Тілдегі гендерлік ерекшеліктер мәселесі соңғы жылдары ғана


Мазмұны
Кіріспе . . .
1 Тілдегі гендерлік ерекшеліктердің теориялық негіздері . . .
1. 1 Гендерлік ерекшеліктердің жалпы тіл білімінде және қазақ тіл білімінде зерттелуі . . .
1. 2 Психофизиологиялық ерекшеліктердің ерлер мен әйелдердің сөз қолданыстарындағы қызметі . . .
1. 3 Әлеуметтік себептердің әйелдер мен ерлердің сөз қолданысында қарастырылуы . . .
2. Ғ. Мүсіреповтің “Ана” тақырыбына арналған
шығармаларындағы әйел тілінің ерекшелігі . . .
2. 1 Әйелдердің қарым-қатынасындағы көңіл-күйдің берілу жолдары . . .
2. 2 Әйел тіліндегі ат тергеу салты . . .
2. 3 Жазушы шығармаларындағы әйел қолданысындағы ым-ишаралар . . .
2. 4 Әйел адамдар қарым-қатынасындағы қаратпа сөздер . . .
Кіріспе
Жеке адам статусындағы жеке категориялар - жыныс пен жас ерекшеліктерін де қамтиды. Біздің қарастырып отырған объектіміз де осы жыныс категориясына тән әйелдердің сөз қолданыстарындағы ерекшеліктер проблемасы туралы болмақ.
Ғылыми тұрғыда физиологияда ерлер мен әйелдердің миында өзіндік ерекшелік бар екені дәлелденген. Ерлерде мидың оң жақ жарты шары визуалды кеңістік қызметке (іс-қимыл әрекеті, көру және қол арасындағы үлесімдік) жауап берсе, мидың сол жақ жарты шары сөйлеу және когнитивті әрекетіне (сезімге әсер ету, абстрактілі түсініктерді ұғыну) жауап береді. Ерлердің “ойлаудан” “сезімге” өтуі, яғни, мидың оң жақ жарты шарынан бірден сол жақ жарты шарына ауысуы қиынға соғады. Бұлай ауысу барысында әйелдерге қарағанда ерлер ұзақ уақытты қажет етеді. Ал әйелдердің миының оң жақ және сол жақ жарты шарлары икемді және жан-жақты бірдей қызмет атқарады. Әйел миының екі жарты шары да олардың кез келген мәселені шешуге, сезімталдыққа баруына ықпал етеді.
Осындай физиологиясының түрлілігіне орай ерлер мен әйелдердің мінез-құлықтарында да айтарлықтай айырмашылықтар болады. Сондай-ақ мұндай ерекшеліктер олардың сөйлеу әрекетінде де көрініс табады. Бірақ біз ол айырмашылықтарды күнделікті қарым-қатынаста байқай бермейміз. Ал осы жыныс арасындағы ерекшеліктердің бар екендігіне ғылыми тұрғыдан зерттеулер жүргізу арқылы көз жеткіземіз.
Зерттеу жұмысының өзектілігі.
Сөйлеудегі гендерлік ерекшеліктердің нақты көрініс тек психологиялық, биологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерге сүйену арқылы анықталады.
Қоғамдық санада ерлер мен әйелдердің сөйлеу мінез-құлқындағы тұрақталған стереотиптер бар, бірақ олар ғылыми зерттеулермен нақты дәлелденбей отыр. Мәселен, ерлер сөйлегенде агрессивті, қарым-қатынастағы адамының, әсіресе ол әйел болса, сөзін жиі бөледі. Әйелдерде көпсөзділік басым, бірақ тура сөйлемейді, жанама тілек, өтінішке барады. Ерлер “терезені жап” десе, әйелдер “тоңып қалдым” дейді. Жыныстар арасындағы сөз қолданыстағы маңызды мәдени, психологиялық құбылыстардың бірі - бұл жеке сөздер, айтылымдар мен мәтіндердің тыйым түрінде келуі. Тыйым сөздер ұлттық мәдениетте әйелдерге қатысты болып, кейін психологиясында орнығып, тілдік қабілетінде көрініс табады [1] .
Ерлер мен әйелдер психологиясының түрлілігіне орай болған оқиғаны, затты түрліше бағалайды. Ерлердің бағалау, сөз таңдау қасиеті әйелдердікінен бөлек болады. Бағалаудың, сөз формаларының түрліше болуы олардың жынысына байланысты [2] . Бұдан біз қазақ ерлері мен әйелдерінің бағалауыштық проблемасына тірелеміз.
Ерлер мен әйелдердің ойлау жүйесін зерттейтін еңбектер әлемдегі жыныстардың арасында кейбір ерекшеліктердің барын тұжырымдайды. Әйелдер кішірейткіш қосымшалар мен сыпайылық формаларын көп қолданады, коммуникация кезінде серігінің есімін жиі атайды, байланысты жақсартатын сөйлеу әрекеттерін пайдаланады деген көзқарас кең жайылған.
Ғылыми тұжырымдарға сүйене отырып, зерттеу жұмысының өзектілігін осы мәселелер арқылы беруге болады. Бұл ғылыми жұмысты зерттеу арқылы біз қазақ тіліндегі ерлер мен әйелдердің сөз қолданыстарындағы ерекшеліктері туралы мәселені тек тіл білімінде ғана емес, әдебиетші, тарихшы, т. б. мамандардың назарын аудару керектігін байқадық. Сонымен қатар, халқымыздың әйел және ерлер сөз қолданысындағы жоғалған кейбір салт-дәстүр көріністерін қайта жаңғырту қажеттігі де бар екен.
Зерттеу нысаны.
Жалпы тіл біліміндегі және қазақ тіл біліміндегі гендерлік ерекшеліктердің теориялық негіздері, Ғ. Мүсіреповтің “Ана” тақырыбына арналған шығармаларындағы әйелдердің сөз қолданысындағы лексикалық және ұлттық этикеттің көрінісі - жұмыстың негізгі зерттеу нысаны болып табылады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері.
Гендерлік лингвистика соңғы жылдары ғана жалпы тіл білімінің зерттеу объектілеріне айналып отыр. Ғылымилығы жағынан әлі нақтыланып, тұрақталмаған ғылым болғанымен де, біздің жұмысты жазудағы басты мақсатымыз - жалпы тіл біліміндегі гендерлік зерттеулердің теориялық негізіне, қазақ тіл біліміндегі лексикология, синтаксис, этнолингвистика салаларына сүйене отырып, әйелдердің сөз қолданыстарындағы ерекшеліктердің бар екенін дәлелдеу. Біз қолда бар ғылыми тұжырымдарға сүйеніп, ұлттық ерекшеліктерімізді, салт-дәстүр, ырым-жоралғыларымызды ескере отырып, ұлттық тәрбиедегі әйелдердің сөйлеу үлгісін және Ғ. Мүсіреповтің “Ана” тақырыбына арналған шығармаларындағы әйелдердің сөз қолданыстарындағы ерекшеліктерді анықтау мақсатында келесі мәселелерді шешуді міндетке алдық:
-орыс және Батыс елдерінің гендерлік мәселені қарастырудағы ғылыми теориялар мен тәжірибелеріне сүйене отырып тақырыптың мәнін ашу;
-сонымен бірге қазақ халқының психологиясын, басқа халықтардан айырмашылығын ескере отырып, қазақ тіліндегі ерлер мен әйелдердің сөз қолданыстарындағы ерекшеліктерді анықтау;
-әйелдердің сөз қолданысында әр түрлі эмоционалды ситуацияларға байланысты қолданылатын сөздік қатарларын, лексикалық единицаларын көрсету, ойын жеткізу мақсатында сөйлем құрау әдісін ажырату;
-әйелдердің мінез-құлқына, ұлттық тәрбиедегі салт-санаға, олардың физиологиялық ерекшеліктеріне орай сөз қолданыстарындағы бөліністің болу себептерін ғылыми түрде психология, медицина, әлеуметтану, әдебиет, этнография салаларының көмегімен дәлелдеу;
-қазақ әйелдерінің сөз қолданысындағы ертеде қалыптасқан тыйымдар мен салт-дәстүрлерге қатысты ерекшеліктерден басқа, психофизиологиялық түрлілігіне орай қазіргі кезде де ерекшеліктердің бар екенін дәлелдеу;
-гендерлік ерекшеліктердің ертеде болған немесе әлі де сақталынып, жыныстар арасында өз орнын алып келе жатқан сөздік қолданыстарға ұлттың қалыптасу кезең тұрғысынан сипаттама беру.
Жұмыстың зерттеу материалдары.
Гендерлік ерекшеліктердің негізі жалпы тіл білімінде қаланғандықтан, жұмыс барысында негізінен батыс және орыс тіл білімі өкілдерінің зерттеу жұмыстары негіз болды. Гендерлік лингвистиканың негізін қалаған А. В. Кирилина, Е. В. Митрохина, А. В. Бессарабенко, Е. И. Трофимова, Т. Б. Крючкова т. б. ғалымдардың зерттеу материалдарынан қажетті мәліметтер алынды. Сонымен қатар, ғылыми жұмыста психология мен әлеуметтану саласында гендер мәселесін қарастырған Ю. Ф. Чуфаровский, Е. П. Ильин, И. С. Кон т. б. ғалымдардың ғылыми еңбектері негіз болды. Қазақ тіл білімінде гендер мәселесі бойынша ғылыми еңбектер жоқ болса да, Ә. Ахметовтің “Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер”, А. Сейсенованың “Лингвистикалық мәдениеттану: этикет формаларын салыстырмалы талдау”, М. Бимағамбетовтің “Қазіргі қазақ тіліндегі қаратпа мен қыстырмалар”, А. Қобланованың “Қазақ сөз этикеті”, Н. Егіншібаеваның “Қазіргі қазақ тіліндегі қаратпалар” т. б. ғылыми диссертациялар тақырыптың мәнін ашу барысында пайдаланылады. Дереккөз ретінде талданған мысалдар Ғ. Мүсіреповтің “Ана” тақырыбына арналған шығармаларынан алынды. Ондағы кейіпкерлердің сөйлеу тілдері мысал ретінде алынып отырды. аса мысалдар терілді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
-әйелдердің аналық рөлі мен сезімталдығына байланысты сөз қолданысында аяу, мүсіркеу және жаны ашу мәніндегі сөздер жиі айтылады. Әйелдердің сезімдік жақтарының көптігінен, осы аяу мағынасындағы сөздер айтылу интонациясына қарай мағыналары ауысып келіп, ұрсу, ренжу мәнін береді;
-әйелдерде қорқу, шошыну сезімінің және сенгіштік қасиетінің басымдылығынан магиялық нанымдарға, құдіретті күшке қатты сенеді. Сондықтан да әйелдер сөздің құдіретіне сеніп, суггестикалық амалдарға жиі барады. Қарғыс сөздерді жиі айтады, жаратқанға жалбарынады және де ырым-жоралғыларға қатты сенеді;
-әйелдердің сөз қолданысында айтылатын инвективтердің де ұлттық тәрбие де мәні бар. Қазақ тілінде ашуланғанда, ренжігенде қарғыс мәнді және балағат сөздерді пайдаланғанды жөн көреді;
-белгілі бір объектіні бағалауда әйелдер түрлі бағалаушы лексикаларын қолданады. Ол жыныстардың психологиялық ерекшеліктеріне, яғни, белгілі бір затты немесе құбылыстан алған әсеріне қарай есім сөздер, үстеулер мен одағайлар арқылы бағаланады;
-ұлттық этикет адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыратын қаратпалар да жыныстар арасында түрлі мақсатта айтылады. Әйелдер күйеуінің жақындарымен туыстық қатынасты жақсарту мақсатында ұлттық тәртіп бойынша “ат тергеу” салтындағы табу мен эвфемизмдерді пайдаланады;
-әйелдердің аналық рөлінің басымдылығынан, күнделікті қарым-қатынаста балаға қарата еркелету лексикасын ерлерге қарағанда жиі қолданады;
-қазақ халқының ұлттық психологиясында әдеп бойынша әйелдерге тән ым-ишараны ерлерге қолдану ұят болып есептелінген де, ерлерге тән кинемаларды (ым-ишараны) әйелдерге қолдануға тыйым салынған;
-сөйлеу әрекетіне қосымша қызмет ететін кинемалардың да әйелдер арасын да өзіндік ерекшеліктері бар;
-ертеден қалыптасқан келіндердің иіліп сәлем қылу әдебі әйелдерге тән болған;
-қазақ халқы әйелдердің психологиялық ерекшеліктерін ертеден келе жатқан салт-дәстүрлерде, тұрмыс-салт жырларында ескеріп отырған.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы.
Жұмыс барысында әйелдердің сөз қолданысына қатысты негізгі деректер талданды. Әйелдердің қоғамдағы рөліне, мінез - құлқына байланысты қуану, ренжу, ашулану, таңырқау сияқты сезімнің әр қырынан болатын сөйлеу ерекшеліктері анықталды. Гендерлік лингвистикада негізгі қаралатын мәселе, ғылыми жаңалық деп мына мәселелерді айтуға болады:
-әйелдердің психологиялық ерекшеліктеріне, қызығушылығына, қоғамдағы рөліне қарай олар әр түрлі тақырыпта өзара қарым-қатынас жасайды. Осы тақырыптарға байланысты жыныстар арасында түрлі лексика қатарлары қызмет атқарады;
-әйелдердің отбасындағы орнына қарай жаны ашу, мүсіркеу, аяуға байланысты сөздерді жиі айтады;
-сезімнің түрлі қырына байланысты әйелдер қуанғанда, таңғалғанда, шошынғанда, қорыққанда (суггестизмдер), ашуланғанда (инвективтер, сес көрсетуге қатысты лексика) түрлі сөздер қолданады;
-әйелдердің сөз қолданысында бағалауыштық лексика есім сөздер мен үстеулер, одағайлар арқылы жасалып, қызметіне қарай жыныстар арасында ажыратылып отырады;
-сөйлеу процесінде ойын жеткізу мақсатында болатын сөйлем құрау әдісі де (сұраулы, бұйрықты сөйлемдер, қыстырма сөздер) әйелдердің арасында ерекшеленеді;
-ұлттық тәрбиеміздегі әйел тіліне тән “Ат тергеу” салтына байланысты адамдармен байланыс жасау мақсатында қолданылатын қаратпалар әйелдердің сөз қолданыстарындағы ерекшеліктерде көрініс табады;
-тәрбиелік мәні бар ар-ұят, намыс сөздері де жыныстар арасында түрлі қызмет атқарады;
-бейвербалды қарым-қатынас жасау процесі әйелдер арасында ерекшеленеді;
-сәлем беруде және т. б. салт-дәстүр, ырым-жоралғыларда әйелдерге тән айырмашылықтар болады және ол айырмашылықтар сөз қолданыстарына әсер етеді.
Жұмыстың құрылысы.
Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Тілдегі гендерлік ерекшеліктердің теориялық негіздері
1. 1 Гендерлік ерекшеліктердің жалпы тіл білімінде және қазақ тіл білімінде зерттелуі
Гендерлік лингвистика деп - сөйлеушінің жынысына қарай лексикалық атаулардың шартты қолдануы мен басқа да ерекшеліктердің болуын айтамыз. Ғалымдар ХVІІ ғасырда жаңа тайпалардың тілін зерттеу барысында жыныстардың сөйлеу әрекетіндегі айырмашылықтарды байқайды. Алдымен бұл әйелдерге қатысты. Ғылыми зерттеулерде “ әйел тілі” ерекше сөз болған [3] .
Әйелдерге және ерлерге нақты киіну үлгілері, сөйлеу үлгілері өмір сүреді. Жыныстарға қатысты сөйлеу үлгілерін зерттейтін ғылым- гендерлік лингвистика деп аталады. Грамматикалық категория болып табылатын ағылшын тіліндегі “gender” сөзі жыныс деп аударылады, дәлірек айтсақ- тұқым, түр дегенді білдіреді. Ғалымдар 70-80- жылдары ғылыми зерттеу объектісі етіп адам тәніне қатысты “жыныс” түсінігінен басқа “ гендер” ұғымын енгізеді. Бұдан жыныс - биологиялық түсінік, гендер - жыныстар арасындағы әлеуметтік-мәдени өмір сүру белгісі болып тұрақталады. Сонымен “гендер” термині жыныстар арасындағы ерекшеліктердің табиғи емес, әлеуметтік, мәдени жағын білдіреді. Жыныс - “әйел” және “ер” түсінігінің табиғи белгілерін, биологиялық мәнін берсе, қоғам мен мәдениет өзгертіп отыратын мәдени белгілерді - гендерлік ерекшеліктер анықтайды [4] .
Гендерлік зерттеулер және гендерология ғылыми пән ретінде, әйелдер мен ерлердің әлеуметтік рөлін қоғамдық санада және жеке санада құрайды. Гендорология - мәдениеттің әйелдік және ерлік құрылымы жайындағы ғылым болып табылады [5] .
Тілдесу кезінде сөйлеушіні жынысына қарай айырып жіктеу туралы сөз болғанда, адамның биологиялық айырмашылығы емес, оның “мәдени, әлеуметтік бітімін” көрсететін гендер мәселесі қаперге алынады.
Гендерлік лингвистика немесе лингвистикалық гендерология әйел адам мен ер кісінің биоәлеуметтік субъект ретіндегі тілдік қолданыс ерекшеліктерін, айырмашылықтарын анықтайтын, осы айырым белгілерді мақсатты түрде зерттейтін ғылым саласы.
Адам жөніндегі ғылымдардың тоғысқан жерінде орын алған тіл ғылымының ерекше саласы - гендерлік лингвистика .
“Гендерлік лингвистика” - біз үшін жаңа ғылым, ал жаңа саланың өзіне тән мәселелері болады және аз емес. Олар:
- Адам жынысы гендердің тілімен анықталатындығы;
- Тіл мен жыныс (жас пен жыныс) айырмашылығы, өзара
байланыстылығы;
- Әйел мен ер адам сөзінің жалпы адамдық айырмасы;
- Әйел мен ер адамның ұлттық-этникалық деңгейдегі айырмасы;
- Тілдің әлеуметтік жіктелуі мен қоғамның жыныстық жіктелуінің өзара байланысы;
- Әйел мен ер адамның тілдік бірлікті қолдану айырмасы;
- Әйел мен ер адам сөйлер сөзінде қолданылатын тілдік және бейтілдік бірліктер;
- Әйел мен ер адам беретін мәлімет құрамындағы тілдік және бейтілдік бірліктер т. б. [6, 24] .
ХХ ғасырдың 60-70жылдарынан бастап Батыс Еуропа мен Америка бастау алған гендерлік тілдік зерттеулер күні бүгінге дейін қарқынды дамып келеді. Ғалымдар екі мәселеге баса назар аударып отыр: ерлер мен әйелдер тіліндегі гендерлік ерекшеліктер және ерлер мен әйелдерге қатысты қолданылатын тілдік бірліктер. Зерттеулердің басым көпшілігі тілдік талдаулар, талдау әдістері арқылы гендердің мәнін ашып көрсетуді көздесе, бірқатары гендердің лингвистика ілімін дамытудағы рөлін анықтауды мақсат етті.
Жыныстар арасындағы гендерлік айырмашылықтың алғашқы белгілері бала жастан байқала бастайды. Психолог ғалымдардың пікіріне сүйенсек, балалар өздерінің ұл не қыз екенін екі жастан бастап сезінеді. Үш жаста олардың 75%-ы қай жынысқа жататынын ажырата алады. Сонымен бірге айналасындағыларды ұл не қыз, әйел немесе еркек деп айырып қарауға бейімделеді, бірақ жыныстың өзге айырмасын біле бермейді. 3-4 жаста балалар « әке » мен « шеше», « әйелі» мен « күйеуі» ұғымдарынан гөрі « апа», «аға » ұғымдарын тез меңгереді. Ойын кезінде қыз әйел рөлін, бала еркек рөлін таңдайды. Ал мен 5-7 жасқа келгенде балалардың барлығы дерлік жынысқа барабар болу (половая идентичность) мәнін адамның сыртқы белгілерімен (мінез-құлық, эмоция, іс-әрекет, физиологиялық ерекшеліктер т. б. ) байланыстырады. Көбінесе бұл жатсағы балалар (70%) жыныс ерекшелігін саналы түрде ұғынуға дайын емес. Тек жасөспірім шақта түрлі биологиялық, әлеуметтік ықпалдың әсерімен жыныс рөліне байланысты көзқарасы қалыптасып орнығады. Бұл кезеңде олар біршама кең білім алады, өзінің тұлғалық іргетасын қалауды және дүниетанымын қалыптастыруды аяқтайды [7, 81-32] .
Балалардың ұл не қыз болуға дағдылануының өзі гендерлік барабарлықтың бастапқы нышандары десе болады. Гендерлік идентификация адамның тұлғалық қалыптасуы барысында қоғамда еркекке тән, әйелге тән деп танылған белгілер мен нормаларды қабылдап, соған сәйкес келуін, теңдестірілуін қарастырады. Зерттеу мәліметтерінен белгілі жайт: тілді игеруде (танымы, сөздік қоры, сөйлеу мәнері, күрделі сөз тіркестерін қолдануы жағынан т. б. ) қыз бала ер баладан жетік келеді. Мұның себебін зерттеушілер анасының қыз баламен көп уақыт әңгімелесуі, жиі қадағалауы, түрлі тыйымдар мен тәртіпке үйретуі және қарым-қатынаста анықтамалық тілден гөрі әлеуметтік тілді пайдалануын талап ететіндегінен болса керек деп түсіндіреді (әлеуметтік тіл - сәлемдесу, рахмет айту, кешірім сұрау т. б. ) қамтиды, анықтамалық тіл, аталуынан да көрініп тұрғандай, зат атауларын анықтау түрінде келеді [8, 173-175] . Ата-аналар балаларын ұл болсын, қыз болсын әдептілікке, сыпайы сөйлеуге баулиды. Дегенмен, балалар әкесіне қарағанда анасының сыпайы тілге бейім келетінін аңғарады.
Егер ересектер сөйлеу мәнеріне бала кезден бейімделетін болса, ер тілі мен әйел тілі арасындағы гендерлік стильдік айырмашылықтарды сөз етудің жөні бар. Әйелдің сөзі көп дейміз, керісінше, сөзі көп - ер адам. Әйтсе де ер адамдар әйелдерді сөзшең деп таниды. Өйткені әйел адамдар шағын ортада оңаша сөйлесуді таңдайды.
Гетеборге (Швеция ) университетінің әлеуметтанушы - лингвист ғалымдары әйел мен еркек арасындағы әңгіменің айырмашылығын анықтау мақсатымен арнайы тәжірибе жүргізген. Ерлер мен әйелдердің қарым - қатынас жасу тәсілдері де әртүрлі. Әйелдердің көпшілігі үшін тілдесім - өзара қарым-қатынас орнатудың, түсіністікке жетудің амалы. Қарым-қатынаста әйелдерге эмоциялық стиль тән. Олар өздерінің сезімі мен эмоциясын ашық, еркін білдіре алады және қасындағылардың жай- күйімен де бөлісіп отырады.
Қай ел, қай қоғам болмасын, ондағы әйел мен еркектің сөз саптау ерекшелігі олардың қоғамдағы әлеуметтік орнымен белгіленеді. Екі жыныс өкілі де жұмыс түрі, кәсіп түрлері бойынша дараланады. Әлемде әйел жұмыс күші он түрлі кәсіпке жұмылған болса, еркек күші бірқалыпты кеңінен тараған.
Гендерлік статистикаға назар салсақ, Қазақстанда әйелдер еңбек нарығында азырақ сұранысқа ие. 2004 жылы еңбекпен қамту қызметтеріне жұмысқа орналасу мәселелері бойынша келгендердің ішінен әрбір алтыншы әйелге ғана жұмыс берілген. Жоғары және орта арнайы білімі бар 45 жастағы және одан үлкен әйелдердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі мүлдем аз.
Қазіргі кезде жалданып жұмыс істейтін адамдардың жартысына жуығын әйелдер құрайды. Бірақ олардың еңбекақысы ерлердің еңбекақысының 61%-ын ғана құрайды. Мұның себебі, әдетте әйелдер денсаулық сақтау мен білім беру ісі сияқты дәстүрлі «әйелдер» салаларында еңбекақысы азырақ қызметтерде жұмыс істейді.
Шағын кәсіпорындарда жалданып жұмыс істейтін қызметкерлердің ішінде әйелдердің үлес салмағы 34%-ды, әйелдер басқаратын шаруа қожолықтарының үлесі 10%-ды құрайды. “Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық” деп аталатындардың қатарында негізінен әйелдер басым, олар үшін сауда - табыс табудың және бүкіл отбасы үшін күн көрідің бірден-бір көзі. Әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі әлде қайда жоғары [9] .
Сонымен гендер бүгінде мәдени-әлеуметтік феноменді білдіретін, қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірін көтеретін, тіпті саяси- экономикалық сахнада өзін жиі-жиі көрсете бастаған ұғымдардың біріне айналып отыр
Бір жыныстағы, бірақ түрлі әлеуметтік және түрлі кәсіби дәрежедегі адамдардың сөйлеу әрекетінде ерекшеліктер болады. Кез- келген адамның сөйлеу әрекеті үйінде, жұмысында, таныс және бейтаныс ортасында әр түрлі болады. Осы жағдайды ескере отырып, біздің қазақ тілінде ерлер мен әйелдердің арасында сөз қолданысында ерекшеліктер бар деген пікір ғалымдардың үлесіне көптеген сұрақтар әкеледі. Гендерлік рөлдер мен нормалар тіл-тілде ортақ мазмұн мен нормаға ие емес. Әр ұлтта ерлер мен әйелдердің сөз қолданыстарындағы ерекшелік әрқалай көрініс береді. Ол көріністі қазақ тіл білімі ғылымында әлеуметтік мәдениет пен биологиялық факторлар арқылы анықтауға болады.
Ер мен әйелдің сөз саптауындағы айырмашылықтар жөніндегі ғылыми ізденістер 1970 жылдардан басталады десек те, тіл туралы ғылымда жыныстық ерекшелік пен оның тілдік қарым-қатынастағы көрінісі жөнінде біраз еңбектер аталған уақытқа дейін де жарық көргендігін назардан тыс қалдырмау керек. Мәселен, ХVІ ғасырдың өзінде-ақ еуропалық тіл туралы ғылымда сол заманғы әйел тілінің өзіндік сипаты хақында бірді-екілі зерттеулер жазылған [10] .
ХVІІ ғасырдың аяғына дейін лингвистикада род категориялары ғалымдардың негізгі зерттеу объектісі болған.
1900-1960 жылдардың аяғына дейін Клив Грейдің классификациясына сәйкес тілдегі гендерлік зерттеу жұмысы келесі бағытпен жүреді: ерлер мен әйелдердің сөйлеу әрекетіндегі ерекшеліктер туралы гипотеза; сөздердің айтылу мәселесі; жақсыз есімдіктердің дамуы; lady және women сөзформаларының айырмашылықтары талқыланды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz