Балқаш қыз жатқан жерге жедел барып
Презентация қосу
Балқаш- аңыз
ІІ нұсқа
Өткізбей уақытымды бекер босқа,
Ұсынсам білгенімді халқым- досқа.
Еңбегім зая кеткен болмас еді,
Сөзімнен оқушылар алар нұсқа.
Жоғалмай табылған сөз ел ішінен,
Болғандай шын деп айтса тегісімен.
Ел қойнында сақталған асыл сөздер,
Тарихтың дәм татқызар жемісінен.
Тарих сөз ауысады бірден- бірге,
Жолшыбай айналады неше түрге
Біздің тұрған заманға келіп жетсе,
Ажарланып кетеді жайнап мүлде.
Бір аңыз ел аузында ерте күннен,
Қызығы кем түспейді ертегіңнен.
Аңыздың тақырыбы Балқаш көлі,
Аумағы өндіріспен көмкерілген.
Іленің ағып барып құйған жері,
Ұлы жүз, Жалайырлар тұрған жері,
Сол елде бір қария біледі екен,
Неліктен атанғаны Балқаш көлі.
Бір көлдің мекендеген батыс жағын,
Орта жүз, арғын, қыпшақ, тама, табын.
Сол елде дәулетті бір бай болыпты,
Малға бай, баласы жоқ, басқа шағын.
Белгісіз байдың аты кім екені,
Сарыарқа көшіп- қонып қыр мекені.
Біздегі анықталған мәлімет сол-
Алты ата орта жүздің бірі екені.
Сол байдың қызы бопты Балқия атты,
Сөйлесе сөзі шырын балдан тәтті.
Ақылы, мінез – құлқы елге жаққан,
Ақ жүзі сұлу, көркем нұр сипатты.
Жасынан қызда болды үлгі- нұсқа,
Болмады қабақ шыту қынжылыста.
Тынбайды орындамай күні- түні
Жұмсаса ата- анасы бір жұмысқа.
Он беске Балқияның жасы жетті
Сөйлесе ерні, істесе қолы епті,
Халқына қалаулы боп өскеннен соң,
Балқаш деп еркелетіп атап кетті.
Мұнан былай қыз аты Балқаш болды,
Таныды тәртіп пенен оңды- солды
Елі- жұрты артықша бағалайды,
Мұндай қыз болған жоқ деп бұрын- соңды.
Балқаш қыз енді осылай жүре тұрсын,
Еркімен ойнап тұрсын, күле тұрсын.
Сыртынан ғашық болған жас жігіттер,
Көздерін сүзе тұрсын, тіге тұрсын.
Балқаш қыз бесігінен шықпай тұрып,
Мойнына шынжыр баулы түскен құрық.
Бір бай кеп құда болған қалың беріп,
Кетпестей басқа жаққа мойын бұрып.
Ол күнде құда болу елдің салты,
Ерекше бұған құмар қазақ халқы.
Құда болып қояды жас балаға,
Белгісіз не болары кейінгі арты.
Кемдік бар, кемшілік жоқ замандарда,
Жасады талай жақсы адамдар да.
Сол жақсы адамдардың бірі – Балқаш,
Жалғыз - ақ бас еркі жоқ, амал бар ма!
Болған соң амал бар ма, бай баласы,
Балқашқа жанаспайды еш жері тең.
Ие боп құлағына сіңген сөзге,
Дейді екен Балқаш қыздың күйеуі мен.
Балқаштың бойы жетіп, жасы толды,
Жасынан үзе алмады түскен торды.
Күйеу жаман болса да, мал берген бай,
Ұзатып жақын күнде алмақ болды.
Бұл хабар ауыр тиді Балқаш қызға,
Тоңады отырғандай ызғар сызға.
Жаманға не қылса да бармас болып,
Айналды ет жүрегі қатқан мұзға.
Бар еді бір жас жігіт аты Ерден,
Осы елге жиен еді сырттан келген.
Батыр тұлға көрікті, жұмсақ мінез,
Құралайды көзге атқан өзі мерген.
Ерденді қыз бұрыннан білуші еді,
Ішінен ғашық болып жүруші еді.
Күйеуін ойлап іші мұз боп қатса,
Ерденді ойлап жүрегі жылушы еді.
Ерденге бір күні іздеп Балқаш келді,
Қысылса кім жақтамас ондай ерді.
Әуелі сөзін жайлап бастады да,
Ақтарды іште жатқан қайғы – шерді.
Мен келдім, батыр Ерден, саған,- деді,
Бір надан ие боп тұр, маған,- деді.
Ерлік ет, сол наданнан мені құтқар,
Өмірлік саған серік болам,- деді.
Бармаймын ол жаманға тірі болып,
Жүрмеймін надан байдың күңі болып.
Сен мені жәрдем етіп құтқармасаң,
Жатармын көп моланың бірі болып.
Жаны ашыр адамбыз ғой мен де,сен де,
Қор қылма мені надан ақылы кемге.
Қол ұстасып жүрсек те тірі болып,
Кездесер бір жақсылық өлмегенге...
Қыз сөзі ойландырды Ерден ерді,
Байқады қыздағы ауыр қайғы-шерді,
Егерде қыз екеуі бара қалса,
Ойлады мият болар елді-жерді.
Осы елдің шығыс жағы бір үлкен көл,
Жеткенше салт аттыға бір күндік шөл.
Бұл көлдің күнгей жағын мекендеген,
Ұлы жүз- Абақ-Тарақ қайырлы ел.
Сол елге дәм көтеріп бара қалсақ
Дәл тапсақ барар жолды жүрмей жаңсақ.
Бай дейді берекелі елі-жері,
Адамға әл беретін жүрген шаршап.
Бүл жерден тез арада жүріп кетсек
Тоғайлы қалың емес көлге жетсек
Қыс түскенше мекендеп сол араны,
Мұз қатқан соң теңізден әрмен өтсек.
Тоғайды мекен етсек осы күзге,
Келе алмас қуған адам тауып бізге.
Жан сақтап ел қатарлы кетер едік,
Есен-сау жетіп алсақ Ұлы жүзге.
Осындай оймен Ерден қиял ғылып,
Көңілін жоқ байлыққа жұбандырып.
Қызға айтты: “ Ойлағаның болсын жаным,
Мойныңнан сыпырылсын бұғау-құрық”
Екеуі осылайша сөзін байлап,
Ат-тұрман азық-түлік алды сайлап.
Теңіздің қалың қамыс тоғайына,
Бір түнде екі сабаз кетті айдап.
Екеуі бір күн,бір түн сапар шекті,
Нелер қиын жерлерді басып өтті.
Әуелде ойлағаны көл жағасы,
Қалың қамыс тоғайға келіп жетті.
Бір жақсы жерге жайлап қонып алды,
Қамыстан кепе-күрке соғып алды.
Екі ғашық жеткендей мұратына,
Көңілді бір семья болып алды.
Күндіз шығып кетеді Ерден аңға,
Таныс боп алды түгел осы маңға.
Кешке жақын екеуі басын қосып,
Қызықпен отырады ұзақ таңға.
Іздеп жүр бұларды әлі әрбір жерде,
Аттарын шомылдырып қара терге.
Әуре боп әумесерлер жүре тұрсын.
Тоқталық көлде жатқан екі ерге.
Екеуі мекен етті көл жағасын,
Таныды бұл аймақтың сай-саласын.
Теңізден мұз қатқан соң өте шығып,
Көрмек боп Ұлы жүзден ел қарасын.
Кетеді кейде Ерден аңға шығып,
Тұрмысқа керекті ол шаруашылық.
Үйінде Балқаш жалғыз қалады да,
Биіктеу отырады жарға шығып.
Қарайды көл бетіне көзбен шолып,
Ұшады қаз қаңқылдап,аққу қонып.
Секіріп ақ балықтар ойын сап жүр.
Жүзіп жүр сұқсыр-үйрек топ-топ болып.
Отырып ойға қалып жалғыз өзі,
Көлдегі тіршілікке түсіп көзі,
Белгісіз болашағын уайымдап,
Балқаштың сонда мынау айтқан сөзі:
-Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында,
Өмірдің өлімменен арасында.
Шабақтай мынау жүрген сайрандаған,
Туған ел,қайран жұртым, қаласың ба?
Уа,шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп,
Балық боп су астымен кетсем зытып.
Қолына дұшпанымның пенде болмай
Өлсем арман етпес ем жайын жұтып.
Қабыл боп зарлағанда қылған тілек,
Ар жаққа аман өтсек ұстап білек.
Армансыз бұл жалғаннан болар едім,
Жүрсем де, ел аралап,қайыр тілеп.
Аққу,қаз, бір ғаріпті көрдім деме,
Шетінде жатыр сонау көлдің деме.
Қор етіп көрінгенге мазақтатып,
Құдай-ау шыбын жанды бердің неге?
Боп қалды күз аяғы су салқындап,
Қайтуға аққу,қаздар жүр қаңқылдап.
Қайтар қазға қырындап қыран құстар,
Қалықтап көк аспанда ол шаңқылдап.
Бір күні отыр еді кешке таман,
Бір дыбыс қорсылдаған шықты жаман.
Екі аты арқандаулы тұрған жерде,
Қамады келді-дағы бір топ қабан.
Бұларды Ерден батыр көре салып,
Қолына жерде жатқан сойылды алып,
Бір салып бір қабанды жығып еді,
Екіншісі Ерденді кетті жарып.
Жарылып Ерден батыр қалды талып,
Жарғызды байқаусызда қапы қалып.
Жатқызды сүйеп келіп төсегіне
Балқаш қыз жатқан жерге жедел барып.
Жолдасын қапылыста қабан жарды,
Панасыз енді Балқаш болып қалды.
Екі күн Ерден әлсіз жатты-дағы
Үшінші күн болғанда дүние салды.
Арманда аянышты Ерден өлді,
Арулап Балқаш оны жерге көмді.
Еденмен өліп бірге жатпақ болып.
Дайындап өзіне де қазды көрді.
Ерден жоқ,Балқаш жалғыз отыр зарлап,
Көзінен қан аралас жасы парлап.
Сондағы қыздың айтқан сөзі мынау,
Өз басын жаны қиып өлімге арнап:
Айырылдым ай далада Ерденімнен,
Соңына қолын ұстап ергенімнен.
Болған соң тағдыр осы шара бар ма,
Көп еді көрмегенім көргенімнен.
Басыма тумай жатып түскен тұзақ,
Қақ жарып жас жүректі салған сызат.
Көрсетпей рахатын жастық шақтың,
Кетуге жібермеді-ау алысқа ұзап.
Хош,сау бол, ел-жұртым,ата-ана,
Айдын көл,туған өлке,жалпақ дала.
Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп,
Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана.
Аққу қаз жақынырақ келе кетші,
Ғаріп бас не болғанын көре кетші.
Тәнімді қарға-құзғын шоқымасын,
Сабалап қанатыңмен көме кетші.
Қыз зарлап отыр еді күйіп-жанып,
Өлетін минуты да жақын қалып.
Қалыңнан бір топ атты шыға келіп,
Ұмтылды Балқаш қызды көре салып.
Осылай бұл көрініс тұра тұрсын,
Әңгіме басқа жаққа мойын бұрсын.
Қалыңнан бір топ атты шыға келіп,
Ұмтылды Балқаш қызды көре салып.
Босанып екі ат қашты қабан қуып,
Кеп қалды екі күнде елге жуық.
Үшінші күн қосылды үйіне,
Жер суын таныды аттар өскен туып.
Жайылып жылқы ішінде аттар жүрді,
Жердің шүйгін шөбін жеп алуан түрлі.
Бес-алты күн өткен соң жылқышылар,
Анықтап аттың жайын сонда білді.
Қашып кеп жылқыменен бірге жүрген
Таныды жылқышылар атты бірден.
Құла жорға, қара кер-жүйрік еді,
Қашқанда Балқаш пенен Ерден мінген.
Аттарды жылқышылар анық танып,
Құрықтап екеуін де ұстап алып,
Қашқын мінген екі атың,мінеки деп,
Көрсетті байларына алып барып.
Надан бай атты танып,айтты сонда:
-Түсті,-деп,-қашқын енді біздің қолға
Қол аяғын байлатып екеуінің,
Жерден қазып тастармен терең орта.
Бай жиды содырларын маңындағы,
Білгіштерін өзінің тобындағы.
Күйеуімен шақырды құдасын да,
Балқаштың баратұғын жағындағы.
Екі құда бас қосып ақылдасты,,
Бір-біріне ым-жымы жақындасты.
Жігіт жиып қашқынды тауып алып,
Көзін жойып құртуға мақұлдасты.
Жинады бай өзінің жігіттерін,
Ішінде палуансымақ іріктерін.
Сақау күйеу қосылды о да келіп.
Балқаштан үзбей әлі үміттерін.
Он жігіт шықты жолға,атқа мініп,
Жол жырақ,сайлап алды азық-түлік.
Аттар келген өкше ізін тауып алып,
Бет алып,көлге қарай кетті жүріп.
Ізбенен қуғыншылар көлге келді,
Балқаш пен ұстамақ боп Ерден ерді.
Қасында жолдасы жоқ жалғыз зарлап,
Отырған жар басында қызды көрді.
Таптық деп қуанысты енді бұлар,
Ерден де бір жағында жүрген шығар,
Балқашты ұстамақ боп тұра ұмтылған,
Осы еді бай жіберген қуғыншылар.
Қалыңнан шыға шауып оншақты атты,
Балқашты ұстамақ боп келе жатты,
“Сендерден өлім қызық!”- деді Балқаш,
Шығарып үш мәртебе дауысын қатты.
Отырған жарға қонып,құстай ұшып,
Секіріп кетті Балқаш суға түсіп.
Өзі келген аруды қабыл етіп,
Терең көл құшағына алды қысып.
Қыз кетті,суға түсіп,бұлар көрді.
Енді іздеп таппақ болып Ерден ерді.
Іздей берсек бір жерден табармыз деп,
Жағалап жүре берді үлкен көлді.
Моласын тапты Ерденнің жатқан өліп,
Қыздың көлге кеткенін көзбен көріп,
Барлық болған жағдайды баян етті,
Еліне қуғыншылар қайтып келіп.
Балқия-жыр осыменен аяқталды,
Бітетұғын жеріне таяп қалды.
Қыздың халін естіген ел жылады,
Рақымсыз жыламаған бай-ақ қалды.
Дүниеден еш жақсылық көрмей өткен,
Өмірін аяқтаған сор бейнетпен.
Балқаш көлін Балқаш деп атандырған
Қыз екен өзі түсіп көлге кеткен.
Бұл көлдің маңындағы тұрған елі,
Тұрақты мекен еткен көптен бері.
“Балқаш түсіп өлген көл”,-деп жүрді де,
Кейіннен атап кетті Балқаш көлі.
Дереккөзі: Жетісу өңіріне әйгілі халық ақыны Балтағұл
Бигелдиевтің
“Бірлік нұры” кітабынан. 1961.
Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz