Қазіргі қазақ поэзиясының даму барысы



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 26 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ

Кіріспе.
1 ТАРАУ. Қазіргі қазақ поэзиясының даму барысы.
2 ТАРАУ. Маралтай Райымбекұлының поэзиясының көркемдік ерекшелігі
Қорытынды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе
Курстық жұмыстың өзектілігі. Ақын әлемі, оның құдіреті мен құпиясы
жөнінде бұдан бұрында өлең дер өнер мұратын зерделеуді мақсат тұтқан зиялы
қауым өкілдері айтып келе жатқаны айқын.
Поэзияға келу бар да, оның көркемдік әлемінен ойып тұрып орын алу бар.
Мұның біріншісі – көптеген қаламгердің еншісі болғанымен, екіншісі – сирек
әрі шынайы таланттардың ғана несібесіне бұйырған бақ, ақындық тағдырына
жазылған айнымас асыл сый.
Қазіргі қазақ поэзияның кеңістігіне яғни ширек ғасыр мерзім ішінде
көтерілген Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сағи
Жиенбаев, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтхожина, Ақұштап Бақтыгереева,
Мұхтар Шаханов, Сәкен Иманасов, Дүйсенбек Қанатбаев, Темірхан Медетбек,
Нұрлан Оразалин, Жарасқан Әбдіраш, Жұматай Жақыпбаев, Исраил Сапарбай,
Иранбек Оразбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Жәркен Бөдеш, Серік Тұрғынбеков,
Серік Ақсұңқарұлы, Ұлықбек Есдәулет, Аманхан Әлімов, Ғалым Жайлыбай секілді
ақындар шоғыры көптің көңілінен шығып, оқырманға рухани нәр сыйлады.
Аталған ақындар шоғырының бел ортасында өлеңді өнер, өмір мұраты, жан-жүрек
сәулесі санағандардың бірі – Маралтай Райымбекұлының да есімі бар.
Ақындар туралы жазушы Ә.Кекілбаев былай деп жазды: Ақын деген бақытты
халық, жамандықты білмейтін, тек жақсылықтан ғана тұратын жарастықты әлем
жаратуға тырысады. Өлеңінде тірілген сондай ізгілік әлеміне өзі ғана ілігіп
қоймай, өзгелерді де еліктіреді. Өлеңіндегі өмірдегідей әділетті,
пәктілікті, адалдықты, рахымдылық пен мейірбандықты аңсатады. Оны аңсайтын
адам өзі зұлым, нәмәрт, пасық, бола алмайды. Сөйтіп, табиғат жаратқан,
әлеумет жаратқан әлемге шын ақын, шын өлең мысқылдап болса да, жақсылық
дарытып, жайдарландыра түседі.
Маралтай –сондай ақын. Маралтайдың қаламынан тек сондай ғана өлең туады.
Оның өзінің де өңінде ылғи күлкі, көзінде нұр тұратыны сияқты, өлеңі де
ылғи шуақты, мейірбан, биязы. Маралтайдың қалам қуатынан, қолтаңба
мәнерінен адалдық пен ақиқат жайттар, көркемдік пен тереңдік, игілік пен
ізгілік сынды ерен ерекшеліктер терең танылады.
Курстық жұмыстың мақсаты. Курстық жұмыстың мақсаты алдыңғы зерттеулерге
сүйене отырып, қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Маралтай Райымбекұлының
ақындық әлемін лирикалық өлеңдері арқылы қарастыру болып табылады. Сол
арқылы танымал тұлғаның әдеби процестегі орын-үлесін, ізденіс арналарын,
көркемдік мұраттарын, қаламгерлік нысанасын зерделеу. Ақын әлеміне ену,
ізденіс арналарына назар аудару, тақырыпты меңгеру, образды ашу, көркемдік
амал-тәсілдерді қолдану мүмкіндіктеріне мән беру.
Зерттеу нысаны ретінде М.Райымбекұлының лирикасы, әр жылдары жарық
көрген жыр жинақтары мен ол туралы жазылған әдеби-сын еңбектері негіз
етілді. Атап айтсақ, ақын лирикасын зерделеуде Ж.Ерманның, Р.Тұрысбек,
С.Жұмабек, С.Ақсұңқарұлының зерттеулері мен пікірлері назарға алынды.
Сонымен қатар, ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті ұжымдық еңбегі, Қазақ
әдебиетінің тарихы еңбектері пайдаланылды.
Курстық жұмыс екі тарау бойынша жүйеленді.

1 ТАРАУ. Қазіргі қазақ поэзиясының даму барысы
Поэзия – қасиетті де киелі сөз. Поэзияны үлкен құлып десек, оны
ашатын алтын кілт – ақын жүрегі. Ақын халықтың сүйікті де ардақты
азаматтарының қатарында тұрады. Халық қалаулысы болу ақынның тілге шешен
болуы ғана емес, сонымен бірге халық тұрмысының шындығын суреттеуі, оның
қуанышына бірге қуанып, қайғысына бірге қайғыруы.
Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский поэзияға мынадай анықтама береді:
Поэзия – сәбидің күнәсіз ажары, жарқын жанары, күміс күлкісі, жанды
қуанышы. Поэзия – көрікті қыздың жүзіндей ұялшақ, албырт қызғылт, теңіздей,
көгілдір аспандай тұңғиық көзінің ынтықтық сәулесі. Әйтпесе оның қара
көзіндегі өткір от, мәрмәр иығына төгілген бұйра шашының толқыны, торғын
кеудесінің демігіп тыныстауы, күміс үнінің гармониясы, сиқырлы сөзінің
музыкасы, тал бойы, сұңғақ сымбатының мінсіз мүшелері, сұлу қозғалыстарының
ғажайып сиқыры. Поэзия – қайраты қайнардай балғын жігіттің отты көзі, өрен
ерлігі, тентек тегеуріні, аспан мен жерді жалынды құшағына сыйдырмақ болған
тойымсыз талабы... Поэзия – ұйығандай, құйылғандай орныққан, өз еркін әбден
билеген, өмір үшін жетіккен, тәжірибемен шыныққан, рухани күші теңескен
көңіл көзі көреген, ойға батыл, майданға батыр ер қуаты. Бүкіл әлем, гүл.
Бояулар, дыбыстар, бар жаратылыс, барлық өмір – поэзия дүниесі, осы
құбылыстардағы құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар –
поэзияның тетігі мен жаны. Поэзия - әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы,
сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні.
Поэзия Фариза ақынша айтқанда:
Поэзия - әйелдей жұмбақ әлем,
Сиқыр сырын түсінер тұлға да кем
Жаны – тұнған тұңғиық тереңдікте
Қимылы – ырғақ, әуен
Поэзия – арудай
Құпиясын
Ұқтырар жылдап әрең...
Шетсіз де шексіз кең далада тыңдаушысы ашық аспан, толағай таулар мен
жазира жайлау болған қазақ халқы әу бастан өлең мен жырды еншілеп өскен
небір төкпе, суырып салма сұңғыла ақындар өз елін өнер құдіретімен тамсанта
білген. Бауыры жазыла түскен бәйге атындай арқалы ақындар алқалы топта жыр
төккенде, бойында қаны қызып, бала қырандай шаңқ етіп, сілкінбей қалған
дала перзенті болмаған. Сол ақын халық, батыр халық елдің дәстүрінен нәр
алып, оны қастерлеп, уақыт елегімен елеп-екшеп, барған сайын жаңарта,
құлпырта беру болашақтың міндеті
Қазіргі қазақ поэзиясы ақынға да, өзіне лайықты бояуға да кенде емес.
Бүгінгі қазақ өлеңдеріндегі ең қымбат, ең қызықты проблемалардың қатарында
өзекті екі желіні атап едік. Олар – поэзиямыздағы халықтық рух пен
азаматтық әуен, дауыс
Азаматтық үн, жалпы, қай дәуір ақындарын оқысақ та, негізінен өлеңіне
өміршең қуат, сөнбес от беріп тұратын тағы да осы азаматтық әуен, ақынның
дүниетанымдық позициясы. Оларды ғасырлар қойнауларынан тыбыстырып,
жалғастырып жататын дәстүр өзектері де сол төңіректен туындайды.
Азаматтық лирикаға ғалым З.Ахметов былайша анықтама береді: Азаматтық
лирика – лирикалық поэзияның әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір
саласы. Өмір жөнінде, халықтың тағдыры туралы ой-толғамдар ақынның өз көңіл-
күйімен терең ұштасып, өзінің өмірге қатынасын суреттеу арқылы көрінеді.
Адамның белгілі бір дәуірге байланысты ой-арманын, мақсатын жырлайды, жалпы
әлеуметтік мәселелерді толғайды. Сондықтан азаматтық лириканы кейде саяси-
әлеуметтік лирикаға қосады. Әлеуметтік тақырып, саяси сарындар, әрине
лириканың барлық түрінде кезедеседі. Халық қамын, оның қоғамдық халін
шығармасына арқау еткен әрбір ақын лирикасында азаматтық сарын басым
болмақ. Тақырыпты көтеру арқылы ақын заман сырын ашады. Әсіресе оның
қайшылықтары мен кемшіліктерін көрсетеді, алға, болашаққа жол сілтегендей
ой қозғайды.
Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан дүниесін, толғанысын,
тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап
береді Ақынның көңіл-күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-
жағдайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен
сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да лирикада сол кезеңнің
шындығы мен сыры жатады
В.Г.Белинскийдің сөзімен айтсақ: Ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке мені
туралы айтса, жалпы жұрт туралы, бүкіл адам баласы туралы айтқаны; өйткені
оның тұлғасында жалпы адам баласына тән күллі қасиеттердің бәрі бар.
Поэзиядағы азаматтық үн әрқашан оның өнерлік күшін де, қоғамдық
қызметін де айқындайтыны  белгілі. Бүгін азаматтық дегеннің де мазмұны
өзгерді. Бір кезде ұран үлгісінде жазылған өлеңдерді, риторика мен жалаң
социологиялық үгітке толы жырларды ғана азаматтықтың үлгісі есебінде
қараған кездеріміз де болған. Бүгін соның бәріне қарсы күресе отырып,
қоғамдық құбылысқа, адамның жан дүниесіне тән сипаттарға терең талдау бере
білетін жырлардың бәрінен де азаматтық үн табамыз. Шын ақын өз дәуірінің,
өз замандасының сырына үңілмей тұра алмайды. Содан тапқаны мен көргенін
айтады, сол негізде халық өмірі, оны толғантқан мәселелер жайлы ойланады,
соның бәрін оқушысымен бөліседі. Поэзия - өзіңді, өз құпияңды ашу, жария
ету, Абай тілмен айтқанда, сырыңды жұртқа жаю. Поэзиядағы азаматтық әуен
де сондықтан ақынның азаматтық кейпінен тұрады. Өз заманының алдыңғы
қатарлы идеясымен қаруланған, әрқашан жаңалық пен жақсылықтың жаршысы, биік
мұраты бар ақын - өз елінің азаматы да. Ендеше, оның бойындағы ақындық
пафос пен рух та, оның адамзатпен, уақытпен сырласуы да, өзімен-өзі
кеңесетін шақтары да қоғам, ел мүддесімен, адамзаттың көкейкесті арманымен
ұштасып жатады,- дейді С.Қирабаев.
Азаматтық – идеялық-эстетикалық категория. Ол ақынның творчестволық
позициясын, дүниетанымын белгілейді, сөйте тұра, өлең сөзге өлмес өмір
сыйлайды.
Ақын мен уақыт – егіз. Ақынды уақыт туғызады, ал ақын өз творчествосында
сол уақыттың жанды бейнесін жасайды, заман шындығын, өмір сырын уақыт
тезімен өлшеп, оны көркем образға айналдырады. Уақыттың үш мезгілі де ақын
еңбегіне өлшем бола алады, оның ойына ой қосады, түсінігін байытады,
сезімін толықтырады. Осы үшеуінің бірлігін сақтай отырып, ақын жалпы уақыт
атынан сөйлеуге өкілдік алады. Шындыққа, тарихи фактілер жүйесіне өз
дәуірінің көзімен қарап, уақыттың заманға әсерін таниды. Бүгінгі өмір
материалын кешегімен салыстыру оған ертеңгі болашақты барларлық мүмкіндік
туғызады. Мезгілдің осы бірлігін, тұтастығын танығанда ғана ақын ойы
толысады, көзқарасы жетіледі. Егер ақын тек көргенін тіркеуші ғана болса,
ол өмірде аңдағанын тарих сабағымен жинақтап қорыта да алмайды, ілгері
тіршілікке тіреу ете алмайды.
Шын ақын өмірі бір адамның басынан кешкендерімен шектелмейді. Ақын
көптің өмірін сүреді, көп көргенді көре алады, көп сезгенді сезе алады. Бұл
– ақын сезімі жалпы және жеке адам сезім-күйінің жиынтығы деген сөз. Ол
жеке адам көңіл-күйін заман рухымен жалғастырады. Жалпылық пен жекелікті
осылай тұтастыра алғанда ғана ақын азаматқа айналады, өзінің ақындық,
азаматтық тұлғасын қалыптастырады.
Поэзиядағы азаматтық әуен де ең алдымен ақынның азаматтық тұлғасына
байланысты. Әдебиеттің халық алдындағы биік мақсат-мұратын дұрыс түсініп
бағалаған, сөз өнерінің күнін ардақтай сыйлаған, өмір шындығын, қат-қабат
құбылыстарын оның терең мазмұнына үңіле отырып суреттей алған ақын жыры
әрқашан қоғамдық, азаматтық мәселелерді көтереді. Ақынның азаматтық
тұлғасын оның шығармаларының азаматтық үні ғана таныта алады.
Жазба әдебиетте азаматтық сарын Абай шығармаларынан бастау алады. ХХ
ғасырдың бас кезінде бұл сарындағы лирика Ахмет Байтұрсынов, Мағжан
Жұмабаев, Міржақып Дулатов поэзиясында үлкен әлеуметтік маңызға ие болды.
Қоғамдық өмірдің ең көкейкесті мәселелері халықтың тағдырына, мүдделеріне
кемшілігіне байланысты сарындар азаматтық лирикаға арқау болды. Азаматтық
лириканың тамаша үлгілерін С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Т.Жароков,
Қ.Аманжолов, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Нәжімеденов
шығармаларынан табамыз.
Қай заманда да қазақ өлеңінің бағы тайып, сағы сынған жері жоқ. Заман
сырын, замандас келбетін, яғни өмірдің өзін жырлау жөнінде қазақ
ақындарының монында қарыз жоқ сияқты. Атам заманғы Кет-Бұға, Асан-Қайғыдан
Абайға, кешегі Мағжаннан Мұқағалиға дейінгі аралықтағы ақындардың
шығармаларын оқи отырып осындай ойға қалып, түйін түйесің және бұл пікірдің
талассыз екенін мойындайсың
Тіл тұсалып, ой тұтқындалған тұста, шындық шырғалаңға түсіп, сөздің
саудаға салынған, саясаттың қақпайына бағынған кешегі тоқырау жылдары да
қазақ жыры ақиқат жолын ұстады. Орағытып өтіп, орайын тауып, қиын жағдайда
қисынын келтіріп, кемел ойлы, келісті, кестелі жыр маржандарын тізген ақиық
ақындардың көркемдігін шығармаларын оқи, біле жүріп те осындай ой түйіп,
тұжырым жасайсың.
Әлбетте, әр заманның өз жыршысы болуға тиіс. Рас, ұлы ақындар ұлт
өмірінде өшпес із қалдырып, жырлары мәңгі жасайды. Солай бола тұра әр
заманның сыры бөлек, ендеше жыры да бөлек қой.
Қазір заман да, қоғам да, соған орай өмір де, адам да өзгерген шақ.
Жалғыз қазақ елі емес, жер жүзінде ғажайып жаңалықтар, ғаламат өзгерістер
бар. Ендеше, сол уақыт көшінің-алмағайып заманның аңсысын аңсап, ақиқатын
аңғартып өлеңде өрнектейтін өзгеше сипаттағы жаңа ақындар керек. Бұл орайда
қазіргі қазақ әдебиетінің орға жығылып, орта жолда қалып қоймайтындығы
көңілге медет, ойға азық. Ескі және жаңа замандардың арасындағы өлара
мезгілдің өзінде-ақ қазақ поэзиясына сыры да, жыры да бөлек жаңа ақындар
толқыны келіп қосылып, ұлтымыздың көркем ойының көшін түзуде.
Жаңарған заман, өзгерген қоғам сияқты жаңа ақындар да көктен түскен,
ғажайыптан пайда болған жоқ. Абай, Махамбет, Мағжан, Ілияс дәстүрін
дәріптеп, қазақ өлеңінің жұлдызын жарқыратып, көкке көтерген Қасым, Ғафу,
Жұмекен, Мұқағали, Фариза, Тұманбай, Қадыр сынды саңлақтардан қара үзіп
кетпесе да жаңа ақындарға із салған кешегі Кеңшілік, Жұматай, Жарасқан,
ортамызда жүрген Темірхан, Мұхтар, Иранбек, Исраил, Ұлықбек, Есенғали.
Осынау кешегі жас, бүгінгі бас ақындардың тынымсыз ізденістері, құдай
берген құдірет дарындары нәтижесінде қазақ поэзиясына  жаңа ақындардың
тегеуірінді легі келіп қосылғаны анық. Олар біреу-екеу емес, бір топ. Атап
айтсақ, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Гүлнар Салықбаева, Жанат Әскербекқызы,
Нұрлан Мәукенұлы, Маралтай Райымбекұлы. Толқыннан толқын туады дегендей,
осы ақындарымыздың ізін басып келе жатқан жас толқынның бар екенін айтпай
кету мүмкін емес.
Шын ақын – қашанда өзгеріс, қашанда жаңару мен жаңғыру. Әрине, ол
өзгерістер, ол жаңару мен жаңғыру өзінен-өзі пайда болып, өзінен өзі
түзіліп жатпайды. Олар ақын жанының қоршаған орта әсерімен, ең бастысы
уақыт пен заман лебімен жанды байланысынан пайда болары белгілі.
Ақын толысып, кемелденген сайын оның бойындағы құбылыстардың ошағы
кеңіп, отыны молая түседі. Заманмен байланысты о баста басталғандай әлсіз
бір талшықтармен емес, білем-білем күре тамырлармен жалғасып кетеді. Мұнан
да дәлірек айтсақ, ақын бара-бара өмірдің, уақыт пен заманның қызығы мен
мұңын төбе үстінде отырып қадағалап, бақылаушыдан сол өмірдің, сол заман
мен уақыттың қызығымен гүлдеп, мұңымен өртенушіге айналады. Бұл – енді
ақынның уақыт пен заманмен тағдырлас болып кетуі.
Қазақ әдебиетінде оқырманнан өз бағасын алып үлгерген, мүйізі қарағайдай
ақсақал, аға ақын – жазушыларды былай қойғанда, әдебиетке енді келгісі бар,
немесе келіпте үлгерген талапкерлер жетерлік. Бұл сөзімізге Қазақ
әдебиеті, Жас алаш, Жұлдыз, Жалын басылымдарында сиректе болса көзге
түсіп қалатын, балауса қол таңбалар куә. Олай болса, бүгінгі қазақ
әдебиетіне келуге ынталы жастардан не жаңалық, қандай қарым күтуге болады
деген сауалдың өз – өзінен туындайтында жөні бар.
Мәртебелі поэзияның кешегі жағлауын ертеңге, яағни, бүгінгі жағалауға
қосқан көпір міндетін атқарды. Шын мәнінде алтын көпір бола білді. Мен,
алтынкөпірліктер поэзиясын Маралтай Райымбекұлы, Әмірхан Балқыбек, Жарас
Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Нұржан Қуантайұлы, Батырболат Айтболатұлы,
Әлібек Шегебай, Бақыт Беделханұлы, Дәурен Берікқажыұлы, Бақытжан Алдияр,
Алмас Темірбай, Танакөз Толқынқызы, Айнұр Әбдірасылқызы арқылы танып білгім
келді – дейді Темірхан Медетбек. (Жұлдыз журналы № 1-2 . 2008ж.) Ендеше,
ұрпақ пен ұрпақ арасын жалғап жатқан, көзге көріне бермейтін жібек жіпті
үзіп алмау үшін күресу – ұлтқа сын. Іздену батылдық көрсетіп, жаңа
барлаулар жасау – өсудің кепілі. Бірақ, барлау өз тамырыңды өз қолыңмен
қиюға, өз жапырағыңды өзің желге ұшыруға жұмыс істемеуі керек. Ұлы Мұхтар
Әуезовтің жыл келгендей жаңалық сезінеміз – деп толқып, тебіреніп айтқан
бағдарлық өсиетіндегі, тұтастай талантты бір буынның жолын ашқан,
Әдебиетке сұлу мінез әкелуші, үлкен мәдениетті, қасиетті әкелуші, нұрлы,
жақсы, жарқыраған өрісі бар жастар... керек деген тұғыры биік, тумысы
бөлек әулиелік сөздері бүгін де сөз жоқ өзекті.
Сонғы жылдарда жазылған өлеңдерде, әсіресе жастардың шығармаларында
Тәңірге табыну, Аллаға сыйыну, Құранды көбірек тануға, білуге деген ұмтылыс
басым. Өмірдің бүгінгі қым – қуыт қиындықтарынан шығар жол іздеп,
жанұшырған жүрек пен ойдың Құдайға жалбарыну, ғарыш әлемімен тілдесу тісілі
кең етек алып келеді. Бұл – осыған дейін тану мен таразылаудың басты өлшем
құралы болып келген комунистер ілімінен қол үзген дәуірдің мінезі. Сосын,
бір әттеген –айы писсимистік бағытағы өлім, ажал тақырыптары да жиі
кездеседі. Қазір, ұлттық бояудан жұрдай, посмодарнизм деп аталатын
өмірдің жалаң иллюзиясын жасауға тырысатын, өмір құбылыстарын әлеуметтік
тұрғыдан талдаудан атымен ада, тек сырт нобайы ғана шындыққа келетін
натуралистік бағыттағы әсіре реализим ағымы кең етек жая бастады. Әдебиет
пен өнерді саясаттандыру ағымы ара – тұра атымен тұрпайы нигилистік,
анархистік идеяларды тудыруда.
Сонымен бүгінгі әдебиет төңірегінде жүрген жастар қандай? Оларды не
ойландырады, не толғандырады? Уақыт сарыны, заман екпіні
шығармашылықтарында, қалай көрініс тауып жатыр? – іспетті сауалдарға жауап
іздестіріп көрелік.
90 жылдардың бел ортасында өлеңге келгендердің ішінен Маралтай
Райымбекұлы есімі ерекше айтылып жүр.
Маңдайымды сүйеп құлпы тасына,
Ата – анам мен бауырымның кеп басына.
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын,
Қазылмаған қабірімнің қасында, – дейді күңіреніп.
Қазақ жырының есігін қоңыраулы жырымен, қоңыр үнімен ашып, бірде өрекпіп
өртенген Нұржан Қуантайұлы өлеңдері, өз алдына бөлек әсерге бөлейді.
Ақ қар, көк мұз, ақ боран,
Көңіл қайда хал неде?!
Күн туғанда ақтарам,
Алла! – де, – деп ақжарма көңілден ақтарыла келген ақын, бірте – бірте
шұрайлы тілмен шырай енген жырлар туғызады.
Ақын ретінде қалыптасқан жастардың бірі – Қазыбек Құттымұратұлы. Олай
дейтініміз, Қазыбектің қай өлеңіл алсаң да, айтар ойы айқын, ұйқастары да
құйылып түскен, бас – аяғы жұп – жұмыр болып келеді.
Монахтай масаң топтың ғұрпын сынар,
Сәтіңді күткен едім бір тыншығар.
Жоқ, әлі. Ақ бұлт көрсең сәлем айтшы –
Адасқан бәлкім менің бұлтым шығар,
Немесе
Тым әлсіз сәуле күмәнсіз,
Мұнарсыз қылды маңайды?.
Аңсарым тек сіз шығарсыз –
Деймін де көкке қараймын. Қазыбек өлеңдері баяу ғана, даланың жанға
жайлы самалындай есіп отырады. Ішкі ұйқасқа құрылады. Жеп – жеңіл оқылады.
Безіндім! Мүлдем безіндім–
Аптабынан мұндай сезімнің!
Мас еркектер малтып өлердей–
Қарашығына қара көзімнің–сияқты өткір сезіммен елең еткізген
Ақсұңқар Ақынбабақызы.
Қасиетті Қазғұрт баурайынан өлең құсын ұшырған Бақытжан Алдиярда сюжетті
жырлар көптеп кездеседі.
Ұқсамаса ұқсамасын жорғаға,
Екеумізді шақыратын жол ғана.
Есениннің жатқа оқитын өлеңін,
Есегіне теріс мінген сол бала.
Немесе,
Қоян жылы болмаған деп қолайлы,
Қарап қойып Қосмола мен Қаржанға,
Насыр атам насыбайын орайды,
Нострадамус айтып кеткен болжамға, –деген шумақтардан байқауға
болатындай, Бақытжан баяу қоңырлатып баяндап отырып–ақ, қоңыраулатқан
ботасын жыр көшіне қосады.
Төбемізде жұлдыз күліп,
Аппақ әсем ай қарап,
Самал жел де тұрды үздігіп,
Жапырақты аймалап..., – деп мөлдірететін Нәзира Бердалының
психологиялық параллелизмге құрылатын махаббат лирикасын,
Тулаған сайын анарың,
Бұла түн болып қарадым,
Улаған сайын жанарың,
Ұлы ақын болып барамын! –
сияқты Дәурен Берікқажыұлының асқақ та білікті жырларын,
Мәңгіліктер...
Мәнгі өлмейтін жаныма жаңғырып кел!
Шомылдырып сүтіне әппақ таңның,
Білегіңді анамдай талдырып көр, – деп өзінің жылы ағыстарымен өз
тылсымына тартатын Бақыт Беделханұлының сыршыл поэзиясын сүйсінбей қуанбай,
өртенбей, сілкінбей, серпілмей оқу мүмкін емес.
Танакөз Толқынқызы Еуропа ақындарын аудармадан емес, Француз тілінде
шыққан кітаптардан түсінген. Сондықтан да болар оның әр өлеңіндегі ой мен
идея, сезім мен ақыл бір– бірімен астасып жатады. Өлең құрылымында да
жинақылық, тиянақтылық та бар.
Мәселен,
Жарық түннен үйрендім шаттануды,
Қара жерден үйрендім тапталуды.
Бұлақтардан үйрендім, жуып – шайып,
Мөлдірмін деп, пәкпін деп ақталуды...
Немесе
Қауызын ашқан гүлге де,
Сәулесін шашқан күнге де,
Жұлдызы жанған түнге де–
Атыңды ойып жазамын. Сөйтіп, Танакөздің жырлары қашанда төгіліп түседі.
Ақеділ Тойшанұлының өлеңдерінде қас – қағым сәттің әдемі көрінісін,
әсерлі бейнелей қоятын шалттық басым.
Жанарыңның жалт еткен ұшқынынан жасырын,
Оқтын – оқтын кеудеме от енетін секілді.
Кірпігіңнің ұзыны – ай, қоя салсам ақырын,
Сіріңкемнің бір талын көтеретін секілді. Бұл – Найза кірпік деп
аталатын бір шумақ өлең.
Көктем келді, гүл өмірге таңырқаймыз сүйініп,
Биыл әлем ерте оянды көктен несіп бұйырып.
Қарт құмырсқа өрмелеп ед тылсым дұға күбірлеп,
Жаңа шыққан жас балауса көтерді әрең иіліп. Бұл – Көктем атты тағыда
бір шумақ жыр. Бейне бір ақын түйсігін түртіп өткен аяулы сәтті қаз –
қалпында ұстап қалған кинокадрлардай.
Әлібек Шегебайдың өлеңдерінен көл көсір сағынышқа кез боласыз.
Тағдырым қанша дем берді,
Әлі де талай шыдармын.
Сағыну үшін сендерді,
Алыстап кеткен шығармын.
Немесе,
Күндерім сырғып әттеңмен,
Көңілді мұңмен көктеппін.
Өзіңді көрген сәттен мен,
Өмірге ғашық боп кеттім.
Алмас Темірбай – өлең өлкесінде, өзіндік үнімен танылған талантты ақын.
Мен құдайға жақындап ем бір адым,
Құдай маған құшақ жая жүгірді...
Немесе,
Тас керең қоғам түсінсін қайдан сырымды,
Тас бауыр тірлік. Тас жүрек тағдыр. Тас – бәрі... деп күрсінеді.
Алмастың тағы бір ерекшелігі – сөзді ойната білуінде. Мысалы:
Тәуелсіздікке түкірдім осы бір тармағынан оның қоғамға өкпелі ақын
екенін аңғарасың. Жоқ. Олай емес екен, өлеңнің жалғасын оқып көрелік.
Тәуелсіздікке түкірдім,
Түфә – түфә көз тимесе екен!.
Сезімі сергек, қиялы ұшқыр, жас талантты ақындардың бірі – Серік
Сейітман.
Шешеңнің... өлеңінде:
Басымды ұрған маңдайшаға тым қатты,
Шешеңнің... деп менде еріксіз тіл қаттым.
Ах, сволочь деп есепші қазақ қыз,
Күй табаққа шетел әнін шырқатты.
Тұтқыны боп намыс атты ноқтаның,
Жүрегімнің өртенгені – ай от – жалын.
Жетесінде ұлттық болмыс жоқ қыздың, [1,78]
Шешесіне әнін қосып боқтадым:
– Өй, шешеңнің...!. Бұған қарап, дөрекі, ожар ақын деп санауға болмас.
Өзі айтқандай: ана тілін менсінбейтін міскінді, ана тілде боқтайтын ұл
ибалы. Серіктің қай өлеңін алсаңызда азаматтық сарынның лебі есіп тұрады.
Бәтіңке өлеңінде:
Аяқ киім бөленбес сая – нұрға,
Ей, бауырым сен оны аядың ба?!
Ешкімге ешкім бәтіңке болмасыншы,
Мен тозайын қазақтың аяғында!
Немесе, Тал бесікте :
Сендей абзал болғаныммен шарам не,
Адамдарға кешіп жүрген жылап күн. Мен де сендей тербеткім келеді, бірақ,
шарам не деп қысқа жіптің күрмеуге келмейтінін айтып қынжылады.
Қазақ әдебиеті № 1. 13. 02. 2009ж. Санында жарық көрген жас ақындар
өлеңін бір шолып өтсек.
Динара Мәлікова жырларында жан дүниесінің нәзіктіктен бұрын бұлқынған
жүрек әмірі, жалғандықтың жағын қарыстыруға деген талпынысын құп көрдік.
Өлеңнің болмыстан бітімі бөлек дүние екенін бағыт – бағдар еткені көрініп
тұр.
Қиялыма сия алмаған екенмін,
Көрпем қапты ашылып, – деп назданады.
Төлеген Меллаттағы бұғаусыз бунақтар шұбалаңқылықты жасырып жапқысы
келеді. Дегенмен, қысқа шығарма қаламақының өгей баласы деген кезең
келмеске кеткен. Өлең қысқалығы – оқырман қалауы.
Әдебиетші болуға ынталы жастың өзінің оң жамбасына келетін жанрды, дұрыс
таңдаған – таңдамағанын қалай біле алар екенбіз, қиыны осы.
Әйгілі із кесуші Шерлок Холмстың әдеби әкесі Артур Конан Дойль
алғашқыда драмалық шығармалар жазумен әуестеніпті. Олары кіл бір шимай –
шатпақ, шикі дүниелер болса керек. Ешбір редакция жариялауға ықылас таныта
қоймаған. Әдебиеттен ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жыраулар поэзиясының даму жолдары
Жыраулар поэзиясын оқыту
Қазақ балалар лирикасы (1970-1990 жж. )
Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер
Жамбыл Жабаев өлеңдерін мектепте оқыту
М. жұмабаевтың шығармашылығының жалпы қазақ әдебиетінде алатын орны
Абай поэзиясындағы араб тілінен енген сөздер
Бұқар жырау шығармаларымен таныстырудың әдістемесі
Махамбет поэзиясында сөздердің стильдік - мағыналық қолданысы
Мұқағали Мақатаевтың экспрессионизмі және поэтикалық ойлауы
Пәндер