Мектепке дейінгі ересек жастағы (5 жастан 6 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған «біз мектепке барамыз» бағдарламасы



1. Түсіндірме жазба
2. Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру
3. Балалардың жас ерекшелігіне сипаттама
4. Күн тәртібінің үлгісі
5. «Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны
6. «Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны
7. «Таным» білім беру саласының базалық мазмұны
8. «Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны
9. «Әлеуметтік орта» білім беру саласының базалық мазмұны
10. Ойын
11. Еңбек
12. Мерекелер мен ойын.сауықтар
13. Ата.аналармен жұмыс
14. Пайдаланылған әдебиеттер
15. Қосымша
Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру барысында жүргізілетін ойындар мен сабақтар балаларды дербестікке тәрбиелеуге негізделеді. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлеріндегі режимдік кезеңі процесінде ересектермен және құрдастарымен мәдениетті қарым-қатынас жасауға әдеттендіру ары қарай жалғаса береді.
Баланың денсаулығын нығайтуға, дене және ақыл-ой қызметінің жұмысын жақсартуға, жүйке жүйесін сақтауға бағытталған іс-шараларды балалар шаршап-шалдықпайтындай, жарақаттанып қалмайтындай, жалықпайтындай етіп ұйымдастыру керек. Сонымен қатар, осы кезеңде күн тәртібін сақтауды қамтамасыз ететін шаралар кешенін жүргізу, жеке бас гигиенасын сақтау, қоғамдық орындағы мінез-құлық мәдениеті мен өз-өзіне қызмет жасау дағдыларын меңгерту өте маңызды.
Әртүрлі қозғалыс түрлеріне жаттықтыра отырып, балалардың оны түсініп, дұрыс, дәл орындауы қадағаланады. Бұл мақсатты жүзеге асыруда арнайы ережелері бар қимыл ойындары ойнатылады.
Балалардың күнделікті тұрмысын ұйымдастыру барысында бала дербестігінің, өзінің және құрдастарының өзін-өзі ұстау мінез-құлқының артқандығын сезіне білуі, яғни ересектер тарапынан қамқорлыққа мұқтаждығының азайғандығын ескеру қажет. Киініп-шешіну, тамақтану, жуыну уақытының қысқаруы есебінен бала еңбегі мен ойынына, қимыл-қозғалысын дамытуға, өз бетінше көркемдік шығармашылықпен айналысуға бөлінетін уақыт мөлшері артады.
Ересек топта ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің түрлерін жүргізу уақытының көлемі артып, берілетін бағдарламалық материалдар күрделене түседі. Күрделі мазмұнды материалдарды меңгерту барысындағы ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті (сауат ашу, математика, тіл дамыту) күннің бірінші жартысында жүргізіледі. Себебі, бала бұл уақытта мейлінше сергек, әрі белсенді болады. Оқу материалын балаға ойын арқылы жеткізіп, оны жалықтырып алмас үшін дер кезінде сергіту жаттығуларын жасату керек. Баланың эмоциясын және қимылдарын дамытуға әсер ететін жас ерекшелігіне сай тиімді әдістер мен тәсілдерді қолдану керек.
Бейнелеу шығармашылығынан, драмалау ойынан, сахналаудан тұратын балалардың түрлі дербес көркем әрекетін ұйымдастыру қажет. Өнімді іс-әрекет түрлерімен айналысу сабақтарында балаларды құралдар, атрибуттар әзірлеуге қатыстыру.
Ойын іс-әрекеті алуан түрлі бола түседі, балалар жаңа заттардың қолданылуын, олармен әрекет жасау түрлерін, адамдармен қарым-қатынасқа түсу жолдарын меңгереді. Тәрбиешінің алдында түрлі ойындарды қолдану, шығармашылықты, дербестікті, ерік сапаларын дамыту міндеттері тұр.
Жыл соңында ересектер тобындағы балаларда болашақтағы мектеп оқушысы ретінде үстел ойындарын ойнауға, түрлі суреттерді қарап, суретті ойындардағы тапсырмаларды орындауға, құрастыру мен мүсіндеуге деген қызығушылықты тәрбиелеу қажет.
Бала әрекетінің жүйелі даму үлгісін көрсететін, бағдарлау мен әрекет кеңістігін ашатын, вариативтілігімен және баланың тікелей қатысуымен ерекшеленетін дамытушы орта құру оқыту мен тәрбиелеу процесінде өте маңызды рөл атқарады. Заттық дамытушы орта балалардың бір-бірімен, ересектермен қарым-қатынасын дамытуға бейімделіп жасалады. Сондықтан оның балалардың денесін, әлеуметтік, эстетикалық және танымдық дамуын қамтамасыз етуге қолайлы, әрі ыңғайлы болуы ескеріледі.
Топта еңбек әрекетінің әр түрін жүргізуге қолайлы жағдай жасалуы керек. Еңбек әрекеті арқылы баланың өз-өзіне қызмет ету дағдылары қалыптасады. Осы мақсатта әртүрлі еңбек әрекеттерін ұйымдастыруға болады. Мысалы, тұрмыстық-шаруашылық еңбек пен табиғат аясындағы еңбек түрлерін жеке және ұжымдық тапсырмалар мен кезекшілік түрінде ұйымдастырған жөн. Еңбек ету барысында балалардың жұмысын мадақтап отыру арқылы оны жігерлендіріп, еңбек етуге қызығушылығын арттырып отыру көзделеді.
Балаларды дамыту мен тәрбиелеуде нәтижеге жету үшін педагог пен ата-аналардың бірлесіп жұмыс жасауы маңызды рөл атқарады. Тәрбиеші балаға қатысты мәселелерді бірігіп шешу мақсатында ата-аналармен ынтымақтастық қатынас орнатып, оларды топтың өмірі мен қызметін ұйымдастыруға белсенді қатыстырып отыруы керек.
1. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 27.07.2007 ж., № 319-ІІІ ҚРЗ Заңы. Астана. Ақорда
2. ҚР МЖМБС 1.001-2009. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Негізгі ережелер.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты. «1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беру бағдарламасының мазмұнының базалық минимумы». - Астана қ., 2004.
4. «Балбөбек» бағдарламасы. Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының республикалық баспа бөлмесі. - Алматы қ., 1999.
5. Е. Өтетілеуов, «Балақай» - Алматы қ.: Жалын баспасы, 1986 ж.
6. «Кел, ойнайық» (Әлем балаларының ойындары). Құрастырған және аударған Қ. Толыбаев. - Алматы: Өнер, 1990.
7. Гризик Т.И., Аймагамбетова К.А., Майкова Г.Ж. «Познаю мир»: Метод. рекомендации для воспитателей. - Алматы: Просвещение-Казахстан, 2007.
8. Грибовская А.А., Левченко Т.А. «Народное искусство и детское творчество»: Метод. пособие для воспитателей - Алматы: Просвещение-Казахстан, 2007 год.
9. На пороге школы: Методические рекомендации для воспитателей. Т.Н. Доронова и др. - Алматы: Просвещение-Казахстан, 2007 год.
10. Арушанова А.Г. «Речь и речевое общение детей». - М.: Мозаика-Синтез, 1999.
11. Рунова М.Н. «Двигательная активность ребенка в детском саду». - М.: Мозаика-Синтез, 2003.
12. Рыжова Н.А. «Экологическое образование в детском саду». М.: Карапуз-Дидактика, 2004.
13. Терпугова Е.А. «Валеологическое воспитание детей дошкольного возраста: методич. пособие для педагогов. - Ростов н/Д: Феникс, 2007.
14. Соловьева Е.В., Коренькова Л.Г., Копытова В.И. «Математика и логика для дошкольников»: Метод. рекомендации для воспитателей. - Алматы: Просвещение-Казахстан, 2007.
15. Парамонова Л.А. «Теория и методика творческого конструирования».-М.: Академия, 2001.
16. Шулешко Е.Е. «Наглядно-дидактическое пособие по обучению дошкольников чтению, письму, счету» - М.: Мозаика-Синтез, 2002.

Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 86 бет
Таңдаулыға:   
Мектепке дейінгі ересек жастағы
(5 жастан 6 жасқа дейінгі)
балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған
Біз мектепке барамыз бағдарламасы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
министрінің м.а. 2009 жылғы 21 қыркүйектегі
№ 439 бұйрығымен бекітілді
 
Мектепке дейінгі ересек жастағы
(5 жастан 6 жасқа дейінгі)
балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған
Біз мектепке барамыз бағдарламасы

 
МАЗМҰНЫ
 
1. Түсіндірме жазба
2. Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін
ұйымдастыру
3. Балалардың жас ерекшелігіне сипаттама
4. Күн тәртібінің үлгісі
5. Денсаулық білім беру саласының базалық мазмұны
6. Қатынас білім беру саласының базалық мазмұны
7. Таным білім беру саласының базалық мазмұны
8. Шығармашылық білім беру саласының базалық мазмұны
9. Әлеуметтік орта білім беру саласының базалық мазмұны
10. Ойын
11. Еңбек
12. Мерекелер мен ойын-сауықтар
13. Ата-аналармен жұмыс
14. Пайдаланылған әдебиеттер
15. Қосымша
 
 
ТҮСІНДІРМЕ ЖАЗБА
 
Қазақстанның білім беру жүйесін жаңарту жағдайында мектепке дейінгі
тәрбие мен оқытудың жаңа Жалпыға міндетті білім беру стандартын енгізу және
мектепке дейінгі ұйымдағы, соның ішінде 5-6 жастағы балалар үшін,
педагогикалық процесті бағдарламалық-әдістемелік қамтамасыз ету
әзірлемелерін дайындау қажеттілігі туындап отыр.
Мектепке дейінгі ересек жастағы (5 жастан бастап 6 жасқа дейінгі)
балаларды тәрбиелеу мен оқытуға арналған Біз мектепке барамыз ұсынылып
отырған бағдарламасы мектепке дейінгі 5-6 жастағы балаларды тәрбиелеу мен
дамытудың мазмұндық аспектілерін ашады.
Бағдарлама түрлі өмір жағдайларында жинақталған тәжірибені қолданудың
басты көрсеткіші ретінде балалардың негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыру
міндеттерін шешуге бағытталған.
Бағдарлама классикалық және отандық мектепке дейінгі педагогика
әзірлеген мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды оқыту мен тәрбиелеу
тәсілдеріне, ішінара Балабақшадағы тәрбиелеу мен оқытудың типтік
бағдарламасының базалық қағидаларына сүйенеді.
Бағдарлама құрастырушылары мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа
Жалпыға міндетті білім беру стандартының негізгі қағидаларын бейнелейтін,
бүгінгі күн талаптарына жауап беретін жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеуді
мақсат етіп қойды.
Бағдарлама, ең алдымен, оқыту әдістемесін ғана емес, сонымен бірге,
бақылау мен бағалау, өз іс-әрекетін жобалау мен баланың дамуын болжау
әдістерін меңгерген шығармашыл педагогке арналған.
Ұсынылып отырған бағдарлама мазмұны позитивті әлеуметтенуді қамтамасыз
етуге және балаларға негізгі құзыреттіліктерді меңгертуге, сонымен қатар
әлеуметтік ортадағы оң қарым-қатынасқа қабілетті шығармашыл жеке тұлғаны
қалыптастыруға бағытталған.
Бағдарламалық материалды іске асыруда басты бағдар педагог пен
тәрбиеленуші қарым-қатынасының құзыретті жүйесіне өту болып табылады.
Құзыреттілікті танымдық мәселелерді дербес шешуге, өз айқындамасын
анықтауға және адамға қоғамдағы өмір сүру нормалары мен ережелерін
орындауға қажетті даму деңгейі ретінде қарастыра отырып, бағдарлама
құрастырушылары, бұрынғы мектепке дейінгі балаларға арналған бағдарламаға
қарағанда, осы бағдарлама әрбір мектеп жасына дейінгі баланың жеке
мүмкіндіктеріне бағытталған деп есептейді. Бала бағдарламалық материалды
меңгергенде өзінің іс-әрекетін өзі жоспарлауды, мақсат қоюды, оған қол
жеткізу жолдарын табуды үйренуі тиіс.
Бағдарламада мектепке дейінгі білім беру мазмұнының алдыңғы және кейінгі
сатылармен сабақтастығы айқын көрінеді.
Балалардың қажеттілігіне бағытталған педагогикалық процесті
ұйымдастыруға жаңаша қарау бағдарламаны құрастыруда тәрбие міндеттерін
біртіндеп күрделендіруді және оқу іс-әрекетін ұйымдастырудың түрлері мен
әдістерінің алуан түрін қолдануды қажет етеді. Мұндай жол барлығы
түсіндірілетін және, көбінесе, баланың орыңдаушылық қасиеттері қалыптасатын
оқытумен салыстырғанда, шығармашылық қабілеттілікті, дербестікті, дамытуға
бағытталған.
Бағдарламаны іске асырудың негізгі міндеттері:
- бала бойында маңызды шешуші құзыреттіліктерді қалыптастыруға мүмкіндік
туғызатын қолайлы пәндік дамытушы орта құру;
- тәжірибелік, танымдық, шығармашылық тәжірибе мен бала әрекетінің басқа
да түрлерін қалыптастыру;
- патриоттық және Қазақстанның мәдени-тарихи дәстүрлері негізінде
тәрбиелеу арқылы бала бойына жалпы адамзаттық, мәдени және адамгершілік
құндылықтарды дарыту;
- көп этникалық және көп мәдени мегаполисте ұлтаралық қатынастарды
үйлестіру процесінде маңызды звено болып табылатын ұжымда ұлтаралық қатынас
мәдениетін қалыптастыру;
- баланы дүниежүзілік және жалпыұлттық құндылықтар рухында дамыту мен
тәрбиелеу мақсатында отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның бірлескен
мүмкіншіліктерін пайдалану;
- әр баланың тұлғалық қасиеті және оны ауыспалы өмір жағдайында әрі
қарай сәтті дамыту мақсатында өзін-өзі тану, өз ойын еркін білдіру және оны
іске асыру дағдыларын жетілдіру;
- салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында бала денесінің
толыққанды дамуы үшін қолайлы кеңістік құру;
- әр баланың интеллектуалдық қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін
дамыту;
- мектепте білім алуға жан-жақты дайындау.
Мектепке дейінгі ересек жастағы баланы тәрбиелеу мен дамытудың нәтижесі
- үлкендермен және құрдастарымен қарым-қатынасқа түсе алатын, негізгі
құзыреттілікті және дене тәрбиесі, салауатты өмір салты негіздерін
меңгерген, мектепте оқуға даяр тұлға болып табылады.
Бағдарлама бес білім беру саласын (Денсаулық, Таным, Қатынас,
Шығармашылық, Әлеуметтік орта) қамтиды және баланың мектепте білім
алуға бағытталған әлеуеттік мүмкіндігін ашуды көздейді.
Бағдарлама мазмұнын іске асыру белгілі бір мақсатқа бағытталған, бір-
бірімен тығыз байланысты дербес бөлімдерден тұратын білім беру салаларының
жұмысын жүргізу болып табылады.
Денсаулық білім беру саласында балалардың денсаулығын нығайтуға,
салауатты өмір салтының ережелерін саналы түрде сақтауын қалыптастыруға,
бала ағзасы мен маңызды қозғалыс дағдыларының функционалды мүмкіндіктерін
жетілдіруге бағытталған педагогикалық жұмыстардың шарттары мен мазмұны,
міндеттері белгіленген.
Қатынас білім беру саласында байланыстырып сөйлеуін, мектепке дейінгі
ересек жастағы балалардың тілдік әрекетке жеке қабілеттерін, мазмұнды
диалог пен монолог құра білу іскерлігін, сауат ашу және жазуды меңгеруге
дайындау мақсатында тілдік шығармашылығын көрсетуге бағытталған жұмыстардың
мазмұны мен міндеттері қарастырылады.
Таным білім беру саласында баланың қоршаған ортада бағдарын кеңейтіп,
толықтыру, салыстыру, талдау, жалпылау, байқау, үлгілеу, қарапайым іздеу
әрекеттерін, табиғатты қорғау тәсілдерін меңгеруін, түрлі ақпарат
көздерімен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған педагогикалық
жұмыстардың міндеттерін, мазмұны мен шарттарын айқындап көрсетеді.
Шығармашылық білім беру саласында баланың қоршаған ортаға деген
эстетикалық қатынасы мен ұлттық, классикалық және қазіргі көркем
құралдардың дамуымен бірге қалыптасуы қарастырылады. Балалар шығармашылығы
мен әрекеттерін біріктіру арқылы балалардың көркемдік қабілеттері
қалыптасады. Балалар шығармашылығы - өзін, өзінің мүмкіндіктері мен
қоршаған ортаны танитын және оларға өзінің көзқарасын білдіретін ерекше
әлем.
Әлеуметтік орта білім беру саласында әлеуметтендіруді қоғамдық
қатынастар жүйесіне енуге қажетті балалардың әлеуметтік-мәдени
тәжірибелерінің дамуы ретінде қарай отырып, еңбек және білім, білік,
дағдыларын, қағидалар, құндылықтар, салт-дәстүрлер, ережелер, тұлғаның
әлеуметтік қасиеттерін қалыптастыру мәселелері қарастырылады.
Сонымен қатар, бұл сала кіріктірілген сипатта төрт білім беру саласының
мазмұнын іске асырады. Балалар әрекеттерін түрлендіруді ұйымдастыру
негізінде олардың үлкендермен, құрдастарымен қарым-қатынас жасауда
қарапайым өзін-өзі бақылау мен реттеу дағдыларын қалыптастырады.
Бағдарламада балалардың мәдени дағдылары, білімділігі, тұлғаның
әлеуметтік қасиеттерінің дамуы және бірлесіп жұмыс жасауын, қоршаған ортаға
қамқорлық, бәсекелестік және ынталылық, дербестік пен тәуелсіздік,
әлеуметтік ортаға икемділік, мәдени және экологиялық сауаттылықты
қалыптастыруға басты орын берілген.
Бағдарлама тәрбиешілерге, әдіскерлерге, мектепке дейінгі ұйымдардың
меңгерушілеріне, мектеп жасына дейінгі балалардың ата-аналарына арналған.
Бағдарламада базистік оқу жоспарына сәйкес ұзақтығы 25-30 минут болатын 15
сабақ (ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті) қарастырылған.
Бағдарламаның оқу-әдістемелік кешені педагогтерге білім беру салаларын
кіріктіру және қазіргі білім беру технологияларын таңдауда шығармашылықпен
жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, ұйымдастырылған оқу-іс-әрекетіне
жаңаша қарауды ұсынады.
Әрбір білім беру саласының мазмұнында мектеп жасына дейінгі ересек
жастағы балалардың базалық білім, білік, дағдыларды меңгеру деңгейі бойынша
күтілетін нәтижелер аныкталған.
Бағдарлама балаларды мектепте оқуға ойдағыдай бейімделуінің мазмұнын
таңдау және жағдайларын анықтау негізінде балабақша мен бастауыш мектеп
арасындағы сабақтастық міндеттерін шешуді қарастырады.
Бағдарлама құрылымы
Бағдарлама түсіндірме жазба, мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың
тіршілік әрекетін ұйымдастыру, күн тәртібінің үлгісі, базалық мазмұны
ұйымдастырылған оқу-іс-әрекетінде жүзеге асатын бес білім беру салаларының
бағдарламалық мазмұнынан тұрады.
Бағдарламада ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің әр түрі бойынша
бағдарламалық материалды меңгеру көрсеткіштері ұсынылады.
Қосымшада:
1) қимылды ойындардың шамалық тізімі;
2) ұсынылатын көркем әдебиет шығармалары;
3) сурет салу, жапсыру, мүсіндеуден сабақтардың шамалық тақырыптары;
4) өнермен таныстыру үшін шамалық шығармалар;
5) музыкалық репертуар мен музыкалық-дидактикалық ойындар беріліп отыр.
 
 
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЕРЕСЕК ЖАСТАҒЫ
БАЛАЛАРДЫҢ ТІРШІЛІК ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ
 
Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру
барысында жүргізілетін ойындар мен сабақтар балаларды дербестікке
тәрбиелеуге негізделеді. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлеріндегі
режимдік кезеңі процесінде ересектермен және құрдастарымен мәдениетті қарым-
қатынас жасауға әдеттендіру ары қарай жалғаса береді.
Баланың денсаулығын нығайтуға, дене және ақыл-ой қызметінің жұмысын
жақсартуға, жүйке жүйесін сақтауға бағытталған іс-шараларды балалар шаршап-
шалдықпайтындай, жарақаттанып қалмайтындай, жалықпайтындай етіп ұйымдастыру
керек. Сонымен қатар, осы кезеңде күн тәртібін сақтауды қамтамасыз ететін
шаралар кешенін жүргізу, жеке бас гигиенасын сақтау, қоғамдық орындағы
мінез-құлық мәдениеті мен өз-өзіне қызмет жасау дағдыларын меңгерту өте
маңызды.
Әртүрлі қозғалыс түрлеріне жаттықтыра отырып, балалардың оны түсініп,
дұрыс, дәл орындауы қадағаланады. Бұл мақсатты жүзеге асыруда арнайы
ережелері бар қимыл ойындары ойнатылады.
Балалардың күнделікті тұрмысын ұйымдастыру барысында бала дербестігінің,
өзінің және құрдастарының өзін-өзі ұстау мінез-құлқының артқандығын сезіне
білуі, яғни ересектер тарапынан қамқорлыққа мұқтаждығының азайғандығын
ескеру қажет. Киініп-шешіну, тамақтану, жуыну уақытының қысқаруы есебінен
бала еңбегі мен ойынына, қимыл-қозғалысын дамытуға, өз бетінше көркемдік
шығармашылықпен айналысуға бөлінетін уақыт мөлшері артады.
Ересек топта ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің түрлерін жүргізу
уақытының көлемі артып, берілетін бағдарламалық материалдар күрделене
түседі. Күрделі мазмұнды материалдарды меңгерту барысындағы ұйымдастырылған
оқу іс-әрекеті (сауат ашу, математика, тіл дамыту) күннің бірінші
жартысында жүргізіледі. Себебі, бала бұл уақытта мейлінше сергек, әрі
белсенді болады. Оқу материалын балаға ойын арқылы жеткізіп, оны жалықтырып
алмас үшін дер кезінде сергіту жаттығуларын жасату керек. Баланың эмоциясын
және қимылдарын дамытуға әсер ететін жас ерекшелігіне сай тиімді әдістер
мен тәсілдерді қолдану керек.
Бейнелеу шығармашылығынан, драмалау ойынан, сахналаудан тұратын
балалардың түрлі дербес көркем әрекетін ұйымдастыру қажет. Өнімді іс-әрекет
түрлерімен айналысу сабақтарында балаларды құралдар, атрибуттар әзірлеуге
қатыстыру.
Ойын іс-әрекеті алуан түрлі бола түседі, балалар жаңа заттардың
қолданылуын, олармен әрекет жасау түрлерін, адамдармен қарым-қатынасқа түсу
жолдарын меңгереді. Тәрбиешінің алдында түрлі ойындарды қолдану,
шығармашылықты, дербестікті, ерік сапаларын дамыту міндеттері тұр.
Жыл соңында ересектер тобындағы балаларда болашақтағы мектеп оқушысы
ретінде үстел ойындарын ойнауға, түрлі суреттерді қарап, суретті
ойындардағы тапсырмаларды орындауға, құрастыру мен мүсіндеуге деген
қызығушылықты тәрбиелеу қажет.
Бала әрекетінің жүйелі даму үлгісін көрсететін, бағдарлау мен әрекет
кеңістігін ашатын, вариативтілігімен және баланың тікелей қатысуымен
ерекшеленетін дамытушы орта құру оқыту мен тәрбиелеу процесінде өте маңызды
рөл атқарады. Заттық дамытушы орта балалардың бір-бірімен, ересектермен
қарым-қатынасын дамытуға бейімделіп жасалады. Сондықтан оның балалардың
денесін, әлеуметтік, эстетикалық және танымдық дамуын қамтамасыз етуге
қолайлы, әрі ыңғайлы болуы ескеріледі.
Топта еңбек әрекетінің әр түрін жүргізуге қолайлы жағдай жасалуы керек.
Еңбек әрекеті арқылы баланың өз-өзіне қызмет ету дағдылары қалыптасады. Осы
мақсатта әртүрлі еңбек әрекеттерін ұйымдастыруға болады. Мысалы, тұрмыстық-
шаруашылық еңбек пен табиғат аясындағы еңбек түрлерін жеке және ұжымдық
тапсырмалар мен кезекшілік түрінде ұйымдастырған жөн. Еңбек ету барысында
балалардың жұмысын мадақтап отыру арқылы оны жігерлендіріп, еңбек етуге
қызығушылығын арттырып отыру көзделеді.
Балаларды дамыту мен тәрбиелеуде нәтижеге жету үшін педагог пен ата-
аналардың бірлесіп жұмыс жасауы маңызды рөл атқарады. Тәрбиеші балаға
қатысты мәселелерді бірігіп шешу мақсатында ата-аналармен ынтымақтастық
қатынас орнатып, оларды топтың өмірі мен қызметін ұйымдастыруға белсенді
қатыстырып отыруы керек.
 
 
БАЛАЛАРДЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІГІНЕ СИПАТТАМА
 
Бес-алты жасқа қараған балалардың дамуында елеулі өзгерістер болады.
Бала денесінің салмағы шамамен айына 200 г, бойының ұзындығы 0,5 см артады.
5-6 жасында баланың бойы - 116 см, денесінің самағы - 21,5 кг жетіп, кеуде
қуысының көлемі 67 см жетеді.
Баланың мінез-құлық әрекетін реттеуде бас ми қыртысының рөлі артады.
Жоғары жүйке жүйесінің қызметі жетіледі. Балалардың қимыл белсенділігі
артып, негізгі қимыл әрекеттерін жетік меңгереді. 5-6 жастағы балалардың
қозғалысы, көбінесе, жігерлі, әрі нақты болып, әсемдік пен жеңілдікке ие
болады. Балалар жүгіріп келіп биіктік пен ұзындыққа тоқтамай секіруді,
заттарды нысананы көздеп дәл лақтыруды беріліп орындайды. Олар допты бір
қолымен қағып ала алады, бір орында тұрып, аяқтарын кезектестіріп секіре
алады.
Бес-алты жасында саусақ қимылдарының жетілгендігі соншалық, бала
өздігінен қағаздан түрлі пішіндерді (дөңгелек, сопақша, тіктөртбұрыш, т.б.)
қия алады, адам мен жануарлар мүсіндерін жасап, қарындашпен, бояумен еркін
сурет сала алады.
Бес жастағы бала психикалық дамудағы елеулі өзгерістермен ерекшеленеді.
5-6 жастағы баланың әлеуметтік даму ситуациясы ересектермен қарым-
қатынас жасаудың ситуациядан тыс-жеке тұлғалық түрінің пайда болуымен
ерекшеленеді. Дамудың алдыңғы кезеңінде қатынас мазмұны ситуациядан тыс
болады, яғни сол ситуация шеңберінен шығады, теориялық болады. Ересек адам
бала үшін білім көзі болып қана қоймай, сонымен қатар әлеуметтік қарым-
қатынастардың, адамның іс-әрекетінің мәні мен нормалары жөніндегі білім
көзі де болып табылады. Бала қарым-қатынас, моральдық нормалар жайлы
сұрақтар қоя бастайды. Бұл жастағы бала өз күйзелісін, пікірі мен бағалауды
ересектердің пікірімен ара салмағын анықтай алады. Мұндай қатынастың басты
мотиві - өзара түсіністік пен әсерлену.
Бұл кезеңде баланың айналаны танып-білуге құштарлығы артқаны соншалық,
ол үлкендерге қоршаған әлем туралы өзін қызықтырған сан алуан сұрақтар қоя
алады. Ересек адам бала үшін жаңа білім көзі, күмәндәнудің шешімін табатын
эрудит болады.
Егер 4-5 жастағы балалар ересектермен жан-жануарлар, машиналар, табиғат
құбылыстары жайлы әңгімелессе, ал мектепке дейінгі ересек жастағы балалар
мінез-құлық мәдениеті ережелері, өзі және ата-аналары жайлы әңгімелескісі
келеді. Жетекші мотив тұлғалық мотивке айналады. Қатынас жасаудың негізгі
қозғаушы күші, нақты атқаратын қызметіне қарамастан, адам болып саналады
Бес-алты жастағы бала өзін барлық жағынан жарылыс (бұл, әсіресе,
балабақшаға баратын балаларға тән) түрінде көрсете алады. Құрдастар
ересектерден асып өтіп, бала өмірінде ерекше орынға ие болады. Қарым-
қатынастың негізгі мазмұны іскерлік ынтымақтастық пен біріккен ойын әрекеті
арқылы ашылады. Балалардың қарым-қатынасы, әсіресе, сабақ және ойын әрекеті
үстінде айқын көрінеді. Бала құрдастарының әрекетіне сынай қарап, іштей
қызғанады, оларды өзінше бағалайды және үлкендердің бағалауын өзіндік
әсермен қабылдайды. Кейбір жағдайда құрдасының сәтсіздіктеріне бірге
қамығады. Бірақ мұндай қатынас тұрақты бола бермейді. Ол өз мүмкіншіліктері
мен жетістігіне мақтанып, өзін басқадан биік ұстайды, өзгені қызғанады, оны
өзіне бәсекелес санайды. Қарым-қатынасында жиі жанжалдасып қалу сипат
алады. Ызақорлық пен қымсыну сезімінің пайда болуы әсерінен қарым-қатынас
шиеленісе түседі. Әрдайым өзінің артықшылығын дәлелдеу мақсатында басқа
балаларды өзімен салыстырып отырады. Қарым-қатынаста үлкендердің де,
құрдастарының да оның пікірімен санасқанын, өзіне сыйластықпен қарағанын
қалайды. Сонымен қатар, өзара қарым-қатынасында түсініспеушілік пен
жанжалдарды болдырмаудың жолын табуды меңгеру арқылы баланың қарым-қатынас
құзіреттілігі қалыптасады.
5-6 жаста сюжетті-рөлдік ойындар өзінің кемеліне жетіп, толысады.
Балалардың сомдауы арқылы жасалған адамдар арасындағы қарым-қатынас ойынның
негізгі мазмұнын құрайды. Балалар 3-4 адамнан құралған тұрақты ойын
бірлестігін құрады. Рөлдік ойындарда бала сомдап тұрған кейіпкерінің атынан
басқа кейіпкерлермен сөйлеседі. Осылайша баланың мазмұнды сөйлеу тілі
қалыптасады, рөлдік қарым-қатынастардың мәні ашылады. Қойылымдағы қимыл-
әрекеттер ықшамдалып, баланы жалықтырмайтындай қысқа, рет-ретімен, орынды
қойылып, сюжеттің мазмұны ашылатындай болуы керек. Осы жастағы балаларға не
жайлы ойнағандықтарын білуге ұмтылу тән. Ертегі, кино, мультфильмдерден
көріністер, ең бастысы, қоғамдық сюжеттер ойында басты орын алады.
Осы кезеңнің маңызды жаңалығы - мінез-құлық еркіндігі. Барлық психикалық
процестер (қарапайымнан күрделіге дейін), қатынас жасай білу мектеп жасына
дейінгі баланың негізгі іс-әрекеті - ойында дамиды. Мысалы, ойында рөл
атқара отырып, бала ойын міндетіне барлық өзінің тезаралық, импульсивті
әрекеттерін бағындырады. Ойын барысында бала, ересектердің тікелей
тапсырмасын орындағаннан гөрі, зейіндерін жылдамырақ шоғырландырады,
көбірек есте сақтайды. Балалармен ойнай отырып, олардың талап-тілектерін
ескереді, келіспеушіліктерді шешеді, жаңа жоспар құрады және оны іске
асырады. Басқа сөзбен айтқанда, қатынас жасай білуге үйренеді. Ауыстырғыш
заттармен ойнай отырып, шартты кеңістікті көз алдына ойша елестетеді. Көз
алдына елестетін кеңістіктегі әрекет практикасы шығармашыл қиялды дамытуға
мүмкіндік жасайды. Өнімді іс-әрекет түрлері - сурет салу, құрастыру ойынмен
бір тұтасқан. Бала сурет сала отырып, қандай да бір сюжетті ойнайды,
текшелерден құрастыра отырып, оны ойынға енгізеді. Мектепке дейінгі ересек
жаста өнімді іс-әрекет нәтижесі дербес мәнге ие болады, сөйтіп ол ойыннан
біртіндеп арылады.
Бұл кезеңде мінез-құлықтың жаңа маңызды еркін түрі пайда болады. Бала
бұрын өзінің эмоционалдық көңіл-күйін кез келген ортада еркін көрсетсе,
енді өзінің іс-әрекетінде тәртіп нормалары мен қағидаларын сақтайды.
Дегенмен де бұл кезеңде өзін-өзі ұстай білу дағдысы қалыптасу сатысында
болады. Алғаш рет өзін қалай ұстау керек? деген сұрақ туады. Бала
санасында өз әрекетін реттеп отыратын өзін-өзі ұстау тәртібінің үлгісі
құрылады. Сол үлгі арқылы бала өз әрекетін реттеп отырады. Өз
мүмкіншіліктерін, нені істей алатындығы мен істей алмайтындығын сезеді,
өзгелермен қарым-қатынаста өз орнын біледі, өз әрекетін ғана емес, ішкі жан
күйінің тербелістерін (қуаныш, реніш, қобалжу, толқу, т.б.) де сезінеді,
үлкендердің талаптарын түсініп, өз пікіріне сай келсе саналы түрде орындай
алады. Психологтардың пайымдауынша, бес жастан кейін олармен келісуге,
тапсырмалар беруге, жаңа іспен қызықтыруға болады.
Дәл осы кезеңде өзін-өзі ұстаудағы еркіндік бала психикасының дамуы мен
жан дүниесінің қалыптасуының көзі болып табылады. Бала нені қаласа, соған
жетуге тырысады. Оның өзін-өзі ұстауы айналасындағы жағдайға байланысты
емес, өз шешіміне қарай болады. Осы құбылыстар бала дамуының барлық
саласында көрініс табады және бекітіледі.
Дүниетанымдық түсініктері. 5-6 жастағы балалар қоршаған әлем мен өзі
туралы тұрмыстық түсініктерді біледі. Күнделікті тіршілік түсініктері - бұл
күнделікті сөйлеу тілімен байланысты ұғымдар. Осыған орай мектепке дейінгі
ересек жастағы балалардың түрлі дүниетанымдық мәселелер туралы өзіндік
түсініктері бар. Жағдайдан тыс-тұлғалық қарым-қатынас пен сюжеттік-рөлдік
ойындардың нәтижесінде баланың үлкендердің өзара қарым-қатынасы мен
әлеуметтік жағдайы туралы түсініктері қарқынды дамиды. Сөздік-қисынды ойлау
қабілеттерінің дамуы кейбір түсініктердің нақты-бейнелі мазмұнының
абстрактілі, ерікті салыстырмалы түрін жасайды. Өзін ерекше бағалап, өзінің
мен-дігін жақындарынан да, достарынан да оқшау қояды.
Бұл кезеңде бала жаны тез жараланғыш келеді. Сонымен қатар көптеген
балаларда ашуланшақтық, ұялшақтық, ызақорлық, өзін-өзі көрсетуге құмарлық
сияқты қасиеттер пайда болады. Үлкендер бұл өзгерістерді дер кезінде
байқап, тиісті шаралар қолданбаса, ол бала бойында өмір бойы сақталып қалуы
мүмкін.
Баланың ойлау қабілеті. Ішкі психологиялық өмірі мен өзін-өзі реттеуінің
қалыптасуы - танымдық салада бірқатар жаңа құрылымдардың пайда болуымен
байланысты. Ең алдымен, бала ортақ түсініктер бойынша әрекет ету қабілетін
меңгереді, оқиғалар мен құбылыстардың себеп-салдарлық қарым-қатынасын құра
алады.
Бұл кезеңде баланың қоршаған әлемді түсінуге талпынысы артады және әлем
туралы алғашқы түсінігінің кескіні пайда болады. Алайда, бұл қисынды
түсінік емес, небары көрнекі-бейнелі ойлау ғана.
Көрнекі-бейнелі ойлау - ойлау қабілетінің кең тараған түрі. Ол тікелей
затқа емес, сол заттың бейнесі мен баланың зат туралы түсінігіне
бағытталған. Ойлау қабілетінің бұл түрінің маңызды шарттарының бірі - ойын.
Ойын арқылы балада бір затты екінші заттан айыра білу дағдысы қалыптасады.
Жаңа бейне жасау мүмкіншілігі туады. Бұл мақсатты осы кезеңнің маңызды
құрылымдарының бірі - елестету арқылы іске асырады.
5-6 жаста сөздік-қисынды ойлау қабілетінің күрт дамуы байқалады. Сол
арқылы балада көзге көрінбейтін заттар мен құбылыстар арасындағы байланысты
түсіну қабілеті қалыптасады. Осылайша, өзі қолымен ұстап, көруге болмайтын
заттар мен құбылыстардың байланысын бақылауына, түсінуіне мүмкіншілік
береді. Нақты бейнелі ойлауға бағытталған түсініктен, қисынды шешім
шығарып, оны сөз арқылы бейнелеуді меңгереді, оқиғалар мен құбылыстардың
себеп-салдарлық қатынасын белгілей алады.
Ең бастысы, бұл кезеңде бала психикасы қалыптасу мен даму үстінде
екендігін естен шығармауымыз керек.
 
 
КҮН ТӘРТІБІНІҢ ҮЛГІСІ
 
Баланың мектепке дейінгі ұйымдағы күн тәртібінің уақыты 12 сағатқа
шамаланған
 
Күн тәртібінің элементтері Уақыты
(сағ., мин)
Сәлеметсіңдер ме, балалар! 7.30-9.10
Балаларды қабылдау, тексеру, ойындар, ертеңгілік
гимнастика. Гигиеналық шаралар. Таңғы ас. Ойындар,
ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттеріне дайындық.
Ойнайық та, ойлайық Ұйымдастырылған оқу 9.10-10.40
іс-әрекеті.
Табиғат аясында 10.50-12.50
Серуенге дайындық. Серуен. Табиғатпен таныстыру,
ойындар, еңбек. Серуеннен оралу. Гигиеналық және
шынықтыру шаралары.
Ас - адамның арқауы 12.50-13.20
Түскі ас
Тәтті ұйқы 13.20-15.10
Гигиеналық және шынықтыру шаралары. Күндізгі
ұйқыға жатқызу.
Ұйқымызды ашайық 15.10-16.00
Ұйқыдан ояну, шынықтыру шаралары. Бесін ас.
Алақай, ойын! 16.00-17.40
Сюжетті-рөлдік, шығармашылық және дидактикалық
ойындар. Серуенге дайындық, серуен, қимылды
ойындар. Гигиеналық және шынықтыру шаралары.
Ас - адамның арқауы 17.40—18.00
Кешкі ас
Ертеңге дейін... 18.00-19.00
Балалармен, ата-аналармен қарым-қатынас.
Балалардың үйге қайтуы.

 
 
ДЕНСАУЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ
БАЗАЛЫҚ МАЗМҰНЫ
 
Мақсаты: денсаулық сақтау құзіреттілігін қалыптастыру. Өз денсаулығына
саналы көзқарасын тәрбиелеу, денсаулықтың адамға табиғаттың берген басты
құндылығы екенін түсіну, қозғалыс белсенділігін дамыту және дене сапаларын
қалыптастыру.
Мектепке дейінгі ересек жастағы Денсаулық білім беру саласының базалық
мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің төмендегідей түрлері арқылы
жүзеге асады:
- дене шынықтыру;
- валеология.
 
Дене шынықтыру
Мақсаты: баланың денсаулығын сақтау және нығайту, дене жаттығуларын
жасауға қызығушылықтарын арттыру, қимылдау біліктерін жақсартуға тырысу,
оларды дұрыс және дәл орындай білуге үйрету.
Міндеттері:
1. Денсаулығын нығайту, балалардың денесінің жалпы дайындығын жақсарту,
қимыл-қозғалыс арқылы биологиялық қажеттілігін қанағаттандыру, жағымды
эмоционалды көңіл-күй ортасын жасау;
2. Күнделікті өмірге қажетті қимыл түрлерін, оларды дұрыс орындау
дағдыларын қалыптастыру;
3. Дене сапаларын: ептілік, үйлесімділік қабілеттерін дамыту,
шыдамдылығын шыңдау;
4. Балаларды спорттық ойындар және жаттығулармен таныстыру арқылы ойын
техникасын меңгерте отырып, жаңа дағдыларды меңгерту;
5. Балаларды жинақылыққа тәрбиелеп, ынталы іскерлігін арттыру,
құрдастарымен достық қарым-қатынасын қолдау;
6. Жас ерекшелігіне қарай толыққанды дамуына, ағзаның қоршаған ортаға
бейімделу қабілетін, дене және ақыл-ойдың қабілеттілігін арттыруға жағдай
жасау;
7. Белсенді қимыл іс-әрекеттеріне және оған қажеттілікке
қызығушылықтарын арттырып, дене шынықтыру сабақтары мен ойындардың, негізгі
гигиеналық талаптар мен ережелердің пайдасы туралы түсініктерін
қалыптастыру.
 
Мазмұны:
Негізгі қимыл түрлерін дамыту жаттығулары
Ортаңғы топта үйренген жаттығуларды қайталап, балалардың біліктері мен
дағдыларын жетілдіру және бекіту.
Негізгі қимыл жаттығулары
Жүру:
- түрлі қарқында бір қатармен, екі қатармен, аяқтың ұшымен, өкшемен жүру
жаттығуларын белгі бойынша орындау;
- бүгілген тізені жоғары көтеріп, жартылай отырып;
- заттарды аттап, заттар арасынан;
- қолды түрлі қалыпта ұстап (жоғары, алға, жанына, желкеде);
- тәрбиешінің белгісімен тоқтап;
- қозғалыс бағытын өзгертіп, заттар арасымен;
- шашырап, заттар арасымен;
- жүгіруді алмастыра;
- адымдап алға қарай жүру;
- жыланша ирелендеп;
- сызық және шеңбер бойымен қол ұстасып, жіптен ұстап, жіпті басқа қолға
ауыстырып қысқа және кең адымдап;
- 3-4 м жерге дейін көзін жұмып.
Жүгіру:
- бір қатармен, шашырап, жұптасып, түрлі қарқында;
- шеңбер бойымен, қол ұстасып, келесі жақта бұрылыс жасап;
- заттарды аттап, тізені жоғары көтеріп жиі және кең адымдап заттар
арасымен;
- заттар арасымен шашырап;
- жыланша ирелеңдеп, кедергілер арасымен;
- жұптасып, тізбектеліп, бастаушыны ауыстыра отырып, сапқа қайта тұрып;
- кедергілерден өтіп;
- 1,5-2 мин түрлі жылдамдықпен - баяу, жылдам, орташа қарқынмен
тоқтамай, орташа жылдамдықпен 60-100 м;
- қағып алу және айлалы түрде;
- баяу қарқынмен кедергілер арасымен 2 минут тоқтамай;
- 320 м қиылысқан жермен баяу;
- белгіленген жерге дейін жылдамдыққа, (арақашықтығы 20 м) жүгіру;
- бірнеше рет сап түзеу арқылы жылдамдыққа жүгіруді баяу жүгірумен
алмастыру;
- барынша тез 20-30 м арақашықтыққа (жылдың аяғында 5,5-5 секундта 20
метрге, 7,5-8,5 секундта 30 метрге);
- 120-200 метрге 2-3 рет жүрумен алмастырып;
- екі, үш қатарға сапқа қайта тұрып (жол бойында кеглиді алу);
- ирелеңдеп жүгіру (10 метрден 3 рет).
Секіру:
- бір орында тұрып, алға қарай;
- тізенің арасына қапшықты қысып, қос аяқтап;
- қос аяқтап заттар арасымен (арақашықтығы 4 м), 5-6 заттың үстімен
(биіктігі 15-20 м), оң және сол қырымен;
- жіптің үстінен;
- түзу бағытта (ара қашықтығы 6 м)
- оң және сол аяқтарымен кезектесіп заттар арасымен (арақашықтығы 3 м);
- оң және сол аяғын кезектестіріп;
- 20 см-биіктіктегі зат үстіне;
- алға қарай бір аяқтан екінші аяққа (арақашықтығы 3-4 м);
- бір орыннан ұзындыққа (80 см кем емес);
- жүгіріп келіп ұзындыққа (100 см кем емес);
- жүгіріп келіп биіктікке (биіктігі 30-40 см кем емес);
- шахмат тәрізді қойылған ағаш кірпіштерден (арақашықтығы 50 см),
толтырылған доптардан (5-6 дана) қос аяқтап секіру;
- алаңның ортасына қойылған жіптің оң және сол жағынан 4 м қашықтыққа
алға жылжып;
- ұзын және қысқа секіртпемен қос аяқтап, ыршып-ыршып, бір аяқтан екінші
аяққа алға айналдыра отырып және қос аяқтап ыршып секіруді алмастырып алға,
артқа секіру;
- теңселіп, айналып, бір орында тұрып секіртпемен;
- қысқа секіртпемен алға жүріп (арақашықтығы 8 м) қос аяқтап;
- арақашықтығы 40 см құрсаудан келесі құрсауға бір аяқтап және қос
аяқтап;
- қос аяқтап, аяқтың оң және сол қырымен (3 рет), одан соң 180 градусқа
бұрылып секіру.
Лақтыру, қағып алу, домалату:
- қос қолмен допты жоғары, жіптің үстінен лақтыру, допты еденнен ыршытып
жоғары лақтырып қос қолмен қағып алу (10 реттен кем емес) допты қабырғаға
ұрып және еденнен ыршытып қос қолмен қағып алу;
- допты заттар арасымен және түзу бағытта домалату;
- 3-4 м арақашықтықта допты, қапшықты, тасты, асықты нысанаға дәлдеп
лақтыру;
- 3-4 м арақашықтықтан қапшықтыты тік нысанаға иықтан асырып, оң және
сол қолмен лақтыру;
- қапшықтарды себетке, алысқа көздеп тастау, бір қолымен қапшықты, екі
қолмен допты төменнен құрсауға лақтыру;
- допты екі қолымен бір-біріне (арақашықтығы 1,5-2 м) басынан асыра
лақтыру;
- тізбектеліп және тізерлеп тұрып допты екі қолымен бір-біріне басынан
асыра лақтыру;
- 3 м арақашықтықта тізбектеліп допты төменнен қос қолдап, кеудеден және
төменнен лақтырып, тосар алдында қолды шапалақтау;
- допты қос қолдап заттар арасымен (4-5 м арақашықта) алға қарай алып
жүру;
- алға қарай жылжып қос қолмен допты лақтырып, қайта қағып алу
(арақашықтығы 4-5 м);
- сақинаны лақтырып таяққа кигізу;
- допты қос қолмен себетке лақтыру;
- кішкентай допты бір қолымен лақтырып, екі қолмен тосып алу;
- допты бір қолмен еденнен ыршытып, қос қолмен тосып алу, бір қолымен
жоғары лақтырып, бір қолымен тосып алу.
Еңбектеу және өрмелеу:
- биіктігі 40 см болатын жіптің астынан қолды еденге тигізбей, жанымен
еңбектеу;
- гимнастикалық орындық үстінде ішпен, арқаға қапшық қойып еңбектеу;
- еңкіш басқышпен өрмелеп гимнастикалық қабырғаға өтіп, одан қайта түсу,
гимнастикалық орындық үстімен еңбектеу;
- биіктігі 50 см доға астымен қолына допты ұстап, қатарынан қойылған 3-4
доғаның астынан еңбектеу;
- қолды еденге, шеңбердің шетіне тигізбей топталып шеңбердің ішіне кіру
(биіктігі 50 см);
- кеглилер арасымен допты басымен итеріп еңбектеу;
- арқаға қапшық қойып еңбектеу;
- гимнастикалық қабырғаның басына дейін бір және бірнеше тәсілмен
өрмелеп, басқа аралыққа ауысып төменге түсу;
- доғаның астымен допты басымен итеріп еңбектеу;
- кедергілер арасынан және қолды еденге тигізбей доға астынан еңбектеу;
- шығыршықтарды айналдырып, олардың ішіне кіру;
- сатының қырына қойылған тақтайшалар арасынан өту.
Тепе-теңдікті сақтау:
- заттар арасымен аттап жүру;
- кедергісі бар тақтай үстімен адымдап, аяқ ұшымен жүру;
- орындық үстімен, текшелерді аттап, толтырылған доптармен, әр қадам
сайын допты алға қойып, қолды арқаға немесе алдына ұстап, басына қапшық
қойып жүру;
- арқан бойымен қырынан, қосымша қадаммен (өкшені арқанға, аяқ ұшын
еденге);
- кедір-бұдыр тақтай үстімен жүру;
- еңкіш тақтай үстінен арқаны түзу ұстап жүру және жүгіру;
- еңкіш тақтай үстіне жүгіріп шығып, төмен қарай адымдап түсу;
- еңкіш тақтай үстімен бір қырымен қосымша адымдап жүру;
- арқан бойымен басына қапшықты қойып, бір қырындап, қосымша адымдап
жүру;
- гимнастикалық орындық үстімен арақашықтығы баладан екі қадам алыс
қойылған толтырылған доптардан аттау арқылы жүру;
- көлденең және еңкіш бөрене бойымен жүру және жүгіру;
- бір-бірінің қолдарынан ұстап жұптасып айналу;
- Қарлығаш жаттығуын орындау.
Сапқа тұру, сап құрылымын өзгертіп қайта тұру:
- сапқа бір қатармен тұру;
- сап түзеп жүруден бір және екі қатармен қайта тұру;
- бір орында және қимыл үстінде оңға, солға бұрылу;
- қатарда - қолды алға, сап түзеп жүргенде және шеңбер жасағанда -қолды
жан-жаққа созып тік тұру;
- секіріп және аттап оңға, солға, айналып бұрылу;
- қатардан сапқа тізбектеліп шеңбер бойымен және үш қатарға тұру;
- шаңғымен сапқа тізбектеліп тұру, адымдап қадам басу, бұрылу;
- жүру барысында жұптасып және қайтадан бір қатарға тұру;
- педагогтің тапсырмаларын орындай отырып, сапта тұрып бір қатардан үш
қатар құру, жүгіру кезінде ауысу, қимылдар жасай отырып екі қатардан бір
қатарға сапқа тұру;
- саптағы бір қатардан үш, төрт қатарға қайта сап түзеп тұру.
Музыкалық-ырғақты жаттығулар:
Музыка ырғағына сәйкес түрлі қарқында қимылдар жасау. Өздеріне таныс
дене жаттығуларын музыка әуенімен әсем де, ырғақты етіп орындау. Аяқты
өкшеге кезектестіріп қойып, топылдату. Бір жанымен тізе бүге отырып жүру.
Қарапайым музыка ырғағына сай қолды шапалақтау. Жұптасып шеңбер бойымен
қозғалу. Музыка ырғағына қарай ойдан қимылдар ойластырып, шығармашылық
таныту.
 
Жалпы дамыту жаттығулары
Қол мен иық бұлшық еттеріне арналған жаттығулар. Қолды кеудеге қою, жан-
жаққа созу, қолды желкеге қою, жоғары көтеру, жан-жаққа созу. Қол
саусақтарын айқастыру - құлып, жоғары алға көтеру (алақанды сыртқа қарай
айналдыру). Қолды жоғары артқа бір мезгілде және кезектесіп көтеру. Бір
қолдан екінші қолға затты алға, арқаға, басына қайта қою. Қолды алға
шапалақтау және арқаға қою. Қолды буыннан айналдыру. Қолдың саусақтарын
ашып, жұму.
Аяққа арналған жаттығулар. Аяқтың ұшымен тұру. Аяқтың ұшын жерден алмай,
өкшені жоғары көтеріп, түсіру. 2-3 рет қатарынан жартылай отырып-тұру.
Қолды алға созып, қолмен тізеге сүйеніп, қолмен тізені құшақтап және басты
иіп жүрелеп жүру. Аяқты кезекпен алға және жан-жаққа жіберіп отыру. Ұсақ
заттарды аяқтың саусақтарымен қысып алып, орнын ауыстыру. Аяқтың басын
таяққа, арқанға тірей отырып, өкшемен бір жағымен қырындап жүру. Таяқ,
білікше бойымен (диаметрі 6-8 см) табанның ортасына сүйене отырып, бір
қырындап өкшені өкшеге қойып жылжу. Табанды майыстыру, түзулеу, айналдыру.
Кеудеге арналған жаттығулар. Допты басынан асыра (алға және артқа) бір-
біріне беру. Қолды алға созып оңға, солға бұрылу. Гимнастикалық қабырғаға
бетімен қарап тұрып белінің тұсына сай қолына рейка ұстап алға еңкейіп,
иілу. Гимнастикалық қабырғаға арқасымен тіреліп тұрып, қолын белінің тұсына
сай рейкадан ұстап аяқты кезектестіре бүгу және тік көтеру. Алға еңкею,
алақанын еденге тигізу, арқасына ұстасқан қолдарын көтеру. Тізерлеп тұрып,
алға еңкею, отыру. Отыру, бұрылып затты артына қою, қайтадан артқа бұрылып
затты алу. Арқасымен жерде жатып, аяқты жоғары көтеру, велосипед айдағандай
аяқты қимылдату. Бір аяқпен тіреуішке сүйеніп, тіреуіштен тіреуішке өту.
Ішпен жатып, аяқты бүгу, қайта жазу (алдымен бір аяқпен, содан соң екі
аяқпен бірге). Шалқасынан жату, етпетіне ауысу. Етпетімен жатып қолды жан-
жаққа созу, бүгу және иығын аздап жоғары көтеру.
Дене күшін арттыратын жаттығулар. Қолдарымен орындыққа сүйеніп, аяқты
түзу күйінде артқа созып, қолды бүгіп жазу, 5-10 рет 5-6 метрге дейін
қолмен жүру (екінші бала бірінші баланың аяғынан ұстап жүреді).
Денені нығайтуға (пресс) арналған жаттығулар. Жұптасып жасайды: қол
желкеде, арқамен жату, бір бала екіншісінің баланың аяғына отырады (5-10
рет), гимнастикалық қабырғада қолдарымен тартылып тұрып, аяқтарын қосып,
бұрау (5-10 рет).
Арқаға арналған жаттығулар. Топтасып алға, артқа әткеншек жасап
домалау (5-10 рет), 5 метрге дейін қолдың көмегімен ішпен жатып еңбектеу.
 
Спорттық жаттығулар
Шанамен сырғанау. Төбешіктен бір-бірлеп және екі-екіден шанамен
сырғанау. Шанамен төбешікке көтерілу. Төмен сырғанауда шананы тежеу. Бір-
бірін сырғанату.
Сырғанау. Мұз жолымен жүгіріп келіп сырғанау. Сырғанау кезінде тізені
бүгіп және орнынан тұру. Сырғанау кезінде тапсырмалар орындау.
Шаңғымен жүру. Бірінің артынан бірі кезектескен адыммен алға жылжу.
Қиылысқан бос жерлермен жүру. Байыпты қарқынмен 0,5-1 км жерге шаңғымен
жүріп өту. Бір орнында тұрып айналып оңға, солға аттау, екі жаққа шеңбер
жасау. Шырша, жартылай шырша адымдармен төбешікке шығу. Аласа боймен төмен
түсу. Шаңғыны өз беттерімен алу, орнына қою, қию, шешу, қолтығының астында
алып жүру.
Велосипед және самокатпен жүру. Шеңбер бойымен және тура жолмен қос
дөңгелекті велосипедпен жүру. Оңға және солға бұрылыс жасау. Оң және сол
аяқпен итеріп самокатта жүру.
Жүзу. Судың таяз жерінде отырып және жатып аяқпен қимыл жасау (жоғары,
төмен). Судың түбінде қолын алға, артқа сермеп жүру (аяғын көлденеңінен
созып). Иек, көз деңгейіне дейін суға отыру, суға бетін батыру, суға үрлеу.
Суға басын батырып отыру. Хауыздың қабырғасын екі аяқтап күшпен итеру
жаттығуын жасау. Арқасымен және кеудесімен сырғанау, суда дем шығару.
Баланың өзіне ыңғайлы кез-келген тәсілмен жүзу.
Судағы аэробика. Ернеуде тұрып, секіру, суда бұрылыс жасау және басқа да
жалпы дамыту жаттығуларын жасау.
 
Спорттық ойын элементтері
Городки. Бастапқы қалыпты дұрыс ұстап тұрып, таяқты бір қырындап
лақтыру. 3-4 пішіндерді білу. Городкиді 2-3 м және 5-6 м аралықтан таяқ
лақтырып құлату.
Баскетбол. Кеуде тұсынан қос қолдап допты бір-біріне лақтыру. Допты оң
және сол қолмен алып жүру. Допты кеуде тұсынан екі қолмен лақтыру. Ойынды
топ болып үйрену.
Бадминтон. Ракетканың воланын белгілі жаққа қағып лақтыру. Тәрбиешімен
жұптасып ойнау.
Футбол. Берілген бағытқа допты оң және сол аяқпен домалату. Доппен затты
айналдыра жүру. Допты шұңқырға, қақпаға домалату. Допты қатарынан бірнеше
рет қабырғаға соғу. Жұптасып тұрып, допты аяқпен қатарынан бірнеше рет
қабырғаға соғып, аяқпен бір-біріне домалату.
Хоккей. Берілген бағытқа, қақпаға доптаяқпен шайбаны лақтыру. Жұптасып
тұрып шайбаны бір-біріне лақтыру.
 
Өздігінен қозғалу белсенділігі
Ойынды түрлендіріп, қызықты өткізуге мүмкіндік беретіндей түрлі құрал-
жабдықтармен, спорттық құралдармен жабдықталған қимыл-қозғалыс әрекетін
дамытатын орта құру. Заводтық спорт құрал-жабдықтарымен қатар жүйелі түрде
массажерлер, жүру мен жүгіруге арналған, ептілікті, үйлесімділікті дамытуға
бағытталған жасанды құрылғыларды пайдаланған жөн.
Ойын алаңын басқа да ойындарды ойнауға ыңғайлы болатындай етіп
ұйымдастыру керек. Ойындардың, қимыл-қозғалыстардың, жаттығулар түрі
жазылған карточкалар жиынтығы болуы қажет.
Балаларды құрдастарымен жарыс ұйымдастыру барысында ережеге бағынуға
үйрету.
Балалардың қалауы бойынша қимылды ойындар ұйымдастыруға жағдай жасау.
Серуен кезінде меңгерген қимыл-қозғалыс іскерліктері мен дағдыларын
жетілдіру. Серуендеу орынын дұрыс жабдықтау.
Қыс мезгілінде мұз жолдарымен сырғанау, шаңғымен жүру, хоккей ойнау,
шанамен сырғанау, ал жылдың жылы мезгілінде велосипедпен жүру, футбол,
бадминтон, баскетбол ойындарын ойнауға қолайлы жағдай туғызу керек. Ойын
алаңдарында кедергі жолдары болғаны дұрыс.
Айына бір рет дене шынықтыру ойын-сауығын, жылына 2 рет - қыста және
жазда дене шынықтыру мерекелерін ұйымдастыру.
 
Валеология
Мақсаты: денсаулықты нығайту, бала ағзасы мен табиғи-әлеуметтік орта
арасындағы тепе-теңдігін сақтауға тиімді жағдай жасау. Балаларды салауатты
өмір салтының құндылықтарына бейімдей отырып, дене және сезім мәдениетіне
тәрбиелеу.
Міндеттері:
1. Балаларды валеология негіздерімен таныстырып, денсаулық туралы ғылым
- Валеология туралы түсінік беру;
2. Өзінің денесі, оны сезіну туралы түсініктерін қалыптастыру;
З.Өзіне, өзінің ағзасы мен денсаулығына құндылықпен қарауға тәрбиелеу;
4. Салауатты өмір салты: өзіне күтім жасау, дұрыс тамақтану, аурудың
алдын-алу, табиғаттағы еңбек пен демалысты алмастыру іскерліктері мен
дағдыларын қалыптастыру және дамыту;
5. Қиын жағдайда көмек көрсету тәсілдерін үйрету;
6. Тұрмыста, көшеде, табиғатта қауіпсіздік ережелерін сақтау дағдыларын
қалыптастыру.
 
Мазмұны:
Сауықтыру және шынықтыру жұмыстары
Топ бөлмесінің ауасын жүйелі түрде тазартып отыру арқылы қалыпты
температура ұстап отыру. Балаларды ауа райына байланысты киіндіріп, күн
сайын жеткілікті мөлшерде таза ауаға шығару.
Балалармен қарапайым су процедураларын өткізу. Біртіндеп судың
температурасын төмендету арқылы дене шынықтыру.
Аяққа дене температурасына қарсы су құю жаттығуларын жүргізу. Баланың
денесіне түгел су құю кезінде судың бастапқы температурасы 34-35°С, ақырғы
температурасы 22-24°С болады.
Балаларды гигиеналық талаптарға сай ашық өзен, көлдерде шомылдыру.
Шомылу уақытының ұзақтығын біртіндеп ұзартып, 8-10 минутке жеткізу. Судың
температурасын біртіндеп төмендетіп отыру.
Шынықтыру өткізу барысында дене шынықтыру құралдарын пайдалану - баланың
денсаулық жағдайын ескере отырып жүргізілуі керек.
Ертеңгілік жаттығуларды (10-12 мин) орындауға қызықтыру. Балаларға
жаттығуларды реттілікпен орындауға үйрету: бастапқы қалыпқа сәйкес тұру,
жәй қарқынмен қол, аяқ, кеудеге арналған жаттығуларды орындау, белгіленген
тәртіп бойынша дем шығару жүйесі жаттығуларын жасау.
Дұрыс дене сымбаты мен табан күмбезінің дұрыс қалыптасуына көңіл бөлу.
Серуен кезінде меңгерілген біліктер мен дағдыларды қолдана отырып,
қимылды ойындар мен дене шынықтыру жаттығуларын өз еріктерімен ұйымдастыра
білуге үйрету, бірлесіп, ережелерді сақтай отырып, ойнау дағдыларын
қалыптастыру.
Балаларды күнделікті өмірде жыл мезгілдеріне сай табиғат ерекшеліктерін
қолданып ойнауға үйрету.
Балаларды баскетбол, бадминтон, хоккей ойындарын ойнауға үйрету.
Шаңғымен, велосипедпен жүру және т.б. дағдыларын жетілдіру.
Қажет жағдайда сабақтарда ұзақтығы 3 минут болатын сергіту сәттерін
ұйымдастыру: жүру, жүгіру, бір орында секіру жаттығулары, тартылу, бұрылу,
еңкею, отырып-тұру, қолдың саусақтарын ашып-жұму және т.б. қиын емес
жаттығулар.
Дене шынықтыру сабағында құрдастарымен әсерлі қарым-қатынас жағдайында
өзінің қимылдау тәжірибесін қолдану, әртүрлі іс-әрекеттерінде шығармашылық
таныту.
Дене шынықтыру мерекелеріне, мереке кезінде ұжымдық ойындарға,
сауықтарға, жарыстарға белсенді қатысуға қызықтыру.
Өзінің жетістіктерін, меңгерген қимыл түрлерін, ептілігін, шыдамдылығын,
батылдығын, тапқырлығын керек жерде көрсете білуге, жолдасының сәтсіздігіне
жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу.
Жетістігіне қуануға, достық қарым-қатынасын нығайтуға, кішкентай
бөбектерге қамқор болуға тәрбиелеу.
 
Мәдени-гигиеналық дағдылар
Ұқыпты тамақтану мен үстел басында өзін-өзі ұстау дағдыларын жетілдіру.
Өзінің жеке бас гигиенасы дағдылары мен ережелерін сақтауы мен оны
орындауын қадағалап отыруға дағдыландыру.
Дене тазалығын сақтауға, қолын, аяғын жууға, тісін ұқыпты тазалауға,
ешкімнің ескертуінсіз-ақ тамақтанар алдында қолын жуып және тамақтанып
болған соң ауыз қуысын шаюға, бет орамалын уақытылы ауыстырып, үстін, шашын
ретке келтіріп отыруға, беліне дейін ылғалды сүртінуге дағдыландыру.
Өз-өзіне қызмет көрсету дағдылары мен киіміне күтім жасауға
дағдыландыру.
Гигиеналық шараларды орындау кезінде балалардың бір-біріне көмек
көрсетуін мадақтау.
Баланың шамасына қарай жұмыс түрлеріне (асханада, оқу бөлмесінде
кезекші, тәрбиешіге көмектесу, т.б.) тарту арқылы еңбек етуге қызығушылығын
арттыру.
Өзіңді таны. Адамдардың сезім мүшелері мен дене бөліктері жайлы түсінік
беру. Олардың көмегімен қимылдай алады, айналадағы қоршаған ортаны таниды.
Адамдардың әр дене бөлігі белгілі тәртіпте жұмыс істейді. Олардың қызметі
үйлесімде болғанда ғана адам өз саулығын сезінеді. Адамның дене құрылымы
күрделі. Олардың әрқайсысы өз қызметін атқарады. Біз оларға күтім жасап,
әрдайым шынықтыруымыз қажет.
Жүрек, асқазан, тіл, өкпе, бүйрек адамның маңызды мүшелері болып
табылады.
Сезім мүшелері. Олардың жұмысы. Сезім мүшелерінің жұмысы мен оларға
күтім жасау.
Түрлі дене бөлігі мен оның қызметін сезіне білу. Не сезінеді? Қандай
ықылас пайда болады? Әр уақытта біз әр түрлі жағдайда боламыз: мейірімді,
ашулы, көңілді, мұңлы. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мектепке дейінгі оқыту бағдарламаларының мазмұны мен міндеттері
Музыка тыңдау
Балабақша тәрбие бағдарламасының ерекшелігі мен қазіргі кезде қолдану жағдайын теориялық тұрғыдан негіздеу
Қарапайым математикалық түсініктер қалыптастыру
Мектепке дейінгі мекемедегі ұйымдастырылған іс-әрекетінен жұмыс жоспарын құру және ұйымдастыру әдістері
Мектепке дейінгі мекемелердегі оқыту мен тәрбиелеу
Балабақшада балаларды тәрбиелеу ерекшелігі
Бастауыш мектеп математикасындағы шамалар және оны қалыптастырудың әдіс – тәсілдері
Қазақстан және Оңтүстік Кореяның мектепке дейінгі білім беру жүйесінің салыстырмалы анализі
Мектеп жасына дейінгі балалардың психологиясы
Пәндер