Тараптардың процессуалдық тең құқықтылығы



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 30 бет
Таңдаулыға:   
ЖОСПАР
Кіріспе 1
Қылмыстық процестегі тараптардың тең құқықтылығы мен сайыскерлігі 4
Қорытынды. 28

Кіріспе

Ата заңымыз – ҚР Конституциясы сот әділдігі тәрізді мемлекеттік
қызметтің маңызды саласының рөлін жоғары деңгейге көтереді. Осы сот
әділдігін жүзеге асыру тәртібін анықтайтын құқық салаларының да маңызы
артуда. Соған байланысты заң ғылымдарына, заңгер – ғалымдарға қойылатын
талаптар да күшеюде.
Сот төрелігінің демократиялық негіздерін дамыту, сот өндірісіндегі
тұлға құқықтарының кепілдерін күшейту, сот әділдігін жүзеге асырудың барлық
салаларында заңдылықты қамтамасыз ету, оның превентивті және тәрбиелік әсер
ету деңгейін жоғарылату – қазіргі таңда зерттеуді қажет ететін күрделі
мәселелер болып табылады.
Заң ғылымындағы, сот және тергеу тәжірибесінде пайда болатын
сұрақтарды зерттеу, заңнамаларға қажетті өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар
жасау және сот, прокуратура, тергеу органдарының тәжірибелік қызметін
жетілдіруге бағытталған шаралар жөніндегі мәселелерді зерттеудің маңызы
зор.
Сот өндірісі теориясының сот және тергеу тәжірибесімен байланысы
жөніндегі сұрақтар көптен бері келе жатқан мәселелер болып табылады. Бұл
байланыс екі жақты болуы қажет, яғни теоретик-процессуалисттер мен құқық
қорғау органдары қызметкерлерінің ынтымақтастығы қамтамасыз етілуі тиіс.
Сот әділдігінің демократиялық негіздерін дамыту, сот құрылымы мен сот
өндірісін жетілдіру Конституцияда көрініс тапқан қағидалармен тығыз
байланысты:сот төрелігін тек соттың жүзеге асыруы, судьялардың тәуелсіздігі
және тек Конституция мен заңға бағынуы, кінәсіздік презумпциясы, т.б.
Азаматтардың ар-намысы, өмірі мен денсаулығы, жеке бостандығы мен мүлкіне
қол сұғушылықтан сот арқылы қорғану құқығы және лауазымды тұлғалардың заң
бұзушылық пен өкілеттіктерін теріс пайдалану арқылы жасалған әрекеттеріне
азаматтардың сотқа шағымдану құқығының да үлкен маңызы бар.
Құқық қорғау органдары мемлекеттік меншіктің сақталуын, жеке меншікті,
азаматтардың ар-намысын қорғауды қамтамасыз ету үшін қылмыстылықпен табанды
күрес жүргізіп, кез келген құқық бұзушылықтардың алдын алып, оны туындатқан
себептерді жоюға бағытталған әрекеттерді жүзеге асыруы қажет. Құқық қорғау
органдарының қызметін талдау қылмыстық процестің алдына қойылған мынадай
неғұрлым маңызды мәселелерді ашып көрсетуге көмектеседі:
- қылмыстық – процессуалдық қызметті жетілдіру;
- қылмыстық процестегі тұлға құқықтарын қорғауды күшейту;
- қылмыстық сот өндірісінің кейбір қағидаларының мазмұнын кеңейту;
- оның тәрбиелік рөлін арттыру;
- қылмыстық процесс ғылымын тәжірибемен ұштастыра отырып дамыту.

Қылмыстық істерді неғұрлым тез тергеу және шешудің басты жолы-құқық
қолдану қызметін жетілдіру, оның тиімділігінің деңгейін көтеру болып
табылады. Қылмыстық сот өндірісінің органдары алдына қойылған міндеттерді
сәтті орындаудың маңызды шарты-олардың процессуалдық және өзге нормаларды
қатаң сақтауы. Әрбір құқық қорғау органының қызметкері өзінің қызметтік
міндеттерін нақты және адал орындауы тиіс. Бұған қарамастан, процесті
жүргізуші тұлғалар заң талаптарын бұзып жатады. Кейде оның себебі
қолданыстағы заңдар сапасының төмендігі болуы мүмкін, ал басқа жағдайларда
мұндай бұзушылықтар процесті жүргізуші тұлғалардың кәсіби деңгейінің
төмендігінен орын алады. Процессуалдық заңдарды бұзудың себебі, істі
жүргізуші тұлғалардың өзара "іскерлік" байланыстары да болуы мүмкін.
Мәселен, сотталушыны ақтау үшін жеткілікті негіздер бола тұрып, сот істі
қосымша тергеуге жіберу жөнінде ұйғарым шығарады. Қылмыстық істің барысы
үшін жауапты тұлғалардың осындай сипаттағы әрекеттері, өз ішкі сенімдерінен
бас тартуы мемлекеттің шынайы мүдделеріне, процеске қатысушы өзге
тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді.
Сот әділдігінің әрбір конституциялық қағидасы терең ғылыми зерттеуді
қажет етеді, әрбір қағидаға қатысты сол ережені толық, жан-жақты жүзеге
асыруға бағытталған шаралар қабылдану қажет.
Қазіргі таңда қылмыстық процесті оңайлату, жетілдіру белгілі бір саяси
мазмұнға ие болады. Бұл мәселе соттарды, әсіресе қылмыстық істер бойынша
өндіріске қатысты болады, себебі, сот-тергеу органдарының қызметінде
бірқатар кемшіліктер, қылмыстық істер өндірісінің шекті күрделілігі және
ұзақтығы, формальдылығы айқын орын алып отыр. Негізгі мақсат - ҚІЖК-ін
емес, қылмыстық процесті оңайлату. Бұл дегеніміз – қылмыстық іс өтетін
нақты сатыларды және тергеу мен сот әрекеттерінің нысандарын оңайлату.
ҚР Конституциясының 13-бабының 3-бөлігінде және ҚР ҚІЖК-нің 69-
бабында: "Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар", "Айыпталушы заңға
қайшы келмейтін барлық құралдармен өзінің құқықтарын қорғауға құқылы"
делінген. Айыпталушының қорғану құқығын қамтамасыз ету конституциялық
қағида болып табылады және шындықты анықтаудың, заңды, негізделген үкім
шығарудың маңызды кепілі ретінде қылмыстық сот өндірісінің барлық
сатыларында қатаң орындалуы қажет. Айыпталушының құқықтарын қамтамасыз ету,
бұл құқықтарды кеңейту және оның кепілдіктерін күшейту қылмыстылықпен
күресуде және оның тиімділігін арттыруда үлкен рөл атқарады. Осы қағида
Конституцияның 77-бабының 3-тармағында көрініс тапқан "адамның кінәлі
екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасаған қылмысқа
кінәлі емес деп есептеледі" деген қағидамен тығыз байланысты. Бұл
кінәсіздік презумпциясы қағидасының негізі.
Іс бойынша жиналған айыпталушыны әшкерелейтін дәлелдемелер тергеуші
мен прокурорға қаншалықты сенімді болып көрінгенімен айыпталушының
пайдасына есептелетін барлық мүмкін болатын дәлелдемелер міндетті түрде
жиналып тексерілуі қажет. Айыпталушыны ақтайтын немесе оның кінәсін
жеңілдететін барлық мән-жайлар мұқият зерттелуі тиіс. Бұдан шығатыны,
тергеу тәжірибесінен айыпталушыға қатысты жағымсыз қатынасты, айыпталушыға
істің мән-жайлары мен дәлелдемелер жөнінде жалған мәлімет беретін, заңсыз,
этикалық талаптарға қайшы келетін кез келген әдіс-тәсілдерді қолданудан, әр
түрлі "тергеу қулықтарын" және "психологиялық мәжбүрлеу" арқылы
айыпталушыны қорқытып, одан қажетті жауап алуға бағытталған әрекеттерден
бас тарту керек. Айыпталушы-қылмыс жасады деп айып тағылған тұлға, ал шын
мәнінде айыпталушы ол қылмысты жасады ма, жоқ па оны тек сот өз үкімі
арқылы шешуге өкілетті. Құқық қолдану қызметінде қылмыстық процестің барлық
қағидаларын сақтаған жөн.
Қылмыстық процестегі айыпталушының қорғану құқығын қамтамасыз ету
қағидасы тараптардың тең құқықтылығы мен бәсекелестігі қағидасымен тығыз
байланысты.
Қылмыстық процестегі тараптардың тең құқықтылығы мен сайыскерлігі
қағидасы осы курстық жұмыстың тақырыбы болғандықтан мен қазіргі таңдағы осы
қағиданың сот процесінде қолданылу және сақталу деңгейін, соған байланысты
алдын ала тергеу мен сот талқылауында айыпталушының құқықтары мен
бостандықтарының жүзеге асырылуының шынайы мүмкіндіктерін көрсетуге
ұмтылдым.
Аталған қағиданың қылмыстық процесте жүзеге асырылу деңгейі,
айыпталушы құқықтарының іс жүзінде орындалу мүмкіндіктері, жалпы сот
процесіндегі тұлға құқықтарының кепілдіктері – терең зерттеуді қажет ететін
өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Қылмыстық процестегі тараптардың тең құқықтылығы мен сайыскерлігі

Қылмыстық процестегі тараптардың тең құқықтылығы мен сайыскерлігі
қағидасы қылмыстық іс жүргізу құқығының теориясы мен тәжірибесіндегі даулы
мәселелердіц бірі. Сот қызметкерлерінің арасында сот талқылауы сатысында
орын алатын сайыскерлік бастаманың қажетсіздігі туралы көзқарас кең
таралған. Бұл пікірді қолдаушылар да көп кездеседі және ол сот талқылауына
айыптау мен қорғау тараптарын енгізу- қажетсіз, процесті күрделендіретін,
ұзартатын кедергі ретінде қарастырады. Сайыскерлік қағидасы буржуаздық
сипатта болады, яғни, еркін бәсекелестікке негізделген капиталистік тауар
шығарушы қоғамның әлеуметтік қатынастары ретінде көрініс табады делінген.
Алайда, қазіргі таңда бұл пікірмен мүлдем келісуге болмайды. Иә, ҚІЖК-
дегі бәсекелестік қағидасы өз бастауын буржуаздық құқықтан алады, бірақ
оның маңызы мен мазмұны түбегейлі өзгеріске ұшыраған. Алғашқы кезде
қылмыстық процесте жария бастама, жария мүдде басым болған, яғни, соттың
әрекеттері басты сипатта болып, ал тараптардың әрекеттері – тек қосымша,
көмекші сипатта болды.
Дегенмен, сайыскерліктің мазмұны – тек процеске айыптаушы мен
қорғаушының қатысуында ғана емес, сондай-ақ айыпталушыға бірқатар
процессуалдық құқықтарды ұсынуда да болып есептеледі. Нәтижесінде,
айыпталушы – басқарусыз, құқығы жоқ объект емес, процестегі белгілі бір
құқықтарға ие (қорғану, құжаттарды ұсыну, сот тергеуінің кез-келген
уақытында түсініктер беру, соңғы сөз алу құқығы) тарап болып саналады.
Сондықтан қылмыстық процестегі сайыскерлік бастама туралы мәселені шешкен
кезде іс бойынша материалдық шындықты толық табу үшін айыпталушыға жоғарыда
көрсетілген құқықтарды ұсыну жеткілікті бола ма? - деген сұрақ туындайды.
Бәсекелестік буржуаздық процестен бастау алғанымен, одан бас тарту
және айыпталушыны құқықтарынан айыру – буржуаздық емес, ортағасырлық
инквизициялық процестен туындағанын көрсетер еді; сәйкесінше, бұл алға
емес, кері жылжу болады. Осылайша, бәсекелестікті жою "қылмыстық процесс
сапасын өзгертіп, төмендетуге әкеп соғады."
Қылмыстық процестегі сайыскерлік бастаманы шектеудің негізгі идеясы –
қылмыстық істер бойынша өндіріс жүргізудің қиыншылықтарын алдын ала тергеу
сатысына ауыстыру болып табылады, ал сот талқылауы алдын ала тергеудің
қосымшасы ретінде қарастырылады. Сот талқылауының осындай "қосымша" сипаты
бойынша сот алдын-ала тергеуде даулы болған мән-жайларды прокурордың
баяндамасын басшылыққа ала отырып шешеді.
Қазіргі заманғы ағылшындық сайыскерлік өндірістің ережелеріне тоқталатын
болсақ, сот мәжілісі айыптаушының кіріспе сөзінен басталады, ол іс
материалдарын ауызша айтып, сотталушыға тағылған айыпты негіздейді. Мұнда
тараптардың жарыссөзі орын алмайды, айыптаушыға қарсы қорғау тарабының
тұжырымдары айтылмайтындықтан, сот тергеуі негізінен алдын-ала жиналған
жазбаша материалдарға сүйенеді, олардың ішінен дау тудырған мәселелер ғана
тексеріледі, ал прокурор сотталушыны ақтайтын да, айыптайтын да дәлелдерді
келтіреді. Ағылшындық қылмыстық сот шындықты ашу мақсатында жүргізілетін
қоғамдық іздестіру болып есептеледі, бірақ ол мақсатқа жету үшін айыптаушы
мен сотталушы арасындағы қатынастар сайыскерлік нысанда жүзеге асырылуы
тиіс. Алдын ала және ақырғы сот өндірісінің негізінде жатқан сайыскерлік
қағидасы ағылшын қылмыстық процесінің негізгі бастауы болып табылады.
Ағылшындық қылмыстық сот өндірісі сайыскерлік бастаманы айыпталушының
пайдасына жүргізеді. Алдын ала өндірісінде ешбір куәдан айыпталушының және
оның қорғаушысының қатысуынсыз жауап алуға жол берілмейді.
Сайыскерлік іс бойынша шындықты анықтауға көмектесетін әдістердің бірі.
Соңғы уақыттарда айыпталушының қорғану құқығын қамтамасыз ету және
сайыскерлік арасында теңдік белгісін қоюға ұмтылудамыз. Мұнымен келісуге
тағы болмайды, себебі айыпталушының қорғану құқығы қылмыстық процестің
барлық сатыларында қамтамасыз етіледі, ал сайыскерлік тек сот талқылауы
сатысында орын алады. Бірақ сот талқылауы сатысында айыпталушының құқықтары
тек бәсекелестікпен ғана емес, басқа да тәсілдермен қамтамасыз етіледі.
Осылайша, сайыскерлік – айыпталушының қорғану құқықтарын қамтамасыз ету
жөніндегі барлық шараларының бір ғана бөлшегі болып табылады.
Қылмыстық істерді қозғау мен тергеу, қарау және шешу жөніндегі қызмет
жемісті болмайды, егер оны жүзеге асыру үшін қажетті әр түрлі функциялар
қылмыстық істер бойынша өндіріс процесінде пайда болатын құқықтық
қатынастың өзге субъектілеріне қатысты биліктік өкілеттіктерге ие
мемлекеттік органдарға жүктелсе.
Қылмыстық процесте процессуалдық функцияларды бөлудің қағидасы орын
алған және бұл үлкен саяси және тәжірибелік мазмұнға ие, себебі, ол
қылмыстық сот өндірісіндегі заңдылықтың кепілі болады. Қылмыстық істер
бойынша сот төрелігін жүзеге асыру кезінде істі шешу функциясының айыптау
және қорғау қызметінің бөлінгендігі қолданыстағы заңда нақты көрініс
тапқан. Кінәсіздік презумпциясы қағидасын анықтай отырып, заң істі шешу
функциясын тек бір мемлекеттік орган – соттың компетенциясына жатқызады. Ал
айыптау қызметі мемлекеттік айыптаушы – прокурорға, қоғамдық айыптаушыға,
ал белгілі бір жағдайларды – жәбірленушіге жүктеледі. Қорғау функциясын
заңға сәйкес айыпталушы, қоғамдық қорғаушы, адвокат, айыпталушының заңды
өкілдері мен жақын туыстары, кәсіподақтардың өкілдері жүзеге асырады.
Осыған байланысты қылмыстық іс жүргізу заңдары бір тұлғаның бір мезгілде
судья, айыптаушы және қорғаушы функцияларын атқаруға жол бермейді.
Процессуалдық функцияларды бұлайша нақты бөлу және істі шешу
функциясының айыптау және қорғау функцияларынан бөлінуі қылмыстық сот
өндірісінің сайыскерлік бастамасынан көрініс табады. Бәсекелестік –
айыпталушы, сотталушы, қорғаушы, азаматтық талапкер мен жауапкерді
дәлелдемелерді ұсыну, арыз-шағымдар беру жөнінде бірдей құқықтармен
қамтамасыз етуден көрінеді.
Мұндай процеске қатысушыларды "тараптар" деп атауға да, атамауға да
болады. Алайда, олардың арасында елеулі ерекшеліктер бар екендігін
шығармауымыз қажет. Процеске қатысушылар әр түрлі мүдделерді көздейді. Дәл
осы айырмашылықтар процессуалдық функцияларды бөлумен бірге қылмыстық сот
өндірісіндегі бәсекелестіктің негізін айқындайды.
Қылмыстық істерді қараудың бәсекелестік тәртібі, істі заңды және
негіздей отырып шешу үшін қажетті дәлелдемелерді жинауда соттың
белсенділігі мен бастамашылығына кедергі болмайды, жаңа айып бойынша
қылмыстық іс қозғауға кедергі келтірмейді. ҚІЖ заңы соттан сот өндірісінің
қатысушыларымен ұсынылған дәлелдемелерді қарап, бағалаумен шектелмей, іс
мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шараларды
қолдануды, сондай-ақ әрбір үкімнің заңдылығы мен негізделген қамтамасыз
етуді талап етеді.

Айыпталушының, сотталушының, қорғаушының, азаматтық талапкер мен
жауапкер құқығының процессуалдық теңдігі істерді қарау және шешуде бір
жақтылық пен субъективтілікке қарсы маңызды кепіл болып табылады және әрбір
іс бойынша шындыққа жетудің қажетті шартын құрайды. Процестегі тараптың
бәсекелестігі – сотқа іс материалдарын дұрыс қарап, заңды, негізделген үкім
шығаруға көмектеседі. Бәсекелестік қағидасының тәжірибелік маңызы
осында.(2)
П.И.Кудрявцевтің пікірі бойынша, кейбір авторлар соттың "айыптау
тарабынсыз" және "қорғау тарабынсыз" бәсекесіз, дау-дамайсыз өтуін
қалағанымен, сот төрелігі, әділеттік және шындықты бекіту мақсатында
айыптаушы сотта айыптаушы рөлін, қорғаушы қорғаушы ретінде қатысуы қажет.
Істерді қараудың бәсекелестік тәртібі – соттың тәрбиелік әсер етуін
қамтамасыз ететін, оның беделі мен қарапайым халықтың әділетікке сенімін
бекітудің маңызды шарты. (3)
Сот талқылауына қатысушының құқықтарын қатаң сақтаудың және олардың
процессуалдық теңдігінің тәжірибелік маңызын арттыру үшін сотталушы,
жәбірленуші құқықтарын қамтамасыз ететін шаралар қабылдап, сот
тәжірибесінен қорғау рөлін дұрыс бағаламау жағдайларын жою қажет.
Қылмыстық процестегі бәсекелестік түсінігіне байланысты заңгер-
ғалымдардың пікірлеріне тоқтала кетейік.
Академик А.Я.Вышинскийдің пікірі бойынша, бәсекелестік – айыптаушының
сезіктінің кінәсін дәлелдеу құқығына қарсы тұратын, айыпталушының өз
көзқарасын білдіруге құқығы. Бәсекелестік қағидасы – бұл тараптардың
сайыскерлігіне қоса әділетті сот төрелігінің маңызды кепілі болып табылатын
тараптардың теңдігі және жариялылығының, демократизмнің негізінде судьяның
сот процесіне белсенді түрде қатысуы болып есептеледі.
Профессор М.С.Строговичтің пікірі мынадай: Бәсекелестік – бұл жалпы
формальді белгілердің жиынтығы. Әрбір процессуалдық жүйеде, әрбір тарихи
кезеңде бәсекелестік қағидасының негізі – тараптар функциясының
бөлінгендігінде. Айыптау функциясы – прокурорға жүктелген, ал істі өзі шеше
алмайды, тек сот алдында айыпты қолдайды. Ал айыпталушы бұл айыптан
процестегі тарап ретінде оған заң ұсынған құқықтарды қолдану арқылы
қорғанады. Сайыскерлік яғни, айыптаушы мен айыпталушының бірдей құқықтармен
қамтамасыз етілуін қарастырады. Бәсекелестік қағидасы сот процесінің сот
пен тараптар арасында негізгі процессуалдық функцияларды – сот талқылауы,
айыптау және қорғау - өзара бөлінген, реттелетін қызмет ретіндегі құрылымын
білдіреді. Тараптардың бәсекелестігі соттың басқарушы рөлімен жүргізіледі,
мұнда тараптар тең құқықтарға ие, оны қолдана отырып, әрбір тарап өз
дәлелдемелерін негіздеп, қарсы тараптардың аргументтерін жоққа шығарады.
Сайыскерлік процесс айыптаушымен тең негізде құқықтарға ие тарап ретінде
айыпталушының жағдайымен сипатталады.
Айыпталушының айыптан қорғану құқығын қамтамасыз ете отырып,
Конституция қылмыстық процестің сайыскерлігін айқындайды. Яғни,
айыпталушының соттағы қорғану құқығы сот процесінің бәсекелестік
құрылымында қамтамасыз етіледі. Қорғану құқығы мен процестің бәсекелестігін
ажыратудың кез келген көрінісі сайыскерлік қағидасын жоққа шығарумен
бірдей болады. Шын мәнінде де, егер айыпталушының қорғану құқықтары сот
бәсекесіз-ақ қамтамасыз етілетін болса, онда бәсекелестік не үшін қажет?
Бұл жағдайда ол кей кезде қолданылатын, ал енді бір кезде қолданылмайтын
тек шартты техникалық нысан ретінде қабылданады.
Профессор Чельцов М.А. пікірі бойынша, іс бойынша шындыққа қол жеткізу
міндеті бар қылмыстық процесс толық сайыскерлік қағидасында құрылуы мүмкін
емес: судьялар тараптардың талаптарымен және олар ұсынған дәлелдемелермен
байланысты емес. Тараптардың көмегімен сот шындықты іздейді және тараптар
өз талаптарын қолдай ма, жоқ па, оған байланыссыз үкімді өз ішкі сенімі
бойынша шығарады. Прокурор мен қорғаушының іске қатысуы судьяны
процессуалдық тұрғыдан күрделі және технологиялық жағынан мүлдем
шешілмейтін міндет – істің айыптайтын және ақтайтын мән-жайларын толық
анықтаудан босатады. Бұл сот талқылауының жоғары деңгейдегі
объективтілігін қамтамасыз етеді және бүкіл сот қызметінің сапасын
көтереді. Міне осы – сот талқылауының бәсекелестік нысанының көрінісі болып
табылады. (4)
Профессор Н.Н.Полянскийдің пікірі бойынша, сайыскерлік қаңғидасы сот
талқылауы кезінде айыпталушыға қорғауды қамтамасыз ету талабын білдіреді.
Сайыскерлік бастама сот процесіндегі объективті шындықты орнату мақсатына
сәйкес келеді. Қылмыстық процестегі тараптардың бәсекелестігі – тараптардың
сайыскерлігінен тұратын, соттың белсенді қатысуымен бақыланатын, қылмыстық
істегі шындықты табудың әдісі болып табылады. Қылмыстық процестегі
бәсекелестіктің түсінігі қалыптасатын элементтер төмендегідей:
- айыптаудың және қорғаудың сот қызметінен бөлінуі;
- тараптардың сайыскерлігі;
- тараптардың бәсекелестігінің кепілі ретінде тараптардың
процессуалдық теңдігі;
- айыпталушының қорғаушы алуға құқығы;
- тараптардың бәсекелестігіне қоса судьяның белсенді қызметі.
Заңгер-ғалым И.Р.Перловтың ойы мынадай: Бәсекелестік қағидасы
мыналармен сипатталады:
1. Айыптау функциясының сот функциясынан оқшаулануы;
2. Тараптардың процессуалдық тепе-теңдігі;
3. Соттың белсенділігі;
4. Тараптардың белсенділігі және бастамашылығы;

Осы ғалымдардың пікірлері әр түрлі. Дегенмен бәсекелестік қағидасы
қылмыстық процестің маңызды және басты қағидаларының бірі болып
есептеледі. Себебі, бұл қағида айыпталушының қорғану құқығын қамтамасыз
етеді. Ал бұл өз кезегінде қылмыстық істі дұрыс, объективті шешуге
көмектеседі, іс бойынша ақиқатты айқындауға ықпал етеді.
Сайыскерлік – айыптау сот функциясынан бөлінген, айыптау мен қорғау өз
пікірін қолдауға және қарсы тараптың тұжырымдарын жоққа шығаруға тең
құқықтар берілген тараптармен жүзеге асырылатын, ал сот іс мән-жайларын
белсенді зерттеу және істі шешу міндеті болатын сот талқылауының құрылымы.
(5)
Осылайша, қылмыстық процестердің бәсекелестігі келесідей элементтерден
тұрады:
1. Айыптаудың соттан бөлінуі. Істі сотқа берген және айыпты қолдайтын
прокурор сот талқылауында сотталушыны айыптайды, оны әшкерелейді,
оның кінәсін дәлелдейді, бірақ істі өзі шешпейді. Ал істі және
процесс барысында пайда болатын барлық сұрақтарды тек сот шешеді.
2. Айыптаушы мен айыптаушының тараптар ретіндегі процессуалдық жағдайы.
Тараптар деп заңмен қорғалатын белгілі бір мүдделердің өнімі ретінде
сотқа қатысатын және өз мүдделерін қолдау, қарсы жақтың тұжырымдарын
жоққа шығару үшін процессуалдық құқықтарға ие болатын процеске
қатысушыларды айтамыз.
Процестегі тараптар ретінде мыналар танылады: мемлекеттік айыпты
қолдайтын прокурор; айыпталушы; қорғаушы; жәбірленуші; азаматтық
талапкер және жауапкер, қоғамдық айыптаушы және қоғамдық қорғаушы.
3. Тараптардың процессуалдық тең құқықтылығы. Тараптар сот алдында өз
тұжырымдарын қолдау және қарсы тараптың дәлелдерін жоққа шығару үшін
бірдей құқықтарға ие болады. Тараптардың процессуалдық тең
құқықтылығы әрбір тараптың өз мүдделерін қорғаудағы процессуалдық
әдістердің теңдігін білдіреді.
4. Тараптарға қатысты соттың өзіндік жағдайы. Сот тек сотты шешпейді, іс
материалдарын анықтауға байланысты барлық қажетті шараларды
қолданады. Сот іс бойынша жиналған барлық дәлелдемелерді белсенді
түрде зерттейді, егер істі дұрыс шешу үшін қажет болса жаңа
дәлелдемелерді өз бастамашылығы бойынша сұратады. Сот, прокурор,
қорғаушы ұсынған дәлелдемелермен шектеліп қана қоймайды, іс бойынша
материалдық шындықты табу үшін қажет деп тапқан дәлелдемелерді талап
ете алады.
Міне осылар, процестің сайыскерлігінің белгілері болып табылады. Сот
процесінің осылай құрылуы істі толық және жан-жақты зерттеп, оны дұрыс
шешуді қамтамасыз етеді. Керісінше, осы 3 функцияның соттың қолында
шоғырлануы сот қызметіне біржақты сипат беріп, істің барлық мән-жайларын
объективті зерттеуге кедергі туғызар еді.
Айыпталушының өзін қорғау құқығы сот мәжілісінің сайыскерлік
тәртібінде қамтамасыз етіледі, яғни, өзіне берілген құқық арқылы айыпталушы
алдын ала тергеу органдарымен оған тағылған айыпты жоққа шығаруға
мүмкіндігі болады. Айыпталушының қорғану құқығының бәсекелестікпен тығыз
байланысын белгілі заңгер П.И.Стучка көрсеткен. Оның сөзі бойынша айыптау
емес, қорғау ғана демократияның көрінісі ретінде сайыскерлік процестің ең
маңызды бөлігі болып табылады.
Н.В.Крыленко қылмыстық процестегі шындықты табуды қамтамасыз ететін
шаралардың маңызы туралы айта отырып, айыпталушыны тарап ретінде тану
кезінде белгілі бір фактіні дәлелдеу үшін жүргізілетін күресте қолданылатын
әдіс – бұл сайыскерлік деп баса көрсеткен.
Егер іс бойынша прокурор қатыспаса, процесс өзінің сайыскерлік
сипатын жоғалтпайды. Себебі, прокурор дайындаған айыптау қорытындысы бар,
сол бойынша сот істің мән-жайларын зерттейді.
Сонымен қатар, бәсекелестік объективті шындық қағидасымен де
байланысты, себебі, сот процесінің сайыскерлік тәртібі айыптар позициясынан
да, қорғау позициясынан да сотта әрбір фактіні, әрбір мән-жайларды, әрбір
дәлелдемені тексеруді қамтамасыз етеді. Осылайша, сот айыпталушыны
әшкерелеп, оның кінәсін ауырлататын немесе оны ақтап, жауапкершілігін
жеңілдететін мән-жайлардың барлығын зерттеп, қорытынды жасауға мүмкіндік
береді.
Осы курстық жұмысты жазу барысында, сайыскерлік қағидасының буржуаздық
процессуалдық құқықтан бастау алады деген бірнеше авторлардың пікірлеріне
талдау жасадық. Бірақ буржуаздық қылмыстық процесте оның мазмұны мен маңызы
мүлдем өзгеше. Ал біздің қылмыстық процестегі бәсекелестік – айыпталушының
қорғану құқығын және істің мән-жайларын толық, жан-жақты зерттеуді,
ақиқатты табуды қамтамасыз ететін шынайы процессуалдық қағида болып
табылады.
Бәсекелестіктен диспозитивтілікті ажыратып қараған жөн.
Диспозитивтілік деп тараптардың өз құқықтарын қолдану еркіндігі. Негізінен
диспозитивтілік – азаматтық процестің қағидасы, мұнда сот істі мүдделі
тараптардың арызы бойынша қарайды.
Азаматтық процестегі диспозитивтілік талапкердің талаптан бас тарту
құқықтарынан жауапкердің талапты тану құқықтарынан және тараптардың істі
бітімгерлікке келу арқылы аяқтау құқығынан көрініс табады. Азаматтық
процестегі диспозитивтілікті қолдану белгілі бір шаралармен шектеледі,
себебі, ол қағиданы шексіз жүзеге асыру бір тарапты қолайсыз жағдайда
қалдырып, істі негізсіз аяқтауға әкеп соғады. Жалпы ереже бойынша
тараптарда талап пәні және өз құқықтарымен мүдделерін қорғаудың
процессуалдық әдістеріне билік ету еркіндігі сақталады.
Ал қылмыстық процесте диспозитивтілік өте шектелген шеңберде
қолданылатындықтан, оны қағида ретінде тани алмаймыз. Қылмыстық процесс –
қылмыспен күрес жүргізудің әдісі бола отырып, жалпы құқықтық мемлекеттің
мүддесінде тергеуші, прокурор, соттармен жүргізіледі, ал бұл тараптардың
қылмыстық процестің пәні, яғни айыпқа билік жүргізу еркіндігін жоққа
шығарады.
Диспозитивтілікті тараптардың құқығы мағынасында қолдану қылмыстық
істердің кейбір категориялары бойынша ғана рұқсат етіледі: жәбірленушінің
арызы бойынша жеке және жеке жария айыптау бойынша іс қозғау, сондай-ақ
айыпталушы мен жәбірленушінің татуласуы жағдайына жеке айыптау істерін
қысқарту. Бірақ бұл істер бойынша диспозитивтілік прокурордың өз
бастамашылығы бойынша жеке айыптау ісін қозғау құқығымен шектеледі.
Өз құқықтары мен мүдделерін қозғаудың процессуалдық құралдарына билік
ету еркіндігі ретінде қылмыстық процестегі диспозитивтіліктің қолдану
шеңбері кеңірек. Арыз беру және бермеу, қандай да бір тергеу, сот
әрекеттеріне шағымдану немесе шағым бермеу – тараптардың еркіне байланысты.
Бұл жағдайда, диспозитивтілік процестің жеке қағидасы емес, тек
сайыскерлікті жүзеге асыру құралы болып саналады. (6)

Қылмыстық сот ісін жүргізудегі бәсекелестік қағидасының орны мен мәні
туралы ғылыми айтыстар теориялық-құқықтық ынта туғызады. 50-шы жылдардың
аяқ кезінде және 70-ші жылдардың соңына дейін бірқатар зерттеушілер
бәсекелестікті жақтаушылар көзқарастарының жөнсіз екенін бұл қағида
буржуазиялық,демек социалистік құқыққа тән емес деген негізбен дәлелдеп
келді. атап айтқанда, М.А.Чельцов бұрын қолданылып келген заңда "тарап"
деген термин жоқ болғандықтан қылмыстық іс жүргізу құқығында ондай ұғым да
жоқ деп санады. И.Корецкийдің, Ю.Корнеевскийдің, М.Л.Якубтің және
басқалардың қаралып отырған мәселедегі қате пікірлері М.С.Строгович,
Я.О.Мотовиловкер, И.В.Тыричев, В.М.Савицкий және басқалар тарапынан әділ
сыналды.
В.М.Савицкийдің басшылығымен ғалымдар тобы 1989 жылы әзірлеген
Қылмыстық іс жүргізу заңының теориялық моделі бұл тұрғыдан алғанда ерекше
мәнді. Атап айтқанда, олар ұсынған Ресей Федерациясы ҚІЖК жобасында "Сотта
іс жүргізудің бәсекелестігі" деп аталатын дербес норма алғаш рет
көзделді(20-бап). Бұл норма құрылымы ерекше: процесте бәсекелестік
қағидасының орнықтырылуымен қатар онда бәсекелестік мәнін құрайтын міндетті
элементтер (айыптау, қорғау және істі шешу функцияларын бөлектеу;
айыптаушының сотта айыптауды қолдаудан айыпталушыны ақтау түрінде бас
тартуының зардаптары; процесте бәсекеге түсуші тараптарды белгілеу; бірінші
сатыдағы сотта іс жүргізудің құқықтық негізі) атап көрсетілген. Бұл
құрылым, біздің ойымызша, құқық өолдану қызметінде және қылмыстық іс
жүргізу құқығын қалыптастыруда бәсекелестік қағидасының бірыңғай
түсінілуіне және түсіндірілуіне себеп болды.

Бәсекелестік қағида ретінде Ресей Федерациясының Қылмыстық сот ісін
жүргізу жарғысында 1864 жылы орнықтырылып, ол "бәсекелестік" деген
терминмен тікелей көрсетілді. Мәселен, ҚСІЖЖ 630-бабында былай деп нақты
жазылды: "Прокурор немесе жеке айыптаушы, бір жағынан, ал сотталушы немесе
оның қорғаушысы, екінші жағынан, сот бәсекесінде бірдей құқықтар
пайдаланады", бұл қағида одан әрі 631, 632-баптарда өрбітіліп,
бәсекелестікті қамтамасыз ету кепілдіктері белгіленді.
Бәсекелестік реформаға дейінгі инквизициялық сот ісін жүргізуді
ауыстырды. Бұл жөнінде В.К.Случевский былай деп жазды:"Бәсекелестік
бастамасы қазіргі азаматтық, сондай-ақ қылмыстық процестердің дені болып
табылады, сондықтан белгілі бір процесте бәсекелестік негізін немесе оған
қарама-қарсы тергеу негізін дамыту шарасы – құқық саясатының мәселесі".
Аталған шаралармен ҚСІЖЖ процесте тараптардың теңдігін орнықтырды,
яғни оларды өз көзқарасы тұрғысында судьялардың көзін жеткізу құқығы бар
әдістерде, құралдарда, шектерде және нысандарда теңестірді. Сотталушы үшін
іс жүргізушілік елеулі артықшылық – соттағы әрбір даулы жағдай бойынша
соңғы сөз сөйлеу құқығын пайдалану мүмкіндігінен айыру заңнан елеулі түрде
ауытқу деп саналады, өйткені ол сот жарғыларында бекітілген кінәсіздік
презумпциясы принципін бұзды.
Сайыскерлік қағидасы өзге процессуалдық қағидалар тәрізді сот әділдігі
саласында сот процесіндегі демократизмді айқындайтын процессуалдық қағида
болып табылады. Сайыскерлік қағидасы айыпталушының процессуалдық
кепілдерімен тығыз байланысты. Сонымен қатар қылмыстық процестің
бәсекелестік құрылымы бойынша материалдық шындықты табудың тиімді әдісі
және маңызды кепілі болып табылады.
Сайыскерлік процесс сот төрелігін жүзеге асырудың қажетті құқықтарының
нысаны болып саналады және дәл осы бәсекелестік тәртібі соттың қарап
отырған істері бойынша ақиқатқа қол жеткізудің неғұрлым тиімді құралы.
Сайыскерлік процесте істің әрбір мән-жайының жан-жақты зерттелуі.Әрбір
дәлелдемлердің жан-жақты тексерілуі қамтамасыз етіледі, айыптау мен қорғау,
тараптардың бәсекелестігі сотқа айыптаудың барлық "иә" мен "жоқтарын"
ескеруге және істі шешуге көмек беретін ешқандай мән-жайларды қараусыз
қалдырмауға мүмкіндік береді. (7)
Қылмыстық процестегі процесуалдық кепілдіктерді сақтау – заңдылықтың
міндетті талабы, қылмыстық істерді тергеу және шешу негізінде тергеу,
прокурорға, сот органдарының қызметінде заңдылықты жүзеге асырудың қажетті
шарты болып саналады; Қылмыстық процеске сайыскерлік бастама енгізу сот
әділдігін демократияландыру үшін аса маңызды. Сайыскерліктің ізгіліктік
негізі – шындықты табу және әділ сот шешімін шығару үшін жоғары деңгейде
қолайлы жағдайлар қалыптастыратын ұйымдастырушылық және процессуалдық
қағида болып табылады.
Сайыскерлік тәртіпте сот істі айыптау және қорғау тараптарының
қатысуымен қарайды, тараптар бірдей процессуалдық құқықтарға ие болады.
Тараптардың функциялары сот қызметінен бөлінген, ал сот тарап болып
саналмайды, ол тек шешуші рөлге ие.
Сот процесінің дәл осындай құрылымының дұрыстығына қалай күмән
келтіруге болады? Дегенмен біраз ғалымдар әлі де бұл қағиданы мойындамай
келеді. Оған қоса олар – сот пен прокурордың міндеті бірдей – кінәліні
анықтау, ал соттағы прокурорлық қадағалау осы ортақ міндетті шешуге
көмектеседі деген пікірді айтады.
Иә, сот пен прокурордың ортақ мемлекеттік міндеті бар – ол құқықтық
тәртіпті қамтамасыз ету, заңдарды сақтау және оның сақталуын қадағалау.
Бірақ олардың нақты міндеттері мен функциялары біршама өзгеше. Осылайша,
егер өз мүдделерін қорғау үшін айыпталушының прокурорға қарағанда құқықтары
аз болса, онда әділ үкім жөнінде сөз қозғаудың қажеті жоқ. Мұндай тәртіп
айыптаушының басымдық жағдайынан туындайтын сот қателіктеріне әкеп соғады.
Әрбір сот қателігі – заңдылық режимін төмендетеді, сот әділдігі алдында
тұрған міндеттерді орындауға кедергі болады.
Сотта істерді сайыскерлік негізде қарау тараптар құқықтарының
теңдігімен қамтамасыз етіледі. Айыптау, қорғау және істі шешу функцияларын
бір тұлғаға жүктеуге тыйым салынады.
Процесте айыптау және қорғау тараптардың болуы, ол тараптардың
процессуалдық тең құқықтылығы, соттың тараптар жүзеге асыратын
функциялардан босатылуы сайыскерліктің маңызды белгілері ретінде
қарастырылады. Айыпталушы сотта қорғаушының қызметін қолдана алады, сондай-
ақ сот процесінің барлық сатыларында, алдын ала тергеуде де өз мүдделерін
жеке өзі қорғауға мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Прокурор процеске тек
айыптау органы ғана емес, заңдылыққа қадағалау жасайтын орган ретінде де
қатысады. Бұл оны іс бойынша дәлелдемелерді объективті бағалауға
міндеттейді, тұлғаның кінәлілігі туралы дәлелдемелер болғанда ғана
мемлекеттік айыптауды қолдауға рұқсат береді, ондай дәлелдемелер болмаған
жағдайда айыптау жасаудан бас тартуға құқық береді. Соттың заңды және
негізделген үкім шығаруына көмектесе отырып, прокурор сот талқылауының
барлық қатысушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғауы тиіс.
Бәсекелестік қағидасы - бұл тараптардың сайыскерлігіне қоса
жариялылық пен тараптардың теңдігі негізінде судьяның сот процесіне
белсенді түрде қатысуы арқылы көрініс табады.
Бәсекелестік – бұл айыпталушының қорғану құқығын қамтамасыз ететін
қағида болып табылады. Яғни, қорғау мен бәсекелестік бір-бірінің салдары
ретінде қарастырылады. Қылмыстық процестегі бәсекелестіктің көрінісі
ретінде айыптау мен қорғау тараптарының қатысуымен және сот жарыссөзімен
болатын сот тергеуін де таниды. Тараптардың жарыссөзі сот мәжілісінің
барлық қатысушыларына қылмыстық іс пен дәлелдемелерге өз қатынасын білдіру
құқығын ұсынуды қамтамасыз етеді. Процеске қатысушылардың айқындамалар,
тараптардың ұсынған дәлелдемелері сотқа істің нақты мән-жайларын дұрыс
түсініп, сот қызметінің заңдылығын бағалауға көмек береді.
Жалпы сот әділдігінің демократиялық негіздеріне ұйымдастырушылық,
процессуалдық қағидалар жатқызылады. Жоғарыда айтылып кеткендей, қылмыстық
процестің негізінде жатқан маңызды демократиялық процессуалдық қағидалардың
бірі – бұл сайыскерлік қағидасы. Ол – сот әділдігін қамтитын демократизмнің
маңызды көрінісі болып саналады.
Сот процесінің сайыскерлік құрылымы айыптаушы, жәбірленуші,
сотталушының және өзге процеске қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін
жоғары деңгейде қамтамасыз етеді, объективті шындықты анықтауға және соттың
дұрыс, әділ үкім шығаруына ықпалын тигізеді.
Сайыскерлік қылмыстық процестің сот талқылауында сипаттайды. Бұл
қағида негізінен сот талқылауы сатысында көрініс табады, ал алдын ала
тергеу қосымша мазмұнда болады және оған қажетті алғышарттарды туғызады.
Осыған байланысты профессор С.А.Голунскийдің мынадай пікірі бар. Егер
сайыскерлік деп айыпталушының қорғану құқығын мойындауды, оның зерттеу
объектісі емес, процестің толық құқықты субъектісі ретінде танып, сот
талқылауының барлық қатысушыларынан дәлелдемелер жинау, оларды зерттеу,
қатысуға байланысты құқықтарының теңдігін бекітуді айтатын болсақ, онда
бәсекелестікті қылмыстық процестің маңызды қағидаларының қатарына жатқызу
қажет. (8)
С.А.Голунский істің мән-жайлары бойынша сот, прокурор, тергеуші
міндеттерінің арасында еш айырмашылықтарды көрсетпейді. Олардың арасындағы
бір ерекшелік – тек өкілеттіктерінің көлемінде: прокурор сотталушыны
айыптайды, бірақ жаза тағайындай алмайды, ол сот оны айыптайды және
айыпталушыға жаза тағайындайды. Прокурор сотта айыпты қолдайды, сотталушы
қорғанады, қорғаушы оны қорғайды, ал сот істің мән-жайларын белсенді және
жан-жақты зерттейді, тараптардың айқындамаларын тыңдап, оларды ескереді
және өзіне белгілі мәліметтермен шектелмей, ақиқатқа қол жеткізу үшін
барлық шараларды қолданады.
Жалпы сот процесінде прокурордың, қоғамдық айыптаушылардың сөз
сөйлегені, қорғаушының қатысуы өте маңызды. Процестегі тараптардың
бәсекелестігі соттың іс материалдарын дұрыс қарап, заңды үкім шығаруға
ықпал етеді. Процессуалдық заң талаптарын, сотталушының және өзге процеске
қатысушылардың заңды мүдделерін қатаң сақтау, шындықты табуда дұрыс жолды
анықтау құқыққа сай үкім шығаруды қамтамасыз етеді.
Сонымен қылмыстық процестің сайыскерлік тәртібі қылмыстық іс бойынша
объективті ақиқатқа қол жеткізуге, тараптардың құқықтары мен заңды
мүдделерін қорғауға, бүкіл сот талқылауының және қылмыстық істі шешудің
заңдылығын қамтамасыз етуге жоғарғы деңгейде ықпал етеді. Сондықтан,
сайыскерлік қағидасының сот әділдігіндегі демократизмнің көрінісі ретіндегі
түсінігінің шеңбері кеңейіп, дамуы қажет.
Бәсекелестік – істің сотта қаралуы айыптау функциясы қорғау
функциясынан және істі шешу функциясынан бөлінетіндей етіп құрылуын
көздейтін сот ісін жүргізу қағидасы; сот процесте басты жағдайда болады,
сотта істің қаралуына басшылық етеді және істің мән-жайын жан-жақты, толық
және объективті зерттеу, іс бойынша ақиқатты анықтау үшін заңда көзделген
барлық шараларды қолдануға, іс бойынша заңда және дәлелді шешімдер шығаруға
міндетті; сотта істің қаралуына қатысушыларға, соның ішінде айыптаушы мен
айыпталушыға тең іс жүргізушілік құқықтар берілген. (9)
Келтірілген анықтама құқықтық негізі Қазақстан Республикасының
Конституцисы болып табылатын осы қағиданың мәні туралы жалпы ұғым береді.
Салалық заңда қағиданың ықпалы іс жүргізу нормаларының бүкіл жүйесінің
мәнінен және ҚІЖК 23-бабында оны орындау қажеттігінің тікелей атап
көрсетілуінен туындайды.
Сот ісін жүргізуді тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығы
негізінде жүзеге асыру қағидасының мазмұнына мыналар кіреді:
- қылмыстық ізге түсуді қорғанудан және істі соттың шешуінен
бөлектеу, бұл аталған функциялар қылмыстық процесті жүзеге асырушы
түрлі органдардың орындауымен қамтамасыз етіледі;
- сотталушыға тағылған айыпты дәлелдеу міндетін айыптаушыға жіктеу;
- қорғанушының сотталушыны қорғаудың заңда көзделген барлық құралдары
мен әдістерін пайдалану міндеті;
- сотты қылмыстық ізге түсу органдарының шегінен шығару және оған
бәсекелесуші тараптардың мүдделерін білдіруге байланысты емес рөл
беру;
- соттың тек құқық мүдделерін білдіруі;
- соттың объективтілгі мен бейтараптығы;
- тараптардың өздеріне жүктелген іс жүргізу міндеттерін орындауы және
заң берген құқықтарын жүзеге асыруы үшін соттың қажетті жағдайлар
жасауы;
- қылмыстық процеске қатысушы тараптарға өз айқындамаларын қорғауға
тең мүмкіндіктер беру;
- соттың шешімді зерттеуге қатысуы тараптардың әрқайсысына бірдей
негізде қамтамасыз етілген дәлелдер негізінде қабылдауы;
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қылмыстық процесс
Қылмыстық процесс принциптерін жіктеу
Азаматтық сот ісін жүргізуде жарыспалылық қағидасын жүзеге асырудың кейбір өзекті мәселелері
Азаматтық іс жүргізу құқығы туралы ақпарат
Қылмыстық процестiң қағидалары
ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ ПРИНЦИПТЕРІ
Азаматтық іс жүргізудің қағидалары
Азаматтық іс жүргізу құқығы туралы
Азаматтық процестегі тараптар және олардың маңызы
Азаматтық іс-жүргізу
Пәндер