Мемлекеттің жеке тұлғаның саяси әлеуметтену процесін жүзеге асырудағы БАҚ-тың рөлі



Мемлекеттің жеке тұлғаның саяси әлеуметтену процесін жүзеге асырудағы БАҚ-тың рөлі
Қазақстан Республикасы өзінің мемлекеттік саясатын, оның ішінде жеке тұлғаның саяси әлеуметтену процесін жүргізу барысында түрлі саяси технологияларды қолдану арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтерін кең түрде қолданады. БАҚ - бұл . . . саяси институт, яғни, әлеуметтік құрылымның бір бөлшегі, қоғамдық ұйымды ұйымдастыру мен реттеу түрі. Міндетті түрде айта кетерлік жайт, БАҚ-тың ең басты мақсаттарының бірі - адамдарды саясатқа тарту болып табылады [277, 212б] . Оған баспасөз, баспа, кітап, радио, теледидар, бұқаралық кино, компьютер, бейне жазу, дыбыс жазу, бейне үнтаспа, кабельді спутниктік байланыс, интернет жатады. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамда ақпараттық, коммуникативтік, танымдық, саяси, қоғамдық, қоғамдық пікір туғызу, саяси тәрбие, саяси ағарту мен үгіт-насихат және т. б. қызметтерді атқарады. Іс жүзінде «БАҚ өте қысқа уақыт аралығында барынша көп адамдарға ықпал жасауға қабілетті . . . БАҚ - әлеуметтенудің таңдаулы әрі ең төте жолы; дамушы елдердің көптеген зерттеушілері мен лидерлері оны саяси модернизацияның шешуші факторы деп санайды» [104, 172-173б] . Қазақстан Республикасында БАҚ-тың дамуы мен елдегі демократиялық ақпараттық кеңістіктің қалыптасуы динамикалық қарқынмен жүруде.

Қазақстан Республикасында БАҚ-тың дамуы мен елдегі демократиялық ақпараттық кеңістіктің қалыптасуы динамикалық қарқынмен жүруде. Республиканың тәуелсіздікке қол жеткізуінен кейінгі мезгілде еліміздің ақпараттық кеңістігінің құрылу барысын төмендегідей кезеңдерге бөлу қабылданған:

Бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік құрылымдағы азаматтар мен билік орындарын әлемде және ел ішінде болып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік және т. с. с. жаңалықтардан хабардар етіп, оларға өзіндік тұжырым-бағаларын жасайды. Нәтижесінде көпшілік халықтың әлемдік саясат туралы, Үкіметтің, Парламенттің, қоғамдық-саяси ұйымдар мен бірлестіктердің, бейүкіметтік қозғалыстар мен ұйымдардың іс-қимылдары жайында, мемлекеттің түрлі қоғамдық салалардағы жүзеге асырылып жатқан демократиялық жаңарулары тұрғысында ой-пікірлері мен көзқарастары қалыптасатыны анық. Сөйтіп, мемлекеттегі жеке тұлғалардың саяси санасы жетіліп, саяси іс-шараларға белсенді түрде қатысу мүмкіндіктері кеңейіп, саяси әлеуметтенеді, сондай-ақ, олардың өзін өзі көрсетуіне жол ашылады.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алып, егемен ел ретінде өзін танытуы қоғам құрылымындағы түбірлі өзгерістердің өрістеуіне жол ашқаны белгілі. Осы кезеңде бұрын КСРО-дағы бірлестірілген БАҚ-тың құрамында болып келген Қазақстанның алдында БАҚ саласындағы мемлекеттік саясатты орнықтыру, ескірген техникалық құралдарды жаңалау, осы салада ТМД және алыс шетел мемлекеттерімен қарым-қатынасты жолға қою, аймақтық агенттіктердің бөлімдер жүйесін құру, сондай-ақ, БАҚ-тың жаңа сапалы заңын шығару және құқықтық негізін жасау міндеттері тұрды. Осыған орай ең алдымен БАҚ-тың басқару жүйесіне құрылымдық-ұйымдастырушылық өзгерістер енгізілді. Басында Министрлер Кабинетінің құрамында болған баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі таратылып, 1995 ж. Қазақстан Республикасының жанындағы баспасөз және бұқаралық ақпарат ісінің Ұлттық агенттігі болып құрылды. Ал, 1997 ж. қазанда аталған агенттіктің негізінде Ақпарат және қоғамдық келісім Министрлігі ұйымдастырылды. Бұдан кейін 1999 ж. қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім Министрлігі негізделді, бүгінде бұл құрылым Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат Министрлігі сипатында өз жұмысын жүргізуде.

Сонымен бірге 1991 жылы 28 маусымда «Баспасөз және басқа БАҚ туралы» Қазақстан Республикасының Заңының қабылдануы мемлекеттік құрылымның мүлдем жаңа жүйесі орнығуы жағдайында бұқаралық ақпарат құралдарын демократияландырудың алғышарты болып табылады. Осылайша, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолындағы Қазақстан Республикасы ақпараттық саясатты жүргізуде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен БАҚ туралы заңның негізгі ұстанымдары мен ережелеріне сүйенеді. 1995 ж. 30 тамызда қабылданған еліміздің Ата Заңы сөз бен бұқаралық ақпарат еркіндігіне кепілдік береді. Яғни, Қазақстан Республикасының Конституциясының 20-бабы бойынша: «1. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. 2. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді. 3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді» [9, 10б] .

Сондай-ақ, еліміздің Негізгі Заңының 18-бабының 3-тармағында: «Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті», - делінген [9, 9-10б] .
Осылайша, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсізсіздікке қол жеткізуімен пайда болған әр түрлі бағыт-бағдарды ұстанатын бұқаралық ақпарат құралдары біздің күнделікті өміріміздің аса қажетті құралына айналды. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының еліміздің тәуелсіздігін нығайту мақсатында мемлекеттік құрылымның барлық мүшелерін бірлесу мен тыныштыққа, ынтымақтастық пен өзара келісімге шақырудағы рөлі зор. Соған орай БАҚ арқылы республика халқын топтастыратын «Біздің күшіміз - бірлікте», «Қазақстанды мекендейтін ұлт өкілдерінің теңдігі мен ынтымағы үшін», «Қазақстан территориясының біртұтастығы мен мызғымастығы», «Қазақстандағы тілдер мен мәдениеттердің еркін даму мүмкіндігі» бағытындағы іс-шараларды насихаттап, жүзеге асыру маңызды

Сайып келгенде, БАҚ мемлекеттік мәні зор мәселелерді жан-жақты көтеріп, демократиялық құндылықтарды негіздеуге, қоғамдық-саяси пікірді қалыптастыруға зор үлесін қосатын қуатты факторлардың бірі. Өз кезегінде елімізде азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің негіздері мен демократиялық қалыптарды орнықтыруда, жеке тұлғалардың саяси білім деңгейі мен көзқарастарының жетілуі мен саяси әлеуметтенуінде бұқаралық ақпарат құралдарының және мемлекеттік билік пен басқару институттарының өзара қарым-қатынастарын ұйымдастыруды жолға қою ісі мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірінен саналады. Сол сияқты «БАҚ-тың үйлесімді дамуына жәрдемдесу» [170] де билік пен басқару мекемелерін қамтитын мемлекеттік құрылымның іргелі мұратының бірі екендігі анық.


Сөйтіп, бүгінгі күні мемлекеттік құрылымда саяси демократия үрдістерін нысанаға алған БАҚ-тың орны мен маңызы орасан. Демек, « . . . бұл мәселенің бірнеше қыры бар.

Осымен байланысты қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік саясат пен бұқаралық ақпарат құралдарын бір-бірінен бөлек көзге елестету өте қиын. Өйткені мемлекеттік билік пен басқару органдары бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметтер жүйесіне объективті түрде мүдделі.
Бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе, Президент, Парламент, Мәслихат сайлаулары кезінде шешуші рөлге ие. Олар саяси үгіт-насихат, жарнама, қоғамдық пікір тудыру және т. б. іс-шараларды жүргізу арқылы саяси тұлғалар мен саяси ұйымдар туралы ақпараттарды жариялап, олардың арнайы бейнелерін жасайды. Бұл ретте «әсіресе демократиялық сайлау барысына БАҚ белсенді ықпал көрсете алады, сонымен қатар жоғары билік органдарының іс-әрекетін бұқара осы ақпараттар арқылы бағалайды. Басқаша айтқанда, саясаткердің, саяси органның имиджі БАҚ арқылы құралады», - деп пайымдайды А. Н. Нүкенов [279] . Сонымен бірге мемлекеттік құрылымдағы саяси партиялардың жүргізіп отырған қызметін насихаттауда, олардың қоғам мүшелерімен өзара ықпалдастық саясаты мен саяси беделін арттыруда бұқаралық ақпарат құралдары маңызды ақпараттық іс-қимылдарды жүзеге асыратын демократиялық институт. Іс жүзінде «саяси жүйенің барлық элементтері қызметіне әсер ете отырып, БАҚ олардың іс-қимылына жаңалықтар әкеліп, серпінділік береді, жан бітіреді, әлеуметтік топтар мүдделерімен байланыстырады.

Мысалы, саяси партиялардың танымалдылығы, бұқаралығы, беделі және ықпалдылығы бүгінде олардың өз мақсаттарына бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана және тарта білу деңгейіне байланысты екендігі - даусыз шындық», - деп атап көрсетеді зерттеуші Н. Қалиев [278] . Осы тұрғыдан алғанда сайлау кампанияларын ұйымдастыруда, депутаттыққа кандидаттарды ұсынып, олардың бағдарламаларын насихаттауда, саяси қозғалыстар мен партиялардың белсенділерін халық бұқарасына танытуда БАҚ арқылы саяси жарнамалар жасаудың рөлі зор. Саясаттанушы ғалым Ш. А. Құрманбаева ұйғарым жасағандай: «Нарықтық үлгі бойынша үміткер немесе сайлау бірлестігі тауар ретінде қарастырылады; науқанды ұйымдастырушылар мен кеңесшілер сатып алушы - сайлаушыларға тауарды тиімді сату үшін жарнама мен насихаттың түрлі әдістерін қолданады» [280] . Қазақстан қоғамында соңғы кездері саяси жарнаманың қолданылуының дәстүрлі плакаттар, транспаранттар шығару тәрізді түрлерімен қатар, қала көшелері мен ондағы бағандарда, жүргізушілер көліктерінде үміткерлердің портреттерін, олардың ірі әріптермен жазылған бағдарламаларының тезистерін жариялау, сондай-ақ, күн сайын пошта жәшіктерінде олар жайлы листовкалар тарату тәрізді сан алуан әдістері қолданысқа түсуде. Осыған орай сайлау науқаны кезінде отандық саяси партиялар ұрандарды көтеріп, халық арасында өздерін жарнама жасаумен де айналысады.

Мәселен, «Отан» республикалық саяси партиясы - «Атқарылған іс аз емес, бірге жалғастырайық!», «Ел үшін дауыс бер!», Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы «Жақсы өмір баршаға бүгін қажет!», «Барлығы уәде береді, ал біз жасаймыз», «Мұнайдан түскен қаражат - әр адамға!», «Билік халықтан ұлы емес - Халық биліктің құлы емес!», Қазақстанның Аграрлық және Азаматтық партияларының «АИСТ» сайлау блогы - «Бақыт құсы - бар шаңыраққа», «Менің қалауым - АИСТ - Бақыт құсы», «Асар» республикалық саяси партиясы - «Асарға» дауыс бергеніңіз - Өзіңізге дауыс бергеніңіз!», «Елге тілек, жұртқа ниет», «Біргеміз! Берік іргеміз!», Коммунистер мен ҚДТ оппозициялық халықтық блогы - «Шындық пен әділдік үшін» деген ұрандармен бұқара халық арасында өз бағыттары мен ұстанымдарын насихаттаумен шұғылданады. Өйткені әрбір саяси партияның жеке тұлғаларды қоғамдық-саяси дамудың барысы мен оны дамыту турасындағы өз пайымдауларымен хабардар етуді көздейтіні анық. Осы тұрғыдан алғанда «сайлауға (бұл 2004 ж. Президент сайлауы жайында - Т. Ә. ) қатысушы барлық партиялар түрлі акциялар, митингілер, пикеттер ұйымдастыруға, мәлімдемелерге ерекше назар аударды. Мәселен, «Отан» жастарды сайлауға шақыру ниетімен «Сенің бірінші сайлауың», антитеррористік «Терроризмге жол жоқ!» акцияларын ұйымдастырып, Республикалық «Отан» автошеруі» жобасының үшінші турын өткізді, «Отан» мерейтойлық поезы Қазақстанның барлық аймағын аралады. «АИСТ» сайлау блогы «Ақ бата», «Күштілерге - жұмыс, әлсіздерге қамқорлық» ұранымен түрлі акциялар, «Казкоммерцбанктың» Алматы филиалының алдында сайлау алды митингілерін өткізді . . . Науқан барысында барлық партиялар күн сайын баспасөз конференцияларын өткізіп отыруға мән бергендерін айта кеткен жөн [281] .

Осылайша қоғамдық-саяси құрылымда жеке тұлғалардың бейнесін қалыптастыруда, олардың мінез-құлық үлгілеріне ықпал ету мен көпшілік қауыммен қарым-қатынас жасау негіздерін жетілдіруде, сайлаушылардың көңіл-күйін зерттеу ісінде, сөйтіп, мақсатқа жету жолында түрлі бағдарламалар мен әдіс-тәсілдерді қолдануда да саяси жарнамалардың мүмкіншілігі ерекше. Өз кезегінде зерттеуші Л. Әділова ұйғарым жасағандай: «жақында ғана тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан үшін саяси жарнама мәселесі зор маңызға ие. Жаңа жүйеге азаматтардың саяси бейімделуі адамдардың дүниетанымдық ұстанымдардың кең түрдегі үлгілерін меңгеруімен, саяси шешімдерді қабылдауда жаңа түбірлі құндылықтарды игеруімен сипатталады. Осымен байланысты Қазақстандағы саяси жарнама феноменінен өзгеше үн білінеді. Саяси жарнама бірлескен мүдделерге қызмет етпейді, идеологиялық тұрғыда ықпал көрсетуге бейімділік танытумен ерекшеленбейді, ол саяси және әлеуметтік даму барысында топтардың, сондай-ақ, жеке дара көзқарастардың жүйесін білдіреді» [282] .

Қазіргі ақпараттар ағымы заманында бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік құрылымда маңызды рөл атқарады. Қоғамдық-саяси құрылымда «ақпарат қоғамның маңызды әлеуметтік құралы, биліктің негізгі құралы. Ақпарат - бұл бұқаралық қоғамның өнімі мен нәтижесі. Ақпарат - бұқараның интеллектуалдық азығы» [283] . Олар жеке тұлғалардың өз құқықтары мен бостандықтарын білуіне, өз мұрат-мүдделерін қорғауына, күнделікті болып жатқан оқиғалар турасындағы ой-пікірлерін қалыптастыруына, сондай-ақ, олардың саяси әлеуметтенуіне мүмкіндік беретін саяси әлеуметтену процесінің тиімді агенттерінің бірі болып табылады. Осы орайда С. Кулумбаев тұжырымдағандай: «егер тиімді пайдалана білсе, бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікірді өзгертуге орасан ықпал ететін алпауыт күш. Саяси жағдайды шынайы суреттейтін, дамыған, демократиялық тұрғыда ұйымдастырылған БАҚ-тың болуы, қоғамды тиімді басқарудың, тұрақты демократиялық мемлекет болуының ең негізгі кепілдіктерінің бірі екендігі даусыз. Тәуелсіз мемлекеттегі еркін БАҚ әрбір азаматтың өмірлік маңызы бар мүдделерін қорғауға, шыншыл да жан-жақты ақпарат ала отырып, қоғам өмірінде болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға объективті көзқараспен қарап, дұрыс іс-әрекет жасауға мүмкіндік беретін бірден бір құрал» [284] .

Сонымен, біздің заманымызда ұлттық, сонымен бірге халықаралық деңгейдегі қоғамдық ой-пікірді қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі жоғарылау үстінде. Өйткені адамзат үшін маңызды мәселелердің шешімін табу мен халықаралық саяси ақуалды реттеуде, оны бір қалыпқа келтіруде БАҚ арқылы таратылатын ақпараттардың маңызы орасан.
Өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық-саяси жүйедегі жас ұрпақ өкілдерін зорлық-зомбылық көрсету, қатыгездік, азғындық таныту, ұлтшылдық пен шовинизм идеяларынан сақтандыру мақсатымен саяси әлеуметтік сүзгі жасау ұстанымын негіз етіп алады. Бұл маңызды мәселе «Баспасөз туралы» Қазақстан Республикасының 1993 ж. 23 шілдедегі Конституциялық Заңының қабылдануымен және Қазақстан Республикасының Мәдениет, Ақпарат және Қоғамдық келісім Министрлігінің «БАҚ туралы» Заңға 2001 ж. түзетулер енгізуімен әрі қарай жалғасын табуда. Іс жүзінде Қазақстандағы мемлекеттік ақпарат саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясының басты қағидаларына, сондай-ақ, баспасөз, теледидар, радиохабар қызметтерінің тұжырымдамалары негізделген ұйымның Жарғысына сәйкес жүзеге асырылу үстінде. Біздің заманымызда: «ақпараттық кеңістік ішінде саяси мәселелер недәуір салмақты орын алатындықтан, осы міндеттерді атқара отыра бұқаралық ақпарат құралдары демократиялық жүйені реттеуде маңызды бөлім әрі қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты жөнге келтіруде тиімді арна болып табылады» [285] .

Осылайша, бүгінгі таңда еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік басқару мен билік органдары және қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынасын жолға қоюмен, жеке тұлғалардың бойына демократия мен саяси құндылықтарды дарыту арқылы олардың саяси әлеуметтенуімен айналысуда.
Біздің заманымызда бүкіл адамзат қауымының әлемдік ақпараттық кеңістікті қалыптастыру кезеңіне өтуі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың республикамыздың да осы маңызды жағдайға қосылу қажеттігі жайындағы 2000 ж. 27 наурыздағы Жарлығының қабылдануына негіз болып табылады. Осы кезеңде «Бүкіл әлем аса ауқымды ақпараттық инфрақұрылым құру алдында тұр. Ол уақыт пен кеңістікті жеңудің құралы болмақ. Сондай-ақ, дүниежүзілік ақпарат рыногы де құрылады. Ауқымды ақпараттық инфрақұрылым жергілікті, ұлттық және аймақтық желілердің біртұтас жүйесі болып табылады. Қазақстанның да уақыт талабынан кешікпеуі, жаңа құрылымда өз орнын алуы өте маңызды. Бұл үшін елімізде ұлттық ақпарат инфрақұрылымын құру қажет. Өйткені ақпаратқа деген қажеттілік ұдайы артып отыратын болады» [166, 103б], - деп Елбасы тұжырым жасағандай, Қазақстан мемлекетінде демократиялық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ісі қазіргі кезде жүзеге асырылуда. Бұл ретте Қазақстанда ресми ақпарат құралдарымен қатар, көптеген ресми емес, оның ішінде жеке басылымдар пайда болуда. Бүгінде республикадағы екі мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдарының 80 пайызы мемлекеттік емес [286] .

Айта кетерлік жайт, ақпараттық құрылымдар жүйесінде жалпыұлттық деңгейге шаққанда нақ осы мемлекеттік емес БАҚ жетекші орынды иеленуде. Іс жүзінде ақпараттық кеңістік қоғамның саяси дәстүрлерін, яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінің саяси-құқықтық шарттарын сақтау арқылы жасалынуда. Және де ақпараттық кеңістіктің өркендеу барысы ақпараттық байланыстың бірнеше бағыттағы даму деңгейлері - компьютер, телекоммуникация, бұқаралық ақпарат құралдарының көлемі арқылы айқындалады. Мәселен, « . . . ақпараттық байланыс секторы екі есе өсті. Халықаралық Телебайланыс Одағы атап көрсеткендей, ол ғаламдық экономиканың бір бөлігі ретінде 1, 5 трлн. долларға бағаланды. Телебайланыс секторына жеке бөлгенде - 46%; компьютерге - 33%; ал жалпы бұқаралық ақпаратқа (ЖБА) - 21%-дан келеді» [287] .
Қазақстан Республикасында бұқаралық ақпарат құралдары жеке тұлғалардың саяси әлеуметтену процесін жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратын қоғамның қуатты институттарының бірі болып табылады. Осы кезеңде бұқаралық ақпарат құралдары КСРО-ның билігі кезіндегі «Компартияның көмекшісі», «қайта құрудың тетікшесі» тәрізді баламалардан арылып, қоғамның талабына байланысты мүлдем жаңа демократиялық бағыт-бағдарды ұстанып келеді. Бүгінгі таңда «БАҚ-қа көбінесе осы мемлекеттің бет-бейнесін айқындайтын қоғамдағы адамгершілік, рухани негіздер ғана емес, сонымен бірге, экономикалық, құқықтық, мәдени бағыт-бағдарлар мен белгілердің сипаты да тәуелді.

Ақпараттық саясатты жүзеге асыра отырып, БАҚ саяси процеске өз ықпалын тигізеді. Олар адамдарды біріктіріп, жасампаздық іс-қимылға топтастырады, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді» [277, 260б] . Осымен байланысты бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы жаңарулардың даму үрдісін ескере келе, жеке тұлғаның өзін өзі танытуына жол ашумен, олардың саяси әлеуметтенуін іске асырумен, қоғамдық-саяси пікірді, қазақстандық патриотизм мен отансүйгіштік сана-сезімді қалыптастырумен айналысады. Соған орай мемлекеттік құрылымдағы газет, журналдар, теледидар, радио тәрізді ақпарат құралдарымен қатар, компьютерлік, интернеттік технологиялар сияқты ақпараттық түрлердің озық үлгілерінің енгізіліп, қолданылуы зор маңызға ие. ХХ ғ. 90-ж. бастап елімізде жаппай бұқаралық ақпарат құралдарында компьютермен теру, беттеу, оны дискетпен өндіріске жіберу, факспен хабар алмасу тәжірибесі қолдануда. Сонымен бірге біздің заманымызда қоғамның бүкіл салаларында информациялық-коммуникативтік технологияларды, интернеттік ақпарат жүйелерін пайдаланудың маңызы зор. Жаңа информациялық технологиялар жеке тұлғаларды қалыптастыруда, олардың саяси әлеуметтенуінде түрлі қызметтерді атқаруға, яғни, хабар алудың құралы ретінде өзекті саяси, әлеуметтік, құқықтық және т. б. білімдерді меңгеруге мүмкіндік береді. Интернеттік ақпараттық жүйелер арқылы қоғам мүшелерінің ешқандай кедергісіз, мемлекеттік шекаралардан еш тәуелсіз дүниежүзінің барлық нүктелерінен өзара хабар алмасу мүмкіндігі жолға қойылған. Яғни, еліміз бүгінде « . . . интернет жүйесі арқылы әлемдік информациялық қоғамға толыққанды мүше болуда. Қазақстанда соңғы жылдары интернет жүйесінің провайдері ретінде төрт ірі компания (Қазақтелеком, Нұрсат, Алтел, НИТ) тіркеліп отыр және олардың өз жүйелері бар.

Мысалы, Қазақтелеком құрған Kazakhstan online мәлімет беру жүйесі 19 ірі қаланы қамтиды» [288] . Сондай-ақ, интернетке қосылудың негізінде жеке тұлғалар газеттер мен журналдарда жарияланған ақпараттардың электрондық түрлерімен танысады, бір-бірімен пікірлермен бөлісіп, жұмыс істейді, жаңа ғылыми, саяси, танымдық және т. б. ақпараттармен алмасады. Сөйтіп, компъютер мен интернет бұқаралық ақпарат құралдарының қуатты салалары болып табылады. Бүгінде осы заман талабына сай ақпарат алмасудың жетілдірілген аталған түрлерін пайдаланбайтын бірде-бір БАҚ жоқ деп айта аламыз. Десек те, социологиялық зерттеулердің қорытындысына қарағанда интернет қызметін қолданушы өкілдердің алдында бірқатар мәселелер туындап отыр. Олардың қатарында:

Осындай жайттарға байланысты Қазақстан азаматтарының да, Ресей тұрғындарының да интернеттік технология, электронды хабарлар алу секілді ақпараттық кеңістіктің жаңа түрлерін пайдалану үлесі азырақ болуда. Мәселен, 2003 ж. ортасында Ресейде интернет қызметін пайдаланушылардың саны жалпы тұрғындар санының 5-6%-ын, ал 2003 ж. аяғында - 7%-ын құраса, ал 2005 ж. соңында бұл көрсеткіш 15%-ға жетуі тиіс [289] .
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz