Дүние деген сары алтын


Мазмұны
Кіріспе . . . 3
І тарау ХІХ ғасыр ақындары және философиялық сарын . . . 5
ІІ тарау Майлықожа Сұлтанқожаұлы - ғибраты мол, тағылымды сөз иесі
2. 1. Ақын өмірі және зерттелу деңгейі . . . 21
2. 2. Әдеби мұрасының тақырыптық-идеялық мазмұны . . . 27
ІІІ. Қорытынды . . . 34
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 35
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі: Қазақ әдебиетінің бұрынғы-соңғы байлығын меңгеру жолында барған сайын көбірек, күрделірек ізденістер байқалып келеді. Соңғы жылдарда есімі мен еңбегі бұрын көпшілік оқушыға аса мәлім болмаған бірсыпыра ақындар туралы айтылып, жазыла бастады.
Әдеби мұрасы әлі де терең талдау мен зерделеуді қажет ететін ХІХ ғасыр сөз өнерінің өкілі - Майлықожа Сұлтанқожаұлы.
Майлықожа - өзі өмір сүрген дәуірдің ең маңызды деген мәселелерін қоғамдық - әлеуметтік тұрғыдан терең пайымдап, оны өз жыр-толғауларына өзек ете білген ақын. Ал ақынның шығармашылығындағы тақырыптық ерекшелік, негізгі көтерілген мәселелер, философиялық ой-толғамдары жан-жақты қарастырып, зерттеуге аса зәру.
Курстық жұмыстың мақсат-міндеттері: Зерттеу жұмысының басты мақсаты Майлықожа ақынның шығармашылық мұрасының көркемдік қуатын, негізгі сарындары мен эстетикалық қуатын зерделеу. Осы мақсатқа жету үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:
- ақын өмірі туралы деректерді пайымдау;
- Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылығының зерттелу деңгейін
анықтау;
- суреткер шығармаларының тақырыптық-идеялық бағытын, мазмұндық
ерекшелігін тану;
- ХІХ ғасыр қазақ ақындары туындыларындағы философиялық сарындарды
тану;
- Майлы ақын мұрасындағы адамгершілік, адам өмірі, дүние сыры туралы
философиялық толғанысты талдау;
- ақын әдеби мұрасының әдебиетіміздің даму деңгейіне қосқан үлесін
зерделеу
Курстық жұмыстың құрылымы: Курстық жұмысы кіріспеден, екі тарау мен қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
Майлы Сұлтанқожаұлы көпшілік қауымға кешеуілдеп танылған, зерттеу нысаны ретінде кешірек қарастырылған ақындарымыздың бірі. Өлеңдері 1883 жылдардың өзінде-ақ орыс оқығандарының назарын аударған Майлы туындыларының аса бағалы сипаттары сөз түсінер қауымға әрқашан қымбат болғанмен, саяси түсініктер әсерінен дер кезінде насихатталып, әдебиет сүйер қауымның рухани азығына айнала алмады.
Оның творчествосы өз заманындағы қазақ қоғамының әлеуметтік өмірінің түрлі қырлары мен құбылыстарынан елес береді. Қоғамдық болмыс көріністері шеберлікпен бейнеленген шығармаларында Майлықожаның ақындық дарынымен бірге, өмірге деген көзқарасы, дүниетанымындағы терең ойшылдық айқын көрінеді. Ол өмір сүрген дәуірде қазақ қоғамында ірі-ірі саяси, экономикалық, мәдени өзгерістер, бетбұрыстар мол болатын, міне осыларды сипаттауда да ақын заманының көкейтесті мәселелерін халық мүддесі тұрғысынан бейнелеген өзімен тұстас, замандас ілгерішіл ақындар шыққан биікке көтеріле алды.
Өмір құбылысынын диалектикасын, қатпарлары мен астарларын, күнгейі мен теріскейін, пәниі мен бақиын философша толғаған тұстарда да ақын биік білік танытады, әрі сәнді, әрі нәрлі сыр шертеді.
Қазақстанның оңтүстік жартысын (Аралдан Аягөзге дейін) алып жатқан ұлан-байтақ өлкеде Майлы сөздерін білмейтін жер некен-саяқ шығар. Ақын өлеңдерінің жоғалмай, ауызша да, жазба түрінде де мол сақталып келуі олардың өміршеңдігін дәлелдесе керек.
І тарау. ХІХ ғасыр ақындары және философиялық сарын
ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы - өзіне дейінгі әдеби кезең дәстүрін жалғастыра отырып, көркемдік сапасы жағынан көш ілгері дамыған, тақырыптық жағынан да, идеялық құндылығы тұрғысынан да соны ізденістер мен тың ой-пікірге толы кезең.
Адамды қызықтырған «қызыл түлкі» дүние сыры, мәңгілік құпия болып, адамзатты ойландырып, ақындарды толғандырып, талай суреткердің туындыларына арқау болып келе жатқан, қай кезеңнің әдебиетінде болсын мәнін жоймаған адам ғұмыры туралы философиялық сарын ХІХ ғасырда ерекше орын алып, поэзияға айырықша сипат, сыршылдық пен терең ойшылдық дарытты.
Адам өмірі, дүние құпиясы мен өлім сыры - мәңгілік өзектілігін жоймайтын тақырып. Себебі, бұл - адамзаттың ақыл-ой тарихында тым әріден бермен қарай, тіпті адамның өзімен бірге жасасып келе жатқан, талай дарындар мен даналарды толғантқан тақырып. Олардың бәрі де жалпы бір арнада ой толғай отырып, әрқайсысы өзінің өмір тәжірибесіне, одан түйген тұжырымына қарай бұл тақырыпқа өзінше үлес қосып, жырлап отырған.
ХІХ ғасыр ақындарының ішінде дәл осы тақырыпты көтермегені кемде кем. Кез келген суреткердің шығармашылық мұрасында бұл мәселе жырланып, әрқайсысы өзінше ой қорытады. «Сұм дүние», «шолақ дүние», «жалған дүние», «сағым дүние», «боқ дүние», «бес күндік дүние», «көлеңкелі бұлттай көшпелі дүние», «қызықтырған түлкідей», «көне сарай дүние» т. б. сияқты айқындаулар мен теңеулер арқылы ақындар дүниенің өтпелілігі мен құбылмалығын сипаттап, мәнін түсіндіруге тырысқан.
Философиялық сарын өз кезеңіндегі басқа да ақындар сияқты Сүйінбайға да тән. ХІХ ғасыр поэзиясындағы жиі көтерілген мәселенің бірі - ғұмыр диалектикасы болса, бұл турасындағы ақынның көрнекті туындысының бірі - «Ақын боп жиырмамда» атты өлеңі. Адам өмірін кезең-кезеңге бөліп, әр он жылдықтың өзіндік ерекшелігін суреттеген ақын былай деп жырлайды:
Ақын боп жиырмамда желдей болдым,
Отызда асқар биік белдей болдым.
Отыз асып қырыққа келгеннен соң,
Қаптаған жердің жүзін селдей болдым.
Қырық асып елуге келгеннен соң,
Түбім терең құрақты,
Сұқсыр үйрек жатқан көлдей болдым.
«Ойшыл ақын жиырма мен елу жастың арасын адам ғұмырының ең жемісті кезі деп лайықты бағалайды. Сөйтіп жас шақтағы табандылық пен алғырлықтың адам өміріндегі алар орнын жоғары қойды. Ал адамның қартайып, ұлғайған шағын зерделі, сыншы ақын нақты өмір фактілеріне сүйене отырып, қызық баяндайды». [32, 325] Кәрілікті жаңа формада қарастырып, тың жолменен сипаттайды. Оған жан бітіре отырып, айтқанынан қайтпайтын, қатыгез, мейірімсіз адам кейпінде суреттейді. Суреткерлік шеберлікпен қарттықтан қанша қашсаңда құтқармайтындығы жайлы астарлы ой түйген.
Өлеңге жүгінейік:
Әуелі кәрілік келіп түсімді алды,
Онан соң аузымдағы тісімді алды.
Өрге шықсам, беліме өрбіп шығып,
Төмен түссем, тіземнен күшімді алды.
Таң атқанша тысқа айдап түні бойы,
Қуалап қайта-қайта қысымға алды . . .
Ойға-қырға қашсам да бой бермейді,
Қасымда жолдас болып жүріп алды.
Кәрілік өлеңде кәдімгі адамша сөйлейді, адамға ақыл айтады, қанша көнгісі келмесе де бәрібір өз дегенін істейді. Өмірдің бұлжымас заңын ақын әсерлі, ; жан бере отырып, кейіптей суреттейді.
«Сүйінбай сенің жолың бұл емес»,
Жолына кәріліктің бұрып алды.
«Құдай қосқан жарыңнан бөлек жат»,
Қойныма көрпемді ашып, кіріп алды, - деп қарттық кезеңнің психологиялық ерекшелігін, сол жасқа тән тіршілік сипатын юмор дарыта отырып бейнелейді.
Сүйінбайға дейін қазақ ақындарының ішінде кәрілік туралы жырламағаны кемде-кем. Басы Бұқар жырау болып, қарттық жөнінде ұзақ-ұзақ толғанып, өздерінің пікірлері мен ой-қорытындыларын ұсынған. Бірақ, олардың басым көпшілігіне тән сарын, ортақ ұқсастық - өлеңдері ақыл-өсиет түріндегі дидактикалық сарында болуы. Ал Сүйінбай ақын болса осы бір дәстүрді өзгертіп, ешкімнің ойына келмеген жаңа негізде кейіптеу әдісімен жырлаған. Жас кезеңді жанды кейіпте суреттеудің әсем үлгісін жасады.
Қарттықты ол екі түрлі сипатта қабылдайды: біреуі - ерте қартаюға бейімдік, өмірдегі тартыстан, қоғамдық істен шеттеу, әлсіздік пен жасқаншақтық, екіншісі - ақыл қорытып, данышпандыққа беттеген, елдің тағдырына жанашырлықпен қараған, сол жолда күреске белсене араласқан қарттық. «Суреткер түсінігіндегі қарттықтың біріншісі өмірде армансыз, ешбір мақсатсыз ғұмыр кешіп, физиологиялық емес, жан-дүниенің ерте солуы сияқты. Ақын соңғы қарттықты қостап, қуаттайды. Ақын шығармасының негізгі идеялық түйіні - адам ғұмыры түгелдей ел игілігіне жаратылуы керек деген азаматтық тұжырымға келу». [36, 265]
Сүйінбай ақын ғұмыр, тіршілік, күн-ай-жылмен өлшенеді, біздің дегенімізбен емес, тәуелсіз әрекет етуші табиғат заңының ісі деген материалистік тұжырымға келеді. Өмірдің бір орнында тұрмайтындығы, кезі келгенде әр нәрсенің тозатындығына, адамның да өлшеулі өмірі барлығына, ал өшкен тіршіліктің орнына жаңа мазмұндағы тіршілік келетінін өз туындыларында өте шеберлікпен жырлайды.
Осы тәрізді, адам өмірінің қызығы азайып, өмір базарынан қайтар уақыты қарттық жайлы Ақан серінің «Кәрілік» атты өлеңінде де өте көркемдікпен айтылған. Көлемі қысқа бұл өлеңнің көркемдік сапасы өте жоғары, берер тағылымы ерекше. Ақын талғап алынған теңеу, метафоралық тізбекпен кәрілікке дәл сипаттаманы былайша береді:
Дүниенің мысалы,
Бұтаққа қонған сауысқан.
Ұшып жүріп шықылықтап,
Өлексе жеп тауысқан.
Келеріңде сұлусың,
Ғашықтай боп қосылған.
Кетеріңде қызыл түлкісің
Шошыған қатты дауыстан.
Ақан серінің адам өмірі мәселесіне арнаған өлеңі бұл ғана емес. Ақынның «Жастық шақтар» деп аталатын туындысы да адам тағдыры мен жас кезеңдері туралы толғанысқа арналған. Адамның ең қызықты шақтары деп ақын бұл өлеңінде туғаннан жиырма тоғыз жасқа дейінгі кезін сипаттайды:
Туған соң анаңыздан шықсаң бірге,
Еңбектеп екі жаста жүрдің төрде.
Үш жаста талпындыңыз үй ішінде,
Төрт жаста қадам басып жүрдің жерде, - деп басталатын өлең жолдары әрі қарай адамның жиырма тоғызға дейінгі әрбір жасты суреттеуге, олардың әрқайсысына тән ерекшеліктерді санамалауға құрылған. Ақын ойынша жиырма жастан кейінгі адам өмірі - өз мәнін жоғалтып, өмір «күзінің» жақындайтын уақыты. Ақынға тән тағы бір ерекшелік жиырма бір - жиырма екі жаста адам өзінің жетер биігіне жетеді, немесе өмірден алар бағасын алады деген ойы:
Он тоғыз, жиырмаға бастың қадам,
Күн шалар көкорай басын күзге таман.
Жиырма бір - жиырма екі қалса кейін,
Ілгері сол бағаңнан ұшпас бағың.
Ақынның бұл пікірі өз өмірінің ерекшелігімен, яғни өнер адамының тіршілігімен байланысты туындаған сияқты. Адам өмірінің жастық шағы болмағанмен кәріліктен алыс деп саналатын отыз жастың өзін ақын былайша суреттеген:
Жиырма тоғыз, отыз о да жаман,
Келмейді қайта айналып өткен заман.
Қызықты жас күндерді айтып өттім,
Аяғы осыменен болсын тамам
Ақан сері сияқты адам ғұмырын әрбір жасқа тоқтала отырып суреттеу Мәделі Жүсіпқожаұлының шығармашылығында кездеседі. Оның «Басында қатыра судан болдық пайда» деп аталатын өлеңінде адам ғұмырының туғаннан жүз жасқа дейінгі кезеңіне сипаттама берілген. Ақын суреттеуінде өзіндік ерекшелік те жоқ емес. Бір жастан бастап жиырма алты жасқа дейінгі уақыттың әрбір бір жылына тоқталған ақын одан әрі әрбір бес жас кезеңді бір алып жырлайды. Адам өмірінің әрбір сәтінің өзінше маңыздылығы, әр жастың өзіне тән сипаты мен көрінісі, жастық дәуреннің баста мәңгілік емес екендігі өте шебер, ақындық кестелі, мағыналы сөздермен сипатталады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ақын туындысынан үзінді келтіре кетейік:
Басында қатыра судан болдық пайда,
Неше күн шайқатылып жүрдік бойда.
Сол судан қан-сөл ғайып пайда болып,
Сүйек пен етке шаптық үш-төрт айда
Тарықпай тар құрсақтан тауып қорек,
Тоғыз ай, он күн жаттық осы жайда
Құдіреттің күшімен шарқи пәләк,
Келіппіз дүние дегшен кең сарайға, - деп келіп ақын бұдан әрі әрбір жасқа тоқталады. Мәделі өлеңінде байқалатын бір ерекшелік: адамның өмірге келу заңдылығына тереңірек, адам жаратылысын тану тұрғысында тоқталуы. Сонымен қатар әр жасқа сипаттама бере отырып, тәрбиелік ақыл-өсиет айту сарыны да ақында ерекше сезіледі. «Өзіңді мәпелеп өсірген ата-анаға қамқорлық жасау адамдық парызың» деген ой-түйін ақын өлеңінде жиі берілген:
Дүние бұл бір керуен сарай екен,
Не жетсін шамаң келсе сыйласуға.
Кезекпен келтіріпті күн көрсін деп,
Ұқсатып адамзаттың тұлғасына.
Қарызын ата-ананың өтеу парыз,
Адам боп жаралған соң ту басында
Адам тағдыры туралы кестелі сөзін ақын былайша қорытады:
Жүз жас та өте шығар бір күндей-ақ,
Тізгінін тежесең де іркілмей-ақ.
Ойласаң опырмалы өмір деген,
Сәуірдің көшкен қара бұлтындай-ақ.
Санаулы уақыт, күнің таусылған соң,
Боларсың елдің көшкен жұртындай-ақ
Мәделі Жүсіпқожаұлының өмір сыры, нақты алатын болсақ қыз ғұмыры туралы шығармасы - «Қыз бала бір жасыңда талпынарсың» өлеңі. Бұл шығармада «қызғалдақ ғұмыр» деп саналатын қыз баланың өмір есігін ашқаннан бастап тұрмыс құрып, ана боп тал бесік тербететін кезіне дейінгі тіршілігінің қыр-сыры бейнеленген. Балалық шақтың бал қызығы, ересек кездің өзіндік ерекшелігі, өмірдің бұлжымас заңы туралы ақын әсерлі, қызықты етіп суреттеген.
Қыз болып он төртіңде топқа кірдің,
Қызықты он бесіңде жақтап жүрдің.
Он бестен он алтыға шыққаннан соң
Қырғидай қыран шәулі топтан ілдің.
. . . Қыз болып он тоғызда баяуларсың,
Той қылып ұзатуға таяуларсың,
Болып ап жиырмада бөбекті ана,
Тербетіп талдан бесік таянарсың
ХІХ ғасыр ақындарының басым көпшілігі адам өмірі туралы жалпылама суреттеген болса, нақты әйел адам өмірінің қыр-сыры жөнінде жырлауы ақынның ерекшелігі деуге болады.
Асылында, Сүйінбай ақынның философиялық өлеңдері әрқашан гуманистік оймен астасып жатады. Ол ылғи адам тағдыры, заман жайлы терең толғанып, өзінің ерекше пайымдауларын ұсынып отырады. «Дүние ойлап тұрсам баяны жоқ» деп аталатын өлеңінде адам өзінің өлшеулі өмірін ізгілік пен жақсылық жолына сарп етіп, жаман қасиеттен бойын аулақ салса ғана оның әр күнінің мәнді де сәнді болатындығы туралы мағыналы ой түйген ақын:
Ажалдан құтылмайсың қашқанменен,
Кетпейсің бір тосусыз тасқанменен.
Өлшеусіз жерден ұзап кете алмайсың,
Аспанға қанат байлап ұшқанменен.
Еңкейіп басың жерге бір тиеді,
Қаншама талассаң да аспанменен, - дей отырып, «Көп асқанға бір тосқан» деген халық нақылына орай адамгершіліктің ең бастысы кішіпейілділік, ізеттілік деп таниды. Өзінің адамгершілік қасиеттерімен елге үлгі бола білген ақынның өмір жайлы түйер түйінінің бастысы - адамдардың асып-тасудан аулақ болып, бір біріне қамқорлық жасауы. Көрген түстей өте шығатын қысқа ғұмырда адамгершілік пен арлылықтың, кішіпейілдік пен адалдықтың орнының ерекше екендігі оның толғауларындағы басты сарын десек болады.
Дулат Бабатайұлы адам өмірінің бел-белестерін жас мөлшерімен сәйкестендіріп сипаттайды. Ол әр кезеңге ұзын сонар шолу жасамайды. Өзінің өткен, тұрған, енді баратын асуларына ақын боп тіл қатады. Мұнда ол абстрактылы ұғымды жанды зат кейпінде алып сырласады. Әр жастың өзіне ғана тән қайталанбас даралығын екі жолмен түйіндеп отырады:
Он бес деген жас қайда
Жарға ойнаған лақтай?
Қайда кеттің, жиырма жас,
Тастан шыққан бұлақтай?
Жиырма бес бар ма маңайда
Жайқалған жасыл құрақтай?
Отыз, кеттің алыстап,
Толықсыған сынаптай.
Отыз бес, неге келмейсің
Көп іздетіп жылатпай?
Мұндағы жас кезеңдері оқушының көз алдында жанды сурет туғызып, сезімге бөлейді. «Оқушы автормен бірге көз ұшында мұнартып қалып бара жатқан жастық бейнесін енді қайтып келмесі анық, іште мұңды сағыныш сезім оятқан қимас бейне түрінде елестетіп, еріксіз мұңға батады. Ал, ұлғайған сайын салтанатты, сәні ортайып бара жатқандай қазіргі жас бұдан кейінгі келер асулардың, көріксіздеу өмір баспалдақтарының бір белесі іспетті. Мәселен, елу “құлақтан ұстап тізгіндесе”, алпыс - “нөсер жауған ылаттай” салқын. Алыстан қарасы көрінген жетпіс тіпті ұнамсыз. Одан әрі қарай сексеннің, тоқсанның, жүздің кейпі бірте - бірте сұстана, суықтана береді». [15, 34]
Өз кезеңіндегі өзге де ақындар сияқты өмір жайлы философиялық ой түйіп, адам ғұмырына өлең арнаған ХІХ ғасыр ақындарының бірі - Шернияз Жарылғасұлы. Ақын «Сөз сөйлеймін бөлмелеп», «Тостағанды қолға алып» деп аталатын терме, толғауларында осы тақырыпты көтерген. Бұл тұрғыда ақынның Базар жыраумен үндесіп келер тұстары көп деуге болады. Яғни екі ақынның дүниенің ешбір жанның басында тұрақтамайтындығы, батыр да, сұлу да, шешен де, бай да өмірде мәңгілік емес деуде ой-пікірлері жақын. Бұл ой ақын шығармасында былайша берілген:
Батпансыған бай да өлер,
Зулап өтер басыңнан
Баяны жоқ дүниелер.
Болжалды күн болған соң,
Дүниеден кім қалған?
Батыр өткен шабынған,
Жүйрік өткен шабылған,
Кербез өткен тағынған . . .
Ал, Шернияздың «Тостағанды қолға алып» деген туындысында жиырма бес пен тоқсан бес жастың әрқайсысын суреттеп, әр жастағы адам әрекеті мен сол жастың өзіне тән ерекшелігін беру орын алған. Ер азаматтың өмір кезеңдерін ақын өмір тәжірибесі, өз ой-түйіндері арқылы суреттеген. Тағы да ақын өлеңіне жүгінейік:
Тостағанды қолға алып,
Айқай салған жиырма бес,
Шаншатұғын найзадай
Қылтың етке жиырма бес, - дей келе кәрілік кезеңді:
Сексен бестен өткен соң,
Тоқсан беске кеткен соң,
Шөңге болар түсіңіз
Жылап тұрар ішіңіз
Бойдан кетер күшіңіз.
Сол мезгілде болғай-ау
Сыйлайтұғын кісіңіз, - деп сипаттайды.
«Дүние», «Өмір» деген терең философиялық ұғымды Мұрат ақын былай жеткізеді:
Дүние деген бәйтерек,
Біз-бозторғай асылған
Дүние деген-ұшқан құс
Басыңнан шарлап өткен.
Құлыншақ Кемеұлы:
Дүние-ол бір көлдің қасқалдағы
Жұлдыздай сәуле берген аспандағы, - деп сипаттайды.
Ақындар адам өмірін бәйтерекке, аспандағы жұлдызға, ұшар құсқа теңеп, дүниеге сан алуан сұлу теңеулер де таба білген.
Өмір, дүние дегенің,
Ағып жаткан су екен.
Жақсы-жаман дегенің,
Ойлай білген у екен-
деп, Абай атамыз да ғұмыр сырын, оның өткіншілігімен тұрақсыздығын өте терең түсініп, өмір шіркінді ағынды суға теңеп, үлкен көрегендікті білдірген. «Қамшының сабындай ғана» ғұмырымыздың асылдығын, қымбаттығын түсіне білмейтін, өмір құндылығының нақты аңғармай жүрген жандардың мінез құлықтарын сынға алған. Өлімнің түбінде бір соқпай өтпейтін біле тұра, дүниеқоңыздықты өмірлік мақсат ретінде алып, келеңсіз іс әрекеттерге баратын жандарды сынап, ақындар осы кемшілікке жіті көңіл болген.
ХІХ ғасыр әдебиетінде терең пәлсапалық ойларымен, шығармаларының мәнділігімен ерекшеленетін, әсіресе, адам өмірі, дүние сыры туралы өзіндік өлең өрнегін жасаған ақын - Базар Оңдасұлы.
Оның көптеген шығармалары, атап айтар болсақ «Жиырма бес», «Жігіттік», «Әлеуметтер, құлақ сал», «Әр кемелге, бір зауал», «Ойналық та, күлелік», «Тіршіліктің түрлері» т. б. көптеген өлеңдері адам өмірі туралы терең философиялық ой түюге арналған. Әрқайсысында өмір мен өлім жайлы сан алуан ақындық пікір білдіріп, адам тағдырын сан қилы суреттермен бергенімен ақынның негізгі тұжырымы: «сұм», «шолақ» өмірдің «бастан желдей заулап», «мұнарланған сағымдай», «бәйге атының шаңындай» өте шығатындығы. Базар жырау туындылары тереңнен толғап, дүние баянсыздығы жайлы әр өлеңінде әртүрлі сипаттама беруге, әсіресе, дүниедегі барлық тіршілік иесін, адаммен салғастыра отырып, бәрінің мәңгілік емес екендігі арқылы түсіндіруге көбірек мән береді. Мысалы, «Әр кемелге, бір зауал» атты толғауында «Арқаның сары белінде ешкімге ұстатпас жүйрік құлан да, мұзды балақ, қанды көз қыран да, жарауы жеткен, бәйге бермес тұлпар да, қайратты ер жігіт те еш таусылмастай көрінген байлық та мәңгілік емес, бүгін бар да ертең жоқ» деген терең философиялық ой түйеді. Ал, ақынның «Әлеуметтер, құлақ сал» деген өмірінің соңғы кезеңінде айтылған жырында әртүрлі адамдарға қатысты дәл осындай пікір айтылады. Хан да, әулие де, бай да, би де, батыр да, тіпті «сайраған шайыр» да ажалсыз емес. Бәрінің де өлшеулі күні бар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz