Адам және жануарлар ауыратын жқпайтын аурулар кезінде жануарларды, өнімдері мен шикізаттарын ветеринариялық - санитариялық бағалауға машықтану


Slide 1

Дәріс тақырыбы: Жұқпалы емес аурулармен ауырған, санитариялық маңызы бар нормадан ауытқыған жануар етiнің және одан алынатын өнiмдердiң ветеринариялық-санитариялық сараптамасы

Дәріс мақсаты: Адам және жануарлар ауыратын жқпайтын аурулар кезінде жануарларды, өнімдері мен шикізаттарын ветеринариялық - санитариялық бағалауға машықтану

Ситуациялық сұрақтар: Жұқпалы емес ауруларда жануарлар мен өнімдерін, олардың шикізаттарын түрлі аурулар барысында ветеринариялық санитариялық бағалау және жүргізілетін шаралар

Қарастырылатын сұрақтар:

1 Тыныс мүшелерiнiң аурулары (бронхит, бронхопневмония, пневмония, плевропневмония)

2 Қан айналым мүшелерiнiң аурулары (созылмалы перикардит травматикалық перикардит, миокардит)

3 Бауыр аурулары (цирроз, капиллярды экстазия, майлы дистрофия, iрiңдер)

4 Бүйрек аурулары (нефрит, нефроз, киста, бүйрекке тас тұру, iсiк, бұзаулардың "ақ бүйрек" ауруы)

5 Ас қорыту мүшелерінің аурулары.

6 Зат алмасу аурулары

Әдебиеттер:

1 Жумагелдиев А. А., Ромашев К. М., С. Қырықбайұлы «Ветеринариялық санитариялық сараптау» оқулық, Алматы 2018ж.

2 С. Қырықбайұлы, Т. Телеуғали «Ветеринариялық санитариялық сараптау» практикум, Алматы 2017ж.

3 «Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар». Астана 2015ж.

«Ветеринариялық санитариялық сараптау

және гигиена» кафедрасының профессоры

в. ғ. к., А. А. Жумагелдиев

Slide 2

Жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы, сондай-ақ бронхит, плеврит, бронхопневмония және плевропневмония сияқты жұқпайтын аурулар төлдерде, ересек жануарларға қарағанда жиi кездеседi. Аурудың негiзгi себебi -малды ылғалды, суық, өтпе жел, цемент едендi қорада ұстау, сондай-ақ зеңденген азықтармен азықтандыру және малды тасу ережесiн бұзу т. б. болып табылады.

Сойғаннан кейiнгi диагностика. Жоғарғы тыныс жолдарының қабынуын шырышты қабықтардағы өзгерiстерге қарап анықтайды. Бронхитте бронхтар мен кеңiрдектiң iшiнде сұйық немесе көпiрген экссудат болуы ықтимал, бронхтың шырышты қабығы қызғылт-қызыл түстi, қатаралдық және қатаралдық геморрагиялық қабыну құбылысы байқалады.

Таза бронхит сирек, ал бронхопневмония жиi кездеседi. Бұл кезде бронхтағы патологиялық өзгерiстерге қоса өкпенiң жеке бөлiгi немесе көпшiлiк жерiнен қатайған ошақтарды кездестiруге болады. Бұндай ошақтарды, пышақпен тiлгенде қызыл сұр түстi (гепатизацияның түрлiше сатысы) . Бронх және көкiрек қуысы лимфа түйiндерi шырыштанып ұлғаюы ықтимал, тiлiп қарағанда кей жерiнде қан құйылғаны байқалады. Плевритте қабырға және өкпе плеврасының түстерi өзгередi, плевраның үстiнде фибринозды экссудат пайда болады, ал қабырға мен өкпе плевралары бiр-бiрiмен жабысып қалады. Бұндай жағдайда сойыс өнiмiне санитарлық баға беру үшiн өкпесiн зақымдайтын жұқпалы ауру (туберкулез, пастереллез, уытты iсiк, аусылдың асқынған түрi т. б) еместiгiн анықтау керек.

Slide 3

Санитариялық бағалау. Тыныс мүшелерiнiң аурулары (бронхит, бронхопневмония, пневмония, плевропневмония) кезінде инфекциялық аурулардың бар-жоғын анықтау керек. Зақымданған мүшелер кәдеге жаратылады. Пневмония, плеврит болған жағдайда және үдеріске лимфа түйiндерi тартылған жағдайда, еттi және басқа сойылған өнiмдерді санитариялық бағалау туралы шешiм бактериологиялық зерттеу нәтижесiне қарай шешiледi. Өкпенiң аспирациясы кезінде, оны кәдеге жаратады.

Slide 4

Қан айналым мүшелерiнiң аурулары (созылмалы перикардит травматикалық перикардит, миокардит)

Перикардит - (Pericarditis) - салқын тигеннен немесе бөгде затпен жарақаттанған жүрек қабының (үлпершек) фибринозды немесе iрiңдеп-шiрiп қабынады. Салқын тиюден болған перикардит көбiнесе торай және марқа торай, сондай-ақ бұзауда кездеседi. Жарақаттан болған перикардит iрi қара мен қойдан да табылады.

Сойғаннан кейiнгi диагностика. Үлпершектiң сiрi қабығы көмескi, бұдырмақты оның бетiнде фибрин қабыршықтары болады. Жүрек қабының қабырғасы қалыңдаған, оның қуысына көптеген сұйықтық немесе iрiң, жағымсыз иiстi экссудаттың жиналуы ықтимал. Созылмалы үдерісте үлпершек қуысына фибрин жиналады, сондай-ақ үлпершек жартылай немесе тұтас эпикардпен, сондай-ақ қабырғалық және өкпе плевраларымен де жабысады. Үдерістің осылай жан жағына таралуына байланысты кеуде қуысында үлкендi-кiшiлi iрiңдi жаралар пайда болады, әукесi iседi, плевропневмония дамиды, өкпесiнiң лимфа түйiндерi ұлғаяды, ұшаның етi сарғаяды.

Санитариялық бағалау. Қан айналым мүшелерiнiң аурулары (созылмалы перикардит травматикалық перикардит, миокардит) кезінде іріңді перикард, тінде және төс қабырғасында іріңді ісік, іскендік, гидремия, сарғаю анықталған кезде, сондай-ақ көтерем ұшаны және ішкі мүшелерді кәдеге жаратады. Перикардта, эпикардта, өкпеде, төс қабырғасында патологиялық өзгерiстер байқалған жағдайда, жарақатталған мүшелердi кәдеге жаратады, ал ет пен союдан алынған басқа өнiмдерді пайдалану мәселесi бактериологиялық зерттеуден кейiн шешiледi.

Slide 5

Бауыр аурулары (цирроз, капиллярлы эктазия, майлы дистрофия, iрiңдер)

Бауырдың капиллярлық эктазиясы. Бауыр ұлпасындағы атрофиялық және склероз үдерістеріне байланысты оның капилляры диффузиялық кеңеюге ұшырайды. Бұл ауруды малдың жасымен байланыстырады, негiзiнен 4-6 жасар iрi қара мал жиi ауырады.

Сойғаннан кейiнгi диагностика. Бауыр паренхимасының бет жағында алғашқыда қызарған, сонан соң көкшiл-қызыл немесе күлгiн-қара түстi, үлкендiгi түйреуiштiң iлгiшiнен бiр тиынның көлемiне жететiн ошақтар пайда болады. Бауыр капсуласы астында эктазиялы жерiнде, малды бауыздағаннан кейiн анық байқалатын ойық көрiнедi.

Бауырдың майлы азғындауы және майлы инфильтрациясы - интоксикация мен инфильтрацияның әсерiнен бауыр майы азғындап, оның түсi өзгередi. Бауырдың түсi сары балшық сияқты, кейде сiрілi қабықтың астынан қан құйылғанын көруге болады. Ұлпаны кесiп қарағанда бұлдыр, болбыр, шеттерi қалыңдаған, кейде кiшiрейген. Бауырдың майлы инфильтрациясы шошқада, сондай-ақ кәрi малдарды аса семiрткенде жиi кездесетiн физиологиялық құбылыс. Бұндай жағдайда бауырдың түсi сары, сiрi қабығында өзгерiстер болмайды, мүше ұлпасы созылғыш, тiлгенде жылтырайды.

Бауыр циррозы. Жеке дамитын үдеріс немесе басқа бiр аурудың белгiсi. Атрофиялық циррозда бауыр кiшiрейедi, нығыздалады, түсi қызыл-сұрдан, күңгiрт сарыға дейiн, дәнекер ұлпаның болуына байланысты қатаяды. Гипертрофиялық циррозда бауыр 2-3 есе ұлғаяды.

Санитариялық бағалау. Бауыр аурулары (цирроз, капиллярды эктазия, майлы дистрофия, iрiңдер) кезінде іріңді қабыну, айқын білінетін цирроз, өзгеру, сарғаю, ісіктер және басқа да бауыр паренхимасының патологиялық өзгерiстерiнде бауырды кәдеге жаратады. Бауырдың бiрлi-жарлы зақымданған жерлерін алып тастайды. Бауырдың зақымданбаған бөлшектерiн, сондай-ақ капиллярлық эктазиясы анық бiлiнбейтiн болса, бауырды кедергiсiз жiбередi.

Slide 6

Сары ауру - қанда iшiнде билорубинннiң шамадан тыс көп жиналуынан ұлпалардың сары түске боялуы (патологиялық үдеріс) . Бұның себептерi әрқалай: өт жолдарының бiтелiп қалуы, гемоглобинемия, пироплазмидиоз, лептоспироз, сальмонеллез және басқа аурулар, сондай-ақ кейбiр азықтарды жегенде т. б. Нағыз сары ауруда реңi әрқалай (бозғыл-сарыдан, жасыл-сары түске дейiн), тұрақты сары түс барлық ұлпаларда, атап айтқанда май, сiңiр, шемiршек т. б. болады. Лимфа түйiндерi сары түстi, қысқан кезде жасыл-сары немесе қызғылт-сары түстi лимфа шығады. Кейде ұшаның сарғыштығы жеген азығына байланысты болуы ықтимал. Мал азығында каротин көп болса iрi қара малдың ұлпалары сарғаяды, ал шошқаның ұшасы зығыр немесе рапс күнжарсымен бордақыланғанда сарғаяды, бiрақ тек майы ғана сарғаяды, басқа ұлпаларының түсi өзгермейдi. Кәрi малдың майы липохромның жиналуына байланысты сары болады.

Санитариялық бағалау. Сары ауру кезінде сары түс екі тәулік ішінде кетпейтiн болса ұша мен iшкi мүшелердi кәдеге жаратады. Сары түс кеткен жағдайда, етті санитариялық бағалау бактериологиялық зерттеу нәтижесiне қарай жүргізіледі. Азықтық және жасына қарай болған сары ауру кезінде еттi шектеусіз жiбередi.

Slide 7

Бүйрек аурулары (нефрит, нефроз, киста, бүйрекке тас тұру, iсiк, бұзаудың «ақ бүйрек» ауруы)

Уремия - (Uremia) - бүйрек жұмысының нашарлауына байланысты малдың өз несебiмен улануы.

Сойғаннан кейiнгi диагностика. Малды бауыздап жатқан кезде, қанынан несеп иiсi шығады. Терi асты және ет аралық дәнекер ұлпасы аса дымқыл, несеп иiсi шығады, ал кейде қан құйылған, қуығы жарылса, несеп құрсақ қуысына жиналады, құрсақ көк етiнiң кейбiр жерлерi қызарады. Ұшадан несеп немесе аммиак иiсi шығады, кейде суыған ұшада бұндай иiс кеткенмен қайнатқаннан кейiн ол қайта шығады.

Санитариялық бағалау. Уремия кезінде ұша мен сойылғаннан алынған басқа өнiмдерi кәдеге жаратылады.

Бүйрек аурулары (нефрит, нефроз, киста, бүйрекке тас тұру, iсiк, бұзаудың «ақ бүйрек» ауруы) кезінде нефриттiң, нефроздың, көптеген кисталардың, iсiктердiң, бүйрек тастарының барлық түрлерiнде бүйректi кәдеге жаратады.

«Ақ бүйрек» ауруында, iрiңді нефритте, басқа мүшелерде патологиялық өзгерiстер анықталған жағдайда, еттi қолдану мәселесi бактериологиялық зерттеуден кейiн шешiледi.

Slide 8

Уремия

Slide 9

Ас қорыту мүшелерiнiң аурулары

Iш кебу - (Timpania) - ұлтабардың (қарын) және iшектiң шырышты қабығының геморрагиялық қабынуы, жарақатты ретикулит. Бұл ауруларда мүшелерде көзге көрiнетiн патологиялық-анатомиялық өзгерiстермен қатар ұшада да өзгерiстердiң болуы ықтимал. Көпшiлiк жағдайда ұшаның жеткiлiксiз немесе қанағаттанарлықсыз қансызданғаны байқалады, құрсақ көк етiнiң не плевраның кей жерлерi қызарады және қан құйылады, ұшаның лимфа түйiндерi үлкейген және олар қанталаған, сондай-ақ еттерiнiң кей жерiнде қызыл-сары түстi инфильтрат жиналған.

Санитариялық бағалау. Патологиялық-анатомиялық өзгерiстерi бар мүшелер мен ұша бөлiктерiн техникалық қайта өңдеуге жiбередi. Басқа өнiмдердi бактериологиялық тексеру қорытындысына байланысты шығарады.

Перитонит - (Peritonitis) - құрсақ көк етiнiң қабынуы, ол сойыс жануарларында түрлi себептерден (жарақат, соққы тиген, салқын тиген, кiндiк қабынуы, жатыр қабынуы, iшек-қарын аурулары және т. б. ) болады. Ауру жiтi болғанда құрсақ қуысына сiрi-фибринозды немесе геморрагиялық экссудат жиналады. Құрсақтың көк етi iшектiң сiрi қабығының бiр-бiрiмен жабысып қалғанына байланысты фибрин ұюы пайда болады. Ал аурудың созылмалы түрiнде бұған қосымша жабысқан жерлерi қанталайды және құрсақтың көк етiнде iрiңдi абцесс пайда болады.

Slide 10

Санитариялық бағалау- Патологиялық-анатомиялық өзгерiстерi бар iшкi мүшелер мен ұлпаларды техникалық қайта өңдеуге жiбередi. Басқа қалған сойыс өнiмдерiн бактериологиялық тексеру қорытындысына қарай пiсiрiп зарарсыздандырады, консервi немесе ет нанын дайындауға жiбередi. Даланың ақселеусiнен (ковыль) болған перитонитте қойдың ұшасы мен мүшелерін ақселеуден тазартқаннан кейiн шығарады. Ақселеуден болған iрiңдi-абцестi перитонитте немесе қабынудың басқа тұрiнде ұшаны техникалық қайта өңдеуге жiбередi.

Ас қорыту мүшелерiнiң аурулары кезінде патологиялық өзгерiстерi бар ұша мен мүшелер кәдеге жаратылады. Патологиялық өзгерiстерi жоқ ет пен сойылғаннан кейін алынған басқа өнiмдерді санитариялық бағалау бактериологиялық зерттеудiң нәтижесiне қарап жүргiзiледi.

Перитонит кезінде патологиялық өзгерiстерi бар iшкi мүшелер мен тіндердi кәдеге жаратады. Басқа сойыс өнiмдерiн қайнатады.

Slide 11

Зат алмасу аурулары

Кетоз - (ацетонемия) - көмірсу, липоид, нәруыз және басқа зат алмасуларының бұзылуынан болатын сауын сиырдың ауруы, демек оның ағзасында кетоздық зат (бета май тотығы, ацетон, сiрке қышқылдары) жиналады және көпшiлiк ағзаларында дистрофиялық үдерістер байқалады.

Сойғаннан кейiнгi диагностика. Ұшаның етi қатқыл тартқан, ет аралық дәнекер ұлпаларда май мол жиналған, құрсақ көк етi, шарбы мен бүйректiң жанына сiлiкпе тәрiздес май жиналған, бауыры 1, 5-2 есе ұлғайған, болбыр қызыл-сары түстi, бүйректерi өскен, iсiңкi, сондай-ақ лимфа түйiндерi үлкейген, қанталап қызарған.

Санитариялық бағалау. Кетоз ауруының белгiсi бар, сондай-ақ остеодистрофиямен асқынған сиырды ауру жануар ретiнде сояды. Осыған байланысты сойыс өнiмдерiн бактериологиялық тексеруден өткiзедi. Сальмонелла немесе патогендi стафилакоктар табылса, сойыс өнiмдерiн пiсiрiп зарарсыздандырады, ал табылмаған жағдайда патологиялық өзгерiстерi бар ет пен мүшелерді техникалық қайта өңдеуге жiбередi де, өзгерiстерi жоқ ұша мен мүшелерді өндiрiстiк өңдеуге жiбередi.

Slide 12

Кетоз

Slide 13

Арықтау - жүдеу. Ауру немесе ұзақ уақыт ашыққан жануар ағзасында зат алмасу үдерісі бұзылғандықтан жануар арықтайды. Еттi ветеринариялық санитариялық сараптағанда жүдеу жануардың етiн көтерем малдың етiнен ажырату керек. Жүдеген жануардың ұшасында аз да болса майы мен етi бар. Бұл жануарды нашар азықтандырудан болады, сондықтан да жүдеген жанардың ұшасы мен мүшелерінде патологиялық өзгерiстер болмайды.

Көтерем - патологиялық үдеріс, бұнда зат алмасуы қатты бұзылады. Демек май жиналатын орындарда сiлiкпе тәрiздес инфильтратты көруге болады, лимфа түйiндерi айналасына қоймалжың инфильтрат жиналады. Бұндай малдың бауыры азғындаған, жiлiк майы қызыл түстi, сiлiкпе тәрiздес.

Санитариялық бағалау. Арық болғанымен, денi сау жануардың етiн өндiрiстiк өңдеуге пайдаланады. Етi тым арық, май орнына сiлiкпе инфильтрат жиналған және басқа патологиялық көтеремдiктiң белгiсi бар ұшаны, iшкi мүшелерімен бiрге техникалық қайта өңдеуге жiбередi.

Slide 14

Стресс - сыртқы ортаның жағымсыз әсерiне ағзаның жауабы ретiнде пайда болатын құбылыс. Стреске ұшыраған малдың етi бозғылт түстi (РSE деп аталатын ет) немесе керiсiнше қара (ДFД ет) . Бозғылт (мәрмәр тәрiздес), жұмсақ, ылғалды, жалқаяқ. Бұндай өзгерiстер еттiң нағыз бағалы кесектерiнде (сан етi, белдеме) болады. Ет қышқылданады (рН 5, 2-5, 5), ылғал байланыстырғышы және дәмдiк қасиетi (ащы дәмдi) төмендеген, жабысқақ, ақ ДFД - ет шошқа мен iрi қарада байқалады. Оның рН (6, 2-7, 0) жоғары болады, ылғал байланыстырғышы жоғары, ондай ет пiсiргенде сөлiн аз жоғалтады, гликогенi мен сүт қышқылы аз, жалқыаяқ ет сияқты бұның да дәмдiк сапасы өте төмен.

Slide 15

Тiтiркенуде еттегi өзгерiстер және оның сапасының төмендеуi әлi толық зерттелген жоқ. Бұны зат алмасуының және гликолиз үдерісінің бұзылуы, сондай-ақ адреналинмен байланысты өзгерiстер, АТФ ыдырауы т. б. жағдайлармен байланыстыруға болады. Еттегi өзгерiстер малды сойғаннан кейiнгi тексеруде көп байқалмай, еттi өңдеген кезде айқындалады.

Санитариялық бағалау. Сезiмдiк өзгерiстер бар еттi биохимиялық және бактериологиялық тексерулерден өткiзген абзал.

Slide 16

Стресс

Slide 17

Желiнсаумен ауырған жануарлар сойыс өнiмдерiн санитариялық бағалау. Желiнсаудың қандай түрi болмасын желiнiн техникалық қайта өңдеуге жiбередi, желiннiң бiр бөлiгi зақымдалса, бiрақ лимфа түйiнi өзгерiссiз болса, ұша және басқа сойыс өнiмдерiн шектеусiз шығарады. Патологиялық-анатомиялық өзгерiстерi айқын бiлiнiп, желiн үстi лимфа түйiнiнде өзгерiс болып жiтi қабынуда бактерологиялық тексеру жүргізедi, соның қортындысына байланысты етті санитарлық бағалайды.

Пигменттi (меланоз, қоңыр атрофия, гемахроматоз) сойыс өнiмдерiн санитариялық бағалау. Пигмент өкпе, бауыр, бүйректерi мен сүйектерiнде болса ұшаны мүшелерімен бiрге техникалық қайта өңдеуге жiбередi. Ал, жеке мүшелері пигменттелсе соларды ғана қайта өңдеуге жiбередi, ұшасын тежеусiз шығарады. Ал, бауырдағы пигмент жануардың азықтануымен байланысты болса (ауруларға қатыссыз) оның дәмi әдеттегiдей болып, басқа мүшелерінде және ұшасында өзгерiстер болмаса, ондай бауырды тағамға пайдаланады.

Жұқпалы емес ауруларда сойыс өнiмдерiн санитариялық бағалау, патологиялық үдерістің жалпы ағзаға таралу мүмкiндiгiне, аутофлораның етке өту мүмкiндiгiн ажырата бiлуге тiкелей байланысты. Сондықтан, патология көзi айналасындағы лимфа түйiндерiнiң зақымдануына мұқият тексеру жүргiзу қажет.

Slide 18

Iсiк - (неоплазма) - сойыс жануарларында зиянсыз iсiктер оның iшiнде нейрофиброма және липома жиi кездеседi.

Жүйкенің фибриозды жуандауы - (нейрофиброматоз, неврома немесе Реклингаузен ауруы) көбiне сиырда, ал аталық жануарларда және төлде сирек кездеседi, ұшаның алдыңғы жартысы зақымданады. Iсiктi алдыңғы аяқтары және жауырын астынан табады. Кейде олар қабырға арасы мен қабырға аралық жүйкелерді қуалай өседi. Мойын жүйкелерінің iсiгi ұршық тәрiзденiп үлкендiгi түйреуiш iлгiшiнен қаздың жұмыртқасына дейiн жетедi. Кейбiр жағдайда оның салмағы 2 кг тартады. Оның үстiне ақ сұр түсті, консистенциясы нығыз, пышақпен тiлгенде көптеген жiңiшке жiп тәрiздес зат көрiнедi. Нейрофиброманың эпикард астында кездесуi де мүмкiн. Iсiк күретамыр венасына жақын орналасса көкбауырға қан мол жиналып оның көлемiн үлкейтедi, осыдан барып топалаңға күмән туады.

Липома - (Lipoma) - май жиналатын жерден табылады, бiрақта майдан айырмашылығы, оның көлемi әрқалай және талшықты дәнекер ұлпадан тұратын қабаттар болады. Мал арықтап, майын жойса да липомалар сақталады. Зиянды iсiктерден iрi қара мал және шошқа саркома мен карцинома, ал жылқыда - мелансаркома кездеседi.

Саркома - (Sarcoma) және карцинома - (Carcinoma) - мүшелеріне қоса ет, сүйек, лимфа түйiндерi және сiрi қабықтарда да пайда болады. Карциноманы тек iрi қарадан табады, ол бұдырлы зақымданған ұлпаның бет жағынан көтерiңкi жатады, сондай-ақ ол альвеокок көпiршiгiне ұқсас келедi. Саркома ақ-қызғылт түстi, консистенциясы жұмсақ.

Мелансаркома - (Melanocarcoma-ақ және сұр түстiлерi) - жылқыда кездеседi, қара-қоңыр кейде толық қара түстiлерiне оңай диагноз қоюға болады. Терiсi, сүт бездерi, бауыр, көкбауыр және лимфа түйiндерiнде кездеседi. Бұдан зиянды және зиянсыз iсiктердi ажырату қажет. Күмәндi жағдайда гистологиялық тексеру жүргiзедi

Slide 19

Санитариялық бағалау. Қатерлi iсiкпен, сондай-ақ көптеген қатерсіз iсiкпен ұшаның зақымдалған бөлiктерiн техникалық қайта өңдеуге жiбередi, ал зақымданбаған жерлерiн пiсiрiп-ысталған шұжық дайындауға пайдаланады немесе пiсiргеннен кейiн шығарады. Тазалау қиын болса ұшаны немесе мүшелерін тұтастай техникалық өңдеуге жiбередi. Қатерсіз iсiкте зақымданған жерiн алып тастайды да ұша мен мүшелерді шектеусiз шығарады.

Жаңадан шыққан iсiктердi зерттегенде оларды қатерсіз (фиброма, миксома, миома, неврома және тағы да басқалары) және қатерлі (саркома, карцинома және тағы да басқалар) деп бөледi. Қатерлі, сондай-ақ қатерсіз көптеген жаңадан шыққан iсiктерi бар мүшелер мен ұшаның бөлшектерiн кәдеге жаратады. Зақымданбаған ұша бөлшектерiн қайнатуға жiбередi, зақымдану ауқымды болса және зақымданған жерлерін алып тастау мүмкiн болмаса, ұша мен мүшелердi кәдеге жаратады.

Бiрлi-жарым қатерсіз iсiктер кездессе, зақымданған жерлерiн алып тастайды, ал ұша мен мүшелердi кедергiсiз жiбередi.

Зат алмасуда пайда болатын ауруларда (гидремия) - бұлшықетте iсiк болған жағдайда, ұша мен iшкi мүшелердi кәдеге жаратады.

Ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерi мен құстардың ақ ет ауруы.

Slide 20

Жануарлардың жарақаттануы шаруашылық жағдайында, тасымалдау барысында пайда болуы мүмкiн. Ал, ағзада болатын өзгерiстер оның қай уақытта болғанына байланысты. Әр түрлi жарақат, күйiктен кейiнгi уақытта етке түрлi микроорганизмдер өтуi ықтимал, яғни тағамның адамға қауiптiлiгiн туғызады. Осыған байланысты мұндай аурудан алынған жануар ұшасын сараптауды мұқият жүргiзген жөн.

Сол сияқты зат алмасу патологиясы, жеке мүшелер аурулары, iсiк т. б. ауруларда

Септикалық үрдістер - абцесс, дүңку (флегмона) және iрiңдi жара организмге iрiңдеткiш микробтардың (әсiресе стрептококктар мен стафилакокктар) енген жерiнде қабыну үрдісі дамуы нәтижесінде өрбиді.

Абцесс - (abscessus) - сойыс жануарларының етiнде, лимфа түйiндерiнде және мүшелерінде кездеседi. Ветеринарлық санитарлық сараптаушы абцестi тапқанда оған жақын орналасқан ұлпалар және зақымдалған жердi қамтитын лимфа түйiндерiн тексередi. Ұлпа мен лимфа түйiндерiнде өзгерiстер болмай, жеке-жеке абцестер табылса, ол еттiң шiрiткiш микрофлоралармен ластанбағандығының куәсi. Ветеринарлық санитарлық сараптау тәжiрибесiнде бауырдың абцесiне ерекше мән бередi. Бауырдағы iрiңдi ошақ, оған iрiңдеткiш микроорганизмдердiң қақпа венасы арқылы iшектен енгенiнiң белгiсi, бұны жалпы септикалық үдеріс деп қарауға болады.

Флегмона - (Phlegmone) - борпылдақ дәнекер ұлпаның, диффузиялық таралуға бейiмдi, iрiңдi жiтi қабынуы. Абцеске қарағанда, бұл аса қауiптi, демек зақымданған жердегi iрiңдеткiш бактериялар түрлi мүшелер мен ұлпаларға енедi.

Жара - (Vulnus) - терi және оның астындағы ұлпалардың ашық зақымдануы. Жара бетiнiң iрiңдеуi мен асқынуы ондағы iрiңдеткiш микрофлорамен байланысты.

Slide 21

Абцесс, флегмона, жара

Slide 22
Ұқсас жұмыстар
Инфекциялық аурулар кезінде сойыс өнімдерін ветеринариялық- санитариялық сараптау және ветеринариялық-санитариялық бағасы
ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ ШАРАЛАРДЫ ЖОСПАРЛАУ
Шартты патогенді микроорганизмдер тудыратын токсикоинфекциялар
ЖАНУАРЛАРДЫ ТАСЫМАЛДАУҒА ДАЙЫНДАУ БАРЫСЫ
Жұқпалы ауру кезіндегі ветеринариялық шараларды ұйымдастыру және олардың экономикалық тиімділігі
Жануарларды тасымалдауға дайындау және тасымалдау кезіндегі мемлекеттік бақылау жүргізу
Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган
Жылқының инфекциялық анемиясы, тұмауы, індетті лимфангоиты, обасы-презентация, вет. сан іс-шаралар жоспарын жасау
Жабайы кәсіби жануарлар және ауланатын құстарды аулау әдістері
Саз құндыз шаруашылығы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz