Ш.Құдайбердиев лирикасы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктерін, кейбір аффикстердің қызметін, бейнелегіш амал-тәсілдерін анықтау және талдау жасау



Кіріспе
I. Тарау. Ш.Құдайбердиев лирикасы тілінің лексика.фразеологиялық ерекшеліктері
1.1. Ш.Құдайбердиев лирикасындағы омоним сөздердің қолданысы
1.2. Ш.Құдайбердиев лирикасындағы антоним сөздердің қолданысы
1.3 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы синоним сөздердің қолданысы
1.4 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы фразеологизмдердің қолданысы
1.5 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы перифраздардың қолданысы
1.6 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы сөз жасау тәсілдері
II. Тарау. Ш.Құдайбердиев лирикасындағы тілдік құралдардың стильдік ерекшеліктері
2.1 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы эпитет пен теңеудің қолданысы
2.2 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы метафора және
2.3 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы метонимия мен шендестірудің
қолданысы
2.4. Ш.Құдайбердиев лирикасындағы қайталау тәсілінің стильдік ерекшелігі
Қорытынды
Зерттеудің өзектілігі. Ш.Құдайбердиев сияқты ХХ ғасыр басындағы әдебиетіміздің белгілі өкілдерінің бірінің шығармашылығы әдебиеттану ғылымында бірнеше ғылыми зерттеулерге өзек болды. Ал оның шығармаларын тілдік және стильдік жағынан қарастыру мәселесі кенже қалып отыр. Ақын шығармаларын тілдік тұрғыдан зерттеген көлемді зерттеу, мақалалар жоқ деп айта алмаймыз. Бұл ретте зерттеуші А..Қонарбаева өз диссертациясында [1] Шәкәрім шығармашылық өнерінің тілдік қолданыс ерекшелігін қарастырған. Бірақ Шәкәрімнің шығармашылық ауқымы әлі толық зерттеліп болған жоқ. Жұмыстың жазылуына сонымен бірге ақын шығармаларының тікелей әсері болды. Яғни, әдеби тіліміздің белгілі кезеңіндегі көркем әдеби стильдің ерекшеліктерін көрсете алатын, қазақ тілінің бейнелілігін танытуға тиісті Ш.Құдайбердиев шығармалары сияқты әдеби үлгілерді зерттеу нысанасынан тыс қалдырсақ, онда өткен ғасыр басындағы әдеби тіліміздің ерекшеліктері түгел болмас еді.
Шәкәрім шығармашылығын зерттеуді бұлайша саралап қарастыру ғалым Р.Сыздықованың айтуынша, «ойшыл, аудармашы әрі заманында мерзімді баспасөз беттерінде өзінің азаматтық үнін қосқан көп қырлы таланттың ұлттық әдеби тілдің нормалану процесіне тигізген ықпалы мен үлесін айқындаудан туып отыр ... Қоғам өміріндегі күрт өзгерістер соны ұғымдарды туғызды, ал ол өз кезегінде ана тілінің сөздік қорынан көрініс тапты. «Шәкәрім мұрасының» стильдік-жанрлық өрісінің кең екендігі, оның тілдік-көркемдік тәсілдерді саналы түрде қолданып, өзіндік ізденістерге барғандығы, қаламына тән ерекшеліктердің молдығы мен әр алуандығы – осылардың баршасы бұл тақырыпты өз алдына бөлек арнайы зерттеуді қажет етеді» [2,187] – деген филология ғылымының докторы Р.Сыздық.
Осы тұрғыдан келгенде, Ш.Құдайбердиев лирикасының тілін лингво-стилистикалық тұрғыдан зерттеп, өлең құрылысындағы лексика-фразеологиялық ерекшеліктері мен сөздердің көркемдегіш құралдар

түрлерінде қолданылу сипатын айқындап беру – тіл білімінде ғылыми ізденісті қажет ететін өзекті мәселе.

Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 64 бет
Таңдаулыға:   
Кіріспе

Зерттеудің өзектілігі. Ш.Құдайбердиев сияқты ХХ ғасыр басындағы
әдебиетіміздің белгілі өкілдерінің бірінің шығармашылығы әдебиеттану
ғылымында бірнеше ғылыми зерттеулерге өзек болды. Ал оның шығармаларын
тілдік және стильдік жағынан қарастыру мәселесі кенже қалып отыр. Ақын
шығармаларын тілдік тұрғыдан зерттеген көлемді зерттеу, мақалалар жоқ деп
айта алмаймыз. Бұл ретте зерттеуші А..Қонарбаева өз диссертациясында [1]
Шәкәрім шығармашылық өнерінің тілдік қолданыс ерекшелігін қарастырған.
Бірақ Шәкәрімнің шығармашылық ауқымы әлі толық зерттеліп болған жоқ.
Жұмыстың жазылуына сонымен бірге ақын шығармаларының тікелей әсері болды.
Яғни, әдеби тіліміздің белгілі кезеңіндегі көркем әдеби стильдің
ерекшеліктерін көрсете алатын, қазақ тілінің бейнелілігін танытуға тиісті
Ш.Құдайбердиев шығармалары сияқты әдеби үлгілерді зерттеу нысанасынан тыс
қалдырсақ, онда өткен ғасыр басындағы әдеби тіліміздің ерекшеліктері түгел
болмас еді.
Шәкәрім шығармашылығын зерттеуді бұлайша саралап қарастыру ғалым
Р.Сыздықованың айтуынша, ойшыл, аудармашы әрі заманында мерзімді баспасөз
беттерінде өзінің азаматтық үнін қосқан көп қырлы таланттың ұлттық әдеби
тілдің нормалану процесіне тигізген ықпалы мен үлесін айқындаудан туып отыр
... Қоғам өміріндегі күрт өзгерістер соны ұғымдарды туғызды, ал ол өз
кезегінде ана тілінің сөздік қорынан көрініс тапты. Шәкәрім мұрасының
стильдік-жанрлық өрісінің кең екендігі, оның тілдік-көркемдік тәсілдерді
саналы түрде қолданып, өзіндік ізденістерге барғандығы, қаламына тән
ерекшеліктердің молдығы мен әр алуандығы – осылардың баршасы бұл тақырыпты
өз алдына бөлек арнайы зерттеуді қажет етеді [2,187] – деген филология
ғылымының докторы Р.Сыздық.
Осы тұрғыдан келгенде, Ш.Құдайбердиев лирикасының тілін лингво-
стилистикалық тұрғыдан зерттеп, өлең құрылысындағы лексика-фразеологиялық
ерекшеліктері мен сөздердің көркемдегіш құралдар

түрлерінде қолданылу сипатын айқындап беру – тіл білімінде ғылыми ізденісті
қажет ететін өзекті мәселе.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Зерттеудің негізгі мақсаты – Ш.Құдайбердиев лирикасы тілінің лексика-
фразеологиялық ерекшеліктерін, кейбір аффикстердің қызметін, бейнелегіш
амал-тәсілдерін анықтау және талдау жасау. Аталған мақсатты орындау үшін
мынадай міндеттерді атқару көзделді:
- Ш.Құдайбердиевтің поэтикалық тілінің лексика-фразеологиялық
ерекшеліктеріне тілдік-стильдік тұрғыдан талдау жасау.
- Кейбір аффикстердің қызметтерін ғана емес, олардың актив-пассивтігі,
стильдік немесе басқа да мотивтерге орай пайдаланғандығын қарастыру.
- Ш.Құдайбердиев өлеңдерінің поэтикалық тіліндегі, атап айтқанда,
эпитет, теңеу, метафора, метонимия т.б. көркемдегіш құралдардың
семантикалық және стилистикалық табиғатын ашу.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Ш.Құдайбердиевтің ақындық шеберлігін
зерттеу барысында оның поэтикалық тілі бейнелегіш-көркемдегіш сөздерге бай
екендігі және оның ұтымды қолдануда өзіне ғана тән ерекшеліктері бар
екендігі ашылды. Ақын лирикалық шығармаларында тілімізде бұрыннан бар
фразеологизмдердің жаңа құрылымдарын жасап, варианттылық әдісіне көп
жүгінген, сөзге образдылық сипат беруге барынша көңіл бөлген. Ақын стильдік
құралдарды – троп түрлерін, омонимдерді, антонимдерді, синонимдерді,
тұрақты сөз тіркестерді тағы басқаларды шебер қолданған. Сол арқылы
Ш.Құдайбердиевтің қазақ поэзиясына, әсіресе, сөздік құрамының баюына көп
үлес қосқандығы белгілі болды. Бұл диплом жұмысында алғаш рет Шәкәрім
шығармашылығындағы кейбір сөзжасамдық тұлғалардың қолданылу ерекшелігі
айқындалады. Ақынның поэтикалық тілі қазақ поэзиясын жаңа белеске-көркемдік
дәрежеге жеткізгені анықталады.

Зерттеудің нысаны. Ш. Құдайбердиев шығармашылығындағы қазақ әдеби тілінің
лексикасын және сөз жасау тәсілдерін саралап, мағыналық реңктерін талдау,
жүйелеу, көріктеуіш тәсілдерін зерттеу мәселелері жатады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
1. Ш.Құдайбердиевтің жаңадан сөз тіркесімдерін жасау арқылы бұрын
кездеспейтін мағыналық реңктерді поэзияға енгізе алғандығы;
2. Тілімізде бұрыннан бар сөздерді жаңа қырынан соны бояумен, өзгеше өңмен
жұмсай білетіндігі;
3. Фразеологизмдер мен перифраздарды қолдану арқылы, өзінің поэтикалық
қорын молайтқандығы;
4. Көркемдегіш құралдарды сан алуан өзгерістерге түсіру арқылы жаңа тілдік
қолданыстарды көбейткендігі.
Жұмыстың құрылымы: Диплом жұмысы кіріспе, екі тарау және
қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

I. Тарау. Ш.Құдайбердиев лирикасы тілінің
лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
1.1. Ш.Құдайбердиев лирикасындағы омоним сөздердің қолданысы
Шәкәрім поэзиясында омонимдердің бояуы әр түрлі мақсатта
қолданылады. Ақын өз шығармасының көркемдік дәрежесін биіктету мақсатымен
омоним сөздердің орнын тауып қолданған. Омонимдер белгілі контексте,
әсіресе, өлең жолдарында кездесіп келіп ой ойнақылығын тудырады. Ұқсас
сөздерден мағынасы мүлде ұқсамайтын мағына аңғарылады. Омоним сөздерді
дұрыс қолдану образды бейнелі, әсерлі көрсету үшін тіл көркемділігінің
шынайылығымен жан-жақты мағыналық топтарын анықтау үшін қажет. Кез келген
көркем шығармада омонимдерді ажырату көп мағыналы сөздерден контекстік
сипаты басым келеді. Қазақ тілі лексикасы бір буынды түбірден болған
омонимдерге бай. Бір буынды түбірден болған мағыналардың арасында
семантикалық байланыс үзіліп, полисемиядан ажыраған омонимдер Шәкәрім
поэзиясында көрнекті орын алған.
Жарымның нұрына жанып,
Тәнім көмір бола қалып.
[294]
Жардың сөзін құран қыл,
Шатақ дін мен заңнан без!
[59]
Осындағы омоним сөздер- жар. Шәкәрім шығармаларында жар (әйел)
өзінің бастапқы мағынасынан айырылып, Құдай бейнесін беретін идеалды образ,
символ деңгейіне дейін трансформацияланған. [3,35]
Сондай-ақ, жар сөзі іс-қимылды білдіріп, етістік қызметін де
атқарып тұрады. Мысалы:
Ішін жарып, ішек жалғап, сүйек қиып,
Жамайды ерін, мұрын, түскен тісін.
[138]
Жүрегімді жарып алып,
Ағызды арамын, насын.
[145]
Жар сөзі тура мағынасында келіп әйел мағынасын білдіреді:
Бейісте бар сұлу жар,
Мінсіз таза, хор қыздар.
[243]

Жар сүймесе баласы жай білмесе,
Қанды жасы көзінен қайтып ақпас.
[162]
Өзге асықтар қызғанады,
Басқалардан өз жарын.
[254]
Жар сөзі табиғат әсерінен (жел үрлеп, су шаюдан) пайда болған, биік
қабақ тік жаға мағынасында да қолданылған. Соған қоса қиыншылық көріп,
тауқыметін тартқан азабын аңғарту сияқты ұғымды білдіріп, аңғартады:
Жарға жетсем болғаны,
Суалған көңіл толғаны.
Басыма қыдыр қонғаны,
Ақсам-дағы миллион жыл!.
[249]
Шәкәрім шығармашылығында омоним сөздерді қатарластырып алуы да
кездесіп қалады. Мысалы:
Кетті еріншек өкпелеп,
Қайта келіп қонбасқа.
Өкпеге тағы тепкілеп,
Тарланды салдым болмасқа.
[54]
Осындағы өлеңнің бірінші жолындағы өкпелеп іс-қимылды білдіріп,
адамның көңіл-күйін білдірсе, үшінші жолдағы өкпе заттық мағынада тұрып,
анатомиялық атау болып тұр.
Бір сөзде бірнеше мағына болуы мүмкін, бірақ, бұл байлықты аса
сақтықпен абайлап пайдаланған дұрыс. Өйткені омоним сөз орынды жерде
тұрмаса, сол арадағы ұғымды бұлдыратып, көмескі, түсініксіз тіпті кейде екі
жақты мағына беруі мүмкін ... шын өнер иелері омонимді сарабдал таңдайды.
(4,19)
Өлең жолдарында қатар тұрмай, қатар алынбаған омонимдер ой мен
сезімге көркем шығарманы ажарлауға қызмет ете алмайды.
Шәкәрімнің поэтикалық тілінде мұндай омонимдер көп-ақ:
Газетке жаз, кітап жаз,
Бастыр,оқыт қазаққа.
[53]
Осындағы жаз етістік омонимі, бірақ осының басқа мағына беретін түрлері бұл
өлең жолдарында кездеспейді. Бірақ басқа өлең жолдарында кездеседі. Мысалы:
Суыр неге қазады таудың сайын?
Жаз жиып қыстық азық қылар
дайын. [262]
Кейде күннің райын,
Сипаттаған түсі бар
Бір айы мен бір айын
Жазы, күзі, қысы бар.
[143]
Атын өлең жолдарында өрнек тауып әдемі бояу үшін жиі қолданылатын
омонимдер бар: жас, жүз т.б
Жас I. Үстеу. Өмір өлшемі.
Жас күнде бойды үйретпе ерінгенге.
[169] Жас II. Зат есім. Жылағанда көзден шығатын сұйық
зат. Көз жас
Айла таппай адастым,

Қайғы артылып мойныма.
Ақылымнан шатастым,
Жас төгілді қойныма.
[47]
Сүйте-сүйте ашылып арандарын,
Алғызарсың бұл елдің қанды
жасын. [156]
Жас III. Зат есім. Адам.
Жастарым, құмар болма
көрінгенге [59]
Күндемей, шын міндесең разымын,
Қайта, жастар сөйтсін деп
тілегім бар [66]
Жас IV. Сын есім. Қарсы мағынасы-кәрі.
Жас көңілде жарық бар,
Кәріде кемдік анық бар.
[38]

Жүз. I. Зат есім, синонимі-бет, өң, келбет, дидар мағыналарында
жұмсалады:
Жүзіңді көргелі
Күн шықты қайтадан.
[45]
Көңілден суреті кетпес,
Жүзі-сиқыр, шашы –тұзақ.
[212]
Жүз II. Сан есім
Неше жүз автомобиль, арбаменен
Жіберсе де көңілі бір сенбеген.
[154]
Жүз мың ділдә алды да кедей сатты,
Шыдадым деп баланың қазасына
[152]
Бұл күнде жүз түрленіп, мың құбылып,
Көзіңді қызықтырар тым жылпылдап.
[73] Жүз III. Сын есім. Адамның мінез-құлқын білдіреді:

Молдеке-ау, оған таңданба,
Сол кіреді бейіске.
Екі жүзді сандалма,
Сен қаласың кейісте.
[342]
Жер жүзі IV. Зат есім, синонимі- дүние жүзі, әлем мағыналарында
жұмсалады.
Жер жүзіне қып-қызыл гүл бітірем,
Көзімнен қанды жасым сорғаласа
[259]

1.2. Ш.Құдайбердиев лирикасындағы антоним сөздердің қолданысы
Антонимдер Шәкәрім поэзиясының стильдік қызметінде жиі көрінеді. Ақын
өз шығармасының көркемдік қуатын арттыру үшін қарама-қарсы сөздерді өте
ұтымды пайдаланған.
Жеке суреткердің антоним сөздерді қолдануы шығарма тілінің
көркемдігін шыңдай түседі. Демек суреткер өзі суреттеп отырған құбылыстың,
оқиғаның екі жақты мәнін ашып қарастыруды мақсат етеді. Дүниенің басталуы
мен аяқталуы бар сияқты заттар мен құбылыстардың қарама-қарсы мәні бар. Сөз
жоқ, Шәкәрім поэзиясында барлық суреткерге тән антонимдер түгел қамтылған,
дос-жау, күн-түн, жер-көк, өмір-өлім, жақсы-жаман. Мұндай
антонимдер Абай шығармаларында жиі ұшырасады.
Ішім өлген сыртым сау,
Көрінгенге деймін-ау,
Бүгінгі дос ертең жау,
Мен не қылдым япырау
[5,64]
Осындағы дос, жау адамдардың арасындағы әлеуметтік топтардың
атауларына тән мағынада алып суреттелген.
Шәкәрім өлеңдерінде – дос, қас қарама-қарсы ыңғайда жиі алынып,
антоним сөздерді алудағы өзіне тән стильдік өрнектердің ерекшелігінің
арнасын анықтайды.
Бүгін дос, таң атса қас бола қалып,
Бұлт еттік, мен болдым деп ат аларлық .
[34]
Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұспан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
[64]
Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұспан сөгер сыртыңнан қайрап тісін
[65]
Ақын досы мен қасына деген ішкі сезімдік әсерін көрсету мағынасында
айтылған.
Шәкәрімнің поэтикалық тілінің стильдік бағытын анықтайтын зат
есімдік антонимдер: жер мен көк, күн мен түн, өмір мен өлім, тумақ
пен өлмек, жоқтық пен барлық. Ақын осы сөздердің мәнін яғни әлемдегі
құбылыс, оқиға тек дүниені танушы адамның ғұмырының барлық сатысы осы жер
мен көктің, күн мен түннің арасында , өмір мен өлімнің мәңгілік
бірлігін қарастырады. Жер мен көктің антонимдік қатары Абай
шығармаларында да кездеседі.

Біреуі көк, біреуі жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға
[5.64]
Бұл жолдарда жер мен көк қарсылық мәнде ғана айтылады. Шәкәрім тілінде:
Өмір, дүние, жер мен көк, өткен заман,
Ажал алмай қоймайды ешкімді аман
[64]
Пәрменімен айналған мәрхи фәләк-

Күн мен ай, жұлдыз, әуе, жер менен көк.
[63]
Бұл сөздер бүкіл поэзияның өз бойына тән стильдік өрнекке ие болып, түрлі
бояулы сипатқа ие. Осы сияқты Шәкәрім поэзиясында өмір мен өлім антонимі
кездеседі.
Өлім маған өмірден мың есе артық,
Жарға құрбан болуға жан жараса.
[259]
Шәкәрім тіліндегі өмір мен өлім антонимі бір-біріне ашық қарсы қойылып,
оның мәнін тереңнен толғайды. Өмір мен өлім - адам баласының болмысының
екі ұшы. Өмір – адам баласының шексіздігі, мәңгілігі болса, өлім - адам
болмысының шектілігі, тоқталу нүктесі. Бұдан да басқа антоним сөздер түрлі
мағынада, әр қилы мағыналы реңкті бейнелейді. Өмір – шексіз әлем сырын
аңғартса, өлім – сол әлем мәнін адамның соңғы өлім сәтіне тоқталғандағы
өмірді сезінер шағының мәнін толғап, түсіну сияқты мақсаттарын танытуға
негізделеді.
Шәкәрім шығармасында сын есімдерден болған антонимдер биік пен
аласа, күшті мен нашар, үлкен мен кішкене, ақымақ пен ақылды,
адалдық пен арамдық, арам мен адал, бұлдыр мен анық, піскен адам мен
шикі адам, сау мен науқас қолданған.
Бұл сын есімді антонимдерді қолданудағы Шәкәрімнің табысы мынада:
а) заттың сапасын, қасиетін анықтауда,
ә) кісінің мінез-құлқының , көңіл-күйінің қасиетін танып
білуге
жәрдемдесуде,
б) заттың сыр-сипаты мен белгілерін анықтауда,
в) зат пен құбылыстың түр-түсінің реңін танытуда,
г) заттың, құбылыстың дәмін, сипатын құрамын танытуда осы
антоним сөздерді пайдаланып тіл көркемдігін, ой көркемдігіне жетелеп,
айтылған ойдың эстетикалық сипатын, сымбатын танытуға жәрдемдеседі.
Ерді
адалдық жолға бастайтын,
Елді
арамдыққа әсте баспайтын,
Басшы адам қойылса.
[271]
Осындағы адалдық пен арамдық жай қарама-қарсы мәнде ғана айтылып тұрған
жоқ, бүкіл оқиғаның мәнін әдемі бейнелеп, жарқырата ашып тұр. Осы сияқты
ащы-тұщы, сау-науқас, ылай-тұнық, ащы-тәтті, антонимдері Шәкәрім
поэзиясының стильдік бояуын танытатын сөздер.
Ол суда ылай да бар, тұнық та бар,
Ылай суды тұнықтан кім айырар?
[276]
Тәні сау, миы науқастар,
Ондайға дәрі қона ма?
[234]
Дүниенің ащы-тұщы дәмін татпай,
Не болдың еш нәрсені білмеуменен?
[245]
немесе
Неге мұндай қатты айтты?-деп ойласам,
Өлеңнің сырты ащы, іші тәтті!
[40]
Автор әр өлең жолында жарыса қолданылған антонимдік қарама-
қарсылықтар арқылы оқырманға үлкен ой тастайды. Бұл антонимдердің ақын
тіліндегі көркемдік бояуы ерекше, осы антонимдер арқылы Шәкәрім өлеңінің
тереңіне еркін бойлап қарама-қарсы мағынадағы сөздердің ерекшеліктері
айқындалады. Шәкәрім поэзиясы антонимдерге өте бай.
Үстеуге қатысты таңертең-кеш, күні-түні, асты-үсті, алды-
арты, т.б антонимдері де қолданыс тапқан.

Өкінерсің, көрерсің,
Не таңертең , не кешке.
[57]
Алды-артыңа қаратпас,
Рахымы жоқ тым ит бар.
[105]
Күні-түні ойланып,
Жазудан да жалықтым.
Газет, кітап қолға алып,
Оқудан да талықтым.
[51]
Тілдегі антонимдер қарама-қарсы құбылыстарды біріне-бірін
шендестіріп, салыстыру арқылы күшті стильдік мән тудырады. Жалпы антоним
сөздердің қарама-қарсы контраст мағынада қолданылып ойды айқындай түсетіні
секілді, көңілге бірден орныға түсетіні бар, сезімге бірден әсер етеді.
Ақын тілінде етістік антонимдердің ерекшеліктеріне сай стильдік
бояуы да шынайы мазмұнды болып келеді. Атап айтқанда: қуанбақ-кейімек,
Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ не кейімек өзіңе еп пе?
[65]

Мұндағы қуанбақ не кейімек сияқты эмоциональды экспрессивті етістік
антонимдер Шәкәрім поэзиясының тіл көркемдігінің эстетикалық қуатын
арттыруға жәрдемдеседі.
Ақынның поэтикалық тілінде кейіпкердің қуана отырып жабырқай алатыны
сияқты жан-дүниесіндегі, болмысындағы өзгерістерді жан-толқынысының әр
алуан құбылысын сипаттауда етістік антонимдерінің қызметі ерекше байқалады.

Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап, суаласың.
Мақтаған кім , сөккен кім-онда ісің
жоқ.
Бәрібір сен де елерме дуанасың.
[64]
Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
[65]
Осындағы, қуану мен жабырқау, қуанбақ пен кейімек, мақтау мен
жамандау, мақтау мен сөгу антонимдері арқылы адам баласының
психологиялық сәтін әсерлі де әдемі бере білген.
Кетті, келді,
Толды, семді,
Өзгеленді бұл ғалам.
Туды, өлді,
Жанды, сөнді,
Өршіп енді қайтадан.
[270]
Мен кетемін,
Келеді тағы өмірге мендей
[270]
Жеңгеніміз желіктік желпең қағып,
Жеңілгенді жер болған атқа таңдық
[34]
Тумақ, өлмек-тағдырдың шын қазасы,
Ортасы-өмір, жоқтық қой-екі басы.
[154]
Тұрайын десең, жатқызар,
Буынды сүйтіп қатқызар.
[103]
Осы сияқты етістікпен келген антонимдер Шәкәрім тілінде молынан кездеседі.
Шәкәрімнің тіліндегі антонимдердің кез келген сөз бояуы қазақ
поэзиясының сөз құлпыртуына әсерін тигізді.
Шәкәрім қолданысында антонимдердің стильдік қызметі әсерлі де
көркем. Шынайы тіл табиғатының әсем өрнектеулеріне құрылып, оқырманына
үлкен әсер бере, шығарманың поэтикалық қуатын арттыруға қызмет етеді.

1.3 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы синоним сөздердің қолданысы
Синоним сөздер барлық тілге тән құбылыс, жалпы ауызекі тілде қалыптасқан
синонимдер бар да көркем әдебиет стилінде қалыптасқан синонимдер бар. Бұл
екі топ синонимнің әдеби тіл аясындағы қолданылуы бірдей емес. Көркем
шығармада жеке ақын-жазушының стиль ерекшелігіне байланысты қолданылатын
синонимдердің кейбіреулері халықтық сипат алып кетеді. Көркем шығармада
кездесетін синонимдердің дені сол автордың өзі қолданатын контекстік
ыңғайлас синонимдер болып кетеді. [6.32]
Шәкәрім поэзиясындағы синонимдердің қолданысы әлде-қайда өзгешерек.
Суреткер синонимдерді қайталау мақсатында емес, белгілі ойды толықтыра түсу
үшін нақтылап дәлелдей түсу ниетінде жұмсайды.
Синонимдерді стильдік ыңғайда қолдану суреткердің бәрінде бірдей
емес. Синонимдік қатар көркем шығарманың образды жетілдіріп эстетикалық
сымбатын арттыра түседі.
Шәкәрім поэзиясындағы синонимдік қатар ақын тілінің стильдік межесі,
суреткерлік қабілетінің табиғи талантымен ерекшеленеді. Ақын әр уақытта
айтқысы келген ойын оқырманды тебірентер түрлі сөзбен жеткізуге тырысады.
Мағыналас сөздер тобы бір ғана ақиқат шындыққа негізделіп бір ұғым
мағыналарының әр түрлі реңктерін бір-бірінен оздырып, түрлендіріп қолдану
қызметінде жұмсайды.
Шәкәрім өлеңдерінде бір мағынаны немесе бір ұғымда айтылуы басқа-
басқа болып келетін бірнеше сөзбен беру мүмкіндігінің молдығымен
ерекшеленеді. Ана тілінде синонимдер автордың айтпақшы ойының түрлі сипатын
ашып ойды өткір, терең тұжырымдап, нақтылай түсу үшін қызмет етеді.
Синонимдерді көп қолдану, оның аясын кеңейту, күллі қырын нәзік түсіне
біліп, талғап қолдану ақынның шеберлігіне байланысты.
Ымырт боп, қас қарайып, күн де батты,
Бір жерге шаршаған соң келіп жатты.
[76]

Осындағы өзара мәндес синоним сөздер: ымырт боп, қас қарайып,
күн де батты үш түрлі құбылыстың бір мәндегі кештің болғанын шебер
пайдаланған.
Синонимдерді көп қолдану ақынның сөз байлығының молдығынан хабардар
етеді.
Үміт үзген қорқақ ой
Дірілдеді қалшылдап.
Мүмкін емес-мұны қой -
Деп жалынды жалпылдап ...
[51]
бұл жолдардағы дірілдеу-қалшылдау деген қимыл-әрекет ұғымдарының
әрқайсысының өзіне тән өзгешелігі мен ерекшелігі болады. Дірілдеу сөзіне
қарағанда оның синонимдік қатары қалшылдау мағыналық салмағы күштірек
екенін байқауға болады. Синонимдік қатарға енген сөздер мағына жағынан бір-
бірінен сәл жоғары немесе сәл төмен дәрежеде болады.Синонимдер градация
жолымен өзгеріп отырады. Жоғарыдағы өлең жолдарындағы синонимдердің
әрқайсысы бірінен-бірі градация арқылы өзгеріп, дамып отырғанын байқауға
болады.
Синонимдер көркем әдебиетте поэтикалық реңкте жиі қолданылады.
Мысалы дірілдеу, қалшылдау, қатарына тоңу, мұздау, сақылдау,
синонимдері мағыналас, бірақ ақын ішкі сезімге тән мағыналық стильдік
қолдану тоңу, сақылдау емес дірілдеу, қалшылдау сөздеріне бой
ұрған.
Шәкәрім тілінде зат есімдік синонимдердің ішінде деректі, дерексіз
ұғымдағы өзара мәндес сөздер көп кездеседі. Мысалы:
Ортамыздан от жағып, өрт шығардық,
Көре тұра құтырып, күйіп-жандық.
[34]
Жуаны қылады зорлық,
Момынның көргені қорлық.
[82]
Сыяз сайын әркіммен арпалысып,
Күнде дау, күнде жанжал, шу болмақты.
[37]

Құмары-құлықпенен жығайын деп,
Айламен аялыма бұғайын деп.
[41]
Құрбылас-қулық пен айла баққан,
Олардан алдамшы деп көңілі қайтқан.
[32]
Осы күнде арамның жолдасы мол,
Қу мен сұмды кім жиса, шын мықты сол,
[68]
Тіліміз сын есімдік синонимдерге де өте бай, әсіресе адам іс-
әрекетінің сан-алуан әрекетін суреттеу барысында поэтикалық тілдің ең
шұрайлы бөлігін атқарады.
Тіпті мінсіз,
Кемшіліксіз
Есті қылған іс пе екен?
[234]
Залалы тие берсе мұқым жанға,
Рахымсыз, қайырымсыз боп
қысылғанда. [38]
Керім-кербез кей жігіт
Жек көреді-ау бүй десек
[56]
Кейбір сөз аласалау, сөзге сынық,
Көрінер, байқамасаң, мөлдір, тұнық.
[60]
Атқа тыным, адамға және жайлы
Алды-арты бірдей сұлу , көзге
ыңғайлы.
Оғаш, оғат, оқыра, сызаты жоқ,
Ер қайда сыр-сымбаты түгел сайлы!
[61]
Басқа сөз таптарының синоимі сияқты қазақ тілі етістік синонимге де
өте бай. Тілдегі синонимдердің түрлері өте көп болды. Бір мағынаны
білдіретін көп сөзді ойлап, соның ең қажеттісін үйлесімді етіп тауып,
өзінің тілдік қорына, поэтикалық сөз өрнегіне сұлу суретті әдемі бояуға
ендіруде Шәкәрімнің табысы аз емес:
Әлбетте, бұл-тағдырға наразылық,
Түбі аллаға қарсылық, ондайға
ерсе. [63]
Қоқаң қаққан қолайсыз бір адам бар,
Байлау, матау болмайды сөздерінде.
[60]
Өлмей, өшпей, қартаймай жүргің
келсе,
Ол болмай ма тағдырды жамандаған.
[64]
Емізбей, ұрып-соғып, түртеді,
Ержетіп, есі кірген баласын.
[142]
Шәкәрім ана тілінің байлығы мен оралымдығын танытатын, жалпы халық
тіліндегі синонимдердің молшылығын емін-еркін меңгерген.

1.4 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы фразеологизмдердің қолданысы
Фразеологизмдер - экспрессияның таптырмас құралы. Ол тіл-
тілдің бәрінде бар құбылыс. Және бұларды тілдің бөлекше бір
сипаттағы шырыны мен сөлі таусылмайтын дәмді элементтері деп
айтуға болады. Тілдің байлығы, тілдің сұлулығы, тілдің
өткірлігі дегеніміздің айрықша көрінер жері осы фразеологизмдер
маңы.
Қай елдің, қай жазушысының қай шығармасын алсаңыз да
тілдің осы халықтық элементтерінің сан түрін табуға болады.
Яғни қаламгердің қай–қайсысы да сөйлеудің халықтық формасын
пайдалануға бейім. [7.3] Мысалы, Шәкәрім жұмсаған буыны құру,
қас қараю, қабағынан қар жауу, көңілі басылу, үмітін үзбеу,
көңілі толу, жүз құбылу, соққы жеу тәрізділер жылдар бойы
қалыптасқан халықтық фразеологиялық қазынасы болады.
Шәкәрім халық тіліндегі фразеологиялық тіркестердің
кейбірінің мағынасын стиль қажетінен, суреттеп отырған оқиға,
өмір құбылысына лайықты, қосымша мағыналық реңк үстеп, жаңартып
жұмсайды. Мысалы: Шәкәрім тіліндегі кірпік қағу деген
фразеологизмдерді қабағыңды қаққанша қас болады деп, сырты
бүтін іші түтін деген фразеологизмді сырты сау, іші науқас елдің
дені, сыртыңды сыланасың өң беріп, ішіңнің түзетпейсің хатасын деп, ауызекі
сөйлеу тіліндегі етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда мақалының
мағынасы кеңейіп, қол тарлығы кезінде қымыз іш, ән сал, мас бол деген
үлгіде жаңа мазмұнға ие болып тұр.
Шәкәрім көбінесе халық тіліндегі фразеологизмнің мағынасына
жалғастыра өз ой түйдегін тұжырымдап тізіп, мақал мен мәтел тәріздес
қанатты сөз тізбегін де жасайды. Мысалы:
Жылы-жылы сөз айтса,
Жылан інінен шығады.
Қатты сөзбен бет қайтса,
Надан дінінен шығады,-
деген кәдімгі фразеологизмнің өлеңдегі қолданысында пайда болған бұл
жердегі өзгерісі ақынның айтпақ идеясын дәл, әрі әсерлі етіп үрдісінен
шыққан.
Ақын шығармаларында сондай-ақ сан атаулы ұйтқы болған
фразеологизмдер:
Алты бақан алауыз- ауыз- бірлігі кеткен, араз мағынасында:
Қазақтың қайратының түбі мәлім,
Алты бақан алауыз иттей үрді
[80]
Соматикалық атаулар ұйытқы болған фразеологизмдер. Көз соматизімінің
ұйытқы болуымен келген фразеологизмдер.
Көзін аш- Көкірегін, санасын ояту:
Құлағы мен көзін аш,
Оқу оқыт ғылым жай
[53]
Көзі тоймайды-қанағаттанбайды:
Жердің жүзін жесе де көзі тоймай,
Патшалар да болып жүр әлі арманда
[42]
Көз тоймас үзіп-жұлып алған малға
[37]
Сөйтсе де адам көзі бір тоймайды
[41]
Көңілі ояу, көзі ашық- оқыған, тоқыған, саналы адам:
Көңілі ояу, көзі ашық елде кім бар?
[150]
Көзі соқыр, көңілі қара- оқымаған, надан:
Наданның көзі соқыр, көңілі қара,
Қазаққа надан болмай бар ма шара
[272]
Көзі аларып- жақтырмау мағынасында:
Қалжыңдасып отырып ыза болып,
Көзі аларып, күресін адырайтар
[60]
Көрінгенге көз сүзбей- біреуге алақан жаймау:
Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп,
Қазақ қашан ел болар, құдайым-ау.
[70]
Кеудесінде болса көз- көзі ашық, оқыған, саналы адам:
Кеудесінде болса көз,
Жұғар сондай адамға
[55]
Көзін шел басу – Бір нәрсені байқамау мағынасында
Екі құлақ тарс бітіп
Шел басыпты көзімді
[167]
Адамның дене мүшелеріне байланысты тіркестің келесі тобы бас
соматизмімен келеді.
Басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды-өкіну мағынасында:
Тауға ұра ма басыңды,
Тасқа ұра ма,
Ал енді оған кісі қайтіп мінді?
[128]
Басыма қыдыр қонғаны-бақытты болу мағынасында:
Басыма бақыт қонғаны,
Ақсам-дағы миллион жыл.
Қабақ соматизміне байланысты.
Қабағына қар жауған-түрі ашулы, сұсты мағынасында:
Қабағынан қар жауған,
Қараңғы бұлт жоғалды
[87]
Қырын қабақ-жақтырмау мағынасында:
Қайтарында болады қырын қабақ
[69]
Шаш соматизміне байланысты:

Төбе шашы тік тұру –қорқу
мағынасында:
Адал десе тік тұрар төбе шашы,
Жиған малы бәрі арам,ішкен асы.
Желке соматизміне байланысты:
Жегенімді желкемнен сығып алды- қыспаққа алу мағынасында:
Жегенімді желкемнен сығып алып,
Бергені де құрысын жемтік қойы
[124]
Ал енді ақын шығармашылығындағы фразеологизмдерді мағынасына қарай
тақырыптық топтарға бөлсек:
1) Діни наным сенімге байланысты:
Тәңірінің таразысы
Тәңірінің таразысы тартылса әділ
[82]
Құдай жолы
Құдай жолын біле алмай, қу билеген
[78]
Тәңірі алдында
Тәңірі алдында өзіңе болар қиын
[95]
Алланың кәрі тиіп
Алланың кәрі тиіп адасты ма
[82]
Құдай кешер алда
Құдай кешер алда деп күнә қылмақ
[59]
тәрізді культтік фразеологизмдердің алатын орны ерекше.
1) Бірқыдыру фразеологизмдер өлшемдік ұғымдардың негізінде :
Бір жапырақ
Бір жапырақ азығы бойында жоқ
[71]
2) Қарғыс мәндегі фразеологизмдер:
Құдай ұрды
Алдауменен күн өтіп құдай ұрды
[80]
Ойнамасаң омақап
Ойнамасаң омақап, онан да арман
[126]
3) Қоғамдық-әлеуметтік факторларға файланысты фразеологизмдер:
Көзін аш
Құлағы мен көзін аш, оқу оқыт, ғылым жай [53]
Көрінгенге көз сүзбей
Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп
Қазақ қашан ел болар, құдайым-ай!
[70]
4) Адамды сипаттайтын фразеологизмдер:
Тепсе темір үзеді
Бар жақсымыз қулардың құлы болды,
Тепсе темір үзерлік, қайран, қайрат

Тәні сау болса, жаны ауру
Тәні сау болса, жаны ауру
Емдейін десең емдетпес
[8.124]
Тұрақы тіркестер жеке сөздің орнына жұмсалып қана қоймайды,
сонымен қатар мән-мағынасы жағынан үйлес келіп, бірінің орнына бірі
балама болып та қолданыла береді. Мұндай фразеологиялық синонимдер
Шәкәрім дастандарында көбірек кездеседі. Мысалы:
1) Өз бауырын оққа байлап өлтіртті деп,
Қалдыңдар обалына мына шалдың.
[156]
Оққа байлады-ажалға нысана етті, өлімге басын тікті.
2) Жөнелді күрең атпен сарындатып,
Атомға көпе-көрінеу байлап берді.
[159]
Ажалға белін байлау-дүние салу мезеті, өлім сағаты жету.
3) Бүгін мұнда кез болдың құдай айдап
[135]
Кез болды-тап болды, жолықты, ұшырасты.
4) Кер кеткен кеселдіге душар болдым
[134]
Душар болу-кезіге кетті, тап болды.
Мән-мағынасы жағынан қарама-қарсы болып келетін фразеологиялық
антонимдер де кездеседі:
1) Көңілі ояу, көзі ашық елде кім бар?
Наданның көзі соқыр, көңілі қара
осындағы көңілі ояу, көзі ашық-көзі соқыр, көңілі қара .
2) Үміт үзген қорқақ ой
[47]
Оны да сезбей, үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі
[40]
осындағы үмітін үзбей-үмітін үзген.
2) Жердің жүзін жесе де көзі тоймай,
Көз тойып, көңіл толмақ,
осындағы көзі тоймай-көзі тойып.
Шәкәрімнің фразеологизмдерді қолдануда лексикалық варианттар да
ұшырасып жатады:
[9,194-198]
1) Түлкі сөйтіп кетіпті қасқырды алдап,
Көкжал қалды өз қолын өзі жалмап .
[127]
Өз қолын өзі жалмау-өз бармағын өзі тістеді.
2) Енді менен күдер үз,
Жақындама бер таман!
[52]

Үміт үзген қорқақ ой
Дірілдейді қалшылдап
[47]

Атқа мінген жігіттен үмітім жоқ
[96]
осындағы күдер үз – үміт үз – үміт жоқ.
3) Тәні сау, миы науқастар,
Ондайға дәрі қона ма?
[234]

Тәні сау болса, жаны ауру,
Емдейін десең емдетпес
[233]
осындағы тәні сау, миы науқас-тәні сау болса,жаны ауру .
Ұшан теңіз анықтай жарқыраған фразеологиялық оралымдар Шәкәрім
дастандарында да молынан өрілген.
1) Соны ойлап көңілін басты Кебек батыр
2) Кебектің де қызға тұр көңілі ауып
3) Көрінгенге көз сүзген көрсе қызар ...
4) Екі көзін қан жауып, өңі қашып,
Шәкәрім шығармаларында әр түрлі стильдік мақсатта фразеологиялық
тіркестер қолданылған. Автордың қолдануында шығарма тілінде көркемдік
бейне, ойды жан жағынан сипаттау, қызметін атқарады.
Автор фразеологизмдерді көбіне, насихат, өсиет айту мақсатымен,
ойын бейнелі, әсерлі жеткізу үшін қолданған.
1. Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан,
Батырым, ондай жанға көңіл бөлме.
[131]
2. Кімнің көзі жетеді күні ертеңге.
[137]
3. Мен сені бүгін алып кет демеймін,
Осы екі елдің түбіне жет демеймін.
4. Қара қазан, сары бала қамын ойлап,
Келді ғой жайлы қоныс табам десіп.
[136]
5. Барымта алмай бітімге көнсе елім,
Қанша мал аяса, аярым жоқ қой менің.
[140]
Шәкәрім қолданған идиом, фразалар дыбыс үйлесімділігіне
(аллитерация, ассонанс) құрылған. Атап айтсақ : аяғынан алмау; қапы қалу;
кері кеткен; жылы жүрек; қаны қызбай т.б.
Көркем әдебиетте фразеологизмдер үнемі тек дайын қалпында алынбай,
әр түрлі жолмен жұмсалатыны белгілі. Соның бірі – жалпы халықтық норманы
автордың өңдеп, өзгертіп қолдануы. Фразеологизмдерді былай қолдануды арнайы
мақсат болатыны өзінен - өзі түсінікті. Осындай жолдармен Шәкәрім де
тұрақты сөз тіркесінің жаңа үлгісін жасап, фразеологиялық қорды байытуға
өзінің үлесін қосқан. Ол халықтық нормадағы түрлі тіркестерді қолдана
отырып, өзінің сөз қолданудағы стилін кеңейтті, кей тіркестерді өзінше
құрып, артына жаңа тіркестер афоризмдер қалдырды. Мысалы: асыл киім, нақақ
жала, нұр жүрек, аңғал батыр, кешу сұрау.
Шәкәрім поэмаларында әр түрлі сөз табынан жасалған фразеологизмдер
бар.
1. Есім тіркесті фразеологизмдер: еркек кіндік, еркек шора, жылы
жүрек, теріс бата, ыстық тас, аңғал батыр, қалың мал.

2. Одағай тұлғалы тіркестер: А, құдай, сақтай көр; Ай, дүние – ай,
т.б.
Шәкәрім дастандарындағы вариантты фразеологизмдердің компоненттер
құрамын мына төмендегідей топтастыруға болады:
1. Екі компонентті: обалы жібермеу, айла қылу (әдіс қылу), сылтау
табу (келіспеуге себеп ойластыру), хабар жетті (хабар, белгі
берді).
2. Үш компонентті: ажалға бел байлау (дүние салу мезеті), әркімге
жем болу (еңбегін, мал-жанын әркім бір пайдалану).
3. Төрт компонентті: қара қазан,сары бала (бала-шаға, өмірін
өксімеуін, отбасы амандығын қорғаштау мағынасында)

1.5 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы перифраздардың қолданысы

Көркем шығарма тілінде өзіндік тиімді орны, реті бар болып келетін сөз
қолданыс түрлері – перифраза.
Р.Сыздықова Абай туралы: қалыпты тілдік перифраздарды қолданумен
қатар, ұлы ақын перифраздық тіркестердің небір ойға келмейтін түрлерін
жасады деп, өмірді бұлдыр заман-қайта айналмас, жаңғырмас бұлдыр заман деп
немесе сұм жалған, қайран дәурен деп:
Бір қызық ісім екен сұм жалған да,
Қалжыңбасшыл өткізген қайран дәурен
дегендей дәстүрлі поэтикалық образдарды авторлық перифраздармен бергенін
көптеген фактілермен дәлелдейді. Қазақ поэзиясы тілінің перифраз саласына
енгізген Абайдың ең үлкен өзгеріс жаңалығы сандаған жаңа фразалар ұсынды,
образды тіркес жасаудың жаңа жолдарын көрсетті, осы орайда
перифрастиканы жүйеге айналдырды деп жазды.[10,18]
Шынында да, Абай тіліндегі перифраздар өзіндік ерекшелігімен бой
ұрып тұрған, бейнелі, көркем, жаңашыл-өте шебер жасалған және қисынымен
қолдануын тапқан тіркестер, олардың эстетикалық құндылығы да осында деп
көрсетеді.
Мұндай тың қолданыстар Шәкәрім шығармаларында да өз жалғасын тапты.
Шәкәрім тілінде жұмсалған перифраздар сонылығы жағынан да, саны
жағынан да бұрынғылардан өзгеше, жалпы халықтық тілде қалыптасқандары да,
өзі жасаған авторлық түрлері де бар. Мысалы, Шәкәрім өмір, тіршілік
дегенді :
Тойымсыз нәпсі, тұрақсыз дүние
[72]
Ей, Криз сенен менің ойым бөлек,
Бұл дүние шыр айналған бір дөңгелек
[48]
Байқап оқып отырсам, соның бәрі
Дүниені сұм, алдамшы деп жазады
[105]
деп жазады.
Жалған дүние
Қайғы көрсем: дүниенің жалғандығы,-
Дедім алдап, мінеки, алғандығы
[104]
Сұм дүние
Мен де соққы жедім-деп-сұм дүниеден,
Көп жазып ем, оныма өкіндім мен
[104]
Өмірді
Кейбіреулер жазады қу өмір деп,
Тұрағы жоқ, алдамшы, су өмір деп.
Көрген қызық, қылған іс-бәрі де ұшып,
Иә көлеңке, яки түс, у өмір деп
[105]

Бейнет көрме, біреуге бейнет берме,
Дүниеде-алдамшы, өмір-қу деп елірме
[108]

деп суреттесе, бұларды ақын өзіне дейінгі әдеби дәстүрден алған.
Шәкәрімнің көркем тіл кестесіндегі ерекшеліктің бірі –авторлық
перифраздарды қолдануы. Мысалы саналылық ұғымын Абай журектің көзі десе,
Шәкәрім көңілдің көзі:

Сол сықылды көңілдің көзі ашылса,
Көп ойланып қиынға сермей-сермей.
[59]
Бас-көзі жұмылады,
Көңіл көзі жұмылмайды
[545]
деп қолданған.
Шәкәрімнің тіліне зер сала қарайтын болсақ перифраздардың сан алуан
түрлері кездеседі. Мәселен :
Ақынның тіл кестесіндегі көзге түсер ерекшеліктердің бірі –
1) поэтикалық (еркін) перифраздарды қолданулары:
Сөйтсем олар керең, соқыр,
Көздегені-қара су.
Құлағы тас, ұқпай отыр,
Жүрегі мұз, қардан
[150]
Мұнда адам жүрегін бейнелеуде перифраз тәсілі сәтті шыққан.
2) эвфемистік перифраздар. Тілдің екінші атаушысы ретінде перифраз алғашқы
номинацияны жай ғана ауыстырып қоймайды, ауыр ойды бүркемелеп, оны
жеңілдетіп жеткізеді. Яғни перифраздар арқылы айтайын деген ойын, ондағы
бір ұғымды сыпайылап, жұмсартып жеткізу мақсаты көзделеді де, бұл тұрғыда
оның эвфемизм сөздермен арақатынасы сәйкестенеді. Негізінен, эвфемистік
парафраза (перифраз) табу сөздерді немесе мағынасы суық, дөрекі, ыңғайсыз,
қолайсыз, анайы ұғымдарды майдалап, тігісін жатықтау етіп жеккізу үшін
қолданылады.
Шәкәрім шығармаларынан эвфемистік перифраздарға төмендегі мысалдарды
келтіруге болады:
Сен кеттің , тірі қалдым, ұлғайды арман,
Айрылып сорлы болдым ғашық жардан.
[207]
Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым.
Есіңді жи, ерте ойлан,
Қаза келді-өлдім де ...
[45]
3) Метафоралық перифраздар. Метафоралық перифразды қолдануда символдық
бейнелердің де өзіндік рөлі болады. Мысалы:
Ойым-у, өмірім-су, үмітім-бу,
Қалмады бір сүйеніш шат қылғандай
[130]
Перифраздың мұндағы мақсаты-ойды, өмірді, үмітті жай ғана сипаттай
салмайды. Ойым-ау деп халқының надандығына көңілі толмай, айтайын деген
ойын сыртқа айта алмай, ішінде шер болып қалғаны туралы айтса, өмірім-су
деп өмірдің-жалған, су сияқты ағады деп кететінін айтады, үмітім-бу деп
үмітінің бұлыңғыр, күңгірт екендігін перифраздармен беріліп, сол дәуірдің
шындық бейнесі дәл ашыла түскен.
4) Метонимиялық перифраздар. Бір заттың немесе құбылыстың атауының екінші
затқа не құбылысқа өзара іргелестігі, шектестігі негізінде атау болып
ауысуы және осыған орай , сөздердің ауыспалы мағынада қолданылуы
метонимияның өзара байланысы жуықтай түседі,тіпті екеуінің тегі бір болып
шығады. Мысалы:
Дінің шатақ, әдетің арсыздық деп,
Жақпадың молдалар мен халқыңа да.
Ендігі жас ескі исің шығады деп,
Олар да келмей отыр қартыңа да!
[138]
Үсті толған ас еді,
Нан алып же демейді,
Келемеж қылды кедейді,
Тоқ кісі не демейді
[484]
Балалар нашарлықтан оқи алмай
[137]
Мұнда ескі исің шығады деп яғни ескіліктің дәурені өткендігін, тоқ кісі
деп бай, жағдайы бар кісіні, нашарлықтан деп қолында жоқ, кедей адам
деген образды синонимдермен алмастырып берген.
5) Синекдохалық перифраздар. Синекдохадағы басты белгі бүтіннің орнына
бөлшек, көпшенің орнына жекеше, жалпының орнына жалқы немесе керісінше
алмасып айтылып, ауыспалы мағынада қолданылған сөздерде астарлы мән,
тартымды образ жататын болса, синекдоханың да табиғаты перифразға жақын
мәселенің бірі екені аңғарылады. Мәселен Ш.Құдайбердиевтің дастанында
мынадай жолдар бар:
Көзі өткір, қараторы жігіт екен,
Орта бойлы, тапалдау, кең иықты.
[294] Ақын сұлу мүсінді жігіттің бет әлпетінің әр түрлі
бөлігін алып, оған анықтауыш сөзін қосып, бөлшектер арқылы шебер де әсем,
анық суреттер жасай білген.

1.6 Ш.Құдайбердиев лирикасындағы сөз жасау тәсілдері
ХХ ғасырдың басындағы шығармаларда морфологиялық тұлғаларды
қолдануда қазіргі тілімізбен салыстырғанда кейбір өзгешеліктер кездеседі.
Бұлар Х1Х ғасырдың екінші жартысында жарық көрген поэзиялық туындылар мен
әңгімелердегі грамматикалық ерекшеліктермен ара-тұра ұқсас келеді. Әсіресе,
қазақ тіліндегі септеу, тәуелдеу, жіктеу жүйесі, ХІХғасырдан да көп бұрын
қазіргі нормада тұрақталған. Сондай-ақ етістік саласындағы біраз
категориялар (шақ, етіс, жекеше-көпшелік т.б.) қазіргідей түрінде
нормаланған. Әрине, бұдан ешбір айырма-өзгеріс жоқ деген тұжырым шығуы
мүмкін емес. Мысалы, кейбір морфологиялық тәсілдің сыртқы тұлғалануы
жағынан өзгешелеу болуы мүмкін: баратұғын-баратын, менен-мен, дайын-дай
т.т.
Сондықтан осылардың барлығы Шәкәрім тілінің грамматикалық құрылысын
да сипаттап өтуді қажет етеді. Жоғарғы айтылған принциппен мұнда біз тек
кейбір категорияларды ғана талдаймыз. Атап айтқанда:
1.Сөз жасау тәсілдері .
2.Кейбір морфологиялық тұлғалардың қызметі.
3.Кейбір морфологиялық тұлғалардың варианттылығы (тұғын-тын,

Менен-мен, дағы-да, дайын-дай т.б.)
Бұларды талдауда көздейтін мақсаттарымыз – ең алдымен әдеби
тіліміздің даму барысының бір дәуіріндегі – ХХ ғасырдың алғашқы
жартысындағы – грамматикалық сипатын көрсету. Екіншіден, грамматикалық
тұлға-тәсілдерді активтендіру, нормалау ісіндегі Шәкәрімнің қызметін
таныту. Бұл жердегі талдау Шәкәрімнің өзі жасаған жаңа сөздер туралы емес,
Шәкәрім тілінде кездесетін жалпы туынды сөздер жайында. Яғни Шәкәрімде
кездесетін сөз тудырушы жұрнақтарды және синтаксистік амалдарды орнықтыру
(регистрациялау) мақсатын көздейміз. Талдау үстінде кейбір аффикстердің
қызметтері ғана емес, олардың актив-пассивтігі, стильдік немесе басқа да
мотивтерге орай пайдаланғандығы қоса сөз болып отырады.
Енді Шәкәрім шығармаларынан көптеген мысалдар келтіру арқылы, кейбір
аффикстердің атқарған қызметіне талдау жасамақпыз.
-шы,-ші жұрнағы қазіргідей Шәкәрім тұсында да өнімді аффикстердің
бірі. –Шы-ші аффиксі кәсіп иесінің, мамандықтың атауларын білдіреді.
Шәкәрімде бұл мағынадағы сөздер көп: тұзақшы, су алушы, малшы, жылқышы,
қойшы, еңбекші, ойнасшы, қала билеуші, қайыршы, басшы, заңшы, ысшы кісі,
башмақшы т.б. Мысалы:
Бешпет, шалбар-сукнодан
Тігінші тіккен ақша алып
[57]
Шақыртып жиып алды уәзірлерін
Ақылшы,ақсақалды кеменгерін
[467]
Күнде осындай табылмас бізге басшы,
Күл болса кейінгіде қозғаларлық
[33]
1920-30 жылдары –шы-ші, -қыш, -кер-гер аффикстері арқылы жасалған
бір ұғымды білдіретін варианттар жарыса қолданылды. Мұндай варианттар
Шәкәрімде де кездеседі:
Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан
[32]
Айтқаны қате кетпес бір балгерді
Әкепті естіген соң даңқын сырттан
-шыл,-шіл жұрнағы адам мінезінің қасиетін, оның бір нәрсеге
бейімділігін білдіреді. –шіл жұрнағы жалғанған сөздерді жағымсыз мазмұндағы
ұғымдарды білдіруге жұмсайды:
Өзімшіл, надандықтан көзі ашылып,
Аңғарар адал жолға жақындарын.
[188]
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін
[65]
Әрине, -шыл-шіл жұрнағын Шәкәрім әрдайым жағымсыз қасиетті атау
үшін ғана емес, жағымды жақтарын көрсету үшін пайдаланған:
Таза, еңбекшіл, азға да қанағатшыл,
Халқына қанағатсыз қызмет қылар.
[480]
Таныса ақын, ойшыл адамымын.
[188]
Пекиндегі ақылшыл ұлықтарды
[470]
-шыл-шіл аффиксі саяси термин жасауда да жиі қолданылды. 1929 жылғы
ғылыми –орфографиялық конференцияда интер –националдық сөздердегі –ист,-изм
жалғауларын қазақ тілінің –шыл аффиксі арқылы аударып алу керек деп
ұйғарылды, мәселен, националист-ұлтшыл. [11, 98]
Ұлтшыл деп сөгеді қазақ жасын,
Қорғау дұрыс емес деп әркім басын,
[477]
Шәкәрім тіліндегі ең өнімді жұрнақ –лық-лік, -дық-дік, -тық-тік.
Лық арқылы жасалатын сөздердің морфологиялық құрылымы біркелкі емес: Ол
негізгі түбір тұлғаға да, туынды тұлғаға да жалғанған. Әрине, ең көп
ұшырасатыны –бұл жұрнақтың тікелей түбірге жалғануы: жарлық, өмірлік,
мырзалық, зұлымдық, аштық, достық, жомарттық, өктемдік, ұрлық т.б.
Бұл жұрнақтың түбір сөзге жалғанғандағы беріп тұрған (Шәкәрім
тілінде) мағыналары мен қызметтері мынадай:
1.Абстракт ұғымдарды, яғни құбылыс, күй, сапа атауларын, адам
өмірінің кезеңдерін т.б. білдіретін зат есімдер жасайды:
Қайратың қалып,
Ақылдан танып
Кәрілік келсе басыңа
[30]
Жомарттық па осы тұр ?
[485]
Өктемдікпен зор айтқан патсалығы,
Маңдағы нашар елдің бәрін қырып
[479]
Арамдықтан көңілді арылталық
[33]
Жандаралдан көріп пе ең бір жақсылық
[469]
2. –Лық жұрнағы арқылы жасалған сөздердің бір тобы нәрсе атауларын
білдіретін зат есімдер болып келеді:
Бас уәзірін шақырып жарлық айтып,
Осыны қылсын дейді барша қауым
[475]
Бұлар –лық аффиксінің түбір сөзге тікелей жалғанған түрлері мен
қызметтері. Қалған жағдайларда –лық жұрнағы туынды түбірлері жалғанған,
яғни өзге аффикстермен тіркесте келеді. Олар: -шы +лық, -ар +лық,-ды+лық,
-сыз+дық қосындылары .
-Шы+лық-шілік, -шыл+дық-шілдік. Бұл күрделі аффикстердің қолдану
аясы 1920-30 жылдары қазіргіден гөрі кеңірек болды. Бұл аффикстер тіркесі
Шәкәрім өлеңдерінде екі күйде кездеседі: бір ретте ол тұтас, екіге
ажыратылмайтын жұрнақ болып келеді. Мысалы, адамшылық, жаманшылық,
зұлымшылық, құдайшылық, кемшілік, аманшылық, қысымшылық сөздеріндегі –шы
компонентін кәсіп не мамандық иелерін білдіретін жұрнақ деп табуға
болмайды. Ал Шәкәрім қолданған тіленшілік сөзіндегі жұрнақтар құрамын
кәсіп, мамандықты білдіретін –шы жұрнағы мен деректі ұғым атауын жасайтын
–лық жұрнақтарының қосындысы деп ажыратуға болады.
Сөйтіп –шылық жұрнағының екі түрінің екеуін де Шәкәрім аса актив
пайдаланып, онымен жасалған мынадай мағыналарды білдіретін сөздерді
қолданған.
1. Адамға тән қасет, белгі, күй қылықтардың атауы:
Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда,
Тал гүлдеп, шалғын өсіп, оңалғанда
[42]
Адамшылық іздесең, бұл жолға түс,
Алдау қылма біреуге қиянат-күш !
[479]
Алып-алып, өзіне дүре соғып
Елге күнде қылады зұлымшылық
[469]
Менің сөзім Аспанның сөзі емес пе ?
Осы екен, ойлап тұрсам, құдайшылық
[470]
Бұл жерде, ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары тілінің лексика-грамматикалық ерекшеліктері
Сапалық сын есімдер
Жазушы Бауыржан Момышұлының ‟Ұшқан ұя повесі тілінің лексика - фразеологиялық ерекшелігі
ШЫҒАРМА ТІЛІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ СТИЛЬДІК ҚАБАТТАРЫ
Қазақ тіл біліміндегі қазіргі когнитивті парадигмала
Сөйлеу әрекетінде лексиканың әдеби тіл нормасында қолданылуы
Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілек романы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
Тахауи Ахтановтың Қаһарлы күндер романының тілі
Б.Cоқпақбаев шығармалары
Қазақ тілі стилистикасы пәнінен дәрістер
Пәндер