Қазіргі қазақ тіліндегі есімше категориясы



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 19 бет
Таңдаулыға:   
Жоспар:
I. Кіріспе.

II. Негізгі бөлім.
1. Қазіргі қазақ тіліндегі есімше категориясы.
2. Көне түркі жазбаларындағы есімше түрлері.

III. Қорытынды.

Бір алуан жұрнақтар етістік негізіне жалғанып, олардан етістік
қасиеті де, есім қасиеті де бар есімше деп аталатын жаңа
категория тудырады.
Есімге де, етістікке де телі бұл категорияға тән формалар
(есімшелер) қолданылу ыңғайына қарай көптік, тәуелдік, септік,
жіктік жалғауларында жұмсалып, сөйлемнің барлық мүшелері де бола
алады. Мысалы, Біздің білетіндеріміз – осылар; Құлақ есіткенді көз
көреді; Айтылар сөз айтылады; Біз ертең киноға бармақпыз; Аларманға
алтау аз, берерменге бесеу көп деген сөйлемдерді алсақ, олардағы:
біл-етін-дер-іміз – бастауыш , есіт-кен-ді – толықтауыш, айтыл-ар –
анықтауыш, бар-мақ-пыз – баяндауыш болып тұр. Ал ал-ар-ман-ға, бер-ер-
мен-ге деген есімшелерге жұрнақ (-ман, -мен), одан кейін барыс
септіктің қосымшасы жалғанып, толықтауыш болып тұр. Бұдан
есімшелерге (білетін, есіткен, айтылар, бармақ, аларман, берермен)
көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары мен жұрнақ қосылуы
нәтижесінде олардың қолданылу аясы кеңейіп, синтаксистік
қызметтерінің өрісі ұлғаятыны және осы ерекшелік қазақ тіліндегі
есімшелерге үйреншікті екені анық көрінеді. Оның бер жағында,
есімшелердің бұл ерекшелігі олардың (есімшелердің) әуелгі төркіні
қимыл атаулары болып, бұрын осындай қызметтерді атқаратын машықтары
кейінгі кездерде де бойларында сақталып қалғанын атай кеткен жөн.
Бірақ есімшелер қимыл атауынан алған әдет-машықтарын бойларында
сақтаумен қатар, етістікке тән қасиеттерін де ұмытпаған. Яғни
есімшелер, амал-әрекет атауы болуымен байланысты, әрі жиі, әрі ұзақ
замандар бойы баяндауыш та болып жұмсалуы нәтижесінде бірте-бірте
шақтық мағынаны білдіру қасиетіне де ие болған. Сөйтіп, бастапқы
қимыл атауына тән формалар, осы айтылғандай, әрі есім қабілетін
бойына сақтап, әрі етістіктің семантикасы мен шақты білдіру
қасиетін иеленіп, қазіргідей өз алдына дербес есімше категориясы
болып қалыптасқан.
Сонымен, көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларда түрленіп,
сөйлемде барлық мүше бола алатын морфологиялық және синтаксистік
сипаттары бар (бұл жағынан есімдерге ұқсас), амал-әрекеттің атауы
болу, семантикасы мен шақтық ұғымды білдіру қабілеттері де бар
(бұл жағынан етістіктерге ұқсас) телі формалар есімшелер категориясы
деп аталады.
Есімшелерге үйреншікті сипат болып қалыптасқан субстантивтік
(әрекет істеушінің аты болу), атрибуттық (заттың әрекеттену белгісі
болу), предикаттық (баяндауыш болу) қызметтері бұл формалардың
жалпы грамматикалық (шақты білдіру) та мағыналарынан туған. Бірақ
есімшелер осы функцияларды амал-әрекет түрінде емес, қимылдың
белгісі я сипаты түрінде көрсетеді, өйткені, әдетте, субъектінің
қимылын
білдіретін етістіктер (алды, алады, берді, береді т.б.) есімшеге
айналғанда (мысалы, алған, алар, алатын т. б.), сол субъектінің
қимылына емес, оның белгісіне көшеді. Дегенмен, сөйлемде қандай
қызмет атқарса да, есімшелер өздерінің негізгі сипатынан – шақтық
мәнді білдіру қабілетінен айырылмайды. Осы сипатына орай, есімшелер
категориясы есімдер тобына емес, етістіктер тобында қаралады. Ендеше
есімшелер етістікке жіктелу сипатына қарап жатқызылмайды (өйткені
қазақ тілінде баяндауыш болған сөздердің бәрі де жіктеледі), шақ
сипаты болатындығына қарай жатқызылады және есімшелерді
таптастырғанда, олардың осы сипаты негізге алынады.
Осы айтылған қасиетіне қарай, есімше формалары өткен шақ
есімше, осы шақ есімше, келер шақ есімше болып үш салаға
бөлінеді.
1. Есімшенің өткен шақ түрі етістік негізіне -ған (-ген, -қан,
-кен) жұрнағы мен -атын (-етін) жұрнағы жалғану арқылы жасалады.
а) –ған жұрнағы арқылы жасалған форма, сөйлемнің қай орнында
қалай түрлендіріліп жұмсалса да және құрылымы жалаң я күрделі
түрде қолданылса да, дәйім өткен шақ мәнін білдіреді. Мысалы: Мен
ол кісіні талай көргенмін, талай әңгімелескенмін. Жазылған хат,
оқылған кітап көп-ақ, бірақ солардың бәрі де есте қалмаған екен.
Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі. Жылтырағанның бәрі алтын
бола бермейді т. б. Бұл мысалдарда түрленіп те, түрленбей де
қолданылуына қарай, өткен шақ есімшеден болған бастауыштар да,
анықтауыштар да, баяндауыштар да бар, бірақ солардың бәрінен де
өткен шақ мәні аңғарылады.
Бұл форма қосарланып та жұмсала береді. Мысалы: көрген-білген,
келген-кеткен, көрмеген-білмеген т. б.
Өткен шақ есімшеден мынадай жұрнақтар арқылы туынды сөздер
жасалады:
1. –ша, -ше: алғанша, келгенше, айтқанша, кеткенше...
2. –дық, -дік (-тық, -тік) : оқығандық, білгендік, көргендік т. б.
3.-дай (-дей) : айтқандай, білгендей, көргендей т. б.
4.-сы (-сі) : оқығансы, білгенсі, көргенсі т. б.
Әдетте, өткен шақ есімше формасына екен, еді, бол көмекші
етістіктері, білем, шығар (модаль) сөздері және тәрізді, сияқты,
секілді шылаулары тіркесіп аса жиі қолданылады. Бұл дәнекерлердің
әрқайсысы есімшеге өзінше әр қилы қосымша модальдік реңк, шақтық
мән үстейді. Мысалы: Ұйықтаған бола қалды; келген екен; айқан
еді; барған шығар; естіген білем т. б.
ә) –атын (-етін, -йтын, -йтін) жұрнағы арқылы жасалатын есімшенің
қай мезгілді білдіруі контекске байланысты, өйткені оның қай шақты
білдіруі айналасындағы сөздерге қарай ауысып отырады. Бірақ бұл
форма, әдетте, бұрынғы я ертерек кезде болған амал-әрекетті
қазіргідей етіп көрсету үшін көбірек қолданылады да, осы шақ пен
келер шақта болатын әрекетті білдіру үшін сирек жұмсалады. Оның
бұл ауыспалы сипаты жұрнақтың күрделілігінен туған сияқты, мысалы,
өткен шақтық мән жұрнақтың құрамындағы әуелгі -ған (тұр+ған)
бөлшегінен тиген енші болса, осы шақтық мән әуелгі -а (-е, -й)
жұрнағы мен тұр етістігінен қалған болса керек. Ал -атын
жұрнағының келер шақтық мәні (баратын жұмысым бар; жөнелетін
жолаушыларым бар) сөз тіркестерінің ауқымынан пайда болатын
ерекшелік тәрізді. Мысалы: біздер уақыт-уақыт жиналатынбыз да,
әлеуметтік жай, әдебиет мәселелері жөнінде пікір алысатынбыз, тіпті
кейде қатты таласатынбыз... сияқты тексте, әрине, өткен бір
кездерде болған іс-әрекет жайында сөз болып отырғаны айқын. Сонымен
қатар, ол формадан өткен уақыттарда болған іс-әрекет бір жолғы
құбылыс емес, үнемі болып отырған, әдетке айналған, дағдылы машық
болған ама-әрекет екені де бағдарланады. Осыдан бұл форманың,
контекске қарай, бірде осы шақ, бірде келер шақ мәнін білдіру
қасиеті қалыптасқан. Өйткені Қолым тимейді, күнделікті істейтін
ісім, атап айтқанда, беретін сабағым, үй-үйге кіріп, газеттен
оқитын хабарым, арнайы өткізетін әңгімелерім бар деген сияқтытекстен
әрине, дағдылы, үздік-создық тындырылып отыруға тиісті іс-әрекет
аңғарылады. Ал ол баратынға ұқсайды, баратын сияқты дегендерді
барғанға ұқсайды, баратын шығар тәрізді тіркестермен салыстырсақ,
олардың алғашқыларынан келер шақ нышаны, соңғыларынан өткен шақ
мәні аңғарылады. Сондай-ақ, баратындай, келетіндей дегендерді
баралықтай, келерліктей формаларымен салыстырсақ, бұл мағына одан да
айқындала түседі. Сонымен, -атын (-етін), -йтын (-йтін) формалы
есімше өткен кезде болған іс-әрекетті шүбәсіз етіп суреттеу үшін
көбірек қолданылса да, әредік күнделікті әдетке айналып істеле
беретін қазіргі істі де, болашақта істелуге тиісті істі білдіру
үшін де жұмсалады.
Баратын сияқты, баратын болар, баратын білем, баратын болып
отыр, баратын еді деген тіркестерден -атын формалы есімшенің
мағынасына тіркескен дәнекерлер арқасында әр түрлі күмәндылық,
айғақтылық, болжалдық тәрізді реңктер жамалады.
2. Есімшенің осы шақ түрі, жоғарыда айтылғандай, контекске қарай
-атын (-етін, -йтын, -йтін) жұрнағы арқылы жасалады. Бірақ бұл осы
шақтың мағынасы сөйлесіп отырған кезді дәл атамайды,- дағдыға,
әдетке айналған, үйреншікті болған, жалпы жүзеге асып отыратын я
істеліп жататын әрекетті білдіреді. Осы себептен бұл форма жалпы
осы шақ есімшесі деп аталады. Мысалы, Сенің алғаның да, алатының
да, аларың да ылғи алғыс дегендегі алғаның - өткен шақ, алатының –
осы шақ, аларың – келер шақ екені күмәнсіз. Дегенмен, есімшенің осы
шағының мағынасы да, қызметі де сол есімшелердің өзге шақ
формаларымен, етістіктің өзге формаларымен үнемі қарым-қатынасқа
түсу, олармен тығыз байланысу нәтижесінде қалыптасқанын ескерген
жөн.
-атын (-етін, -йтын, -йтін) формасы қай шақты білдірсе де,
қажетінше, көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғауларын қабылдап,
жұмсала береді. Мысалы, Түсінбейтіндер, әдетте, оқымайды, тыңдамайды.
Сенің түсінбейтінің де осындай қылығыңнан. Келетінімді біледі,
күтетін болар т. б.
-атын формалы есімшеге -дай (-дей, -тай, -тей), -дық-тан жұрнақтары
қосылып, туынды сөздер жасала береді. Мысалы, айтатындай,
баратындай, көретіндей; баратындықтан, келетіндіктен, оқитындықтан
т.б.
3. Есімшенің келер шақ түрі етістік негізіне -ар (-ер, -р)
жұрнағы мен -мақ (-мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек) жұрнағы жалғану арқылы
жасалады.
а) –ар жұрнағы арқылы жасалатын есімше сөйлемде қай орында,
қандай мүше болып қолданылса да, семантика жағынан үнемі келер шақ
мағынасын білдіреді. Бірақ бұл форманың қолданылу өрісі есімшенің
өзге формаларына қарағанда тар. Мысалы, -ар формалы есімше
анықтауыш қызметінде аз жұмсалады да, көбінесе баяндауыш ретінде
қолданылады; сондай-ақ бұл форма тұрлаусыз мүше бола алады, бірақ
өзге есімшелерге қарағанда, әлдеқайда сирек жұмсалады (болымсыз түрі
бар-ма-с, кел-ме-с, айт-па-с). Бұл есімше тәуелденіп те, септеліп
те, жіктеліп те қолданыла береді, бірақ оған еш уақытта көптік
жалғауы қосылмайды. Мысалы, Қайта кірер есікті қатты жаппа;
Айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды т.б.
Бұл есімшенің болымды және болымсыз түрі қайталанып жұмсала
береді де, түрлену ерекшелігіне орай, сөйлемде әр қилы мүше бола
алады. Мысалы, айтар-айтпастан, келер-келместен (тек пысықтауыш қана
болады); болар-болмас бірдеңе жиналыпты (анықтауыш), келер-келмесі
мәлімсіз (бастауыш) т.б.
Келер шақ көсемше екен, еді, емес дәнекерлерімен және -ақ
шылауымен де жұмсала береді. Ондайда әрине, есімшеге күдік, сенім,
шарт, болжал тәрізді қосымша мағыналар жамалады (келер ме екен,
айтар ма екен, барар еді, келер-ақ, келер емес) т. б.
Бұл формадан -дай (-дей, -тай, -тей), -лық (-лік...) жұрнақтары
арқылы жаңа сөздер туады. Мысалы, жылардай, ренжірдей, көрместей,
білместей т.б.
ә) –мақ (-мек) жұрнағы арқылы жасалатын есімше амал-әрекеттің
алдағы уақытта жүзеге асуы анық, айқын екенін білдіреді. Мысалы,
Тоты құс түсті көбелек, жаз сайларда гулемек, Бәшешек солмақ,
күйремек. Олар осында келмек, біз оларды күтпекпіз т.б.
Бұл есімшеге -шы (-ші) формасы қосылып та жұмсала береді.
Ондайда есімше амал-әрекетті білдірмегенімен, жүзеге асу үмітін
нығайта, күшейте түседі (мен айтпақшымын, олар жүрмекші). –мақ (-
мек) формалы есімше әредік қана септеліп, тәуелденіп жұмсалғаны
болмаса, негізінде аз түрленеді (Алмақтың бермегі болады).
-мақ жұрнағы етістік негізінің болымсыз түріне қосылмайды. Сол
себептен есімшеге (емес, жоқ) дәнекерлері тіркесіп қана болымсыздық
мағына білдіреді (келмек емес, кел демек бар, кет демек жоқ).
2. Қазіргі қазақ тіліндегі -у (алу, жазу), -ушы (сөйлеуші,
өтінуші), -аған (-еген), -ашақ (келешек, болашақ), -мыс (тұрмыс,
болмыс, жазмыш, алдамыш), -ман (аларман, беремен), -ды (-ді...)
формалары ерте кезде есімше жұрнақтары болған. Бірақ бұлардың
ішінен тек -ды (-ді) формасы ғана (бар-ды-м, кел-ді-м, оқы-ды-қ)
бірыңғай таза өткен шақтың көрсеткішіне айналған, өзге формалар
шақтық мәнді білдіре алмайтындықтан, есім жұрнақтарына айналып
кеткен.
Көне түркі тілінде есімшелік тұлғалар да сан жағынан әлдеқайда
көп. Бір қызметте кейде бірнеше морфологиялық тұлғалар қолданылған.
Бұған қарағанда тілдің даму барысында есімшелік тұлғалардың азаюына
бұрын бірнеше формалар арқылы берілетін мағыналық мәнерлердің бір
ғана форма айналасына шоғырлануы себеп болса керек. Қазіргі
тіліміздегі кейбір есімше тұлғаларының қызмет аясының өте кең болуы
тілдің тарихи даму барысында болған осындай процеспен байланысып
жатады.
Көне түркі тілінде қолданылған кейбір есімшелік форманттар
қазіргі түркі тілдерінде сол күйінше қолданыс тапса (кейбір
фонетикалық айырмашылықтарын ескермесек), бір тобы жеке сөздер
құрамында өлі қосымша болып сақталып қалған. Көне түркі тілінде
қолданыс тапқан есімше форманттарының кейбір басты ерекшеліктері
мынадай: -мыш Орхон-Енисей жазбалары тілінде, сондай-ақ, кейінгі
орта ғасыр жазбаларында да есімшенің өткен шағын жасаған аффикс:
қалмыш (қалған), тегміш (түйіскен), қазіргі біздің тіліміздегі -ған
аффиксінің қызметін атқарған. Бұл формант, сонымен қатар, қимыл
есімінің қызметінде де кездеседі. Бұл мәнде ол қазіргі біздің
тіліміздегі тұйық рай тұлғасы -у-ға сай: бітміш (жазу, жазба),
берміш (беру, бересі). –мыш форманты ашық райлы етістік қызметінде
де қолданылып, сөйлемнің баяндауышы болған: йоқ ерміш (жоқ еді).
Сонымен бірге тұрлаусыз мүшелер қызметін атқарып, әр түрлі септік
жалғауын қабылдаған: адырылмышда (айырылысқанда), бітмішін
(бітісімен). Шылаулармен де бір тіркесте қолданылған: будун болмыш
учун (халық болғаны үшін). Орта ғасыр жазбалары тілінде -мыш
тұлғасының істің болған-болмағанын дүдамал, оны біреудің сөзі арқылы
хабарлау мәнінде де қолданылатыны кездеседі. М. Қашқари -мыш
аффиксінің бұл қызметі жайлы былай деп жазады : -мыш, -міш
қосымшасы да іс-әрекеттің өткен уақытта болғанын білдіреді. Бірақ
мұнда сөйлеушінің өзі көрмеген, анық еместік мағына бар, ол бармыш
– ол барған болу керек, бірақ мен өзім көрген жоқпын. Ол келміш –
ол келген болу керек, бірақ мен өзім көрген жоқпын. Осымен
байланысты, қазақ тілінде ұшырасатын, сөйлем баяндауышына тіркесе
айтылып, істің болмағандығын, бірақ болды деп жорамалдағанын
білдіретін -мыш, -мыс тұлғаларын еске түсіру орынды: айтыпты-мыс.
Бұл ыңғайда жақтық қосымшаның қандай болғанына қарамай, өзгермей
тіркеседі. Э. Наджип ортағасырлық Алтын Орда әдеби тілінде -мыш
тұлғалы есімше баяндауыш қызметінде жұмсалғанда, тек қана III жақты
білдіретінін, өйткені жақ жалғауларын қабылдамайтынын айтады. Осы
ескертпе қазақ тіліндегі барыпты-мыс тұлғаларының қалыптасуына қалай
да қатысты. Қазақ тілінде -мыш формантына тән барлық мән-мағына
-ған формантына ауысқан кезде -мыш реликт есебінде қазіргідей
позицияда қалып қойған деп қарауға әбден дәлел бар. Қалай болғанда
да, қазақ тіліндегі -мыш тұлғасының осы қолданысы бір жағынан көне
түркілік қолданыспен, екінші жағынан қазіргі чуваш тіліндегі
қолданыспен тығыз ұштасып жатады. –Мыш біздің қазіргі тілімізде жеке
сөздер құрамында ғана сақталған : тұрмыс, жазмыш, озмыш, болмыс,
тарамыс тәрізді сөздер құрамындағы осы тұлға. –Мыш тұлғасы өзінің
бұрынғы мағынасында қазіргі оңтүстік-батыс тілдерінде ғана сақталған.
Қазіргі тілімізде өткен шақ есімше мәнін беретін -ған тұлғасы
Орхон-Енисей жазбаларында кездеспейді, бірақ XI ғасырдағы Қашқари
сөздігінен бастап аса жиі қолданыс тапқан формант. М.Қашқари бұл
тұлғаны өткен шақтық мән беретін форманттың бірі деп пайымдайды.
Алайда Қашқаридың түсіндіруінше -ған тұлғасы істің дүркінділігімен
байланысты ұғынылатын формант: Іс-әрекеттің көп мәрте болғанын,
созылыңқы екенін білдіруші сипат. Бұл сипат барлық тайпа тілдерінде
және әрбір бөлімде бұйрық рай тұлғасында жасалады. Бұйрық рай
қатаң қ-ға бітсе, -ған, жұмсақ сөздерге -ген қосылады. Сондықтан
көп мәрте қайталанған іс-әрекетті білдіруші сипат барған бар бұйрық
райынан, тұрған тұр бұйрығынан жасалған. Бұған қарағанда Қашқари
дәуірінде -ған, -мыш тұлғаларының арасында белгілі дәрежеде
қолданыстық шек болған. Қазіргі қазақ тілінде -ған тұлғасының -мыш
форманты беретін барлық мағыналық мәнерлерде жұмсалуы соңғының
қолданыстан шығып қалуымен байланысты болса керек. Алтын Орда әдеби
тілінде өткен шақ мәнінде -ған форманты аса жиі де кең қолданыс
тапқан. Ал -мыш негізінен тек қана анықтауыш қызметін атқаратын,
сонымен қатар III жақтық баяндауыш болып жұмсалатын формант қана,
яғни, қолданылуы грамматикалық жағынан шектелген формант ретінде
ғана ұшырасады. Сөйтіп ол тілде -мыш формантының орнын -ған
форманты ала бастағаны байқалады. Тарихи жағынан екеуі (-мыш пен
-ған) екі тайпа не тайпалар одақтары тіліне тән формалар болу
керек. Оңтүстік батысқа қатысты жазбалар тілінде -мыш актив
қолданылғанмен, Алтын Орда жазбаларында бұл сирек ұшырайды. Бұл сол
тілдердің негізі болған тайпа тілдерінің ерекшелігі екеніне дау
жоқ. Қазіргі түркі тілдерінде бұл тұлғалардың қолданылуы белгілі
бір жүйені байқатады. –мыш тұлғасын қолданатын тілдер -ған тұлғасын
айтпайды да, -ған тұлғасы актив тілдер -мыш тұлғасын қолданбайды.

-ған этимологиялық жағынан құранды. Оның алғашқы бөлімі -ға –
қимыл есім тұлғасы да, -н ежелгі дәуірде өткен шақты білдірген
қосымша, -н қосымшасы қазіргі чуваш тілінде осы мағынада
қолданылады.
-р (-ар, -ер) есімшесі қазіргі түркі тілднрінде, соның бірі
қазақ тілінде келер шақ мәнін беретін арнаулы грамматикалық тәсіл.
Келер шақ көрсеткіші есебінде бұл тұлға Y-YIII ғасыр ескерткіштері
тілінде, негізінен, мына төмендегідей қызметте қолданылған: есімше,
яғни, өзінің тура мәнінде: көрүр көзүм, білір білігім, йүкүнүр
күн; осы шақ мәнінде: берүр, барыр; келер шақ мәнінде: йылан йыл
онунч айқа Иноз Иненчу Бес балыққа барырмен. Сонымен біргке ертім
көмекші етістігімен тіркесіп келсе, созылыңқы өткен шақ мәнін де
береді. Әр түрлі септік жалғауларын ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІ Ы.МАМАНОВТЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МҰРАСЫ
Модификациялық етістіктер
Тілдің грамматикалық құрылысы, оның қызметі
Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы (Ы.Е.Маманов еңбектері негізінде)
Тіл қарым-қатынас құралы
А. Байтұрсыновтың есім сөздерді жіктеуі
Етістік. Етістіктің категориялары және ерекшеліктері
ҚAЗAҚ ЖӘНЕ AҒЫЛШЫН ЕСІМШЕЛЕРІНІҢ СЕМAНТИКAСЫ, ПРAГМAТИКAСЫ ЖӘНЕ ОЛAРДЫҢ ЖӘЙ ЖӘНЕ КҮРДЕЛІ БAҒЫНЫҢҚЫ СӨЙЛЕМДЕРДЕГІ ҚЫЗМЕТІ
Есімшелердің етістіктерше жұмсалу қызметі
Етістік түбірдің семантикалық ерекшеліктері
Пәндер