Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде



КІРІСПЕ
ЗЕРТТЕУДІҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
1.ШЕЖІРЕ БАСТАУЛАРЫ: ГЕНЕЗИСІ МЕН ДАМУЫ
Орталық Азия көшпелілері туралы деректердің зерттелуі
Ерте дәуір туралы шежірелік мәліметтер
Көшпелілер туралы көне деректердің зерттелуі
2.Қазақ шежірелерін зерттеудің методологиялық мәселелері
Шежірелерді зерттеуде қолдануға тиімді пәндік ілімдер
Шежірелік дәстүрді зерттеуде өзекті батыстық ілімдер
Шежірелік деректерді зерттеудің методологиялық негіздері
ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕЛЕРІН ТАРИХИ ДЕРЕК КӨЗІ РЕТІНДЕ ЗЕРДЕЛЕУ
Қазақтың шежіре деректеріндегі хронологиялық қабаттар
Ортағасырлардағы шежірелердің сипаты
Қазақ шежірелеріндегі генеалогиялық деректердің ерекшеліктері
Шежірелердегі әйел заты туралы деректер
Қазақ құрамындағы кірме топтар деректері
Қазақ шежірелеріндегі тақырыптық құрылымдардың орны
Қазақтың шежірелік деректеріндегі түсіндірулер қызметі
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
Тақырып өзектілігі. Тарихи деректану саласында зерттелмеген, әрі өзектілігі артып отырған ғылыми мәселенің бірі қазақ шежірелерімен байланысты. Дала өркениеті тудырған шежіре мәлеметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, әпсаналар, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз кезінде Ш. Уәлиханов, қазақта «бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», - деп атап өткен [1, 157 б.]. Расында да, қазақ мәдениетінде, төл әдебиетінде үлкен деректік қор бар.
1 Валиханов Ч. Киргизское родословие // Собр. соч. в 5-ти томах. – А., 1985. – Т.2. – С. 148-166.
2 Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). – А., 2002. – Т. 3. – 768 б.
3 Әбусейітова М. Түркі және парсы деректемелері // Қазақ тарихы. – 1995. – № 2. – 22-27 бб.
4 Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. – А., 1996. – 656 с.; Вельяминов-Зернов В. Исследования о касимовских царях и царевичах. – СПб., 1864. – Ч.2. – 498 с.; Аристов Н. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности // Живая старина. – 1896. – Вып. 3-4. – С. 277–456; Аристов Н. Опыт выяснения этнического состава киргиз-казаков Большой Орды и каракиргизов // Живая старина. – СПб. – 1896; Аристов Н. Общее описание Западного Туркестана // Туркестанские ведомости. – 1889. – № 40; Аристов Н. Западный Туркестан в VII столетий по описанию китайского путешественника // Туркестанские ведомости. – 1889. – №№ 38, 39; Харузин Н. К вопросу о происхождении киргизского народа // Этнографическое обозрение. – 1895. - № 3. – Кн. XXVI. – С. 49-92.; Радлов В. Образцы народной литературы тюркских племен. Киргизские наречия. – СПб., 1870. – Ч. ІІІ. – 712 с.; Остроумов Н. Песня – плач по Урманбет-беке // Зап. Вост. отделения Русского археологического общества. – СПб., 1890. – Т. IV. – 464 с. С. 279-289; Нестеров А. Прошлое приаральских степей в преданиях киргизов Казалинского уезда // Зап. Вост. отделения Русского археологического общества. – СПб., 1899. – Т. ХІІ. – С. 095-0105.
5 Марғұлан Ә. Шежіре. Қазақ шежіресі // Қазақ совет энциклопедиясы. – 1978. – Т.12. – 595 б.
6 Потанин Г. Очерки Северо-Западной Монголии. – СПб., 1881. – Вып. 1. – С. 7-8.; Диваев Ә. Шежіре // ҚР БҒМ ОҒК. – № 1289 бума. 1941 ж. – 3 б.; Гродеков Н. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. – Т.1. Юридический быт. Ташкент, 1889. – 205 с.; Шангин И. Дневные записки путешествия в степи киргиз-кайсаков Средней Орды 1816 г. – В кн.: Астана. История столицы и края XIV-XIX вв. – Астана, 2006 – 292 с.
7 Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – А., 1995. – 478 б.; Дулатұлы М. Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы // Шолпан. 1923. № 3-5; Дулатұлы М. Қазақ-қырғыз тарихы туралы // Қазақ ордасы. – 2003. – № 5-6. – 3-8 бб.; Байтұрсынұлы А. Ақ жол. – А., 1991. – 464 б.;

Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   
ӘӨЖ 091 (574) (09)
Қолжазба құқында

АЛПЫСБЕС МАХСАТ АЛПЫСБЕСҰЛЫ

Қазақ шежірелері – тарихи дерек ретінде

07.00.09 – Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері

Тарих ғылымдарының докторы
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

Авторефераты

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
"Әлем тарихы және археология" кафедрасында орындалды

Ғылыми кеңесші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор
Әбусейітова М. Қ.

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор
Көмеков Б. Е.

тарих
ғылымдарының докторы
Таштемханова
Р. М.

тарих
ғылымдарының докторы
Сутеева Қ. А.

Жетекші ұйым: Семей мемлекеттік
педагогикалық
институты

Диссертация 2007 жылдың желтоқсан айының 26 күні сағат 1500 БҒМ Р. Б.
Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Д 55.40.03 тарих ғылымдарының
докторы дәрежесін қорғауға арналған диссертациялық кеңестің (050010, Алматы
қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының
кітапханасында танысуға болады. (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі,
29)

Автореферат 2007 жылдың караша айының 23 күні таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, т.ғ.к.
Торланбаева К.Ө.

КІРІСПЕ

Тақырып өзектілігі. Тарихи деректану саласында зерттелмеген, әрі
өзектілігі артып отырған ғылыми мәселенің бірі қазақ шежірелерімен
байланысты. Дала өркениеті тудырған шежіре мәлеметтеріне деректік талдау
жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның
табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол
ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, әпсаналар,
қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында
сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз
кезінде Ш. Уәлиханов, қазақта бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет
кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ, - деп
атап өткен [1, 157 б.]. Расында да, қазақ мәдениетінде, төл әдебиетінде
үлкен деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі
ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келді. Қазақ шежірелерінің тарихи
мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен
шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу
– мемлекет, ұлт және мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа
деңгейге көтеретін келелі мәселе.
Қазақ тарихын баяндауда шежірелік дерекке молырақ назар аударып, оның
мәліметтерін талдап зерттеу – тарихи ізденіс үшін көкейтесті, ғылыми таным
үшін маңызды, әрі ұлттық тарихнама тиімділігін арттыратын өзекті сала.
Шежіре тақырыбы зерттеушілер үшін жабық болуы, деректемелік ізденістері
шеңберінен тыс калып келуі, шежіреге сенімсіздікпен қарау әдетінен, таптық
теория ұстанымдары салдарынан болған [2, 62 б.]. Шежірелер аз зерттелген
дерек түрі және тарих, деректану ғылымдарының дамуына оң ықпал ететін
мәселе. Деректерді терең зерттеген ғалым М. Әбусейітова, Қазақстан
деректемелерін сыртқы және ішкі деректер деп үлкен екі топқа бөліп
қарастырады. Қазақстан тарихын көрсетуде осы аймақты мекендеген халықтың
төлтума деректемелері құнды болып келеді, - дейді [3, 26 б.].
Қазақтың өткен тарихы, тарихи шындығы этнографиялық мектеп
қалыптастырған сипаттамалық еңбектер негізінде қарастырылуы ғылыми дәстүрге
айналдырылғаны байқалады. Алайда, ХІХ-ХХ ғасырдағы халықтың тұрмысы,
шаруашылық-мәдени өмірі туралы жазылған саяхатшылардың этнографиялық
сипаттамалық деректерді трафарет іспетті одан ерте ғасырлардағы тарихи
жағдайларды суреттеп жазу шындыққа жауап бермейді. Жазба деректердің басым
бөлігі сырткөз болып келеді. Сырттан жазылған дерек көздерінде қазақтың
ішкі өмірі, рухани құндылықтары туралы тиянақты айтатын мәліметтер жоқ.
Ал, қазақта өзінің үлкен тарихи көзқарасы, тарихи дәстүрі, тарихи әдебиеті,
тарихи ой жүйесі бар. Оны сақтаған дерек қабаттарын көтеру, және оны тек
жариялау ғана емес, сол ішкі дерек топтамалары жеткізіп отырған тарихи
фактілерді тәпсірлеу, интерпретация жасау мәселесі өзекті болып тұр.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тарихнама желісі үш кезеңнен құралады:
ХVІIІ ғасырдағы авторлардың еңбектері; ХІХ–ХХ ғасырдың бірінші жартысы және
кеңестік және посткеңестік тарихнамалық ізденіс тәжірибесімен байланысты.
Бұдан басқа шежірелер туралы жазылған еңбектерді ішкі мазмұны мен жазу
стиліне орай да жіктеп айтуға болады. Негізгі мәнісі тұрғысынан олар ғылыми-
танымдық (зерттеушілік), әдеби-фолькорлық (көркемдік, даналық сипаты);
өлкетану-публицистикалық (пікір айту, көпшілікке таныту) сияқты үш түрлі
жағымен үш бағытта дамыды. Әртүрлі еңбектерде осы тұстардың барлығы
болғанымен, кейінгі бағыты басымдау. Кәсіби тарихшылардың қатарын шежірелік
деректі қолдануына орай шығыстану, археология, этнография, тарихнама мен
деректану, тарихтың ішкі салаларына бөліп қарастырған дұрыс.
XVIII–ХІХ ғғ. өлкетану, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен
лингвистикасына байланысты деректерді жинақтау ісі қарқынды болды. Бұл
дәуірде этнографиялық мағлұматтарды қолға түсіру мақсатымен даярланған
көптеген ғылыми экспедиция мүшелеріне айналған ғалымдар өз ынталылығын
танытты, жан-жақты ізденіп, ғылыми мәнді деген мәліметтерді тіркеп жазды.
Нәтижесінде қазақ, башқұрт, қырғыздардың этнографиясына байланысты жиналған
ғылыми мұра сол болды. Аты әйгілі А. Левшин, В. Вельяминов-Зернов, Н.
Аристов, А. Харузин, В. Радлов, Н. Остроумов, А. Нестеров [4] және т.б.
белгілі ғалымдар өз еңбектерінде шежіре мәліметтерін қазақтың этноқұрамын
қарастыруға ғана қолданған. Халықтың тарихи жады сақтаған тарихи мәліметтер
зерттеушілер үшін қызықты, құнды болуына қарай, әр заман тарихнамашылары
қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. Тарихи шежірелерге патша
үкіметі саяси мән беріп, жергілікті орындардан жинатып отырған, – деп жазды
Ә. Марғұлан [5, 231-232]. Қай заманда да солай болған. Ш. Уәлиханов, Г.
Потанин, Ә. Диваев, Н. Гродеков, И. Шангин [6] сияқты шежіре жинаған
ғалымдардың топтамалары архивте сақталған. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында
еңбек еткен Ә. Диваев (1856–1933) қазақ халқының фольклор үлгілерін мол
жинады. Шежіре мәліметін әсіресе халықтың этникалық тарихын зерделеуге көп
қолданған. Тарихи фольклор деректеріне авторлар тең көзқараста
болмағанымен, тереңойлы ғалымдар бұл мәліметтерді айналып өте алмады. Ойға
алып зер салсақ, шежірелерді зерттеуде сүйенетіндей біршама ғылыми
мақалалар мен салмақты монографиялар бар: біріншісі – қазақтың ағартушы-
ғалымдар Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, А. Байтұрсын [7] жазған еңбектеріне
байланысты болса, екіншісі – шежіре деректерін этнография, этникалық тарих
тұрғысынан зерттеп жазған Ә. Х. Марғұлан, Х. Арғынбаев, М.С. Мұқанов, В.
Востров сияқты кәсіби тарихшылардың зерттеулерімен байланысты [8].
ХІХ ғасырда Қазақ шежіресі атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған
ірі ғалым Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана
жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер
адамдарға да аманат қылды. Кейін бүл мұралар Г. Потаниннің кітаптарында
жарияланған. Ә. Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған
генеалогиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы
мағынасын жоғалтпаған. Қазақ өткенін баяндайтын деректерді жариялаған М.
Тынышпаев, өз еңбегінде қазақ руларының жүйесі, шығу тегі, ата-тек
кестелері мен халық саны туралы мәліметтер келтірген. Оның ізденістеріне А.
Харузин, Н. Аристов, В. Бартольдтің еңбектері қатты әсер еткен. Орыстың
шығыстанушы ғалымдарымен жақын таныса отырып, М. Тынышпаев бұл еңбекте
олардың зерттеу әдістерінен көп тәлім алған.
Қазақстандағы тарихи деректану ориенталистикамен тығыз байланыста
дамудың өзіндік ішкі объективтік себептері бар екені белгілі. Бұрынғы
ресейлік ғалымдардың ішінде шығыстық тарихи шығармалардың мәндік
мәселелерімен ерекше ден қойып айналысқандар қатарында И. Березин, Г. Грумм-
Гржимайло, Н. Веселовский, А. Самойлович, Н. Катанов, Г. Вамбери сияқты
зерттеушілер болды. Деректануда ізденуде мұны ескермей өтуге болмайды.
Ресейлік шығыстанушылардың ішінде Орталық Азияның тарихнамалық дәстүрін
терең зерттеген ғалымдар көп. Орта Азиядағы ортағасырлық шығармалардың
мәліметтерін қытай деректемелерімен алғашқы салыстырулар жасап зерттеген Н.
Бичурин болды. Оның ізімен еңбек еткен синолог ғалымдар Н. Кюнер, В. Таскин
сияқты ғалымдар өшпес еңбек етті. Әбілғазы баһадүр ханның Шаджара-йи
түркі еңбегіне ерекше зерттеп, үлкен баға бергендердің бірі А. Кононов
болды. Араб деректеріндегі түркілер туралы деректер туралы зерттегендердің
бірі А. Зайончковский, ал шығыс деректері негізінде Моғолстанның қазақ пен
өзбек қарым-қатынастары туралы зерттеулерді жүргізген ғалымдардың бірі О.
Акимушкин еді [9]. Тарихи мазмұн тұрғысынан шежірелердің деректеріне аса
зор көңіл бөлген Ә. Марғұлан мен Е. Бекмаханов, М. Вяткиндердің есімдері
алдыңғы қатарда тұр [10]. Ерте және ортағасыр дәуірі тарихына қатысты
қазақтың шежіресін қолдану нәтижелігін дәлелдеген ғалымдар осылар. Е.
Бекмаханов өз зерттеулерінде қазақтың қария сөзін қолдану қажеттілігін
дәлелдеп, қазақы тарихи деректерді қолданса, М. Вяткин тарихи-шежірелік
деректерді Сырым батыр қозғалысын қарастыруға пайдаланды.
Қазақстандағы шығыстанушылық зерттеулер ХІХ ғасырдағы Ш. Уәлиханов
еңбектерінен бастау алып, ХХ ғасырда жақсы дамыды. Ғылым үшін үлкен
жетістіктің бірі С. Ибрагимов, Н. Мингулов, К. Пищулина, В. Юдин тәрізді
бір топ қазақстандық ғалымдардың үлкен еңбегімен байланысты [11]. Олар
дайындаған қазақ хандығы дәуіріне қатысты дерек үзінділерінің жинағы орыс
тіліне аударылған 17 құнды тарихи-деректік құжатты қамтыды. Жалпы,
шежірелердің тарих, деректану және тарихнама пәндеріне орай зерттеудегі
орны туралы тиянақты айтып кеткен Ю. Зуев, Б. Көмеков, Ж. Тулибаева, А.
Қадырбаев, З. Қинаятұлы, С. Сыздықов, Т. Бейсембиев, С. Жақыпбеков, М.
Қойгелдиев, Н. Келімбетов, К. Есмағамбетов, Н. Әлімбай, Н. Базылхан, Т.
Омарбеков, Х. Ғабжалелов; М. Қадыртаева, Г. Жакупова, Р. Айтбаева, И.
Ерофеева және т.б. зерттеушілер болды [12]. Парсы және түркі тілінде
жазылған тарихи туындыларына шолу, олардың деректік маңыздылы,
мәліметтердің кеңінен қолданылуы В. Юдин, Т. Султанов, Т. Бейсембиев, М.
Әбусейітова [13] еңбектерінде берілген. Шежірелік дәстүрді жалғастырушы ХІХ
ғасырдағы қазақ тарихшылары терең мұсылмандық білімі бар, ислам
қағидаларына жетік болған. Сондықтан шежірелік деректер негізінен
мұсылмандық әдеп, исламдық мәдениет құндылықтары мен дала әдеті тұрғысынан
жазылған. Мұның өзі шежірелік танымды ұғынуда бір жағынан теологиялық
зерттеулерге сүйенуді қажет етеді. Орталық Азияның тарихнамалық дәстүрін,
тарихи деректерін осы сипатта зерттеу тәжірибесі А.Қ. Муминовтың, З.
Жандарбектің зерттеулерінде орын алады.
Қазақ халқының этногенез мәселесін қарастырған М. Ақынжанов, С.
Ахинжанов еңбектерінде ерте және ортағасырлық тарихтағы ескі рулардың,
халықтардың, қазақтың шығу тегіне қатысы туралы айтылады. М. Ж. Көпейұлының
шежірелік мұраларын жария ету ізденістері Е. Жүсіповтің еңбектерінде
жүргізілген. Қытай, манчжур және моңғол деректерін зерттеп, аударып
жеткізіп отырған Б. Еженханұлы, Ж. Ошан, С. Сұңғатай, Н. Базылхан, З.
Хинаят, Қ. Мұхамадиұлы, А. Тойшанұлы, Д. Қатран. Б. Хинаят [14] және т.б.
ғалымдар дайындаған материалдар қазақтың шежірелік деректерін зерттеуге
берері мол. Шежірелік басылымдарға орай аударма мен мәтіндік
транскрипциядағы кемшіліктер туралы біраз зерттеу мақалаларында айтылған.
Кейде шежіре деректері, тарихи фольклор мәліметтері деректік сараптамасыз
айналымға енгізілетіні байқалады. Бірқатар еңбектер шежіре мәліметтерін
этнография пәні тұрғысынан этникалық территория, халықтың шығу тегі,
этноәлеуметтік, рулық құрылымы мәселелерін қарастыруда қолданылған. Бұл
ізденістер Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, В. Востров, Н. Әлімбай, Ж. Артықбаев,
М. Жакин және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жасалған [15].
Түркітекті басқа халықтардың шежірелерінен дерек ретінде зертеу
тәжірибесін қолдануға лайық қырғыз, татар және башқұрт, қарақалпақ, өзбек
шежірелеріне қатысты басылымдар бар. Ноғайлардың шежірелік мәліметтері А.
Исиннің зерттеулерінде орын алады [16]. Қарақалпақ шежіресін өлеңмен
жырлаған атақты қарақалпақ ақыны Бердімұрат Қарғабайұлының мұрасын
зерттеген ғалымдар М. Нұрмухамедов, Х. Хамидов және т.б. Шежірелерлердің
көптеген үлгілері түркмен тайпаларында сақталған. Олардың кейбірі ауызша
дәстүрде жалғасса, көбісі өз кезінде жазылып, қолжазбалар күйінде әкеден-
балаға беріліп отырған. Түркмендерде шежірелер ең қадірлі, белгілі,
құрметті адамдардың қолында, көбіне ақсақалдарда сақталған [17, 327 б.].
Осы еңбектерде шежірелік деректері туралы әртүрлі пікірлер білдірді,
шежірелік мәліметтерді ғылым мақсатына қолданылды, бірақ қазақ шежірелерін
нақты тарихи дерек ретінде қарастыруға арналған еңбек болған жоқ.
Зерттеудің мақсаты – қазақ шежірелерін тарихи дерек ретінде зерттеу. Осы
мақсатқа орай диссертацияда төмендегідей зерттеу міндеттерін қойдық:
1 қолжазбалар қорында сақтаулы шежіре нұсқаларын қорыта отырып, олардың
мәтіндік үлгілерін салыстыру, соған қатысты төл ұғымдарды қамту, шежірелік
дәстүрдің тарихи дамуын ғылыми тұрғыдан сипаттау, шежірелік деректің
қалыптасу үрдісін талдау;
2 Орталық Азия көшпелілері тарихын зерттеудегі тәжірибені шежірелік
дерек көзіне орай қолданылып келген теориялық-методологиялық зерттеулерді
саралау, жаңа әдістерді оңтайлы қолдану жолдарын анықтау;
3 шежірелік деректерді зерттеуде тарихнамалық зерттеу мен деректанудағы
жасалған тәжірибені қолдана отырып, авторлық мәселесін қарастыру жолымен
шежірелік мәтіннің дискурстық және интенциялық мағынасын ашу, сондай-ақ,
шежірелердің тарихи сананы қалыптастыру қызметін талдай отырып, шежірелік
деректердегі мақсат етілген тарихи тәлімді көрсету;
4 шежірелік деректердің түрлерін айыру, шежірелердің жиынтық сипатын
ашу, олардың мазмұнын, мәнісін, мақсаты мен қызметін дәйектеу. Баяндалу,
сақталу принциптерін талдау және ішкі және сыртқы деректік сыннан өткізу.
Мәліметтерге толыққанды деректемелік сипаттама беру;
5 шежірелердің тарихи-генеалогиялық мазмұнын жүйелеу арқылы, шежірелік
деректердің түрлері мен тарамдарын анықтап шығу. Шежіре деректерінің
тақырыптық мазмұны мен сыртқы қалпын талдау арқылы, шежіре деректемелерін
сипаттау, суреттеу, мәлімдеу, түсіндіру қызметін талдау;
6 шежірелік дәстүрді жалғастырушы субъектілердің әлеуметтік-мәдени
қызметіне баға бере отырып, тарих айту деректерін жинауды, реттеуді
тәжірибе ету, сыннан өткізу, ауызекі тарихты айқындау, сұхбат тәжірибелерін
сипаттау және ғылыми айналымға енгізудің тиімділігін белгілеу.
Зерттеудің пәні мен нысаны. Қолжазбалық және ауызекі шежірелерге тән
мәліметтердің деректік мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін анықтау, жұмыстың
ізденіс пәніне айналды. Деректану әдісімен шежірені зерттеу, методологиялық
жаңа ұстанымдарға жетелейді, тарихи таным жүйесін ғылыми түсінік алуға
қызмет етеді. Диссертациялық жұмыстың негізгі зерттеу нысаны ретінде
қазақтың шежіре деректері алынып отыр.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Жинақталған нақты шежірелік материалдарды
теориялық тұрғыдан қорыту, соның нәтижесінде шежіре мәліметтерін дерек
ретінде тәпсірлеу мен түсіну ғылыми жаңаша болғандықтан бұл диссертацияның
бағалығы да сол. Атап айтқанда:
1 қолжазба қорында сақтаулы қазақ шежірелері деректік тұрғыда алғаш
зерттелуі үлкен жаңалық болып табылады;
2 диссертацияда көптеген шежірелік тың деректер қолданылған, олар: араб
жазуымен жазылған шежірелік қолжазба мәтіндері, түздік археографиялық
зерттеулер барысында жасалған сұхбат негізіндегі мағлұматтардың тіркелуі,
және автордың генеалогия зерттеу бағытындағы жеке тәжірибесінің
берілгендігі;
3 алғаш рет деректану саласы бойынша қалыптасқан теориялық-
методологиялық ұстанымдары мен ғылыми әдіс-тәсілдер шежірелік деректерге
орайластыра зерттеу мәселесінде кең қолданылған;
4 шежірелердің қалыптасуы мен оның сыртқы және ішкі қалпын, сондай-ақ
оның тарихи негіздері мен мазмұнын кешенді түрде талдаудың тәжірибесі
жасалған;
5 шежірелік деректерге байланысты бұрын жасалмаған ғылыми тұрғыдағы
жүйелі-жіктік және түрлік сыныптау принциптерін қолдану жолдары
қарастырылған, сөйтіп шежірелік деректерді тұңғыш рет типологиялық жүйеге
түсіру критерийлері анықталып отыр;
6 шежірелік деректің ауызекі және жазбаша мәтін үлгілеріндегі көрініс
табатын тарихи сана мен ой-танымның қалыптасуы мен өміршендік ерекшеліктері
алғаш рет барынша жан-жақты қарастырылған; шежірелік дерек мәтінінде
қолданыс табатын дәстүрлі шежірелік ұғымдардың жетілдірілген үлгідегі
семантикалық түсіндірмесі жасалған.
Диссертацияның хронологиялық шеңбері. Жұмыстың хронологиялық шеңбері XV
ғасырдың екінші жартысынан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтыды. Бұл
жағдай шежірелерді шартты түрде үш топқа бөліп қарауға байланысты:
Шыңғыснаманы жазған Өтеміс қажы (XVI ғ.), Мұхаммед Қайдар Дулат
(1499–1551), Қадырғали Жалайыри шежірелері мен Әбілғазы Баһадүрханның
(1603–1664) Түркі шежіресі; ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр
басы: М.Ж. Көпейұлы (1858–1931), Қ. Халид (1846–1913), Ш. Құдайбердіұлы
(1858–1931), Н. Наушабай (1858–1919) мұралары. Мәшһүр Жүсіп шежіре
қолжазбасы ескі уақыттан бастап XХ ғ. бірінші ширегіне дейін орын алған
оқиғаларды баяндайды. Шәкәрім шежіресі де солай. ХХ ғасырда шежіре
жасаушылардың топтамалары. Шежірелер құрамында ескі тарихи дәуірлердің
мәліметтері тарихи-тұрмыстық жыр, аңыз күйінде көп сақталған. Осылайша
кейбір шежіре мәліметтері мерзім жағынан ерте дәуірден қазіргі күнге
дейінгі уақытты қамтығанымен, генеалогиялардың дені қазақ хандығы дәуіріне
қатысты. Мұнда моңғол мемлекеті күйрегеннен кейінгі уақыт пен қазақ
жүздерін қалыптасуы дәуіріндегі қазақ ру-тайпаларының құралу принциптерін
айғақтайтын тарихи-генеалогиялық жүйе сипатталады.
Қорғауға ұсынылып отырған тұжырымдар.
1 Шежіре – қазақ руларының тегі шыққан түрік жұртындағы дәстүрлі
мәдениет тудырған әлеуметтік, тарихи білім, генеалогиялық жады сабақтасығы
болып табылады. Шежіре ұғымының астарында тарихи-әлеуметтік жады түсінігі
сақталған. Шежіре дәстүрлі білім құбылысы ретінде табиғи түрде қалыптасып,
сан ғасырлар бойы ауызекі айтып, әңгімелеу мәдениеті жағдайында жетіліп,
жалпы әлеуметтік, қоғамдық сипат алып жалғасып, ұрпақтардың рухани
құндылықтары мен халықтың біртұтас этникалық өмірсүру жалғастығын баяндап,
ұзақ дәуір бойынан берідегі ұлт тарихының терең тамырын тануға қызмет
атқарды.
2 Шежіре, сондай-ақ қазақтың аса қадірлі ұлттық дәстүрінің бірі.
Шежірелік баяндаулар жоғарғы құрмет статусын білдіретін түсініктің бірі
ретінде халық санасына бекіген "жеті ата" ұғымының қасиеті мен оның
генеалогиялық сипатын нақтылап береді. Алайда, шын мәнінде дәстүрлі дәуір
тарихын баяндаудағы генеалогиялық білім жүйесінің қызметін дұрыс түсіну,
яғни генеалогиялық принцип көшпелі тұрмыс кешіп, табиғи экологиялық орта
талабына лайықты малшылық, бақташылық шаруашылықпен шұғылданған халықтардың
мәдениетінде соларға тән дәуірлерді, тарихи кезеңдерді реттеуші принципке
айналған.
3 Шежіре – генеалогиялық зерделікті сақтаушы әлеуметтік және қоғами-
ұжымдық жады болғанымен, шежіренің негізгі мақсаты тарихи білім жүйесінде
сақталатын дәстүрлі мәдени құндылықтар мен дәстүрлі қоғамның рухани-
әлеуметтік, идеологиялық-саяси сабақтастығын қаматамасыз ету. Осының
барлығы ұлттық мәдениеттің тұғыры болғандықтан, оны тұрақты қоғамдық
институтқа айналдыру мақсатында шежіре түсінігінің дәстүрі төңірегіне
киелілік сипат ұғымы, ерекше қасиеттеушілік берілгені де байқалады.
Халықтың фольклорлық мұрасында сақталған жеті атасын білген ер – жеті
елдің қамын жер дейтіндей әлеуметтік формулалар осының бір даналық айғағы.
Шежірелерді түрік көшпелі жұртының тарихты баяндау принципіне айналған
құбылыс ретінде қарастыру әбден мүмкін.
4 Шежіре өзінің негізгі мазмұнында және түп мәнінде халықтың тарихи-
генеалогиялық білім жүйесі болғанымен, қоғамның сан-салалы талаптарына
қызмет етуге тиісті әртүрлі әлеуметтік мүдделердің пайда болуына
байланысты, шежіре дала мәдениетінің жалпы білім жиынтығы жүйесінің
айналғанын зерттеу барысында байқадық. Тарихи-генеалогиялық білім жүйесі
айналасына жаппай халықтың ежелгі даналылығы да, жеке авторлар тудырған
эпостық шығармалар да, тұрмыстық фольклор үлгілері де, даланың әдеби-көркем
туындылары да тоғысқан. Бұл жағдайдың орын алуы заңды құбылыс болғанымен,
шежіре феноменін синкреттік құбылыс ретінде жеке қарастыруды талап етеді.
Алғашқылардың бірі болып қазақ тарихшыларының ішінен шежіредегі нақты
тарихи білім жүйесін тұрмыстық, әдеби-фольклорлық элементтерден бөліп-жарып
қарауға ұмтылған Шәкәрім Құдайбердіұғлы болды. Сондықтан Шәкәрімнің
тарихнамалық мұрасынан шежіре құбылысын таза тарихи білім ретінде қарауға
үндегенін анық аңғарамыз.
5 Шежірелерде дәстүрлі дәуір тудырған тарихи білім жүйесі, оның
негізінде қазақ руларының қалыптасуы, елді мекендері, көш жолдары, ата-
жұрты, есімі әйгілі тарихи тұлғалары, қожа, төре кірмелері, ру-туыстық
байланыстары, өткерген тарихи оқиғалары, сондай-ақ аламан, барымта,
жаугершілігі туралы көбірек баяндалады. Көшпелі қоғамда орын алған барлық
әлеуметтік, саяси, мәдени, рухани құбылыстарға қатысты тарихи оқиғалар,
көбінесе дәстүрлі тарихи сана тұрғысынан, яғни ру, руаралық қатынастар
тұрғысынан баяндалып түсіндіріледі.
6 Шежіре өзінің ішкі мазмұны жағынан дәстүрлі тарихнама туындылары мен
дәстүрлі тарихи деректеме құбылыстарының ерекшелік сипатын білдіретін
болғандықтан, оның қыр-сырларын тануда әлеуметтік-мәдени төлтума
феномендерді зерттеулерге қолайлы методологиялық ұстанымдарды қолдана
отырып, соған лайық теориялық концепция тұрғысынан келу дұрыс. Сондай
теориялық концепцияның үлгісін тарихи антропологиялық көзқарастар жүйесінен
шығаруға болады, яғни тарихи білім құбылыстарын тарихи білім жүйесін
тудырушы негізгі субъект болып табылатын адамтану тұрғысынан келу, адамның
тарихи табиғатының болмысын түсінуге ұмтылу болады. Шежірелердің тарихи
білім жүйесі ретіндегі негізгі ерекшелігінің өзі де осы сипаттан, яғни
әуелі адам туралы, оның шығу тегі туралы, тарихи тұлға тұрғысынан
баяндайтын тарихи әңгімелерден құралады.
7 Қазақ шежірелерін жинаушылар хан-сұлтандардың ордасында жүріп
төрелердің, Шыңғысханның жұрағаттарынан шыққан хандардың, хан үкімін
жүргізген сұлтандардың, олардың хандыққа өзара таласы, сондай-ақ билік
айтқан билердің тарихын баяндаған, түрік-қазақ руларының тарихи өмірінен
мәлімет беріп, шежіреге айналған ауызекі тарихи әңгімелерді жазба тарихи
туындыларға шығарған Мұхаммед Қайдар Дулат, Қадырғали Жалайыр, Өтеміс қажы
сынды тұлғалар шыққан. ХVIII-ХІХ ғасырларда орыс зерттеушілері тарапынан
қазақ шежірелеріне ерекше көңіл бөлініп, оларды жан-жақты жинау шаралары
іске асырылды.
8 ХХ ғасыр тархнамасында шежірелер деректеріне толыққанды ғылыми баға
берілмей келді, олар қажетті деңгейде ғылыми зерттеулерде қолданылмай,
шежіре турасында жүйелі түрде пікір айтылмай, шежіре деректері үзік-үзік
күйде, көп жағдайда қазақтың рулық құрылымдарын сипаттау мақсатында
пайдаланылды. Шежірелерді тарих үшін зерттеулерге қолдануда рулық
мәліметтерге қатысты тұстары айтылып, шежіренің негізгі мазмұны болып
табылатын тарихи тұлғалар шетқақпайлатылды.
9 Шежірелерді халықтың әлеуметтік-тарихи ұжымдық жады ретінде
қарастырумен қатар, жазба ескерткіштеріне айналған нақты шежірелік
туындыларды тарихнамалық шығарма ретінде, тарихнамалық дерек түрінде
қабылдау, тарихнамалық туындыны талдауда тиімді әдістерді іске асыру
жолдарымен зерделеу, қазақ шежірелерін жаңа қырынан, яғни тарихи таным-
білім құбылысы екенін танытып отыр. Сондай-ақ, шежірелерді халық тудырған
тарихи түпдерек (первоисточник) көзі ретінде зерттеу нысаны ету, тарихи
деректердің құралу принципінің қазақ мәдениетіне тән ерекшеліктерін ашады.
10 Шежіре деректерінің тарихи қалпыптасу жағдайларын қарастыру, авторлық
мәселесін анықтау, қолжазба мәтіндерінің қысқаша деректік сипатын беру,
мазмұндық ерекшеліктерін түсіну, сондай-ақ шежірелік деректің түрлік және
тақырыптық сыныптау принциптерін қолдану амалдары қазақ шежірелерінің
дәстүрлі қоғам жағдайында да, жалпы ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесінде
де елеулі мәдени-әлеуметтік, саяси-идеологиялық және рухани маңызды қызмет
атқаратынын көрсетті.
Зерттеудің теориялық және қолданыстық маңызы. Шежіре деректерін сараптау
арқылы дәстүрлі танымдағы тарих сипаттау ерекшеліктерін айқындау, және
басқа (заттық, жазба) дерек түрлерімен салыстыра зерттеудін тәжірибелік
маңызы зор. Осыған байланысты жаңа ғылыми тәсілдер мен талдау әдістерін
жетілдіру тарих ғылымының теориялық негізін кеңейте түседі, қазақтың өткен
тарихындағы тарихи оқиғаларды ақиқатты түрде тәпсірлеу мақсатына қызмет
етеді. Зерттеудің жекелеген тұжырым, қорытындылары тарих факультеті
тәлімгерлеріне деректану негіздерін, қоғам мен мәдениеттің даму тарихын
оқыту пәндеріне пайдаланылуы тиіс. Сондай-ақ, шежірені тарихи дәстүр
ретінде зерттеу, тәлімгерлер үшін деректану мен тарихнама, археографиялық,
генеалогиялық, палеографиялық, қосалқы тарихи пәндер тұрғысынан үлкен оқу-
зерттемелік тәжірибелік база болады. Диссертация материалдары, тұжырымдары,
ұстанымдары деректану, тарихнама, отандық тарих туралы болашақта жазылатын
еңбектерде де қолданылары анық; ұлттық энциклопедия үшін де пайдалы. Қазақ
халқының мәдени мұралары негізінде тарихты оқыту, мемлекеттік, тарихи
сананы жетілдіруге оң әсер етеді.
Зерттеудің деректік негізі. Зерттеу жүргізуге қолданылатын дерек қоры
аса мол. Шежірелерді зерттеу нысанына алғанда ең алдымен олардың деректік
сипаты (қоры, сақтау орны мен түрлері, мәлімет авторлары – жасаушы,
сақтаушы, жинаушы, көшірушілері және сыртқы пішіні мен ішкі мәнісі, мазмұны
мен құрамы ерекшеліктері, ауызекі дәстүрдің жанр үлгілері, тарихи-әдеби
стилі) үнемі назарда болады. Зерттеу мағлұматтары әртүрлі бұлақтардан
алынған. Сақталу жағынан жазбаша және ауызша үлгідегі мәліметтер болып
келеді. Жазба шежірелік деректер сыртқы пішіні жағынан қолжазба (қолжазба
көшірмелері) және (көптаралымды) басылым түрінде кездессе, ауызша шежірелік
деректер айтылу барысында қағазға хатталған немесе дыбыс таспаға жазылған
түрінде тіркелгендерден құралады. Сақталу жағынан жазба үлгідегі шежірлерді
де өз алдына бірнеше топқа бөлуге болады, мысалы: тек қолжазба күйінде
сақталғандар; қолжазба көшірмелері; жария етілгендер; жария етілген
шежірелердің ауызша айтылуынан қайтадан жазба түрде тіркелгендер және т.б.
Жария етілгендер қатарында ғылыми басылым дәрежесіндегі шежірелер де бар.
Даладағы ауызекі тарихи әңгімелерден хатталған әйгілі шежіре еңбектері
қатарында Өтеміс қажының Шыңғыс-намасы, Қадырғали Қосымұлы Жалайырдың
Шежірелер жинағы, Әбілғазы Баһадүр ханның Шаджара-йи түрки шығармалары
белгілі. Бұл ортағасыр шежіре туындыларының көптеген көшірмелері мен жеке
нұсқалары болғаны өз алдына, сондай-ақ ол еңбектер басқа да шығармалардың
жазылуына түрткі болған. М.Х. Дулаттың ізімен жазылған еңбектің бірі Шах
Махмуд ибн Мирза Фазыл Чорас шежіресі. Дәстүрді қалың бұқара ортасында
ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушы сақтаушылары болған. Зерттеулер шежіре
дәстүрі ауызша мәдениет негізі екендігін көрсетеді. Бірақ жазба шежірелік
дәстүр де болған.
Дешті Қыпшақ даласындағы тарихи шежірелер сыртқа шығып, оның тарихи
мәлімдеулері әртүрлі тысқы тарихнамаға түскен. Нақты айтқанда, шежірелік
мәліметтер мынадай еңбектерде кездеседі: Джувейнидің (1225–1283) Та’рих-и
Джаһан-гушай, Шараф ад-дин Йаздидің Зафар-нама, Низам ад-дин Шамидің
Зафар-нама, сондай-ақ Та’рих-и Әбу-л-Хайыр-хани, Шараф наме-йи шахи
және т.б. Араб-парсы және түркі тілінде жазба түрде хатталған шежірелерден
әйгілісі атақты Рашид ад-дин Хамаданидің (шам. 1247–1318) түркі-моңғол
шежіресі, Алмалық тумасы Жамал Қаршидың, оның шын аты Әбу-л-Фадл Мұхаммед
ибн ‘Умар ибн Халид (1231–XIV ғ. басы), оғыз-қыпшақ, Қарахан шежіресі (ал-
Мулхакат би-с-сурах [18]), Ақсақ Темір әулетінен шыққан Ұлықбектің
(1409–1449) Шаджарат әл-атрак (немесе Та’рих-и арба’ улус), авторы
беймәлім Му‘изз әл-ансаб және Салатин моғол, Сұлтандар шежіресі (XV
ғ.) Мұхаммед Әли Шабангара’идың Маджма’ әл-ансаб, молла Мырза Рахым
Ташкендидің Ансаб ас-салатин, Әбілғазы баһадүр ханның Шаджара-йи түркі,
Шаджара-йи таракима еңбектері. Қазақ хандығының тұсында көп қолданған
шежірелердің бір тобы Насаб-нама-йи Шыңғыс, Насаб-нама-йи қазақ,
Махмұд Сабуктегин шежіресі, Тахаши салатин (оғыз-салжұқ шежіресі),
Байбарыс пен Ибн Халдун жазған Қыпшақ шежіресі, Жаһан-нама (Оғыз
Қарахан шежіресі) т.б. [6, 231 б.].
ХІХ ғасырдың екінші жартысында және ХХ ғасыр басында қария сөз үлгілерді
жинап, шежірелік тарих жазып еңбек еткен Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы [19],
Шәкәрім (Шаһкәрім) Құдайбердіұлы [20], Құрбанғали Халид (Халиди) [21],
Нұржан Наушабай [22], Мұхамеджан Тынышпаев [23], Мәнен Тұрғанбай [24]. Бұл
авторлар қазақтың тарихи мұрасын сақтау мақсатында шежіре нұсқаларын
хаттап, баспа бетіне жариялады.
Қазақстанның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Институтының қорында
шежіре қолжазбаларының 21 данасы сақталған [25]. Олардың шартты
тақырыпшалары төмендегідей: "Шежіре Шариф", "Нұржан Наушабайдың шежіресі",
"Арғын шежіресі", "Аталық шежіре", "Байұлы туралы мәлімет", "Үш жүздің
шежіресі", "Қазақтың ата-тегі туралы" және т.б.. Қазақ шежірелерінің
қолжазба нұсқаларының 32 данасы (негізгі қоры) Қазақстанның Орталық Ғылыми
кітапханасында сақтаулы. Ұлттық кітапхана қоры мен баспа беттерінен шыққан
шежірелердің 100-ден астам үлкенді-кішілі шежірелер нұсқасы зерттеуге
алынды. Бұл шежірелердің тақырыбы, әрине, шартты екені төмендегіден
көрінеді: "Қазақтың шығу тегі. Қазақтар қайдан шықты. Аңыз, "Ұлы жүз
шежіресі", "Бұл қазақ қалай үш жүз атанды"; 1848 жылғы әңгімелер. Тезек
төре және Бақтыбай заманы, "Қазақ рулары", "Адам ата заманынан бергі
насабнама. Өлең", "Сыр бойындағы қыпшақтар", "Қоңырат бұтақтары", "Қазақ
рулары туралы", "Найман, Орта жүз бағаналы шежіресі", "Шекті арғын
шежіресі", "Қазақтың түркі қауымынан шығуы", және т.б. [26]. Қолжазба
қорында қордаланған шежіреге қатысты мол материалдардан жиналған үзінділер
диссертация қосымша ретінде берілген. Шежірелік мұраның едәуір бөлігі
көнекөз қариялардың қолжазбаларын сақтаушы адамдардың қолында. Бұл
шежірелер негізінен ата өрбіту, ұрпақ тарату, генеалогия құрауға қатысты
аңыз, әфсана жүйесін қамтиды. Ауызекі шежіре үлгілерін тарихнама
шығармаларымен салыстырғанда да олар ру туралы мәліметтерді әлдеқайда мол
әрі нақтырақ айтатыны байқалады. Әсіресе оның мазмұнында тарихи тұлғалар
туралы ұтқыр айтылған ауызекі мәліметтер көп кездеседі. Зерттеу негізіне
алынып отырған деректерді халық тудырған тарихи фольклор, ауызекі және
қолжазба қоры құрайды және бұл құнды мәліметтер көбінесе далалық
фольклорлық-археографиялық ізденіс барысында ақпарат беруші қарттардың
сөздерінен тіркелді. Бұл жұмысқа автордың далалық археографиялық
зерттеулері мен 1990 жылдардан бергідегі әртүрлі экспедицияларда дыбыс-
бейнетаспаға жазылған деректер қолданылды. Олар белгілі талаптарға орай
құрастырылған зерттеу бағдарламасына сәйкес жүргізілді. Дерек беруші аға
буын информаторлардан жиылған материалдар ерекше құнды болып табылады.
Баспадан жарияланған шежірелерден талдау үшін қолымызға 49 шежіре
түсірдік [27]. Бұл шежірелер әртүрлі тарихи-генеалогиялық мәліметтерді,
көбінесе қазақ руларының тараулары, ру ішіндегі ата балаларының реті,
атақты тұлғалар туралы баяндайды. Сондай-ақ, біршама авторлар шежіре
мәселесі жайындағы көзқарастарын айта отырып, шежірелік әңгімелерді, қария
сөзін қосқан.
Шежірелік мәліметтер сақтайтын деректемелік жинақтың бірі – қазақ
хандықтары тарихына қатысты ортағасырлық парсы және түркі шығармаларындағы
үзінділерді жария еткен материалдар жинақпен (Материалы по истории
казахских ханства) байланысты. Ал араб тарихшылары жасаған тарихнама
туындыларындағы түркі-моңғол жұртына қатысты шежірелік мәліметтер мен
сақталған шығармаларды Алтын Орда тарихы туралы материалдар жинағынан
табамыз (Сборник материалов по истории Золотой Орды). Осы сияқты
деректемелер жинағы басқа да түркітілдес халықтардың тарихына орай әр кезде
жарияланған. Мәселен, кеңестік уақытта туркмен (Материалы по истории
туркмен) және қырғыз (Материалы по истории киргиз и Киргизии) халықтарының
тарихы, елі мен жері туралы баяндайтын ортағасырлық деректемелердің
үзініділер жинағы жарық көрді. Бұл жинақтарда ортағасырлар кезеңінде
жазылған ортаазиялық тарихи туындылардан біраз үзінділер берілген. Ондағы
мәліметтерді салыстырмалы-деректік зерттеу мақсатында қолдану әлі де
тиімді. Шежірелік мәліметтерді сондай-ақ ресми тарихи құжаттармен
салыстырмалы зерттеу мақсатында XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастары
туралы құжаттар мен материалдар деректерін, XVI-XX ғғ. орыс деректеріндегі
Қазақстан тарихы және ХІХ ғ. – ХХ ғ. аралығындағы Қазақстанның саяси
құрылымы туралы материалдарындағы (Материалы истории политиечского строя)
деректерді қолдануға болады [28]. Кейінгі жарыққа шыққан еңбектер
қатарында В. Тизенгаузен жинаған парсы деректемелерінің үзінділері, Му‘изз
ал-ансаб (Прославляющее генеалогии) Маджма‘ әл-ансаб уа-л-ашджар
(Шежірелер жинағы), ХІІІ-XIХ ғғ. аралығындағы моңғол деректемелері, Алтын
Орда дәуіріндегі араб-парсы шығармаларының жинағы маңызды. Қожалардың
шежірелерік тарихын зерттеуге арналған З. Жандарбектің еңбегінде қожалардың
22 "Насаб-нама" қолжазбалары қарастырылған [29]. Бұл еңбекте қожалар
шежіресін дерек ретінде қарастырып, автор "Насаб-нама" қожа әулеттерінің
шежіресі болып табылады деп көрсетеді. Қазақ хандары мен қожаларының
тектерін түзуге арналған И. Ерофееваның еңбегінде мазмұны мағыналы деген
шежірелерден 30 мәтін жиыстырылып, оның 14-і сызба, 8-і тізім, 3-уі үзінді
және 3-уі кесте ретінде реттеліп қосылған. Мұнда белгілі авторлар жинаған
шежірелік мәліметтер зерттеуге алынған [30]. Революцияға дейінгі қазақтың
көшпелі тұрмысы мен дәстүрлі қоғамдық қатынастары, оның ішінде ру-тайпалық
құрылымы туралы ізденген барша авторлардың еңбектерінде кездесетін
шежірелік мәліметтердің барлығы енді құнды тарихи дерек көзі ретінде
қабылданады. Бұдан басқа да Ресейдің ресми құжаттары аз емес. Бұл
материалдарды қазақ шежірелік деректерімен салыстыруға, толықтыруға, кейбір
шежірелік мәліметтерді анықтауға мұрағат қорынан [31], қазақ-орыс қарым-
қатынастарына қатысты материалдардан, отаршыл әкімшілік орындарының түрлі
дерек көздерінен алуға болады. Бұл материалдардың біразы қазір қазақ
тілінде де жарияланып үлгерді [32]. Қазақстан тарихына қатысты орыс
деректері топтамасының жариялануы ерекше құнды. Бұл мағлұматтардың қазақ
шежірелерін дерек ретінде зерттеу ісіне берері мол. Орыстың XVI ғ. - XVIII
ғ. бірінші ширегіндегі жылнамалары мен ресми құжаттары арқылы қазақ
даласындағы сол кездегі жағдайды орыс деректемелеріндегі қазақтың белді
адамдарына жинаған анықтамаларына байланысты аңғаруға мүмкіндік бар.
Зерттеу методологиясы. Шежірелерді деректік феномен ретінде зерттеу,
оның қалыптасу алғышарттары және шежірелік мәліметтердің өзектілігі мен
мәнісін, функциясын түсіндіретін тарихи зерттеу принциптері мен әдістер,
теориялық алғышарттар мен методологиялық мәселелер диссертацияда арнайы
түрде қаралған, толықтай негізделген. Сондықтан бұл жерде тек төмендегідей
негізгі методологиялық ұстаным туралы айтайық:
• қазақ тарихын ғылыми принцип негіздерімен зерттеу үшін, көшпелілер
қоғамындағы әлеуметтік шындықты тарихи тұрғыдан қарастырып, соған
орай ой қорыту, адам мен социумның қалыптасуы мен дамуының
әлеуметтік-тарихи жағдайлары және факторларын тарихи үрдіс
тұтастығы тұрғысынан іздену қажеттілігі методологияны жаңаша
жетілдіруді талап етеді. Өйткені, тарихты деректік тұрғыдан
зерттеудегі байқалатын ең басты кемістік – тарихтың жан-жақты
ғылыми зерттеулерінде адам тақырыбының жойылғандығы, адамның
тарихи болмысы туралы тереңірек ізденуге рұқсат етілмеуінен
туындаған;
• шежірелер қазақтың тұтас этномәдени жүйесінде қалыптасқан өткен
тарихты түсіну, қабылдау туралы сананы көрсетеді. Сондықтан,
тарихи деректер саналы субъектінің дара туындысы болғандықтан,
оның мәліметтерін талдау және құрау үшін ақыл елегінен өткізіп
қиысындыға келтіру (логикаға) әдісі кеңінен қолданылады. Шежірелік
деректер адамның тарихи сана көрінісін білдірсе, оны зерттеуде
тарих үрдісін әлеумет және тұлға тұрғысынан, тарихты жасаушы
субъект – адамның ойлау тәсілдерін игеруге бет алып, оның ой
әрекеттерінің нәтижесі ретінде қарастырылмақ.
• шежірені зерттеу мәселесі күрделі болуына байланысты тарих
ғылымының барлық жетілген әдіс-тәсілдерін де қажетінше кең қолдану
тиімді болып отыр. Тарихи әдіс әрдайым объектінің қалыптасуы мен
жетілуін, оның даму ырғағын және өзгеруін қарастырады. Бұл тарихи
әдістер кешені, әрине, нақтылы-тарихи, салыстырмалы-тарихи, тарихи-
генетикалық және тарихи-типологиялық әдістерден құралады.
зерттелмек шежірелік материалдарды жүйелік ұстаным арқылы тарихи,
фольклорлық деректемелердің пәнаралық байланыстар жүйесіндегі алар
орнын айқындау жолымен шежірелердің ішкі жан-жақтылығын ашып
көрсетуге негізделеді;
• қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен тарихын зерттеуде, ал біздің
жағдайымызда шежірелік деректерді зерделеуде, шетелдік тәжірибені
қолдану аса қажет. Нақты айтқанда, шежірелік тарихи деректерді
зерттеуге арналған бұл диссертациялық еңбек тарихи антропология,
феноменология, герменевтика әдістері тудырған тұтас теориялық-
методологиялық ұстанымға сүйену, ғылыми ізденісті нақты бағытқа
салады. Түркітекті халықтардың шежірелік дәстүрі мәдениеттік
феномен болғандықтан, феноменологиялық концепция тұрғысынан
зерттеу барысында дәстүрлі мәдениеттің кейбір құбылыстарын
әлдеқайда нақтылы талдау мүмкіндігі туындайды;
• шежірелер – тарихи фактілердің қоры дейміз. Бірақ шежіренің дерек
фактілері дара түрінде өз бетінше тарихи факті қызметін
атқармайды. Олар тарихи фактіге толық айналу үшін деректік сыннан
өтіп, мағынасының мәні туралы тәпсірленуі тиіс. Сонда ғана
шежірелік мәліметтердің қалыптасу заңдарын толық түсініп, оның
құрамындағы әрбір сөзді оның авторалары қандай мақсат көздеп
сақтағанын түсіне аламыз. Осыдан тарихшының зерттеу міндеттері
қалыптасады. Ол тарихи тұлға туралы сақталған шежірелерік
деректерді іріктеу және іріктеудің тиімді принциптерін
қалыптастыруы керек. Тарих айту дәстүрін зерттеген мамандар үшін
естелік, шежіре ретінде сақталған деректерді жинау, әсіресе оларды
жүйелей отырып қолданудың тәсілдерін жетілдіру аса маңызды. Әуелі
шежірелердің жалпы сипаты қарастырылып оны ғылыми тұрғыдан түсіну
жолы көрсетіледі, тарихи-деректану талдау мен құрау жүргізіліп,
шежірелердің типологиясы жасалады, оның негізгі түрлері
(нұсқалары, үлгілері) анықталып, оларды зерттеу әдістері құралады;

• деректерді сыныптау мәселесінде дерек түрлері мен типологиясы
жөнінде екі түрлі жүйе қалыптасуына қарай жазба деректер әрдайым
оның түріне қарай жүйлеу, ал типологиялық жағынан деректің барлық
түрлерін қамтып қарастыру тәжірибесі жасалған. Сондықтан
деректерді типологиялық сыныптау жүйесінің аясы кеңірек. Бірақ
қазақ деректеріне, әсіресе шежіреге байланысты иландырарлықтай
ғылыми тұжырым жасалмағандықтан, деректеме зерттеуші мамандардың
арасында біртүрлі қалыптасқан пікір болмай келді. Қазақ тарихы мен
мәдениетіне байланысты деректердің барлығын бір жүйеге келтіру
мәселесінде ресейлік дерек зерттеу тәжірибесін де толық қолдану
мүмкін емес. Өйткені қазақ ортасында қалыптасқан дерек түрлерінің
өзінше тарихи объективті қалыптасқан жағдайларымен өзіндік
ерекшеліктері бар;
• мұның барлығы шежірелік деректердің спецификасын тиянақтылықпен
әрі бірізділікті тұрғыда талдауға мүмкіндік береді. Шежіре зерттеу
ісінде жүйелі-құрылымдық талдау әдістерін кешенді түрде қолдану
тарихи сана мен ой-таным проблематикасын байланыстыра қарастыруды
талап етеді. Тарихи үрдіске орай адам мен қоғамды жүйелілік
тұрғыдан қарастыру тарихтағы адамның мәнісін жақын түсінуге жол
ашады, өйткені қоғамды тарихи-нақты әлеуметтік қатынастар, соның
ішінде көшпелі қоғамда нақты тарихи-генеалогиялық байланыстар
құрайды;
• осындай ғылыми ұстанымдар негізінде шежірелердің ішкі және сыртқы
құрылымдық ерекшеліктерін, олардың өзара байланыстылық себептерін
және рухани мәдениет құбылыстарының тұтастығын анықтау мақсатына
қол жеткізуге сенімдіміз.
Жұмыстың сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың мазмұнына енген автордың
негізгі қорытынды тұжырымдары 38 мақала мен 1 монографиялық зерттеуде,
әртүрлі деңгейде өткен (соның ішінде халықаралық дәрежеде 14)
конференцияларда баяндалып, жария етілді. Ғылыми конференция, симпозиумдар
мен алқалы жиындарда баяндалды. Диссертациялық жұмыстың қолжазбасы Л.Н.
Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің "Әлем тарихы және
археология" кафедрасы (02.02.2007ж., №6 хаттама), БҒМ Р.Б. Сүлейменов
атындағы Шығыстану институтының Шығыстық деректану, шығыс халықтарының
тарихы мен мәдениеті бөлімінде (27.04 2007 ж., №6 хаттама) өткен
мәжілісінің Шығыстану институтының бөлімдер отырысында талқыдан өтті.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеудің мақсат-міндеттері мен қисынына қарай
диссертациялық жұмыстың мазмұны кіріспе, төрт бөлім, қорытынды және
қолданылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан құралды.

зерттеудің негізгі мазмұны

Кіріспеде – зерттеудің ғылыми өзектілігі, қажеттілігі, құндылығы,
зерттелу деңгейі, мақсаты мен міндеттері, деректік негізі мен
методологиясы, жаңалығы, тәжірибелік қолданысы айқындалған. Зерттеу бағыты
қазақ шежірелерін тарихи дерек көзі ретінде зерделеу талабынан туындап,
оның пайда болуы, алғашқы табиғаты, дамуы, деректік мүмкіндіктері, қолдану
тиімділігі, өзгеруі, жеке аспектілері мәселелерінен шыққан. Төрт бөлім
болып қаралады. Диссертацияның Шежіре бастаулары: генезисі мен дамуы атты
бірінші бөлімі қазақ шежіресінің тарихи-мәдени шығу тегі мен зерттемелік
негіздерін тануға арналған. Ерте дәуір туралы шежірелік мәліметтердің
Орталық Азия көшпелілеріне қатысты зерттеулерде қолданылу жайы, сипаты,
ықпал белгілері, шежірелерді зерделеудегі методология, ізденіс үшін қажет
ілімдер, әдістер туралы нақтылы айтылады.
Шежіре табиғаты мен оның құбылыстық ерекшеліктері "шежіре" сөзінің түпкі
мән-мағынасынан туындайды. "Шежіре" сөзін жазба дерек қатарында М.
Қашқарида кездестіреміз. Ол: мен бұл кітапты хикмәт сөздер, сежілер, мақал
мәтелдер, өлең-жырлар, режез және нәсір секілді әдеби сөздермен безендіріп,
мақсұс әліппесі ретімен түзіп шықтым – деп жазады [33, 31 б.].
Салыстырайық: сежіле (~седжле~седжре) – туркмен халқында; "шежіле~шежіре"
– қазақ ортасында; "шежере" – башқұр тілінде; "шаджара" – татарларда;
"санжыра" – қырғызда. Түркі халықтарында "жады" деген сөздің мағынасы
"сежіле", "седжре", "шежіре" моңғол халықтары ортасында айтылатын
"цээжээр", "чээлинджээр дасх", "шээлинжээр" сияқты сөздерімен түптес. Ал
қалмақтарда шастир дейді. Бұл туралы зерттеуші В. Санчиров былай жазады:
термин Ŝastir – соответствует маньчжурскому улабун, и китайскому чжуань –
"повествование, повесть, история, летопись, хроника, биография, мемуары,
комментарий" [34, 22 б.]. Шежірелер табиғаты ауызекі дәстүр ықпалымен
қалыптасқан. Мұнда тарихы жинақылық (лаконизм), астарлы сөз (кодтық ұғым),
мегзеу (подоплека) үлгіде жиі баяндалады. Осы "шежіре" сөзі, сондай-ақ
"шешен" сөзімен түбірлес. Тува тілінде ("чечен") әдемі, көркем деген
қосымша мағыналары бар. Моңғол, бурят-моңғол, қалмақ тілдерінде "цэцэн",
"сэсэ(н)", "цэцэ" сөзінің бұл мағыналары алтай, якут, тува тілдерінде де
кездеседі. Қалмақ шежірелерінде Очиртуды Цэцэн хан деп атаған деседі:
Цэцэн хан (Мудрый хан) – это его прозвище. Он был старшим сыном
Хошутского князя Байбабас батура, - деп жазылады [35, 157 б.]. Моңғол
тілінде "сэсэрхүү", сөзі – ақылымен, тапқырлығымен мақтану деген
мағынада болса, якут тілінде "сäсäннä" – әңгіме айту, әңгімелесу, сөйлесу
деген мағынаға ие [36, 221-222 б.].
Орталық Азия көшпелілері туралы деректердің зерттелуі атты бірінші
тарау екі тараушадан құралған. Ерте дәуір туралы шежірелік мәліметтер
атты бірінші тараушасы шежіре бастаулары жайлы ізденіс етуге арналған.
Шежіренің көшпелілерге тән мәдени құбылыс ретінде қалыптасу мағынасын
қамтиды. Мазмұнында мәні аралас құрылымдар мол. Шежірелік мәліметтердің
айтушыдан айтушыға, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп дамуына қарай көбінесе белгілі
бір авторы болмайтыны анық. Көне тарих шежіре мәліметтері өз бойында шежіре
бастауларына айналған екі түрлі ықпал сақтайды: дәстүрлі далалық дүниетаным
түсініктері және исламдық үлгідегі көне тарих айту, мұсымандық ілім.
Шежірелердің алғашқы негіздері ескі сенімдерден (діннен) болған: адамның
пайда болуын Адам ата мен Хауа анадан өрбіту, адамның жер бетіндегі тарихын
5-10 мың жылмен шектеу. Бұл екі бастау біртұтас ұғымдық құрылымға айналған.
Мұсылмандық концепция, дін ислам мифологиясы шежірелерде басым түседі.
Десек те, шежірелердегі тәңірлік дүниетаным белгілері де айрықша көрінеді.
Көнетүркілік салтты, оның наным-сенім, әдет-ғұрып, той-думан, жол-жоба
дәстүрлерін, жыр-өлең сипатында жалғасқан тарихи аңыздарын, әртүрлі уақытта
өткен жырау жырларын, салтанат пен әуенге деген құштарлығын, халық әдеті
мен билердің шешендік өнері мен билік айту өнегесі сияқты парасат, ақыл-ой
мұраларын сақтаушылары деп қазақтарды айту қажет - деп, кезінде Ш.
Уәлиханов ескерткен [1, 157].
Шежірелерде ескі тарихи замандар – Адам баласы жаратылды делінетін көне
заманнан бастап топан су басатын дәуірге дейінгі межені қамтиды. Ол көне
шығыстық ислам тарихнамасына, тіпті, Тәуратқа негіздеп айтатын қазақ
шежірелері бұрын көп болған. Соның бірінде Адам пайғамбар мен Нұқ
пайғамбар арасында 2242 жыл өтті делінсе, Н. Наушабай шежірелік
шығармасында: Әуелгі Адам сопы, Аллаһ, Нух нәби – деп жырланады [22]. Бұл
сюжеттер, шежіре дәстүрлі қоғамға тән білім, дүниетаным институты ретінде
қызмет еткенін көрсетеді, осы мақсатта қалыптасып, соған жауап берерліктей
формада болған. Шежірелік сюжет құрылымдары мазмұны қазақтың дүние туралы
түйсік түсініктерін сақтаған. Шежірелік деректер қоғами, мәдени-әлеуметтік
өмір тәртібін тәңірлік тұрғыдан бағалап, ислам тұрғысынан тәпсірлеп, санаға
қабылдатқан. Шежірелерде сақталған ескі тарихи-мифтік сюжеттер билік
тәртібін ғарыш тәртібімен түсіндіреді. Қазақтың ауызша дәстүр үлгілері ерте
заманнан бастау алатынын, жоғарыдағы шежіре сөзі мәні туралы ізденістер
дәлелдейді. Бұл дәстүр тарих айту өнерінің өркендеуімен байланысын, байырғы
түрік, ортағасыр қарахандар заманында, кейінгі өзбек-қазақ, қазақ-ноғай
кезінде және қазақ хандығы тұсында да діни түсініктерімен тікелей қатысын
шежірелік деректер растайды.
Қазақтың хатталған шежірелік мұра бастаулары жазба әдебиеттің кең өркен
жаюымен, шежірелердің нақты авторларының пайда болуымен байланысты. Шежіре
атаулы феномен генезисі мен даму үрдісін зерделеу: осы екі мәселені
біріктіреді. Ең ескі дәуір туралы білім жәдігерлері – көне аңыз, ертегі,
батырлық жырлар – халық жадында шежірелік дәстүр сақтаған. Ә. Марғұлан:
эпос-жырдың өркендеп тарауы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінен басталады,
біздің жыл санауымыздан бұрыңғы V ғасыр мен осы заманның VІ ғасырлар арасы
- дейді [37]. Ескі дәуірдегі Уыз хан туралы шежірелік деректер, оның өмір
бастаулары, тақуалығы, өнерпаздығы ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Ұлы жүз Суан тайпасының шежіресі
Қазақ тарихы дәстүрлі ауызша тарих
Қазақ халқының шежірешілік дәстүрі
Қаңлы атауы және Қаңлы мемлекетінің территориясы туралы деректер
Қазақ рулары және рулық таңбалары
Шоқан Уалиханов Ұлы ғалым
Шежірелердің Қазақстан тарихындағы деректік орнын көрсету
Шоқан Уалихановтың қазақ тарихындағы орны
Ш.Ш. Уәлиханов
Қазақ ғалымдарының шежіренің маңызы мен ерекшелігі туралы ойлары
Пәндер