Манас жыры туралы мағлұмат



Қырғыз халқының «Манас» жыры (қазақ әдебиетінде зерттелуі)
Орындаған:Сансызбаев А. С.
Тексерген:Жусупова Г. Қ.

Қырғыз халқының «Манас» жыры (қазақ әдебиетінде зерттелуі)
Жоспар
І Кіріспе
1) «Манас» жыры туралы мағлұмат
2. Негізгі бөлім
2. 1) «Манас» жырының әлемдік және түркілік деңгейде зерттелуі
2. 2) «Манас» жыры-батырлық символы
2. 3) «Семетей» жыры - ата мекен туралы лирикалық жыр
2. 4) «Сейтек» жыры - заман тынысына қарай ерекшеленген жыр
ІІІ Қорытынды
Бағзыдан жеткен - баба жыр
ІV Әдебиеттер

Орта Азия мен қырғыз халықтарының аса бай эпостық мұрасының ішінде өзінің көлемімен де, көркемдігімен де, тарихи дерегімен де ерекше тұлғаланып тұратын жырдың бірі - «Манас». Қырғыз халқы өмірінің ғасырлар бойындағы елеулі оқиғаларының көркемдік шежіресі, дәуірлер ақиқатының жаңғырығы тәрізді эпопея - «Манастың» бүтін бітімін де, жеке бөлшектерінде сөз ету, зерттеу таразысына салу ғалымдар үшін аса қастерлі көркем ескерткіштің қасиетін жан-жақты ашу тарихтың да, мәдениеттің де алуан мәселелерін тануға көмектеседі, бұрынғы өткен бұлдыр заманның сырларын тануға көмектеседі, бұрынғы өткен бұлдыр заманның сырларын ашуға септеседі. «Манас» сынды әлемдік даңққа ие болған бірегей туындыны тексеру ғылымының көп саласын қамтитын білімпаздардың бірлесе күш қосуын қажет етеді. Бұл эпопея әдебиетшіні де, тілшіні де, этнографты да, тарихшыны да, экономисті де, заңгерді де бірдей қызықтырып жүргені осыдан.

Қырғыз халқының «Манас» эпосы - адамзаттың рухани ұлы мұрасының бірі. Осынау ғажайып мұраны зерттеу ісіне қазақ ғалымдары да өлшеусіз үлес қосты. Әкімшілік - әміршіл жүйенің озбыр саясаты тұсында «Манас» эпосының тағдыры талқыға да түскені белгілі. Елдік намыс сарапқа салынған осындай тар кезеңде М. Әуезов қырғыз халқы тудырған мәңгі өлмес, мәңгі өшпес рухани ескерткіші «Манастың» мәдениет төріндегі орнын айшықтан, эпостық құндылығын дәлелдеп, жанын салып қорғап қалған болатын. Ол туралы Ш. Айтматовтың: «Мұхтар Әуезовті қырғыздар аса зор құрметпен өзіміздің туған перзентіміз деп таниды. Біз Әуезовтің көзі тірісінде солай дейтінбіз, қазір де солай дейміз. Халқымыздың мұншалық қалтқысыз құрметі Мұхтар Әуезов - «Манас» эпосының асқан білгірі және зерттеушісі, немесе қырғыз әдебиетшілерінің досы және ұстазы болғандықтан ғана емес. Қазақ пен қырғыздың домбыраның қос ішегі секілді өз ара жақын және үндес, . . . біз кешкен тағдырлар, біз өткен жолдар, біз кешкен тұрмыс-тіршілік әрқашан біртұтас: өткенде де бірдей еді, қазіргісі де бірдей - деген жазушының жүрек тебірентер жылы лебізі М. Әуезовке арналған зор құрметтің белгісі. Оның өзіндік себебі де бар. Ш. Айтматов. Ұстаз туралы сөз. «Біздің Мұхтар», 1976, 72 -бет.

1952 жылы 14 шілде күні Бішкек (бұрынғы Фрунзе) қаласында «Манас» эпосын талқылауға арналған ғылыми конференция өткен. «Манас» эпосының тағдыры талқығы түскен осы жиын қырғыз халқының жүрегіне үміт пен күдік ұялатты. Өйтпегенде ше: Мыңдаған жыл қырғыз халқының ақыл ойымен астасқан эпостан айырылу - аспандағы күні қараңғы тарқанмен бірдей еді. Елдік намыс пен білім сарапқа түскенде М. Әуезовтің жан салып «Манас» эпосын қорғауын қырғыз халқы қалай ұмытсын. Пікіріміз дәлелді болу үшін мұрағат дерегіне үңіліп көрейік: А. Джакишев сол мәжілістегі өзінің қорытынды сөзінде: « . . . Мне кажется, одним из ведущих выступлений было выступление тов. Ауэзова, лауреата Государственной премии. Академик Ауэзов, в отличие от других наших товарищей, пошел по другому пути. Если которые наши товарищи выступая вырывали из текста или отрицательные или положительные стороны и стремились доказать, что «Манас» народен или не народен, то тов. Ауэзов обобщая очень важные моменты изучения эпоса «Манас». Он подошел к эпосу в целом в практической части, заключив, что из эпоса «Манас» можно создат свободные варианты, и зачитал ряд практических предложений, с основными практическими предложениями тов. Ауэзова я согласен». (архив А. Н Кыргызстана. Сборник стенограмм. ІІІ том, 1952 г. 679 стр) Осы деректің өзі-ақ талай нәрсені аңғартады. Архив А. Н. Кыргызстан. Сборник стенограмм. ІІІ том, 1952 г. 679 стр.

Одан кейін академик Ә. Марғұлан да осы мұра туралы жеке еңбектер жазды. «Манасты» тұңғыш зерттеген Шоқан Уәлиханов жайында кеңінен сөз етті. «Манас» эпосы туралы басқа да көрнекті қазақ ғалымдары қалам тербеді.
Төскейде малы, төсекте басы қосылған бауырлас қырғыз халқының әлемді тамсандырған «Манас» эпосы - тарих заманынан таулы Азия қыратында ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен қызықты жыр, қырғыз халқының айтулы мұрасы.
Бұл жырды алғаш рет қағаз бетіне түсіріп, оны әдеби дастанының белгілі бір кеніші еткен жас ғалым Шоқан Уәлиханов еді. Бірақ Шоқан жазып алған «Манас» жырының қырғызша мәтіні көп замандар ғылымға белгісіз болып жатты. Бұл нұсқаны жарыққа шығаруды Шығыс әдебиетін зерттеуші ғалымдардың талайы талап еткен еді, алайда, өкінішке орай, оның сәті түспеді. Өйткені Шоқан нұсқасы көп заман қою тұман астына батып, ұшты - күйлі жоқ болды. Шоқанның еңбектерін бірінші рет баспаға дайындаған - Н. И. Веселовский, 1902 жылы 21 наурыз күні, Археология қоғамының Шығыс бөлімі мәжілісінде ғалымдарды Шоқанның «Манас» жырын аударған үзіндісімен таныстырып, жырдың қырғыз мәтінінің жоғалып кеткеніне қатты күйзелген болатын «Көкетай ханның ертегісі» деп аталатын бұл жырды тегінде Шоқан түгел аудармаған және бұл аударманың өзін Р. Н. Потанин болмағанда табу оңай емес еді. Аударма Шоқанның ескі досы К. К. Гутовскийдің үйінен табылады. «Көкетай ханның асы» деп аталатын бұл үзінді аудармасын Н. И. Веселовский қысқаша түсініктермен Шығыс бөлімінің журналында жариялайды. Одан кейін Шоқанның аудармасы баспадан бірнеше рет жарияланып, Шығыс, Еуропа ғалымдары «Манас» жырымен ең алғаш осы арқылы танысты.

«Манас» жырының Шоқан жазып алған нұсқасын табуға себепкер болған Шоқанның замандас досы, белгілі татар ғалымы Хұсаин Фаизхановтың Шоқанға жазған хаттары болған.
Мақалалары мен зерттеулерінің арасында Шоқан Уәлиханов «Манас» тақырыбына жиырма шақты рет арнайы тоқталып, сөз еткені мәлім. Солардың басы құралып келгенде Манастанудың алғашқы айрықша бағалы тарауы келіп шығады. Ғалым «Манас» мәселесіне өзінің «Қырғыздар туралы жазбалар» деген еңбегінде неғұрлым көбірек назар аударған. Сондай-ақ зерттеуші» Ыстықкөлге 1856 жылғы сапар күнделігінде», «Оңтүстік Сібір рулары тарихынан жазбалар» атты очерктерінде де бұл жырдың тарихына, таралу, сақталу жағдайына мән бере қарайды. Осылардың әрқайсысында «Манастың» генезисі, эволюциясы, тарихи шындыққа қатысы жөнінде күрделі ойларын тізеді.
Жырдың мазмұндық, тілдік келбетіне терең бойлаған ғалым оның «тым ертеде пайда болғанын» алдымен атап өтеді. Бұдан кейін ол талдауын «бұл поэманың негізгі тақырыбы - ноғайлы елінің мырзасы Манас батырдың ерлік істерін баян ету. Бұл дастанда қырғыздардың өзі де және қазақтар да ноғайлылармен тату болып, көрші отырған екі ел болғанымен, әр қайсысы өз алдына дербес халық ретінде көрсетіледі» деп жалғастырады.
«Манас» сынды ересен көлемді әрі көркем жырдың ұлы желісін анықтап тексеруге, ондағы оқиғалар жүйесін, түрлі дәуірлердің «қабаттарын» аңғаруға көп уақыт керек. Эпостың бір бөлімінің өзін жыршылар бірнеше түнде айтып тауыса алмайтын болғаны да белгілі. Ендеше Шоқанның Қырғызстанда болған санаулы күндерінде осыншама орасан зор материалды меңгеріп алуы қайран қаларлық көрініс демеске болмайды. Осыған қарағанда ғалым «Манас» жырының мән-жайына тек бірер сапар кезінде ғана емес, басқа уақыттарда да қызыққан секілді. Ол жыршылармен ғана емес, ұқпа құлақ қариялармен де, шежірешілермен де көп кеңескенге ұқсайды. Соның арқасында «Манастың» бітіміне қатысты аса маңызды проблемалардың көбін Шоқан өз зертеулерінде қадап көрсете де алған. Дастанның бойында әрі ескі, әрі жаңа қабаттардың аралас келіп отыруын, жалпы алғанда, мұнда қырғыз халқының тарихи естелігі көрініс бергенін ғалым тамаша тұжырымдап береді. «Бұл өзі эпостық дастан болғанымен де, сірә кешірек шыққан болу керек . . . Кейінгі кездерде оған қосымша өзгерістер енгізілгені айқын көрінеді, бірақ сөйтсе де, бұл дала эпосын өздерінің ерекше сүйіп, ардақтауына қарағанда оның өзекті желісі немесе негізі, әрине, қырғыз халқының сүйікті естеліктеріне құрылған».

Шоқанның «Манасқа» берген классикалық анықтамасы жырдың тұлғасын тереңдеп танудан туған нағыз ғылыми тұжырым болып есептеледі. Қырғыз эпосы жөнінде, міне, бір ғасырдан артық уақыт бойында түрлі елдердің зерттеушілері өз тұжырымдарын білдіріп келеді, жыр жайында қаншама орнықты ойлар айтылған. Бірақ «Манасқа» Шоқан жасаған сипаттамадан асырып ешкім айта алған жоқ.
«Алатау» қырғыздарының поэзиялық ең басты және жалғыз десе де болғандай данышпандық халық шығармасы Манас туралы дастан екені күмәнсіз. «Манас» - бір кезеңге және бір адамның - Манас батырдың - төңірегіне топтастырылған барша халық ертегілерінің хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрып жөніндегі түсініктерінің энциклопедиялық жинағы. «Манас» - бүтін бір халықтың шығармасы, соның көп жылдық шығармашылығының жемісі, дала Илиадасы десе болғандай» дейді. Шоқан. Осыншама терең, кемел сипаттаманың бір сөзіне ғана түсінік бере кетуге тура келеді. Ол «Манасты» қырғыздың бірден-бір жыры деген тұжырым. Кейінгі кезде қырғыз халқының «Манастан» басқа да жырлары мәлім болды. Олар да зерттеу тақырыбына айналды. Бірақ Шоқан Қырғыз жерінде болған шағын уақыт ішінде ондай жырларды естімеуі әбден мүмкін. Ол кез былай тұрсын қазірдің өзінде де арнаулы фольклоршы мамандар болмаса, елдің көбі қырғыздардың «Манастан» өзге жырларын біле бермейді, ұлы эпопеяның даңқы көп жағдайда өзге шығармаларды таса қалдырып отырады.

Ғалым «Манастың» бірнеше өзгешелігіне айрықша ден қояды.
Ең алдымен оны жырдың төгілген тілі, сөз, теңеу айшықтары, түйдек-түйдек сұлу кестелері қызықтырады. Халық мұрасынан елдің нағыз рухын көргісі келетін Шоқанға бұл тамаша құбылыс болып елестейді.
Екіншіден, бұл эпостағы жер атауларының қырғыз шындығына қайшылықсыз дәл келетініне мән береді. Түрлі халықтардың тарихи мекеніне дейін жырда анық көрсетілетініне зерттеуші таң қалады. Мәселен, ол қырғыздың, қазақтың, қалмақтың, ноғайлының көшіп-қонып жүрген жерлерінің атаулары жырда ақиқақатқа сай берілгенін жоғары бағалайды. Мұны да Шоқанның негізгі ғылыми концепциясына - ауыз әдебиеті шығармаларынан өмір шындығын неғұрлым молырақ іздегісі, тапқысы келетін аңсарына - байланысты деп түсінуіміз керек.
Ақырында ғалым жырдың ең құнды қасиеті қатарында онда халықтың әдет-ғұрып салт-санасының, наным-сенімінің мейлінше жан-жақты суреттелгенін, оның жаратылыс, тағдыр, болып өткен оқиғалар туралы түсінігінің кең сипатталғанын атайды. Тарихи шындықты өз заңдылығына сәйкес көркемдеп жинақтайтын эпостың тағы да бір қырына Шоқан назар аударады. Ол қандай аламантасыр, алмағайып қақтығыс, соқтығыстарды да, шапқыншылық тұстарында да қазақ, қырғыз және ноғайлының мақсаты бір туыс, тату елдер болып бейнеленіп отыратын. Көрші жатқан, төсекте басы, төскейде малы қосылған, құдандалы, тарихы да, тағдыры да ұқсас қазақ пен қырғыз халықтарының замандар бойындағы ынтымағы мен достығы қиын кездерде бір-біріне қол ұщын беруге даяр тұрған жақындығы эпоста да із қалдырғанын Ш. Уәлиханов айрықша маңызды құбылыс деп атап өтуді лайық көрген.

Жоңғария очерктері» деген аса әйгілі еңбегінде Ш. Уәлиханов «Манас» туралы талдауларын жалғастыра түседі. Бұл тұста зерттеуші жалпы жыр жанрының қырғыздарда, қазақтарда, көшпелі өзбектерде және ноғайларда ұқсастығына тоқталады. «Ноғай» деген атау Орта Азияның түркі тілінде сөйлейтін халықтарының ортақ есімі болғанына анықтық енгізеді. Осылардың бірінде айтылып келген аңыз, ертегі екіншілеріне оңай ауысып отыру заңдылығына мысалдар келтіреді. Бұл еңбегінде Шоқан «Манас» жырының жалғасы болып табылатын «Семетей» туралы да сөз қозғайды, оны «Қырғыз Одиссеясы» деп сипаттайды. Манас батырдың жырда берілген мінездемесін орысшаға сөзбе-сөз аударып таныстырады, оның Қараханның қызы Қаныкейге үйлену тарихын баян етеді. Жыр қаһарманы Манастың кейбір әрекеттерін құптамайтынын білдіре отырса да, зерттеуші эпостың жалпы тұлғасына қарап, батырдың ісі халық үшін қажетті болғанын мойындайды, оның әлсіздердің қорғаны болғанын, жауларымен соғысып, Жоңғария жерінде ерлік іздерін қалдырғанын айтады. Қырғыздар, Үрімші маңындағы Манас атты қаланы өз батырының есімінен шыққан деп сенетінін мәлімдейді.
Бұдан кейін Шоқан «Манас» жырының ең әсем бөліктерінің бірі «Көкетай ханның асы» тарауын қысқаша мазмұндайды, мұны эпостық ғажайып эпизодтарының бірі деп бағалайды. Көкетайдың асы кезінде қалмақтардың астамшылық көрсеткеніне шыдай алмай қырғыз батырларының атой салғандықтары, ең мықты деген дұшпандары Жолай мен Қоңысбайдың осындай ұрыс кезінде өлтірілгені, ақырында жау қолынан Манастың да мерт болғаны жайында мағлұмат келтіреді.

Шоқан мен В. В. Радловтан бұрын «Манас» жыры Еуропа әдебиетінде мүлде белгісіз болатын. Оның қысқаша мазмұнын ең алғаш қағаз бетіне түсіріп кеткен ХVІ ғасырдың бас кезінде Ферғанада жасаған Сейфуддин Аксикенти еді. Бірақ Сейфуддиннің жазғандары Орта Азия халықтарының әдебиетіне кеңінен тарамай, сол дәуірдің өзінде белгісіз болып қалып қойған. Ол «Манас» жырын бірінші рет қағаз бетіне түсіріп, оның қандай мазмұнда айтылғанын болжап кеткен кісі. Бірақ Сейфуддин дәуірінен ХІХ ғасырдың ортасына дейін, көп заман өтіп (3, 5 ғасыр), «Манас» жыры мәдениет дүниесінде бүтіндей белгісіз болып келген. Бұл жырды бірінші жарыққа шығарып, оны ғылымның игілігі еткен - Шоқан, одан кейін бар өмірін түркі тілдес елдердің әдебиеті мен тілдерін зерттеуге жұмсап, жойқын еңбек қалдырған қадірлі ғалым академик В. В. Радлов. «Манас» жырын зерттеуші ғалымдар бір ғасыр бойы екі саңлақты бетіне ұстап, олардың еңбектеріне сүйеніп келді, әлі де сүйенбекші.
Қырғыз тілінің ерекшелігіне қатты көңіл қойып, В. В. Радловтың аудармасына зор мән берген оқымыстылардың бірі -түрік тілдерін зерттеуші француз ғалымы Паве де Куртеиль. Бұл кісі «Манас» жырының мазмұнына тоқтай келіп, ең алдымен онда ислам дінінің әсері мен ескі тәңіріне табынушылық жасау жосықтары қосылып бірге жүргенін айтады. Паве де Куртеильдің түсінуінше, көшпелі елдер жырына тән нәрсе аңшылық суреті.
Сонымен байланысты тұлпар атты, сұңқар құсты, жүйрік тазыны қадірлеу. Бұл үшеуі де алып ердің досы, Манас өлгенде оның ақ-құла тұлпары, ақ сұңқары, құмай тазысы иесін кісіден артық жоқтайды, - дейді Француз ғалымы. Куртеильдің көзқарастары Кембридж университетінің профессорлары Чэдивктерге де өзінің әсерін тигізген. Олардың ойынша да «Манас» жыры көбінесе тағылықта өскен қауымның суреті. Онда егіншіліктің өнершілдіктің сілемі бүтіндей жоқ.
«Манас» жырын зерттеуге В. М. Жирмунский, Н. Богданов секілді көрнекті ғалымдар ат салысты. Әсіресе, В. М. Жирмунскийдің «Тюркский героический эпос» (1974) деп аталған монографиясына енген «Манас» туралы тарау өзінің талдау тереңдігімен ерекшеленеді.
В. И. Жирмунский . Новые материалы о Киргизском эпосе «Манас» Изв. АНСССР. 1960 № 2, стр 152-155.

Қазақ пен қырғыз халқының әдебиет мұраларын, оның ішінде «Манас» жырын жинауға бірталай үлес қосқан татар мұғалімдері болды. Олардың ішінен ең алғаш жинаушылар қатарында Бахтияр Абдул - Уахабты көрсетуге болады. 1889 жылы бұл кісі қазақ пен қырғыз халқын кең аралап, олардың айтуынан көптеген қызықты ертегі, жыр, тақпақ, нақыл сөздер жазып алады. Бахтиярдың жазғандарынан «Манас» жырын зерттеуге көмекші болғандары «насихат», өсиет өлеңдер» болмаса «керәәз». Бұл соңғы жырлар Көкетай мен Манастың өсиет сөздерімен тығыз ұштасып жатады.
Ә. Диваевтың кеңесі бойынша, төңкерістен бұрын «Манас» жырын жазып алуға шұғыл кіріскен кісінің бірі-Қаюм Мифтах. Ол көптеген жыл бойы ауруды, шаршауды керек қылмай, «Манас» жырының толық түрін жазып алуды өзіне мақсат етіп қойып, он үш мың беттік қолжазба тізеді.
Қазан университеті ғылыми кітапханасы, қол жазбалар бөлімі, № 131.

1903 жылы «Манас» жырының бір тарауы «Семетейден» бір үзіндіні Пішпек уезінен география қоғамының Алатау қырғыздарын зерттеуге шығарған арнаулы экспедициясының ғылыми қызметкері А. Г. Белинский жазып алады. Ол «Манас» жырынан бірнеше үзінді, оның ішінде «Семетей» жырының арабша мәтінін жаздырып алып, олардың орысша транскрипциясын жасайды және орысшаға аударады. Тегінде айтқан жырды олар ғылыми түрде баспаға дайындаған болу керек. Бірақ мұның неге іске аспағаны, және А. Г. Белинскийдің тағдыры да не болғаны бізге мәлім емес. Жалғыз - ақ оның аудармасы суретші В. В. Смирновтың кітабында басылып шығады.
1961 жылы Қызыл Су аймағындағы қырғыздар арасынан «Манас» жырының 120 мың жолдық нұсқасы жазылып алынған. «Манас» жыры 1942 жылы Кембридж сериясымен шыққан еді. 1960 жылы бірталай өзгертіліп, ғалым В. М. Жирмунскийдің қатынасуымен жаңадан толықтырылып шығарылды. «Манас» жырын терең зерттеуші ғалымдардың бірі Лондон университетінің профессоры А. Т. Хатто. Бұл ғалым ШУәлиханов, В. В. Радловтың версияларын тәптіштей зерттеп, оның үстіне Бодли (Кембридж) кітапханасындағы Британ музейіндегі, Гография қоғамындағы, Лондон университетіндегі түрік тілдес халықтардың қолжазбаларын ақтару нәтижесінде «Манас» жырын биік ғылым сатысында зерттеп, ондағы эпизодтардың, геройлардың тарихи бейнесін анықтауды өзіне міндет етіп қойған. Б. Смирнов. В степях Трукестана, М., 1914, стр 33-38

Ол кісінің зерттеуі төрт бөлімнен құралады.
1. Манастың туысы.
2. Көкетай мен Боқмұрын. Қырғыздардың екі ерлік поэмасын салыстырып зерттеу.
3. Алмамбет, Еркөкше және Ақ Еркеш
4. Түн жақ Азиядағы шаманизм және эпикалық жырлар.
Бұл келтірілген мысалдардан қырғыз халқы жасаған «Манас» жырының дүниежүзілік әдебиеттен алатын орны қандай екенін айқын көоуге болады.
Кеңес жылдарында «Манасты» алғаш түбегейлі зерттеген ұлы суреткер әрі ғалым М. О. Әуезов еді. Оның сонау отызыншы жылдарда жазған монографиясы өз бағасын жоймайтын еңбек

М. Әуезовтің пайымдауынша, «Манасты» тұтас күйінде бір кісі шығара салмаған. Ол сан ғасыр бойына, сан буын жомықшылардың қатысуымен ұлғайып дамып отырған». Бұл жерде Мұхтар Әуезов «Тарыдан тау, тамшыдан көл құралар» деген халық даналығының ұлылығын меңзеп отыр. Бұлақтан құралып теңізге айналған сол «Манас» атты алып жырдың шыққанына 1100 жыл болған деген болжам айтады. Сол тұстағы ру-тайпалар одағының біреуімен жауласса, енді біреуімен одақ құрып тегеуріні күшті жауына төтеп бергені «Манас» эпосынан айқын көрінеді. Тарихи тамырлас, тағдыры ұқсас халықтардың қоян-қолтық араласып, «андалық» өмір кешкен замандарды тудырған рухани қазынасын М. Әуезов:
Баяғы замандардан бері қарай, құмды, шөлді далада, шаң ішінде қоңыраулатып келе жатқан әдебиет көші қай кезең, қай асудан асты, соның ұлы сүрлеуін тауып алуды мақсат қылдық» - деп өзінің әуелгі ғылыми мақсатын айқындайды.
Қырғыздың батырлық эпосы», 4 томдық, «Манас» жырының 1-томына кріспе 1961, А., 8 бет.
М. Әуезов, әдебиет тарихы, қолжазба. Ленинград, 1925, п №185

- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz