XVI ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ


КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі . Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің және оның ұрпақтары Бұрындық пен Қасым хандардың хандықты күшейтіп, Сырдария қалалары мен Жетісуды басып алуға ұмтылысы көрші мемлекеттермен қақтығыстарға алып келді. Сырдария мен Жетісу аймағын иелену үшін қазақтардан басқа шайбанилер, моғолдар мен Әмір Темір ұрпақтары күрес жүргізді. XVI ғасырдың соңында ғана Тәуекел ханның тұсында қазақтар Сырдария мен Жетісу жерлерін толық өзіне қаратып, Түркістан мен Ташкент қалаларын Қазақ хандығының құрамына түпкілікті қосты. Осылайша, XVI ғасырдың соңында Қазақ хандығы нығайып, орталықтанған мықты мемлекетке айналды.
Алайда Тәуке ханның мұрагері Есім хан билік еткен уақытта қазақ-өзбек қарым-қатынастары ушығып, ұзақ жылдарға созылған соғысқа ұласты. Бұл уақытта қазақ ордасында жікшілдіктің алғашқы белгілері байқала бастады. Ташкент билеушісі Тұрсын ханның дербестікке ұмтылысы хандықты біршама әлсіретті.
XV ғасырдың ортасында, Қазақ хандығының құрылу қарсаңында ойрат тайпаларының Батыс Моңғолиядан Сібір мен Қазақстанға жылжуы басталды. Осы уақыттан бастап қазақтардың ойраттармен қақтығыстары орын алды. Бұл қақтығыстар XVII ғасырдың екінші жартысында үлкен соғысқа ұласты. 1635 жылы ойрат тайпаларының бір бөлігінің әскери-феодалдық Жоңғар хандығын құруы Орта Азиядағы халықаралық жағдайды шиеленістірді. Күшті Жоңғар мемлекетінің құрылуы нәтижесінде жоңғарлар қазақтарды батысқа қарай ығыстырып, жайылым жерлерін тартып алды. XVII ғасырда Қазақ хандығында феодалдық бытыраңқылықтың күшейіп, орталық биліктің әлсіреуінің барысында жекелеген билеушілердің билігі күшейе бастады.
Осындай жағдайда XVII ғасырдың соңы - XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығы көрші елдердің қоршауында қалып, Ресей империясының казактарының, қалмақтар мен башқұрттардың, Жоңғар хандығы мен Орта Азия хандықтарының шабуылына жиі ұшырап отырды. Дегенмен Қытай империясының қысымына ұшыраған Жоңғар хандығының батысқа ұмтылуы барлығынан да қауіпті болды.
XVI-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихы Қазақстан тарихының ең өзекті мәселелерінің қатарына жатады.
Сондай-ақ отандық және шетелдік тариханамда қазақ-жоңғар соғыстарының Қазақстанның Ресей империясына қосылуына әсері толыққанды зерттелмеген. Көптеген қазақстандық тарихшылардың Жоңғар мемлекетін басқыншы ретінде ғана қарастыруы мәселенің зерттелуіне кедергі жасап жатқаны сөзсіз.
Зерттеу жұмысының мақсаты - XVI-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихына талдау жасай отырып, хандықтың даму кезеңдерін анықтау және қазақ-жоңғар соғыстарының барысын толық сипаттау
Зерттеу жұмысының міндеттері:
- Қазақ хандарының Сырдария мен Жетісу аймағын иелену үшін жүргізген сыртқы соғыстарын баяндау;
- XVI ғасырдағы Қазақ хандығының саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайын сипаттау;
- Жоңғар шапқыншылығы қарсаңындағы Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайына талдау жасау;
- Жоңарлардың қазақ жеріне жасаған басқыншылық соғыстарына және қазақ халқының жоңғар жаулап алушыларына қарсы Отан соғысына сипаттама беру.
Зерттеу жұмысының нысаны: XVI-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығы.
Зерттеу пәні : Қазақ хандығының нығаюы және қазақ-жоңғар соғыстары.
Мәселенің зерттелу деңгейі.
XV-XVI ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығының тарихы өте аз зерттелген болып келеді. Бұл кезеңдегі Қазақ хандығының тарихы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Та´рих-и Рашиди», Фазаллах ибн Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-йи Бухара», Махмуд ибн Валидің «Бахр ал-асрар» [1], Қадырғали Жалайыридің [19], Шах Махмуд Шорастың «Хроникасы» [24] және Әбілғазы ханның [25] деректерінде берілген.
Шах Махиуд Шорастың «Хроника» деген шығармасы қазақ хандары Бұйдаш, Хақназар, Тәуекел, Есім және оның ұлы Жәңгір кезіндегі XVI-XVII ғасырлардағы қазақ-моғол қатынастарының тарихы жөніндегі түпнұсқа болып табылады.
Қазақтың жалайыр тайпасының өкілі Қадырғали бек Жалайыридің «Жами ат-таварих» («Жылнамалар жинағы») Шыңғысхан әулеті мен Жошы ұрпақтарының тарихы бойынша құнды дерек.
Әбілғазының қаламынан шыққан «Шаджара-йи тюрк» («Түріктердің генеологиясы») пен «Шаджара-йи таракима» («Түрікмен шежіресі») Есім хан мен Тұрсын хан кезеңіндегі Қазақ хандығының тарихы бойынша құнды жәдігер.
XVIII ғасырдың алғашқы жартысынан бастап орыс зерттеушілері қазақтар туралы мағлұматтарды жан-жақты жинап, зерттеу жұмыстарын бастады. Бұл зерттеушілер арасында П. И. Рычков [7], [9] , И. Г. Георги бар. Олар ғылыми маңыздылығын әлі күнге дейін жоғалтпаған жазбалар мен еңбектер қалдырып кетті.
А. И. Левшиннің 1832 жылы жарияланған «Қырғыз-қазақ, яғни қырғыз-қайсақ ордасы мен даласының суреттемесі» [2] деген еңбегі қазақ халқының географиясы, тарихы мен этнографиясы жөніндегі алғашқы іргелі этнографиялық зерттеу болып табылады.
XVIII ғасырдың 30-жылдарынан Ресей ғылымының Г. Георги, П. С. Паллас, И. П. Фальк сияқты көрнекті өкілдері Сібірдегі ойрат тайпалары туралы кең этнографиялық және линнвистикалық мәліметтер жинады, онда жоңғарлардың Сібір халықтарын бағындыру барысы туралы оқиғалар көрініс береді.
Орыс шығыстанушылары есімдерінің арасында қазақтың тұңғыш тарихшы-ғалымы, шығыстанушысы, этнографы, географы Ш. Ш. Уәлиханов [26], [35] көрнекті орын алды. Ол «Қырғыз шежіресі», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қырғыздардың көші-қоны туралы» деген еңбектерінде қазақтардың этногенезінің, жүздер құрылуының, қазақтардың рулық-тайпалық құрамының, орналасуының мәселелерін зерттеген еді.
Араб тарихшылары мен географтарының еңбектерінен алынған материалдарды Еуропаның көптеген кітіп қоймаларын жинаған аса көрнекті шығыстанушы В. Г. Тизенгаузен [17] жүзеге асырды.
XIX ғасырдың 90-жылдарында аса ірі шығыстанушы В. В. Бартольд шығыстың көптеген түпнүсқа деректемелерімен орасан зор жұмыс жүргізді. Оның «Жетісу тарихының очеркі» [47] еңбегінде XVII ғасырдан құрамына кірген қалмақтар мемлекетінің ежелгі заманнан 1758 жылы құлағанына дейінгі мәліметтер жинақталған.
Академика В. В. Бартольдтің XX ғасырдың 60-70 жылдарында тоғыз томдық еңбегі шығарылғаннан кейін Қазақстанның соңғы орта ғасырлар кезеңіндегі тарихын зерттеу сенімді негіз алды.
Революцияға дейінгі кезеңнің көптеген зерттеушілеріне Ресей импермясының құрамына кірген қазақтар мен басқа да халықтардың тарихын объективті түрде қарау тән болып келеді. Олар қазақ-жоңғар қарым-қатынастары бойынша материал ғана жинап қоймай, қазақ-жоңғар соғыстарының себептеріне тоқталып, оны көшпелі халықтардың саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларынан іздеуге тырысты.
Кеңестік тарихнамада қазақ-жоңғар мәселесі бойынша арнайы зерттеулер жоқ. Бірінші жалпылама еңбектерді А. П. Плотников пен А. Чулошниковтың зерттеулерінен табуға болады. В. В. Бартольд «Очерки истории Семиречья» еңбегінде алғашқылардың бірі болып жоңғарлардың Қазақстанда жүргізген саясатын сипаттап кеткен. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресінің кейбір жақтары С. Д. Асфендияровтың, Ы. П. Вяткиннің, Л. Лебедевтің, А. Ф. Миллер мен М. Т. Тынышпаевтың [55] еңбектерінен көрініс бере бастады.
1943 жылы А. М. Панкратованың басшылығымен дайындалған «Қазақ КСР тарихы» кітабында қазақ-жоңғар қатынастары бойынша толыққанды мәліметтер берілді. Еңбекте Жоңғар хандығының тарихы баяндалып, қазақ халқының жойғарларға қарсы ұлт-азаттық күресінің кезеңдері беріліп, Абылай ханның жоңғарларға қарсы күрестегі ерекше рөлі ескерілді.
Танымал кеңестік тарихшы Н. Г. Аполлова [46] қазақ-жоңғар қарым-қатынастары мәселесіне көп көңіл бөлді. Ол Орталық Мемлекеттік мұрағаттағы «Қырғыз-қайсақ істері» қорының мұрағат құжаттарын ғылыми айналымға енгізді. Н. Г. Аполлова Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылу алғышарттарын қарастыра отырып, бұл үрдіске Жоңғар хандығының ықпалына талдау жасады.
Қазақ-жоңғар қарым-қатынастарының жекелеген аспектілеріне қазақстандық тарихшылар тоқталып кеткен. Олар: Н. В. Алексеенко, М. Х. Әбусеитова, Ж. К. Қасымбаев, К. А. Пищулина, С. В. Тимченко, В. З. Галиев, Т. Ж. Шойынбаев, В. А. Моисеев.
Қазақстанның XVII ғасырдағы Жоңғар хандығымен қарым-қатынасы В. А. Моисеевтің [37] монографиясында зерттелген. Батыс моңғол-ойрат тайпаларының Моғолстан, Орта Азия мемлекеттері, Қазақ хандығы жерлеріне бет алу мәселелері қарастырылған.
Мәселенің зерттелуіне И. Я. Златкиннің «История Джунгарского ханства» [34] еңбегі ерекше әсер етті. Ол алғаш рет кеңестік және шетелдік тарихнамада ойрат мемлекетінің тарихын толығымен қалпына келтіріп, батыс моңғолдардың Қазақстан, Орта Азия және Сібір халықтарымен қарым-қатынастарына тоқталып кетті.
Дегенмен қазақ-жоңғар қатынастары Отандық және шетелдік тарихнамада толыққанды терең зерттелмеген мәселелердің қатарына жатады.
Зерттеу әдістері. Мәселені зерттеу барысында тарихилық және ғылыми объективтілік принциптері қолданылды. Тарихилық принциптің негізінде Қазақ хандығы тарихының негізгі кезеңдерін салыстыра отырып, материалды хронология бойынша беруге тырыстық.
Сонымен қатар тарихи-салыстырмалы әдіс те пайдаланылып, Қазақ және Жоңғар мемлекеттерінің даму барысы бірі-бірімен салыстырыла жазылды. Статистикалық әдісті пайдалану арқылы қазақ және жоңғар әскерлерінің санын анықтауға мүмкіндік берді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен тәжірибелік мәні. Зерттеу жұмысы барысында XVI-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығы бойынша негізі деректер талданып, қорытындылар шығарылды. Бұл кезеңдегі Қазақ хандығының тарихын орыс, араб, шағатай, парсы және моғол деректері негізінде беруге тырыстым.
Дипломдық жұмыстың тәжірибелік мәні оның аз зерттелген Қазақ хандығының алғашқы кезеңі туралы толыққанды мағлұмат беріп, оны жаңғыртуында болып табылады. Зерттеу жұмысының нәтижелері XVI-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихын жан-жақты зерттеуге негіз бола алады деп ойлаймын.
Дипломдық жұмыста жоңғарларды тек басқыншы халық ретінде көрсетуге тырысқан кейбір ғалымдардың көзқарасына кері дәйектер берілген. Яғни, қазақтар мен ойраттардың қарым-қатынасы XVI-XVII ғасырлар аралығында бейбіт болғаны расталып отыр, тек жер тапшылығының әсерінен екі халық қан майданға кездесуге мәжбүр болған.
Жүргізілген зерттеу жұмысы қазақ-жоңғар қарым-қатынастарын жаңаша тұрғыдан қарастыруға серпін жасайды деп ойлаймын. Отандық тарихта екі халықтың байланыстарын соғыс тұрғысынан зерттеудің белең алуы, мәселенің зерттелуіне кедергі келтіреді. Сондықтан бұл жұмысты екі көшпелі халықтың қарым-қатынасының басқа жақтарын зерттеуге негіз бола алады.
Диплом жұмысының тәжірибелік базасы. Зерттеу тақырыбы бойынша жұмыс істейтін өлкедегі ғылыми мекемелер жоқ, дегенмен Ақмола облысының тарихи-өлкетану мұражайында бұл кезеңге қатысты материалдар кездеседі.
Зерттеу жұмысының құрылымы:
Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Бірінші тарауда Қасым, Бұйдаш, Тахир, Хақназар және Тәуекел хандардың тұсындағы Қазақ хандығының тарихы мен қазақ халқының шаруашылығы көрсетілген.
Екінші тарауда Жоңғар мемлекетінің құрылуы мен «Ақтабан шұбырындыға» дейінгі қазақ-жоңғар қарым-қатынастарына сипаттама берілген.
Зерттеу жұмысының нәтижелері қорытындыда айқындалған.
1 XVI ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ
1. 1. Қасым ханның кезіндегі хандықтың дамуы
1465-1466 жылдары Қазақ хандығының негізін салған хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым хан, шамамен, 1445 жылы дүниеге келген; 1513 жылы Моғолстан мемелкетінің билеушісі Саид ханмен кездесу кезінде Моғостанның атақты тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің дерегінде келесі мәліметтер келтірілген: «Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындаған еді». Қасым ханның анасы Жаһан бегім Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған қарындасы еді. М. Х. Дулатидің мәліметтеріне қарағанда Қасым бастапқыда әкесі Жәнібек ханның нұсқауымен, сондай-ақ қазақ халқының дәстүріне сәйкес ханның жасын ескере отырып, 1480 жылы хандықтың тағына отырған Бұрындықтың (Мұрындық) билігін толығымен мойындаған. Ол Дешті Қыпшақ жерінің ең беделді сұлтандары мен атақты батырларының қатарында болып, хандықтың әскери қолбасшысы қызметін атқарған. Алайда уақыт өте келе Қасымның ықпалы хандықтар бірте-бірте арта бастайды. Оны бірнеше себеппен түсіндіруге болады. Ең алдымен, сұлтанның қарапайып халық пен әскер алдындағы беделінің жоғары болуы. Екіншіден, Бұрындық хан беделінің төмендеуі мен сәтсіздіктері. Сонымен қатар Жәнікбек хан әулетінің ішінде ең үлкені саналатын Әдік сұлтанның 1503 жылы қайтыс болуымен байланыстыруға болады. Дегенмен тарихи деректерде Қасым сұлтанның күшеюінің нақты себептері айқындалмаған. Соған қарамастан «Бахр әл-асрардың» авторы Махмұд иб Уәли бұл жағдай туралы біршама маңызды ақпарат қалдырып кетті. Ол Мұхаммед Шайбани ханның 1504 жылғы Әндіжанға жорығын сипаттай отырып, қазақ даласындағы жағдайға тоқталып өтті. Оның айтуынша осы уақытта Қасым ноғайлардың әскери көмегі арқасында бүкіл Дешті Қыпшаққа билігін таратқан және Түркістан мен Ташкент бағытына шабуыл жасауға жағдай жасаған [1] .
Осылайша Қазақ хандығының билігі мен бастамашылық Жәнібек ханның ұлының қолына өтеді. Қасым сұлтанның хан атағын алуға асықпағанына қарағанда сол кезде даладағы жағдай тұрақсыз болғанға ұқсайды. Саяси жағдай шыдамдылық пен төзімділікті талап етті. 1510 жылы қазақ даласына басып кірген Шайбани ханның әскерлеріне қарсы күшті Қасым сұлтанның басқарғанына қарағанда оның билігі далада толық жүрді. Осы кезден бастап Бұрындықтың есімі деректерде кездеспейді.
Бұрындық хан билігінің соңғы жылдары Қасым сұлтан одан алшақ жүруге ұмтылған. Себебі ол ханның жанында жүрсе, оған құрмет көрсетуі тиіс болатын, ал Қасымның беделі одан анағұрлық жоғары болғандықтан Бұрындыққа бағынуды қаламады. Сол себепті ол Бұрындық ханнан аулақ жүруді дұрыс деп тапты.
Екі туысқан ханның өзара күресі Бұрындық үшін қайғылы аяқталды. Ауызша деректерге қарағанда халық ханын тастап, 1511 жылдың күз айларында Қасым сұлтанды таққа отырғызады. Осылайша Қазақ хандығындағы билік Жәнібектің ұрпақтарына ауысады. Бұрындық хан, кейбір деректер бойынша, бір топ адамдарымен Маураннахр жеріне кетіп, сол жақта қайтыс болған.
Бұрындықтың ұрпақтары хан тағынан шеттетілгенімен, олар Орта Азияның саяси өмірінде елеулі орынға ие болған. Оның Санжар-Жаһан, Кімсін, Жаһан-Бақты және Шайхым деген ұлдары мен бірнеше қызы болды. Оның қыздарының бірі - Дәдім ханым Жәнібек ханның немересі Шығай сұлтанға ұзатылған. Сондай-ақ үш қызы Шайбани әулетінің билеушілерімен некелескен: біреуі - Мұхаммед Шайбани ханға, екіншісі - Шайбани ханның інісі Сұлтан Махмұдқа, үшіншісі Шайбани ханның ұлы Темір сұлтанға күйеуге берілді. Михр Сұлтан ханым деген соңғысы Самарқанда тұрған және сақталып қалған вакфтық құжаттарынан көрінгеніндей, ірі меншік иесі болған. Бодандары безген Бұрындық хан міне соған барған.
1510 жылы Мұхаммед Шайбани қазақ жеріне соңғы жорығын ұйымдастырды. Шайқас Сығанақ түбінде болып, Қасым ханның толық жеңісімен аяқталды. Атақты хан аман қалған әскерлерімен Маураннахрға шегініп кетті. Осы соғыстан кейін аймақтағы жағдай түбірімен өзгерді. Қазақ әскері солтүстіктен шайбаниліктердің иеліктеріне үнемі қауіп төндіріп тұрды. Сондықтан шекарада олардың ірі әскери қосындары үнемі күзет қызметін атқарды. Қасым ханның тарапынан туындаған қауіп М. Шайбаниді өзбек жеріне басып кірген парсы қолбасшысы Исмаил шахқа қарсы бүкіл күшті жұмылдыруға кедергі келтірді. Шайбаниліктер елдің түкпір-түкпіріне жаушылар жіберіп, әскер жинады. Шайбаниліктердің әскері Мерв түбіне топтасты. Махмұд ибн Уәли «Бұйрыққа сәйкес әрқайсысы өз иқталарынан аттанып кетті. Бұған Көшім хан қосылған жоқ, ол қазақ Қасым ханның шабуыл жасау қаупін төндіруі себепті Түркістанда қалып қойды» деген мағлұмат береді.
1510 жылы қарашада Мерв шайқасы өтті. Иран шахы Исмаил Шайбани ханның әскерлерін қақпанға түсірді. Хан әскерлерімен бірге майдан даласында қаза тапты. Осыдан кейін Бұхара, Самарқан және Түркістанның қалаларында Исмаилдің одақтасы, Әмір Темірдің ұрпағы Бабырдың уақытша билігі орнады. Ал Әбілқайырдың ұрпақтары Ясы бағытына ығысты.
Қалыптасқан жағдай Қазақ хандығы үшін өте тиімді болып шықты. Қасым хан Сырдария қалаларын хандықтың құрамына қосуды аяқтап, Ташкент пен Түркістанды бағындыруға әрекеттенді.
1512 жылы Мұхаммед Шайбанидің немересі Убайдолла сұлтан Құл-Мелік түбінде Бабырды талқандады. Шайқастан кейін Бабыр Кабулға оралып, Үндістанға шапқыншылық жасауға көшті. Оның арты әлем тарихындағы ірі империялардың бірі «Ұлы Моғолдар империясының» құрылуына алып келді. Орта Азияны тастап кеткен Бабырдың көптеген жергілікті билеушілері шайбаниліктердің билігін қайта мойындады. Бірақ Сайрам қаласының әкімі Қаттабек Шайбани хан ұрпақтарына қарсылық көрсетіп, қаланы қорғау үшін Қасым ханды шақырды. 1513 жылы қазақ әскерлері Жетісудан Сайрамға аттанып, қаланы Қазақ хандығының құрамына қосты.
Сайрамның алынуымен қазақ хандараның Сырдария қалалары үшін ұзақ соғысы аяқталды. Сол жылы Қасым ханның әскері Ташкентке аттанды. Ташкентті шайбанилік Сүйінші-Қожа билеп тұрды. Қазақтардың қалың әскері қаланы қоршауға алғанымен, оны басып алуға күше жетпеді. Сондықтан қала маңындағы елді-мекендерді тонаумен ғана шектеліп, Сайрамға қайтып оралды.
Сүйінші қожа мен Қасым хан арасында болған соғыстың тағы бір нұсқасы шайбанилік жылнамашылардың еңбегі «Зубдат әл-асрарда» берілген: «Қасым хан, - деп жазады ол, - Дешті Қыпшақтың әміршісі болатын. Ол қазақтар мен маңғыттардан тұратын әскерімен Түркістан мен Ташкентке жорық жасап, бірнеше қорғансыз адамды тұтқынға алды. Қасым хан мен Сүйінші хан арасында Ташкент түбінде қиян-кескі щайқас болды; Қасым хан атынан құлап түсті, бірақ қызу шайқас үстінде қарсыластары ханды танымай, оның өмірін осы жағдай сақтап қалды. Нөкерлері оған дереу ат тауып берді; Қасым хан тізгінін Дешті Қыпшаққа бұрды».
Тарихи деректерде қазақ ханының Моғолстан билеушісі Сұлтан Саидпен тығыз қарым-қатынастарда болғаны жазылады. Ташкентті қоршау кезінде моғол ханының әскері қалаға шыққан. Алайда қоршау сәтсіз болып, қазақтардың кері шегінгенін естіген Сұлтан Саид жорықты тоқтатуға мәжбүр болды. Дегенмен бұл сәтсіздікке қарамастан 1513 жылдың күзінде екі хан Шу өңірінде кездесіп, болашақ соғыс қимылдарын талқылайды. Моғол ханы Қасым ханды Маураннахрға жаңа жорық жасауға шақырғаны белгілі. Бірақ Қасым хан соғыстан бас тартады.
Жоғарыда аталған деректер Моғолстан тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегінде келтірілген.
1510 жылы Мұхаммед Шайбанидің жеңілуі біртұтас Шайбанилер мемлекетінің ыдырауына алып келді. Оның орнына екі тәуелсіз хандық пайда болды. Біріншісі орталығы Самарқанда, кейін Бұхарада болған Маураннахр иелігі. Уақыт өте келе бұл иелік Бұхар хандығы деген атқа ие болады. Ал екінші хандық ежелгі Хорезм жерінде қалыптасты. Оның ордасы бастапқыда Үргеніште, сосын Хиуа қаласында орнықты. Хиуаны Арабшахтың ұрпақтары басқарды.
Сүйінші-Қожа хан Маураннахрда қысқа уақыт қана хандық құра алды. Оның орнын Әбілқайыр ханның ұлы қартайған Көшім хан басты. Көшімнің Мерв түбіндегі шешуші ұрысқа қатыспағанын, сондай-ақ деректерде ол «аты ғана хан» деп аталғанын ескерсек оның халықтың алдында беделі өте төмен болған.
Қасым ханның күшейіп, билігін бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ жері мен Жетісудың бір бөлігіне, сонымен қатар қырғыз тайпаларына да таратуы Сұлтан Саид ханның жағдайын қиындатты. 1514 жылы Сұлтан Саид Жетісудағы ордасын тастап, шағын әскерімен Шығыс Түркістанған (Қашғарияға) басып кірді. Ол жергілікті хандықтарды бағындырып, орталығы Жаркентте болған жаңа «Моғолстан» мемлекетін құрды. Сөйтіп, Жетісу жері толығымен Қазақ хандығына бағынды.
Қасым ханның табысты сыртқы саясаты XVI ғасырдың басында Қазақ хандығын аймақтағы негізгі күшке айналдырды. Мемлекеттің шекарасы солтүстік-батыста Жайық өзеніне, солтүстік-шығысында Ұлытау аймағы мен Балқаш көліне дейін жетті, ал оңтүстік-шығысында Жетісудың таулары хандықтың табиғи шекарасына айналды. Оңтүстік шекара Сырдарияның оң жақ жағалауына дейін жетіп, Түркістан қалаларының бір бөлігін қамтыды [2] .
Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы туралы мәліметтер еуропалық деректерде алғаш кездесті. XVI ғасырдың алғашқы онжылдығында Орыс жерінде бірнеше рет болған австриялық елші Сигизмунд Герберштейннің жазбаларында қазақтар туралы мағлұматтар бар. Қазақ ханы Мәскеудің патшасы III Василиймен дипломатиялық байланыстар орнатты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz