Сәбит Мұқанов және эпистолярлық жанр



1. СӘБИТ МҰҚАНОВ ЖӘНЕ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ ЖАНР
1.1 Қазақ әдебиетіндегі С. Мұқанов шығармашылығының зерттелуі.
1.2 «Эпистолярлық жанр» ұғымы және С. Мұқанов хаттары
2 ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНА КЕЛГЕН ХАТТАР
2.1 Шығарманың көркемдігіне байланысты келген хаттар
2.2 Шығарма кейіпкерлері және шынайы өмірмен байланыс
ІІІ ЖАЗУШЫНЫҢ ЖЕКЕ БАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ХАТТАР
3.2 Адами болмысын айшықтайтын хаттар
ҚОРЫТЫНДЫ
ҚОСЫМША
ПАЙДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Мұқанов Сәбит Мұқанұлы (1900-1973) - қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі.
Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Сәбит Мұқанов атындағы ауылда туған. Омбыдағы оқытушылар курсын, Орынбордағы жұмысшылар факультетін, Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімін бітірген.
Ауыл молдасынан оқып, хат таныған. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген. 14-15 жасынан өлең-жырды ауызша да, жазып та шығара бастайды. 1918-1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім ала жүріп Мағжан Жұмабаевқа хатшылық еткен.
1. Қирабаев С. халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы.- Алматы: «КИЕ» лингвоелтану иновациялық орталығы, 2010.-380бет.
2. Кәкішұлы Т., Ахмет К. Сәбит Мұқанов: әдеби –ғылыми ғұмырнама. –Астана: Фолиант, 2009. – 352 бет
3. Ахмет К. халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы.- Алматы: «КИЕ»лингвоелтану иновациялық орталығы, 2010.-380бет.
4. Әуезов М. Жирма томық шығармалар жинағы. Т. 18. Зерттеулер мақалалар. Алматы, Жазушы, 1985.
5. Әбдиманұлы Ө. халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы.- Алматы: «КИЕ»лингвоелтану иновациялық орталығы, 2010.-380бет.
6. Момынова Б. Шәкәрім поэзиясының тілі. –Алматы,: «Арыс», 2008. -256 бет.
7. Балақаев М. Жанпейісов Е. Томанов М. Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. 1974ж.
8. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: 2004.
9. Ефимов А. История русского литературного языка: – 1954.
10. Кенжебаев Б. Қазақ баспасөзінің тарихынан мәліметтер: – 1956.
11. Тынянов Ю. Поэтика. История литературы. Кино. М. 1997.с.225.
12. Алексеев М.П. Сравнительное литературоведение. Л., 1983. С.165
13. Честерфилд. Письма к сыну. Л. 1971.с.304
14. Абрамович С. Пушкин в 1836 году. М., 1985; Я.Л. Левкевич Автобиографическая проза и письма Пушкина. Л., 1988 г.Тург. Полн.сбор.иписем в 28т. Письма Т.М., -Л., 1961. С.15
15. Сәбит Мұқанов жайлы әдеби хабар. Қазақ радиосының «Алтын қоры», Д-934

Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 98 бет
Таңдаулыға:   
1. СӘБИТ МҰҚАНОВ ЖӘНЕ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ ЖАНР

0.1 Қазақ әдебиетіндегі С. Мұқанов шығармашылығының зерттелуі.
Мұқанов Сәбит Мұқанұлы (1900-1973) - қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Ғылым академиясының академигі.
Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Сәбит Мұқанов атындағы ауылда туған. Омбыдағы оқытушылар курсын, Орынбордағы жұмысшылар факультетін, Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімін бітірген.
Ауыл молдасынан оқып, хат таныған. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген. 14-15 жасынан өлең-жырды ауызша да, жазып та шығара бастайды. 1918-1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім ала жүріп Мағжан Жұмабаевқа хатшылық еткен. Оқуды бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болды. 1921 жылы Ақмола губерниясы мемлекеттік саяси басқармасының төтенше әскери бөлімнің жауынгері болды. 1921-1922 жылдары әр түрлі қызметтер атқарып, ел арасында астық жинау жұмысын жүргізген. 1922-1926 жылдары Орынбордағы жұмысшылар факультетінде оқыған. 1926-1928 жылдары баспасөз орындарында қызмет атқарып, республикалық Еңбекші қазақ (қазіргі Егемен Қазақстан) газеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1928 жылы Петропавл қаласының Кеңес ауылы газетінің редакторы және Жазушылар бөлімінің жетекшісі болған. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде Жарыс альманағын шығарған. 1932-1935 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімінде оқыған. 1935 жылы республикалық Кеңес ауылы, Қазақ әдебиеті газеттерінің редакторы болып, 1936-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарған. 1937-1941 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институттың профессоры болып, қазақ әдебиетінен сабақ берген. 1943-1951 жылдары екінші рет Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарған. 1958-1969 жылдары Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне, 1965-1969 жылдары Араб елдерімен достық жөне мәдени байланыстар қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағалығына сайланған.
Сәбит Мұқанов әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға қалам тербеді. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, тағы басқа сан-салалы кітаптар жазды.
Сәбит Мұқановтың алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері (Көңілім, 1917; Бостандық, 1919, т.б.) 1917 жылдан жариялана бастады. Ол 1924 жылы өлеңдер мен мақалалардан және аударма шығармалардан тұратын Совет өкіметі һәм қазақ әйелі атты тұңғыш кітапшасын шығарған. 20 жасынан поэма жаза бастады: Балбөпе, Жетім қыз, Батырақ, Қанды көл, Жүйткі, қара айғырым, 1926-1927 жылдары Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы, Октябрьдің өткелдері поэмалары, Ақбөпенің сыры повесі жарық көрген. 1928 жылы Сұлушаш дастаны, 1931 жылы Адасқандар романы (орыс тілінде Сын бая, 1934), тағы басқа туындылары жарияланды. Сұлушаш дастанында ғашықтық, махаббат мәселесін көтере отырып, әлеуметтік мәні зор түйіндерді толғаған. Ал Адасқандар романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналды. Ол бұл романды едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 жылы Мөлдір махаббат деген атпен қайта бастырып шығарды.
30-жылдары Майға сәлем (1933), Сөз - Советтік армия (1934) атты өлеңдері, Ақ аю поэмасы (1935), Жұмбақ жалау романы (1938), тағы басқа туындыларынан замандас бейнесі, қоғам кескіні аңғарылады. Одан соң Теміртас (1935), Есіл (1937) романдары, Достар (1937) повесі, тағы басқа шығармалары жарыққа шыққан. Жұмбақ жалау (1938, Ботагөз, 1948, орыс тілінде Ботагоз) романында Қазақстандағы 1910-1920 жылдардағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. 1-дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, тағы басқа ірі тарихи оқиғалар роман сюжетіне аркау болған. Романдағы басты тақырып - қазақ халқының, Қазақстанның тарихи тағдыры.
Ботагөз романы - қазақ халқы өміріндегі төңкерістік ірі кезеңді шебер бейнелеген келелі шығарма. Роман КСРО халықтары тілдерінде және бірқатар шет ел тілдерінде аударылып басылды. Ботагөз романына негізделіп пьеса жазылып, Казақстан театрлары сахнасына шықты, кинофильм түсірілген.
Сәбит Мұқанов 40-жылдары Менің мектептерім романын, Балуан Шолақ повесін, Сырдария романын, Поэзия маршалы, Майданға хат, Жеңімпаз Қызыл Армия, Фашизмнің ажалы, тағы басқа прозалық жөне поэзиялық шығармаларын жазды. Прозада ол роман мен мемуарлық әдебиеттің дамуына үлес қосты. 50 жылдары Шоқан Уәлиханов драмасын, Тындағы толқындар романын жазды. Саяхаттар, Туған жердің тыңында, Тыңда тұнған байлық, Алыптың адымдары, Адам-Атаның шоқысында кітаптарын шығарған. Өлеңмен жазылған Замандас туралы аңыз атты шығармасын 1961 жылы жариялады. Сәбит Мұқанов қазақтың ХІХ ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинаған. Соның нәтижесінде оның қаламынан Шоқан Уәлиханов пьесасы мен Жарқын жұлдыздар атгы зерттеу еңбегі туды. Сәбит Мұқанов өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен Аққан жұлдыз романын жазып, оның екі кітабын шығарған. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бүл роман аяқталмай қалған. Сәбит Мұқанов драматургия саласында да көп еңбектенді. Кезінде театр сахнасынан тұрақты орын алған Шоқан Уәлиханов, Қашқар қызы, Сәкен Сейфуллин пьесалары - көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған шығармалар.
Сын, әдебиеттану саласына жазушы көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен бірге, поэзия теориясының қағиадалары мен ережелеріне, өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композициялары, сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып, олардың халық шығармындағы орнын анықтады. Эпикалық жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау, зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты.
XVIII-XIX және XX ғасырлардағы әдебиет тарихы және ақын-жыраулар шығармалары туралы зерттеу еңбектер жазды. Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиеті туралы зерттеу нысандарын, негізінен, XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиеті, Шоқан Уәлиханов пен Абай Құнанбайұлы, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті деп бөлуге болады. Оның XX ғасырдағы қазақ әдебиеті (1932) атты кітабы сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің шындығы мен дамуы жайында жарияланған бірден-бір дұрыс еңбек болды. Еңбекте Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғұмар Қараш, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқа ақын-жазушылар шығармаларына кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен, көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Оның Өсу жолдарымыз (1960), Жарқын жүлдыздар (1964), Халық мұрасы (1974, Қазақ қауымы, 1995) атты монография, зерттеулері қазақ халқының мәдениеті, тілі, өнері, материалдық тұрмысы, тағы басқа туралы жазылған сүбелі еңбек болып саналды.
Сәбит Мұқанов сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көркеюі, өсіп-өнуі жолында көптеген қазақ қаламгерлерінің әдебиет жолындағы бастапқы шығармаларына, қадамдарына қолдау көрсетіп, қарапайым халықпен тығыз байланыс орнатты. Сәбит Мұқанов есімі қазақ әдебиетінің алыптар шоғыры қатарында аталады. Оның шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған. 1956-1966 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. 2-8 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып сайланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының 1-лауреаты атанған.
2 рет Ленин орденімен, 2 рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Құрмет белгісі орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Жазушының қаламынан туған Сұлушаш поэмасы, Адасқандар, Бөтагөз, Сырдария, Теміртас сынды романдары, Өмір мектебі триллогиясы, Балуан шолақ повесі, Аққан жұлдыз тетралогиясының екі кітабы қазақ әдебиетін байытып, оқырмандарының сүйікті кітабына айналып қана қоймай, әлемдегі түрлі ұлт пен ұлыс тілдеріне, нақтылап айтқанда әлемнің 46 тіліне аударылуы Сәбит Мұқановтың даңқын асқақтатып қана қойған жоқ, қазақ әдебиетін әлемге танытты. Орыс әдебиетнің классиктері Алексей Толстой, Леонид Леонов, Александр Фадеевтардың, және алыс жақын шетел әдебиетінің алыптары Түгелбай Сыдықбеков, Ионас Шимкус, Сулеймен Рагимов, Расул Ғамзатов, Сәйфи Құдаш, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов т.б. жазушылардың ыстық ықласпен С. Мұқанов шығармаларын насихаттауы соған дәлел.
Ұлы жазушы қазақ әдебиетінің туу, қалыптасу, даму дәуіріне белсене араласып, қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге ат салысқан. Сондай-ақ, қазақ әдебиетіндегі көркем сынның қалыптасып, оның дамуына зор үлес қосқан.
Абай, Шоқан жөніндегі және қазақ әдебиетінің XVIII-XIX-ХХ ғасырлардағы тарихын, қазақ халқының этнографиясына байланысты зерттеулері С.Мұқановтың ұлы ғалым екенін көрсетеді.
Академик С.Қирабаев ұлы жазушы жөніндегі ойын былай өрбітеді:
Әдебиет классигі болу екінің бірінің тағдырына жазылмаған. Өз тұсындағы әдеби қозғалысқа белсенді ықпал еткен, оның дамуына өз шығармаларымен үлкен үлес қосқан, әдебиетті байытқан, оның көркемдік жүйесіне жаңалықтар әкелген, сол арқылы туған халықының ілтипатына бөленген ұлы таланттар ғана мұндай атаққа ие болған. ХХ ғасырдағы ұлттық әдебиеттің жаңа бағытын бастап, оны барлық жағынан жетілдірген ұлы қаламгерлер тобы- Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар есімдері қазақ халқының жүрегінен жылы орын алуы да осы саладағы еңбегіне байланысты. Сәбит Мұқанов осы топтың өкілі. Бұларды кезінде Ғабит Мүсірепов Алыптар тобы деп атаған [1,3].
Ал Т. Кәкішұлы мен К. Ахметтің Сәбит Мұқанов: әдеби-ғылыми ғұмырнама атты еңбекте профессорлар С. Мұқановтың ғұмырына зер сала келе: Ұлы дарынның өнегелі де жемісті өнерпаздық жолына қысқаша шолу жасағанда, Сәбит Мұқанов қазақ кеңес әдебиетінің негізін қаласқан, оның өркендеуі үшін орасан еңбек сіңірген аса көрнекті сөз шебері, ел еңбекшілерінің өмірінен, ой-арманынан нәр тауып, шабыттана жырлаған азамат ақын, дәуір шындығын эпикалық биік деңгейге көтере суреттеген халық жазушысы, сахна өнерінің өркендеуіне үлес қосқан драматург. Қазақтың әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымын өрге сүйреген жауынгер сыншы, парасатты ғұлама. Қазақ әдебиетінің мақтанышы Сәбит Мұқанов өзінің өнегілі де өміршең шығармаларымен қазақтың талай ұрпағына рухани азық беріп, қазақ барда жасай беретін ұлы классик, - деп пікір білдіреді [2, 348].
Сәбит Мұқанов тағылымын насихаттаушылар қазақ әдебиетінде көптеп кездеседі. Олар С. Мұқановты әр қырынан зерттеп, баянды шығармашылық ғұмырының ашылмаған мол қазына екендігіне көз жеткізуде.
ХХ ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысынан былай қарай қазақ сыншылары мен ғалымдарының еңбектерін кітап етіп шығару, түрлі жинақтары басу үрдісін күшейте түсті. Сол тұста әдебиетімізің бар жанрына ат салысып келе жатқан С. Мұқанов жазған сын мақалаларын, жазған баяндамаларын, әр кездегі естеліктерін жариялауға ниеттенді. Ол ойын сол кезде қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы
Ғ. Мұхаметжанов қолдап қана қоймай, өзі құрастырып, 1960 жылы Өсу жолдарымыз атты қазақ кеңес әдебиетінің шежіресіндей 698 беттік қалың кітапты шығарып, ел-жұртты тағы бір рет қайран қалдырды. Басқа қаламдастарына үлгі болды.
Осы жинақта бастары қосылып, бүкіл әдеби процесті айқын аңғартатын мақалалар мен баяндамаларды, айтыс материалдыра мен зерттеу еңбектерін қалың жұртшылық іздеп жүріп оқыды - дейді Сәбиттанушы, ұстаз, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахмет өзінің Сәбит Мұқанов -әдебиеттанушы атты ғылыми мақаласында [3,180].
Адамзат тарихына өз ұлтының мәдениеті мен тарихын жасауға үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің қай-қайсысы болмасын өзі шыққан ұлттың жүріп өткен жолдарын, түрліше тарихи кешулерін, дәстүрлі мәдениетін өзінше зерделеп ауызша немес жазбаша тұрғыдан кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырып кетуді парыз тұтады. Осы орайда С.Мұқановтың қазақ руханияты тарихындағы орны ерекше, еңбегі өлшеусіз. Жас шығанан халық ауыз әдебиетінің рухына тәрбиеленгендіктен оның Өмір мектебі, Мөлдір махаббат, Бөтагөз Аққан жұлдыз сияқты басты шығармаларының ұзын ырғасында халықтық көзқарастар, халықтық ұғым түсініктер халықтық эстетиканың бар бітім-болмысы алтын арқаудай тартылып жатады.
Халық мұрасын бойына сіңірген аталған романдары сол кезеңде, қазірде болсын өзінің оң бағасын алып келеді. Әрине, бұл романдарға айтылған сыни көзқарастар да аз болған жоқ. Алайда, жазушының қазіргі қазақ романдары поэтикасына көркемдік негіз болған, суреткерлік, қаламгерлік тұғыры туралы айтқанда, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің пікірін басты назарға аламыз:
Қазақ романдарының тарихында талантты, өнімді жазушы Сәбиттің орны - бірінші орын. Жазба әдебиеттің ең қиын, ең мәдениетті түрі бізде болмай тұрған кезде сол үлгіні ең алғаш бастағандықтан бірінші орынға ие болады деп баға берген [4, 147-148].
С. Мұқановтың зерттеуші екендігі бәрімізге белгілі. Оның ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті атты еңбегі сол кезеңде, әсіресе 90-жылдар тұсында біраз қисынсыз ой-пікірлерге ұшырады. Жалпы бұл кітап туралы сөз еткенде, екі нәрсені естен шығармауға тиіспіз. Біріншісі - жоғарыда айтқан уақыт уыты. Екіншісі - зерттеушінің ұлттық әдебиетке деген адалдығы. Алғашқысы кітаптың әр бетінен белгі беріп тұрса, соңғысы әр екі жолдың, әр түйген түйіннің арасынан сығалап тұрады.
С. Мұқанов осы еңбегі арқылы өз кезегінде қазақ әдебиеттану ғылымына елеулі үлес қосты. Уақыт қытымырлығына қарастан, онда жаңашыл ойлар, тың пікірлер өте мол болды. Ол - әрі оқулық, әрі зерттеу еңбек болуына орай өз дәуіріндегі ғылыми ізденіске әсер еткен, әдебиет тарихын терең игеруге жөн сілтеген құнды кітап [5, 152-161].
С. Мұқановтың қаламынан туған сыни мақалалар қазақ кеңес әдебиетінің алғашқы қалыптасу, даму кезеңдерінде айтарлықтай роль атқарды. 1923 жылы Еңбекші қазақ газетінде (1март, №69), Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер, Қызыл Қазақстанда С. Сейфуллиннің Асау тұлпар кітабы жайлы Сынға сын атты мақалалары жарық көрді.
Ғалымдар академик С. Мұқановтың шығармашылығын әр қырынан зерттеп жүр. Профессор, сәбиттанушы Т. Кәкішұлы С. Мұқановты басынан бақайшығына дейін зерттесе, академик С. Қирабаев С. Мұқановты қазақ әдебиетінің алыптарының алыбы екендігін дәлелдейді. Профессор
Т. Тебегенов, С. Мақпыров, Ө. Әбдиманұлы, Д. Ысқақұлы қатарлы ғалымдар
С. Мұқановтың шығармашылығы туралы құнды пікірлер айтып, ғылыми еңбектер жазды. Ал С. Мұқановтың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесін танытатын Сәбит Мұқанов - ғұлама ғалым атты көлемді еңбектің авторы филология ғылымдарының докторы К. Ахмет.
Жазушы сан қырынан зерттелсе де, оның эпистолярлық бай мұрасы әлі күнге дейін зерттеушілер тарапын кең көлемде зерттелген емес. Жазушының хаттарын талдауға ойыспас бұрын, ең әуелі эпистолярлық жанр ұғымы жайлы түсінік беріп өтейік.

0.2 Эпистолярлық жанр ұғымы және С. Мұқанов хаттары

Қазақ әдеби тілінің функционалды стильдік тармағының біріне эпистолярлық стиль жатады. Эпистолярлық жанр - әдеби тілдегі универсалды жанр. Эпистолярлық жанрдың ең негізгі ерекшелігіне хат-жауап түріндегі қосарлы сипат жатады. Өйткені жазылған хаттың жауабы болады. Хат тіліне қарап отырып, хат жазушы адресанттың мәдени, рухани дүниесінің дәрежесін, дүниеге әлемге деген көзқарасын, шығармашылық тұрғыдан жетілуі мен оның кезеңдерін анықтауға, бір сөзбен айтқанда, шығармасы мен биографиясын кезең-кезеңге бөліп қарауға мүмкіндік туады [6, 28].
Қазіргі қазақ әдеби тіліндегі стильдік тармақтар туралы пікірлерге назар аударар болсақ, әр түрлі көзқарастар, пікірлер беріледі. Ғалымдар Қазақ тілінің стилистикасы еңбегінде : Стильдер - тілдің бәріне тән құбылыс. Стильдерді топтастыру проблемасы да - тіл білімінде тиянақты шешілмеген даулы мәселелердің бірі. Стильдерді топтастырудың дәстүрлі, қалыптасқан, бұрыннан белгілі принципі жоқ [7, 15], -дейді. Аталған еңбекте орыс тілінде де әртүрлі көзқарастар бар екендігі айтылады. Қазақ тіл білімінде де әртүрлі топтастырулар бар. Қазақ тілінің эпистолярлық стилі ресми стилмен бірге алынып жүргені белгілі. Эпистолярлық стильге ғалым
Р. Сыздық: Бұл стиль - жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарының тілін танытатын сөз мәнері [8] - деп анықтама береді.
Орыс тіл білімінде стильді әртүрлі тармақтарға бөлу, функционалды стильдерді топтаған кезде әр түрлі принципке сүйену кездеседі. Мысалы: А. И. Ефимовтің классификациясы бойынша стиль көркем беллетристикалық стиль, қоғамдық-публицистикалық стиль, ғылыми стиль, профессионалды-техникалық стиль, ресми іс-қағаздар стилі, эпистолярлық стиль деп тарамдалады [9].
Қазақ тілінің эпистолярлық стилі және эпистолярлық жазбалар болып табылатын құжаттар тілімен ауызекі тіл, жазба тіл арасында айырмашылық бар. Эпистолярлық жазбаларға жататын қазақтың хан, сұлтан, болыс, билерінің орыс империясының әкімшілік орындарына жазған хаттары мен белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушы, оқыған азаматтарының хаттарының тілінде фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктері көп. Ол ерекшеліктер жайында ғалым Б. Кенжебаев: ...тілі шұбар келеді. Араб, парсы, шағатай, татар, башқұрт, өзбек сөздері араласып жатады, жалпы түрки деп аталатын тіл болып келеді. Аты қазақша дегені болмаса, көбіне, тілі де, емлесі де қазаққа түсініксіз болады. Оларды қалың бұқара былай тұрсын, қазақтың мұсылманша оқыған, хат білетін қожа, молдалары да жөнді түсінбейді [10], - дейді.
Шындығында да, ХVII-ХІХ ғасырлардағы хат мәтінінде көбіне араб-парсы, татар тілі элементтерінің қолданысы басым.
Р. Сыздық стильдік ерекшеліктерінің бір белгісі құрметті, жоғары мәртебелі, мейірімді, т.б. сол сияқты құрмет көрсете сый білдіре арнаған сөздердің татар, түркі жазба әдеби дәстүрінде қалыптасқан жазу мәнеріне сәйкес екендігін айтады.
Ғалымдар хат тіліне байланысты осындай құнды пікірлер айтады. Әрі эпистолярлық стильге XVIII-XIX ғасырларағы қазақ зиялылары мен сұлтан, болыстарының әдеби немесе саяси хаттарын негізгі бағыт етіп , тілік тұрғыдан қарастырады.
Алайда хат алысу әдеби стильдік тармақтың бір бөліміне жатқандықтан, тек сол замандағы хат тілін эпистолярлық жазба мұра ретіне қарастырып қана қоймай, ХХ ғасырдағы ақын-жазушыларымыздың айтылаған ойлары мен әдеби пікірлерін хат арқылы бірі-біріне жеткізгенін ескерсек, бұл кезеңдерден де бізге көптеген жазба мұралар қалған.
Эпистолярлық жанр туралы әдебиет зерттеушісі, ғалым Құлбек Ергөбек өзінің докторлық диссертациясында былай деп анықтама береді:
Эпистолярлық жанр. Әңгіме кәдімгі хат туралы. Мәдениетті елдерде хат - әдебиеттану, тарих ғылымында арнайы қарастырылады. Хат табиғаты, тағдыры, жанры жөнінде кәделі пікір айтады. Айталық, Ю. Тынянов хатты-Эпистолярлық жанр [11] деп атайды. Сөйтеді де хатты тұрмысқа өз міндетімен келіп, біртіндеп әдеби фактыға, одан әдеби процеске өтетін құбылыс деп біледі. Ал, академик М.П. Алексеев болса, хатты-мемуарлық жанр үлгісі ретінде қарастырады [12]. Эпистолярлық жанр жөнінде әр кезде Г.П. Макагоненко, Р.М. Лазарчук сынды ғалымдар пікір айтты, жанр дәстүрін, табиғатын зерттеді. Еуропа халықтары хатқа ерекше ұқыптылықпен қараған. Қазақ сахарасында саяси айыппен айдалып келген А. Янушкеевичтің хаттары мен күнделіктерінің 1861 жылы Парижде кітап болып басылу фактысы, Честерфилдтің некесіз әйелден туған баласына жазған хаттарының өзі өлгеннен соң кітап болып басылып, XVIII ғасырдағы ағылшын әдебиеті тарихының ұлы бет-болмысына айналуы қызықты құбылыстар. Ғалам әдебиетіне өзіндік бағыт әкелген философ жазушы Вальтер книга это весьма палучительна, и пожалуй, это самое лучшее из всего когда-либо написсанного о воспитании [13] - деп бағалапты Честерфилдтің хаттарын. Мұның баршасы эпистолярлық жанр үлгілерін деген үлкен құрмет. Пушкинтануда да жаңа сөз айтуға себеп болып отырған - ақынның хаттары[14]. Хаттың әлем халықтары тарих-тағдырында алатын осындай арнайы орны бар. Бұл орайда хат-өмір мен өнер арасын жалғап жатқан әрі әдеби жанр, әрі тұрмыстық қатынас құралы.
Хат - қазақ әдебиетінде арнайы зерттеле қойған жоқ. Қазақ ғалымдар жол-жөнекей пікір айтумен, дүниеден көшкен ақын, жазушы хат-мұраларын баспасөзде жариялаумен шектеліп жүр.
Өткен уақыттан өшпес белгі болып бүгінге жеткен, естелік болып ертеңге жетер жәдігерліктің бірі - жазушы хаттары. Эпистолярлық жанр зерттеушісінің бірі, академик М.П. Алексеев жазушы хаттары - автордың творчестволық тұлғасы мен шығармашылық лабораториясын ашуда маңызды документ құжат болатынын айтқан [15].
Қазақ әдебиетінде эпистолярлық жанрға мейідінше ұқыпты қатынас танытқан жанның бірі - Сәбит Мұқанов. С.Мұқанов эпистолярлық мұрасы бай. Ол өзі алған хатты қадірлеп, қаттап, сақтауы өз алдына, өзі жазған хаттың бір данасын көшіріп алып қалып отырған. Бұл әрине, үлкен мәдениет белгісі.
Академик С.Мұқанов өзі қатарлас ақын-жазушы, қоғам қайраткерлерінің арасында халықтан көп хат алған және сол хаттарға тиесілі жауап қайтарған халық жазушысы.
Мұны жазушының көзі тірісінде қазақ радиосына берген сұхбатында өзі кеңінен әңгіме етеді.
... ал, енді, біз әр уақытта үлгіні орыстан аламыз, орыс мәдениетінен аламыз. Мен ғана емес біздің бұрынғы бабалармызыз - Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, одан бергі интелегенция, Спандияр Көбеев, бер жағында Сәкен Сейфуллин осылардың бәрі орыс мәдениетіне сүйеніп барып өскендер. Менде солай өстім ғой деп ойлаймын. Мынау, орысша оқи бастағаннан кейін, мен орысшаға 1922 Орынбордың Рабфагына келіп сабаққа түстім да, сосын барып орысша оқи бастадым. Алғашқы кезде нашарлау келдім, сосын жүре-жүре жетіліп кеттім. Сонда орыстан алған тәуір үлгімнің біреуі - хатқа сақ қарау. Біреуге өзің жазасың, өзіңе біреу жазады. Осылардың бәрін жинай беру. Бұл жағынан қарағанда, бұл мақтанғаным емес, қазақ жазушыларының ішінде менен көп жинақшысы болған жоқ. Кешегі Мұхтар марқұм Әуезов қатты өкінетін еді: мен бұрынғы хаттарымды жинаған жоқпын,- деп. Сол, кей уақытта маған қызғаныш көзбен қарау, жақсы мағынада. Маған айтатын еді: сен қалай жинақсың деп. Өйткені менің сол хат танығаннан бастап, содан бергі хатым біреуден өзім алам, біреуге өзім жазам, соның бәрі жиналып келе жатыр. Мақал деген халықтың тәуір ойы ғой. Қазақта мынадай мақал бар:
Есік алды төбе болса,
ерттеулі ат төбелдей.
Ауылыңда қарт болса,
жазып қойған хатпен бірдей - деген. Ал енді, осы сөздің мағынасы үлкен өзінің. Өйткені, ең алдымен хатты бірінші орынға қояды. Абайдың бір өлеңінде бар:
Шөлдеген жан су көрсе,
Бас қоймай ма бастауға- деген.
Орыстың мәдениеті биік, жоғары мәдениет болды да бізге үлгілі. Сондықтан соның тілін біле бастағасын, оқи бастағасын-ақ соның манағы тәуір нәрселеріне құмартып, соны оқи бастадық. Сонда байқасам, мысалы, Пушкин, Гоголь, Толстой тағы толып жатқан классиктер бар, солардың шығармалар жинағы деген болады. Біреуінікі 5 том, Біреуінікі 10 том, Біреуінікі 30 том, Біреуінікі 40 дегендей. Солар том-том болып шығып жатады да, солардың аяғына әлгі, хаттар және переписка дегенді қат-қабат хат жазысу дейміз. Солар бірнеше том болып кіреді. Ал, мына орыстың Тургенов деген жазушысын бәрімізде білеміз, жақсы көреміз, Ленин жақсы көрген кісі ол. Сол Тургеновтың ревалюциядан бұрынғы шыққан жинағында жалғыз хаттар мен перепикасының өзі 15 том болып шыққан екен. Мен соны қызығып тұрып оқитын едім. Көркем шығармаларымен қатар сол хаттарға қызығып оқитын едім. Өйткені, көркем шығармаға не сөз болса соны жаза бермейсің. Ал хатқа, өзіңінің жақын досыңа, сенетін адамыңа жазған уақытта ешкімге айтпайтын сөздерді жазып айтып жатасың. Соларың бәрі хаттан табылады. Сосын мен ойладым, әлгі генерал болуға үміттенбеген солдат оңбайды деген орыстың мақалы бар. Бізде жазушы болармыз түбінде, сонда осы бізде де жинай берсек қайтеді деген ойменен тірнектеп, осы түк тастамай жинай беретін едім. Бір күні біздің осындағы мемлекеттік архивтен, архивтің бір қызметкері келді. Жігіт, Жетібаев аты. Сол келіп, келгесін енді, біздің үйге әркімдер келіп жатады. Келген соң енді қош келдің деп, ал енді жол болсын деп жөнін сұрасам айтады: сіздің қолжазбаларыңызды сақтауға, хранениеге алайық деп едік, соған жіберіп еді мені басшыларымыз - дейді. Сосын мен ойландым да айттым, ол қолжазбалардың көбі тәртіпке келген жоқ әлі. Ал оның бәрін сен қазір сыйғыза да алмайсың. Менде қолжазба көп, сен әуелі осы хаттарды алшы. Хат деген менде әр жылдың хаты, әр айдың хаты солардың барлығы бүктеліп, бүктеліп жатыр, өзімнің мына шкапыма сыймай жатыр. Сен алдымен осыны алып кетте, тәртіпке келтір. Ал қолжазбаны сосын сөйлесейік - дедім. Жарайды - деп Жетібаев алып кетті. Алып кеткенде, әлгі олардың бір қағаз жәшігі болады екен үлкен, әрқайсысына бір центнер бидай сиятын. Соларымен бес-алты қап қылып алып кетті. Юбилей өтті, араға екі-үш жыл түсіп кетті. Бір күні біреу телефон звонит етеді, алло десем: мен архивтің қызметкері едім - дейді әйел дауысы бұрын Жетібаев сізде болған екен, мен Лена Сегізбаева дегенмін - дейді, футолистің қарындасы екен. Сол, маған қалып еді, ана кісі басқа қызметке ауысып. Мен институт бітіріп келген қыз едім. Соның бәрін жүйеге, тәртіпке келтіріп болып едік, енді соны келіп көріп кетсеңіз қайтеді - дейді, Жарайды - деп бардым. Барып әлгі үйіп-үйіп қойған, жәшік-жәшік қылып, көргесін өзім шошып кеттім. Шошып кеткенім әлгілерді жылдарға, айларға, тақырыптарға бөліп әрқайсысын реттеп болғанда, барлығы 141 том болыпты. Ал соның артынан мынау Ташкентте Қавқаз елдерінің және Орта Азияның архивтік қызметкерлерінің конференциясы болды. Сонда біздің архивтің директоры Мұхтар Жанғалин барып сөз сөйледі. Сонда жазып алған сөзінің бір данасын маған беріп кетті. Мұхтар Жанғалин айтыпты: мұншама көп хат алу мәдениеттің тарихында жоқ. 141 том хат келу деген, бұл болмаған уақиға -депті[16].
Шындығында қазақ жазушыларының ішінде С.Мұқановтай көп хат алған адам болған жоқ. Бұл жазушының қайталанбас мұрасы. Әрі елден ерек бір қыры. Ол бәріміз білетін ұлтжандылығы мен халықшылдығы.
Мен жазушы айтқан мол мұраға бас қойғанымда осының бәріне куәгер болдым. Сыр шертетін, әдебиет, әлеумет мұңы айтылатын хаттар жазушы қоржынында том-том болып үйіліп жатыр.
Жазушы хаттары бейне теңіз сияқты, онда адуынды толқындар да, әлсіздері де, киті де, шөрегей балықтары да бар. Ал теңіз тұнып тұрған қазына.
... мен хатты толып жатқан жерден алатын кісімін. Мәселен, кешегі, менің тұсымда жасаған орыстың атақты жазушылары А. Толстой, С. Иванов, А. Фадеев, Лобренеев тағы сол сияқты біздің советтік әдебиеттің үлкен-үлкен кісілерінің менде бірталай хаттары бар. Ол мына архивте сақтаулы. Олардың аты Уникальное письмо дейді екен. Ал сонымен қатар кәдімгі қатардағы адамдар бар сауыншы, қойшы, трокторист сол сияқты адамдардан да маған көп хат келеді. [16],- деп ағынан жарылады.
Шындығында да жазушының өзі айтқандай әр шеттен хаттар легі үйіліп келгенін көреміз. Онда мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, қарапайым халық, мектеп оқушылары бір сөзбен айтқанда еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін хат жазған. Сол хаттарға мейлі қай жақтан, қандай адамнан болмасын жауап хат жазып отыру, жауабын кешіктірсе себебін түсіндіру сол кезде атағы таудай болып тұрған академиктің ұлылығы болса керек.
Мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Мұрағатында жатқан
С. Мұқановтың жеке қорын ақтарыстыра бастағанымда, өзі айтқан том-том хаттарды өз көзіммен көріп, қолыммен ұстадым. Санап қарасам, жеке қорда 2 тізбе, біріншісінде 396 іс, екіншісінде 45 іс, әрқайсысы 2 беттен 300 бет аралығындағы хаттар сақталған екен. Басым көпшілігі қазақ тілінде, аз сандысы орыс тілінде және татар, ұйғыр, қырғыз тілдерінде жазылған. Қазақ тіліндегі жазылған хаттар қадымша, жәдитше, латын әліпбиінде, орыс әліпбиінде тең дәрежеде ұшырайды. Хат қоржыны негізінен 1928-1971 жылдар аралығын қамтиды. Хаттардың мазмұны да әр түрлі. Егер мазмұнына қарай бөлетін болсақ: Жазушының жеке басына келген хаттар, жалпы шығармашылығына келген хаттар болып бөлуге болады. Мұның ішінде әрине басым көпшілігі жазушы шығармаларына келген хаттар.
Жазушымен хат алысқан адамдардың атақ-дәрежесі әр түрлі. Жазушы қоржынындағы мәдениет, әдебиет қайреткерлерінің хаттарының өзі бір төбе, атап айтар болсақ, Ш. Құдайбердиев, І. Жансүгіров, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ә. Нұрпейісов, Қ. Жұмалиев, Д. Қонаев, Б. Момышұлы,
Т. Нұртазин, халық ақыны И. Әлібаев, Ж. Бектұров, т.б. Сонымен бірге,
С. Мұқанов Совет Одағы көлеміндегі жазушылардың көпшілігімен достық, бауырластық қарым-қатынаста болған. Оған дәлел ретінде орыс жазушылары А.А. Фадеев, М.А. Шолохов, Б.П. Поспелов, В.Т. Лацис, Т.И. Кочетов, С.Л. Кирьянов, азербайжан жазушысы Мирза Ибрагимов, татар жазушысы С. Құдаш, өзбек совет ақыны публицист Ғафур Ғұлам сынды жазушылармен жазысқан.
Орайда тағы бір айта кететін қызықты, таптырмас мәлімет бар. Ол өз хаты туралы радиодағы сұхбатынан басқа татар халқының ақыны Сәйфи Құдашқа өзінің хаттары туралы ой айтуы. Сәбит Мұқанов былай дейді:
Менің Хаттар және хаттасулар деген атпен қалың кітап жасау ниетім бар. Сізбен жазысқан хаттардың біразын соған кіргізбекпін. Бірақ бұл іс Октябрь мерекесінің 50 жылдығынан кейін орындалады ғой деймін (егер аманшылық- саулық болса), оған дейін уақытта тығыз, міндеттер де көп... [17].
Әдебиет классигінің орындалмаған арманының бірі осы хаттарын жарықа шығару болса керек. Көпшілік біле бермейтін осы бір бай мұраны Сәбиттанушылармен қатар әдебиет зерттеушілері тек өз ғылыми жұмысына жаратудан басқаға аса алмай келеді. Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетіндегі тұңғыш эпистолярлық мәдениетті қалыптастырушы екенін ескерсек, бұл тұстағы Сәбит еңбегі мен ұқыптылығы әдеби мұраның бір жанрының сақтаушысы екенінің дәлелі.
Жалпы эпистолярлық жанр немесе хаттар жазушыны қай қырынан көрсетеді, салмағы қандай деген мәселеге келейік. Бұл хаттар ең алдымен
С. Мұқановтың азаматтық өсу жолының шежіресі, өмірбаянын толықтыра түсерлік дерек, мәлімет береді. Сонымен қатар бұл хаттар қазақ халқымен бірге түлеп, бірге күйреп жүрген қайраткерлік істерінің куәсі.
С. Мұқановтай мұғал дарын иесінің қаламгерлік құпиясының кілті де осы хаттар. Хаттар - жазушыға жолданған сан-алуан халық өкілдерінің жан сыры, мұң-мұқтажы, оқырман райындағы ой-мұраты, көркем шығарманы қабылдауы, талабы, сүйініс, реніші. Осындай сан-сала шежірелік қызметімен де ол хаттар қарапйым өмір фактысынан өнер фактысына айналады, бай қазына ғылымға қызмет етеді.
Біз негізгі бөліміміздің екінші және үшінші тарауында осы хаттарды тереңіне үңіле талдап, мазмұнына қарай бөлімдерге бөліп қарастыратын боламыз.

2 ЖАЗУШЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНА КЕЛГЕН ХАТТАР
2.1 Шығарманың көркемдігіне байланысты келген хаттар

Жазушының хат қоржыны асыл қазынаға толы ежелгі мен бүгінгіні жалғап тұрған қасиетті мекен тәрізді. Онда сонау өткен ғасырдың 20 жылдарынан бастап 70 жылдарына дейінгі тарих сақталған. Ал осы уақыт аралығына зер салатын болсақ, бұл аралық қазақ халқы үшін аса бір қиын, естен кетпейтін езгінің табы түскен, аш қалып тоз-тоз болған, майдан деп мал мен жанынан айырылған зор зобалаң жылдардың мезгілі еді. Міне осындай қиын-қыстау заманда да қазақ өзінің сүйікті жазушысына хат жазуын тоқтатпаған.
Жазушының хат қоржынында шығармашылығына хаттар көп келген. Ал шығармаларының ішінде алғашында Жұмбақ жалау, кейіннен Ботагөз аталған көркем туындыға халық із суытпай хат жазып отырған. Шығарманы оқыған қазақтар ғана емес, өзге ұлт, өзге ел азаматтары да сүйсініп аса құрметпен хат жазып, шығарма туралы сұрағын, өтінішін, түсінбеген тұстарын, сыни пікірлерін де білдіріп хат жазған.
Осы аталған Ботагөз романының көркемдік нюаныстарына байланысты келген, шығарма құрылымын сөз ететін төменде ұсынылатын хаттар арқылы сол дәуірдегі оқырман көзінің қырағылына назар аударсақ.
Мейлі қай уақытта жазылған шығарма болсын сол дәуір бейнесін айшықтаумен қатар, оқырманға ой тудыру, оқырман қиялын шарықтатуды мақсат етсе керек. Ботагөз бұл тұрғыдан келгенде халыққа ерекше ықпал еткен. Мына бір хаттың үзіндісінде:

Қымбатты ағай!
Оқыдым кітабыңызды төрт күн баптап,
Жаныма алып жүрдім сонша сақтап,
Көп рахмет бұл кітаптың иесіне,
Дәл кепті сөзіңіздің жүйесі де.

Жазасыз ақырында біздерге хат,
Оқып болып шыққан соң жазсын деп хат,
Бітірдім оқып болып осы күні,
Қағаз бен қалам алдым жазуға хат.

Оқыдым романды мейірім қанып,
Ақтарға азу бастым қажырланып,
Болсам мен армияның камандірі,
Жүрер ем ең алдында қайраттанып.

Боламын мен камандір болам әлі,
Өсеміз жаңа өмірдің ұрпақтары,
Жауларға бүршік жерді бастырмаспыз,
Бағармыз қарауылдап кең отанды.

Бақытты отан үшін тудық біздер,
Шаттанып кең өмірде жүрсіз сіздер,
Көп жазып романды таратыңдар,
Оқып жүріп алайық біздер әсер.

Хатыңа жауап бердім аға сізге,
Барынша өлеңменен қаздық бізде,
Қатасы болса егер кешірерсіз,
Екінші жол азсам ед өмірімде. [18]

Шығармадан алған әсерін өлеңмен бейнелеп хат жазушы Айнабаев Мирхайдар Шабданұлы. Хат 521941 жылы латын һәрпінде жазылған. Оқырман жазушыға өз алғысын білдіре отырып, өзінің өміріне ерекше әсер еткен шығарманың болғанына ерекше қуанышын жасырмайды. Көп жазып романды таратыңдар, Оқып жүріп алайық біздер әсер деп көркем туындының адамдар үшін аса қажет екенін айтады.
Сөзіміз дәлелді бола түсуі үшін мына бір риясыз көңілден келесі хатқа назар салсақ:
Сәлеметсіз бе қадірлі әкей!
Халыңыз жақсы ма? Әрине, сіз мені танымайсыз. Сізді әкей дейтін себебім, бүкіл қазақ қыздарының үлгі тұтатын, менде сондай болсам деп армандайтын ұлы шығарма Ботагөздің авторы сіз болсаңыз.
Сізді біз ең құрметті атақ әкей деуге правомыз бар! Мен сіздің Ботагөз деген шығармаңызды өте ұнатам. Ол менің арманымның негізі... (Нұрила Бектемірова) [19].
Енді ғана оқу бітірген қазақтың өрімдей жас қызы жазушы шығармасынынан өзіне тұлға тапқан. Демек көркем шығарманың тәрбие құралы ретінде, нақтырақ айтқанда халықты тәрбиелеуші құрал ретіндегі рөлініңжүзеге асқандығы. Мұндай мазмұндағы хаттар Сәбең қоржыныда толып жатыр. Хат жазу шеберлігі әр адамда әр түрлі. Біреулер осылайша ой түйіндесе, ал кейбір оқырмандар шығарманың тілі мен сюжетіне де өз ойларын білдірген.
Құрметті аға, сізге бірінші рет жас жүректен қайнап шыққан жалынды сәлемімді жолдаймын. Құрметті аға, сіздің ұсынып отырған Ботагөз романыңызды оқып шығып, қаншалықты қанағаттадыруы туралы қуанышты түрде сізге жеке өз пікірімді хабарлаймын.
Сіздің тек Ботагөз романы ғана емес басқа шығармаларыңыз да өте жабайы жалпақ қазақ тілімен жазылғандықтан өте сүйсіне оқитын едім. Солардың ішінде өте-мөте ұнағаны Ботагөз романы. Сіздің Ботагөз романыңыздың идея және көрекемдік жағын жеке өз басым айтып жеткізе амаған болар едім. Романның тартымдылығы сызылтып салған сыбызғының дауысы, жер мен көкті тегіс солқылдатқан духовой оркестрдің күйі Ботагөз романындай назарын салдыра өзіне тарта алмас деп ойлаймын.( Зкеш Абдүров, Г.Уральск, Чапаевский район. 21.2.1950) .[20]
Осы қысқа хат мазмұнынан оқырманның жазушы шығармасына айтар алғысы, шығармадан алған әсерін сүйікті жазушысына жеткізгісі келген риясыз көңілі. Ботагөз көркем туындысын аса сүйіп оқитынын айтуының өзі шығарманың көркемдік желісінің өте шебер құрылғандығының айғағы. Жазушыға хат жазып отырған оқушы шығарманың тартымдылығы мен жазушы тілінің байлығына тәнті болып алғысын білдіреді.
Бұндай мазмұнды жазушы көңілін марқайтар оқырман алғысына толы хаттар жазушы қорындағы хаттардың басым бөлігін құрайды.
Ағай Сәке!
Аман сау, саламатсыз ба? Бізде сондай аман сау, жүріп жатырмыз. Сізді көзбе көз көріп таныс болмағанмен, сіздің шығармаларыңыз арқылы танысып, хат жазып отырмыз. Сізге хат жазуымыздың бірінші себебі: біз оқытушылар коллективі сіздің бірнеше еңбектеріңізбен шығарма, поэмаларыңызбен таныстық. Соның ішінде Ботагөз атты романыңызды бәріміз оқып шықтық. Романның өте көркем және қызықты етіп жазылғанына, әрбір оқиғаларды пейзажды түрде суреттей, оқиғаларды жақсы байланыстырып, оқушыларға түсінікті жеңіл тілмен жазғаныңызға оқытушылар коллективі атынан үлкен алғыс айтамыз. Сонымен қатар, біздің сізден мынадай жеріне түсінік беруіңізді өтінеміз. Асқар - романдағы ірі қаһарман геройдың бірі. Сондықтан оны сондай қорқақ етіп суреттеген жері бар. Мысалы: Ботагөз босанайын деп жатқанда, көшеде мылтық дауысы күшейіп, Асқардың үйіне кіріп келген бірнеше (полиция) Алексей Кулаковтар кіріп келгенде, қолында наганы бар Асқар оларға қарсы ешқандай қарсылық көрсетпей, наганының қолынан түсіп кету себебі не? Және де Ботакөз, Жанпейіс сияқты тіл заңына бағынатын сөздердің Ботагөз, Жампейіс болып жазылу себебі не? Міне осындай жеріне хат жазып түсінік беруіңізді сұраймыз.
Оқытушылар коллективі атынан хат жазушы Агайдаров А.
Біздің әдіресіміз: Қостанай об. Қостанай ауд. Октябрь жеті жылдық мектебі.
Бұдан да жақсы көркем поэмалар мен романдарды совет халқының
тілегіне сай көп жазуыңызға тілектес боп хат жыздық. 5121948[ 21].
Оқырманнан келген хаттар жазушының қарымын шыңдайды десек қате айтпаған боламыз. Халыққа рухани нәр беріп отырған жазушы оқырманының шығармасына қалай қарайтынын білгісі келері де айдан анық. Әдебиеттану ғылымында қалыптасқан заңдылықтар мен әдеби құрылымға құрылып жазылған көркем туындынының тілдік қолданыстарына да аса мән бергені көрініп тұр. Сонымен бірге, шығармадағы оқиғаға қатысушы кейіпкерлердің суреттелуіне онша көңілі толмайтынын білдірген. Хатқа жазушы қарындашымен Ботагөзге деп белгі салған екен. Ал С. Мұқановтың әр хатқа шамасы келгенше жауап қайтарғанын ескерсек, мүмкін оқушы сұрағына сол кезеңде жауап берілген болуы әдбен мүмкін.
Қай кезеңде болсын көркем туындының халықтың ортақ бай әдеби тілінде жазылатыны мәлім. Бұл жағынан С. Мұқанов шығармалары ешқашан жұтаңдық танытпайды. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ әдебиетіндегі эпистолиярлық стиль
Ресми құжат тілінің функциональдық формасы жазба тілі
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ ЖАНР ДӘСТҮРІ
Хаттардың жалпы ерекшеліктері мен сипаттамасы
Бала жанының бағбаны
Мәлік Ғабдуллиннің публицистикасы
Сұхбат негізінде ақпараттық жанр
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҒҰМЫРНАМА ЖАНРЫ ТУРАЛЫ
Көркем деректі жанр түрлері
Лирикалық проза
Пәндер