Ақтан Керейұлы



1.АҚТАН КЕРЕЙҰЛЫ
2.Ақтан ақынның шығармашылық өмірбаяны
3.Ақынның әдеби мұрасы)

Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 14 бет
Таңдаулыға:   
АҚТАН КЕРЕЙҰЛЫ
(Ақтан ақынның шығармашылық өмірбаяны мен әдеби мұрасы)

Жұбаназар Асанов,
филология ғылымдарының докторы.
Ақтөбе қаласы

Тамыры бағзы түркі әдебиетінен нәр алып, сарыны қазақ даласына кең
жайылған ұлы өнер көшінің бір керуен басы ретінде сарыарқаға тегіс танылып,
дақпырты сонау Бесқала, Түрікпен жеріне дейін кеткен, киіз туырлықты
жұрттың түндігін жырмен тербеген Ақтан Керейұлы тарих төрінен, әдебиет
көгінен тиесілі орынын ала алмай жүрген дүлдүл. Бұған не себеп? Хас өнердің
көгінде, халқының төрінде шалқыған азулы ақын, көзі қарақты жандардың
көкірегінде сақталғанымен қағаз жүзінде көп таңбаланбаған. Бүгінге
мұраларынан жұқана ғана жетті. Ол да күл астындағы шоқтай маздай алмай
жатыр. Ал, қанынан тараған ұрпақтары жайлы бірде – бір сөз қозғалған емес.
Немересі, қуғынға түскен әкесінен ерте айрылып, Орынбор жағында ғұмыр кешіп
жатқанын ешкім біле бермейді де. Марғаулығымыздан былтыр, 2010 жылы 160 –
жылдық мерейтойы атаусыз қалды.
Жалпы Қазақстанның батыс өңірінің XVII-XIX ғасырлардағы ауыз әдебиетіне
көз жүгірткенде белгілі ғалым Қ. Сыдиықовтан аттап кете алмаймыз. Маңғыстау
мен Атырау даласын сүзе зерттеген ғалымның арқасында Ақтан аты да біраз
дәріптелді. Толғаулары жинақталып Ақберен, Бес ғасыр жырлайды, Ай,
заман - ай, заман - ай сынды кітаптарға енді. Қабиболла ағамыздың соңында
қалған мол мұрада тың деректер болары анық. Қолға алған істі індетпей
тынбайтын әдетімізбен Қ. Сыдиықұлының жары Гүлшат Омаровамен тілдесуге бел
буып, Алматы сапарладық. Гүлшат жеңгеміз сыртына Ақтан Керейұлы деп
жазылған үш-төрт папка ұсынды. Бірақ айтарлықтай тың мәлімет кезікпеді.
Бәрін ғалым ағамыз көзі тірісінде кітаптарына енгізіпті. Тек, Ақтан
айтқан делінетін Төлеп-Қармыс дастанын олжаладық. Қабекеңнің меншікті
кабинетіне кірсеңіз сықап буылған мешкей папкалардан көз тұнады. Бәрін
ақтаруға дәтіміз бармады. Дегенмен Кете Жаскілең, Табын Жаңаберген ақындар
жайлы деректерге қол жеткіздік. Ақтан жайын Қ. Сыдиықұлынан артық білер
пенде табылмасы анық. Амал нешік қолда бар деректерге сүйенуге мәжбүрміз.
Бүгін де Ақтан турасында әдебиеттанушылар жазып жүр дейік, әйтсе де
терең бойлап тірілткен емес. Егемен елдігімізге сай жаңаша көзқарас
тұрғысынан анықтай түсер жерлері де баршылық. Қара басы халқы ішінде ханнан
кем сыйланбаған жүйріктерінің есімін қағаберісте қалдыру қанымызда жоқ
қасиет еді.
Сонымен, Ақтан Керейұлы кім?
Әңгімені әлқиссадан өрбітсек, тамырын қалың Адай қонысы Маңғыстау
түбегінен алатын саңылақ, мырза халқының ырза көңілінен туған жүйрік
деген атқа лайықты бесеудің бірі.
XIX – ғасырдың белесінде Қазақстанның батыс аймағын, оның ішінде
Маңғыстау, Кеңжылой, Жем, Сағыз, Ойыл, Хобда даласын жайлаған қалың ел
ортадан оза шапқан өнерпаз жігіттерді саралап Жеті қайқы, Бес сері
атандырды. Жеті қайқы – жігеріне өнері сай жыршы, әнші, компазитор,
күйші, ақын... бойына тоғыз өнер тоғыстырған Өскенбай, Шолтаман, Жылкелді,
Әділ, Тастемір, Тұрсын, Досат сынды жеті дарабоз болса, бес сері атанған
айтулы ділмарлар Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай: тұстас ғұмыр кешкен
сөз алыптары-тұғын.
Осы бестіктің бел ортасында тұрған Ақтан – дәуренінде небір аламаннан
алқынбай келген бәйгекер, шұбалаң құйрық шұбар, тұстастарының көбі үлгі
алып, кейінгі буын дерлік өнеге тұтқан сахиб. Жас шамасының үлкендігіне
қарамай:
Абыл, Нұрым, Ақтаным,
Осылар еді тақтағым.
Осылай деп маған үйреткен,
Тарихтың ескі ақпарын, – деп Қашаған Күржіманұлының өзі төбесіне
көтерген. Ақтан шын мәнісінде осындай абырой - атаққа лайықты ақын еді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ғұмыр кешкен
ділмәрдің дақпырты Қазақ жерінен әрі асып, Орта Азия елдеріне кетеді.
Әйтседе, өлең - жырларының үзінділері әр жылдары, әр жерде жарияланғанымен
осы уақытқа шейін толық жинақталмай, зерттеусіз келді.
Атырау, Маңғыстау, Хорезм даласына мәлім Абыл бастаған ақындық -
жыршылық ортадан тәлім алып, осы дәстүрді дәріптеп ілгері дамытқан жүйрік
әрідегі Сыпыра, Шалкиіз, Қазтуғандардың терме - толғауларын санасына
сіңіріп, Еділ-Жайық бойына кең тараған Махамбет, Шернияз мұраларынан терең
сусындаған. Көнекөз жыраулар өнегесімен өлеңді табан астында шығарып, кезі
келген жерде төгіп-төгіп айтып тастап жүре берген, сондықтан туындыларының
көпшілігі ұмытылған.
Қ.Сыдиықов өз еңбектерінде былай деп жазады: Ақтанды көзі көрген,
туысы Әмірше Мұттахиев Ақтан аласа бойлы, сары өңді кісі еді. Екі үйіміз
араласып тұратынбыз. Домбыраны қолына жай ғана ұстап, өлеңді қолма-қол
құйылта беретін. Қанша айтса да мүдірген, не шаршаған кезін көргенім жоқ,
–деген еді. (Сыдиықов Қ. Ақын-жыраулар - Алматы. Ғылым, 1974 ж.146-б.)
Аласа келгенімен епті, қалжыңға қарымды, білегі қарулы болса керек.
Бірде ол ірі денелі құрдасымен белдесіпті. Дәу тұлғасымен қапсыра құшып
томашадай ақынды көтеріп алған құрдасына көтеруін көтердің – ау, енді
жығуында мән бар ғой деген екен. Құрдасы қалай қисайтса да аяқпен түсіп,
ақыры үстіне құлапты. Астында жатқан кісі сені жықпай қоймаспын деп
бұлқынса, үстіңде жатқан адам оңайлықпен астыңа түсе ме? Өзіңнің күшің бір
жоқ болса, ақылың екі жоқ екен ғой депті.
Шежіре кеуде Қайшыбай қарияның сөзіне үңілсек, Ақтан, хат таныр
жандардың көрінгені өз толғауларын қағазға түсіргенін қаламаған. Қайшыбай
қарт жеті қайқының бірі Кенже Әділ Өтеғұлұлы (Кенже – руы) туралы айта
келіп, Ақтанның жыр толғауларын Әділ жазып алғысы келеді. Ақтан: Шырағым,
жыр-толғау киелі өнер еді, дұрыстап, қадірлеп айта алсаң жақсы. Айта
алмасаң киесі ұрады-ғой, – деп жаздырмапты. Бірақ Әділ Ақтан аузынан
естігендерін, өзі жадында ұстап, қалғандарын дастархан сияқты үлкен қағазға
жазып, бүктеп-бүктеп алып жүретін...-дейді. (Сыдиықов Қ. Таңдамалы. 2-т.-
Алматы. Арыс. 2006ж. 415-б.)
Бұдан ақынның өнерге таза берілгендігін байыптаймыз. Алла берген
талантты періштедей әлдилеген пәк жүректен шығатын сөз ғой бұл, әйтпесе
Әділ де талайды бас шұлғытқан, жезтаңдай әнші, сазгер, әйгілі өнерпаз.
Ақтан Керейұлы (1850-1912) Маңғыстау даласын қыстап, Ақтөбе (Жем,
Сағыз, Ойыл, Хобда) өңірін жаз жайлаған көшпенді қазақ ұлы.
Тегі Адайдың Жеменей Кенжесі, оның Қойсары аталығынан, Қойсарыдан
Барғана, одан Абдолла, одан Керей, Керейден үш бала: Жамансары, Ақтан,
Тұрғанбай.
Атасы Абдолла – ел аузында әңгімелері қалған айтулы сыншы көрінеді.
Немересі жарық дүние есігін ашқанда, азан шақырып, Бұл бала ақтан ішкен
ақын болар ма, атын Ақтан қойдым, – депті. (А. Келімбердиев. Ерлер есімі –
ел есінде. Ақтөбе. 2011ж. 25-26-бет.).
Өз әкесі Керей еңбегімен күн көрген ортаңқол шаруа екен. Ағасы
Жамансары ділмар-шешен, інісі Тұрғанбай ел сыйлар азамат болыпты.
Анасы бес Жамбоздың (Бәйімбет) Айымы, Есенкөбек ауылының қызы.
Ал, ақынның кіндігінен өрген ұрпақтары жайлы дерек мардымсыз. Ұлы
Бақтияр да ақын һәм діни сауатты жан екен.
Түрікпенадай Есек Абдолла хазірет Жаналыұлымен сыйлас жүрген ақын
баласы Бақтиярды сол Абдоллаға мүрит етеді. Өзі қыс - қыстауға Самға қарай
көшкенде Сағыз бойындағы ағартушыға оқуға тастап кетіп, жаз шыға соғып
ұлының жайын сұрағанда, хазірет, балаң да өлеңге жақын, әркімді түрткіштеп
өлең шығарып отырғызбайды, жаныңа ерітіп өнерге баулысаң қайтеді? десе
керек. Бірақ, ақын баласының білім алғанын жөн санайды. Сөйтіп Бақтияр
Абдолла Жаналыұлының тәрбиесінде діндар боп өседі. Хазіреттің шәкірттерін
қудалағанда ауа көшіп, Орынбор жаққа, Тұзтөбе төңірегінен пана тапқан.
Бақтиярдың қызы Әмина сол өңірде тірлік кешуде дегенді естіп, арнайы іздеп
барып жолықтық. Тектінің тұяғы жасы 87- ге келсе де Ресейдегі, бетпақтағы
селеудей селдіреген азғана қазақ шаңырағының ұйтқысы секілді. Ақтанның
ұрпақтарынан менің білетінім Сүлеймен мен Бақтияр. Сүлеймен жайынан
хабарсызбын. Бақтиярдан Сағидолла, Хамидолла, Ғұбайдолла және мен – Әмина.
Ағаларым соғыста өлген шығар, анығынан бейхабармын. Әкем, Бақтиярды молда
деп Әділғазы, Кетенің жүйрігі дейтін бір кісі (атын білмеді) үшеуін
қыстың күні ұстап алып кеткен көрінеді. Содан оралмады. Өзім 24 - ші,
(1924ж.) тышқан жылғымын. Шешем Зейнеп. Руы Медет. Кәрі шешем Тәжі.
Тінейдің қызы... Ақтан атамның кемпірі осы Тәжі шығар... қайдан білейін.
Көп қиындық көрдік қой, шырағым, есте не қалсын, – деп уһілеген
кейуананың қарынының ашқанына емес, қадірінің қашқанына күрсінері
сезіледі.
Ақынның өзі де ескіше хат таныған. Бұл жөнінде: Сағыз стансасының
тұрғыны Кемал ақсақал оның көп оқыған, дүниеқұлы адам екенін, Дүйсеке
хазіретпен бірге сауат ашқанын баян етті. (Кемал – Жеті қайқының бірі
Кенже Әділ Өтеғұлұлының баласы. 1928 жылы туған). Кемалдың дерегіне ден
қойсақ: Деңгейі білім қуғандардың көбінен жоғары болса керек. Сондай
білімдар өлең қуып жүр дегенді естіп, Дүйсеке алғашында сенбепті. Бірде
ақын хазіретті іздеп келеді. Үй сыртында аттан түсіп жатқанын естісімен
Дүйсеке қарсы алмақшы боп, желбегейін жамылып тысқа шыға берсе, Ақтан кіріп
келеді екен. Екеуі босағада жолығып, біреуі табалдырықтан беріде, біреуі
әріде көрісе бере шайыр өлеңдетіп төгіп жібереді. Дүйсеке сықырлауыққа
сүйеніп ұйықтап кеткен адамша үнсіз тыңдап, өлең біте сала: Апырай, бір
көрсем деп жүр едім, айтып жүрген әңгімең мынадай болса тар лақатқа
кіргенше сөйлей беруге болады екен депті.
Кейбір мағлұматта сауаты ас көп болмаған делінеді. Біздің айтпағымыз
оның сауаты емес, ақындығы.
Ақтанның төңірегін қолдан келгенше түгендедік, енді өз басына келсек,
өлшеулі өмірін өнерге арнаған дарабоз азулы айтқыштығымен даңқын асырып,
халқының көңілінен ойып орын алып, әдебиет тарихының парағына өзіндік
таңбасын қалдырды. Бақ маңдайына емес, таңдайына қонған дуалы сөз иесі
заманында ақындарға тігілген бәйгенің көбін олжалаған. Аламаннан алды бос
қайтқан кезі сирек екен. Көп жасағандар солай сөйлейді. Сондай доданың
бірін шежіреші қарт А. Келімбердиев былай жеткізеді: Астарханның жоғарғы
жағында Еділдің бойында Қаналы төре қыз ұзатқалы той қылып, бүкіл үш ананың
(Кіші жүз: Алты Әлім, Жетіру, Байұлы) баласын тегіс шақырады. Жиында бұрын
– соңды болмаған аламан домбырашылар сайысы мен ақындар айтысы өтетінін
хабарлайды. Әр ана – Байұлы, Әлімұлы, Жетіру – таңдап тұрып бір – бірден
нағыз шығашап ақын, домбырашы шығару керек болады. Байұлы бас қосып кеңесе
келе адай Ақтан ақын мен Есентемір Есбай домбырашыға тоқтайды. Жетірудан 17-
18 жас шамасындағы Науша қыз, Әлімнен Тоғызбай күйші келеді. (Бұл Есбай
күйшінің әйгілі Терісқақпай күйін шығарып тартып жеңіске жеткен жиын
болса керек).
Өз кезегінде Ақтан домбырасын шалып – шалып жіберіп: Мына ұзын от,
тұнық судың көп пайдасы бар екен, бұл елдің жақсыларының бәрі дүниеден
өткен екен де, жамандары қалып қойған екен – ау, - деп мына жолдарды
айтыпты:
Бізде кәрі де өтті қаусаған,
Азды –көпті байқаған.
Жаралы да өтті жау табан,
Бұл дүниенің жүзінде,
Қаса соры қайнаған.
Нәресте сәби о да өтті,
Болған соң бұйрық Алладан.
Жазмыштан озмыш болмайды,
Жазылған соң озалдан.
Жандай шап та өтті жалпыған,
Қазымыр менен қыршаңқы,
Олар да өтті дүниеден,
Біреудің жанын жаралаған.

Бұдан әрі, елдік, ерлік, татулықты дәріптей келіп:

Түрікпен, Өзбек өз ағам,
Тәжік пен Сарт сақ ағам,
Қырғыз, Қалпақ, Ноғай бар,
Башқұрт пенен Татарлар,
Шежіреде бәріміз,
Бір түріктен таралған... дей келе ұзақ жырлапты.
Осы тойда ақындарға арналған бәйгені Ақтан алыпты. (А. Келімбердиев.
Ерлер есімі – ел есінде. Ақтөбе. 2011ж. 25-бет)
Абыл ақсақал ұсынған жоғарыдағы жыр жолдары ұзақ толғаудың қиындысы
ғана. Қиыннан қиыстырар айтқыштың үш ананың баласы бас қосқан аламанда
тасыған өзендей шалқығаны күмәнсіз. Небір асыл сөздері желге ұшқан жыр
тұлпарының, бүгін, тұрманын түгендей алмасымыз хақ. Әйтседе қолда бар
мұраларының құнын білгеніміз абзал. Осы жолдардан оның арғы - бергі тарихты
терең меңгергендігі көрініп тұр. Түрікпен, Өзбек, Тәжік, Қырғыз, Қалпақ,
Ноғай, Башқұрт, Татар жұртының түп тамыры бір түркі екенін нық сілтейді.
Бір өкініштісі осындай шежіреден тарқата төккен толғаулары бүтін жетпеді.
Қу домбыраны серік етіп қызыл тілін безеп, тыңдаушысын құйындай үйіріп,
байрақты бәсекелерде бәйге алған бабамыз көшпенді жұртының бізге дейінгі
өмір жолын бүге - шігесіне шейін білген, біліп қана қоймай құлақ
түргендерге әсерлі жырымен тәмпіштеп жеткізіп өткен. Бұл бұрынғы ақын
-жыршылардың өнегелі істерінің бірі. Яғни, жұртының көкірегіне отты
жырларымен сәуле құйған ағартушы десе де жарасады.
Сақилықпен көп кездім,
Әлімұлы, Байұлы,
Тама, Табын, Жетіру –
Кіші жүздің аймағын, – деп өзі айтқандай Орынбор, Жайық, Ойыл,
Қиыл, Жем, Сағыз, Атырау, Маңғыстау өңірлерін аралап Нұрым, Қашаған,
Қоспақ, Жаскілең, Бітеген, Нұрпейіс, Құлманбет сияқты ақын, жыршылармен
достық қатынаста болып, құнарлы толғауларымен жұрт көңіліне жол тапқан
дүлдүл мәнсіз сөйлемейді. Бойына біткен өнерді күйбең тірлік, жылтыраған
боқ дүниядан биік қояды. Мал-мүлікке сөзін саудалаған саудагер жыршыларды
ұнатпайды.
Кейбір жаман жыршылар,
Әшейінде ақтарып,
Сатып жүр жырын теңгеден.
Менің сөзім аяусыз,
Аға менен жеңгеден.
Қара бас қамын ойлап, бай-манаптарға жағынар жыршың бұл емес.
Сөз дегенің бұйым ба,
Сөйлемегім қиын ба?!
Талай-талай сөйледім,
Сатырлаған жиында, – дейді ол.
Бұл сөздерінен арынды жүйріктің, талай дүбірлі додалардың, қайнаған қан
базар, жәрмеңкелердің көрігін қыздырған серілігін аңғарамыз.
Қаумалап халқым келгенсін,
Селдетпей топан-жел сөзді,
Көрінбейін бекер жек.
Менің айтқан сөздерім,
Таңдайыңа татымас,
Абыл менен Нұрымнан,
Дәніккен жұртым секер жеп.
Осылайша ұстаздарын ерекше бағалай отырып жыр төккен, бұрынғы жыраулар
мұрасына мол қанығып, кең даланың қадір қасиетін бойына сіңірген, көшпелі
жұрттың көреген ұлының, тау бұлағындай тасқындаған жырлары ойнақы, ойлы да
отты, бейнелі сөздерге бай болып келеді. Онда пессимизм байқалмайды,
күрес, бабадан қалған өр рух басым. Халық арасындағы келеңсіздіктер
мен тірлік тауқыметі, заман жайлы тапқыр ой, татымды сөздерін жымдастырып
өткір де серпінді толғаулар төгеді. Талантты өнер адамдарының көбісінің
қыр соңынан қалмай, желкесіне мініп келген қу жоқшылық та қазақтың қайсар
перзентінің рухын сындыра алмайды. Мұңаю, зарланып түңілу байқалмайды.
Мен – ақбауыр кер жорға,
Әдемі басқан аяғын.
Қарасаң көзің жеткісіз,
Жылмиып жатқан даламын.
... Жоғарыдан аққан Жайықпын,
Теңізге құйған аяғын.
Күн шығыстың күшті желімен,
Ылайлатып ағамын.
Еркін шалқыған жырларында сарнаған жел сөз, сырдаң теңеу жоқ. Ойының
кеңдігі, қиялының өрлігі көрінеді. Ақын тым асқақ. Тасыған тау өзенінің
суындай екпінді жыр оқып отырған адамын өзімен бірге еріксіз үйіріп,
тереңіне алып кетеді.
Мәнді де нәрлі толғауларымен қатарынан оза шапқан сөз зергерінің тілге
тиек қылғаны көбіне – өмір өрнегі, замана қайшылықтары, философиялық
ойлар, ақыл-нақылдық сөздерге толы жүйелі жырлар. Тірлікте, адам басында
кездесетін әртүрлі жайларды өлеңмен өріп, шымыр жеткізе біледі.
Кәріліктің белгісі,
Көңілдің хошы келмеген.
Жарлылықтың белгісі,
Жанын қинап өлмеген.
Жалғыздықтың белгісі,
Өзіне өзі сенбеген.
Батырлықтың белгісі,
Жасқантып жауын дендеген.
Ақындықтың белгісі,
Өнермен өрге өрлеген.
Сахилықтың белгісі,
Халықтың қамын көздеген.
Кәрілік, жарлылық, жалғыздық, сақилық, батырлық, жүйріктік ұғымына орай
өмірден түйген тұжырымдар, тіршіліктің сан қилы мәселелері жайынан мағыналы
пікірлерлер шертеді.
Ақын туындыларына салдыр-салақ қарамайды. Кесек сөз, көрікті
теңеулерін келісті ұйқаспен керемет жымдастырады.
Қалағандарың сөз болса,
Мен жырлауға құмармын,
Шұбалаң құйрық шұбармын,
Шапқан аттай саулаймын,
Жанған оттай қаулаймын.
Не қылғанмен дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын.
Ұйқастың ұтымды орын алуымен қатар толғауларында келісті эпитет,
метафора, градация да орынды қолданылған. Аллитерация да, ассонанс та бар.
Бұндай көркем шумақтар белгілі ақындардан да кездеседі, бірақ, жал-құйрығы
төгілген шұбар, (қазақ жүйрікті шұбар, мәстекті торы, сәйгүлікті ақбоз
деген ғой) саулаған жүйрік, қаулаған от, басына бұлт қонып бұлдыраған
тау... тек Ақтан да ғана.
Академик З.Ахметов өзінің Өлең сөздің теориясы атты университеттер
мен педагогтық институттардың филология факультеттеріне арналған оқу
құралында, Ақтан ақыннан мысал келтіре отырып: Кейде теңеуге метафора
түрінде қолданылған бейнелеу де ілесе туады. Мысалы Ақтан (Керейұлы)
ақынның:
Қатты жауған жаңбырдай
Алдарыңда қаптайын, -
деген жолдарында бейнелеу теңеуден басталып ары қарай метафораға ауысқан.
Ақын өзін алдымен жаңбырмен жай ғана салыстырса, одан әрі сөзді төгілтіп,
саулатайын деген ойын қалың жаңбырдай, қаптайын деп астарлап айтады –
дейді (3. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы.- Алматы 1973 ж. 22-б.).
Сонау заманғы асыл текті аталарымыздың салт-дәстүрі, жойқын
жыраулардың мінезі, тілі қанына сіңген, шешендік бойына ана сүтімен
дарыған, далиған даладай дархан жырлы ақын мұраларында мұндай астарлы
сөздер мол.
Ақтанда Бұқар жыраумен үндес келетін жерлер де байқалады.
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбазқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Ер шұғыл пасық залымның,
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкіл көйлек кимеске.
Бұхар осылай Алладан он бір тілек тілесе, Ақтан риторикалық сұрақ-жауап
айшығымен толғап, өмірде кездесетін жамандық атаулыны тізе келе:
Біріншіден не жаман,
Білімсіз туған ұл жаман.
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы, зерттелуі
ХІХ ғасыр қазақ әдебиетінің зерттелуі
Сыр бойының жыраулық мектебі
Асыл тас атауларының этимологиясы
Қазақ тілінен талдау үлгілері
Ақын жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойлары
Ресми құжаттардың мәтіндік ерекшеліктері және үш тілге аударылуы
Түркі пәлсапасы
Қазақ әліпбиінің жүйелері
Ақтан батыр
Пәндер