Ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырудың құқықтық және әлеуметтік салдары



М А З М Ұ Н Ы
Кіріспе

Тарау І. Бас бостандығынан айыру жазасының құқықтық табиғаты оның тағайындалуы мен атқарылуының өзіндік ерекшеліктері
1. 1. Қылмыстық жаза ұғымы және бас бостандығынан айыру жазасының тағайындалуының құқықтық негіздері
1. 2. Бас бостандығынан айыру жазасының атқарылуының ерекшеліктері мен заңнамалық негіздері

Тарау ІІ. Ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырудың құқықтық және әлеуметтік салдары
2. 1. Ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырудың түсінігі
2. 2. Ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырудың құқықтық және әлеуметтік салдары

М А З М Ұ Н Ы

Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... ... .

Тарау І. Бас бостандығынан айыру жазасының құқықтық табиғаты оның
тағайындалуы мен атқарылуының өзіндік ерекшеліктері ... ... ... ... ... .. .

1. 1. Қылмыстық жаза ұғымы және бас бостандығынан айыру жазасының
тағайындалуының құқықтық
негіздері ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... .
1. 2. Бас бостандығынан айыру жазасының атқарылуының ерекшеліктері мен
заңнамалық
негіздері ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ...

Тарау ІІ. Ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырудың құқықтық және
әлеуметтік
салдары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
... ... ... ... ... ... ... .

2. 1. Ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырудың
түсінігі ... ... ... ... ..
2. 2. Ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айырудың құқықтық және
әлеуметтік
салдары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
... ... ... ... ... ..

К І Р І С П Е

Қоғам өмірінің және соған сәйкестікте құқық ғылымының одан әрі дамуы
көптеген құбылыстарға деген біздің көзқарастарымыздың өзгеруіне алып
келеді. Солардың қатарында жазалау қылмыстылықпен күрестегі бірден бір
тәсіл деген ұғым да қазіргі күн тұрғысынан алғанда жеткілікті дәрежеде
негізді болып табылмайды. Кез келген өркениетті қоғамда жазалау
қылмыстылықпен күрестегі қажетті, бірақ ең басты құрал болып табылмайды -
деп атап көрсеткен Е. Қайыржановтың пікіріне толықтай қосылу керек [118,
185.].
Өкінішке орай Қазақстандағы сот тәжірибесі ұзақ жылдар бойына
бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қолдануды негізгі бағыт ретінде
ұстанып келгендігі рас. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның алға
қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі тиімділігінің әлі де болса жеткіліксіз
екендігі анық. Осы ретте қоғам өмірінде басқадай мәселелер пайда болады,
атап айтқанда, тәрбиелік ықпал ету шараларының кез келген нысанына қарсылық
білдіретін, қылмыстық сипаттағы жүріс-тұрысты өзінің өмір салты ретінде
ұстанатын адамдар санаты қалыптасады және де олар қоғам үшін қауіпті болып
табылады.
Мамандардың көпшілігі бас бостандығынан айыру жазасына
тиімділіктен гөрі мәжүбірлі құбылыс ретінде көзқарас білдіреді [119, 25-
27.].
Осы тұрғыдан алғанда ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айыру
түріндегі жазаның тиімділігінің мәселесі пайда болады. Жазаның
тиімділігінің негізіне оның жалпы және жеке сақтандырушылық ықпалдары мен
оның сотталғандарды түзеу және тәрбиелеу құралдары ретіндегі мүмкіндігін
жатқызуға болады [120, 59.].
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыстар және Астана қаласы
бойынша басқармаларының тергеу изоляторлары және арнайы есепке алу саласы
бойынша қызметінің 2007 жылғы 9 айына жасалған шолуы бойынша біздің
елімізде 75 түзеу мекемесі және 18 тергеу изоляторы жұмыс істеген. 2007
жылдың 01 қазанындағы есеп бойынша түзеу мекемелерінде 47082 сотталған
жазасын өтеген, оның ішінде жалпы режимда – 16580; қатаң режимде – 18336;
ерекше режимде – 3274; қоныс колониясында – 3857; емдеу мекемесінде – 4423;
тәрбие колониясында – 427; түрмеде – 185 адам ұсталған. Тергеу изоляторында
7702 тұлға қамауда болған. Әртүрлі режимдердегі түзеу мекемелерінде
ұсталған 47082 адамның 955-нің жеке басын куәландыратын құжаты болмаған,
оның ішінде 500-і шетел азаматтары, 111-і азаматтығы жоқ адамдар болған.
Маңғыстау облысының аумағында орналасқан түзеу мекемелерінде аталған мерзім
ішінде барлығы 2391 адам адам ұсталған. Оның ішінде ГМ -1728 ( қоныс
колониясы) 251; ГМ – 1721 (қатаң режим) 1650; ГМ – 17210 (туберкулезден
емдеу мекемесі) 632; тергеу изоляторында – 109 адам ұсталған. Берілген
деректерге қарағанда республикамыздың бас бостандығынан айыру орындарында
жазасын өтеп жүргендердің жалпы санының 38% қатаң режимдегі түзеу
колонияларындағылар құрайтындығы анық байқалады. Маңғыстау облысына қатысты
айтар болсақ, барлық 2391 адамның 1650-і, яғни 68% қатаң режимдегі түзеу
колониясында жазасын өтеп жатқандар болып табылады.
Соңғы жылдардағы мәліметтерге көз жүгірте отырып еліміздегі
криминогендік жағдайдың біршама тұрақтанғандығын анық байқауға болатындай.
Дей тұрғанмен қылмыстылықтың құрылымындағы, қарқындылығындағы жағымсыз
өзгерістерге байланысты жалпы жағдай әзірге өте күрделі күйінде қалып отыр.
Сонымен бірге еліміздің әртүрлі аймақтарындағы қылмыстылықтың деңгейі де
әркелкі болып табылады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін тағы да статистикалық
мәліметтерге жүгінейік. Мәселен, еліміз бойынша 2007 жылы 2006 жылмен
салыстырғанда қылмыстың жалпы саны 9,3%-ға төмендегенімен аса ауыр
қылмыстар саны 2007 жылы 28-ге артып, яғни 0,7% өсім берген.
Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу комитетінің Маңғыстау
облысы бойынша басқармасының ақпараттық-статистикалық материалдарында
жарияланған деректерге қарағанда Маңғыстау облысы бойынша 2001 жылы 3011
қылмыс, 2002 жылы 2664 қылмыс, 2003 жылы 2374 қылмыс, 2004 жылы 2926
қылмыс, 2005 жылы 2842 қылмыс, 2006 жылы 3071 қылмыс, 2007 жылы 2749
тіркелгендігін байқауға болады. Маңғыстау облысы бойынша қылмыстылық
деңгейінің бес жыл ішінде, яғни 2001-2004 жылдар аралығында төмендегендігі
байқалғандығымен бұл көрсеткіш 2004 жылдан бастап қылмыс деңгейінің
өскендігін анық көрсетеді. Қылмыстардың ашылу көрсеткіші 2001 жылы 79,9%,
2002 жылы 80,2%, 2003 жылы 80,2%, 2004 жылы 77,9%, 2005 жылы 75,6%, 2006
жылы 63,9%, құраған. Осы мерзім аралығында Маңғыстау облысында тіркелген
ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны 10,41%, артқан немесе 2005 жылы ондай
қылмыстардың жалпы саны 663-ті құраса ол көрсеткіш 2006 жылы 732-ні құраған
және олардың 202-сі оның ішінде 4 қасақаналықпен адам өлтіру оқиғасы
ашылмай қалған. Тіркелген қылмыстардың жалпы санының қатарында ауыр және
аса ауыр қылмыстар 23,8%,-ды құраған. Бір қарағанда Маңғыстау облысында
2007 жылы 2006 жылмен салыстырғандағыдан 322 қылмыс оқиғасы кем тіркеліп,
яғни қылмыстылық жалпы алғанда 10,7%-ға төмендегенімен аса ауыр
қылмыстардың тіркелуі 18-ге артып, яғни 20,2% -ға өскен [2, 5.].
Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының жанындағы Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми сайтында жарияланған
мәліметтерге қарағанда еліміздің батыс өңіріндегі қылмыстылықтың көрсеткіші
жалпы алғанда төмендегідей болып отыр.
Атырау облысында 2006 жылы 3650, 2007 жылы 3634 қылмыс оқиғасы
тіркелген, яғни 0,4% төмендеген, Ақтөбе облысында 2006 жылы 6516
қылмыс оқиғасы тіркелген болса, 2007 жылы 5814 қылмыс тіркеліп қылмыстың
жалпы деңгейі аталған облыста 10,7%-ға төмендеген, Батыс Қазақстан
облысында 2006 жылы 5596 қылмыс тіркелген болса, 2007 жылы 5333 қылмыс
тіркеліп қылмыстың жалпы саны мұнда 4,7%-ға төмендеген. Елміздің батыс
өңіріне қарасты барлық облыстарда қылмыстың жалпы саны азайғанымен аталған
облыстардың барлығында да аса ауыр қылмыстардың саны 2007 жылы 2006 жылмен
салыстырғанда өсіп кеткен, бұл көрсеткіш Маңғыстау облысында 20,2%-ды,
Атырау облысында 77%-ды, Ақтөбе облысында 11,3%, Батыс Қазақстан облысында
16,4%-ды құраған. Егер аса ауыр қылмыстардың қоғам үшін қауіптілігінің тым
жоғары болатындығын ескерер болсақ жағдайдың әліде болса өте күрделі
күйінде қалып отырғандығының куәсі боламыз.
Егер адамды бас бостандығынан айыру жазасына тарту жағымсыз және
кейбір жағдайларда тым қолайсыз салдарға ұрындыратын болса жазаның аталған
түрін қолданудың жалпы тиімділігі қандай деген сұрақ туындайды. Бас
бостандығынан айыру жазасының көмегімен түзеу және тәрбиелеу мүмкін бе?
Адамның сотталғанға дейінгі өмір жағдайлары мен жазасын өтеу барысындағы,
яғни қоғамнан оқшаулану жағдайындағы қайшылықтар адамға қаншалықты әсер
етеді [57, 94-99.]. Сотталғандар үшін бұл қайшылықтар үш фактордан өзінің
көрінісін табады: 1) қоғамның моральдық жазғыруына ұшыраған және
қауіпсіздіктің арнайы шараларын қолдануды қажет ететін адамдар
топтастырылған арнайы мекемелерде ұсталу; 2) өмір үшін аса қажеттілерін
қоса есептегендегі өздерінің қажеттіліктерін өтеу мүмкіндігінің шектелуі ол
өз кезегінде тыйым салуларға қарамастан оларды қанағаттандыруға
тырысушылықты туындатады; 3) теңгермешілік негіздерде бастауыш әлеуметтік
топтарға кірігу соның салдарынан өзінің жеке басының қасиеттеріне
сәйкестікте ол топтарда өзінің орынын табуға тырысушылық.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға тән болатын үрей,
қорқыныш, күйгелектік, өшігушілік, секемшілдік сезімдерін аталған
факторлардың әсеріне деген тікелей реакция қарастыру керек. Осындай жай-күй
әлдеқандай себептермен қоғамнан оқшауланған, өздерінің қажеттіліктерін
қанағаттандыруда айтақаларлықтай шектеулерді бастан кешіретін тұлғаларға
(зерттеушілер, саяхатшылар, апат жағдайына тап болғандар) тән болады [121,
18-29.]. Қылмыстық жаза өзінің болмысы бойынша қайшылықты болып табылады.
Жалпы алғанда жағымды алайда қылмыстылықпен күрес өрісіндегі қоғамдық
қатынастарды реттеудің өткір құралы бола отырып ол әлеуметтік және
әлеуметтік-психологиялық мәністегі белгілі бір жағымсыз салдарды да пайда
қылады. Аталған салдар бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қолдану
барысында өзінің айқын көрінісін табады [55, 45.]. Олар сотталған адамның
жеке басына ықпал ету күші бойынша жазаның мазмұнын құрайтын негізгі
жазалаушы және түзету-тәрбиелеуші шаралардан асып түседі. [56, 79.].

Тарау І. Бас бостандығынан айыру жазасының құқықтық табиғаты оның
тағайындалуы мен атқарылуының өзіндік ерекшеліктері

1. 1. Қылмыстық жаза ұғымы және бас бостандығынан айыру жазасының
тағайындалуының құқықтық негіздері

Қоғамдағы қылмыстың алдын алудағы әралуан жүйелердің арасында шешуші
рол, әлеуметтік – экономикалық, ұйымдастырушылық пен басқару, идеологиялық,
құқықтық және мәдени – тәрбиелеушілік сипаттағы шараларға беріледі. Алайда
қылмыстық заң бұзылған кезде, яғни жасалған қылмыспен күресте жаза, қоғамды
қылмыстық қол сұғушылықтан қорғаудың қажетті құралы ретінде сақталып
қалады.
Қылмыстық жазаның қылмыскердің жеке басына әсер етудің құралдарының
бірі ретіндегі оның көзқарастары, сенімдері, тәлімдері мен дағдыларын
өзгеріске ұшыратудағы объективтік мүмкіндіктерінің және жазаны өтеу
барысындағы түзету мен тәрбиелеудің шектері мәселелерін зерттеудің үлкен
теориялық және практикалық маңызы бар. Жазаның атқарылуын жүзеге асырушы
органдардың қызметінің тиімділігінің негіздері мен көрсеткіштері, шартты-
мерзімінен бұрын босатуды қолданудың негіздемесі және жазаның әртүрлі ең
алдымен бас бостандығынан айыру мерзімдерінің оңтайлылығы сияқты аса
күрделі теориялық және практикалық мәселелер кешенінің шешілуі аталған
тақырыптың қаншалықты терең зерттелуіне негізделеді.
Қазіргі замандағы жазаға байланысты қылмыстық саясат екі негізгі
бағытта жүргізіледі. Бірінше – қатаң жазаның сақталуы және қажет болған
жағдайда оларды қылмыскер рецидивистерге және ауыр қылмыстарға кінәлі
адамдарға қатысты күшейту. Екінші бағыт – қоғамдық қауіптілігі төмен немесе
онша ауыр емес қылмыстарды бірінші рет жасауда кінәлі адамдарға қатысты
жазаны жеңілдету немесе жазаны, ондай адамдарға ықпал етудің өзге
шараларымен ауыстыру.
Жаза – бұл қылмыстық заңмен қарастырылған, қылмыс жасаған адамға
соттық айыптау үкімі арқылы қолданылатын жазаға тартылған адамның
құқықтарын және бостандықтарын шектеуден тұратын мемлекеттік мәжбүрлеу
шарасы. Жаза әрдайым мәжбүрлеу шарасы болып табылады.
Кез-келген қылмыстық жазаның өзіндік жапа шектіру ерекшеліктері де осыдан
көрініс табады. Сотталған қылмыскердің жеке басының еңбек және мүліктік
құқықтарын шектеуден жазаның жапа шектірушілік қасиеттерін байқауға болады.
Сотталған адамдарды түзету және тәрбиелеудің мүмкіндіктері мен
шектері туралы мәселе тек құқықтық ғана емес сонымен қатар ол
криминологиялық, психологиялық, педагогикалық болып табылады. Сондықтан
берілген мәселені терең зерттеу қылмыстық және қылмыстық-атқару құқықтары,
криминология, психология және педагогика сияқты ғылымдардың тұтастай
кешенінің мәліметтері негізінде ғана жүзеге аса алады.
Қылмыстық жаза мемлекеттік мәжбүрлеудің ерекше нысаны ретінде
сотталған адамдардың түзелуіне, сотталған адамдардың және басқа да
тұлғалардың жаңадан қылмыс жасауының алдын алуға қызмет жасауы тиіс.
Басқаша айтқанда жаңадан немесе қайталап жасалатын қылмыстардың алдын алу
жазаның негізгі әлеуметтік қызметі болып табылады [7, 55.]. Қазақстан
Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары мен міндеттері
ретінде әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу,
сотталғандардың да, өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасауының алдын алу
осы мақсаттарға сәйкес жазаларды өтеудің тәртібі мен жағдайларын реттеу,
сотталғандарды түзеу құралдарын анықтау, олардың құқықтарын, бостандығы мен
заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік бейімделуге көмек көрсету бекітілген
[8, 3.].
Жаза – мемлекеттік ықпал ету шарасы. Аталған принцип оның тек
қылмыстық заңда бекілетіндігін білдіреді. Жазаның қылмыстық заңда ғана
қарастырылатындығы қылмыстық-құқылық нормалардың санкциясында жүзеге
асырылады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық кодексінде
негізінен санкцияның екі түрі көрсетілген. Олар салыстырмалы – айқындалған
және баламалы санкциялар болып табылады. Салыстармалы – айқындалған санкция
жазаның мөлшерін белгілі бір шектен шықпайтындай етіп белгілейді. Кейбір
реттерде қылмыстық-құқылық нормада жазаның ең жоғарғы шегі ғана
көрсетіледі. Аталған жағдайда жазаның төменгі шегі қылмыстық құқықтың жалпы
бөлімдерінің ережелеріне сәйкес: бас бостандығынан айыру үшін – 6 ай, түзеу
жұмысы үшін – 2 ай мерзім деп есептелуі тиіс. Көп жағдайларда қылмыстық заң
нормаларында жазаның төменгі және жоғарғы шегі көрсетіледі. Санкцияның
мұндай түрі қатысушылықпен жасалған қылмыстар бойынша жаза тағайындау
барысында әрбір қатысушының қылмысқа қатысудағы ролін, олардың жеке
бастарының ерекшеліктерін ескере отырып әрбір жасалған қылмыстардың мән-
жайларына қатысты жазаны даралап тағайындауға зор мүмкіндік береді. Балама
санкция Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті баптарындағы жазаның
екі немесе оданда көп түрінің біреуін таңдап алып қолдануға мүмкіндік
береді. Адамның (азаматтың) құқықтары мен бостандықтарын тегіне,
әлеуметтік, лауазымдық немесе мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі,
дінге қөзқарасына, сенімі, тұрғылықты жері, қоғамдық бірлестіктерге
қатыстылығына себептермен немесе өзге кез келген жағдайлар бойынша тікелей
немесе жанама шектеу – екі жүзден бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі
мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі
жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға не үш айға дейінгі
мерзімге қамауға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға
жазаланады. (141-бап, 1-бөлігі). Балама санкциялар сотқа кінәлі адамға
бірнеше жазалардың ең әділін, тиімдісін таңдап алуға жол береді.
Қылмыстық жаза тек сотпен және айыптау үкімі арқылы тағайындалады.
Ешқандай басқа мемлекеттік органның, қоғамдық ұйымдардың қылмыстық жазаны
қолдануға құқығы жоқ. Бұл қылмыстық жазалау саясатының конституцияда
бекітілген принципі болып табылады. Конституцияның 77 бабының 3 бөлігінің 1
бөлімшесінде: адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен
танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелінеді – деп
бекітілген.4 Бұдан шығатын қортынды егер адамның белгілі бір қылмысқа
кінәлілігі сотта дәлелденбесе ол адамға қылмыстық жазаны қолдануға ешқандай
негіз болмайды. Сонымен қатар конституцияның 76-бабында сот шешімдерінің
үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті
күші болатындығы бекітілген. Қылмыстық жазаны анықтау мен қолданудың
негіздемесі, тек қылмыс болып табылады. Құқықтың басқа салаларында тиісінше
өзге негіздемлер әкімшілік құқық бұзушылық, тәртіптік теріс қылық,
азаматтық-құқықтық деликтер болуы мүмкін.
Қылмыстық жазалардың жүйесі тұтастай алғанда және әрбір жекелеген
түрі өзінің қаталдығы бойынша құқықтық жауапкершіліктің басқа түрлерімен
салыстарғанда репрессивтік мәніске ие болады. Олар сотталғандардың құқықтық
шектелуінің көлемі бойынша және мемлекет атынан шығарылатын соттың айыптау
үкімінде жазаны тағайындау фактісінде көрсетілетін моралдық – саяси
айыптаушылығы бойынша да қаталырақ болады. Сонымен қатар кез-келген
қылмыстық жаза сотталғандық атағына ие қылады.
Жаза жүйесі (қылмыстық) құқықтың өзге салаларындағы құқықтық
жауаптылық түрлері жүйесімен салыстырғанда кеңірек және бас бостандығынан
айыру сияқты жазаның кейбір түрлері тек қылмыстық құқыққа ғана тән болады.
Қылмыстық жаза қылмыскерді, оған тиісті белгілі бір игіліктерден айырады
және қылмыскер мен оның іс-әрекетінің мемлекетпен теріс бағалануын
білдіреді. Қылмыстық жаза ол қолданылған тұлғаға сөзсіз жапа шектірді.
Жазаның нақ осы қасиеті оның қажетті белгісі болып табылып оны жаза ретінде
нақтылайды. Жапа шектіру, жаза арқылы қылмыскерлерді қорқыту үшін және
қоғамға қауіпті, тұрақсыз элементтерге әсер етуге қажет. Алайда жапа
шектіруді, қылмыстық жазаны қолданудың бірден-бір мақсаты ретінде
түсінбеуіміз керек.
Жазаның жапа шектіруі нәтижесінде ол объективті түрде және сөзсіз
қылмыскерге және айналасындағы адамдарға психикалық ықпал етеді, жалпы және
арнайы привентивті яғни, алдын-алу ықпалын тигізеді. Себебі, қылмыскерде,
өзге тұлғаларда жаза арқылы жапа шегуге ұшырағысы келмейді. Әрине,
қылмыстық жазаның белгілі бір тұлғаға қолданылуы ол адамның одан кейін
ешқандай қылмыс жасамауына кепілдік әсте бермейді. Дегенменде жазалардың
қандай жүйесі қабылданып, олар қалай қолданылса да жаза әрқашан алдын
алушылық ықпалын тигізген және тигізеді. Себебі қоғам мүшелерінің белгілі
бір көпшілігі қылмыстық жазалаудан қорыққандықтан қылмыс жасаудан бас
тартады.
Қылмыстың алдын алу үшін мемлекетпен алынатын шаралар шеңбері тек
жазалау шараларымен салыстырғанда әлдеқайда кең. Олардың арасында жаза
сипатына ие болмайтын мәжбүрлеу шаралары бар (медициналық, тәрбиелік).
Мәжбүрлеу шаралары болып табылмайтын қылмыстың әлеуметтік себептерімен
күрес шаралары. Мысалы, салауатты өмір салтын насихаттау, маскүнемдікпен,
нашақорлықпен күресу саясатын жүзеге асыру т.б. Қоғаммен қолданылатын
қылмыстылықпен күрес шаралары кей реттерде мәжбүрлеу шаралары бола отырып
ешқашан да жазалау шаралары болып табылмайды.
Егерде қылмыстың жасалауының алдын алу үшін қолданылатын мемлекеттік
мәжбүрлеу шаралары жапа шектірмейтін болса ол жазалау шарасы болып
табылмайды, ол тәрбиелеу сипатындағы немесе қауіпсіздік шарасы болуы
мүмкін. Атап айтқанда олардың қатарына қоғамдық қауіпті іс-әрекеттерді
жасаған кәмелетке толмағандарға қарсы қолданылатын тәрбиелеу шараларын
жатқызуға болады. Егер мәжбүрлеу шарасында теріс баға беру болса және ол
қоғамдық қауіпті іс-әрекеттердің алдын алу мақсатын көздесе, бірақ міндетті
түрде жапа шектіруі тиіс деген ұғым қалыптаспуы керек. Егер мәжбүрлеу
шарасында теріс бағалау элементі болмаса ол да жазалау шарасы болып
табылмайды. Ондай шаралар қатарына есі дұрыс еместерге қолданылатын
медициналық мәжбүрлеу шараларын жатқызамыз.
Мемлекетпен қолданылатын мәжбүрлеу шаралары қоғамға қауіпті іс-
әрекеттер үшін қолданыла отырып келесі талаптарға жауап бергенде ғана
жазалау шаралары болып табылады: 1) кінәліге жапа шектіреді; 2) кінәліге
және оның іс-әрекетіне мемлекет атынан теріс баға беріледі; 3) кінәлі
адамның және басқа тұлғалардың болашақта қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді
жасауының алдын алу мақсатын көздейді.5
Яғни жапа шектіру мен тәрбиелеу жазаның мазмұны болып табылады. Тек
аталған екі элементтің болуы барысында ғана біз жаза туралы айта аламыз.
Егер жапа шектіру тәрбиелеумен толықтырылмаса немесе егер тәрбиелеу жапа
шектірусіз қолданылатын болса онда аталған жағдайдың екеуінде де жаза
болмайды. Жаза өзінің мазмұны бойынша жапа шектіру бола отырып ол қорқытуды
туындатады, себебі жапа шектіру элементіне ие болғандықтан адамды
бірнәрседен айыруға ұшыратады. Сонымен бірге жаза тәрбиелеу бола отырып көз
жеткізуді туындатады ол жазаның нәтижесінде адамның жүріс-тұрысының белгілі
бір түріне және қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасаған тұлғаға теріс баға
берілуі арқылы пайда болады.
Егер жазаны қолдану барысында оның тәрбиелік мәні жоғалатын болса
онда одан тек қорқыту ғана қалады. Жапа шектіру тек өздігінен енді жаза
болып табыла алмайды себебі ол жазаның қоғам алдында тұрған, басқаша
айтқанда оған қоғам сенім білдіретін міндеттерді атқару қабілеті жоғалады.
Сондықтан жазаны қолдану заңды және ізгілікті болуы тиіс.
Енді қылмыстық жазаның құқық қолданудың ерекше формасы ретіндегі
теоретикалық мәселелеріне тоқталайық. Құқықтың әлеуметтік мәнісі адамдардың
жүріс-тұрысын реттеуден көрінетіні белгілі. Алайда мемлекетпен бектілген
құқықтық нормалар өзінің реттеуші ролін оларды жүзеге асырудың күрделі
механизмінсіз атқара алмайды.
Құқық нормалар әртүрлі нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін. Олар
негізінен бірқатар мән-жайлармен себептеледі: а) құқықпен реттелетін
қоғамдық қатынастардың мазмұны және сипатының әр алуан болуы: б) адамдардың
жүріс-тұрысына құқықтың ықпал ету құралдарының әртүрлі болуы: в) құқық
нормасы мазмұнының өзіндік ерекшелігі: г) әлдеқандай субъектінің құқықтық
реттеудің жалпы жүйесіндегі алатын орны, оның заңи ережелерге көзқарасы: д)
құқыққа сай жүріс-тұрыстың сыртқы көрінісінің нысаны.6
Субъектілердің іс-әрекеттерінің, олардың белсенділік деңгейі мен
бағытталулары бойынша құқықты сақтау, орындау, пайдалану және қолдануды
бөліп көрсетуге болады.
Жоғарыда аталғандардың алғашқы үшеуі олардың барысында заң нормалары
қоғамдық қатынастар субъектілерінің әрекеттерімен тікелей жүзеге
асырылғандықтан құқықты тікелей жүзеге асыру нысандары деп аталады. Құқық
қолдану, оны жүзеге асырудың ерекше нысаны ретінде оқшауланады. Құқық
қолдану дегеніміз құқықты жүзеге асыруға бағытталған мемлекет қызметінің
бір нысаны болып табылады. Мемлекет өзінің қызметінде екі негізгі
функцияларды жүзеге асырады: құқықтық нормалар ережелерінің орындалуын
ұйымдастыру, дербес актілер көмегімен позитивті (дұрыс) реттеу; б) құқықты
бұзылудан сақтау және қорғау. Құқық қолдану жүзеге асырудың ерекше формасы
ретінде орындау, сақтау және пайдаланудан бірқатар сипаттық белгілерімен
ажыратылады.
Біріншіден құқық қолдану мемлекеттің ұйымдастырушы биліктік қызметі,
ол арқылы қоғамдық қатынастардың әртүрлі субъектілерінің арасындағы өзара
қатынастарға ұйымдасқан негіздерді қалыптастыру жолымен қоғамдық өмірді
тәртіпке келтіру, белгілі бір мәселелерді шешу құзіретті органдардың қолына
топтастырылады.
Аталған қызмет өмірдегі жағдайларды шешудің ерекше амалдарымен
байланысты болғандықтан кәсіби білімді, тәлімді талап етеді. Осыларды
ескере отырып мемлекет арнайы субъектілерді бекітіп, оларды осындай
қызметті жүзеге асыру үшін биліктік өкілеттіктерге ие қылады. Олардың
қатарына сот, прокуратура, полиция сияқты органдарды жатқызуға болады.
Құқық қолданудың мақсаты – құқық қолданушылардың жеке басының
қажеттіліктерін және тек құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырушы
тұлғалардың қажеттіліктерін емес, бүкіл қоғамның қажеттіліктерін және
мүдделерін қанағаттандыру болып табылады.
Екіншіден, құқық қолдану арнайы әдебиетте құқық-қолданушылық
қатынастар деген атауға ие болған, нақты құқықтық қатынастар шеңберінде
жүзеге асырылады.
Құқық қолдану субъектісі – Мемлекет арқылы тиісті құзіреттерге ие
болған құқық қолданушылық қатынастарының белсенді қатысушысы, оған құқық
қолдану актісінің көмегі арқылы нақты өмірдегі жағдайларды шешу бағытында
негізгі рөл беріледі.
Үшіншіден, құқық қолдану қызметі ерекше, процессуалдық заңмен
бекітілген нысанада жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы құқық
тәртібі мен заңдылықты нығайтуға, жеке адамдардың мүдделерін қорғауды
қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді.
Қылмыс жасаған тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту барысында
құқық қолдану процессі барынша күрделі болып табылады. Жалпы айтқанда құқық
қолдану процессі үш негізгі сатыдан тұрады: а) істің оқиғалық негізін
анықтау; б) істің заңи негізін анықтау; в) іс бойынша шешім қабылдау.
Нақты іс бойынша құзіретті органдардың шешімі бекітілетін құқық
қолдану актісі, құқық қолдану қызметінің ресми нысаны және қортындысы болып
табылады.
Ендеше соттың айыптау үкімі арқылы бекітілетін, тағайындалатын
қылмыстық жаза да құқық қолдану қызметінің бір түрі және ол осыған
құзіретті бірден-бір мемлекеттік орган сот арқылы жүзеге асырылады.
Жоғарыда айтылғандардан қылмыстық жазаның негізгі белгілерін анықтап
оның ұғымын тұжырымдауға болады.
Біріншіден, қылмыстық жаза – мемлекеттік күштеу шарасы ретінде
қылмыстық заңмен ғана белгіленеді.
Екіншіден, мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретіндегі қылмыстық жазаны
мемлекет атынан тек қана сот тағайындайды.
Үшіншіден, заңда көрсетілген тәртіппен сотталған адамды жазадан
босату, сондай-ақ тағайындалған жазаны жеңілдету де сот арқылы жүзеге
асырылады.
Төртіншіден, қылмыстық жаза жария түрде ашықтан-ашық тағайындалады.
Қылмыстық жаза кінәлі адамға мемлекет атынан белгіленеді, жеке немесе
лауазымды адамдар сот тағайындаған жазадан ешкімдіде босата алмайды, заңды
күшіне енген сот үкімі мемлекеттік, жеке кәсіпорын, ұйым, мекеме, лауазымды
және жай адамдардың орындауы үшін Республика аумағында міндетті болып
табылады.
Бесіншіден, Мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары ретінде қылмыстық жаза
қылмыстық заңда көрсетілген нақты қылмысты жасаған кінәлі адамға қолданылуы
мүмкін. Жоғарыда айтылған теориялық тұжырымдарды нақтылайтын болсақ,сот
үкімі арқылы қоғамға қауіпті қолсұгушылық жасаған адамды қылмыстық жазаға
тарту мемлекеттің, атап айтқанда оның ерекше органы соттың заңи құзіретімен
жүзеге асырылатын құқық қолдану қызметі болып табылады. Қылмыстық жазаның
тек сот арқылы, мемлекет атынан қолданылуы оның қоғам өміріндегі
маңыздылығын көрсетеді.
Соттардың құқыққолданушылық қызметі негізінен алғанда, қылмыс жасаған
адамдарға үкім шығару нысанында жазалау шараларының нақты түрін тағайындау
арқылы жүзеге асырылады. Сот жасалған қылмыстың сипатын және оны жасаған
тұлғаның қоғамдық қауіптілік дәрежесін толық ескеретін, барынша
дербестендірілген жазаны таңдап алуы үшін қылмыстық заңнамада өздерінің
мазмұны ажыратылатын, әсер ету сипаты, шарттары, шектері мен қолданылу
тәртібі бойынша әртүрлі болып табылатын жаза түрлері қарастырылған.
Жазалардың түрлерінің тізбесі заңмен бекітілген. Сот сотталған адамға
тек қылмыстық заңмен тікелей қарастырылған жазаны ғана қолдана алады. Бұл
заңдылықтың сақталуын және қылмыстылықпен күрестегі жазалау саясатының
бірлігін қамтамасыз етеді.
Жазаның жүйелері деп қолданылып жүрген қылмыстық заңда белгіленген,
соттар үшін міндетті және тұжырымды, ауырлығына қарай белгілі тәртіппен
орналасқан жазаның түрлерін айтамыз.7
Сотталған адамға ықпал ету сипаттары жазаның түрлерін төмендегідей
топтарға бөлуге болады:
1. Сотталған адамға моральдық жағынан әсер ететін жаза түрлері.
Олардың қатарына қоғамдық жұмыстарға тарту, арнаулы, әскери немесе
құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен,
біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру.
2. Сотталған адамның құқығына шек қоюмен байланысты жаза түрлері:
белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен шұғылдану
құқығынан айыру, әскери қызмет бойынша шектеу.
3. Сотталған адамды материалдық жағынан айыруға байланысты жазалар:
түзеу жұмыстары, айыппұл, мүлікті тәркілеу;
4. Сотталған адамның құқығынан немесе бас бостандығынан айыруға
байланысты жаза түрлері: өлім жазасы, бас бостандығынан айыру,
қамау, тәртіптік әскери бөлімде ұстау.
Әрекет ететін қылмыстық заңда қарастырылған барлық жазаларды
төмендегідей етіп бөлуге болады: негізгі және қосымша, жалпы және арнайы,
мерзімді және мерзіммен байланысты емес, еңбекпен түзету арқылы әсер етумен
байланысты және олармен байланысты емес. Жаза түрлерін аталған топтар
бойынша сыныптау негізіне әртүрлі негіздемелер жатқызылады. Мысалы, бір
тұлғаға оның жасаған қылмысы үшін бірнеше жазаның біріктірілуі барысында
негізгі және қосымша жазалар бөлініп көрсетіледі.
Негізгі жазалар дегеніміз басқа жазалармен біріктірілмей дербес
тағайындалатын жазалар болып табылады. Негізгі жазалардан айырмашылығы
қосымша жазалар көмекші сипатқа ие болады. Олар жазаны барынша
дербестендіруге олардың тәрбиелік тиімділігін арттыруға ақыр аяғында
олардың мақсатына қол жеткізудің сенімділігін қамтамасыз етуге қызмет
атқарады. Қосымша жазалар дербес түрде тағайындалмайды тек негізгі
жазаларға қосылып тағайындалады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық
кодексі бойныша қылмыс жасады деп танылған адамдарға мынадай негізгі
жазалар: айыппұл салу; белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір
қызметпен айналысу құқығынан айыру; қоғамдық жұмыстарға тарту; түзеу
жұмыстары; әскери қызмет бойынша шектеу; бас бостандығын шектеу; қамау;
тәртіптік әскери бөлімде ұстау; бас бостандығынан айыру; өлім жазасы
қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар сотталғандарға негізгі жазалардан басқа
мынадай қосымша жазалар: арнаулы, әскери немесе құрметті дәрежесінен,
біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру: мүлкін тәркілеу
қолданылуы мүмкін. Заңда бекітілген талаптар бойынша айыппұл салу және
белгігі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу
құқығынан айыру жазалаудың негізгі де қосымша да түрлері ретінде қолданылуы
мүмкін.
Жазаны тағайындау кейбір шарттардың сақталуымен байланысты. Біріншіден,
негізгі жазалар бір-бірімен біріктірілген түрде тағайындала алмайды.
Екіншіден мүлкін тәркілеу және арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан
айыру түріндегі қосымша жазалар дербес түрінде тағайындала алмайды. Олар
тек негізгі жазамен біріктіріліп ғана тағайындалады.
Жалпы және арнайы жазалар жаза қолданылатын субъектінің
ерекшеліктеріне тәуелді түрде бөлінеді. Қылмыс субъектісі белгісіне ие
болатын кез-келген тұлғаға тағайындала алатын жазаларды жалпы жазалар
қатарына жатқызамыз. Субъектілердің заңмен қатаң шектелген шеңберіне ғана
қолданыла алатын жазалар арнайы жазалар деп аталады. Мысалы, тек әскери
қызметкерлерге ғана тағайындала алатын әскери қызмет бойынша шектеу,
тәртіптік әскери бөлімде ұстау жазаларын арнайы жазалар қатарына жатқызуға
болады.
Мерзімдік және белгілі бір мерзіммен байланысты емес жазалар олардың
сипаты бойынша бөлінеді. Мерзіммен байланысты жазалар қатарына соттың үкімі
бойынша анықталатын ең төменгі және жоғарғы мерзімдік шектері бар жазалар
жатады. Бас бостандығынан айыру, тәртіптік әскери бөлімде ұстау, қамау,
әскери қызмет бойынша шектеу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту
жазаларын қолдану заңда көрсетілген мерзімдермен байланысты болғандықтан
оларды мерзіммен байланысты жазалар қатарына жатқызамыз. Кейбір жазалар
өзінің сипаты бойынша оларды өтеу әлдеқандай мерзіммен байланысты болмайды.
Олардың қатарына айыппұл, арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан,
сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, биліктілік сыныбынан және
мемлекеттік наградаларынан айыру, мүлкін тәркілеуді жатқызуға болады.
Соңында жазаларды мазмұны және сипаты бойынша еңбектік-түзету әсер
етумен байланысты және олармен байланысты емес жазаларға бөлуге болады.
Олардың қатарына қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстарын жатқызамыз.

1. 2. Бас бостандығынан айыру жазасының атқарылуының ерекшеліктері мен
заңнамалық негіздері

Елімізді жүзеге асырылып жатқан қылмыстық заңнаманы ізгілендіру
саясатына сәйкес өлім жазасына моратории жарияланғандығын және өмір бойына
бас бостандығынан айыру жазасы еліміздің заңнамасында бекітілген қылмыстық
жазалар жүйесіне жазаның дербес түрі ретінде кірмейтіндігін оның тек өлім
жазасының орнына балама ретінде қолданылатындығын ескерсек жазаның қамау,
тәртіптік әскери бөлімде ұстау, бас бостандығынан айыру түрлері жазаға
тартылған адамды қоғамнан оқшаулайтын түрлері болып табылады. Қылмыстық
Кодекстің 46-бабы бойынша қамау бір айдан алты айға дейін белгіленетін
болса, ал 47-баптың талаптары бойынша тәртіптік әскери бөлімде ұстау тек
арнайы субъектілерге қолданылатын жаза түрі болып табылады. Ендеше ҚК-тің
48-бабынла бекітілген бас бостандығынан айыру жазасы субъектілердің кең
шеңберіне қолданылатын қоғамнан оқшаулауға байланысты негізгі жаза түрі.
Бас бостандығынан айыру сотталушыны колония-қонысқа жіберу, жалпы, қатаң,
ерекше режимдегі түзеу колониясына немесе түрмеге отырғызу жолымен
оқшаулаудан тұрады (ҚК 48 бап.І бөлім). 16
Бас бостандығынан айыру жазасының атқарылуы қылмыстық жазаның ауыр
түрі ретінде Қылмыстық-атқару кодексінің нормаларымен барынша нақты
реттелген үрдіс ретінде танылады. Жазаның аталған түрінің атқарылуының
барынша тыңғылықты реттелуін бір жағынан сотталған адамдардың құқықтары мен
бостандықтарын, олардың заңды мүдделерін қорғауды барынша қамтамасыз
етудің, екінші жағынан, түзеу мекемелерінің әкімшіліктеріне жазаның
мақсаттарына тиімді түрде қол жеткізу үшін қажетті құқықтық тетіктерді
беру, аталған мекемелердің қызметінде тәртіп пен ішкі тәртіпті қамтамасыз
етудің, сотталғандардың жаңадан қылмыстар жасауының алдын алу және оларды
түзетудің қажеттіліктерімен түсіндіруге болады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 11-тарауы
шындығын айтқанда жазаның берілген түрін атқарудың тәртібі мен шарттарын
және сотталғандарға түзету құралдарын қолдануды реттейтін IV-бөлімнің
келесі тарауларына кіріспе болып табылады. Онда кінәлі деп танылған
адамдарға олар жазаларын өтеуі тиіс түзеу мекемелерінің түрін белгілеу және
соған сәйкес сотталғандардың әртүрлі санаттарының бөлек ұсталуының, жазаның
өтелу орыны, сотталғандарды жазаны өтеу орындарына жіберудің тәртібі, түзеу
мекемелеріне қабылдау мәселелері реттеледі. Бас бостандығынан айыруға
сотталған адамдар жазаны қамалғанға дейін өздері тұрған немесе өздері
сотталған облыстың Қазақстан Республикасының түзеу мекемелерінде өтейді.
Жазаны аталған аумақтың шеңберінде өтеу сотталғандардың түзелуіне тиімді
жағдай туғызуы тиіс, олардың жүріс-тұрысына отбасының, жақындарының жағымды
ықпалы тиеді, әлеуметтік тұрғыдан алғанда пайдалы қатынастарын жоғалтпауға
мүмкіндік пайда болады. Жазаның атқарылуының осындай тәртібі сотталған
адамдардың туыстарына айтарлықтай материалдық шығындарсыз кездесуге келуге,
посылкалар мен бандеролдар жіберуге, ал сотталған адамдарға демалыс алу
құқығын нақты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ол оның тұрғылықты жері бойынша сәйкес келмегенде жазаны сотталған
жері бойынша өтеу, бұл адамдарды еліміздің бір аймағынан екінші аймақтарына
тасымалдау шығынын азайтуды көздейді. Қазақстан Республикасының Әділет
министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес сотталғандар
жазаларын өтеу үшін өздерінің тұрғылықты жері бойынша тіркелген облыстардың
аумақтарында орналасқан түзеу мекемелеріне жіберіледі. Тұрақты тұрғылықты
жері жоқ адамдар өздері сотталған облыстың аумағында орналасқан түзеу
мекемелеріне жіберіледі. Сонымен бірге сотталған адамның немесе оның
туыстарының ұсынысымен және қылмыстық-атқару жүйесінің жоғарғы органдарының
келісімі бойынша сотталған адам басқа облыстың аумағында орналасқан түзеу
мекемесіне жіберілуі мүмкін. Бұл жағдайда төтенше жеке мән-жайлар (отбасы
мүшелерінің, жақындарының денсаулық жағдайы), сотталған адамның түзелуіне
жағымды жағдайларды туғызудың қажеттілігі басшылыққа алынады. Аталған
мәселені қарастыру және шешудегі бастама түзеу мекемесінің әкімшілігіне де
тиісті болуы мүмкін. Сонымен бірге осы көрсетілген жалпы ережеден
өзгешеліктер де бар. Сотталғандардың денсаулық жағдайы бойынша немесе
олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ерекше жағдайларда , сондай-ақ
олардың өздерінің келісімі бойынша олар жазаларын өтеу үшін басқа облыстың
түзеу мемкемесіне жіберілуі мүмкін. Қылмыстарды өте қауіпті қайталау
жағдайында сотталғандар, өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталғандар,
жазаны түрмеде өтеуге сотталғандар, өлімге кесу түріндегі жазасы кешрімі
жасау тәртібімен басбостандығынан айыруға ауыстырылған адамдар, сотталған
әйелдер, сотталған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ сотталған шет елдіктер
мен азаматтығы жоқ адамдар жазаны өтеу үшін тұратын жері бойынша тиісті
түзеу мекемелеріне жіберіледі. Бекітілген ережеден келесі өзгешелік
объективтік себептерге байланысты болуы мүмкін ол сотпен тағайындалған
түрдегі түзеу мекемесінің тиісті облыстың аумағында болмауы. Мәселен,
Қазақстанның кейбір облыстарында колония-қоныстар жоқ. Бұл жағдайларда
сотталған адамдар жазаларын өтеу үшін тиісті аймақтарда орналасқан
колонияларға жіберіледі. Аталған жағдай жаппай тәртіпсіздік, бағынбаушылық,
табиғи апаттар, жедел-іздестіру шаралары барысында орын алуы мүмкін. Бас
бостандығынан айыруға сотталған әйелдер, кәмелетке толмағандар, сондай-ақ
шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың осындай жаза түріне сотталғандар
арасында көп болмайтындығы белгілі. Сондықтан Қазақстанның әрбір облысының
қылмыстық-атқару жүйесінде түзеу мекемелерінің көрсетілген түрін
ұйымдастыру мүмкін бола бермейді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық – атқару кодексінің 7-бабының 2
бөлімінде сотталған адамдарды түзеудің негізгі құралдарының қатарында
жазаны атқару мен өтеудің белгіленген тәртібі, яғни режим аталып
көрсетілген. Түзеу мекемелеріндегі режим дегеніміз – сотталғандарды күзету
мен оқшаулауды қамтамсыз ететін заңда және заңға сәйкес нормативтік
құқықтық актілермен белгіленген жазаны атқару мен өтеу тәртібі; оларды
ұдайы қадағалау; өздеріне жүктелген міндеттерді атқару; олардың құқытары
мен заңды мүдделерін жүзеге асыру; сотталғандар мен қызметкерлердің
қауіпсіздігі; сотталғандардың түрлі санаттарын бөлек ұстау; сот
тағайындаған түзеу мекемесінің түріне қарау ұстаудың түрлі жағдайлары;
жазаны өтеу шарттарын өзгерту болып табылады. Сондай-ақ түзеу
мекемелеріндегі режим сотталғандарды түзетудің өзге құралдарын пайдалануға
жағдай туғызады.
Жалпы немесе қатаң режимдегі бір түзеу колониясының, сондай-ақ
тәрбиелеу колониясының шектерінде сотталғандар жазаны өтеудің дағдылы,
қатаң, жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларында болуының мүмкіндігі
заңнамада бекітілген. Ерекше режимдегі түзеу колониясында сотталғандар
жазаны өтеудің дағдылы, қатаң және жеңілдетілген жағдайларында болуы
мүмкін.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен жүргізілетін тәрбиелік
мақсаттағы және түзеу жұмыстары олардың жастық, жыныстық, жеке басының
өзіндік қасиеттерін ескере отырып жүзеге асыруды талап ететіндігін айтып
өткен дұрыс. Осы орайда бас бостандығынан айыруға бірінші рет
сотталғандардың арасында жүргізілген зерттеу жұмыстарының мәліметтеріне
назар аударар болсақ төмендегідей жағдайлардың куәсі боламыз.
Біздің елімізде жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне жүгінер болсақ
бас бостандығынан айыру жазасына бірінші тартылғандардың басым көпшілігін,
яғни 95,1% 18-49 жас аралығындағы адамдар құрайды. Бұдан бас бостандығынан
айыру жазасына салыстырмалы түрде алғанда жас адамдардың тартылатындығын
анық байқауға болады. Жалпы алғанда аталған факті бұрыннан да белгілі
болатын. Алайда санақ мәліметтеріне қарағанда сотталғандардың құрамы
жасарған сияқты. Егер 1989 жылы жас бөлінісінің салыстырмалы тығыздығының
ең жоғарғы көрсеткіші 25-29 жас шамасындағыларға тиісті болса, 1994 жылғы
санақта бұл көрсеткіш 20-24 жастағыларға тиістілікті көрсеткен. Аталған
құбылыстың себебін анықтау үшін сотталғандардың жас шамасы бойынша әртүрлі
түзету мекемелерінде орналасуына талдау жасаған дұрыс.
Сотталғандардың негізгі көпшілігін (86,4%) 20-49 жас шамасындағы
адамдар құрағанымен әртүрлі режимдердегі колониялардағы көрініс әрқилы
болып келеді. Жалпы режимдегі ер адамдарға арналған колонияларда 20-39
жастағы адамдар көпшілікті құрайды олардың үлес салмағы 78,1%
сотталғандардың орта жасы 28,6 жас болып табылады. Қатаң режимдегі
колонияларда бұл көрсеткіш бір топқа ығысып ондағы сотталғандардың басым
көпшілігін, яғни 81,4%-ын 25-49 жас шамасындағы адамдар құрап
сотталғандардың орта жасы 35,1 болып отыр. Аталған заңдылық ерекше
режимдегі түзеу колонияларында өзінің көрінісін беріп отыр. Ондағы
сотталғандардың басым көпшілігі, яғни 75,3% 30-49 жас аралығындағы адамдар
олардың орта жасы 42,9 жасты құрайды. Сотталғандардың жасы соттылықтың
санымен айқын аңғарылады [70, 20-23.].
Құқықтық мемлекетті орнықтыруға бағытталған қазіргі уақытта сотталған
адамдарды тәрбиелеу процессін ұйымдастырудың негізгі элементтері болып
өнегелік және құқықтық тәрбиелеу табылады. Адамның өнегелік позициясы оны
тіпті өмірдің аса күрделі ситуацияларында да құқыққа сай жүріс-тұрысты
ұстануға міндеттейді. Құқықтық тәрбие заңи білімді қамтамасыз ете отырып
өзінің мазмұны бойынша өнегелік тәрбиеге жақын келеді себебі, белгілі бір
өнегелік позицияларды қалыптастыруға бағытталған. Сотталған адамды түзету
мақсатына қол жеткізуге ықпал ететін еңбек, дене және басқада тәрбие
түрлері адамның өзін адал еңбекпен асырауына, өз денсаулығын күтуіне,
өзінің мәдени және білім деңгейін көтеруіне тиісті жағдайды туындатады.
Қылмыстық атқару заңнамасында сотталғандармен жүргізілетін тәрбие
жұмыстарының негізгі бағыттары анықталғанымен, оларды ұйымдастырудың
нысандары нақтыланбаған олар тәрбиелеу шараларына қатысушылардың санына
сәйкес дербес, топтық, көпшілік ретінде сыныпталған. Практикада әртүрлі
нысандардың кең шеңбері дағдыға айналып жүзеге асырылады тәрбиелік шаралар
көбінесе өзара әңгіме, диспут, кездесулер, тақырыптық кештер, қойылымдар,
викториналар, жиналыстар, лекциялар және басқада жаттығулар, жарыс,
сайыстар ұйымдастыру, бейне материалдарды қарау, хабарларды тыңдау т.б.
түрлерде жүргізіледі. Тәрбиелік жұмыстардың жекелеген нысандарын өткзіу
үшін түзету мекемелерінде клуб, зал, спорт алаңдары, спорттық құралдар,
концерттік жабдықтар, радио торабы, кітапхана мен оқу залы, діни шараларды
өткізетін, үйірмелер мен секциялардың жұмыстарын ұйымдастыруға арналған
бөлмелердің болуын талап етеді. Олар өз кезегінде көп көлемде қаржы,
материалдық-техникалық құралдарды талап ететіндігі белгілі. Қазіргі уақытта
экономикалық жағдайдың түзеле бастауына байланысты аталған мақсаттарға
үкімет тарапынан бөлінетін бюджеттік қаржының көлемі арта түсуде. Сонымен
қатар аталған мәселелерді шешу үшін сотталған адамдармен тәрбиелік
жұмыстарды ұйымдастыруға қоғам өкілдерін, қоғамдық ұйымдарды, мейірбандық
қорларды, коммерциялық құрылымдарды кеңнен тарту қажет. Қазақстан
Республикасы Қылмыстық атқару Кодексінің 106 бабының 2 бөлімінде сотталған
адамдармен тәрбиелік жұмыстар психологиялық-педагогикалық әдістер негізінде
жүзеге асырылатындығы бекітілген.17 Педагогика мен психологияның
жетістіктерін жазаны атқару өрісінде пайдаланудың заңнамалық негізде
бекітілуі, психологиялық-педагогикалық әдістерді жасақтап енгізуді
қарастыратын сөз жоқ, дұрыс қадам деп есептейміз. Сотталғандардың жеке
басын жан-жақты зерттеуге негізделген жүріс-тұрысын түзетудің педагогикалық-
психологиялық бағдарламалары көз жеткізу және құқыққа сай жүріс-тұрысты
ынталандыру әдістеріне басымдық беруі тиіс. Тәрбиелеу шараларының
тиімділігі көп жағдайда оларға тәрбиеленушілердің өздерінің қатысуының
белсенділігіне тікелей байланысты болады. Түзету мекемелерінде
сотталғандардың өзін-өзі басқару элементтерін енгізу қоғам үшін пайдалы
бастамаларды дамыту және сотталғандарды түзетуге ықпал ету міндеттерін
шешуге мүмкіндік береді. Егер сотталғандардың бастамасы бойынша олардың
өзіндік ұйымдары мәдени-көпшілік, спорттық немесе өзгеде әлеуметтік
шараларды өткізетін болса онда олар өзін-өзі басқару органдарының жекелеген
функцияларын атқарады. Осыған байланысты түзету мекемесінің әкімшілігі
сотталғандардың өздерінің ұйымдарының жұмысын бақылаусыз қалдыра алмайды.
Бұл жерде әңгіме әкімшіліктің аталған құрамалардың қызметін тексеру және
оларда тәртіптің сақталуын қадағалау құқығында ғана болып отырған жоқ,
сонымен қатар сотталғандарға жоспарланған шаралардың өткізілуіне
практикалық көмек көрсетуі жөнінде де болып отыр. Сотталғандар өзіндік
ұйымдардың жұмысына ерікті түрде қатысады. Сонымен қатар өзіндік ұйымдардың
мүшелері қосымша жеңілдіктер мен басымдықтарға ие болмайды, алайда
сотталғандардың өзіндік ұйымдардың жұмысына қатысуы түзелгендік дәрежесін
анықтау барысында есепке алынады. Сотталған адамның өзіндік ұйымдар
жұмыстарына қатысуы фактісі мінездемені жасақтау барысында көрсетіледі ал
бұл өз кезегінде жазаны өтеуден мерзімінен бұрын-шартты түрде босату,
жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру, сотталған
адамды марапаттау ретінде мекеменің бір түрінен екіншісіне ауыстыру
мәселелерін шешу барысында ықпалын тигізеді.
Кез келген құрамалар сияқты сотталғандардың өзіндік ұйымдары да өзінің
құрылымына және белгілі ұйымдастырылуына ие болады. Қазақстан
Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде: қоғамға пайдалы бастамаларды
ынталандыру және сотталғандардың түзелуіне ықпал жасау; еңбекті, тұрмысты
және бос уақытты ұйымдастыру мәселелерін шешуге қатысу; тәртіп пен
реттілікті қолдауға әкімшілікке жәрдемдесу, сотталғандарға және олардың
туған-туысқандарына әлеуметтік көмек көрсету сотталғандардың өзіндік
ұйымдарының міндеттері ретінде бекітілген. 18
Қазақстан Республикасының түзеу мекемелерінде 2007 жылдың 9 айында
жүргізілген тәрбиелік жұмыстарға жасалған шолу материалдарына қарағанда
сотталғандармен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстар аясында Ашық есік күндері
шеңберінде 162 шара жасақталып жүзеге асырылған. 2007 жылдың 15 мамырында
Наурыз мейрамына арналып ең үздік сурет және қолөнер туындысының
республикалық байқауы өткізілген. Байқауға 65 сурет және түзеу
мекемелерінде жазасын өтеп жатқандармен орындалған 106 қолөнер туындысы
ұсынылған.
Жоғарыда көрсетілген және басқа да шаралардың арқасында республиканың
түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың арасында тәртіп бұзушылық
1000 адамға шаққанда (2006 жылдың 9 айында 256 болса, 2007 жылдың 9 айында
241 болған) яғни 5,9% төмендеген.
Алайда сонымен бірге осы мерзім ішінде 1000 адамға шаққандағы тәртіп
бұзушылықтың көрсеткіші Қызылорда облысының мекемелерінде 54%, Қостанай
облысында 41%, Батыс Қазақстан облысында 27%, Астана қаласында 19,3%,
Алматы қаласы және Алматы облысында 18,7%, Ақмола облысында 11% және
Оңтүстік Қазақстан облысында 8,9% артқан.
Біз сілтеме жасап отырған шолу материалдарына қарағанда аталған
мерзімде жасы 30 дейінгі сотталғандардың ішінде 6600 адамның орта білімі
болмаған және олар республиканың түзеу мекемелеріндегі жалпы білім беретін
мектептерде білім алған оның ішінде мемлекеттік тілде 1058 адам оқыған.
Қазіргі таңда республиканың түзеу мекемелерінде 50 жалпы білім беретін
оқу орындары ашылып қызмет жасауда олардың 6-і орта мектеп, 33-і кешкі
мектеп, 10 оқыту-консультативтік пункт және 1 филиал болып табылады.
Сонымен бірге кейбір колония-қоныстарда сотталған адамдардың орта
білім алуға деген құқықтары бұрынғысынша бұзылған күйінде сақталған.
Мәселен, Қарағанды облысындағы АК – 159 20 мекемесінде орта білімі жоқ 13
сотталған адам жазасын өтегенімен оларға орта білім беру мәселесі әлі күнге
дейін шешілмеген.
Түзеу мекемелерінде және тергеу изоляторларында қылмыстық жазасын өтеп
жатқан сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарына діни бірлестіктерді
тарту және олардың арасында діни экстремизм, терроризм және сепаратизм
идеяларының таралуына жол бермеу мақсаттарында қылмыстық жазаны атқару
жүйесінің барлық аумақтық бөлімдерінде 2007 жылдың 2-ші тоқсанында Ішкі
саясат департаментінің, Әділет департаметтерінің дін істері бөлімдерінің,
діни конфессиялар өкілдерінің қатыстырылуымен дөңгелек үстелдер
ұйымдастырылып өткізілген.
Қазіргі уақытта 39 діни және 42 қоғамдық бірлестіктермен қатынастар
орнатылып жұмыстар жүзеге асырылуда. Сотталған адамдардың діни жораларды
жүзеге асыруы үшін 167 мекен-жай бөлініп жабдықталған олардың ішінде бөлек
ғимараттарда орналасқан 21 мешіт, 10 шіркеу бар. Сотталғандардың ішінде
7729 адам өздерінің дінге сенетіндігін көрсеткен. 2007 жылы діни
бірлестіктердің өкілдері 2802 рет түзеу мекемелерінде болып сотталғандармен
кездесулер өткізген.
Аталған шаралардың сотталғандар арасындағы моральдық-психологиялық
жағдайды тұрақтандырып, олардың болашақта еркіндіктегі өмір жағдайларына
барынша табысты бейімделуіне жағымды ықпалын тигізері сөзсіз [52, 3].
Түзету және қайта тәрбиелеу үрдісінің қаншалықты табысты түрде
жүзеге асырылғанынан, ТМ-де оның міндеттерінің қаншалықты шешілгенінен
бостандыққа шыққандардың еркіндіктегі өмір жағдайларына әлеуметтік
бейімделуінің үрдісі тікелей тәуелді болады.
Сотталғандардың өзіндік ұйымдарының құрамында ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жазаның жүйелері және түрлері
Сағатпен есептелетін мерзімдер
Бас бостандығынан айырудың қылмыстық құқықтық мәселелері
Жазасын өтеген тұлғалардың әлеуметтік бейімделуінің түсінігі
Өмір бойы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның түсінігі
Қылмыстық жазасын өтеп шыққандар
Қылмыстық құқықтағы бас бостандығынан айыру
Қылмыстық құқықтағы жаза туралы
ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БОСАТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
«Жаза ұғымы және оның мақсаттарының тиімділігі»
Пәндер