Абылай ханның Қытаймен мәмілегерлік саясаттары


ЖОСПАР
1. Кіріспе3
Абылай ― қазақ мемлекетінің құрылысын қорғаушы, ұйымдастырушы, саяси және әскери қайраткер3
2. Негізгі бөлім4
а) Абылай және жоңғар шапқыншылығы4
ә) Абылай ханның дәуірімен байланысты күрделі тарихнамалық мәселе - Қазақстанның Ресейдің құрамына кіруі12
б) Абылай ханның Қытаймен мәмілегерлік саясаттары24
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі28
1. Кіріспе
Абылай ― қазақ мемлекетінің құрылысын қорғаушы, ұйымдастырушы, саяси және әскери қайраткер
18 ғасыр басында қазақ қоғамының саяси құрылымы мен ата-бабамыздан келе жатқан этноқауымдық бірлестігінің тағдыры еріксіз дағдарысқа ұшыраған. Бұл саяси ахуал Жоңғария тарапынан болған шапқыншылықтарды былай қойғанда Ресей мен Цинь империяларының қазақ халқына қарсы сыртқы саясаттарының нәтижесі еді. Осынау тарихи жағдайды сол уақытта көзімен көрген ұлы жырау бір ауыз өлеңмен былай сипаттайды:
Былай барсаң, қоқан бар, Былай барсаң, қытай бар,
Қоқаңдаған әкең бар. Жапырағыңды ұштай бар.
Былай барсаң, қалмақ бар, Былай барсаң, орыс бар,
Күшіңді еппен алмақ бар. Балаңды берсең, қоныс бар.
Абылай орыс жылнамаларында Сібірдің ханзадасы деп аталады.
Ал шынында Абылай Орта жүз қазақтарының 18 ғасырда өмір сүрген ханы. Оның тегі Кіші жүз сұлтандарының кенже буынынан тарайды да, үшінші атадан барып Әбілмәмбет ханға қосылады. Онымен Абылай (Абылай ханның немере інісі) 1739 жылы Орынборда Ресейге мәңгі бодан болатыны туралы ант берген. Атасы, оның да аты Абылай, Түркістанның билеушісі болып тұрған. Батырлығымен, батылдығымен аты шығып, сол үшін қанішер деген қаһарлы да, құрметті атаққа ие болған кісі. Бірақ баласы Уәли әкесінің даңқын асыра алмай, Түркістанды басып алған көрші билеушілердің бірінің қолынан қаза тапты. Қалтқысыз берілген бір құлының арқасында ғана он үш жасар ұлы Абылай аман қалды.
Адал төлеңгіт өз түлегін ертіп, қазақ даласына тартты. Ағайын-туғандары сыртқа тепкен жас Абылай қырға келіп, Жақсылық руының бір байына малшы болады. Дүрбелеңге толы дүбірлі кезең Абылайдың тапқырлығы мен табандылығын, ақылдылығы мен алғырлығын танытуына жағдай жасайды. 18 ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өміріндегі бір алапат кезең еді. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық қазақтары мен башқұрттар қазақ руларына жан-жақтан тарпа бас салып, қырып жойып, малын айдап, жанын байлап әкетіп, талай әулетті тұтасымен тұтқынға алып кетіп жүрді. Қытымыр қыс, кесапат жұт пен ашаршылық тәңірден түскен қыспақтай-ақ халықты сыңсыратып, қайыршылдандырып жіберді. Орынбордағы бір қазақ рубасының өз жерлестерінің қайғылы халін соңынан бір топ ұялас тазы қуған қоянның жағдайына теңегені бар.
2. Негізгі бөлім
а) Абылай және жоңғар шапқыншылығы
Әсіресе, 1723 жыл сұмдық сипатымен қазақтардың есінде өшпестей боп қалды. Қары қалың әрі көктайғақ болған сол бір сұрапыл қыста жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серен қисапсыз қолмен қазақ қырына басып кіріп, қазақтар мен қырғыздарды бұрынғы шалдуарлығы мен шапқыншылығы үшін жаппай жазалауға кірісті. Қайда барса да қанқұйлы жоңғарлар қыр соңынан қалмаған соң қазақтар үріккен киік үйіріндей дүркіреп, жол-жөнекей дүние-мүлкін, бала-шағасын, үй мүлкәмәнін шашып, түстікке барып қойып кетті. Орта жүз Самарқанның түбіне, Кіші жүз Хиуа мен Бұқарға барып паналайды. Ал қырғыздар Болордың Адам аяғы баспаған құз-жарына жасырынып, үрейі ұшқаны сонша, Гиссар алқабына дейін жетеді. Орта Азияның құм белдерінен шүйгін жайылым таба алмай, жаңа көршілермен жауыққан қазақтар құдіретті Ресейдің шекарасына көз салып, олардан қолдау мен қолғабыс іздейді.
Міне, осындай екіталай, үрейлі қанды-қасап кезеңде ел назары Абылай сұлтанға ауады. Өйткені ол жорықтардың бәріне алғаш қатардағы жауынгер боп қатысып, соның өзінде қисапсыз ерлік көрсетіп, айрықша амал-айласымен көзге түскен еді. Өнегелі ақыл-кеңесі, сұңғыла зердесі арқасында ол бірден-ақ көреген, кемеңгер деген атқа ие болады. Шынында да, қазақтар мұны ұлы істер атқаруы үшін Алланың өзі жіберген елшісі, аруақ иесі деп ұққанға дейін Абылай талай күресті бастан кешіріп, сан сыннан сүрінбей өтті. Ол екі мәрте қолға түсіп, бірінде - қырғыздарға, екіншісінде Қалдан Серенге тұтқын болды. Оның Қалдан Сереннен құтылуы шын мәніндегі керемет. Себебі ол ханның сүйікті ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтіріп, құдіретті қалмақтың қазақтардан табандап тұрып талап етуімен тұтқынға түскен ғой.
Қалай болғанмен де, 1739 жылы біз оны Орта жүздің ең ықпалды, ең күшті билеушісі деп таныдық. Орыс үкіметі де көбінесе Абылаймен және оның інісі Сұлтанбекпен ғана байланыс жасап отырған. Өйткені қырға барып қайтқан орыстардың айтуына қарағанда, ол тұста нағыз ханның ешқандай мәні де, беделі де болмаған. Даламен жақсы таныс Тевкелеев бұл сұлтанды қырғыз билеушілерінің ішіндегі ең айлакері, әрі ең ықпалдысы дейді. 1759 жылы Абылай орыс сарайына өзінің туысқаны Жолбарыс сұлтанды жіберіп, сый-сияпат сұрайды. Кейін оған өкілеттік қағаз жіберіліп, жылына 300 сом жалақы тағайындалып, 200 пұт ұн беріп тұру белгіленеді. Осы екі арада Орта Азияда Абылайдың мансап жолындағы ой-арманын жүзеге асыруына жағдай жасайтын оқиғалар болған еді. Ол оның халық алдындағы абырой-беделін тіпті аспандатып жіберді.
Қазақ еліне 18 ғасырдың маңызы өте зор. Бірнеше онжылдықтың ішінде ол өзінің тәуелсіздігі мен мемлекеттік құрылысы үшін ерекше күрес жүргізді. Сол аласапыран кездің тарихы Абылай есімімен тікелей байланысты. Оның данышпан ұрпағы Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, осынау "тамаша қазақтың" даңқты өмірлік жолы көптеген ғалымдардың еңбектерінде жақсы зерттеліп және баяндалып суреттелген. Бірақ, біздерге бұл күндері Абылайдың саясаты, әскери және дипломатиялық шеберлігі, әсіресе қазақтар мен жоңғарлардың арасындағы қарым-қатынастарға байланысты істері өте қызықты және қажетті болып тұр.
Жоңғар мемлекеті қазақ даласына үнемі көз алартып, өзінің саяси экономикалық және идеологиялық экспансиясын тоқтаусыз жүргізді. Екі мемлекеттің арасында кейбір уақыттарда бейбітшілік те орнаған еді. Тіпті кей кезде одақтастық та болған. Ал түптеп келгенде, қазақтар мен жоңғарлар өзара ымырасыз саясатты үнемі жүргізе берген. Осы жағдайды өзінің замандастарымен салыстырғанда Абылай жақсырақ пайдаланған.
Оның ең негізгі мақсаты жоңғар мемлекетін әлсірету еді. Бірақ та қалмақтарды халық ретінде емес, олардың мемлекеттік шапқыншылық саясатын жоюды көздеді. Ал қалмақтардың түбіне жеткен Абылай емес, қытай өкіметі - Цинь династиясы болатын. 19-ғасырдың елуінші жылдарының аяғында қытайлар бір де бір ойратты қалдырмай қырып жібергендіктен, жоңғардың ұлы империясы жойылып тынды. Абылай осы жағдайды жақсы түсінді. Содан кейін де өте белсенді, парасатты дипломатиялық саясатты Цинь өкілдерімен жүргізетін болды. Оның өмірлік стратегиясы - нығайған, өсіп-өркендеген, күшті қазақ мемлекетін құру болатын. Өз заманының адамы болған соң түсінігі жеткенше сол мемлекетті мұрасы ретінде кейінгіге қалдырды. Біздерге бұл күнде Абылайдың осы мұрасын сақтау ең жоғарғы мәртебелі іс екенін айтып жатудың қажеті бар ма?
Әрине, Абылай мемлекеті өте ерекше мемлекет еді. Қазақ елі қырғын соғыстардан үлкен шығынмен шығып, болашаққа бет алған еді. Осы тұста Абылай саясаты Қазақстанның Шығыстағы шекарасын қауіпсіздендірді. Ол үшін 19 ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап Абылай қазақ әскерлерін басқарып, жоңғарларға қарсы шабуылды үсті-үстіне ұйымдастырды.
Абылайдың жоңғарларға қарсы ең атақты жорығы - жасы жиырма екі немесе жиырма үшке, соңғысы алпыс жасқа толған кезінде болды. Қалдан Сереннің баласы Дорджы жекпе-жекке шығып, өлтіргені халық арасында аңызға айналған болатын.
Осы жекпе-жекке шығу елге белгісіз Сабалақты, кейбіреулерге ғана таныс Әбілмансұрды - бүкіл елдің мақтанышы Абылай хан есімін шығарды.
1734 жылдары Абылай Орта жүздің арғын тайпалық бірлестігінің бірнеше руларын басқарып, Құрметті хан деген атаққа ие болды. Ал ресми құжаттарда әлі де сұлтан деп аталған. Сол жекпе-жекке тағы да тоқталсақ, қазақ ақындары мен жыраулары бұл оқиғаны тамаша жырлармен суреттеген және Абылайға Батыр деген атақ берген. Абылайдың ерлігі, батылдығы сол негізгі шайқастарды қазақтың пайдасына шешкені баршамызға мәлім. Оның жас кезіндегі алғашқы шайқастарынан кейін Абылай жоңғар агрессорларымен белсенді шайқасқа бүтіндей берілді. Бұл жағдайды орыс және қытай құжаттары да анықтайды. Шоқанның айтуы бойынша, отызыншы жылдардың аяғында-ақ Абылай төрелердің арасындағы ең беделді саяси қайраткерге айналды. Дәл сол кезде, отызыншы жылдардың аяғында, жоңғарлардың қазақтарға қарсы қайтадан үлкен агрессиясы басталды. Соның салдарынан қазақтардың Есіл өңірі, сонымен қатар Орта жүздің оңтүстігі мен солтүстігі қалың қоныстар шапқыншылыққа, тонаушылыққа ұшырады. Ал осы жорықтарға жоңғарлар өте мұқият дайындалған болатын. әскер саны жағынан алғанда бірнеше онмыңдыққа жетті. Сонымен қатар жеңімпаз соғысты тез ұйымдастыруға әскерлермен қоса қолбасшылары да жақсы мүдделілік көрсетті. Ал оларға көмек беріп тұрған қосымша күш қазақтардың әлі болса да "Ақтабан шұбырындының" салдарынан есін жинай алмағандығы еді. Оның үстіне көшпелі шаруашылық жақсы дайындыққа мұрсат берген жоқ. Жоңғар басшыларының жоспары бойынша сол кезде осындай қара күшке ешкім де қарсы тұра алмас еді. Қазақтар шынында да мұндай айдаһарға қарсылық білдіре алды ма? Әрине, егерде қазақтардың әскерлері әлсіздік көрсете қалса, онда алғашқы шайқаста-ақ әскери рухын жоғалтқан болар еді. Бірақ қазақ жасақтары тойтарыс бере білді. Сол кезде жоңғарларға соққы беру үшін әрине, асқан қабілетті ұйымдастырушы керек болды. Ал осындай ұйымдастырушылық қызметті Абылай хан атқарды. Оның бұл еңбегін, қаһармандығын барлық жыраулар мен ақындар кейінгі заманда аузынан тастаған жоқ. Абылай сол шайқас кезінде жеке басының ерлігін де көрсетті. Қайнар күш, керемет қолбасшылық қасиет парасат ақылдылық, батылдық оның мерейін жоғары көтерді. Шоқанның айтуынша, сол жылдары Орта жүзде Абылайдан артық абыройлы басшы жоқ еді. Орыс құжаттары да Абылайды ерекше бағалайды. Ал осы жеңімпаз батыр, беделді қайраткер, әрине, жаудың да назарын аударды. Көзге шыққан сүйелдей Абылайды ұстап алып, көзін құрту ойраттардың негізгі мақсаты болды.
Қалдан Сереннің баласы Дорджыны көпшіліктің алдында өлтірген Абылайды бір сәтке де естен шығармады. “Абылайды қандай қиыншылық болса да ұстап жазалау керек” деп жоңғар ханы бұйрық берді. Сөйтіп Абылайды ұстау үшін белгілі қалмақ қолбасшысы - Жалбы деген кісі болатын.
Бұл оқиға 1741 жылы болды. Қалмақтардың агрессиясы 30 мың адамы бар әскери күшпен жасалды. Ал барлық әскерлерді басқарған Қалдан Сереннің мұрагері Ламадорджи еді. әрине, 30 мың әскер тек Абылайды ұстауға ғана емес, бүкіл Орта жүзді тізе бүктіруге жіберілген еді. Қолға түскен Абылай “Құрметті тұтқын” ретінде ұсталған, өз өлімінен қорықпай жеке басына қауіп туса да, оған мән бермей, абыройын төкпей, тіпті өзін-өзі тәкәппар ұстап, сонысымен Қалдан Серенге ұнап қалған еді. Жоңғарлардың тұтқынында Абылай өмірінің бір жарым жылын өткізді. Қалданмен сөйлесуге келгенде тамаша тапқырлық көрсетіп, ақылдылығымен, ойшылдығымен аман-есен өлім жазасынан құтылады.
Еліне қайтып бара жатқанда Қалдан оған көп бағалы сыйлықтар береді. Міне, сөйтіп, Абылай өзінің еліне оралады. Содан кейін дәстүр бойынша өзінің ордасын Көкшетау өңіріне тігеді. Қалмақтар оған қанша құрмет көрсетсе де, Абылай өзінің бүкіл саясатын қалмақтарға қарсы қойды. Көп жағдайда бұл ретте қару-жарақ емес, мәмілегерлік шеберлік керек болды. Міне, осы жағына да Абылай қатты көңіл бөлді. Сөйтіп, екі жақты саясатты көп пайдаланды. Біріншіден, қарулы күрес, екіншіден, келіссөздер жүргізе білу. Мұндай саясатты жүргізуге сол кездегі бүкіл қазақ қауымы: сұлтандар, батырлар, жыраулар, билер, қарапайым халық - барлығы үлес қосты. Міне, содан кейін де ол үлкен абыройға ие болды.
Әрине, Абылай шеберлігі алабөтен ерекше еді. Қазақтар мен жоңғарлар арасындағы бейбіт келісімдерге келе білу, соның нәтижесінде көшіп-қонып жатқан ауылдарды сақтау, әрине, Абылайға аңызға бергісіз шетсіз-шексіз бедел әкелді. Елшіліктер мен аманаттарды пайдалану, барлық келісімдерді рет-ретімен жүргізу, әрбір уақытты жемісті пайдалану сияқты істері, әрине, “жабайы көшпенділердің” әрекетіне ұқсаған жоқ. Содан кейін де Орынбор әкімшілігінің оң қолы болған басшылары В. Татищев, И. Челневтер қазақ еліндегі Абылайға ерекше мән беретін болды.
Дипломатиялық саясат жүргізген кезінде Абылай бірнеше мәселені ескеріп отырған. Ең алдымен, қазақ жасақтары көпке созылған соғысқа шыдай алмайтындығын түсінді. Себебі, өте көп күш жинап алған жоңғар империясы нағыз айдаһар сияқты алыпқа айналып еді. Оның үстіне қазақтар бірнеше майданға соғысуға мәжбүр болды. Сондықтан да Абылайды ылғи да келіссөздер жүргізуге итермелеген оның нағыз қажеттіктен туған ақыл-айласы еді. Соның нәтижесінде бірте-бірте қазақ хандығын нығайтуға жағдай жасалды. Өзінің күреске толы даңқты өмірінде Абылай талай жорықтарға шығып, белгілі бір мақсаттарды ұстап отырды. Кейбір қателері де болды.
Оның қаталдығы мен кейбір қателерін Бұхар жырау сияқты елдің терең ақыл-абыройлы азаматтары әділ сынайтын еді. Солай десек те, Абылай саясаты сол кездегі ең дұрыс ең озық саясат еді. Ал кемшіліктер кімде болмайды, әсіресе саяси қайраткерлерде көп кездеседі ғой. Абылайдың тоқтаусыз қатаң саясатының нәтижесінде отызыншы, қырқыншы жылдары Қалданның жорықтары үлкен жеңілістерге ұшырады.
Ертіс өңірін, сонымен қатар Жетісу өлкесін бағындырудан Жоңғар ханы еш нәрсе ұтқан жоқ. Дәл сол кезде Абылайдың даңқы көкке көтерілді. Оның қанды жорыққа қатысқан батырларының да аты бүкіл қазаққа тарады. Олардың есімдерін халық өте жақсы білді. Абылайдың жеңімпаз ұрыстары жоңғар империясын әлсіретіп, күшін жойған еді. Бірқатар жеңілістен кейін ол империяда алауыздық туды. Оған себепші 1745 жылы қаһарлы Қалдан Сереннің қазасы еді. Абылай осы жағдайды жақсы пайдаланады. Бүкіл Жоңғар тағы үшін таласқан бірнеше жоңғарлар Абылайдан көмек сұрап, оған бас иіп келді. Абылай Жоңғарияда көп жағдайда, әсіресе елуінші жылдарда өзін-өзі қожайын ретінде ұстады.
1741-1742 жылдар арасында жоңғар мемлекеті қазақтарға соғыс ашқанын білеміз. Сол кездегі құжаттар бойынша қазақтар жоңғар феодалдарына ауыр салық төлейтін болды. Аудармашы И. Лапиннің айтуы бойынша 1744 жылға қарай қазақтар әр үйден бір-бір қарсақтың орнына бір жылқы төлейтін болды.
1745 жылы Қалдан Серен өлген соң Жоңғарияның өз ішінде лаң басталды. Сол кезде Давади, Ламадорджи және Әмірсана тақ үшін күреске шықты. Абылай бірден-ақ Әмірсананы қолдады. Оған себеп, ең алдымен Ламадорджи қазақтарға қарсы агрессия жүргізген қолбасшы еді. Екіншіден, Әмірсана аңыз бойынша Абылайдың өкіл інісі, Абылай Қалданның тұтқынында болған кезінде ол қазақ сұлтанын өзінің інісі Әмірсанаға өкіл ағасы ретінде қосып қойған еді. Ал шындыққа қарасақ Әмірсана қазақ мемлекетіне қарсы агрессия жүргізбейтін жоңғар басшысы, қайраткері еді. Осы тарихи жағдай 1751 жылы болды. Көп ұзамай Ламадорджиді Жоңғар феодалдары өлтіреді. Әмірсана жаңа саяси жағдайды пайдаланып, Давадиға қарсы шығады. Ал оған саяси және әскери көмек көрсеткен Абылай еді. Абылай Әмірсанаға материалдық көмекпен қатар әскери көмегін де берді. 1754 жылы Әмірсана қарулы күресте жеңілді және Қытайға қашып кетті. Абылай сол арада не істеді? Құжаттардың айтуынша қазақ феодалдары Әмірсананы толық қолдап тұрған еді. Бұл мәселені кеңірек талдасақ, мынадай ұғымға келеміз. Абылай ең алдымен айтқанына қайтпайтын, бір сөзді қайраткер. Сосын да өкіл інісін толық қолдады. Ал басқа жағынан енді Цинь агрессиясына қарсы күштерді шығарды. Осыған орай Цинь өкіметі Жоңғарияға өздерінің әскерлерін кіргізді. Бұл оқиға 1755 жылы болды. Және осы кезден бастап Қытай өкіметі Жоңғарияны түгелдей жоюға кірісті. Бірнеше жылдан соң Жоңғар мемлекеті жер бетінен жоқ болды.
Елуінші жылдары Абылай және оған жақын феодалдар өздері жоңғарларды тәуелділікке түсіруге әрекет жасады. Мынадай мысалдарды келтіруге болады. Емел өзені өңірінде қоныстанған 10 мың қалмақ отбасынан елуінші жылдары қазақтар шабуылынан соң 7-8 мың отбасы қалған еді. Сол кезде Абылай қалмақтарды қырмай, қоныстарын аударып, олардың біразын қазақтармен некеге тұрғызды, яғни туыстарды, өзі де сол саясатты пайдаланып, қалмақ қызы Топыш ханымды алды. Болашақ Кенесары ханның әжесі осы еді. Тағы бір мысал келтірсек, қазақтар Іле өңіріндегі жоңғарларға біраз уақыт тыныштық бермей, мазалап тұрды.
Осы сияқты мысалдар қазақтардың агрессиясын емес, қайта өз жеріне, өз қоныстарына қамқорлық жасағандарын көрсетеді. Себебі, Бұл жерлер қазақтың ежелден келе жатқан мекен-жайлары. Елуінші жылдары қазақ елінің күші керемет нығаяды. Көп жағдайда жоңғарлар одақтастықты қазақтармен де құратын болды. Мысалы, мына бір құжатта “Батма-Церен объединившись с казахами напал на кочевьи Давади”, - деп жазылған.
Ал сол Батма-Церен - Әмірсананың жақын туысы. Қазақтар осы бірнеше мысалдардан байқасақ, өзінің одақтастарына зор құрметпен қараған. Қазақтардың жоңғарларға қатысты саясатын басқарған, әрине, Абылай болатын. Абылайдың күшейіп кететіндігінен қорыққан Қытай өкіметі өз әскерлерін Жоңғарияға кіргізді. “Можно видеть, что силы Давади истощились, а Джунгарские дела терпят прах. Если не двинут быстро воиска, то казахи по счастливой случайности делаются своей выгодой. Если Давади будет взят в плен казахами или Амурсаной или Батман-Цереном это будет не так хорошо”, -деп жазылған дерекке қарағанда, қазақ әскерлерінің әрекетіне байланысты Цинь өкіметі өз саясатын жүргізді.
1755 жылдың жазында қытайлар Давадиді ұстап алып және соның нәижесінде Абылайға бірінші елшілікті жіберді, бірақ солардың ең негізгі мақсаты, Әмірсананы ұстау еді. Әмірсана сол кезде қазақтармен, қырғыздармен, кейбір ойрат руларымен одақ құрып, Жоңғарияның тәуелсіздігі үшін күрес бастайды. Сол күресте оған тіпті орыстар да көмектескен еді. Ал негізгі көмек Абылай хан жағынан болды. Қытайлар сол жағдайды жақсы түсінді де, Абылайды өз қолында ұстау үшін 1756 жылы наурыз айында қазақ сұлтанына тағы бір елшілік жібереді.
Абылай Циньдардың кеңесін тыңдаған жоқ. Қазақ жасақтары Жоңғарияда өз билігін жүргізді. Абылай Қытайдың агрессиясы күшейіп келе жатқанын да түсінетін еді. Көп ұзамай Қытай өкіметі қазақ еліне қарсы соғыс бастайды. 1757 жылы жазда олар Тарбағатайдан асып, қазақ қоныстарына баса көктеп кіреді. Абылай енді біріккен қазақ-ойрат әскерлерін басқарып, Циньдарға тойтарыс береді. Бұл жағдай Циньдардың ашуын қатты келтіреді.
Содан барып Қытай өкіметі Жоңғарияны толық құрту жөнінде шешім қабылдайды да, әскерлерін Жоңғарияға кіргізеді. Сөйтіп, 18 ғасырда өмір сүрген ұлы көшпелі империя жойылды. Бұл қайғылы оқиға 1759 жылы аяқталды. Жоңғарияны құртқан Абылай емес еді. Себебі, ол Жоңғар шапқыншылығының бетін қайтарып, Қытай экспансиясын тоқтатты. Міне осы үшін біз бүгінгі күні Абылайды ерекше бағалаймыз. Оған тағзым етеміз. Сондай саяси қайраткерлердің арқасында қазақтар ел болып, жұрт болып сақталды. Абылай есімі - бізге үлкен мақтаныш, мемлекет қайраткерлерінің арасында өз орнын алып тұр.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz