Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың мағыналық құрылымы мен лексикографиялану ерекшеліктері



ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Әр халықтың қайталанбайтын ұлттық ерекшеліктерін, өзіне тән өзгешеліктерін құрайтын әдет-ғұрып лексикасы бар. Ол рухани дүниені де, материалдық дүниені де түгел қамтиды. Солардың ішінде өзінің ғасырлар қойнауына кететін терең тарихымен, жүйелі құрылымымен, мәдениетаралық коммуникация үшін ерекше маңызды танымдық құндылықтарымен ерекшеленетін сөздер тобы – туыстық атаулар. Қазақ тілін түркі тілдерінің ішінде туыстық атауларға ең бай тіл ретінде атауға болады. Қазіргі түркі тілдерінің арасындағы сөз байлығы мол тілдердің көпшілігі бұл мәселеде қазақ тіліне тең келе алмайды.
Қазақ тіліндегі туыстық атаулар жүйесінің бұрын-соңды толық құрамда қарастырылмай келгендігі, сондай-ақ, олардың лексика-семантикалық құрамы мен құрылымы туралы жүргізілген зерттемелер барысында елтанымдық, мәдениеттанымдық құндылық тұрғысынан қарастырылмауы, сөз мағынасындағы мәдени компоненттің ашылмауы және осы аталған мәселелердің қазақ сөздіктерінде лексикографиялану заңдылықтарының анықталмай отырғандығы осы жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Сөздік тіл мен мәдениет арасындағы өзара қарым-қатынасты, байланысты бейнелеудің ең тиімді формаларының бірі ретінде, мәдениет пен лексикография арасындағы диалогті көрсетудің формасы ретінде көрінеді. Мәдени, рухани мәнділік пен құндылыққа ие сөздік бірліктерді қазақ этносының ішкі және айнала қоршаған болмысы жайлы ғасырдан ғасырға ұласқан білім тәжірибелерінің жинақталған қоры ретінде арнайы зерттеу аса қажет деп білеміз. Когнитивті лингвистика мен лингвомәдениеттаным арналарында қарастырылған атаулық бірліктер ұлттық рухани әлемді суреттейтін, терең мағыналы этномәдени мазмұнға ие мәдениет кеңістігінің ерекше құрылымы екені аян.
Қазіргі кезеңдегі тіл білімі ғылымының дамуы антропоөзекті бағытта жүргізіліп жатқан зерттеулермен сипатталады. Антропоөзекті парадигма тілді санамен байланысты қарастырады. Осы бағыт тілдік таным үдерістеріне басты назар аударады. Туыстық атаулардың бойында сақталып отырған рухани мәдениет көріністерін ұлттың танымдық тәжірибесімен сабақтастыра отырып, жүйелі түрде қарастырудың қажеттілігі де осы жұмыстың өзектілігін айғақтайды.
Зерттеудің теориялық-әдістанымдық негіздерін Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, В.В.Виноградов, О.Н.Трубачев, В.Г.Костомаров, Е.М.Верещагин, Л.А.Покровская, М.Ш.Сарыбаева, Х.А.Арғынбаев, Ц.Д.Номинханов, Н.П.Дыренкова, Л.Жолдасбекова сынды зерттеушілердің еңбектері құрады.
Зерттеу нысаны. Қазақ тіліндегі туыстық атаулар жүйесі.
Зерттеу пәні. Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың құрамы мен мағыналық құрылымы, сөздіктердегі лексикографиялану ерекшеліктері.
Зерттеудің дереккөздері. Дереккөздер ретінде қазақ тілінің бір томдық,

Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 27 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 811. 512. 122' 374
Қолжазба құқығында

ДИУАНОВА РАЙкҮЛ Кенесбаевна

Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың мағыналық
құрылымы мен лексикографиялану ерекшеліктері

10.02.02 – қазақ тілі

филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертацияның
а в т о р е ф е р а т ы

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым
Комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды

Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының
докторы,
профессор
М.Малбақов

Ресми оппоненттері: филология ғылымдарының
докторы,
профессор
С.Бизақов

филология
ғылымдарының
кандидаты,
доцент Р.Түсіпқалиева

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар

педагогикалық университеті

Диссертация 2010 жылы 03 желтоқсан күні сағат 16. 00-де ҚР БжҒМ ҒК
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 – түркі
тілдері және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша филология
ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын
Д.53.38.01. диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы
қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Орталық ғылыми
кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі,
28).

Автореферат 2010 жылы 03 қарашада таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы,
профессор
Ж.А.Манкеева

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Әр халықтың қайталанбайтын ұлттық
ерекшеліктерін, өзіне тән өзгешеліктерін құрайтын әдет-ғұрып лексикасы бар.
Ол рухани дүниені де, материалдық дүниені де түгел қамтиды. Солардың ішінде
өзінің ғасырлар қойнауына кететін терең тарихымен, жүйелі құрылымымен,
мәдениетаралық коммуникация үшін ерекше маңызды танымдық құндылықтарымен
ерекшеленетін сөздер тобы – туыстық атаулар. Қазақ тілін түркі тілдерінің
ішінде туыстық атауларға ең бай тіл ретінде атауға болады. Қазіргі түркі
тілдерінің арасындағы сөз байлығы мол тілдердің көпшілігі бұл мәселеде
қазақ тіліне тең келе алмайды.
Қазақ тіліндегі туыстық атаулар жүйесінің бұрын-соңды толық құрамда
қарастырылмай келгендігі, сондай-ақ, олардың лексика-семантикалық құрамы
мен құрылымы туралы жүргізілген зерттемелер барысында елтанымдық,
мәдениеттанымдық құндылық тұрғысынан қарастырылмауы, сөз мағынасындағы
мәдени компоненттің ашылмауы және осы аталған мәселелердің қазақ
сөздіктерінде лексикографиялану заңдылықтарының анықталмай отырғандығы осы
жұмыстың өзектілігін көрсетеді.
Сөздік тіл мен мәдениет арасындағы өзара қарым-қатынасты, байланысты
бейнелеудің ең тиімді формаларының бірі ретінде, мәдениет пен лексикография
арасындағы диалогті көрсетудің формасы ретінде көрінеді. Мәдени, рухани
мәнділік пен құндылыққа ие сөздік бірліктерді қазақ этносының ішкі және
айнала қоршаған болмысы жайлы ғасырдан ғасырға ұласқан білім
тәжірибелерінің жинақталған қоры ретінде арнайы зерттеу аса қажет деп
білеміз. Когнитивті лингвистика мен лингвомәдениеттаным арналарында
қарастырылған атаулық бірліктер ұлттық рухани әлемді суреттейтін, терең
мағыналы этномәдени мазмұнға ие мәдениет кеңістігінің ерекше құрылымы екені
аян.
Қазіргі кезеңдегі тіл білімі ғылымының дамуы антропоөзекті бағытта
жүргізіліп жатқан зерттеулермен сипатталады. Антропоөзекті парадигма тілді
санамен байланысты қарастырады. Осы бағыт тілдік таным үдерістеріне басты
назар аударады. Туыстық атаулардың бойында сақталып отырған рухани мәдениет
көріністерін ұлттың танымдық тәжірибесімен сабақтастыра отырып, жүйелі
түрде қарастырудың қажеттілігі де осы жұмыстың өзектілігін айғақтайды.
Зерттеудің теориялық-әдістанымдық негіздерін Ә.Қайдар, Р.Сыздық,
Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақов, В.В.Виноградов, О.Н.Трубачев, В.Г.Костомаров,
Е.М.Верещагин, Л.А.Покровская, М.Ш.Сарыбаева, Х.А.Арғынбаев,
Ц.Д.Номинханов, Н.П.Дыренкова, Л.Жолдасбекова сынды зерттеушілердің
еңбектері құрады.
Зерттеу нысаны. Қазақ тіліндегі туыстық атаулар жүйесі.
Зерттеу пәні. Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың құрамы мен мағыналық
құрылымы, сөздіктердегі лексикографиялану ерекшеліктері.
Зерттеудің дереккөздері. Дереккөздер ретінде қазақ тілінің бір томдық,
екі томдық, он томдық, он бес томдық түсіндірме сөздіктері, қазақша-орысша,
қазақша-ағылшынша аударма сөздіктер, түркі тілдерінің тарихи лексикологиясы
мен тарихи лексикографиясы бойынша жүргізілген зерттеулер, әлем тілдері
бойынша туыстық атаулар туралы жасалған салыстырмалы-салғастырмалы
зерттемелер алынды.
Зерттеудің негізгі әдіс-тәсілдері. Жұмыста сипаттамалы, салыстырмалы
тәсілдер, компоненттік талдау тәсілі, атаулық тіркестердің семантикалық
типологиясы, сондай-ақ, статистикалық талдау әдісі қолданылады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ тілінің әдет-ғұрыпқа байланысты
лексикандағы туыстық атаулардың қазақ сөздіктерінде берілуінің
этнолингвистикалық ерекшеліктерін анықтау – зерттеудің негізгі мақсаты. Осы
мақсатқа жету үшін мынадай нақты міндеттерді шешу көзделді:
- ұлттық ерекшелікті көрсететін лексиканың мағыналық құрылымын
зерделеу;
- лексикографиялау барысында сөз мағынасындағы мәдени компоненттің -
аялық білім құрамына кіретін елтанымдық, мәдениеттанымдық құндылықтардың
мазмұнын ашу;
- туыстық жүйесіндегі атаулардың құрамы мен құрылымдық-
семантикалық ерекшеліктерін анықтау;
- туыстық терминдер жүйесіне талдау жасаудың лексика-семантикалық және
лексикографиялық негіздерін анықтау;
- туыстық атаулар жүйесіндегі ортақ (интегралдық) және айырым
(дифференциалдық) белгілерді тарихи-семантикалық негізде көрсету;
- қазақ тіліндегі туыстықты білдіретін терминологиялық
лексемалар, терминологиялық фразеотіркестер, бейтерминологиялық атауларды
лексикографиялаудың жолдарын, әдіс-тәсілдерін айқындау;
- түсіндірме сөздіктерде туыстық атаулардың дефинициясын кешенді сипатта
ашу;
- туыстық атаулардың аударма сөздіктерде лексикографиялану заңдылықтарын
қарастырып, дұрыс аударма жасаудың жолдарын белгілеу;
- туыстық атаулардың этнолингвистикалық, лингвоелтанымдық,
лингвомәдениеттанымдық сөздіктерде берілу ерекшеліктерін анықтау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:
- туыстық атауларының қазақ лексикографиясындағы толық жүйесі
анықталды;
- лексикографиялық жүйедегі туыстыққа қатысты лексиканың аялық
білім негізіндегі елтанымдық, мәдениеттанымдық, әлеуметтік мазмұны
сипатталады;
- туыстық лексикасының құрамы, тарихи және лексика-
семантикалық құрылымы айқындалды;
- туыстық атауларды лексикографиялаудағы ономасиологиялық, мәтіндік,
этнографиялық, паремиологиялық деректердің мәні көрсетілді;
- қазақ тіліндегі туыстықты білдіретін терминологиялық
лексемалар, терминологиялық фразеотіркестер, бейтерминологиялық атауларды
лексикографиялауды жетілдіру жолдары мен әдіс-тәсілдері айқындалды;
- туыстық терминдерінің тарихи-семантикалық даму, қалыптасу
заңдылықтары, тіл мен ұлт, тіл мен мәдениет мәселесіндегі сабақтастығы
түсіндірілді;
- туыстық атаулардың түсіндірме, аударма, этнолингвистикалық
сөздіктерде лексикографиялану ерекшеліктері көрсетілді;
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Жұмыста қарастырылған туыстық
терминдерінің құрылымдық-семантикалық сипаты ашылып, туыстық атаулары
жүйесіндегі терминдерден басқа да туыстық лексемаларының, туыстық
фразеологиялық тіркестерінің құрамы белгіленді. Қазақ тіліндегі туыстық
атаулар жүйесі сөздік құрам, семантикалық құрылым, лексикографиялану
заңдылықтары тұрғысынан зерделенді. Зерттеу барысында қол жеткен ғылыми
нәтижелер мен тұжырымдар лексикография теориясы мен практикасы, тарихи
лексикология, тарихи диалектология, этнолингвистика, лингвоелтаным,
лингвомәдениеттаным, т.б. ғылыми пәндердің нысанасындағы теориялық
мәселелерді айқындауға, дамытуға жәрдемін тигізеді.
Зерттеудің практикалық мәнділігі. Бұл зерттеудің материалдары, теориялық
тұжырымдары мен қағидалары қазақ лексикографиясы жөнінде жаңа пайымдаулар
жасауға мүмкіндік береді. Зерттеудің тұжырымдары мен нәтижелерін тарихи
лексикология мен тарихи лексикографияның, жалпы тіл тарихының теориялық
және практикалық мәселелерін әрі қарай зерттеуде монографиялық еңбектер,
жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарын дайындауға, сонымен қатар,
лексикология, тарихи семантика, лексикография пәндері бойыншаоқылатын
дәрістер мен өткізілетін арнайы курстарда, семинарларда қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
- қазақ тіліндегі туыстық атаулар жүйесі аялық білім қоры мен
сөз мағыналары негізінде ұлт болмысын дәйектейтін өзекті мәдени компонент
түрінде анықталады;
- қазақ тіліндегі туыстық атаулар түркі тілдері арасындағы құрамы мен
құрылымы жағынан ең бай лексикалық топты құрайды;
- қазақ тіліндегі туыстық атаулар семемалардың Д1, Д2, К1,
К2, К3 типтері арқылы жасалған;
- туыстық атаулар жүйесі тілтанымдық, лингвоелтанымдық,
лингвомәдениеттанымдық тұрғылардан ерекше маңызды лексикалық топ ретінде
жалпылама қолданымға арналып жасалатын көп томдық түсіндірме сөздікте толық
қамтылуы керек;
- туыстық атаулардың номинациясы мен функциясындағы когнитивтік,
семиотикалық, лингвомәдени, этнолингвистикалық т.б аспектілерге талдау
жасау арқылы олардың семантикасына қатысты экстралингвистикалық факторлар,
объективті шындық пен қазақ этносының дүниетанымдық менталитеті жүйелі
түрде анықталады.

Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері
мен мазмұны Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің 75-жылдығына
арналған Қазақ филология ғылымы: тарихы, бүгіні мен болашағы атты
халықаралық ғылыми-теориялық және әдістемелік конференцияда (Алматы, 2003),
Қазақ тілінің лексикология, лексикография, фольклортану мен көркем аударма
мәселелері: қалыптасуы, дамуы мен болашағы атты халықаралық ғылыми-
теориялық конференцияда (Алматы, 2007), Үздіксіз кәсіби білім беру
жүйесі: даму проблемалары мен болашағы атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік
конференцияда (Қызылорда, 2008), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты жанындағы Лингвистикалық семинарда баяндалып, ғылыми басылымдар
мен конференция материалдарында 9 мақала (оның ішінде Комитет тізімі
бойынша - 5) түрінде жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе, негізгі екі тарау, қорытынды
және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

негізгі бөлім

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, нысаны, мақсаты мен
міндеттері, теориялық және практикалық маңызы, ізденістердің ғылыми
жаңалығы, зерттеудің әдіс-тәсілдері мен ұсынылған тұжырымдары айқындалып,
жұмыстың талқылануы мен жариялануына қысқаша деректер берілді.
Диссертацияның бірінші тарауы Туыстық атаулардың лексика-семантикалық
құрамы мен құрылымдық ерекшеліктері деп аталады.
Тілдің негізгі міндеті – тілдесуге, сөйлесуге қажетті қарым-қатынас
құралы болу, сол себепті де оның басты қызметі - коммуникативтік қызмет.
Алайда, әлемдік тіл білімі лингвистика тарихында тілдің коммуникативтік
қызметін екінші қатарға ысырған кездер де болған. Мәселен, В.Гумбольдт
тілдің әлемді, адамдардың рухани күштерін дамытуға, көзқарастарын
қалыптастыруға қызмет ететін құрал яғни дүниені тану құралы болып
табылатындығын жазған еді [1]. Демек, В.Гумбольдт тілдің жетекші функциясы
ретінде гносеологиялық, танымдық функцияны таныған. Тілдің танымдық
табиғатын зерттеуші ғалымдардың пікірі бойынша, тілдің дискурсивті және
кумулятивті қызметі болады. Тілдің д и с к у р с и в т і қызметі адамның
ойлау іс-әрекеті кезіндегі динамикадағы танымдық қызметін қамтитын болса,
оның к у м у л я т и в т і қызметі статикалық қалыпта ойлауды мүмкін
ететін зердеге, еске сақтау қабілетіне, адамның жадына сәйкес келеді.
Демек, кумулятивтік қызмет өмір шындығы туралы жинақталған ақпардың тілдік
бірліктерде бейнеленуін, тіркелуін, сақталуын қамтамасыз етеді. Мұндай
ақпар тілдің барлық деңгейлерінде де жинақталып, сақталып отырады. Дей
тұрғанмен, кумулятивтік қызмет бірінші кезекте лексика-фразеологиялық
жүйеде көрініс табады.
Бір жағынан, тіл қоғамдық құбылыс ретінде нақты тілде сөйлеуші қауымға
тән әлем жайлы ақпарды сақтаушылық қызмет атқарады. Екінші жақтан, жеке
адамның үйренген тілі - өзгеге ұқсамайтын ерекше өмірлік тәжірибені
сақтаушы болып табылады. Сонымен бірге, жеке адамның санасында тілде
сақтаулы қоғамдық тәжірибе де орнығады. Осы тәжірибені бізге жеткізуші ең
басты бірліктер – сөздер. Сөз өз бойында әлем туралы ақпарды сақтайды. Яғни
әлемді сөз арқылы ғана іздеп табуға болады. Сөз – тілді тұтынушы,
пайдаланушы қауымның ұжымдық жады, мәдениеттің ескерткіші, ұлттық өмірдің
айнасы. Сөз - жинақталған ақпар орталығы, білім-білік қоймасы. Сонымен, сөз
- адамзат тәжірибесінің сақтаушысы, акумуляторы болып табылады. Туыстық
атаулардағы мәдени ақпарат жасырын (имплицитті) сипатқа ие, ол тілдік
мағыналардың арғы жағында жасырулы. Тілдің атауыштық, бейнелеуіштік және
кумулятивтік қызметі туыстық атау құрамында ұлттық мәдени ерекшеліктердің
түрлі көріністерін беруге, жинақтауға және бекітуге қабілетті.
Сөздің ұлттық мәдениетпен байланысты семантикасы сөз мағынасындағы
мәдени компонент деп аталады. Тілдегі сөздер әлеуметтік құбылыс ретінде
қоғам өмірінің белгісін, оның материалдық және рухани мәдениетінің таңбасын
сақтайды. Міне сондықтан да осы мәдени мағына сөз мағынасының
айтарлықтай қомақты бір бөлігін құрайды. Мәдени мағынаның сөздіктерде
айқын, ашық және жеткілікті дәрежеде ашылуы өзге тілді оқырмандардың тілді
жақсы меңгеруіне мүмкіндік тудырады.
Мысал үшін айтар болсақ, отбасын құруға байланысты халқымыздың ғасырлар
бойы қалыптасып, желісін үзбей жалғасып отырған салт дәстүрі бар. Бұл әдет-
ғұрыптардың барлығы көбіне жастарды тәрбиелеуге, оларды отбасын құрудағы
жауапкершілікке үйретуге бағытталады. Жастардың отбасын құруы, ежелден
қалыптасқан дәстүр бойынша құдаласудан басталады. Қазақта құда болудың
бірнеше түрі болған: бел құда, бесік құда, т.б. Құдалықтың баянды болуы көп
жағдайда қыз айттыратын жаушыға байланысты. Жаушы жөн-жосықты білетін,
тілге шешен, сөзге жүйрік адам болуы керек. Жаушы жіберіп құдаласып, сөз
байласқаннан кейін, екі жақ қалыңмал кәдесі туралы келіседі. Қалыңмал төлеу
дәстүрі де көнеден келе жатқан әдеттің бірі. Жалпы, қазақ дәстүрінде үйлену
тойлары екі кезеңге бөлінеді: бірі – қалыңдықтың ұзатылуы, яғни қызды
шығарып салу тойы, екіншісі – күйеу жігіттің ауылында болатын той. Көне көз
қариялардың айтуынша ертеректе қалыңдық үйінен басына сәукеле киіп шыққан,
ал болашақ қайын жұртының ауылына жақындағанда ауыл әйелдері алдынан шығып,
шашу шашып, сәукелесін шешіп, басына шәлі, орамал салған.
Қазақ тілінің туыстық атауларға қатысты дәстүрлі этномәдени лексикасын
концептологиялық тұрғыдан қарастыра отырып, концетілер аясындағы нақты
ұғымдардың мән-мағынасын ашу үшін сөзге қатысты барлық мазмұнды ақпаратты
қамтудың қажеттігін анықтау қажет болды. Шындығында, сөздің мағынасын және
оның алуан түрлі ассоциациялық байланыстарын бейнелейтін денотативті және
коннотативті мазмұн. Олар өз ішіне көптеген лексикалық бірліктердің
мағыналарын жинақтайды. Концептіде әрбір тілдік тұлғаның мәдени деңгейі
іске асады. Концептінің көрінісі сөзде ғана емес, сөз тіркестерінде де,
сөйлеудегі дискурста, мәтіндерде жүзеге асырылады. Қазақ мәдениетінің
негізгі туыстық жүйесінде бекітілген тілден тыс білімдерді (аялық білім)
тіл арқылы ашып көрсету қажет. Жалпы кез келген тілдік құбылыстың табиғатын
тек тілдік заңдылықтарға ғана сүйенбей, сонымен қатар, халықтың
дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына назар сала қарау
лингвоелтанымдық, лингвомәдениеттанымдық тұрғылардан маңызды. Қазақ
тіліндегі туыстық атаулардың лингвомәдени сипаты семантикалық маңызға ие
болатын белгілі бір әдет-ғұрыпқа, ритуалдарға байланысты болып келеді.
Туыстық лексика құрылымында ұлттық ерекшеліктер айқындалады.
Көптеген туыстық атаулардың мәдени-тарихи қосымша мағыналары
(коннотациялары) еліміздегі мемлекетқұраушы қазақ ұлтының өкілдеріне,
әсіресе Қазақстанды мекендейтін өзге мәдениеттің өкілдеріне бірдей
дәрежеде, бірдей көлемде белгілі емес. Халықтың мәдени өмірінен хабар
ететін туыстық атаулар ерекше таңбалық жүйені құрайды. Ол жүйе жалпыұлттық
семиотикалық моделдеуші жүйемен диалектикалық өзара байланыста болады. Тіл
де осындай жүйе болып табылатындықтан, мұнда әлеуметтік ақпарат жүзеге
асырылады. Демек, туыстық атау – әлеуметтік таңба. Туыстық атау –
этномәдени (лингвомәдени) таңба. Ол лингвомәдени таңба ретінде өзінің
тарихи-мәдени семантикасында түрлі мәдени қосымша мағыналарды
(коннотацияларды) жинақтайды. Мәдени коннотация екі семиотикалық жүйені
(тіл мен мәдениет) салыстырып, олардың байланыстарын жүзеге асырады.
Коннотациялар сөз мағынасындағы ассоциативтік белгілердің бекітілуі арқылы
пайда болады. Туыстық атаулардың мағыналарында пайда болатын және жасырын
формада бекітулі болатын мәдени коннотациялар мәдениет типтерімен және
олардың ескі әдет-ғұрып тәрізді таңбалық көріністерімен қатысты қаралады.
Диссертациялық еңбектің екінші бөлімшесі Туыстық атаулардың құрылымдық
және семантикалық ерекшеліктері деп аталады. Бұл бөлікте алдымен туыстық
атаулардың құрылымдық ерекшеліктері сөз болады. Туыстық – тарихи-этникалық
ұғым. Оның қалыптасуы мен дамуы белгілі бір этностың өмірімен, тұрмыс-
тіршілігімен, мәдениетімен, әдет-ғұрып, салт-санасымен байланысты. Қазақ
тіліндегі туыстық қатынастар мен атаулар топ-топқа бөлініп жүйеленеді.
Туыстық терминологиясы бойынша американ этнографы Л.Г. Морган тарапынан
жүргізілген алғашқы зерттеулер аталған топқа кіретін сөздердің әлеуметтік
институттардың, әсіресе отбасы мен некенің, ескі замандардағы жағдайы мен
даму жолын реконструкциялау үшін маңыздылығын байқатты. Отбасы мен ру-тайпа
тарихы үшін туыстық терминдерінің маңыздылығын Ф.Энгельс те жазған еді.
Туыстықтың терминологиялық жүйесі тілші қауым үшін де қызғылықты. Себебі
оның әлеуметтік дамудың заңдылықтарына бағдарланған даму жолы тілде
бейнеленеді, тіл заңдылықтарына бағынады.
Туыстық қатынастар мен атауларға байланысты материалдар жинау барысында
ағылшын, орыс, қазақ тілдеріндегі туыстық атауларды салыстыра отырып, жүйе-
жүйеге келтіріп, жан-жақты талдаған, классификация жасаған М.Ш.Сарыбаеваның
жұмысынан бұдан ертеректе жарық көрген жүйелеуде кездеспеген соны
жаңалықтар, өте маңызды сапалық ерекшеліктер байқалады [2]. Сол себепті,
біз М.Сарыбаеваның классификациясын негізге ала отырып, туыстық атауларды
туыстық қатыстылығына қарай жеке-жеке бөліп алуды жөн көрдік. Алдымен,
туыстық қатынастарға байланысты жүйелеуді анықтап алдық. Туыстықтың
типологиясы мағыналар жүйесінде нақты мағына ажыратушы семаларға сәйкес
келетін параметрлер негізінде жасалады. Барлық мағына ажыратушы семалар
денотативті мағынаны көрсетеді.
Туыстық атаулар (ТА) өзіндік стилистикалық боямасы бар, қалыптасқан
әдеби мен сөйленістегі құрылымды көрсету және туыстықтың екі түрін атау
үшін жұмсалады: нақты қандық (когнациялық) туыстық (НҚТ) және нақты некелік
(матримониалдық) туыстық (ННТ). Осыдан келіп, туыстықты атаудың екі түрі
айқындалады: а) нақты қандық туыстық атаулар (әке, бапа); ә) нақты некелік
туыстық атаулар (әйел, әйкеш). Қазақ тіліндегі туыстық атауларды қандас ТА
және некелік ТА деп екіге бөліп қарастырдық. Қандық ТА екіге бөлінеді:
1.Тікелей аға буын (баба, ата, әке,ана, әже, шеше, бапа, әти, жөке, ене,
шеке). 2.Тікелей кіші буын (ұл, қыз, нашар бала, бала, жортпашақ, немере,
актық, жиен, шөбере, немелтай, жиеншар, шөпшек, жаулық, немене, туажат,
жүрежат, темене, көрбақ). Жанама орта буын ұрпақ ішіндегі аға буын (аға,
ақа, ағатай, апа апатай, әпке). Жанама орта буын ұрпақ ішіндегі кіші буын
(іні, інікеш, қарындас, демеген, сіңлі, сіңді).
Некелік ТА екі топтан тұрады. 1. Матримониалды НТА үшке бөлінеді: а)
тікелей аға буынды НТА (ене, кебе, мұрындық ене); ә) бастапқы орта түрдегі
НТА (күйеу, әйел, әйкеш); б) жанама орта түрдегі НТА (абысын, бажа, бажай).
2. Когнациялық НТА үшке бөлінеді: а) тікелей аға НТА (құда, құдағи, ақлай
құда, жың құда, құдағай); ә) жанама кіші буынды НТА (құдаша); б) жанама
орта буынды НТА (жезде, жеңге, жише).
М.Ш.Сарыбаеваның пікірі бойынша, қазақ тілінде туыстық қатынасты
білдіретін 147 терминологиялық бірлік бар. Олардың ішінде 105 бірлік
когнациялық туыстықты, 42 бірлік матримониациялық туыстықты білдіреді.
Кез келген лексеманың семалық құрылымына, осы мәселені зерттеген
ғалымдардың пікірі бойынша, төрт түрлі семаның (тектік сема, архисема,
дифференциялдық семалар және потенциалды семалар) жиынтығы кіреді.
Компоненттік талдау тілдік бірліктерді зерттеудің әмбебап тәсілі болып
табылмайды. Алайда, семантикалық белгілердің (семалардың) анықталған
жиынтығы көмегімен сөздің одан арғы семантикалық даму жолының механизмдерін
ашуға болады. Яғни жаңа семантикалық статустардың (Д2, К1, К2) жасалу
жолдарын түсіндіруге жол ашады. Немере аға, немере іні, немере апа, немере
қарындассіңлі сөздеріндегі немере - Д2
Денотативтік және коннотативтік семемалардың маңызды белгілерін сөз етіп
көрелік. М.М.Копыленко, т.б. ғалымдардың пікірі бойынша, семемалардың 5
түрі бар:
Д1 – экстралингвистикалық мәнді дәл бейнелейтін денотативті семема
(адамның басы, туған аға).
Д2 - өзге денотатпен ұқсастық немесе аралас-құралас шектестік негізінде
анықталатын денотатты бейнелейтін денотативті семема (таудың басы, немере
аға).
К1 – денотатты тікелей бейнелемейтін, алайда осы лексеманың денотативті
семемасымен логикалық байланысты сақтайтын коннотативті уәжді семема (бетпе-
бет келу, қаламдас)
К2 – осы лексеманың денотативті семемасымен логикалық байланысы жоқ
коннотативті уәжсіз семема
К3 – қандай да бір денотативті семемамен байланысы жоқ уәжсіз
коннотативті семема.
1. Қазақ тіліндегі қандас туыстық терминдері.
Тура қандас туыстық – 9 ұрпақ; жанама қандас туыстық – бірінші дәрежелі
3 ұрпақ, екінші дәрежелі 3 ұрпақ, үшінші дәрежелі 2 ұрпақ, тура некелік
туыстық – 2 ұрпақ, жанама некелік туыстық – бірінші және екінші дәрежелі 1
ұрпақ.
Қазақ тіліндегі қандас туыстық терминдері төмендегідей түрлерге
бөлінеді:
1. Сипаттамалы терминдер (нақты туысты білдіретін): ана, әке, бала,
жиеншар, қыз, немере, туажат, ұл.
2. Жіктемелік (туыстар тобын білдіретін): толық жіктемелі, ішінара
жіктемелі, аралас жіктемелі.
Туыстық атауларының семантикалық ерекшеліктері туралы мәселені айқындау
үшін, біріншіден, қазақ тіліндегі туыстық атауларының ойдан
шығарылмағандығын, немесе осыған орай, қате қолданымдардың бар-жоқтығын
тексеру үшін, екіншіден, қазақ тіліндегі туыстық атаулардың өзге түркі
тілдеріндегі туыстық атаулар жүйесіндегі орнын анықтап, ортақтықтары мен
айырмашылықтарын айқындау үшін оларды тарихи-этимологиялық аспектіден
қарастырғанды жөн көріп отырмыз. Салыстырмалы-салғастырмалы зерттеу
барысында түркітануда бұған дейін жазылған еңбектердің нәтижелері мен
деректерін пайдаланып отырамыз. Олардың бастылары: Л.Покровскаяның түркі
тілдеріндегі туыстық терминдерін тарихи лексикологиялық тұрғыдан зерттеген
еңбегі, Ц.Номинхановтың түркі-моңғол тілдеріндегі туыстық терминдерін
қарастыратын мақаласы, В.В.Радлов, Н.И.Ильминский, Л.Будагов
сөздіктеріндегі, өзге де тарихи, этимологиялық сөздіктердегі, түркі
халықтарының сөздіктеріндегі материалдар [3].
Туыстық терминологиясы лексиканың ең бір көне қабаттарына жатады. Осы
лексика-семантикалық топтағы басты туыстық қатынастарды бейнелейтін атаулар
әрбір тілдегі негізгі сөздік қорға кіреді. Белгілі бір тілдегі немесе
тілдер тобындағы туыстық терминологиясын зерттеудің үлкен қиындықтары бар.
Осы сала бойынша жүргізілген зерттеулерде дәлелденгендей, отбасылық формасы
туыстық жүйесіне қарағанда тезірек өзгеріске ұшырайды, осыған орай
халықтардағы туыстық қатынастардың бұрыннан қалыптасқан жүйесіндегі
терминология мен қазіргі отбасы формасын білдіретін атаулар арасында
сәйкессіздік байқалады. Осындай құбылысты түркі халықтарынан да көруге
олады.
Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың басым көпшілігі – ертеден келе жатқан
төл сөздеріміз. Дегенмен, басқа тілдермен шектесіп жатқан немесе көрші
халықтардың ішіндегі қазақ сөйленістерінде кірме атаулар жиі кездеседі.
Олар сан жағынан әдеби тілдің құрамындағы сөздерден кем емес. Тілімізге
ауысқан сөздер мен тұлғалар әсіресе Қазақстанның шет аймақтарында көп
кездеседі. Қырғызстанмен шектес жатқан Жамбыл облысының оңтүстік
аудандарында қырғыз, ал Өзбекстанмен шектес жатқан Шымкент облысының
тұрғындары тілдерінде өзбек тілінен енген сөздер бар. Жетісу өңірінің шығыс
жағын мекендеген қазақтардың тіліне ұйғыр сөзі араласса, батыс қазақтарының
тіліне татар, ноғай, башқұрт сөздері қосылып кеткен. Араб, иран тілдерінің
элементтері солтүстік-батыс не шығыстан гөрі оңтүстік аймақтарда көбірек
ұшырайды. Араб-иран тілдерінен енген сөздердің басым көпшілігі оңтүстік
говорларға өзбек, қырғыз тілдері арқылы ауысқан.

Еңбектің екінші бөлімінде туыстық атауларды сөздіктерде
лексикографиялау ерекшеліктері туралы баяндалады.
1. Туыстық атауларды сөздікте беруде ең алдымен сөздіктің ұлттық
ерекшеліктерді көрсетушілік қызметі ескеріледі. Туыстық атаулар – қазақ
халқының этногенетикалық құрылымынан хабар беретін, оның өзіндік
ерекшеліктерін байқататын басты лексика-семантикалық топтардың бірі.
Сондықтан, ол топқа кіретін лексикалық бірліктердің мағынасындағы ұлттық
этно-мәдени компонент ашылуы керек. Оның мәдениеттанымдық, елтанымдық
құндылығы анықталуы керек.
2. Сөздіктің нормалаландырушылық қызметі орын алады.
Сөздікке ену арқылы атаулар жүйесі тілдік нормаға сәйкестендіріледі.
Беки түседі. Насихатталады. Әдеби және жергілікті қолданымдағы варианттары
(құдағи, құдағай) айқындалады. Нормадағы уақыт аралығында болған өзгерістер
анықталады. Атауды жергілікті қолданым шек-арасы нақтыланады (мұрындық
ата: түйені жетектеу үшін қолданылатын құрал атауынан).
3. Сөздіктің тілдік жүйені көрсетушілік қызметі.
Сөздікке алынбас бұрын жүйе толық зерттеліп, оның толық тізбесі жасалуы
керек. Бұл кейбір атаулардың қамтылмай қалып кетуін болдырмау үшін қажет.
Ол атаулар туыстық градациясы бойынша жүйеленуі керек. Осыдан кейін
сөздіктің көлеміне, мақсатына, адресатына, тағы басқа ерекшеліктеріне
байланысты оларға сұрыптау жасалуы керек. Мысалы тілді үйрету, оқыту
мақсатындағы шағын сөздікке негізгі атаулардың жүйесі алынады. Оған әдеби
нұсқадан өзге вариант қолданымдар алынбайды. Жүйені құраушы ең басты
атаулар алынады. Жалпыхалықтық қолданымға арналып жасалатын үлкен, толық
сөздікте толық құрам түгел қамтылуы керек. Ұлттық тілдің үлкен сөздігіне ол
атаулардың барлығы да алынуы тиіс.
Қазақ тілінің сөздік құрамына енетін атаулық бірліктерді қазіргі
сөздіктерге сұрыптап алу - әлі де толық шешімін таппаған мәселелердің бірі.
Тәжірибелік лексикографияда қалыптасқан жағдай бойынша, сөздер бұрын жарық
көрген сөздіктердің сөзтізбелері негізінде сұрыпталып, оларға біршама
толықтырулар жасау жолымен алынып келді. Жекелеген лексика-семантикалық
топтардың құрамы сөздікке алынар алдында түгелдей сараланып, бастан-аяқ
тексерілген емес. Бір жағынан тіліміздің ұлттық ерекшелігін байқататын, төл
мәдениетіміздің айғағындай өте-мөте маңызды атаулардың, екінші жағынан,
тілдік қатынаста жиі қолданылатын атаулардың сөзтізбеге енбей қалуы осындай
салғырттықтың салдары. Жасалатын сөздіктің сапалы болып шығуы үшін белгілі
бір лексика-семантикалық топқа кіретін атаулар құрамы алдын ала
қарастырылып, түгенделуі керек. Мұның өзі ол топқа кіретін атауларды іштей
саралап, олардың маңызды немесе маңызсыздығын, ескі немесе жаңалығын, төл
не кірмелігін белгілеп, жасалатын сөздіктің мақсатына, адресатына, көлеміне
байланысты қажеттілерін сұрыптап алу үшін қажет. Әрине, әр сөздіктің
өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, қалың жұртшылыққа арналып жасалатын
үлкен түсіндірме сөздіктерге ол атаулардың түгел алынғаны жөн. Бұл,
біріншіден, үлкен сөздікте тілдегі сөздік құрамның неғұрлым толық
қамтылуына жағдай жасайтын болса, екіншіден, топқа кіретін атаулардың
арасындағы семантикалық қатынастардың айқын, анық ашылуы себепті, әр
атаудың өзіне ғана тән орны белгілі болғандықтан, сөздіктегі анықтамалардың
да сапалы болуын қамтамасыз етеді. Ал орташа және шағын түсіндірме
сөздіктер мен аударма сөздіктерге сөздерді сұрыптау барысында тақырыптық
топтағы атаулар маңыздылығы мен қолданылу жиілігі тұрғысынан сараланып
барып алынады. Әрине, бұл мәселеде сөздіктің оқырмандары кімдер, олардың
ұлттық ерекшеліктері, тілді меңгеру дәрежесі, білім деңгейі мен мамандық
саласы қандай екендігі ескеріледі. Олардың этникалық қазақ болуының немесе
қазақ халқының тілі мен тұрмысынан хабардар Қазақстандық болуының, не
туыстас түркі тілдес халықтардың өкілі болуының немесе қазақ тілі мен
мәдениетінен мүлде хабарсыз алыс шет елдердегі халықтардың өкілі болуының
айтарлықтай айырмашылықтары бар. Сондай-ақ, сөздік жалпылама жұртшылыққа
арналып отыр ма, әлде студенттерге бағышталған ба, болмаса мектеп
оқушыларына немесе белгілі бір саланың мамандарына арналған ба – осының
барлығы да жекелеген тақырыптық топтардың сөздікте қандай құрамда берілуі
мәселесіне әсер ететін жағдайлар.
Тілдегі тақырыптық топтар ішінде адамаралық қатынас үшін маңыздылары да,
маңызы аздары да ұшырасады. Құрамындағы атаулар түгелімен, жүз пайыздық
деңгейде маңызды топтар да кездеседі. Солардың бірі – туыстық атаулар.
Туыстық атаулардың маңызсызы бола ма? Әрине, болмайды. Олардың бәрі де
маңызды. Сондықтан, тарихи принцип негізінде жасалатын диахрониялық сипатты
сөздіктерде де, таза бір кезеңді сипаттайтын синхрониялық сөздіктерде де,
олардың ішінде жалпылама қолданысқа арналған бір тілді түсіндірме
сөздіктерде де, екі тілді аударма сөздіктерде де туыстық атаулардың негізгі
құрамының түгел қамтылуы шарт.
Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың сөздіктерде қамтылу дәрежесі әрқалай.
Он томдық түсіндірме сөздікте олар біршама толық берілген болса, осы XX
ғасырда жасалған аударма сөздіктерде аз берілген. Мәселен, Х.Махмудов пен
Ғ.Мұсабаевтың авторлығымен шыққан шағын Қазақша-орысша сөздіктің
сөзтізбесінде туыстық атаулардан абысын, аға, ағайын, апа, әйел, жеңге,
әже, әке, ана, апа, ата, бай, ер, балдыз, бикеш, ене, жезде, жеңге, жиен,
іні, қатын, қарындас, құда, құдағай, күйеу, қыз, немере, шөбере, тоқал, ұл
атаулары, мысалдар арасында қайын ата, қайын аға, қайын іні, қайын сіңлі,
сөздіктің қосымшасында бәйбіше сөзі берілген [4]. Кейбір атаулар, мәселен,
келін, қайын ене, нағашы аға, немере аға, өгей ата, өгей бала, өгей қыз
т.т. сөздікте мүлде жоқ. Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде түзілген, көлемі
жағынан қазіргі сөздіктермен салыстыруға келмейтін өте шағын сөздіктердің
өзінде жоғарыда аталған туыстық атаулардан басқа қолданыстар көптеп
ұшырасады. Мәселен, Ешмұхамбет Букиннің 1883 жылы Ташкент қаласында басылып
шыққан Қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздігінде: қайын бике (золовка,
старше мужа), қайын бикеш (девер, моложе мужа), қияметтік ата (посаженный
отец), қияметтік ана (посаженная мать), нағашы апа (тетка по матери),
нағашы аға (дядя по матери, - моложе матери), нағашы жеңге (сноха, тетка по
матери), немере аға – дядя по отцу моложе отца, немере ата – дядя по отцу
старше отца, немере шеше – жена старшего дяди, жемере-шөбере – племянники
тәрізді атаулар берілген. Бұл сөздікте өгей ата, өгей ана, өгей бала, өгей
қыз атаулары да түгелімен бар. Х.Махмудов пен Ғ.Мұсабаевтың Қазақша-орысша
сөздігінің 1988 жылғы басылымында бар болғаны 63 туыстық атау ұшырасатын
болса, одан көлемі жағынан екі-үш есе шағын болып келетін 1897 жылғы
сөздікте – 92 атаудың қамтылғаны байқалды [5].
Жоғарыдағы мысалдардан байқалып отырғандай, өткен ғасырларда жасалған
сөздіктерде біраз сөздердің тұлғалары қазіргі қазақ тілінде орныққан
тұлғаларынан сәл-пәл өзгеше болып келеді. Ол өзгешеліктердің бірқатарын
диалектілік қолданыстарға жатқызуға болатын болса (олардың ішінде
жергілікті жерлерде қолданылатын кірме сөздер де бар), енді бір тобының
жарыспалы қолданыстар құрамына кіретіні байқалады. Қандас туысқандықты
білдіретін атауларға анықтама беруде ескі сөздіктерде де, қазіргі
сөздіктерде де айтарлықтай өзгешеліктер байқалмайды. Алайда, ағайын-туған,
жегжат-жұрағат, дос-жаран арасын ажыратуда айырмашылықтар бар. Қазан
төңкерісіне дейін жарық көрген аударма сөздіктерге көз жүгіртер болсақ, әке
жақтан туысатын туысқан жұрт пен шеше жақтан туысатын нағашы жұрттың,
сондай-ақ қайын жұрттың еркек пен әйелде әр басқа болатыны, әйелдің өз әке-
шешесі жағын төркін дейтіні айқын бейнеленген. Ұлы ата (баба), ұлы ана
(шеше) атауларымен әкенің әкесінен арғы ата, әжелерді атау салты да, одан
бергі ата мен әже, әке мен шеше, ұл мен қыз, ұлдан - немере, қыздан –
жиен, жиеннен туғанның - жиеншар, жиеншардан туғанның – туажат аталатыны,
әкелері бірге туған адамдардың балалары – немере аға (іні, апа, қарындас)
болатыны, немере туыстардың балаларының - шөбере туыс болатыны ірілі-
ұсақты сөздіктерде анық жазылған. Ескі сөздіктерде аталас, аналас,
емшектес, кіндіктес, құрсақтас тәрізді атаулар да кең қамтылған.
Алайда, нағашы жақтан болатын нағашы ата, нағашы әже, нағашы, нағашы
шеше, нағашы аға, нағашы жеңге, нағашы апа, нағашы жезде, бөле (туған бөле,
немере бөле), нағашы іні, нағашы келін, немере нағашы аға, немере нағашы
апа т.б. атаулардың, сондай-ақ, қайын жұрт жақтан болатын қайын ата, қайын
ене, қайын аға, қайын апа (қайын бике), балдыз, бажа, немере қайын аға,
немере қайын бике, немере қайны, немере қайын сіңлі, абысын (жеңге, келін)
атауларының, құдалық салтына қатысты бас құда, бауыздау құда, жанама құда,
құдағи (құдағай), құда бала, құдаша атауларының сөздіктерде берілуі
әрқилы. Бұрынғы сөздіктердің негізінен аударма сөздік болғандығы белгілі.
Ал сол сөздіктердің арасында осы аталған атаулардың барлығы да түгел, толық
берілген сөздік бар деп айта алмаймыз.
Екінші бөлімнің екінші бөлімшесінде туыстық атаулардың
түсіндірме сөздіктерде берілу ерекшеліктері жөнінде әңгіме болады.
Адамгершілік санада – моральдық норма, көркем әдеби санада – образ, діни
санада – фантастикалық түсініктер орын алатын болса, қоғамдық сана
формаларының бірі ретіндегі ғылым тіліндегі негізгі, өзекті бірлік – ғылыми
ұғым болып табылады. Терминнің ғылыми тіл мен әдеби тілдегі мағыналары
сәйкес келмейтіндігі белгілі. Себебі ғылыми тілде – ғылыми ұғым, әдеби
тілде – күнделікті қолданымдағы ұғым беріледі. Бұл ерекшелікті академик
Л.В. Щербаның келтірген мысалы арқылы өрнектеуге болады: түзу (геом.) –
екі нүкте аралығындағы ең қысқа қашықтық. Әдеби тіл сөздігінде: түзу –
оңға, солға, жоғары, төмен ауытқымайтын сызық [6, 68].
Туыстық атауларды білдіретін терминологиялық бірліктер қазақ тілінің
түсіндірме сөздіктерінде әдеби тіл бірліктері ретінде лексикалық мағына
тұрғысынан түсіндіріліп келді. Оны мына төмендегі мысалдардан көруге
болады. Ең алдымен, 2008 жылғы бір томдық, 1959-61 жылдары жарық көрген екі
томдық, 1976-84 жылдардағы он томдық, кейінгі кездері шыға бастаған он бес
томдық түсіндірме сөздіктердегі туыстық атауларды өзара салыстыра отырып,
олардың құрамына, мағыналық құрылымына назар аударып көрелік.
Бір томдық түсіндірме сөздікте, біріншіден, бар болғаны 40 туыстық
терминдер мен терминологиялық тіркестер берілген. Мұны біз жеткіліксіз деп
санаймыз. Себебі қазақ тіліндегі негізгі туыстық атаулардың өзі алпыс-
жетпіс қаралы екендігі мәлім. Екіншіден, қайын (◊ Қайын аға [қайнаға] -
жасы үлкен ағаларының ерлі-зайыптыларға жақындық қатысы. Қайын ата
[қайната] - ерлі-зайыптыларға туған әкелерінің жақындық қатысы. Қайын ене
[қайнене] - ерлі-зайыптылардың туған шешелерінің оларға жақындық қатысы.
Қайын жұрт - әйелінің төркіні күйеуге қайын жұрт болады. Қайын сіңлі –
күйеуінің қарындастары әйелге қайын сіңлі болады) атауынан өзге сөздердің
жүйелік, жіктік таралымы жеткілікті дәрежеде көрсетілмеген. Бұл тұрғыда
әсіресе өте маңызды нағашы-жиендік қатынастар ашылмай қалған. Аталған
қатынастарды көрсететін нағашы-жиен, нағашы жұрт, нағашы ата, нағашы әже,
нағашы аға, нағашы апа, нағашы әпке, нағашы қарындас, нағашы шеше, нағашы
іні, жиен аға, жиен іні, жиен апаәпке, жиен қарындас, жиен бала, жиен
қыз, жиен немере, жиеншар, т.б. атаулардың молдығы белгілі.
Үшіншіден, бұл жерде сөздікте келтірілген: Жиен Қыздан туған ер не қыз
бала, Нағашы Шеше жағынан туысқан адамдар тәрізді анықтамалардың
жеткіліксіз болып отырғандығы айқын. Анықтаманың толымдылығы, адамаралық
жан-жақты байланыстардың ескерілуі жағынан ең үздік үлгі ретінде Ә.Қайдар
ұсынған түсіндірмені пайдалануға болады: Нағашы бір әке, бір шешеден не
әкенің басқа әйелдерінен (бәйбіше, тоқалдан) туған ұл әулетіне жататын
балалардың (ұл-қыздардың) қыз әулетінен таралған балаларға (ұл-қыздарға)
деген туыстық қатынасының жалпылама атауы. Жиен ер-азаматтың өз кызынан,
бір туған әпке-қарындастарынан, сондай-ақ, туыстығы жақын басқа да әйел
адамдардан дүниеге келген ұл-қыздардың шеше төркініндегі аға-інілеріне, апа-
қарындастарына, басқа да жақын-жуықтарына деген туыстық қатынасы [ 7, 325-
332 бб.].

Екі томдық түсіндірме сөздіктегі туыстық атаудың құрамы да бір томдық
сөздіктен аспайды. Олардың аз берілуін сол кезеңдегі, мазмұны социалистік,
формасы ұлттық мәдениет заманындағы тілдік саясатпен байланыстыру қажет
деп ойлаймыз. Бұл сөздікте де, туыстық атаулар жүйесі толық ашылмаған. Құда-
андалы, нағашылы-жиенді қатынастардың тым солғын берілгені байқалады.
Себебі, жоғарыда сөз болғандай, сөздікте оларды ашып көрсету мақсаты
қойылмаған. Кейбір туыстық атаулардың мағынасы жақсы ашылған. Мысалы,
балдыз сөзінің бір томдық, екі томдық және он томдық сөздіктердегі
берілісін салыстырып көрелік: Балдыз Әйелінің өзінен жасы кіші туыстары;
Балдыз. Еркектің әйелінің туысқан інісі, немесе сіңлісі. Мен Сырқат
деген кісінің балдызы боламын (Мұқанов); Балдыз. Әйелінің жасы кіші
туыстары. Мырзаханның бұрынғы әйелі өліп, балдызы Қайшаны алды (К.Оразалин,
Ақ жазық). Бұл жерде бір томдық пен он томдыққа қарағанда, екі томдықтағы
түсіндірме сәтті шыққан.
Екі томдықтағы ата сөзінің мағынасын ашудағы реттілікті жөн
санаймыз:
Ата. 1. Әке. Күш атасын танымас (Мақал). 2. Ерлі-зайыптылардың
қайын әкесі. Сонда Қаражан түрып сенің атаң Байсары деген бай еді деді.
(Алпамыс). 3. Үлкен әке, әкесінің әкелері, бабалары. Кәне өз аталарыңды
таратып көрші (Мұқанов). 4. Қария, ақсақал, қарт. Түк жоқ, ата - деді қыз
генералға (Орманов).
Он томдықтағы реттілікте адамдар арасындағы туыстық
қатынастағы жақындық-алыстық мәселесі ескерілмеген: Ата. 1. Туған әке, өз
әкесі. Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ
(Абай,Тол.жин.). 2. Үлкен әке, әкенің әкесі; бергі ата. Мұхтардың атасы
Әуез Абайдың құрбысы ғана болып коймай, сонымен бірге пікірлесі де болды
(М.Қаратаев, Туған әдеб.). З. Адамдардың туыстық, қандастық жігі, ру. Он
ауыл төрт атаға бөлінеді. (Б.Майлин, Шығ.). 4. Тегі, нәсілі, шыққан жері,
тұқымы. Кім жетсе талабы, өнерімен жетеді (Абай). 5. Ерлі-зайыптылардың
қайын әкесі. Ғұрып бойынша күйеу ежелден ата сыйлайды ғой. Ал күйеуді
пайғамбар да сыйлап өткен дейді (К.Тайшықов, Окт.ұшқыны). 6. Қария, қарт,
ақсақал (құрметтеу, сыйлау мағынасында). Ей, ата, қылған ісің рас екен.
Қонақ боп біздің үйден дәм тат, деді (Абай,Тол.жин).
Он томдықта туыстық атаулардың құрамы мен құрылымы біршама сәтті
берілген. Әсіресе туыстық жүйені толыққанды түрде, иерархиялық негізде
көрсету жағында жетістіктер баршылық. Оған қайын, нағашы, шеше сөздерінің
семантикалануына қарап көз жеткізуге болады. Бұлардан басқа, мәселен, ене
сөзін алсақ та айырмашылық айқын көрінеді:
Бір томдық: Ене Екі жағы да ене деп айтатын ерлі-зайыптылардың анасы,
шешесі;
Екі томдық: Ене. 1. Ана, шеше. Ене көрген тон пішер. (Мақал). 2. Ерлі-
зайыпты кісілердің бірінің шешесі екіншісіне ене болады. Ұлжан енесіне
бағана Абай ұйықтап жатқанда, бар жайды айтып еді (Әуезов);
Он томдық: Ене. 1. Ерлі-зайыптылардың аналары бір-біріне ене болады.
Қынай енесімен бірге тұрады (М.Дүйсенов, Гүлжан). 2. Жан-жануарлардың
төлінің аналығы. Енесін жақсы азықтандырған мерионос қозылар есейгенде
жүнді де көп береді (Шопан кітабы). 3. Ауыс. Бала тапқан ана, шеше. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ОТБАСЫ КОНЦЕПТІСІ ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНУ МЕН КОГНИТИВТІК ЛИНГВИСТИКАНЫҢ БІРЛІГІ РЕТІНДЕ
АДАМНЫҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІГІНЕ ҚАТЫСТЫ ТІЛДІК БІРЛІКТЕР
Лексикография жайлы
Терминологиялық бірліктердің лексикографиялық сипаты
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ТУЫСТЫҚ АТАУЛАРДЫҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ- ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ТАБИҒАТЫ МЕН ҚОЛДАНЫСТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ЖОСПАРЫ
Қазақ лексикографиясы: біртілді оқу сөздігін түзудің ғылым негіздері
Қазақ және ағылшын тілдеріндегі туыстық атаулар жүйесі
Жалпы туынды сөз қазақ тілінің бір үлкен саласына айналуы заңды
Кәрілік адам жасын білдіретін түбірі сын есімнен болған сөз
Көркем аудармадағы баламасыз лексиканың берілуі
Пәндер