ҚОҒАМНЫҢ ДАМУ БАРЫСЫНДАҒЫ ДІННІҢ ОРНЫ


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
ШЕТ ТІЛДЕР ЖӘНЕ ІСКЕРЛІК КАРЬЕРА УНИВЕРСИТЕТІ
«ТАРИХ ЖӘНЕ ДІНТАНУ» ФАКУЛЬТЕТІ
«ТАРИХ ЖӘНЕ ДІНТАНУ» КАФЕДРАСЫ
Талғат
Дін - этносаралық татулықпен бейбітшіліктің негізгі көпірі
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ
Алматы 2020
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
I. ҚОҒАМНЫҢ ДАМУ БАРЫСЫНДАҒЫ ДІННІҢ ОРНЫ
1. 1 Адамзат тарихындағы - дін . . . 8
1. 2 Қоғамдағы діннің атқаратын қызметі . . . 25
ІІ ЭТНИКААРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН БЕЙБІТШІЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ДІННІҢ АЛАТЫН ОРНЫ МЕН РОЛІ
2. 1 Діни бірлестіктер және олардың қоғамдағы алатын орны мен қызметілігі . . . 34
2. 2 Ұлтаралық бірлікті сақтаудағы діни диалог және келісім . . . 46
2. 3 Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлер съездерінің діни және этносарылық қарым-қатынасты дамытудағы орны . . . 54
ҚОРЫТЫНДЫ . . . … . . . … . . . 60
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . …. …… . . . 63
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты. Дінсіз қоғамды елестету мүмкін емес. Дін халық мәдениетінің рухани негізі. Оның қоғамда алатын орны қашанда ерекше. Адам баласы қандай қоғамда өмір сүрсе де дінге, жаратқан тәңірге, иманға берік сенеді. Дін - әлемдік өркениеттегі барлық қоғамдық құрылыстарға тән тарихи, саяси - әлеуметтік, дүниетанымдық және психологиялық құбылыс. Адамдарға күш - жігер беретін, қоғамды тәртіпке келтіретін, жақсылық пен туралыққа жетелейтін, жалғыздық пен қиыншылықты жойып, сенімділікті орнататындардың басында қашанда дін тұрмақ. Сол себепті бұл ғылыми жұмысымда қазіргі полеэтностық қоғамдағы конфессионалдық жағдайдың қалыптасуы мен дамуы, ондағы ұлттар мен ұлыстаралық татулық пен бірлікті орнатудағы конфессиялар мен діни ұйымдардың алатын орны мен қызметтілігі, сонымен қатар Қазақстан бейбітшілік пен конфессияаралық келісім және диалогтың мекені болып келе жатқандығы ретінде қарастырылады.
Тақырыптың өзектілігі. Осы тақырыпты таңдаудың басты себебі - көпэтносты мемлекеттердегі ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтудағы діннің рөлі мен мәнін көрсету. Себебі, адамзат баласы дінсіз өмір сүрген уақыты тарихта болған емес. Өйткені оның табиғатында дінге деген мұқтаждық сезімі бар. Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құрани Кәрімде, Зәрият сүресінің 56-аятында Аллаһ Тағала: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жаратты», - дейді. Бұл аяттан түсінетініміз адам баласының өмірдегі басты мақсаты өзін жаратқан Раббысына құлшылық ету болып саналады. Міне сондықтан да адам баласының дінге деген мұқтаждығы ауаға деген мұқтаждықтан жоғары тұрады.
Адамзат тарихында діннің қоғамдағы ықпалы бірде күшейіп, бірде әлсіреп отырды. Көне замандарда діннің қоғамдағы салмағы басым болған. Алғашқы қауымдық тайпа адамдарының күнделікті өмір қалпы әр түрлі діни жоралғылардан тұрған.
Қазіргі қоғам өміріндегі діннің орны мен рөлінің артып отырғаны, сонымен қатар, діни санадағы өзгерістер де байқалады. Жаһандану үрдісінде ұлттардың татулығы мен бірлігін сақтауда діни үн қатысулар маңызды оқиғалар ретінде суреттеліп отыр. Діни сана қоғамдық сананың мәңгілік формасы ретінде қоғам мен адам өмірінде өзіндік қызметін атқарған және атқаруда. Ғылым мен технология жетістіктері дамыған XXI ғасырдың рационалдыққа негізделген мәдениеті мен қоғам өмірінде орныққан секулярлық ұстаным дінді адам мен қоғам өмірінен алыстата алмады. Өйткені, дін адамзатқа ортақ әмбебап құндылықтар жүйесі және адамзат өркениетінің тіршілік етуінің рухани тұғырына айналып отыр.
Дегенмен, әр елдің демографиялық, гео-саяси және гео-экономикалық жағдайын есепке алғанда, осыншама көп діндердің ұлттық тұтастыққа, Мемлекеттін бүтіндігіне, ұлтымыздың болашағына нұқсан тигізуі ықтимал ма, деген заңды сұрақ мазалайды. Діндер тарихын зерттеген мамандар діни сезімдердің адамдарды біріктіруде - қандастық, жерлестік, руластық, нәсілдестік қатарлы факторлардың бәрінен де күшті болғанын дәлелдеген. Демек, қоғамдық өмірде дұрыс діни сана мен сенімнің болуы, ұлтты ұйымдастыратын байланыстарды күшейтетін және әлеуметтік бейбітшілікті нығайтатын фактор болып отыр.
Мәселен, Ислам дінінде зорлық-зомбылық жоқ екенін (Бақара/109) және адамдардың түрлі діндерге сену еркіндігін мойындаған бірегей дін болып саналады. Дініміз адам құықтарын таптауға, бейкүнә адамдарға жәбір көрсетуге, фитнә жасауға, бейбітшілікті бұзуға жол бермейді. Сонымен қатар, ислам діні мұсылмандардың өз имандарына берік болуын, адастырушы күштердің арбауына түспеуін, ізгі амал істеп, пайдалы ой және өнім өндіруін бұйырады.
Барлық халықтар үшін дін - жаулаудың тәсілі мен тәпсірі емес, жан сақтаудың тәсілі болғанын еске салудың зияны жоқ. Әр түрлі себептерге байланысты мемлекеттік немесе ұлттық тұтастық идеясы дағдарысқа ұшыраған шақта елдің қоғамдық және саяси өмірінің сахнасына бүкіл рухани идеяға ұйытқы болып дін шығады. Көп жағдайда сенімнің біртұтастығы тарихтың тайғақ кешулерінде халық тағдырына араша түсіп отырады. Алайда кейбір жағдайларда, мемлекет рөлі баяу да басыңқы болғанда өмірдің барлық саласында діннің бел алуы сайқымазақтық сипат алып қана қоймайды, сонымен бірге қауіп - қатер төндіретін де кездері бар. Мұның өзі жеке адамдар мен халыққа ғана қауіп төндіріп қоймайды, кейде тұтас адамзат үшін де қатерлі. Мәселен, мұндай жағдай жалаң дінді жамылғы еткен ауыздықсыз агрессия кезінде көрініс табуы мүмкін.
Конфессиялық қауіпсіздік деген кең мағынасында - мемлекеттік кепілдіктер мен халықтардың және ұлттардың рухани әлеуметін қорғаудың, сондай-ақ діни сенім еркіндігіне қауіп төндірушілік пен дінаралық келісімге бір мезгілде қарсы тұрушылық әрекеттерінің жүйесі.
Қазақстан тәуелсіздікке кол жеткізген шақта қиын-қыстау кезеңге тап болды. Коммунистік идеологияның құлдырауы нәтижесінде пайда болған идеологиялық кеңістікті діни идеялар толтырды. Белгілі діни қайта өрлеу кезінде елімізді түрлі жаңа конфессиялар жаулап, қоғамға өз әсерін тигізе бастады.
Қазіргі таңда елімізде 18 конфессия бар. Осындай көпконфессионалды Қазақстандағы, конфессияаралық келісім де баса назар аударарлық мәселе. Көптеген деноминациялардың бір территорияда бейбіт өмір сүруі үшін мұқият жасалған Елбасымыздың жасап отырған саясаты. Елбасымыздың бастамасымен өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндердің съездері қазақ елінің дінаралық сұхбаттастық пен ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің Қазақстандық моделінің әлемдік қауымдастық тарапынан оң бағасын алуын қамтамасыз етті. Елбасымыздың саралы саясатының арқасында ел өмірінде діни төзімділік, дінаралық келісім және ұлтаралық татулық орныққан. Елімізде 18 конфессияға тиесілі 5000 жуық діни бірлестіктер қызмет атқаруда. Сүнниттік ислам және православиялық христиандық ел халқының басым көпшілігі ұстанады. Ислам діні Қазақстан халқының 20-дан аса ұлттары мен ұлыстарының діни бірегейлігінің факторы және мәдениетінің рухани негізі болып табылады.
Біздің елімізде айтарлықтай ірі конфессияаралық қақтығыстар орын алмаған, мұның өзі біздің басымдылығымыз. Бір нәрсені нақтылы түсініп алуға мәжбүрміз: Қазақстанның тәуелсіздігінің сақталуы, еліміздің аман, жеріміздің тыныш болуы халқымыздың мығым бірлігіне тікелей байланысты. Жас мемлекеттің керегесін керісіп, уығын қадасқан бүгінгі ұрпақ ұлттық бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетуі керек. Ал, ұлттық бірліктің берік болуы діни бірлігімізге тәуелді. Халықсыз билік болмайды, ал дінсіз халық болмайды. Халықтың тұтастығы мен дін және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңдегі дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсері өте анық көрініс берді. Біздің де қолға алып отырған, бұл ғылыми жұмысымыздың өзекті мәселелері осы болып табылады.
Тақырыптың зерттеу деңгейі. Діннің қоғамдағы орны ерте ғасырлардан бастап дінтанушы ғалымдардың ерекще көңіл аударған тақырыбы. Бұл салада отандық және шетелдік ғалымдар көптеген зерттеулер жүргізген. Ш. Ш. Уәлиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» еңбегінде шамандықтың қазақтардың өміріне тигізген ықпалын жан-жақты зерртеп жазады. «Даладағы мұсылмандық жөнінде», «Төңірі (Құдай) » еңбектерінде де Шоқан қазақ қоғамындағы діннің жай-жапсары туралы айтып кеткен. Ғ. Қ. Есім діннің қоғамдағы орны, атқаратын қызметтері жайлы өзінің көптеген мақаларында тілге тиек етіп кетеді. Н. Ж. Бәйтенова мен Б. Қ. Бейсенов Қазақстандағы діни ахуалға ерекше көңіл аударады. Қазақстандағы діндер жайлы, олардың іс-әрекеті мен атқарып жатқан жұмыстары хақысында бірнеше мақала жариялаған. «Қазақстандағы діндер» атты кітаптарында Қазақстандағы әрбір дінге жеке-жеке тоқталып, олардың Қазақстанға келу тарихы, атқарып жатқан жұмыстары мен болашақтағы жоспарларына байланысты жан-жақты мағлұмат береді. Артемьев «Дінтану» кітабында діннің қоғам және саясатпен байланыстылығын қарастырып, бұл салалардың бір-біріне қаншалықты дәрежеде әсер етіп жатқандығын жазады. А. Альмухаметов Исламның әлеуметтік доктриналарын, «Социалогия религии» атты еңбегінде Құран мен сүннет негізінде жазып шыққан. Бұл кітапта Исламның экономикалық жүйесін жан-жақты зерттеген. Ал М. Бұлытай дін мен мәдениеттің ара қатынасын зерттеуімен ерекшеленеді. Р. Б. Абсаттаров, Д. В. Мен, И. А. Соловьевалардың діннің функциялары мен рөліне байланысты мақалаларын баспасөз бетіне жариялаған.
Шетелдік ғалымдардын діннің қоғамдағы ұлтаралық татулықты біріктірудегі орнын зерттеудегі ізденістері ұшан-теңіз. Дінге әлеуметтік тұрғыда зерттеулер жүргізіп, оның қоғамдағы орнын, рөлін мен функцияларын анықтаған. Бұл салада еңбек еткен Х. Спенсер (1820-1903), Д. Фрэзер (1854-1941), К. Маркс (1818-1883) және Э. Дюргеймдерді (1858-1917) атап өтсе болады. М. Вебер (1864-1920), И. Вах (1899-1955) және Г. Меншинг дін мен зайырлы қоғам арасындағы ықпалдасушылықты қызу зерттеген. Діннің әлеуметтік орнын зерттеуде ресей ғалымдар В. И. Гарадж мен В. И. Веремчук жазған «Социология религии» кітаптарының орны ерекше.
Ислам ойшылы Иьбн Халдунның «Муқаддима» еңбегінде діннің мемелекет істеріне ықпалы жазылады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Бұл ғылыми жұмысымның мақсаты - діннің қоғамдағы ұлттар мен ұлыстарда біріктірудегі орнын, функциясын және рөлін айқындап көрсету. Сондай-ақ, Қазақстан бейбітшілік пен конфессияаралық келісім және диалогтың мекені болып келе жатқандығын көрсете отырып, діннің Мемлекеттегі этнотутастық пен бірлікті сақтаудағы қызметін көрсету. Сонымен мен төмендегідей жоспар бойынша зерттеулер жүргіземін:
Бірінші параграфта адамзат тарихындағы діннің алған орнын анықтауды міндетіме алдым. Дін адамзат тарихымен бірге жасасып келе жатқан құбылыс. Адамзат тарихы үш өркениеттік типті бастан өткерді.
Дәстүрлі тип - өткен тарихи дәуірлерге тән тип. Оның көрінісін Ежелгі Үнді, Қытай, Египет, еуропалық христиандық өркениеттен және ХХ ғасырдағы бірқатар аймақтар мен мемлекеттерден кездестіруге болады. Бұл кезеңдер діннің «гүлденіп» тұрған кездері болатын.
Техногендік тип - батыс өркениетінің негізін салды. XVII-XVIII ғасырларда, яғни ағарту кезеңінде антикалық және христиандық мәдениеттердің синтезі жүрді. Діннің қоғамдағы ықпалы әлсіреді. Секуляризация процесі қарқын алды.
Посттехногендік тип - ХХІ ғасыр өркениеті боп саналады. Осы үақыттарда секуляризация тежеліп, тенденция сакрализацияға қарай күшейіп, дін көрнекті рөл атқару үшін белсенділік көрсете бастады.
Міне осы аталған жағдаяттарды жұмысымның бірінші бөлімінің, бірінші тарауында жан-жақты саралауды мақсат еттім.
Екінші тарауда - этникааралық татулық пен бейбітшілікті қалыптастырудағы діннің алатын орны мен ролі, бұл құбылыстардың адамзат тарихында қалай өрбігендігін жіті бақылап, зерттеу болып табылады.
Екінші бөлімнің бірінщі тарауында діни бірлестіктер және олардың қоғамдағы алатын орны мен қызметілігі анықтауды жоспарладым. Діннің «функциясы» мен «рөлі» ұғымдарының ажырата білу керек. Функция - діннің қоғамдағы әрекет ету тәсілі, ал рөлі - жиынтық нәтиже, яғни функциялардың орындалуының салдары боп табылады. Діннің бірнеше функциялары бар: дүниетанымдық, коммуникативтік, регулятивтік, интеграциялық-дезинтеграциялық және мәдениет тасымалдаушылық. Бұл функциялардың қызметтерін осы тарауда қарастырамын. Және де діннің рөлін, нақты-тарихи талдауға көмектесетін кейбір принциптерге тоқтала кетуді де мақсат еттім:
- Діни фактор эконоимикаға, саясатқа, мәдениетке және т. б. қоғамдық салаларға әсер етеді (осы саладағы индивидтер, топтар, ұйымдар арқылы) .
- Діннің әсер ету көрсеткіші оның қоғамдағы орнына байланысты, ал орын әр кезде біреу ғана және нақты бола бермейді.
Екінші тарауда Қазақстандағы сан алуан діни көзқарастардың қоғамдағы орны мен маңыздылығын зерттеуді көздедім. Қазіргі Қазақстан үшін діни тұрақтылықты сақтау аса маңызды болып тұр.
Зерттеудің нысаны мен пәні. Диплом жұмысымның негізгі нысаны - Қазіргі жаһандану заманындағы этносаралық тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап дамытудағы діннің маңызы. Диплом жұмысымның пәні - Дін этносаралық татулықпен бейбітшіліктің негізгі көпірі.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері дінтану ғылымының дамуына өз үлесін қоса алады деген сенімдемін. Диплом тақырыбы тарих, әлеуметтанулық-гуманитарлы ғылымдарға ортақ жалпы танымдық және арнайы әдістер пайдалану негізінде жазылды. Зерттеу тақырыбының алға қойған мақсатына жету жолында объективті әлем дамуының жалпы заңдылықтарына негізделген теориялық және практикалық зерттеу тәсілдері пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Ғылыми жұмыстың құрылымы зерттеліп отырған тақырыптың мазмұнына сай кіріспе, екі тараудан, қорытындыдан, сілтеме және пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады. Зерттеу жұмыстың жалпы көлемі 66 бет.
1. ҚОҒАМНЫҢ ДАМУ БАРЫСЫНДАҒЫ ДІННІҢ ОРНЫ
1. 1 Адамзат тарихындағы - дін
Дін - Аллаһ адам баласын жаратқаннан бастап, оның бүкіл тарихында онымен бірге жасап келеді. Сондықтан адам баласы дінсіз өмір сүрмеген және сүрмейді де. Адам дінге мұқтаж. Қоғам қанша қарыштап дамыса да, дінге деген мұқтаждық сол қалпында қалады.
Діннің қоғамдағы рөлін айқындамастан бұрын, осы тарауымда жалпы адамзат тарихында орын алған діндердің тарихына тоқталып кетуді жөн санадым.
Ең ежелгі діни наным-сенімдер туралы мәлімет өте аз. Археологиялық зерттеулерден мәлім болған нәрсе ежелгі адамдарда да наным-сенімдердің алғашқы түрлері болған. Бұған дәлел ежелгі адамдар мекендеген үңгірлерден табылған археологиялық жәдігерлер, тасқа қашалған суреттер, қорымдар. Олар адамдарды жерлегенде онымен қоса қару-жарағын, ер-тұрмандарын, тіпті әйелі мен қызметшілерін де қоса жерлеген. Бұл олардың арғы өмірге деген сенімдерінен туындаған рәсімдер. Бірақ бұл археологиялық деректердің өзі ежелгі адамдардың діндерін толық қамтуға жеткіліксіз.
Ежелгі діндерді зерттеудің тағы бір нысаны - қазіргі кездегі алғашқы адамдардың тұрмыс-салтын сақтап қалған тайпаларды зерттеу боп табылады. Мысалы, тотемизмді австралиялық аборигендерді зерттеудің нәтижесінде тауып, анықтаған. Ал шаманизмді Сібір, Солтүстік Америка, Африка халықтарының тұрмыс-тіршілігін зерттеу арқылы анықтаған.
Қанша дегенмен ежелгі наным-сенімдер мен қазіргі артта қалған қауымдардың наным-сенімдерінде айырмашылық бар. Өйткені уақыт өте келе алғашқы наным-сенімдер талай өзгеріске түсті. Тек олардың тұрмыс-тіршілігінің ұқсастығы сәл де болса алғашқы наным-сенімдер туралы шамамен тұжырымдама жасауға мүмкіндік береді [1, 113 б. ] .
Тотемизм адам тегінің жануардан немесе өсімдіктен шыққандығына негізделген сенім. Тотем болып табылатын жануар немесе өсімдік қасиетті деп саналады, тіпті оның суреті де. Тотеммен байланысты көптеген табулар (тиымдар), рәсімдер, аңыздар қалыптасқан. Мысалы, кейде тотем болып табылатын жануарларды аулауға тиым салынған, кейде рұқсат етілген. Ондай жануарларды аулауға шығар алдында арнайы рәсімдер жасайтын болған. Ол жануардың етін жеудің өзі қасиетті рәсім болып саналған.
Тотемдік аңыздарда адамдардың шығу тегі туралы айтылды. Тотемдік аңыздағы ата-баба сол тайпаның шығу тегі саналуымен қатар, белгілі бір өнер түрлерінің, күнделікті тұрмыста қолданатын құрал-саймандарды ойлап тапқандығы айтылады, яғни өнер түрін немесе құрал-сайманды адамдарға алғаш үйретуші ретінде бейнеленеді [2, 65 б. ] .
Эволюционер ғалымдардың пікірінше тотемизм одан кейін пайда болған діндерде де көрініс табады. Мысалы, көптеген ежелгі өркениетті елдердің құдайларында адами және хайуани сипаттары болған. Бәрімізге белгілі Ежелгі Египет құдайлары зооморфты болған. Оларда басы құстікіндей немесе қарсақтікіндей құдайлары және қолтырауын, сусиыр, құрбақа, жылан бейнесіндегі құдайлары болған. Ежелгі Грециядағы кейбір құдайларда да зооморфты қасиет болған, мысалы, Афинаны жылан және жапалақ бейнесінде сипаттаған. Зевстің әйелі Гера Аргоста өңірінде сиыр бейнесінде дәріптеліп және оған сиырды құрбандыққа шалған. Бірақ дегенмен ежелгі құдайлардың жануарлық сипатын тікелей тотемизмнің әсері деп нақты айта алмаймыз. Бұл тек болуы мүмкін болжам ғана. Себебі тотемизм ежелгі заманда таралған әмбебап дін бола алмағандықтан, египеттіктер мен гректердің арғы ата-бабалары осы дінді ұстанды деп толыққанды айта алмаймыз [3, 53 б. ] .
Алғашқы қауым адамдарының өмір тіршілігінде тотемизмен қатар магия (грек. magica - сиқыр) да ерекше орын алды. Магияның негізінде белгілі бір іс-әрекетерді жасау арқылы құпия күштердің көмегімен адамдардың өміріне, заттарға және басқа да нәрселерге әсер ете алу жатыр. Магияға бірінші болып ерекше көңіл аударған ағылшынның антрополог және этнограф ғалымы Д. Фрэзер (1854-1941) болды. Ол магияны адамдардың ойлау қабілетінен туындаған алғашқы ғылым ретінде бағалады. Сондықтан да магияға дін ретінде қарамады.
Бірақ Д. Фрэзердің көзқарасы басқа да антрополог және этнограф ғалымдардың тарапынан сыни көз қарасқа ұшырады. Бұл тақырыпта Б. Малиновский ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп, “Магия, ғылым және дін” атты еңбегінде ғылыми түрде жан-жақты айшықтап жазады. Б. Малиновский зерттеу жұмыстарының нәтижесінде магияны басқа діндер сияқты белгілі бір жүйелі рәсімдерден тұратын дін деген ғылыми шындық болған тұжырымға келеді. Магиялық рәсімдер кезінде адам арнайы жүйеленген іс-әрекеттердің тізбегін орындайды. Бұл рәсімдер белгілі бір нәтижелерге жетуге бағытталады. Іс-әрекеттің нәтижесі айла-тәсілмен немесе басқа да әрекетермен байланысты емес. Ол магияның астында жасырылған сырлармен байланысты. Магияның әсері жайлы А. Дюманың “Королева Марго” романында жақсы суреттеледі. Романдағы кейіпкер қыз өзін жақсы көрмейтін жігіттің көңілін аударып беру үшін дуакешті шақыртады. Дуакеш балауыздан жігіттің мүсінін жасап, оның жүрегіне “Амур оғын” бейнелейтін инені сұғып, арнайы дұғаларды оқиды. Дуакеш өзінің іс-әрекетінің жігіттің жүрегінде тапсырыс берген қызға деген махаббат алауының лаулайтынына әсер ететіндігіне сенеді. Осы айтқандарымыз махаббат магиясына мысал бола алады.
Бағытталған іс-әрекетіне қарай магияның әр түрі бар. Мысалы, аңшылыққа, соғысқа, кәсіпке, зиян келтіруге, емдеуге немесе т. б. Адамдар аңға шығар алдын аңның мүсінін жасап алып, оны найзаларымен ататын. Егер лақтырған найзалары тисе, аңшылық сәтті болады деп сенген. Сосын аңның мүсінін айналып жүріп билеп, түрлі дұғаларды айтатын болған.
Магия адамдардың өмірінің барлық салаларына енген. Бірақ Б. Малиновский айтуынша, магиялық рәсімдер тек қатерлі де, қауіпті болған жағдайларда ғана орындалатын. Мысалы, балық аулау кәсібінде акула немесе сол сияқты қауіпті балықтарды аулайтын кездерде жасалынған. Ал майда балықтарды аулау кезінде магия жасау рәсімдерін артық санаған. Қайық немесе кеме жасағанда магия рәсімдерін орындайтын, ал үй салғанда бұлай етуді қажет етпейтін. Осы және басқа да фактілердің нәтижесінде Б. Малиновский адамдардың магиялық рәсімдерді тек өздерінің шамалары келмейтін жағдайларда ғана қолданған деген тұжырым жасайды. Мне сондықтан да адамдар шарасыз кездерінде құпия күштерге жүгінген [4, 126 б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz