Мезолит және неолит ескерткіштерінің зерттелу тарихы



Кіріспе

I Палеолит дәуірі ескерткіштерінің зерттелуі
1.1.Оңтүстік Қазақстан тас ғасыры ескерткіштерінің зерттелу тарихы
1.2.Батыс Қазақстан тас ғасыры ескерткіштерінің зерттелуі
1.3.Шығыс Қазақстан тас ғасыры ескерткіштерінің зерттелу тарихы
1.4.Орталық Қазақстан тас ғасыры ескерткіштерінің зерттелу тарихы
1.5.Солтүстік Қазақстан тас ғасыры ескерткіштерінің зерттелу тарихы

II Мезолит және неолит ескерткіштерінің зерттелу тарихы
2.1.Мезолит пен неолит дәуірлеріне қатысты тұжырымдар
2.2. Мезолит дәуірі ескерткіштерінің зерттелуі
2.3. Неолит объектілерінің зерттелу тарихы

ІІІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАС ҒАСЫРЫ МӘДЕНИЕТТЕРІ ЖӘНЕ ДАМУ ЖОЛДАРЫ МЕН АЛАТЫН ОРНЫ

Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Пән: Жалпы тарих
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 86 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Шығысында Ертістен, Алтай тауларынан батысы
– Еділ өзенінің төменгі ағысынан Каспийге дейін, солтүстігі – Батыс Сібір
жазығынан оңтүстіктегі Тянь-Шань таулы жоталарын алып жатқан республика
аумағында тас ғасыры ескерткіштері соңғы жылдары біршама жүйелі түрде
зерттеліп келеді. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстан аумағында 450-ден
астам палеолиттік, 40- шақты мезолиттік, 800-ге жуық неолитттік
ескерткіштер анықталған. Оларды зерттеудің қалыптасуы мен даму жолдарын
анықтау, тас ғасыры проблемаларына ғалымдар көзқарастарының эволюциясын
ашып көрсету, әрбір дәуірдіңиндустриялар генезисін жүйелеу еліміздің
тарихындағы аса өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Осы дерек
көздерінен төл тарихымыздың бастаулары жөнінде аса құнды мағлұмат алуға
болатындығы да тақырыптың өзіндік екершелігін көрсетеді. Тас ғасырының
зерттелу тарихына және негізгі мәселесіне арналған бұл жұмыс ежелгі адамдар
өміріндегі аңшылық пен терімшілік, балық аулаушылықтың рөлі, өнім өндіру
шаруашылығына көшу , қоныстар мен тұрақ жайлардың орналасуы алғашқы
қауымдық идеологияның қалыптасуы және оның мазмұны мен сипаты, тас
құралдарының жетілдірілуі мен функциялары, ерте дәуірдегі өнер, тіпті
табиғи ортаның адам санасына ықпалы секілді ауқымды тақырыптары қамтиды.
Бұлар жөнінде тарихи шындыққа қол жеткізу өз тарапында ежелгі тарихымыздың
басқа да бірқатар проблемаларын ашуға септігін тигізеді.
Бүгінгі таңда археологиялық ізденістердің кең қанат жаюы және осының
нәтижесінде тың материалдарының көбеюі тас ғасырының көптеген мәселелерін,
тақырыптық, хронологиялық, концепциялық қырлары жаңа теориялық-
методологиялық тұрғыдан пайымдауға, зерттеу әдіс-тәсілдерін нақтылауға
сұранысты арттырып отыр. Бұл жағдай мамандардың ғылыми ізденістеріне, қол
жеткізген нәтижелеріне тарихнамалық зертеу жүргізуді, тас ғасыр тарихындағы
ақтаңдақтарды анықтауды қажет етеді.
Зерттеу жұмысының тарихнамасы: Алғашқы қоғам дәуірін зерттеуде отандық
археология ғылымы елеулі табыстарға жетіп, алыс-жақын елдерге кеңінен
танымал болып отыр. Бұл табыстарға жету оңай жолмен келе қойған жоқ.
Отандық археологияның қалыптасуы ұзақ та, күрделі үрдістерді басынан
кешірді. Оған әсіресе республика табиғи байлықтарын патшалық және кеңестік
Ресей тұсында игеру, кеңестік дәуірде үстемдік құрған тар таптық мағынадағы
методология, маркстік мәдени теориялар, Одақ көлемінде жүргізілген екпінді
құрлыстарды салу әр қырынан және белгілі бір уақыттарда археология
ғылымының дамуына өз әсерін тигізген болатын.
Отандық археологтар К.А.Ақышев [1] , К.М.Байпақов [2], М.Е.Елеуов [3],
Ж.Қ.Құрманқұлов, З.С.Самашев еңбектерінде де ғылыми нәтижелер мен
жетістіктер айтылған. Олар Қазақстан аумағындағы бұрынғы және қазіргі
мекемелер мен археологиялық экспедициялар жұмыстарына, еліміздің жерінде
жүргізілген ізденістерді кезеңдерге бөліп көрсетті. Негізінен, бұл ғалымдар
кейінгі тарихи кезеңдер сауалдармен шұғылданып жүр.

Еліміздегі археологиялық ескерткіштер тұңғыш рет 1960 жылы жарық көрген
Археологическая карта Казахстана атты ұжымдық жұмыта жүйеленді [4].
Аталмыш карта ұзақ уақытқа созылған барлық дәуірге қатысты археологиялық
ізденістерді қорытындыланды.Картаға 200-ден астам тас ғасыры объектілері,
кездейсоқ табылған материалдар енгізілген. Отандық археология жетістіктері,
табыстары мен кемшіліктері картадағы кіріспелік Қазақстанның археологиялық
зерттеу жұмыстары очеркі атты бөлімде сөз болып, оны жазған автторлар
Е.И.Агеева, А.Г.Максимова тас ғасырына жататын көне деректермен тас ғасырын
зерттеуші ғалымдар ізденістеріне шолу жүргізді.
Тас дәуірі академик Ә.Х.Марғұланның да зерттелу нысандарының бірі
болып, ғалым болашақта зерттеу жүргізу қажет өңірлерді әрдайым анықтап
отырды. Ол басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Сарыарқа
жерінде неолит пен энолит дәуірлерінің тұрақтарын, жерлеу орындарын тауып,
қазба жұмыстарын жүргізді. Ә.Х.Марғұлан мен Е.И.Агеева жазған
Археологические работы и находки на территории Казахстана деген мақалада,
1926-1946 жылдар аралығында әрбір облыстан табылған байырғы дерек көздері
мен қазба жұмыстары нәтижелерімен қатар, кездейсоқ әрі жекелеген тас
бұйымдарының табылуы жөнінде де құнды пікірлер білдірді [5].
Өткен ғасырдың 50-ші жылдар ортасындағы Қазақстанда ежелгі палеолит
ескерткіштерінің ашылуы археологияның назар аударарлық жаңалықтарының бірі
болды. Олардың бірнеше орындарын Х.А.Алпысбаев Қартаудан тапқаннан бастап
отандық археологияда палеолиттанудың негізі қаланды. Ұзақ жылдар бойы
Х.А.Алпысбаев бұл өңірде түрлі дәуірлерді қамтитын 210-дай объектілер ашты.
Ғалымның Некоторые вопросы изучения памятников каменного века в
Казахстане атты мақаласында революцияға дейінгі және кеңестік дәуір
кезіндегі нысандардың зерттелу тарихы баяндалады [6]. Алпысбаевтың 1979
жылы жарық көрген Памятники нижнего палеолита Южного Казахстана деп
аталатын монографиясында Бөріқазған, Тәңірқазған, Кемер т.б. тұрақтардың
материалдары зерттелді. Еңбектің алғашқы тарауында Қазақстанда палеолит
ескерткіштерінің зерттелу тарихы, Орта Азиядағы аталмыш дәуірге жататын
маңызды нысандардың ашылуы (Тесіктас, т.б.), басқа сала мамандарының
палеолит орындарын іздестірудегі жетістіктері сараланған. Ғалымның отандық
палеолиттануға қосқан үлесі Д.М.Костина мен Т.В.Савельева өздерінің
Археологические исследования в Южном Казахстане 1970-1980 деген
еңбектерінде жоғары бағаланды [7]. Онда Х.А.Алпысбаевтың 1970 жылдары
жүргізген қазба жұмыстарна шолу жасалып, Қазақстан жеріндегі ерте
палеолиттің әлемдік палеолит мәдениеттерінің ажырамас бөлігі ретінде
қорытынды жасалынды.
А.Г.Медоевтың Маңғыстау, Солтүстік Балқаш өңірінде жүргізген
археологиялық жұмыстарының да палеолит тарихнамасында алатын орны ерекше
[8]. Онда әр жылдары археологиялық экспедициялардың жұмыстарына қысқаша
сипаттама берілген. Сарыарқада М.Н.Клапчук та бірқатар палеолит орындарын
тапты. А.Г.Медоев пен М.Н.Клапчуктың осы өңірде атқарған жұмыстарына
В.С.Волошин өзінің Из истории изучения палеолита Сары-Арки атты
мақаласында тоқталды. Ол аталмыш ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын Қазақстан
палеолитіне қосылған орасан зор үлес екендігі туралы дәлелді тұжырымға
келді [9].
Одан бергі уақытта палеолиттен В.С.Волошин, Б.Ж.Аубекеров,
О.А.Артюхова, Ж.Қ.Таймағамбетов жүйелі зерттеулер жүргізіп Қазақстанның
түрлі түкпірлерінен байырғы тұрғындардың мәдени орындарын тапты да, еңбек
құралдарына салыстырмалы-типологиялық сипаттама және әрбір ескерткіш тас
индустриясына талдау жасады. Ж.Таймағамбетовтың осы тақырыпқа арналған
еңбегінде 80-ші жылдар бас кезіне дейінгі ғылыми айналымға енген басты-
басты археологиялық объектілер материалдарына талдау жасалынып, олардың
орналасу заңдылықтары анықталды. Ә.Х.Марғұлан, Х.А.Алпысбаев, А.Г.Медоев,
А.П.Окладников, М.Н.Клапчук, В.С.Волошин, т.б. мамандардың Қазақстанда
палеолитті зерттеудің қалыптасуы мен даму жолын көрсетуге талпыныстар
жасалынды [10].
Қазақстан-Ресей біріккен археологиялық экспедициясы жүргізген қазба
жұмыстары нәтижесінде ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді. Экспедиция
отрядтарының еліміздің шығыс, оңтүстік, батыс өңірлерінде атқарған зерттеу
жұмыстарының нәтижесінде тас дәуіріне қатысты мол мағлұматтар жинқталды.
Семізбұғы [11] мен Мұғалжар [12] тауларындағы және Қошқорған-Шоқтас
кешендеріндегі палеолит дәуірі жөнінде еңбектер жарияланды. Аталмыш
ескерткіштерде А.Г.Медоев, Б.Ж.Аубекеров, О.А.Артюхова, т.б. археологтар
ізденістерінің, қазба жұмыстарының зертелу тарихы, әр жылдары алынған
нәтижелері жарияланды.
Отандақ археология тарихнамасында мезолит дәуірі әлі тыңғылықты
зертелмеген тарқырып санатына жатады. Алғашқы мезолиттік ескерткіштер ХХ
ғасырдың 60-70-ші жылдары оңтүстікте Х.А.Алпысбаев, батыста А.Г.Медоев,
солтүстікте Г.Б.Зданович, В.Ф.Зайберт, В.Н.Логвин сынды археологтардың
жоспарлы түрде жүргізілген жұмыстарының нәтижесінде ашылған болатын.
Олардың жұмыстарын Г.Ф.Коропкова Мезолит средней Азии и Казахстана деген
еңбегінде жүйелеп, мезолиттің негізгі проблемаларына сипаттама берді [13].
Жоғарыда аталған ғалымдар ісін Ж.Қ.Таймағамбетов, О.А.Артюхова,
В.С.Волошин, А.Ю.Чиндин, В.К.Мерц, Ғ.Т.Бексейітова, т.б. жалғастырды.
Нәтижесінде ескерткіштер саны көбейіп, қазір мезолит индустриясына сәл де
болса анығырақ талдау жасауға ғылыми негіз қаланды.
Неолит дәуірі жөніндегі әртүрлі ізденістердің жарық көргенімен, олар
тарихнамалық түрғыдан зерделенген жоқ деуге болады. Тек 1970 жылы жарық
көрген Л. А. Чалаяның Некоторые вопросы истории изучения неолита
Казахстана атты мақаласын атауға болады. Автор жаңа тас ғасыры
ескерткіштерінің зерттелу тарихына шолу жасаумен шектелді [14]. Ол
негізгі ескерткіштерге тоқталып, А. А. Формозов, С. С. Черников, В. Н.
Чернецов, П. П. Ефименко, А. П. Окладников, А. Г. Медоев, сынды ғалымдардың
неолитке қатысты ғылыми көзқарастарына тоқталады. Сондай-ақ В. Ф. Зайберт,
В. Н. Логвин, Ж. Қ. Таймағамбетов пен Т. И. Нохрина сынды ғалымдардың
іргелі еңбектерінде неолит ескерткіштерінің зерттелу тарихына біршама орын
берілген. В.Ф.Зайберттің Атбасарская культура атты 1992 жылы жарық
көрген еңңбегінде Солтүстік Қазақстан В. Д.Солочинский, К.А.Ақышев,
С.М.Мухамеджанов, Г.Б.Зданович, т.б. ғалымдардың тас дәуірі археологиялық
материалдарды жинап, жүйелеудегі жетістіктері сөз болады.
2006 жылы К.М.Байпақов, Ж.К.Таймағамбетов, Жұмағанбетов сынды
ғалымдардың бірлесіп шығарған Қазақстан археологиясы еңбегінің де алатын
орны зор.Онда Қазақстан археологиясының даму жолдары мен зерттеу нәтижелері
жарияланған.Ж.К.Таймағамбетов аталған еңбектің бірінші бөлімінде
Қазақстанның тас ғасыры ескерткіштерінің кезеңдеріне жан-жақты
тоқталады.[15]
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Тақырып бойынша дерек көздеріне
Қазақстан палеолит музейі Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының
және Қазақстан орталық музейлеріндегі археологиялық артефактілер жатады. ХХ
ғасырдың 50-ші жылдарындағы Шығыс Қазақстан Археологиялық-этнографиялық
экспедициясының мүшелернің ғылыми материалдары, 1946 жылы құрылған Орталық
Қазақстан (жетекшілері - Ә.Х.Марғұлан, М.Қ.Қадірбаев, Ж.Қ.Құрманқұлов) және
1967 жылы жасақталған Солтүстік Қазақстан (жетекшісі - В.Ф.Зайберт)
археологиялық экспедицияларының ХХІ ғасыр басына дейінгі ғылыми мақалалары
мен іргелі еңбектерін атауға болады. Олармен бірге 1957 жылы Х.А.Алпысбаев
басшылығымен құрылған Қаратау палеолит, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тас ғасыры
ескерткіштерін зерттеу, (жетекшілері - Х.А.Алпысбаев, Ж.Қ.Таймағамбетов),
1977-1982 жылдары Шүлбі археологиялық экспедициясының палеолит отрядтарын
(жетекшілері - Х.А.Алпысбаев, Ж.Қ.Таймағамбетов) ғылыми ізденістері
тақырыптың деректік негізін құрайды. Сонымен қатар 1960-1970 жылдардағы
Орталық қазақстандық геология басқармасының Сокур отрядының (жетекшісі -
В.С.Волошин), 1988 жылы құрылған Павлодар (жетекшісі - В.К.Мерц)
археологиялық экспедицияларының мүшелерінің ізденістерін де қосуға болады.
Мәскеу Мемелекеттік университеті Хакас археологиялық экспедициясы
құрамындағы Солтүстік Қазақстан отрядының (жетекшісі - Л.А.Чалая) 1960-1970
жылдардағы қазба жұмыстарның нәтижелері де тақырыптың деректік негізін
құрайды. 1970-2000 жылдар аралығында В.Н.Логвин басқарған Қостанай және
Торғай археологиялық экспедицияларының 1983-1989 жылдардағы Қарағанды
мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы тас дәуірі отрядының
(жетекшісі - А.Чиндин), 1990-ші жылдардан бергі Батыс Қазақстан
археологиялық экспедициясының (жетекшісі - З.С.Самашев) және 2001-ші жылы
құрылған Орал кешенді археологиялық экспедициясының тас дәуірін зерттеумен
шұғылданатын отрядының (жетекшісі - О.А.Артюхова) ғылыми ізденістері
жатады.Әсіресе 1992-2002 жылдарда Қазақстанның әр түкпірінде тыңғылықты
археологиялық жұмыстар жүргізген халықаралық Қазақстан-Ресей археологиялық
экспедициясының (жетекшісі - А.П.Деревьянко) ғылыми мақалалары мен іргелі
еңбектері негізгі дерек ретінде пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Дисертациялық жұмыстың
алдына қойған мақсаты мен міндеттері тақырыптың өзектілігі және оның
қамтитын хронологиялық мерзімінен туындайды. Мақсат- Қазақстан
өңірлеріндегі палеолит, мезолит, неолит ескерткіштерінде жүргізілген
ізденістер кезінде алынған деректерді жинақтап, топтастырып, саралап, соның
негізінде отандық тас дәуірін зерттеудің қалыптасу, даму жолдарын анықтап,
жеткен нәтижелерді көрсету.Осы мақсатқа орай төмендегідей міндеттер
туындайды:
- деректемелік негіздегі түрлі бағыттағы материалдарды қолдану арқылы
Қазақстан тас дәуірі ескерткіштері туралы мағлұматтарды топтастыру.
- тас ғасыры проблемаларының теориялық-методологиялық негіздерін
қолданылып жүрген ғылыми әдістерін айқындау.
- республика жерін адамзаттың алғашқы қоныстануы жөнінде жазған
отандық және шетелдік ғалымдар еңбектерін сараптау, талдау.
-тас дәуірінің жергілікті және аймақтық ерекшеліктерін, генетикалық
байланысын ашып көрсету.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
- археологиялық ескерткіштерді және тас құралдарын зерттеу
әдістемесін қамти отырып, қазақстандық және шетелдік мамандардың осы
тақырыптарға қатысты ой-пікірлеріне талдау беріледі де, жергілікті
индустриялар генезисі ашылып көрсетіледі.
- палеолит, мезолит, неолит дәірлеріне және олардың кезеңдеріне
қатысты ғалымдар тұжырымдарына талдау жүргізілген.

I Палеолит дәуірі ескерткіштерінің зерттелуі

1.1.Оңтүстік Қазақстан тас ғасыры ескерткіштерінің зерттелу тарихы

Палеолит ескерткіштері ең көп табылған аймақ — Қаратау. Ол — Тянь-
Шань тау жүйесінің солтүстік батысында орналасқан тау жотасы. Оның оңтүстік-
батысын Сырдария, солтүстік-шығысын Талас өзендері алаптары алып жатыр.
Жота қатарласа жатқан Кіші және Үлкен Қаратаудан тұрады. Өзендері —
Боралдай, Бөген, Шаян, Арыстанды т.б. Кіші Қаратау негізінен протерозойлық
тақтатас және құмтастарынан, Үлкен Қаратау карбонның әктас, құмтас,
конгломераттардан және девонның жанартаутекті жыныстарынан тузілген.
Каратаудың сілемдеріне көптеген геолог ғалымдар В.Н.Вебер, М.С.Волкова,
В.В.Галлицкий, Г.П.Герасимов, П.И.Чихаев, Қ.И.Сатпаев т.б. зерттеу
жүргізді.
Қазақ КСР Геология министрлігінің Оңтүстік Қазақстан Геологиялық
басқармасы мен Ғылым академиясының Қаратау экспедициясы Қаратау
сілемдерінен палеолиттік және неолиттік шақпақ тас бұйымдарын кездестірген.
Кешенді геологиялық жұмыстарға академик Қ.И.Сатпаев жетекшілік етіп,
бастама көтерген еді. Геологиялық зерттеулер барысында еліміздің көп
өңірлерінен тас дәуіріне жататын объектілер ашылды. 1945 жылы Оңтүстік
Қазақстан геологиялық экспедициясының мүшесі Р.В.Смирнов мустье дәуірінің
артефактыларын Піскем өзенінің үшінші саты-жазығынан ұшырастырған.[10]
Кіші Қаратау жотасының оңтүстік-шығыс шетінің солтүстік-
шығыс бөлігінен 1956 жылы Н.В.Седов пен Г.А.Ярмак
геологиялық жұмыстар атқара жүріп 6 орыннан түрлі палеолиттік
құралдар теріп алады. Оларды анықтау А.Г.Максимова мен
К.А.Ақышевқа тапсырылады, кейінірек С.П.Толстов, А.П.Окладников,
М.П.Грязнов та қарап шығып барлығы палеолит дәуірімен кезеңдейді. Жиналған
30-дан астам құралдардың кейбіреулерін А.П.Окладников кейінгі ашель немесе
ерте мустье уақытына жатқызған.[16]
ҚазКСР ҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология
және этнография институты 1957 жылы Кіші, Үлкен Қаратауды
(Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының басқа территорияларын қоса
отырып) зерттеу мақсатында тас ғасыры ескерткіштерін зерттеу отрядын
құрды. Оған Х.А.Алпысбаев басшылық жасады. Палеолит дәуіріне деген
қажеттілік 1957 жылы шыққан "Қазақ ССР тарихы" деген ұжымдық еңбектің 1-
томында көрінген болатын. Томда палеолит пен неолит дәуірлерінің бірлі-
жарымды ескерткіштері ғана аталып өтті.
Қазақстан палеолиттану ғылымының іргетасын Х.А.Алпысбаев қалады
деуге толық негіз бар. Оған 1998 жылы күзде Түркістан қаласында өткен
"Каменный век Казахстана и сопредельных территорий" атты Х.А.Алпысбаевтың
туылғанына 70 жыл толуына арналған халықаралық конференция материалдары да
дәлел. Конференцияда ғалымның өмірі мен ғылыми қызметі жайлы, археологияға
қосқан үлесі жөнінде Ж.Қ.Таймағамбетовтың "Хасан Алпысбайұлы
Алпысбаев",
О.Смағүлүлының "Хасан Алпысбаев төл тарихымыздың қақпасын
қалады", А.Г.Максимованың Хасанның соңғы
күндері, Н.О.Алдабергеновтың "Тасты таңдап сөйлеткен", Н.Г.Панның "Көне
дүниенің қажымас зерттеушісі" және басқа да ғалымдар баяндамалары
мен естеліктері тыңдалды. Сөз сөйлеушілердің барлығы палеолит көшін
бастаушының дүниеден ерте кетуіне байланысты көп пайымдауларын негіздеуге
үлгере алмағандығына және оның мұрағатын зерттеу керектігіне, қазіргі тас
ғасыры проблемаларының басты бағыттары мен жай-күйіне назар аударды.
Палеолиттанушы жазған "Памятники нижнего палеолита Южного Казахстана" атты
еңбектің ғылыми маңыздылығына қатысты әсіресе О.Смағұлұлы айтып өткен
пікірі ден қоюға тұрарлық деп есептеуге болады. Сарабдал ғалым: "Автор
еңбегінде Қазақстан өте ерте кезде адамның мекен-жайы болғандығын
дәлелдеді, екіншіден Қазақстанның тас дәуірі кіндік Азияның көне тас
заманымен бір тұтастықта болғанын көрсетті, үшіншіден Африкадағы олдувей
мәдениетімен бірдей уақытта болғандығын көрсете алды" — деп жазған еді.
Конференция материалдарына пікір жазған көрнекті археолог В.А.Ранов
қазақстандық әрбір әріптесінің мақалаларын терең талдайды да, олардың
ғылыми құндылықтары мен кемшіліктерін әділ бағалай келіп, қазіргі таңда
елімізде тас ғасырын зерттеудің өзіндік бір ерекше мектебі қалыптасқандығы
туралы қорытынды жасады. [17]
Х.А.Алпысбаев Қаратау өлкесінен 200-ден астам тас дәуіріне
жататын орындарды ашып, ғылыми айналымға енгізді. Ол әрбір тұрақ
материалдарына аса ден қойып, іргелес өлкелердегі басты-басты ескерткіш
коллекцияларымен салыстырып, байыппен қарастырған. Өмірінің соңында
жарияланған еңбегінде кейбір тұрақ материалдарын ой елегінен ұзақ уақыт
өткізіп, маңызды қорытындылар жасауы соған дәлел бола алады.
Оңтүстік Қазақстанды зерттеу отряды 1957 жылы барлау жұмыстарының
нәтижесінде Тоқалы-1, 2, 3 секілді тұрақтардан төменгі палеолиттік ашель-
мустьеге тән құралдар тұрпатын тапса, келесі жылғы жұмыстар кезінде
көптеген кұралдар сақталған шелль-ашель орындарын анықтады. Олардан басқа
Кіші Қаратаудан ашылған мустье, кейінгі палеолит ескерткіштері де бар.
Тоқалы-1, 2, 3 орындары Көктал өзенінен 5 шақырым шығыста орналасқан. [18]
Келесі маусымда әлемге әйгілі болған шелль-ашель кезінің тұрақтары —
Бөріқазған мен Тәңірқазған ашылған еді. Бұлар — Жамбыл облысы Талас
ауданындағы Кемер тауының оңтүстік шеткейінен табылған. Бұл объектілерден
алынған құралдарды Х.А.Алпысбаев төртке бөледі: 1) екі немесе бір жақты
шабатын қарулар; 2) шапқылар; 3) көне шомбал тас жаңқалары; 4) тұрпатсыз
ірі томпақ-өзектастар. Бұл тұрақтарды кезеңдеу геологиялық қатпар
ауыспағандықпен де расталынады. [19] Токалы-1-ден 200 дана, Токалы-2-ден 78
дана, Тоқалы-3-тен 57 дана тас бұйымдары терілсе, Бөріқазғаннан 442 зат,
Тәңірқазғаннан 300-ден астам құралдар жиналған болатын. Бұл жылы аталмыш
кезеңге жататын Шабақты-1 ескерткіші Жамбыл облысындағы Байқадам ауылынан
20 шақырым оңтүстік-батыстан табылады.
Қаратау палеолит отряды осы жылы Оңтүстік Қазақстандағы
Арыстанды—Боралдай өзен алаптарында жаңа палеолит орындарын ашты: Шақпақ,
Үсіктас, Қарасу, Алғабас, Кеңестөбе, Боралдай мекендерінен әр дәуірді
қамтитын оннан астам объектілер барлау жұмыстары нәтижесінде белгілі болды.
Шолақтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 36 шақырым жерде 6 мустьелік,
Байқадам ауылынан 22 шақырым оңтүстік-шығыста Шабақты 2, Қаратау қаласынан
35 шақырым солтүстікке қарай Ұзынбұлақ-1, 2 және Бүркітті стансасынан 4
шақырым шығысқа қарай -Бүркітті-1, 2, 3 секілді тас дәуірінің объектілері
де осы жылы ашылған еді. Аталған тұрақтар арасынан Боралдай кешендерін
Х.А.Алпысбаев Тәжікстандағы Гиссар аңғарының палеолитімен жақындастырады.
Бүркітті кешендері кейінгі кездері ерте голоцен кезеңіне жатқызылып
жүр.[16]
Қазақстанда палеолит ескерткіштері арасында алғашқыда Қарасу,
кейінірек Ш.Ш. Уәлиханов есімі берілген тұрақ материалдары өзінің көп
мәдени қабаттылығымен, мерзімділік жайымен, тас құралдарының сақталу
жағдайымен ерекшеленеді.[20] Сол қалпында сақталған тас құралдар жиынтығы
оның басқа жерлердегі палеолит орындарымен ара қатынастылығын білу үшін,
сондай-ақ Қазақстан палеолитінің көп проблемаларын шешу үшін орасан зор
маңызы бар. Ескерткіштен жинастырылған материалдар саны бірнеше мың.
Объектінің екінші және үшінші мәдени қабаттарынан алынған тас құралдары
жасалуы жағынан Ертіс жағалауындағы Қойтас, Батыс Қазақстандағы Шалқар,
Родники материалдарына ұқсас сияқты [21]. Ескерткіш коллекциясы бірінші
кезекте отандық тас дәуірі объектілерімен байланыстырыла қарастырылып
отырылса өте келелі істер жүргізуге болады. Себебі қазба жұмысына
А.В.Вислогузова, Н.Н.Костенко сынды геолог мамандардың араласуы Қаратаудағы
ширектік дәуірі антропогендік шөгінділерінің жас мөлшерін анықтауға жағдай
туғызды. Олардың мағлұматтары тұрақ материалдарымен ғылыми тұрғыда
ұштастырылды. Тұрақтан дөңгелек өзектас және бұлардан жарып алынған үшбұрыш
пішінді тас жаңқа, қырнауыш, қырғыш т.б. жинастырылды.
Х.А.Алпысбаев өмірден ерте кетуіне байланысты аталмыш тұрақ
материалдарын ғылыми талдаудан толық өткізе алмаған еді. Оның зерттеулерін
1983 жылы Ж.К.Таймағамбетов қайта жандандырды.[22] Жұмыс қорытындылары
толығымен 1990 жылы баспадан жарыққа шыққан "Палеолитическая стоянка им.
Ч.Ч.Валиханова" атты монографияда жарияланған болатын. Онда Ш.Уәлиханов
атындағы тұрақ материалдарының негізінде Қаратау жотасындағы палеолит
ескерткіштерінің де коллекциялары талданып, жүйеленді. Қазіргі уақытта
тұрақтан алты мәдени қабат аршылып, алғашқы аңшылардың өмірі туралы жаңа
мағлұматтар алынып отыр. Мәдени қабаттар 2,3 метрден 7,2 метрге дейінгі
тереңдікте орналасқандықтан оны қазу да оңай емес еді. Автор адамдар
тұрақты мустьеден соңғы палеолитке дейін үздіксіз мекендеген деп санайды.
бұл — Қазақстандағы тас бұйымдары мен мәдени-тұрмыстық қалдықтары бастапқы
күйінде сақталған бірден-бір тұрақ. Оның материалдары мустьелік Тешік-Таш,
Көлбұлақ, Ходжекент, Ильск, Молдова-5 тұрақтарымен салыстырылып,
ұқсастықтары мен ерекшеліктері анықталды. Тұрақтан Х.А. Алпысбаев бес
мәдени қабат ашса, алтыншы мәдени қабатты осы жылы Ж.Қ. Таймағамбетов
ашқан еді. [16]
1958 жылы ашылып, ұзақ уақыт жарық көрмеген ескерткіштер де бар.
Олар Дегерез, Дарбаза, Сүлейменсай, Дәуренбек. Бәрі — Қаратау жотасының
солтүстік-шығысында. Дегерез Жарғымбай төбешігінде орналаскан. Бұл жерде
екі шеті өңделген шабатын қарулар, өзектас секілді бұйымдар, екінші рет
өңделген тас жаңқалары, өңделген тас жаңқалары, өңделмеген тас жаңқалары
мен шой балғалар жиналған. Дегерез материалдарына Дарбаза ауылынан 8
шақырым солтүстік-шығыста жатқан Дарбаза-3 материалдары ұқсас. Дегерезден
118 дана бұйым шықса, Дарбаза-3-тен шыққандарының саны 111 дана. Екеуінің
кейбір заттары ашель-мустье уақытына келіңкірейді. Х.А.Алпысбаев бұл
дәуірге Сүлейменсай-1, 4, 31-34 орындарын да жатқызады. Құралдардың көбі
дефляцияға ұшыраған. Алғашқы екеуінен 66, соңғы төртеуінен 139 тас зат
шыққан. Дәуренбек-12,1 объектілері осы ескерткішпен аттас бұлақтан 1,5 және
3,5 шақырым солтүстік-батыста. Мұндағы жинастырылған заттар да дефляцияға
ұшыраған. [18]
1961 жылы Тәңірқазғанның шығысыңда жүргізілген археологиялық барлау
барысында төменгі палеолиттік Ақкөл, Кемер-1, 2, 3 ескерткіштері ашылған.
Олармен қатар осы далалық зерттеу барысында кейінгі уақытқа жататын
Қызылрысбек ескерткіші де белгілі болған. Х.А.Алпысбаевтың Шудың төменгі
тұсынан, Бетпақдаладан тапқан Қазанғап төменгі палеолиттік тұрағы назар
аударарлық. Өйткені осы тұрақ арқылы Х.А.Алпысбаев Қаратау палеолиттік
кешендерін Бетпақдаламен, одан ары Сарыарқа тас ғасырымен байланыстыруға
тырысқан еді.
Ақкөл тұрағы Жамбыл каласынан 170 шақырым солтүстік-батыста. 20x10 м
алаңқайдан ежелгі адам жасаған 117 тас бұйым жиналған. Арасында ірі тас
жаңқалары көп. Ақкөлден алынған бұйымдарды Х.А.Алпысбаев типологиялық
жағынан былайша топтастырады: екі жақты шапқы құралдар 18 дана; унифастар 5
дана; қол шапқыла 2 дана; тас жаңқасынан жасалынған құралдар 5 дана; өңдеу
іздері жоқ тас жаңқалар 86 дана. Осы бұйымдарды зерттеуші талдай келе,
объектіні шелль-ашельмен кезеңдеген. Аталмыш уақытқа Қаратау қаласынан 25
шақырым солтүстік-шығыста жатқан Кемер шатқалындағы аралары бір-бірінен 600-
700м шамасында Кемер-1, 2, 3 палеолит кешендері де жатқызылады. Кемер-1
пунктінен табылған 218 тас бұйым негізгі 7 топқа бөлінеді: екі жағы
өңделген дөрекі шапқы Құралдар 22 дана; қол шапқылар бифастар -5 дана;
унифастар- 6 Дана; қырғыштар тас жаңқа құралдары -8 дана; тас жаңқадан
жасалған құралдар 3 дана; өзектастар 10 дана; тас жаңқалары 168 дана. Кемер-
2 археологиялық әдебиеттерде Кәкіш деп те аталады. Одан жинастырылған
заттар типологиясы: екі шеті өңделген шабатын құралдар 20 дана ; дөңгелек
бұйымдар 9 дана; қол шапқылар 2 дана; өзектас тәріздес бұйымдар 12 дана;
унифастар 3 дана; тас жаңқа құралдары 12 дана; екінші рет өңделмеген тас
жаңқалары 37 дана. Ал, Кемер-3 коллекциясы мынадай: екі шеті өңделген
шабатын құралдар 25 дана; диск тәріздес бұйымдар 7 дана; қол шапқылар 2
дана; өзектас тәріздес тұрпаттар 5 дана; тас жаңқалы бұйымдар 8 дана;
екінші рет өңделмеген тас жаңқалары 32 дана. Бұлар Кәкішке қарағанда Кемер-
1-ге хронологиялық түрғыда жақын. [7]
Қызылрысбек — Жамбыл облысындағы Ақкөл ауылынан 18 шақырым оңтүстікте
орналасқан. Типологиялық жағынан Қызылрысбек бұйымдары төмендегідей басты-
басты топқа жіктеледі: екі жағы өңделген чоппинг-тул 7 дана ; диск
тәріздес құралдар 4 дана; өзектас тәріздес бұйымдар 3 дана; унифастар 2
дана; тас жаңқадан жасалған құралдар қырғыштар 3 дана; тас жаңқалар 81
дана. Оларды мерзімдеуде Х.А.Алпысбаевтың тоқтаған пікірі — ашель-
мустье.Қазанғап ескерткіші болса Тараз қаласынан 280 шақырым солтүстік-
батыста. Бір маусымда жиылған құралдар саны 300-дей. Олар: екі шетті
шабатын құралдар 11 дана; бір шетті шабатын кұралдар 3 дана; қырғыштар 6
дана; өзектас тұрпатты шабатын құралдар 5 дана; қол шапқылар 4 дана;
өзектастар 5 дана және басқа құрал тұрпаттары 10 дана; тас жаңқалары 242.
Соңғы құралдардың 215 данасы клектон типіне жақындау. Леваллуа тас
тіліктері — 15 дана. Мақалада тас құралдар кескіні айқын суреттелмеген
деуге болады. Қазанғаптың тарихи маңызы оның Оңтүстік пен Орталық
Қазақстан палеолиттік ескерткіштерін өзара байланыстыруында. Отандық
палеолиттануда мұндай құралдары бар ескерткіштер Ертіс алабында да
кездеседі. Ертіс пен Алтай, Сібір, Сарыарқа жерлерінің тас ғасыры
коллекциясын жасауда Қазанғап секілді объектілердің зор маңызы бар.[23]
1957 жылы Х.А.Алпысбаев ашқан Тұрлан асуынан табылған палеолит орнына
кейінірек Н.Н.Костенко мен А.К.Бойко да зерттеулер жүргізеді. Жиналған
негізгі құралдар: ұсақ қырғыш, қашау тәріздес құралдар, сүйіртастар, призма
секілді өзектастар. Авторлар еңбектерінде олардың жалпы саны көрсетілмеуі,
біздің тарапымыздан тұрақ материалдарына талдау жасауға көп мүмкіншілік
бермеді. 1969—1970 жылдары Х.А.Алпысбаев Оңтүстік Қазақстанда ежелгі адам
мекендерін арнайы тек үңгірлерден іздестірді. Өгем өзенінің сол жақ тармағы
— Азартек үңгірлерінен мустье тас жаңқалары ұшырасқан.
Паршакөл маңынан 5 үңгір табылды. Мақпалсай көлі төңірегінде
үңгір қасынан мустье құралдары Каржантаудан, Өгем өзені -аңғарына түскен
жерде ашельдік шомбал тас жаңқалары мен тілікшелі жаңқалары теріліп
алынган. Өгемнің сол тармағы - Бесағаш өзенінің Жоғарғы тұсынан табылған
үңгірлер саны 20-дан астам. Өзеннен 2 шақырым шығысқа қарай биік
жартас түбіндегі кірер аузы оңтүстікке қараған үңгірге тікқазба
түсірілген кезде одан тістік және ойықтық ізі бар құралдар алынады, Созақ
ауылынан 10 шақырым солтүстік-батыста жатқан Алтынсай үңгіріне тікқазба
түсірілгенде одан 1,2 м тереңдіктен тас бұйымдары шығады. Шымкент каласынан
78 шақырым солтүстік-шығыста — Құрсай өзеніндегі Ақмешітке де тікқазба
түсіріліп, одан неолиттік құралдар жиналған тұстан ашель-мустье дәуірлеріне
жататын, тіпті одан да ертеректегі уақыттағы бұйымдар шыққан. Кіші
Қаратауда Ақтоғай өзені аңғарындағы осы аттас орыннан 1 палеолит бұйымы,
түз аңдарының сүйек қалдықтары байқалған. [24] 1971 жылы ашылған үңгірлік
тұрақ — Сарыүңгір. Ол Өгемнің жоғарғы ағысында. Х.А.Алпысбаев мұны мустье
уақытына жатқызады. Онда қызыл және қарақоңыр бояумен салынған суреттер де
байқалған. Сондай-ақ Темірлан, Шұбар, Коммунизм ауылдарының төңірегінен де
бірлі-жарымды ежелгі адам құралдары табылды.
Х.А.Алпысбаев 1973—1974 жылдары көптеген ескерткіш орындарын ашып,
зерттеді. Олардың арасынан Жамбыл облысы Талас ауданындағы Қызылкіндік,
Жаңатас, Көктал, Байқадам ескерткіштерін атап көрсетуге болады.
Алғашқысынан 228 дана бұйым шықты. Типологиялық тұрғыдан бәрі былайша
бөлінеді: екі шеті өңделген шабатын құралдар, қол шапқылар, өзектас тәрізді
бұйымдар, қырғыштар, тас жаңқалары. Мерзімі — шелль-ашель. Бүркітті
өзенінің оң жағалауындағы Жаңатас ашель-мустьемен мерзімделеді. Жиналған
429 дана тас бұйымдары жасалуы жағынан Өзбекстандағы Кулбулаққа ұқсас.
Көкталдан бірнеше дана ғана зат табылды. Сондықтан олардың тас дәуіріндегі
нақты орнын анықтау да қиын. Суреттерге қарап Байқадам құралдары 47 дана,
Жаңатасқа жақын деген
Х.А. Алпысбаев пікірімен келісуге болады."О находках индустрии каменного
века в Каржантау и Караоба" деген мақаласында Х.А.Алпысбаев [25] Сусынген,
Жалпақсу-1, 2, 3, Жалғызарша-1, 2, Қияқты, Өгем , Қаржантау, Жаужүрек,
Шағалысай, Жиенқүм, Қызылжар, Жүзімдік-Арыстанды, Жаңатас III, Майтөбе,
Шалқия-1 (неолит) т.б. мәдени орындар жайлы сөз өрбіте келе соңғы тұраққа
қатысты "Орталық Қазақстанның неолит мәдениеті кейінгі палеолит дәуірінің
тас индустриясымен генетикалық байланыста" деген қорытындыға келеді. Бірақ,
тас индустриясының генезисін нақты ашып көрсетпеген. Осы аталған
ескерткіштерге жеке-жеке тоқталып өтелік. Оңтүстік Казақстан облысы Ленин
ауданындағы Сусынген өзенінің шығыс жағалауынан 3 қолшапқы, 1 тас жаңқа
табылған. Оларды ғалым ежелгі ашельмен мерзімдейді. Ашель-мустье уақытына
жататын орындар — Жиенқұм, Қызылжар. 13 тас жаңқа, 1 өзектас құралдары
жинастырылған алдыңғысы Шаян өзенінің Арыс—Түркістан каналына құяр жерінде,
соңғысы Қызылжар ауылынан (Ордабасы ауданы) 12 шақырым солтүстік-шығыста
орналасқан. Қызылжардан екі орыннан төменгі палеолит бұйымдары
жинастырылған. Осы уақытқа жататын Жалғызарша-1, 2 материалдары Жалпақсу
жонынан, Жігергеннен 23 шақырым оңтүстік-шығыстан табылған. Құралдар саны
жайлы мәлімет жоқ. Зерттеуші тоқтап өткен тек леваллуалық өзектас қана.
Қаржантау мен Қараоба өңірінде мустье дәуіріне жататын ескерткіштер
де көп. Х.ААлпысбаев анықтаған Жалпақсу-1, 2, Қияқты, Қаржантау, Жаужүрек
орындары мен Шаян өзенінің бойынан табылған тас ғасыры құралдарының көлемі
аз, әрі мустье дәуірінен толыққанды мағлұмат береді дей қою да екіталай.
Бұл жерлер қайтадан зерттеуді қажет етеді деп санаймыз. Бірінші аталған
орындар Оңтүстік Қазақстан, Қазығүрт ауданындағы Абай ауылынан 18 шақырым
түстікте жатыр. 1961 жылы бұл жерден Х.А.Алпысбаев дөңгелек өзектас,
порфириттен жасалған бірнеше тас жаңқаларын тапқан болатын. 1973 жылы да
осындай заттар теріліп алынған. 1960 жылғы барлау жұмыстарының барысында
Өгем аңғарынан үшбұрышты тас тіліктері табылған. 1973 жылы аңғардағы
Талдысай елді мекенінен тікбұрыштылау келген дөңгелек өзектастар, үш тас
жаңқа шыққан. Осындай көлемде тас бұйымдар алынған объект — Қаржантау. [25]
Ол да Өгем аңғарында. Қияқты ескерткіштері Жігерген ауылынан 25 және 27
шақырымда орналасқан. Олардан тілікшелі тас жаңқалар т.б. бұйымдар
терілген. Автордың өзектастарды суреттеуі мақаласында анық шықпаған. Өгем
мен Сусіңген өзендерінің қиылысар тұсынан 11 шақырым оңтүстік-шығыстан
үшбұрыш тұрпатындағы тас жаңқалары жинастырылған. Ол орын Жаужүрек деп
белгіленген. Қ.Спатаев атындағы және Октябрь .кеңшарлары шекарасындағы Шаян
өзенінің палеозой конгломераттарынан от орындары анықталған. Халцедоннан
дайындалған бұйымдар саны — 29. Жалпақсу-3 заттары да осы жердің
материалдарына ұқсас. Дегенмен, кейбір бұйымдардың суреттелуі болмаса,
олардың жалпы саны туралы мәлімет жоқ. Шағалысай өзеніндегі Дарбаза — Құдық
— Шағалысай орындарынан шыққан негізгі заттар ұсақ тас жаңқалары мен
қабыршақтары, бір үшбұрышты симметриялы сүйірұш. Ал, Оңтүстік Қазақстандағы
Алғабас ауданындағы Жүзімдік ауылынан 11 шақырым түстікте, Арыстанды
өзенінің оң жағасынан шыққан 13 төменгі палеолит тас жаңқаларында шағылып
алынған жарықшақ іздері бар. Археологиялық әдебиеттерде Жүзімдік—Арыстанды
деп аталатын бұл орыннан табылған тас жаңқалар тұрпатын тікбұрышты, сопақша
және үшбұрышты деп бөлуге болады.
Кейінгі палеолитке Жаңатас қаласының оңтүстік шығысындағы Жаңатас-3 және
Жамбыл қаласынан 50 шақырым батыста орналасқан Майтөбе орындары жатады.
Екеуінен де теріс — призмалық өзектастар мен олардың жарықшақтары, тас
жаңқалары, тас тіліктері жиналған. Материалдары типологиялық жағынан
Бүркітті өзені маңындағы Көктас тұрағының құрал-саймандарына жақын. Шикізат
көзі ретінде де қызғыш халцедон пайдаланылған.
Х.ААлпысбаевтың ғылыми ізденістерін қорытындылайтын болсақ, ол
Қазақстан жеріндегі ежелгі адам бұдан шамамен 800 мың жылдай бұрын
мекендеген дейтін тұжырымға келеді. Оның жинаған материалдары, ғылыми
пікірлері Евразия тас ғасыры Мәдениеттерінің бел ортасынан орын алары анық.
Зерттуші ғылыми жұмыстарында еліміздің жерінен ашылған объектілер
материалдары Алдыңғы Азия көне тас заманымен, Африкадағы Олдувей,
Магадевия, Соан мәдениеттерімен бір уақытта болғандығын көрсетті. Ғалымның
өз ойын негіздеуге арналған ғылыми еңбектері де жетерлік. Оның дүниеден
ерте кетуіне байланысты мұрасын жүйелеу, экспедициялық ғылыми есептерін
жариялау және де барлық пайымдауларын кешенді түрде зерттеу қажет деп
санаймыз. [26]
Артында өшпес мұра қалдырған Х.А.Алпысбаев Қаратау тас ғасырының
көптеген проблемаларын айқындап беріп кетті. Зерттеуші тапқан Бөріқазған,
Төңірқазған сынды бүкіл өлемге танымал ескерткіштер қатары соңғы жылдардағы
ізденістер нөтижесінде көбеюде. Қазіргі таңда ол барлау жүргізген Соркөл,
Үшбас т.б. ескерткіштер жайлы мәліметтер толықтырылып отыр.
Ж.К.Таймағамбетов, О.ААртюхова, В.Ф.Зайберт, Б.Ж.Аубекеров, В.С.Волошин,
Ғ.Т.Бексейітов, Ғ.Т.Исқақов және басқа да отандық археологтар еңбектерінде
бұрын Хасан Алпысбаев бастаған тас дәуірінің ғылыми ізденіс көші бүгінгі
күні өзінің ерекше жалғасын табуда. Әсіресе Қазақстан—Ресей біріккен
археологиялық кешенді экспедициясы жоғары деңгейде республика аумағында
жұмыс жүргізуде. Экспедиция 1992 жылы Ресей Ғылым академиясының Сібір
бөлімшесінің Археология және этнография институты мен ҚР ҒА Ә.Х.Марғүлан
атындағы Археология институты және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті археология және этнология кафедрасы негізінде құрылған
болатын. Басшысы — академик А.П.Деревянко. Қазақстан жағынан отрядқа
Ж.Қ.Таймағамбетов жетекшілік етеді. Экспедиция плейстоцен, голоцен
дәуірлерінің бірқатар ескерткіштерін зерттеді. Олар зерттеген объектілер
арасынан әсіресе Қошқорған-1, 2, Шоқтас-1, 2, 3 (Оңтүстік Қазақстан)
травертиналық ескерткіштері әлемге танымал болып отыр. Мұндай ескерткіштер
Европада, Қытайда, Жапонияда бұрыннан мәлім. Біздің елімізде тұңғыш рет
ашылып, зерттеліп отыр. Аталмыш ескерткіштер материалдарына қатысты
бірқатар іргелі еңбектер, ғылыми мақалалар жарияланды. Қошқорған кешені
геолог, палеозоолог т.б. мамандар тарапынан Қошқорған тас құралдарын алғаш
тауып зерттеген О.А.Артюхова болатын. Ол 1986 жылы қазба нәтижесінде
алынған артефактылардың көлемі кіші екендігін ескеріп "шағын индустрия" деп
ажыратып көрсетуге тырысты. О.А.Артюхова тереңдігі 4 м, көлемі 2х1м
тікқазбадан ірі жануарлар сүйектерімен бірге 2219 дана палеолит кұралдарын
жинастырады. Мұнда Ф.Борд саралаған Құралдардың 48 түрі кездеседі. Олар
зерттеуші пікірінше былайша топталады: леваллуалық — 12,5%; мустьелік —
53,3%; кейінгі палеолит — 2,6%; тістік — 6,5%. Қырғыштар басқаларына
қарағанда көбірек ұшырасады. Технологиялық, типологиялық көрсеткіштер
негізінде Қошқорған мустье дәуіріне жатқызылады. Ал, коллекцияның бір
бөлігін кейінірек ғылыми талдаудан В.С.Волошин өткізеді де, О.А.Артюхова
тұжырымдарының дұрыстығын мақұлдады. [27]
Казақстан—Ресей біріккен археологиялық экспедициясы көптеген басқа
сала мамандарын (геолог, палеонтолог, палинолог, палеопедолог, гидролог)
тарта отырып 1993—2000 жылдары Түркістан төңірегіндегі Қошқорғанда,
Қошқорған-2 және Шоқтас-1, 2, 3 ескерткіштерінде кең көлемді археологиялық
қазба жұмыстарын жүргізді. Ерте плейстоцен кезіндегі бұл өңірдің
палеогеографиялық жағдайы қайта жаңғыртылды. Кешендер материалдарына
техникалық-типологиялық сипаттама жасалып, Евразия ежелгі палеолитінің
шағын индустриясындағы осы ескерткіштер орны анықталды. Қоныстарға немесе
тұрақ-шеберханаларға тән техникалық-типологиялық ерекшеліктері (Қошқорған-
1, Шоқтас-1) қошқорған-шоқтастық ежелгі палеолит шағын индустриясын жеке
бөліп қарастыруға мүмкіндік берді. [28] Оның негізгі белгісі — бұйымдар
көлемінің шағындығы (орташа көлемі 3-5 см). Артефактыларды дайындауда
негізінен кішігірім жұмыртастар пайдаланылуы бұл кешенде өзіндік
технологиялық дәстүр болғандығын көрсететін секілді. Ежелгі адам еңбек
кұралдары төменгі плейстоцен кезінде өмір сүрген хайуанаттар сүйектерімен
травертиналарда қатып-семіп жатыр. Сондықтан да мұндай ескерткіш
материалдары ежелгі адам баласының өміріндегі аңшылық, күнделікті тіршілік
үшін дайындалған еңбек құралдарының эволюциялық дамуын көрсететіндіктен
отандық палеолиттануда зор маңызы бар. Қошқорған-1-де 1993—1994 жылдары
3436 дана-артефактылар жиналған. Негізі шикізат көзі — кварц. Одан
дайындалған құрал саны 1564 дана (46%). 1631 дана жарқыншақтар мен олардың
қалдықтарын, жұмыртастар мен олардың сынықтарын, тас қабыршақтарын
қоспағанда алғашқы жарықшақтанумен 1805 бұйым сипатталынады. Өзектас
секілді бұйымдар — 191, еңбек құралдарының жиынтығы — 428 дана. Ал 1997
жылы жинастырылған коллекцияда 226 дана артефакт бар. Алғашқы жаңқалануға
152 артефакт жатқызылып, бәрі ғылыми таңдаудан өткен. Өзектас секілді
бұйымдар — 33, құралдар жиынтығы — 19 дана. Жалпы, бұл объектіден
жинастырылған барлығы 5144 артефакт ғылыми ой елегінен өткізілген.
Қалғандарына (жарықшақ, сынықтар, қабыршақ, 1 см-ден кіші тас жаңқалары)
талдау ісі жүргізілген жоқ.
Қошқорған-2 ескерткіші Қошқорған-1 ескерткішінен 2,4 шақырым солтүстік-
шығыста орналасқан. 1997—1998 жылдары алынған материалдар саны — 44,
олардың 26 данасы қазба кезінде алынса, 18-і жер бетінен жиналған. 1999
жылы 13 дана ғана қосымша артефакт алынады. Археологиялық қазба жұмыстары
травертинаның сыртынан жүргізіледі. Зерттеушілер екі ескерткіш
материалдарын, яғни травертина ішкі жағы мен сыртынан алынған
коллекцияларды бір-бірімен салыстыра зерделеді. Әрі бұл объектілердің
хронологиясын нақтылауға мүмкіндік жасалды. Түрлі геологиялық қиындылардан
алынған артефактылар ескерткіш мерзімділік ауқымын көрсетіп қана қоймай,
мұнда ежелгі адамның бірнеше рет мекендегенін де айғақтайды. [29]
Шоқтас-1 материалдарының мерзімі Қошқорған ескерткіштерімен ұқсас. Ол
Қошқорған ауылынан 12,7 шақырым солтүстік-шығыста орналасқан. Басқа
травертиндік объектілерге қарағанда қазба жұмысының ұзақ жүруі, мұндай
ескерткіштерге қатысты көптеген проблемаларды шешуге жағдай жасады. Мәдени
қалдықтарды өз құрамында сақтаған травертиндер екі түрге — литоид
(төменгі), дендрит (жоғарғы) болып бөлінеді. Қошқорған мен Шоқтас травертин
шөгінділерінің қалыптасуында бес кезең анықталған. ЭПР әдісімен
алынған алты дата: бұдан бұрынғы 500+70 мыңжылдықтар мен 40±12 мыңжылдықтар
аралығында. Сүйек калдықтарының датасы: бұдан бұрынғы 501±23, 487+20,
470±35, 427±48 мыңжылдықтар. Шоқтас 1-де ені 1,5 м, ұзындығы 5 м траншея
қазылып, травертиндік дөңгелектің ішкі-сыртқы жақтары қамтылады. 2000 жылы
бұл траншея солтүстік шығысқа қарай (ені 2 м) 11 м-ге ұзартылады. 3,1 м
тереңдіктен су шыққан соң жұмыс тоқтатылады. Алынған материалдар бұрынғы
мәліметтерге еш өзгеріс әкелген жоқ. Сондай-ақ 5 жерден түрлі
көлемде тікқазба түсірілген. Шартты түрде бөлінген мәдени қабаттардан
алынған № 1 коллекцияда 410 дана, № 2 коллекцияда 1928 дана, № 3
коллекцияда 1479 дана, № 4 коллекцияда 336 дана, № 5 коллекцияда 280 дана,
№ 6 коллекцияда 14 дана артефактылар бар. Олар техникалық-типологиялық
жағынан Қошқорғанға жақын.Осы ескерткіштен 800 м түстікте Шоқтас-2
орналасқан. Жер бетінен 178 дана артефактылар жиналған. Шикізат көзінің
үлес салмағы, алғашқы жаңқалану мен құралдар жиынтығының пайыздары
жоғарыдағы ескерткіштер материалдарына, әсіресе № 2 коллекцияға ұқсас.
Бұдан 1,44 шақырым солтүстікте жатқан Шоқтас-3 материалдары (155 дана) да
осы № 2 коллекциямен сәйкес.
Бұл ескерткіштердің айқын немесе әрқилы бейнелі деректері
Қазақстандағы палеолит мәдениеті эволюциясын түсінуге, осы өңірде тіршілік
еткен ежелгі тұрғындардың шаруашылық жүйелерін қалпына келтіруге көп
жәрдемін тигізді. Ескерткіштердің бірінші ерекшелігі сыртқы құрылысында
болса, екіншісі тас құралдарының жасалу әдісінде. Осы экспедиция зерттеген
өзінің маңыздылығы жағынан жоғарыдағы ескерткіштерден кем түспейтін
палеолиттік тұрғын жайдың бірі — Қызылтау-1. Ол Қаратау қаласынан
солтүстікке қарай 20-22 шақырым жерде орналасқан. 1994—1996 жылдары зерттеу
барысында алынған құралдар саны 17,5 мың данаға жуық. Олардың бес мыңы сол
жерде ғылыми талдаудан өткен. Бұдан басқа бірнеше орындар белгіленгенімен,
әлі жарияланған жоқ. Қызылтау-1 материалдары алғашқы жаңқалану мен құралдар
жиынтығы секілді екі негізгі белгілері бойынша ең алдымен Бөркіқазған,
Тәңірқазған ескерткіштеріне ұқсас. Дефляциясына қарай құралдар индустриясын
өте қатты, орташа, әлсіз (дефляциялы) түскен деп үш топқа жіктеуге болады.
Мұндағы құралдарға алғашқы жаңқалану леваллуа технологиясымен
сипатталынады. [29]
Экспедицияның барлау отряды Шудың орта ағысындағы Тасөткел су қоймасын
зерттеу барысында 70 м-дей жазықтықтан 45 дана тас
құралдарын теріп алады. Олар: алғытұрпат (преформа) – 5 дана, өзектас – 5
дана, өзектас секілді тұрпат – 1 дана, жарықшақты жұмыртас – 1 дана,
сияқты құрал – 1 дана, қырғыш – 3 дана, ойық ізді құрал – 1 дана, леваллуа
үшкірі – 2 дана, түзетілген тас тілігі – 1 дана, тас жаңқа – 24 дана,
кішігірім тас тілікшенің медиаль бөлігі – 1 дана. Dejete түріндегі қарулар
Алтай ескерткіштерінде көп кездеседі. Соған қарап зерттеушілер Тасөткел
коллекциясын осы мәдени-тарихи өңірдегі стратиграфиялы тұрақ материалдарына
ұқсас деп табады да, алынған құралдарды кейінгі мустье уақытына жатқызды.
Қаратау өңірінің палеолит жөніндегі зерттеу жұмыстарын қорытындылай
келе, аймақ соңғы 50 жылда ғана зерттелді. Арасында үзілістер көп болып
тұрды. Айта кету керек палеолит дәуіріне қатысты көптеген проблемаларды
шешуге осы уақытқа дейін жиналған тас құралдары жеткілікті. Әсіресе
республика палеолитін кезеңдеу мен хронологиясын жасауда біршама жұмыстар
жүргізілген. Бұл мәселелер жөніндегі Х.А.Алпысбаев, АТ.Медоев,
Ж.К.Таймағамбетов пайымдаулары көп. Айта кететін бір жайт, мустье
кешендерінің материалдары басқа дәуірлерге қарағанда өте көп ұшырасады.
[30]
Республикада мустье сипатын археологиялық қазба деректері негізінде
нақтылаған зерттеушілердің бірі — О.ААртюхова. Ол мынадай ой өрбітеді:
"Қазақстан мустьесі төмендегідей варианттардан (мәдениет, фация) тұрады:
мустье леваллуа (Ақтоғай); типті мустье (Қошқорған); мустье-соан (Мұзбел);
тісті (зубчатое) мустье; леваллуа фациясындағы ашель дәстүрі сақталған
мустье (Сары-Арқа өңіріндегі ескерткіштер)". Мустьемен қатар Қазақстанда
леваллуа-ашель мәдениеті байқалатындығы да айтылады.
Отандық палеолит кешендерінің, әсіресе кейінгі палеолит хронологиясын
анықтау күрделі мәселелердің бірі. Оны шешуге біріншіден - өлкеміздің
жеріндегі тас дәуірі объектілерінің әлі тыңғылықты зерттелмеуі, екіншіден —
тас артефактыларының жер бетінде ашық жатуы, үшіншіден — геоморфологиялық
жағдайды талдауға геологтардың өз араларындағы пікірлерінің алшақтығы
кедергі болып отыр. Қазақстан палеолит музейіндегі тас құралдар қорымен
танысу барысында біз Қаратаудағы (Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тұрақ,
Қызылрысбек, Байқадам т.б.), Солтүстік Балқаш төңірегіндегі (Хантау, Жамбыл
т.б.) ескерткіш материалдарында кейінгі палеолитке жататын дефляциялы
қарулардың басқаларына қарағанда басым екеңдігін байқадық.
Қаратау аймағын зерттеушілердің алдында тұрған міндеттердің бірі —
регионда шоғырланған ескерткіштер орналасуын шағын аудандарға бөлу арқылы
ескірткіштердің негізгі жеке және ортақ ерекшеліктерін айқындай түсу. Мұны
жасауға алғашқыда Х.А.Алпысбаев талпынған еді. Зерттеуші Қаржантау мен
Қараоба өңірін жеке мәдени шағын аумаққа бөлгісі келді. Алынған мағлұматтар
іргелес өңір материалдарымен байланыстырыла қарастырылған еді. Мұндай шаруа
еңбек кұралдарының тек типологиялық-техникалық белгілеріне ғана емес
кешендік зерделеулерге негізделуі керек. Яғни қарулардың қолданыстағы
қызметін, экологиялық жағдай, алғашқыда таңдап алынған материалдардың тас
құралдар тұрпатына тигізген әсерін, тас кұралдарының сапасын, тұрақ
сипатын, егер бірнеше мәдени қабатты ескерткіш болса, онда әр мәдени
қабатының индустриясын бөліп көрсеткен жөн.

1.2.Батыс Қазақстан тас ғасыры ескерткіштерінің
зерттелуі

Қаратаудан кейін маңызы жағынан зерттеушілер назарына іліккен
Каспий теңізі мен Үстірт аралығындағы Маңғыстау болып табылады. Өлке
солтүстігінде Комсомол шығанағымен және Өлі Қолтық сорымен, оңтүстігінде
Қарабұғазкөл шығанағымен шектесіп жатыр. Түбектің орталығындағы Маңғыстау
таулары Ақтау және Қаратау жоталарына бөлінеді. Жоталар пермь, юра, триас
және бор дәуірлерінің кұмтас, бор жыныстарынан түзілген. Көптеген кұрғақ
ойыстар Маңғыстау жер бедерін күрделендіре түседі. Өңірдің тас ғасыры
туралы А.Г.Медоев 1967 жылы мамырда КСРО ҒА Сібір бөлімінің тарих,
филология және философия институты Археология секторы кеңейтілген
мәжілісінде өзі теріп алған тас индустриясы үлгілерін көрсете отырып
баяндама жасап, көпшіліктің ықыласын аймақ тас дәуіріне аударған еді.
Маңғыстауда АТ.Медоев 1966—1969 жылдары көптеген объектілер ашып,
зерттеді. Бір өкініштісі солардың ешқайсысы да толығымен жарияланған жоқ.
Қазіргі таңда АТ.Медоев пен оның ширектік геология мен геоморфология
секторындағы әріптестері 1960—1979 жылдар аралығында жинаған 200 мың тас
құралдары, әсіресе Маңғыстаудан алынған заттар әлі күнге дейін әл-Фараби
атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология лабораториясында
сақталынған.
КСРО ҒА Ленинград бөлімшесі Археология институтының Астрахань
экспедициясының жетекшісі — А.Н.Мелентьев Батыс Қазақстанда археологиялық
ескерткіштерге 1967—1969 жылдары барлау жүргізеді. Экспедиция Маңғыстаудан,
дәлірек айтсақ Түйесу құмдарының оңтүстік жиегінен Сенек ауылының жанынан
жоғарғы палеолит уақытының тұрағын ашты. Мұнда Шақпақ тастан дайындалған
тас тіліктері, өзектастар мен бұйымдар, тас жаңқалары табылды. [31]
1985 жылы Маңғыстау тарихи-өлкетану мұражайы мен Ш.Ш.Уәлиханов
атындағы Тарих, археология және этнография институтының тас ғасыры
ескерткіштерін зерттеу отряды (жетекшісі — Ж.К.Таймағамбетов) Сарыташ
шығанағы төңірегінен палеолиттік Өнежек-1, 2 тұрақтарын ашты. Ауданда
шақпақтас жыныстары көп. Жиналған материалдар типологиялық жағынан әркелкі.
Өзектастар мен олардың тұрпат-дайындамасы , симметриялық тас тіліктері бар.
Екінші рет өңделген бұйымдар аз. Ж.К.Таймағамбетовтың бұл өңірде жүргізген
жұмыстары А.Г.Медоевтың ерте тас дәуіріне қатысты пайымдауларын айқындай
түсті. Себебі Өнежек кешендерінен алынған тас жаңқасынан жасалған
кливерлер, колундар олдувай мәдениетімен үндеседі. Ол Қазақстан аумағы,
оның ішінде Маңғыстау жері Ескі Дүниеге кіретіндігін тағы да дәлелдей
түсті.
Казақстан—Ресей біріккен археологиялық экспедициясы 1998 жылы
Маңғыстауда археологиялық жұмыстар жүргізді. Барлау кезінде артефактылары
жер бетінде ашық жатқан 6 палеолиттік орын белгіленді. Бұл орындардан
алынған коллекциядағы материалдар морфологиялық нышандары бойынша әркелкі.
Кешендерде бифас секілді өнделген бұйымдар да бар. 1999 жылы экспедиция
Маңғыстауды Үстірттен бөліп тұрған ойыста, Үстірттің батыс кертпешінде,
Бостан құмдарында, Құланды кертпешінде, Қарашек тұзды көлі территориясында
жұмыс жүргізу нәтижесінде 11 жаңа палеолит орындарын ашты. Зерттеушілер көл
маңындағы 9 және 13 пункттерді болашақта жүргізілетін қазба жұмыстарындағы
маңызы зор орындар деп есептеп отыр.Кезінде А.Г.Медоев Маңғыстауда адам
баласы кейінгі плиоценде өмір сүрді деген пікір айтқан. Ғалым Маңғыстаудағы
тас ғасыры ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстандағы тас дәуірі
Адамзаттың ежелгі тарихының негізгі кезеңдеріне жалпы сипаттама
Палеолит дәуірі
Қазақстан территориясындағы тас ғасыры
«Қазақстанның ежелгі дәуір тарихы» пәні бойынша практикалық (семинар) сабақтарына арналған оқу-әдістемелік нұсқау
Орталық Ферғана аймағыдағы мәдени мұралар
Тас дәуіріндегі Қазақстан
Энеолит мәдениеті
Қазақстан аумағындағы тас және қола дәуірінің ескерткіштері
Ежедгі тас дәуірі
Пәндер