Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ССРО және дүниежүзілік қоғамдастық



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 21 бет
Таңдаулыға:   
Жоспары

Кіріспе 2
1-тарау. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ССРО және дүниежүзілік
қоғамдастық 4
2-тарау. ССРО және Шығыс Еуропа елдері. ӨЭК-тің құрылуы – социализмнің
әлемдік жүйесі қалыптасуының негізі 9
3-тарау. Халықаралық қатынастарда жылымыққа бет бұру және ӨЭК қызметінің
кезеңдері 13
Қорытынды 23
Пайдаланылған әдебиеттер 24

Кіріспе

70 жылдай өмір сүрген социалистік жүйедегі ССРО-ның күйреуімен бірге
әлемдік социалистік жүйе де ыдырады. Бірқатар социалистік елдерде негізінен
аралас экономикаға көшу үрдісі күшейді. Көп жағдайда бұл жүйе өзін-өзі
ақтамады. Дегенмен, жалпы көпшілікті теңестіру, әлеуметтік мәселелерді
болдырмау, жер жүзінде молшылық, бейбітшілік орнату секілді игі ниеттерді
іске асыру мақсатында құрылғанымен озбырлыққа, кеудемсоқтыққа жол беріп,
ұлтсыздану ұранын жалаулатып жібергені жасырын емес.
Жалпы социализмнің әлемдік жүйесінің құрылуына жоғарыда
айтқанымыздай, бірқатар игі ұстанымдарының болуы да әсер еті. Бірақ шешуші
фактор ССРО-нің екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жетіп, әлем алдында
беделінің нығаюы, әскери қуатының молаюы болды.
ССРО-ның социализмді басқа да мемлекеттерге жаюының себебі де жоқ
емес еді. Өйткені сол тұста АҚШ әлемдегі қуатты елдердің біріне айналып,
атом қаруын дамытуға шындап кіріскен еді. Оған төтеп беру үшін социалистік
лагерьдегі елдер қатарын көбейту, күш біріктіру қажет болды. Сол сияқты
НАТО-ның құрылуы да мәселені өзекті ете түсті. Осындай халықаралық
ширығысты жағдайда 1949 жылы социалистік елдердің Өзара Экономикалық Кеңесі
құрылды. Бұл кеңестің көптеген игі істері болды. Елді индустрияландыруда,
ғылыми-техникалық прогресті өркендетуде пайдалы жақтары жоқ емес. Кеңес 40
жылдай қызмет етіп келіп, ССРО-ның күйреуіне орай өз қызметін тоқтатты.
Өзара Экономикалық Кеңес социализмнің әлемдік жүйесін құруда үлкен
роль атқарды. Ол жалпы өзіне қатысушы мүше елдердің қызметін үйлестіруші,
бағыттаушы орган болды. Осы бағыттағы өз миссиясын ойдағыдай атқара алды
деп есептеуге болады.
Қазақстан тәуелсіз даму арнасына түскеннен кейін көптеген халықаралық
ұйымдарға мүше болып, өзі де ірі халықаралық ұйымдар құруға мұрындық болып
жүргенін ескерсек, халықаралық бағыттағы істерге келгенде осынау жүйенің
қызмет ету механизмдерін зерттеудің маңызы зор екендігі анық болады.
Сондықтан да мен осы курстық жұмыста тарихта үлкен өзгерістер жасаған
социалистік жүйенің әлемдік жүйесінің құрылуын қарастыруға тырыстым.
Курстық жұмыстың мақсаты: екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тарихта
социалистік жүйенің құрылыуын зерттеу болып табылады.
Көздеген мақсатымызға жету үшін курстық жұмыстың міндеттері мыналарды
қамтиды:
- ССРО және дүниежүзілік қоғамдастық арасындағы қарым-қатынастар;
- социализмнің әлемдік жүйесі қалыптасуының негізінде пайда болған ӨЭК-
тің құрылу тарихын шолу;
- халықаралық қатынастарда жылымықтың пайда болуын қарастыру.
Зерттелу деңгейі. Бұл тақырыптың зерттелу барысы Кеңестік Одақ
дәуірінде мейлінше жақсы болатын. Өйткені сол кезеңдегі тарихшылардың
зерттеулерінде осы социализм жүйесі құрылды, бұдан әрі бүкіл әлем осы
жүйеге көшеді деп есептелетін. Сол себепті де осы тақырыпқа қалам
сілтегендер өте көп. Ол әдебиеттердің біршамасын атап өтелік: Рахематулин
Э.С. “История социалистических учений” Казанский ГУ, 1989. Фаддеев Н. В.,
Совет Экономической Взаимопомощи, М., 1974. Осы тақырыпты ашу кезінде
Социалистік өзара экономикалық кеңестің құжаттарын пайдаландым.
Курстық жұмыстың хронологиялық шеңбері 1945-1955 жылдар аралығын
қамтиды.
Курстық жұмыстың құрылымы кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды мен
қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1-тарау. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ССРО және дүниежүзілік
қоғамдастық

Атом қаруының пайда болуы дүние жүзінде әскери-стратегиялық жағдайды
түбірінен өзгертті. АҚШ-тағы Г. Трумэннің президенттігінің бастапқы кезеңі
елімізге сырттай болса да іштартумен сипатталатын еді. Алайда екінші
дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін екі айдан соң-ақ АҚШ-та жаппай
зақымдайтын жаңа қаруды қолдана отырып, ССРО-ға шабуыл жасаудың жоспарлары
әзірлене бастады. 1945 ж. қарашада атоммен бомбалау үшін ССРО
территориясындағы 20 ірі объекті белгіленді. 186 атом бомбасын қолдану
көзделді. Одан кейінгі жылдарда осындай жоспарлар дәл анықталып, нақтыланып
жатты. 1949 ж. Совет Одағының 100 қаласына атом бомбаларын тастау
белгіленді, бұл үшін 1300 бомбаны пайдалану жоспарланды.
80 жж. Трумэннің архивінен 10 күндік мерзімде орындауы үшін Совет
Одағына тапсыру көзделген ультиматумның нобайлары табылды. Оған ССРО
ультиматум шарттарын орындамаған жағдайда құртылуға тиісті қалалардың
тізімі де қоса тіркелген.
Аса көрнекті ғалымдар атом энергиясын әскери мақсаттарға пайдалану
ессіздігінен сақтандырған болатын. Бұл жөнінде ойшыл В. И. Вернадский сонау
20 ж. басында-ақ ескерткен еді. 1947 ж. Эйнштейн-Рассельдің манифесі
белгілі болды, онда дүние жүзіне әйгілі физик әрі философ соғысты саясаттың
жалғасы ретінде қараудан бас тартуға шақырды, өйткені жаңа жағдайларда
мұның өзі ессіздік деді.
40 жж. екінші жартысында Совет Одағы өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз
ету үшін АҚШ-тың атом бомбасына қарсы салмақ ретінде өз қаруын тезірек
жасауына тәуелді жағдай қалыптасты. Атом ядросының энергиясын зерттеу
жөніндегі жұмыстар ССРО-да соғыс алдындағы жылдарда-ақ басталған. Бірақ
оларды әскери қолдану, мысалы, соғыс басында П. Л. Капицаның сөйлеген
сөзіндегі сияқты талқыланғанымен бірінші кезектегі міндет ретінде қойылған
жоқ,
1942 ж. Воронежде зенит артиллериясында міндетін атқарып жүрген
аспирант-физик, кейіннен академик болған Г. Н. Флеров АҚШ пен Ұлыбританияда
шыққан ғылыми журналдардың мазмұнын өз тақырыбы бойынша қарап отырып,
олардың беттерінен атом проблемалары жөніндегі мақалалардың ғайып болғанына
назар аударды. Жас ғалым бұл елдерде, алдымен АҚШ-та, атом энергиясын
әскери салада қолдану жөнінде интенсивті жұмыс басталған деген қорытынды
жасады. Ол ССРО Ғылым академиясына, Жоғары мектеп істері жөніндегі
комитетке хат жолдады, бірақ ол жауапсыз қалды. Содан ол Сталинге хат
жазды.
Советтік атом жобасын жасау жұмысы 1943 ж. басталды. Оны Б. Л.
Ванников басқарды. Атом қаруын жасау жөніндегі жобаның бірінші ғылыми
жетекшісі И. В. Курчатов болды, ол ғылыми зерттеулерді жүргізуде белгілі
дәрежеде тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз маңына жас, талантты, жігерлі
мамандар тобын топтастыра алды. Сталиннің ұсынысы бойынша, атом жобасын
жасау жөніндегі жұмысқа Саяси Бюродан бақылауды орасан зор өкілеттікке
иеленген Берия жүзеге асырды.
1945 ж. АҚШ-тың атомшы-ғалымдары ССРО өзінің атом қаруын тез дегенде
10 жылдан кейін жасайтыны туралы болжам жасады. Бірақ 1949 ж. қыркүйекте
АҚШ әскери-әуе күштерінің барлау деректері негізінде ССРО-де атом жарылысы
жасалғаны анықталды. Бұл деректер өңделіп жатқанда СОТА 1949 ж. тамыздың 20-
сында сағат 7-де Семей облысындағы полигонда тұңғыш советтік атом қаруы
сынақтан өткізілгенін хабарлады. Біздің елімізде жаңа қарудың жасалуына АҚШ-
та жұмыс істеген және АҚШ пен ССРО арасындағы ядролық саладағы тепе-теңдік
қана дүние жүзіндегі жағдайды тұрақтандыра алады деп есептеген неміс ғалымы
Клаус Функс белгілі бір роль атқарады. Ол Совет Одағына маңызды ақпарат
берді.
1947 ж. С.П. Королевтің басшылығымен тұңғыш советтік баллистикалық
ракета сынақтан өтті. Атом қаруы 1954 ж. Совет Армиясы қару-жарағына келіп
түсті. Сол кезде, 1954 ж. қыркүйек айында атом бомбасының нақты жарылысымен
ірі әскери жаттығу өткізілді.
Бірақ совет ғалымдары қарудың жаңа ұрпағын — термоядролық қаруды
бірінші болып жасады, оны жасауда И. Е. Тамм, А. Д. Сахаров пен Ю. Б.
Харитон көрнекті роль атқарады.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін антигитлерлік коалиция
жөніндегі одақтастардың бір-біріне сенімі үздіксіз азая берді. Шығыс
Европада Совет Одағының ықпалының өсуі және онда коммунистер басқарған
үкіметтердің құрылуы, 1949 ж. қытай революциясының жеңіске жетуі, Оңтүстік-
Шығыс Азияда отаршылдыққа қарсы азаттық қозғалысының өрши түсуі
дүниежүзілік аренада күштердің жаңаша орналасуына, кешегі одақтастардың
арасында біртіндеп тайталастың пайда болуына алып келді.
Өкінішке қарай, еліміздің саясатшыларында да идеологиялық елірме
сөздер пайда болды. 1949 ж. 1953 ж. дейін Сыртқы істер министрінің қызметін
30 жж. қолдан ұйымдастырылған саяси процестерде айыптаушы ретіндегі өз
сөздерімен көбірек аты шыққан А. Я. Вышинский атқарды. Вышинскийдің
сөздерінде лепірме сөз, айыптау, империализмнің сөзсіз және көп ұзамай
күйрейтіні жөнінде болжам айту басым болды, мұның өзі келіссөздер жүргізу
үшін жақсы негіз жасай қойған жоқ.
Ядролық қаруға қатысты өте байыпты ұсыныстар жасай отырып ССРО сонымен
бірге бұл процеске халықаралық бақылау жасауды күрт шектеуге ұмтылды, мұны
батыс насихаты ойдағыдай пайдалана отырып, совет басшылығын шын мәнінде
қарусыздануды қаламайды деп айыптап, бізге сенімсіздік туғызды.
Совет Одағы Үкіметі Европада, дүние жүзінің басқа бөліктерінде әскери-
саяси блоктардың құрылуына қарсы шығып, барлық елдердің арасында тең
құқықты екі жақты қарым-қатынас болуын жақтады. 1948 ж. ССРО түрлі саяси
жүйесі бар екі мемлекеттің қатар өмір сүруі мүмкін екенін іс жүзінде
көрсете отырып, Финляндиямен шарт жасасты.
Бейбіт уақытта әскери одақтарға қатыспау саясатын дәстүрлі ұстанып
келген АҚШ сыртқы саяси бағытта күрт бұрылыс жасады. 1949 ж. НАТО әскери-
саяси блогы құрылып, оған АҚШ та кірді. ССРО және Шығыс Европа елдері
біртіндеп АҚШ-тың әскери базаларының қармауында қалды. Түрлі
радиодауыстардың, өмір сүріп отырған саяси құрылысты құлатуға тікелей
шақырған листовкалары бар әуе шараларының көмегімен СССР-ге қарсы насихат
күшейді.
Екі күштің 50 жж. басындағы ең күшті қақтығысы корей жанжалы болды. Ол
қырғиқабақ соғыстың қарулы қақтығысқа қалай оп-оңай айналуы мүмкін екенін
көрсетіп берді. АҚШ әскери командованиесінің атом қаруын қолданбақ ойы
болды, оны тек ССРО тарапынан осындай шаралар болу қаупі ғана ұстап қалды.
Қалыптасқан жағдайда ССРО Кореяға әскери-техникалық көмек беру қажет деп
тапты. ССРО-дан басқа Корей Халық-Демократиялық Республикасына Қытай Халық
Республикасы және басқа социалистік елдер көмек көрсетті. 1951 ж. ортасына
қарай Кореяда жағдай тұрақтанып, бейбіт келіссөздер басталды, соның
нәтижесінде 1953 ж. шілденің 27-ісінде бітім туралы келісімге қол қойылды.
Қырғиқабақ соғыс тек халықаралық қатынастар емес, көптеген елдердің
ішкі өміріне де әсер етті. АҚШ-та мыстандарды аулау науқаны өріс алып,
онда көптеген адал, прогресшіл пиғылдағы адамдар жапа шекті. ССРО-да ол
барлық шетелдіктерге күдіктене қарауға әкеліп соқты. Батыс елдерімен мәдени
байланыстар шектелді; насихат адамдардың санасына Батыс елдерінің
агрессияшылдығы туралы, олармен қандай да келісімдерге жетудің мүмкін
еместігі туралы жауыр болған ойды сіңіріп жатты.
Әлемдегі осындай жағдайлар және СССР-дің екінші дүниежүзілік соғыстан
кейін әлем қауымдастығы алдында беделінің артуы социалистік жүйені әлемдік
ауқымда таратуына мүмкіндік берді. Бұл ретте СССР-дің көз тіккені Шығыс
Еуропа елдері болды.

2-тарау. ССРО және Шығыс Еуропа елдері. ӨЭК-тің құрылуы – социализмнің
әлемдік жүйесі қалыптасуының негізі

Шығыс Еуропа елдеріндегі ішкі саяси дамудың күрделі процестері 40 жж.
екінші жартысында оларды жетекші рольді коммунистер атқаратын үкіметтердің
құрылуына алып келді. Шығыс Еуропа елдеріндегі қайта құрулар Совет Одағы
тарапынан тікелей қолдану үстінде өтіп жатты.
Совет Одағының беделі халықтық-демократиялық елдер халқының едәуір
бөлігі арасында ССРО-ның фашизмді талқандаудағы роліне, халықаралық
аренада өз одақтастарының ұлттық мүдделерін қолдауына негізделді.
Совет адамдары революциялары жеңіске жеткен Шығыс Еуропа елдерінің,
Қытайдың халықтарына іштарта қарады. Мұның өзі ССРО-да оқып жүрген шетел
студенттеріне көзқарастан да, жұмысшылар мен шаруалар, ғалымдар мен
мәдениет қайраткерлері делегацияларының байланыстарынан да көрінді.
Алайда социалистік елдердің жүйесін құруда ССРО-да үстемдік еткен
социализм моделін басқа елдерге сол күйде көшіруге жол берілді. Бұл атап,
айтқанда, алып құрылыстар салуға баса назар аудара отырып міндетті түрде
индустрияландыруды жүргізуден, коллективтендіруді орнықтырудан, мәдени
өмірді идеологияландыру мен догмаландырудан көрінді.
Әрбір елде социалистік құрылыстың өзіне тән ерекшелігі болатынын сөз
жүзінде мойындай отырып, ССРО басшылығы дамудың социалистік жолын таңдаған
барлық елде экономикалық және саяси өмірдің біртектілігін орнатуға
бағытталған саясат жүргізуге ұмтылды. A.A. Жданов 1947 ж. коммунистік және
жұмысшы партияларының өкілдері алдында сөз сөйлей келіп, олардың тікелей
міндеті Батыстың бүкіл ықпалына және советтік жолдан ауытқуға қарсы күрес
жүргізуде екеніне сендірді. Сталиндік басшылықтың бірқатар мәселелері
бойынша дербес айқындамалар ұстанған Югославия басшылығымен жанжалынан
кейін жазалау шараларын жандандыруды талап етуі ерекше күшейеді. 1948 ж.
наурызда Югославия басшысы И. Броз Тито Саяси Бюро мәжілісінде ССРО-мен
қатынастар тұйыққа тірелді деп мәлімдеді. Совет Одағы өзінің барлық
кеңесшілерін Югославиядан шақыртып алды. ССРО-да және басқа да социалистік
елдерде Югославияға қарсы науқан өрістетілді.
Социализмнің әлемдің жүйесінің құрылуы СССР-дің Еуропада, Азияда, 1957
жылы Кубада революция жеңіске жеткеннен кейін Латын Америкасында ролінің
күшеюімен байланысты болды. Социалистік елдер блогын құрудың мақсаты
социализм үстемдік құрған елдердің экономикалық, сол секілді әскери-саяси
мүдделерін ең алдымен СССР-дің мүддесіне орай қалыптасты.
Социализмнің халықаралық жүйесінің қалыптасуының маңызды алғышарты
Совет Армиясының Орталық және Оңтүстік Шығыс Еуропа елдерін азат ету
миссиясы болып табылды. Қазіргі кезде осы мәселе бойынша қызу пікірталастар
бар. Зерттеушілердің бірқатары 1944-1947 жылдары осы аймақтағы елдерде
халықтық демократиялық революциялар болмады, ал Совет Одағы азат болған
халыққа сталиндік режимді таңды деп санауға бейім. Мұндай пікірлепрмен
ішінара келісуге болады. 1945-1946 жылдары аталған елдерде кеңінен
демократиялық қайта қалыптасулар жүрді.
50-жылдары халықаралық социалистік жүйені СССР-дің әмбебап үлгісі
негізінде жаңа қоғамның құрылуы деп сипаттауға болады. Мұның басты сипаты
баршамызға белгілі болғандай мемлекетті бір ғана партияның билеуі (бір
партиялық жүйе), өмірдің бар саласының идеологияландырылуы, мемлекеттің
экономикаға бар жағынан бақылау орнатуы, өндіріс пен жерге жеке меншіктің
болмауы секілді ортақ сипаттар еді.
Әлемдік социалистік жүйенің қалыптасу тарихындағы маңызды кезең 1949
жылдың қаңтарында Өзара Экономикалық Кеңестің (ӨЭК) құрылуы болды. Өзара
Экономикалық Кеңестің құрылу мақсаты социализм жеңіске жеткен елдердің
социалистік экономикасын дамыту және Совет Одағының Еуропа мен Азияға
экономикалық ықпалын артыру болды.
Социалистік жүйе мемлекеттерінің арасындағы қарым-қатынастар достық
пен ынтымақтастық жөніндегі шарттар негізінде құрылды. Экономикалық
қатынастарды 1949 ж. бастап Өзара Экономикалық Кеңес (ӨЭК) үйлестіріп
отырды; оған алғашқыда ССРО, Болгария, Венгрия, Польша, Румыния мен
Чехословакия, ал одан кейін басқа да бірқатар елдер кірді.
ЭӨК – Экономикалық өзара көмек кеңесі – социалистік елдердің
мемлекетаралық экономикалық ұйымы. Консультативтік сипатта. Мақсаты – күш-
қуатын біріктіру және үйлестіру арқылы ынтымақтастықтың тереңдеуіне және
жетілуіне қолдау көрсету, қатысушы мүше елдердің халық шаруашылығының
бірқалыпты дамуына, ҒТП-ті жеделдетуге, өнеркәсібі нашар дамыған елдердің
индустрияландыру деңгейін көтеруге, еңбек өнімділігін арттыруға,
халықтардың жақындасуына және экономикалық даму деңгейінің еңестіруге және
әл-ауқатын арттыруға қолдау көрсету. 1949 жылы 5 қаңтарда құрылған.
 Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық социалистік
интернационализм, еріктілік, мемлекеттік егемендікті ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Арнаулы білім берудегі тәрбие
Қазақстанның сыртқы саясатындағы дипломатиялық өкілдік
Дүниежүзілік қоғамдастық
Үлкен Үштік конференциялардағы АҚШ дипломатиясы
Екінші дүниежүзілік соғыс және Тегеран конференциясы
Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі құрылымының стратегиясы және қалыптасуының құқықтық принциптері
Қазақстанның әскери - саясаттық қауіпсіздігін кепілді қамтамасыз ету
Қазақстан қауіпсіздігі құрылымының стратегиясы және қалыптасу принциптері
Қазақстан мен Жапония қатынастарының негізі
Метеорологияның даму тарихы. Дүниежүзілік Метеорологиялық Ұйым. Қазақстандағы метеорологияның дамуы.
Пәндер