Үміт еткен көзімнің нұры - балам, Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам


Slide 1

Қазақстан Республикасының білім жіне ғылым министрлігі

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Инновациялық білім беру факультеті

Мен үлгі тұтатын лидер

Орындаған: Қаршыға Нұрила

Slide 2

Халқымыздың ұлы перзенті, қазақ жерінде оқу-ағарту ісін жүзеге асырған зиялылар көшбасшысы, тұңғыш халық ағартушысы, қоғамда өзгерісті жасау жолында талмай күресіп, ел игілігі үшін жан аямай еңбек етудің үлгісін көрсеткен, ХІХ ғасырдың екінші жартысында шолпан жұлдыздай жарқырап әлем көгіне шыққан, ұлт тарихында аты мәңгі өшпейтін кемел тұлға - Ыбырай Алтынсарин қоғамдық ой-пікірдің өркендеу тарихында үлкен орын алған педагог, демократ.

Мен үлгі тұтатын көшбасшы - Ыбырай атамыздың ұрпағына қалдырған мұрасы - ұлан-ғайыр. Небәрі жарты ғасырға жуық өмір кешкен ұстаздың өнегелі еңбегі жан - жақты зерттеліп, туған халқының керегіне жарауда.

Slide 3

Ыбырай Алтынсарин (Ибраһим) 1841 жылы қазан айының 20-сында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келеді. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өсіп, тәрбиеленеді. Қыпшақ тайпасының ұзын руынан шыққан. Атасы Балғожа би өз аймағының атақты кісілерінің бірі болған. Ел ішіндегі көп билікті қолында ұстаған би, Орынбор әкімшілігінің алдында да беделді, белгілі кісі болған. Замана бет алысын өзінше болжаған Балғожа табысқа жетудің ендігі жолы - оқу деп біледі.

Slide 4

Сөйтіп, немересі кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деп күтілген орыс-қазақ мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Бидің ондағы мақсаты, әрине, немересінің бала оқытып, педагог болуы емес, әкімшілік орындарда жұмыс істеп, шенеунік, орысша оқыған "төре" болып шығуы, ата-анасын асырауы. Балғожа бұл ойын Орынборда оқып жүрген жасөспірім Ыбырайға жолдаған өлең-хатында былайша білдірген:

Үміт еткен көзімнің нұры - балам,

Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.

Атаң мұнда анаңмен есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең не етер едің,

Қолыңа құрық алып кетер едің.

Тентіреп екі ауылдың арасында

Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!

Slide 5

Әлгі мектеп ақыры 1850 жылы ашылады да, оған қабылданған отыз қазақ баласының бірі - тоғыз жасар Ыбырай болады. Ыбырай мектепте сабақты ынта қойып оқиды, 1857 жылы оқуын "өте жақсы" деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарады. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы - қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді.

1859 жылы Ыбырай Алтынсарин атасының жақсы танысы, сыйлас кісісі - Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы белгілі ғалым, профессор В. В. Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды. Ыбырай Григорьевтің кітапханасынан орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және дүние жүзі ағартушы-педагогтерінің еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі жайындағы кітаптарды алып, бас алмай оқыған. Мерзімдік басылымдарды оқып тұрған.

Slide 6

Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта, Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады.

Slide 7

Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. "Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім", - деп жазады, ол белгілі шығыстанушы, профессор Н. И. Ильминскийге жолдаған хатында.

Ыбырай мектептегі сабақ пен тәрбие жұмысын сол кездегі орыс мектептері үлгісінде құрады. Сабақты қазақ тілінде жүргізе отырып, ол балаларға орыс тілін үйретуге, пән негіздерінен білім беруге тырысады. Тәрбие жұмысын адамгершілігі мол, жаңа ұрпақ тәрбиелеп шығаруға бейімдейді.

Slide 8

1879 жылы Ыбырай Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бұл оның ағартушылық қызметінің кең өріс алуына жол ашады. Ол еуропалық үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданады. 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады.

1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. Бұған ескішіл әдет-салттарға қарсы күрестің бір жолы есебінде қарайды. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы - оның ағартушылық аса зор еңбегі.

Slide 9

Оқулық жасау жолында оқулыққа Ыбырай мектепте қазақ балаларына білім мен тәрбие берудің басты құралы деп қарайды. Ол балаларға ана тілін таза және ұқыптылықпен үйретеді, шағын көркем шығармалар арқылы оларды жақсы мінез-құлыққа баулуды көздейді. Ыбырай балаларды мазмұны олардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды қазақтың өз тілінде басып шығару керек деп білді.

Өзі 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. "Бұл кітапты кұрастырғанда мен, - деп жазды. Ыбырай хрестоматиясының алғы сөзінде, - біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім". "Қазақ хрестоматиясы" балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді.

Slide 10

Ыбырай Алтынсаринның еңбектері мен шығармашылығы толық зерттелген десек артық айтқандык болар еді. 1884 жылы Қазан университетінің типографиясында араб әрпімен жарық көрген, 1894 жылы Орынбор қаласында орыс таңбасымен кайта басылған «Шариат ул ислам» («Мұсылманшылықтың тұтқасы) атты кұнды еңбегі кеңес дәуірінде солакай саясаттың кесірінен аты да аталмай келді. Тек касаң қағидалардан арыла бастағаннан кейінгі жылдары ғана «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде үзінділер жарияланып жүрді.


Ұқсас жұмыстар
Ыбырай Алтынсарин 1841­1889
Аңыз - әңгімелер
Табиғат суреті
Елбасы Нұрсұлтанның бастамасы
Анама хат өлеңі
Оқушыларды сапқа тұрғызу
Әні мен сөзі
Өтірік өлең
Әділқазылар алқасы
Айбергенов жыр - көшімен сырласу
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz