Тоғызқұмалақ ойынының қағидасы, заңдылықтары



Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 18 бет
Таңдаулыға:   
Тоғызқұмалақ ойынының қағидасы, заңдылықтары
Ережеде тақтада ойналатын зияткерлік ойынға қатысты, әрі ойын барысында кездесетін барлық жағыдайды ескере бермейді және ұйымдастыру мәселелерінің барлығын қамти алмайды. Ереженің бабымен толық реттелмейтін жағыдайлардың шешімі, ережеде қаралатын ұқсас жағыдайлардың негізінде жарыстың Бас төрешілер алқасының жиналысында қабылданады. Ереже төрешілердің қажетті құзыретке ие, ой-білімі жеткілікті және үнемі нақты болатына сүйенеді.
Тоғызқұмалақ ойынының мәні - адамға үйлесімді (гармониялық) тәрбие беру, кез-келген жанның ақыл-ойын шыңдау, ми қызметін дамыту және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру.
Тоғызқұмалақ-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған баға жетпес сыйы, рухани құндылығы, аманаты. Бұл ойын ең жетілген спорт түрлерінің бірі ретінде адамзатты жаңа шыңдарға жетелейтін ойы кең, рухы биік, саналы тұлғаларды тәрбиелеудің қуатты құралы бола алады.
Заңдылықтары:
- тоғызқұмалақ ережелерін қолданудың бір ізділігін қамтамасыз ету, жарыс өткізу
жүйесін бір қалыпқа келтіру;
- спорттық шеберлікті және зияткерлік қабілетті арттыру;
- ұлттық ойынды халық арасында кеңінен насихаттау және ары қарай дамыту.
Ойыншы ұстанымы
Ар-ұждан - бұл ойыншының басты ішкі адамгершілік қасиеті, оның айбыны, ізгі жаны және таза ары.
1. Өз отанының адал азаматы болу.
2. Шығармашыл, өз ойлары мен істерінде дербес, іс-әрекеттері мен ниеттерінде игілікті де парасатты болу.
3. Қандай жағыдай болмасын сыпайылық пен кішіпейілділік танытып, өзін-өзі ұстай білу, белгіленген қоғамдық тәртіп ережелері мен жеке адамдар қарым-қатынастарының қағидаларын сақтау.
Тоғызқұмалақ сөздігі
- Тоғызқұмалақ тақтасы - тең екі бөлікке бөлінген 18 тік отаудан және 2 көлденең қазаннан тұратын арнаулы тақта.
- Құмалақ - ойында пайдаланылатын шар пішінді эат.
- Отау - тоғызқұмалақ тақтасындағы құмалақтар орналасатын арнайы ұяшық.
- Қазан - ұтып алынған құмалақтар салынатын көлденең отау.
- Бастаушы - ойында алғашқы жүріс жасайтын ойыншы.
- Қостаушы - бастаушыдан кейін жауап жүріс жасайтын ойыншы.
- Арт - бірінші отаудың атауы.
- Тектұрмас - екінші отаудың атауы.
- Ат өтпес - үшінші отаудың атауы.
- Атсыратар - төртінші отаудың атауы.
- Бел - бесінші отаудың атауы.
- Белбасар - алтыншы отаудың атауы.
- Қандықақпан - жетінші отаудың атауы.
- Көкмойын - сегізінші отаудың атауы.
- Маңдай - тоғызыншы отаудың атауы.
- Тұздық - қарсыластың жағынан ұтып алынған отау.
- Атсырау - ойын соңына қарай жүрістің таусылуы.
- Тақ сандар - екі санына қалдықпен бөлінетін сандар.
- Жұп сандар - екі санына қалдықсыз бөлінетін сандар.
- Ашық отау - тақ санды құмалақтар жатқан отау.
- Жабық отау - жұп санды құмалақтар жатқан отау.
- Табысты жүріс-ұтысқа ие болған жүріс.
- Табыссыз немесе кезекті жүріс - ұтысқа ие болмаған жүріс.
- Диаграмма - тоғызқұмалақ тақтасының қағазға немесе тақтаға түскен сұлбасы.
- Тур - ойынның реттілігі.
- Бланк - жазу қағазы.
- Блиц - шапшаң ойын.
- Прогресс коэффициенті - даму немесе өрлеу коэффициенті.

1. ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ОЙЫНЫНЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ
1.1. Тоғызқұмалақ ойынының сипаты
1. Ойын негізінен екі ойыншының арасында өтеді. Ойынды бастайтын ойыншыны - бастаушы, ал оның қарсыласын қостаушы деп атайды. Бастаушы ойыншы жеребе арқылы немесе рейтингтік көрсеткіштер бойынша анықталады.Тоғызқұмалақ ойынында қарсыластар алма-кезек жүрістер жасайды.
2. Ойын Тоғызқұмалақ тақтасы деп аталатын арнаулы тақтада ойналады (1-сурет). Ойында шар тәріздес құмалақтар пайдаланылады. Бұл тақта тең екі бөлікке бөлінген он сегіз тік және екі көлденең отаулардан тұрады. Тең екі бөліктің әрқайсысында 9-дан отау және бір-бірден қазан болады.
Бұл қазанға әр ойыншы ұтып алған құмалақтарын жинайды. Әр ойыншының қазаны өз бөлігінде емес, қарсыласының жағында орналасады. Отаулардың рет сандары 1-ден 9-ға дейін белгіленіп, солдан оңға қарай орналасқан. Ойын басында әр отауға 9-дан құмалақтар салынады, яғни ойын басталар кезде әр ойыншының жағында 81-ден құмалақтары болып, ойынға жалпы 162 құмалақ қатысады.

1-сурет
3. Ойын басталар алдындағы құмалақтардың отауларда орналасуы төмендегі диаграммада бейнеленген (№1 диаграмма)

-

9
8
7
6
5
4
3
2
1

9
9
9
9
9
9
9
9
9
9
9
9
9
9
9
9
9
9

1
2
3
4
5
6
7
8
9

-

1.2. Ойын мақсаты
1. Ойын мақсаты - ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап жеңіске жету.
1.3. Жүрістерге түсінік
1. Жүріс жасау үшін бастаушы ойыншы өз жағындағы отаулардың бірінен бар құмалақты қолына алып, біреуін орнындақалдырып, оң жағындағы келесі отаудан бастап (сағат тіліне қарама-қарсы бағытта) таратады.
2. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, оны жұп қылса (2, 4, 6, 8, 10, 12 және т.с.с.), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанына салынады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың отауларының біріне түсіп, оны тақ жасаса немесе соңғы құмалақ қайтадан өз отауларының біріне келіп түссе, бұл жүріс табыссыз немесе кезекті жүріс деп есептелінеді. Онда отауда жатқан құмалақтар ұтып алынбайды. Жұп құмалақты отауды жабық отау, ал құмалағы тақ санды отауды ашық отау деп атайды.
3. Ойын барысында ойыншы отаудағы бір құмалақты келесі отауға жүре алады. Отау бос қалады.
4. Классикалық ойында жүріс кезегінде құмалақтарды қолына алған ойыншы сол отаудан жүруге міндетті. Отауда жатқан құмалақтарды қаламсаптың көмегімен түзейді және реттейді. Отауда жатқан құмалақтарды қолмен ретке келтіру үшін қарсыласына түзеймін деп ескерту қажет. Егер түзеймін деп ескертпей, қолмен түзеген ойыншыға қатардағы төреші тарапынан ескерту беріледі, бірақ ойыншы сол отаудан жүруге міндетті емес. Ойыншы отауда жатқан құмалақтарды өзінің жүріс жасайтын уақыты келгенде ғана қаламсаптың көмегімен реттейді. Дау тудырған спортшылар арнайы тізімге алынады.
5. Жүріс алма-кезек жасалынады. Ойын екі ойыншының бірі 82 құмалақ жинағанша жалғасады.
1.4. Тұздық жариялау
1. Егер кезекті жүріс жасағанда соңғы құмалақ қарсыластың № 9-шы отауынан басқа 2 құмалағы бар кез-келген отауына түссе, қалыптасқан 3 құмалақпен бірге отау да ұтып алынып, тұздық жарияланады.
2. Тұздық алынған отауға Республикалық тоғызқұмалақ спорт федерациясы мақұлдаған немесе сол жарыстың Бас төрешілер алқасы бекіткен арнайы тұздық белгісі ғана қойылады. Жүріс жасаған сайын тұздыққа түсетін құмалақ, міндетті түрде тұздық жариялаған ойыншының қазанына салынып отырады.
3. Ойын барысында тұздық тек бір рет алынады. Қарсыластың тұздығы бар отауының нөмерімен сәйкес келетін отаудан және № 9 отаудан тұздық алынбайды.
4. Тұздық алынған отауға құмалақтарды жинауға тиым салынады.
1.5. Атсырау жағдайы
1. Ойын аяқталуға жақындаған сайын ойыншылардың отауларындағы құмалақтар таусыла бастайды. Қай ойыншының жүрістері бірінші таусылып, жүріссіз қалса, сол ойыншы атсырау жағдайына түсті деп есептелінеді. Атсыраужағдайына түскен ойыншының қарсыласы қосымша жүріс жасап, өз отауларында қалған барлық құмалақтарды өз қазанына салады. Содан кейін ойыншылар ұтып алған құмалақтар есебін шығарады.
2. Егер атсыраужағдайына түскен ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап үлгерген болса, жеңіске жетеді. Егер қазанындағы құмалақтар саны 81-ден кем болса жеңіліс табады, ал 81 болса ойын тең аяқталды деп есептелінеді.
1.6. Жазып ойнау тәртібі
1. Ойыншылар әр турдың ойын барысын арнаулы жазу бланкаларына (Жарыс құжаттары. Қосымша 1) толтырып отырады. Жазу бланкаларына жасалған жүрістер анық жіне сауатты жазылуы тиіс.
2. Жүрістерді жазу үшін мынадай шартты белгілер қолданылады:
: - табысты жүріс
- - табыссыз жүріс
Х - тұздық белгісі
= - тең ойын ұсыну
3. Жазып ойнаудың екі түрі қолданылады: қысқа және толық үлгілері.
Қысқа жазу үлгісінде
-жүрістердің реттік саны;
-жүріс жасалатын отаудың нөмірі;
-соңғы құмалақ барып түскен отаудың нөмірі жазылады.
Мысалы: 1.76 (10) 9-8
2.6-6 8:7 (4)

Толық жазу үлгісінде
-жүрілетін отаудың нөмірі;
-отаудағы құмалақтар саны;
-соңғы құмалақ барып түскен отаудың нөмірі;
-ондағы құмалақтар саны көрсетіледі;
-тұздық алынған жағыдайда Х белгісі қойылады;
-қос нүкте (:)- табысты жүрісті, сызықша (-)-жай жүрісті бейнелейді;
-леп белгісі (!) - күшті жүріс;
-сұрақ белгісі (?)-қате жүріс;
Мысалы: 1.79:610 79:610
2.510-511 910:912
3.111:212 810:814
4.213:512 92:13х
5.92:114!
4. Ойыншылар жазу бланкаларында жарыстың атауын, жарыстың өтетін мерзімін, турдың реттік санын, кіммен және қай столда ойнағанын, ойын нәтижесін көрсетіп, қолдарын қояды. Ойын барысында жазу бланкалары төреші еркін көре алатындай жағдайда жатуы тиіс және ойыншы жазу бланкаларын өзіне ыңғайлы етіп бүктеп алуына болмайды.
5. Жазу бланкаларында тең ойынға жасалған ұсынысты екі ойыншы (=) белгісімен белгілейді.
6. Жазу бланкалары жарысты ұйымдастырушылардың меншігі болып есептелінеді.

2. ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ЖАРЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ
2.1. Жарыстар, жарыс жүйелері
1. Жарыс - қатысушылардың шеберлігін шыңдауға және көрсеткен нәтижелері бойынша спорттық атақтар мен дәрежелер алуға мүмкіндік беретін бәсеке.
2. Жарыстар жекелей, командалық немесе жекелей-командалық сипатта болады. Жекелей жарыстарда нәтижелер әрбір ойыншыға дербес жазылып, әр ойыншы жеке есептен өтеді. Командалық жарыстарда ойыншылардың нәтижелері толығымен командаға жазылып, есептен тек командалар өтеді. Жекелей-командалық жарыстарда ойыншылардың нәтижелері бір уақытта ойыншыға да, командаға да жазылып,қорытындысында ойыншылар да,командалар да есептен өтеді.
3. Жарыстар келесі санаттар бойынша өткізіледі: кіші жасөспірімдер (11-12 жас), жасөспірімдер (13-16 жас), жастар (17-20 жас), ересектер (21 жастан жоғары), ардагерлер (40 жастан жоғары). Бағдарламаға ерекше санаттағы қатысушыларға арналған жарыстар да енгізілуі мүмкін: Мүгедектер, Ауыл спортшылары, Оқушылар, Студенттер т.с.с.
Классикалық ойын түрінен жарыс кезінде кіші жасөспірімдер мен жасөспірімдерді әр күні 3 ойыннан артық ойнатпау, ал жастардан бастап әр күні 2 ойыннан артық ойнатпау керек. Әр күнгі ойындар 6 сағаттан аспау керек.
4. Жарысты өткізу жүйелері: айналма, реттелмелі швейцар, олимпиадалық, матч-турнир.
Айналма жүйеде - барлық ойыншылар немесе командалар бір-бірімен кездесіп шығады. Айналма жүйесі жарысқа қатысушылар саны шағын немесе жарысты өткізу мерзімі жеткілікті болғанда қолданылады.
Реттелмелі швейцар жүйесі бойынша жұптау - ойыншылардың немесе командалардың рейтингілеріне сәйкес өткізіледі.Жарысқа қатысушылардың санына байланысты ойын саны кемінде-5, бірақ 15 турдан аспауы тиіс.
Олимпиадалық жүйе - ойыншы немесе команда жеңіліс сайын қатардан шығып отырады. Бұл жүйені көбінесе жарысты шектеулі мерзімде өткізгенде қолданады.
Матч-турнир - ойыншылар немесе командалар бір-бірімен бірнеше жеке кездесулер өткізеді.
Жарысқа қатысушы ойыншылар мен командалар саны 10 болса айналма жүйесі қолданылады.
Қазақстан Республикасы командалық чемпионатында ғана командалар саны 10-нан асса, өткен жылғы чемпионаттың нәтижесі бойынша екі топқа бөліп өткізіледі.
Жарысқа қатысушы ойыншылар саны 11 пен 30-дың арасын құраса реттелмелі швейцар жүйесі қолданылады, 5-7 ойын ойналады.
Жарысқа қатысушы ойыншылар саны 31-ден асса, реттелмелі швейцар жүйесі қолданылады, 9-13 ойын ойналады.
P.S. Жарысқа қатысушылардың сапалық құрамына орай ойын санын өзгертуге болады. Ойын сандарын тақ жасамай жұп жасауға да рұқсат етіледі.
5. Келесі жылға арналған жарыстардың күнтізбесі ҚР Тоғызқұмалақ Спорт Федерациясының күз мезгіліндегі (қыркүйек-қазан айлары) отырыстарында талқыланып, ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетіне бекітуге ұсынылады.
6. Қазақстан Республикасының командалық чемпионаты алғашқы жоба бойынша командалар саны 10 болса айналма жүйемен, 10-нан асса өткен жылғы чемпионаттың нәтижесі бойынша екі топқа бөліп өткізіледі. 2 топқа бөлу иректеу ізі тәсілімен жүзеге асырылады, өткен командалық чемпионаттың қорытынды кестесі басшылыққа алынады:

Бірінші топ
Екінші топ
1-орын
2-орын
4-орын
3-орын
5-орын
6-орын
8-орын
7-орын
9-орын
10-орын
12-орын
11-орын
13-орын
14-орын
16-орын
15-орын

Өткен жылғы Чемпионатқа қатыспаған командалар кесте соңына алфавит ретімен тіркеледі.
7. Қазақстан Республикасының кешенді ресми жарыстары (Универсиада, Спартакиадалар т.б.) реттелмелі швейцар жүйесімен жекелей-командалық есепте өткізіледі.
Қазақстан Республикасының командалық чемпионаты қосымша жоба бойынша командалар 4 аймаққа бөліп өткізіледі:
Солтүстік - Астана қ., Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай обл.
Оңтүстік - Алматы қ, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл обл.
Батыс - Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау обл.
Шығыс - Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы обл.
Әр аймақтан шыққан үздік екі команда ақтық сайысқа жолдама алады.

2.2. Жарысты ұйымдастырушылардың міндеті
1. Қазақстан Республикасында өткізілетін барлық жарыстар Ережеге сәйкес ұйымдастырылады. Республикалық және халықаралық жарыстар ҚР Тоғызқұмалақ Спорт Федерациясы және ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитетінде келісілуі тиіс.
2. Әр жарысқа ұйымдастыру алқасы құрылады, оған негізінен жарыс өткізіп жатқан жергілікті әкімшілік, спорт басқармасы өкілдері кіреді.
Ұйымдастыру алқасының атқаратын іс-шаралары:
- жарысқа қатысушылар мен төрешілерді орналастыру;
- жарыс бағдарламасын әзірлеу, оны көрнекті жерге ілу;
- мандат комиссиясының жұмысын жүргізу;
- жарыстың жүгіну алқасын құру және бекіту;
- жарыс өткізуге қажетті құжаттармен және құралдармен қамтамасыз ету;
- жарыс алаңын даярлау;
- жарыс үстелдеріне реттік нөмірлер жапсыру;
- жарыстың ашылу және жабылу салтанатын ұйымдастыру;
- марапаттауға әзірлік жасау, дипломдар мен сый-сияпаттар әзірлеу;
- бұқарамен және баспасөз ақпарат құралдары (БАҚ) өкілдерімен жұмыс жүргізу;
3. Жарыстар бекітілген жарыс ережесіне сәйкес өткізілуі тиіс. Жарыстың ережесіне қойылатын негізгі талап - баптарға түрлі түсінік беру мүмкіндігін болдырмау. Жарыс ережесі жарыстың басталу мерзімінен 1 ай бұрын жіберіледі. Жарыс ережесі келесі баптарды қамтиды:
- мақсаты мен міндеттері;
- өткізілетін жері мен мерзімі;
- жарыстың өткізілуіне басшылық жасау;
- жарысты өткізу жүйесі және жеңімпаздарды анықтау;
- марапаттау рәсімі;
- қатысушылар мен төрешілерді қабылдау шарттары;
- тапсырыс беру мерзімі.
4. Қазақстан Республикасы ресми жарыстарының жарқағаздарында Қазақстан Республикасының ресми Елтаңбасы мен Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ Спорт Федерациясының таңбасы болуы тиіс.
5. Жарысты ұйымдастыру комитеті жарысты қажет төрешілер санымен қамтиды, Бас төрешілер алқасын тағайындайды және жарыстың төрешілігіне байланысты шығындарға қаражат бөледі.Әр жарыста бас төреші, бас төрешінің орынбасары, бас хатшы, бас хатшының орынбасары, төреші-хатшы және қатардағы төрешілер тағайындалады.
6. Бас төрешілер алқасы бекітілген талапқа сәйкес жарыс құжаттарымен, жеребе жүргізу үшін компьютермен, кеңсе тауарларымен және басқа да шығын материалдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Жарыс құжаттары:
- жарыстың хаттамасы;
- жарыстың нәтижелер кестесі;
- партияны жазу бланкасы;
- ескерту бланкасы;
- наразылық бланкасы;
- ойыншы анықтамасы;
- төрешілік анықтамасы;
- жарыстың есебі.
7. Жарыстың алдын-ала тапсырысы жарыстың басталу мерзімінен 15 күн бұрын беріледі. Түпкілікті тапсырыс жарысқа келген күні Бас төрешілер алқасына тапсырылуы тиіс.
8. Ойыншылардың аты-жөні, туған жылы, айы, күні, жынысы, спорттық дәрежесі немесе атағы, квартал бойынша рейтингі, тақтасы, оқу немесе жұмыс орны, жаттықтырушысы көрсетіліп, дәрігердің қолы қойылған, мекеме басшысының қолы қойылған және мөрі басылған түпкілікті тапсырыс (қосымша 2) компьютерлік мәтінде теріліп, конверт ішінде қабылданады. Барлық республикалық жарыстарда тапсырысқа аты-жөні қаламсаппен енгізілген ойыншылар жіберілмейді. Тапсырыста команда немесе жекелей ойыншы жарысқа қай мекемеден келгенін растайтын мекеме басшысының қолы және мөрі болуы міндетті.
9. Ресми жарыстарда классикалық алғашқы ойынның жеребесі жарыстың басталуынан 3 сағат бұрын жүргізіліп, алғашқы ойын түс ауа басталады. Келесі ойынның жеребесі кезекті ойын аяқталғаннан 1 сағаттан кейін өткізіледі. Әр ойынның жеребесіне команда өкілінің немесе жаттықтырушының қатысуына рұқсат беріледі. Әр ойынның арасындағы үзіліс 2 сағаттан кем болмауы тиіс.
Ресми жарыстарда соңғы тур аяқталғаннан кейінгі күннің қалған уақытын төрешілер алқасы жарыс қорытындысын шығаруға және ойын алаңын ретке келтіруге арнайды. Команда жетекшілері жарыстың қорытынды кестелерін соңғы тур аяқталғаннан 3 сағаттан кейін талап ете алады.
10. Жарысты ұйымдастырушылар жарысты ҚР Тоғызқұмалақ Спорт Федерациясы келісімімен ұсынылған тақта үлгілерімен өткізеді.
11. Ойыншылар ойналған ойындардың жазбаларын көшіріп алуы үшін сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін және 15.00-ден 17.00-ге дейін арнайы орынға шығарылады. Ең соңғы ойынның жазбалары ойын біткеннен 10 минуттан кейін 1 сағат уақытқа ғана шығарылады.
12. Зағип ойыншыларға тақтаны таңдау артықшылығы беріледі. Бір уақытта екі тақтамен ойнауға рұқсат етілмейді.
13. Жарысты ұйымдастыру комитеті жарыс қорытындысы бойынша жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін бағалы сыйлықтармен, төс белгілермен, мақтау қағаздарымен марапаттайды.
2.3. Жарысқа қатысушылар міндеті
1. Жарысқа қатысушы әр спортшы тоғызқұмалақ ойынының негізгі қағидаларын білуі тиіс.
2. Жарыс барысында ойыншылар жарыс төрешілерінің Ережеге сай талаптарына толықтай бағынулары тиіс.
3. Әрбір ойыншы ойынға уақытында келуге міндетті.Кешіккен ойыншыға төреші сағатты қосқаннан кейін ескерту беруге құқылы.
4. Жарысқа қатысушылар ойын алаңына талапқа сай киім үлгісімен, қаламсаппен және ойынын көшіріп алмақ ниетпен блокнот немесе дәптер алып кіре алады. Блокнотты (дәптерді) ойын кезінде назардан тыс аймақта ұстауға міндетті болады, яғни оны ашып көруіне, пайдалануына немесе оған жазуына (ойын біткенше) тиым салынады.
5. Ойыншылар жазу бланкаларын толық, әрі анық толтыруға міндетті. Егер ойыншылардың біреуі немесе екеуі де уақыт тапшылығына түссе (ойынға берілген уақыттың аяқталуына 7 минут қалғанда), ол ойыншыға жазу бланкасын толтырмауға рұқсат беріледі. Бұл ойыншыға көмекке, яғни жазу бланкасын толтыруға, қатардағы төреші немесе көмекші төрешілердің бірі келе алады. Ойыншы ойын аяқталғаннан кейін қарсыласының жазу бланкасы арқылы өзінің жазбаған жазуларын қалпына келтіреді.
6. Ойыншыларға жазу бланкаларына қосымша суреттер салуға, бояуға тыйым салынады.
7. Ойыншыға ойын басталғаннан алғашқы 1 сағаттан кейін басқа ойыншылардың ойындарын қарап шығуына рұқсат беріледі. Бірақ бұл қарап шығудың ұзақ мерзімді тамашалауға ұласпауын кезекші төреші бақылайды, және өзі (кезекші-төреші) дербес шешім қабылдайды. Ойыншы өзінің кезекті жүрісін жасағаннан кейін ғана орнынан тұра алады. Қатарынан екі ойыншының да ойын алаңын тастап кетулеріне тыйым салынады.
8. Жарыс барысында ойыншыларға кез-келген қысқаша жазбаларды, ақпарат көздерін, біреулердің кеңестерін пайдалануға, сонымен бірге команда өкілімен, жаттықтырушыларымен тілдесуіне, ымдасуына, ақыл-кеңес алуларына және ойын алаңында ойындарды талдауына тыйым салынады.
9. Ойыншыға кез-келген тәсілмен қарсыласының ойын бөлуге, мазалауына болмайды.Бұл дәлелсіз өтініштер мен табанды түрде тең ойын ұсынуды да қамтиды.
10. Ойын барысында ойыншылар ұялы телефондарын өшіруге, ал төрешілер үнсіз қалпына қосуға міндетті. Ойыншылардың қосулы телефон анықталған жағдайда ойын тоқтатылады, ойыншыға жеңіліс жарияланады.
11. Кезекті ойынды аяқтаған ойыншы жазу бланкаларын толтырып, қатардағы төрешіге өткізгеннен кейін келесі ойын басталғанша ойын алаңынан кетеді.
12. Егер команда өкілі немесе сол аймақтың жаттықтырушылары тапсырыс негізінде сол жарысқа спортшы ретінде тіркелген болса, ол спортшыға қойылар талап шеңберінде әрекет етуге міндетті болып қалады.
Егер команда өкілі немесе сол аймақтың жаттықтырушылары тапсырыс негізінде сол жарысқа спортшы ретінде тіркелген болса, ол сол команданың ресми өкілі болып танылмайды.
13. Жарыста қыз балалар ұл балалардың орнына ойнай алады. Командалық жарыс кезінде ұл балалардың алдыңғы тақтада отыру тәртібі сақталуы тиіс.
14. Жас ерекшелігі шектелмеген жарыстарда жасы кіші спортшылардың ересек спортшылар арасында ойнауына рұқсат беріледі.
Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы жекелей чемпионаттарына, ҚР Кубогы жарысына қатысушылардың І дәрежесі және одан жоғары болуы тиіс.
15.Жарыс алаңына аты-жөні жазылған карточка (бейджик) таққан облыстың (қаланың) аға жаттықтырушылары және лауазымды тұлғалар ғана еркін кіріп-шығуға құқылы.
16. Ресми жарыстарда әр тур аяқталуға 30 минут уақыт қалғанда жарыс алаңында тек қана жарыс төрешілері мен лауазымды тұлғалар ғана қала алады.
17. Жарыс алаңында команда өкілдері мен жаттықтырушыларға жарыс барысы туралы әңгімелесуіне, жалпы ойыншылардың ойын бөлетін әрекеттер жасауларына тыйым салынады.
18. Әр ойыншы жарыстың соңына дейін қатысуға міндетті. Жарыстың қатарынан 2 турына себепсіз қатыспаған ойыншы келесі жеребеден алынады.
19. Команда өкілдері ойыншыларының киім үлгілеріне ерекше мән бергендері жөн. Жарысқа қатысушылардың талапқа сай киім үлгілері:
1. мектеп формасы;
2. классикалық киім үлгісі;
3. бірыңғай спорттық киім үлгісі.
20. Барлық ойыншылар мен команда өкілдері жарыстың ашылу мен жабылу салтанаттарына қатысуға міндетті (Бас төрешілер алқасы басқаша шешпегенде).

Командалық жарыстарға қосымша толықтырулар
1. Қазақстан Республикасының ерлер арасындағы командалық чемпионатына әйелдер (қыздар) қатыстырылмайды.
2. Қазақстан Республикасының классика, рапид және блиц түрлерінен ресми чемпионаттарына қатысушы спортшылардың тапсырысы жеке беріледі.
3. Команда өкілдері тапсырыста көрсетілген спортшыларды ауыстыру үшін жарыстың бас хатшысының орынбасары мен аға төрешіге 1 сағат бұрын ескертулері міндетті. Ауыстырылған ойыншылар жарысқа қайта қосыла алмайды.
4. Жарысқа қатысу жөніндегі тапсырыста қай тақтада ойнайтыны көрсетілген ойыншылар жарыс соңына дейін өз тақталарын өзгерте алмайды.
5. Жарыс барысында тапсырыста жоқ ойыншының және тапсырыста бола тұра ол команданың мүшесі емес ойыншының команда құрамында өнер көрсеткені анықталса, Бас төрешілер алқасы тәртіп бұзған команданың барлық нәтижелерін жойып, команданы сол жарыстан аластатады.
6. Жарыс барысында тапсырыста жоқ ойыншының және тапсырыста бола тұра ол команданың мүшесі емес ойыншының жекелей есепте өнер көрсеткені анықталса, Бас төрешілер алқасы тәртіп бұзған ойыншыны және оның жаттықтырушысын 1 жыл мерзімдік жарыстан аластатады.
7. Команда өкілдері тапсырыста жарысқа қатысуға міндетті спортшылардан артық спортшыларды көрсете алады.
8. Командалық жарысқа әр облыс (қаланың) команда құрамы 50%-ден аспаса қатыстырылмайды.
9. Команда құрамы толық болмаған жағдайда ойыншылар тақтаға реттік сан бойынша отырғызылады.
10. Жарыста ерлер әйелдердің (қыздардың) орнына ойнай алмайды, ал әйелдер (қыздар) ерлердің орнына ойнауға құқылы, тек ҚР командалық чемпионатынан басқасында.
11. Командалық жарыста ерлер алдыңғы тақталарда ойнауға міндетті.

2.4. Жарыс төрешілері мен жүгіну алқасы
1. Республика көлемінде өтетін барлық ресми жарыстардың Бас төрешілер алқасының құрамын ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті ҚР Тоғызқұмалақ Спорт Федерациясымен келісе отырып бекітеді.
2. Бас төрешілер алқасының құрамына бас төреші, бас төрешінің орынбасары, бас хатшы, бас хатшының орынбасары және аға төреші кіреді. Қатардағы төрешілер саны жарыстың дәрежесімен анықталады:
а) ресми халықаралық жарыстарда - 2 жұпқа 1 төреші;
б) ресми республикалық жарыстарда - 2-3 жұпқа 1 төреші;
в) облыстық (қалалық) жарыстарда - 4-5 ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тоғызқұмалақтағы отау атаулары
Қазақ халқының ұлттық спорт түрлері
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫ
Тоғызқұмалақ спорт түрінің ми жұмысының белсенділігіне әсері
Тоғызқұмалақ ойынының негіздері
Тұздық алу ережесі
Тоғызқұмалақ ойынының жобасын жасау
Қазақтың ұлттық ойыны
Тоғызқұмалақ ойыны туралы жалпы мағұлмат
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ СПОРТЫ
Пәндер