Қазіргі тіл біліміндегі дискурс және мәтін мәселелері


Slide 1

Қазіргі тіл біліміндегі дискурс және мәтін мәселелері

Дайындаған: 1 курс магистранты Хасенова Әлфия

Slide 2

Жалпы, «дискурс» термині француз тіліндегі «discurs» - сөйлеу, ал ағылшын тілінде «discourse»- талқылау, лебіз, сөйлеу деген мағынаны үстейді. Кең шеңберде, дискурс дегеніміз - уақыттың мәдени тілдік мәнмәтіні. Оған рухани-идеологиялық мұра, көзқарас, дүниетаным кіреді. Тар мағынада, дискурс деп қандай да болмасын мағыналы, құнды іс-әрекеттің (актінің) нақты тілдік шындығын айтады. Дискурс - сөйлесу арқылы берілетін ойдың әлеуметтік астарына талдау беретін ұғым. Дискурс адамдардың сөйлеу арқылы жасаған қарым-катынасы нәтижесінде мән-мағыналы болады, яғни мағына мен белгі, сөз бен ойдың бірлігін айқындайды.

Slide 3

«Дискурс» термині жеке дара термин ретінде алғаш рет XX ғасырдың 50- жылдары Э. Бенвенист еңбегінде «сөйлеуші тарапынан айтылатын сөз (речь) » ретінде, ал американдық ғалым А. Харрис 1952 жылы жарнама мәселесіне арналған мақаласында сөз еткен болатын. Осы кезеңде Ю. Хабермас та дискурс мәселесін қозғап, дискурсты қарым-қатынастың ерекше түрі, арнайы диалог деп түсінген еді. Ол «дискурс көздеген мақсатына жету үшін қатысушылардың дайындығын талап етеді» деп атай отырып, дискурс оның қатысушыларының негізінде жүзеге асатынын байқалды.

Жалпы дискурс ұғымы тіл білімінде XX ғасырдың 70-80-жылдарынан бастап қолданысқа ие бола бастады. Дискурс ұғымы ғалымдардың пікірі бойынша, лингвистикалық, философиялық, әдеби-теориялық, саяси, этнологиялық, педагогикалық, тарихи, медиалық, психологиялық зерттеулерде түрлі феномендерді сипаттаушы көпмағыналы, көпаспектілі ұғым ретінде танылған.

Slide 4

Терминнің көптеген ғылыми интерпретациялары бар. Сол анықтамалардың ең маңыздыларына тоқтала кетейік. Коммуникативтік лингвистика мен әлеуметтік зерттеулерде дискурстың орны ерекше және дискурс өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

«Дискурс» терминіне берілген анықтамалар көптігі оны зерттеудің түрлі бағыттарымен - формалдық, функционалдық, жағдаяттық (ситуативный) және когнитивтік бағыттардың болуымен байланысты.

Slide 5

Формалды және функционалды бағыт тұрғысынан дискурс үш түрлі тұрғыдан қарастырылады:

формалды және құрылымдық бағытталған лингвистика тұрғысынан дискурс «сөз тіркесі не сөйлем деңгейінен жоғары тұратынтіл» ретінде анықталады. «Сәйкесінше, дискурс деп екі немесе бірнеше сөйлемдердің бір- бірімен мағыналық тұрғыдан байланысын» атайды.

функционалдық тұрғыдан дискурс кез-келген «тілдік қолданыс» ретінде тілді функционалдық тұрғыдан талдау бойынша тілді кең әлеуметтік-мәдени мәнмәтінде қарастыруға негізделген;

форма мен функцияның өзара байланысы «дискурсты айтылым (высказывание) » ретінде қарастыруда көрініс табады. Ал бұл дегеніміз дискурс жай ғана «сөйлем деңгейінен» жоғары тұратын тіл ретінде ғана емес, сонымен қатар тілдік қолданыстағы функционалдық, мәнмәтіндік (контекстуалдық) бірліктердің кешенімен сипатталады.

Slide 6

Кең тараған анықтамалардың ішінде Т. Ван Дейктің анықтамасы былай дейді: «Дискурс, өзінің кең мағынасында, тілдік форманың - мағына мен іс- әрекеттің күрделі бірлігі, ол өз кезегінде коммуникативтік акт тұрғысынан жан- жақты сипаттала алар еді».

Осы берілген анықтамаға сүйене отырып көптеген зерттеушілер дискурсты «белгілі бір когнитивті және типологиялық негізделген коммуникативтік кеңістікте жүзеге асатын жазба мәтінде не ауызша сөйлеу тілінде орнығып отыратын коммуникативтік оқиға» деп; бірі «мәтіннен басқа да экстралингвистикалық факторлардан (әлем туралы білім, ой-пікір, тұжырымдамалар, адресат мақсатынан) тұратын күрделі коммуникативтік құбылыс» деп түсінеді.

Slide 7

Т. А. ван Дейк дискурсты үлгі ретінде алып, дискурсты өзін жеке дара емес, әлеуметтік аспектіні де назардан тыс қалдырмауды жөн санайды. Оның пайымдауынша, мұнда әлеуметтік жағдаяттың типі жеке адамдарға қатысты немесе қоғамдық, институционалды (формальды) және бейформальды; әлеуметтік өзара әрекеттестікті жүзеге асырушылар - қатысымшылардың мінездемелері, позициялары (рөлдері, мәртебесі), қасиеттері (жасы, жынысы және т. б. ), қарым-қатынастары есепке алынады.

Slide 8

М. Стаббс дискурстың негізгі сипаттамаларын былайша анықтайды:

1) формальды тұрғыдан дискурс - сөйлеммен салыстырғанда сөйлемнен үлкен тіл бірлігі;

2) мазмұндық тұрғыдан дискурс тілді әлеуметтік мәнмәтінде қолдану деп түсіндіреді;

3) ұйымдастырушылық жағынан дискурс интерактивті, яғни дискурсқа диологтық қасиет тән.

Slide 9

В. Е. Черняевская өзінің оқу құралында дискурстың тіпті екі бірдей анықтамасын береді:

1-дискурс - бұл белгілі бір когнитивті және типологиялық негізделген коммуникативтік кеңістікте жүзеге асатын жазба мәтін мен ауызша сөйлеу тілінде көрініс табатын нақты коммуникативтік оқиға. Бұл анықтама коммуникацияның прототиптік сипаттамасына (мәтінді/дискурсты қабылдау және құрастыру моделі, мәтін/дискурс типологиясы), коммуникативтік іс- әрекеттің үдерісі мен өнімі ментальдық саламен байланысына аса назар аударады. Осы тұрғыдан, дискурстық талдау экстралингвистикалық әсердің деңгейі мен сипаттамасына - әлеуметтік институттар, мәдени, идеологиялық және тағы басқа факторлардың дискурстың белгілі бір заңдылықтарын қалыптастыруға бағытталған.

Slide 10

2-дискурс - тақырыптық тұрғыдан арақатынасы белгіленген мәтіндер жиынтығы: бір ортақ тақырыпқа жүйеленген дискурста жинақталатын мәтін. Дискурстың мағынасы жеке дара мәтін көмегімен ашыла қоймайды, ол интермәтіндік деңгейде, яғни көптеген мәтіндер жиынтығының арақатынасы негізінде ашылады. Басқа сөзбен айтқанда, дискурстың бұл анықтамасы бір коммуникативтік сала аясында қызмет ететін мәтіннің көптеген түрлерінің арақатынасын меңзейді. Лингвистикалық тәжірибеде адам танымы мен қарым- қатынасының жеке бекітілген әлеуметтік-тарихи саласы ретінде дискурстың медициналық, заң, саяси, жарнамалық және тағы да басқа түрлерін қарастыру қажет. Бұл тұрғыдан алғанда, дискурстық анализ дискурстың тақырыптық бірлестігі қалай қамтамасыз ететіндігі, жеке мәтіннің/дискурстың қай элементтері дискурсқа ортақ, тән болып келетіндігі және қандай мәтін түрі қандай дискурс түрін анықтайтындығы жөніндегі зерттеулерге бағытталған.

Slide 11

Бұл жерде ең маңыздысы бір дискурс мәтіннің әртүрлі түрлерімен берілуі мүмкін, ал өз кезегінде мәтіннің бір түрі әртүрлі арнайы дискурстың элементі болуы әбден мүмкін.

Зерттеуші В. Е. Черняевская пікірі бойынша, дискурстың бұл екі анықтамасы бір-біріне байланыссыз емес, керісінше, танымдық құбылыстың түрлі жақтарын сипаттайды деп санайды. Жоғарыда келтірілген бұл анықтамалардың басын біріктіретін болсақ, «дискурсты жағдаяттық мәнмәтіннен ажырағысыз байланыста болатын мәтін деп түсіну керек: әлеуметтік, мәдени-тарихи, идеологиялық, психологиялық және т. б. факторлардың жиынтығында, адресатпен өзара қарым-қатынаста болатын автордың коммуникативтік-прагматикалық және когнитивтік ұстанымдар жүйесімен, түрлі деңгейдегі тілдік бірліктердің мәтінде берілуі кезінде ретке келтіруімен сипатталады».

Slide 12

Қазақстандық ғалым Б. А. Ахатова дискурсты реципиенттер интерпретациялайтын коммуникативтік әрекеттер нәтижесі деп таниды. Бұдан түсінікті болатыны, дискурс - коммуникативтік әрекеттің ауызша және жазбаша түріндегі вербалды жемісі. Автор «мәтінді» тіл жүйесімен, ал

«дискурсты» актуалды сөйлеу әрекетімен байланыстырады. Зерттеуші дискурсты қашанда нақты бір жағдайдағы нақты нысандарға қатысты нақты бір мәнмәтінде қарастыруды ұсынады

Slide 13

Профессор Қ. Ө. Есенова дискурстың прагматикалық табиғатын зерттей келе, «дискурсты прагматикалық түрде талдағанда, коммуникативтік ситуацияға және оған қатысушыларға байланысты экстралингвистикалық, этномәдени факторларға және коммуниканттарға мақсат-ниеттері басшылыққа алынуы тиіс. Қандай да бір ақпаратты алғанда тыңдарман немесе оқырман мәтін авторының сол мәтінді дайындаған сәттегі қиял-дүниесін елестетуге тырысады. Басқаша айтқанда, дискурсты түсіну бөгде адамның ойлау дүниесіне еріксіз және ерікті түрде ену деуге болады» деп ойын қорытады

Slide 14

Н. Д. Арутюнова дискурсты «экстралингвистикалық, прагматикалық, әлеуметтік-мәдени, психологиялық және т. б. факторлардың жиынтығы негізінде байланысқан мәтін; мақсатталған әлеуметтік әрекет» деп түсіндіреді, дискурсты жанды сөз (речь, погруженная в жизнь) ретінде қарастырады. Сонымен, лингвистикалық тұрғыдан дискурс сөздің алшақтатылған вербалды нәтижесі ретіндегі мәтіннен және өзі қызмет ететін жағдаяттық және мәдени мәнмәтіннен тұрады.

Е. И. Шейгалдың пайымдауы бойынша «тіл абстрактілі таңбалар жүйесі ретінде дискурс не дискурстар түрінде өмір сүреді. Қарым-қатынас адам іс-әрекетінің белгілі бір саласында, белгілі бір әлеуметтік кеңістікте жүзеге асады. Сондықтан зерттеушілер тарапынан дискурстың саяси, медиалық, экономикалық, ғылыми сияқты түрлеріне көп көңіл бөліп жүр.

Slide 15

Дискурс қарым-қатынастың белгілі бір жағдайына құрылуына, сәйкесінше қарым-қатынасқа қатысушылардың түрлі әлеуметтік рөлдері мен тұжырымдардың болуына байланысты, жалпы әлеуметтік лингвистика тұрғысынан дискурстың тұлғалық (тұлғаға бағытталған) және институционалды (мәртебеге бағытталған) сияқты екі түрі ажыратылады. Біріншісі бірін-бірі жақсы танитын, білетін коммуниканттар арасында болатын қарым-қатынасты білдіреді, екіншісі әлеуметтік топтардың қарым-қатынасын білдіреді. Мәртебеге бағытталған дискурс институционалды дискурс болып табылады. Ол түрлі әлеуметтік топтардың тілдік өзара қарым-қатынасын немесе түрлі институттардың бір-бірімен қатынасын не саяси институттар аясында өзінің мәртебелік-рөлдік мүмкіндіктерін жүзеге асыратын адамдар арасындағы қарым-қатынасын білдіреді. Олардың саны қоғам дамуының нақты кезеңіне байланыста қоғам қажеттілігімен реттеліп отырады

Slide 16

В. И. Карасик институционалды дискурсқа тән төрт топтық белгілерін айырады: дискурстың конституционалды белгілері (қарым-қатынасқа қатысушылар, қарым-қатынас саласы, қарым-қатынас амалдары, қарым- қатынас материалы - вербалды және бейвербалды таңбалар) ; институционалдықтың белгілері (қатысушылардың мәртебелік-рөлдік сипаттамалары, қарым-қатынастың орны, символдық әрекет және қарым- қатынастың трафаренттігі) ; институционалдық дискурстың түрлерінің белгілері (қоғамдық институттың типі, сол институттың негізгі концептілері, институт қатысушыларының қызметі, өзін-өзі ұстау стреотипі, сол қоғамдық институтқа тән мәтін) ; бейтарап белгілер (жалпы алғанда дискурсқа және дискурстың басқа да түрлеріне тән белгілер)

Slide 17

Қазіргі кезде дисурс лингвистикалық, философиялық, әдеби-теориялық, саяси, этнологиялық, педагогикалық, тарихи тіпті медиалық зерттеулерде түрлі феномендерді сипаттаушы көпмағыналы ұғым ретінде танылған. Алайда осы кезге дейінгі зерттеулерде «дискурс» және «мәтін» ұғымдары аралас түрде жұмсалып және қатар түрде қолданып жүргені байқалады.

Slide 18

Ж. И. Исмаилованың пікірі бойынша ««мәтін» ұғымын назарға алмастан «дискурсты» түсіндіру мүмкін емес. Дискурстың заманауи анықтамалардың барлығы дерлік мәтінді салыстыруға негізделген: мәтін - жүйе бірлігі,

дискурс- сөз құбылысы; мәтін - өнім, дискурс - үдеріс; мәтін - виртуалды абстрактілі болмыс, дискурс - осы болмыстың іске асуы және т. б. »

Slide 19

«Дискурс» және «мәтін» ұғымдарының аражігін алғашқы болып ашқандардың бірі Т. А. ван Дейк болатын және автордың Кинчпен бірлесіп жазған «Стратегия понимания связного текста» еңбегінде «discourse» ұғымын белгілі бір мазмұны (оқулықтарда) бар, белгілі бір аудиторияға арналған (уағыз, диссертация) «мәтін» ретінде көрсеткен

Slide 20

Дискурс ұғымын түсіну үшін әртүрлі экстралингвистикалық факторларды есепке алуымыз қажет. Мәселен, Е. И. Шейгал «тіл абстрактілі тілдік жүйе ретінде шынымен дискурс, анығырақ дискурстар түрінде өмір сүреді. . . Қарым- қатынас үнемі адам әрекетінің белгілі бір аясында, белгілі бір әлеуметтік кеңістікте өтеді» деп, ғалым дискурс қарым-қатынастың белгілі бір жағдаятында пайда болып, қатысушылардың түрлі әлеуметтік деңгейі мен ұстанымдарының көрсеткіші болып табылады деп пайымдайды.

Осы көзқарасты ұстанған зерттеуші Н. Д. Арутюнова былай дейді: «Дискурс -экстралингвистикалық-прагматикалық, әлеуметтік-мәдени, психологиялық және басқа да факторлардың жиынтығын көрсететін байланысқан мәтін; оқиғалық аспектіде алынған мәтін; мақсатталған әлеуметтік әрекет ретінде, адамдар мен олардың сана механизмінің (когнитивті үдерістердің) арақатынасына қатысатын компонент ретінде қарастырылатын сөз. Дискурс -«жанды сөз» («погруженная в жизнь»)

Slide 21

Ал өз кезегінде мәтін болса, белгілі бір кезде жазылған, белгілі бір форматқа келтірілген сөйлемдер тізбегі. Дискурс тірі сөз ретінде жоқтан бар жасап, ауызша да жазбаша да түрде өмір сүре береді, ал мәтін мазмұндама түрінде ретке келтіріліп жазылған құжат.

Slide 22
Ұқсас жұмыстар
Дискурс Ғылыми дискурс
СӨЗДІҢ ФУНКЦИОНАЛД
МӘТІН ЖӘНЕ ДИСКУРС
Қазақ тіліндегі саяси метафоралар
Көркем дискурс және сөз мәдениеті
Когнитивті лингвистиканың қазақ тіл біліміндегі көрінісі
Фуко философиясы
Қазақ тіл біліміндегі мәтінтанымдық көзқарастар
Қазақ тілінің синтаксистік жүйесін оқыту
Тіл философиясының теориясы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz