Балалар прозасы



КІРІСПЕ
1 БАЛАЛАР ПРОЗАСЫНЫҢ ДАМУ АРНАЛАРЫ
2 БАЛАЛАР ПРОЗАСЫНДАҒЫ ТАҚЫРЫПТАР МЕН ОБРАЗДАР
3 ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЗЕҢІНДЕГІ БАЛАЛАР ПРОЗАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ДЕҢГЕЙІ
ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы.Еліміз тәуелсіздік алғалы қазақ әдебиетінің әр саласы өзінің шынайы даму жолына түсті. Әдебиет түрлі жанрлар мен жаңалықтармен жаңартылып, әдеби үдеріс те жаңа заманның жаңашыл талаптарына қарай бет бұра бастады. Соның негізінде балалар әдебиеті, оның ішінде балалар прозасы да жаңа сипат алып, жаңа сүрлеуге түсті деп айтсақ болады. Балалар әдебиетіне бұрынғыдай партияның саясатын дәріптеу, бай мен кедейдің арасын ашып көрсету, байшылдар деп топқа бөлу секілді құбылыстардан ада күде арылдық. Еліміз егемендік алуымен сөздің де бостандық алғаны жасырын емес. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы жыл санап өркендеп, туған әдебиетімізді дамытып, көркейтуге өзіндік үлесін қосып келеді.
1. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті. – Алматы: Мектеп, 1974. – 175 б.
2. Ергөбек. Қ Арыстар мен ағыстар. – Алматы: Өркениет, 2003. – 368 б.
3. Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. (Киргизская хрестоматия). – Алматы: Білім, 2003. – 112 б.
4. С.Сарғасқаев, Қ.Қайсенов. Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы. – Алматы: Жалын, 1990. 464 б.
5. Бегалин С. Бала Шоқан. Повестер. / Көп томдық шығармалар жинағы/ Сапарғали Бегалин. – Алматы: Балалар әдебиеті, 2009. T.4 – повестер. – 268 б. + 4б. жапсырма.
6. Соқпақбаев Б. Менің атым Қожа. – Астана: Елорда, 1999. – 379 б.
7. Соқпақбаев Б. Жазып та көрдім. // Қазақ совет балалар жазушылары. – Алматы: Жалын, 1987. – 192 б.
8. Марат Қабанбаев. Туған өлке өрнегі // Қазақ совет балалар жазушылары: Қаламгерлік өмірбаян жинағы. – Алматы: Жалын, 1987. – 192 б.
9. Оспан С. Жалбыз: Ертегілер, аңыздар, өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар. – Алматы: Балалар әдебиеті, 2011. – 160 б.
10. Алтын бесік: Қазақ жазушыларының балаларға арналған әңгімелері.–Алматы: Жазушы, 2003. – 240 б.
11. Қазақ көркем сөзінің шеберлері: Анықтамалық. Құрастырушылар: Сәрсенбаева Ж., Мұқатай Б. – Қарағанды: Экожан, 2010. – 512 б.
12. Қабанбаев М. Шығармалары. 1 том. Кентавр. Пысық болдым, мінеки! Атлантиканың арғы беті, бергі беті. – Алматы: Таймас, 2013. – 319 б.
13. Қабанбаев М. Туған жердің төрт мезгілі. – Алматы: Раритет, 2004. – 192 б.
14. Қабанбаев М. Сурет салғым келмейді. – Алматы: Балауса, 1995. – 272 б.
15. Әдірайым Т. Алабұға аулаған күн: Хикаят, әңгімелер, ертегілер, мысалдар. – Алматы: Балалар әдебиеті, 2012. – 256 б.

Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 68 бет
Таңдаулыға:   
КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Еліміз тәуелсіздік алғалы қазақ әдебиетінің әр саласы өзінің шынайы даму жолына түсті. Әдебиет түрлі жанрлар мен жаңалықтармен жаңартылып, әдеби үдеріс те жаңа заманның жаңашыл талаптарына қарай бет бұра бастады. Соның негізінде балалар әдебиеті, оның ішінде балалар прозасы да жаңа сипат алып, жаңа сүрлеуге түсті деп айтсақ болады. Балалар әдебиетіне бұрынғыдай партияның саясатын дәріптеу, бай мен кедейдің арасын ашып көрсету, байшылдар деп топқа бөлу секілді құбылыстардан ада күде арылдық. Еліміз егемендік алуымен сөздің де бостандық алғаны жасырын емес. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы жыл санап өркендеп, туған әдебиетімізді дамытып, көркейтуге өзіндік үлесін қосып келеді. Алайда қазіргі қазақ балалар әдебиетінің хал - ахуалы кісі қуантарлықтай емес. Ғасырлар тоғысында тұрған қоғамда жас ұрпақ жеткіншектерге рухани уыз беретін балалар әдебиетінің алатын ролі зор. Сол себепті жас өскін балалар әдебиетінің қазіргі жай - күйін, қоғамнан, мектеп өмірінен алатын орнына үнемі барлау жасап, талдаулар жүргізіп отыру өмірдің өзінен туған өзекті тақырып деуге негіз бар. Қазақ балалар прозасын хронологиялық жағынан дәл мына уақытта пайда болды деп кесіп айта алмаймыз. Оның себебі қазақ балалар әдебиеті, прозасы өзінің бастауын сонау ерте заманнан, халық ауыз әдебиетінен, бесік жырлары, халық ертегілерінен алады. Әңгімелер, ертегілер, аңыздар балалардың құлақ құрышын қандыра тыңдайтын, әуестеніп, қызығушылықпен құмарта еститін халық туындылары болған.
Міне, тамыры осылай тереңде жатқан балалар прозасы ХІХ ғасырда педагог, ағартушы, ғалым Ы. Алтынсарин есімімен ресми жазба түрде басталған еді. Содан бері қазақ әдебиетінде балалар прозасы мен поэзиясы, драматургиясы өзінің даму жолына түсіп, қазақ балдырғандарын рухани мұрамыз бен төл әдебиетімізбен сусындатып келеді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бергі қазақ балалар прозасы жаңа леп пен жаңа өріске ие болды. Шәкен Күмісбайұлы, Арасанбай Естен, Сұлтан Қалиұлы, Әдібай Табылды, Толымбек Әбдіра - йым, Дәнеш Ахмет, Кеңес Оразбекұлы, Бағдат Мәжитов сынды жазушыларымыз осы арнада қалам тербеп, жақсы сапалы, әсерлі әдеби туындылар дүниеге келтірді. Жастар легінен Есей Жеңісұлы, Қалмахамбет Мұхаметқали, Бейбіт Сарыбай, Аягүл Мантаева, Әдина Жүсіп, Серікбол Хасан, Нұрлан Құмар, Есей Жеңісұлы, Қалмахамбет Мұхаметқали, Аягүл Мантаева сынды талантты жастар балалар әдебиетіне қалам тартып жүр.
Балаларға арнап жазудың бір қиын тұсы - суреттеп отырған іс - әрекетте, не кейіпкер бейнесінде сәл ғана саңылау, нанымсыз кемшілік кетті дегенше, оқырманымнан айрылдым дей беріңіз. Өйткені, бүлдіршіндер көркем шығарманы шынайы өмір деп қарайды. Қалтқысыз сенеді. Балғын бөбектерге шығарма жазу балалығын мәңгі жадында сақтаған, бала болып ойлай алатын, бала көңіл, таза көңіл таланттардың ғана қолынан келеді. Бүлдіршіндерді жақсы шығармамен қуанту - жазушы үшін де жарты бақыт болуы керек. Әдебиетіміздің басқа саласында табысты еңбектеніп келе жатқан белгілі жазушылардың өзі балаларға келгенде сыр беріп қалып жатса талаптың күрделілігінде. Тума дарының болмаса, жүре келіп балалар жазушысы болу мүмкін емес.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Балалар - әзірге буыны бекіп, бұғанасы қатпаған, моральдық қасиеттері әлі тұрақтап тиянақталмаған, дүниеге көзқарасы үнемі тереңдеп келе жатқан қоғамдық буын, қоршаған ортаның әлеуметтік - эстетикалық, этикалық қасиеттерін бойына балауса құрақтай сіңіріп жатқан қоғамның жас өкілдері.
Балалар әдебиеті - бала жанын терең барлау, тыңғылықты зерттеуден басталады. Дарын қуатымен иіп алу, бедел жұмсау, қызмет мансап бұлдау - балалар әдебиетіне жүрмейді. Балалар әдебиеті - жалпы әдебиеттің дамуы үшін баспалдақ болады. Балалар әдебиеті әрбір ұлт мәдениетінің мықтап қаланған іргетасы, халықтың рухани жай - күйін балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек, балалар әдебиеті жолға қойылмай тұрып, әдебиетіміз кемелдену үстінде деп мақтанушылық үйдің ірге тасын қаламай тұрып, шатырын жабамын деген әурешілдікпен бірдей.
Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығын зерттеу әр кез там - тұмдап жүзеге асып отырғанымен, сыншы, зерттеушілердің балалар әдебиеті жайлы жазған зерттеулері толық мәнінде талдау объектісіне айналмай жүр. Сол себепті қазақ балалар әдебиеті, оның ішінде балалар прозасы туралы сөз етудің өзі бұл тақырыптың өзектілігін танытады. Әсіресе қазіргі кездегі бүгінгі қазақ жазушыларының балалар әдебиетіне қаншалықты көңіл бөледі, осы әдебиеттің дамуы қай деңгейде, көркемдік жағы көңіл көншітерлік пе, балалардың, оқырмандардың көңілі толып жүр ме деген сауалдарға диплом жұмысымызды жазу барысында жауап іздеуіміздің маңызы зор.
Зерттеудің нысаны. Зерттеу барысында балалар прозасына арналған шығармалар және сыншылардың балалар әдебиеті туралы жазған ой - пікірлері зерттеу нысанына алынды.
Зерттеудің пәні. Тәуелсіздік жылдардағы балалар прозасы мен балалар әдебиетінің көкейкесті мәселелері зерттеу пәні ретінде алынды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті. Зерттеудің мақсаты жалпы қазақ балалар прозасын зерттеу арқылы оның ерекшеліктерін ашу, соның негізінде тәуелсіздік жылдарындағы қазақ балалар прозасынының ерекшеліктері мен қазіргі жай - күйін зерттеу. Диплом жұмысының мақсатына сәйкес мынадай міндеттер қойылды:
oo қазақ балалар прозасынының зерттелуіне тоқталу;
oo тәуелсіздік жылдардағы қазақ балалар прозасын сипаттау;
oo ерекшеліктері мен елеулі шығармаларды атау;
oo оларға әдеби талдау жасау.
Диплом жұмысының әдістері. Диплом жұмысының алдына қойған мақсаттары мен міндеттеріне байланысты зерттеу әдістері айқындалды. Диплом жұмысы барысында талдау, зерттеу, салыстыру, когнитивтік әдістер негізге алынды.
Диплом жұмысының дереккөздері. Диплом жұмысының негізгі нысаны тәуелсіздік жылдарындағы қазақ балалар прозасы болды. Сонымен қатар қазақ әдебиеті, фольклоры бойынша еңбектер, әр жылдардағы қазақ жазушыларының балалар прозасына арнап жазған туындылары мен жарық көрген кітаптары. Мысалы: Ы. Алтынсарин, Б.Ыбырайым, Қ. Ергөбек, Б. Соқпақбаев, С. Ерубаев, Ә. Толымбек, М. Қабанбай, Ж. Шәкенұлы, Б. Сарыбай, Ә. Жүсіп, тағы басқа еңбектер басшылыққа алынды.
Диплом жұмысының нәтижелері. Зерттеу жұмысы аясында жалпы қазақ балалар прозасының бастауы айқындалып, содан бергі тәуелсіздік жылдарына дейінгі қазақ балалар прозасы тарихына қысқаша шолу жасалды. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ балалар прозасы үлгілері таңдап алынып, оларға әдеби талдау жасалды. Соның негізінде тәуелсіздік жылдарындағы қазақ балалар прозасын зерттеудің іргетасы қаланды.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі мен мақсат - міндеттері, жұмыстың әдіс - тәсілі мен зерттеудің нысаны айтылды. Негізгі бөлімде балалар әдебиеті, оның жүріп өткен жолы, тәуелсіздік жылдары жазылып жүрген балалар прозасы, оның жәй-күйі, кемшілігі мен артықшылығы сөз болды. Қорытындыда зерттеу жұмысында талқыланған мәселелердің нүктесі қойылды.

1 БАЛАЛАР ПРОЗАСЫНЫҢ ДАМУ АРНАЛАРЫ

Қазақ балалар әдебиеті қазақ қоғамымен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан рухани іргелі сала. Балалар әдебиеті ертеректе еуропалық кейбір елдердегідей арнайы салаға жүйеленіп жазылмауы мүмкін. Бірақ, сол халық, сол ұлттың мол рухани қазынасына аралас жүреді. Аралас жүріп те балғын бөбек, бүлдіршін жасты сұлулыққа құштарландыратын, отансүйгіштік, ерлік рухына ұмтылдыратын тәрбиешілік қызметін жасай береді.
Қазақ әдебиеті күн санап өсіп, өркендеп келеді, соның ішінде балалар әдебиеті де шама - шарқынша ілгерілеп, алға жылжып келеді. Өкінішке орай, көп жағдайларда назардан тыс қала беретін саланың бірі - балалар әдебиеті екенін айта кету керек. Балалар әдебиетінің негізгі ерекшелігі - оның оқырмандарының жас ерекшелігінде. Балалардың қабылдау дәрежесін ересектермен салыстыруға мүлдем болмайды. Бұл туралы жазушы М.Пришвин айтып кеткен болатын: Балалар әдебиеті - кішкентайлардың үлкен әдебиеті. Үлкендерге арналған том-том, қалың-қалың әдебиетті кішкентай оқырмандар оқи бермейтіні рас, өйткені олардың ойлау дағдысы өзгеше, жас ерекшелігіне қарай қабылдау мүмкіндігі де шектеулі. Осының бәрін ескере отырып балаларға арналған әдебиет жасау, жазу бүгінгі қоғамның ертеңін ойлау болып табылады. Сондықтан өркениетке жетемін деп алға ұмтылған халық әрқашан балаларға жағдай жасайды, ең алдымен балалар әдебиетін жасайды, жас балалардың рухани қазынасына көбірек көңіл бөледі.
Қазақ балалар әдебиетін зерттеуші ғалым Ш. Ахметовтің пікірінше балалар әдебиетінің басты алты ерекшелігі бар.
Біріншіден, балалардың психологиясына зерттеу жасағанда, олардың ойлау, түсіну қабілеті суреттеліп отырған оқиғаның, көркем образдың нақтылығын, дәлдігін өз өмірінің айналасынан алуды қажет етеді.
Екіншіден, әңгімеленіп отырған оқиғаның барысында лириз болуы шарт. Баланың ішкі дүниесіне, ой-санасына бірден әсер ететін күшті де мағыналы бейнелер алынуы керек. Балаларды өмірдің жақсы болашағына қанаттандырып, шарықтатып отыру шарт.
Үшіншіден, балалар әдебиетінде оқиғаны және адам характерін суреттеу әдістерінің динамикасы ерекше болады. Психологияның дәлелдеуіне қарағанда, балалар алдымен оқиғаның туып отыруына, бұлардың тез өзгеруіне, шешіміне, кейіпкердер мен мінезінің әр жақты дамуына қызығады. Одан соң оның неден шыққан себептерін іздестіре бастайды.
Төртіншіден, балалар жаратылыстың көркем көріністерін, пейзажды шебер суреттеуді ұнатады, оған сүйсіне қарайды, соны өз айналасынан іздейді. Көркем әдебиеттегі жаратылыс суреттері олардың байқағыштық, талғампаздық қабілетін арттыра түседі. Пейзаждық сурет - эстетикалық тәрбиенің бір көрінісі. Ал, көркемдікке тәрбиелеу - баланың ақыл - есінің тез жетіліп, тез дамуына көмектесіп отырады. Эстетикалық тәрбие көркем өнердің барлық салаларында ұлы шеберлер жасаған аса құнды мұраларды балалардың терең түсінуін, сол шығармалардан рақаттанып рухани ләззат алуын көздейді.
Бесіншіден, балалар әдебиеті шығармаларының мазмұны, идеясы олардың белсенділігін арттырып, өз өмірінің жарқын болашағын тануға себепкер болуға тиісті. Оларды еңбекке, ғылымға, әр қилы мамандыққа еліктіріп үлкен істерді орындауға дайындай білуі, соған әуестіндіруі керек.
Алтыншыдан, сөз әдебиеттің негізгі материалы болып табылады. Біздің барлық әсерімізді, сезімімізді, ойымызды көркем түрге келтіретін - сол, - деген М. Горький. Әсіресе балалар әдебиетіне қойылатын талап та дәл осындай. Балалар әдебиетінің тілі ойнақы, жеңіл әрі көркем, қысқа да мейлінше көркем, қысқа да мейлінше түсінікті, айқын да дәл, әрі әсерлі болуға тиісті. Балалар әдебиетінің тілі олардың сөздік қорын байытуға жәрдемдесетін бірден - бір құрал [1, 10].
Балалар әдебиетінің осы аталған ерекшеліктерін есте тұта отырып, қазақ балалар прозасы туралы өзіміздің ойымызды жеткізіп, оларды талдауда ерекшеліктерге мән беруге тырыстық. Қазақ әдебиеттануының тарихына қарап отырсақ, мол мұрамыздың зерттелмей қалып қойған саласы кемде - кем. Алайда, бірі жеріне жете зерттелсе, енді бір кейбір зерттеушілердің еңбектерінде тек аттары аталумен ғана қалып қойғандары бар. Қазақ балалар әдебиеті туралы да кең көлемді, кешенді зерттеулер бар деп айта алмаймыз. Иә, қазақ балалар поэзиясы жақсы зерттеліп келеді, жазылған монографиялар да баршылық. Дегенмен, қазақ балалар прозасы туралы айтар болсақ, мұнда зерттелмей жатқан тұстары кездеседі. Біздің диплом жұмысының өзектілігі де, маңыздылығы да осында болмақ.
Әдебиеттің көп жағдайда назардан тыс қала беретін бір саласы - балалар әдебиеті. Балалар әдебиеті - кішкентайлардың үлкен әдебиеті. Ересектерге арналған туындыны балалар оқи бермейді. Өйткені, ойлау машығы өзге, қабылдау мүмкіндігі шектеулі. Осындай жағдайда балаларға әдебиет жасамау - оларды көзге ілмеу, елемеу болып табылады. Бүгінгі балаларды елемеу - қоғамның ертеңін ескермеу. Адамзат баласының ертеңін елеп, ескермеуден асқан салғырттық болмайды. Сондықтан, өркениетке жетемін деген ел, өзін - өзі сыйлайтын халық балаларға жағдай жасайды, балалардың рухани қазына - байлығына ерекше зер салады [2, 3].
ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасырдың басына дейін қазақта балалар әдебиеті деген ұғым бола қойған жоқ. Оған қарап, қазақта балаларға арналған рухани қазына жасалмаған екен деп ойлауға болмайды. Қазақтың бай ауыз әдебиеті, халық әдебиеті, ақын, жыраулар поэзиясы - тұнып тұрған балалар әдебиеті.
Халық ертегісі ішінде балалардың сүйіп оқитын, олардың жас ерекшеліктеріне тән мұралар сондай көп, халық ертегісі ғасырлар бойы балалардың ықыласын өзіне қызықтыра тартып, жас жанына әсер беріп, көңілін шаттық күлкіге бөлеп, қуантады. Халық ертегілерінің бай фантастикасы балалардың ойына қозғау салып, өмірдің неше алуан құпияларын танытады, сана - сезім, ақыл - ой қызметінің ерте дамуына, ерте қалыптасуына жәрдемдеседі. Бұл әрине қазақ балаларының бай қиялын дамытудағы ертегілердің маңызы зор екендігін айқындай түседі.
Қазақ балалар әдебиеті - қазақ әдебиетінің мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған саласы болып табылады. Оның қайнар көзі ауыз әдебиетінен бастау алады. Қазақ балалар әдебиетінің алғашқы жазба үлгілерін ХІХ ғасырда Ы. Алтынсарин жасады. Қазақ даласында алғашқы болып мектеп ашқан ол, мектепке қажет оқулық жазуды ең басты міндет деп санады. Сол себептен де балаларды оқытуды қазақ тілінде оқулық жазудан бастау керек деп шешті. Соның негізінде қазақ балалар жазба әдебиетінің негізі қалыптасты. Ы.Алтынсарин балаларды өнер - білімге тәрбиелейтін, этикалық, эстетикалық тәрбие беретін, еңбекке баулитын өлеңдер мен әңгімелер жазды. Сондай - ақ, қазақ фольклорынан балалардың тіліне, ұғымына жеңіл шығармаларды іріктеп, орыс балалар әдебиетінен қысқа да қызықты әңгімелер, мысалдар аударып, құрастырды, ана тілінде жазылған алғашқы оқулық (Киргизская хрестоматия, 1879) бастырып шығарды. Сөйтіп, бала ойына қонымды, тіліне лайықты, қызықты әңгімелері мен ойнақы өлеңдері арқылы педагог - жазушы қазақ балалар әдебиетінің негізін қалады.
Ыбырай Алтынсарин - алғашқы педагог, ағартушы ғалым, ақындығымен қатар ол жазушы да еді. Өзі құрастырған хрестоматияға енген туындылардың ішінде өзі жазған өлеңдерімен қатар әңгімелері, мысалдары да болды. Балаларға арнап жазған шығармаларында қазақ халқын оқуға, өсіп жетілуге, адами құндылықтарға ие болуға, үлгілі, өнегелі болуға шықырды. Өнер - білім бар жұрттар, Кел, балалар оқылық! сынды өлеңдерінен бұл мақсаты айқын көрініп тұрады. Қазақ балалар әдебиетінің алғашқы туындылары ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Ы. Алтынсариннің шығармаларының барлығы дерлік қысқа, әрі мазмұнды, әрі көркем, балалардың жас ерекшеліктері мен білімдеріне сәйкес түсінуге жеңіл, тәрбиелік жағынан шебер құрылған шығармалар болды. Жастарды өнер - білімге, оқуға шақырумен қатар Ы. Алтынсарин шығармаларында қолөнер кәсіптерімен айналысудың артықшылықтарын, адам баласының қандай істе де сабырлы, салмақты, ұстамды болуға шақырды. Автордың Киіз үй мен ағаш үй, Қыпшақ Сейітқұл деген ықшам жазылған қысқа әңгімелері осы сарындас болып келеді.
Ы. Алтынсарин Қазақ хрестоматиясы деген еңбегінің алғы сөзінде мынадай пікірін білдіреді: Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс - қазақ және қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім; екіншіден, бұл кітапта келтірілген әңгімелердің қазақтар үшін ұнамды болу жағын көздедім [3, 7].
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев Ғылым таппай мақтанба, Интернатта оқып жүр, Әсемпаз болма әрнеге деген өлеңдерінде қазақ балаларын оқуға, өнерге үндеді. Осы тұста Махамбет Өтемісұлының да шығармашылығын айта кетуге болады. Оның өлеңдері жастарды, ұландарды ерлікке, ел үшін жан аямай шайқасуға, батырлыққа тәрбиеледі. Жәңгір ханға айтқаны дейтін өлеңі арқылы адал болуды, әділ болуды, шындықты бүкпей айтуды үйретеді. Ел үшін ереуіл атқа ер салатын, егеулі найза қолға алатын азамат болуды насихаттайды. Дегенмен, біздің диплом жұмысымыздың тақырыбы, проза болғандықтан біз бұл жайында толығырақ тоқталмаймыз.
ХІХ ғасыр қазақ әдебиеттануы үшін маңызды кезең болды. Олай дейтін себебіміз осы кезеңде қазақтың жазба әдебиетінің негізі қаланған болатын. Соған сәйкес осы кезеңде әдебиеттің әр жанрлары да дамып отырды. Ол туралы қазақ балалар әдебиетін зерттеуші Ш.Ахметов мынадай пікір білдірген болатын. Халықтық шығармалардағы балалар әдебиетінің өсіп жетілуімен қатар, ХІХ ғасырдың жазушылары да балалар әдебиетінің өркендеуіне ат салысып, жетекші роль атқарды, ХІХ ғасырдан бастап - ақ қазақ балалар жазба әдебиеті өзінің тұрақты педагогикалық көзқарасы анықталған және түрлі жанрларда жазылған әдебиет болып қалыптасты [1, 80].
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап балаларға арналған жаңа типті орыс - қазақ мектептерінде оқытылатын Букварь (1982), Әліппе, Қазақтар үшін орыс тілін үйретудің бастауыш құралы (1876), Қазақ хрестоматиясы (1879) шыға бастады. Мұның өзі жаңа типтің орыс - қазақ мектептерінің ашылуына байланысты туған игілік еді. Бұл мәліметті біз балалар әдебиетін зерттеуші Ш. Ахметовтің кітабынан алып отырмыз.
Қазақ балаларына арналған оқулықтар мен өлеңдер жинақтары 20 ғасырдың басында көбейе бастады. А.Крыловтың қырық мысал өлеңін аударып, 1910 жылы Үлгілі тәржіма атты кітап шығарған педагог - жазушы Спандияр Көбеевтің де қазақ балалар әдебиетін дамытуға сіңірген еңбегі мол. Үлгілі тәржіма арқылы жас ұрпақты өнер - білімге, әділеттілікке, адамгершілікке тәрбиелеуді мақсат етеді, мінез - құлықты түзетудің көзі етіп пайдаланады. Озбырлық еткен үстем таптың қиянатын, пасықтығын әшкерелеудің құралы етеді. 1912 жылы Үлгілі бала оқулығын шығарады. Үлгілі бала хрестоматиясында Крыловтан аударылған мысалдар, қазақ тұрмысына лайықтап өзгерістер енгізілген орыс классиктерінің балаларға арнап жазған қысқа әңгімелері, ауыз әдебиетінен балаларға үлгі боларлығын пайдаланған. Сонымен бірге, бұл кітапта табиғат туралы, оның әр алуан құбылыстары жайлы, география, өсімдік, жануарлар туралы мағлұматтар беретін қысқы әңгімелер мен мысалдар енген. Әрбір әңгіменің соңында сұрақтар қойылған.
С.Көбеевтің әңгімелері ауылдағы бұрынғы мектеп өмірі мен бүгінгі ауыл жайлы толық таныстырады. Ол кезде мектеп салудың қаншалық ауыр екені, салынған мектеп болса, онда тек үстем таптың балалары ғана оқу керек деген теріс қағидаларға қарсы болған сол кезде қазақ арасынан бірен - саран шыға бастаған интеллигенттердің қарсы күрес жүргізгені баяндалған. Бар өмірін халық ағарту жұмысына сарп еткен, қазақтың жаңа типті ұлт мектептері үшін оқулықтар жазған, бала тәрбиелеу, оқыту саласында үздік көзге түскен мұғалімнің әдеби мұралары балалар әдебиеті тарихынан биік орын алады.
Қазақ балалар әдебиетінің Қазан төңкерісіне дейінгі белгілі үлгілері қатарында М. Кәшімовтің Әдеп (1907), Ақыл (1908) атты жинақтарын, М. Нұрбаевтың Көргенді бала - үлгілі ана (1908), Ғ. Мәжитовтың Қазақ шәкірттеріне ақыл (1910), М. Дибердиевтің Қазақ балаларына қирағат кітабы (1910) кітаптарын, сондай-ақ, Т. Жомартбаевтың Балаларға жеміс (1912) атты өлеңдер жинағын атауға болады. Ақын С. Торайғыров балаларға арнап өз кезіндегі өзекті мәселелерді өрнектеген өлеңдер жазды (Шәкірт ойы, Оқып жүрген жастарға, Бір балуанға).
Өлең кестесінің шебер өрнекшісі, құлақ құршын қандыратын ділмар әңгімеші, оқиға тартысын қиыннан қиюластыра білген үлкен драмматург Бейімбет Майлиннің Ленин мектебі әңгімесі шағын болса да адам жүрегін тебірентерлік үлкен ойға құрылған - кәрінің де, жастың да босаңсыған белдерін бекітіп, үлкен іске жұмылдырып, қажырлы қайратқа бастайтын рух тудырады. Мұның өзі жас өспірімдерді коммунистік рухта тәрбиелеуге халық күшіне сүйенген ең бір тамаша идеяны байқатады. Балаларға арналып, саяси тақырыптарға жазылған бұл сияқты шығармалар Бейімбетте аз болғанымен жас өспірімдерді коммунистік рухта тәрбиелеуде ерекше роль атқарады.
Ілияс Жансүгіровтің мектеп жасына дейінгі балдырғандарға арнаған суретті кітапшаларының бірі - Шәнкей. Қысқа - қысқа диалогқа құрылған әңгіме арқылы балдырғандармен сөйлесе білудің дұрыс жолын тапқан. Сонымен қатар, балдырғандарды жас кезінен еңбек процесіне араластыра білу жолын көрсеткен. Мұнда ауыл өмірінің нағыз типтік әрі шындық бейнесі жасалған. Еңбекке өзі араласан бала жасалған заттың қадірін түсініп, оны бағалай алатын болады. І.Жансүгіров балалар мен жасөспірімдерді әкелердің жауынгерлік дәстүріне тәрбиелеу үшін аға ұрпақтардың қаһармандық ролін революциялық пафоста жырлау үлгісін жасап береді. Бұл Октябрь революциясына дейінгі қазақ балалар әдебиеті мен совет тұсындағы қазақ балалар әдебиетінің идеялық және мазмұн жағынан ең үлкен айырмашылығы еді.
Қазақ балалар прозасы жаңа заманғы әдеби жаңалықтар мен ерекшеліктерден тыс қалмай, балалардың ой - санасына сәйкес, тәрбиелік, дамытушылық, адамгершілік, ізгілікке жетелер мәні бар туындыларды дүниеге келтіруде.
Қазақ балалар әдебиеті мен балалар фольклорын жинап, іріктеу, оларды бір жүйеге келтіру, бастырып шығару жағы барлығы ХІХ ғасырдан бастап қолға алынды деп айтуға толық негіз бар. Қазақ балалар әдебиеті де қазақ қоғамымен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан рухани іргелі сала. ХІХ ғасырдың екінші жартысы, ХХ ғасыр басына дейін қазақта балалар әдебиеті деген ұғым бола қойған жоқ. Оған қарап, қазақта балаларға арналған рухани қазына жасалмаған екен деп ойлауға болмайды. Қазақтың бай ауыз әдебиеті, халық әдебиеті, ақын, жыраулар поэзиясы - тұнып тұрған балалар әдебиеті. Ал, балалар әдебиетінің жіктелуі, салаланып дамуы, сараланып сөз бола бастауы ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан басталады [2, 4].
Балалар әдебиеті не нәрседен бұрын қазақ әдебиеттануының бір саласы. Балалар әдебиетінің зерттелуі тарихына назар салсақ, ол ХХ ғасырдың басындағы әдебиет майталмандары еңбектерінен көрініс табады. Мысалы, М. Әуезов өзінің Әр жылдар ойлары, Ертегілер деген ғылыми еңбектерінде Балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалардан туады дей келіп, оның барлық егжей - тегжейлеріне дейін мақамдап айтып береді. Бұл жөнінде М. Әуезовті балалар әдебиетінің бірінші зерттеушісі болды деп айтуымызға болады.
Баланың талғамы, ойы, ықыласы, есі, қабілеті, тілінің даму мәдениеті, олардың өсу, есею жылдарына қарай әр түрлі ерекшеліктері болады. Жазушы балалардың осындай ерекшеліктерімен санаспасқа болмайды. Жазушы ең алдымен шешен, мықты жазушылық дарынымен қатар баланың тәрбиесі мен оның ойының өзгеруіне себепкер болатын жауапкершілігін, тәрбиелік мақсатын ұмытпай, әрдайым есте тұтуы керек. Жас азамат, балалар әрдайым өмір тартысының неше алуан қиындығын көріп, сол өмір күресіне өзі араласып өсу арқылы себептер мен салдарды түсініп қана қоймай, түсініп, содан сабақ алып ер жетіп отырады. Бұл кезеңдегі балалар әдебиетін жазғандар С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, М. Әуезов, С. Ерубаев секілді жазушы, ақындар болды. Олардың еңбектерін біз көбіне совет кезіндегі балалар әдебиеті туындылары деп бағалап келген едік. С. Сейфуллин өзінің Жұмбақ айтысу, Жаңылтпаш, Балалар ойыны, Жастық ойын, күлкі өлең тақпақтары деген еңбектерінде бастан - аяқ балалар ауыз әдебиетіне тән мұраларға ғылыми талдаулар жасаған. Жұмбақ айтысу - хат жазу білмеген көшпелі елдің жастарының, балаларының жас басынан өз әлінше зейіндерін тапқыштыққа үйретіп беретін, тәрбиелейтін, тілін шеберлейтін, сөзді үйлестіріп, ұйқастырып айтуға жаттықтыратын сабақ тәрізді болған [1, 6], - дейді. С. Сейфуллин балалар ауыз әдебиетін әрі жинаушы, әрі зерттеуші болды. С. Сейфуллин балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі болды. Оның Маузер, Бандыны қуған Хамит, Келіншектің бесік жыры, Балалар, Ананың хаты, Анаға жауап секілді өлеңдері мен әңгімелері жарық көрді. Саттар Ерубаев Балалар әдебиетін жасайық деген 1930 жылдардағы мақаласында мектепте оқитын жүз мыңдаған шәкірттердің балалар әдебиетіне шөліркеп отырғанын айта келіп, Дәуірге тұрарлық балалар әдебиетін жасамай партияның сенімін ақтай алмаймыз - деп өз дәуіріндегі идеологияға сай, бірақ көкейтесті мәселені көтеріп, ой тастады. ХХ ғасыр басындағы қазақ совет балалар әдебиетінің кең өріс алып, дамуына үлес қосқан авторлардың бірі Саттар Ерубаев болды. С. Ерубаевтың Терек пен гүл дейтін өміршең әңгімесі жарық көрді. Патриотизмге еліктіретін бұл әңгіменің балалардың қиялын қанаттандыруға, армандарының асқақ болуына талпындыратын, азамат болсам деген ойға жетелейтін қызметі басым болды.
Сәбит Мұқанов балалар әдебиетіне мол үлес қосты. С.Мұқановтың бабаларға арналған Менің мектептерім, Патшаны қуған батыр, Бақташының баласы, Батыр қыз, Балалар повестері мен әңгімелері балалар әдебиетіне қосылған үлкен үлес, мол мұра болып қалды. С.Мұқановтың Бақташының баласы атты шығармасында өмір жолын көрсететін колхоз аулының нағыз өз тұрмысын суреттеп береді. Колхоз шаруашылығына жаны ашып, өз өмірін сол жолға сарп еткен Бектас қария мен Жандостың колхоз малын ит - құстан қорғап, сақтауды ғана алдарына мақсат етіп қойған патриот адамдар екенін суреттейді. Батыр қыз әңгімесінде коммунизм идеясымен қаруланған жас өспірімнің үздік сипатта қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері мен оның сондайлық қайсарлылығы, тапжылмас өжеттігі көрінеді. Офицерлер мен солдаттардың арасындағы қарым - қатынастың ең бағалы жері - олардың интернацоналдық бірлік пен бірін - бірі қолдау сезімінің күшті екенін де және олардың жалпы мақсаттары жауды талқандау үшін ынтымақтастыққа біріккендіктері ең басты роль атқарады деп түсіндіреді. Сәбит Мұқановтың балалар әдебиетіндегі биік нысанасы жас өспірімдерді өз отанына берілген патриот етіп тәрбиелеу идеясын іске асыруы болып табылады
Балалар әдебиеті жайында өзінің оқулықтарында байсалды пікір айтқандардың бірі профессор Қажым Жұмалиев еді. Ыбырай Алтынсарин балалар әдебиетінің атасы деген ғылыми қорытындыны ең алғаш 1939 жылы сол кісі жасады.
Бұл кезеңдегі балалар әдебиеті үлгілерін жазған жазушылар туралы айтқанда әрине М. Әуезов есімін атамай өтуге болмас. Жазушының Жетім әңгімесі мен Көксерек повесін тек қана балалар әдебиеті үлгілері ішіндегі ғана емес, жалпы қазақ әдебиеті тарихындағы ең үздік, ең өміршең, ең көркем туындыларға сөзсіз қосамыз. Жетім әңгімесінде қаңғып қалған жетім бала Қасымның тағдыры шығарманы оқып отырған кім - кімді болсын бейжай қалдыра алмайды, кейіпкермен бірге қайғы шегіп, баланың ішкі жан дүниесіндегі ауыр мұңды көріп, жазушының суреттеу шеберлігіне тәнті боласыз. Көксерек повесі қолға үйренбеген азулы жыртқыш аңдарда болатын психологиялық өзгешеліктерді танытады. Қасқырды Құрмаш қанша бақса да, күтсе де, тіпті қойнына алып жатса да, сызданып суықтана береді. Көксеректің Құрмашты ат үстінен жұлып түсіріп, елсіз далада жеп кетуі естен кетпес қасірет.
Кеңес дәуірінде идеологияның өзекті бір саласы ретінде балалар әдебиетінің де дамуына арнайы көңіл бөлінді. Алғаш шыға бастаған Лениншіл жас (қазіргі Жас алаш) газеті мен Пионер (қазіргі Ақ желкен) журналында, Пионер (Октябрь балалары, Қазақстан пионері, қазіргі Ұлан) газетінде балаларға арналған өлең - жырлар, әңгімелер жарияланды. С. Сейфуллин, Б. Майлин, Ш. Иманбаева жеке өлеңдерін, І. Жансүгіров Малта, Шәркей (1929), Жұмбақ (1930) сурет - кітапшаларын, Ө. Тұрманжанов Қошан кедей (1927) әңгімелер жинағын шығарып, қазақ балалар әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосты. 30-жылдары Қ. Әбдіқадыров, А. Тоқмағамбетов, Т. Жароков, Ж. Саин, Ж. Сыздықов балаларға арнап өлеңдер жазды. 40 - жылдардағы қазақ балалар әдебиетінде Қ. Аманжоловтың, М. Хакімжанованың, Ә. Тәжібаевтың, Ғ. Ормановтың балаларға арналған өлең - тақпақтары жиі жарияланып тұрды. 50 - жылдардан бастап қазақ балалар поэзиясында бала психологиясына терең бойлаған балалар ақындары бой көрсетті. Ақын-жазушылар Ө. Тұрманжанов, С. Бегалин, М. Әлімбаев, Ә. Дүйсенбиев, Қ. Мырзалиев, Қ. Ыдырысов, Ж. Смақов, Қ. Баянбаев, С. Қалиев, Е. Егеубаев, тағы басқалар балаларға арнап көптеген кітаптар жазды. Оларда балаларды отанды сүюге, ғылым - білімге жетелейтін тартымды тақпақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, ертегілер мол. Қазақ балалар әдебиеті, сондай - ақ, сатиралық шығармалармен (О. Әубәкіров, Ш. Смаханұлы), жаңа поэмалармен (Х. Ерғалиев, Ә. Сәрсенбаев), жаңаша ертегілермен (Ө. Тұрманжанов, Қ. Мырзалиев, Ә. Ахметов, Ыдырысов), ақындар Ж. Өмірбековтің, І. Мәмбетовтің, Қ. Мүсіреповтің, Т. Молдағалиевтың жинақтарымен, суретше - кітаптарымен толысты. қазақ балалар әдебиетінің проза саласын дамытуға Тұрманжанов, Бегалинмен қатар М. Иманжанов, С. Омаров, Б. Соқпақбаев, С. Сарғасқаев секілді жазушылар айтарлықтай үлес қосты. Қазақ балалар әдебиетінде ерлікті (С. Бақбергенов, Талғат, Қ. Қайсенов, Жас партизандар, еңбекті (М. Сүндетов, Балық аулай барғанда), спортты (С. Бердіқұлов, Жұмыр жерде теңбіл доп), оқу мен тәрбиені, ар - намысты, адамгершілікті, тарихи дәстүрді (Иманжанов, Н. Сералиев, М. Гумеров) дәріптейтін көркем повестер, романдар жазылды. Ғылым жетістіктерін бейнелейтін шығармалар туды. Қазақ балалар әдебиетінің өрісі одан әрі кеңейіп, Бөбектерге тарту (1961), Алтын күн аясында (1963), Балдырғанның базарлығы (1965), Жыл он екі ай (1965 жылдан бері жыл сайын шығып тұрды). Біздің кітап (1967, 1974), Кел шырқайық, балалар (1973) сияқты жинақтар басылып шықты. 30 - жылдардан бастау алған драматургия саласы да қазақ балалар әдебиетінде қызу қолға алынып, лайықты жалғасты. Жазушылар І. Жансүгіров, Ш. Хұсайынов, С. Омаров, Т. Ахтанов, Ш. Ахметов - балаларға арналған алғашқы пьесаларын жазды. 50 - жылдары Хұсайыновтың Есірткен ерке, М. Ақынжановтың Ыбырай Алтынсарин пьесалары Республикалық жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында қойылды. 1960 - 70 жылдарда Б. Ысқақовтың, Б. Тәжібаевтың, Қ. Ыдырысовтың пьеса, инсценировка жинақтары шықты.
1930 - 1935 жылдары жазылған Екпін, Колхоз ауылында, Батырақ секілді шығармаларында Қалқаман Әбдіқадыров елімізді индустрияландыру, коллективтендіру жайында, мәдени өскен өркеніміз хақында толғанады. Ақын - өз уақытының перзенті. Өз кезеңінде көзбен көріп, көңілге түйген ойларын өлең тілімен қарапайым жеткізеді. Қ. Әбдіқадыров өлеңдерінен жиырмасыншы, отызыншы жылдардың шежіре шындығын көруге болады. Тұз, Борамбай ауруханада, Алатаудың бауыры, Ленин мен Махмұт, Өміртайдың ауылы, Есек пен өгіз, Тапқыш, Тәтті қауын, Амантай атты өлеңдері мен бірсыпыра әңгімелері - жазушының балаларға тартқан сыйы. Бала өмірі, мінезі осы шығармаларда бірқос шынайы көрініс табады.
Жазушы Қалмақан Әбдіқадыров ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, дүние жүзінің тамаша мұрасы - Мың бір түн аңыз - ертегісін қазақ тіліне аударып жариялады. Балалар үшін де талай шығарма аударып, кітап етіп шығарды. Жазушы проза саласында да қалам тартып байқаған. Оның қаламынан туған прозалық туындының шоқтықтысы - Қажымұқан повесі. Қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, монғол тілдерінде басылым көрген бұл повесінде жазушы алып атамыз, французша күрестен дүние жүзінің чемпионы Қ. Мұңайтпасовтың өмірін, спортшылық жолын қызғылықты етіп баяндап береді. Қажымұқан қазақ әдебиетіне қосылған елеулі үлес деп айтуға болады.
Ә.Қалмақан балаларды айрықша жақсы көретін балажан қаламгер болатын. Мектептегі кездесулерде әрбір баланың жанына жақын келіп, әңгімелесіп, оның жеке тағдырын білуге құштар еді. Өз қаражатына Шиелі ауданында мектеп салдыруы және сол Қарғалы совхозына өзінің жеке кітапханасын сыйлауы - жазушының балаларды жақсы көретіндігінің жарқын көрінісі, үлгісі болса керек. Қазақ балалар әдебиеті үшін бірсыпыра жемісті еңбек еткен ақын, жазушы, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыров 1964 жылы туған жері Шиелі ауданында қайтыс болды. Қазір Шиелі ауданында Қалмақан Әбдіқадыровтың өзі салдырған мектепке және аудандық балалар кітапханасына қаламгер есімі берілген.
Қазақ балалар әдебиеті өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, әзербайжан, түрікпен, тәжік, қарақалпақ, дағыстан және басқа туысқан халықтар әдебиетінің озық шығармаларының қазақ тіліне аударылуымен де толыға түсті. Тәжік халқының жазушысы Садриддин Айнидің, М. Миршакардың, Куддус Мухаммадидің, Ерназар Рузиматов секілді туысқан елдер жазушыларының озық туындыларымен таныс болу мүмкіндігіне ие болды. Сондай - ақ қырғыз жазушысы Ш. Айтматовтың Ақ кеме, Менің алғашқы мұғалімім, Солдат ұлы секілді әңгімелері қазақ тіліне аударылып, тек балалардың ғана емес жаппай жұртшылықтың сүйікті шығармаларына айналып, балалар мен үлкендер жүректерінен орын алып, орнығып қалды.
Ұлы отан соғысы жылдары жазушылар халыққа, сонымен қатар балаларға рухани азық боларлық, олардың жігер - қайратын шыңдай түсетін жақсы шығармалар қалдырды. Отан соғысы жылдарында балалар әдебиеті тақырыбына жазылған шығармалар нақтылы оқиғаның негізінде құрылған. Мұндай шығармалар балаларға оқиғасының әрі қызықты, әрі үрейлі болуымен әсер етеді. Шығармадағы басты кейіпкерлердің тағдырына алаңдап, еліне деген патриоттық сезімі нығайып, ерлік істерден өнеге алады. Бұл жөнінде Баубек Бұлқышевтің Өмір мен өлім туралы, Шығыс ұлына хат әңгімелерін ерекше атаймыз. Баубектің аталған әңгімелерінен тауы қайтпаған жалынды жастық шақтың отанына беріле қызмет ету жайындағы патриоттық сезімдері, ерлік істері көрінеді. Б.Бұлқышев жастар алдына патриоттық сөздерімен нысаналы мақсаттар қоя отырып, отан үшін күресуге шақырады. Ол өз отанының қадірлі екенін, оның әрбір тау - тасына дейін, тіпті қара құйын топырағына дейін қадірлі екенін патриоттық жылы сезіммен баяндап береді. Оның шығармаларынан отанына деген жалынды сөздер, жастарды аяғынан тік тұрғызатын құдіреті күшті, айбарлы да ықпалды серпін есіп тұрады. Майданда ерлікпен қаза тапқан Б.Бұлқышевтің патриоттық сезімдерге толы бұл еңбектері балалар әдебиеті мұраларының қорына еніп, өзінің орнын тапты.
Үлкендерге арналып жазылған жақсы шығармалардың көпшілігі қазіргі кезде баланы тәрбиелеудің үздік үлгілерін көрсетеді. Қазіргі кезде балаңдығы байқалған шығармаларды балалар қанағат тұтпайды. Ғабит Мүсіреповтың Қазақ солдаты романының балалар әдебиеті қорына еніп, олардың сүйіп оқитын шығармасына айналуы осы себептерге байланысты. Шегенің, Бораштың, Қайырғалидың тәрбиелілік үлгісі қандай болса, отанымыздың тәуелсіздік үшін күрестегі көрсеткен олардың көрсеткен ерлік істері де соншалық әсерлі суреттелген. Қайырғалидың мінезінен, ісінен, барлық жүріс тұрысынан қазақ халқының бауырмалдығы, кеңпейіл қасиетіне тән ақжарқындығы көрініп отырады. Отан соғысы майданында бірге соғысқан қай ұлт өкілі болмасын, баршасымен де достасып кетеді. Өзінің көпшілдігімен сыйлы да қадірлі болады. Осы ынтымақ отан соғысы жеңісінің ең басты тірегі болды. Романдағы осындай өнегелік балалардың отанына деген махаббатын нығайтады, сол сезім басқаларынан маңыздырақ екенін тереңірек ұғындырады.
Алпысыншы жылдардағы жаңа ізденістер негізінен деректі - өмірбаяндық шығармалардың дүниеге келуімен сабақтас. Халқымыздың көрнекті перзенттері - Шоқан Уалиханов туралы С. Бегалиннің Бала Шоқан (Шоқан асулары), С. Бақбергеновтің Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев жайында Қайран шешем, Дина, Бозторғай повестері жазылды. Балаларға Ұлы Отан соғысы жайында әңгімелеген Ә. Шәріповтің Партизан қызы, Қ. Қайсеновтің Жау тылындағы бала, Жас партизандар секілді туындылары да осы жылдардың жемісі.
Сапарғали Бегалин - қазақ балалар әдебиетінің дамуына көп еңбек сіңірген жазушылардың бірі. Тіпті жазушыны қазақ балалар прозасының негізін қалаушы алғашқы классик жазушылардың бірі деп атасақ та болады. Жазушыны қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы әрі классигі деп атауы бекердер бекерге болмаса керек. Жазушының шығармашылық лабораториясына көз сала отырып, оның балаларға арналған шығармашылығын бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа аң аулауды, мергендерді суреттейтін: Сәтжан, Көксегеннің көргендері, Бала мерген деген әңгімелерін атасақ, екінші топтағы: Будан, Қозышы Нұрман, Жылқышы атты поэмалары мал шаруашылығында жұмыс істейтін еңбекшілерді қиын да қажырлы өмірін паш етеді. Ал табиғатты қорғау, балалардың жан - жануарларға деген қамқорлығы, қоршаған ортаға деген жақсы көзқарас қалыптастыратын Жас бұтақ, Қант бұршақ, Мектеп бағында, Хат, Есеннің кірпісі деген әңгімелері тағы бір топқа жинақталған. Жазушының көтерген күрделі тақырыбы ұлы отан соғысы жылдарындағы отан қорғаудағы қаһармандық күреске арналған. Бұған автордың Тағы кездесті, Машинист, Жеткіншектер, Киіксор атты әңгімелері енеді. Жазушы Бегалиннің тағы бір үлкен тақырыбы жас жеткіншектердің кейбір ұнамсыз мінез - қылықтарын, есірткен еркелердің олпы-солпы ұрыншақ мінездерін әшкере етеді, өмірге икемсіздікті мінейді, соларды түзу жолға, жөнге салуға, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Бұған автордың Ойламаған жүріс, Ұрыншақ, Жершіл шымшық, Бес батыр, Сымбатты Сима әңгімелері жатады. Жазушының шығармаларынан өмірді терең таныған мол тәжірибесі көрініп отырады және бұның өзі жасөспірім жеткіншектерге үлгі - өнеге болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, жазушы өз әңгімелерінде мектеп жұмысын өндірістік оқу жұмысымен тығыз байланыстырып, балаларды болашаққа, дұрыс бағытқа меңзейді. Сапарғали Бегалиннің шығармашылығындағы ең маңызды, қазақ балалар әдебиеті ғана үшін емес, жалпы қазақ әдебиетінде үлкен орынға ие туындысы Шоқан Уәлиханов жайлы жазылған повестері. Шоқанның өмірбаяны туралы, оның өміріндегі деректерді Бала Шоқан және Ғалым Шоқан дейтін екі тақырыптағы повестерге шоғырландырып берген. Бала Шоқан бөлімінде Мүсінші Мысық, Ақын алдында, Тұңғыш естелік, Сонаршылар тобында, Дала сұңқары қиырға қарайды, Есею жылдары секілді повестер берілген. Ал Ғалым Шоқан дейтін бөлімінде Жетісу сапары, Ыстықкөл сапары, Қашғария сапары, Петербург сапары, Петербургтен ауылға деп аталатын повестер, әңгімелер енген [5].
Б. Соқпақбаев та өзінің балалық, жастық шағынан мол қазына жинаған. Сол қазынаның келісті көрінісін Балалық шаққа саяхат, Өлгендер қайтып келмейді туындыларынан көруге табады [6]. Б. Соқпақбаев ұлттық әдебиетімізге соғыстан кейінгі жылдары келіп қосылған өзіндік келбеті мен дара болмысы бар талантты жазушыларымыздың бірі. Бұл уақыт қазақ прозасының ерекше жемісті, өнімді тұстарының бірі болғандығы анық. Нақ осы кезеңде қазақ көркемсөз өнерінің биігіне көтерілген Ә. Нұрпейісов, Т. Ахтанов, С. Шаймерденов, Б. Соқпақбаев, З. Қабдолов, Н. Ғабдуллин, тағы да басқа бір топ қарымды қаламгерлер ұлттық прозаға жаңа тақырыптар мен идеялар, мінездер ғана алып келген жоқ, сонымен қатар, оның поэтикалық өрісін кеңейтті.
Қаламгер әдебиетке әуел баста ақын ретінде келді. Жазушының тұңғыш өлеңдер жинағы 1950 жылы Бұлақ деген атпен жарық көрді. Жинақтағы тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлең-тақпақтар да орнымен, ойнақы қозғалған тақырып та, ой, өнегелік сөз де бала ұғымына қона кетеді. Тілінің жеңілдігі мен әуенділігі, аса ықшам болып келуі балаларды қызықтырады. Кезінде балғын оқырмандардың ықыласына бөленген бұл жинақтың қазақ балалар әдебиетінде өз орны бар екендігі даусыз. Шығармашылық жолы өлең жазудан басталғанымен қаламгердің суреткерлік қарымы прозада танылды. Б. Соқпақбаев шеберлік мектебі саналатын әңгіме жанрында да елеулі еңбек етті. Көрнекті орыс жазушысы Чехов қысқа жазудың, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Балалар әдебиеті - тәрбие құралы
Қазақ әдебиетінің тарихы
Халық ауыз әдебиеті пәнінен практикалық сабақтың әдістемелік нұсқауы
«Білгенге маржан» баспасының бизнес- жоспары
Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері
Бізде балалар әдебиеті жасалмаған әдебиет
Қиял ғажайып ертегілер
Бердібек Соқпақбаев - балалар жазушысы
Қадыр мырзалиев шығармашылығының ерекшелігі
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті
Пәндер