Ж. Аймауытов шығармаларындағы фразеологизмдер



КIРIСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...4

I тарау. Ж.Аймауытов шығармаларындағы фразеологизмдердің
семантика.грамматикалық ерекшеліктері ... ... ... ... ... ... ... .. 7

1.1 Фразеологизмдердің тақырыптық топтары ... ... ... ... ... ... .. 7
1.1.1 Нақты іс. қимылды білдіретін фразеологизмдер ... ... ... ... 8
1.1.2 Кейіпкерлердің психологиялық сезім күйін суреттеуде
жұмсалатын фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 14
1.1.3 Алғыс . қарғыс мәнді фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... 17
1.1.4 Кейіпкерлерді мінездеуге қолданылған фразеологизмдер ... 19

1.2 Фразеологизмдердің грамматикалық құрылымы ... ... ... ... ..21
1.2.1Сөз табына қатыстылығына қарай ... ... ... ... ... ... ... ... ..21
1.2.1.1 Зат есім мәнді фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ... ..21
1.2.1.2 Сын есім мәнді фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ... 21
1.2.1.3 Үстеу мағыналы фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ...22
1.2.1.4 Етістік мәнді фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ... ...23

1.3 Лексика . морфологиялық құрамына қарай ... ... ... ... ... ... 24
1.3.1 Есім тобындағы фразеологизмдердің грамматикалық
құрылымы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 24
1.3.1.1 Зат есім қатысатын фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... 24
1.3.1.2 Сын есім қатысатын фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... 25
1.3.1.3 Үстеу қатысатын фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... .. 26
1.3.1.4 Етістік тобындағы фразеологизмдердің
грамматикалық құрылымы ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 27

II тарау. Фразелолгизмдердің көркем шығармада қолдану
ерекшеліктері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .. 29
2.1 Жалпы халықтық тұлғада қолданылатын фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... . 29
2.1.1 Авторлық өңдеумен жұмсалған
фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 30
2.1.2 Авторлық фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... . 32
2.2. Фразеологизмдердің көркем шығармада қолданылу тәсілдері ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 34
2.2.1 Теңеу негізді фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ... ... 34
2.2.2 Тұрақты эпитеттермен келген фразеологизмдер ... ... ... ... 35
2.2.3 Метонимиялы фразеологизмдер ... ... ... ... ... ... ... ... .. 35
ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 39
Пайдаланылған әдебиеттер ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... 41
КIРIСПЕ

XX ғасырдың басында өмір сүріп, сол заманның аласапыран шындығын әдебиет әлемінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Ақын, драматург, публицист, прозашы, сыншы, аудармашы Жүсіпбек Аймауытов әдебиеттің көптеген жанрларында өнімді қызмет істей отырып, осы жанрлардың ұлттық әдебиетімізде орнығуына ерекше еңбек сіңірді.
Ж.Аймауытов шығармашылығына талдау жасаған әдебиетші ғалым С.Қирабаев "Егер біз осы күнге дейін қазақ совет әдебиетінде романның тууын жиырмасыншы жылдардың аяғы, яғни отызыншы жылдардың басында деп қарап келсек, Жүсіпбектің жиырмасыншы жылдары жазылған романдары бұл түсінігімізге түзету кіргізіп отыр. Сонда біз осы жанрдың алғаш тууы мен қалыптаса бастауы Жүсіпбек творчествосымен байланысты екенін көреміз" - деп жазады ("Жүсіпбек Аймауытов”, - А., 1990).
"Қартқожа", "Ақбілек" романдары - қазақ романының тууы тарихында да, жазушы шығармашылығында да алғашқы кесек үлгі.
Жүсіпбек Аймауытов шығармаларының тілі қазақ прозасының ерекше бір үлгісін танытатын көркем де айшықты сөз мәнерінен құралған тілдік бітімі өзгеше көркем тіл.
Қарапайым баяндау, әңгімелеу емес, көркем баяндаудағы жазушының құралы тілдегі ғасырдан ғасырға жасап келе жатқан қанатты сөздер, тұрақты тілдік оралымдар, бейнелеуіш фразеологизмдер, мақал-мәтелдер болып табылады.
Зерттеуші ғалым С.Қирабаев Жүсіпбек шығармалары ақ өлең үлгісімен жазылған деген баға береді. Бұл пікірін зерттеуші өзінің "Жүсіпбек Аймауытов" атты (1990) зерттеу еңбегінде "…Сұлу Алтайдың, Марқакөлдің табиғатын, адамдарын, әсіресе қыздарын ақ өлең жолдарымен шалқыта жырға қосып, қара сөздің өзінде ақынша көсіледі" - деп келтіреді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Аймауытов Ж. Шығармалар жинағы. - А., 1990 ж.
2. Әбілқасымов Б. Әбілғазының "Шежіре - и - түркі" атты шығармасындағы тұрақты сөз тіркестері. // Исследования старотюркских письменных памятников. - А.,1983.
3. Болғанбаев Ә. Қазақ тіліндегі алғыс пен қарғыс мағынасындағы тұрақты сөз тіркестері. // "Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы мәселелері", мақалалар жинағы. - А. , 1960, 2 шығуы.
4. Байтелиев А. Фразеологиялық есімді тіркестер және оларға тән белгілер. // "Қазақ тілі мен әдебиеті" мақалалар жинағы. - А., 1974, 4 шығуы.
5. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.- Алматы, 1997.
6. Боранбаева Г. XV-XVIII ғ.ғ. қазақ поэзиясы тіліндегі фразеоло¬гизмдер. А., 1997.
7. Досжанова Р. Лексико-семантические повторы в прозе Ж.Аймауытова. //Автореферат кандидатская диссертация. – А., 1992.
8. Елешова А. Фразеологиялық единицаларды классификациялау мәселелері жөнінде. // Қазақ тілі және әдебиеті, 8 шығуы.-А., І976.
9. Жұбанов Қ. Эпос тілінің өрнектері.- А., 1978 ж.
10. Кеңесбаев I. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. - А. ,1977.
11. Қирабаев С. Ж.Аймауытов.- А., 1990.
12. Қабдолов 3. Сөз өнері. А., 1992.
13. Қоңыров. Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігі. А. ,1990.
14. Қожахметова X. Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы. -А., 1972.
15.Өміралиев Қ. ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі.- А., 1976.
16.Сыздықова Р. Қадырғали Жалайридің "Жамиғат-тауарих" атты шежіресі тілінің зерттелу жайы. // ҚазССР ҒА хабарлары, Тіл әдебиет сериясы, 1979, № 1.
17. Сыздықова Р., Шалабаев Б. Көркем тексті лингвистикалық
талдау. Алматы, 1989.
18.Уәлиұлы Н. Фразеология және тілдік норма.- А., 1998.

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   
КIРIСПЕ

XX ғасырдың басында өмір сүріп, сол заманның аласапыран шындығын
әдебиет әлемінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі –
Жүсіпбек Аймауытов. Ақын, драматург, публицист, прозашы, сыншы, аудармашы
Жүсіпбек Аймауытов әдебиеттің көптеген жанрларында өнімді қызмет істей
отырып, осы жанрлардың ұлттық әдебиетімізде орнығуына ерекше еңбек сіңірді.
Ж.Аймауытов шығармашылығына талдау жасаған әдебиетші ғалым С.Қирабаев
"Егер біз осы күнге дейін қазақ совет әдебиетінде романның тууын
жиырмасыншы жылдардың аяғы, яғни отызыншы жылдардың басында деп қарап
келсек, Жүсіпбектің жиырмасыншы жылдары жазылған романдары бұл
түсінігімізге түзету кіргізіп отыр. Сонда біз осы жанрдың алғаш тууы мен
қалыптаса бастауы Жүсіпбек творчествосымен байланысты екенін көреміз" -
деп жазады ("Жүсіпбек Аймауытов”, - А., 1990).
"Қартқожа", "Ақбілек" романдары - қазақ романының тууы тарихында да,
жазушы шығармашылығында да алғашқы кесек үлгі.
Жүсіпбек Аймауытов шығармаларының тілі қазақ прозасының ерекше бір
үлгісін танытатын көркем де айшықты сөз мәнерінен құралған тілдік бітімі
өзгеше көркем тіл.
Қарапайым баяндау, әңгімелеу емес, көркем баяндаудағы жазушының құралы
тілдегі ғасырдан ғасырға жасап келе жатқан қанатты сөздер, тұрақты тілдік
оралымдар, бейнелеуіш фразеологизмдер, мақал-мәтелдер болып табылады.
Зерттеуші ғалым С.Қирабаев Жүсіпбек шығармалары ақ өлең үлгісімен
жазылған деген баға береді. Бұл пікірін зерттеуші өзінің "Жүсіпбек
Аймауытов" атты (1990) зерттеу еңбегінде "...Сұлу Алтайдың, Марқакөлдің
табиғатын, адамдарын, әсіресе қыздарын ақ өлең жолдарымен шалқыта жырға
қосып, қара сөздің өзінде ақынша көсіледі" - деп келтіреді.
Жүсіпбек Аймауытов осындай ерекше тіл кестесін дамытқан, халық
тіліндегі асыл сөздерді қалай пайдаланудың үлгісін танытқан қаламгер.
Ақ өлең үлгісін жазушының "Ақбілек" романының басталу тұсынан-ақ
аңғаруға болады. Романның алғашқы "Ақбілек" бөлімі былай басталады:
"Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол
Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз
күзеткен Күршім бар".
Ұқсас ырғақты әдейі қайталанған осы жолдар роман кейіпкерлерінің көңіл-
күйін белгілейді. Жазушы табиғатты, адам жанын рухани биік санайды.
Жазушы шеберлігі оның тілінің образға байлығымен, ұйқасты тапқырлығымен
сөйлеу, жазу үлгісінің сонылығымен танылады.
Жүсіпбек Аймауытов шығармаларының көркемдігін танытатын құралдардың
бірі – фразеологизмдер.

Қазақ тіл білімінде фразеологизмдердің
көркем шығармада қолданылуының зерттелуі
Қазақ тіл білімінде фразеологияның практикалық, теориялық, мәселелерін
зерттеу – тілшілер қауымының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі.
Қазақ тілінің фразеология мәселелері бойынша еңбектеніп, зерттеу
жүргізген, қазақ тіл біліміндегі фразеологизмдердің жалпы тілдік табиғатын
анықтаған, теориялық тұрғыда зерттеген I.Кеңесбаевты ерекше атауға әбден
болады. Оның "Қазақ тілінің идиомдары мен фразалары туралы" мақаласы 1946
жылы "Халық мұғалімі" журналының 1-2; 3-4 сандарында жарық көрген. Сондай-
ақ "Қазақ тіліндегі фразеологиялық қос сөздер" деп аталатын еңбегі, 1950 ж.
ҚазССР ҒА-ның хабарларының №6 шығуының 82-ші санында жарық көрді. Бұл
еңбектерінде ғалым қазақ тіліндегі сан алуан фразалар, тұрақты сөз
тіркестері, идиомдар, олардың қолданысы туралы айтады. Осындай ұзақ жылдар
бойы істеген еңбектерінің нәтижесінде 1977 жылы "Қазақ тілінің
фразеологиядық сөздігі" дүниеге келді.
Бұдан басқа қазақ тіл білімінде фразеологизмдердің көркем
шығармалардағы қолданысын зерттеген мынадай еңбектерді атауға болады.
Фразеологизмдердің көркем шығарма тіліндегі қолданысы Х.Қожахметова
еңбегінде зерттелді. Ғалым Ғ.Мұстафин шығармаларындағы фразеологиялық
тіркестердің семантикалық топтарына, грамматикалық құрылымына талдау
жасайды. [14].
Тарихи поэзия тіліндегі фразеологизмдер зерттеуші Қ.Өмірәлиевтің
зерттеуінде айтылған. Автор Бұхар жырау толғауларын және Махамбет
өлеңдеріндегі фразеологизмдердің құрылымы мен мағыналық ерекшеліктерін жан-
жақты талдап, олардың негізгі түрлерін атап көрсетеді. [15].
Жоғары оқу орындарына арналған Ә.Болғанбайұлы, Ғ.Қалиұлының "Қазіргі
қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы" оқулығында фразеология
саласын танытатын үш белгісін: 1) даяр қалпында жұмсалу белгісі; 2) мағына
тұтастығы; 3) тіркес тиянақтылығын талдап көрсеткен. [3: 45].
Фразеологизмдердің соңғы кезеңдердегі зерттеулері деп біз
фразеологизмдердің варианттылығын және этно-мәдени сипатын зерттеген
Г.Смағұлова, эпос тіліндегі фразеологизмдерді арнайы зерттеген Г.Қосымова,
жыраулар тіліндегі фразеологизмдерді қарастырған Г.Боранбаева т.б.
еңбектерін айтамыз. Фразеологизмдер және әдеби тнормасына арналған
Н.Уәлиұлының арнайы зерттеу еңбегі жарық көрді.

I ТАРАУ
Ж.АЙМАУЫТОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ
СЕМАНТИКА-ГРАММАТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

1. ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ТОПТАРЫ

Фразеологизмдер - халқымыздың өткен ұрпақтары тілінің де, қазіргісінің
де тарихы іспетті.
Өзінің образдылығымен, айшықты мәнділігімен көзге түсетін
фразеологизмдер әрбір ұлт тілінің ерекше көрінісі болып табылады.
Фразеологизмдерді шығармада мол қолданудың өзі ұлттық характердің айқын
белгісін көрсетеді.
Ежелден қолданыла келе әбден қалыптасқан фразеологизмдер, мақал-
мәтелдер, қанатты сөздер, нақыл сөздердің эмоциялық бояуы күшті болады,
тілге керекті түр, ажар беріп тұрады. Сондай-ақ халықтың қоғамдық ой-
санасының шындық сәулесі осы фразеологизмдерде ерекше түрде беріледі. [2:
87].
Жүсіпбек Аймауытов шығармаларында әдеби тілдегі әсірелеу, көркемдеу
тәсілінің ішінде фразеологизмдердің алатын орны ерекше. Бұл тіркес айтайын
деген ойға айрықша әр, мәнерлілік береді.
Фразеологизм - көркем шығарма тілін жандандыратын, астарлап бейнелей
суреттеудің тілдегі дайын құралы болып табылатыны зерттеу еңбектерінде
айтылып келеді.
Халық тілінің осы бір байлығын жазушы өз шығармасында қажетіне сай
талғап, жаңғыртып қолдануы, оның ой-пікіріне, эстетикалық талғамына,
қоғамдық - саяси философиялық көзқарасына сәйкес келеді. [ 4:73]
Жазушы халық тілінің бар байлығын, сөз айшықтарын өз еңбектерінде
шығармашылық тұрғыда жұмсай отырып, өзіне ғана тән қолтаңбамен пайдаланады.
Г.В.Белинский айтқандай, даралық слог (мәнер) жасайды.
Фразеологизмдердің стильдік бояуы жеке сөзбен салыстырғанда әлдеқайда
бейнелі, экспресcивті мүмкіншіліктері анағұрлым мол. Осы қасиеттеріне орай
фразеологизмдер белгілі бір баяндауға, не сөйленген сөзге стильдік нәр
береді.
Қалыптасқан бұл тұрақты тіркестердің Жүсіпбек Аймауытов шығармаларының
тілінде атқаратын қызметі алуан түрлі. Бұлар шығарманың идеясын беруде,
образ, характер жасауда, кейіпкерлер мінезін беруде психологиялық жай-
күйлерді бейнелеуде тілдік тәсіл ретінде қолданылған.
Фразеологизмдер шығарма тіліне айрықша көрік, ұтымды мазмұн, ұлттық
колорит береді. Халық тілінің бұл қазынасына барлау жасап, көзін табу,
қажетіне жарату "адам жанының инженері" – жазушының шеберлігін танытады.
Жазушы тіліндегі фразеологизмдердің тақырыптық топтары төмендегідей:

1.1.1 Нақтылы іс-қимылды білдіретін фразеологизмдер

Жүсіпбек Аймауытов шығармаларында нақты іс-қимылды білдіретін
фразеологизмдер көп кездеседі. Ақбілек өзінен бетер сол екеуінің
жетімдігіне қабырғасы қайысқан ("қатты қиналды"). Көңіліне әлденелер келіп,
көзі ілінбеді ("ұйықтамады"). Ақбілекке Балташтың бұл сөзі де қызық
көрінеді, шек сілесі қатып күледі ("риза боп қатты күледі").
Бұл тәрізді тұрақты тіркестер өзінің ұйтқы сөзіне байланысты түрлі
семантикалық қасиетке ие болады. Бірінің тізбегіндегі жеке сөздер өзінің о
бастағы мағынасын сақтап қалады. Тағы біреулерінде сақталмайды, олар
ауыспалы мағынада келеді. Енді бір тіркестегі сөздердің кейбір
компоненттері әуелгі мағынасынан мүлде айырылып қалады.
Жүсіпбек шығармаларында фразеологизмдер образ жасауда, кейіпкерлердің
нақтылы іс-әрекетін баяндауда орынды қолданылған.
Бұл жолы Қартқожа тіс қаққандық қылды. Бұл сөйлемдегі тіс қаққандық
қылды тіркесі "қулық жасады", "ысылғандық танытты" деген мағынада
қолданылған халықтық тұлғадағы фразеологизм, құрамына енген жеке
компоненттер негізгі мағынасынан ажыраған, нақты іс-қимылды, әрекетті
білдіретін лексикалық бір бірлік орнына жүретін фразеологизмдер. Қатыны
көзіне шөп салса немесе ұрам деп кетіріп алса, өлім ғой. Көзіне шөп салу –
"опасыздық жасау" деген мағынада, халықтық тұлғада өзгеріссіз алынған.
Майды ішкен соң Ақбілек тыныс алып көзі ілінді. Көзі ілінді деген
тұрақты тіркес "ұйықтады" мағынасында, Ақбілектің біраз талықсып, шаршап,
босанып, жаны жай тапқан соң ұйқыға кеткенін жай "ұйықтап қалды" демей,
көзі ілінді тіркесімен шебер беріп отыр.
Тас, тас емес-ау, темір емес - ажал шықыр еткендей, құйқа тамыры шымыр
етті. Бұл құйқа тамыры шымыр етті деген тұрақты сөз тіркесі, "шошынды",
"қатты әсер етті" деген мағынада жұмсалып отыр.
Бұл Іскендір дуананың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бұл сөйлемдегі
бармаған жері, баспаған тауы жоқ деген фразеологизм "жер жаһанды түгел
шарлаған, кезбеген жері жоқ" мағынасында алынған.
Қартқожа ақшадан, документ қағаздан жұрдай болды. Жұрдай болу –
"бәрінен айырылу", "тоналып қалу", "дәнеңе қалмау" деген мағынада халықтық
қолданыста жиі қолданатын тұрақты тіркесті автор сол қалпында өзгеріссіз
ала отырып, қалаға оқу іздеп, інісі мен қарындасын ертіп келген Қартқожаның
үйсіз-күйсіз, ешкімнен көмек ала алмай, ақыры базарға барып тапқан ақшасы
мен қағаздарын түгел ұрлатып алғандығын бейнелі, әсерлі жұрдай болды деген
тұрақты тіркес арқылы берген. "Жаман шіркін! Сыр білдіріп қалды-ау!"
дегендей қатыны шығып бара жатқанда Бекболат ала көзбен бір қарады. Бұл
сөйлемдегі ала көзбен қарау тіркесі "тікшие қарау", "жақтырмай қарау" деген
мағынада Бекболаттың көзқарасы арқылы әйеліне деген сол сәттегі іштей
жаратпай қарап, риза емес сезімін суреттеу мақсатында жұмсаған. Бірақ
Дәрмен сықылды өжет ерлер кегін алды. Мұндағы "кегін алды" деген тұрақты
тіркес "кеткен есесін қайтару" мағынасында қолданылып тұр.
Приговордың көзін жойып, өзге қағаздарды кеңсеге тапсырды. Көзін жою –
"біржола құрту", "жоқ ету" деген мағынадағы ауызекі сөйлеу тіліндегі тіркес
кейіпкердің іс-әрекетін көрсетуде қолданыс тауып тұр.
Есекқырған найза бойы көтерілгенде екі-екіден тізілген елу шақты
аттылар тауды бөктерлеп, Қанай моласына қарай құлады. Найза бойы
көтерілгенде - халықтық өлшем "мезгіл, күн шығысының биіктік өлшемі"
мағынасындағы халық тілінде ежелден келе жатқан мезгіл ұғымын сол қалпында
өзгеріссіз қолданып отыр. Осы сияқты сөйлем құрылысын әсерлі етіп тұрған
бірнеше фразеологизмдер романдарда көптеп кездеседі.
Осы сартылмен биенің бірер сауымындай мезгіл өткен шығар, қарсы алдынан
бір топ жігіт кездесе кетті: - Уа немене? Бұл сөйлемдегі биенің бірер
сауымындай мезгіл деген тіркес халықтық уақыт көрсеткіші ұғымында, яғни
"биенің екі сауынының арасы, екі сағат шамасындағы уақыт" мағынасында
жұмсалып тұр.
Жай кеткен жоқ, сүйекке таңба салып, масқара болып кетті... Халық тілінде
"сүйекке таңба болды" (қылды, салды) түрінде келеді. "Тұтас бір әулеттің,
тұтас бір атаның арына дақ түсірді", "үлкен ар намысқа тиді", "мін болды"
деген мағынада, авторлық өңдеусіз сол қалпында алынып, Ақбілектің абройынан
айырылып, әкесі мен туысқан жақындарының намысына тиіп кеткенін, Мамырбай
ақсақалдың ел бетіне қарай алмай қуыстанған шарасыз бейнесін көрсетуде
ұтымды қолданған. Сондай-ақ, теңеу мағынасында тілімізде қалыптасқан өзінің
бастапқы лексикалық мағыналарынан мүлдем айырылған, жалпылама жиылып кеп,
бір ғана мағына ұғымды білдіретін тіркестер де жиі кездеседі. Ақтың әскері
басқан жерге шегіртке жайлағандай, бүйі тигендей болды. Ауызекі сөйлем
тілінде "қатты әлек салды", "апшысын қуырды", "қырып-жойды" деген
мағынадағы халық тіліндегі бүйі тигендей деген фразеологизмнің әсерлігін
күшейту мақсатында шегіртке жайлағандай деген сыңарын қоса отырып
қолданады. Бұл қыз қасиетінен айырылды деп өкініп, қызғанып, жиреніп жүрген
үстіне мына хабар төбесінен жай түскендей болды. Қасиетінен айырылды деген
тіркес – "абыройын кетірді", "арына дақ түсті" мағынасында; "төбесінен жай
түскендей болу" тіркесі – "шошынды", "қатты жиренді", "зәресі ұшты"
мағынасында тұтас бір мағына беретін халық тілінде қалыптасқан тұрақты
тұлғасында пайдаланылып тұр.
Жұрттың айызын қандырды. "Көңілдерін жайлады", "құмарын тарқатты" деген
мағынада айызын қандырды тіркесін қолдана отырып, автор ән тыңдаушы жұрттың
ән құдіретіне бас қойып, әбден құмарынан шыққанша тыңдағандығымен қоса,
ішкі риза сезімдерін Дәрменнің іс-әрекеті үстінде көрсете алған. Көп олай
толқыды, былай толқыды, біреу іреді, біреу сойды, ақыл шықпады. Біреу
іреді, біреу сойды – "әркім өз білгенін өзінше айтты" деген мағынада
қолданылған тіркес. Бұл тіркесті қолдану арқылы жазушы "Қартқожа"
романында, 19 бен 30 жастың арасындағы қазақ жігіттерін майданға қара
жұмысқа алу туралы патшаның июнь жарлығын естіген елдің, есі кетіп, нендей
әрекет қыларын білмей сарсылған, толқыған әрекеттерін суреттеу тұсында
ұтымды қолданған.
Батар күнмен бірге соңғы демі бітті, көзі жұмылды. Автор "бұл дүниеден
өтті", "өлді" деген мағынаны баса айту үшін соңғы демі бітті, көзі жұмылды
деген екі фразеологиялық тіркесті қатар қолданады. Синонимдік
фразеологизмдерді қолдану - жазушы шығармасына ерекше сипат береді. Соған
қарайлаймын деп Қартқожа бір-екі алатын сыбағасынан құр қалды. "Тиесілі
нәрсесінен құр, бос қалу" мағынасындағы сыбағасынан құр қалу деген тұрақты
тіркес арқылы жазушы кейіпкердің қимыл әрекетінің нәтижесін беріп отыр.
Тыпаң битін салды. Әзіл, оспақ ретінде қалыптасқан битін салу деген
тіркес "бүйірі шыққанша құныға ішіп-жеу", "қомағайлық" мағынасында
жұмсалған. Қартқожаға жақсылық қылам деген ой үш ұйықтаса Николайдың түсіне
кірмегенін қайдан білсін... Бұл сөйлемде "солай болады деп мүлде күтпеген",
"ойламаған оқиға, әрекет" мағынасындағы үш ұйықтаса түсіне кірмеу деген
тұрақты сөз тіркесінің арасына сөз салып қолданған.
Әкем Тойбазар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес.
Бұл сөйлемде қолданыс тауып тұрған аузы асқа, ауы атқа жарыған емес деген
фразеологизм халықтық қолданыста аузы аққа жарымаған деп келеді. Суреткер
тілінің шеберлігі сол, образды дәл беру мақсатында, яғни, асқан жоқшылықты
бейнелеу үшін аузы асқа, ауы атқа жарымаған деген фразеологизмді қолданады.
Алдыңғы халықтық тұлғадағы фразеологизмнің бір сөзін ақты–асқа өзгерте
отырып, алитерация құрайтын ауы атқа деген сыңарын қоса жұмсаған. [ 7:23].
Жұман екі-үш шақырымдай жүрген соң, өкпесі аузына тығылып, дымы құрып
жүре алмады. Өкпесі аузына тығылу, дымы құру деген фразеологизмдер
"демікті", "тынысы тарылды", "әлі кетіп, әбден шаршады" мағыналарында
Жұманның бір қап бидай үшін бала-шағасының қыстық азығын әкелемін деп жаяу
жүріп, астықты көліксіз арқалап келе жатқан шарасыз, дәрменсіз күйін
суреттеуде екі фразеологизмді қатар қолданып отыр. Мұндай бірнеше
фразеологизмдерді бір сөйлемде қолдану көптеп кездеседі. Олар кейде
мағынасы жақын синонимдік фразеологизмдер болса, бірде жан-жақты әр қырынан
суреттеуде қолданылады. Кедейді сүйе, кедейге теңдік әпер, кедейдің көзін
аш, шаруасын түзет деп отыр. "Көкірегін, санасын ояту", "білім беру",
"өмірді таныту" деган мағынада, көзін ашу фразеологизмі жұмсалып тұр. Автор
қолданысындағы осы фразеологизмді бұлақ көрсең көзін аш деген тұрақты
оралыммен салыстырып көрсек, бұлақтың көзі дегенде ауыспалы мағына да,
адамның көзін ашу дегенде образдылық, бейнелілік күшейе түскен.
Жарин деген комиссармен қызы тамыр болған. Тамыр болған деген
фразеологизм "көңілдес" мағынасында қолданылған. Бұл фразеологизм "дос
болу" деген мағынада қолданылады.
Қазақ пен басқа ұлт өкілдері, әсіресе орыс ағайындарымен қазақтар
"тамыр" деп яғни "дос", "жолдас" деп тіл қатысады. Жүсіпбек қолданысында
бұл фразеологизм контекстік екінші бір "көңілдес" деген мағынаға ие болып
тұр.
Қызын аман-есенінде, құтты жеріне қондырды. Бұл сөйлемде жазушы екі
бірдей тұрақты тіркесті қатар, халықтық тұлғада өзгеріссіз қолданған.
Алғашқы аман-есенінде деген тіркес аздап авторлық өңдеуге түскен. Себебі
бұл аман-есен деген тіркес көбінесе амандасқанда, қал-жағдай сұрасқанда
айтылады. Ал, бұл жерде қызының "жаман аты шықпай тұрып, абыроймен
атастырылған жеріне ұзатылған" деген ұғымда қолданылып отыр. Ал, екінші
құтты жеріне қондыру фразеологизмі "күйеуге берді", "ұзатты" деген жалпы
халықтық тұлғадағы мағынасында жұмсалып тұр.
Талай бит астындағы жасырын сырлар жарыққа шықты. Халық тілінде бит
сөзімен тіркесіп келетін бит терісінен биялай тоқу "өте шебер" деген
мағынадағы, "жұқа" мағынасында бит терісіндей деген тіркестер бар. Сондай-
ақ халық тіліндегі білмейтіні бит астында деген фразеологизм де бар. Автор
осы фразеологизмді "жасырын сыр" деген мағынада бит астындағы сыр деп
өзгертіп қолданады. Бұл жерде жасырып жүрген, ішке түйіп жүрген сырлар
ашылды деген түрде жазуға да болар еді. Бірақ автор қолданысында ой
көркемдік сипатқа ие болған.
“Жазушы шығармалары тілінде осындай кейіпкерлердің нақтылы іс-әрекетін
бейнелейтін, осы мақсатта шебер қолданыс тапқан фразеологиялық тіркестер
өте көп. Мысалы: аузынан жалыны шығу; аузына құм құйылу; басына күн туу;
жүні жығылу; құлағын түру; көзі іліну; көз салу; аяқ алып жүре алмау; еті
үйреніп кету; жерден алып, жерге салу; көңілі көпшу; көз жазып қалу, т.б.
“, - деп көрсеткен. [8:37].

1.1.2 Кейіпкерлердің психологиялық сезім күйін суреттеуде
жұмсалатын фразеологизмдер

Көркем туындыдағы сезім қылын шертерліктей әсер туғызатын айшықты
сөздердің қай-қайсысы да көркем шығарманың жалпы экспрессивтік үндестігін
күшейтеді, эмоциялық бояуын әрлендіреді, күшті сезім әсерін туғызады.
[9:78]. Ұғымды дәлме-дәл, жан-жақты бейнелеп жеткізуде фразеологизмдердің
осындай мүмкіншіліктерін жазушы өз шығармасында кейіпкерлердің
психологиялық күйініш, сүйініштерін, ой әсерлерін, рухани жан дүниесін
нақты да нәзік бейнелеуге таңдап, талғап жұмсайды.
Әйткенмен болатын емес, көңілім соқпайды. Ақбілектің жүрегі зырқ ете
түсті. –Қалқам-ай, Қалқам-ай! Көрмегенді көрген екенсің ғой... – деп
таңдайын қағып, басын шайқады. Жүрегі аузына тығылып қысылып қалды. Бұл
сөйлемдердегі көңілі соғу; жүрегі зырқ ете түсу; таңдайын қағып, басын
шайқау; жүрегі аузына тығылу – кейіпкерлердің психологиялық толғанысын
әсерлі де мәнерлі жеткізе отырып, олардың мінезіндегі қат-қабат қырларын
аша түседі.
“Кейіпкерлердің оқиға барысында ішкі толғаныстары, сүйініш-қуанышы,
шаттық күйін, кейіс, реніш, налу, ыза, кек тәрізді тебіреністерін
суреттеуде автор бояуы күшті эмоциялы көптеген фразеологизмдерді
шеберлікпен қолданады”, - деген пікірге толық келісуге болады. [5:86].
Мұндай сезім күйлерді айшықты бейнелейтін фразеологизмдер, әсіресе
"Ақбілек" романында шешесін өлтіріп, өзін зорлықпен алып кеткен ақ
офицердің озбырлығына үнсіз көндіккен Ақбілектің жан-дүниесіндегі күрделі
құбылыстарды баяндауда, соңдай-ақ Ақбілектің жан-күйзелісін суреттеуде
әсері күшті, бояуы қанық шыққан.
Дауыс жер астынан шыққандай, селк етіп, зәресі зәндемеге кетті, жығылып
барып оңалды. "Аяқ астынан, ойламаған жерден, кенеттен" деген мағынада
ежелден халық тілінде бар жер астынан шыққандай деген тұрақты тіркес
өзгеріссіз сол мәнінде алынған. Ал, селк ету, зәресі зәндемеге кету деген
екі тұрақты тіркесте авторлық өңдеу бар. Тілімізде "зәресі ұшты, зәресі зәр
түбіне кетті" сияқты, "қатты қорқу", "үрейі ұшу" деген мағынадағы тұрақты
тіркестер кездеседі. Ал, Жүсіпбек бұл тіркестің мағынасын сол қалпында
бергенімен, тіркес құрауда аздап өзгеріс енгізген. Яғни, зәресі зәндемеге
кетті түрінде алған.
Құдай жарылқады! Өзен! Өзен! Арғы қабақта жол жатыр. Құдай жарылқады –
діни ұғымда халықтық тұлғада жиі кездесетін тұрақты тіркес. Сол қалпыңда
өзгеріссіз, орыстардан, қасқырлар-дан аман-есен құтылып, жан сақтап қалған
Ақбілектің ауылын іздеп, жол тартып келе жатқаңдағы көңіл-күйін, бір сәттік
үміт нышанын сезген кейіпкердің "енді жетем-ау, жолым болайын деді" деген
қуаныш сезімі жылт еткен бейнесін беруде қолданылған.
Мен бір көзге шыққан сүйел болған екем ғой! Бұл сөйлемдегі көзге шыққан
сүйел фразеологизмі, "жек көрінішті болу" деген мағынасында ала отырып,
еліне келген Ақбілектің абыройынан айырылып, ел-жұртына қарарға беті жоқ
боп күйінген, күйзелген, қайшылықты тағдырын суреттеуде орынды жұмсаған.
Ақылымнан адасқан сорлы мұны білсемші! "не істерін білмей, дал болған"
мағынасындағы ақылынан адасу деген тұрақты тіркес кейіпкердің өз ісіне
кейістік білдірген сезімін суреттеп тұр.
Ақбілек бұл қайғысын тірі жанға сездірмей көп жүрді, көп күтті, көп
дәмеленді. Бұл сөйлемдегі тірі жан деген тіркес Ақбілектің күтпеген жерден
нәсілі бөтен жұрттың ортасына түсіп, қарамұрттың меншігіне тиіп, әйел боп,
аяғы ауырлап қалған сәттегі қайғысын ішіне сақтап, күйзелген кейпін беруде
"ешкімге", "өзінен басқа жан адамға" деген мағынада қолданған.
Үйге жылан кіріп келгендей, Ақбілектің жүрегі су ете түсті. Жүрегі су
ете түсті деген фразеологиялық сөз тіркесін автор жылан кіріп келгендей
деген теңеу мәнді фразеологизммен қатар қолдана отырып, Ақбілектің өгей
шешесі - Өріктің анасының орнына келгенін жақтырмай, ұнатпай суық
қабылдаған жайын, көңіл күйін беруде аздап ыңғайластыра (мағынасын)
пайдаланып отыр. Көріскендей болды ма жұрт, балапан басына, тұрымтай
тұсына... Кейіпкер толғанысы балапан басына, тұрымтай тұсына деген
фразеологиялық тіркесу арқылы "әркім өзінше, өз жөнімен кетті" мағынасында
жұмсалып тұр. Орыспен араласып, орыс тілін үйренген соң кеудеме нан
піскендей, өзіме өзім әлдеқандай көріндім. "Өркөкіректену", "мардымсу"
мағынасында кеудеме нан піскендей деген фразеологизм қолданылып тұр. Тек
солардың табасына қаламыз ба, бірде болмаса бірде бетіңе салық қып,
сүйегіңе таңба бола ма деп артын ойлағанымыз болмаса,- деген сөзге әкеп
тіреді.
Жазушының фразеологизмдерді пайдалануда шеберлігін танытатын мұндай
сөйлем түрлерін көптеп кездестіруге болады. Бір ғана сөйлемнің бойынан
бірнеше фразеологизмдер қатар қолданып, кейіпкер бейнесін беруде де,
олардың психологиялық жай-күйін баяндауда айшықты бедерленеді. Бұл
сөйлемнің ішінде: 1. табасына қалу тіркесі – "келеке, мазағына қалу"
мағынасында; 2. бетке салық қып тіркесі - "айыбын алдына тарту", "ұялту"
мағынасында, 3. сүйекке таңба болу тіркесі - "мін болу", "үлкен ар намысқа
тию" мағынасында; 4. артын ойлау - "болашағын ойлау", "келешегіне назар
аудару" мағынасында жұмсалып отыр. Бұл суреткер тілінің көркемдік кестесі
болып табылатын фразеологизмдерді бір сөйлем ішінде қатар қолдану әдісі,
айтылар ойға әсерлілік үстеумен бірге, дәл анық бейнелеуде үлкен роль
атқарып тұр.
Осындай ауыр ойлар жанын жеп, жігері құм боп, ішкені ас болмай, бітеу
жара асқынып жүргенде, бір күні қораның ішінде қасына кеп: - Қызың толғатып
жатыр! - деді. Сөйлемде 1. жанын жеп тұрақты тіркес - "іш-құса болды",
"уайым болды" деген мағынасында; 2. жігері құм болды тұрақты тіркес -
"діңкесі құрып, жасып қалды" мағынасында; 3. бітеу жара тіркесі -"ашылмас
сыр", "іштей жеген қасірет" мағынасында қолданылып, Мамырбай ақсақалдың
көңіл-күйін, жайын көрсетуде ұтымды әр берген. Бетімнен отым шығып әрең
бардым-ау! Халық тілінде ежелден бар "ұялу", "қатты қысылу, қызару"
мағынасында келетін бетінен оты шығу деген тіркес бұл сөйлемде Ақбілектің
оқуға кетіп, еліне бірнеше уақыттан соң барған кездегі жайын айқын
көрсетуде ұтымды қолданыс тапқан. "Ұялып, әрең бардым" деген түрде берсе
жалаң суреттеу болар еді. Бұл жерде Ақбілектің ұялғанымен қоса, қарауға
беті шыдатпаған, қатты қысылған әрі күйзелген кейпін қоса беріп отыр.
Желдей ескен аяңшылға мінгенің бар ма? Мінсең білесің: ат үсті адамды
аруақтандырады, көңілді көкке серпеді, аузыңмен құс тістейсің! Көңілді
көкке серпу тіркесі - "шаттану", аузыңмен құс тістеу тіркесі - "желдей
жүйрікке міну", "масайрау" деген ұғымда кейіпкердің шаттық сезімге бөленуін
паш етуде айрықша қызмет етіп тұрған фразеологизмдер.
Кейіпкерлердің ішкі сезім сырларын, психологиялық жай-күйін ашып
көрсету мақсатында жұмсалған - жүрегі еріп кетті; қырғи қабақ болды; қой
үстіне бозторғай жұмыртқалады; көңілі кетті; құлқы соқпады; кірпідей
жиырылды деген сияқты тұрақты сөз тіркестері жазушы шығармалары бойынан жиі
ұшыратуға болады.

1.1.3 Алғыс-қарғыс мәнді фразеологизмдер

Көркем образдар түрлі әдеби құрал, амал-тәсілдер арқылы жасалады.
Жүсіпбек Аймауытовтың "Қартқожа", "Ақбілек" романдарындағы кездесетін
фразеологизмдердің бірқатары кейіпкерлер тілінде айтылатын алғыс, қарғыс
мәнді тұрақты тіркестер.
Кейіпкерлер тілінде кездесетін алғыс, қарғыс мәнді фразеологиялық
тіркестер кейіпкерлердің образын нақтыландыруға көмектеседі. [7:13].
Қартқожа қауғаның сабымен: "Ой арам қатқыр, көк ит!" -деп, кеңсіріктен
салып жіберді. Арам қатқыр, көк ит деген тұрақты сөз тіркесі "сеспей қат",
"бауыздауға келмей, арам өл" деген қарғыс мағынасында қолданылған. Сиыр
суарып тұрған Қартқожаның қырсық, қыңыр сиырдың қылығына ашуы кеп айтқан
қарғысы. Он беске келгенше Шаманбайдың қойын бақтым, о бір құдайдың атқаны!
"Ант ұрған", "оңбаған" деген қарғыс мағынасындағы құдайдың атқаны тұрақты
тіркесі халық тілінде де осы мәнде, жек көрген кісіге қатысты айтылады. Бұл
жерде Шаманбай байдың сараң, қатал, жалшы-кедейлерге мейірі жоқ қатігез,
оңбаған екенін кейіпкердің тілімен шебер беріп отыр. Енді атаңның басы бар
ма? Байдың бір топ шонжарын мініп алмай. Көбінесе ренжігенде, зекігенде
айтылатын атаңның басы фразеологизмі кейіпкер тілінде "кейіс білдіру"
мағынасыңда жұмсалып тұр.
– А, құдай! Қас пен көздің арасынан безе гөр! Халықтық тұлғадағы қас
пен көздің арасы түрінде келетін тұрақты тіркес бұл сөйлемде автордың
тіркес формасын өзгеріссіз алғанмен, мағынасына өзгеріс енгізе отырып
"жақсылық болсын", "жамандықтың ауылы бізден алыс болсын" деген мағынада
жұмсалып тұрғанын көруге болады. Жазушы бұл тіркесті безе гөр тіркесімен
қоса алу нәтижесінде мағынасына өзгеріс енгізген.
– Ой, айналайын! Алғыс мәнді көбіне ризашылықты, іштей жақын
тұтқандықты білдіретін фразеологизм. Айналайын деген сөздің о бастағы
мағынасы шаман дінімен байланысты екенін зерттеушілер атап көрсетеді.
"Адамды айналу" сол адамның барлық ауруларын өзіне қабылдау дегенді
білдіреді.
Түп-тұяғымен жойылсын! Алды арты осы болсын! Жатқанынан тұрмасын!
Сөйлемдер тұтасымен тұрақты фразеологизмдер, "қатты ұрысу, наразылықты"
бейнелеуде қолданылған қарғыс мәнді тұрақты тіркестер.
– Ой, қара бассын!
– Ой, атауыңды же!
– Ой, әкеңнің аузын... Наразылықты ренішті сезімдерді білдіріп, қарғыс
мағынасында айтылатын фразеологизмдер. Жазушы бұл тұрақты тіркестерді
кейіпкерлер тілінде, көпшіліктің наразы боп, әркім әр түрлі қарғап жатқан
мезгілді, оқиғаны диалог негізінде суреттеп отыр.
– Ой, тілеуің берсін! Ішкен-жегенің ас болсын! "Дегеніңе жет", "ойыңа
алғаның болсын" мағынасында алғыс ретінде айтылатын, риза көңілді
білдіретін фразеологизмдер ойды әсерлі жеткізуде зор мәнге ие боп тұр.

1.1.4 Кейіпкерлерді мінездеуге қолданылған фразеологизмдер

Халық тілінің тұрақты сөз тіркестерін автор шығармасыңдағы көркемдік
бейнелеу мақсатында ұштастырып барып керегіне жаратады. Фразеологизмдерді
суреткер туындыларында белгілі бір көркемдік нақыш беру қызметінде
жұмсайды.
Жазушы кейіпкерлердің сыртқы портретін, ішкі жан-дүниесін, мінезін
құлқын, нанымын, сенімін, дүниеге көзқарасын - суреттейді. [10:217].
Адам образын жасауда мінездеудің мүмкіншілігі әсіресе фразеологиялық
тіркестерде мол. Жүсіпбек Аймауытов адамның түрлі қасиетін бағалай
көрсететін фразеологизмдерді кейіпкерлер бейнесін мүсіндеуге жұмсайды.
Жұман момын адам, кісіден тіленбейді, кісіге зәбірі жоқ, бес уақыт
намазын оқып: "А құдай, бергеніңе шүкір" деп, барға қанағат, жоққа сабыр
ететін бір бейуаз. "Сабырлы, шыдамды, қолда барға қанағат ететін" адамдарға
байланысты айтылатын тұрақты сөз тіркесі барға қанағат, жоққа сабыр түрінде
Жұманның қандай адам екенін бейнелеуде, яғни портретін беруде қолданылып
тұр. Тәнті молданың аузынан жалыны шығып тұрған кезі. Халық тілінде аузынан
жалыны шығып тұр түріндегі тұрақты тіркес - "қаһарлы" , "түсі суық"
мағынасында келеді. Бұл сөйлемде Тәнті молданың "дегені болып", "әмірі
жүріп", "елге айтқанын істете алатын, қаһарлы" деген мағынада, молданың
қандай адам болғанын баяндауда қолданып отыр.
Ықаң да, Тыпаң да дәулет құсы бастарынан ұшқан адамдар еді. Халық
тілінде дәулет құсы деген тіркес - "байлық", "бақыт" мағынасыңда кездеседі.
Жазушы осы тіркеске ішінара өзгеріс енгізіп басынан ұшқан деген тіркесті
қоса қолданып, Ықаң мен Тыпаңның өздерінше әбден "толысқан", "бедел
жинаған", "төрт құбыласы түгел" деген мағынада екі бірдей кейіпкердің
портретін жасауда шебер қолдана білген.
Жұмандікі - біреуден ілгері, біреуден кейін оразасын ашып, күйбеңдеп
күнелтіп отырған үйдің іші ғой. Бұл сөйлемде жазушы біреуден ілгері,
біреуден кейін деген фразеологизмді Жұман үйінің жағдайын суреттеуде
пайдаланып отыр. Жасы жер ортасынан асып, міне елудің бесеуіне шықты. Жасы
жер ортасынан асу деген фразеологизмді жазушы кейіпкердің жас шамасын
суреттеуде қолданған.
Бұлар қазақтың жауырын жаба тоқып ел қылушылар еді. Бұл сөйлемдегі
жауырын жаба тоқу деген тұрақты тіркес халықтық қолданыста "кемшілігін
бүркеп", "жасырып" ұғымында келеді. Автор бұл тіркесті ауызбен неше түрлі
жалынды сөздер айтып іс бітірмейтін, сырты ғана елінің қамын ойлап жүрген
адамша көрінетін шолақ белсенділер бейнесін мінездеуде жұмсаған.
Жүсіпбек Аймауытов кейіпкерлерді мінездеу мақсатында халықтың сонау
ауыз әдебиеті нұсқаларының тілінен келе жатқан үлгілерін де көркем
қолданған. Тал бойында бір мін жоқ, дәл он сегіздегі кезі еді. "Сүйкімді",
"сұлу" мағынасында "тал бойында бір мін жоқ" деген фразеологизмді қыз
бейнесін жасауда жұмсаған.
Маңдайы қасқиып, мойны қаздиып, көзі мөлдіреп, ерні үлбіреп, үріп
ауызға салғандай жұтынып тұр. Сөйлемдегі тұрақты сөз тіркестері "аса
әдемі", "сүп-сүйкімді" мағынасында қолданылып тұр. Бұл тұрақты тіркестерді
жазушы сұлу қыздың портретін беруде фольклор үлгісіндегі фразеологизмдерді
ұтымды қолданған.
Міне, осындай жазушының адамды тануда, портрет жасау әдісінде ұзақ сүре
баяндаушылықтан гөрі халық тіліндегі фразеологизмдерді пайдалана отырып,
қысқа портреттік суреттер жасау, қаламгер тілінің шұрайлығын танытады.
[9:81].

1.2 Фразеологизмдердің грамматикалық құрылымы

Жүсіпбек Аймауытов шығармаларындағы фразеологизмдердің грамматикалық
құрылымын талдауда екі түрлі талдау үлгісімен, яғни лексика-морфологиялық
құрылысына қарай және фразеологизмдердің сөз табына қатыстылығына қарай
мынадай топтарға бөлдік.

1.2.1 Сөз табына қатыстылығына қарай

1.2.1.1 Зат есім мәнді фразеологизмдер

Жүсіпбек Аймауытов шығармалары тіліндегі зат есім мәнді фразеологизмдер
мол қолданылған. Олар: тірі жан "ешкім"; атаңның басы "көбіне зекігенде,
ренжігенде айтылады"; көзге шыққан сүйел "жек көрінішті"; қара тұман
"надандық"; бос сөз "мағынасыз, мәнсіз сөз"; өткен күннің белгісі
"естелік"; ақылынан адасқан сорлы "дал болған адам"; бит астындағы сыр
"жасырын, құпия"; "құдай" деген қоңыр адам "жуас"; барға қанағат, жоққа
сабыр "шыдамдылық"; бармаған жер баспаған тау "бүкіл дүние"; тіс қаққандық
"қулық"; алып-қашты хабар "анық-қанығы жоқ, жел сөз" т.б.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ж.Аймауытов шығармаларындағы тарихи сөздердің қолданылуы
Қазақ фразеологиясының стильдік ерекшеліктері;.Қазақ фразеологизмдерінің қалыптасуындағы ұлттық мәдени маңызы бар түпдеректер;.Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы
Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы. Қазақ фразеологиясының стильдік ерекшеліктері. Қазақ фразеологизмдерінің қалыптасуындағы ұлттық мәдени маңызы бар түпдеректер
Ж.Аймауытұлының «Ақбілек» шығармасындағы тілдік құралдардың қолданылу мақсаты
М.Мағауин шығармаларындағы «автор бейнесі» мен кейіпкер бейнесінің берілу жолдарын анықта
Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілек романы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары тілінің лексика-грамматикалық ерекшеліктері
Қазақ тілінде фразеологизмдердің зерттелуі
Сөз тіркесі синтаксисі
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ - МӘДЕНИ СТЕРЕОТИП
Пәндер