Қазақ тіліндегі әйел қолөнеріне байланысты халықтық лексиканың этнолингвистикалық сипаты



КІРІСПЕ
1.1. Әйел қолөнеріне байланысты атауларды зерттеудің этномәдени негізі.
1.2. «Әйел қолөнерінде байланысты атаулардың лексика.семантикалық, тақырыптық топтарының этномәдени мазмұны»
1.2.1. Әйел қолөнерінде қолданылатын материал атаулары
1.2.2. Әйел қолөнерінде қолданылатын құрал.сайман атаулары
1.2.3. Материал өңдеуге, бұйымды көркемдеуге байланысты атаулар
1.2.4. Әйел қолөнеріне байланысты бұйым атаулары

2.1. Заттардың атқаратын қызметіне байланысты қалыптасқан атаулар
2.2. Жасалу материалына байланысты қалыптасқан атаулар.
2.3. Жасалу технологиясына байланысты қалыптасқан атаулар
2.4. Өлшемдік ұғымға байланысты қалыптасқан атаулар
2.5. Дыбыселіктеуіштік, дыбысбейнелеуіштік уәжіне байланысты қалыптасқан атаулар
2.6. Салт.дәстүрге, наным.сенімге байланысты қалыптасқан атаулар
2.7. Әлеуметтік және гендерлік сипатына байланысты қалыптасқан атаулар.
2.8. Халық, ру, тайпаға, жер.су аттарына байланысты қалыптасқан атаулар.
2.9. Формасына (пішініне) байланысты қалыптасқан атаулар
2.11. Түр.түске байланысты қалыптасқан атаулар
2.12. Адам мен жан.жануардың дене мүшелеріне байланысты қалыптасқан атаулар.

ҚОРЫТЫНДЫ
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 25 бет
Таңдаулыға:   
ӘӨЖ 811.512.122’373:74 Қолжазба құқығында

Әлімжанова Айша Анықбайқызы

Қазақ тіліндегі әйел қолөнеріне байланысты
халықтық лексиканың этнолингвистикалық сипаты

10.02.02 – қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

а в т о р е ф е р а т ы

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,
академик Ә. Қайдар

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
профессор О. Нақысбеков

филология ғылымдарының кандидаты,
доцент А. Қобыланова

Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы Қазақ
халықаралық қатынастар және
әлем тілдері университеті

Диссертация 2008 жылы 7 қарашада сағат 16.00-де ҚР БжҒМ
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ
тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология
ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д.
53.38.01. диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы
қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми
кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі,
28).

Автореферат 2008 жылы 7 қазанда таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Ж. А. Манкеева

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі тіл білімінде этномәдени тіл бірліктерін
белгілі бір тақырыптар төңірегінде топтастыра отырып, оларды түрлі бағытта
қарастыру кең үрдіс алып келеді. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес,
ол өзінің кумулятивтік (сақтап – жеткізушілік) қасиетінің арқасында адам
қолымен жасалған материалдық және рухани мәдениетті бола-шақ ұрпаққа
жеткізуші құрал. Тілдің осындай қызметінің арқасында ғана халықтың өмір
сүру дағдысының, халықтық тәжірибелік білімнің, дәстүр жалғастығының
сабақтастығы сақталып, олар жаңғыртылып, жетілдіріліп отырады. Осымен
байланысты қазақ халқының тұрмыс- тіршілігін, материалдық және рухани
мәдениеті мен дүниетанымын тіл арқылы зерттеп сипаттау – қазіргі тіл
білімінің этнолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану, когнитивтік
лингвистика сияқты бағыттарының негізі болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда,
ата-бабаларымыздың материалдық және рухани мәдениетінің айқын көрінісі,
ретінде әйел қолөнерінің туындылары практика-лық та, эстетикалық та
қызметті қатар атқарған.
Бұл ретте әр алуан лексикалық бірліктердің екінші деңгейдегі мағыналарын
– этнолингвистикалық мағыналарын тіл білімі тұрғысынан басқа ғылым
салалары деректірімен ұштастыра отырып зерттеу, көпшіліктің жадынан шыға
бастаған әйел қолөнеріне байланысты атауларды жаңа сапада қайта
жаңғыртудың, сол арқылы ана тіліміздің байлығын, оның оралымдылығын арттыра
түсудің мәні ерекше. Бұл мәселенің өзі осы жұмыстың өзектілігін белгілейді.
Қолөнерінің қазақ мәдениетін қалыптастырудағы қызметі мен оның әлеуметтік-
гендерлік табиғатын анықтау (еркектерге тән іс, әйелдерге тән іс деп
бөлінетінін және соған қатысты атаулардың құрамын анықтау), сол арқылы
қазақ әйелінің қоғамдағы орны мен ролін айқындау бүгінгі күндері арнайы
зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі болып отыр.
Әйел қолөнері бұйымдарының ономасиологиялық тұрғыдан уәжділік қасиеттерін
анықтауды тілдік және тілдік емес (экстралингвистикалық) мәнділіктермен
байланыстыра қарастыру және ұлт пен тіл біртұтас деген қағидаға сай
этнолингвистикалық бағытта кешенді зерттеу жүргізу де тақырыптың
өзектілігін дәлелдей түседі.
Ұлттық мәдениетімізді зерттеп-білуге зор мән беріліп отырған бүгінгі
күнде мемлекеттік Мәдени мұра бағдарламасын жүзеге асыруға өз үлесін қоса
алатындығы да жұмыстың өзектілігін айқындайтындығы күмән тудырмаса керек.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу мақсаты – материалдық
және рухани мәдениеттің сабақтастығын бейнелейтін әйел қолөнеріне
байланысты атаулардың, оларға қатысты ұғым-түсініктердің этнолингвистикалық
табиғатын, олардың тілдік жүйедегі орнын, әйел қолөнерінің болмыс-бітімін
ономасиологиялық жүйе негізінде анықтау. Бұл мақсаттарға жету үшін мынадай
міндеттерді шешу көзделді:
- әйел қолөнеріне қатысы атауларды халық ауыз әдебиеті үлгілерінен, түрлі
сөздіктер мен түрлі саладағы зерттеу еңбектерінен жинақтау, жүйелеу;
- қазақ тіл біліміндегі жалпы қолөнер лексикасының зерттелу тарихы мен
қазіргі бағыт-бағдарына шолу жасау;
- әйел қолөнеріне байланысты атаулардың лексика-семантикалық, тақырыптық
топтарын айқындау;
- әйел қолөнерінің ұлттық мәдениетімізді қалыптастырудағы алатын орнын
қолөнер мен рухани мәдениеттің қарым-қатынасына қатысты жинақталған
материалдарды кешенді зерттеу арқылы анықтау;
- этномәдени мәнді атаулар мен этнофразеологизмдердің мағына астарлы
мәнін ашу;
- ономасиологияның теориялық тұжырымдарына сүйене отырып, әйел қолөнеріне
байланысты атаулардың этномәдени уәждерін, уәждік жүйесін этнографизмдер
негізінде айқындау;
- әйел қолөнеріне қатысты қалыптасқан атаулардың табиғатын тілдік және
тілдік емес (экстралингвистикалық) факторлар арқылы анықтай отырып, оның
ұлттық сипатта қалыптасуы мен рухани-мәдени өмірдегі орнын, этномәдени
мазмұнын қарастыру.
Зерттеудің нысаны. Әйел қолөнеріне байланысты атаулардың
этнолингвистикалық сипаты мен ономасиологиялық негіздері.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысы мен дереккөздерді жинау барысында
сұрыптау, жүйелеу, талдау тәсілдері, атаулардың мағыналық өрісін анықтауда
лексика-семантикалық талдау, диахронды-синхронды сипаттама,
семасиологиялық, ономасиологиялық, этнолингвистикалық талдау әдістері
қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақтың ұлттық қолөнерінің табиғаты
көптен бері этнографтар мен өнертанушылар, тілші ғалымдар тарапынан әр
қырынан қарастырылып келеді. Қазақ тіл білімінде қолөнерінің нақты бір түрі
ретінде зергерлік өнерінің лексикасына, киіз үйге, ою-өрнекке, музыка
аспаптарына, киім атауларына байланысты зерттеу жұмыстары жазылғанмен, әйел
қолөнерінің лексикасы арнайы қарастырылған емес. Жұмыстың жаңалығы әйел
қолөнеріне байланысты қалыптасқан этнографизмдердің алғаш рет
этнолингвистикалық, ономасиологиялық тұрғыдан қарастырылуы болып табылады.
Атап айтқанда, тіл мен мәдениеттің, материалдық және рухани мәдениеттің
сабақтастығы, әйел қолөнерінің салт-дәстүрдегі, дүниетанымдағы көрінісі
этнолингвистикалық талдаулар арқылы сараланып, әйел қолөнеріне байланысты
атаулардың ономасиологиялық негіздері, уәжді белгілері айқындалады.
Зерттеудің дереккөздері. Қазақ тіліндегі әйел қолөнеріне байланысты
атаулардың этнолингвистикалық табиғатын ашу мен ономасиологиялық негіздерін
айқындау барысында 10 томдық Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің, 15
томдық Қазақ әдеби тілінің сөздігінің жарық көрген үш томының, Қазақ
тілінің аймақтық сөздігінің, Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінің,
Қазақ совет энциклопедиясы мен Қазақ ұлттық энциклопедиясының,
І.Кеңесбаевтың Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі мен А.Құралұлының
Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігінің, т.б. сөздік және
халық ауыз әдебиеті үлгілері мен көркем шығармалар материалдары
пайдаланылды. Сондай-ақ ұшырасатын С.Қасиманов, Ә.Тәжімұратов, Х.Арғынбаев,
Ө.Жәнібеков, С.Мұқанов, М.Мұқанов, Ә.Ысқаққызы, т.б. этнографтар мен
өнертанушы ғалымдардың еңбектерінен қазақ әйелі қолөнері жөнінде қажетті
мәліметтер мен деректер алынды.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері
мен тұжырымдары тіл мен мәдениет, тіл мен ұлт, тіл мен дүниетаным, тіл мен
ойлау сабақтастығын қарастыратын этнолингвистика, ономасиология салаларының
теориялық негіздерін белгілі дәрежеде толықтыра түсіп, қазіргі дүниенің
тілдік бейнесі бағытындағы зерттеулерге өзіндік үлес қосуға талпыныс
жасалды. Диссертациялық жұмыстың негізгі теориялық және практикалық мәні –
осы зерттеудің теориялық тұжырымдары мен нәтижелері негізінде қазақ
қолөнеріне байланысты атауларды әлі де зерттей отырып, бір жағынан, қазақ
қоғамындағы әйелдердің орны мен ролін, екінші жағынан, әйел қолөнерін адам
мен табиғат, тіл мен мәдениет, заттық мәдениет пен рухани мәдениет
сабақтастығы арқылы этнос болмысын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеуде.
Зерттеу барысында қол жеткізген тұжырымдар мен тілдік фактілерді жоғары
оқу орындарының филология факультеттерінде Қазіргі қазақ тілінің
лексикологиясы, Этнолингвистика, Қазақ тілінің ономасиологиясы,
Лингвомәдениеттану атты пәндерден дәріс оқу барысында, семинар сабақтары
мен арнайы курстар өткізуде, сондай-ақ әртүрлі сөздіктер мен сөздік
мақалалар дайындау барысында пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- қазақ әйелдерінің қолөнеріне байланысты этнографизмдер мен
этнофразеологизмдер – этностың өткен өміріндегі тұрмыс-тіршілігінің айнасы,
ғасырлар бойғы мәдениетінің тұнып тұрған мұражайы;
- әйел қолөнеріне байланысты атаулар ұлттық сөздік қордың ауқымды қабатын
құрайтын күрделі таңбалар жүйесі болып табылады;
- әйел қолымен өңдеп дайындалған бұйымдар (көбінесе жүннен) – шектес
ғылым салалары деректерін пайдалана отырып кешенді зерттеу арқылы
анықталатын материалдық және рухани мәдениеттің тоғысуын бейнелейтін
этномәдени туынды;
- әйел қолөнеріне қатысты атаулардың ономасиологиялық жүйесін анықтау
қазақ әйелі болмысын этномәдениетпен тұтастықта сипаттайды;
- әйел қолөнеріне байланысты атаулардың уәждік жүйесі (жасалатын
шикізаты, дайындау технологиясы, атқаратын қызметі мен қолданылатын орны,
түр-түсі, т.б.) ұлттық таным мен талғамның, тәжірибелік білімнің гендерлік
деңгейін сипаттайды;
- әйел қолөнеріне байланысты этнографизмдер мен фразеологизмдердің
этнолингвистикалық сипаты ұлттық және аймақтық ерекшеліктерді айқындайды;
- әйел қолөнеріне байланысты атаулардың этнос мәдениетіндегі орны мәдени
реконструкция арқылы, ал олардың тіл жүйесіндегі орны тілдік
реконструкция, этнолингвистикалық, семасиологиялық, ономасиологиялық
сабақтастықтағы талдаулар арқылы анықталады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының мазмұны мен
нәтижелері Т. Рысқұлов ат. ҚазЭУ-нің ғылыми конференциясында және еңбектер
жинағында (Алматы 2003), Жоғары оқу орнында сапа мен менеджменті жүйесін
енгізу мәселелері және оларды шешу жолдары атты халықаралық ғылыми-
тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2005), Жедел жаңару жолындағы
экономикалық бағдарлар атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда
(Алматы, 2005), Қазақстанда ой-сананың дамуы атты халықаралық ғылыми-
тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2006), Бизнес, Ғылым, Білім атты
халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы, 2008) баяндалып,
талқыланды. Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда
диссертация тақырыбына қатысты 7 мақала жарияланды.
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және
қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі
берілген.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, зерттеу
нысаны, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға
ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу әдістері, теориялық және практикалық маңызы
сипатталып, пайдаланылған тілдік дереккөздер, жұмыстың жариялануы туралы
мәлімет беріледі.
Әйел қолөнеріне байланысты атаулардың этнолингвистикалық сипаты деп
аталатын бірінші тарау әйел қолөнеріне байланысты атауларды зерттеудің
теориялық мәселелерін шолуға, атаулардың лексика-семантикалық, тақырыптық
топтарының этномәдени мазмұнын ашып, этнолингвистикалық талдау жасауға
арналады.
1.1. Әйел қолөнеріне байланысты атауларды зерттеудің этномәдени негізі.
Халықтың дүниені танып білуі, өзі өмір сүріп отырғын ақиқат дүниеге деген
көзқарасы күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі, шаруашылығы мен кәсіби
қызметіндегі тәжірибеге негізделген. Қандай да болсын белгілі бір зат пен
құбылысты тану оның сыртқы бейнесі мен адамға тигізетін пайдазиянын ажырата
білу, оның түрлі әсерін бақылап, түйсіну, күнделікті тәжірибеде қолданудың
нәтижесінде жүзеге асады. Танылған заттар мен құбылыстар айрықша
қасиеттеріне, өзіндік ерекшелігі мен пішініне, адам санасында қалдырған
әсеріне қарай белгілі бір атауға ие болады. Бұрынғы тұрмыстағы адам ақыл-
ойы мен еңбегінің арқасында жасалған сан алуан заттар, бұйымдар, құбылыстар
халқымыздың этнографиялық мұрасы болып табылады. Олай болса этнографизмдер
дегеніміз – этнографиялық заттар мен құбылыстардың атауы. Басқаша айтқанда,
этнографизмдер дегеніміз – өткен тұрмысымызда болған, көбі әлі де
қолданылып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кәсіпке,
шаруашылыққа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-
кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң
тәртібіне, әдеттік правоға байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық
және тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз
тіркестері [1, 18 б.]. Этнографизмдерді зерттейтін сала тіл білімінде
этнолингвистика деп аталады. Этнолингвистиканың негізгі мақсаты – қазақ
тілінің қазіргі қалпындағы ерекшеліктерді емес, өткен тұрмыстағы халық
тәжірибесінен туған ұлттық болмысымызды, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне
байланысты қалыптасқан этномәдени ұғымдарды зерттеу. Олай болса көне
этнографизмдерді жинақтап толықтыруда, ұлттық сөздік қорымызды, байырғы төл
сөздерімізді жаңғыртуда тіл біліміндегі осы саланың маңызы зор екендігі
айқындала түспек.
Осы бағыттағы зерттеулер қазақ ұлттық болмысының бүгіні мен өткенінің
ілектес екенін жаңа қырынан танытуда (Ә. Қайдар, М. М. Копыленко,
Е. Жанпейісов, т.б.).
Тілімізде сақталып қалған көптеген халықтық атаулар мен көнерген
сөздердің астарында этнографиялық мән, этнофразеологизмдер жататындығын Р.
Сыздық, Н. Уәли, Г. Смағұлова сияқты ғалымдар өз зерттеулерінде тарихи,
тілдік, мифтік, этнографиялық, танымдық мәліметтерге сүйене отырып, өз
тұжырымдарын келтіреді.
Атап өтерлік жайт: қазіргі уақыттағы тіл арқылы мәдениетті тану
лингвомәдениеттану пәнінен бұрын этнолингвистика ғылымында сөз болған және
әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Дегенмен, бүгінгі күні ара жігін ажырата
қоймаған осы екі ғылым саласының көп жағдайда ортақ, ұқсас жақтары
болғанмен, өзіндік ерекшеліктері айқындалу үстінде. Оны В. Телияның,
В. А. Маслованың, А. Сейсенованың, А. Сейілханның т.б. зерттеушілердің ой-
пікірлерінен байқауға болады.
Зерттеуші А. Исламның пікірінше, қазіргі лингвистиканың құрылымдық, яғни
тілді өз жүйесі ішінде ғана зерттеу парадигмасының антропоцентристік қағида
негізінде – сол тілдің иесі болып табылатын адаммен, оның (тілдің)
функционалды қолданыс табатын әлеуметтік орта, тарих, мәдениет пен танымдық
үрдіспен байланыстыра зерттеулердің нәтижесі болып табылар соңғы он жыл
көлемінде тіл мен мәдениеттің өзара байланыс тетіктері мен жалпы ұлттық
дүниетаным, ұлттық мәдениеттің тілдегі көрінісін зерттейтін
лингвомәдениеттану ғылымы пайда болды [3, 5 б.].
Жоғарыдағы пікірлерді жинақтай келгенде, лингвомәдениеттану – этнос
мәдениеті мен сол тілде сөйлеуші халықтың мәдени-тілдік деректерін
сипаттайтын, жұрт мәдениетін өз лексикасы арқылы басқа этносқа танытатын,
ұлттық рух пен ұлттық тілдің туын көтеретін, халықтың тіл байлығын тек
болмысы арқылы өз тұғырына жеткізіп келешекке танытатын, тілдік деректерді
ұлттық нышанда жарата да, жарқырата да алатын, этнолингвистика пәнімен
ағайындас, ұлттық рух пен тіл арасында өзіндік жолы бар, тілді мәдениет
арқылы танудағы бітімімен басқа тіл ғылымдарынан ерекшеленетін, қоғамдық-
әлеуметтік, эстетикалық, философиялық сипаты бар кешенді пән [4, 24 б.].
Ал, этнолингвистика жоғарыда аталып өткендей, тіл мен мәдениеттің өзара
қатынасының бүгінгі қалпын емес, өткен өміріндегі ұлттық болмысты, мәдени
ұғымдарды зерттейді. Бұдан, әрине, этнолингвистиканың синхронды сипаты
мүлде болмайды деген ұғым тумауы керек. Қысқасы, этнолингвистика – тіл
ғылымының басқа салаларынан өзіндік ерекшелігі бар, проф. Е. Жанпейісов
көрсеткендей, этносқа қатысты мәдениеттанымдық, этнологиялық,
мифологиялық, лингвистикалық және фольклористикалық зерттеулердің синтезі
ретінде көрінетін тоғыспалы ғылым [3].
Сайып келгенде, этнографизмдердің де, лингвокультуерамалардың да (мәдени
мәнді атаулар), көздейтін мақсаты – адамның дүниетанымындағы ақиқат
дүниенің бейнесінің қалай қалыптасқанын, заттар мен құбылыстардың
күнделікті өмір тәжірибесінде қолданылуының, мәдени тұрақтылыққа ие
болуының, қандай да бір құндылығымен ерекшеленуінің және оларды қолданудың
салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа айналуының себеп – негіздерін анықтау.
Қазақ халқының қолөнері, оның ішінде әйелдерге тән салалары, оған
байланысты салт-дәстүрлер мен ырым-жоралғылар, мифологиялық түсініктері
тілімізде сақталған. Оларды бір-бірімен тығыз байланыстыра отырып, тұтас
құрылым жүйесінде алып қарастырып, ұлт мәдениетінің бейнесі деп
сипаттауға болады. Осымен байланысты тіл байлығының этнотанымдық мәнін
анықтау арқасында ұлтымыздың материалдық мәдениетімен бірге рухани, мәдени
болмысын да саралап тани түсеміз.
1.2. Әйел қолөнерінде байланысты атаулардың лексика-семантикалық,
тақырыптық топтарының этномәдени мазмұны атты екінші тараушада әйел
қолөнерінде қандай материалдар, құрал-саймандар қолданылғандығына, оларды
технологиялық өңдеу тәсілдеріне қатысты және түрлі зат, бұйым атауларына
жеке-жеке этнолингвистикалық сипаттама беріледі.
1.2.1. Әйел қолөнерінде қолданылатын материал атаулары. Әйел қолөнерінде
дайындалатын дәстүрлі бұйымдардың (киіз, киім, кілем, алаша, сырмақ, арқан-
жіп, бау-шу, ши) ерекшелігіне қарай ерте замандардан бері қолданған
шикізаттары төрт түлік малдың жүні мен терісі, аң терілері мен құстың
мамығы және өсімдіктер болды.
Қолда бағылатын төрт түлік малдың және жабайы аң-құстардың денесінің
үстіндегі түгі, қылшығы жүн деп аталатындығы белгілі. Қазақ халқының
ғасырлар бойғы негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болғандықтан отыратын
баспана – киізі үйдің жабыны да, күнделікті киім де, төсеніш пен жамылатын
көрпе де, малға және көші-қонға қажетті арқан-жіптер мен киіз үйге қажетті
бау-шулар да осы жүннен жасалды.
Қой жүні жабағы, күзем жүн, тоқты жүні, қозы жүні, өлі жүн, шет-пұшпақ
деп ажыратылады. Жабағы деп қой мен түйенің жазғытұрымғы ұйысқан қысқы
жүнін айтады. Күзем жүнге қарағанда қылшығы аз, түбіті көп болғандықтан
көбіне тоқымашылық кәсібінде молырақ пайдаланылады. Жүннің осы қасиетіне
орай оны ұрғашы жүн деп те атаған.
Қойдың күзде қырқылған жүні күзем жүн деп аталады. Күзем жүннің түбіті
жабағыға қарағанда аз, жүн талшықтары қысқалау әрі қылшығы молырақ болып
келеді. Сондықтан ел арасында бұл жүн еркек жүн деп те аталған. Күздігүні
мал жүнін қырқып алуды күзем алу дейді. Сонымен бірге шілдеде, тамыз айының
басында қозылардың жүні де қырқылады. Оны қозы күзем дейді.
Көктемде малдан түлеп түскен жүнді, сол сияқты мал терісінен жұлып яки
жидітіп алынған жұлма жүнді, қойдың бауырында, пұшпақтарында білтеленіп
жүрген жүндері өлі жүн деп атайды. Қойдың өлі жүні мамыр айында қырқылады.
Шет-пұшпақ жүн деп қотан арасында түсіп қалған, бұта басына жиналған, бау-
шу ескеннен қалған үзік жүндерді айтады. Мұндай жүндер көбінесе арқан-жіп
есуге жұмсалған.
Ешкі жүнін түріне қарай түбіт, қылшық деп атайды. Түбіт – қылшық жүннің
астындағы үлпілдек, биязы жүн, ал қылшық – жүннің ірі әрі қатқыл талшығы.
Жылқының жал-құйрығы қыл деп аталады. Жал-құйрықтан көбінесе арқан-жіп
есіліп, сүзгі тоқылған, тұзақ есілген. Сонымен бірге жылқы қылын терімен
қаптап көпшік, жастық, бөстек жасауға, қобызға тағуға қолданған.
Жылқы қылынан есілген, жылқы терінің иісі сіңген арқанды жолаушылар
өздерімен бірге алып жүрген. Өйткені ұзақ жолда бір жерге жатып, айдалада
түнеуге тура келгенде, қыл арқанды шеңбер сияқты етіп тастап, адам соның
ортасына жатып алаңсыз ұйықтай берген, өйткені мұндай арқан жатқан жерге
жылан, жәндіктер жоламайды екен.
Зерттеушілердің пікірінше, жан-жануарлар терісінде өсетін жүннің,
қылшықтың қандайын болмасын жинақтап, бір сөзбен түк деп атайды. Көне түркі
тілінде тү – денедегі қылшық, шаш, жүн, қауырсын, ал түк шаш және
жүн деген ұғымда қолданылған [ДТС, 594-595 бб.]. Көне түркі тіліндегі тү
түбірі тіліміздегі түбіт, түле, түк (тү-к), түт (жүнді түту дегендегі)
сөздерінің құрамында ұшырасады. Бұл жерде түк атауы жалпылық ұғымда
қолданылып тұр. Төрт түліктің түгі құрамы мен сапасына қарай жүн, қыл, түк
деп бөлінеді. Жүн түбіт пен қылшықтан тұрады және ол қой мен ешкінің, сиыр
мен түйенің терісінде өседі. Ал жылқының құйрық-жалына шыққан ұзын қылшық –
қыл, ал оның терісіне тұтасып шыққан қысқа әрі майда қылпық түк деп
аталады. Бұл арада түк сөзі тар ұғымда, даралық мағынада жұмсалып тұр. Жүн
мен қылдың көшпелі қоғамда әрқайсысының орны бөлек болған. Бұлардың
тіліміздегі сан-салалы қызметін жете анықтау үшін әр түліктің жүніне,
түгіне қысқаша жеке-жеке тоқтала кеткен жөн [4, 156 б.].
Қой жүндері құрамына қарай қылшық және түбіт деп ажыратылады. Қылшық деп
қой жүніндегі жуандау талшықтар аталып, оның өзі аралық қылшық, жай қылшық,
құрғақ қылшық, өлі қылшық, тікенек қылшық деп жіктеледі. Қой жүнінің
құрамына қарай аталатын екінші түрі түбіт – қой терісінің түбіндегі ең
жұмсақ жүн ұлпасы. Ол басқа жүн талшықтарына қарағанда бір-бірімен тығыз
өсіп, жақсы кіріккен. Оның осы қасиетіне сай тілімізде түбіттей ұйысқан
дейтін теңеу бар. Жүннің құрамында түбіт неғұрлым көп болса, соғұрлым жүн
сапасы жоғары болады. Түбіт әртүрлі қымбат бұйым, мата тоқылған өндірісте
кеңінен пайдаланылады [5, 129-130 бб.]. Сапасына қарай қой жүні биязы жүн
(түбіттен басқа қылшық кездеспейтін мапа жүн), қылшықты жүн (жүн құрамында
түбітке қарағанда қылшығы басымырақ болатын жүн), ұяң жүн (қылшықты жүнге
қарағанда түбіті мол, биязыға қарағанда түбіті аз жүн) деп жіктелетіні
белгілі. Қой жүні түсіне қарай ақ жүн, ала жүн, көк ала жүн, кер қызыл жүн
(қоңыр қызыл жүн), қара жүн (бірыңғай қара), қоңыр жүн деп аталады.
Қорыта айтқанда, әйел қолөнерінде қолданылатын материал атауларынан қазақ
халқының табиғатпен тығыз қарым-қатынасы, Қазақстан фаунасы мен флорасы
туралы тәжірибелік білімі, табиғат байлықтарын игеру және оларды күтіп-
сақтау тәжірибесі, эстетикалық талғамы нақты көрініс табады.
1.2.2. әйел қолөнерінде қолданылатын құрал-сайман атаулары. Қазақ
әйелдері тігу, тоқу, жүн дайындау, сырмақ сыру, киіз басу, т.б. жұмыстарды
атқару үшін алдын ала сол іске қажетті құрал-жабдықтарын әзірлеп алады.
Оларды атқаратын қызметіне, пайдаланатын ретіне қарай топтап көрсетуге
болады.
Жүн сабауға тулақ және сабау қолданылған. Тулақ деп жылқы, сиыр, серке
терілерінен жасалатын, жүн сабағанда оның астына төсейтін төсенішті айтады.
Шебер әйелдер қолданған сабаудың екі түрі болған: тулақ сабау және шабақ
сабау. Сабаудың тулақ сабау аталатын түрін жүннің іртігін тез жазуға
пайдаланады, сондықтан ол сомдау әрі қарымды келеді. Ал жүнді шабақтауға
арналған сабауды шабақ сабау деп атайды. Жалпы, сабаудың міндеті –
сабалатын жүнді жерге төселген шидің үстіне көпіртіп тегіс жаю.
Жіп иіру құралы ұршық деп аталады. Ертеректе әрбір қазақ отбасында
міндетті түрде бір-екі ұршықтан болған. Ұршық үш бөлшектен тұрады: ұршық
басы, ұршық сабы, мұрындық. Ұршық басы – қатты ағаштан, ағаш безінен,
түйенің ортан жілігінің айдар басынан, тастан қашап, кейде оған қорғасын
құйып, ортасын жуандығы саусақтай ағашқа кигізуге болатын етіп тесіп
жасаған, бөлшек. Ұршықтың әсем түрлерін қазақ әйелдері зергерлерге жасатып
алған. Өткен тұрмыста ұршықтың күміс ұршық, қас тасы ұршығы, тас ұршық,
құйма ұршық сияқты түрлері мен атаулары болған. Мұндай қымбат бағалы
ұршықтар анасынан қызына, келініне мұра ретінде ауысып отырған.
Иірілген жіптерден кілем, алаша, қоржын, қап, т.б. тоқитын тоқу жабдығын
өрмек деп атайды. Халық арасында қолданылатын өрмектің екі түрі бар. Оның
біріншісін аспалы немесе термелі өрмек дейді. Ондай өрмекте кілем сияқты
тұтас, енді заттар тоқылады. Өрмектің екінші түрі жай өрмек деп аталады.
Жай өрмек арқылы шекпен, алаша, қап, қоржын, белбеу, терме бау, басқұр
сияқты енсіз бұйымдар тоқылады [6, 62 б.]. Тілімізде сақталған өрмек
бөлшектерінің мынадай атаулары бар: қазық (өрмек өрісінің қазықтары, қазық
ағаш), арқау шөлмегі жүгіртпе (екі басының кішірек ашасы бар, ұзындығы
20-30 сантиметрдей түзу таяқша), күзу шыбығы (қабатталған шиден, түзу
тобылғыдан, сымнан жасалған шыбық (күзу – өрмектің үстіңгі жіптерін тізіп
шалып қоятын ширақ пісірілген, ыспаланған жіп), адарғы (өрмектің астыңғы
жібі мен үстіңгі жібін бөліп тұратын, жіптерді аударып түсіріп отыратын
тақтай, аспап), арқалық (ұзындығы бір метрдей болатын, диаметрі үш
сантиметр шамасындағы өрмек тоқуда қолданылатын таяқ), есептаяқ (адарғының
алдында тұратын, бой жіптерді санап, байлап қоятын таяқ, ол ел ішінде серу
ағаш, серу жіп, кергіш сабау деп түрлі-түрлі атала береді), қылыш (жүзі
қылыш сияқты жұқартып жонылған, ортасы дөңестеу келген, өрмектің арқауын
соғып, тығыздап отыру үшін қолданылатын, ені 12-15 сантиметрдей көлемдегі
ағаш құрал), көтерме
мосы (үш ағаштың басын біріктіріп жасаған өрмек бөлшегі), белағаш
(керілген жіп желісін күзу арқылы байланыстырып тұратын көлденең ағаш),
т.б.
1.2.3. Материал өңдеуге, бұйымды көркемдеуге байланысты атаулар. Жүн
өңдеуге байланысты атаулар. Ең алдымен жүн қырқу барысында жүннің ақ, қара,
кер қызыл түсті түрлері бөлек-бөлек жиналады, салалы, қылшықты, қысқа,
бауыр жүндер бөліп алынады. Одан әрі жүннің іртігін жазу, қайызғағынан
арылту, шөп-шаламын тазалау, құмалағын түсіру, үлпілдетіп алу жұмыстары
жалғасады. Бұл жүн дайындау шаралары жүн сабау деп аталатын тәсілмен
орындалады. Жүн сабау киіз басу дайындығының үшінші басқышына жатады.
Жинақтай айтқанда, киіз басуға жүн дайындау тоғыту (1-басқыш), қырқым (2-
басқыш), жүн сабау (3-басқыш) деп аталатын үш басқыштан тұрады [7, 38 б.].
Іртігі жазылмайтын өте түйдектелген жерге қос қолдап сабау әдісі
қолданылады. Бұл әдіс бойынша екі қолдың кезектесіп істейтін ырғағы бір
қолдың қимылына ауысып, екі қолдағы сабау бір мезгілде тулаққа тең соғылып,
тең серпіліп, жүнді көпіртіп, жүн бірдей қалыпта суырылып, бірдей артқа
көтеріліп отырады. Қос қолдап сабауды да сабаушылар бір ырғақпен тең
орындайды. Қолөнерінде есіп сабау, көсіп сабау, көпіртіп сабау, т.б.
секілді атаулар қолданылады.
Киіз бұйымдар дайындау технологиясына байланысты атаулар. Өңделген жүннен
түрлі тәсілдерді қолдана отырып киіз жасап шығару ісін киіз басу деп
атайды. Киіз басу үшін алдымен сабалған үлпілдек жүнді шиге салып, шыбықтап
жаймалайды, яғни киіздің ішкі бетіне арналған жүн шабақталады. Жүнді
шыбықпен жаймалау шабақтау деп аталады. Екі адам атқаратын бұл жұмысты кей
жерде жабдықтау дейді.
Осыдан кейін шабақталған жүннің үстіне бет тартылады, яғни киіздің өң
жағына арналған неғұрлым таза, әдемі жүнді сол қолымен уыстап алып, әлгі
шабақталған жүннің үстіне салып отырып, оң қолдың қырымен басып қалып үзіп
қалдырады. Бет тартуды бұрыннан машықтанған, жүн тартудың шебері деп
танылған әйел ғана орындайды.
Киіз тебу – арасына жүн салынып оралған әрі сыртынан байланған шиді әлсін-
әлсін ыстық су құя отырып, бір топ адамның домалатып тебуі. Бұларға қарама-
қарсы бір немесе екі адам екі ұшы тұйықталған арқанмен шиді алға тартып,
өзіне қарай домалата сүйрейді. Киізді тебушілерге қарама-қарсы тұрған
адамды қой бастар дейді. Киіз әбден қатайғанша оны киіз басылып жатқан
үйдің маңында домалатып, бір топ адам екі аяқпен кезек-кезек теуіп отырады.
Мұндағы басты нәрсе: киіздің бойында тепкі тимеген жер қалып қоймауы керек.
Олай етпеген жағдайда киіздің бір жері кірігіп, бір жері кірікпей босап,
жүн сол қалпында да қалып қоюы мүмкін. Ондай жер кейін тесік болып қалады.
Қазақ тұрмысында киіз тебу бір ауылға ортақ іс болып саналған, өйткені
бұл жұмысты бір-екі адамның атқаруы қиын. Киіз тебушілер домалатып тепкен
киіздерін қадірлес отаулардың сыртына апарып, қой басты, қой басты деп
әзілдейді. Ал ол үйдің иесі реті келсе қой сойып, болмаса қымызбен яки құрт-
май алып шығып, киіз тебушілерді қонақ етә салтын жасайды [6, 51 б.].
Булау – киіздің тебуі жеткенде киіз оралған шиді шешіп, шиыршықталған
киізді жазып, асты-үстін ауыстыра отырып 3-4 рет шиыршықтап бүктеп, екі
басын түйістіріп көктеп алып, тағы да ыстық су құйып сығымдағаннан кейін
үстін тонмен, күпімен жылылап жауып тастау. Бұл әдіс кірлеу деп те аталады,
өйткені киізді булағанда кір су ағады.
Білектеу – булаудан шыққан киізді әрлі-берлі домалата отырып білекпен
басу.
Түр салу – шүйкеленген жүннен немесе арнайы дайындалған талдырмадан
киіздің бетіне ою, өрнек басу. Түр салынған киіз текемет деп аталады. Яғни
киіз бен текеметтің айырмасы киіздің оюлы немесе ою-өрнексіз басылуына
байланысты. Киізге түр салып басуды текемет басу дейді. Текеметке салынатын
түр яғни ою-өрнек екі түрлі жолмен салынады: 1) түр ойыстырып салу; 2)
шүйкелеп түр салу. Түр ойыстырып салу – талдырмадан қиып алған оюды
шабақталған жүннің немесе талдырманың үстіне салып, ыстық су шашып, әрі
қарай киізше басу. Шүйкелеп түр салу – киіз бетіне ою-өрнек ретінде
салынатын боялған немесе басқа түсті жүнді бөлектеп басып алмай-ақ
(талдырма жасамай) сол жүн күйінде бет тартқанда шүйкелеп отырып бірге
тарту.
Арнайы басылған киізге басқа түсті киізден, матадан қиып дайындалған ою-
өрнекті сырып тігу арқылы жасалған сәнді бұйым сырмақ деп аталады. Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігінде сыру сөзіне арасын жиі етіп тігетін
тігістің түрі, ал сыры атауына жиі етіп бастырып тігу деген анықтама
беріледі (8-том, 1985. 507 б.). Демек, сырмақ атауының өзі оны дайындау
технологиясынан алынған.
Сырмақтың пайда болуының тарихын шолу арқылы оның этномәдени мазмұнын
ашып көрсетуге болады.
Киіздер мен текеметтер қай заманда да тұтынушылардың қажеттіліктерін өтеп
келгендігі даусыз. Дегенмен, қоғам дамуы мен тұрмыс мәдениетінің өсіп-
өркендеуіне қарай бұл бұйымдардың осы күйінде кейде тазалыққа, тұтынуға
тиімсіздігі байқала бастаған. Осыған орай адамдардың тұрмыс деңгейінің,
талап-талғамының өсуінің әсерінен қолдануға ыңғайлы, жеңіл әрі көркем,
көлемі шағын төсеніштер пайда болды. Сырмақтың пайда болуына о баста
тұрмыста кездесетін қарапайым жағдайлар себеп болған тәрізді. Айталық,
көнерген киіздерді қабаттап төсеу, одан соң оны қобырай бермеу үшін
қабаттап көктеу. Осындай жағдайдан бара-бара қабаттауды белгілі бір пішінге
келтіріп, ықшамдап төсеніп, көктеуді де бірте-бірте жиі тігістерге
ауыстырып, одан әрі сыруға көшкен деп санауға болатын сияқты. Алғашқы
сырмақ пішіні осылай қалыптасқан. Бұдан әрі басылған кесек киіздерден
қалаған мөлшерде кесіп алып, оны қабаттап сырып, шағын төсеніштер жасала
бастаған. Зерттеушілердің айтуынша, мұндай сырмақтар алғашында, әрине, орта
салынбай жасалды. Бүтін күйінде ығына қарай сырылуы, сондай-ақ сол кездегі
таңба – белгілер, нанымдар бойынша оюлар түсірілді. Мәселен, ашамай +, х
белгі, күн бейнесі, т.б. айналдыра сыру тәсілі қолданылды. Бірте-бірте
қабатталған киіздердің жиектерін жөрмеу, төрт шетін бойлап, қабаттарын
бекіте түсіп, сырудан түскен сызықтарға сәйкес сыру түсіру арқылы сырмақ
ортасынан төртбұрыш шығарылған. Одан кейін сырмақ шеттерін нығайтып бекіту
үшін жіп есіп алып, сырмақтың шетін жию пайда болды. Кейінірек ақ, қара
түсті жүндерді пайдаланып, қарама-қарсы түстерді шабыстырып қолдану
тәсілімен сырмақтың шетін жиектеу келіп шықты. Оның ішкі жағына да сәйкес
жиек басып, су тарту арқылы сырмақтың бетіне төртбұрыштар түсіріліп,
жиектердің ара-арасы сырылып отырды (шабыстырып қолдану – қарама-қарсы
түстерді қиыстырып келтіру, жиектеу – түсті жіппен тігіп жиек салу,
көмкеру, су тарту – оюды қатарлап орналастыру үшін яки алма-кезек түсіру
үшін бүкіл ою тұлғасының желісін үзілдірмей, ұластырып салу. Су – бүкіл ою
тұлғасының сабағы, желісі, өзегі. Сырмаққа қатысты желі атауы жиірек
қолданылады. Ал кесте өнерінде мұндай желіні су деп айтады. Қазақ
сырмақтарының ою-өрнегі осы желі, яғни суы арқылы жасалады).
Сырмақ сырудың, яғни сырып тігудің негізгі үш тәсілі кеңінен тараған.
Олар: қайып сыру, тепшіп сыру, қабып сыру. Бұларды негізінен жіп салып сыру
және жіп салмай сыру деп екі түрге топтастырады.
Қолөнер бұйымдарындағы қол тігісінің атаулары. Қазіргідей тігін
машиналары жоқ кезде қзақ әйелдері барлық киім-кешек, көрпе-жастық,
тұскиіз, дастарқан, т.б. тұрмыстық бұйымдарды қолмен тіккен. Қолмен тігудің
кейбіреуі эстетикалық қызмет (мысалы, кесте және зерлеп тігу) атқарса,
бірсыпырасының таза практикалық қызметі басым болған. Қол тігісінің
эстетикалық қызмет атқарған түріне қарапайып ине-жіппен кесте тігу,
кестелеу жатады. Қазақ тілінде кесте сөзі мата бетіне түсті жіптен
тоқылған, тігілген әшекейлі өрнек деген ұғымда, ал кестелеу мата бетіне
түрлі түсті жіппен әшекейлі өрнек тоқу ұғымында қолданылады.
Қазақ халқына тән кестенің байырғы түрлеріне шым кесте, біз кесте, әредік
кесте, деген түрлері жатады. Біз кесте – кестенің дөңгелек яки төртбұрышты
кергішке керілген матаның бетіне түсірілген өрнек нобайы бойынша қармақ
бізбен өткермелеп шалу арқылы жасалған кесте. Шым кесте – кестенің мата
бетінде ашық жер қалдырмай яки өте аз қалдырып, тұтас кестелеген түрі.
Әредік кесте – матаның әр жеріне бөлек-бөлек салынған кесте. Тігіс
түрлеріне байланысты атаулар олардың орындалу тәсілдеріне қарай
қалыптасқан: шынжыр тігу – кесте тігуде қолданылатын, инені кері шаншып,
екі қатар жіптің ортасынан алып тігу; жұлдызша тігу – жұлдыз пішінін
кестелеп түсіру; иректеп тігу – мата бетіне ирек жол бейнесін салып тігу;
санамалап тігу – дастарқан, сүлгі шетіне х әрпінің бейнесін салып тігу,
т.б. [8, 64 б.].
Жалпы жұқа маталарды, кесте тігуге қажетті жіңішке жіптерді матадан
суыртпақтай отырып, соның өзінен дайындап алады. Ол үшін шебер өзіне қандай
түсті жіп керек болса, соған ұқас матаның шетінен жалпақтығы 3-4, ұзындығы
30-40 см жыртып алады. Жіп суыруға арналған бір бөлек мата жыртындысын
шеберлер суыртпақ деп атайды. Осындай мата кесіндісінен біртіндеп жіңішке
жіптерді суырып алуды суыртақтау дейді.
Түрлі түсті мата қиындыларынан құрақ құрау жұмысы – нәзік сезімді, түсті
аңғарғыш, эстетикалық талғамы еркектерден жоғары тұратын әйелдердің
еншісіндегі іс болған. Ел арасында құраққа қатысты бірсыпыра атаулар
қолданылады: құрақтың суы – құрақтардың арасына жүргізілетін бір түсті
жолақтар, құрақтың көзі – құрақтардың ортасына басқа түстен тігілетін
өрнек, яғни басқа құрақ соның айналасына тігіледі, кекілік қас – ақ және
қара маталардың қиындыларынан кекіліктің қасына ұқсатып тігілген құрақ,
қайшы құрақ – кекілік қас құрағының негізінде тігіліп, көздігінің жанына
қайшы пішініндегі кішкене құрақтың ұластырылған түрі, таңлай құрақ – адам
таңдайының пішініндегі өте майда құрақтар, жұлдыз құрақ – таңдай пішінді
құрақтан құралып, көздері тең үшбұрышты түсті барқытпен көмкерілген түрі,
тырнақ қатар – тырнаққа ұқсаған үшбұрышты құрақшалардан құралған түрі, т.б.

Тері өңдеуге байланысты атаулар. Тері өңдеудің алуан түрі мен атауы бар:
илеу, и жағу, ыстау, құрымдау, жидіту, талқыға салу, т.б. И жағу – тері
бетіне ұн, тұз араластырған іркіт жағу (іркіт – сүттің пісіп майын алғаннан
кейінгі сары суы), иі қану – терінің иде жатып дайын болу мерзімі, идің
әбден сіңу мерзімі, иі болу мерзімі – иі қану уақыты (қозы, лақ, аң
терілері жылдам иі болса, құлын, жабағы, тай терілерінің иі қану уақыты
ұзақтау болады), иі сіңу – орта есеппен 3-5 күн ішінде идің теріге сіңіп
үлгеруі. И – мал терісін өңдеу үшін ашыған іркіттен, айранның сары суынан
ұн, кебек, тұз араластырып дайындалған малма. И мен малма атаулары бір
ұғымды білдіреді. Біреу малма сапсиды салып иін (Абай). Жидіту – жас
теріні бүктеп жылы жерге екі-үш күн қою арқылы жүнін түсіру, т.б. Кермекке
салу – иден шыққан теріні арнайы жасалған тұнбаға салу, сол арқылы оған
қызғылт өң беру. Кермек аталатын тұнбаны емен не талдың қабығын, қарағанның
түбін кептіріп, ұнтақтап түйіп, қазанға тұзын татыта су құйып, қабық
ұнтақты салып қайнатып әзірлейді, кейде оған жусанның, ерменнің бүрін
қосады. Ыстау – жүні қырқылған теріні ағаштың түтініне ұстау, ыс сіңіру
(тері ыстау үшін тек қайың мен тобылғы пайдаланылады, өйткені май қарағай,
қи, тезек секілді отындардың майы сіңген сабаның қымызынан жағымсыз, қышқыл
дәм шығып тұрады; сондықтан илеу мен ыстауға айрықша мән беріледі). Шелдеу
– терінің майын, шелін алып тазарту, жұмсарту ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қолөнер атауларының семантикасы
АНТРОПОЦЕНТРИКАЛЫҚ МАҚАЛ - МӘТЕЛДЕРДЕГІ ӘЙЕЛ БЕЙНЕСІ
Қазақ тіл білімінде этнолингвистиканы зерттеудің ғылыми негіздері мен басты қағидалары
Лингвомәдениет
Қазақ қолөнеріне байланысты фразеологизмдердің этномәдени аспектісі
Ұлттық әшекей бұйымдардың тілдегі көрінісі
Асыл тас атауларының этимологиясы
Қазіргі қазақ тілінің жаңа бағыттары негізіндегі лингвомәдениеттану мәселесінің зерттелуі
Халықтық наным-сенімдердің этнолингвистикалық сипаты
І. Есенберлин шығармаларындағы туынды бірліктер және олардың жасалу жолдары
Пәндер