесі оған қолдау
көрсетіп, қамқорлық жасайтын.
Қазақстан аумағында Ресей қазақтары мен қоныс аударып келген орыс
шаруаларының пайда болуына байланысты мал өсіретін көшпелі қазақтар мен
егін салатын отырықшы орыстардың арасында достасып, тамыр болу әдет-ғұрпы
етек алды. Іс жүзінде әр қазақтың орыс шаруалары мен шекара шебіндегі
әскери қазақтардың арасында өзінің тамыр-досы болды. Мұның өзі халықтар
арасындағы достықтың кеңінен қанат жаюына игі ықпалын тигізді. Әдетте олар
бірінің тілін бірі үйренді, бірінің мәдениетін бірі құрметтеді. Бұл әдет-
ғұрыптың ең мықты түрі дос-тамыр болу еді. Олар бір-бірінен өздеріне ұнаған
нәрсесінің бәрін де қалап ала беретін. Дос-тамырлық әкеден балаға, ұрпақтан
ұрпаққа жалғасып кете беретін сипат алды.
Қоныс таңдау әдет-ғұрпы
Қазақтарда қыстаудан өзге жер меншігінің толық дерлік жоқ болуы себепті
көшіп-қонып жүруі үшін уақытша қоныс таңдау әдет-ғұрпы кеңінен таралған
болатын. Ал жайылымның негізгі бөлігі қоғамдық меншік негізінде
пайдаланылатын. Мұндай ереже 1867—1891 жылдардағы әкімшілік реформаларының
қолданылу барысында да сақталып, бекітілген еді. Алайда көші- қон үшін
кейде жер дауы да туындап отырды. Бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша,
ауылдар мен ру ақсақалдары өздерінің бірінші жетіп қоныс тандаған жерлеріне
арнайы белгілер қоюы тиіс саналатын. Ондай белгілер жерге найзаның сабын
немесе құрық қадап кету арқылы қойылатын. Құмның бетіне немесе сазды жерге
сол ру таңбасының суреті салынатын. Немесе биік өскен шөптің басын буып,
белгі салып кетуге де болатын. Мұндай белгілері бар жерлерге өзге ешкімнің
қоныстануына рұқсат етілмейтін.
Егер жаңа қонысқа әр түрлі ауылдардың өкілдері бір мезгілде келе қалса,
онда жер дауы мынадай тәртіппен шешілетін: сұлтан мен қатардағы қазақ
дауласса, сұлтан жеңіп шығатын, би мен старшын дауласса, старшынның мерейі
үстем болатын, ал егер би мен қатардағы қазақ дауласса, бидің талабы
орындалатын. Егер жер дауы сұлтан мен сұлтанның, би мен бидің, старшын мен
старшынның, қатардағы екі қазақтың арасында болса, онда олардың қай жасы
үлкені жеңіске ие бола алатын. Жерге дауласушылардың мәртебесі мен дәрежесі
тең болған жағдайда олардың қай жағының руы не тайпасы жолы жағынан үлкен
болса, сол жағына артықшылық берілетін.
Отбасы және неке саласындағы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер
Сөз болып отырған кезеңде қазақтарда отбасы мен некеге қатысты сонау
ежелден ккеле жатқан бірегей әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері болатын.
Дүниеге келген жас нәрестеге оның құлағына азан шақырып ат қойылатын. Жасы
үлкен туысқандардың бірі Құраннан аят оқып, нәрестенің атын оның құлағына
үш рет қайталап дауыстайтын.
Ер бала 3,5 және 7 жасқа толғанда оны сүндетке отырғызу рәсімі өткізілетін.
Сүндет тойына қонақтар шақырылатын, ат шаптырылып, спорт жарыстары
өткізілетін.
Ата-ана өздерінің ұлын үйлендіру қамын әрқашан ойластырып жүретін. Болашақ
келінді бала кезінен іздестіре бастайтын. Тіпті балалар дүниеге келмей
жатып-ақ атастыру рәсімі болатын. Қүдайдарды өнегелі, құрметті, текті
жерден іздестіретін. Құда түсудің салт-дәстүрлері бойынша арнайы рәсім
өткізілетін. Қазақтарда жеті атаға толмаған туыстар арасында неке қиюға
қатаң тыйым салынатын.
Баланы үйлендіруге қатысты әдет-ғұрыптардың реті мынадай болатын: құда
түсуге алдын ала келісу, ата-ананың құда түсуі, күйеудің қалыңдыққа ұрын
баруы, келін түсіру тойы, неке қию рәсімі. Ұзатылатын қыздың әкесі құда
түсіп келген құдаларға құйрық-бауыр жегізетін. Бұл салт-дәстүр құдалық
рәсімінің орындалғанын көрсететін. Ал құдалық екі жаққа да белгілі
міндеттер жүктейтін. Құдалықтан айнуға болмайтын.
Құда түсудің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін жігіт жағы қыздың калыңмалын
төлейтін. Қалыңмал әдетте мал басымен есептелетін. Оның мөлшері құда
түсушілердің қаншалықты бай, ауқатты екендіктеріне қарай белгіленетін.
Қалыңмалдың мөлшері 5 жылқыдан 1000 жылқыға дейін жететін. Үйлену тойы
кезінде құдалар бір-біріне кит кигізетін болған. Ол түрлі қымбат бағалы
киімдерден, мата кездемелерден, мал басынан тұратын. Құдалар жағы бір-
бірімен қоржын алмасып, өзара сыйлық жасасатын. Үйлену тойының әдет-
ғұрыптары неке қию рәсіміне ұласады. Қазақтардың дәстүрлі қоғамында қыздың
жасауын берудің де зор маңызы болды. Жасау қыз баланың жас кезінен әзірлене
бастайтын. Қыздың жасауына киіз үй, кілем, текемет, сырмақ сияқты бұйымдар,
киім-кешек түрлері мен ыдыс-аяқтар, әр түліктен тұратын мал басы және
басқалары кіретін болған.
Күйеуі өліп, жесір қалған жае әйелге күйеуінің жақын туыстарының біреуі
әмеңгерлік жолымен үйленуге құқықты саналатын. Көшпелі қазақ халқының
өмірінде мұның әлеуметтік маңызы үлкен болды. Әйел ерден кетсе де елден
кетпеді. Марқұм болған адамның балалары өз руының, өз туысының қарамағы мен
қамқорлығында қалды, жат жұртқа жіберілмеді. Өйткені олар өз туыстарының
арасында жетімдік көрмейді, бейшаралық халге душар болмайды. Сондықтан да
құдалардың арасы суыспайды. Егер біреудің отбасы перзент көрмесе немесе
баласы тұрмай, шетіней берсе, ол алдын ала келісім бойынша, өз туыстарының
бірінің баласын бауырына басып, асырап ала алатын.
Жеке шаңырақ көтеріп, ата-анасынан еншісін алып шыққан жас отбасында
күнделікті тіршілігіне қажетті нәрсенің бәрі де — отауы, төсек-орындары мен
үй ішінің жабдықтары, есік алдында малы да болатын. Ежелден келе жатқан
әдет-ғұрып бойынша ата-анасының қолында кенже ұлы қалып, қара шаңыраққа
бүкіл мал-мүлкімен қоса иелік ететін. Қазақтар өздерінің ата-анасын ешқашан
тастап кетпейтін. Даланың жазылмаған бұл әдет-ғұрпын бұзғандарды қазақтар
нағыз жексұрын, жауыз жандар ретінде жек көрді.
Бата беру
Қазақтарда бата беру әдет-ғұрпы кеңінен етек алды. Ол әрбір іске кірісер
алдында міндетті саналатын. Бата поэтикалық тілмен жалпы жұртқа қарап тұрып
беріледі. Онда бата беруші адам езгелерге ізгі жақсылық, табыс тілейді
Батаны жасы үлкен адам немесе жолы үлкен қонақ беруі тиіс. Бата беруші
Жаратушы Алладан бақытты өмір, материалдық байлық, әрбір істе табысты
болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері қарай жоғары созып, екі алақанды
өзінің жүзіне қарата бұрып тұрып беріледі. Бата беру әумин деген сөзбен
аяқталады.
Бата адамдарды лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, ол жастарды,
ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Қандай да болсын бір іске
кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға
аттанарда әркім ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ көтеріп,
жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қазақтар өздерінің балаларына атақты
кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Ислам дінінің
таралуына байланысты бұл дәстүр бұрынғысынан да күшейе түсті. Қайтыс болған
адамның үй-іші мен туған-туыстарына көңіл айту кезінде де бата беріледі,
марқұмның өзіне де, артында қалған үрім-бұтағына да ізгі тілектер
білдіріледі.
Бала тәрбиесі
Қазақтар бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қазақтың дәстүрлі тәрбиелік
үлгі-өнегелері ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады.Жиналып тұрған топқа жақын
келген адам оларға бірінші болып сәлем беруге міндетті. Атты адам жаяу
кісіге, жасы кіші үлкендерге бірінші болып сәлем береді. Алға келген астан
алдымен жасы үлкен адам дәм татады. Тамақ ішіп отырған кезде көп сөйлеуге
болмайды. Балаларға жақсы тәрбие, үлгі-өнеге беруде мақал-мәтелдердің
атқаратын рөлі зор. Халық даналығы балаларды еңбексүйгіштікке, алды-артын
аңдап сөйлейтін сақтыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулиды. Мәселен,
Аққа Құдай жақ, Батырдың күші - айласында, Асықпаған арбамен қоян
алады, Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей, Бірлік бар жерде
тірлік бар, Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды, Жаздың бір күні жылға
азық, Жақсыда жаттық жоқ, Жаман үйді қонағы билейді, Жақсы жігітке
жеті өнер де аз сияқты мақалдардың тәрбиелік маңызы зор.

2. Қазақ халқының этникалық мәдениеті

Қазақ жерінде халық болып құрылу процесі алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап,
одан кейін қола дәуірі (б.д.д.2-1 мыңжылдықтар) мен темір дәуірі (б.д.д. 7-
4ғғ.) кезеңдерінен басталады. Олар негізінен Қазақстанның жерін мекендеген
(байырғы) тайпалардан құралған.
Этнос - (халық, тайпа, жұрт, ұлт) жалпыға ортақ, сыртқы кескін-кейпІ ғана
емес, едәуір тұрақтанған ерекше мәдениеті (тілін қоса) мінез-құлқы бар, сол
сияқты өзінің бірыңғай екенін және басқа этникалық топтардан бөлектігін
түсінетін сана-сезімі бар, оның бұл қасиеті өз атымен (этноним) бекітілген
адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты бір тұтастығы. Сондай-ақ территориясы
да бірыңғай болуы тиіс.
 Орта Азия мен Қазақстанның ерте дәуірдегі кезеңдерін зерттеп жүрген
ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, біздің жерімізде қола дәуірі (Андрон,
Бегазы-Дәндібай мәдениеттері) мен темір дәуірінде өмір сүрген тайпалардың
(сақ, сармат) иран тілдес болғандығы айтылады. Бұл кездегі тайпалар
антропологиялық жағынан монголоидтық белгілері бар европеидтық нәсілдерге
жатты. Қазақ халқының бастауына сақтар, үйсіндер, қаңлылар да кіреді.Қазақ
халқының шығу тегі туралы аспектілерге лингвистикалық және антропологиялық
мәселелер жатады. Орта Азия мен Қазақстан өңірінде осы екі процестің екеуі
де қатар дамып отырған. Қазақстанның ертедегі тарихын екі аумақты кезеңге:
үндіевропалық және түріктік кезеңге бөлуге болады. Атап айтқанда,
лингвистика жағынан қарғанда - ежелгі европалық- үндіирандық- прототүркілік-
түркілік- қазақ. Түркі тілі Алтай тіл семьясына (монгол-манчжұр-танғыс)
жатады. Алтай қауымдастығы мезолит дәуірінде Орта Азия мен Байкал бойында
пайда болды. Түркі тіліне ғұн, оғыз, қыпшақ, үйсін, хазар. Тұнғыс-маньчжұр
тобына - нанай, эвенкі, манчжұр.Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобының
батыс тармағына жатады. Оған қарақалпақ, қарашай-балқар, башқұрт, қырым
татары, қырғыз тілдері кіреді.Ал антропологиялық тұрғыдан қарағанда -
европалық-европа-монголдық- монголдық-европалық. Бірінші кезеңде
лингвистикалық тіл жағынан Қазақстан тұрғындары үндіевропалық топтың ежелгі
иран тобына кіреді. Бұл кез б.з.д. 3-1 мыңжылдықтарды қамтиды.
Екінші кезеңде Қазақстанға шығыс жақтан көшпелі тайпалардың, ғұндардың
Батысқа қарай қоныс аударуына байланысты, сақ және сармат тайпаларының
жалғасы - үйсін мен қаңлылар ғұн тайпаларымен араласып, ассимиляцияға
түскен. Б.з.б. 1 ғасырда Солтүстік ғұндардың құрамына кірген көптеген түркі
тілдес тайпалар Орталық Азиядан Тянь-Шань арқылы өтіп, Қаңлы тайпалық
бірлестігімен көрші-қолаң отырды. Ғұнжардың Қазақстанға өтуінің екінші
толқыны б.з. 2 ғ. 1 жартысында орын алды. Бұл кезде солтүстік ғұндардың
тайпалары Шығыс Қазақстан мен Жетісуға қоныс аударып, 6 ғасырға дейін өмір
сүрген Юэбань мемлекетін құрды. Ғүндардың біріктіруші ролінің арқасында
сырттан келген тайпалармен байырғы тұрғындардың этникалық жақындасуы іске
асты. Мұның өзі тайпалардың жаңа этникалық қауымдастығының қалыптасуына
әкелді және сол этникалық процестердің бағыт-бағдарын айқындап отырды.
Этномәдениеттік жағдайда түркі тілінің одан әрі дамып жайылған аймақтарда
сол сияқты моңғол түрінің белгілі әсері де көбейді. Сөйтіп, үйсіндер мен
қаңлылардың монголоидтік нәсілге өтуі басталды. Бұл процесс тарихи
деректерге қарағанда б.з. 1-5 ғғ. қамтиды, мұның өзі жергілікті жұрттың
кескін-кейпіне, оның тіліне әсер еткені даусыз. Б.з. 6 ғасырынан бастап
үйсін, қаңлы және басқа тайпалар тарих сахнасынан көрінбейді, аттары
аталмайды. Оған себеп, бұл кезде Қазақстан жерінде , оңтүстік аймақта
шығыстан Алтай, Сібір жақтан келген түркі тайпаларының басымдығынан болса
керек. Олар негізінен байырқу, Бұлақ, қарлұқ, кимек, қыпшақ тайпалары еді.
6 ғасырда Қазақстан жері Түркі қағанаты құрамына енді. Осы қағанаттар
құрамында 30-дан астам түркі тілдес ру-тайпалар болды. Үйсіндер мен
қаңлылар оларға сіңісіп кеткен. 702 жылы Батыс түркі қағанаты тарағаннан
кейін оның орнына Түргеш қағанаты (704-756), Қарлұқ қағанаты (756-940),
Оғыздар (9 ғ. соңы 11 ғ. басы), Кимек қағанаты) 893-11 ғ. б.), Қыпшақтар
(11-1219 ж.), Қарахандар (942-1212 ж.) өмір сүрді. Осы мемлекеттердің
ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуына, әсіресе екі мемлекеттің тарихи
ролі күшті болды. Оның біріншісі Қыпшақ хандығы. Ертіс пен Еділ арасын
мекендеді.  Қазақ халқының қалыптасуына ықпал еткен тағы бір мемлекет - ол
оңтүстік, оңтүстік шығыс Қазақстанда өмір сүрген Қарахан феодалдық
мемлекеті. Бұл мемлекетте қарлұқтардың ықпалы күшті болды. Шығыстан монғол
тектес көшпелі халықтар жасаған шапқыншылық оңтүстік және оңтүстік -шығыс
Қазақстанның қалыптасқан этникалық жайына соншалықты өзгеріс жасаған
жоқ.Алтай жақтан ығыса келіп, өздерінің мемлекеттік бірлестігін құрған
наймандар мен керейттер Қарахан мемлекетінің этникалық құрамына елеулі
әсерін тигізді.  Бірақ осы бір сапырылыс кезінде шығыстан қидандардың
(қарақытайлықтардың) шапқыншылығы болып, Қарахан мемлекетінің жағдайы
нашарлайды. 13 ғ. басында Қарахан мемлекеті қайта көтеріліп келе жатқанда
мронғол шапқыншылығы басталды. Сондай-ақ орталық, солтүстік, шығыс, батыс
Қазақстан жеріндегі Қыпшақ мемлекеті де сондай жағдайға душар болды.
Монғолдар екі мемлекеті де қиратты. Сөйтіп, халық болып қалыптасуы процесі
15 ғасырға дейін кешікті.
 
Монғол шапқыншылығы салдарынан тұтас Ұлыстар орнағанмен, Қазақстан
жеріндегі ру-тайпалардың арасындағы байланыстар бұзылғанын, Алаш халқының
әртүрлі аймақтарға (Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Үгедей ұлысы, Алтын Орда,
Ноғай Ордасы, Көк Орда, Ақ Орда) қарағанын да мойындау керек. Ірі ру-
тайпалардың бірсыпырасы қоныс аударды. Мәселен, қыпшақтардың бір бөлігі
солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібірге көшті. Дегенмен тіл бірлігі
жойылмады. Себебі бұл халық монғол шапқыншылығынан бұрын-ақ мәдени
қалыптасып қалған еді. Қайта монғолдар түркіленіп кетті. Бірақ бұл кезде
бұрынғы екі үлкен нәсілдің байырғы европеидтік және кейін қосылған
монғолоидтік нәсілдердің күрделі араласуы нәтижесінде қазіргі қазақ халқы
құрамының (антропологиялық, этникалық, лингвистикалық негізде) бірыңғай
тұтас қосындысы келіп шығады. Алайда, Қазақстан жерінде өмір сүрген ру-
тайпалар түркі тілінде сөйлегенімен территориялық бөлінуге ұшырап Моғол,
Әбілхайыр, Ноғай, Көшім хандықтарының қол астында өмір сүріп жатты. Атақты
"92 баулы қыпшақ" атты шежіреде көрсетілген бұл ру-тайпалардың барлығы
кейіннен қазақтардың құрамына кірді.14-15 ғғ. феодалдық қатынастардың
нығаюы негізінде Моғолстан, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасында
болып жатқан түрлі соғыстарға қарамастан, халықтар арасында өзара бірігу,
топтасуға ұмтылу пооцестері барған сайын белең алды. Қазақстанның ежелгі
тайпалары өз мекендерінің тарихи-географиялық, экономикалық және саяси
оқшаулануының тарихи қалыптасқан жағдайларына байланысты этникалық жағынан
біртұтастық пен бүтіндікке ұмтылды. Нәтижесінде үш этникалық-шаруашылық
топқа бөлінді. Үш жүз осылай пайда болды. Олар: Ұлы, Орта және Кіші жүз.
Ұлы жүз Жетісу, оңтүстік қазақстанды, Орта жүз Орталық, солтүстік
Қазақстан, Кіші жүз Батыс Қазақстан да болды.Ұлы Жүз Сырдариядан бастап
Жетісу жерін түгел жайлады. Оның құрамына үйсін, қаңлы, дулат, шанышқылы,
ысты және т.б. Орта жүз Орталық Қазақстан мен солтүстік-шығыс Қазақстанның
бір бөлігін қоныс етті. Оның құрамында қыпшақ, арғын, найман, қоңырат,
керей, уақ т.б. Кіші жүздің мекені - Сырдың төменгі жағы, Арал теңізінің
жағалауы, Каспий ойпатының теріскей жағы. Оның құрамындағы тайпалар одағы
-Әлімұлы (Қарасақал, қаркесек, кете, төртқара, шөмекей, шекті. Беріш;
Байұлы - адай, алшын, жаппас, алаша, байбақты, беріш, есентемір, қызылқұрт,
шеркеш; Жетіру (табын, тама, кердері, жағалбайлы). Жүздердің ұйымдасқан
уақыты, қалай құрылғаны туралы түрлі пікірлер бар.Осы арада қазақтың үш
жүзіндегі тайпалардың бірыңғай болмағанын айту керек. Мәселен, арғын,
қыпшақ, алшын сондай-ақ басқа руларға да жататындар үш жүздің қай-
қайсысында да кездеседі.
 
Қазақ этнонимінің туу тарихы ұзақ уақыт бойы зерттеушілердің қызу
айтыстарына айналды. Кейбір деректерде бұл термин әлеуметтік мәнінде
қолданылған "қазақлық" "қашақ" деген атаудан шықты дейді. Немесе "қазақ"
атауы Жәнібек пен Керей бастап Жетісуға көшіп кеткендерді "өзбек-қазақ" ,
кейін "қазақ" түрінде пайдаланылған деп санайды. "Қазақ" термині 1245 жылы
Мамлюк мемлекетіндегі қыпшақтардың ортасында жазылған ерте қыпшақ жазба
ескерткіштерінде (түрік-араб) сөздігінде кездеседі. Мұнда "қазақ" деген сөз
басы бос кезбе деген мағына береді. Бұл семантикалық ұғым бойынша "қазақ"
терминіне әлеуметтік мағына беріледі, яғни еншісі бөлек, үлкен ұлдардың ата
шаңырақтан бөлініп уақытша ру, тайпалардан кетіп, күнкөріс үшін әскери
жорықтарға қатысуын санаған.Кейде бұл термин ертедегі екі тайпалық (каспий
және сақ) одақтардың атынан шыққан деп жорамалдайды. Ал кейбір тарихшылар
"хас" нағыз және "сақ" деген сөзден құралған деп болжам жасайды. Қазақстан
тарихының 2 томында "...қазақ атауы 9-10 ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақ
қыпшақтарының қоғамында әлеуметтік, ал 11-12 ғғ. этникалық-әлеуметтік
топтарға қолданылған. Және осы ғасырларда қыпшақ тайпаларының топтасуы
қазақ қауымдастығы қалыптасуының да маңызды кезеңі болды" деп жазылған.
Яғни бұл процесс түрлі кезеңде де тоқтамай, әмбебап мағынада қолданылып
келген. Нәтижесінде қыпшақ тайпасы өзегі болған 14 ғ. басында құрылған Ақ
Орда халқының құрамы қазақтар болған. 15 ғ. 2 ж. қазақ халқы құрылып
болғаннан кейін, халықтың этногенез процесінің күрделі ерекшелігінің бірі
болып табылатын "қазақ" атауы, этникалық маңызға ие болды.
Қазақ атауының шығу тегі туралы
Зерттеушілер екі жүз жылға жуық уақыт бойы қазақ терминінің шығуын
түсіндіруге және оның семантикасын ашуға әрекет жасап келеді. Айтылған
көзқарастар ауқымы өте кең, мейлінше иланымды ғылыми болжамдардан қиыннан
қиыстырылып шығарылған этимологияларға дейін бар. Алайда, қазақ сөзін
түсіндіретін түпкілікті пікірді, тегінде, әзірше ешкім айта алған жоқ.
Қазақстанның өз тәуелсіздігін алуына байланысты соңғы уақытта жалпы қазақ
халқының тарихы мен мәдениетіне және атап айтқанда қазақ терминіне ден қою
едәуір арта түсті. Ғылыми басылымдар мен газет-журналдардың беттерінде
қазақ терминіне қатысы бар жарияланымдар пайда болды. Бірен-сарандарында
ғана болмаса, оларда баяндалған пікірлер өткен кездерде айтылған
көзқарастарға негізделген.
Қазақ атауының шығу тегі туралы мәселені шешкен кезде зерттеушілердің
едәуір бөлігі тайпа атауына терминологиялық сәйкестікті іздестіру жолына
түсті. Алдын ала атап өткен жөн, бұл әдістемелік тәсіл, зерттеушілік
практиканың көрсетіп отырғанындай, салғастырылатын ұғымдардың жақындық
дәрежесі туралы неғұрлым айқын тұжырымдар жасау үшін әлі де көп
жеткіліксіз. Қазақ сөзіне үндес терминдерді ғалымдардың Қазақстан аумағынан
едәуір алыс жерлерден тапқаны аз кездеспейді. Бұл орайда олардыңэтникалық
байланыстарының терендігін көрсете алатын тарихи-мәдени сипаттағы жүйелі
сәйкестіктерді анықтау қажетінен ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ұлттық сананы қалыптастыру
Қазақ этногенезінің сақ кезеңі
Қазақстан Республикасының бүгінгі тәжірибесі негізінде ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті
Этнография -этнология ғылымының дамуы
XVIII ғасырдағы қазақ халқының әлеуметтік өмірі және мәдениетіндегі ескерткіштер
Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы курсының типтік оқу бағдарламасы
Қазақ халқының қалыптасуының негізгі кезеңдері туралы
Қазақстан ұлттарының мәдениеті
Қазақ халық педагогикасындағы этномәдени тәрбие берудің теориялық негіздері
Қазақ халқының дәстүрлі педагогикалық мәдениеті (Тарих. Теория. Практика)
Пәндер