Социология ғылымының қалыптасуы және дамуы



Кіріспе
Негізгі бөлім. Социологиялық ойдың дамуын кезеңдерге бөлу
2.1. Социологияның дамуының институттану сипаттамалары
2.1.1. Ежелгі Шығыс пен Ежелгі Греция мемлекеттеріндегі әлеуметтік ілімдер
2.1.2.Орта ғасырлардағы әлеуметтік таным
2.1.3. Жаңа дәуірдің социологиялық ойлары.
2.1.4. Қайта өрлеу дәуірі.
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Пән: Социология, Демография
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 43 бет
Таңдаулыға:   
КУРСТЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: СОЦИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ДАМУЫ

ЖОСПАР

Кіріспе
Негізгі бөлім. Социологиялық ойдың дамуын кезеңдерге бөлу
2.1. Социологияның дамуының институттану сипаттамалары
2.1.1. Ежелгі Шығыс пен Ежелгі Греция мемлекеттеріндегі әлеуметтік ілімдер
2.1.2.Орта ғасырлардағы әлеуметтік таным
2.1.3. Жаңа дәуірдің социологиялық ойлары.
2.1.4. Қайта өрлеу дәуірі.
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі



Кіріспе
Социология тарихы неден басталады және оның пайда болуын қай кезеңнен бастап есептеген дұрыс? Бұл сұрақтың жауабы көп жағдайда социология пәнін түсіндіруге байланысты: социология пәні неғұрлым қысқа және нақты анықталса, оның тарихы да солғұрлым қысқа болып шығады. Екінші жағынан, бұл пән неғұрлым кең қамтылған және белгісіздеу болып көрінсе, социология тарихының бастауы да солғұрлым ғасырлар қойнауына тереңдей түседі.
Адамды қоршаған ортада пайда болуы ғана емес, оның қоршаған ортадағы басқа адамдардың арасында өмір сүруі проблемалары да ежелден қызықтырып келеді. Неге адамдар басқа адамдардың арасында өмір сүруге ұмтылады? Оларды топтарға бірігуге, жеке мемлекеттерге бөлінуге не мәжбүр етеді? Адамдар арасындағы қарым-қатынастардың мән-мағынасы мен құндылығы неге байланысты? Осы сияқты сұрақтар түрлі нысанда әр дәуірдегі әлеуметтік-философиялық мәтіндерде байқалып отырады, ерте замандағы ғалымдар мен ойшылдар өз көзқарастарын адамға және ол өмір сүретін қоғамға аударуға әрекеттенген. Көп жағдайда абстракцияға құрылған математика ғылымының шынайы объектілерді өлшеуден басталғаны сияқты, социологияның бастауларын да данышпандардың даналық ой-пікірлерінен табуға болады.
Мұндай ой-тұжырымдарға ертедегі қытай философиясынан бастап адамды қазіргі заман философиясында түсіндіруге дейін көптеген ғасырлар бойы жинақталған адам туралы ойға түсінік беруге әрекеттену мысал бола алады.
Социологиялық білімнің даму тарихы күрделі, көпқырлы және көлемді, сондықтан проблеманың мәнін түсіну үшін әлеуметтік білімнің жалпы қалай пайда болғанын, ненің орнына келгенін білу маңызды.

Негізгі бөлім.
Социологиялық ойдың дамуын кезеңдерге бөлу
Социологиялық ой дамудың бірнеше кезеңдерінен өткен. Үш кезеңді бөліп қарауға болады - АЛДЫҢҒЫ ТАРИХИ (Ежелгі дүниенің, Орта ғасырлардың және Жаңа заманның әлеуметтік білімі), КЛАССИКАЛЫҚ (ерте және кейінгі классика) және ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ (соғыстан кейінгі және жаңа социология)
СОЦИОЛОГИЯНЫҢ АЛДЫҢҒЫ ТАРИХИ КЕЗЕҢІ - ең алдымен социологиялық білімнің онтологиялық алғышарттарының: қоғам туралы, әлеуметтілік туралы, әлеуметтік шынайылық туралы түсініктердің қалыптасу прроцесі. Бұл алғышарттар ХІХ ғасырдың ортасына қарай қалыптасқан, ал осы уақытқа дейін социологиялық білім ұзақ уақыт бойы әр түрлі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың: философияның, тарихтың, саяси -экономияның, құқықтану мен мемлекет теориясының және т.б. құрамында жинақталып, дамыды. Адам мен қоғам проблемасы, өте жақсы қарым-қатынастар мен сол қоғамды дұрыс құру идеялары ерте кездің өзінде ірі ойшылдардың ақыл-ойларынан орын алған. Оқиғаларды уақытын, орнын және қатысушы адамдарын көрсетіп, қарапайым тіркеу ретінде пайда болған әлеуметтік білім біртіндеп талдамалық ой-тұжырымдармен де байи түсті. Әлеуметтік танымдағы жаңа талдамалық деңгейдің пайда болуына адамзат әуелі ежелгі қытай философтарынан, сонан соң көне философияға борыштар. Социологияның бастауларын Мао-цзы даос мектебінің ғұламалары мен даналарының әр түрлі тіршілік мәселелері жөніндегі философиялық астардағы ой-тұжырымдары мен кеңестерінен және қоғамдық өмір тәртібін анықтайтын үндінің "Махабхарата" мәтіндерінен табуға болады.
Платонның "Мемлекет", Аристотельдің "Саясат" атты жұмыстары әлеуметтік білімнің дамуына жаңа серпін берді және жеке қоғамдық институттарды, атап айтқанда мемлекет, отбасы, құқықты зерделеуге жол салып берді. Көне философтар алғаш рет қоғамдағы адам орнының проблемасына назар аударып, адам мен қоғам туралы ілімді теориялық негізге қойды. Адамдардың дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, өнегелері мен өзара қарым-қатынастарын зерделей, фактілерді жалпылай отырып әлеуметтік философтар қоғамды жетілдіру жөніндегі тәжірибелік ұсыныстармен қисынды аяқталатын тұжырымдамалар жасады.
Шығыс халықтарындағы қоғамдық-социологиялық ойдың аса көрнекті өкілдері әл-Фараби, әл-Бируни, Ибн-Сина болды. Шығыста әлеуметтік білім тарихи тұрғыдан әр түрлі қоғамдық күштердің тарихи шынайылықты игеруінің ерекше түрі ретінде дамыды және Шығыс халықтарының, соның ішінде қазақ халқының қоғамдық санасының қалыптасуында орасан зор рөл атқарды. Ежелгі және ортағасырлық қоғамдарда протосоциологиялық білімнің кейбір, бірақ әлі социология бола қоймаған элементтерін аңғаруға болады. Бүгінгі біздің протосоциологиялық идеяларды социология ретінде қабылдауымыз оларға ретроспективтік көзқарастың, қалыптасып үлгірген, бірақ жалпы алғанда басқа уақытта және басқа жерде қалыптасқан ғылымның позициясы көзқарасының мүмкіндігіне негізделген.
Ғылым ретіндегі социологияның ең жуық, тікелей алғышарттары Жаңа дәуір кезеңінің (ХVІІ - XІХ ғ.) әлеуметтік ойлары болды. Оның өкілдері Англияда Джон Локк, Адам Смит және Дэвид Юм; Францияда - Вольтер, Поль Гольбах, Дени Дидро, Шарль Монтескье, Анри Сен-Симон; Ресейде - М.В. Ломоносов, А.Н. Радищев, Н.И. Новиков; Германияда - Готхольд Лессинг, Иоганн Гердер, Иммануил Кант, Иоганн Фихте және т.б. болды.
Ағарту кезеңінің әлеуметтік теориялары өзінің сан алуан түрлілігімен мынадай негізгі идеяларды біріктіреді: адам бостандығын ажырамас табиғи құқық ретінде мойындау; ғылыми білімді адамдарға білім беруге және қоғамды жетілдіруге пайдалану қажеттілігі; философиядағы метафизикалық ойлауды, философиядағы тәжірибе мен экспериментке арқа сүйейтін әлеуметтік теорияларды жасаған кездегі адам мен қоғамға қатысты оймен жасалатын конструкцияларды сынау.
Социология ғылымының ерте және тікелей негізін салушылардың социологиялық ой-пікірлерінде құнды идеялар аз емес. Әйтсе де олар шектелген және ғылым ретіндегі социологиядан өзгеше.
Ғалымдарды протосоциологтер мен социологтарға бөлудің кем дегенде екі осындай негіздемесі бар:
Біріншіден, протосоциологтардың көбісі үшін әлеуметтік проблемаларды зерделеу негізгі, басты іс емес, философиялық, тарихи және саяси талдаударының бір бөлігі және де философиялық, тарихи және саяси теорияларға тәуелді, туынды бөлігі болды.
Екіншіден, протосоциологтар өздерінде жоқ зерттеудің арнайы әдістерін қолданудың қажеттігін түсінді. Сондықтан олардың тұжырымдамалары жүйелі эмпирикалық зерттеулерге негізделмеген және көп жағдайда оймен тұжырымдалған.
Протосоциология мен социология тарихы арасындағы шекара едәуір дәрежеде шартты. Ғылымның бір күйден екінші күйге өтуі - құбылыс емес, аса ұзақ және кең ауқымды процесс. Социологияның пайда болуы белгілі бір тарихи кезеңде және әлемдік мәдени кеңістіктің белгілі бір нүктесінде қиылысқан бірқатар интеллектуалдық және әлеуметтік факторлардың бірігуінің нәтижесі болды.
Бұл кезең ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы, ал болған жері Батыс Еуропа. Кейіннен социология жер шарының әр түрлі әлеуметтік-мәдени ареалдарында дамып, тарады. Осы жерде ғылымның алдыңғы тарихы аяқталып, оның тарихы басталады.
КЛАССИКАЛЫҚ кезең (ХІХ ғасырдың ортасында пайда болған сәттен Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін) пәннің салыстырмалы түрде алғанда әлсіз жіктелуімен және академиялық мекемелер шеңберіндегі институттану процестерімен сипатталады. Ерте және кейінгі классика арасындағы ажыратушы оқиға - Бірінші дүниежүзілік соғыс және Ресейдегі Октябрь революциясы болды. Ерте классиканы шартты түрде "бір фактор" мектебі деп атауға болады. Бұл уақытта ғалымдар қоғам дамуының әлеуметтік процесін, тарихи процестің бағыттарын анықтайтын басты, шешуші факторды табуға тырысты. Бұл кезеңде неғұрлым кең тараған мектептер органицизм, механицизм, әлеуметтік география, әлеуметтік дарвинизм, нәсілдік-антропологиялық теориялар, психологиялық мектеп сияқты мектептер болды. Бұл мектептердің жалпы айырмашылықтары болғанымен оларға тән кейбір ортақ әдіснамалық белгілері болды. Олардың барлығы эволюционизм методологиясына негізделеді. Бұл кезең мектептерінің маңызды белгісі қандай да бір құбылыстың кез келген ғылыми емес түсініктерінен бас тарту болды: мистика да, алдын ала жазылып қойылатын құндылықтар да, апологетика да әлеуметтік ғылымдарда орын алмауы тиіс.
Кейінгі классика кезеңі бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындылары мен Қазан социалистік революциясынан бастап қоғам үшін ашылған баламаларды ұғынудан басталады да екінші дүниежүзілік соғыспен аяқталады. Оны социологиядағы плюралистік көзқарастың бекіген кезеңі деп атауға болады. Бұл уақытта социологиялық методология айтарлықтай алға жылжыды. Бұл кезең социологизмнің әлеуметтік құбылыстарды зерделеудегі басты методологиялық принципі ретінде қалыптасуымен ерекшеленеді (Э.Дюркгейм).
Социологиялық ділдің (менталитеттің) қалыптасуына үлес қосқандар Э.Дюркгейм мен оның социологизм мектебі, М.Вебер және оның социологиясы; В.Парето және элиталардың айналым теориясы; марксизм еңбекті жатсыну теориясымен бірге; А.Адлер мен К.Юнгтің еңбектеріндегі психоталдау. Социологияда статистикалық-математикалық ғылымды пайда-лану кең етек жаюда. Бұл ретте Я.Мореноның социометриясы мен П.Лазарсфельдтің бұқаралық коммуникация құралдарын зерттеуі жарқын мысал бола алады. Осы кезеңнің соңына социология ғылымының жоғары беделінің куәгері үкімет тарапынан қоғамның қауіпсіздігі мен қорғанысы үшін шешуші мәні бар зерттеулерге тапсырыс алу фактісі болып табылады. Әңгіме американ ғалымы Г.Лассуэлдің Гитлер мен Сталиннің саяси портретін жасау жөніндегі жұмыстары туралы, Т.Адорноның жетекшілігімен Германия мен АҚШ-та жүзеге асырылған авторитарлық тұлға жасау факторларын зерделеудің халықаралық жобасы туралы болып отыр.
ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ кезең өзінің тарихын екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуынан бастайды. Оның бірінші кезеңі "орта деңгей теориясының" пайда болуы мен қарқынды дамуы аясында өтті. Жеке әлеуметтік проблемаларды зерделеудің жинақталған тәжірибесі социологияның жаңа сапасына секіруге - салалық теориялардың құрылуына мүмкіндік берді. Оларды құруға адам қызметінің кез келген саласын дамытуда және басқаруда тек кәсіптік, мазмұндық қырларын ғана емес, әлеуметтік, ұйымдық жақтарын да ескерудің маңызды екендігін ғылымның, медицинаның, технологияның және бірқатар басқа да әлеуметтік қызмет салаларының мысалында көрсеткен американ ғалымы Р.Мертонның сіңірген еңбегі даусыз.
Социологияның дамуының жаңа кезеңі ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан басталады. Бұл уақытта кеңес ғалымдары мен басқа да социалистік елдердің қоғамтанушылары әлемдік социологиялық ғылымға қосылды. Академиялық ортаның және жалпы қазіргі заманғы қоғамның өміріне жастар мен студенттердің жаппай әлеуметтік наразылық танытуы түбегейлі ықпал етті. Социологияның дамуындағы бұл кезеңді методологиялық плюрализм дәуірі деп атауға болады.
Ғылымның барлық салалары мен тікелей социологияны қозғаған ғылымның институттануының объективті және өте қарқынды процестерінің артықшылықтары ғана емес, кемшіліктері де толық көріне бастады. Ғылыми қауымдастық бірыңғай әмбебап социологиялық теория құрудың мүмкін еместігін түсінуге бет бұра бастады. Бұл жерде сындарлы болатын социология теориясының тұжырымдаушы абстрактілі үлгісін құру ғана емес, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан социологияның алдында тұрған әр түрлі міндеттерге бұрыннан бар және жаңадан пайда болған әрбір тәсілдердің мүмкіндіктерін мұқият үйлестіру.

2.1. Социологияның дамуының институттану сипаттамалары:
Классикалық кезең. Ерте классикалық кезеңінде социология алғаш рет университеттерге енгізіле бастады, алғашында Батыс Еуропада, кейіннен Солтүстік Америкада, Ресейде және кейбір басқа елдерде. Социология профессорлары, сосын кафедралар, ғылыми журналдар, кәсіптік, ұлттық және халықаралық қауымдастықтар пайда бола бастады. Социологияның институттануының ірі белесі болғандар: 1983 жылы Парижде Халықаралық социология институтының негізі қалануы, 1901 жылы Бірінші дүниежүзілік Орыс қоғамдық ғылымдар Жоғары мектебінің шеңберінде ашылуы, L'Annee Socіologіque және The Amerіcan Journal of Socіology журналдарының ашылуы. Ресейде бұл кезең 1916 жылы М.М. Ковалевский атындағы Орыс социологтары қоғамының құрылуымен аяқталды.
Кейінгі классика кезеңі әлемнің жетекші университеттеріндегі кафедралар мен факультеттердің қарқынды дамуымен, дербес социологиялық зерттеу институттарының пайда болуымен, социологтардың халықаралық ынтымақтастығының одан әрі нығаюымен және жекелеген мектептердің ұлттық шекара шеңберінен шығуымен сипатталады. Соңғы тенденцияның мысалы Франкфурт мектебі бола алады, оның жолын қуушылары Германияда ғана емес, Францияда, Англияда, Швейцарияда және АҚШ-та бар. КСРО-да бұл кезең 1918 жылы елдің жетекші университеттерінде факультеттер құрумен және әлеуметтік проблемалардың кең ауқымды спектріне маманданған инститтуттардың ашылуымен басталды.
Қазіргі заманғы кезең. Соғыстан кейінгі социология университеттер шегінен асып шығады, кәсіпқой социологтардың едәуір саны салалық зерттеу орталықтарында шоғырланады. Басқару менеджменті сияқты әлеуметтік технологиялар немесе саяси болжаудың әр түрлі әдістемелері, мысалы, сараптамалық бағалау және брейнсторминг сияқты танымал әдістері пайда болады және қарқынды дамиды.
Жаңа социология кезеңінде салалық социологиялық ынтымақтастық кеңінен дамиды, салыстырмалы халықаралық зерттеу жобалары кең қанат жаяды, халықаралық социологиялық басылымдар саны артады.
Социология ғылымының дамуының сұлбасы жалпы алғанда осындай. Социологиялық ойдың дамуы кезеңдерінің мазмұнымен нақтырақ танысу үшін нақты тұлғалар мен мектептерді қарастыру қажет.

2.1.1. Ежелгі Шығыс пен Ежелгі Греция мемлекеттеріндегі әлеуметтік ілімдер
Ежелгі Қытайдағы әлеуметтік ілімдер. Ежелгі Қытайдың әлеуметтік ойының гүлденуі б.з.д. VІ - ІІІ ғасырларға жатады. Ежелгі Қытайдың неғұрлым ықпалды әлеуметтік-саяси ілімдері даосизм, конфуцийшілдік, моизм және легизм болды.
Даосизмнің пайда болуы жартылай аңызға айналған дана ЛАО-ЦЗЫ (б.з.д. VІ ғ.) есімімен байланысты. Ол "Дао дэ цзин" ("Дао және дэ туралы кітап") канондық трактатын жазған деп айтылады. Ілімнің негізінде "дао" (сөзбе-сөз алғанда - жол) ұғымы жатыр. Лао-цзы ізбасарларының түсіндіруі бойынша Дао - абсолюттік дүниенің бастауы. Ол аспан әміршісінің ізашары және өзінің күш-қуаты жағынан одан асып түседі. Дао - барлық тіршілік иелерінің бастау көзі, табиғи пайда болулардың және барлық құбылыстар алмасуының, олардың бір нәрседен екінші нәрсеге өтуінің шексіз ағыны, туу мен өлудің мәңгі иірімі. Адамға ол әлемді билейтін тылсым заң ретінде көрінеді. Жаппай өтімді бұл күштің алдында адамға тек өзінің бишаралығын сезінуден және құштарлықтан босану жолымен өзінің өмірін ұзартуға тырысудан басқа ештеңе қалмайды.
Лао-цзы өзінің адамдық қатынастардың табиғи қарапайымдылығын қалпына келтіруге деген үмітін "даоның керемет құпиясын" көре алады және соңынан халықты ерте алады деген мұрагер ақсүйектерден шыққан ақылды көсемдермен байланыстырады. Даостардың пікірінше, данышпан тақсыр елді бейәрекет әдіспен, яғни қоғам мүшелерінің ісіне белсене араласудан өзін-өзі ұстай отырып басқарады. Лао-цзы өз заманындағы билеушілердің тым әрекетшілдігін, салықтар мен тыйым салатын заңдарды көбейткендіктерін, шексіз соғысқұмарлықтарын бетіне басып отырды. "Билеушінің жақсысы ол туралы халық оның бар екенін ғана білетін адам" .
Қытайдың әлеуметтік ойлары тарихындағы аса ықпалды доктриналардың бірі конфуцийшілдіктің негізін қалаушысы КОНФУЦИЙ (б.з.д. 551 - 479 жылдар) болып табылады. Конфуцийшілдіктің негізгі санаттары асыл текті қайраткер, адамды сүю және ритуалдар ережесі ұғымдары болып табылады. Бұл санаттар өзара тығыз байланысты, өйткені оны алып жүрушілердің көзқарасы тұрғысынан қарастырылған біртұтас саяси мұраттың, жалпы принциптер мен нақты нормативтік ұйғарымдардың әр қырын көрсетеді.
Конфуцийге сәйкес мемлекетті тақсырдың басшылығымен асыл текті қайраткерлер басқаруға жаралған. Конфуций адамдарды "жоғарғы" және "төменгі" деп бөлу жойылмайды деп дәлелдеді және асыл тектілерді шығу тегіне байланысты емес, моральдік қасиеттері мен біліміне қарай бөлді. Конфуций ілімінде асыл текті қайраткер - кемел өнегеліліктің үлгісі, өзінің бар мінез-құлқымен мораль нормаларын дәлелдейтін адам. Конфуций мемлекеттік қызметке ұсынуға дәл осы белгілерді алуды ұсынды.
Асыл текті қайраткерлердің басты міндеті - адамды сүюге өзін тәрбиелеу және жан-жақты тарату. Бұл ұғымға Конфуций ерекше, қазіргі заманғы дәлме-дәл келмейтін мазмұн берді. Адамды сүюді отбасылық-әулеттік және патриархалдық қауымдастықтардың өнегелілік құндылықтарына сай келетін мінез-құлық деп түсінді. Адамды сүю: ата-аналардың балаларына қамқорлығын, отбасындағы жасы үлкендерге перзенттік құрмет көрсету, сондай-ақ бір-бірімен туыстық байланыспаған адамдардың әділ қарым-қатынасын қамтыды. Саясат саласына көшірілген бұл принциптер жалпы басқару жүйесінің іргетасы болуға тиіс еді. Оны қайта құруды Конфуций атауларын түзеуден бастады, яғни қоғамдағы лауазымдар мен оның жүктейтін міндеттерінің шын мәніндегі, бастапқы мағынасын қалпына келтіруден бастады. Тақсырға өз қарамағындағы бодандарды өзінің баласындай көру міндеттелді. Ол елдегі азық-түліктің жеткілікті болуын қамтамасыз етуге, оны қарумен қорғауға және халықты тәрбиелеуге тиіс. Бодандарды тәрбиелеу - маңызды мемлекеттік іс, оны өзі үлгі көрсету арқылы жүзеге асыру қажет. Өз кезегінде халық билеушілерге перзенттік құрмет көрсетіп, оларға қалтқысыз бағынуы қажет. Мемлекеттік билікті ұйымдастырудың басты бейнесі Конфуций үшін отбасылық әулеттердегі және рулық қауымдастықтардағы (патронимия) басқару болды. Ойшылдың тұжырымдамасы патерналистік мемлекет мұратын негіздеуге ең ерте жасалған әрекеттердің бірі болып табылады. "Лунь юй" кітабының беттерінде егер де ритуал ережелерін барлық адам сақтайтын болса, онда мемлекеттік басқаруға деген қажеттілік болмай қалады деген ой айтылған. Конфуций мен оның ізбасарлары сол бақытты шақтың тууы үшін бағынбайтындарға қарсы жазалау жорықтары қажет болатындығын жоққа шығармайды. Ең бастысы жазалау жорықтары туралы өкімдерді билеушілері немесе уделдердің сановниктер емес, асыл текті және өз халқын сүюші тақсыр бергендігінде. Жазалауды әкесіндей, яғни адамдарға деген сүйіспеншілікпен қолдану қажет.
Eрте конфуцийшілдіктің әлеуметтік-саяси бағдарламасы жалпы алғанда консервативтік деп бағаланады. Билеуші сословие жаңаруының конфуцийшілдік идеялары артықшылықтарға ие емес топ өкілдерінің есебінен мемлекеттегі түбегейлі қайта құруға алып келе алмады, өйткені ежелгі дәстүрмен тәрбиеленген олар рулық ақсүйектер қорғаштайтын билік ұйымының белсенді қорғаушыларына айналды. Әділ адамдарды ұсыну тұжырымдамасы ескі және жаңа аристократия арасындағы қақтығыстарды әлсіретуді ғана көздеді. Сонымен бірге, доктринаның жеке қағидалары, жоғарыда айтылғандай, прогресшіл мәнге ие болды. Оларға ең алдымен моральдік білімдер мен адамдарды қай сословиелікке жататынына қарамастан оқыту идеяларын жатқызған жөн. Конфуций мен оның шәкірттерінің ағарту қызметі қытай мәдениетінің дамуында орасан рөл атқарды.
Мұрагерлік аристократияның билеуіне сын айтқан моистер мектебінің негізін қалаушы МО-ЦЗЫ (шамамен б.з.д. 479 - 400 жылдар) болды. Оның ілімін оның жолын қуушылар "Мо-цзы" кітабында баяндаған. Моизм әлеуметтік жағдайы тұрақсыз, қарама-қайшылықты ұсақ меншік иелерінің - ерікті жер өңдеушілердің, қолөнершілердің, саудагерлердің, мемлекеттік аппараттағы төмен шен иелерінің мүддесін білдірді. Бір жағынан, олар еңбекші бұқараға жақын болды және белгілі бір дәрежеде олардың сенім-пікірлерін қабылдады, ал екінші жағынан - қоғамда белгілі бір орынды иеленгеннен кейін билеуші төбе топқа жақындауға тырысып бақты, жоғары сословиенің артықшылықтарын өздеріне талап етті. Моистердің ілімін осындай қарама-қайшылықтар жайлаған болатын.
Әлеуметтік төменгі топтың кейбір түсініктерін қайта жаңғырта отырып, моистер мемлекеттік лауазымдарды шығу тегі мен туыстық принциптері бойынша иеленуді айыптады. Олар барлық адамдардың көктегі құдай алдында бірдей екендігін дәлелдеді. Мемлекеттік қызметке шығу тегіне қарамастан неғұрлым ақылды адамдарды ұсыну қажет. Олар осы тұрғыдан мұрагерлік аристократтарда білім туа бітеді деген ойға жол беретін және ақылдылардың ұсынылуын білім деңгейімен шектейтін конфуцийшілдіктің ымырашылдық доктринасын да сынға алды. Мо-цзы ақылдылықтың көзі туа біткен ізгіліктер мен кітап оқу ғана емес, қарапайым халықтың өмірінен алынған білім деп көрсетті. Мемлекет басқару оқытуды қажет етпейді. Адамның мемлекеттік басқаруға қабілеті оның іскерлік қасиеттерімен - қарапайым халыққа қызмет етуді қалауымен, іске қажырлылығымен және т.б. анықталады.
Мо-цзы қалыптасқан атқарушы қызметтің басында ақылды билеушісі бар мемлекетті биліктің керемет ұйымдастырылуы деп есептеді. Биліктің беріктігінің кепілі мен негізі шенеуніктердің тақсырдың еркін бірдей етіп орындауында деп түсінді. Мемлекеттің толық біртұтастығын орнату үшін бірдей ойлауды енгізу, зиянды ілімдерді жою ұсынылды.
"Әрбір адам жақсы немесе жаман нәрсе туралы естігендерін жоғарыда тұрғандарға хабарлауға тиіс, жоғарыдағылар дұрыс деп тапқанды барлығы да дұрыс деп мойындауға, ал жоғарыдағыдар дұрыс емес деп тапқанды барлығы да дұрыс емес деп мойындауға тиіс" . Бұл тәртіпті жасалған қылықтарға сай жазалаулар мен марапаттаулардың көмегімен сақтау қажет болды.
Осылайша моизм тұжырымдамасында теңдік идеялары іс жүзінде сырт қалды; тұжырымдама халықтың басқаруға қатысу ғана емес, мемлекеттік істерді талқылауға қатысу мүмкіндігін де болдырмайтын деспоттық-бюрократиялық мемлекетті мадақтаумен аяқталды. Мемлекет бірлігіне деген Мо-цзы көзқарастары билікті орталықтандыру идеяларына жақын болды.
Ерте легизмнің ірі өкілі ШАНЬ ЯН (б.з.д. 390 - 338 жылдар шамасы) ұсынған реформалардың жобалары мен жарлықтары "Шань цзюнь шу" трактатына ("Шань облысының әміршісі кітабы") енген. Легизм ілімі оның алдындағы тұжырымдамалардан едәуір өзгеше болды. Легистер саясатты дәстүрлі моральдік баяндаудан бас тартып, билікті атқару техникасы туралы ілімді жасады. Шань Ян осы қайта бағдарлануды жүзеге асыра отырып, патриархалдық тәртіпті жоюға қол жеткізген мемлекеттік міндеттерді атқарған ақсүйектер мен ауқатты қауымшылдардың ұмтылыстарын басшылыққа алды. Саяси теориядан олар басқаларға қарағанда ізгілікті ақыл-өсиеттерді аз күтті. Оларға керегі жалпы мемлекеттік түрлендірулердің салыстыра тексерілген бағдарламасы болатын.
Легизмнің ерекшеліктерін қоғамдық құбылыстарға тарихи көзқарас-тардың элементтері құрады. Жаңа аристократияның жеке меншіктік мүдделері қауымдық өмірдің архаистік ұстанымдарына қайшы келгендіктен, оның идеологтарына дәстүрдің беделіне емес, әлеуметтік шарттардың бұрынғымен салыстырғандағы өзгерістеріне шағынуына тура келді. Ежелгі тәртіптерді қалпына келтіруге шақырған даостарға, конфуцийшілдерге және моистерге қарсы легистер ескіге қайта оралудың мүмкін еместігін дәлелдеп бақты.
Легистер қауымдық өзін-өзі басқаруды шектеу, отбасылық-рулық қауымдар мен патронимияларды жергілікті әкімшілікке бағындыру қажет деп есептеді. Шань Ян қауымдық өзін-өзі басқаруды теріске шығармастан, азаматтарды мемлекеттік биліктің тікелей бақылауына қоюды көздейтін реформалардың жобаларын (елді аудандарға бөлу, жергілікті жерлердегі шенеуніктік қызметтер және т.б.) ұсынды. Бұл жобаларды жүзеге асыру Қытайда азаматтардың аумақтық бөлінуінің бастауы болды.
Барлық мемлекет үшін біртұтас заңдар белгілеу ұсынылды. Басқа да ерте легистер сияқты Шань Ян әдет-ғұрып құқығын заңнамамен толық алмастыруды ойлаған жоқ. Заңды ол қуғын-сүргін саясаты (қылмыстық заң) және үкіметтің әкімшілік өкімі деп түсінді.
Билік пен халық арасындағы қарым-қатынастарды Шань Ян жауласушы тараптардың бір-біріне қарсы тұруы деп қарады. Үлгілі мемлекетте әміршінің билігі күшке арқа сүйейді және ешқандай заңға бағындырылмаған. Шан Янға азаматтардың құқығы, олардың заңды кепілдері туралы және т.б. ұғымдар белгісіз. Заң, оның ойынша қорқыныш ұялатушы ескерту жасаушы террор болып шығады. Тақсыр қызметінің жоғарғы мақсатын Шань Ян басқыншылық соғыстар жолымен Қытайды біріктіруге қабілетті күшті билік құру деп есептеді.
Легистік тұжырымдамаларды іс жүзінде қолдану қатыгездіктің күшеюімен, бодандардың санасына әмірші алдында жаппай үрейді сіңірумен және жаппай сезіктенумен қатар жүрді. Жалпы бұқараның легистік тәртіпке наразылықтарын ескере отырып, Шань Янның ізбасарлары неғұрлым жексұрын жағдайлардан бас тартып, легизмді моральдік мазмұнмен толықтырып, оны даосизммен немесе конфуцийшілдікпен жақындастырды. Б.з.д. ІІ - І ғасырларда легизм идеясымен толықтырылған конфуцийшілдік Қытайдың мемлекеттік діні ретінде бекіді. Моистер мектебі біртіндеп келмеске кетеді. Даосизм буддизммен және жергілікті нанымдармен астарласып магия белгілеріне ие бола бастайды және уақыт өте келе саяси идеологияның дамуына ықпалын жоғалтады. Конфуцийшілдік 1911 - 13 жылдардағы Синхай революциясына дейін императорлық Қытайдың ресми ілімі болып келді.
Ежелгі Үндістанның әлеуметтік-саяси көзқарастары. Ежелгі Үндістанның саяси және құқықтық идеологиясының жетекші бағыттары брахманизм мен буддизм болды . Олар б.з.д. І мыңжылдықта пайда болған және өзінің тамырын арийлердің ежелгі ритуалдық кітаптары - Ведаларда баяндалған діни-мифологиялық көзқарастардан алған. Брахманизм мен буддизм арасындағы идеялық алшақтықтар дін құрметтеген мифтер мен мінез-құлық ережелерін түсіндіруде пайда болған.
Ежелгі үнділіктерде төрт варна болған - абыздар варнасы (брахмандар), жауынгерлер варнасы (кшатриилер), жер өңдеушілер, қолөнершілер және саудагарлер варнасы (вайшилер) және төменгі варна (шудралар). Алғашқы үш варнаның мүшелері толыққанды қауымдастар болып саналды. Шудралар оларға бағынышты болды.
Брахмандар діни-мифологиялық ұғымдардың негізінде жаңа идеология - брахманизмді құрды. Брахманизмнің әр түрлі мектептерінің әлеуметтік-саяси идеялары сансыз көп заңтану және саяси трактаттарында көрсетілген. Олардың ішінде неғұрлым беделдісі б.з.д. ІІ ғасыры - б.з. ІІ ғасыры кезеңінде құрастырылған "Манавадхармашастра" трактаты - "Ману заңдары" болды.
Брахманизм дінінің негізгі қағидасы жанның жаңа түрге енуі туралы қасаң қағида болды, оған сәйкес адамның жаны өлгеннен кейін тексіз адамдардың, жануарлардың және өсімдіктердің денелерінде адасып жүреді не болмаса, егер де ол адам адал өмір сүрсе, онда қоғамда неғұрлым жоғары орындағы адам немесе көктегі өмір сүретіндер болып қайта туылады. Брахмандарға Ведаларды зерделеу, халықты басқару және оны дінге үйрету белгіленді; кшатриилерге әскери іспен айналысу қажет болды. Мемлекеттік және қоғамдық істерді басқару екі жоғары варнаның артықшылықтары болды. Жат жұрттықтар мен варналарға бөлінбейтін тайпалар үшін құлдық табиғи құбылыс ретінде мойындалды.
Сословиелік тегі туғаннан анықталып, өмір бойы сақталды. Брахмандар жоғары варнаға өтуге адам өлгеннен кейін, оның "болашақ өмірінде" ғана құдайларға қызмет еткені, төзімі мен момындығы үшін марапат ретінде жол беріледі деп ойлады. Брахманизмде касталық жазмышты қамтамасыз ететін құрал құдайлардың жазалаушы күшінің жалғасы деп ұғынатын мемлекеттік мәжбүрлеу болды.
Брахмандар тақсырлардың зайырлы заңнан діни заңның жоғарылығын мойындауына үміттенді. Брахманизм теориясы бұл тұрғыдан ұсынған идеялардың көмегімен абыздар қоғамдағы саяси гегемондық үшін күресті.
Ежелгі үнділік саяси ойдың тарихындағы ерекше орынды "Артхашастра" атты ("Пайда туралы өсиеттер") трактат иеленеді. Оның авторы КАУТИЛЬЯ (б.з.д. ІV ғ.) болып саналады. Трактат брахманизмнің касталық жазмыш туралы, дхарма заңдарын қатаң жазалаулармен қамтамасыз етудің қажеттігі туралы, абыздардың басқа сословиелерден басымдығы, діни табынушылықты атқару монополиялары туралы ережелерін дәл береді. Брахманизмнің жорамалдарына толық сәйкес келе отырып, мұрагерлік ақсүйектердің үстемдігі және зайырлы билеушілердің абыздарға бағынуы идеяларын жүргізді. Трактатта Патша "шәкірті ұстазына, баласы әкесіне, малайлар қожайындарына" құлақ асқандай сарай Абызын тыңдауға тиіс делінген.
Сонымен қатар трактатта абыздықтың дәстүрлі ілімдеріне сай келе бермейтін идеялар бар. Трактат авторларының дін заңының жоғарылығына тоқтайтын Брахманизмнің ортодоксальді мектебінен айырмашылығы - олар заңнамалық қызметтегі басты рөлді тақсырға берді. Дхарманы заңдастырудың төрт түрінің - патша жарлығының, қасиетті заңның (дхармашастраның), сот шешімінің және салт-дәстүрдің - ішінде патша жарлығының күші жоғары. "Артхашастрада" бірінші орынға күшті орталықтандырылған патша билігі қойылған. Трактатты жасаушылар негізгі назарды патша билігінің діни негізделуіне емес, мемлекетті басқарудың тәжірибелік ұсынымдарына аударады. "Артхашастра" - үнді әдебиетіндегі саясат туралы қолданбалы білімдердің неғұрлым толық жинағы, өзіндік саяси өнер энциклопедиясы.
Абыздық дінге қарсы күресте буддизм қалыптасты. Ол б.з.д. VІ - V ғасырларында пайда болды. Оның негізін қалаушы аңыздарға сәйкес Будда, яғни Нұрланған атанған ханзада Сиддхартха ГАУТАМА болды. Бізге жеткен будда канондары жинағының ең ежелгісі - "Типитака" (Сөзбе-сөз "Үш себет" - сірә, канонның мәтіндері тақырыптары жағынан үш бөлімге бөлінгендігінен осылай аталса керек). "Типитака" б.з.д. ІІ - І ғасырларында жазылған. Ертедегі буддизм қарапайым идея ретінде адамды дүниелік қалаулар себепші болатын күйзелістерден азат ету идеясын ұсынды. Құтқарудың алдын ала шарттарын буддистер адамның дүниеден шығуы және монахтар қауымына кіру деп жариялады. Ертедегі буддизмде діни-моральдік жазмыштардың екі жүйесі болды: бірі - монахтар қауымына арналған, екіншісі - негізгі адамдарға арналған.
Буддалық монахтар қауымына еркін адамдар ғана жіберілді (құлдарды қабылдамады). Қауымға кірген адам отбасынан және меншігінен бас тартуға, өз варнасының ұйғарымдарын сақтауды доғаруға тиіс болды. Монахтық өмір егжей-тегжейлі реттелді.
Қарапайым адамдардың ережелері егжей-тегжейлі жасалмады және көп жағдайда дәстүрлі ведалық діннің дәстүрлі нормаларынан алынды. Касталарға буддалық көзқарастың өзіндік ерекшелігі оның варналардың тізбесінде брахмандардың орнына бірінші кшатриилерді атағанында болды. Буддизмнің әлеуметтік талаптары істің шын мәнінде діни саладағы касталарды теңестіруге келіп тірелді және қоғамдық құрылыс негіздерін қозғамады. Өзінің көрініп тұрған бар шектеулілігімен бұл ілім мұрагер брахмандардың беделіне, олардың қоғамды идеялық және саяси басқаруға ұмтылуына нұқсан келтірді. Буддизмнің оппозициялық абыздыққа қарсы сипаты, оның наным ісіндегі касталарға бейжайлығы, күйзелістің алдында адамның психологиялық жағынан өзін-өзі нығайтуы - мұның барлығы үлестен құр қалғандар мен кедейлер арасында оны кеңінен танымал етті.
Алғашында буддизм қарапайым жер өңдеуші қауымда мен қала кедейлерінің көзқарастарын білдірді. Соңынан буддизм едәуір өзгерістерге ұшырады. Үстем сословиелердің қолдауына мүдделі будда қауымдарының жетекшілері ілімді қайта қарады. Онда көнгіштік және өкіметке қарсы болмау уәжі күшейтіліп, шегіне жеткен аскеттілік талаптары жұмсартылған, қарапайым адамдарды құтқару идеясы пайда болған. Зайырлы билеушілер өз кезегінде ілімді абыздықтың озбырлығына қарсы күресте пайдалана бастады және буддалық қасаң қағидаларды ресми идеологияға ыңғайластыра бастады.
Үндінің қоғамдық ойының одан кейінгі тарихы брахманизмнің, буддизмнің және басқа да бірқатар нанымдардың элементтерін сіңірген дін - индуизмнің пайда болып, нығаюымен байланысты. Буддизм негізінен Үндістаннан тыс жерлерде - Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде, Қытайда, Жапонияда және т.б. елдерде кең тараған. Б.д. алғашқы ғасырларында буддизм әлемдік діндердің біріне айналды.
Ежелгі Грецияның әлеуметтік білімі. Көне ой әлеуметтік саланы зерттеулерге күшті серпін берді және социология негіздерінің іргесіне бірқатар элементтер қалады. Платонның "Мемлекет", сондай-ақ Аристотельдің "Саясат" атты еңбектері мемлекет, отбасы, құқық сияқты жекелеген әлеуметтік институттарды зерделеудің бастауы болды. Көне философтар алғашқылардың бірі болып адамның қоғамдағы орны проблемасына көңіл бөлді.
Көне дәуірде қоғамның пайда болуы мен әлеуметтіліктің мәнісін түсіндіруде екі үрдіс қалыптаса бастады. Олардың біреуіне сәйкес, қоғам - табиғи құрылым; адам - табиғаты бойынша және әуел бастан әлеуметтік және альтруистік тіршілік иесі; ол ара немесе құмырсқа сияқты қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Адамның қалыптасуында қоғамға дейінгі кезең жоқ немесе оны адамға дейінгі кезең деуге болар еді. Бұдан шығатын, қорытынды - саяси билік пен заң нормаларына негізделген және белгілі бір аумақтағы белгілі бір халықты біріктіретін мемлекет тек адамның табиғи әлеуметтік жағдайының жалғасын, дамуы мен нығаюын білдіреді (АРИСТОТЕЛЬ, СЕНЕКА).
Басқа дәстүрге сәйкес, қоғам - жасанды құрылым; адам - табиғатынан және әуел бастан әлеуметтікке қарсы және өзімшіл тіршілік иесі; адамның табиғи күйі - қоғамнан тыс және қоғамға дейінгі.
Қоғам - өзінше жеке адамдардың игілігі үшін адамдар құрастырған жасанды механизм. Адамдар мен күшке сүйенетін мемлекет осы механизмнің өзі болады не болмаса оны берік және тиімді етудің басты құралы болады: ол өз бодандарын өзіне ақыр соңында олардың өз еріктерімен және өз игіліктері үшін бағындырады (ПЛАТОН, ЭПИКУР, ЛУКРЕЦИЙ).
ПЛАТОННЫҢ (б.з.д. 428427 - 348347 жылдары) дүниетанымында оның қоғамға және мемлекетке көзқарастарының маңызы зор. Оның назарын ортақтасып өмір сүру қандай болуы қажет және мұндай ортақтасып өмір сүруді орнатуға және сақтауға адамдар қандай тәрбиемен дайын болуы керек деген мәселелер аударды. Қоғамдық-саяси мәселелерге Платон өзінің неғұрлым жан-жақты екі туындысын арнаған: көп бөлігі кемел шағында және ұзақ уақыт жазылған трактаты "Мемлекет" және соңғы туындысы "Заңдар". Ол екеуінің құндылығы бірдей емес. "Мемлекетте" қоғам туралы ілім платондық идеализмнің негізгі ілімімен - "идеялар" теориясымен тығыз байланыста жасалған - бұл жерде мұраттық тиістілік үлгісі ретінде және нормасы ретінде эмпирикалық шындыққа қатаң түрде қарама-қарсы қойылады. Сонымен қатар, бұл қарама-қарсы қоюдың барынша қатты айтылғанына қарамастан "Мемлекетте" Платон сондай қатты сынаған және теріске шығарған эмпирикалық шындықты керемет білетіндігі және түсінетіндігі айшықталған .
Мемлекет Платонның бейнелеуінде жанның құрылымына ұқсас күрделі құрылысты білдіреді. Жанда үш бөліктің бар болуы сияқты мемлекет те азаматтардың үш тобына, үш сословиеге бөлінуге тиіс. Жанның ақылды бөлігіне билеуші-философтар, қайсар және батыл бөлігіне - әскерлер-сақшылар тобы, төменгі бөлігіне - жер өңдеушілер мен қолөнершілер сословиесі сәйкес келуге тиіс.
Қоғамның сословиелік бөлінуін Платон азаматтардың бірлескен тұрғылықты жерлері ретінде мемлекет беріктігінің шарты деп жариялады. Төменгі сословиеден жоғарысына өз бетінше өтуге жол берілмейді және ол үлкен қылмыс болып саналады, өйткені әрбір адам өзіне табиғатынан белгіленіп қойылған іспен айналысуы қажет. "Өз ісімен айналысу және бөтендерге килікпеу - әділдік деген осы". Әділдіктің платондық анықтамасы қоғамдық теңсіздікті, адамдардың туғаннан жоғары және төменгі болып бөлінуін ақтауға құрылған .
Платон мемлекет басына мәңгілік игілікке қатысы бар және идеялардың көктегі әлемін жердегі өмірде іске асыруға қабілетті философтарды қою қажет деп сендірді. Билікті керемет ұйымдастыру жобасында Платон "қанның аристократиясы" принципінен бас тартып, оны "рух аристократиясымен" алмастырады. Бұл идеяны негіздей отырып, ол билеуші философтарға рухани элита қасиеттерін таңады - интеллектуалдық ерекшелік, өнегелілік, кемелдік және т.б.
Мемлекеттің бұрмаланған нысандарын сипаттай отырып, Платон оларды мұратпен салыстырғанда ретімен орналастырады. Даналар аристократиясының азғындауы, оның айтуынша, жеке меншіктің орнығуына және үшінші сословиенің еркін жер өңдеушілерінің құлдарға айналуына әкеп соғады. Мемлекеттің криттік-спартандық түрі, немесе күшті жауынгерлер үстемдігі тимократия ("тиме" - намыс) осылай пайда болады. Тимократиялық басқарудағы ел өмір бойы соғысып өтеді.
Мемлекеттік құрылыстың келесі түрі - олигархия - жеке адамдарда байлықтың жиналуы нәтижесінде пайда болады. Бұл құрылыс мүліктік шекке негізделген. Билікті аз ғана байлар иеленіп, кедейлер билікке қатыса алмайды. Байлар мен кедейлердің жауласуымен алакөздікке душар болған олигархиялық мемлекет үнемі өзімен-өзі шайқасып отырады.
Кедейлердің жеңісі демократияның - халық билігінің орнауына әкеп соғады. Демократия кезіндегі қоғамдық лауазымдар жеребе арқылы бөлінеді, соның салдарынан мемлекет бостандыққа шектен шығып мастанады. Демократияда әркімнің өз еріктілігі мен бостандықтары сақталады.
Ақыр соңында тым еркіндік өзіне қарама-қарсы - асқан құлдыққа айналады. Мемлекеттік құрылыстың ең нашар түрі тирания орнайды. Тирандар (қатыгездер) билігін сатқындықпен және зорлықпен ұстап тұрады. Тирандық құрылыс - мемлекеттің ең ауыр кеселі, онда қандай да бір адамгершілік мүлдем болмайды.
Платон өз заманындағы мемлекет нысандарын - демократияны, тиранияны, олигархияны және тимократияны айыптайды. Мемлекеттік құрылыстың осынау барлығы дұрыс емес дейтін нысандарына "керемет мемлекетті" қарсы қояды, мұның өзі кейіннен Платон туралы социалистік және тоталитарлық идеялардың негізін қалаушы деп айтуға негіз болды.
Платон жетілген мемлекеттік құрылыс деп демократия мен монархияның бастамалары бірлескен басқаруды айтады. Ондай бастамаларға жататындар: демократиялық арифметикалық теңдік принциптері (көпшілік дауыс бойынша сайлау) және монархиялық геометриялық теңдік принципі (сіңірген еңбегі мен лайықтылығы бойынша сайлау). Платонның керемет мемлекетінде жеке меншік болмады және әркімнің ерекше айналысатын істері мен ережелері алдын ала белгіленді. Мемлекеттің демократиялық бастамалары халық жиналыстары қызметінде көрініс табады. Платонның дұрыс мемлекет "әлеуметтік теориясының" жалпы көрінісі осындай.
АРИСТОТЕЛЬ (б.з.д. 384 - 322 жылдары) мемлекетті, жеке меншікті, құлдықты және басқа да әлеуметтік құбылыстарды табиғи, табиғаттан солай жаратылған деп қарастырды. Мемлекет пен құқықты зерттеу әдістемесінің өзінен-ақ бұл тұжырымдама қоғамның пайда болуы мен жетілуі туралы демократиялық ілімге қарсы бағытталған еді.
Аристотельдің ойынша, мемлекет адамдардың қауымдасуға табиғи ұмтылысы салдарынан пайда болады. Қауымдасудың кей жерлері жануарларға да тән бірінші түрі отбасы болып табылады; бірнеше отбасынан ауыл немесе ру пайда болады; ақыр соңында бірнеше ауылдардың бірігуі адамдардың ортақтасып өмір сүруінің жоғары нысаны - мемлекетті құрайды. Мемлекетте адамдарға әуел бастан берілген бірлесіп өмір сүруге ұмтылу толығымен жүзеге асады. Философтың атақты нақылында адам "өзінің табиғаты бойынша саяси тіршілік иесі" деп айтылады. Мемлекеттің ұрпақ жалғастыру және әкенің билігіне негізделген отбасылар мен ауылдардан өзгешелігі - ол адамдар арасындағы моральдік араласудың арқасында құрылады және құл иеленуші қоғамның істерін бірлесіп басқаратын еркін азаматтардың бірлестігін білдіреді.
Аристотель мемлекетке мынадай анықтама береді: мемлекет - "бір-біріне ұқсас адамдардың мүмкіндігінше жақсы өмірге қол жеткізу үшін бір-бірімен қарым-қатынаста болуы". Аристотель бұл анықтамаға айтарлықтай нақты мазмұн енгізді. Бұл жерде адамдарды тек грек полистерінің еркін азаматтары деп түсінді. Варварлар мен құлдарды ол мемлекеттің азаматтарымен қатынаста болуға лайық адам деп санамады. Рухани жағынан дамымаған варварлар мемлекеттік өмірге қабілетсіз; олардың еншісі - гректердің құлы болу. Аристотель осылайша саяси теориясында құл иеленушілердің мүддесін ашық қорғады. Мемлекет оған құл иеленуші қоғамның істерін бірлесе басқаратын еркін азаматтардың бірлестігі болып көрінді .
Аристотель құлдықты негіздеуге бірнеше уәждер келтіреді. Олардың ішіндегі шешушісі - адамдар арасындағы жаратылыстан алшақтықтар. "Саясат" беттерінде құлдықты табиғат жаратқан, варварлар болса денесі алып, ақылы кем болғандықтан тек дене еңбегіне ғана қабілетті екендігі бірнеше рет атап өтіледі. Құлдықтың "табиғаттан болатындығының" дәйектемелерін экономикалық тұрғыдағы уәждер толықтыра түседі. Бұл көзқарас тұрғысынан құлдық шаруашылық жүргізу және өндірістік қызмет қажеттіліктерінен туады. Егер де тоқымашылардың құралдары өздері тоқитын болса, ал плектрлер кифарада өздері ойнайтын болса, онда сәулетшілер де жұмысшыларға зәру болмас еді, ал қожайындарға құлдардың қажеті болмас еді" .
Құлдық сияқты жеке меншік тамырын табиғаттан алады және отбасының элементі болып табылады. Аристотель Платон ұсынған мүлікті қоғамдастыруға батыл түрде қарсы болды. Сонымен қатар ол мүліктің қоғамдасуын экономикалық жағынан қауқарсыз, адамдағы шаруашылық бейімдіктерге кедергі келтіреді деп тапты.
"Саясаттағы" мемлекет нысандарының жіктелуі екі белгі бойынша жүреді: басқарушы адамдардың саны және мемлекеттегі жүзеге асатын мақсаттар. Билеушілер санына қарай Аристотель бір адамның, аз адамның және көпшіліктің билеуі деп бөледі. Екінші белгі бойынша жоғарғы өкімет азаматтардың жалпы игілігін мақсат тұтатын дұрыс мемлекет және билеушілер өз пайдасын көздейтін бұрыс мемлекет болып бөлінеді. Бұл жіктелімдерді бір-бірімен салыстырғанда мемлекеттік құрылыстың алты түрі шығады. Дұрыс мемлекетке - монархия, аристократия және полития; бұрыс мемлекетке - тирания, олигархия және демократия жатады.
Олигархияда билік байлардың, демократияда - кедейлердің иелігінде. Аристотель демократия мен олигархия туралы сөз еткенде, оларды айырудың ресми белгілерінен шегініп, билеушілердің мүліктік жағдайын алдыңғы орынға қояды. Байлар мен кедейлер екі полюсті, кез келген мемлекеттің екі диаметральді қарама-қайшы бөліктерін құрайды, ендеше қай жағы басым болса, билеу нысаны да соған сәйкес болады деп көрсетеді философ. Саяси тұрақсыздықтың, бүліктердің және мемлекет нысаны алмасуының түбірлі себептері тиісті теңдіктің жоқтығынан болады. Олигархия орын алып отырған теңсіздікті күшейте түседі, ал демократия байлар мен қарапайым халықты тым теңестіріп жібереді. Аристотель өзінің демократия мен олигархия туралы ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әлеуметтік ақыл-ой тарихы
Социология ғылымы туралы жалпы түсінік беру
Әлеуметтанудың әдісі
Социология негізін салушы Эмиль Дюркгейм
Әлеуметтанулық білім жүйесіндегі әлеуметтанудың статусы
Әлеуметтанудың құрылымы мен қызметтері
Әлеуметтік психологияның мақсаттары мен міндеттері
Әлеуметтану (Оқу-әдістемелік құрал)
Қазіргі заманғы ғылымдар жүйесіндегі мәдениеттанудың алатын орны және оның басқа ғылым салаларымен байланысы
«Әлемдік әлеуметтану»
Пәндер