Түйенің не де болса түйе аты бар,
Сондықтан ботаның да ұяты бар.




Құнажын көзін сүзбесе,
Буыршын бұйдасын үзбейді.




Артында бар — оңалар,
Арық түйе — қоңалар.




Аталы сөз атан түйеге татиды.




Бойың қысқа болса,
Түйеге мін,
Бойың ұзын болса,
Есекке мін.




Күркіреген бураны келеде көр,
Азынаған айғырды үйірде көр.




Бағы тайған адамды
Түйе үстінен ит қабар.




Тұз десе түйеде тағат жоқ,
Төркін десе қызда тағат жоқ.




Түйе жұлғанын білмейді,
Жұтқанын біледі.




Түйенің терісі де есекке жүк.




Келеге түспес бура,
Керенау тартады.
Үйірге түспес айғыр,
Саяққа тартады.




Түйелі бай — киелі бай,
Қойлы бай — қорлы бай.
Жылқылы бай — сылдыр бай,
Сиырлы бай — сылбыр бай,
Ешкілі бай — есепті бай.




Кірекештің түйесі
Жүгіменен жайылар.




Маң-маң басқан, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Төрт аяғын тең басқан —
Түйе деген жануар.




Алтын артқан атанның да
Алдында есек, артында ит жүреді.




Жол үлкендікі,
Жүк түйенікі.




Өлген түйенің басымен
Тірі келінді қорқытпа.




Төрт түліктің төресін
Түйе дейді.




Ауыр жол— атанды сынайды,
Ауыр іс — адамды сынайды.




Милауға сөз ұқтырудан
Бураны кезіктіру оңай.




Ауыл-аймағыңмен,
Бота-тайлағыңмен.




Інген ыңырсыса,
Бота боздайды.




Сырын білмес адамға
Сырыңды айтпа.
Сырын білмес атанға
Жүгіңді артпа.




Нар мінезді жігітке
Нарға мінсе, жарасар.




Жас бота
Түйеге қарай өседі.
Жас құлын
Биеге қарай өседі.




Пәндер