Медициналық басылымдардағы сөз мәдениетінің жайы


Мазмұны
Кіріспе3
І-тарау. Медициналық басылымдардағы сөз мәдениетінің жайы7
1. 1. Емлелік немесе орфографиялық қателер15
1. 2. Диалектизмдер20
1. 3. Жаргон, арготизмдер21
1. 4. Варваризмдер22
1. 5. Тілдік төсеніші өзгешелеу ескі кітаби сөздер28
1. 6. Медициналық басылымдардағы қарапайым сөйлеу сөздері31
ІІ - тарау. Медициналық басылымдардағы аударма және сөз мәдениеті35
2. 1. Сөзбе-сөз аудару (калькалау) тәсілі37
2. 2. Дәлме-дәл немесе адекватты аудару тәсілі40
1. 2. Еркін аударма (вольный перевод) тәсілі43
Қорытынды48
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі55
Кіріспе
Тіл - белгілі бір қоғам мүшелерінің өзара түсінісуінің, пікір алысуының, олардың барлық іс-әрекеттерінің құралы. Тіл сонымен бірге адамдардың ойлау қабілетін іске асырушы, одан әрі дамытушы, ерік-жігерін, сезімін білдіруші, мәдени-тарихи дәстүрлерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші құрал.
Тіл мәдениетке, әдебиетке, ғылымға, өнерге, білімге және олардың дамуына, оқу-ағарту, тәлім-тәрбие, үгіт-насихат жұмыстарына қызмет етеді. Тіл құралы неғұрлым жақсы шыңдалған болса және сол тілді пайдаланушылар осы құралды жетік меңгеретін болса, солғұрлым оның күші де арта түседі.
Ана тілін ардақтау, туған тілді құрмет тұту - жалпы мәдениетке, оның ішінде ең алдымен тіл мәдениетіне қойылатын аса қажетті шарттардың бірі. Олай дейтініміз, қоғамдық өмірде тілдің қатынаспайтын, араласпайтын жері болмайды, тілі дамыған қоғам бар жерде тіл мәдениеті де болуы керек. Осыған орай, дана халқымыздың тіл және тіл мәдениеті туралы айтылған мақал-мәтелдерінде терең мән мен маңыздың бар екенін бірден байқаймыз: «Өнер алды қызыл тіл», «тіл қылыштан да өткір», «бас кессе де тіл кеспек жоқ», «піл көтермегенді тіл көтереді», «бал тамған тілден у тамар» және т. т. Сондықтан да болар, қоғам үшін қызмет ететін тілді халық өзінің қарым-қатынас құралы ретінде қастерлеп, жетілдіріп, әдебиеттендіріп және мәдениеттендіріп отырады. Тілді әлемдік мұхитпен салыстыруға болады, онда алуан-алуан тілдік үдерістер (процестер) жүріп жатады. Кезінде бұл құбылысты белгілі тіл маманы, академик Ісмет Кеңесбаев: «Тіл бейне бір шексіз мұхит, оған дария суы да, ірілі-ұсақты өзен суы да, қайнар бұлақ та, өткінші жауын да, қажетсіз лай су да құйылып жатады. Тіл кәрі тарихтың айғағы: есте жоқ көне заманнан мызғымастан келе жатқан әрқилы сөздер, сөз тұлғалары да, әр дәуірге сай қат-қабаттаса жалғасқан үстеме элементтер де, көрші елдерден ауысқан сөздер де кездесіп отырады («Қазақ әдебиеті» газеті, 1959 жыл, 15-май) » - деп тамаша сипаттаған еді.
Алайда, кейін зиялы ғалымның «Красная звезда» газетінде (1989 жыл, 22-тамыз) орыс тілінің қамын ойлап, қабырғасы қайысып, орыс тілінің жыртысын жыртып, бүкіл Кеңес Одағының республикаларын орыс тілін мемлекеттік тіл етіп қалдыруға шақырғаны тым мәймөңкелік пен асыра сілтеушілік болды деп санаймыз. Олай дейтініміз, әрбір ұлт, мейлі ол үлкен болсын, мейлі ол кіші болсын, мәңгілік болып қалуды қалайды және бұл оның табиғи құқы. Ал осылай болуы үшін сол ұлттың тілі өзінің туған жерінде, туған елінде тамырын жая өмір сүруге тиіс және бұған кедергі жасауға ешкімнің құқығы да, хақысы да жоқ деп санаймыз.
Осыған орай, данышпан халқымыз: «Тіл тағдыры - ел тағдыры, тіл мерейі - ел мерейі» - деп тегін айтпаса керек.
Біздің пайымдауымызша, әрбір адам өзін білімді де білікті деп санайтын болса, ол өзінің тіл байлығын молайтумен бірге тіл мәдениетіне де көңіл аударуы тиіс. Олай дейтініміз, сөйлесудегі, жазудағы тіл қолданудың өнегелі үлгілері, сауаттылық, айқын ойлылық пен біліктілік тіл мәдениеті дегенге саяды. Сондай-ақ, біз мәдениетті тіл деп ең алдымен ұлттық дербестігін сақтаған, сөз байлығы мол, грамматикалық құрылысы, стильдік мүмкіншілігі, мағына дәлдігі ашық та айқын тілді айта аламыз.
Тіл мәдениеті туралы талай-талай пікірлер айтылып та, жазылып та келеді. Солардың ішінде, біздің ойымызша, ең дөп басқаны, белгілі ғалым - тіл маманы М. Балақаевтың: «Тіл мәдениеті дегеніміз - тіл жұмсаудағы ізеттілік пен сауаттылық қана емес, сонымен қатар тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы» - деген пікірі.
Сонымен, сөйлеу, жазу тілінің мәдениеті дегенімізде, алдымен жұртшылықтың әдеби тілді меңгеру дәрежесінің қандай екеніне қараймыз. Оның толып жатқан ұзын сонар жолдары бар: балабақшасы, мектеп, арнайы орта және жоғары оқу орны, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары (газет, журнал, радио, ТV және т. б. ), бәрі-бәрі тіл мәдениетіне баулитын орындар. Алайда, жасыратыны жоқ, солардан қазіргі қоғам мүшесі өнегелі тәлім-тәрбие, жан-жақты білім алып, тіл мәдениетіне де қанық болып жүр деп айта алмаймыз. Оны күнделікті өмірімізден көріп те, байқап та жүрмыз. Әсіресе, бізді көп ойландырып толғандыратыны, керек десеңіз, көңілімізге қобалжу мен күдік салатыны - әдеби тілдің бір түрі болып саналатын ғылыми тіл, дәлірек айтсақ, ғылыми тілдің мәдениеті .
Ал жалпы тіл мәдениетінің бүкіл болмыс-бітімімен көрінетін жері - баспасөз. Баспасөз тілінің мәдениеті мейлі әдеби басылымдар болсын, мейлі ғылыми әдебиет болсын, бәрінің де тілдік элементтерді орын-орнымен, талғампаздықпен тілдік қалыпқа, яғни тілдік нормаға сай қолданылуын қадағалайды. Тағы бір айтарымыз, жалпы баспасөз тілінің ерекшелігі, әсіресе, сөз мәдениеті жөнінде білуге тиіс мәселелердің көптігі мен баспасөзден шығатын басылымдардың бәрін қамтудың мүмкін еместігі. Осыған орай, біз өзіміздің ширек ғасырдан астам еңбек етіп жүрген медицина саласына, осы салада соңғы алты жыл аралығында жарыққа шыққан медициналық басылымдардың сөз мәдениетіне баса назар аударуды жөн деп санадық. Сонымен, біз бірсыпыра медициналық басылымдарға, атап айтқанда: «У кого что болит? - Қай жеріңіз ауырады?» (Альбертон Н. И., Алиханова К. А. ; Қарағанды, 1999 ж. ), «Қазақшасы қалай? - Как это сказать по казахски?» (Дом санитарного просвещения; Алматы, 1999г. ), «Патофизиологиядағы медициналық атаулардың сөздігі (Нұрмұхамбетов Ә., Ахмет-Төре М; Алматы, 1999) », «Медицинский словарь - Медициналық сөздік» (Момынов Т., Рақышев А. ; Алматы, 1999), «Орысша-қазақша медициналық сөйлесу сөздігі - русско-казахский разговорник-словарь» (Аяпбергенова К., Алматы, 2000), «Орысша-латынша-қазақша акушерлік-гинекологиялық сөздік - Русско-латино-казахский акушерско-гинекологический словарь» (Нұрқасымов М., Қайыпова Н, Алматы, 2000), «Хирургиялық атаулардың орысша-латынша-қазақша түсіндірме сөздігі - русско-латинско-казахский толковый словарь хирургических терминов». (Касенов Т., Алматы, 2001), «Термины функциональной диагностики в кардиологии. Русско-казахский словарь» (Биекенов М., Алматы, 2001), «Клиникалық-психологиялық зерттеу және психикалық статусты сипаттау. Әдістемелік нұсқау». (Букашев Т., аударған М. Омарова, Алматы, 2001), «Адам анатомиясы». Оқулық (Күзенбаева Ә., Алматы, 2001), «Аурулардың алдын алу және денсаулықты нығайтудың халыққа арналған білім стандарттары». Әдістемелік нұсқау (Германюк Т. А., Байсүгірова В. Ю., Әлжанова А. және т. б. ; Алматы, 2002), «Адам анатомиясы». Оқулық (Дайырбекова М., Алматы, 2002), «Уланудың түрлері». Дәрігерлерге арналған оқу құралы (Біртанов Е. А., Біртанов Б. А., Алматы, 2002), «Өт қуығында тас пайда болу ауруы». Монография (Нұрмақов А., А-Аты, 2003), «Адам анатомиясы». Оқулық (Рақышев А., Алматы, 2004), «Хирургиялық аурулардың симптомдары мен синдромдары». Қазақша-орысша анықтама сөздік (Әлиев М., Нұрмақов А., Алматы, 2005), «Ішкі аурулар». 2 томдық оқу құралы (Қалимұрзина Б. С., Алматы, 2005), «Валеология. Дене тәрбиесі. Спорт». Республикалық ғылыми-көпшілік журнал (2006, № 2), «Отбасы және денсаулық». Республикалық ғылыми-көпшілік журнал (№ 2, 2006) және тағы басқаларына біліміміз бен мамандығымызға (яғни дәрігерлік, оқытушылық және аудармашылық) сай тұрғыдан шолу жасап және осы басылымдардың мазмұн-мәндері, тіл байлығы, сөз мәдениеті қандай екен дегендей сауалдар қойып, тіпті оқырман қауымның бірі болып, сынымыз бен ой-пікірімізді осы еңбегімізде білдіруді жөн санадық.
І-тарау. Медициналық басылымдардағы сөз мәдениетінің жайы
Алдымен, сөз желісін бастамас бұрын, сөз мәдениеті деген ұғымды айқындап алайық. Өйткені әріптестеріміздің (коллегаларымыздың) басым көпшілігінің түсінігінде сөз мәдениеті сыпайы да әдепті сөйлеумен ғана шектеледі. Әрине, бұл пікірді пәлендей дұрыс деп айта алмаймыз. Шындығында, сөз мәдениеті деген ұғымның мазмұны «сіз» және «біз» дегеннен әлдеқайда кең, әлдеқайда терең. Сөз мәдениеті дегеніміз ең алдымен, ана тіліміздің иелігіндегі барша дүниеліктерді - тілдің дыбыс жүйесін, оның ырғақ, әуездерін; сөзді, оның мағыналық қырларын; сөздің тұлғалық құрылымдарын, оның жұрнақ, жалғауларын; сөз тіркесі мен сөйлем жүйелерін; тілдің стильдік ерекшеліктерін және т. б. әдеби тілдің нормасына сай қолдана білу, дұрыс әрі бедерлі жұмсай білу деген ұғымды білдіреді. Әрине, көп жағдайда «әдеби» мен «әдеби еместің», «норма» мен «норма еместің» аражігін ажырату оңай бола бермейді. Бұлардың жігін айқындауда, біздің ойымызша, әдеби тілдің жұртшылық мойындаған, қоғамның мәдениетті мүшелерінің баршасына міндетті деп танылған нормаларына сүйенеміз. Оның негізгі қалыптары, яғни нормалары фольклор мен ауыз әдебиеті, шешендік сөз, ісқағаз тілі мен ғылыми әдебиет, әсіресе әжептәуір биік деңгейге көтерілген көркем әдебиет үлгілері арқылы қалыптасқан. Бұл үлгілер халық тіліндегі барды талғау, таңдау, таразылау арқылы әдебиет, мәдениет, ғылым, қоғам қайраткерлерінің шығармашылығында кәдеге жарап, мәдениеттендіріліп отырады. Осыған орай, халықтық тілден өзіндік айырмашылығы да, ерекшелігі де бар, ғылыми қағидаларға, стильге негізделген әдеби тілдің бір түріне саналатын - ғылыми тіл туралы өз ойымызды айтайық.
Шын мәнісінде ғылымның барлық саласын сөз етпей-ақ, өзіміздің медицина саласында ғылыми тілді онан әрі дамытып, қалыптастырғымыз келсе, алдымен өзіміздің де, өзгелердің де Мемлекеттік тілді толық қолдана білуі құба-құп болар еді. Олай дейтініміз, егер әрбір маман-дәрігер, ғылыми қызметкер әдеби тілдің нормасына сай ғылыми тілді (ғылыми стильді де) жетік меңгере отырып, өз еңбектерін оқырман қауымға да, қаламдастары мен әріптестеріне де түсінікті етіп жаза білсе, айтайын деген ойын, ғылыми тұжырым-пікірін ауызша да, жазбаша да дәл жеткізетін болса, жеткізе білсе, ғылыми тілдің қадір-қасиеті артып, мәртебесі биіктей түсер еді. Алайда, өкінішімізге қарай, біз медициналық басылымдардың басым көпшілігі өрескел қателіктер мен оғаш олқылықтарға толы екендігіне куә болып жүрміз.
Сөзіміз дәйексіз болмас үшін, осы басылымдардың бірен-саран пайдалы тұстары болса, оқырман қауым қабылдап алған шығар деген оймен тек анадайдан менмұндалап тұрған келеңсіз жақтарына көңіл бөлейік. Атап айтсақ, «Қазақшасы қалай? - Как это сказать по-казахски?» тілашарындағы акушер-гинекологтың қабылдауына тоқталайық: «У Вас беременность. Вы желаете ее сохранить или прервать беременность? - Сіз екіқабатсыз. Туасыз ба, жоқ балаңызды алдырасыз ба?» Қандай дарақы да дөрекі сұрақ! Айта кету керек, орысша сұрақ дұрыс қойылған. Ал қазақшасының қисынсыз да дөрекі екендігін дәлелдейік: біріншіден, әйел жүктілігінің бастапқы кезеңінде келіп отыр; екіншіден, жүктілігін сақтау немесе бөлу, қабылдауға келген жүкті әйелдің ісі, оны өзі шешіп, өзі айтады; үшіншіден, жүкті әйелде әзірше бала емес, ұрық қана пайда болған, сондықтан қазақша сұрақ төбеден шоқпармен соққандай және тым дөрекі қойылған. Білімді де мәдениетті дәрігер акушер-гинеколог жүкті әйелдің жанын жараламай сұрақты былайша қояр еді: «Сіз жүкті болыпсыз. Жүктілігіңізді сақтайсыз ба, әлде бөлгіңіз келе ме?» Мұндай келеңсіз мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Енді медициналық басылымдардағы сөз мәдениетінің ерекшелігін айқындайтын негізгі белгілерге (кейде сапаларға деп те айтамыз) тоқталайық. Олардың бастылары мыналар: сөз дұрыстығы, дәлдігі, логикалығы, тазалығы, мәнерлілігі, байлығы.
Сөз дұрыстығы дегенде алдымен сүйенеріміз - ғылыми тілдің нормасы, яғни ғылыми тілдегі бірізділік, қалыптылық. Сөз мәдениетінің басты талаптарының бірі - сөздердің дұрыс айтылып, дұрыс жазылуы. «Қазақшасы қалай? - Как это сказать по казахски?» деген тілашардың мұқабасындағы аудармалар сөз дұрыстығына бірден нұқсан келтіріп тұр: «Қазақшасы қалай?» дегеннен «Мұны қазақша қалай айту керек? - Как это сказать по казахски?» деп жазу дұрыс та дәлірек келеді деп есептейміз. Тағы бір мысал: балалар дәрігерінің қабылдауында: «Ребенок гудит» (дұрысы гулит) ? - Балаңыз былдырақтай ма?» дегеннен - «Балаңыз уілдей ме?» деген әлдеқайда дұрыс та сыпайы көрінеді емес пе.
«Когда появились первые зубы? - Қай кезде тіс жарды?» дегеннен «Алғашқы тістері қашан шықты? - Когда прорезались первые зубы?» деп сұрау дұрыс қой, ал тіс жарудың сөйлеу, үн қату деген мағыналары да бар. Сөз дұрыстығына қайшы келетін тағы бір келеңсіздік, аталмыш тілашардағы 50 аурудың 41-і орысшадан (тіпті латыншадан да) сол қалыптарында аударылған, дәлірек айтсақ, қалдырылған:
Гастрит - гастрит, зоб - зоб, панкреатит - панкреатит, фурункул - фурункул және т. т. деп кете берген. Тілашар болғаннан кейін тілімізді ашу керек қой, мысалы, гастрит - асқазанның қабынуы, фурункул - сыздауық немесе шиқан деп дұрыс ашып көрсету керек. Сөйтіп, сөз дұрыстығын жай ғана, қалай болса, солай айтыла салатын сөз емес, ғылыми ұғым немесе термин не болмаса ғылыми атау сөз деп білетін болдық.
Сөздің дәлдігі немесе айқындығы дегеніміз - сөздің ақиқат шындықтағы заттар мен құбылыстардың атауларына барынша дәлме-дәл келуі. Кезінде шәкірттеріміздің (студенттеріміздің) кейбіреулерінің «Ауруға жедел медициналық көмек көрсету» күнделіктеріндегі: «Науқастың қызуы біршама төмендеді», «Сырқат баланың жөтелісі жақсы емес», «Аурудың жағдайы жаман емес» және т. т. дегендей жазуларына көңіліміздің толмайтынын білдіргенбіз. Себебін айтайық, бір қарағанда күнделік дұрыс толтырылғандай, дегенмен, сөз мәдениетіне қатысты сөз дәлдігі жоқ. Дененің қызуы біршама төмендегенде аз не болмаса көп төмендегені белгісіз, бұл біріншіден; екіншіден, жөтелудің, жөтел атаулының зардапты екендігі баршамызға мәлім. Сондықтан «жақсы жөтел» болмайды; үшіншіден, дәрігерге керегі аурудың жағдайы (тұрмыстық, әлеуметтік т. б. ) емес, оның денсаулығы, хал-ахуалы. «Жаман емес» деген жауаптың мағынасы көп: оған «орташа», «жақсы», тіпті «өте жақсы» ұғымдарын да сыйғызып жіберуге болады. Сондықтан «жаман еместің» не орташа, не жақсы не өте жақсы екендігінің біреуін дәлелдеп берсек, сөз мәдениетіндегі дәлдікті, айқындықты ашып бердік деп айта аламыз.
Сөздің қисындылығы немесе логикалығы деп жеке сөздің, сөз тіркесінің, сөйлемнің өз орнымен қолданылуын айтады. Өкінішімізге қарай, медициналық басылымдарда сөз мәдениетінің бұл белгісі де ақсап жүр. Тілашарлардан, сөздіктерден тағы да мысалдар келтірейік: «Роды были нормальными - Толғағым қалыпты болған (?!) »; «Роды были стремительные, было раннее отхождение вод - Толғағым қарқынды өтті, қағанағым ерте жарылды (?!) ». Еріксіз таңданып, басымызды шайқаймыз. Жүкті болған, бала көтерген, есі дұрыс әйелдің толғату мен босануды ажырата алмайды дегенге кім сенеді? Өз басым сенбеймін. Шынымызды айтсақ, не дәрігер акушер-гинекологтың сауатсыздығын, не осы тілашарды жазған авторлардың Мемлекеттік тілді жете білмейтіндіктері мен жауапсыздықтарын көріп отырмыз. Баяғы заманнан орысша «роды» қазақша «босану», ал «родовые схватки» - «толғақтар», «толғату» емес пе! Авторлардың ойы бір бөлек, сөздері бір бөлек болып кеткен.
Тағы да бірнеше мысалды жазылып, басылған күйлерінде келтірейік: артерия - артерия, көктамыр - жүректен шыққан (?!) ; брадикардия - брадикардия, жүректің жиі соғуы (?!) ; ассанация - ассанация, денсаулығын жақсарту (?!) ; фурункулез - фурункулез, көртышқан (??!) . Еріксіз қынжыласыз! Нағыз сауатсыздық пен жауапсыздық тұрған жерде сөз қисындылығы, логикалығы қайдан бола қалмақ? Ал енді түзетіп, жөнімен ойымыз бен сөзімізді қисынымен айтып, жазатын болсақ: артерияның қызылтамыр, ал венаның - көктамыр екендігі және қанның осы көктамыр арқылы жүректің оң құлақшасына (жүректен шыққан емес!) келіп құятыны мектеп қабырғасынан белгілі емес пе!
Брадикардия - жүректің сирек соғуы, ал жүректің жиі соғуын тахикардия деп атайды. Ассанация денсаулықты жақсарту емес, үйлер мен ғимараттардың тазалығын жақсарту болып табылады.
Ал денсаулықты жақсартуды, емдеп, күтім жасауды санация деп айтады. Фурункулез деп (көртышқан (орысша крот) емес!) денеге сыздауықтардың қаптап кетуін айтады.
Сонымен, сөзімізді тұжырымдасақ, сөздің қисындылығы, яғни логикалығы деп ойымыз бен сөзіміздің қайшыланбауын айтамыз.
Сөздің мәнерлілігі дегеніміз - сөйлеушінің немесе жазушының тыңдарманын не оқырманын қызықтыра білуі, сөзін ұғындыра алу қабілеті. Өзіміз шолу жасаған медициналық басылымдардан сөз мәдениетінің бұл белгісін көре алмадық. Бір жағынан таңырқауға да болмайды, неге десеңіз, сөз мәдениетінің сөз дұрыстығы, дәлдігі, айқындылығы, қисындылығы, тазалығы және сөз байлығы болмаған жерде қайдан сөз мәнерлілігі болсын?
Сөз тазалығы . Сөйлеушінің не болмаса жазушының әдеби, ғылыми тіл нормасын сақтаумен бірге Мемлекеттік тілдің - Ана тіліміздің барша мүмкіндігін пайдалануды сөз тазалығы дейміз. Ал бұдан да дәлірек айтсақ, ана тілімізді санқилы варваризмдермен, диалектизмдермен, арго-жаргонизмдермен, «койнэлермен» және т. б. шұбарламау және талғамсыз жұмсамау. Сөз мәдениетінің бұл белгісі де медициналық басылымдарда да, емдеу мекемелерінде де сын көтермейді. Алдымен шәкірттеріміздің қазақша сырқатнамалар мен амбулаториялық кітапшаларға жазғандарына назар аударайық: «аурудың жалобасы», «науқас жаловаться етеді», «пока бізге келгенше здоровый болатын», «давлениесін измерить етіп едім», 180 и 95 мм. рт. ст. показал», «языгы обложенный ақ налетпен», «бұрын сахарный диабетпен ауырыпты», «диетаны соблюдать етпейді екен», «операция предлагать еткенде отказ жасапты», «укол жасатпады, бояться етеді екен», «внутримышечно укол істеп, грудына горчичник ставить еттік», «повторный вызовқа барсақ, дәу овчаркасы тістеп ала жаздады (қауып ала жаздады емес) », «ішінің постоянный асциті бар, аяқтары опухшие», «диспансерный учетта тұрмапты» және т. т. деп кете береді.
Ал оқулықтар, оқу құралдары, тілашарлар мен сөздіктерде белок, углевод, клетка, клетчатка, ткань, рак және т. б. орыс тіліндегі терминдер мен атау сөздер бәз-баяғы қалыптарында айтылып та, жазылып та келеді. Осындай сөз тазалығы бола ма екен, әлде орыс тіліндегі аталмыш сөздер әбден қанымызға сіңіп, туған тіліміздегі ақуыз, көмірсу, жасуша, жасунық, тін немесе ұлпа, обыр не болмаса қатерлі ісік сияқты атау сөздерден артық болып кеткені ме? - деп қынжыламыз да уайымдаймыз. Тағы бір мысал келтірейік. Бұл жолы «Уланудың түрлері: Дәрігерлерге арналған оқу құралын» алайық. 31-бетте: «Қызықты механизм, апиын тектес рецепторлардың теориясына негізделген толерантты және қабылдамай жауап бере (тежеу) алады. Апиындарды көп қабылдау рецепторлардың кескін үйлесімін жиі бұзып, эндогенді апиындық заттардың секрециясының қалыптылығын төмендетеді. Апиындық заттар мен секреция беру төмендегенде, экзогендік апиындар көп керек етіледі: яғни қосымша әсер етпей-ақ, тыныстың бұзылуы сияқты үлкен мөлшерде ентігу туындайды. Шұғыл апиынды тоқтату қалыпты жағдайға келтірмейді. Содан келіп, натрийдің өтуіне жол ашылып, қозу күшейеді де ауру белгілерін қабылдамайды (тежеу) » . . . Әділін айтсақ, оқырман қауымды былай қойғанның өзінде, дәрігер мамандардың өздері де ештеңе түсіне алмайды. Ауру немесе удай мас адамның сандырағымен теңеуге болады. «Дәрігерлерге арналған оқу құралы»-сымақ 144 беттен тұрса, соның тең жартысынан көбі осындай түсініксіз сөйлемдерге толы. Осындайда ғылыми тіл туралы, сөз мәдениеті, оның ішінде сөз дұрыстығы, сөз дәлдігі мен айқындығы, сөздің қисындылығы (логикалығы), мәнерлілігі, сөз тазалығы жайында сөз қозғаудың өзі ерсі сияқты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz