Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз етуші кепілдіктер


Мазмұны
Кіріспе . . . 2
І Кәмелетке толмағандардың істері бойынша қылмыстық іс жүргізудің жалпы сипаттамасы . . . 6
1. 1. Жасөспірімдер қылмыстылығы, онымен күрес шаралары . . . 7
1. 2. Кәмелетке толмағандардың психологиялық жас ерекшеліктері және олардың қылмыстық іс жүргізу үшін маңызы . . . 10
1. 3. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша анықталуға тиісті мән-жайлар . . . 15
1. 4. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қамтамасыз етуші кепілдіктер . . . 23
ІІ Кәмелетке толмағандардың істерін сотқа дейінгі жүргізу ерекшеліктері. . 29
2. 1 Кәмелетке толмағандар бойынша қылмыстық іс қозғау . . . 29
2. 2 Алдын ала тергеу . . . 43
III. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот талқылауы.
3. 1 Сот талқылауы тәртібінің ерекшеліктері.
3. 2 Соттың үкім шығару кезінде шешетін мәселелері.
Қорытынды . . . 47
Қолданылған әдебиеттердің тізімі . . . 49
КІРІСПЕ
Қазіргі уақыттағы кәмелетке толмағандардың ісі бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу маңызды мәселеге айналып отыр. Мұның бірқатар себептері бар, оларға жасөспірімдердің жеке бас сипаттарының күрделенуі сияқты әлеуметтік құбылыспен байланысты болып отырған аталған жас категориясына жататын тұлғалардың қылмысы туралы істер бойынша барлық міндеттерді дұрыс орындау үшін құқық қорғаушы органдар тарапынан көбірек күш салу қажеттілігін де жатқызу қажет.
Қоғамда әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің ірі көлемді және жылдам процестері жүріп жатқан қазіргі уақытта әсіресе, дүниетанымы әлі толық қалыптаспаған, құныдылықтар жүйесі тұрақсыз жастар үшін қиын болып отыр. Жасөспірімнің адамгершілік пен құқық туралы түсінігі оның жас ерекшелігіне байланысты вербалдық деңгейде - ол жете түсінуге, оның мінез-құлқының автоматты реттегішіне айналуға жеткен жоқ. Қазіргі уақытта жасөспірімдерге, жастарға деген көзқарас әсіресе құқық бұзушылықтың алдын алу, оны туғызатын себептер мен шарттарды жою тұрғысында өте күшейтілуі тиіс. Өйткені, қылмыс дегеніміз- әлеуметтік дерт, ал жасөспірімдердің қылмыстылығы - өте үлкен дерт, жасөспірімдер қылмыс жасап отырған кезде мұндай құбылысқа төзуге болмайды.
1994 жылы Қазақстан Республикасында барлық салалар бойынша 201796 қылмыс тіркелген, оның ішінде кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 11447, үлес салмағы 9, 6% құрады, 2004 жылы тиісінше - 137511, 7185 және 7, 6%1.
Осы бесжылдықта кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстың азаюына қарамастан, олардың сотталғандығы өсу үстінде екені анықталды, агрессивті бағыттағы ресми емес жастар ұйымдарының саны көбеюде, пайдакүнемдік есебі басым жастар санасының басқа да теріс түрлері пайда болды.
Жасөспірімдер қылмысымен күрес біздің қоғамдағы қылмыспен күрес міндеттерінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Қылмыстың алдын алу, оған жібермеу, ескерту жөніндегі шаралардың одан әрі күшейтілумен қатар, бұл міндеттің орындалуы әрбір жасалған қылмыс үшін әділ жазадан құтылмаушылықты қамтамасыз етуді де қамтиды.
Әрине, жасөспірімдер қылмыстылығын жеңуге сот және тергеу органдарының іс-қызметі ғана емес, сонымен бірге ең бастысы ұйымдастыру, алдын алу, тәрбиелеу және т. б. шараларын жүргізу арқылы жетуге болады. Алайда, осы шаралар кешенінде сот шаралары ерекше орын алады және оларды дұрыс қолдану нақты оң нәтиже береді.
Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы істерді тергеу және сот талқылауы кезіндегі бірінші әрі негізгісі - процесті кәмелетке толмаған құқық бұзушының өзіне тәрбиелік әсер етуге, оны адал еңбекпен өмір сүруге оралтуға көмектесетіндей етіп жүргізу және істі солай шешу.
Сонымен бірге, кәмелетке толмағандар қылмысы туралы істер бойынша сот процестері өзге де табансыз, аумалы мінезді жасөспірімдерге нақты ескерту ретінде ықпал етуі, жұртшылықтың назары мен күш-жігерін жасөспірімдер қылмыстылығымен күреске жұмылдыруы, оларды қылмыс жасауға итермелейтін себептер мен шарттарды жоюға әрекет етуі тиіс.
Бұл тұрғыда қылмыстық істерді тергеумен сот талқылауы сапасын одан әрі көтеру өте маңызды. Бұл саладағы бірінші кезектегі мәселелер қатарына жасы 18-ге толмаған (кәмелеттік жас) тұлғалар мемлекеттің ерекше қамқорлығын иеленуіне байланысты заңнамалық регламентацияның елеулі ерекшеліктерін қамтитын кәмелетке толмағандардың ісін жүргізу мәселелері сөзсіз жатады. Мемлекет, кәмелетке толмағандар жас ерекшелігіне орай өз әрекеттерінің мән-мағынасын жете түсіне алмайтынын нысанаға ала отырып, олардың өз күшімен құқықтарына қол жеткізу, өзі үшін міндеттемелер алу және заңды жауапкершілік жүктеу қабілеттерін шектейді, сондай-ақ олардың құқықтарын жү. зеге асырудың ерекше тәртібін белгілейді.
Кәмелетке толмағандар ісін жүргізу тәртібі, кәмелетке толмағандардың жас және әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктеріне байланысты осы категориядағы істерді жүргізудің өзгешілігі мәселелерін Кеңестік кезеңнің өзінде Г. М. Миньковский, К. К. Сперанский, В. Рыбальская, Л. Голубева, А. Лиеде, т. б. ғалым-заңгерлер зерттеді. Бұл мәселелермен Қазақстанда К. Бегалиев, С. А. Шапинова және басқа ғалымдар айналысты, негізінен олардың жұмыстарында жасөспірімдер қылмыстылығымен күрес проблемаларын зерттеуге, оның алдын алуға, кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі мен оларды жазалау мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Қазіргі уақытта мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер салдарынан туындаған жасөспірімдер қылмыстылығының жоғары деңгейге жетуі, панасыз балалар санының өсуі мәселелері көкейтесті мәнге ие болып отыр, мұндай өткір сұрақтар бұқаралық ақпарат құралдарында талқылануда.
Қылмыстық іс жүргізу заңнамасы кәмелетке толмағандар ісін жүргізудің ерекшелігіне байланысты Қазақстан Республикасының іс жүргізу кодексінде жеке тарауға бөлінген нормалар жүйесін құрайтынына, кәмелетке толмағандар істері бойынша іс жүргізу тәртібін реттеп және тұтастай алғанда осы категориядағы істерге ерекше маңыз беретіндігіне қарамастан, дегенмен кәмелетке толмағандар ісін жүргізуге қатысты кейбір мәселелерді зерттеу қажет болып отыр. Мысалы, сот және тергеу органдарының кәмелетке толмағандардан жауап алуды жүргізу, кәмелетке толмағандарға бұлтартпау шараларын қолдану, қылмыс туралы бастапқы материалдарды толық, жан-жақты тексеруден өткізудің міндеттілігі, кәмелетке толмағандардан ісін жүргізуді жүзеге асырушы органдар жасөспірім-құқық бұзушының құқықтары мен бостандықтарын бұзбау туралы заң талаптарын сақтауы мәселелері. Өкінішке орай, іс жүзінде ҚР-ның қолданыстағы заңнамасының талаптары бұзылатын немесе орындалмайтын жағдайлар жиі кезедеседі. Тергеушілер жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы мәліметтерді алу кезінде материалдар мен хабарламаларды әрқашан мұқият тексере бермейді, соның нәтижесінде қылмыстық іс қозғау немесе іс қозғаудан бас тарту туралы негізсіз шешімдер қабылданып жатады, ал бұның өзі өз кезегінде жасөспірімнің жан-дүниесін жарақаттауы немесе оның бойында жазасыз қалу мен қылмыс жасауды одан әрі жалғастыра беру сензімдерін қалыптастыруы мүмкін.
Жоғарыда көрсетілген жағдайлар кәмелетке толмағандар ісін жзүргізуді жүзеге асыруға байланысты мәселелер зерттелетін, ҚР қолданыстағы заңнамасында бекітілген істердің осы категориясын жүргізудің өзгешелігімен алдын ала тергеу жүргізудің ерекшеліктеріне назар аударылатын, кәмелетке толмағандар істері бойынша дәлелдеу заты туралы, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ететін кепілдері туралы сұрақтар зерттелетін, жасөспірімдер қылмыстылығы мен онымен күрес мәселелері қозғалатын осы бір күрделі жұмыстың негізгі бағыттарын таңдауға себепші болды.
І КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР ІСТЕРІ БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы Халықаралық ережелерде кәмелетке толмағандардың қылмыстары бойынша іс жүргізу нақты орын алады.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1985 жылғы 29 қарашада кәмелетке толмағандарға қатысты әділ соттылықты жүзеге асыруды қамтитын Пекин ережелер деген атпен белгілі шағын стандартты ережелерді қабылдады. Бұл ережелер әртүрлі құқықтық жүйелер шеңберінде қолданыла алатындай және сонымен бірге, жасөспірім құқық бұзушылармен кез-келген ұйғарымда және кез-келген жүйеде қатынас жасауда бірқатар ең төменгі стандарттарды белгілей алатындай етіп жасалған. Ережелер барлық жағдайларда бейтарап, әділ және өзгертусіз қолданылуы тиіс.
Осы ережелер кәмелетке толмағандар істерін жүргізу тәртібі белгіленген қолданыстағы қылмыстық істерді жүргізу кодексі нормаларында да көрініс тапты.
ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі баптарының нормаларына сәйкес кәмелетке толмағандардың істері бойынша әділ соттылықты жүзеге асырудың жасөспірімнің жасына орай әлеуметтік-психологиялық және да басқа ерекшеліктеріне байланысты белгілі-бір өзгешілігі бар.
Бұл өзгешелік мынадай жағдайларда көрінеді:
- нақты ерекшеліктері кәмелетке толмағандардың қылмыс үшін жауапкершілігі мен жазалануы мәселелерінің, сондай-ақ дәлелдеу затына, іске қатысушылардың құқық өкілеттігі шеңберіне, тергеу әрекеттерін жүзеге асыруға байланысты мәселередің, т. б. шешімін қамтиды.
б) бұл ерекшеліктер іс жүргізу мақсаттары мен қағидаларының біртұтас жүйесі шеңберінде өмір сүреді2.
Осы істер бойынша іс жүргізуді регламенттеу ерекшеліктері іс-әрекеттің өзін, оның себептері, дәлелдерін, кінәлінің тұлғасын сипаттайтын мән-жайлармен бірлікте болатын кәмелетке толмағандық фактісіне негізделеді.
Осы категориядағы істерді жүргізудің ерекше тәртібі жасалған қылмыстың барлық мән-жайы неғұрлым толық әрі терең зерттеуге, оны жасаудың себептері мен шарттарын анықтауға, істің дұрыс ешеімін табуына, қылмыстық сот ісін жүргізудің міндеттерін толық көлемде орындауға көмектеседі.
1. 1 . Жасөспірімдер қылмыстылығы, онымен күрес шаралары
Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасуы, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, сот жүйесін реформалау жағдайында қылмыстың өсуіне байланысты оның әркелкі түрлерімен күресті күшейту қажет және жасөспірімдер қылмыстылығымен күрес қылмыспен күрестің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Қазақстанда қазіргі уақытта бұл мәселеге ерекше назар аударылып отыр, жасөспірімдер қылмыстылығына талдау жүргізіледі, олардың құқыққа қарсы мінез-құлықтарының себептері анықталады, олардың алдын алу шаралары жасалады.
Статистика жөніндегі Мемлекеттік комитет мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан Республикасында 1998 жылдың 1қаңтарына қарай 10 жастан 14-ке дейінгі жасөспірімдер саны 1 млн 632, 5 мыңды құрады. 15 жастан 30-ға дейінгілер саны 4 млн 187 мың 830 адам немесе тұрғын халықтың жалпы санының 26, 8%-ы. Республикада соңғы уақытта жүргізілген жастар мәселесі бойынша әлеуметтік зерттеулердің көрсетуінше, жастардың белсенді еңбек және қоғамдық өмірге араласуы үшін, ал бұл еңбекке қабілетті халықтың 40%-ға жуығы, қажетті әлеуметтік, ұйымдастырушылық, құқықтық шарттар әлі қалыптаспаған.
Қылмыс пен өзге де құқық бұзушылықтар осы мезгілде мемлекетте қалыптасқан қоғамдық қатынастармен себепті түрде байланысты екендігі белгілі, сондықтан да елде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар жастардың әлеуметтік жағдайына әлі елеулі оң ықпал ете қоймағандықтан да, сәйкесінше қылмыстың өсуі белең алуда.
Оңтүстік Қазақстан облысында әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін 1998 жылы 3675 жасөспірім ұсталған. Әрбір 26-қылмысты солар жасайды. Жеке-профилактикалық есепте 917 жасөспірім, 1326 ата-ана немесе олардың орнындағы тұлғалар, қоғамға қарсы бағыттағы 154 топ тұр3.
Соңғы уақытта кәмелетке толмағандардың ауыр қылмыстар: қасақана кісі өлтіру, зорлау, ауыр дене жарақаттары, тонау және т. б. жасауы көбеюде.
Кісі өлтірудің үлкен пайызын жасөспірімдердің абайсыздықпен кісі өлтіріп алуды құрайды. Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында 17 жасар Е. Ақназаров өзінің шексіз ашу-ызасына ие бола алмаған. Еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін ол үнемі жергілікті мектеп маңын торуылдаумен жүрген. Оқушы А. Батырбековпен сөзге келіп қалған Ақназаров оны кеудесінен соққан. Оқиға қайғылы жағдайда аяқталды - жарақат алған оқушы қылмыс орнында қайтыс болды.
Сондай-ақ балалардың қараусыздығы да үлкен мәселе тудырып отыр. Жасөспірімдердің уақытша ұстау, бейімделу және ақтау Орталығында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген жасөспірімдер бар. 1998 жылы 7 айында Орталықта 410 кәмелетке толмаған жасөспірім болды, бұл 1997 жылмен салыстырғанда 51, 9% -ға көп¹.
Жағдайды түзеу тек сот, тергеу органдарының жұмысы ғана емес, жалпыға ортақ жұмыс болып табылады. Өйткені, оларды қылмысқа итермелеген себептер - үлкендердің теріс ықпалы, жасөспірімдер арасында маскүнемдіктің, нашақорлықтың таралуы, ата-ана тарапынан тиісті назар бөлмеу, жасөспірімдердің бос жүруі. Олардың еркін уақыт өткізуді ешкімді мазаламайды: тегін үйірмелер, секциялар, клубтар қазір жоқ. Жасөспірімнің жұмысқа тұруы барған сайын қиындай түсуде.
Дегенмен, статистика көрсеткеніндей, 1994-1998 жылдары құқық қорғау органдарының, сондай-ақ жергілікті басқару органдарының күш салуы арқасында жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны едәуір азайды - 11447- ден 7435-ке дейін, ал елде тіркелген қылмыстардың жалпы санындағы үлесі 9, 6-дан 7, 6 пайызға төмендеді.
Өскелең ұрпақ тәрбиесін жетілдіруге құқықтық ықпал ету, білім беру, азамат ретінде қалыптасуы мәселелерін ұйымдастырудағы маңызды орын сот және тергеу органдары мен жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссиядан басқа прокуратура органдарына тиесілі, өйткені бас Прокуратураның 1998 жылы 17-наурыздағы №21 "Кәмелетке толмағандар мен жастар туралы заңдарды қолдану үшін прокурорлық қадағалаудың деңгейі мен тиімділігін көтеру туралы" бұйрығында жасөспірімдер қылмыстылығымен күрес және оның алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері прокуратура органдары қызметіндегі маңызды бағыттың бірі екендігі атап көрсетілген.
Прокуратураның алдына қойылған міндеттерге орналастыра отырып, құқық қорғау, мемлекеттік органдар және қоғамдық бірлестіктердің қызметін үйлестіру мақсатында ҚР Үкіметі 1998 жылғы 8 шілдеде ҚР-ның 1998-2000 жылдарына арналған кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың кешенді бағдарламасын бекітті.
Кәмелетке толмағандар ісін жүргізуді жүзеге асыру кезінде сот және тергеу органдары қылмыстық іс жүргізудің қағидалары міндеттерін жүзеге асырады. Ең алдымен оған жасөспірімді адал еңбекпен өмір сүруге бетін бұру, оны түзету және т. б. мақсатындағы жасөспірім құқық бұзушыға тәрбиелік ықпал еті жұмыстары жатады.
Бірақ, бұл міндеттерді табысты орындап шығу үшін қылмыстық қудалауды жүргізетін органдардың өзі заңдылықты бұзбауы, жасөспірімдердің құқықтары мен мүдделерінің кепілдігін қамтамасыз етуі, оларды тәрбиелеуге қолдау көрсетуі қажет.
1. 2. Кәмелетке толмағандардың психологиялық жас ерекшеліктері және олардың қылмыстық іс жүргізу үшін маңызы.
Адамның дамуы өте күрделі, ұзақ жүретін процесс болып табылады. Мұндағы жауапты кезеңдердің бірі - өтпелі жас деп аталатын жеткіншек алды жас (11-12-ден 14-15 жасқа дейін) пен жасөспірімдік жас (15-16-дан 17-18 жасқа дейін) . Бұл кезеңде адамның физикалық пісіп-жетілуі ғана емес, сонымен бірге тұлғаның қарқынды түрде қалыптасуы, моральдық және зияттық күштерінің қуат алуы жүзеге асады.
Жеткіншек алды жасының өтпелі жас деп аталу себебі, ол балалық күйден үлкен өмірге, кемелсіздіктен кемелденуге өтумен сипатталады. Алайда, ортастатистикалық жеткіншек деп аталатын жас өмірде болмайды. Жеткіншек алды жасының ортақ заңдылықтары баланың қоршаған ортасы мен тәрбие шарттарына ғана емес, сондай-ақ оның организмі мен тұлғалық ерекшеліктеріне де тәуелді болатын жеке-дара нұсқалар арқылы көрінеді.
Ересек жеткіншек алды және жас немесе жасөспірімдік уақыт жас психологиясында өте маңызды кезең ретінде қаралады, өйткені осы жаста болатын өзгерістер одан кейінгі кезең заңдылықтарын дұрыс бағалау үшін маңызды болып табылады. Биологиялық жағынан бұл жас физикалық дамудың аяқталу кезеңін білдіреді.
Осы жастағы жасөспірімдердің мінез-құлқы мен әрекеттері саналы әрі жігерлі түрде жүзеге асады, осыған орай оларға неғұрлым жоғары талаптар қойылады. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі 16 жастан басталатыны белгілі, ал кісі өлтіру, ұрлық, тонау және т. б. үшін - 14 жастан басталады (ҚР ҚК, 15-бап) .
Алайда жасөспірімнің физикалық және адамгершілік жағынан дамуы әлі аяқталған жоқ, бұл оның іс-әрекеттері мен қылықтарының сипатынан байқалады. Жеткіншек алды жасында организмде биологиялық терең өзгерістер жүреді, өсу жылдамдайжы, жыныс бездерінің секрециясы күшейеді, қарқынды физикалық даму басталады. Организмдегі биологиялық өзгерістер психикалық дамуға да әсер етеді. Жеткіншек алды жасының бастапқы кезіндегі тепе-теңдік бұзылады: өз тұлғасына қызығушылық, айналасындағыларға сыни көзбен қарау пайда болады, мінезіндегі ерекшеліктер байқалып, қылықтары өзгереді.
Жеткіншек алды жасында мінездің психикалық жарақат алу мүмкіндігін арттыратын және мінез-құлық нормаларынан ауытқитын кейбір қасиеттері пайда болады. Көптеген жасөспірімдердің сезімдері, ойлары, әрекеттері тұрлаусыз болып келеді. Бұл:
а) елгезектік пен сылбырлық арасындағы қайшылық;
б) көңіл-күй өзгерістеріне алып келетін қызбалық пен сылбырлықтың тез ауысып отыруы ретінде көрінеді4.
Импульсивтілік пен көңіл-күй тербелістері жеткіншектердің ойы мен қылықтарына ықпал етеді. Олардың бір пікірге келуі жылдам және тез өзгереді. Өз іс-әрекеттері мен басқа адамдардың қылықтарын дұрыс бағалай бермейді, дос таңдауда көбінесе қателесіп жатады, кездейсоқ жанжалдарға килігеді.
Бірқатар психологтар жеткіншек алды жасын ауыр "апаттар" кезеңі деп есептейді, торығу мен үмітсіздік ахуалы, есіріктену, агрессивтілік, қаталдық, қылмыс істеуге бейімділік туралы айтып өтеді.
Л. И. Божовичтің көрсетуінше, жасөспірімдердің моральдық саласында екі ерекшелік пайда болады:
а) қоғамдық мінез-құлық пен адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас нормалары мен ережелеріне байланысты мәселелерге жіті назар аударуы;
б) салыстырмалы түрде тұрақты және кездейсоқ ықпалдардан тәуелсіз моральдық көзқарастар, пікірлер, баға беру қалыптаса бастайды5.
Жеткіншек алды кезеңіне жоғары эмоциялық қозғыштық қасиеті тән, "ұстамдылық" жүйесі мен өз мінез-құлқын саналы түрде бақылау нашар дамыған, сондықтан да жасөспірімдер ойлары мен пікірін өзгертуге уақыт кетіргенді ұнатпайды, тез іске көшеді. Бұл қасиеттер көбінесе құқыққа қайшы әрекетке алып келеді немес оларды жасы үлкен құқық бұзушылар пайдаланады, кәмелетке толмағандар тарапынан ойланбай әрекет жасау мүмкіндігі туралы білетін олар оңтайлы сәтті тауып, жасөспірімдерді қылмыс істеуге тартады.
Кейбір жасөспірімдерге олардың тұрмыс және тәрбие шарттары белгілейтін дөрекілік, өжеттік, шамшылдық қасиеттері тән. Бұл қасиеттерді олардың теріс іс-әрекеттері салдарынан болатын қоғамдық тәртіпті бұзуға байланысты құқыққа қарсы әрекеттерін тергеу барысында ескеру қажет.
Осы жаста көп кездесетін мінез-құлық кемшіліктерінің бірі- қырсықтық. Кәмелетке толмаған сезіктінің немесе айыпкердің қырсықтығына тергеуші істелген қылмыстың мән-жайын, ұрланған мұлік пен қылмыс құралының орналасқан жерін, қылмысқа қатысушыны анықтау кезіндегі жауап алуда тап келуі мүмкін. Сондай-ақ, тергеуші жасөспірімнің қырсылыққа жақынырақ сапасы өтірікшілдікпен де соқтығуы мүмкін.
Өтірікке түрткі болатын нәрселер көбінесе:
а) жауапкершілік пен жазадан қорқу;
ә) қылмысқа қатысушылар немесе олардың туыстары мен достары тарапынан кек алу қорқынышы;
б) достықты дұрыс түсінбеушілік және осыған байланысты "сатқын" атанудан қорқу;
в) құрдастарының назарын аудару, таңғалысын тудыру тілегі.
Жеткіншек алды жасында жекелеген жағымды қасиеттерді дамытуға, кемшіліктерді жеңуге бағытталған өзін-өзі тәрбиелеуге деген қажеттілік дамиды. Жасөспірімдер осылайша өзінің сүйікті кейіпкеріне, мұғаліміне және т. б. ұқсауға тырысады. Бірақ, кейбір жағдайларда адамгершілік категориялары мен ұғымдары туралы дұрыс және жан-жақты түсініктерінің болмауынан жасөспірімдер оқиғалар мен адамдардың мінез-құлықтарын бағалауда қателесіп жатады. Кейбір жасөспірімдердің адамгершілік тұрғысынан жағымсыз тұлғаларға ұқсас болғысы келіп, еліктейтіні бекер емес. Жасөспірімнің адамгершілік сенімдері қате, теріс болуы мүмкін. Және олар кейбір моральдық нормалар туралы теріс түсінікте болуы себепті немесе жасөспірімдердің жекелеген кішігірім топтарында қабылданған моральдық құндылықтар жүйесінің кесірінен қылмыс істеуі мүмкін. Қылмыстың өзінен де жасөспірім ерлік, батырлық, ептілік қасиеттерін көруі кездеседі¹.
Бұл жас ерекшеліктері бәрінен бұрын 14-15 жастағы жеткіншектерге тән. 16-17 жастағы жасөспірімдерде физикалық және ақыл-ой дамуы процестері жалғасады, бірақ осы кезеңнің соңына қарай қарқыны бәсеңдейді. Жасөспірімдердің импульсивтілігі азайып, эмоционалдық тұрақтылық пайда болады; жүйке жүйесінің түріне қарамастан, олар 14-15 жасар жеткіншектерден гөрі ұстамдылау және салмақтырақ. " Ересек жеткіншек алды жасы - бұл жасөспірім өз мінез-құлқында басшылыққа ала бастайтын адамгершілік қағидаларының, сенімдерінің қалыптасатын уақыты". Дегенмен, өздерінің физикалық және ақыл-ой қасиеттері бойынша олардан кіші жеткіншектерге әлі де ұқсастықтары көп: физикалық және рухани кемелденуге жеткен жоқ; оларға әлі де 14-15 жасар балаларда болатын қасиеттер тән ("ерексек болып көріну" сезімі, өзін көрсетуге ұмтылу, т. б. ) . Бұл жаста айналадағы адамдардың жасөспірімдерге неғұрлым жоғары талаптар қоюына және олардың құқықтарын, әсіресе, дербестікке құқығын мойындауға мүмкіндік беретін бірқатар психологиялық қасиеттері қалыптасады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz