Ұлтын ұлықтаған қайраткер



Сұлтанбек Қожанұлы . өмірбаяны
Сұлтанбек Қожанұлы еңбектері
Сұлтанбек Қожанұлы . әдебиет пен мәдениеттің талғампаз жанашыры
Сұлтанбек Қожанұлы - қазаққа, жалпы түркі жұртына айтулы еңбек сіңіріп, өшпес із қалдырған ірі тарихи тұлға. Ол алаш қайраткерлерінің аға толқынына жас шағында қолғанат, есейген уағында қамқор болды. Кеңес заманында басшылық орындарда отырып, Ахмет пен Міржақып бастаған ұлт зиялыларына ешкімнен тайсалмастан қызмет берді. Сау басына сақина тілеп, Мағжан Жұмабайұлының өлеңдер жинағына алғысөз жазып, баспадан шығартты. Оның ұйымдастыруымен жарық көрген атақты “Ақ жол” газетін Сталин өзінің тікелей тапсырмасымен жаптырды. Қоқан автономиясы тұсында Мұстафа Шоқаймен тізе қосып, түркі бірлігінің туын көтерді. Өзбек ағайындардың берідегі оннан астам техникалық жоғары оқу орны Сұлтанбек Қожанұлы өз қолымен қабырғасын қалап, тұңғыш ректоры болған Орта Азия мақта-ирригация политехникалық институтынан бөлініп шықты. Қарымды азамат біршама уақыт Өзбекстанның мақта шаруашылығына да жетекшілік етті.

Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 13 бет
Таңдаулыға:   
Ұлтын ұлықтаған қайраткер

Сұлтанбек Қожанұлы - қазаққа, жалпы түркі жұртына айтулы еңбек
сіңіріп, өшпес із қалдырған ірі тарихи тұлға. Ол алаш қайраткерлерінің аға
толқынына жас шағында қолғанат, есейген уағында қамқор болды. Кеңес
заманында басшылық орындарда отырып, Ахмет пен Міржақып бастаған ұлт
зиялыларына ешкімнен тайсалмастан қызмет берді. Сау басына сақина тілеп,
Мағжан Жұмабайұлының өлеңдер жинағына алғысөз жазып, баспадан шығартты.
Оның ұйымдастыруымен жарық көрген атақты “Ақ жол” газетін Сталин өзінің
тікелей тапсырмасымен жаптырды. Қоқан автономиясы тұсында Мұстафа Шоқаймен
тізе қосып, түркі бірлігінің туын көтерді. Өзбек ағайындардың берідегі
оннан астам техникалық жоғары оқу орны Сұлтанбек Қожанұлы өз қолымен
қабырғасын қалап, тұңғыш ректоры болған Орта Азия мақта-ирригация
политехникалық институтынан бөлініп шықты. Қарымды азамат біршама уақыт
Өзбекстанның мақта шаруашылығына да жетекшілік етті.

Ол – Түркістан республикасының оқу-ағарту саласын, жер-су мәселесін
және ішкі істерін басқарған үш мәрте халық комиссары, Қазақ өлкелік партия
комитетінің жауапты хатшысы болды. Ақын, аудармашы, публицист, педагог.
Тіпті “Есептану” атты оқу құралының авторы.

Міне, 44 жасқа жетер-жетпес ғұмыр кешкен Сұлтанбек Қожанұлы
өмірбаянының кейбір түйткілді тұстары осындай...

1921 жылы Мәскеуде кеңестердің бүкілресейлік ІХ съезі болып өтті.
Түркістан аймағынан делегат ретінде қатысқан Сұлтанбек Қожанұлының осы
жиында сөйлеген сөзіне революция көсемі В.И.Ленин күтпеген жерден назар
аударып, үзіліс кезінде оны президиумға шақырып алады да: “Сіз ерекше
қызуқанды әрі өте білімді қырғыз екенсіз”, – дейді. Сонда Сұлтанбек оған:
“Жоқ, Владимир Ильич, сіз сәл қателесіп тұрсыз. Мен соншалықты қызуқанды
және айтарлықтай білімді қазақ емеспін. Олар әлі Ұлы Далада жайбарақат
жүріп жатыр. Бірақ болашақта өздерін танытпай қоймайды”, - деп жауап
қайтарған екен.

Сөйтіп, өз халқын ардақ тұтқан, туған елінің келешегіне сенген
қайраткер кейінірек жазған “Жаназа маршы” атты өлеңінде:

Зорлық, зұлым жығылар күндер келер,
Азат, күшті, алып жұрт күтер, білер.

Еске алып, босаған жұрт қабіріне кеп,
Сендерді айтып адал көз жасын төгер, – деп тағы бір көрегендік
байқатады.

Бүкіл саналы ғұмыры желдің өтінде, жардың шетінде өткен, есімі мен
еңбегі өзі дәл болжағандай, республикамыз тәуелсіздік алған кезеңде ғана
еленіп-ескеріле бастаған Сұлтанбек Қожанұлы 1894 жылы 10 қыркүйекте қазіргі
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе елді мекенінде
дүниеге келген. Сұлтанбектің зеректігін аңғарған көзіқарақты Қожан оны
Түркістан қаласындағы төрт жылдық орыс-түзем мектебіне тапсырады. Зерделі
бала алғашқы тәлім-тәрбие ордасын үздік тәмамдап, ізінше үш сыныптық
қалалық училищеге оқуға түседі. Сол уақытта Сұлтанбектің сақа тартуына
септескен мынадай жағдайлар болды: біріншіден, ол Сыр бойындағы ағартушылық
мектептің Қалжан Қоңыратбайұлы, Қоңырқұлжа Қожықұлы, Ахмет ишан Оразайұлы,
Ералы Қасымұлы, Садық Өте­генұлы, Серікбай Ақайұлы секілді белді
өкілдерінен ақыл-кеңес тыңдап, оң-солын танитын халге жетті; екіншіден,
1912 жылы тағдырдың тәлкегімен Түркістан қаласына сапар шеккен Міржақып
Дулатұлымен ойда-жоқта жолығып, соңынан әлденеше дүркін дидарласуы саяси
таным-түсінігіне талай жаңалық бойлатты; үшіншіден, жергілікті жұрттың
ортасында сыртқы түр-әлпетіне қарай “Ұзынсақал” атанып кеткен орыс тілінің
оқытушысы, ойы оқшау ұстаз Иван Михайлович Яковлев ішкі Ресейдегі қоғамдық-
әлеуметтік ахуалдан жан-жақты хабардар етіп, сауатын саралады. Міне, сол
Ұзынсақал-Яковлев сүйікті шәкірті Сұлтанбекті Ташкенттегі мұғалімдер
даярлайтын семинарияға қабылдату үшін көп жәрдем жасайды. Әйтпесе, айла-
шарғыға жүйрік түркістандық миссионер П.Остроумовтың қарамағындағы бұл оқу
орнының табалдырығын отар өлкенің талапкер жастары оңайлықпен аттай
алмайтын. Содан да шығар, Ташкент мұғалімдер семинариясын 25 жыл ішінде
жергілікті жұрттардың арасынан небәрі 65 адам ғана бітірген: нақты
айтқанда, олардың 11-і өзбек, түркімен және татар ұлттарының өкілдері
болса, 54-і қазақ пен қырғыздың ортасынан шыққан. Қысқасы, сол аз топтың
ішінде Сұлтанбек те бар. Ол 1913 жылы сынақ пен сұрыптаудан сүрінбей өтіп,
студент қатарына ілігеді.

Жігерлі жас семинарияда оқып жүрген уақытында саясатқа шындап ден
қояды. Сол мезгілде талай халықтың санасын билеген түрікшілдік және
жәдидшілдік идеяларына көңілі елтіп, ықыласы ауады. Оның үстіне 1908 жылы
Түркістанға сапар шегіп, талай мешітті, медреселі орындарға аялдап өткен
атақты ойшыл Ысмағұлбек Гаспринскийдің соңынан шұбырған даңқты да дақпыртты
әңгімелердің ізі әлі суымаған еді. “Туркестанская правда” газетінің
қосымшасы – “Костры” журналында (1923 жыл, №3-4) жарық көрген өмірбаяндық
деректеріне сүйенсек, Сұлтанбек Қожанұлы 1915 жылы жастардың “Кеңес” атты
жасырын үйірмесін құрған. Оған мүшелікке кейіннен түркіменнің, өзбектің,
тәжіктің ірі қайраткерлеріне айналған К.Бөриев, Х.Сахатмурадов,
И.Теджибаев, А.Рахымбаев, т.с.с. өзімен бірге оқитын достары тартылған.
Зерттеуші Асқар Мұстафиннің мәліметі бойынша, осы іске Мұстафа Шоқай
мұрындық болып, идеялық жетекшілік жасаған Ұйым мүшелері ара-арасында тағы
бір алаш ардақтысы Санжар Аспандияровтың әкесінің үйінде өздерінің құпия
мәжілістерін өткізіп отырған. “Кеңес” атты қолжазба журнал шығарған.

Сұлтанбек семинарияны аяқтаған соң, Әндіжан уезіне барып бала оқытады.
1917 жылғы ақпан төңкерісі туралы хабарды осында жүріп есітеді. Өзінің
жорықтас жолдасы, түркімен жігіті Күмісқали Бөриев екеуі Орынбордағы
“Қазақ” газетінің басқармасына: “Қоқан-21ІІІ. Мың басылыққа кісі керек
болса, біз бармыз. - Сұлтанбек Қожанұлы, Күмісқали Бөриев”, - деген
мәтінмен жеделхат жолдап, ол аталған басылымның 1917 жылғы 24 наурызда
шыққан санында жарық көреді.

Бостандық идеясының буына бой алдырған Сұлтанбектің алдында тың
соқпақ, соны өріс жатқандай көрінеді. Уақытша үкімет заманында ол Түркістан
аймағындағы саяси қозғалыстардың қайнаған шебінде жүреді. Ұлт азаттығының
тағ­дыры талқыға салынған тұста жергілікті халықтың жолбасшылары түрлі-
түрлі топқа, тарапқа, тармаққа бөлініп кеткен еді. Соның салдарынан
қоғамдық-әлеуметтік бағыт-бағдар жөнінде жеке тұғыры, өзінше түсінігі,
бөгде талабы бар әлденеше ұлттық ұйым дүниеге келді. Мысалы, “Шуро-и-
исламия” және “Шуро-и-улема” қоғам­дары шариғат жолына шырағдан жағып,
мемлекеттің мәртебесін мұсылманшылықтан іздеді. Бірақ, басқа түгілі, өзара
басы бірікпеді, жұлдызы жараспады. Сұлтанбек Қожанұлы мен Санжар
Аспандияров бастаған топ болса, за­йырлы жолды тұтынып, 1917 жылдың
маусымында өлкедегі орыс жұмысшы­ларының одағымен терезе теңестіру ниетінде
мұсылман жұмысшыларының мекемесін аяқтандырды. Олар өз ұйымының мақсат-
мұраты туралы: “Келешекте орыстар мен мұсылмандардың арасында жаңаша қарым-
қатынастар қалыптастыра аламыз ба деген үміттеміз, өйткені, тек
демократиялық ұйымдар ғана ортақ мәмілеге келмекші және жергілікті жұрттың
орыстарға сенімсіздігін жоймақшы. Түркістан мұсылмандарының ішіндегі
жұмысшы қозғалысының ізашарлары бола отырып, біз өз халқымыздың болашақта
бостандық пен теңдікке жететініне зор сеніммен қарап, күрделі міндетімізге
кірісеміз”, - деп жазды.

Жұртшылық мүддесін жоқтаған Сұлтанбек Қожанұлы 1917 жылдың шілде
айында Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезіне делегат болып
қатысты. Соның артынша – тамыздың басында өткізілген Түркістан аймағы
қырғыз-қазақтарының жалпы жиылысында хатшылық жасап, Тұрар Рысқұлов,
Ибраһим Қасымов, Ғалимұхамед Көтібаров, Иса Тоқтыбаев, Садық Өтегенов
секілді азаматтармен бірге Сырдария облыстық қырғыз-қазақ комитетіне
мүшелікке және Бүкілресейлік құрылтай жиналысына өкілдікке сайланды. Мұнан
арғы қайраткерлік іс-қимылына тоқталсақ, Хасен Оралтайдың “Алаш” атты
еңбегінде жазылғандай, Сұлтанбек Қожанұлы “Қоқан автономиясы” үкіметінің
негізін қалаушылардың бірі болды. Осы саяси құрылымның жаршысына айналған
“Бірлік туы” газетінің жауапты шығарушысы міндетін 1917 жылғы желтоқсанның
16-сынан бастап басылым жабылғанға дейін, яғни 1918 жылғы сәуірдің ортасына
дейін атқарды. Газет жұмысына М.Дулатұлы, Х.Болғанбайұлы, А.Мәметұлы,
Ш.Сарыбайұлы, Қ.Құлетұлы, Н.Құлжанұлы, И.Тоқтыбайұлы белсене атсалысты.
Мұстафа Шоқай бастаған өзінің саяси серіктері секілді, Сұлтанбек Қожанұлы
да Қазан төңкерісін қуана қарсы алған жоқ. Бұған “Бірлік туы” газетінде
жарық көрген “Түркістанда орыс сиездері”, “Өзіміздің большевиксінгендерге”,
т.б. мақалалары – айғақ. Ол сол сәтте “Қайтейін?” атты торығыс пен
түңіліске толы өлең жазып:

Қу заман, ит тіршілік қорладың ғой,
Көрсем де қанша икемдеп, болмадың ғой.
Жете алмай дегенімнің жалғызына,
Талап көп, талайсыз боп сорладым ғой...
Келемін әурелікпен өткізіп жас,
Іс етпей, құр талаппен қатырып бас.
Табиғат, тағдыр, заман тізе қосып,
Болғандай маған қарсы ынтымақтас, -
деп сары уайымға да салынады (Бірлік туы, 1917 жыл, 25 қараша).

Қоқан автономиясы қан-жоса болып таратылған соң, Сұлтанбек Қожанұлы аз
ғана уақыт саясаттан сырттаңқырап, қажыр-қуатын ағартушылық жұмысқа
арнайды. Мұғалімдік мамандығына кірісіп, Түркістандағы халыққа білім беру
бөлімінің инспекторы болып істейді. Сөйте жүріп, аштыққа ұшыраған
қазақтарға жәрдем беру комитетін басқарады. Ташкентке барып, педагогикалық
училище мен педагогикалық курстарда сабақ береді. Ұстаздық қызметіне
ұйымдастырушылық қабілетін ұштастырып, Қазақ-қырғыз институтының қабырғасын
қаласады. 1919 жылы қайтадан Түркістан қаласына ауыстырылып, уездік-қалалық
атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне бекітіледі. Ал 1920 жылдың
наурызында Алашорда қайраткерлеріне кешірім жарияланған шақта коммунистік
партияның қатарына өтіп, көп ұзамай Сырдария облыстық революциялық
комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалады.

Сөйтіп, Сұлтанбек Қожанұлын ірі саяси-қоғамдық тұлға ретінде
қалыптастырған 1920-1924 жылдардың аралығын қамтитын Түркістан автономиялық
кеңестік социалистік республикасындағы қайраткерлік кезеңі басталды.

Ол 1920 жылдың қыркүйек айында қазақтар С.Аспандияров, О.Жандосов,
Н.Төреқұлов, түркімен Қ.Атабаев, өзбектер С.Қасымқожаев, А.Бабажанов,
Т.Оразбаев, тәжік А.Рахымбаевпен бірге Түркістан коммунистік партиясы
орталық комитетінің толық мүшелігіне енгізіліп, өлкедегі ықпалды партия
және кеңес қызметкерлерінің қатарына қосылды. Бұдан кейінгі мерзім ішінде
Түркістан коммунистік партиясы V-VІІІ съездерінің, Түркістан республикасы
кеңестері ІХ-ХІІІ съездерінің, Кеңес одағы коммунистік партиясы Х, ХІІІ,
ХІV съездерінің делегаты болып сайланды.

Мұрағат құжаттарына жүгінсек, Сұлтанбек Қожанұлының жергілікті
жерлерде Кеңес өкіметі қойған міндеттерді халық тұрмысына лайықтап шешу,
республикалық бюджетті орталық ұйымдардың алдында тиесілі дәрежеде қорғау,
комис­сариаттардың басы артық әкімшілік құрылымдарын қысқарту, ауыл
шаруашылығы кооперацияларын тиімді ұйымдастыру, оқу-ағарту мекемелерін
есепке алу және қаржылық-материалдық жағдайын ойластыру, мұғалімдер даярлау
сапасына көңіл бөлу, билер мен қазылар сотын қаржыландыруды ұмыт қалдырмау,
аймақтық баспасөздің дамуына ықпал ету, көшпелі және жартылай көшпелі елдің
әлеуметтік-экономикалық дамуын бағдарлау, Түркімен облысына, оның ішінде,
әсіресе, жәуміттерге қатысты мәселелерді, сондай-ақ Ферғанадағы жер-су
проблемаларын уақытылы талқыға салу, салық саясатын жүзеге асыру, бағаны
реттеу, т.б. қыруар шаруамен қатар айналысқандығын көреміз. Ол кеңседе көп
отырғанды қаламайтын, ел ішін аралап, жағдайды өз көзімен көргенді ұнататын
басшы болды. Тапсырылған қай істі де абыроймен атқарып, білгірлігі мен
тындырымдылығының арқасында әріптестері мен қалың жұртшылықтың алдында зор
бедел жинады.

Әлбетте, ең әуелі Түркістан республикасындағы шиеленісті ұлт мәселесі
Сұлтанбек Қожанұлының назарынан тыс қалмады. Ол лениндік ұлт саясатының
интернационалистік қағидаларына мүлде сенген жоқ десек, жалған айтқан болар
едік. Бірақ, бұл бағыттағы қисын мен шындықтың, сөз бен істің бір-біріне
сәйкеспей жатқаны оның жанын ауыртқаны сөзсіз. Әсіресе, 1921-1922 жылдары
Жетісудағы жер реформасын жүргізген комиссияны басқарып, қазақтың,
өзбектің, қырғыздың қоныстарын аумалы-төкпелі заманда зорлықпен тартып
алған келімсек жуан жұдырықтарды өктемдігінен айыруды көздеген кезінде ол
қатты кедергілерге жолықты. Мәскеудегі билік тарапынан “таптық емес, ұлттық
тұғырды жоғары қойып, асыра сілтегендігі үшін” қысымға ұшырап, ресми сөгіс
алды. Ақырында, Түркістан республикасындағы жер-су мәселесінде
“отаршылдықтың қалдықтарын жою” деген ұран шала-шарпы жүзеге асырылып,
жалаң күйінде қалып кетті. Алайда, Сұлтанбек ұлт теңдігіне қатысты өзекті
ойларын алға тартуды тоқтатпады. Ол, әсіресе, РК(б)П ОК ұлт республикалары
мен облыстары жауапты қызметкерлерінің ІV кеңесінде (1923 жыл, 9-12 маусым)
сөйлеген сөзінде Түркістанда отарлық саясаттың көбесі сөгілмегенін, ұлттық
проблемалардың ұлғайғандығын айтамын деп, Сталиннің сынына ілікті. Бас
хатшы: “Меніңше, Қожанов жақсы сөйледі. Икрамов та (өзбек қайраткері) жаман
сөйлеген жоқ. Бірақ мен бұл жолдастардың сөздеріндегі ойға қалдыратын бір
тұсты атап өтуге тиістімін. Олардың екеуі де бүгінгі Түркістан мен патшалық
Түркістанның арасында ешқандай айырма жоқ, тек маңдайшадағы жазу ғана
өзгерді, Түркістан патша тұсындағы бәз-баяғы қалпында қалды деді.
Жолдастар, егер бұл кездейсоқ айтылмаған, кесіп-пішілген және бастан-аяқ
саналы түрде сөйленген сөз болса, онда мұндай жағдайда басмашылардікі
дұрыс, біздікі бұрыс деуіміз керек... Егер бұл рас болса, сіздердің
неліктен басмашылардың жағына өтіп кетпегендеріңізді түсінбеймін”, – деп
тиісті. Тап осы басқосудың үстінде Сұлтанбекке “халықтар көсемі” мынадай
мазмұндағы тілдей хат та жіберді: “Жолдас Қожанов! Бүгін сіз жақсы
сөйледіңіз. Егер сіз жергілікті жерде дәл осылай жақсы жұмыс істеп жатқан
болсаңыз (бұған менің көзім толық жетпейді), онда мен сізге дос-жолдас
болуға әзірмін. И.Сталин”. Міне, Сұлтанбек Қожанұлына біртіндеп “ұлтшылдық”
жаласын жабу, “Ортаазиялық Шыңғысханға” теңеу, кейіннен “қожановшылдық”
деген ат қойып, айдар тағу осындай “дос-жолдастық ескертпелерден” бастау
алған болатын.

1924 жылы Орта Азия республикаларын ұлттық-территориялық жағынан
межелеу жүргізіліп, Жетісу мен Сырдария облыстары Қазақстанға қаратылды.
Түркі дүниесін дүр сілкіндерген бұл өзгерістің барысында талас-тартыс,
қарама-қайшылық көп кездесті. Бөліну мен бірігу процестері қым-қиғаш жүріп
жатты. Тарихы мен тағдыры жақын ұлттардың арасына сына қағылды. Ал
Сұлтанбек Қожанұлының сол мезгілдегі көзқарасынан да басқалардан өзгешелік
байқалды. 1924 жылғы 10 наурызда Ташкентте өткізілген кеңесте Түркістан КП
орталық коми­тетінің хатшысы А.Рахымбаев “Түркістанның ұлттық-территориялық
межеленуі туралы” деген тақырыпта баяндама жасап, Орта Азияны ұлт
республикаларына жіктеуді бірден-бір дұрыс жол деп бағалады. Оны Н.Айтақов,
С.Аспандияров, Қ.Атабаев секілді қайраткерлер сөйлеген сөздерінде қолдады.
Ал Ортаазиялық экономикалық ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Нәзір Төреқұлов
Алдан Аймбетов ұлтын ұлықтаған азамат, қайраткер. «Казахская правда» газетінің көтерген өзекті мәселелері
Алдан Айымбетов ұлтын ұлықтаған азамат, қайраткер
Әдебиет сабақтары арқылы оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу
«МӘҢГІЛІК ЕЛ» - ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
Семиотикалық сын туралы түсінік
Мәдени мұра бағдарламасы арқылы ұлттық-мәдени құндылықтарды білім мазмұнында дамыту
Өзбекәлі Жәнібековтың қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі
Ана тілін оқыту әдіістемесі
Мәдени мұра мемлекет бағдарламасы
Пәндер