Ұлттық құндылықтар мен Өзін-өзі тану рухани-адамгершілік білімінің сабақтастығы




Презентация қосу
Ұлттық құндылықтар – тұтас бір жүйе. Оған
халықтың тілі, ділі, мәдениеті, әдебиеті, өнері,
сондай-ақ халықтың әлеуметтік және мәдени
қауымдастық ретінде пайда болуымен бірге
туындаған әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, жол-
жоралғылар, ұғым-түсініктер, дағды, көзқарастар
жатады. Құндылық адамның өмір сүруінің және
адамдық қалпының негізін кұрайды.
Руханият – адамзаттың негізгі бастауларының бірі.
Адам әдебиет пен өнер туындылары, түрлі уағыздар мен
тәлімдер арқылы өмір тағлымдарын танып,
руханияттылыққа қол жеткізеді. Бұл шындық, әділеттілік,
қайырымдылық, мейірімділік, сұлулық идеяларын, сол
сияқты рухани-адамгершілік ұстанымдарын қабылдауға
және оны пайымдауға негіз болады. «Қазір отандық
бұқаралық ақпарат құралдарында, түрлі әдебиеттерде
«руханият» атауы орынды қолданыла бастады деп
есептейміз. Біле-білсек, бұл – дәстүрге адалдық, тарихқа
құрмет», – деп пайымдайды Д. Хамзабекұлы. Жоғарыда
айтылғандардан ұлттық руханият – ұлттық
құндылықтар жүйесі деп түйіндеуге болады.
Ұлттық руханият – ұлттық рухтан туындаған ұғым.
Ұлттық рух болмаған жерде ұлтпын деп айту қиын.
Руханиятқа ұлт тілі, ділі, дәстүрі, ұлттық мәдениет,
әдебиет, өнер және т.б. ұлттық құндылықтар жатады. Ол –
халық санасының, мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани
негізі, ұлттық болмысы. Ұлттық руханият мыңдаған
жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, әр адамның
бойына ана сүтімен бірге сіңеді. Ұлттық руханиятты
сақтау, оны нығайтып отыру және дамыту – өскелең
ұрпақтың қасиетті парызы мен міндеті. Бұл шындық,
әділеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, сұлулық
идеялары мен рухани-адамгершілік ұстанымдарын
қабылдау мен пайымдауға әкеледі.
Ұлттық
руханият
Діл – халыққа, ұлтқа немесе белгілі бір топқа тән
дүниетанымдық және руханияттық ұғымдар
жиынтығы. Ол – ұлттың «Мені», өзіндік кескіні, өзге
халықтардан даралайтын сипаты және сол сипатымен
кім екені айтылмай-ақ басқа жұртқа танылатын,
туабітті қанына сіңген, болмысына дарыған табиғи
ерекшелігі; ұлттың табиғи, рухани және тарихи даму
жолындағы, өмір ағымындағы жарғылық мәнді әдет-
ғұрып, салт-дәстүр, мінез-құлық, іс-дағды сипаты.
Діл адамның өмірлік айқындамалары мен өмір туралы
пайымдауларына негіз болады.
Өнер – өмір өрнегі. Ол адамды асқақ сезімге бөлеп, жан
дүниесін нұрландыра түсетін құдірет. Ол өмірді
кемелдендіріп, ізгілік шуағын таратады. Өнер арқылы адам
өзінің өмірге деген ерекше құштарлығын, сүйіспеншілігін
білдіреді және өзге адамдардың да өмірге деген
көзқарасына ықпал етеді. Адамның өмірі, пейілі және іс-
әрекеті – оның өзіне деген махабатының көрінісі, өнер
арқылы адамның өмірге құлшынысын, құштарлығын
байқалады. Нағыз өнер адамның игілігіне қызмет етеді.
«Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен
келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы,» – деп
бағалайды Б. Момышұлы. Ұлттық өнер туындылары
рухани құндылықтармен қатар материалдық құндылық
болып та саналады.
Ұлттық намыс – ұлттық ділдің іргетасы деуге болады.
Ұлттық намыс болмаса, ұлттық руханият, ұлттық дәстүр,
елжандылық, отансүйгіштік сияқты ұғымдарды меңгеру қиын.
Академик М. Қозыбаев: «Адами қасиеттердің арқауы – Ар, Ұят,
Намыс. Намыс – адам өмірінің әр сатысында әр түрлі
байқалады. Ол – «мен, мен» деген сәби намысы, ол – өзін-өзі
біле бастаған балғын жастың жігіттік намысы, ол – бой жеткен
ару намысы, ағайынның аты озғандағы, ауылдастың тайы
озғандағы ер намысы, азаматтық намыс, ұлт намысы...
Қазақ шындығында намысшыл халық. Оның «Ерді намыс
өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» – деуі содан. Зерделеп
қарасаңыз, қазақ эпосы, батырлар жыры оқырманды
намыстандырып, рухтандырып отырады.
Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан
нормалар мен үрдістер. Ол – қоғамдық ұйымдар мен халықтың
мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Дәстүр
мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған
ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау,
адалдық, әділеттілік, мейірімділік үрдістері озық дәстүрлерге
жатады.
Ұрпақ болашағы – ұлт болашағы. Ендеше, қай заманда
болмасын адамзат баласының алдында тұратын ұлы мақсат-
мұраттарының ең бастысы – өзінің өмірін, тәжірибесін
жалғастыратын салауатты, саналы ұрпаққа мұра етіп қалдыру.
Себебі ұрпақтың рухани-адамгершілік әлеуеті оның келешегін
берік ететін бірден-бір қағидат болып саналады
Ұлттық құндылықтарымыздың бірі – ата салты, кәсіпке,
сенімге, тұрмыс-тіршілікке байланысты әдет-ғұрыптар. Салт –
ұлттық қасиеттің басты белгісі, ол бабалардан мирас болған, сан
ғасырлық өмір сүру барысында ұрпақтан-ұрпаққа ауысып,
жұрттың санасына әбден сіңіп қалыптасқан үрдіс. Ата-баба
аманат еткен бұл құндылықтарды ұрпақтың қадірлеп, қастерлей
білуі – ұлт болашағының басты шарты.
Уақыт өткен сайын салтқа түрлі өзгерістер еніп, қоғамға
талабына бейімделуі мүмкін. Жаңа қоғамдық қатынасқа сай
келмейтін дәстүрлер ауысып, өмірге қажетті салт кемелденіп,
дамып отырады. Бұл – өмір заңы. Дегенмен ұзақ ғұмыр кешкен
халықтың тәрбиедегі, салт-санадағы, жол-жоралғыдағы,
ғұрыптық дәстүрдегі тәлімдерді біліп және сақтап, қазіргі
кимелеп тұрған жат жұрттық көріністен өз асылымызды қорғап
қалу азаматтық парызымыз.
Жалпыадамзаттық рухани құндылықтардың басқа
құндылықтардан (ұлттық құндылықтар, материалдық құндылықтар,
діни құндылықтар, саяси құндылықтар әлеуметтік құндылықтар;
саяси құндылықтар; моральдық құндылықтар; діни құндылықтар;
эстетикалық құндылықтар және т.б.) ерекшелігі – ол ұлттық, саяси,
діни және басқа да танымдарға тәуелсіз, бүкіл адамзатқа ортақ
мүддені көздейді және де осы тұрғыдан алғанда жалпыадамзаттық
өркениеттің күретамыры болып табылады. Кез келген құндылық
философиялық категория ретінде болмыстың адам өміріне, мүддесіне
қатысты дұрыс, жағымды жақтарын білдіреді.
Әлемдік қауымдастық тарихи тұрғыдан мойындаған
жалпыадамзаттық құндылықтарға: өмір, адам, уақыт, бақыт, махаббат,
ізгілік (жақсылық), ар-ұждан, арман, сенім, парыз, сол сияқты
қоршаған ортамен қарым-қатынасы кезінде анықталатын
адамгершілік қасиеттер жатады. Жалпыадамзаттық құндылықтарды
бұрмалау адамзатқа қарсы қылмыс болып саналады.
Өзін-өзі тану оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеу
барысында қазақ ойшылдарының танымдық тағылымдары
кеңінен қолданылды. Атап айтсақ, Абай, Шал ақын,
Шәкәрім, Мұхтар және Мұрат Әуезовтер, Бауыржан,
Бақытжан, Зейнеп Момыш әулеттері, Ғ. Мүсірепов, Ғ.
Мұстафин, Ш. Айтматов, Ә. Кекілбаев, А. Айталы, Ә.
Қайдар, З. Серікқали, Р. Сыздықова, М. Қозыбаев, Ш.
Мұртаза, С. Әшімбаев, Ғ. Есенов, Д. Исабеков, М. Мақатаев,
М. Шаханов, Қ. Мырза әлі, Ф. Оңғарсынова, А.
Бақтыгереева, Т. Әбдірахманова, Қ. Бағашар және т.б.

Ұқсас жұмыстар
Сананың құрылымы
ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖАЛПЫҒА МІНДЕТТІ СТАНДАРТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
Жеке тұлғаның рухани – адамгершілігін дамыта оқытудың тиімді әдіс - тәсілдері
Рухани - адамгершілік білім беру бағдарламасы
Құндылықтар - қоғамдық маңызды материалдық, әлеуметтік нысандар
Адамгершілік құндылықтардың мәні
Өзін-өзі тану пәнінің негізгі мақсаты
Өзін-өзі тану пәнін білім үздіксіз ұйымдарының оқу- тәрбие үдерісіне енгізілуі
Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі
Өзін­ өзі тану тұлғаның өзін­ өзі жүзеге асыруының шарты ретінде
Пәндер