Контаминацияның қазақ тіл білімінде зерттелінуі


ТАҚЫРЫБЫ: Қазақ тіліндегі сыйысу құбылысы.
ЖОСПАР:
Кіріспе
Қазақ тіл біліміндегі синтаксистік құбылыстар (деривация, трансформация, контаминация және т. б. ) тілдің шығармашылығымен, ондағы бірліктердің функциясымен тығыз байланысты. Дәстүрлі синтаксис тарапынан қарастырылатын сөздің морфологиялық тұлғасы контексте өзінің негізгі синтаксистік қызметімен сәйкес келе бермейді. Яғни кез келген тілдік құралдың функциялық потенциялы дәстүрлі грамматикада танылғандығынан әлдеқайда кең екендігі байқалады. Тілдегі жаңа қолданыстар мен фактілерді танып білу синтаксистегі қалыптасқан қағидаларды жетілдіруді, кейбір заңдылықтарды тереңірек қарастыруды талап етеді.
Зерттеу жұмысының өзектілігін контаминация құбылысының арнайы зерттеу нысанына айналғандығымен негіздеуге болады. Бұл мәселе қазақ тіл білімінде енді ғана қолға алынып келе жатқан коммуникативтік синтаксис мәселесімен де өте тығыз байланысты. Коммуникативтік синтаксис тіл білімінде қазір өте актуалді болып табылатын функционалдық бағытпен ұштасып жатыр. Жалпы тіл білімінде функционалдық бағыттың бірнеше түрлері бар. Солардың бірі белгілі бір тілдік заңдылықты (мәселен, контаминация құбылысын) тіл жүйесінде тұтас алып қарастыру болып табылады. Бұдан олардың арасындағы деңгейаралық байланысты анықтауға мүмкіндік туындайтындығы белгілі.
Зерттеу нысаны ретінде қазақ тіл жүйесіндегі контаминация құбылысы арқылы жасалған тіл бірліктері (лексема, фраза), синтаксистік құрылымдар (сөз тіркесі, сөйлем) алынды. Оның ішінде сыйысқан құрмалас сөйлемдер, контаминация жолымен қалыптасқан тұрақты және еркін тіркестер.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - қазіргі қазақ тіліндегі сыйысқан тілдік бірліктерді анықтап, олардың сыйысу механизмдерін көрсету және оған әсер етуші экстралингвистикалық факторларды табу.
Осы мақсаттарға сай мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
- контаминация құбылысының лингвистикалық анықтамаларын жинақтап, сараптама жасау;
- контаминация құбылысының тілдегі басқа заңдылықтардан (синкретизм, ассимиляция, элипсис, парцелелляция, редукция және т. б. ) айырмашылығын көрсету;
- контаминация жолымен қалыптасқан еркін және тұрақты тіркестерді тауып, оларға компоненттік талдаулар жасау;
- бірыңғай тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелердің сыйысу ерекшеліктерін көрсету;
- сыйысудың субъективтілік мәнін дәлелдеу және контаминация құбылысына әсер ететін экстралингвистикалық факторларды анықтау;
- контаминацияланған сөйлемдердің коммуникативтік-экспрессивтік қызметін көрсету.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Осы жұмыста қазақ тілі жүйесіндегі контаминациялық құбылыстар тұңғыш рет барлық деңгейді қамтып, алғаш рет кешенді түрде сөз болды:
- жалпы тіл білімінде түрлі анықтамалар арқылы түсіндірілетін контаминация құбылысының ортақ мәні көрсетіліп, барлық деңгейдегі сыйысқан бірліктерге тән ортақ белгісі анықталды;
- тіл жүйесіндегі ықшамдалуға қатысты басқа да заңдылықтардан (редукция, ассимиляция, элипсис, синкретизм, парцелелляция және т. б. ) сыйысудың ерекше құбылыс екендігі дәлелденді;
- синонимдес, варианттас және мағыналары жақын емес фразеологиялық бірліктердің контаминациялану арқылы қалыптасу ерекшеліктері көрсетілді;
- синтаксистік валенттілік, семантикалық валенттілік және контаминациялық құбылыс арқылы пайда болған жаңа сөз тіркестері анықталып, оларға компоненттік талдаулар жасалды;
- бірыңғай тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелердің сыйысу ерекшеліктері айқындалды;
- ықшамдалған, сыйысқан құрылымдардың коммуникативтік-прагматикалық негізі болатындығы дәлелденді;
- контаминацияланған құрылымдардың коммуникативтік-экспрессивтік қызметі мен сыйысудың субъективтік мәні анықталды.
Контаминация құбылысы және оның лингвистикалық сипаты
Тіл біліміндегі контаминация құбылысын ықшамдаудың (үнемдеудің) бір тәсілі ретінде қараған дұрыс. Ықшамдау (үнемдеу) жалпы тіл жүйесіне қатысты және әр түрлі тәсілдермен жүзеге асатын құбылыс. Кезінде А. Мартине үнемдеуге (экономия) аса мән берген болатын: Постоянное противоречие между потребностями общения человека и его стремлением свести к минимум свои умственные и физические усилия может рассматриваться в качестве движущей силы языковых изменений. Здесь, как и в ряде других случаев, поведения человека подчинено закону наименьшего усилия, в соответствии с которым человек рассматривает свои силы лишь в той степени, в какой это необходимо для достижения определенной цели [1, 77 б. ] .
А. Мартиненің ойынша, ықшамдаудың екі түрі болады: синтагммалық және парадигмалық. Тіл жүйесіндегі ықшамдауды ғалым синтагмалық, ал сөйлеу кезіндегі ықшамдалуды парадигмалық деп таниды. Ықшамдаудың өзі сөйлеуге тікелей қатысты болатындығын осы салаға қатысты қалам тартып жүрген бірде бір ғалым жоққа шығарған емес. Тағы бір шетел ғалымы Г. Паульдің пікірінше, тіл жүйесінде синтаксистік құрылымдардың толық нұсқалары болғанымен сөйлеуде сөйлеу жағдаяты мен контекске қарай қажеттілері ғана пайдаланылады екен [2, 86 б. ] . Шындығында да, сөйлеу кезінде қолданылатын синтаксистік құрылым бір-ақ сөзден де тұруы мүмкін. Сөйлеушілер үшін оның өзі түсінікті болады, егер олар жалпы жағдайға қанық болса. Мұндай жағдай барлық тілдерге тән. Ықшамдаудың түрі көп және оның деңгейлік сипаты бар екендігін айта кету қажет. Ассимиляция, редукция құбылыстары фонетика деңгейіне тән болса, контаминация, синкретизм және т. б. одан жоғары тұрған деңгейлерге тән болып келеді.
Э. Г. Ризельдің айтуынша, тілде ықшамдаудың үш түрі болады: окказионалды және жекелік ықшамдау, сондай-ақ узуалды ықшамдау. Ғалым үшінші узуалды ықшамдауды контекске байланыссыз деп қарайды [3] .
Узус дегеніміз (лат. usus) сөздердің әдеби тілдеріндегідей норма емес, бір тілде сөйлейтін адамдардың басым көпшілігі қабылдаған сөйлеу үлгісі, сөз қолданудағы әдет, дағды. Әдеби нормалар әр дәуір талабына сай үрдіс ретінде өзгеріп отыруы мүмкін, ал узус тұрақты, оны халық үнемі қолданады. У. тілдік дәстүрмен ұштасып жатыр. Узус контекстерде не жеке адамдардың тілінде кездесетін, уақытша қолданылатын сөз формаларына қарама-қарсы құбылыс [4, 370 б. ] .
Ғ. Қалиев окказионал сөздерді тосын сөз деп аударған да, оған мағыналары көпшіліктің қолдануына сәйкеспейтін, әдетте контексте ғана кездесетін, тілде орнықпаған сөздер деген анықтама береді [4, 328 б. ] . Э. Г. Ризельдің айтуынша, оккозионалды және индивидуалды ықшамдау узуалды ықшамдауға қарсы қойылады. Ықшамдаудың қай түрі болмасын құрылымға экспрессивті мән үстейді: … сокращенные и упрощенные конструкции характеризуются динамичностью, свежестью, живостью изображения, особой экспрессивной выразительностью [3, 130 б. ], - дейді ғалым. Ал ықшамдаудың өзі аяқталған ойды жеткізуге арналған синтаксистік құрылымды біріктіретін, байланыстыратын морфологиялық құралдардың, лексикалық бірліктердің түсірілуі арқылы жүзеге асады. Мұндай құбылысты татар тіліндегі ықшамдалу құбылысын қарастырған ғалым Ф. С. Сафиуллина «Семантикалық компрессия» деп атайды [5, 82 б. ] . Автор компрессияның түрлеріне мыналарды жатқызады: «В простых предложениях наблюдается выпадение аффиксов сказуемости. В разговорной речи татар появляются новые структурные модели речи татар словосочитаний и предложений: сегментация, парцелляция, уменьшение объема предложения» [5, 82 б. ] . Біздің ойымызша, автор бұл жерде компрессия құбылысын жалпы ықшамдаумен синоним мағынасында алып отырған сияқты. Өйткені компрессия құбылысы да парцелляция сияқты ықшамдаудың бір тәсіліне жатады.
Тілдегі деривация құбылысының бірнеше түрі бар: лексикалық, семантикалық және синтаксистік. Синтаксистік деривация арқылы сөйлем құрлымы жағынан күрделенеді. Ал оның кері тәсілі тілдегі ықшамдалу заңымен тығыз байланысты. Мысалы, Мен алыстағы ауылға барамын → Мен ауылға барамын → Ауылға барамын → барамын.
Бүгінгі синтаксис мамандары синтаксистегі құрылымдардың ықшамдау құбылысын компрессия тәсілімен жүзеге асады деп қарайды. Компрессия да халықаралық термин. Латын тіліндегі беретін мағынасы тығыздалу «сығылу». Компрессия құбылысы жоғарыда талданған синкретизммен ұштасып жатады. Бір тілдік элементтің бойында екі немесе одан да көп тілдік элементтердің функциялылық түйісіп қабаттасып жұмсалуын тіл білімінде синкретизм деп атайды.
Тілімізде екі немесе одан да көп сөйлемдердің бір сөйлемнің бойына сыйысып жұмсалу сәттері жиі кездесіп жатады. Мысалға, Көш алдында Тәкежан, Әзімбай, Майбасар барады (М. Әуезов) ; Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып (Абай) ; Бақ ішінде қызыл, сары, көк гүлдер жайнап тұр (Ауызекі тіл) және т. б. сипаттағы сөйлемдерді алсақ, бірінші мысалдағы сөйлемді көш алдында Тәкежан барады, көш алдында Әзімбай барады, көш алдында Майбасар барады деп немесе екінші мысалдағы сөйлемді қырдағы ел ойдағы елмен араласады, күлімдеседі, көріседі, құшақтасады деп құруға болады. Ал үшінші сөйлемді Бақ ішінде қызыл гүл жайнап тұр, сары гүл жайнап тұр, көк гүл жайнап тұр деп өзгертсек, айтайын деген ой ешқандай да өзгеріске ұшырамайды.
Байқағанымыздай, жоғарыдағы мысалдардағы белгілі бір сөйлем мүшелері (бірінші сөйлемде Тәкежан, Әзімбай, Майбасар , екінші сөйлемде араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып , үшінші сөйлемде қызыл, сары, көк ) бірыңғайда қолданылған, яғни бірінші сөйлемде бірыңғай бастауыш болса, екінші сөйлемде бірыңғай баяндауыш болады, ал үшінші сөйлемде сөйлемнің тұрлаусыз мүшесі анықтауыш мүшелері қолданылған. Тіл білімінде осы сипаттағы сөйлемдерді контаминация құбылысы деп атайды. Жоғарыда келтірілген мысалдарда бірыңғайда қолданылған жеке-жеке сөйлемдерді қандай да бір жақын жақтарына қарай бір сөйлем бойына сыйыстыра қолданылғандығын байқауға болады. Бірінші сөйлемдегі ортақ белгілері, яғни жақын жақтары олардың бастауыштарынан ( Тәкежан, Әзімбай, Майбасар ) көрініс тапқан, екінші сөйлемдегі жақындастыратын бірліктері, сөйлемнің баяндауыштарынан ( араласады, күлімдеседі, көріседі, құшақтасады ) байқалады. Ал үшінші сөйлемде сөйлемнің бірыңғай мүшелері, анықтауыштар арқылы ( қызыл, сары, көк ) жақындасады. Міне осы құбылыстарды контаминация деп атайды.
Контаминацияның тіл біліміне байланысты анықтамалары көп. Тіл білімі сөздігінде: «Контаминация (лат. contaminati - жанасу, араласу) ағыл. contamination, blending, фр. сontamination, нем. Kontamination - ассоциациялық, құрылымдық немесе функциялық қатарда өзара жанасқан, тілдік единициялық немесе функциялық қатарлардың ықпалдасу нәтижесінде олардың семантикалық немесе формальдық өзгерістерге түсуі және тілдік жаңа единицаның жасалуы. Әдетте К. ауызекі сөйлеу аясында байқалады және әдеби нормадан ауытқу болып табылады» [6, 189 б. ] . Контаминация латын тілінен аударғанда араластыру мағынасын береді. Ал Л. Н. Мурзин «Контаминация дегеніміз екі сөйлемнің бір-біріне кірігуі» [7, 27 б. ], - деп көрсетеді.
Шет тілдер сөздігінде контаминация: 1. Бір шығарманың әртүрлі редакциялық мәтіндерін қосу (біріктіру) ; 2. Екі немесе бірнеше оқиғаны қосақтап, араластыра сипаттау; 3. Екі сөз немесе сөйлем бөліктерін біріктіріп қосудың нәтижесінде пайда болған жаңа сөз немесе сөйлем [8, 248 б. ] .
О. С. Ахманова тіл білімі терминдері сөздігінде: «Контаминация … бірігу нәтижесінде мағыналық және тұлғалық өзгерістерге ұшырайтын немесе үшінші жаңа тілдік бірлік пайда болатын ассоциативті немесе синтагмалық қатарда тоғысатын тілдік бірліктердің өзара қатысы» [9, 206 б. ], - деп түсіндіреді.
Н. И. Кондаковтың логикалық сөздігінде екі немесе бірнеше құбылыстың араласуы, тоғысуы деген түсінік берілген де, оған жабродышащие (желбезекпен дем алушылар), лже свидетель (жалған куәгер болу), сенокосилка (шөп шалғы) және т. б. мысалдар келтірілген [10, 261 б. ] . Бұдан контаминация құбылысын сөзжасам (күрделі сөзжасам) мәселесіне де қатысты қарастыруға болатындығын байқауға болады. Синтаксисте контаминация құбылысы валенттілік теориясымен тығыз байланысты. Олай дейтін себебіміз, контаминацияның өзі процестің сыртқы атауы болса, валенттілік сол құбылысқа негіз болатын тірек. Тіл білімінде оның тұлғалық және мағыналық түрлері болады. Жоғарыда аталған логикалық сөздікте контаминация құбылысының тілдік нормаға тигізетін кері әсері бары көрсетілген: иногда контаминация осуществляется некорректно; напр., результате непродуманного смешается двух выражений: «играть роль» и «иметь значение» возник неприемлемый оборот: «играть значение» [9, 261 б. ] . Біздіңше, тіркесте мағыналық валенттілік ескерілмеген.
Кейінгі 2005 жылы шыққан Ғ. Қалиевтің сөздігінде контаминация тіл білімі термині ретінде талданып, оған мынадай анықтама берілген: Контаминация - сөз тіркестерінің немесе ұқсас тұлғалардың бірігуі, тоғысуы, шектестігі нәтижесінде туған жаңа сөз я сөз тіркесі. Мысалы, қолы жүйрік деген тіркеске шектестіктен қаламы жүйрік (қолы мен қаламының шектестігінен) тіркесі шыққан. Ауыз әдебиетіндегі сұр жебе , ақ перен тіркестерінен Нысанбай жырау сұр перен тіркесін жасаған: Наурызбай сынды сұр перен және т. б. [4, 159 б. ]
Бұл келтірілген сілтемелерден бірақ нәрсені байқауға болады. Ол контаминация - араласу, кірігу, қосақтау, тоғыстыру. Демек, контаминация екі немесе бірнеше бірліктердің қандай да бір ортақ, жақын белгілерін бір тілдік бірліктердің, яғни бір сөйлемнің бойына сыйыстыру, кіріктіру, жинақтау, топтау, тоғыстыру.
А. Салқынбай мен Е. Абақан шығарған лингвистикалық түсіндірме сөздікте контаминация - семантикалық, қызметтік, құрылымдық жақындық негізінде екі тіл бірлігінің элементтерінің сөйлеу кезіндегі араласуы [11, 110 б. ] деген анықтама берілген. Контаминация нәтижесінде әйтеуір бір тілдік бірлік пайда болады. Тілдік бірлік жоғарыда талданғандай құрмалас сөйлемдер немесе күрделі құрылымдар ғана емес, фразеологизмдер, жай еркін тіркестер немесе сөздер болуы мүмкін екен. Мәселен, қара+ала+құс - қарлығаш; бұл+күн - бүгін; бұл+жыл - биыл және т. б. Сөздіктерде, түрлі лингвистикалық әдебиеттерде берілген анықтамаларға сүйеніп, осындай құбылыстарды да контаминацияға жатқызатын болсақ, онда оларды тілдегі басқа да фонетикалық құбылыстардан (ассимиляция (ассибиляция), редукция, аккомодация және т. б. ) ажыратып, ерекшеліктерін көрсетіп (1. 3. тарауша) беруіміз керек.
Фонетикалық деңгейдегі ықшамдалуды А. Қалыбаева былайша негіздейді: «Бірнеше формадан тұратын сөздер мен сөз негіздерінің тіл-тілде айтыла келе деформацияланып кетуі барлық тілде бірдей шарт емес және бұл құбылыс белгілі тілдегі, мәселен, қазақ тіліндегі, барлық сөзді қамти беруі заң емес. Қатар айтыла кірігіп, деформациялану процесін /алдыңғы орында тұрған компонентінің минимум қысқаруын/ дәлелдейтін тілдік факты есепті: әкел - әпкел, әпер, апар, өйт т. б. мысалдар келтіруге болса, соңғы/постпозитивті компонентінің де бастапқы түбірі танымастай өзгертіп кету мүмкіндігі барын көрсететін заңды құбылысқа: отыр, жатыр, тұр етістіктерінен, сондай-ақ көптеген аффикстер төркінін жатқызуға әбден болады» [12, 54 б. ] .
Ықшамдау мәселесімен шұғылданған ғалымдар Г. Пауль, П. Пасси, А. Мартине, Л. Блумфилд, Е. Поливанов, Г. Вайнрих, Р. А. Будагов, М. Мамудян, В. Вундт, О. Есперсен және т. б. оны сөйлеуге және тілге қатысты деп екіге бөледі. Олардың айтуынша, лингвистикалық экономия (ықшамдау) тілдің деңгейлік сипатына байланысты болады.
Шындығында да, тілдің төменгі деңгейіндегі бірліктердің саны шектеулі. Фонемалар морфемалардан аз болса, морфемалар лексемалардан аз болып келеді және төменгі деңгейдегі бірліктердің саны шектеулі болады. Ал синтаксистегі сөйлемдер мен сөйленімдердің санына жету мүмкін емес.
Контаминацияланған бірліктердің қайсысы болмасын құрамы, құрылымы жағынан ықшамдалады. Жалпы тіл білімінде контаминациялық құбылыстар еркін тіркес және тұрақты тіркеске қатысты алғаш рет өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап сөз бола бастады. Оған Инцкович В. А., Шварцкопф Б. С., Ройзензон С. И., Шведова Н. Ю., Молотков А. И., Болдырева Л. М., Бабкин А. М., Кунина А. В. сияқты ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады.
Контаминация негізінде жаңа бірліктер пайда болады. Контаминация құбылысын жаңа бірліктердің пайда болуының бір көзі ретінде қарауға болады. Мамандар контаминация құбылысының әсіресе фразеологизмдер жасауда актив қолданылатындығын айтады. Осы мәселеге қалам тартқан авторлар (С. И. Ройзензон және Л. М. Болдырева) контаминация құбылысы арқылы қалыптасқан фразеологизмдердің әр тілдегі (ағылшын, неміс, орыс) ерекшеліктеріне тоқталып, жұмсалу мүмкіндіктерін сипаттайды [14; 15] . Ал Н. Д. Шведова мен А. И. Молотков контаминацияланған фразеологизмдердің бір-ақ (орыс) тілдегі қолданылу ерекшеліктеріне тоқталады [17] .
Контаминация құбылысына берілген анықтамаларға келетін болсақ, оның шеңбері сыйысқан фразеологизмдерден әлдеқайда кең. Тіпті филологияның қанаттас бір саласы әдебиеттану ғылымына да кетіп қалады. Бір шығарманың әртүрлі редакторлық мәтіндерін қосу (біріктіру) немесе бірнеше оқиғаны қосақтап, араластырып сипаттау деген анықтамалар [8, 248 б. ] әдебиеттану саласын қамтитындығы белгілі. Біз жұмысымызда контаминация арқылы туындаған жаңа тілдік бірліктерді қарастыратын боламыз. Мәселенің зерттелу тарихына шолу жасай келе, жалпы тіл білімінде фразеологизмдер және еркін тіркестер жөнінде көбірек сөз болса, қазақ тіл білімінің тарихында бұл мәселе құрмалас сөйлем тұрғысынан көбірек қаралғаны анықталды. Төмендегі тараушада біз осы мәселелерге кеңірек тоқталатын боламыз.
1. 1. Контаминация құбылысының қазақ тіл білімінде зерттелінуі
Біздің ойымызша, тілде бір-біріне қарама-қарсы антогенистік сипаттағы екі үлкен заңдылық бар. Бірі - күрделену де, екіншісі жоғарыда сөз болған ықшамдалу. Бұл заңдылықтар біріне бірі қарама-қарсы болғанымен, тілдің даму барысында бірін-бірі толықтырып отыратын құбылыстар. Тілдің жүйесінде осы екі заңдылықтың біреуі ғана әрекет етіп тұрса, айталық, ықшамдалу, онда күрделі құрылымдар кеми-кеми қарапайым сөйлеу үлгілеріне айналып, тіл негізінен шағын ықшам тұлғалардан ғана тұратын еді. Олай болмас үшін тілде күрделі ойды, күрделі ұғымды білдіру үшін жеке бірліктер бірігіп, күрделі құрал жасап отырады. Мұндай құбылыстар тілдің барлық деңгейлеріне тән. Фонетика деңгейіндегі аффрикат және дифтонг дыбыстардан бастап синтаксис деңгейіндегі күрделі құрмаластарды (көп бағыныңқылы сабақтас, көп сыңарлы салалас, аралас құрмалас) дәлел ретінде келтіруге болады.
Ықшамдалудың да түрі көп. Біздің тақырыбымызға өзек болып отырған контаминация құбылысымен қоса, оған тілдің әр деңгейінде ұшырасатын редукция, ассимиляция, синкретизм, элипсис, парцеляция және т. б. жатқызуға болады. Бұл мәселелер тілдің деңгейлеріне қатысты түрлі еңбектерде қажетінше айтылған. Кейбір құбылыстар жөнінде (синкретизм, парцеляция) жеке диссертациялар да қорғалды. Ал ықшамдалу заңдылығын алғаш байқаған А. Байтұрсынұлы болатын. Ғалым қазақ тілінде бағыныңқы сөйлемдердің екі түрде айтылатындығын байқаған: 1) толық түрде, 2) ықшам түрде. Бағыныңқы сөйлемдерді зат есім, сын есім, етістіктің есімше және көсемше түрі арқылы ықшамдауға болады. Мысалы: 1) Түсі қандай болса, ісі сондай болады. Бұл - толық түрі. Ықшам түрде айтқанда, «ісі түсіндей болады» дейміз (зат есім арқылы) . 2) Ит жүйрік болса, оны түлкі сүймес. Мұны ықшамдап айтқанда, «ит жүйрігін түлкі сүймес» дейміз (Мұнда сын есім арқылы) . 3) Қалай пішілсе, киім солай тігілмекші. Мұнда ықшамдап айтқанда, «пішілуінше киім тігілмекші» дейміз (мұнда етістік зат есімге айналған түрі арқылы) . 4) Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер. Мұны ықшамдап айтқанда, «Атаңа қылғаның алдыңа келер» дейміз (мұнда етістіктің есімше түрі арқылы) . 5) Олар көше алмады, үйткені көлігі жоқ болды. Мұны ықшамдап айтқанда, «Көлігі жоқ болып, олар көше алмады» дейміз (мұнда етістіктің көсемше түрі арқылы) .
1-інші мысалда «түсі қандай болса» деген бағыныңқы сөйлем жоғалып, «түсіндей» деген жалғыз ауыз сөз болып, басыңқы сөйлемге сіңісіп кетіп тұр. 2-інші мысалда «ит жүйрік болса» деген бағыныңқы сөйлем жоғалып, «ит жүйрігін» деген екі ауыз сөз болып, басыңқы сөйлемге сіңісіп тұр. 3-інші мысалда «қалай пішілсе» деген бағыныңқы сөйлем жоғалып, «пішілуінше» деген бір ауыз сөз болып сіңісіп тұр. 4-інші мысалда «атаңа не қылсаң» деген бағыныңқы сөйлем жоғалып, «атаңа қылғаның» деген екі ауыз сөз болып, басыңқы сөйлемге сіңісіп тұр. 5-інші мысалда «үйткені көлігі жоқ болды» деген бағыныңқы сөйлем ықшамдалып, «көлігі жоқ болып» деген бағыныңқы сөйлемге айналып тұр. Мұнда алдыңғы сөйлемдер сияқты бағыныңқы сөйлем жоғалып кеткен жоқ, тек ықшамдалған. Оның себебі, көсемше арқылы ықшамдалуында. Көсемше арқылы ықшамдалған бағыныңқы сөйлемдер өз алдына сөйлемнің күйін ықшамдалған күнде де жоғалтпайды [17, 308 б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz