Ұлттық сана және діл



Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 61 бет
Таңдаулыға:   
КІРІСПЕ
Жаһандану заманында бір ел бір елден асып түсуге тырысуда. Алпауыт мемлекеттердің көлеңкесінде дамушы елдер көрінбей қалмаудың алдын алуда. Барша мемлекеттер нарықтық экономикамен, саяси өзгерістермен қатар әлемдік аренаға өздерінің ұлттық болмысын, ұлттық рухын, тарихи құндылықтарын шығаруға тырысуда. Бұндай үдерістен біздің еліміз де артта қалмауы тиіс. Елімізде болып жатқан келеңсіздіктер, адамдардың рухани құндылықтарды ысырып қойып, материалдық жағдайға ғана мән беруі, еуропаланудың тұрмысқа ғана емес, санаға да әсер етуі ұлттық болмыстың, ұлттық құндылықтардың ұмыт болуына әкелді. Елдің рухани мәдениеттенуіне, кемелденуіне арналған бағдарламалар мен шаралар жетерлік. Біздің зерттеуіміз аталған шаралардан өзге әрі өтімді болмақ. Тақырып сонылығымен ғана емес, қолданбалы деңгейімен, әлеуметтік мәселені көтеретіндігімен де маңызды, аса өткір, өзекті проблемаға арналған.
Зерттеудің өзектілігі: Тіл білімінің жаңа салаларымен айналысу қазіргі заманғы лингвистиканың басты мақсаты. Дипломдық жұмыс тіл білімінің жаңа саласы ділдік лингвистиканы негіздеуге, оны пән ретінде айқындауға арналған. Жұмыс тақырыбы бұрын зерттелмегендігімен де өзекті.
Дипломдық жұмысты жүзеге асыру арқылы Рухани жаңғыру бағдарламасының да мәні ашыла түспек. Ұлттық ділге мән беру, оны ғылым ретінде негіздеу, ел арасына кеңінен насихаттау аталмыш бағдарламаға жаңа өң бермек. Жоба қазақ ұлты үшін аса қажетті әрі сұранысқа ие тақырыпқа арналғандығымен де мәнді.
Зерттеудің мақсаты: Қазақ тіл білімінде тереңінен зерттелмеген діл түсінігін қарастыру, оның ұлттық санамен байланысын зерттеу және сол арқылы ұлттық діл түсінігін қарастыру. Ұлттық діл және оның тілдегі бейнесін анықтау үшін эксперименталдық талдау жасау.
Зерттеудің мақсатына сай міндеттері:
Діл ұғымының жалпы ғылымда қарастырылуын айқындау;
Ділдің дінмен, дәстүрмен, тілмен байланысын анықтау;
Ділдік лингвистика ғылымының ғылыми негізін іздеу, дәйектеу;
Ұлттық діл және оның тілдегі бейнесін анықтау үшін эксперименталдық
талдау жасау;
Қазақтың санасындағы ділдік мазмұнды айқындаушы сөздерге
ассоциативтік эксперимент жүргізу;
Діл мен тілдің көркем әдебиеттегі бейнесіне қатысты мысалдарды теру;
Ділдік лингвистиканы ғылыми пән ретінде негіздеу;
Зерттеу нысаны: тіл арқылы көрінетін діл, ділді айқындайтын түсініктер, ұлттық діл, ұлттық сана және тарихи жады.
Зерттеу жұмысында қолданылған әдіс-тәсілдер: Тақырыптың ерекшелігіне байланысты жалпылау, жинақтау, талдау, салыстыру, жүйелеу, ассоциативтік эксперимент, әлеуметтік, танымдық әдіс-тәсілдер қолданылған.
Зерттеудің дереккөздері: ділге байланысты және оның аясында жазылған қазақ, орыс және шет ел ғалымдарының мақалалары мен көлемді еңбектері, ғаламтор, әлеуметтік желілер қолданушыларының ғаламторға енгізілген сауалнамаға берген жауаптары, ассоциациялық экспериментке қатысушылардың деректері.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеудің нәтижесінде мынадай мәселелер ғылыми жаңалық ретінде шешімін тапты:
Ділге байланысты жазылған шет ел, орыс және қазақ ғалымдарының зерттеу жұмыстары мен көлемді еңбектеріне талдау жасалып, зерттеу мақсатына сай маңызды мәселелер анықталды;
Ділді анықтаушы факторлар ажыратылды және оның дінмен, салт-дәстүрмен, тілмен байланысы нақтыланды;
Ділдің тілдегі және әдебиеттегі көрінісі, отбасындағы ділдік ұстанымның тілдегі көрінісі және ұлттық ділдің тілдегі көрінісін анықтау үшін эксперименталдық талдаулар жүргізіліп, нәтижесі көрсетілді;
Ділдік лингвистиканың жеке пән ретіндегі ғылыми негіздері дәйектелді.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы: Зерттеудің нәтижелері іргелі зерттеулерге сүйене отырып, ділдік лингвистиканың ғылыми негізделуіне қатысты теориялық мәселелерді ғылыми жобалар ретінде жазуда және ғылыми жұмыстар жүргізуде өз деңгейінде үлес қосады. Сонымен қатар ділдік лингвистиканы жеке пән ретінде қалыптастыруға септігін тигізеді.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, 2 тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
Зерттеу жұмысының жарияланымы: Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы ұлттық сана атты халықаралық конференциясының жинағына Ер Едіге жырындағы ділдік ұғымдар тақырыбымен ғылыми мақаласы енді.

1 ДІЛ ҰҒЫМЫНЫҢ ҒЫЛЫМДА ҚАРАСТЫРЫЛУЫ
Діл түсінігі: лингвистикалық анализ
Діл ұғымының ғылыми терминологияға енгеніне біраз болды. Діл сөзінің орнына халықаралық термин ретінде менталитет деген атау пайдаланылады. Менталитет сөзі латын тілінен енген және сол тілден аударғанда mens, mentis сөзі ақыл, ойлау, пайым, ойдың көрінісі деген мағынаны білдіреді.
Діл ұғымына сөздіктерде түрлі анықтамалар берілген. Мысалы, саяси түсіндірме сөздікте: Діл - адамдардың белгілі бір қоғамдастығына тән, нақтылы тарихи-мәдени ортада қалыптасқан мінез-құлықтардың және іс-әрекеттердің біркелкі сипатын білдіретін ұғым деп берілсе, энциклопедиялық анықтамалықта: Діл - әлем картинасын жасайтын және мәдени дәстүр немесе қауымдастықтың бірлігін нығайтатын жалпы рухани көңіл-күй, наным-иланым, рух дағдысы, ойдың біртұтас жиынтығы деп түсіндіріледі [1, 79].
Бұл анықтамалықта діл қауымдастықтың бірлігін нығайтушы фактор ретінде берілсе, келесі бір сөздікте діл сана қабілеттері түрінде сипатталған. Мысалы, үлкен энциклопедиялық сөздікте менталитет - жеке адамға немесе қоғамдық топқа тəн сана қабілеттері, ойлау үлгісі, рухани қалыптары деп берілген [2, 63].
Әрбір халықтың өзіндік ділі бар: өзінің бет-бейнесі, ерекшелігі айқындалмаған халықтың тарихта болуы мүмкін емес. Зерттеуші ғалым М.С.Орынбеков Основные универсалии тюркского менталитета атты мақаласында ділге мынадай анықтама береді: Менталитет дегеніміз - қоғамның барлық мүшелеріне тән және жеке адам деңгейінде көрінетін қоғамдағы ұжымдық түрде құрылған ойлау жүйесі және тәртібі [3, 13].
Менталитет сөзін ғылымға енгізген және оны кеңінен пайдаланған немістің Аннал мектебінің ғалымдары болатын. Олар ділді тарихи процестің өзіне тән арқауы, орталық түйіні деп түсінді.
Бұл терминді ғылыми айналымға енгізген француз этнологі және социо-антропологі Л.Леви-Брюль болатын. Ол қарапайым халықтардың ойлау қабілеті мен ұжымдық түсінігін зерттеген. Ділдің өзіне тән белгісі ретінде Леви-Брюль қарапайым логикамен түсіндіруге келмейтіндігін, сенім мен адасуға ортақтастығын, түсініксіздігін айтады. Ол бірінші болып жазуы жоқ халықтардың ұжымдық өмірін түсіну қиындығын ескерген болатын.
Бұл термин ғылымға ХІХ ғасырда енгенімен, тек ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында ғана үлкен мәнге ие болды. Менталитет сөзінің қолдану аясы кеңіген сайын әр арнаға бұрылып, әртүрлі мәнде түсіндіріле бастады [4, 1].
Mentalite - термині саясиланған Еуропа қоғамында ойлау ғылымы саласында түбегейлі өзгерістер орын алған кезде туындады. Осы кезде сана мен ақыл бір түсінік емес екендігі мойындалды. Сана тек ақылдың емес, сонымен қатар адамның ойы мен эмоцияларының көзі болып келетін терең жəне жасырын бір құрамдас бөлікке ие екендігі анықталды. Бұл құрамдас бөлік менталитет деп аталды.
Бұл терминнің ғылымдық айналымға кірігуі оның идеологиялық құрылым, қоғамдық пікір, саясаттан тəуелсіз бола алатындығын көрсетті. Бұл түсініктің құрылымын білу үшін мазмұнын түсіну қажет. Сондай-ақ азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудағы рөлін білу қажет. Менталитетті зерттеу үшін, адам мəселесін зерттейтін барлық əдістердің бірігуін талап етеді. Мұнда ең тиімді əдіс құрылымдық функционалдық əдіс бола алады. Менталитеттің ойдан айырмашылығын қарастыра отырып, көптеген құрамдас бөліктердің жиынтығы, үйлесімі деп алу қажет.
Менталитет, бір жағынан, адамның барлық индивидуалдық қасиеттерін қайталай отырып, екінші жағынан, оның тұлғалық қайталанбастығын көрсетеді.
Еуропада діл ұғымының мәнін кеңірек түсіндірген Г.Бутуль болды. Ол 1952 жылы жарық көрген Менталитет атты еңбегінде ділге мынадай анықтама береді: Діл дегеніміз - бұл индивидке тән логикалық сипатта байланысқан немесе сенімге деген қатынасы арқылы байланысқан идеялар мен зияткерлік мақсаттарының жиынтығы [5, 3].
Г.Бутуль діл түсінігін таныммен емес, сеніммен байланыстыруы арқылы ерекшеленеді.
Г.Бутульдің анықтамасының ерекшелігінен кейін діл таныммен байланысты ма, әлде сеніммен байланысты ма деген ой туады. Ділді ұлтты ерекшелейтін фактор деп алсақ, ол таныммен байланысты болады. Бірақ ділдің де, сенімнің де пайда болуы үшін, алдымен тіл керек. Тіл тікелей таныммен байланысқа түседі. Тіл арқылы, оның танымдық қызметі арқылы барлығын танып білуге болады. Сондықтан да, біздер бұл жұмысымызда ділдің тілмен байланысының маңыздылығын дәлелдейміз.
Г.Бутульден кейін 1960 жылы Г.Дюби История и ее методы атты еңбегінің бір бөлімін История менталитета деп атап, оны ділдің пайда болуына арнады. Бұдан кейін А.Дюпрон Проблемы и методы истории коллективной психологии атты еңбегінде ділге анықтама берді. Осы екі еңбек жазылғаннан кейін, түрлі сөздіктер мен анықтамалықтарда, энциклопедияларда ділдің анықтамалары пайда бола бастады. Сол ғасырдың соңғы онжылдығында әр жерде басылған анықтамалардың түйіні ретінде Германияда Европейская история менталитета атты ұжымдық еңбек басылды. 30-ға жуық ғалым біріге отырып жазған бұл жинақтың редакторы неміс ғалымы П.Динцельбахер болатын. Ол діл жайындағы ойларын былайша жеткізеді: Діл дегеніміз - белгілі уақыттағы белгілі ұжымға тән ойлау мен қабылдаудың тәсілдері мен мазмұнының жиынтығы [4, 5]. Сонымен қатар, неміс ғалымы ділді тарихи категория ретінде анықтағаннан, сипаттап берген оңайырақ екенімен де келіседі.
Діл ұғымын Ресейде тарихшы, орыс мәдениеті тарихының маманы, РҒА қызметкері Л.Н.Пушкарев зерттеген. Ол өз зерттеулерінде діл сөзінің пайда болуын, оның кең ауқымға таралуын, ділдің тарихын қарастырады. Сонымен қатар, діл туралы жазылған француз, неміс, италиан ғалымдарының еңбектеріне талдау жасайды. Л.Н.Пушкарев діл туралы үлкен жинақ болып есептелетін Европейская история менталитета еңбегіне талдау жасай отырып, 30-ға жуық ғалымның бірігіп жазған еңбегін сынға алады. Ділді 17 бөлімге бөліп қарастырған ғалымдардың ойлары мен сипаттаулары бір жерде тоғыспайтындығын айта келе, бұл жинақ жай ғана 51 очерктің жиынтығы екенін тұжырымдайды.
Орыс ғалымы А.Я.Гуревич 1973 жылы Аннал мектебінің атасы атанған Марк Блоктың Памятники исторической мысли еңбегін талдай отырып, Блок, Фебр және оның ізбасарлары сынды француз ғалымдарының осы бір менталитет сөзін жиі пайдаланатынына назар аударады. Осы бір орыс тіліне тікелей аударылмайтын сөз арқылы олар біресе ой шабытын білдіреді, біресе психология мен ой жүйесін білдіреді. Mentalite сөзі мағынасы жағынан орыстың көзқарас, дүниетаным (мировоззрение) сөздеріне жақын келетін сыңайлы деп өз ойын білдіреді.
Л.Н.Пушкарев 1995 жылғы Что такое менталитет? атты көлемді мақаласында менталитет сөзіне орыс тілінен рухани әлем (духовный мир) сөзі сай келетіндігін жазады. Бірақ рухани әлем термині менталитет терминіне аударма да, ауыстырма да бола алмайтындығын дәйектейді. Менталитет сөзін орыс тіліне аударудың қаншалықты қажеттілігі бар? Бұл сөзді де иммунитет, суверенитет, муниципалитет сөздері сынды қабылдап, меңгеру қажет деген ойын білдіреді [4, 7].
Менталитет терминінің қазақша діл деген атауға ие болуы орыс ғалымдарының духовный мир деген баламасы сынды қазақ ғалымдарының арасында да дау туғызды. Қазақ ғылымында діл терминінің орнына өткен ғасырдың соңғы жылдарына дейін ділім термині қолданылып келді. Осы діл және оның маңызын зерттеуші ғалым Д.Кішібеков өз зерттеулерінде діл термині бұл ұғымның толық мәнін аша алмайтындығын және бұл терминді сол күйінде қалдырып менталитет деп қолданған жөн деп жазады [6, 4] . Ғалым Сәбетқазы Ақатай 1998 жылы жазылған Қазақтың ұлттық менталитеті атты мақаласында Менталитет - кейін жиі қолданысқа түскен латын сөзі ("ментал"), қазақы миымыздың ерекше түйсігі, ақыл ойының бейнесі, рухани қыртысы. Қазақшасы - діл дедік, алайда діл сенімге, иманға жуықтау ("сарттың тілі тəтті, ділі қатты") деген пікір айтады [7, 228]. Осыған ұқсас пікірді тағы бір қазақ ғалымы А.Ж.Құдабаев айтады: Соңғы жылдары менталитетті діл деп аударып жүр. Алайда, бұл мәселе әлі ғылыми тұрғыдан жете қарастырылуы қажет секілді. Оның кейбір анықтамасы тым бұлыңғыр Қ.Жарықбаев пен Ә.Табылдиев Әдеп пен жантану. Ұлттық тәлім-тәрбие еңбегінде Діл - көңіл, жүрек, пейіл делінген. Себебі, діл сөзі мұсылман-софылық әдебиеттен көшкен. Діл рух түсінігіне жақын, яғни жанның жоғары формасы, адам жанының ең түпкі, киелі мағынасын білдіруге арналған [8, 2].
Аталған еңбектердің жазылғанына 20 жылдай уақыт өтті. Қазіргі таңда елімізде діл сөзінің кең қолданысқа ие болуына орай және оған қатысты мәселелер бұрынғыдан белсенді қарастырылатындықтан діл термині білім алған, оқыған қазақстандықтарға жалпылама түсінікті. Дегенмен, оның ғылыми термин ретіндегі дефинициясы жоғарыдағы пікірлерге сүйенсек, сан алуан. Атап айтқанда, діл:
Ақыл-ойдың көрінісі;
Терең ой;
Халықтың болмысы;
Таза жүрек;
Ой жүйесі, ойлау тәсілі.
Сонымен, біздің пайымымызша, алдымен діл, ділдік және ділімділік терминдерінің мағынасын ашып алу қажет. Діл сөзінің ғылымның әр саласында қолданылуы оның аясын кеңейтті. Дегенмен қазіргі таңда тілдік қолданыстағы діл және ділдік терминдерінің орынды қолданылуына баса назар аудару керек.

Діл және ділдік (лингвистикалық және логика-философиялық тұжырымдар)
Діл түсінігі әр салада, әр тарапта зерттелген сайын оның ауқымы да кеңейе түсті. Діл ұғымымен қоса, сол сөзден туындаған ділдік, ділділік ұғымдары пайда болды.
Діл болған жерде ділділік мәселесі туындайды. Ділділік - индивидтің немесе топтың әрекетіндегі ділдің көрінісін, демек, оның айшықтығын немесе көмескілігін бейнелейді. Ділділік - бар немесе жоқ, көрініс беріп тұр немесе көрініс беріп тұрған жоқ - сонысымен ділділік. Бұқара бар жерде - жақсы немесе жаман болсын діл бар. Діл бар жерде жақсы не жаман болсын, оның көрінісі бар. Ділдің көрінісі ділділік болып табылады [9, 114].
Діл ұғымынан ділдік (ментальность) ұғымын ажыратудың да қажеттілігі туындайды. Л.Н.Пушкаревтің зерттеуінше, қоғамдық ғылым саласын зерттеуші орыс ғалымдарының біразы діл және ділдік ұғымдарын синоним дефиницияға жатқызады [10, 1]. Екі ұғымды бөлек қарастыратын ғалымдар діл түсінігі ортақ қоғамдық, жалпыадамдық мағынаға ие, ал ділдік түсінігі ойлау, сезім түсініктерімен тығыз байланысты екенін алға тартады.
Ділге байланысты зерттеулер жүргізген ғалымдар оны әр арнаға бұрады. Аннал мектебінің қолдануымен ғылыми айналымға енген діл түсінігінің ғылыми кеңістігі Г.Дюби, М.Блок сынды француз ғалымдарының тұжырымдамаларымен толығады. Орыс ғалымдарының ішінен діл түсінігін тереңінен қарастырған РҒА қызметкері, Ресей тарихшысы Л.Н.Пушкарев болды. Ол ділдің тарихына мән береді және ділді өз саласы, яғни тарих ғылымымен байланыста зерттейді.
Е.С.Кубрякова енгізген ғылыми аймақтар арасындағы шекараларды бұзу ұстанымын - экспансионизмді ұстанған ғалымдар ділді лингвистиканың әртүрлі салаларымен, бағыттарымен байланыста қарастырады. Жас ғалым В.С.Соседова қазіргі тіл біліміндегі діл мен әлемнің тілдік көрінісі түсініктерінің арақатынасын зерттейді. Жаңа заман лингвистикасының өзекті мәселелерін қарастыра отырып В.С.Соседова діл мәдени аспектімен, ал әлемнің тілдік көрінісі лингвомәдени аспектімен байланысты деген тұжырым жасайды. Бұған төмендегідей уәж айтуға болады: діл мен әлемнің тілдік бейнесі зерттеушілердің зерттеу аспектісі мен мақсатына байланысты түсіндірілетіні белгілі, алайда кең мағынасында діл бір уақытта мәдени ғана емес психологиялық аспектіде де көрінеді. Ал ғаламның тілдік бейнесі лингвотанымдық, лингвомәдени аспектілерде де қарастырылады.
И.В.Кондаковтың пікірінше, менталитетті əлемнің айнасы ұғымымен алмастыруға болады, алайда соңғысын елестетіп көруге болады, ал алғашқысын бастан кешіріп, эмоциямен түсіну керек [11, 8].
И.В.Кондаковтың пікіріне талдау жасайық. Біріншіден, әлемнің айнасы түсінігі қазіргі танымдық лингвомәдениеттану ғылымындағы ғалам бейнесі түсінігімен сай келеді және объективтілік тұрғысынан келгенде мағыналары ажырайды. Екіншіден, менталитетті, яғни ділді бастан кешіру деңгейінде өтеді десек, ол концептіге сай келеді. Сонда ғалымның пікірі мәдениеттану аспектісінде шешім тапқаны байқалады. Оны лингвотанымдық аспектіде дамытуға болады.
Қоғамтану ғылымдарының кандидаты Виталий Кулиш діл түсінігін халықтың тарихи жады түсінігімен бірге қарастырады. Ғалымның тұжырымдауы бойынша, бұл екі түсініктің мазмұны бөлек, бірақ бір-бірімен тығыз байланысты. Діл де, тарихи жады да қоғамдық субъектілердің, оның ішінде этностардың ұзақ уақыт араласуынан, байланыста болуынан пайда болады. Дегенмен, ділге белгілі бір халықтың ойлауының, салт-дәстүрінің, әдет-ғұрыпының, тілінің ерекшеліктері жатады. Тарихи жады мәдениеттің барлық құрылымдық элементтерінің бар болу тәсілін білдіреді, сонымен қатар, халықтың ділін көрсету және сақтап қалу амалы болып табылады. Сондықтан да, ділдің аясы кең, ал тарихи жады ділді анықтаушы, көрсетуші категория болып табылады [12, 3].
Ділді тілмен байланыста қарастырған ерлі-зайыпты ғалымдар Алексей мен Елена Бастриковтер болатын. Халықтың мінезін сипаттайтын категория - ділге А.В.Бастриков және Е.М.Бастрикова лингвомәдени концептілерді оның бірлігі ретінде қарастырады. Олардың пікірінше, егер ділділік - әлемді тану тәсілі болса, онда діл - ұлттың ерекшеліктеріне сай танымдық, эмотивтік және тәртіптік таптаурындарының (стереотиптері) жиынтығы [13, 1]. Бұл екі ғалым лингвомәдени концептілерді қарастыра отырып, ділді сөзге тиек етеді. Дегенмен, діл және ділдік ұғымдарының аражігін нақты ажырата алмайды.
Жоғарыдағы ғалымдардың пікіріне ден қойсақ, діл - халық мінезін сипаттайтын категория, ұлттың ерекше танымдық, эмотивтік және тәртіптік таптаурындарының (стереотиптері) жиынтығы. Алдымен, халық мінезі дегенге тоқталайық, расында діл бір ұлтқа тән дүние ме, әлде бір территория аймағындағы бірнеше ұлттардың, басқаша айтқанда халықтың мінезінің көрінісі ме? Екіншіден, діл таптаурындарының (стереотиптері) жиынтығы деген қаншалықты негізді?
Діл Егер стереотип десек, стереотип - бұл бұрынғы әлеуметтік тәжірибеге негізделген әлемді тануда және білуде ақпаратты қабылдаудың, сүзудің, түсіндірудің тарихи қоғамдастықта қабылданған үлгісі (Липпманның анықтамасы). Осы анықтама тұрғысынан келсек, ділдің мазмұны толық ашылмайтынын байқаймыз. Бірақ бұл жерде жай ғана таптаурын емес, ұлтқа тән танымдық таптаурын туралы сөз қозғалады. Бастриковтердің анықтамасы ділдің толық мәнін аша алмайды. Дегенмен, таптаурын туралы ой қозғап, ділге тән бір қасиетті көрсетеді.
Ресейлік тағы бір ғалым Е.Ф.Нечаева тілдік сана және ұлттық діл түсініктерін қарастырады. Ғалым билингвизм арқылы тілдік сана мен әлемнің индивидуалды бейнесін өзгерту мүмкіндігі туралы және орыс ұлтының ділі туралы сөз қозғайды [14, 1]. Тілдік сананың өзге тілді меңгерумен тікелей байланысты екенін дәйектейді. Адам өзге тілді үйренген сайын өзге тілдік санасыға тән қасиеттерді иелене бастайтындығын айтады. Тілдің құрылымы мен ұлттық ділді тікелей байланыстыру орынсыз екенін тұжырымдайды. Е.Ф.Нечаеваның тілдік сана мен ұлттық ділдің айырмашылығын анықтауына келсек, Е.В.Тищенко ділді дербес пәнаралық категория ретінде қарастырады. Оның айтуынша, діл адам түсінігінің ерекшеліктерін, оның қоршаған ортамен өзара байланысының құрылымын анықтайды. Сонымен қатар, адамдар тобының, халықтардың ділі ұлтаралық өзарақатынастың өзіне тән ерекшеліктерін анықтайды. Е.В.Тищенконың пайымдауынша, діл және ділдік түсініктеріне анықтамалардың көптеп берілуі бұл түсініктердің күрделілігі мен сан қырлылығын білдіреді. Осыған байланысты діл мен ділдік түсініктерін әр ыңғайынан қарап зерттеу қажеттілігі туатынын айтады [15, 2].
Діл мен ділдік ұғымдарының аражігін ажыратуда ғалымдардың пікірі екіге бөлінеді. Жоғарыда айтылғандай, бір топ ғалымдар діл мен ділдік ұғымдарын бір ұғым ретінде қарастырады. Ал енді бір топ ғалымдар ділдікке қарағанда ділдің ауқымы кең екенін дәлелдейді.
Қазақ ғылымына діл түсінігі өткен ғасырдың соңғы жылдарында енсе де, ол ғылымда бірден орнығып кетпеді. 2008 жылы шығарылған түсіндірме сөздіктерде діл түсінігіне өте қысқа анықтама беріледі. Мұстапа Бұралқыұлының жинақтауымен жарық көрген түсіндерме сөздікте Діл - адал ниет, көңілдегі шындық деген түсінік беріліп, Қалтқысыз ділімен айтылды деген түсінік беріледі [16, 55]. Т.Жанұзақовтың құрастыруымен басылған қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде Діл - таза жүрек, терең ой деп беріледі [17, 43]. Аталған авторлар ділдің метафоралық анықтамасын берген. Оларды ғылыми негізге алу шынайы анықтауға келіңкіремес дейміз. Бірақ кейіннен жарық көрген сөздіктерде ділдің мағынасы ашыла түседі.
Ділдің зерттелу ауқымының кеңеюі де, діл түсінігіне қызығушылық танытушы ғалымдардың көбеюі де, оны әр ғылым саласында қарастыруға мәжбүр етеді. Діл түсінігі белгілі бір ғылым саласына тиесілі емес. Ендігі кезекте, ділді қай ғылым саласында қарастыру керек деген дау туады.

Діл: аралық ғылымдардың зерттеу нысаны ретінде
Діл қай ғылым саласында қарастырылады деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Діл нақты бір ғылымның саласына тиесілі термин емес және нақты ғылым саласынан бөлініп шықпайды. Ол аралық ғылым саласы және әлеуметтану, тарих, философия, психология, лингвистика, этнология, мәдениеттану және тағы басқа ғылым салаларының тоғысында пайда болды.
Ділдің қай ғылым саласында қарастырылуына байланысты ғалымдардың пікірлері бірдей емес. Кей ғалымдар ділді мәдениеттанудың объектісі деп таниды, ал кей ғалымдар оны лингвомәдениеттануға тиесілі ұғым деп санайды.
М.В.Воробьеваның пікірінше, ділдің гуманитарлық білім жүйесінің мәдениеттану ғылымы айналымына бірте-бірте ене бастауы заңды құбылыс. Себебі, мәдениеттанудың мақсаты - мәдениет ерекшеліктерін, әсіресе, әлеуметтік-мәдени қондырғыларды, түсініктерді, стереотиптерді, құндылық жүйелерін зерттеу. Мәдениеттану әр дәуірдің мазмұнын адамның ішкі жан дүниесі арқылы көрсетуге тырысады және анализ жасау үшін жазба дереккөздер, түрлі тарихи жәдігерлер сынды мәдениеттің құралдарын пайдаланады. Осыған сай ділді зерттеуші тарихшылар да мәдениеттану бағытта жұмыстануға мәжбүр болады. Сондықтан да, діл концептісі жаңа гуманитарлық білім жүйесіне тез сіңісіп кетті. Ділдің тарихқа да, мәдениеттануға да ортақтастығынан, белгілі бір тарихи кезеңнің ділі зерттеу тақырыбы болып табылатын тарихшылар мәдениеттану зерттеушілері болып есептеледі. Ресей мәдениеттану ғылымында өзіндік бағыт - ділдік мәдениет пайда болды. Бұл бағыттың танымал өкілдері ретінде А.Я.Гуревичті, Ю.Л.Бессмертныйды, А.Л.Ястребицкийді, В.П.Даркевичті атауға болады [18, 1].
М.В.Воробьева ділдік түсінігінің мәдениеттануда қарастырылуы мәдениеттанудың дербес пәнаралық байланысты (междисциплинарность) алға тартқан кезінде өте маңызды деп есептейді. Мәдениеттану - әлеуметтік-гуманитарлық білімдердің шоғырланған аймағы. Ол мәдениет философиясы, мәдени антропология, әлеуметтану, психология, тарих, лингвистика сынды ғылымдардың тоғысуынан пайда болды. Мәдениеттану аталған ғылымдардың әдіснамалық тәсілдерін қолданады, зерттеу материалдарын пайдаланады, білімді жалпылауға және синтездеуге тырысады. Діл түсінігі де мәдениеттану сияқты дербес пәнаралық байланысқа негізделген. Дербес пәнаралық байланысқа басымдылық беру және білімнің бірігуі ділдік түсінігінің мәдениеттану ғылымында қолданылуы қажет екендігін көрсетедi [18, 3].
Лингвомәдениеттану мәдениеттану, этнология, психология, жалпы тіл білімі салаларын қоса зерттеуді қамтитын біріккен ғылыми пән болып саналады. Лингвомәдениеттану өзінің негізгі орталығын концепттердің көмегі арқылы шынайы әлемді категориялауға негіздейді. Лингвомәдениеттануда жалпы тіл білімі саласы арқылы туындайтын тіл интеграциясымен немесе тілдің мәнімен байланысты түсініктер әлі күнге дейін проблемалы болып келеді. Бірақ бұл үшін дербес пәнаралық ғылымды кінәлауға болмайды. Дегенмен, жалпы тіл білімі теориялық әдебиеттің үлкен қабатына сүйенеді және мәдениет, ұлт, ұлттық діл, ұлттық мәдениет, әлемнің тілдік моделі сынды лингвомәдениеттану үшін спецификалық түсініктердің орны басқаша көрінеді [19, 2]. Осы тұжырымдамаларға сәйкес ғалым С.Г.Шафиков діл түсінігін қоғам өмірін ұлттық тілде сөйлейтін халықтың мәдениетімен, өткен тарихымен, даму кезеңдерiмен, салт-дәстүрiмен ұштастыра зерттеу арқылы пайда болған лингвомәдениеттану ғылымында қарастыруды дұрыс деп санайды.
Әрине, бұл ретте ділді пән ретінде емес, түсінік ретінде лингвомәдениеттану аясына кірістіру меңзеліп отырғаны белгілі.
Діл түсінігіне байланысты дауда қазақ ғалымы А.Ж.Құдабаев мынандай пікір білдіреді: Бұл терминнің (яғни, ділдің) белсенді түрде қолданыла бастауы социология, психология, этнология, философия, т.б. гуманитарлық ғылымдардың ХХ ғасырдың ішінде теориялық-методологиялық жағынан түбегейлі бір өзгерістерге бет алғанын көрсетеді. Менталитет, ментальность терминдері ХХ ғасырда батыс ғылымында жаңа термин болып (дүниеге көзқарас мағынасында) тарай бастағанының негізгі себебі - психология мен мәдениеттану ғылымдарының жетістіктеріне бацланысты сана мен ақыл, интеллект ұғымдарының бірдей емес екенін білдіру үшін, нақты адамның дүниетанымында, дүниеге көзқарасында тек саналы ғана емес, оған қоса бейсаналық импульстардың да болатыны, нақты адамға (сол сияқты ұлтқа) тән дүниеге көзқарас тұтас екенін және оның ішінде абстракты-логикалық білім мен сезімдік образдар, таза ғылыми түсініктер мен мистикалық түйсіктер - барлығы ұштасып, байланысып жататынын көрсету үшін керек болды [8, 2]. А.Ж.Құдабаевтың пікірі де М.В.Воробьеваның пікірімен ұқсас. Екеуі де діл түсінігін мәдениеттану аясында қарастыруды қолдайды.
Қай тілдің болмасын, оның түп негізі, шын иесі - белгілі бір халық, дәлірек айтсақ ұлт, немесе ұлыс. Ол тілде оны тұтынушы ұлттың өмір тарихы толайым сақталады. Халықтың ұлттық, тілдік, ерекшеліктері оның мәдениетінен және керісінше, мәдениеті тілінде көрініс табады.
Тіл тұтастығы қалыптасуының сол тілде сөйлеуші халықтың бір-бірімен өзара тығыз қарым-қатынасымен түсіндірілу жайы етене әлеуметтік уәжділіктермен байланысты. Ұлттың шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киер киім мен ішер азықтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты, т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел т.с.с. арқылы ғана бізге жетуі мүмкін Осы орайда "ұлт пен тіл біртұтас" деген қағидаға сүйенетін, этностың тілдік қазынасын сол халықтың руханимәдени, тарихи түпнегіздерімен өзектестігін түсініп, яғни адам табиғаты мен тіл табиғатын сабақтастыра зерттейтін антрополингвистика, когнитивтік лингвистика, психолингвистика т.с.с. лингвистика салаларының дамуы - қазіргі тіл ғылымының жаңа бағыттарының теориялық негіздерін зерделеу барысында көз жеткізе аламыз [20, 158].
Этнолингвистика (грек. ethnos - халық, тайпа) - тілді халық (ұлт) мәдениетімен, болмыс-бітімімен байланыста, бірлікте зерттейтін металингвистикалық сала. Этнолингвистиканың басты назары - белгілі бір этностың қайталанбас феномен ретіндегі өзіне ғана тән психологиясы мен дүниетанымын сол ұлт тұтынатын тіл тұрғысынан зерделеуге бағытталады.
Тіл біліміндегі дербес бағыт ретінде этнолингвистика ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. бас кезеңінде АҚШ-тағы этнографиялық, археологиялық және лингвистикалық әдістер арқылы адамзаттың рухани мәдениетін кешенді түрде зерттеуді пән еткен мәдени антропологияның ауқымында пайда болды. Сол себептен де, көп жағдайда этнолингвистика терминімен бірге антропологиялық лингвистика немесе лингвистикалық антропология деген тіркесімдер бір ұғымда жарыса қолданылады.
Діл белгілі бір ұлттың болмысының, салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпының, танымының көрінісі болғандықтан, осы көріністерге сай келетін сала этнолингвистикада ділді неге қарастырмасқа деген орынды сауал туады. Бірақ орыс ғалымдары ділді мәдениетпен көбірек байланыстырады және бұл салаға тоқтала бермейді. Егер ділді этнолингвистиканың аясында қарастыру оның ойлаумен, ақылмен байланысы көрініс бермейді. Біздің тұжырымымыз бойынша, ділдің этнолингвистикамен байланысын да қарастыру керек.
Діл - қоғамды негіздеуші, анықтаушы фактор. Ол философиялық категория болып табылады. Қоғамтану ғылымымен, оның аясымен байланыста болады. Діл қоғамда көрініс табады. Ділдің көрінуі үшін қоғамдық сананың, ұлттық сананың маңызы зор.

Қоғамдық сана және оның түрлері
Ділмен бірге қоғамдық ойлау, қоғамдық сана, ұлттық мінез, ұлттық болмыс түсініктері қатар жүреді. Діл бұл түсініктерден ауқымды болып келеді. Өйткені, аталған түсініктердің барлығы ділге қызмет етеді, оның құрамдас бөліктері болып табылады.
Философияда сананы болмыстың бір түрі ретінде қарастырады. Қазақ философы Серік Мырзалы сананы танымдық тұрғыдан қарап, оған дүниені бейнелеудің ең биік, тек адамға ғана тән идеалдық формасы деген анықтама береді. Сонымен қатар, философ сананың материя еместігін , оны болмыстық тұрғыдан кең түрде қарағанда, сана - адамның ішкі жан дүниесі, адам белсенділігінің психикалық деңгейі, адамдардың ой толғаулары дегенді айтады [21, 438].
Сана - әуелде философияда қарастырылған ұғым және оның түрлері көп. Ол дара адамдық және қоғамдық, қарапайым және теориялық, ғылыми және ғылымға жат, прогрессивтік және кертартпа болады. Бұлардың ішінде біз қоғамдық сана түсінігін қарастырамыз. Қоғамдық сана - көпшіліктің рухани құралына айналған сана, мәселен, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер. Қоғамдық сана дегеніміз - қоғамның рухани өмірі, яғни адамдардың қоғамдық өмірін бейнелейтін олардың саяси, құқықтық, адамгершілік, ғылыми, философиялық, эстетикалық идеялары, көзқарастары мен теориялары, діни түсініктері, дағдылары мен әдет-ғұрыптары. Олай болу үшін сана көптеген адамның ойын, мақсатын, мұңын, қуанышын бірдей бейнелейтін, уағыздайтын болу керек. Ондай сананы қоғамдық сана дейді [22, 120].
Г.Кактаева Философия негіздері атты еңбегінде қоғамдық сананың 7 түрін көрсетеді: діни сана, атеистік сана, философиялық сана, саяси сана, құқықтық сана, моральдық сана және эстетикалық сана. Ғалым қоғамдық сананың әр түрін жеке қарастырып, оларға анықтама береді.
А.Гуревич діл жайында мынадай пікір білдіреді: Менталитет индивидуалды жəне қоғамдық сананың деңгейі... тірі, өзгергіш, дегенмен сол қоғамға тəн, мəдени дəстүрлердің терең аймақтарына сүйенетін өмірлік қалып, əрекет үлгілері, эмоция, көңіл-күйдің константтары бар... [23, 58]. Ділді қоғамдық сананың деңгейі ретінде көрсете отырып, оның тірі әрі өзгергіш қасиетке ие екендігін танытады.
Философ Т.Х.Ғабитов өзінің Қазақ философиясы атты еңбегінде қазақ халқының тарихи санасының қалыптасуы, дамуы туралы жазады және қазақ халқының тарихи санасын зерттеудің әдіснамалық мәселелерін қарастырады. Сонымен қатар, тарихи сананың үш бітімін көрсетеді.
Адами-өмірбаяндық ес. Әркім өзінің ұрпақтарының жадысында сақталған уақытқа дейін өмір сүре береді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы Жеті атасын білмеген ұл жетесіз деген нақыл сөз осыған мегзейді.
Шежірелік (генеологиялық) немесе ауызекі тарихи ес. Бұл формада жеке дара кісілік естің ауқымы кеңейтілгенімен, мәдени артефакт (тарихи тұлға, оқиға, құндылық т.б.) туралы тарихи білім өз объективтілігінен айырылып қалуы мүмкін. Мысалы, исламға дейін қалыптасқан тарихи шежірелер кейін мұсылмандық арғы тектермен толықтырылды. Өзінің түпнегізін пайғамбардан, сахабалардан, жалпы арабтардан бастау беделді болып есептеледі.
Тарихи ес. Ислам мен христиандықта жазылған сөздің түпнегізі жаратушының адамзатқа берген сыйы деп есептеледі. Жазбаша мәтін тарих сындарынан өтетін мәдени құндылықтардың сақталуының кепілі. Ырық бітіг пен Алтын жарық, Орхон-Енисей жазбалары, Қорқыт ата кітабы, т.б. осындай функцияны атқарады [24, 147].
Қоғамдық сана - қоғамның рухани өмірінің, адам ойында шындықтың бейнеленуінің барлық түрлерін қамтитын философиялық категория, әртүрлі әлеуметтік қауымдастықтардың өмір сүруі процесінде пайда болатын адамдардың әлемге және өздеріне деген қатынастарының рухани тәсілдерінің жүйесі. Оған қоғамдық идеялар, теориялар, саяси, құқықтық, адамгершілік, эстетика, философия, діни қозғалыстар, ғылыми білімдер, т.б. жатады. Қоғамдық сана әлеуметтік сезімдер мен көңіл-күйлерді, әдет-ғұрыптар мен мінез- құлықтарды, қалыптасқан дәстүрлерді, ұлттар мен халықтардың психикалық кейіп ерекшеліктерін де қамтиды.
Қоғамдық сана қоғамдық болмыстан туып, соның бейнесі мен туындысы болып табылады. Сана болмыстың бейнесі болғандықтан, қоғамдық болмыс өзгергеннен кейін сана да өзгереді. Бірақ қоғам мүшелерінің санасы белгілі бір мерзімге дейін өзгерген болмысқа сәйкес келмеуі, яғни артта қалуы мүмкін. Қоғамдық сана болмысты бейнелеп қана қоймайды, ол бейнеленген нысанды қозғайды, оны өзгертіп, дамытады. Оның күрделі ішкі құрылымдарының деңгейі мен түрлерін ашып көрсетуге болады. Қоғамдық сананың деңгейлеріне тікелей бүқараның, жекелеген әлеуметтік топтар өмірінің күнделікті жағдайларынан туатын қарапайым, эмпирикалық сана және қоғамдық топтардың түпкілікті мүдделерінің рухани көрінісі ретінде ғылыми-теориялық сана жатады. Қоғамдық сананың түрлері объективтік дүние мен қоғамдық болмыстың адам санасында бейнеленуін көрсетіп, адамның тәжірибелік іс-әрекеттерінен байқалып, қоғамның рухани мәдениетінің қүрамдас бөлігіне айналады. Қоғамдық сананың тарихи қалыптасқан түрлері: саясат, құқық, философия, мораль, өнер қоғамдық болмысты бейнелей отырып, оған белсенді түрде ықпал етеді. Оның әрқайсысының өз нысанасы мен бейнелеу тәсілінің болуына қарамастан, болмыс пен адам санасына өзіндік әсерін тигізіп, идеялық-саяси күресте ерекше рөл атқаруымен сипатталады [25, 29].
Менталитет - ұлттық сана немесе ұлттық мәдениет (дәстүр) ұғымдарынан анағұрлым кең, әрі күрделі мағынаны білдіреді. Соңғы екі ұғымнан айырмашылығы: біріншіден, менталитетке бейсаналы, беймәдени (яғни жеке тұлғалардың сын көзімен каралып, ой елегінен өткізіліп, канонға, үлгіге айналып, теориялық түрде айқындалмаған жақтары) түсініктер, сезімдер, көзқарастар кіре береді. Бұл сөз шын мәнінде "психология" сөзінен жақын, ол ұлттық әлеуметтік психологияның тіршілігін білдіреді. Жан-дүние, мінез-құлық (және олардың көрінісі жүріс-тұрысы) - деген қазақы ұғымға жақын келеді.
Екіншіден, (біріншімен тығыз байланысты), бұл термин жалпы халыктың келбетті, мінезді білдіруге арналған (саналы элита, мәдениетті жасаушылар мен бұқара деп карамай). Олардың барлығына ортақ, 6үкіл этносқа, ұлтқа тән сипаттар жинағы.
Үшіншіден, бұл ұғым - халықтың өзіндік ұлттық ерекшелігін баса көрсету үшін дүниеге келген термин. Осы термин арқылы нақты бір ұлттың басқалардан айырмашылығын, өзінің қолтаңбасын, қайталанбас дара келбетін (сол арқылы тарихи рөлін, миссиясын) танимыз, олардың ойлау, дүниені қабылдау, әлемді игеру, сезіну т.б. өзіндік ерекшеліктері арқылы ұлттық менін білуге болады [8, 2].
Сонымен, ұлттық діл - бұл бір халыққа (ұлт) тән болған, типтік түрге айналған, тарихи даму нәтижесінде қалыптасқан дүниетанымдық, дүние қабылдау, іс-әрекет, жүріс-тұрыс формалары мен тәсілдерінің жиынтығы.
Л.Н.Пушкарев ділмен қоса, қоғамдық ойлау түсінігін қарастырады. Оның пайымдауынша, қоғамдық ойлаудың аясы тар. Сондықтан да, ол ділдің бір бөлшегі ретінде қарастырылады. Қоғамдық ойлау ділді анықтамайды, оның көрінісі болып табылмайды, десе де, оның бір бөлшегі болып табылады.
Соңғы кездері ұлттық сана ұғымына көп мән беріліп жүр. Ұлттық сана қоғамдық сананың бір түрі ретінде қарастырылады.

Ұлттық сана және діл
Ұлттық сана - ұлт руханиятының негізі. Ұрпақтан ұрпаққа тарихи білім, тұлғалар тағылымы, ұлттық тәрбие арқылы беріліп отырады. Ұлттық сананы ұлт руханиятының өзегі дейтін себебіміз, тарихта қазақты ұлт ретінде сақтап қалған дүние - ұлттық сана, ұлттық сананың рухы. Ұлттық сана ұлттың рухани әлемінде сақталып, ұрпаққа рухани дүниелер арқылы беріліп отырғандықтан да тарихтың қиын кезеңдерінің өзінде елдің бірлігі жоғалмаған.
Күнделікті өмірде ұлттық ділге әсер ету әртүрлі деңгейде көрсетіледі. Ұлттық діл айтарлықтай дәрежеде коммуникативтік тәртіп пен сөйлеушілердің коммуникативтік мәдениетін негіздейді. Мысалы, орыс халқына коммуникативтік қарым-қатынас тән. Олар, тіпті олардың әйел азаматтары да танымайтын адаммен де тез тіл табысып кетеді. Ал бұл қасиет қазақ халқына, оның ішінде қазақ қыздарына тән емес.
Ділге тән ең басты қасиеттерге кеңістікті қабылдау, уақытты қабылдау, өзіңді жеке адам деп қабылдау кезіндегі жеке мен қоғамдық игіліктердің арақатынасы жатады. Елдің тарихи дамуы, белгілі бір құрылымдық мәдени мұраның бар болуы және географиялық фактор ділдің қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлар болып табылады. Г.С.Сүйінова орыс және қазақ мәдениетінің спецификасын дала (степь) сөзі арқылы қарастырады [26, 283]. Сүйінованың пікірінше, славяндықтардың тұрмысында орман маңызды орта болып саналады. Далаға қарағанда, олар өздерін орманда сенімді, қауіпсіз сезінеді. Орыс халқының түсінігінде қауіп-қатер даладан келеді, ал орман оған пана болады. Көшпелі өмір сүрген қазақ халқы үшін дала оның мекені, үйі. Қазақ халқы даланың қыр-сырымен таныс. Олар далада өздерін еркін сезінеді және көшпелі тұрмыстың арқасында далада жүріп әлемді таныды. Географиялық ерекшеліктің ділге әсері зор екеніне Г.С.Сүйінованың зерттеуі мысал бола алады.
Қазақтың санасында дала түсінігі қыр, тау сынды түсініктермен де астасып жатыр. Қазақ баласы далада өзін еркін сезінеді және оның барлық қыр-сырымен таныс. Даладағы еркіндікке деген құштарлық, таудың табиғатына деген сезім қазақтың ұлы даласында өскен баланың бойына сіңген. Таулы аймақта өскен адам таудың қыр-сырын біледі, ал қырда өскен адам жазықтықтың қасиетін біледі. Мұндай пайымдауларды қазақ ақындарының өлең жолдарынан да көруге болады:
Тау баласы тауға қарап өседі деген Т.Молдағалиевтің, яғни Алматының биік тауларына тамсанып өскен ақынның сөзіне қырда туған ақын Т.Досымовтың Биіктік атты өлеңінің мына жолдарын қатар қоюға болады:
Бір құдірет тұла бойда тасқанда,
Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,
Қыр баласы тауға қарап өспейді,
Қыр баласы қол созады аспанға.
Қазақтың санасында даланы, тауды, қырды сезіну, оның тілін білу, онымен сырласу сақталған. Далаға шыққанда демалып, тынысы ашылатыны сондықтан.
Менталитет төмендегілерден тұратын күрделі құбылыс болып келеді: ойды жеткізетін құрал ретіндегі тіл, жас буынның жоғары буынға қатынасы, адамдар мен басқа ұлттар арасындағы қатынас, халықтың рухани қызметі; салт-дəстүр; діни көзқарастар; табиғат пен адамды қабылдаудың ерекшеліктері; материалдық өндіріске қатысты адамның өз күшін тануы.
Кей ғалымдардың пікірінше, адамның, халықтың діліне әсер ететін тағы бір негізгі фактор - шыққан тегі. Тектілік - өсіп-өнген ортаға байланысты әлеуметтік құбылыс. Адамның бар болмысы, қабілет-қасиеті, мінез-құлқы, бүкіл ділі қоғамда қалыптасады. Тектіліктің тұқым қуалайтынын да жоққа шығаруға болмайды.
Біздің тұжырымымызша, ділге саясат та әсер етеді. Діл заманға сай өзгереді. Саясаткер Дос Көшім діл әуелі қорқыныштан өзгереді дегенді айтады. Басқыншылық тоталитарлық жүйеден өзгере ме, жоқ әлде, оны идеология өзгерте ме? Дос Көшімнің ойынша оны идеология өзгертеді.
Дос Көшім қай қорқыныш жайында сөз қозғап отыр? Идеологияға бағынған қазақтың дамуына, жетілуіне, білім алуына саясат кедергі болды. Зиялы қауым өкілдерінің де жұмыстануына тыйым салынды. Осының барлығы надандыққа, сананың кемдігіне, сананы қорқыныш билеуіне, шала ұлт болуға алып келді.
Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің мынадай пікірі Дос Көшімнің айтпақ ойын нақтылай түседі: 1916 жылы империяға қарадық. Бірінші дүниежүзілік соғыс тұсында қазақтардан адам аламыз дегенде, қазақтар адам бермейміз деп асаулық танытты. Арада 25 жыл өтті. Ұлы Отан соғысына бармаймыз деп айтуға қазақтың шамасы келмеді. Себебі, қазақтың рухы өзгерді. Бұнда 25 жылдық коммунистік тәрбие де бар. 1932 жылғы аштық, 1937-38 жылдардағы репрессия - осының бәрі қазаққа әсерін тигізді. Бұлар қазақтың омыртқасын үзіп жіберген нәрселер. Діл де осылай өзгереді. Арада ғасыр емес, 25 жыл өткенде, халықтың мінезі, тағдыры осылай өзгеріп, жуасып, жасиды екен [27].
Сәбетқазы Ақатайдың мына пікірі Қабдеш Жұмаділовтың ойымен сай келеді: Қазақ қазақ болғалы қанша дəуір өтті, өзінің ұлт болып нығаю барысында қаншама жақсылық пен жамандықты басынан кешірді; кіммен достасты, кіммен қастасты, кімнен қорлық, кімнен зорлық көрді - осының барлығы оның ұлттық менталитетінде, жадында сақталып, жүріс-тұрысын, салтсанасын оятып отырды. Мəселен, 1932 - 33 жылғы ашаршылық салдары қазақтың табалдырығынан аттап ұзап кетті, оның қазақ тұрмысында сілемі қалған жоқ ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Этнопсихологияда жеке тұлғаның эмоционалды-танымдық сферасы
Ұлттық сананы қалыптастыру
Қазақ халқына тән ұлттың рухтың катеориялары
Көрнекті, ұлтжанды жазушы Ә. Кекілбаевтың әңгіме, повесть, романдарындағы ұлттық менталитеттің бейнелену шеберлігі
Қоғамтану
«Қоғамдық білім негіздері»
қазіргі жастар тәрбиесінің гуманистік сипаты және ж.баласағұнның рухани құндылықтар жүйесімен үндестігі
«Ақын – жыраулар шығармашылығындағы дүниетаным»
Адамның сенім жүйесі оның дүниетаным көрінісі
Қоғамдағы саяси ілімдерді қалыптастырудағы ұлы ойшылдардың маңызы мен ролі
Пәндер