Фразеологиялық синонимдер




Презентация қосу
Фразеологиялық синонимдер

Жоспары:
1.Лексикалық синонимдер мен
фразеологиялық синонимдер туралы

2. Фразеологиялық синонимдердіӊ
жасалу жолдары
Әдебиеттер:
1.Ә.Қайдар Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы.
Ана тілі. 1998.

2. Болғанбайұлы Ә. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы
мен фразеологиясы. Алматы. 1997

3.С.Кеңесбаев «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі».
Алматы, 1977ж.

4. Ә.Болғанбаев. Қазақ тілінің лексикологиясы.
Алматы, 1997
•Тілдің даму барысында көптеген сөздер белгілі бір
грамматикалық заңдылықтарға, стильге бағынып, әрі
семантика тұрғысынан сараланып, әр түрлі топқа бөліне
бастайды. Мұндай құбылысты тілдегі синонимдік топ
құрайтын сөздердің көрініс беруін әбден аңғаруға болады.
Сөздердің синонимдік қатынаста қолданылуы тек жеке
сөздер мен еркін сөз тіркестерінде ғана емес,
фразеологиялық сөз тіркестерінде де жиі кездеседі. Қазақ
тілінде лексикалық синонимдер қаншалықты ұшан теңіз
болса, фразеологиялық синонимдер соншалықты көп. Тілдегі
лексикалық синонимдер мен фразеологиялық синонимдердің
ортақ, ұқсас қасиеттері болғанымен, елеулі айырмашылықтар
негізінен олардың семантикалық, стильдік сипаты және
құрылымдық тұрғысынан байқалады.
• Фразеологиялық синонимдер дегеніміз-
құрамдас-компонеттері әр түрлі сөз таптары
болып келіп мән мағынасы жағынан үйлес,
белгілі бір контекстерде бірінің орнына бірі
балама ретінде қолданылатын, бір-бірінен
экспрессивті бояуымен, өзіндік стильдік нәзік
реңктерімен ерекшеленетін тұрақты сөз
тіркестері.
• Қазақ тілі лексикалық синонимдерге қандай бай болса,
фразеологиялық синонимдерге де соншалықты бай. Бірақ
олар өздерінің стильдік, мағыналық ерекшеліктерін сақтап
отырады. Мәселен, аза бойы қаза болды, аза бойы тік тұрды,
азар да безер болды, ат-тонын ала қашты дегенде мән-
мағынасы жағынан бір-біріне жақын келгенімен, іштей
өзіндік сәл ерекшеліктері бар. Сол сияқты алғаны ас
болмады, алғаны көзінен шықты, жегені желім болды, жегені
желкесінен шықты, ішкен-жегені мұрнынан шықты дегендер
де белгілі бір ұғымды сегіз саққа жүгіртіп, жан-жақты
сипаттап тұрғанымен, стильдік мәні жағынан бірдей деуге
келмейді.
•Фразеологиялық синонимдер де ұғымы жағынан бірінен-бірі
сатылап өсіп, күшейе түсіп отырады. Мәселен, көз (кірпік)
ілмеді, көз шырымын алмады, түн баласына кірпік қақпады, түн
ұйқысын төрт бөлді, көрер таңды көзімен атырды дегенде әрбір
фразеологиялық синонимнің алдыңғысынан соңғылары
қарқындай береді.
•Біреуден біреудің артықшылығын айтқымыз келсе: пар
келмейді, тең емес, ширегіне келмейді, астар болмайды,
бақайынан келмейді дейміз.
•Біреудің бір нәрсеге қалай құмартқандығын айтқымыз келсе:
айызы қанды, аузынан суы ақты, аузынан сілекейі шұбырды,
аузының суы құрыды, көзін жұмып, аузын ашып қапты дейміз.
• Ал біреудің қалай қорыққандығын айтқанда:
жүрегі (зәресі, үрейі) ұшты, құты қашты, иманы
кетті, көзі шарасынан шықты, көзі алақандай
болды, иманы қысым болды, иманы қалмады,
жүрегі тас төбесінен шықты, зәресі зәр түбіне
кетті дегендер қолданылады. Мұның барлығы
етістік фразеологиялық синонимдердің
соншалықты байлығын көрсетеді.
•Фразеологиялық синонимдер сындық және үстеулік
мағынада да кездеседі. Мәселен, біреудің асқан сұлулығын
бейнелеп айтқымыз келсе: ай десе аузы бар, күн десе көзі
бар, туған айдай, үріп ауызға салғандай, ай қабақ, алтын
кірпік, қызыл ерін, еліктің баласындай, қыздың баласындай,
ай мен күндей дейміз. Біреудің әкесіне ұқсастығын айтқанда:
әкесінен айнымайды, айна қатесі жоқ, әкесінің аузынан
түскендей, әкесінің терісін сойып қаптап қойғандай дегендер
қолданылады. Біреудің байлығын сөз қылғанда: төрт түлігі
сай, төрт құбыласы түгел, бес енесі бестен, не ішем, не жейім
демейді, ішкені алдында, ішпегені артында, үріп ішіп,
шайқап төгіп отыр дейміз.
• Ал біреудің бейқамдығын, жайбарақаттығын
бейнелесек: қаннен қаперсіз, үш ұйықтаса ойда жоқ, үш
ұйықтаса түсіне енбеген дегендер қолданылады. Қатты
ауырып жатқан адамды көргенде: әл үстінде, өлім
халінде, өлім аузында, өлі мен тірінің арасында, бір аяғы
жерде, бір аяғы көрде дегендер жұмсалады. Осылардың
бәрі ана тіліміздің шексіз байлығын танытады. Бұл
тілдің соншалықты орамдылығы мен икемділігін
көрсетеді. Фразеологиялық синонимдер көркем образ
жасауда жиі қолданылады. Сондықтан бұлар тілдегі кез
келген стильде талғаусыз қолданыла бермейді.
Сұрақтар мен тапсырмалар

• 1. Синонимия туралы түсінік
• 2. Фразеологизмдердің қалыптасуында
синонимдердің қызметі
• 3. Лексикалық синонимдер фразеологиялық
синонимдердің ара қатысы қандай?
• 4. Фразеологиялық синонимдердің сөз табына
қатысы қандай?
• 5. Фразеологиялық синонимдер көркем образ
жасауда қандай қызмет атқарады?

Ұқсас жұмыстар
Фразеологиялық бірліктердің мағыналық құрылымы
ЛЕКСИКОЛОГИЯ
АУДАРМА СӨЗДІК
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі етістікті фразеологизмдердің синонимділігі
Лексикография туралы түсінік
Фразеологиялық тіркестер
Фразеологиялық бірліктердің мағына тұтастығы
Мақаланың жазылуы және оған қойылатын талаптар
Фразеологиялық бірлік - номинативті тілдік бірлік
Кеңесбаев аталған сөздіктегі қазақ тілінің фразеологизмдері туралы жазған мақаласында фразеология туралы
Пәндер