Бұның сөз үлгісі, шығармасы - толғау


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 50 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

САБЫР САНЖАР ӨЗБЕКҰЛЫ

«XVIII ҒАСЫРДАҒЫ ӘДЕБИ ТІЛ ЛЕКСИКАСЫ»

(Ақтамберді, Тәтіғара, Үмбетей, Бұқар, Шал, Көтеш шығармалары бойынша) тақырыбында

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ

«5B011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша

Нұр-Cұлтан, 2019

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . 6

1 ХVІІІ ғасырдағы ауызша әдеби тілді танытатын үлгілер . . . 8

1. 1 Жыраулар мектебінің өкілдері . . . 8

1. 2 Ақындар мектебінің дамуы . . . 19

2 XVIII ғасырдағы әдеби тілдің лексикалық құрамы . . . 24

2. 1 Әлеуметтік лексиканың сипаты . . . 24

2. 2 Кірме сөздер қабаты . . . 27

2. 3 Жаугершілік лексиканың қолданылуы . . . 31

2. 4 Көне сөздер қабаты . . . 35

2. 5 Тұрмыстық лексиканың сипаты . . . 43

Қорытынды . . . 51

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 52

КІРІСПЕ

Бүгінгі таңда қазақ тілінің фонетика-грамматикалық құрылысы едәуір зерттеліп, танылып қалды. Әр алуан сөздіктердің жарыққа шығуы тілдің лексикасының да зерттелгенін көрсетеді. Тіліміздегі сөздердің дыбыстық құрылысы мен грамматикалық тұлғалану сипаты танылып болғаннан кейін, сол сөздердің шыққан төркінін, тұлғасы мен мағынасының өзгерген тарихын, эволюциясын білудің қажеттілігі туып отыр. Тіліміздегі көптеген сөздердің төркінін табу арқылы қазақ халқының әр алуан дәуірлерде басқа халықтармен жасаған қарым-қатынасын немесе өзінің ертеректегі жай-күйін танимыз. Өйткені, лексикасының тарихынан сол халықтың өткендегі тұрмыс-салтының, мәдени-рухани өмірінің, өзге ел-жұртпен аралас-құралас болғандығының ізі, сәулесі көрініп тұруы қажет.

Дипломдық жұмыстың өзектілігі. Қазіргі таңда жастардың үш ғасыр бұрын өмір сүрген жыраулардың жырларын, ақындардың өлеңдерін кез келген уақытта оқи алатын мүмкіндіктері бар. Алайда, олар тек оқып, жаттап қана қоймай әр сөздің мағынасына тереңнен үңілуі қажет. Себебі, жыраулар заманынан қолданылған сөздер біздің де уақытымызда қолданылып жүр. Бірі - көнеріп, тек бірен-сараң ғана жолықса, кейбірінің мағынасы семантикалық өзгеріске ұшыраған. Ал, енді бірінің кірме сөз екендігін бірі білсе, бірі біле бермейді. Көнерген сөздердің мағыналарын қайта жаңғырту арқылы, біз сол уақытта көрініс тапқан мәдениетімізге, салт-дәстүрлерімізге шолу жасаймыз.

Дипломдық жұмыстың зерттеу нысаны етіп XVIII ғасырдағы әдебиет өкілдерінің лексикасы алынды.

Дипломдық жұмыстың мақсаты - XVIII ғасырдағы ақын-жыраулардың лексикасын зерттеу. Осыған байланысты төмендегідей міндеттерді шешу көзделеді:

  • XVIII ғасырда өмір сүрген жыраулардың, ақындардың шығармаларына шолу жасау;
  • Осы кезеңдегі әлеуметтік лексиканың, жаугершілік лексиканың және тұрмыстық лексиканың қолданысына жеке-жеке тоқталу;
  • Ақын-жыраулардың шығармаларындағы кірме сөздері табу, қай тілден енгенгін көрсету;
  • Қазір қолданыста жоқ немесе мағынасы өзгерген сөздерің мағынасы айқындау.

Дипломдық жұмыстың теориялық-әдіснамалық негізі ретінде

Р. Сыздықова, Б. Әбілқасымов, Ш. Мәжітаева т. б. сынды ғалымдардың еңбектеріндегі мәліметтер мен тұжырымдар басшылыққа алынды.

Дипломдық жұмыстың дереккөздері. Жалпы тақырыптық топтарды айқындауға, тілдік бірліктерді талдауға байланысты түсіндірме, аймақтық және т. б. сөздіктердегі, ғылыми еңбектердегі тілдік деректер мен ғылыми тұжырымдар пайдаланылды.

Дипломдық жұмыстың әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында лингвистикалық талдаудың тарихи-салыстырмалы сипаттама, жүйелеу, топтау әдістері қолданылды.

Дипломдық жұмыстың ғылыми жаңалығы. XVIII ғасырдағы ақын-жыраулардың шығармаларындағы мағынасы беймәлім сөздердің нақты мағынасы ашылды. Сонымен қатар, төл сөздеріміз деп санап жүрген кейбір сөздердің кірме сөз екендігі анықталды.

Дипломдық жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Дипломдық жұмыстағы ғылыми пікірлер мен тұжырымдар тарихи лексика, әдеби тіл тарихы, дилектология бағыттарындағы теориялық зерттеулердің қатарын толықтыра түседі. Практикалық маңыздылығы жағынан дипломдық жұмыста талданған тілдік деректерді түсіндірме сөздіктерді жасауда, қазақ тілінің лексикологиясы пәнін оқытуда қосымша материал ретінде пайдалануға болады.

1. ХVІІІ ҒАСЫРДАҒЫ АУЫЗША ӘДЕБИ ТІЛДІ ТАНЫТАТЫН ҮЛГІЛЕР

1. 1 Жыраулар мектебінің өкілдері

Жыраулар поэзиясы - қазақ халқының мəдениетіне ғана тəн ерекше тарихи-мəдени құбылыс. Ерекше құбылыс болатын себебі - дүние жұртының арғы-бергі тарихында қазақ жыраулары мен олардың жыр-толғауларына дəлме-дəл сəйкес келетін əдеби шығармашылық иелері де, шығармалар да кезікпейді. Ал жыраулар поэзиясының өзімен дəуірлес өзге елдер əдебиетіндегі үлгілерден бөлек арна түзеп, өзіне ғана тəн мазмұнмен жəне өзіне ғана тəн пішінмен тарих сахнасына шығуының сыры оның қазақ топырағында тарихи оқиғалармен, тарихи жағдайларға байланысты тууында жатыр. Жыраулар поэзиясының ХV-ХVIII ғасырларда қанат жая дамуының ең негізгі себебі - жыраулардың дербес елде өмір сүріп, сол уақыттағы елдің жағдайы, елдің болшағына қатысты ойларын ашық айтуға мүмкіндік алуында. Осы тұрғыдан келгенде, жырауларды өз елінің арман-аңсарын, мақсат-мұратын жырлаған, халқының өмір салтын, тірлік-тынысын боямасыз бейнелеген еркін ойлы шығармашылық иелері ретінде тану абзал. Жыраулар поэзиясының ең шыңырау шегі XVIII ғасырдың І жартысына сай. Себебі, жыраулар мектебінің ең көрнекті өкілдері - Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара сынды өткір тілмен тас жарған жыраулар дәл осы кезеңде өмір сүрген. Бұл жыраулардың жыр-толғаулары Абылай ханның билік еткен тұсындағы оқиғаларды, сол кездегі халықтың жағдайын сипаттады.

XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі өкілі - Бұқар жыраудың шығармаларының көркемдік ерекшелігіне тоқталмас бұрын жыраудың сол өзі өмір сүрген дәуірде көтерген мәселелері, жырлаған тақырыптары туралы зерттеуші-ғалымдар мен әдебиетшілердің пікірін келтіріп өткен жөн. Өйткені шығармаларының тақырыбын білмей тұрып, оның көркемдігін ашып көрсету мүмкін емес.

Әдебиет тарихын зерттеушілердің айтуынша XVIII ғасыр - қазақ поэзиясының кең өріс алған тұсы. Бұл, бір жағынан, әріден келе жатқан жыраулық дәстүрдің одан әрі дамып, жаңа қырларынан көрінген кезеңі болса, екінші жағынан, ақындар мектебінің күш ала бастаған шағы болды.

«XVIII ғасыр қазақ қоғамы үшін, Ш. Уәлихановтың сөзімен айтсақ, қан жосыған ішкі-сыртқы жорықтар мен ұрыстардың заманы болды. Әсіресе өзінің елдік дербестігін сақтап қалу үшін ханнан бастап қарашаға дейін ат үстінде жүрген жаугершілік заман еді» - дей келе академик, профессор Р. Сыздықова XVIII ғасырдағы поэзияның басты тақырыбы ретінде:

1. Ел қорғау, яғни елдік-ерлік тақырыбы;

2. Әлеуметтік-қоғамды суреттейтін тақырып;

3. Дінге қатысты мәселелер- деп бөліп көрсетеді [1, 132] .

Ал Бұқар жыраудың толғауларында бұл тақырыптардың барлығы дерлік кездеседі. Оған дәлел Бұқардың «Ей, айтшы, Алланы айт», «Ақтың үйі мешіті», «Ханға жауап айтпасам», «Айналасын жер тұтқан» және т. б. толғаулары жатады.

«Бұқар жырау толғауларының көркемдігі өз алдына үлкен тақырып. Ол толғау жанрының өзіне дейінгі көркемдік өрнектерін бойына сіңіріп, өзіндік қол таңбасын жасағанын атап өткен едік. Бұлардың әр біреуі тек толғау жанрына ғана тән абстракциялы ойлар, көркем түйіндер, қиыннан қиыстырылған салыстырулар арқылы бой түзеп тұрған шағын шығарма. Бұл жырларда артық буын, жасық сөз, амалсыз қайталаулар кездеспейді» (М. Жармұхамедов) [23, 128] .

Бұқар толғауларында дүненің өтпелі екенін, байлық, өмір мәңгі емес деген ақылды айту үшін: «Айналасын жер тұтқан, Айды батпас демеңіз, Айнала ішсе таусылып, Көл суалмас демеңіз» сияқты шендестірулер кездеседі.

Бұқардың теңеулері де өмірден, айналадан алынған әрі бұрыннан бар образдар. Мысалы:

Ұрғашының жақсысы

Әб жыландай есіліп . . .

Боз жорғадай бұлғаңы деген теңеулер халық ауыз әдебиетіндегі әдеміліктің, көз тартар сұлулықтың символы ретінде бұрыннан бар суреттеулер.

Бұқар адамның жас ерекшелігі туралы толғауларында мынадай теңеулер кездеседі: әр бір он жылдық адам өмірінің бірін, ағып жатқан бұлаққа, екіншісін, жарға ойнаған лаққа, үшіншісін, ерттеп қойған құр атқа теңейді. Сол сияқты аттың сынын бергенде, от орнындай тұяқтым, саптаяқтай еріндім деген теңеулер бар.

Академик Қ. Жұмалиев Бұқар жырларында метафораның төмендегідей түрлерін көрсетеді:

1. Жіктік жалғаулары арқылы жасалған түрі кездеседі. Оған:

Сен бұзау терісі шөншік сің,

Мен өгіз терісі талыс пын.

Мен арғын деген арыс пын

Аузы кере қарыс пын

2. Бұқарда метафораның көлденең бір нәрсені екінші бір нәрсеге балау арқылы жасалатын түрі бар.

Тоқсан бес деген тор екен,

Дүйім жанның қоры екен,

Қарғиын десең екі жағы ор екен,

Түсіп кетсең түбіне

Түбі жоқ терең көл екен,

Ел қонбайтын шөл екен.

Жырау бұл жерде бір ғана тоқсан бесті «терең орға», «қорға», «торға», «түбі жоқ көлге», «ел қонбас шөлге» балап отыр.

Бұқар қолданған тұрақты есім сөз эпитеттерді санаулы ғана деп бағалаған Қ. Өмірәлиевтің пікіріне профессор Р. Сыздықова қарсы пікір айтады, яғни олар сан жағынан мол екендігін айта келіп, мынадай есім эпитеттерді келтіреді: үшкілсіз көйлек, бес уақытты бес намаз, сегіз қиыр шар тарап, еңсесі биік кең сарай, қу таяқты кедей, ақ сұңқар құс, толғамалы қамшы, он сан алаш, төрт құбыла, көк дабыл, тең құрбы, алтын тұғыр т. б.

Екінші топта, яғни -ған жұрнақты өткен шақ есімше арқылы келген эпитетті тіркестер тобына: ардақталған сұлулық, желкілдеген ту, жер қайысқан қол, омыртқасы үзілген, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен т. б. жатады.

Жыраулар поэзиясының композициялық құрылысындағы бір ерекшелік жыр жолдарындағы сөздердің не басқа буындарының қайталанып келуі. Бұқар толғауларындағы қайталауларды М. Жармұхамедұлы үш жүйеге жіктейді.

1. Бір сөздің әр жол сайын қайталануы. Оған:

Төрде отырған қарт бабаң

Төресін жаңлар малдан соң,

Төркіндеген бикешің

Тіркеусіз о да қайтар малдан соң («Ай не болар күннен соң»)

2. Бастан-аяқ ұйқас үшін алынған риторикалық сұрау түріндегі қайталаулар:

Көкте бұлт сөгілсе,

Көктеп болмас, не пайда?

Көкіректен жан шықса,

Қайтып келмес не пайда? («Көкте бұлт сөгілсе»)

3. Табиғи салыстыруларды үнемі шендестіріп қарама-қарсы қою арқылы жасалады. Мысалы:

Асқар таудың өлгені

Басын мұнар шалғаны.

Көктегі бұлттың өлгені -

Аса алмай таудан қалғаны.

Ай мен күннің өлгені -

Еңкейіп барып батқаны,

Айдын шалқар өлгені -

Мұз болып тастай қатқаны («Асқар таудың өлгені»)

Бұқардың толғауларында дыбыстық қайталаулар да жиі кездеседі. Яғни, жыр жолдарының дауысты-дауыссыз дыбыстардан басталуы. Бұқардың «Арту-арту бел келсе» атты толғауында ассонансты керемет қолданған және бұл толғаудың ерекшелігі - оның біркелкі «а» дауысты дыбысынан басталуы.

А рту-арту бел келсе,

А тан тартар бүгіліп.

А лыстан қара көрінсе,

А рғымақ шабар тігіліп.

А лыстан жанжал сөз келсе,

А зулы сөйлер жүгініп.

Ал аллитерацияға мысал ретінде Бұқардың «Айналасын жер тұтқан» толғауын алуға болады.

Қ ұландар ойнар қу тақыр

Қ урай бітпес демеңіз.

Қ урай бітпес құба жон

Қ ұлан жортпас демеңіз.

Қ ұрсағы жуан боз бие

Қ ұлын салмас демеңіз.

Қ улық туған құлаша

Қ ұрсақтанбас демеңіз.

Жаугершілік заманда өмір сүрген, атақты Найманның ру басы, көсемі, жырауы - Ақтамберді Сарыұлы. «Алдаспан» және «Бес ғасыр жыралайды» топтамаларына сүйенсек, Ақтамберді жырау 1675-1769 жылдар аралығында өмір сүрген. Ақтамберді шығармалары нақыл сөздерге, афоризмдік толғауларға толы. Қазақ халқының болмысы, тіршілік тынысы, сол кездегі тарихи оқиғалар оның толғауларынан ерекше айқын көрінеді.

Ақтамбердінің жырларынан өмірге байланысты философиялық ойларды жиі байқаймыз. Бұдан, жыраудың өз шығармаларын жасы ұлғайып, жасарын жасаған шағында шығарған шығар деген тұжырымға келеміз. Себебі, Ақтамбердінің шығармаларынан өзінің өмірден көргенін, білгенін, түйгенін астарлап жатпай, табиғи сұлулықпен оқырманға тура жеткізгенін аңғарамыз.

Жыраудың жырларында жекеше көрініп тұратын бір желі бар. Ол - мал туралы жолдары. Ертеде негізінен малшылықпен күнелткен қазақ халқы төрт түліктен теңеулерін аямаған. Тіршілігінің тірегі болған малға сөзін де, әнін де, күйін де арнаған.

Мал басы өскен адамның

Алды-арты бұрқар бу болар.

Көтере алмай дәулетін,

Көрінгенге бу қылар, - деп малы бардың кеудесі ісініп жүретінін тілге тиек еткен. «Ерлер жортар мал үшін», «Ерлер мінер ат үшін», «Өрісіңде мал өсер», «Мал бітпесе немене» деген жолдары ерекше назар аудартады. Мұнда малға табыну әуені басым. Ол заңды да. Өйткені, қазақ даласында көне заманда мал - ақша, бітімші орнына жүрген.

Жорықта көп болғандықтан да болар, төрт түліктің ішінде жылқы заты жырау жанына жақын келеді, оны Ақтамбердінің өзі де айтады:

Арудан асқан жар бар ма,

Жылқыдан асқан мал бар ма?!

Биенің сүті сары бал -

Қымыздан асқан дәм бар ма?!

Қыздың көркі құлпыда,

Жігіттің көркі жылқыда!

Осы өлеңнен-ақ қазақ тіршілігінде жылқының атқарған рөлін аңғару қиынға түспейді.

Ақтамберді жырлары көркемдік ерекшеліктерге бай. Әсіресе, толғауларында қайталаулар жиі байқалады. Ақтамбердінің де толғауларын М. Жармұхамедұлының бөлінісімен бөлуге болады. Мысалы:

1. Әр жол сайын бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталануы.

Көк көгершін , көгершін ,

Көкқұтан ұшар жем үшін ,

Тем, тем үшін, тем үшін ,

Тең құрбыдан кемі үшін («Көк көгершін, көгершін»)

Жауынгер жырау Ақтамбердінің 11 жолды бұл толғауында « үшін » сөзі 9 рет қайталанған.

2. Риторикалық сұрақтар арқылы шығармаларына қосымша экспрессия үстеу.

Арудан асқан жан бар ма,

Жылқыдан асқан мал бар ма,

Биенің сүті сары бал -

Қымыздан асқан дәм бар ма!

3. Есімшенің «ар», «ер», «с» жұрнақтары арқылы жасалған болжалды келер шақ түріндегі сөздердің қайталанып келуі.

Жағалбай деген ел болар,

Жағалтай деген көл болар,

Жағалтайдың жағасы

Жасыл да байтақ ну болар («Жағалбай деген ел болар»)

немесе

Жел, жел есер, жел есер,

Жекендейін саусылдап

Ораздының ұлы өсер ,

Өрісінде малы өсер,

Ағайыны тел өсер . («Жел, жел есер, жел есер»)

Дыбыс үндестігі - ақын-жыраулар қолданған әдістердің бірі. Дауыссыз дыбыстардың үндесуі (аллитерация) ақын, жырауларға тән ақтарыла ағындап, ұрандап келетін көтеріңкі пафосты дәл танытады.

Қ оңыраулы найза қолға алып,

Қ оңыр салқын төске алып,

Қ ол төңкерер ме екенбіз («Күлдір де күлдір кісінетіп»)

немесе

Б алпаң, балпаң кім баспас

Б асарға балтыр шыдамас.

Б атырмын деп кім айтпас,

Б арарға жүрек шыдамас. («Балпаң, балпаң кім баспас»)

Аллитерацияны қолдануда Ақтамбердінің ерекшелігі - «ж» әріпіне көп көңіл аударуында. Ақтамбердінің көп толғауларындағы жыр жолдары «ж» әріпінен басталады және бұл оқырманның назарын өзіне бірден аудартады.

Ж ағалбай деген ел болар,

Ж ағалтай деген көл болар,

Ж ағалтайдың жағасы

Ж асыл да байтақ ну болар («Жағалбай деген ел болар») немесе

Ж ағама қолдың тигенін,

Ж алғыздық, сенен көремін.

Ж амаулы киім кигенім,

Ж арлылық, сенен көремін («Жағама қолдың тигенін») .

Ақын-жыраулардың өмір құбылысын суреттеуде мол қолданған, ерекше алуан түрде келісті де шебер пайдаланған көркемдік тәсілдерінің бірі - эпитет.

Төбел бие сойғызып,

Төменде бидің кеңесін

Біз де құрар ма екенбіз?!

Боталаған боз інген

Азан-қазан, у да шу

О да бір алса мазамды-ай! («Күлдір-күлдір кісінетіп»)

«Төбел» және «боз» эпитеттерінің ақын-жыраулар поэзиясында қолдануы көне дәстүр көрінісі. Қазақ халқының ежелден келе жатқан наным-сенімінің, әдет-ғұрыпынан туған. «Боз» халық ұғымында киелі, қасиетті түс. Ақтамберді жырауда өзге көркемдік тәсілдерден гөрі заттың яки құбылыстың сыр-сипатын, белгі-бедерін, қадір-қасиетін, сапасын өзге затпен не құбылыспен салыстыра суреттеу арқылы танытып, айрықша ажар, мәнді мазмұн беріп, күшті әсерге бөлейтін теңеу түрлері көбірек кездеседі. Әрине, теңеу сапасы, оның көркемдік қуатын ақын-жыраудың дүниетанымына, өмір тәжірибесіне, тіршілік еткен ортасына, айтпақ ойына, авторлық идеясына байланысты [9, 181] .

Мойны бір жалпақ бұқадай,

Жоны бір жалпақ жотадай.

Дауысы қар азандай,

Желіні бар қазандай.

Жаралы қудай ыңырантып,

Жарылған мұздай күңірентіп.

Қайрауықтың ащы күйіндей

Қайырып боздап күйлентіп.

Беттерім мінсе шұбарын

Жұлындай қылып жаратып.

Біз осы теңеулерге қарап, бір ерекшелікті аңғарамыз. Ол жыраудың әрқилы саласынан әсіресе өздерін қоршаған табиғи ортамен мал шаруашылығы, өсімдік, жан-жануарлар дүниесі саласында мол мағлұматты болғандығы біз қарастырған үзінділердің өзінен-ақ айқын аңғарылады. Жырау өмір құбылысын т. б. суреттеуде бейнелі де бедерлі, қуатты да құнарлы, мағыналы да мәнді, отты да ойлы сөздерді мол қолданған. Жырау мұрасынан ажарлап, яки құбылтып, құлпыртып қолданған көркемдік тәсілдерді көптеп кездестіреміз. Жырау троптың (құбылту) түрлерін тамаша пайдаланған, солардың бірі - ауыстыру (метафора) мен айқындау (эпитет) . Алайда Ақтамбердінің кей толғауларында эпитет пен метафора қатар келетін тұстары бар. Мысалы, «Салпаң да салпаң жортармын» толғауында

Салпаң да салпаң жортармын,

Сары азбанға қосымды артармын.

Торлаусыз өскен құланмын,

Мезгілсіз жусап өрермін.

Байраққа біткен құрақпын,

Саусағым жерге түсірмен.

Жапанға біткен терекпін,

Еңсемнен, жел соқса да теңселмен.

Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,

Балталасаң да айырылман.

Сыртым - құрыш , жүзім - болат ,

Тасқа да салсаң майрылман!

Осы толғаудағы бастапқы екі жолдан басқасы түгелдей эпитет пен метафораға құрылған. Ауыстыру мен айқындаудың керемет үйлесімі біздің көз алдымызға табиғи сұлулық белгісі - дала ерке құланын, мейлінше еңсесі биік құрақты, дауыл мен дүлейге теңселмес мықты жасыл теректі, балтаның жүзі өтпейтін берік қарағайдың бұтағын елестетеді. Автор сөзді құбылту арқылы ой образын үстемелей, өсіре келе оның әсеріне күшейтетін күрделі метафоралар жыраудың өз бейнесін кереметтей тамаша шығарған.

Ақтамберді жыраудың жырларынан шендестірудің шебер үлгісін көруге болады. Адамның мінезін, ақылын қарама-қарсы қойып шендестіре суреттеу арқылы оқырманға ой салатын толғаулар жырауда аз емес. Мысалы,

Біліміді туған жақсыға

Залал қылмас мың қарға,

Жаман туған жігітке

Рақатты күн бар ма? («Мінезді болса жолдасың»)

Немесе

Қайырлы болса баяжан

Дария шалқар көлмен тең,

Қайырсыз болса жаман бай

Ел қонбаған шөлмен тең.

Ақтамбердімен бірге қатарласып өмір сүрген батыр, жырау - Үмбетей. Үмбетей жырау өзімен ғұмырлас, елінің қорғаны болған батырларды жырына тірек еткен. Өмірде болған адамның ісі оны тікелей көрген адамның көзімен өлшеніп бағаланады, суреттеледі. Соның нәтижесінде жыраудың толғауларынан елін жаудан қорғаған қайсар ер, қайтпас батырдың өр бейнесін көргендей боласың. «Бөгембай өліміне», «Бөгембай өлімін Абылай ханға естірту» атты толғауларында ол Бөгембай бастаған халық батырларын дәріптеген. Жырау Бөгембай батырдың ерлік бейнесін тамаша өрнектейді. Атамекенін жаудан қорғап қалған, халқымыздың ұлан-байтақ жерін Баянауыл, Қызыл тау, Абралы, Шыңғыстау - бүкіл Сарыарқа атырабын қалмақтардан аман алып қалған Бөгембай батырдың ерлігін сүйсіне жырлайды.

Жырау тек Бөгембайды ғана емес, Абылай тұсындағы қолбасы батырлардың - Қаракерей Қабанбайдың, Қаз дауысты Қазыбектің, Керейде батыр Жәнібектің, Сары, Баян мен Сағымбайдың ерліктерін де өлең жолдарына қосқан. Үмбетей жырау «Бәкеге», «Жауқашарға» өлеңдерінде жаман қылықтан сақтандырған, жақсы қылыққа адамгершілікке, адалдыққа үндеген. Жырау өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған. Жыраудың ерекше ұйқасқа көңіл бөлінгендігі аңғарылады, өлең жолдары көбіне үш буыннан үйлеседі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бұқар жырау
Толғау жанрының табиғаты
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет
ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ШИЕЛЕНІС
Ортағасырлық мәдениет және мемлекет қайраткерлері: асан қайғы, қазтуған, шалкиіз және жиембет жыраулар
Шешендік сөздер қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі ерекше жанр
Жыраулық пен ақындық поэзиясының даму жолдары
Жерұйық іздеген желмаялы Асанқайғы
ҚАЗАҚТЫҢ АЙТЫС ӨНЕРІ
Зар заман» ақындарының шығармашылығындағы ел мен жер тағдыры
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz