Сәкен Сейфуллин және қазақ мәдениеті
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігі
Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы
Магжанова Асель Ержановна
Қазақ мәдениетіндегі Сәкен Сейфуллинннің ән мұрасы
Дипломдық жұмыс
Мамандық: 5В040400 - Дәстүрлі музыка өнері (халық әні)
Алматы 2020ж.
МАЗМҰНЫ
Кіріспе ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
І. Сәкен Сейфуллин және қазақ мәдениеті ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
1.1 XIX-XX ғасырдағы қазақ мәдениеті ... ... ... ... ... ... .. ... ... ..
1.2. Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ..
ІІ. Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы және музыкалық мұрасы
2.1 Сәкен Сейфуллин әндері, дәстүр ізімен ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
2.2 Сәкен Сейфуллин әндерінің стильдік ерекшеліктері ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... .
Қорытынды ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ... ...
Қосымша
Кіріспе
Қазақ даласы ғасырлар бойы шабытты поэзиямен, орынды шешендікпен, жалынды күйлер және шын жүректен шыққан әндермен өмір сүрген. Осы орайда Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды деген жазушы Ғабит Мүсірепов пайымына ұқсас, бізде өз кезегімізде, үлкен музыкалық мәдениетке ие бола алмаған ұлт ұлы әдебиет жасай алмайды дер едік. Музыка әдеби шығарманың өн бойына терең тыныс беріп, бір ғажап үйлесімділіктің ұлы сарынын естіртіп тұрады. Әдебиет пен музыка - домбыраның екі ішегі тәрізді ұлттық hәм әлемдік мәдениеттің мәңгі сарқылмас қос арнасы, бұлақ бастауы; күллі өнер атаулының асқақ, дара біткен егіз шыңы, адамзат ақыл-ойының, сана-сезімінің сан мыңдаған жылдарға созылған эволюциялық өсу жолының жемісі.(Е.Төлеутай) Қазақтың ән өнері - сонау көне заманнан бері қалыптасқан халқымыздың қазынасы. Қазақ халқы әнге бай. Ауылдан ауылға ән айтып, күй тартып жүрген жыршылар, сал-серілер өз өнерін көрсетіп, халықтың көңілін көтерді, той-томалақ, ойын-сауық отырыстардың көркі болды. Ақын әншілердің өнері халық арасында өте жоғары бағаланып, ақынның келген ауылы оған зор сый-құрмет көрсеткен. Олар қашанда халықтың мақсат-мүддесін жырлап онымен бірге жүріп, біте қайнасып өтті. Қазақ халқының музыка мұрасы да сондай озық ойлы, өнерпаз өкілдерінің қалдырған үлгі өнегесінің арқасында сақталып келеді. Г.Потанин: Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді(massaget.kz) демекші, қазақ даласында әншілік мектептер қалыптасып 5 мектепке болып бөлінді. Сол 5 мектептің ішінде кеңінен насихатталып, кеңінен зерттелген мектеп - Арқа мектебі. Арқа еліміздің Шығыс, Орталық, Солтүстік Қазақстан аймағын қамтитын өлке. Осы өңірде 19-шы ғасырдың екінші жартысында қазақтың халықтық кәсіби әншілер мектебі қалыптасты. Бір бойына бірнеше өнерді (ақындық, әншілік, композиторлық) тоғыстырған Біржан, Ақан, Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Әсеттер бар-жоғы жарты ғасырдан аса ғана уақытта, сал-серілік өнердің алтын қазығын қағып, өз дәуірін алтын ғасырға айналдырды. Дәл осы тарихи тұлғалар Арқа кәсіби ән дәстүрінің музыкалық-поэтикалық стилін қалыптастырды. Ұлы дәстүрді 20-шы ғасырда қазақ әнінің інжу-маржандарын басқа да елдерге танытқан Әміре Қашаубайұлы, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Қуан Лекеров, Жабай Тоғандықов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов сияқты әншілер болатын. ХХ ғасыр басындағы саяси және әлеуметтік оқиғалар дала өміріне көптеген өзгерістер алып келгені белгілі. Баяғы сайын дала төсіндегі ас пен той, ұлы шалқар көш-керуендер, айтылған жыр, шырқалған ән, тартылған күйлер, салтанаты жарасқан сал-серілер, бәрі-бәрі аз ғана уақытта сап тыйылды. Формация ауысты, қоғам өзгерді. Өмір отырықшылыққа бет бұрды. Сал-серілердің бір бойынан табылған әншілік, композиторлық, ақындық өнер ошағы үшке бөлінді, жеке-жеке өнерге айналып, Сәкен, Мағжан, Міржақыптармен жалғасын тапты.(Е.Шүкіман). Адамзат шежіресіне көз салсаң, қашанда ел өміріндегі еңселі оқиғалардың жуан ортасында болып, дәуірдің ауа-райын, көпшіліктің тіршілік-тынысын, арман-мүддесін жыр арқауына айналдырған талай-талай жайсандар өтті. Соның бірі - мемлекеттік, қоғамдық үлкен қайраткер, классик қаламгер, композитор Сәкен Сейфуллин. Ол кезде цивилизациядан қашықтау жатқан кезде дүниеге келгенімен табиғи алғырлығы арқасында уақытылы ілім-біліммен сусындап, жай бақылаушы емес, дұрыс пен бұрыс жөнінде сындарлы пікір түйіп, ақырында саяси күрескерлер қатарына қосылуы сияқты бірегей өмір жолы - Сәкен Сейфуллин өткен өмір жолы - екінің бірінің мүмкіндігі жете бермейтін асқар асу.(Орталық Қаз. Тұлпар да сұңқар ақын) Сәкеннің қалдырған әдеби мұрасы өте бай. Оның қазақ әдебиеті тарихы туралы және бұрынғы әдебиет нұсқаларын жинауға арналған бірталай кітаптары бар. Әдеби тілімізді, қазақ поэзиясын дамытуда Сәкеннің шұрайлы шығармаларының маңызы ерекше. Ұлы рухани олжамыз - қазақ әдебиетінің дамып, гүлденіп әуелі одақтық, кейін үлкен ұлттық әдебиетке айналуы. Бүгінгі дамыған әдебиетіміздің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі, қазақ поэзиясындағы ұлы жаңашыл ақын Сәкеннің шығармалары мен әндері өмір ілгерілеп, ұрпақ өскен сайын өзінің асыл қайнарларынан сусындата береді.(Алматы ақшамы) Ғафур Ғұлам: Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы, революционер ақын, қазақ прозасының, драматургиясының және бүкіл қазақ мәдениетінің өркендеп дамуына өзінің зор үлесін қосқан Сәкен Сейфуллиннің совет әдебиеті тарихындағы орны өзгеше. Ол шын мағынасында осы заманмен бар жүрегімен, үнімен үндескен нағыз жаңашыл қаламгер, сазгер еді. Оның нағыз суреткерге тән творчестволық белсенділікті аса зор қоғамдық белсенділікті ұштастыра жүргізерлік артықша қабілеті бар еді. Сәкен Сейфуллиннің шығармалары өзінің идеялық-көркемдік құнын ешуақытта да жоғалтпақ емес. Одан дүйім оқушы рухани азық алады, қаламгерлер не туралы, қалай жазу керектігін үйренеді. Міне, Сәкен Сейфуллин творчествосы сол үшін де баршамызға қымбат.
Зоя Кедрина: Қазақ әдебиетіндегі революциялық дәстүрдің етек алуы Сәкен Сейфуллин есімімен тығыз байланысты. Еліміздегі бауырлас халықтар әдебиетінің негізін қалаушылар қатарында бұл есімнің өзгеше орны бар. Табиғи талант, туған халқының ақындық салты, орыс революциясымен және оның мәдениетімен біте қайнасқан байланыс Сәкен творчествосы - революциялық қызметімен тамырласа, өзектесе біткен біртұтас бөлігі. (Бұл лебіздер Қазақ әдебиеті газетінен алынды. 1964 ж, сенбі 23 май, №21(696)). Сәкен Сейфуллин соқтықпалы, соқпақты тар жол тайғақ кешулі ғұмыр кешіп Алаштың аспанынан ағып түскен жарық жұлдыз. Сәкен десе көз алдыңа жұртымның сыры мен жыры, әні мен сәні, жаны мен ары келеді. Ол - әсемдіктің, тазалықтың, елдік пен ерліктің символындай есім. Өмірімен де, өлеңімен де сол осындай абыройға лайық тұлға. Алыстаған сайын биіктейтін таулар сияқты қазақ қауымының көңіл көлінде Сейфолланың Сәкені жарқырай беруге тиіс жалқы құбылыс, біртуар ер. Кейде оңынан, кейде солынан соққан замана желі біздің халықты тәуекелдің желқайығына қанша рет мінгізді екен. Сондай бір мың өліп, мың тірілген сын сағатта халқының сөзін бастаған шешені, топ бастаған көсемі Сәкен еді. Үлкен ақын, дарынды әнші-композитор, талантты қоғам және мемлекет қайраткері, биік парасат иесі, арлы азамат. Сәкен - халықының бақыты үшін басын бәйгеге тіккен боздақ. Ол бүгін де, ертең де солай болады. Сәкен - ең алдымен халқының ұлы, уақыттың перзенті. Сәкеннің атағы - мәңгілік атақ. Не бәрі 43 жас қана өмір сүріп, оның талас-тартыста, халқының бақыты үшін, толассыз күресте өткізген Сәкен аға, көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналып, халқының жүрегіне берік ұялаған. Сол сегіз қырлы, бір сырлы сұлу тұлғасымен де, тіршіліктегі үлгі-өнегесімен де, артына қалдырған мол мұрасымен де, екпіндей жарқырап жиырма бірінші ғасырға енді. Ол Сәкен даңқы ғасырдан ғасырға жетті деген сөз. Сәкеннің аты, әні, сәні ел аузында, қайраткерлігі халық жүрегінде. Тарихта, қазақ өмірінің жылнамасында мұндай өміршең тұлға санаулы-ақ. Мұралардың ең қымбаты - сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады. Күн жылытпас, суық көңілді жылытады. Асылы, адам да, нәрсе де тозады, жоғалады. Асыл сөз мәңгі жасайды. Сәкен мақсатына тулаған толқындармен алыса отырып жетті - деп толғаныпты Сәкеннің тұстасы, аса ірі жазушы Ғабиден Мұстафин. Дәлелді де, әдемі айтқан.(Тұғыры биік тұлға, Ғалым Жайлыбай, 2 шілде, 2002 жыл 3-4 бет).
Зерттеудің өзектілігі: Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы, әндерінің стильдік ерекшеліктері
Зерттеудің мақсаты. Сәкен Сейфуллин мұрасына көз жүгірте отырып, сазгер шығармашылығындағы әндерінің стильдік ерекшеліктерін айқындау
Зерттеудің нысаны. Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы
Зерттеудің пәні. Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық мұрасы
Зерттеудің міндеттері. Жоғарыда аталған мақсатты жүзеге асыру, келесі міндеттерді шешуге әкеледі:
-Тақырыпқа қатысты ғалымдардың еңбектерін жүйелеу
-Өңірдегі әншілік дәстүрдің ерекшеліктерін көрсету
-С. Сейфуллин әндерінің ноталық үлгілерін сараптау
- Арқа әншілік дәстүріндегі С. Сейфуллиннің рөлін көрсету.
Зерттеудің жаңалығы.
oo С. Сейфуллин әндерінің үлгілері алғаш рет ғылыми сарапқа салынады;
oo С. Сейфуллин әндері ғылыми таным тұрғысынан алғаш зерттеледі, С. Сейфуллиннің жеке қолтаңбасы анықталып, өзіндік ерекшеліктері ерекшеленеді.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы. Бұл зерттеу жұмысының нәтижесін қазақ ұлттық музыка өнері мен қазақтың дәстүрлі мәдениетін зерттеушілер және әнші-орындаушылар, сонымен бірге, қазақ музыкасы тарихы сабақтарында пайдалана алады. Әндер концерттерде, ақпарат құралдарында насихаттауды қажет етеді.
Зерттеудің құрылымы. Дипломдық жұмыс Кіріспеден және екі тарауда қамтылған негізгі бөлімнен, Қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, Қосымшадан құралған.
I ТАРАУ. Сәкен Сейфуллин және қазақ мәдениеті
1.1 XIX-XX ғасырдағы қазақ мәдениеті.
XIX ғасыр Қазақ мәдениетінің алтын ғасыры болып саналады. Қазақстанда кеңес өкіметі жылдарында мәдени салада едәуір жетістіктер болды. Әрбір одақтық республика өз Ғылым Академияларына, мемлекеттік университеттеріне, институттарына ие болды. Жоғары басқару жүйелері негізінен орыстарға сүйенгенімен жергілікті ұлт өкілдеріне мұқтаж еді. Оларды даярлау Ресейдің орталық аудандарында жүргізілді. Мұның нәтижесінде көптеген ұлт өкілдерінің еуропалық мәдениет және білімге қолдары жетті. Баспасөз, газет-журналдар шығару, радио хабарларын тарату, теледидарлар жете бастады. Қазақстанның мәдени өмірінде ұлттық опера, балет, драма, симфониялар пайда болып, ауқымы кеңейе түсті. Қазақ бұлбұлы Күләш Байсейітова, шебер биші Шара, кәсіпқой сахна жұлдыздары Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов т.б. өз өнерлерімен халық дәстүрін жаңа заманға лайықты жалғастыра білді. XIX ғасырдың ортасынан кейін қалыптаса бастаған жазба мәдениеті де Кеңес Өкіметі жылдарында біршама табыстарға жетті. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Мұқағали Мақатаев, сияқты көптеген ақын-жазушылар, социалистік реализм мен тап күресі идеологиясының шеңберінен шығып, өз шығармаларында халықтың көңіл-күйін, арман-тілегін, тыныс-тіршілігін шебер суреттей білді. Осы жылдары қазақ халқының мәдени тарихын зерттеп, білуге бағытталған біршама әрекеттер жасалды. Бұл ретте қазақ эпосының негізінде көрермендерге ұсынылған Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Қозы Көрпеш - Баян сұлу, Ер Тарғын сияқты опера, көркем фильм, балеттерді атап өтуге болады.(Мәдениеттану:жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған оқулық. Алматы:Раритет 2005-416 б ) XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Құраманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Аталған композиторлардың шығармаларында әлеуметтік қайшылықтар бейнеленді. Біржан сал, Мұхит Мералыұлы, Ақан сері, Жаяу Мұса сияқты және тағы басқа көптеген ақын, әнші, композиторлардың шығармашылық және орындаушылық шеберлігі арқасында қазақ ән мәдениетінің классикалық үлгілері дамып, жоғары дәрежеге көтерілді. (e-history.kz) Тіпті азамат соғысы жылдарында-ақ музыка жаңа тақырыптармен толыға түскен еді. Алғашқы революцияшыл әндер туды. Ақындар мен әншілер Кеңес өкіметі идеяларын насихаттауда маңызды рөл атқарды. Әсіресе, С. Сейфуллинің Жас қазақ марсельезасы атты революциялық рухтағы әні кең таралды:
Азамат, жүнжіме, жүрме бос
Қол ұстас, бірігіп тізе қос!
Ту ұстап дұшпанға барайық,
Теңдіктің ұранын салайық.
1919 жылы Ақмолада музыкалық мектеп, ал келесі жылы театр, музыка және би үйірмелері бар Халық үйлері ашылды. Қазақстанның көптеген аудандары мен облыстарында әншілер, ақындар, музыканттар байқауы тұрақты өткізіліп тұрды. 1923 жылы Мәскеуге Ә.Қашаубаев, И. Байзақов, Ғ. Айтпаев, Қ. Байжанов, т.б. қазақ әншілері мен музыканттары шақырылып, концерт қойды. 1925 жылы жаңа астана Қызылордада Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, т.б. қатысуымен қазақ халық музыкасының үлкен концерті өтті. Қазақ жазба әдебиетінде де жаңалықтар болды. Мәселен, 1925 жылы 12 шілдеде Қазақ Өлкелік Комитетінің секретариаты Қазақстанның пролетариат жазушыларының ассоциациясын ұйымдастыру жөнінде ұйғарым жасады. Құрамында С.Сейфуллин, Б.Майлин бар ұйымдастыру бюросы құрылды. Ал 1932 жылы Қазақстанның Кеңестік Жазушылар Одағы ұйымдастырылып, құрамында проза, поэзия, драматургия, көркем аударма, балалар мен жасөспірімдер әдебиеті, публицистика мен очерк, орыс әдебиеті, т.б. жөніндегі шығармашылық кеңестер жұмыс істеді.(М.Әуезов энциклопедиясы-Алматы, Атамұра баспасы, 2011ж). 1925 жылдың сәуір айында Орынборда тұңғыш кәсіпқой театр ашылады. Бірінші труппасы белгілі халық өнері кәсіпқой орындаушыларынан құрылды. Бұлар - Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, т.б. Театр Алматыға көшкеннен кейін труппаға Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебековтер қосылды. 1926 жылы 13 қаңтар күні М. Әуезовтің Еңлік-Кебек спектаклінен үзінді қойылып, одан кейін концерт берілді. Театрдың алғашқы режиссері Жұмат Шанин еді. 1926 жылы Қызылордада қазақ театры ашылып, Қазақстанның музыкалық орталығына айналды. Қазақ көрермендерін тарту үшін театрда спектакльден кейін концерт берілетін. Дала әншілері театр сахналарына шығып, ән айта бастады. Ұлы өнер басқа формада даму жолына түсіп, қазақ музыкасы жаңа үн, жаңа ырғақ, жаңа әуендік бояулармен толықты. Музыканың арнайы оқу орындары ашылып, М.Төлебаев, А.Жұбанов, Ә.Еспаев, С.Мұхамеджанов, К.Күмісбеков, Н.Тілендиев сынды тағы басқа оқыған, музыкалық сауаты жоғары, кәсіби композиторлар қазақ музыка өнеріне үлес қоса бастады. Осы оқығандармен бірге ел ішінде арнайы композиторлық білімі болмаса да, ұлттық өнердің тереңінен тамыр тартып, сал-серілердің әндерінен нәр алып, ұлттық ән-күйімізден қанып ішіп, шығарған әндерінен ұлттық бояуы білініп, иісі аңқып тұратын С.Кәрімбаев, М.Жанболатов, М.Егінбаев, Ғ.Құрманғалиев, Д.Рақышев, К.Салықов, Ж.Сейілов, Т.Рахимов, А.Сейдімбек, И.Омаров, М.Салықов, И.Тасқара секілді басқа да композиторлар ұлт өнерінің өркендеуіне өздерінше үлес қосты.(Е.Шүкіман) А. Жұбанов кәсіби музыкалық білім беру жүйесінің қажеттілігі мәселесін көтереді. 1934 жылы маусымда халық аспаптарының ұлттық оркестрі құрылады. Дирижері және көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбанов болды. 1935 жылы осы оркестрдің негізінде Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды. Сөйтіп, 30-жылдардың соңына дейін Қазақстанның кәсіпқой музыка өнері даму үстінде болды. Білімді қорландыру, дарынды орындаушыларды анықтау, музыкалық ұжымдар үшін талантты жастарды таңдап алу жұмыстары жүргізілді. Қазақтың ән қазынасы, сөзсіз, қомақты түрде, тек совет тұсында ғана жиналды. Жиырмасыншы жылдардың басында Александр Затаевич Орынборға келіп, Қазақстан Халықағарту Коммисариаты арқылы елге шығып, бірнеше жыл бойы музыкалық этнографиямен шұғылданды. Қазақ халқының әндерін жинақтап жинақ бастырып шығаруға А.Затаевичке көмек беріп, С. Сейфуллин қазақтың музыкасын сақтап қалуға орасан зор еңбегін сіңірді.(Сыр Сандық, 8б) Ол сол жылдар ішінде қазақтың екі мыңнан астам ән-күйін нотаға түсіріп, оның мың жарымын екі том етіп 1925 және 1931 жылдары бастырып шығарды. Ол ән-күйдің ноталарын жазумен қатар, олардың кейбіреулерін фортепиано сүйемеліне икемдеп, оркестрге түсіріп, орындау арқылы жеткізді. Орындаушының бірі өзі болды. А. Затаевичтің бұл еңбегі жержүзіне жайылды. Қазақтың көптеген әншілерінің аттары тарихта бірінші рет сол А.Затаевичтің аузымен халыққа тарады. Абай, Біржан, Мұхит, Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Мәди, Майра тағы солар сияқты халық композиторлары жайлы бірінші рет баспасөз беттерінде А.Затаевич мәлімет берді. Жиырмасыншы жылдардың ортасында атақты әнші Әміре Қашаубаев Парижге, Франкфуртқа барып, қазақ халқының әншілік дәстүрімен европалық халықтарды таныстырады. Қазақтың музыка мәдениеті күн санап өседі, профессионалдық жолға қадам басуға дайындалады. Отызыншы жылдардың басында Алматыда көркемөнердің профессионалдық мекемелері ашылып, қазақ музыкасы қаулап өсе бастайды. Музыка білімі, концерт орындары, музыкалық театрлар облыстарда да дамиды.Сонымен қатар қазақ музыкасының зерттеу жұмыстары басталады. Әндердің, күйлердің, аспаптардың тарихтары жиналады. Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы енді ғана толық ғылыми түрде зерттеле бастады. Соңғы жылдарда консерватория бітірген қазақ жастарының ішінен музыка зерттеу жағынан мамандық алғандар көбейеді.(Замана бұлбұлдары, 17-18 б)
Кеңес өкіметі орнауымен бір мезгілде мәдениетті қайта құру шаралары жүзеге асырыла бастады. Елде ағарту ісін дамытуға баса назар аударылды. Қазақтың ұлт зиялылары шығармашылық тұрғыда табысты еңбек етіп, мәдени құрылыс барысын жеделдетуге зор үлестерін қосты. Қазақ тіліндегі оқулықтар жазылды. Мұндай оқулықтардың авторлары қазақ зиялыларының өкілдері - А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин болды. Мәдениеттің дамуына осы уақытқа дейін елеусіз жағдайда болған баспа ісін жолға қою белгілі бір ықпал жасады. Қазақ баспасының гүлдене бастаған уақыты XX ғасырдың бас кезіне тура келді. Бұл кезде 1907 жылы наурызда Троицкіде Қазақ газеті жарық көрді. Оқу-ағарту мен білім идеяларын бұқара арасында насихаттау мен бастауыш білім беру жүйесін кеңейтуде Айқап журналы, Қазақ газеттері елеулі рөл атқарды. Ақмолада Қазақ газетіне жақын позицияда ұстанған Тіршілік газеті шыға бастады.(el.kz) Тіршілік газетінің ресми редакторы Рақымжан Дүйсенбаев болғанымен негізгі жауапкершілік С.Сейфуллинге жүктелді.
1.2 Ақынның өмірбаяны, қызметтері.
Сәкен Сейфуллин! Бұл есім бүгін қазақ халқының аса бір сүйіктілерінің біріне айналып отыр. Туған халқымыздың игі тамаша қасиет-сыпаттарын, ұлттық мінез-құлқымыздың жарқын көріністерін бүгін әркім-ақ осы бір азаматтың бойынан тауып, сүйсінгендей, мейірленгендей. Ғасырлар бойы езгінің астында тұншыққан елдің ерлік салтының өшпегенін де, қатыгез феодалдық дөкірлік пен патшашылдықтың озбыр қылықтары сөндіре алмаған адамшылықтың жылы нышандары мен сезім күйлерінің молдығын да, досқа дос, қасқа қас мінездерді де жарық дүниеге алып шығып, әлемге аян еткен осы азамат еді. Тыныштық басып мүлгіген қазақ даласы бүкіл Россияны қаптай соққан дауылдың әсерінен ояна тұрып, не істерін білмей дағдарған шақта оларға жол көрсетіп, жөн сілтеген азғана азаматымыздың бірі де осы. Сілтеп қана қоймады, жаңа дүниеге бет алған қазақ көшінің алдыңғы легінде болды.(Ақын қаһарман)
Сәкен Сейфоллаұлы 1894 жылы Ақмола губерниясы, Ақмола уезі, Нілді болысы, (қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы) туып өскен. Сәкеннің әкесі Сейфолла өз еңбегімен күн көрген орта шаруалы адам болған. Өзінің өмірбаны туралы бір жазғанында: Әкем саятшы, аң аулағыш, домбырашы, ақ жарқын жайдары адам, шешем әңгімешіл еді дейді.(Алматы ақшамы) Оның негізі - Арқадағы Ақтау, Ортау, Атасу өңірін мекендеген Алтай қазақтарынан. Арғы атасы - Арғын, бергісі - Қарпық, сосын - Тоқа.(С.С.Амантай Кәкен). Сәкеннің інісі Мәжит Сейфуллиннің естелігінде Әкем 19-20 жасында үйленген. Алсай руы ішіндегі Тышамбай дегеннің қызы Жамалды алады. Сәкенде нағашысы жақтан, анасы Жамалдан ауысқан қасиет көбірек еді. Шешеміз Жамалға үйленісімен Сейфулла жеке отау тігіп шығады. Сәкен (Сәдуақас) шешемнің тұңғышы, екінші Мәлік (Мәлікаждар), үшіншісі Әбен (Әбумүсілім), төртіншісі Мәжит (Ғабдулмәжит). Менен кейінгілердің үшеуі де қыз - Рахима, Қалима, Сәлима. Рахима тұрмысқа шығып, барған жерінде қайтыс болды. Қалима мен Сәлима ертеректе, тұрмысқа шықпаған, жас кездерінде дүние салды. Сондықтан сол бір үш қарындасымыздан да қалған ешкім жоқ. Әбен деген үлкен ағам да жасында өлген. Сәкеннен соң көп ұзамай әкеміз Сейфолла да, туысқанымыз Мәлік те қазаға ұшырады.(Тұғыры биік тұлға. Мәжит Сейфуллин 8-9 бет). Тәңір жомарттық жасайын десе аямайды, бере салады. Сәкенді сұлу, сымбатты қылып жаратты, дархан дарын берді, ал кіндік кескен жеріне көрікті табиғат сыйлады. Ол әсем ән мен күмбірлеген күйге арқау болған - Сарыарқа, Нұра, Есен өзендерінің құбылаға бет алған өрісіндегі Аба тауының бауыры болса, Соның қойнауындағы Қарашілік деген жер оның ата-мекені. Бір-бірімен ұштасқан дөңестер мен белестер, Түйе өркеш адыр, тау-шоқылар. Самал желмен тербеліп, мойынын көкке созған тал-терек, ақ балтырлы қайың, топ-топ шілік. Бірлі жарым жұпар иісті қарағай. Әр сайдың, әр қырқаның баурайында шоқталып өскен. Арасында жүгірген аң, ұшқан құс. Бірде ойпаң жазық, бірде жылға, сайлары мол, адырлы, қырқалы өңір мал өрісіне жайлы, шабындық жерлер. Жаз шыға солтүстікке - Ақмолаға бет алған көш. Есен өзенінің бойына біраз тоқтайды, алда - Нұра, Маржанкөл, Құндызды деген жерлер. Күзге қарай ел қыстауға көшеді, тағы да құлпырған Есеннің бойын жайлайды. Сәкеннің дүние есігін ашып өскен, балалық шақтың бал қызығын өткізген жер осы.(С.С.Амантай Кәкен) Сәкен әуелі ауылдағы молдадан оқып, хат таниды. Бірақ баласының өнерге талпынғыш зеректігін байқаған сыншыл әке Сәкенді орысша оқуға, қала өнерін білуге, 1905 жылы Успенский мыс зауытындағы мектепке кіргізеді.(Алматы ақшамы). 1908 жылы мектепті үздік бітіріп шыққан С. Сейфуллин ұстазы Склянкиннің кепілдеме хаты бойынша Ақмола қаласына барып, приход мектебіне түседі. Екі жылдан кейін үш класстық қалалық училищеге түсіп, оқуын әрі қарай жалғастырады. С. Сейфуллиннің алғашқы ұстаздық қадамы осы жерден басталды деуге болады. Ол алыс ауылдардан келген қазақ балаларына біраз уақыт сабақ та береді. Сабақтан босаған демалыс кезінде Ақмолада өтетін жәрмеңкелерге, ел ішіне барып тұруы, ауыл-аймақтан халықтың жиналуы, олардың арасында патшаның отаршылдық саясатына наразылықтың таралуын көріп, естуі С. Сейфуллиннің тез есеюіне, шынығуына әсерін тигізді. 1913 жылы С.Сейфуллин білімін ары қарай арттыру мақсатымен Омбы қаласындағы оқытушылар семинариясына оқуға түседі. Семинария қабырғасында қоғамдық істерге белсене араласты, оның әдеби білімінің артып, ағартушылық, демократтық көзқарасының қалыптасуына ұстаздары А.Н. Седельников, А.И. Покровский, демократ А.Сорокин, революционер жазушы Ф.Березовскиймен жақын болуы ықпал етті. Бұл жайында С.Сейфуллинмен бірге оқыған досы Т.Арыстанбеков былай деп еске алды: Сәкен оқуға зерек, алғыр еді. Оның ынталанып оқитын пәні: Әдебиет теориясы, Теория сволесности еді. Мұны А.И. Покровский оқытатын. Ол Сәкенге Белинский, Чернышевский, Горькийді оқы деп ақыл айтады екен. Сәкен осындай кітаптарды бір танысы арқылы қалалық кітапханадан алып көп оқитын. Ашық оқуға болмайтын болған соң, жазда орман ішіне кетіп, қыстың күні семинарияның жоғарғы қабатындағы шіркеудің алдына барып оқып отыратынын көретінбіз дейді. Студенттердің ағарту жұмысын өрбіту мақсатымен ұйымдастырған Бірлік үйірмесіне белсене қатысады. 1916 жылдың мамырында семинариядағы оқуын аяқтаған Сәкен Сейфуллиннің Ақмола уезіндегі Бұғылы ауылдық мектебінде мұғалім болып келуі отарлық езгінің күшеюіне қарсы Қазақстанның, Орталық Азияның барлық дерлік аудандарын қамтыған ұлт-азаттық қозғалыс кезеңімен тұспа-тұс келді. Көтерілістің бұрқ ете түсуіне патшаның 1916 жылдың 25 маусымындағы 19 бен 43 жас аралығындағы бұратана ер-азаматтарды майдандағы тыл жұмыстарына алу туралы жарлығы себеп болды. Аралаған ауылдарының барлығында патша жарлығының елді дүрліктіріп жатқанының куәсі болған С.Сейфуллин: Ел тұңғиық жалпақ теңіздей қозғалды. Тұңғиық қара теңізге дауыл соқтықты. Күңіреніп, толқып жатқан меңіреу күш көбігін сыртқа шашты. Соғысқа барғанша, өз елімізде өлген артық - дейді. 1917 жылғы ақпанында Ресейде буржуазиялық-демократиялық революция жеңіп шықты. Қазақ халқы, қазақ зиялылары патшаның тақтан құлатылуын аса зор қуанышпен қарсы алды, ендігі кезекте қазақ ұлты үшін өз алдына дербес мемлекеттілік құруға мүмкіндік туды деп түсінді. Омбыдан, Ақмоладан өзінің жолдастарынан хат алған С.Сейфуллин енді көп ойланып-толғануға болмайтынын сезініп, Ақмолаға келеді. С.Сейфуллиннің қоғамдық-саяси қызметінің күрделі кезеңі осы болды. Жалпы Қазақстанның басқа да аймақтарындағы сияқты Ақпан төңкерісінен кейінгі уақытта Ақмолада да саяси ағымдар мен түрлі топтар: мұсылмандар, казак-орыстар, мұғалімдер, солдаттар әрқайсысы өз бетінше бөлек жиналыс өткізіп, ортақ ұйымға бірікпеген кез болатын. Ақмола қаласындағы оқығандармен бірге бұрынғы патша үкіметінің заңдарын жою, халыққа бостандық беру мақсатындағы жұмыстарға белсене араласты. С.Сейфуллиннің қоғамдық-саяси қызметінің алғашқы кезеңінде Жас қазақ ұйымы ерекше орын алды. Мақсат - халық арасында ағартушылық жұмысын жүргізу, құқықтық, саяси сауатын ашып, қоғамдық істерге қатыстыру болды - деп жазғанына қарағанда Жас қазақ мақсаты айқын, халық мүддесі үшін белсене күрескен ұйым болған. Ұйым Тіршілік газеті арқылы үгіт, насихат жұмыстарын белсенді жүргізді. С.Сейфуллин Алаш зиялыларының іс-әрекетіне алғашында оң көзқараста болды. Алайда, Алаш зиялылары тірек болып отырған қазақ комитетінің Жас қазақ ұйымының мүшелерін комитет құрамынан шығаруы және қазақ комитетінің халықтан ақша жинауындағы әділетсіздіктері алшақтатты. Билікке келген большевиктер теңдік пен ұлттардың өзін-өзі билеу қағидаларын жария етті. С.Сейфуллин 1917 жылдың соңына қарай большевиктерге бет бұра бастады. С.Сейфуллин 1922 жылы өз қолымен толтырған жеке бас құжатында өзінің большевиктер партиясының қатарына қабылдануын 1917 жылдың желтоқсаны деп жазады. Қоғамдық жұмысы қанша басынан асып жатса да Сейфуллин өзінің негізгі ағартушылық, шығармашылық қызметінен қол үзген жоқ. Ол 1917 жылдың қыркүйегінен бастап Ақмолада жаңадан ашылған орыс-қазақ мектебі мен үш айлық педагогикалық курста сабақ берді.(Қасымова). 1918 жылы Сәкен бір топ большевиктермен бірге тұтқынға алынады, жеті айдай Ақмола түрмесінде ұстап,қол-аяғын кісендеп, жаяу айдап Қызылжар қаласына апарады; Қызылжар, Омбы қаласындағы Колчактың тұтқын үйлерінде, атаман Анненковтың азап вагонындағы тозақты басынан кешіреді.(Алматы ақшамы) Сәкенмен достары қашуға шешім қабылдады. Олар екі жекені куәлік ететін құжат іздеп тауып алып, кейін әдетінше қар тасып шығаратын тұтқындалған Аустрия азаматтарымен келіскен. Арестанттар ризаласып, шанаға қардың астына қашқынның біреуін отырғызуға көнген. Мен тездетіп өңіммен төмен жаттым. Үстіме ауыр жұмаршақ қар түсті. Оның үстіне тақта қойылып үстіме адам отырды. Ауа жұтудың өзі қиынға түсті бірақ мен шыдадым.(e-history.kz) 1919 жылы Колчактың тұтқын лагерінен қашып шығады. Сібір даласында, қазақ ауылдарында жасырынып, қашып жүріп, Сәкен өз еліне келеді. Өз елінде басқан ізі аңдуға салынып, тұрақтай алмай, Түркістан еліне Бетпақдала арқылы өтіп барады. Елге 1920 жылдың басында қайтып келіп, Ақмола уезіндегі саяси үгіт-насихат жұмысын да, оқу, ағарту, баспасөз жұмыстарын да басқарады. 1920 жылы Қазақ Автономиялы республикасы құрылғанда Сәкен Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі болып сайланады.(Алматы ақшамы) 1922 жылғы қазанда өткен Кеңестердің Бүкілқазақтық III съезінде Сәкен Сейфуллин Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды. 21 қазанда өткен Халком Кеңесінің мәжілісін С.Сейфуллин алғаш рет басқарып, шешім шығарыпты. Желтоқсан айының соңында С.Сейфуллин Мәскеуге аттанды. Мұның алдында өткен Кеңестердің Жалпықазақтық III съезінде С.Сейфуллин Кеңестердің Бүкілресейлік X съезіне делегат болып сайланған болатын. С. Сейфуллин 1922 жылғы 13 маусымда Қазақ АКСР Ағарту халық комиссарының орынбасары болып тағайындалды. 1927 жылы 16 қазанда С. Сейфуллин халық комиссариатының жолдамасымен Қызылордадағы Халық ағарту институтына ректор болды. Ал 1928-29 жылдары С.Сейфуллин Ташкенттегі Қазақ жоғары педагогикалық институтының ректоры болып қызмет атқарды.(Қасымова)
Әр азаматтың өз ұлтын сүюі, ардақтауы - табиғи құбылыс. Алайда, интернационализмді перде етіп, бибауырмалдыққа бұра бастағанда Сәкен 1923 жылы 15 ақпанда XII съезд өтпей тұрған уақытта ащылығы удай Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік деген мақала жазады.
Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік
Бүгінге шейін қазақты орыстар киргиз деп келді. Не себепті қазақты орыс киргиз деп кеткенін тексермай-ақ, ол киргиз деген аттың қалайша жалпы қазаққа жапсырылып кеткенін баяндамай-ақ, енді бұл тарихи қатенің түзетілуі керек екенін жұртқа айтқым келеді. Ақ патшаның шарапатына мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төменге қарап, тұмсығын кекірейтіп, пысқырып, киргиз дейтін болды... Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: ах ты, Палкан, киргиздан да жамансың! - дейтін болды... Келе-келе тұрмыстың игілігін өзгелермен бірдей қазақтың көруге еш уақытта лайығы жоқ деп ойлайтын болып, қала тұрмысына түсіп, оқып, тазарақ тұра бастаған қазақты көрсе таңырқап: қарашы, тіпті өзін киргиз дейтін емес! - деп тамсанып жүретін болды... Біздің әр қазақ жігіті киргиз дегенді тастап қоймастан қазақ, қазақ дегенді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйретуі керек. Қазақстанның орталық үкіметі киргиз дегенді қойып қазақ деген есімді қолдануға жарлық шығару керек. Қазақты қазақ дейік, тарихи қатені түзейік!.
Бұл тарихи қателік 1925 жылы ғана Советтердің V съезінде, яғни 2-3 жылдан кейін түзетілген.(Дала дауылпазы)
Ол сонымен қатар өзі негізін қалаған Еңбекшіл қазақ (кейінгі Социалды Қазақстан, бүгінгі Егемен Қазақстан) газеті мен Қызыл Қазақстан (кейінгі Ауыл коммунисі, Қазақстан коммунисі, бүгінгі Ақиқат) журналының жауапты редакторы міндетін қоса атқарды. 1925 жылы Сәкен Сейфуллин Қазақ партия-совет қызметкерлерінің арасындағы қарым-қатынас туралы Иосиф Сталинге хат жолдады. Хатта былай дейді:
Мәселе - 1917-1918 жылдары Советтер үшін белсенді күрескендер мен 1917-1918 жылдары Советтер мен большевиктерге қарсы күресіп, 1920 жылдары партияға кіргендердің көпшілігінің мені және бірқатар қызметкерлерді ұнатпайтындығында. Қазір партиялас болып жүрген жолдастар өткенді ұмыта алмай, біздің 1917 жылы Бөкейханов басқаруымен большевиктерге қарсы күрескен қырғыз ұлтшыл алашордашыларға ашық қарсы тұрғанымызды кешіре алар емес. Олар - түгелге жуық Бөкейхановтың, Тынышбаевтың, Досмұхамедовтың жолдастары не достары. Ал аталған үш субъектінің кім екені сізге мәлім шығар.
Иосиф Сталинге Дутов, Толстов, Колчак пен Анненков секілді генералдар талқандалғаннан кейін олардың шылауында жүрген алашордашылар 1920 жылдары партияға кіріп алып, ескі большевиктерден де көбейіп кетті. Содан кейін қырғыз коммунистерінің арасында екі тенденция - оңшылдар мен солшылдар байқала бастады деп жазған Сәкен Сейфуллиннің сөзінен сол кездегі саяси жік анық көрінеді. Алашордашылардың қызметіне қатысты Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойында сөйлеген сөзі төңкеріліп түскендей.
Хаттың авторы ары қарай ойын былай сабақтайды: 1923 жылға қарай оңшылдар өздерінің бұрыс бағыттарына тартқанын қойғандай көрініп, біз оларға шын сене бастадық. Бірақ онымыздың қате екеніне енді көзіміз жетіп отыр. Оңшылдар не дейді? Бұл жолдастар, біріншіден, Қырғызияда (Қазақстанда) тап жоқ дейді. Екіншіден, олар партия ішіндегі мәселелерді партияда жоқ интеллигенция өкілдерімен бірлесе талқылауды ұсынды. Ал олары - кешегі Алаш-Орданың жетекшілері. Үшіншіден, олар қырғыз (қазақ) арасында коммунистік жастар одағын құрудың түкке керегі жоқ. Дұрысы қырғыз жастар одағын құру керек деген сыңайдағы ұсыныс айтып жүр.(adebiportal.kz)
1932 жылғы аштық зұлматы С.Сейфуллиннің отбасын да айналып өтпеді. Ел ішінде күн көру қиындағаннан кейін С.Сейфуллин өзінің әке-шешесін Алматыға көшіріп алады, іні, туыстарына қарайласып, көмек көрсетеді. 1932 жылдың 12 желтоқсанында анасы Жамал дүние салады. 1937 жылдың келуімен саяси жағдай қиындап, халық жауын іздеу науқаны басталды. Халық жаулары, алашордашыл, ұлтшылдар деген жала негізінен С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С. Мұқанов сынды жазушыларға бағытталды. С.Сейфуллин 1937 жылдың 24 қыркүйегінде тұтқындалды. С.Сейфуллиннің жұбайы Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллинамен көзі тірісінде сұхбаттасқан жазушы Ж.Бектұровтың естелігінде былай делінген: "Қыркүйектің соңғы күндерінің бірі. Тәңір бірдеңе білдірді ме, Гүлбаһрам бір пәле боларын сезгендей өзінен-өзі үрейлене берді. Аяғын нық басқан екеу тұп-тура осында бет алған. Есік ашылды да, жаңағы екеуі үйге кірді. Аяқтарын жылдам басып, Сәкеннің жанына барды да, екі жағына тұра қалды, біреуі бір жапырақ қағаз ұсынды. - Бұл не? - деп сұрады Сейфуллин. - Бұл ордер, - деген сөзді Гүлбаһрам да естіді, Сәкен ешқандай жауап қайырған жоқ, қағазға жәй ғана көз қиығын салды. Біраздан кейін екеуі Сәкенді алып кетті. Біреуі алдында, біреуі артында, Сәкен ортасында.(Қасымова). Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина - Сәкеннің заңды түрде некелескен үшінші зайыбы. Революция жылында некелескен Рахима апамыз, Ақмоладағы ірі байдың қызы болғандықтан, Сәкен өзінің большевик жолдастарымен түрмеге қамалғанда, Сәкенді күтуге Рахиманың да, туыс-туғандарының да зауқы болмаған. Ал, Гүлнәр Мусинаға үйленуінің қысқа түйіні: ұзатылайын деп отырған Көкеш, атастырған адамын ұнатпай, Сәкеннің етегінен ұстайды да, әуелі Омбы, онан Мәскеу барып, Орынборға қаныс тебеді. Ауылда үлде мен бүлдеге оранып отырған қазақи аруға еуропалық киім-кешек қонбай, мәнді әңгімеге араласа алмай, мені ауылға жеткізіп сал деп Сәкеннен өтінген, еш өкпесі жоқ екенін айтқан өзі болатын. Сәкенді 1937 жылғы қыркүйктің 24-і күні жазықсыз кінәлап, үйінен алып шығарда түсінбестік бірдеме ғой, таяуда қайтып ораламын деп қош айтысқан жары Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина болатын. Бар дүние мүлкін-жиһазын сақтап, Сәкеннің шаңырағын құлатпай сақтап қалған азамат жары болатын.(Т.Кәкішев, Сәкен және Гүлбаһрам, 3-5б).
Салт-дәстүр бойынша жас Гүлбахрамды ауылындағы бір ақсақалдың баласына айттырып қойған. Бірақ той қарсаңында күйеуі қайтыс болады. Гүлбахрамды күйеуінің туысқандары әмеңгерлікпен алуды ойлаған. Адуын қызға ешбір жігіт ұнамағандықтан Қызылжар қаласындағы партиялық-кеңестік мектепке түсті. Жаздың аяғында, ауыл күзекке дайындалып отырған уақытта ауылдың шет аймағында сыпайы еуропалық костюм киген салт атты келеді. Ол балалардан ауылдың ең мәртебелі ақсақалын қайдан табуға болатынын сұрап жүрген. Балалар Қайып Айнабековтың киіз үйін көрсеткен. Ақсақал Қызылордадан келген қонақты қошемет күтіп алып әңгіме барысында Сәкенге былай айтқан: Сәкежан, сен жол ұстап бала жатқан Қызылжарда менің бауырым Батырбектің қызы оқиды. Егер қиналмасаң, оған бізден хатпен сәлемдеме апарып берші. Оның аты - Гүлбахрам. Оны сен шапшаң байқайсың - бұрымының ұзындығы жерге дейін түседі. Оған шашын алмасын деп айт. Міндетті түрде айт. Қыз қалаға барғаннан кейін әлбетте өзгеріп кетеді, қызыл үшкіл орамал тағып бастайды. Өзінің сұлулығын сақтап қалсын! - деп, әрі қарай жалғастырды, Мінезі оның қырсық, бесігінен ер жігіт секілді тәрбиелеген. Қызылжарда Сәкен мектеп директорының үйіне тоқтаған. Оның көз алдына сұлу бикеш келді. Ертесі күні қысқа әңгімелескеннен соң Сәкен оны сүйгендігін мойындады. Қызылордаға оралған соң Сәкен Гүлбахрамға хат жазып бастаған. Сәкенге көніп аяғында Гүлбахрам поезге отырып Сәкеннің артынан Қызылордаға келген. Қызылордада екеуі неке қиып, той өткізді(e-history.kz) Отбасы тірлігіне ырың-жырың араласқанда, қисынсыз нәрселер тап бола кететін әдеті ме, әйтпесе студенттік тірліктің кесірі ме, Гүлбахрам Батырбекқызы сырты көрер көзге қонды болғанымен, іштен мүжіп жататын пәлеге тап болыпты. Екеуі жарасып, машықты тұрмыс құра бастағаннан кейін аурудың алғашқы белгісі білініпті. Дәрігерге барып көрінсе, жіңішке ауру (туберкулез) екенсің екен деген диагноз қояды. Емханадан үнжырғасы түсіп оралған Гүлбахрамға Сәкен Сені туберкулезден өлтіртпеймін. Жақсы, көңілді тұрмыс - ауруыңның аузын ұрады, - деп дөрекілеу болса да күле сөйлеп, ештеңе бүлінбегендей сыңай танытады. Қымыз алдырып ішу, жылы-жұмсақтың дәмдісін жеумен дерт кете қоймайтындықтан Алматының ең тәуір емханасынан оңаша бөлме алып беріп, ем-дом қабылдатады. Гүлбахрамға баруға Сәкеннің мүмкіндігі келмей қалған шағында жазған екі-үш хаты сақталыпты. Соның алғашқысы мынау:
Гулбахрам.
Пальтоны Қаримаға салып, пішкізіп кеттік. Азырақ ұзынырақ етіп алғыздым. Қаримадан гөрі бойы сәл ұзынырақ әйел деп айттым. Пальтоның матасы қошқыл қою қоңыр қызыл драп. Онша жақсы емес. Сонда да бола берсін дедім. Мына костюм жалғыз екен, басқасы жоқ па деп екі-үш рет сұрадым. Жоқ екен. Амалсыз мынаны да ала салдым. Юбкесін ептеп келтелеуге болады ғой деген сөзбен хат кілт аяқталады. Соңы сақталмапты. Осының өзі әйел жанын аялайтын бәйек көңілдің белгісі ғой. Гүлбахрам сырқаттанып жатқанда Сәкен тегінде қолға оңай түсе бермейтін жабық мастерской ма, әлде дүкен бе, соның біреуіне жол тапқан да, сырқаттың көңілін аулап, ауруын сейілту үшін ақшаның бетіне қарамағандығын көреміз. Әйтпесе кеше ғана Мәскеуден келген, еуропаша киінудің талай модасына көзі түсіп келген Тәтей емханадан шыққанша тоса тұруға болатын еді ғой. Алайда дүниенің қымбаты - адамның көңілі, соның жөнін табуға ниеттенген жанның әрекеті екені даусыз.(Т.Кәкішев) 1930 жылы Сәкеннің тұңғышы - Лаура дүниеге келеді. Сол кезде көрші тұрған татардың қызы Сәкенге ғашық болып, қыр соңынан қалмай жүрді. Гүлбаһрам соған ыза болып, бір ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz