Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің терминденуі



КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тіл – қоғам дамуының айнасы. Атап айтқанда, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы, қоғамдық,саяси, мәдени және экономикалық өзгерістер мен жаңалықтармен бірге жаңа ұғымдар да толассыз қолданысқа еніп жатыр. Осымен байланысты жаңа ұғымдарды атау, жаңа терминжасам үдерісі қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып, терминшығармашылығы өрісінде белсенді әрекеттерді талап етуде. Саяси-әлеуметтік өзгерістермен бірге ұлттық сана да жаңғырды, ұлттық тілдің қалыптасу, даму тарихы ұлттық тілді дамытудың болашақ бағыттарына сай үрдісін тереңірек зерттеп, анықтауды қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі ретінде белгілейді. Соған сәйкес ұлттық құндылықтардың ең негізгісі – ана тілін ғылым тіліне айналдыру үдерісі жандана бастады. Осы жолда тілдің даму тарихын зерттеп, термин қалыптастырудың тәжірибесіне үңіліп, оның озық жақтарын басшылыққа алу, бүгінгі қажетімізге жарату – маңызды міндет.
Соңғы уақытта қазақ тіл білімінде, атап айтсақ, Ә.Қайдардың, Ө.Айтбайұлының, Ш.Құрманбайұлының, Б.Қалиевтың, Е.Әбдірәсіловтің, С.Исақованың, Қ.Айдарбектің еңбектерінде терминология мәселесі пәрменді түрде зерттеліп, ұлттық ғылым тілінің қалыптасу кезеңдері анықталып, оны дамытудың бағыттары мен негізгі қағидаттары белгіленді.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай ұлт тілінде салалық терминдер жасау, ұлттық терминологияны қалыптастыру өзекті мәселеге айналып, орыс тілінен аударылған терминдерді жүйелеу, салалық терминдер сөздігін жасау секілді практикалық жұмыстар қарқын ала бастағаны белгілі. Сонымен бірге жеке қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері шығармашылығында, ғылымның жеке салаларында қолданыста жүрген терминдерді зерделеуге де назар аударыла бастады. Бұл жұмыстардың бәрінде араб, парсы сөздерінің терминдену тетігіне жеткілікті дәрежеде мән берілмей, лексикалық деңгейде сөз етіліп, көпшілікке бұрыннан белгілі пікірлер қайталанып келеді. Бұл жағдай ұлттық терминдер жүйесін жасаудағы көздердің бірі – араб, парсы тілдік бірліктерінің терминжасамға қатысты мәселелерін зерттеуді сол тілді білетін кәсіби мамандардың айналысуы қажеттігін туғызып отыр.
Қазақ тіліндегі терминдердің қалыптасуы мен дамуындағы араб, парсы бірліктерінің қызметін жеке зерттеудің қажеттігі осы тақырыптың өзектілігін белгілейді.
Зерттеудің нысаны. Қазақ тіліндегі барлық салалық терминдер жүйесіндегі араб, парсы кірме сөздері тікелей зерттеу нысанына айналды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты – қазақ тілі терминологиясындағы араб, парсы тілдік қабатын анықтап, оған ғылыми сипаттама беру. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер белгіленеді

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 28 бет
Таңдаулыға:   
ӘӨЖ 811.512.122’373.45
Қолжазба құқығында

ЖИЕКБАЕВА АЙГҮЛ БАЙМОЛДАҚЫЗЫ

Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздерінің терминденуі

10.02.02 – қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындаған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010

Жұмыс әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орындалды

Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының
докторы,
профессор
Ш.Құрманбайұлы

Ресми оппоненттері: филология ғылымдарының
докторы,
профессор
А.Алдашева

филология
ғылымдарының кандидаты
Г.Имашева

Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық
университеті

Диссертация 2010 жылы 12 наурызда сағат
14.00-де
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы 10.02.06 – түркі
тілдері және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша филология
ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д
53.38.01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады (050010 Алматы
қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми
кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі,
28).

Автореферат 2010 жылы 12 ақпанда таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор
Ж.А.Манкеева

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тіл – қоғам дамуының айнасы. Атап
айтқанда, ғылым мен техниканың қарқынды дамуы, қоғамдық,саяси, мәдени және
экономикалық өзгерістер мен жаңалықтармен бірге жаңа ұғымдар да толассыз
қолданысқа еніп жатыр. Осымен байланысты жаңа ұғымдарды атау, жаңа
терминжасам үдерісі қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып,
терминшығармашылығы өрісінде белсенді әрекеттерді талап етуде. Саяси-
әлеуметтік өзгерістермен бірге ұлттық сана да жаңғырды, ұлттық тілдің
қалыптасу, даму тарихы ұлттық тілді дамытудың болашақ бағыттарына сай
үрдісін тереңірек зерттеп, анықтауды қазақ тіл білімінің өзекті
мәселелерінің бірі ретінде белгілейді. Соған сәйкес ұлттық құндылықтардың
ең негізгісі – ана тілін ғылым тіліне айналдыру үдерісі жандана бастады.
Осы жолда тілдің даму тарихын зерттеп, термин қалыптастырудың тәжірибесіне
үңіліп, оның озық жақтарын басшылыққа алу, бүгінгі қажетімізге жарату –
маңызды міндет.
Соңғы уақытта қазақ тіл білімінде, атап айтсақ, Ә.Қайдардың,
Ө.Айтбайұлының, Ш.Құрманбайұлының, Б.Қалиевтың, Е.Әбдірәсіловтің,
С.Исақованың, Қ.Айдарбектің еңбектерінде терминология мәселесі пәрменді
түрде зерттеліп, ұлттық ғылым тілінің қалыптасу кезеңдері анықталып, оны
дамытудың бағыттары мен негізгі қағидаттары белгіленді.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай ұлт тілінде салалық
терминдер жасау, ұлттық терминологияны қалыптастыру өзекті мәселеге
айналып, орыс тілінен аударылған терминдерді жүйелеу, салалық терминдер
сөздігін жасау секілді практикалық жұмыстар қарқын ала бастағаны белгілі.
Сонымен бірге жеке қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері шығармашылығында,
ғылымның жеке салаларында қолданыста жүрген терминдерді зерделеуге де назар
аударыла бастады. Бұл жұмыстардың бәрінде араб, парсы сөздерінің терминдену
тетігіне жеткілікті дәрежеде мән берілмей, лексикалық деңгейде сөз етіліп,
көпшілікке бұрыннан белгілі пікірлер қайталанып келеді. Бұл жағдай ұлттық
терминдер жүйесін жасаудағы көздердің бірі – араб, парсы тілдік
бірліктерінің терминжасамға қатысты мәселелерін зерттеуді сол тілді білетін
кәсіби мамандардың айналысуы қажеттігін туғызып отыр.
Қазақ тіліндегі терминдердің қалыптасуы мен дамуындағы араб, парсы
бірліктерінің қызметін жеке зерттеудің қажеттігі осы тақырыптың өзектілігін
белгілейді.
Зерттеудің нысаны. Қазақ тіліндегі барлық салалық терминдер
жүйесіндегі араб, парсы кірме сөздері тікелей зерттеу нысанына айналды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты –
қазақ тілі терминологиясындағы араб, парсы тілдік қабатын анықтап, оған
ғылыми сипаттама беру. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер
белгіленеді:
- ғылымның әртүрлі саласындағы араб, парсы сөздерінің үлес салмағының
әртүрлі болуының экстралингвистикалық және лингвистикалық себептерін
айқындау;
- араб, парсы лексикасының терминдену ерекшеліктері мен ену арналарын
айқындау;
- араб, парсы сөздерінің ғылыми терминологиядағы үлес-салмағын анықтау;
- жаңадан жасалған терминдер негізінде кірме сөздерді терминдер жүйесін
дамытудың бір көзі ретінде көрсету;
- кірме терминдердің құрылымдық және сөзжасамдық ерекшеліктерін
сипаттап, ең өнімді терминжасау үлгілерін айқындау;
- араб, парсы сөздерінің терминжасамдағы негізгі дыбыстық, графикалық,
морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік, семантикалық негізгі
белгілерін анықтау;
- араб, парсы тілдері арқылы қалыптасқан терминдердің мазмұнындағы көп
мағыналылық, синонимия, омонимия құбылысын талдау;
- қазақ терминжүйесіндегі орыс тілі арқылы енген, бірақ генетикалық
төркіні жағынан шығыс тілдеріне қатысты терминдерді нақты және
жаратылыстану ғылымдарының терминдері, шығыстың өмір-салтына қатысты
баламасы жоқ лексика негізінде жасалған терминдер деп жіктеп көрсету;
- халықаралық терминдер қатарына араб, парсы сөздерінің енуі олардың
терминдік мағынасының кеңеюіне байланысты екенін дәлелдеу;
- түсіндірме және терминдер сөздіктеріндегі кірме сөздерге берілген
анықтамаларды салыстыру, осы мағыналар арасындағы семантикалық-
мағыналық байланыс дәрежесін айқындау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Зерттеуде араб, парсы
бірліктерінің терминденуі ғылыми деректерге негізделіп, кешенді түрде
арнайы зерттеу нысаны ретінде қаралды.
- ғылымның түрлі салалары тіліндегі араб, парсы тілдік қабаты анықталып,
олардың терминдер жүйесінде орын алуының экстралингвистикалық,
лингвистикалық себептері анықталды;
- алғаш рет араб, парсы тілдік элементтерінің терминдену процесіндегі
кезеңдері белгіленді;
- араб, парсы сөздерінің ғылымның әртүрлі салаларындағы үлесі анықталып,
оның ішінде қоғамдық ғылымдар терминдерінің қатарындағы араб, парсы
сөздері екі үлкен топқа бөліп қарастырылды: 1) жалпы ғылыми сипатымен
ерекшеленетін, қоғамдық ғылымдар салаларының бірнешеуіне ортақ
терминдер; 2) терминологиялық лексика, яғни терминдер жүйесіне
енгізілген атаулар жиынтығы.
- кірме сөздердің терминжасамдағы әлеуеті бағаланып, қателіктер ашылып
көрсетілді;
- ғылыми айналымға енді түсіп жатқан араб, парсы тілдерінен енген, бірақ
қазіргі кезде байырғы элемент деп қарастырылып жүрген терминдер
табиғаты, оның түпнұсқа тілдердегі мағыналары мен қазақ тіліндегі
мағыналары салғастырылып, ерекшеліктері ашылып көрсетілді.
- ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында пайда болған жаңа
терминдердің араб, парсылық төркіні мен мағынасы анықталды.
Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында сипаттау, компонентті талдау,
құрылымдық-семантикалық, салыстырмалы-тарихи, статистикалық,
лексикографиялық сипаттау, синхрондық сипаттау әдістері қолданылды. Жаңадан
жасалған терминдерді анықтауда ғылыми зерттеулер, оқулықтар, баспасөз
құралдарына шолу жасалды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу барысында
жасалған тұжырымдар қазақ тіл біліміндегі кірме сөздерді зерттеу мәселесін
толықтыруға өз деңгейінде үлес қосады. Зерттеу нәтижелерін араб-парсы-қазақ
тілдерінің салғастырмалы грамматикасы курсын дайындауда қолдануға болады.
Қазақ әдеби тілінің тарихы, терминтану сияқты теориялық курстардан дәріс
оқуда пайдалануға болады. Зерттеу барысында жиналған деректерді терминдер
сөздігін, этимологиялық сөздік құрастыруда, қолданбалы терминологияның
практикалық мәселелерін шешуде пайдалануға болады. Зерттеу жұмысы
терминтану, мәдениеттану пәндері бойынша оқу құралдарын, оқулықтар
құрастыруда, арнайы курстар оқуда көмекші құрал бола алады.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар:
□ Терминология – ақпарат алмасу көзі, мамандықты меңгерудегі құрал,
техникалық прогресті жылдамдату тәсілі ретінде адамдар арасындағы қарым-
қатынаста маңызды фактор;
□ ХХІ ғасырдың шапшаң өзгеріп жатқан өмір шындығында әрбір индивид өзінің
кәсіби біліктілігі арқылы, белгілі бір арнайы тілдің (ғылым саласының)
иесі ретінде танылады. Бұл білім беру саласында терминдердің мәнін дұрыс
түсіндіру, олардың табиғатын тану мәселесін өзектендіреді;
□ Терминология – ақпарат көзі, сонымен бірге терминология – лексиканың
сыртқы өзгерістерге сезімтал, онымен тығыз байланысты бөлігі.
Терминологиядан қоғамдағы тарихи өзгерістердің кезеңдерін, себептерін,
өркениеттердің тегін, тілдің мәдени, ғылыми, техникалық әлеуетін тануға
болады;
□ Адам қызметінің белгілі бір арнайы саласының, ғылымның көрінісі ретінде
терминдер жүйесі сол білім мен ғылымның қаншалықты меңгерілгенін
танытады;
□ Ғылыми ұғым ғылыми ойлаумен байланысты. Сөз ғылыми ұғымды білдіру үшін
қолданылған жағдайда ғана ол термин ретінде қарастырылады.
□ Терминологияның қалыптасуы мен дамуында араб, парсы тілдерінің
лексикалық бірліктерімен қатар сөзжасамдық үлгілері (модельдері) маңызды
рөл атқарып келеді.

Зерттеудің дереккөздері. Зерттеу жұмысының дереккөзі ретінде ҚР
Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комитеті бекіткен 31 томдық
салалық ғылыми қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктері,
арабша-орысша, парсыша-орысша екі тілдік сөздіктер және әр жылдары жарық
көрген салалық терминдердің түсіндірме сөздіктері пайдаланылды.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның негізгі мазмұны
төмендегідей халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда
баяндалды: Қазақстандық арабтану ғылымы: тууы және дамуы тақырыбындағы
халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (2005 ж., 12 желтоқсан),
Исламтану және араб филологиясы мәселелері атты халықаралық ғылыми-
практикалық конференцияда (2005 ж., қаңтар), Ахмет Байтұрсынұлы оқулары
атты республикалық І ғылыми-теориялық конференцияда (2006 ж., 30-31
наурыз). Диссертация Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А.
Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының терминология бөлімінің
кеңейтілген мәжілісінде талқыланып (2010ж., қаңтар), қорғауға ұсынылды.
Зерттеу жұмысының мазмұнын ашатын 8 мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, 3 тараудан,
қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделеді, оның мақсаты мен
міндеттері белгіленеді, жұмыстың теориялық және практикалық маңыздылығы
айқындалады. Араб, парсы сөздерінің зерттелу дәрежесі, зерттеу әдістері мен
ғылыми жаңалығы тұжырымдалады.
Лингвомәдени байланыс қазақ тілі лексикалық жүйесі дамуының әлеуметтік-
тарихи контексінде деп аталатын 1-тарауда қазақ тіл білімінде араб, парсы
сөздерінің зерттелуі, қазақ тілі мен араб, парсы тілдерінің байланысы,
кірме бірліктердің тілімізге енуінің тарихи-лингвистикалық себептері
қарастырылады және араб, парсы сөздерінің терминдену кезеңдері
сипатталады.
Бірінші тараудың алғашқы тармағы Терминологиядағы кірме элементтердің
және қазақ тіл біліміндегі араб, парсы сөздерінің зерттелу жайы деп
аталады. Қазақ терминологиясын зерттеу мәселесінде Ә.Қайдаров, Ө.Айтбаев,
Б.Қалиев, Ш.Құрманбайұлы сынды ғалымдардың терминдік лексиканың нормалық
қасиеттері туралы ой-тұжырымдары, Б.Момынованың газет лексикасын, ондағы
қоғамдық-саяси атауларды ерекше номинативтік әрі функционалды бірлік
ретінде қарайтын ізденістері тілдік норманың қолданыстағы қырларын
айқындауға негіз болады.
Қазіргі кезеңдегі тез өзгеріп тұратын ұғымдар мен үнемі даму үстіндегі
терминдер заманында кірме терминдердің ұлттық терминологияны дамытудағы
рөлі үлкен. Қазақ тілі сөздік қоры әдеби тілінің тілдік қабаттарының бірі
болып саналатын араб және парсы кірме сөздері қазақ тілші-ғалымдарының
назарында болып келеді, олар біршама зерттеу жұмыстарында әр қырынан
қарастырылып зерттеліп жүр. Бұл тұрғыдан келгенде академик Р.Сыздық,
Л.Рүстемов, Ж.Оңдасынов сынды ғалымдардың сүбелі еңбектерін еске алуға
болады. Академик Р.Сыздықова Абай шығармаларының араб, парсылық қабатына
толық тоқталып, олардың қолданысындағы ерекшеліктерді ашып көрсетеді.
Сонымен қатар араб, парсы тілдік элементтердің түрлі кезеңдер мен әртүрлі
қаламгерлер шығармаларындағы көрінісіне Ж.Есеналиеваның,
Г.Құлназарованың, Б.Жұбатованың,
Г.Бүркітбайдың кандидаттық диссертацияларында сипаттама берілген.
Араб, парсы кірме сөздерінің терминологияны байытудағы қызметіне
арналған еңбектер туысқан түркі тілдерінде, атап айтқанда әзірбайжан тіл
білімінде бар. Атап айтар болсақ, Э.Р.Мамедов әзірбайжан тілі техникалық
терминологиясындағы араб сөздерін зерттесе, В.Б.Будагов әзірбайжан тілінің
лингвистикалық терминологиясындағы араб сөздерін қарастырады.
Араб, парсы сөздерінің қазақ тіліне енуінің тарихи- лингвистикалық
себептері деп аталатын екінші тармақта қазақ-араб, қазақ-парсы тілдерінің
байланысына тарихи тұрғыдан сипаттама беріледі. Кез келген кірме элементтің
тілде орын алуы – лингвомәдени қарым-қатынастардың нәтижесі. Тікелей аралас-
құраластық, қоныстас болу не болмаса мәдени-әлеуметтік беделге ие тілдегі
жазбаша ескерткіштерінің тарауы – осының бәрі тілдік қарым-қатынастың,
тілдік бірліктердің ауысуына алып келеді. Мұндай ауысулар, әрине, бір жақты
болған емес, мәдени байланыс нәтижесінде қарым-қатынасқа түскен екі жақ та
кірме бірліктерді қабылдайды.
Түркі халықтарының арабтармен, парсылармен қарым-қатынаста болып
келгені тарихта белгілі. Бұл қарым-қатынас, негізінен, парсы тілі арқылы
жүзеге асып отырған. Егер иран тілдес халықтар мен түркі халықтарының
тілдік-мәдени қарым-қатынасы тым ертеден басталса, VIII ғасырда Орта және
Орталық Азияға ислам дінінің келуімен бірге бұл территорияда араб тілінің
ықпалы орнай бастайды. Мавреннахрдың Араб халифатының құрамына енуі бұл
аймақта ислам дінінің тарауына және осы діннің жаны болған классикалық араб
тілінің тарауына себеп болды. Араб тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие
болып, діннің тілі ретінде қызмет атқарады. Түркі тілдеріне осы кезде араб
тілінен діни және әкімшілік саласының сөздері ене бастайды. Араб тілі
ғылым тілі ретінде танылады. Ислам дінінің таралуы мен оның идеологиялық
ұстанымдарының күшеюіне байланысты Хорасан мен Мавреннахрда араб тілі
әкімшілік тілі, ғылыми айналымдағы тіл және діни қызмет атқарған тіл
ретінде орнықты. Бұл кезеңде ғылыми шығармаларды араб әдеби тілінде жазу
ортақ нормаға айналады. Араб тілінің ықпалында болған парсы тілі араб
элементтерінің түркі тілдеріне ену процесінде аралық тіл қызметін атқарды.
Араб Халифаты өз құрамына енген халықтардың мәдениетіндегі ең озық
үлгілерді алып, мәдени синтез жасады. Осы мәдениеттер арасындағы
байланыста Персия мен Орта Азия дәнекерші, байланыстырушы буын болғанын
айту керек. Осылайша, Персия арқылы түркілер араб мәдениетін, араб тілін
таныды [1, 57б.]. Бұл мәдениетті жасауға түркілер де атсалысты. Ғаламға
есімдері әйгілі әл-Фараби, Ибн Сина, Ұлықбек, әл-Хорезми сынды ғалымдар осы
түркі даласынан шыққан, бірақ араб тілінде еңбектер жазып қалдырған
даналар. Егер мұсылман әлемінде ХІІІ ғасырға дейін араб тілі үстем, беделді
тіл болса, ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап оның орнын парсы тілі ала
бастайды. Парсы тілі поэзия, дерекнама, әкімшілік және көркем әдебиет тілі
ретінде алдыңғы қатарға шығады. Бұхара мен Қоқан хандықтарында парсы тілі
мемлекеттік іс-қағаздар мен мәдениет тілі дәрежесіне ие болып, Орта Азияда
ХХ ғасырдың басына дейін қолданылады [2, 4б.]. Қазақ халқының ата-бабалары
арабтармен тікелей қарым-қатынасқа түспеген, олардың арасындағы байланыс
жанама түрде, мәдени дүниелер мен жазба кітаптар деңгейінде болғандығын,
осы қарым-қатынас нәтижесі – араб кірме сөздерінің табиғаты байқатады.
Қазақ тіліндегі араб кірме сөздері дерексіз, көбіне рухани дүниеге қатысты
лексиканы түзеді екен. Мысалы, ақыл,дәулет, зейін, парасат, назым, рух,
рухани, тәлім, қадір, қасиет, әзиз, дін, иман, пайым, есеп және т.б.
абстракт сөздердің түп-төркіні араб тіліне тіреледі. Орта ғасырлардағы
түркі–араб тілдік байланысын көрсететін тағы да бір дерек – бұл орта
ғасырлық түркі жазба ескерткіштері. Орта ғасырлардағы түркі әдебиетінің
көрнекті өкілі ХІІ ғасырда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауидің Хикметтерінің
генетикалық қабаты түркі, араб және парсы сөздерінен тұрады. Соның ішінде
араб пен парсы сөздері ескерткіш лексикасының 44,8%-ын құрайды екен [3 ,
69б.].
Орта ғасырлардағы түркі-қазақ және парсы мәдени байланыстары жөніндегі
деректерді Мұхаммед Хайдар Дулаттың Тарих-и Рашиди атты еңбегінен де мол
табамыз.
Дешті Қыпшақтағы араб, парсы және түркі тілдерінің ықпалдастығын
Қадырғали Жалайыридің Жамиат тауарих атты шежіресінің (ХVII ғ.) тілінен
көруге болады.
Осы тараудың Қазақ терминологиясы дамуындағы тарихи кезеңдер және
араб, парсы сөздерінің терминдену ерекшеліктері деген үшінші тармағында
араб, парсы сөздерінің терминдену кезеңдері алғаш рет белгіленіп, олардың
сол кезеңдердегі терминдену ерекшеліктері сөз болады. Қазақ
терминологиясын қалыптастырудағы араб және парсы тілдері бірліктерінің
алғаш рет зерттеу жұмысының нысаны болып отырғандықтан, қазақ
терминологиясын зерттеп жүрген ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа ала
отырып, біз де араб, парсы кірме элементтерінің қазақ тіліндегі терминдену
процесіне қатысы тұрғысынан бірнеше кезеңге бөліп қарастырдық.
Бірінші кезең XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың 30-жылдарына
дейінгі аралықты қамтиды;
Екінші кезең ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап, 1990 жылдарға дейінгі
аралықты қамтиды;
Үшінші кезең ХХ ғасырдың 90-жылдарынан кейінгі мерзім.
Бұл кезеңге бөлудегі басты сипат араб және парсы бірліктерінің
жандануына, дамуына, оның тілдегі қызметіне байланысты болып отыр. Әрине,
кірме элементтердің жандануының экстралингвистикалық және лингвистикалық
себептері болатыны анық. Енді осы кезеңдердің ерекшеліктеріне тоқталалық.
Қазақ лексикасы терминденуінің алғашқы кезеңін XIX ғасырдың екінші
жартысынан бастаудың себептері алғашқы қазақ газеттерінің , қазақ тіліндегі
оқулықтардың, ғылыми еңбектердің жарық көріп, ғылым салаларының саралана
бастауымен байланысты. Әрине, бұл терминдену кезеңіне дейін халықтық
терминология болды, алайда ғылыми терминологияға негіз болған бұл қор
арнайы зерттелмей келе жатқаны айтылып келеді. Бұл жөнінде профессор
Ш.Құрманбайұлының мына пікірін келтіре кеткен жөн: халықтық терминология
деген ұғымның өзінің мәнін толық ашу мен оның жалпы лексикадан
айырмашылығын айқындау үшін арнайы қарастырудың қажет екенін айтқан жөн.
Сонда ғана халықтық терминология мен терминологияны салыстыра зерттеп,
олардың ерекшелігі мен ұқсастығын және өзара сабақтастығын көрсету
мүмкіндігі туындайды. Әзірге бұл мәселе төңірегінде сөз қозғаған
Ә.Қайдаров, Ғ.Қоңқашбаев сияқты ғалымдардың ғана еңбектерін атай аламыз
[4, 8б.].
Осы кезеңдегі тілдік ахуалды сипаттаған еңбектер кітаби тіл деген
терминге соқпай кетпейді. Бұл тілдің барлық ерекшелігі академик Р.Сыздықова
еңбегінде сипатталады. Кітаби тілдің бірден-бір ерекшелігі онда араб және
парсы сөздері барынша мол пайдаланылды. Алғашқы қазақ кітаптарының тілінде
кітабилық сипат басым болды. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазан, Ташкент,
Орынбор баспаларынан көптеген кітаптар жарық көрді. XIX ғасырдың аяғынан XX
ғасырдың бас кезіне дейінгі аралықта осы қалалардан орта есеппен мыңнан аса
қазақ кітаптары басылып шыққан екен. Бұл кітаптардың мазмұны әртүрлі болды:
діни және ғашықтық қиссалар да, діни уағыздар да, ветеринарлық, медициналық
кеңестер де бар болатын. Бұл жазба дүниелердің араб, парсы сөздерін
неліктен шамадан көп қолданылды деген мәселеге келетін болсақ, оның да
бірқатар себептері болды. Ең алдымен қазақ жазба әдеби тілі қалыптасып
үлгермеген кезеңде шыққан бұл дүниелер ортаазиялық жазба әдеби тіл –
шағатай тілінің дәстүріне иек артты, екіншіден бұл кітаптың авторлары
мұсылманша сауатты, діни білімі бар азаматтар болатын, сондықтан да Шығыс
әдебиетінің үлгілерінен сусындаған олардың қолданысында кірме сөздердің мол
қолданыс табуы түсінікті де. Үшіншіден, баспа ісінің басы-қасында жүрген
редакторлар, түзетушілер, терушілер татар және өзбек ағайындар еді, ал ол
тілдерде араб тілінің ықпалы қазақ тіліне қарағанда күштірек екені мәлім,
сондықтан олар қазақ кітаптары тіліне сол тілдердің ықпалы болғаны айқын.
30-жылдарға дейін термин қалыптастыру процесінде араб, парсы сөздеріне
артықшылық берілген үрдіс байқалады. 1924 жылы 12-18 маусым аралығында
Орынборда қазақ зиялылары мен мәдениет қайраткерлерінің қазақ тіліндегі
терминология мен орфография мәселелеріне арналған І съезі өтеді. Съездің
қарарынан терминжасамда артықшылық араб, парсы сөздеріне берілгенін
байқауға болады. Сөйтіп, осы кезеңдерде қазақ тілінде мінбе, сембілік,
өнеркәсіп секілді тегі шығыстық сөздер пайда болса, 1940-1950-жылдары
сауда, кітапхана, 1960-жылдары хабарлама секілді шығыстан келген сөздер
терминдер жүйесінен жаңа орын тапты. Қазан төнкерісінен кейінгі мерзімді
баспасөз беттерінде орыс терминдері мен интернационалдық сөздердің үлес
салмағы көп болғаны зерттеушілер еңбектерінде көрсетілген. Олардың көбі
саяси-әлеуметтік өмірге, мәдениетке, оқу-ағарту ісіне, экономика, ғылым мен
техникаға байланысты терминдер болатын. Сөйтіп, табиб деген терминді доктор
деген орыс сөзі, әкім-ді начальник секілді сөздер алмастыра бастады.
Еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алғанға дейінгі 70 жылдың ішінде орыс сөздері
мен интернационалдық терминдер қатарының көбейгені сонша, қазіргі
қолданыстағы сөз байлығымыздың 70-80 пайызын қамти бастайды. Бұл құбылыстың
экстралингвистикалық себептерінің ең негізгісі - алдыңғы қатарлы дамыған
Еуропа елдеріне бет бұрып, еуропалық мәдениет пен ғылыми-техникалық
жетістіктерінен үлгі алу болатын. Өркениеті дамыған елдерге қарап, солардан
үлгі алуға ұмтылу, соларға еліктеу әрекеті орын алып келетіні белгілі факт.
Экономикалық жағынан дамыған, өркениетті елдер барлық жағынан да үстем
тұрып, еліктеу нысанына айналады. Адамзат өркениетінің даму тарихына көз
жіберсек, тарихи фактілер мұны растайды. Тарих сахнасына Еуропа мәдениеті
шыққан кезде, еуропацентристік бағыт пен көзқарастар үстемдік етіп,
прогрессивті жұртшылық Батысқа көз тікті. Батыс тілдерінің элементтері орыс
тілі арқылы ене бастады. Ал қазіргі технологиялық революциялар кезеңінде
ағылшын тілі әлем тілдерінің ішіндегі қуаттысы болып отырғанын өмірдің
шындығы көрсетіп отыр.
Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттан бері қазақ тілінің тарихында да
үлкен маңызды өзгерістер, оқиғалар, жаңалықтар болып жатыр. Бұл кезеңге тән
ерекшелердің бірі араб тілінен енген сөздердің қайтадан жанданып, терминдік
қасиетке ие бола бастауы. Сонау Қазан төңкерісіне дейін қолданыста болып,
кейін орыс сөздеріне ығысып орын берген шығыс элементтері қайтадан оралып,
тілден орын ала бастады. Оның мысалы ретінде қазіргі қазақ терминдерінің
жүйесіндегі мынадай жаңарған терминдерді келтірейік: клас – сынып, процент
– пайыз, аудитория –дәрісхана, лектор – дәріскер, текст – мәтін, архив –
мұрағат, виза –рұқсатнама, автобиография – өмірбаян, таможня – кеден,
инвентарь – мүкәммал, информация – ақпарат, алфавит – әліпби, коллектив –
ұжым, компетенция – құзыр, конфискация – тәркілеу, шкала – шәкіл, космос
–ғарыш, проблема – мәселе, юстиция – әділет және т.б. Бұл тілдік құбылыстың
себебі ұлттың жаны, рухы болып табылатын тілдегі мұндай өзгерістердің
санадағы өзгерістермен, санадағы жаңғырумен байланысты. Біраз уақытқа дейін
жарыса қолданылып келген мұндай бірліктердің тегі араб, парсылық болып
табылатын қазақша баламаларын қолдану қатаң нормаға айналды.
Осы кезеңде қоғамдық сана орыс сөздерінен де құтылуға бет бұрып,
қоғамда пуристік көңіл-күй (жақсы мағынадағы) орын алды. Өзге тілдердің
тарихына көз жүгіртсек, осыған ұқсас құбылыстарды көруге болады. Оның тағы
бір себебі тәуелсіздік алған уақыттан бастап ата-баба дәстүрі мен ислам
дінінің жандануы болып табылады. Ұмыт бола бастаған ислам құндылықтарына
оралу арқылы академик Р.Сыздықова сөзімен айтсақ, осы діннің жаны болып
табылатын араб сөздерін қайтаруға бет бұрдық. Тарих дегеніміз араға
жылдар, дәуір салып қайталанып отыратын оқиғалар тізбегі дейтін болсақ, ХІХ
ғасырдың алғашқы жылдарындағы қазақ баспасөзі тілінде қолданылып, тұрақтай
бастаған сөздер қайтадан тарих сахнасына шығып, екінші рет өмірге
келгенін мерзімді баспасөз беттерінен, дінтану саласы бойынша жазылған
оқулықтардан көріп, байқауға болады. Енді аптека-ның орнына бұрын
қолданыста болып, кейін шығып қалған дәріхана сөзін, лекция-ның орнына
дәріс, бастық-ты әкім, секретарь деудің орнына хатшы сөзін
пайдаланудамыз, сол секілді рухани құндылық – руханият, исламият, архив –
мұрағат, музей – мұражай, пенсия – зейнет, зейнетақы, документ – құжат,
некролог –- қазанама, лаборатория – зертхана, комплекс – кешен, арендатор –
жалгер, паспорт – төлқұжат, историзм – тарихаят, ресторан – мейрамхана,
обсерватория – расытхана болып қолданыла бастады. Кітаби тіл дәстүрімен
сабақтастық ендігі жерде айқын көрініп, қайта жанданды. Араб, парсы
сөздерінің қазақ әдеби тілге енуінің орнығуының лингвистикалық (ішкі)
себептері де айқындалады. Біріншіден, бұл арабша, парсыша оқыған,
мұсылманша оқыған қаламгерлер тілінің әсері. Шығыс әдебиетіне сусындаған
оқыған азаматтар тіліне сол тілдің әсері болатыны белгілі. Сондықтан қазақ
әдебиетіндегі Ақылбек Сабалұлы, Жүсіпбек Шайхұсламұлы, Ақыт Үлімжіұлы,
Шәді төре секілді кітаби ақындар деген атпен белгілі болған ақындар тобы
өз шығармалары – қисса- дастандар арқылы қазақ тіліне араб, парсы сөздерін
енгізген. Екіншіден, Шығыстан келген жаңа ұғымдар мен заттармен бірге
олардың сол тілдегі атаулары да енді. Шығыс елдері мен араб, парсы
халықтарының арасындағы байланыс олардың қоян-қолтық араласудың негізінде
емес, жазбаша туындылар, кітаптар негізінде болды. Дегенмен бірқатар
ғалымдар (Р.Сыздықова, Ә.Құрышжанов) пікірлеріне сүйенсек, парсы тілімен
қазақ тілі арасындағы байланыс тым ертеректе екі халықтың аралас-құралас
болуымен байланыстырады. Мұның дәлелі ретінде қазақ тіліндегі нақты зат
атауларының негізінен парсы сөздері екенін айтады. Шындығында да, қазақ
тіліндегі ұстара, қалам, қағаз, тақ, тәж, гүл, бақ, миуа сияқты сөздер
парсынікі, ал араб сөздері мәдени дүниеге байланысты дерексіз ұғымдарға
қатысты сөздер екен. Осылайша, аралас-құраластықтың, мәдени дүниелер
деңгейіндегі байланыстың нәтижесінде қазақ ұғымында жоқ, жаңа ұғымдар мен
олардың атаулары енген. Үшіншіден, қоғамның дамуына байланысты енген жаңа
ұғымдарды атау үшін тілде орын алып келген араб және парсы сөздерінің
фонетикалық варианттарын пайдалану, фонетикалық дублеттерді де пайдаға
жарату, бұл мүмкіндікті жүзеге асыру арқасында жаңа ұғымдарға атаулар
берілді, мысалы, өкіметүкімет, үкімөкім, әріпқаріп, өкілуәкіл,
оқиғауақиға т.с.с. Төртіншіден, кірме элементтердің экспрессивтілігі төл
тілдің кәнігі, құлақ үйренген үйреншікті элементтерге қарағанда күштірек
болатыны белгілі, сондықтан адамға әсер ететін экспрессивтілік қуатын
күшейту үшін көркем шығармаларда төл сөздермен бірге оның өзге тілдегі
синонимдерді қоса пайдаланған, осылайша тілде кірме сөздер тұрақтап қалған.
Мұндай синонимдік қатар түзейтін араб, парсы сөздері тілде мол-ақ, мысалы:
жазираарал, нәубеткезек, қасіретқам, қайғықұса, дәрігертәуіп, бақсы-
балгер, дидаржүз, тіллұғат, шайырақын, өлеңназым т.с.с Бесіншіден,
қабылдаушы тілдегі көп мағыналы, омоним сөздерді ауыстыру үшін, түсінуді
жеңілдету, нақтылықты көздеу мақсатында қабылданған және қолданылған.
Алтыншыдан, қабылдаушы тілге бір текті, құрылымы ұқсас бір топ кірме
сөздердің еніп, тұрақтауы нәтижесінде, оның құрамдас бөліктерінің
дифференцияланып, сөзжасамда пайдалану мүмкіндігі орнықты. Мәселен, араб
тілінің -и аффиксі, парсы тілінің -гер,-хана, -нама аффиксоидтерінің
қызметі осыны растайды. Аталған аффикстер көмегімен күні бүгінге дейін жаңа
атаулар дүниеге келуде, мысалы, қазақ тіліндегі майдангер, заңгер, азаткер,
жылнама, қазанама сияқты сөздер осындай ізденістердің жемісі.
Жұмыстың Араб, парсы лексикасының терминдену ерекшеліктері және
арналары деп аталатын 2-тарауы бірнеше тармақтан құралып, оларда араб,
парсы сөздерінен болған терминдерді танудың белгілері және кірме
терминдердің жасалу жолдары, терминжасамның ішкі лексикалық көздеріндегі
және халықаралық терминологиядағы араб, парсы сөздерінің терминденуі
қарастырылады.
Бірінші тармақ Қазақ тіліндегі араб және парсы кірмеліктерін танудың
белгілері деп аталады. Қазақ тілі мен араб тілі тілдік құрылым жағынан екі
түрлі жүйеге жататын тілдер, яғни қазақ тілі агглютинативті тілдерге жатса,
араб тілі флективті тілдердің бірі болып саналады. Дегенмен тілдік қарым-
қатынаста мұндай алшақтық пен айырмашылық бір тілден екіншісіне сөз алмасу
процесіне ешқандай кедергі болмайтыны тіл білімінде дәлелденген. Қазақ
тіліне еніп, орнығып, қазақ тілінің морфологиялық заңдылықтарына бағынған,
яғни морфологиялық жағынан игерілген араб сөздері тіліміздің терминдік
қатарынан молынан табылады. Әдетте бір тілден екінші тілге есім сөздер
енеді. Олар қазақ тілінің заңдылығына бағынып септеледі, жіктеледі, қазақ
тілінің сөз тудырушы жұрнақтарын қабылдап, жаңа туынды сөз жасауға ұйытқы
бола алады. Кейде кірме сөздер қабылдаушы тілдің лексика-семантикалық
жүйесінен орын алып, игерілгеніменен, фонетикалық және графикалық жағынан
ассимиляцияға ұшырамайтындары да болады. Мұндай құбылыс тіл-тілдің бәрінде
де бар. Л.П.Крысин орыс тілінің материалдары негізінде тілдегі бөгде тілден
енген сөзді не терминді кірме сөз ретінде танудың негізгі белгілерін атап
көрсетеді: а) қабылдаушы тілдің графема-фонетикалық ерекшелігіне бағынуы
керек, яғни сол арқылы белгіленуі керек; б) қабылдаушы тілдің класс-
категорияларына қатысты болуы керек; в) семантикалық дербестікке ие болуы
керек, қабылдаушы тілдегі бірліктермен дублеттік қатынаста болмауы шарт; г)
термин ретінде қабылданса, қабылдаушы тілдің терминдер жүйесінде қызмет
атқаруы керек [5, 116б.]. Қазақ тіліндегі араб, парсы сөздері осы аталған
белгілердің бәріне жауап береді, сондықтан оларды кірме сөз, кірме термин
деп атауға толық негіз бар.
Қазақ тіліне еніп, орнығып, қазақ тілінің морфологиялық заңдылықтарына
бағынған, яғни морфологиялық жағынан игерілген араб сөздері тіліміздің
терминдік қатарынан молынан табылады. Қазақ тіліндегі алуан, азан, азап,
айла, айт, ақы, ақыл, арыз, аруақ, әзіл, әлеует, әсет, әдіс, әсер, есім,
бәрекелде, бәтуа, ғажап, ғашық, ғұмыр, дәреже, дуа, жаза, жарақат, жауап,
сауал, зайып, сурет, қағида, қайыр, лайық, мадақ, мазмұн, мағына, маусым,
машық, мәдениет, намыс, нышан, нәсілпайда, сәлем, табиғат, тылсым, үкім,
шарапат, шежіре т.с.с. толып жатқан сөздерді араб тілінен енген, бірақ
фонетикалық-графикалық жағынан әбден игеріліп, сіңісіп кеткен сөздер деп
айтуға болады.
Олардың ішінде түпнұсқа тілде, яғни араб тілінде көптік тұлғада
тұрып, көптік мағынаны берген, бірақ олар қазақ тіліне енгенде осы көптік
мағынасы ескерілмей жекеше тұлғадағы лексикалық бірлік ретінде түсініліп,
қабылданғандары бар. Бір тілден екіншісіне лексикалық бірліктер
қабылданған кезде, олардың сол тілдегі көптік тұлғасы ескерілмей, жекеше
тұлғадағы бірлік ретінде ұғынылады. Мұндай сөздер қабылдаушы тіл – қазақ
тілінің морфологиялық жүйесінің заңдылықтарына бағынады. Олардың саны көп
емес, олардың қатарына құқық, ақпар, ақылақ, бұқара, әулие, атырап, ноқат,
лауазым, ғұлама, лауазым секілді сөздер жатады. Мысалы, құқық (право) сөзі
арабтың хаққун деген сөзінің көпше түрі, бірақ қазақ тілінде бұл лексикалық
бірлік көптік жалғауын қабылдай алады, яғни қазақ тілінің заңдылығына сай
көптеледі, септеледі, тәуелденеді. Мысалы, адам құқықтары, адам құқықтары
жөніндегі келісім, адам құқықтары жөніндегі комиссия сияқты тіркестер
философиялық терминдер қатарынан орын алған. Сол сияқты ақпарат
(информация) сөзі хабар сөзінің көптік тұлғасы, хабар да, ақпарат та қазақ
тілінің лексикалық қорынан орын тепкен сөздер. Хабар сөзіндегі х дыбысы
араб тілінің дыбыстық жүйесіне тән болса, ақпар сөзінде бұл дыбыс
қазақыланған, яғни араб тіліндегі көмейден шығатын х дыбысы қазақ
тіліндегі қ қатаң дыбысына айналған. Бұл аталған сөздің тілдік құрамнан өте
ертеде еніп, әбден сіңіскен сөз екендігіне дәлел бола алады. Ақылақ сөзі
тілімізде бұрын болған, бірақ пассив лексикаға ығыстырылып, соңғы кездері
ғана екінші тыныс ала бастаған, қолданысқа енді түсе бастаған сөз. Бұрыннан
тілімізде осы сөздің жекеше тұлғадағы көрінісі құлық сөзі (мінез-құлық) бар
болатын. Ақылақ сөзі соңғы кезде мораль деген орыс тілінен енген терминмен
жарыса, қатар қолданылып жүр. Сол сияқты лауазым сөзі дәреже деген сөзбен
қатар қолданылып, титул, должность деген мағынаны береді. Ол арабтың
ләзим сөзінің көптік формасы болып табылады, бірақ қазақ тіліндегі мағынасы
араб тіліндегі мағынасынан алшақ, араб тілінде ләуәзим құрал-жабдық,
сайман деген мағынаны береді. Біздің пайымдауымыз бойынша, лауазым сөзінің
түп-төркіні ләуәзим емес, муләзим деген сөзі болғанға ұқсайды, себебі
муләзим армиядағы қызметтің, шеннің атауы, демек араб сөзінің мағынасы
қазақ тілінде кеңейіп, шен, ықпал деген мағынаны беретін болса керек,
себебі лауазымды адам деуді белгілі дәрежедегі шені бар, бір мәселені
шешуге ықпал ете алатын адам деп түсінуге болады. Сол сияқты тілімізге
ертеректе еніп, қазақыланған сөздің бірі – бұқара. Бұл сөз арабтың фақир
(кедей) сөзінің көптік тұлғасы фуқара деген сөзден шыққан, қазіргі
тілімізде тіліміздің терминдер жүйесінде массовый деген орыс сөзінің
баламасы ретінде қолданылып жүр.
Кірме сөздердің ертеректе еніп, қазақтың байырғы төл сөздерінен
ажыратқысыз болып, толық игерілген тобы қазіргі қазақ тілінің жұрнақтарын
қабылдап, терминжасамда үлкен рөл атқаруда, ұлттық терминологияны дамытудың
бір көзі ретінде ұлттық тілдің қажетіне жарауда.
Терминжүйеде жаңа термин жасаудағы өнімді жұрнақтардың бірі –шы-ші
жалғанған араб, парсы сөздері төмендегідей терминдік мағынаға ие:
а) кәсіп пен қызмет иесінің аты: саяхатшы, тарихшы, сарапшы, уағызшы,
әдебиетші, қазынашы, хатшы, әкімші т.с.с. Соңғы уақытта қызмет сөзіне
жалғанып, мемлекеттік қызметтегі адамды (служащий) атау үшін қолданылып
жүр, тілімізде қолданыста бар қызметкер сөзі кез келген мекеменің бірінде
қызмет атқаратын адамды (сотрудник, работник) атау үшін қолданыста қалып
отыр;
б) белгілі бір қасиет не абстракт белгіні дарытушы не жеткізуші:
ақылшы, насихатшы, өсиетші. Соңғы уақытта аталған жұрнақтың көмегімен жаңа
терминдер жасалып, терминдік атаулар ретінде қалыптастыру қадамдары
жасалуда, мысалы: кітапшы (оракул), уаххабшы, әкімші (администратор),
мұрағатшы (архивист). Бұл сөздер терминологиялық сөздіктерге енгізілді.
Қазақ тілінде араб және парсы тілдеріндегі зат есімдер –лы-лі, -ты-
ті, -ды-ді жұрнақтарын қабылдап, қатыстық сын есім жасайды, бұл термин
сөздер араб, парсы сөздерінің мағынасына қатысты қасиетті белгілейді:
мәдениетті, өкілетті, салиқалы, әдепті, дәулетті,айлалы, пәрменді,
құдіретті, күмәнді. Қазақ тілінің сөздік қорында –лы жұрнағын қабылдаған
араб, парсы сөздері, кең қолданысқа түскен сөздер қатарына жатады.
Кең түрде қолданылып жүрген жұрнақтардың бірі -лық-лік, дық-дік,
-тық-тік. Бұл жұрнақтар араб тіліндегі зат есімдерге жалғанып, 1) абстракт
мағынадағы терминдер жасауда икемділік танытуда, мысалы: ықтималдық,
құпиялық, әділдік, әулиелік, есімдік, әралуандық (плюрализм), мұқтаждық
т.б. Қазақ тілінде осы тұлғадағы араб сөздерінен туындаған есім сөздердің
көбі адамның бойындағы рухани қасиеттер атауын белгілеп, қоғамдық ғылымдар
термині ретінде қолданылады екен, мысалы: зұлымдық, даналық, дұшпандық,
бейқамдық, азаматтық, 2) араб тіліндегі зат есімдерден сын есім жасайды:
әріптік-цифрлық, мемлекеттік, халықтық, зергерлік, достық (достық келісім),
ғаламдық (ғаламдық проблемалар), бұқаралық, құқықтық. Мұндай сын есімдердің
саны қазақ тілінде шектеулі, -лы жұрнағы (оның барлық варианттарымен бірге)
арқылы жасалған сөздерге қарағанда аз кездеседі, мұның өзі араб, парсы
сөздеріне қазақ морфемаларының талғаулы түрде жалғанатынын көрсетсе керек.
Аталған жұрнақ арқылы жасалған дерексіз зат есімдер сын есімдерге қарағанда
мол ұшырасады.
Қазақ терминологиясында тұрақтанған сөздердің құрамын анықтауда,
жалаң аффикстермен қатар (азаттық, мәдениетті), құранды аффикстерді
қабылдаған терминдер қатары мол екені анықталды. Мұндай күрделі немесе
құранды жұрнақтар қатарына қазақ тіл білімінде –шылық-шілік аффиксі
жатады. Аталған құранды немесе күрделі жұрнақ адамгершілік, жауапкершілік,
қанағаттанушылық, тәуекелшілік деген терминдер құрамында кездеседі. Әрине,
мұндай сөздер қатары санаулы, бұл жұрнақ –өнімді аффикстер қатарына
жатпайтындығын танытады.
Қазақ тілінің -дас,-тес, -лес аффикстерін қабылдаған термин сөздер
қатарына отандас, әріптес, пікірлес секілді санаулы сөздердің құрамында
кездесіп, шыққан жерінің қызметінің ортақтығын білдіреді. Осы мысалдағы
әріптес сөзінің шығу төркінін әріп (буква) сөзімен шатыстыруға болмайды.
Әріптес сөзі арабтың харф деген сөзінен емес, حرفة [хирфатун] деген сөздің
көпше түрі حرفхираф сөзінен шыққан деуге негіз бар. Хираф араб тілінде
кәсіп деген мағынаны береді, олай болса әріптес белгілі бір кәсіп
саласында бірге жұмыс істейтін, ортақ қызметтегі адам. Келтірілген
мысалдар санының аздығы бұл аффикстің өнімсіз жұрнақтар қатарына жататынын
көрсетеді.
Араб, парсы сөздеріне қазақ тілінің бірнеше морфемасы белгілі бір
тәртіппен, бірінен кейін бірі жалғанып, терминдер жүйесінен орын алған.
Мұндай күрделі аффикстер қатарына -ты+лық-ті+лік; -сыз+дық-сіз+дік
аффикстерін жатқызуға болады.
–ты+лық-ті+лік құрама аффикстің құрамындағы -ты-ті аффиксі арқылы
араб, парсы тілдеріндегі дерексіз зат есімнен қатыстық сын есімдер жасалса,
одан –лық-лік жұрнақтарының көмегімен дерексіз мағынадағы зат есімдер
жасалады, мысалы: салиқалылық, мәдениеттілік, құпиялылық, пәрменділік,
ақылдылық, әдептілік, дәулеттілік, өкілеттілік. Ал -сыз+дық-сіз+дік
жұрнақтары арқылы болымсыздық мағынадағы дерексіз зат есімдер жасалады,
яғни алдыңғы аффикстің қарама-қарсы мағынадағы варианты болып табылады,
мысалы: парықсыздық, қауіпсіздік, риясыздық, жауапсыздық, әрекетсіздік,
арсыздық.
Қорыта келгенде, араб, парсы сөздері қазақ тілінің морфологиялық
заңдылығына бағынып, игерілген, олар қазақ тілінің төл сөздеріне айналып,
жаңа термин қалыптастыруда қазақ тілінің жұрнақтарын қабылдайды.
Терминжасамның тек өзіне ғана тән үлгілері, тәсілдері жоқ, ол жалпы әдеби
тілдегі сөзжасамның өнімді тәсілі – сөз тудырушы аффикстердің көмегімен
жасалады.
Кірме терминдердің жасалу жолдары деген екінші тармақта
синтаксистік және аударма тәсілдері арқылы жасалған кірме сөздерден болған
терминдер қарастырылады.
Кірме терминдердің жасалу жолдарының бірі – синтаксистік тәсіл.
Біріккен сөздерден жасалған терминдерді екі компоненті де шығыс элементі
болуы мүмкін, мысалы: мәтіннама (текстология), мазмұнхат, құснихат
(каллиграфия), кітапқұмар, қазанама, өмірбаян, өнеркәсіп, айыпақы, айыппұл
және т.б. Бұл сөздердің бірқатары араб тілінен тікелей алынған болса, яғни
араб, парсы тілдеріндегі қолданыстағы дайын тіркестерді пайдалану арқылы
терминделген. Мысалы, құсни хат тіркесі арабтың فن حسن الخطфәнну-хусни–л-
хат тіркесіне шыққан, бұл тіркес парсы тілінде де бар, парсы тілі арқылы
қазақ тіліне сатылай енген тіркес. Арабтың ақы деген сөзінің көмегімен
зейнетақы, айыпақы, еңбекақы, сыйақы, төлемақы, қаламақы, жәрдемақы,
жалақы, өтемақы деген жаңа терминдер жасалды. Ақы арабтың حق хаққун деген
сөзінен шыққан, бұл сөздің өзі қазақ тіліне бірнеше мағынасында кірген,
аталған біріккен сөздерде хаққ сөзі сөздік ұясындағы үшінші нәсіп
(вознаграждение, плата) деген мағынасында қолданылып тұр. Араб тіліндегі
осы сөзден шыққан құқы, құқық варианттары заң саласындағы термин. Жай
(парсының جاى сөзі) сөзінің қатысуымен жасалған күрделі терминдерге
мекенжай, әуежай, мұражай секілді жаңа қолданыстар жатады.
Біріккен сөздерден тұратын терминдер тіліміздің ішкі мүмкіндіктерін
пайдалана отырып, орыс тіліндегі терминдерді калька тәсілімен аудару арқылы
жасалған. Мұндай біріккен сөздердің құрамындағы бірінші компонент қазақ
сөзі болса, екінші компоненті араб не парсы сөзі. Мысалы: кітапбасу,
мәтінтану, дүниетаным, кәсіподақ, бетесеп, әуежай. Араб, парсы элементтері
орыс және интернационал сөздерімен де бірігіп жаңа термин жасау ісінде
қолданыла бастады. Орыс тілі арқылы енген радио, теле, макро, микро, квази
секілді элементтер арқылы жартылай калькалар жасалынды - радиохабар,
радиосұхбат, радиоқызметкер, радиомәтін, теледидар, телемұнара, микроғарыш,
макродүние, телефонхат және т.б.
Сол сияқты араб, парсы тілдерінен енген лексика қазақ тілінің байырғы
лексикасы ретінде игеріліп, солармен қатар жұмсалатыны, олардың күрделі сөз
жасауға қатысуында ешқандай бөтендік танытпайтындығы қос сөздер, күрделі
тіркестер құрамындағы қызметтерінен анық көрінеді. Мысалы, айла-шарғы
(махинация), ар-ождан, ар-ұят, әдет-ғұрып, қадір-қасиет, мінез-құлық, қалып-
күй, үгіт-насихат, дәрі-дәрмек секілді қос сөздердің құрамындағы
компоненттердің не біреуі (мінез-құлық, қалып-күй, үгіт-насихат), не екеуі
де (ар-ождан, қадір-қасиет, әдет-ғұрып, дәрі-дәрмек) шығыс сөздері. Ал
олардың күрделі тіркестердегі қолданысында ешқандай өзгешелік байқалмайды.
Терминдер жүйесінде ақ ниеттілік, қара ниеттілік, бұқаралық ақпарат
құралдары, ғарыш айлағы т.с.с. сөз тіркестерінде кірме сөздер төл сөздер
санатында қолданылатындығын, олардың ерекшеленбейтінін, тілге сіңісті болып
кеткен байырғылығын танытады.
Терминдер жүйесіне қабылданған араб, парсы элементтерін фонетикалық,
графикалық, морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік және семантикалық
белгілері туралы Араб тіліндегі қалпын сақтап қабылданған сөздер деген
үшінші тармақта сөз болады.
Араб, парсы кірме сөздерінің фонетикалық белгілеріне олардың
құрамындағы қазақ тілінің табиғатына тән емес дыбыстардың болуын
жатқызамыз. Қазақ тіл біліміде талас туғызып жүрген фонема – ә дыбысы.
Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерінде ә әрпі жалаң сөздердің
бірінші буынында жазылады деп көрсетілген. Ә фонемасының қазақ тілінде
сирек кездесуінің (онда да көбіне бірінші буында кездесуінің) басты себебі
– оның қазақ тіліне басқа күншығыс тілдерінен келген сөздермен байланысты
болуы керек. Профессор Н.В.Юшманов, профессор Е.Д.Поливанов т.б.
мамандардың пікірі бойынша ә фонемасы сол күншығыс тілдерінің әсерінен
пайда болса керек. Бұл пікірдің жаны бар. Өйткені һар, һаріф т.б.
сөздердегі һ фонемасы біздің тілімізде нөлге айналады. Осының салдарынан һа
тізбегі ә фонемасын тудырған болуы керек [6, 107б.] деген пікір
түркітанушы ғалым М.Томановтың еңбегінде де кездеседі. Араб, парсы
тілдерінің өзінде ғ, х, немесе соларға жақын дыбыстардан басталатын сөздер
қазақ тілінде ә-ден басталып, қалыптасқандығы байқалады. Қазіргі қазақ
тіліндегі Әкім, Әлі, Әли т.б. сөздердің шығыстық нұсқасына жақын түрі
Хакім, Ғали. Бұл пікірге тағы бір себеп – бұл фонема қазақ тілінде тек
сөздің басқы позициясында айтылады. Әр сөзінің арғы түбі һәр екені мәлім.
Осы түбірден тараған сөздер де сондай: әркім, әрдайым, әр алуан, әр кез, әр
қилы т.б. Ал әскер, әуе, әуел сөздері өз нұсқасында ғаскер, ғауа, ғауал
түрінде дыбысталған [7, 11б.]. Айтылғанға түзету ретінде қосарымыз, қазақ
тіліндегі әуел сөзінің төркіні - арабтың әууәл сөзі екендігі. Қазіргі қазақ
тілінің түсіндірме сөздігінде ә дыбысынан басталатын 870 сөз бар болса,
соның 53-і араб сөзі, 17-сі иран сөзі (барлығы 70 сөз) деп көрсетілген.
Араб сөздері 180 туынды сөзге, ал иран сөздері 49 туынды сөзге ұйытқы,
негіз болған, бас-аяғы қазақ тілінде 229 туынды сөз жасалыпты ҚТТС, 1-т..
Мысалы: әсел, әдіс, әлем, әріп, әлек т.с.с. Сол сияқты екінші буында ә
жазылатын сөздердің түгеліне дерлігі араб, парсы сөздері: әзәзіл, дүбәра,
дүдәмал, дімкәс, еммәт (кіт.), күләбі, кәләпара, күлдәрі, күмән, күнә,
кінә, мүкәммал, мүләйім, мүсәпір, мәрмәр, мүһәзин (діни), мүшәйра, нәмәрт,
пірәдар, тәбәрік, тәнәпіс (кітаби), іңкәр т.б. Бісмілләпісміллә және
кәнизәк деген екі сөздің үшінші буынында кездеседі екен [8, 51б.], бұл
сөздердің біріншісі арабтікі болса, екіншісі парсы тілінен енген.
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне тән емес дыбыс – һ дыбысы. Бұл
фонемамен келетін сөздер де қазақ тілінде аз. Аталған фонема гауһар,
жауһар, қаһарман, қаһар, жиһан, жиһаз, шаһар, жиһангез, аһ, аһла, гауһар,
жаһіл, жаһһанам, жаһат, жаһілдік, қаһар, қаһарман, машһүр, шаһар, жиһан
сияқты сөздер құрамында, яғни негізінен араб-парсы сөздерінің құрамында
кездеседі.
Қазақ тілінің табиғатына жат екінші бір дыбыс – х. Хат, хабар, хал,
ахуал, халық, халайық секілді араб тілінен енген сөздердің құрамында
сақталып жеткен болса, кейіннен ол сөздер фонетикалық жағынан игеріліп,
көптеген сөздерде х дыбысы қ-ға айналған, мысалы: хауф – қауіп, хатар –
қатер, хал – қал, рахмет – рақмет.
Қазақ тілінің төл сөздері ғ ұяң дыбысынан басталмайды, көне түркі
тілінде де сөздің абсолют басында ғ, г дыбыстары жұмсалмаған, байқап
отырсақ, ғ дыбысынан басталатын сөздердің түгелге дерлігі араб, парсы
сөздері. Мұндай сөздердің саны қазақ тілінде 667 екен де, оның дені кірме
сөздер екен [8, 73б.]. Мысалы: ғарыш, ғайбат, ғалым, ғылым, ғашық, ғасыр,
ғайып, ғалам, ғазауат, ғақлия, ғибадатхана, ғажап, ғақлия және т.б. Сонымен
бірге ғ дыбысы сөз ортасында келген бағзы, бағбан, Қағба, қағаз секілді
азғантай ғана сөздер тобы да шығыстікі болып есептеледі. Қазақ тіліндегі
дауыссыздар тіркесін қарастырған еңбекте ғ, б ұяңдар тіркесі екі-ақ сөзде
ұшырайтындығы көрсетілген, олар – бағбан және Қағба сөздері.
Қазақ тілінде сөздер ешқашан ұяң б, д дыбыстарына аяқталмайды. Бұл
заңдылыққа бағынбайтын сөздер саны тілімізде санаулы, оларға мына сөздерді
жатқызамыз: араб, жад. Сондай-ақ буынның соңындағы ұяң дыбыстардың да
сақталуы бөгделікті танытатын белгілердің біріне ұқсайды: абзал, аброй,
ағзам. Қазақ тіліндегі төл сөздер р сонор дауыссыз дыбысынан басталмайды,
бұл құбылыс та қазақ тіліне араб және парсы тілдерінен енген элементтерге
тән, мысалы: рас, ресми, рәміз, риясыз, рұқсат, рақым, риза, рух, рухани,
реніш, рахман, рәсуа т.с.с.
Сол сияқты п дыбысынан басталатын сөздердің дені араб, парсы тілдерінен
енген. Түсіндірме сөздікте олардың жалпы саны 991 болса, оның дені кірме
болып келеді, мысалы: ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Медициналық терминдердің қалыптасуы мен дамуы
Қазақ тіліндегі араб әдеби кірме сөздері
Ж.Аймауытұлының «Ақбілек» шығармасындағы тілдік құралдардың қолданылу мақсаты
Кірме сөздер
Қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы Ахмет Байтұрсынұлының рөлі
Қазақ терминологиясының даму кезеңдері
Диалект сөздер
Сөздіктің түрлері және олармен жұмыс
Қазақ терминологиясының қалыптасу тарихы
Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілек романы тілінің лексика-фразеологиялық ерекшеліктері
Пәндер