Абай және орыс әдебиеті


Филология факультеті
Абайтану пәні бойынша емтихан билеттері
Билет - № 1
- Абайдың өмірбаяны, өскен ортасы
Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904) - ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарасын исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.
Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.
Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманындағы атақ даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Патша өкіметі XIX ғасырдың ортасындағы бір сайлауда оны Қарқаралы ауданының аға сұлтандығына бекіткен. Шешесі Ұлжан Орта жүздің Арғын тайпасынан Қаракесек руының шешендікпен, тапқырлық, әзіл әжуамен аты шыққан шаншарлардың қызы «Абай» деп жас Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп атаған. Содан бері бұл есіммен Абай тарихқа енді.
Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай жастайынан ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Балаға сыншы әкесі осы баласынан қатты үміт етеді. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. 13 жастағы Абай ел ісіне араласады. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады.
Абайдың ақындық ортасы туралы сөз болғанда аты аталатын ақынның бірі - Шортанбай. Ш. Қанайұлы - Абай сынында аты аталған үш ақынның бірі, яки ауызға іліккен атақтылардың сапында. Абай баспадан шыққан Шортанбайдың өлеңдерін оқып өскенін ескерсек, ауызша жеткен Жанақ, Шөжелердің өлеңдеріне қарағанда Шортанбай өлеңдерінің Абайға, оның поэзиясына аса жақын болуы заңды. Сондай-ақ, Шортанбайдың жазба әдебиеттің өкілі болуы - екі ақын арасын жақындастыра түсер негізгі факторлардың бірі.
- Тән құмары және жан құмары сөздерінің мағынасын түсіндіріңіз.
«…Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген». «Ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады- бұл тән құмары. адам тән мен жаннан, яғни рухани және заттық болмыстан құралады. Жетінші сөзінде Абай осыған байланысты бұл екі болмыс жан құмары және тән құмарын тудыратынын жазады. Адамға бұл екеуі де керек. Біреуінсіз екіншісі өмір сүре алмайды. Бірақ екеуінің арасында үлкен айырмашылық бар: құндылықтары екі басқа, тіпті қарама-қарсы, сондықтан олар үнемі бір-бірімен күресте. Адам өзін жанмен балағанда жан құмары әсер етіп, ол рухани биікке көтеріле алады. Ал тәнмен балағанда - оны тән құмары жеңіп, түрлі күнәлі істерге барып, хайуаннан да төмен құлдырап кетеді. Өзінің шығармаларында Абай өмірдің барлық көріністері мен қоғамдағы қайшылықтар себебі, міне осы жан құмары мен тән құмарының өзара үйлесімділігі мен олардың күресінде жатқанын көрсетеді.
Рухани болмыс мәңгілікті, білімге толы және ләззатты. Сондықтан жан құмарындағы адамның өмірі ауру-сырқаусыз, ұзақ; ой-өрісі болмыстың түпкі сырын түсінетін терең; өмірі қуанышқа толы және бақытты. Заттық болмыс, керісінше, - үнемі өзгерісте және уақытша; надандық пен қателіктің құрсауында; өмірі түрлі қиындықтар мен қасіретке толы. Сондықтан тән құмары нәпсіқұмарлыққа айналып, адамдар түрлі ауру-сырқаудың, ой-өрістің тарлығынан өмірі қысқа, әрі бақытсыз болып, тіршілік шырғалаңынан шыға алмай қалады. Яғни, жан құмары басқарғанда - адамзат қоғамы өркениет жолында, ал тән құмары басқарғанда - керісінше, оған қарама-қарсы, құлдырау жолына бет алады.
Жан құмары мен тән құмарының өзара күресіне байланысты қоғам өмірінде екі жол пайда болады. Бірі - табиғи жол. Бұл жол - болмыспен үйлескен, жан құмары басқарған еркіндік жолы. Екіншісі - адамдар өздерінің ой өрісімен ойлап шығарған тән құмарына арналған жасанды жол. Бұл жол - қатаң тәртіпті керек қылатын, ерікті тежейтін жол. Адамзат қоғамы осы екі жолдың арасында және өркениеттің деңгейі, яғни рухани жаңғыруы, олардың үйлесімділігіне байланысты болады.
Билет - № 2
- Абайдың алғашқы өлеңдеріндегі Шығыс сарындары
Шығыс - дүниежүзілік рухани мәдениетің ең көне ошақтарының бірі. Шығыстың рухани қазынасымен Абай Ахмет Ризаның медресесінде алғаш рет танысты. Шығыстың философиясы мен эстетикасын үлкен ынтамен зерделей жүріп, ол Әл Фараби, Махмұд Қашғари, Қожа Ахмет Йассауидің трактаттарын оқыды. Білімге құмар, дарынды бозбала Абай Бақырғани Сулейменнің, Суфи Аллаярдың, Захириддин Бабурдың шығармаларынан сусындады.
М. Әуезов араб-парсы мәдениетін тереңдетіп оқып-үйренген Абай, түрлі дәуірлердің Рашид-ад-Дин, Мұхамед Хайдар, Абалғазы Бахадурхан, Захириддин Бабур сияқты тарихшыларының еңбектерін жақсы білетін деп жазады. Өзінің монографиясында М. Әуезов Абай оқып шыққан көптеген Шығыс классиктерін атап көрсетеді: «мұсылман дүниесінің көптеген ірі ақындарымен Абай жас бала кезінің өзінде-ақ танысып үлгергені сөзсіз». Шәкірт Абай аты әлемге әйгілі ақындардан рухани қолдауын өтініп, бата сұрайды: «Шәмси, Сағди, Физули, Хафиз, Науаи, Сайхали, Фирдоуси - жас ақынға жар болыңдар, ұлы ақындар!»
М. Әуезов өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Шытырманда» атты тарауында Абайдың оқыған кітаптарының ауқымын көрсетеді: «Көктем шыққанша оның айналысатын ісі тек кітап оқу еді. Медреседен кейін алғаш рет ол кітапқа біржола бас қойып, күнұзаққа соларды оқумен болды. Осы уақыттың ішінде ол араб тілі мен парсы тілінен үйренгендерінің біразын ұмытып та үлгерген еді. Ғабитханнан алған сөздіктер оған көмек болды. Ғабитхан молда кітап оқығанды аса жақсы көретін. Оның кітаптарының ішінен Абай Фирдоуси мен Низамидің, Физули мен Науаидың «Жәмшит» пен «Мың бір түн», «Тариз» - Табари, «Зылиха-Жүсіп», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Көрұғлы» шығармаларын тауып алды. Абай оларды бас алмастан оқыды».
Шығыс классиктерінің шығармаларының Абайға жасаған ықпалы оның бірқатар туындыларынан анық байқалады. Бозбала шағында ол «Жүзі - раушан, көзі - гауһар», «Физули, Шәмси, Сайхали» және «Әліпби» өлеңдерін жазды. Абайдың махаббат лирикасында Шығыс классиктерінің рухы білінеді. Абайдың философиялық-моралистік «Масғұт», «Әзім»әңгімесі, «Ескендір» поэмаларындағы Шығыстың әсері сөзсіз. Араб-мұсылмандық Шығыс Абайдың шығармасында сыни тұрғыдан қайта бағаланған, ақынның өзіндік дүниетанымы арқылы қабылданған күйінде бейнесін табады.
Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петербурда бастырып шығарған Кәкітай Ысқақов кіріспе сөзінде кемеңгер ақын ағасының өмірі мен шығармалары жайында баяндай келіп: " . . . қырда ғарапша (арабша дегені. - Ұ. А. ), парсыша Абайдан артық білетін ешкім болмады", - деп жазды. Соның арқасында ол өзінің бос уақытын осы тілдерде жазылған бұрынғының ғұлама оқымыстыларының кітаптары мен атақты ақындарының өлең, дастандарын, ескілікті аңыздарын бас алмай оқиды. Әсіресе ақындарына қатты қызығып, соларға еліктеген өлеңдер де шығарады.
Абайдың Семейде оқыған кезіндегі ақындық талпынысынан да, қыр баласының елдегі құрбыларынан ерекше мұнда не үйренгенінен де оның сол кезде шығарған мына 4 жол өлеңі көп хабардар ететіндей.
Фзули, Шәмси, Сәйхали
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
ХожаХафиз -буһәммаси
Мәдәтбер я шағири фәрияд
Түркі, араб, парсы сөздері аралас бұл шумақты қазақшаласақ, шамамен:
Фзули, Шәмси, Сейхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
ХожаХафиз - барлығың
Медетберіпжырыма,
Ақынның бағын жандырғын, - дегенге келеді.
- 7-ші қарасөздегі өз заманындағы тән мен жанның жағдайына берген бағасы.
Құмарлық деген өте мәңді ұғым. Ол адам баласын хайуаннан өзгеще етіп тұрған, табиғаттың бізге берген ерекше қасиеті. Құмарлық - тән құмары және жан құмары болып бөлінеді. Адам баласы дүниеге келгенде осы екеуі екі мінез, бірдей көрінеді. Абай оларды туа біткен мінезге жатқызған. Тән құмарлығы дегеніміз ішсем, жесем, ұйықтасам деген биологиялық қажеттіліктерден тұрады. Бұл мінез хайуанаттар әлемінде бар. Бірақ адам баласының ішсем, жесем, ұйықтасам дегенің өз ерекшелігі бар. Бұл ерекшеліктің мәні- адам баласының өте ұзақ мерзімге дейін өз бетімен күнелтіп кетуге мүмкіндігінің шектеулілігінде. Дайын тамақ, төсек, күтімге бойы үйреніп, оны дағдыға айналдыры, адам баласы көбіне тән құмарлығының құлына айналып кетуі осыдан. Сірә, адамның өсе келе жанды тәнге бас ұрғызуының себебі мында болса керек: көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Құр көзбен көрген біздің хайуан малдан неміз артық ? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан да жанымыз. Адамның хайуаннан жаман болатын кезі бала кездегі екі мінездің қатар жүрмей біреуінің үстем болып, екіншісінің көмескі тартуында. Ол бала кездегі жан құмарының ер жете келе тән құмарына тәуелді болуында. Жан құмары ол білсем, көрсем, үйренсем екен деген түсінік . Бұл адамның бала кезінде ерекше байқалатын мінез. Бала көзі көріп, құлағы естіген заттың бәрін білгісі келіп, ол немене ? бұл неге бүйтеді ? - деп сұрап тыныштық таппайды. Осы бала күнгі жан құмарлығы ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз ?
Бұл сөзге қойылған мәселелерге жауап беруден гөрі сұрақ қою көбірек. Жан құмарлығы тек білсем, көрсем, үйренсем деген істермен шектелмейді, ол туа біткен қасиет. Көпшіліг заттың ішкі сырына мән бере бермейді, оларды заттың сыртқы көрінісі қанағаттандырады. Абай : Дүниенің көрінге һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Абай адамды хайуанмен салыстырғаны шарттылық. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды, сондықтан оған біз надансың, не ақылдысың деп ешнәрсе айта алмаймыз. Адам болса өзгеше, оның кеңістігі шексіз, мүмкіншілігін біліп болмайсың. Себебі онда сана бар. Оның көрінісі - жан құмары.
Билет - № 3
- Абай шығармаларының рухани қайнар көздері
Абай ең алдымен қазақтың ұшан-теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларын сүйіп оқыды. Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абайды қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деп әбден айтуға болады. Ақын сүйіп оқыған үш үлкен қайнар көз: 1. Халық ауыз әдебиеті. 2. Шығыс әдебиеті. 3. Орыс әдебиеті, оның арғы жағында Батыс Еуропа әдебиеті. Абай жастайынан оқудан қол үзбейді, қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули, т. б. ақындарының өлеңін жаттап өседі. Ойшыл-ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сонымен қатар, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов, т. б. шығармаларымен танысады. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, ағылшын жазушысы Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Ол Ч. Дарвиннің даму теориясы мен анатомиялық ілім негіздерін оқыды. Абайдың жаратылыстану ғылымындағы білімінің кеңеюіне орыстың материалистік психологиясы, оның ішінде И. М. Сеченов пен К. Д. Ушинский еңбектері орасан роль атқарды. Осыдан болар, ақынның дүниетанымы - кең, білімі - түпсіз терең, ойы - ұшқыр, тілі - бай әрі көркем.
Абай сусындаған рухани көздің бірі ана сүтімен дарыған халық ауыз әдебиеті болса, келесі бір өшпес қазына - ол Шығыс қаламгерлерінің туындылары. Ұлттық және шығыстық бұлақтан нәр алған Абай үшін ендігі бейтаныс әлем орыс әдебиеті болды, сол арқылы ақын Батыс әдебиетімен де таныс болды. Белгілі ғалымдардың еңбектеріне сүйенер болсақ, қазақтың ұлы сөз зергері Абай орыс классиктерінен Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, т. б. шығармаларын терең үңіліп, танысқан. Орыс тілі, орыс классикалық әдебиеті арқылы Абай Батыс әдебиетімен сусындап, Гете, Байрон шығармаларын аударған. Абайдың еркін аудармалары арқылы «Татьянаның әні» қазақ оқырманына жетті, Лермонтовтың «Теректің сыйы», «Қанжар» сияқты терең сырлы өлеңдері халқымыздың арасына кең тарады. Қазақ оқырманы Абай арқылы орыс классикалық туындыларымен, Батыс Еуропа әдебиетінің тамаша үлгілерімен таныс болды.
Абай жастайынан кітапқа жақын болған. Туған жері Семейдегі қоғамдық кітапхананың тұрақты оқырманы болды. Сол кітапхана сөрелеріндегі Спенсер, Тэйлор, Дрепер, Уоллэс, Милль, Шекспир, Гете, Шиллер, Гейне, Байрон шығармалары мен орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларына ерекше тәнті болған Абай, Батыс және орыс жазушыларынан көп нәрсе үйренді. Бұл классиктердің әрқайсысы қаламгердің ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге көз-қарасын қалып-тастырды, әлемді танудың өзіндік көпірлері болды.
Қ. Мұхамедхановтың айтуынша, Семейдің қоғамдық кітапханасы - сол уақыттағы Сібір кітапханаларының ішіндегі ең бай кітап орны болды. Бастапқы кездері кітапхана қорында 274 дана кітап болып, 130 оқырманға қызмет көрсеткен. Министрлер Кабинетінің қаулысы шешімімен 1992 жылы Семейдің қоғамдық кітапханасына ұлы ақынның есімі берілді. Бұдан бұрын кітапхана Николай Васильевич Гогольдің атында болатын. Кітапхана 1883 жылы революционер-демократтардың көмегімен ашылған болатын. Ең алғашқы рет Абай оның есігін шамамен 100 жыл бұрын ашқан еді. Абай сол замандағы қазақ оқырмандарының алғашқысы болатын, ал Семей қоғамдық кітапханасы - Қазақстан Республикасындағы ең көне кітапханалардың бірі.
Абай Құнанбаев жиі оқыған кітаптар: Пушкин А. С. Сочинения. СПБ., 1887; Толстой Л. Н. Сочинения. М., 1889; Уэвелль В. История индуктивных наук. СПБ., 1867; Сочинения Платона. СПБ., 1863; Байрон Сочинения. СПБ., 1884; Херасков М. Эпические творения. ч. 1. -М., 1786; ч. 2. 1787; Кантемир А. Д. Сочинения. СПБ., 1868; Спенсер Г. Основания психологии. СПБ., 1876 Даль В. И. Сочинения. 1883; Беккер К. Всемирная история. СПБ., 1846; Карамзин Н. М. История государства Российского. СПБ., 1845; Илиада Гомера. Аударған Гнедич Н. СПБ., 1829, тағы басқалары.
Қазақтың төл перзенті, бас ақынына үлкен әсер қалдырып, үлкен мағлұмат берген Американың Нью-Йорк университетінің профессоры Джон Уильям Дрепер болған. Оның сол кездерде орыс тіліне аударылған, Ресейдің жоғары оқу орындарының студенттері оқулық ретінде қолданып жүрген «Европаның ақыл-ойының даму тарихы» (1869 ж. ) деген екі томдық еңбегі мен «Католицизм мен ғылымның арасындағы қатынас тарихы» (1876 ж. ) атты кітабы Евгений Петрович Михаэлис арқылы Абайға жетеді. Михаэлистің өзі Абайға бұл кітапты берген көрінеді. Ақынның өзі досы Михаэлисті есіне алғанда «Дүниеге көзімді ашқан кісі - Михаэлис» дейтіні де осыдан болар. Қаламгердің Дреперді оқығанына Әлихан Бөкейхановтан бастап кейінгі абайтану-шылардың барлығы назар аударады. Асылында, Абайдың американдық тарихшы, дәрігер, химик, физик, фотосуретші Дрэперді оқуы оның ой-өрісін жаңа бір сатыға көтерді. Оның кітаптарының әр тарауын оқыған сайын, бұрын білмеген тарихи деректерге ұшырасып, өзінің таным саясын кеңейте түсті.
Абай мен әлем әдебиетінің арасындағы байланысты ерекше зерттеген М. Әуезов. Оның мына еңбектері сөзімізге дәлел бола алады: «Абайдың идеялық-мәдени ізденулері», «Абайдың халықтығы мен реализмі», т. б. Қазақ әдебиетінің классигі Абайдың шығармашылығын жан-жақты талдаған М. Әуезов былай дейді: «Дана ақын шығармашылығы мынадай үш алыптан сусындайды. Бұның алғашқысы - ежелгі қазақ әдебиеті. Екінші бұлақ - Шығыс сөз зергерлерінің тап-тырмас туындылары. Үшінші қазық - бұл орыс әдебиеті, ал оның арғы жағында көл-көсір батысеуропалық мәдениет жатыр…». Абай, әсіресе, орыс әдебиетіне деген ықыласы ерекше болатын. Орыс досы Михаэлис арқылы Абай С. С. Гросс, А. Л. Леонтьев, Н. И. Долгополов-тармен танысады. Ақынның орыс достары, пікірлестері туралы М. О. Әуезов былай деп айтқан болатын: «Абайға әсер еткен дүниелер көп… бірақ
Абай деген сол әсерлердің жиынтығы емес, бәрінен қорытылған асылы, жаңа бітім, тың тұлға». Абай: «Менің көзімді дүниеге ашқан Михаэлис» - деп оны аузынан тастамаған. Абай тәлім алған үшінші қайнар көз - орыс мәдениеті. Орыс мәдениеті арқылы қол жеткізген батыс елдері мәдениетімен, Абай осы Михаэлистің ақыл-кеңесі бойынша көркем әдебиет, сын, философия, табиғат ғалымдары, әр алуан тарихтық кітаптармен жақын танысты. Сол кездерден бастап Абай, белгілі абай-танушылар зерттеулеріне қарағанда, орыстың атақты ақын жазушыларынан: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Некрасов; сыншыл ойшыл демократтардан: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов; Европа ақындарынан: Гете, Байрон; философтардан: Спенсер, Спиноза, Льюис, Дарвин, Дрепер сияқты жазушыларды оқыған.
Сол кезеңде неміс ақыны Фридрих Шиллердің есімі зиялы орыс қауымы арасында үлкен беделге ие болды. Неміс ақыны шығармаларын Абай орыс тілінде оқыды. Шиллер өлеңдерінің ең алғашқы қазақ тіліндегі аударма нұсқасының аты «Бесіктегі сәби» өлеңі.
Абай өз шығармаларында еуропалық және пушкиндік мектептерден нәр алғанын, оларды терең түсінгендігін көрсетті. Біздің түсінуі-мізше, әлем әдебиеті дегеніміз - жоғарғы сапалы шығармалардың үйлесімі.
Қазақ әдебиеті де аталмыш алтын қордың бір бөлігі. Өйткені Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Мұхтар Әуэзов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Есенберлин сияқты ұлы ойшылдар мен ақын-жазушыларды біз тек қазақ ұлдары деп атай алмаймыз.
Ақынға үлкен ықпал еткен, үлгі көрсеткен замандас ақындар, би-шешендердің орны айрықша. Әсіресе, бала Абай ұнатқан Бұхар жырау, Шортанбай, Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал Абайдың ақындық ортасының қалыптасуына әсер еткен. Ұлттық рухани қазынаны бойына сіңірген қаламгер, кейін шығыс, батыс үлгілерін еркін меңгеру арқылы бүкіл халықтық, жалпы адамзаттық, әлемдік ақын статусына дейін көтерілді. Абай арқылы да қазақ халқы бүкіл әлемге танылды. Мұндай ұлдары бар қазақ халқы, сөзсіз, бақытты халық.
Абай тек әлем әдебиеті, орыс әдебиетінің құнды шығармаларын оқып қана қойған жоқ, ол аталмыш шығармаларды қазақ оқырманына да таныстырды. Абайдың қаламынан туған тәржімалар арқылы Европа, орыс ақын-жазушыларының әдеби туындылары қазақша сөйлей бастады. Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Лермонтовтың «Бородино» атты өлеңі мен «Вадим» атты әңгімесі, Пушкиннің «Онегині», Крыловтың мысалдары, «Теректің сыйы», «Тұтқын», «Татьянаның Онегинге», «Онегиннің Татьянаға» жазған хаттары, «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» (Кинжал), «Жалғыз жалау жалтылдап» өлеңдері, Байрон-ның «Көңілім менің қараңғы, бол-бол ақыл» шығармасы және тағы басқалары.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz