Зерттеудің практикалық мәні


Жұмыс түрі:  Диссертация
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 41 бет
Таңдаулыға:   

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Махмұтова Инабат Амангелдіқызы

Байырғы сын есімдердің тарихи даму жолдары және оны оқыту әдістемесі

Мамандығы: 6М011700-қазақ тілі мен әдебиеті

Педагогика ғылымдарының магистрі академиялық

дәрежесін алу үшін дайындалған

ДИССЕРТАЦИЯ

Ғылыми жетекшісі : филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Г. Ж. Баялиева

Қызылорда, 2019

Нормативтік сілтемелер

Осы диссертациялық жұмыста келесі стандарттарға сілтемелер қосылды:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» м-27. 07. 2007-№319 ШЗРК заңы.

2. Ағымды үлгірімін бақылауды, білім алушының аралық және қорытынды аттестациялауын жүргізу ережесі (ҚР БжҒМ 13. 03. 2008 ж. №125 бұйрығы, өзгерістері және толықтыруларымен 01. 11. 2010 ж. №506, 16. 03. 2011 ж. №94 бұйрықтары) .

3. ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру стандарты 5. 04. 033-2011. Магистратура.

4. ҚР МЖМБС 7. 09. 14-2010, 6М0111700- қазақ тілі мен әдебиеті. Магистратура.

5. Қорқыт ата атындағы ҚМУ ҒМС бекіткен магистрлік диссертацияға қойылатын талаптар (Хаттама №2, 25. 11. 2009 ж. ) .

6. Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеуіші (01. 09. 2009 ж. енгізілген) .

М А З М Ұ Н Ы

КІРІСПЕ

1 Байырғы сын есімдердің фонетика-морфологиялық және концептілік ерекшеліктері

  1. Сын есімнің зерттелуі және түрлері
  2. Байырғы сын есімдердің фонетика-морфологиялық құрылымы
  3. Байырғы сын есімдердің танымдық сипаты
  1. Сын есімді жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде оқыту

2. 1 Тұлғаға бағытталған оқытудың өзіндік ерекшеліктері

2. 2 Сын есімді оқыту барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер

2. 2 Байырғы сын есім тақырыбына арналған орта және қысқа мерзімді сабақ жоспарлары

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Сын есім - зерттеу нысанына алынатындай, өз даму жолында түрлі мәселелерді қамтитын ерекше сөз таптарының бірі. Олай дейтініміз, бұл категорияның қыр-сыры тіл білімінің әр кезеңдерінен күні бүгінге дейін зерттеуші ғалымдардың қызығушылығын тудырып келеді. Оның грамматикалық ерекшеліктерінен бастап, соңғы кезеңде ғылымда белең алған прагматикалық көрінісі біршама зерттеу жұмыстарына арқау болды. Жыл өткен сайын ғылымның жаңалықтары жаңарып отыруы орынды құбылыс. Сол себепті, қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуы жолында жазба ескерткіштерге терең талдау жасап, сын есімнің кей дүдәмал тұстарын жан-жақты қарастыру, ұлттық болмысымыздың тамырын тереңірек түсіну әлі де зерттеуді қажет етеді. Осы орайда, жұмысымызда көне дәуір ескерткіштері заманы мен қазіргі заман арасындағы сабақтастықты анықтап, болашақтағы қадамын нықтай түсеміз.

Тіл мәселесінде тілдің тарихына қатысты зерттеулердің барлығы дерлік орта ғасыр ескерткіштеріне соқпай кете алмайды. Көнеден қалған бұл жәдігерлер тілімізді тарихи-мәдени-танымдық тұрғыдан тұтастықта қарауға, түркі тілдерінің ортақтығын дәлелдеуге мүмкіндік береді. Тіпті, сөздердің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылымындағы көптеген құбылыстарды жазба әдеби ескерткіштерінің тілдік деректерінен анықтауға болады. ХІ-ХІІ ғасырдағы М. Қашқаридың «Диуани-лұғат-ит-түрк», А. Йүгінекидің «Һибат-ул хақайық», Ж. Баласағұнның «Құтадғу білік» сынды еңбектері тілдегі түрлі категориялардың тарихи-даму жолын айқын ашып зерттеуге үлкен әсерін тигізері сөзсіз.

Қазіргі таңда лингвистикада өріс алған тілдің жаңа бағыттары әрбір зерттеу нысанымызға жаңа үлгіде қарауға талап қойып отыр. Біз де өз еңбегімізде осы үрдісті сақтап, қазақ тілін жазба ескерткіш тілімен салыстыра зерттеп, танымдық ерекшеліктерін аша түсуге тырысамыз. Сонымен қатар, жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында осы сын есімдерді оқытудың тиімді тұстарын көрсетеміз.

Зерттеудің өзектілігі. Сын есімге анықтама беріп, табиғатын зерттеу ХІХ ғасырдан бастау алады. Оның өзіндік ерекшеліктері, басқа сөз таптарынан айырмашылығы, грамматикалық құрылымы, семантикасы, танымдық аспектісі біршама зерттеулерге ие. Десе де, тілдер сабақтастығы негізінде әлі де жүйеленбеген, жинақтауды қажет ететін тұстары біздің жұмысымызға арқау болды.

Зерттеуімізге нысан етіп отырған тақырыбымыз - «Байырғы сын есімдердің тарихи даму жолдары және оны оқыту әдістемесі». Көне сын есімдердің мәнін ашу, ескерткіш тіліндегі мағыналарын талдау және қазіргі кезеңде олардың қолданысы, жаңа мағынаға ие болуы, ескі мәндерінің жаңғыруы, сын есімдер арқылы танымдық тұрғыдан қазақи болмысты танып білу және сол арқылы тәрбиелеудің маңыздылығы жұмыстың өзектілігін дәлелдейді.

Зерттеудің нысаны - Байырғы сын есімдерді жазба ескерткіш тілдерімен салыстыра отырып, даму тарихын зерттеу. Сөздердің шығу тарихын, басқа ұғымдармен байланысын, жаңа мәндерге ұласуын зерделеу.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты - байырғы сын есімдердің табиғатын тану, олардың фонетикалық және грамматикалық тұлғалануы мен семантикалық мәнін ескере отырып, ғалымдардың еңбектеріне жан-жақты талдау жасап, соның негізінде, даму тарихына қатысты тиянақты ғылыми тұжырымдар жасау. Сол сияқты сын есімді оқытудың тың бағыттарын ұсыну. Аталмыш мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді жүзеге асыру көзделді:

- ғалымдар пікірлеріне талдау жасау арқылы, сын есімдердің зерттелуін және теориялық негіздерін ашу;

- ескерткіштер тіліндегі сын есімдерді қазіргі тілдегі сын есімдермен салыстыра қарастыру;

- фонетика-морфологиялық құрылымындағы ерекшеліктерін көрсету;

- байырғы сын есімдердің семантикалық, танымдық мәнін көрсету;

- байырғы сын есімдердің қазіргі кезеңдегі қолданысын зерделеу;

- жаңартылған бағдарлама негізінде сын есімдерді оқытудың тиімді жолдарын көрсету;

- білім алушыларды байырғы сын есімді оқыту арқылы ұлтжандылыққа, ұлттық болмысты сақтауға тәрбиелеу.

Зерттеудің дереккөздері. Нақты тілдік мәліметтер ХІ-ХІІ ғасырдағы М. Қашқаридың «Диуани-лұғат-ит-түрк», А. Йүгінекидің «Һибат-ул хақайық», Ж. Баласағұнның «Құтадғу білік» сынды еңбектерінің қолданбалы мәтіндерінен алынса, байырғы сын есімдерге түсінік беруде салыстыру түрінде ДТС (древнетюркский словарь), жиілік көрсетілген түркіше-орысша-қазақша түсіндірме сөздік материалдары, қазақ әдеби тілінің сөздігі, қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, сонымен бірге қазіргі түркі тілдері мен қазақ әдеби тілі бойынша жазылған еңбектер, түркітану, қазақ әдеби тілі тарихы бойынша зерттеулер мен тақырыпқа қатысты зерттеу еңбектердің деректері, конструктивті білім беру бағдарламасы мен ғылыми тұжырымдары пайдаланылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Байырғы сын есімдердің даму тарихы және қазіргі лингвистикаға әсері тұңғыш рет жинақталып, оны жаңартылған білім беру бағдарламасы арқылы оқыту қолға алынып отыр. Осыған байланысты, жұмыстың ғылыми жаңалықтары ретінде мыналарды айтуға болады:

- байырғы сын есімдердің фонетикалық, грамматикалық тұлғалануы мен когнитивтік мәні айқындалып, олардың қазіргі қазақ тілімен сабақтастығы салыстырылды;

- байырғы сын есімдердің ортағасырлық жазба ескерткіштердегі типтік ерекшеліктері және өзгешеліктері анықталды;

- байырғы сын есімдердің танымдық тұрғыдан жаңа мағыналары анықталып, қазіргі кезеңдегі қолданысы нақтыланды;

- конструктивтік оқыту жүйесі негізінде сын есімдерді оқытудың тиімді тұстары айқындалды.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы . Бұл жұмыс байырғы сын есімдердің тарихи даму жолын, танымдық сипатын айқындауға қатысты зерттеу болып табылады. Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен нәтижелері қазақ тілінің тарихы мен қазіргі қазақ тілін өз деңгейінде теориялық жағынан толықтырады. Сондай-ақ, ескерткіш тіліндегі сөздердің қолданысын, фонетикалық және семантикалық ерекшеліктерін, сөздердің когнитивтік мәнін қазіргі тіл білімі тұрғысынан жете түсінуге, толықтыруға септігін тигізеді.

Зерттеудің практикалық мәні . Зерттеу барысында жасалған тұжырымдар мен нәтижелер қазақ әдеби тілінің тарихы, түркітану, қазақ тілінің тарихи синтаксисі, қазіргі қазақ тілі, когнитивті лингвистика пәндерін жаңа деректермен толықтырып, жоғары оқу орындарында жүргізілетін қазіргі қазақ әдеби тілінің тарихы, когнитивті лингвистика, қазіргі қазақ тілі, арнайы семинарларда, тарихи грамматиканы оқытуда, әдеби тіл тарихы мен түркітанымдық оқулықтар жазуда, қазақ тілінің тарихи-этимологиялық сөздіктерін жасауда, қазақ тілінің тарихына қатысты зерттеу ісінде көмегін тигізеді. Диссертациялық жұмыс қорытындыларын жоғары оқу орындарында филология факультеттерінің студенттеріне қазақ әдеби тілі, түркітану, қазақ тілінің синтаксис саласы бойынша оқылатын дәрістер мен жүргізілетін тәжіибелік сабақтарда, арнайы курстарда көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Сол сияқты, әдістемеге қатысты жасалған тұжырымдамалар педагогика саласында қолданылады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

  • байырғы сын есімдердің қазіргі қазақ тіліндегі мән-мағынасында өзгешеліктер мен ерекшеліктер кездеседі;
  • жазба ескерткіштерде фонетикалық және грамматикалық тұлғалардың өзгерісі мен сөздердің семантикалық, когнитивтік мәні анық көрінеді;
  • байырғы сын есімдердің танымдық сипаты арқылы ұлттық болмысты байқауға болады;
  • аталмыш тұжырымдар жазба ескерткіш тілі мен қазіргі қазақ тілінің даму жолының дәстүрлі сабақтастығын айғақтайды;
  • байырғы сын есімді жаңартылған бағдарлама негізінде оқыту білім алушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелейді.

Зерттеудің әдіс-тәсілдері . Зерттеу барысында сипаттау, талдау және салыстырмалы-тарихи әдіс-тәсілдер кешені қолданылды. Ғылыми тұжырымдар мен пікірлерді талдау барысында жинақтау, баяндау, қорыту әдістері де басшылыққа алынды. Көне түркі, орта түркі және қазіргі қазақ тілі материалдарымен салыстыруда тарихи-семантикалық әдіс-тәсілдер пайдаланылды.

Жұмыстың талқылануы мен жариялануы . Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны, тұжырымдары мен нәтижелері «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасында, ғылыми-практикалық конференцияларда талқыланды. Жұмыс нәтижелері бойынша ғылыми басылымда төмендегі мақала жарияланды:

  1. Байырғы сын есімдердің танымдық сипаты
  2. Жаңартылған білім беру бағдарламасы негізінде көне ескерткіш тіліндегі сын есімдерді қалай оқытуға болады?

Жұмыстың құрылымы . Жұмыс кіріспеден және негізгі екі тараудан тұрады. Диссертацияның соңында жалпы қорытынды және сілтеме жасалған әдебиеттер тізімі келтірілген.

1 Байырғы сын есімдердің фонетика-морфологиялық және концептілік ерекшеліктері

  1. Сын есімнің зерттелуі және түрлері

Кез келген нәрсені зерттемес бұрын оған анықтама беріп, сипаттаған жөн. Сын есім дегеніміз не? Оның қандай ерекшеліктері мен мәселелері бар? Бұл сұрақтарға жауап іздеу сонау ХІХ ғасырдан бастау алған болатын. Ғалымдар түрлі көзқарастарын білдіріп, аталмыш сөз табының қыр-сырын ашуға тырысты. Осы төңіректе пікірлерді жинақтап көрейік.

Сын есімнің анықтамасы тұрғысында тілші-ғалымдар өзіндік сипаттама берді. І. Кеңесбаев атап көрсеткендей: «Заттың түсін, сипатын, белгісін көрсететін сөз табын сын есім дейміз»[1] десе, Қ. Жұбанов «Сын есім деген заттың не істің сипат белгісін көрсететін, шырай үстеулері мен үстеуіштерін ертетін, зат есімге де, етістікке де анықтауыш бола алатын, анықтауыш болғанда анықталушысы мен өзінің арасына зат есім анықтауышты амалсыз салатын, сан есім анықтауышты еркін салатын түбір болып шығады» деген анықтама береді. Ж. Шәкенов «Заттың сапасын, белгілі бір ұғым я затқа қатысын білдіретін сөз табын сын есім» деп атайды. Ал, А. Ысқақов өз еңбегінде мынадай анықтама береді: «Сын есім деп заттың сапасын, сипатын салмағын, түсін (түр-түсін) және сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматикалық сөз табын айтамыз».

Байқағанымыздай, қазақ ғалымдарының анықтамасында сын есімді жеке сөз табы деп қарап, анықтама беру ешқандай талас тудырған емес. Яғни, зерттеушілер сын есімді өз алдына сөз табы деп қарайды. Десе де, бұл мәселе түркі тілдері тарихында даулы болған. Қазақ тілі тарихын түркі тілдері тарихынан бөліп алып қарастыруға болмайтындықтан, бұл зерттеулерге де тоқталуды жөн көрдік. Сын есімді сөз табы ретінде зерттеу жекелеген тілдерде жарық көрген грамматикалармен байланыстырылады. Олардың қатарына И. Гигановтың 1801жылғы «Грамматика татарского языка» атты еңбегі, 1846 жылы шыққан М. Казем-Бектің «Общая грамматика турецко-татарского языка», 1869 жылы жарық көрген «Грамматика алтайского языка», 1875жылы шыққан М. Терентьевтің «Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская» деген еңбегі, 1897 жылы шыққан «Грамматика киргизского языка» және 1894, 1897 жылғы П. М. Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казак-киргизского языка», 1990 жылы шыққан С. Б. Ястремскийдің «Грамматика якутского языка» сияқты еңбектері жатады. Аталмыш грамматикаларда сын есімнің өзіндік ерекшеліктері, сын есімге тән тұжырымдар ғалымдар тарапынан біршама зерттеу қорытындыларына ие болды. Мәселен, сын есім өзі анықтайтын сөзден бұрын қосымшасыз келуі, синтаксистік қызметі, шырай категориясы, жасалу тәсілдері біршама зерттелді. Десе де, сын есімнің бұдан басқа зерттеуді қажет ететін мәселелері жетерлік еді. Әсіресе, тілдік жүйедегі алатын орны, басқа сөз таптарымен арақатынасы әлі де жете қарастыруды талап етті.

Сын есімді өз алдына сөз табы деп тануда әр ғалым әртүрлі пікір білдірді.

Профессор Боровков «Ұйғыр тілінің оқулығы» деген еңбегінде сын есімді зат есіммен, үстеумен тұлғалас келетіндігін айтқан. Десе де, сөйлемде атқаратын қызметі, сөз тудырушы формалары жағынан сын есімді өз алдына сөз табы ретінде қараудың қажеттілігін айтады.

И. А. Батманов «Қырғыз тіліндегі сөз таптары» деген еңбегінде сын есімнің басқа сөз таптарынан ажырататын белгінің жеткіліксіздігін айтқан. Оны зат есімнен, үстеуден ажырату қиын екендігін, сын есім тудыратын кейбір жұрнақтардың болуы оның сөйлемде белгілі сөйлем мүшелерінің қызметін атқаруы грамматикалық жағынан қалыптасқан сын есімнің бар екендігін сөз еткен.

Сын есімді зерттеуге арналған тағы бір еңбек - ғалым Н. П. Дыренкованың «Ойрот тілінің грамматикасы». Ол сөздерді есім тобы, етістік тобы деп екіге бөліп қарастырған. Есім тобына зат есім, сын есім, есепті сан есім, есімдікті жатқызған. Автор сын есімнің кейбір өзіндік ерекшелік жақтарын дұрыс көрсетеді. Сын есім заттың сын-сипатын білдіріп, сөйлемде анықтауыш қызметін атқарады, форма жағынан алғанда сын есімнің зат есімнен бір айырмашылығы онда өзіндік формант жоқ, анықтауыш қызметінде тұрғанда әрдайым зат есімнен бұрын келеді делінген.

Сондай-ақ, ғалым «Шор тілінің грамматикасы» деген еңбегінде сын есімнің үш негізгі белгісіне тоқталады: сын есімнің күшейткіш буынға ие болуы, шырай жасай алуы, сын есімнен болған анықтауыштың атау формада анықтайтын сөзімен байланысуы.

«Өзбек тілінің грамматикасы» еңбегінің авторы А. Н. Кононов сын есімді тұлғасына қарай негізгі және туынды деп екіге бөліп, оның жасалу жолдарына тоқтайды. Ол өзбек тіліндегі сын есімді өз алдына сөз табы ретінде қарай келе, үш нәрсеге баса назар аударады: сөздің семантикасы, морфологиялық белгісі, синтаксистік қызметі.

Тіл маманы Н. А. Баскаков «Ноғай тілі және оның диалектісі» деген еңбегінде сын есім төңірегінде біраз ойлар білдірген. Түркі тілдерінің ішінде қазақ тіліне өте жақын тілдерді зерттеуде белгілі еңбек сіңірген ол сын есімнің беретін мағынасы, сөйлемде атқаратын қызметі т. б. есепке ала келе, сөздерді тоғыз сөз категориясына бөледі. Олардың қатарында зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, одағай т. б. бар. Сонымен қатар, сын есім өзінің беретін мағынасы жағынан заттың сапасын, болмаса олардың бір-біріне қарым-қатынастығын білдіретін, сөйлемде анықтауыштық қызметпен қатар басқа да сөйлем мүшесінің қызметін атқаратынын, тұлға жағынан зат есім мен үстеуден толықтай жекеленіп болмағандығын айтады.

Құнды пікірлердің авторларының бірі Н. К. Дмитриев өзінің «Құмық тілінің грамматикасы», «Башқұрт тілінің грамматикасы» деген еңбектерінде сын есім мен зат есімнің шекарасын үзілді-кесілді ашып беруге болмайтындығын түсіндіреді. Яғни, заттың сынға айналуы қай тілде болса да дағдылы нәрсе болғанымен, түркі тілдерінде бұл алмасудың жиі кездесетіндігін алға тартады. Мәселен, таш (камень), иаш (молодой) деген сөздердің морфологиялық жағынан ешбір айырмашылығы жоқ.

Автордың пайымынша, зат есім мен сын есімді ажыратуда сөздердің беретін мағынасын баса аударған жөн. Мәселен, ат (конь) деген сөздің түпкі мағынасы ең әуелі затты білдіруі сөйлемде де зат есімнің қызметін атқаруы, ал екінші қатарда ғана сын есім қызметін атқаруы мүмкін. Сол себепті ат сөзінің диалектикалық өсу жолын қамти көрсету үшін, «зат-сын» есім деп шартты ұғымды қарау керек дейді. «Ат» сөзі беретін мағынасы жағынан зат есім, ал сөйлемдегі қызметі жағынан зат есім, сын есім қызметінде жұмсалуы мүмкін. Ал қарт (старый) тәріздес сөздердің бастапқы мағынасы заттың белгісін білдіретіндіктен, әуелі оны сын есім деп қарап, синтаксистік қызметіне келгенде алдымен сын есім, содан соң зат есім деп қарауымыз керек. Мәселен, қарт кеше - старый человек, қарт килде - старик пришел) .

Мұнан соң ғалым Н. К. Дмитриев сын есімнің морфологиялық жағын да сөз етеді. Морфологиялық жағынан сапа сынының өзіндік сөз түрлендіргіш формасы бар да, қатыстық сынында сөз тудыратын жұрнақтар бар. Сапа сынның морфологиялық жағынан ерекше белгісі оның шырай жасай алуында деп көрсетеді автор.

Қатыстық сынын тудыратындар:

  1. интернационалдық суффикстер -ик, -аль, -ив, -ион т. б. . Мәселен, педагог -ик (педагогический), формаль (формальный), объект -ив (объективный) ;
  2. араб тілінен ауысып келген -и суффиксі. Мәселен, хәбби (военный), әдеби (литературный), ғылыми (научный) ;
  3. башқұрт тілінде тек сын есім тудыратын аффикстер һыз-һоз. Мәселен, кул-һыз (безрукий), һез-һоз, эш-һоз (безработный) ;
  4. әрі сын есім, әрі зат есім тудыратын аффикстер -лы, -ле, -лық, -лек т. б. Мәселен, атлы (конный) .

Сонымен, ғалым Н. К. Дмитриев сын есімді зат есім мен үстеуден ажыратуда және сөз табы деп тануда сөздердің мағынасына қарау керек деген байламға келеді.

Қазақ тіліндегі сөз таптарын сегізге бөліп қарастырған, қазақ тілі мәселелерін арнайы сөз еткен ғалымдардың бірі - П. М. Мелиоранский. Автор сын есімнің тұлға жағынан негізгі және туынды болып келетінін, бірақ сырт қарағанда зат есімнен еш айырмашылығы болмайтынын айтады. Ол аталмыш екі сөз табын бірге қарастырады. Себебі, қазақ тілінде сын есімнің форма жағынан зат есімнен ешбір айырмашылығы жоқ, септеу жағынан да екеуі бірдей дегенді айтады.

Бұдан басқа орыс түркологтарының пікірлері мен көзқарастарын Т. Қордабаев «Түркология және қазақ тіл білімі» атты еңбегінде талдап өтеді. « . . . қазақ тілін зерттеген орыс түркологтарының ешқайсысы да қазақ тіліндегі сөздерді тапқа бөлгенде қандай принцип басшылыққа алынады деген сұрауды қойған да, оған жауап берген де жоқ» дегенді айтады. Соған қарағанда ол еңбектердің барлығы сипаттау дәрежесінде ғана болған сыңайлы.

Бұл пікірді Ә. Қайдаров та құптайды: « . . . ол еңбектерде жеке сөздердің құрамы мен олардың қандай жұрнақтар арқылы жасалатыны әр түрлі жалғаулар арқылы қалай түрленетіні сияқты мәселелер ғана қамтылып, ол сөздердің неліктен белгілі бір сөз табына жататындығы, сөз таптарының неліктен жеке сөз табы болып табылатындығы, олардың өзіндік лексика-грамматикалық сипаттары қандай деген сияқты күрделі теориялық мәселелер қамтылмаған болатын».

Жалпы сөздерді тапқа бөлу 1914жылы шыққан А. Байтұрсыновтың «Тіл құралында» сөз етіледі. Бұл - алғашқы зерттеу. Бұдан кейінгі ірі еңбек Қ. Жұбановтың «Қазақ тілінің грамматикасы» атты оқулығы. Мұнда да тұшымды ойлар айтылып, сын есімді сөз табы деп қарау алға қойылған.

Профессор С. Аманжолов зат есімнің грамматикалық категорияларын сын есімге де ортақ деп қарап, зат есімнің септік жалғауларын сын есім тарауына енгізеді. Кейін ойын түзетіп, қазақ тіліне арналған грамматикаларда береді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері
Ғылыми зерттеу әдістері пәнінің лекциялары
Биология мамандығындағы студенттердің кешенді далалық оқу тәжірибесін ұйымдастыру әдістемесі
Ғылыми зерттеу жұмыстарының тақырыбын таңдап алу өзектілігін анықтау мен негіздемесін жазу
Педагогикадан дәрістер
Ғылыми–педагогикалық зерттеуді ұйымдастырудың әдістері
Педагогикалық зерттеулердің сипаттамалары
Кибернетикалық және математикалық әдістерді педагогикалық әдістерге енгізу
Диссертацияның құрылымы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz