Арамшөптер және өсімдіктерді қорғау мәселелері


ЖОСПАР
Кіріспе . . . 3
І бөлім. Арамшөптер және өсімдіктерді қорғау мәселелері . . . 5
1. 1 Өсімдіктер қорғау саласындағы өзекті мәселелер . . . 5
1. 2 Карантинді арамшөптер және олармен күрес . . . 9
ІІ бөлім. Қостанай облысының қара топырағы жағдайында арамшөптермен күресудің және топырақ құнарын арттырудың тиімді жолдарын қарастыру мәселелері . . . 12
ІІІ бөлім. Өсімдіктер карантині және арамшөптер туралы ҚР заңнамасы . . . 18
Қорытынды . . . 35
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 37
Кіріспе
Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы өндірісі маңызды салалардың бірі және отандық тамақ өнеркәсібінің дамуы үшін таптырмас шикізат көзі болып табылады.
Тақырыптың өзектілігі. Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми- зерттеу институты ғалымдарының көп жылдық мәліметтері бойынша залалды арамшөптердің кемінде 120 түрі республиканың ауыл шаруашылығына зиянды әсерін тигізеді.
Арамшөп - егіс танаптарында өсетін жабайы өсімдіктер. Оның Қазақстанда 300-ден астам түрі бар. Егістік, шалғынды, жайылымды жерлерде, өзен-көл жағалауларында өседі. Арамшөп тамыр жүйесінің жақсы дамуына байланысты ылғалды, қоректік заттарды көп пайдаланады. Сондай-ақ ол егілген дақылды көлеңкелеп, фотосинтез процесінің жүруін нашарлатады, нәтижесінде егілген дақыл бойында органик. заттардың түзілуі нашарлайды, алынатын өнім төмендейді. Арамшөп - егіс зиянкестері мен ауру қоздырғыштардың мекені әрі оларды тарататын ортасы. Кейбір Арамшөптің тұқымы, жемісі (меңдуана, үй бидайық, сарғалдақ) адамды, малды уландырады. Арамшөп қолдан егілген дақылдар сияқты бір мезгілде емес, шұбалаңқы өніп көктейді әрі топырақта тіршілік қабілетін ұзақ мерзім сақтай алады. Мұның үстіне көптеген арамшөптер сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына (суыққа, ыстыққа, құрғақшылыққа) төзімді келеді. Арамшөп негізінен паразитті арамшөп және паразитті емес Арамшөп болып екі топқа бөлінеді. Паразитті арамшөпке арамшырмауық, сұңғыла, т. б. жатады. Ең зияндысы - хлорофилі мен тамыры жоқ сұңғыла . Ол қасындағы дақылдың қоректік заттарын сорып алады. Паразитті емес арамшөпке бір жылдық өсімдіктер ( қара сұлы, итқонақ, қарабидай арпабасы, қара меңдуана, т. б. ) және көп жылдық өсімдіктерден ( жатаған бидайық, ермен, шоңайна, кәдімгі түйетікен, т. б. ) болып бөлінеді. Арамшөпті жою үшін агротех. шараларды (себілетін тұқымды жақсы тазарту, көң шашу, Арамшөпті гүл жармас бұрын отау, ауыспалы егісті қолдану, топырақты сапалы өңдеу, дақылдардың қатар аралығын қопсыту, т. б. ) мұқият жүргізу, хим. гербицидтер (авадекс, илоксан, т. б. ) шашу және биол. әдістерді тиімді қолдану.
Курстық жұмыстың негізгі мақсаты мен міндеттері:
- ауылшаруашылығындағы арамшөптердің түр құрамын анықтау;
- Қазақстан топырағындағы арамшөптердің тұқымдық қорын зерттеу;
- егістіктерде түрлі мерзімдерде және егістен тыс арамшөптер басқан жерлерде қолданылатын гербицидтердің биологиялық тиімділігін анықтау;
- гербицидтердің өнімнің технологиялық сапасына әсері мен сынақтан өткізілетін гербицидтердің топырақтағы және өнімдегі қалдық мөлшерін анықтау;
- егістіктердегі арамшөптерге қарсы гербицидтерді қолдану жүйесіне экономикалық тұрғыдан баға беру.
Курстық жұмыстың ғылыми жаңалығы. Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы бір жылдық және көп жылдық арамшөптерге қарсы жаңа гербицидтер қолданудың тиімді әдістері қарастырылды. Егістіктердегі және егістен тыс жерлердегі арамшөптердің түр құрамы мен оған қарсы қолдану мөлшеріне, мерзімі мен тәсіліне қарай гербицидтердің тиімділігі анықталды.
Курстық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І бөлім. Арамшөптер және өсімдіктерді қорғау мәселелері
1. 1 Өсімдіктер қорғау саласындағы өзекті мәселелер
Қазақстанда да ауылшаруашылығы өндірісіне зиянды организмдер мен арамшөптерден келіп жатқан зиян аз емес. Мәселен, 2000 және 2002 жылдары Орталық Азияда күздік бидай егісін сары тат ауруы жайлап, оның түсімділігін 40-50%-ға дейін төмендетті. 2000, 2002 және 2005 жылдары республиканың солтүстігінде ауа райы өте ылғалды болып, жаздық бидай егістерінде тат және септориоз аурулары кең таралды, осының салдарынан фунгицидтер қолданылмаған танаптардың түсімділігі 20-30%-ға дейін төмен болды. 1998-2000 жылдары олар республиканың солтүстік аймағында шектен тыс көбейіп, орасан қауіп тудырғанын көпшілік қауым ұмыта қоймаған шығар. Осы жылдары бұл зиянкеспен күресу үшін 2-3-тен 8, 2 миллион гектарға дейін шабындықтар мен егіс алқаптарында химиялық препараттар қолданылып, мемлекет бюджетінен 20-22 миллиард теңгеге дейін қаржы жұмсалды.
Енді арамшөптерге келсек, олардың салдарынан өнім 40-50 %-ға, тіпті одан да көп кемуі мүмкін. Солтүстік аймақта астық дақылдары егісінде қара сұлы, сары қалуен, дала шырмауығы, жабайы гүлтәжі, улы кекіре және т. б. жиі кездеседі. Қара сұлы мен тары тектес және қосжарнақты арамшөптер басқан бидай егістері бірнеше миллиондаған гектарға жетеді.
Ауыл және орман шаруашылығында зиянды организмдердің таралуы мен дамуын және зияндылығын шектеу үшін дүние жүзінде арнайы химиялық препараттар немесе пестицидтер кеңінен қолданылады. Енді осы жайлы аздаған статистикалық деректерге зер салсақ. Ресей ғалымы В. А. Захаренконың мәліметіне қарағанда, өткен ғасырдың 60-жылдары жыл сайын дүние жүзінде 580 млн. доллардың пестицидтері қолданылса, 70-жылдары бұл көрсеткіш 4, 7 есеге артыпты. 1980 жылы ол 20 есеге көбейсе, 1990 жылы 26 миллиард 400 млн. долларға жеткен. 90- жылдардың ортасында астық дақылдарының егіс көлемі 428 млн. гектарды құрап, 1 гектарға шаққанда 11, 9 доллардың пестицидтері жұмсалыпты. Енді жүзім мен жеміс-жидек шаруашылығына келсек, олардың 1 тонна өнімін өндіруге орта есеппен 4, 5 доллардың пестицидтері жұмсалады екен. Осындай жағдай картоп пен көкөніс өндіруде де қалыптасып отыр.
Пестицидтерді кең пайдалану нәтижесінде дақылдарды күтіп-баптауға қажет қол күші шығыны азаяды, еңбек өнімділігі артады. Мәселен, Германияда қант қызылшасын арамшөптерден отау үшін голтикс препаратын қолданудың нәтижесінде дақылдың түсімділігі 1950 жылмен салыстырғанда 330 центнерден, 1993 жылы 510 центнерге дейін көтерілген, ал 1 гектарға жұмсалатын еңбек шығыны 7 есе төмендеген. Осы тәріздес жетістіктерге АҚШ астық дақылдарын өндіруде қол жеткізіп отыр. Мәселен, 1975-1995 жылдар аралығында арамшөптер және өсімдік зиянкестері мен ауруларынан келетін зиян пестицидтерді кең қолдану нәтижесінде төмендеп, еңбек өнімділігі 20-25 % аралығында өскен, ал өсімдік шаруашылығының тиімділігі 1, 02-ден 1, 75 астық өлшеміне дейін көтерілген.
Ғалымдардың пайымдауы бойынша 21 ғасыр биотехнология ғасыры болмақ. Осыған орай жақын келешекте азық-түлік дақылдарын өндіруде пестицидтерді қолдану мөлшері төмендей ме деген сұраққа оң жауап беру өте қиын. Соңғы жылдары оның әдістемелерімен генді тасымалдау арқылы жүгері мен қант қызылшасының және қытай бұршақтың гербицидтерге төзімді жаңа сорттары шығарылып, олардың егіс көлемі көбеюде. Бұл жұмысқа пестицидтер шығару саласында дүние жүзі бойынша алдыңғы орында келе жатқан АҚШ-тың трансұлттық “Монсанта” химиялық компаниясы көп көңіл бөлуде. Олар химиялық препараттар ғана емес, аталған дақылдардың гербицидтерге төзімді сорттарының тұқымын өндіруді де өз қолына алып отыр. Соңғы жылдары Швейцарияның “Сингента” компаниясы да осы бағытта жүргізілетін ғылыми жұмыстарды өздерінің негізгі стратегиялық мақсаты ретінде қарайды. Сонымен, келешекте де пестицидтерді кең қолдану ауыл шаруашылық дақылдарының түсімділігін көтеріп, еңбек өнімділігін арттырудың сара жолы болмақ.
Егер, өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау үшін зәрлілігі өте жоғары, адам денсаулығына қатерлі ДДТ мен гексахлоран, сынап, органикалық препараттар кең қолданылса, соңғы жылдары олардың орнына нысанды организмдерге биологиялық тиімділігі жоғары, таңдамалы әсерлі, пайдалы организмдер мен қоршаған ортаға қауіптілігі төмен пестицидтердің жаңа түрлері келді. Дегенмен де, ауыл және орман шаруашылығында қолданылатын препаратттардың қоршаған орта мен адам ағзасына қаншалықты қауіпті деген заңды сұрақ туындайды. Осы жайлы біраз деректерге тоқталайық. Өсімдіктер қорғау химикаттарын шығаратын шет елдердің ірі концерндері мен компаниялары пестицидтерді өндірісте қолдануға ұсынбас бұрын, олардың қоршаған ортаға, жануарлар мен құстар және де топырақта тіршілік ететін макро және микроорганизмдерге әсерін жан-жақты зерттейді. Бұған 90-жылдары Жапонияның “Сумитома”, Германияның “БАСФ” және Швейцарияның “Сингента” химиялық компанияларының жұмысымен жете танысқанда көзіміз анық жетті. Нысанды организмге биологиялық тиімділігі бойынша іріктеліп алынған препараттар 4-5 жыл бойы лаборатория жағдайында жан-жақты тексеруден өтеді. Пестицидтердің тірі организмдердің тұқым қуалау қасиетіне тигізетін әсерін анықтау үшін зерттеу жұмыстары жануарлардың 3-ұрпағына дейін жүргізіледі. Арнайы тәжірибелерде олардың жаңбыр суы арқылы топыраққа сіңу тереңдігі, онда тіршілік ететін қарапайымдылар мен микроорганизмдерге әсері, метаболиттерге ыдырауы және т. б. анықталады. Өндіріске ұсынылатын бір препаратты шығару үшін 9-10 жылдай уақыт кетеді, бұған 200-250 млн. дойчмарк жұмсалды. Бұл қаражаттың 3/1 бөлігі пестицидтерді токсикологиялық тұрғыдан зерттеуге арналған. Міне, осындай жан-жақты зертханалық және танаптық зерттеулерден кейін ғана пестицид тіркеуге, одан кейін ауыл немесе орман шаруашылығында қолданылуға ұсынылады.
Өсімдіктерді қорғау жайлы Қазақстанда 2002 жылы қабылданған заңға сәйкес өндірілетін мемлекетте тіркелген препараттар 2-3 жыл жергілікті жағдайда сынақтан өткеннен кейін ғана біздің елде тіркеліп, ауыл және орман шаруашылықтарында қолдануға рұқсат етіледі. Енді өсімдіктерді зиянкестерден қорғау үшін пестицидтерді қолдану көлемі жайлы кейбір деректерге тоқталайық. 1999- 2000 жылдары тек шегірткені ауыздықтау үшін инсектицидтер 2- 3-тен 8, 2 млн. гектар ауыл шаруашылық айналымындағы және басқа жерлерге шашылды. Жылына 3-4 млн. гектар егіс алқаптарында арамшөптерді отау үшін гербицидтер, зиянкестер мен ауруларға қарсы 1, 0-1, 5 млн. гектарға инсектицид немес фунгицид қолданылады. Халық аса жиі орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында мақта танаптарын зиянкестерден қорғау үшін 100-120 мың гектарға 2-3 рет инсектицидтер шашылады.
Республикамызда кең қолданылып жатқан пестицидтерден қоршаған орта мен адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төніп тұрмаған да шығар. Дегенмен де, “құдай сақтансаң сақтайды” деген мақалды еске алған жөн. Осыған орай пестицидтерді сақтау, тасымалдау мен қолдану шаралары толық орындалып, қоршаған ортаны олардың қалдықтарымен ластанудан сақтау, табиғаттағы айналымын қадағалау, адам ағзасына теріс әсерін болдырмау немесе азайту мәселелері егемен елімізде толық шешуін тауып жатыр ма? Өкінішке орай оған толықтай оң жауап беру қиын. Көршіміз Ресейде Ф. Эрисман атындағы гигиена ғылыми-зерттеу орталығы осы бағытта тиянақты жұмыс жүргізуде. Осы институттың директоры, Ресей медицина ғылымының академигі В. Н. Ракицкийдің Бүкілресейлік өсімдіктер қорғау саласы бойынша өткен ІІ съезде мәлімдеуіне қарағанда, ауыр металдар мен пестицидтер адам ағзасын айықпас, созылмалы дерттерге ұшыратады екен. Өкінішке орай, тексерілген азық-түлік өнімдерінің 65%-нан осыдан 20-30 жылдай бұрын қолдануға тыйым салынған, аса зәрлі ГХЦГ мен ДДТ препараттарымен қатар, арамшөптерді отауға әлі де кең пайдаланылып келе жатқан 2, 4 Д гербициді тіркелген. 2005 жылы Ресейде эпидемиологиялық жағдайды ушықтырмау және экологиялық зардаптардан туындайтын адам ағзасының аса қауіпті ауруларын емдеу үшін 4 млрд. рубль қаражат бөлініпті.
Өсімдіктер қорғау құралдарының қоршаған ортаға теріс әсерін төмендетіп, биологиялық және экономикалық тиімділігін арттыруда оларды қолдану тәсілдерін жетілдірудің де атқаратын рөлі аз емес. Біріншіден, оларды қолданатын техника өте жоғары талаптарға сай болуы керек. Мәселен, дамыған мемлекеттерде бүріккіш техника жыл сайын, немесе 2 жылда бір рет арнайы тексеруден өтіп, қолдануға жарамдылығы анықталады. Екіншіден, егістіктер мен шабындықтарға пестицидтер бүрку үшін техниканың белгілі бір түрі қолданылады. Мәселен, Германияда олар көбінесе тракторға тіркейтін бүріккіштер арқылы шашылады, жұмыстың 90%-дан артығы осы техника арқылы орындалады. Пестицидтерді ұшақтар немесе дельтаплан арқылы әуеден немесе аэрозолды генераторлармен жерден шашқанда әсерлі заттың біразы нысанаға дәл тимей, буланып ауа толқынымен жоғары көтеріліп кетуі мүмкін. Үшіншіден, ғылымның соңғы жетістіктерге сай пестицидтер егіске немесе шабындыққа жалпылама шашылмай, компъютерлік жүйелер мен жер серіктері арқылы тек нысаналы организмдер кездескенде ғана қолданылады.
Қазақстанға келсек, пестицидтер қолдануға арналған техникалар талапқа сай ма, препараттардың қажет мөлшерін дәл бүрке ала ма? Өкінішке орай, мемлекет тарапынан бұны арнайы тексеріп, қадағалап жатқан ешкім жоқ. Пестицидтер тракторларға тіркелетін бүріккіштермен қатар, арнайы автомайзерлер, тұмандатқыш генераторлар және ұшақтар мен дельтапландар арқылы да шашылады. Республиканың көптеген аймақтарында өнімділігінің жоғарылығына қызығып, аэрозолды генераторлар кең қолданылуда. Олар пестицидті тұмандатып жатқанда желдің бағыты кенет өзгерсе, улы тұман айдалаға, тіптен ауылды мекендерге де ауып кетуі мүмкін. Әрине, су тапшы келетін шөлейт жерлерде шегірткеге қарсы аэрозолды генераторлар мен автомайзерлердің артықшылығында күмән жоқ. Соңғы жылдары ірі астық компаниялары шет елден жоғары өнімді, алым ені 30 метрге жететін өзі жүретін бүріккіш қондырғылар әкелуде. Олардың біреуінің өзі күніне 1000 гектарға жуық егіс көлемін баптай алады. Осы тәріздес техникалар ірі шаруа қожалықтары мен серіктестердің бәрінде болса, пестицидтерді қолданудың тиімділігі артып, қоршаған ортаның ластануы біршама төмендер еді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртүрлі зиянды жәндіктер мен аурулар және арамшөптерден қорғау үшін Ресейде 30 мың тоннаға жуық пестицид қолданылса, біздің елімізде де 10-15 мың тоннаға жуық қажет. Өкінішке орай, республикада оларды шығаратын арнайы өндіріс орындары жеткіліксіз болғандықтан, қазір бұл мұқтажды өтеу үшін біз көбінесе шетел фирмаларына тәуелді болып отырмыз. Соңғы жылдары, Алматы маңында (Қайрат ауылы) “Агрохимия” мен Атбасарда “Астана нан” акционерлік қоғамдары өсімдіктер қорғау мақсатында қолданылатын бірен-саран препараттарды шығара бастады. Көбінесе олар шетелден олардың дайын әсерлі затын әкеліп, сумен немесе органикалық қоспалармен араластырып, ыдыстарға құюмен айналысады. Көршіміз Ресейде өсімдік қорғау құралдарын шығарумен 30-дан астам арнайы фирмалар мен серіктестіктер айналысып, соңғы жылдары олар Қазақстан нарығына да ауыз салып жатыр.
Нағыз отандық пестицидтер шығару үшін Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу институттары бірлесе отырып, іргелі зерттеулер жүргізетін мезгіл жеткен сияқты. Оған үлкен материалдық-техникалық база, көп қаражат, білікті мамандар қажет. Осыған байланысты, 2005 жылы Бүкілресейлік ІІ съезде өсімдіктер қорғау химиялық құралдарын шығаратын ғылыми-зерттеу институтының бас директоры А. Ремизов келтірген деректерге назар аударуды жөн көрдік. Дамыған шет мемлекеттерде 1 жаңа препарат шығару үшін 184 млн. доллар жұмсалады. Ол осы бағытта Ресейде арнайы жұмыс істеп жатқан 3 ғылыми-зерттеу институтына 2005 жылы 56 млн. рубль бөлінгенін, бұл қаржының мардымсыз екеніне тоқталған еді. Қазақстанға келсек 2001-2005 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Химия институтының бір лабораториясына “Өсімдіктердің өсуін реттейтін және зиянкестерден қорғауға арналған химиялық құралдарын шығару” деген тақырыппен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жылына 1, 5-2 млн. теңге ғана қаржы бөлінген. Мұндай болар- болмас қаражатқа не істеуге болады?
Өсімдік қорғау саласы бойынша ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге мемлекет тарапынан орасан зор көмек жасалып отырғанын айтпай кетуге болмайды. Аса қауіпті зиянкестер мен өсімдік аурулары және карантинді арамшөптермен күресу үшін бюджеттен жыл сайын бірнеше миллиард теңге қаржы бөлінеді. Оларға үйірлі шегірткелер, астық дақылдарының 3-4 зиянкестері мен тат және септориоз аурулары, мақтаның көбелегі, сары шырмауық, улы кекіре және т. б. жатады. Мәселен, 2000 жылы тек шегірткені ауыздықтау үшін 20 миллиард теңге, 2002 және 2005 жылы астық дақылдарының тат пен септориоз ауруларының эпифитотия дәрежесіне дейін дамуына байланысты, оларды тежеуге бөлінген қаржы мөлшері 1, 5- 2 млрд. теңгеге жуық болды. Сонымен қатар, астық өндірушілерге тікелей көмек ретінде тұқым дәрілеуге арналған препараттар мен гербицидтердің бағасы 40%-ға арзандатылып отыр.
Өкінішке орай, бұл орасан зор қаржының бәрі бірдей өз мақсатында, тиімді пайдаланылып отыр деп айту қиын. Оның бір себебі өсімдік қорғау саласындағы қызметтің бір жүйеге келмей, орынсыз тарамдалуы. Осының салдарынан негізгі мақсат - қалай да болса мемлекет бөлген қаржыны игеру, ал атқарылған жұмыстың тиімділігі мен түпкі нәтижесіне жете мән беріле бермейді. Мұны республиканың көптеген аймақтарында егіс алқаптарының фитосанитарлық жағдайын қадағалап, аталмыш аурулар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның нәтижелерін өндіріске енгізуге талпынғанда байқап жүрміз.
1. 2 Карантинді арамшөптер және олармен күрес
Арамшөптер - адамдардың қатысуынсыз мәдени дақылдармен бірге өсуге бейімделген ерекше өсімдіктер тобы. Мәдени дақылдарды өсіру үшін адамдар қолданған агротехника жүйесі арамшөптер үшін де қолайлы болды. Арамшөптер топырақтан керекті коректік заттар мен ылғалды бойына сіңіреді, арамшөптер жер өңдеу, егін жинауды ауырлатады, дақылдың өнімі мен сапасын төмендетеді. Олардың ішінде өте зияндылары карантинді шөптер тобы болып саналады.
Өсімдік қорғау және карантин департаментінің мәліметі бойынша, карантинді арамшөптер арамсояудың 19 түрі 180 мың гектар жерге таралған. Сондықтан күрес уақытында барлық жерлерде жүргізіліп, агротехникалық, биологиялық және химиялық әдістерді қолдану арқылы ғана жоспарланған, сапасы жоғары өнім алуға болады
Арамсояу Cuscuta S. P. - бір жылдық паразит шөп, Қазақстанның барлық жерінде таралған. Дүниежүзілік флорада арамсояудың 274 түрі кездеседі. Қазақстанда тіркелген арамсояудың 19 түрі бар. Қазақстанның барлық облыстарында көп тараған түрі - далалық арамсояу. Бұл шөп 200-ден астам ауылшаруашылық дақылдарына зиянын тигізеді. Мысалы, далалық арамсояу басқан қант қызылшасы өнімінің 80%-ы, пияз-сәбіздің - 85%, жоңышқа өнімдерінің 95%-ы жойылады. Арамсояудың тұқымын жоңышқа тұқымынан ажырату қиын, осы себепті тауар өндірушілердің көп өнімдері сатуға жарамсыз болып жатады.
Арамсояу мәдени дақылдардағы зат алмасуды бұзады. Арамсояу түтікше тамырлары арқылы мәдени дақылға жабысып, ондағы органикалық, органикалық емес заттарды сорып алып, дақылды әлсіретеді, дақыл біртіндеп өсуін тоқтатып, қурайды. Арамсояу тұқымнан өседі, тарайды. Бір тұқымнан өскенде тұқымдағы қоректік заттарды пайдаланып 10-13 см. биіктікке көтерілгеннен кейін, тұқымдағы қоректік зат бітеді. Арамсояу топырақпен байланысын жояды, осы кезде оның сабақтары шыркөбелек айналып, қасында басқа шөптер болса, соған жабысып бүршік тамыршықтары арқылы қоректі заттарды сорып алып, өсіп-дами береді. Арамсояудың улылығы гүлдеген, тұқым пайда болған кезде күшейеді. Осы кезде арамсояуда алколоид-кускутин және глюкозид, конвольвулин көптеп жинақталады. Арамсояу араласқан мал азығы шіри бастайды, өзінің бағалы нәрлілігін жоғалтады. Сонымен қатар, жануарларды ауруға шалдықтырады.
Егістікті арамсояудан арылту үшін агротехникалық шаралардың жиынтығын қолдану керек, яғни ауыспалы егісті дұрыс қолдану (дақыл алмасу), жерді уақытында, сапалы өңдеу, тұқым себу мерзімі, дақылды күтіп-баптау, тиімді гербицид беру қажет. Зерттеу көрсеткендей, арамшөптің көбі зябьке жыртылған жерлерде жазғытұрым жерді тырмалағаннан кейін өседі.
Қаскелең тәжірибе шаруашылығындағы қызылша егістігінде арамсояу және басқа арашөптермен күресу үшін гербицидтер қолданылады. Арамсояу жаңа өсе бастаған кезеңдерінде жас сабақтар гербицидтер әсерімен тезірек жойылады, кейін арамсояу гүлдері сарғая бастағанда, гербицидтер әсері аз болады.
Ермен жапырақты ойран шөп - бір үйлі, бір жылдық шөп, күрделі гүлдер тобына жатады. Өсімдіктің сабағы тік, көп тармақты, жапырағы тарамдалған, жапырағының үстіңгі жағы қою жасыл, астыңғы жағы сұрлау. Өсімдіктің биіктігі 2 метр, тамыры 4 метр тереңдікке дейін жетеді. Құрғақшылық жылдары зияндылығы өте зор. Өсімдік тұқым арқылы таралады, жылу сүйгіш, 8-10 градус жылылықта 5 см. тереңдіктен сәуірдің аяғы, мамырдың басында жер бетіне шыға бастайды. Шөп шілде-тамыз айларында гүлдейді, дәні қыркүйек-қазан айларында толық піседі. Өсімдікті орып алғаннан кейін де шөп өсе береді де ауылшаруашылық дақылдарының өнімін 40-60%-ға дейін төмендетеді. Отаны Солтүстік Америка. Осы жерден Азияға, Еуропаға таралған. Қазақстанда Алматы облысында, Алматы қаласында және басқа аудандарда 6100 гектар жерде өседі.
Өсімдік гүлдеген кезде олардың миллиардтаған тозаң тәрізді ұсақ тұқымдары, ауа, жел арқылы көпшілік жерге тарайды, адамдардың денсаулығына зор зиян келтіретін, аллергия ауруы - полинозға ұшыратады. Ауру түрлері: ринит, конъюктивит, бронхы астмасы, бас ауруы.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz