Тасаввуф - Исламның санасы


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ
ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМДАР ФАКУЛЬТЕТІ
ДІНТАНУ КАФЕДРАСЫ
Қ. Р. Қаратышқанова
5В020600 -«Дінтану» және 5В021100 - «теология»
мамандықтары үшін
В27. 129 «Сопылық тарихы және философиясы»
пәні бойынша дәрістік сабақтарды өткізуге
ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ
Түркістан-2019
Лекция кешені теология және дінтану негізгі оқу жоспарлары мен Гуманитарлық ғылымдар факультетінің Академиялық Комитет Кеңесінде қаралып, мақұлданған (№ 1, «02»09. 2019 ж. ) .
Лекция кешені Гуманитарлық ғылымдар факультеті «Дінтану» кафедрасының № 1, «02»09. 2019 ж. мәжілісінде талқыланды.
Кафедра меңгерушісі ф. ғ. к., доцент Қ. Қаратышқанова
Лекция кешені факультеттің оқу-әдістемелік кеңесінің № 1, «02»09. 2019 ж. мәжілісінде мақұлданды.
Кеңес төрайы п. ғ. к. Б. Ауезов
1-тақырып. Кіріспе. Сопылық философия пәні
Лекцияның мақсаты мен міндеттері:
Лекцияда исламдық ғылымдардан өзіндік діни құрылымы мен рәсімдерімен ерекшеленетін сопылық ғылымының тарихына қатысты түсіндірме шолу жасау, тасаввуфқа қатысты пікірлермен танысу. Адам рухының ахлақ тұрғысынан жоғарылауын қол жеткізтуге тырыстындығын көрсету.
Лекция мазмұны:
- Пән анықтамасы
- Зерттеу әдістері мен түсіндіру принциптері
- Пәннің мақсаты мен міндеттері
Осы уақытқа дейін мұсылман қауымының рухани өміріне үлкен ықпал етіп отырған сопылық және оның философиялық мазмұнына деген қызығушылық заңды да табиғи құбылыс. Адам жаратылысының басты тәсілі құдайды тану екендігін, бірақ шындығына келгенде мұның адамның ішкі әлемін тануға негізделетінін айқындайтын сопылық, болмыстың жоғары мәніне ұмтылған адамның шексіз мүмкіндіктеріне сенумен тығыз байланысты мәңгі тылсым дүниені ішіне алып отыр. Адамның өз ішіне үңілуіне мүмкіншілік беретін сопылық философиясы рухани мәдениеттің күрделі феномені. Өйткені, ол шығыс философиясымен толық үндесіп, шығыс мәдениетінің құрамдас мәні болып келе жатыр.
Сопылық ойлаудың негізгі тарихи кезеңдері бар. Олар дегдарлық (зухд), тасаууф (суфи) және тариқат кезеңі деп шартты түрде бөлінеді. Кезеңдер сопылықтың уақыт ішінде дамып, өзгерістерге ұшырауының ерекшелігіне қарай жіктелген. Дегдарлық (зухд) кезеңі тарихи тұрғыдан VІІ-VІІІ ғасырларды қамтиды. Осы уақыт аралығындағы исламның рухани, мағнауи тіршілігінің формасына дегдарлық (зухд), ал өкілдеріне захид, ғабид, нуссах және курра дейді. Дегдарлық кезеңінің өкілдері Хасан ал-Басри, Уәйс-ал-Қарани, Рабиғат-ул Адауийа, Малик бин Динар т. б. Бұл кезеңнің ерекшелігі танымға емес, өзінің ахлақына, кереметке емес, тура жолға, қысқасы теорияға қарағанда практикаға көңіл бөлгендігінде жатыр.
Сопылық кезеңінің ең басты ерекшелігі ғылым, таным мен экстазға ден қойды. Бұрынғы амалды, тағатты, дегдарлықты сол қалпында сақтай алмады. Өкілдері Мағруф Кархи (815), Бишр Хафи (841), Әбу Сүлеймен Дарани (830), Зуннун Мысри (859), Баязид Бистами (874), Жунайд Бағдади (909), Әбу Сайид Харраз (885), Сари Сақати (870), Хамдун Кассар (884), Хаким Тирмизи (898), Сахл Тустари (886), Әбу Хусайн Нури (907), Әбу Хафс Хаддад және т. б. Бұл кезеңде тасаууф екі түрде бой көрсетті. Біріншісі - рухани елту хәліндегі «масаң топ”. Ұстазы Бистами. Бұл топта экстаз, елту, шатахат сияқты сырттай шариғатқа кереғар көрінетін құбылыстар көп болды. Екіншісі - сергек рухани хәлдегі танымға көңіл берген Бағдади тобы. Бұлар ымырашыл орта жолға, сырттай шариғатпен үндестікке көңіл бөлді.
Сопылықтың екінші кезеңі Хасан ал-Басриден Имам Ғазалиге (м. 1055-жж. ) дейінгі аралықты қамтиды. Бұл дәуірде сопылық дегдарлық пен тақуалық сияқты практикалық қозғалыс болумен қатар кәлам, құқық және философия сияқты жалпы ислам ойлау жүйесіндегі дамуларға параллель доктриналық деңгейге көтерілді. Яғни, бүгінгі сопылық дүниетаным деп аталатын теориялық ойлау жүйесіне қауышты. Сопылық философияның дамуына жоғарыдағы ислам ғылымдары мен философиясының ықпалы қуатты болды. Хасан ал-Басриден басталған сопылық философия деңгейі бірте-бірте қалыптасып, дами бастады. Нәтижеде сопылық философиялық доктрина екі негізгі салаға айрылды. Оның бірі - маламийа мектебі де, екіншісі - исбатийа.
Сопылықтың үшінші кезеңі - дегдарлық, сопылық кезеңінен кейін тариқат сатысына өтеді. ХІ ғасырдан бүгінге дейін жалғасқан өте маңызды кезең. Бұл кезеңде ғұламалар мен сопылар, медресе және текке арасында қайшылықтар болғанменен, поэзия, әдебиет, өнер сияқты құндылықтарды дамытқан сопылық өкілдер пайда болды. Себебі, ХІІ-ХІІІ ғ. ғ. Ислам халифатында сопылық ең белсенді діни таным ретінде кеңінен жайылды. Тариқаттар кезеңі - сопылықтың үшінші сатысы. Қожа Ахмет Ясауи жолы мен ілімі осы тариқаттар кезеңінде қалыптасты. Суфи шайхтардың халық арасында ықпалы күшті болатын. Аббасилер халифаты ыдырап, Моңғол шабуылының әсерімен бірінен соң бірі мұсылман елдерінің тоналып жатқан кезі. Халық философтардың трансцендентальды - алыс, ғұламалардың қатып қалған қағидашыл «Тәңірісінен» гөрі өздерінің жан дүниесіне жақын, нақты әрі махаббат шуағын силайтын «Тәңір» іздеп жүрген кезі болатын. Себебі, ол кездегі ресми шариғаттың, философтар мен кәламшылардың, факихтердің «Тәңірі түсінігі» қағидашыл әрі қаҺарлы келді. Бұл жағдай адамның Тәңірге жетуінде, байланыс құрып мінәжат етуінде, өздерінің дертін шағынуында психологиялық кедергілерді көбейтті. Тәңірге деген ұмтылыс құрғақ қағидалар шеңберінде қалды. Бұған көңілі толмаған сопылар Тәңірді естен шығармау және оны үнемі рухында сезіну үшін жаңа әдіс ойлап тапты. Суфилердің экстазға (уаждға) жету үшін Тәңір есімдерінің белгілі қалыптармен қайталануы яғни, зікір ғибадаты ислам әлемінде кеңінен жайыла бастады. Зікір психо-техникалары адамның рухындағы трансцендентальды болмысты сезінулеріне көмекші болды. Сопылардың рухани жаттығулары адамдардың қарапайым антропоморфты Тәңірі ұғымын тәрк етулеріне, оны өз рухында бір болмыс ретінде сезінулеріне ықпал етті. Рухта тыныштық орнап, Алланы табу, тану оны сүю басты орынға шықты. Сопылық Тәңірдің Бар және Бір екендігі туралы теориялық мәселелерді білумен емес, іштей сезінуді басты ұстаным ретінде таныды. Осылайша сопылар қоғамда өз орнын алып, діни танымдық әлеуметтік топ ретінде белгілі болды.
Өткен ғасырлар мәдениетінің адамдарға үлкен ықпал ететіні мәлім. Ойшылдық мұраны сыни көзбен қарау және қайта ойдан өткізу философиялық білім дамуының кепілі. Ерекшелеп философиялық білім деп айтқанымыздың себебі, философиялық білім дін мен философияның бірігуі мен үндесуі арқасында қалыптасып дамиды. Өйткені, дін философиясы дін туралы философиялық ойға берілуден не болмаса дін ой алаңына шығарған мәселелерді философиялық зерттеуден құралады. Мехмет Айдынның пікірінше, «Дін философиясы дегеніміз діннің философиялық тұрғыда қарастырылуы, басқаша айтсақ, дін туралы ойлау және пікір білдіру». Яғни, дін философиясы діннің де, философияның да тақырыптарын жанамалай оның теориялық саласын немесе негізгі сенім негіздерін объективтілік, рационалдылық сияқты философиялық ұғымдар мен қағидалар арқылы талдау деген сөз. Бұл мәселенің мұсылман философтары тарапынан көтерілгенін философ С. Х. Наср пікірлерінен байқадық: «Мұсылмандық ғылымдарды зерттеу қажеттілігі мынадан келіп туындайды: біріншіден, мұсылмандар ғасырлар бойы мұсылмандығын тастамастан ғылыммен шұғылданғандығын жас мұсылмандарға көрсету үшін, екіншіден, мұсылмандық ғылымдардың мұсылмандық философия, теология және метафизикамен іштей үндестігін айқындау үшін».
Осы уақытқа дейін мұсылман қауымының экономикалық және саяси өміріне үлкен ықпал етіп, қазір де ықпал етіп отырған ислам діні және оның философиялық мазмұны мен ағымдарына деген қызығушылық заңды да табиғи құбылыс. Адам жаратылысының басты тәсілі құдайды тану екендігін, бірақ шындығына келгенде мұның адамның ішкі әлемін тануға негізделетінін айқындайтын сопылық, болмыстың жоғары мәніне ұмтылған адамның шексіз мүмкіндіктеріне сенумен тығыз байланысты мәңгі тылсым дүниені ішіне алып отыр. Адамның ішке үңілуіне мүмкіншілік беретін ислам философиясы рухани мәдениеттің күрделі феномені. Өйткені, ол шығыс философиясымен толық үндесіп, шығыс мәдениетінің құрамдас мәні болып келе жатыр.
Адамзат қандай даму сатысында болмасын дінсіз, нанымсыз болмағаны мәлім: «Құдай деген не? Болмыс деген не, қалай жаратылды? Адам деген не, не үшін жаратылған?» деген сауалдар төңірегінде ойланған. Адамдардың бұл сияқты маңызды мәселелерге берген жауаптар априори болды ма, әлде нақты білімдер негізінде философияға беріліп, сенімін нығайтып отырды ма? Дін бе, әлде философия ма адамды танымға жетелеген сауалы мұсылман философтарын толғандырған мәселелердің басында болды. Философияға деген көзқарастың екіұштылығы осы жерде айқындалды. «Фараби, дін мен философия арасында еш айырмашылық көрмей, философиялық білімді уахиге негізделген ақиқаттың символдық түсіндірмесі деген доктринасымен Ахл-і Сүннет өкілдерін философиялық әрекетке қарсы қойды»- деген философ Ф. Рахман әл-Фарабиді философ етіп көрсетсе де, оның уахисыз философиялық білімнің бос екендігін құптағанын көреміз. «Әл-Ғазали бойынша, философия Алланы таныта алмайды. Тіпті, «бүтін заттар ежелден бар», «Алланың білімі адамдардан артық емес», «денелердің қайта тірілуі мүмкін емес» деген көзқарастарымен философия мүлде исламға жақындамайды», - деген жолдардан біз айтқан келіспеушілік байқалады. Демек, ислам мәдениетінің алғаш сатыларын жасаған исламдастырылған эллинизм философиясы мұсылман қауымдастығы тарапынан бірыңғай қабылданбады. Осыдан келіп, исламмен қоса қабаттала шыққан сопылықтың шығу себептерінің маңызды бөлігі осы қақтығыстарды болдырмау нәтижесі болуы ықтимал. Біздің пікірімізше, сопылық осы қарама-қарсылықтарды бір-біріне байланыстырып тұрған көпір қызметін атқарды.
Адамға өзін қоршаған органикалық әлемнен экзистенциалды тәуелсіз болу тән. Ол бір жағынан қарағанда осы әлеммен тығыз байланыста болса, ал бір жағынан қарасақ, оның өзіндік ішкі әлемі барын көреміз. Сенім адамды танылмайтынды білуге ынталандырады, яғни таным еркіндігі бұл дүние жұмбақтарын емес, тылсым дүниені тануға жұмсалады. Бұл жолда адамның алдынан туындайтын кедергіні Б. Спиноза субъективизммен байланыстырады, яғни нәтиже қабылдауымыз сезімдік пе, әлде трансцендентті таным ба осыны ажырата алуымыздан келіп шығады және осыған орай бағыну объектісін анықтайды: «Біздің еркіндікті сезінуіміз субъективті иллюзия ғана. Оның түбінде адамдардың өз әрекетін сезінуі, алайда оларды туғызған себептерді білмеу тұр». Философия болса, алдына ешбір шектеулік қоймастан адам тіршілігін тарихи объектіге айналдырып тануға ұмтылады. Олай болса, таным рухани мәдениеттің қайнар көзі. Бұл әлемдегі діндер мен мәдениеттерге ортақ әдіснама. Осы орайда сопылық философиясының алатын орны ерекше.
Егер сопылық ілімінің әлеуметтік және танымдық тамырларын қарастыратын болсақ, басымдылық танымдық жағында болады деп ойлаймыз. Өйткені, ислам тарихында Мұхаммед Пайғамбар қолдамаған іс-әрекеттер оның қазасынан кейін-ақ басталып, әлеуметтік салада қиындықтар туғызғаны мәлім. Осы орайда саяси, экономикалық және идеологиялық алаңдарда пайда болған өзгерістер тақуалық көзқарастары басым келген адамдарға қатты әсер етті де, оларға лайық ортаны пісіп жетілдіртті. Р. Никольсонның айтуы бойынша «Сопылықтың тууына хижраның І ғасырындағы аскеттік көзқарастардың басымдылығы әсер еткен. Бұдан келіп шығатыны, діни негіз бен шарттарға қайшы келетін әрекеттер мен қозғалыстардың қоғамда орын алуы, дінге берік иман келтіргендердің өзіне-өзі бекінуіне алып келді. Олар дүниелік мәселелермен айналысудың орнына рухани жетілу жолын көптеп қалады. Бұл тұжырымға ислам тарихын зерттеуші О. Г. Большаковтың пікірі жақын келеді. «Арабстанда бұған дейін болып көрмеген және де бұл аймақта үлкен өзгеріс туғызуға толық мүмкіндігі бар бірегей фактор ислам болып табылды. Бірақ оның ролі бұл діннің қандай да бір агрессияшылығымен анықталмайды» - деген О. Г. Большаков өзгерістер мен дамуға негіз болған факторлардың ішінде ислам дінімен бірге келген өзгешеліктерге (ролге) меңзеп тұр.
Оқытудың техникалық құралдары:
Интерактивті тақта, лекция тақырыбына қатысты слайдтар.
Оқытудың әдістері мен түрлері: б аяндау, түсіндіру, кіріспе лекция
Деңгейлік тапсырмалар:
1-деңгей сұрақтары
- Сопылық ілімін сипаттаңыз.
- Мистицизмді сипаттаңыз.
2-деңгей сұрақтары
- Қазіргі таңдағы сопылыққа түсініктеме беріңіз
- Мистицизм және оның ерекшеліктерін түсіндіріңіз
- Сопылық және оның ерекшеліктерін түсіндіріңіз
3-деңгей сұрақтары
- Тасаввуф және мистицизм арасындағы айырмашылықтарды көрсетіңіз
ОБСӨЖ тапсырмалары:
- Тасаввуф және мистицизм арасындағы айырмашылықтар
- Фуат К өпрүлүнің «Түркі әдебиетіндегі алғашқы сопы-ақындар» еңбегі
- Ориенталистердің тасаввуф турасында зерттеулері
СӨЖ тапсырмалары:
- Уаххабилік және тасаввуф
- Тасаввуф және дәстүр
- Батыс шығыстанушыларының тасаввуф турасында зерттеулері
Пайдаланылатын әдебиеттер:
- Эдуард У. Саид. Ориентализм. Астана: Ұлттық аударма бюросы. -2019. -396 б.
- К. Армстронг. Иудаим, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны. Астана: Ұлттық аударма бюросы, 2018. -560 бет.
- З. Жандарбек. Қазақтың дәтүрлі дінінің негіздері, Алматы-2017
- «Правда о суфизме» / Курамухаммад-хаджи Рамазанов / перевод с аварского М. Магомедхабибов - 1-е издание, Москва: Даруль-Фикр, 2016 г. - 200 с.
- Ф. Көпрүлү Түркі әдебиетінде алғашқы сопы-ақындар, ауд. К. Коч. Түркістан- 2016
- О. Топбаш. Иманнан ихсанға Тасаввуф, Алмаы-2014
- N. Tosun. Ahmed Yesevi, Istanbul-2015
- M. Ali Ayni. Tasavvuf Tarihi. Istanbul-2000. -344 s.
- S. Eraydin. Tasavvuf ve Tarikatlar. Istanbul-1997
- H. Altintas. Tasavvuf Tarihi. Ankara-1991
- M. S. Aydin. Din Felsefesi. Izmir-1999. 362
2-тақырып. Суфизм исламның мистикалық ілімі ретінде
Лекцияның мақсаты мен міндеттері:
Лекцияда исламдық ғылымдардан өзіндік діни құрылымы мен рәсімдерімен ерекшеленетін сопылық ғылымын мистикамен байланыстыра отырып түсіндірме шолу жасау, тасаввуфқа қатысты пікірлермен танысу. Мистикалық ілім ретінде сопылықта адам рухының ахлақ тұрғысынан жоғарылауын қол жеткізтуге тырыстындығын көрсету.
Лекция мазмұны:
- Тасаввуф терминінің шығу тегі
- Сопылықтың анықтамалары
Исламда сопылық тақырыбы қозғалғанда танымдық мәннің басты нысана болатындығын тасаууф сөзінің шығу төркіні мен теориялық мағыналарынан байқап болжауға болады деп шештік. Сопылық сөзінің шығуын «әхл-и суффамен» байланыстырған авторлар, «әхл-и суффа» тіркесін «тас орындық адамдары» деп аударған. Бұлай деп Пайғамбар дәуіріндегі Мадина мешітінің жанындағы тас орындықтарды паналап, осы жерде ислам тәрбиесін алып, діни ғылымдарды зерттеген алғаш мұсылмандарды атаған. Пайғамбар мәжілістерінде болған сахабилерге қатысты айтылған «асхаб-ы суффа» деген атаудың әрі хадис пен сүннет, әрі сопылық пен ислам мәдениеті тұрғысынан маңыздылығы жоғары. Яғни, бұдан сопылықтың қасиеттері мен сипаттарының «әхл-и суффаның» ерекшеліктеріне жақын болғандығы, суффа адамдарының кедейлігімен және құдайға берілгендіктерімен айқындалады. Бұл орайда рухани келбетімен суффа адамдарының өмірі сопыларға ұқсайтындығын жазған авторлар мен олардың шығармаларын хронологиялық тұрғыда былай беруге болады:
Ибн Са‘ад (203/844 ж. өл. ) «Әт-Табақат әл-Кубра»;
Абу Наср Саррадж Туси (378/988 ж. өл. ) «Әл-Лума»;
Абу Абдуррахман ас-Сулами (412/1021 ж. өл. ) «Тариху ахл ас-суффа»;
Абу Нуайм Исфахани (430/1038 ж. өл. ) «Хилият'ул-ахлия уа Табақат'ул-асфия»;
Али ибн Осман ал-Жуллаби әл-Хужвири (456/1076 ж. өл. ) «Кашф'ут-тахжуб»;
Абу Хафс Омар ас-Сухраварди (632/1234 ж. өл. ) «Ауариф'ул-маариф»;
Мұхаммед ибн Махмұд ибн ән-Нажжар (647/1249 ж. өл. ) «Әд-Дуррат'ус-самина фи тарихил-мадина»;
Ибн Таймия (428/1328 ж. өл. ) «Әхл ас-Суффа»;
Акиф Көтен «Асхаб'ус-Суффа» 1993ж. .
Шындығында сопылар құдайды тану жолындағы күш-жігерлері арқасында жүректері, рухтары құдайға жақын болғандар, сол үшін де бірінші дәрежеде маңызды орынды иеленгендер. Батыс Европа зерттеушілері ғасырымыздың басына дейін тасаууф сөзінің түбірі грек тіліндегі «данышпандық» (софия) сөзінен шыққан деген ойды ұстанды. Қазір кеңінен жайылып, көбірек қабылданған пікір бойынша, тасаууф сөзі «суф» сөзінен (арап тілінен аударғанда «жүн» мағынасында) шыққан. Жүн мағынасын беретін «суфтан» жасалған киімдер кигендіктері үшін сопылардың сопы (қазақша варианты сопы) атын алғандығын сопылардың көпшілігі құптаған. Шейх Әли Ибн Шайх Осман әл-Жұллаби әл-Хүжвири «Кашф әл-Махжуб» («Жасырынды ашықтау») деген еңбегінде «суфи» сөзінің суфтан, жүннен келетінін айтқан. Сол жерде Ахмад-и Жамның бұл турасында пікірі айтылған: «Сопыны сопы деп атау себебі, олардың жүннен тоқылған киім кигендіктерінен». Осыдан келіп, тасаууф сөзі «суф» сөзінен алынған, қатал жүннен тоқылған киім киген құдай адамының, тақуаның дәстүрлі белгісі ретінде қабылданған деген қорытынды шығардық.
Дегенмен, ислам дінінің тарала бастаған алғашқы дәуірлерінде сопылардың түрлі атпен танылғандары мәлім. Мәселен, дүниелік азаптар мен жоқшылыққа қарсы төтеп берулері және материалдық игіліктерден безгендері үшін оларды «фуқара» (араб т. «фақир», яғни пақыр сөзінің көпше түрі) деп атаған. Үнемі ел кезіп, өмірінің көп бөлігін далада өткізгені үшін «ғұраба» (ғариб, яғни ғәріп, бөгде сөзінің көпше түрі. ), «сайиахун» (ел кезуші), «шикефтия» (хорасандықтардың тілінде «үңгір» сөзінен, яғни далада кезіп, қажеттілік туғанда үңгірлерді паналаған) деп атаған. Түркі мемлекеттеріне таралған сопылық «футуввет» құрылымы деп те танылған. Түркі халықтарының ислам дінін қабылдауына және исламның көптеген қауымдар тарапынан жылы қабылданылуына сопылық ықпал еткені мәлім. Сопылықтың негізгі мақсаты рухани және ахлақ тұрғысынан байыпты және тәртіпті адам типін жетілдіруден құралса, көптеген ислам діні төңірегінде пайда болған ойшылдық ағымдардың мақам, принцип, әдіс, т. б. элементтерін сопылықтан алғанына таң қалуға болмайды. Түркі мемлекеттеріне тараған сопылық тариқаттары қала, ауыл демей бірдей таралып, барлық дерлік әлеуметтік құрылымды қамтып отырған. Сондықтан, сопылықтағы футуввет қозғалысы түгелімен дерлік ислам ахлағын жүзеге асыруды мақсат тұтқанын араб тілінде «фата» сөзінің жас, бозбала, құл, қызметші, жомарт сияқты мағыналарының болуынан байқадық. Көпше түрі фитиян және фитие. Түбірі осы сөзден шыққан футувветтің тілдік мағынасы жомарттылық, сезімталдық сияқты терең де, бай мағыналары бар. Футувветті тақырып еткен шығармалардың қай-қайсысынан да ислам діні насихаттап келген көркем мінез-құлық негіздерін табуға болады. Сондай шығармалардың алғашқысы ретінде ұлы сопы әс-Сұхравардидің (632/1234 өл. ) «Ауариф'ул-Ма‘ариф» атты шығармасын келтіруге болады. Бұл кітап «Сопылық негіздері» деген атпен Түркияда 1989 жылы Хасан Камил Йылмаз бен Ирфан Гүндүз тарапынан аударылып, шығарылды.
Күшейридің «Рисалесінде» футуввет ұғымын түсіндіру Кахф сүресінің 13 аятымен басталып, хадистермен жалғасады: «Бір құл мұсылман бауырының мұқтаждықтарын көріп, көмек берсе, Аллах сол құлына көмек береді».
Егер сопыдан «Сопы деген кім?» деп сұралса, ол «Сопы ешбір затқа ие емес, бір нәрсеге ие болған жағдайда оны басқаға береді» (Ла малику уа лайса мамлук) деп жауап беретін болған. Әбу Хүрейра мен Фұдала бин Убайда әхл-и суффаны суреттегенде мыналарды еске алған: «Олар аш күйінде, жерге сүйретіліп әрең қозғалатын. Терлеген уақыттарында үстерінен жаңбыр астында қалған қойлардың иісіне ұқсас иіс шығатын». Жүннен тоқылған киім пайғамбарлар мен әулиелердің әдеттегі киімі екенін Хасан Басри да айқындап өткен: «Иса жүннен тоқылған киімдер киді, жемістерді жеді, кешті қарсы алған жерінде қонуға қалатын . . . Бәдір соғысына қатысқан жетпіс мың сахабаны көрдім. Ешқайсысы да жүннен басқа киім кимеген». Теориялық тұрғыда, бұл жерде тасаууф сөзінің «суф» яғни, жүннен келгендігінің басымдылығы айқындалып тұр демекпіз.
«Үмбетімнен бір қауым (қияметке дейін) Алланың әмірін орындауды жалғастырады. Оларды қабылдамағандар және оларға қарсы болғандар, оларға зиян келтіре алмайды. Бұл - Алланың әмірі (қиямет) келгенге дейін жалғасады. Олар адамдардан үнемі жоғары тұрады» - деп, пайғамбар хадисінде айтылғандай, сопылар үмбетінің рухани құндылықтары мен қағидалары қандай болған деген сауалға жауапты іздестіріп көрейік.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz