Қазақ көркем прозасындағы тарихи тезге түскен шығармалар
КІРІСПЕ
Тақырып өзектілігі. Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған көптеген көркем шығармалар бар. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде дүниеге келген тарихи тақырыптағы шығармалардың тілдік ерекшеліктері жайлы мақалалар мен зерттеу тілдік тұрғыдан толық зерттелген жоқ. . Осы аралықтағы тарихи романдар тілінің ерекшеліктерін зерттеу арқылы, қазақ филологиясында соңғы кезде қозғалып жүрген тарихи стиль тезіне түсірудің жаңа бағыттарын анықтау жұмыстың өзектілігін құрайды.
Жұмыста қазақ тіліндегі тарихи стильдік тездің теориялық танымы мен ол туралы түсінік жайы сөз болады. Осы тақырыпты өзек еткен зерттеу жұмыстары сараланады. Қазақ прозасындағы тарихи тезге түскен шығармалар топтастырылады. Тарихи шығармадағы лексиканың тақырыптық топтары анықталады. Зерттеу нысаны болған романдардың лексикалық қабатына қарай көнерген сөздер, жаугершілік мәндегі сөздер, әкімшілік, ел баскару ісіне қатысты тілдік бірліктерді тарихи стильдік тезге түсірудегі атқаратын қызметі, алар орны топтастырыла, салыстырыла сараланады. Халық тағдырындағы тарихи маңызды кезеңдерді, ірілі-ұсақты оқиғаларды және тарихтың тұғырлы тұлғасына айналған адамдарды көпшілік қауымға көркем бейнелеп ұсыну қазақ әдебиетінде бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Тарихшы мамандар тарихи тақырыпты арқау еткен шығармалардағы оқиғалар мен кезеңдердің, кейіпкерлердің өмір шындығына сәйкестігін нақты деректермен салыстыру арқылы бағаласа, әдебиет зерттеушісі шығарманың көркемділігіне, бейнелілігіне, образдылығына көңіл бөледі. Ал тілші ғалымдар тарихи туындыдағы қолданылған тілдік әдіс-тәсіл, амалдарға назар аударады.
Егер шығарма тілдік тұрғыдан тарихи стильдік тезге түсіріліп жазылса, оның тарихи тереңділігі де, көркемдік құндылығы да арта түсері сөзсіз. Әрбір сөзді, тілдік бірліктерді, амал-тәсілдерді шығарма тілінде қандай мақсатпен жұмсады, қалай іске асырды деген сияқты сұрақтарға жауап іздеу арқылы суреткердің даралығын, өзіндік қол таңбасын анықтайтынымыз сөзсіз. Жазушы өмір шындығын белгілі бір уақыт және кеңістік аясында суреттейді. Шығарманың тарихи болуы, айналып келгенде, онда суреттелетін уақыт пен кеңістіктің аясындағы өмір шындығының тарихи сипаты мен суреттілігінде. Сонымен қатар шығарманың тарихи болуына шығарма тіліндегі тілдік бірліктер, амал-тәсілдер де маңызды орын алады.
Көркем туынды тіліне қойылатын талаптардың бірі оның лексикасының шығармада сипатталатын оқиға кезеңімен үндес, сәйкес келуі екені белгілі. Мұны, әсіресе тарихи тақырыптарға жазылған шығармалардан байқаймыз.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Тарихи тақырыпқа барған жазушы өзі суреттейтін дәуірдің бар тынысын таныта білуге тиіс, яғни шығарма тарихи стиль тезіне түсірілген көркем дүние болуы шарт. Тарихи шығармалардан сол кезеңге лайық сөздің, тілдік бірліктердің қолданылуы талап етіледі. Мақсатымыз қаламгерлердің дәуір келбетін қандай тілдік амалдар арқылы бергендігіне назар аударып, тарихи стильдік тезге түсірудің дәстүрлі және тың амалдарына көңіл бөлу. Жазушының шығармадағы оқиға мен тілдік құралдарды үйлесімді бірлікте алғысы келгеніне көз жеткізіп, тарихи стильге түсірілген дүниелердегі тілдік қолданыстардың сипатын анықтау.
Негізгі міндеттері:
Стильдік тез және тарихи стильдік тез туралы арнайы зерттеу жұмыстарына шолу жасау;
Қазақ көркем прозасындағы тарихи тезге түскен шығармаларды топтау;
Тарихи шығармалардағы лексиканың тақырыптық топтарын анықтау;
Тарихи шығармалардағы көнерген сөздердің қолданылу уәжділігін дәлелдеу;
Тарихи шығармалардағы қоғам өміріне, ел басқару ісіне қатысты тілдік бірліктерді жинақтау.
Диплом жұмысының нысаны. Зерттеу жұмысының негізгі нысаны - Қабдеш Жұмаділовтің "Прометей алауы", Мұқадес Есламғалиевтің "Әйтеке би", "Шәміс Құмардың" Ер Жәнібек" атты тарихи романдары. Мұндай шығармалар арқылы авторлар, бір жағынан, қазіргі қолданысымызда жоқ немесе өте аз ұшырасатын сөздерді айналымға түсіріп, тілдің байлығын арттырудың тағы бір жолын көрсетіп отырса, екінші жағынан, көркем бейнелер жасауда мүмкіндіктің молая түсетінін дәлелдейді. Осыдан келіп тарихи тақырыптағы туындылардың тілдік кат-қабатының казіргі заман тақырыбына қарағанда бірқыдыру қалыңдығы туындайды. Сондықтан, тарихи романдар тілін топтастыра, салыстыра отырып тілдік-стильдік қырынан жаңаша зерттеудің негізін салуымыз қажет.
Қолданылған әдіс-тәсілдер. Диплом жұмысын жазу барысында материалдарды жинау, талдау, сараптау, тарихи-салыстырмалы, диахронды-синхрондық салыстыру әдістері, ой қорыту әдісі пайдаланылды.
Диплом жұмысының жаңалығы. Диплом жұмысын орындау барысында стильдік тез ұғымы нақыланып, тарихи стильге түскен шығармалар топтастырылды; тарихи шығармалардағы көнерген сөздердің семантикасы анықталып, шығармалардағы қоғам өміріне, ел басқару ісіне қатысты тілдік бірліктер жинақталды, талданды.
Зерттеу жұмысының құрылымы
Жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
I бөлім Тарихи шығармалар тілінің лексикасы
4.1 Тарихи стильдік тез туралы түсінік және теориялық таным
Қазақ әдеби тілінің ұлттық көркем нормаларын айқындауда, ерекшеліктерін танытуда, әдеби нормадан ауытқу құбылысының сырын ашып, дұрыс-бұрысын көрсетуде, тілдік құбылыстарды пайдалану принциптерін, көркемдік-эстетикалық заңдылықтарды белгілеуде лингвистилистика ғылымының маңызы зор. Демек, көркем шығармалар тілін нормативті-стилистикалық тұрғыдан зерттеп қарастыру - әлі де бүгінгі қазақ тілінің мәні зор өзекті мәселелерінің бірі.
Бұл тұрғыдан келгенде, көркем стильден басқа функционалды стильдердің барлық түрінде белгілі бір лексикалық, фразеологиялық, грамматикалық т.б. лингвистикалық заңдылықтарға сай келетін құбылыстар болып тұрады, ал көркем шығарма тілінде жазушының сөз қолдану мәнері мен дағдысы көп жағдайда тілдің құрылымдық заңдылықтарына сай келе бермейді. Сондықтан жазушының сөз қолдану тәжірибесінің негізінде лингвистикалық-стилистикалық құбылыстар туралы пікір қозғауға болады. Қазіргі таңда әдеби тілдің стильдік тармақтары сараланып, орнығуына байланысты көркем шығармаларда әртүрлі стилизация белгілері қазіргі тарихи көркем туындылар тілінен байқалады. Мұнда автордың тіл шеберлігін көрсету негізінде тарихи стилизация құбылысына тән тілдік-стильді амал-тәсілдерді айқындауға, жазушы қолданысындағы архаистік тілдік құралдардың мәнін ашуға, көркемдік сөз өрнегін талдап көрсетуге - қазақ әдебиетіндегі тарихи жанрдағы туындылардың тілдік табиғатын тереңірек зерттеп тануға мүмкіндік туады.
Тарихи тақырыпқа қалам тартқан қандай да жазушы суреттеліп отырған дәуірге тән тілдік белгілерді, түрлі ескі атауларды, байырғы сөз орамдарын, сөз тіркестерін іздейді; соларды көркемдік қажетіне жаратуға тырысады. Әр суреткер осындай тілдік құбылыстарды тауып, өз орнымен дәл қолдана білсе, әр кейіпкерін өз дәуірінше, өз үнімен сөйлете білсе, тарихи жанрдағы шығармаларға стильдік тұрғыдан қойылатын талаптың жоғарғы деңгейден шыққандығы деп ұғамыз. Мұндай әдісті тілімізде тарихқа орай стиль тезіне түсіру деп атайды.
"Қазақтың ұлттық жазба тіліндегі көркем проза өткен ғасырдың соңғы ширегінен бастау алып, XX ғасырдың басында шағын әңгіме түрлерінде жандана түскенін, ал роман жанрының үстіміздегі ғасырдың 10-20 жылдарында дүниеге келгенін білеміз" [ 1,16] .
Сол кезеңнен бері қазақ жазушыларының әдебиеттің әр жанрында, әр түрлі тақырыпта тудырған көркем туындылары -ұлттық әдебиетімізге де, әлемдік әдебиетке де қосылған мол мұра. Ал казақ прозасының беделін, мәртебесін жоғары сатыға көтеріп, әлемге танытқан тарихи тақырыптағы шығармалар - әдебиет сүйер қауым үшін ғана емес, бүкіл қазақ ұлты үшін үлкен мақтаныш.
Кез келген тақырыпқа калам тартқан қаламгер лексикалық қордағы сөздерді жеке күйінде, сөйлем түрінде, мәтін ішінде белгілі бір стильдік мақсатта қолданады.
"Сөз -- тіл ғимаратын қалайтын негізгі кірпіш" [1,16] . Жазушы өзі тұрғызатын ғимараттың сәнді, берік, биік болуы үшін көркем шығарманың ең бірінші құралы -- сөзді тандап, дұрыс, орынды, шебер қолдана білуі керек. Сөз қолдануы дегенімізде жазушы өз шығармасының жанрына сай, қозғаған тақырыбын аша алатын, суреттелетін уақыт пен оқиға кезеңін таныта алатын тілдік материалдарды стильдік-шеберлік жағынан тұтастықка жұмсауы. Осылайша жазушы өз қаламынан туған туындысын белгілі бір калыпқа түсіреді немесе жөнге келтіреді. Мұны ғылым тілінде стильдік тез жөне стильдік тезге түсіру деп атайды.
Стильдік тезге түсірудің амал-тәсілдері, жолдары, түрлері лингвистикада да, әдебиеттануда да қарастырылады. Әдебиетші көркем шығарма стилін зерттегенде жазушының шығарма жазу барысындағы бейнелеу шеберлігіне, суреткерлік қабілетіне назар аударса, тілші жазушының сөзге қандай стильдік жүк артканына, баяндауындағы тілдік өзгешеліктерге көңіл бөледі. Бірақ екеуінің де мақсаттарының тоғысатын тұсы бар. Себебі "әдебиетшілер болсын, тілшілер болсын көркем шығарма тілін сөз еткенде, екеуінің де негізгі объектісі -- көркем шығарма. Өйткені әдеби шығарманың негізгі құралы -- тіл"
[ 2,36].
Стильдік тезге түсірудің жолдары, амал-тәсілдері туралы сөз қозғамай тұрып, ең алдымен, осы терминнің қазақ филологиясындағы қалыптасу, казақшалану тарихына токталсақ.
Стильдік тез орыс тіліндегі "стилизация" терминінің қазақшалануы. "Стилизацияны" стилъдеу, стильдік еліктеу деп те аударып жүр. "Стилизация" деген терминді стильдік тез деп қазақшалауды ғалым Р.Сыздықова ұсынады. ҚТТС-те тез сөзінің екі мағынасы берілген:
"1. зат. Киіз үй сүйегін: уық, кереге т.б. жасайтын ағаштарды морлағаннан кейін түзейтін, иетін кұрал. 2. Ауыс. Түзу жолға . салатын, қателік, кемшілікті түзейтін өмір талқысы" [ҚТТС.9.560] .
Ғалым осындағы тездің ауыспалы мағынасындағы тезге салды (түсті), яғни жөнге келтірді деген мағынасын алған. Шынында жазушы шығармасын белгілі бір жанрға, қозғалатын тақырыпқа сай жөнге келтіреді, түзу жолға салады. Міне осылайша, қазақшаланған "стилизация" термині стильдік тез ("дәлірек айтсақ, "белгілі бір стиль тезіне түсіру" деген дұрысырақ") [ 1.98] түрінде ғылыми айналымға түсіп кетті.
Сонымен, ғалым Р.Сыздықова: "Стиль тезі дегеніміз-көркем шығарманың тілдік материалдарын белгілі бір әлеуметтік ортаға немесе белгілі бір тарихи кезеңге, әдебиеттің белгілі бір бағытына, жанрына т.б. карай үйлестіріп, тандап қолдану",- деген ғылыми анықтама береді [1,118].
Көркем шығарма белгілі бір стиль тезіне түсіріліп жазылатындықтан, әдебиетші ғалымдар да стиль тезіне түсіруді өз назарларынан тыс калдыра алмайды. Әдебиеттану терминдер сөздігінде " стилизацияны" стильдік еліктеу деп аударып, төмендегідей анықтама берілген: "Стильдік еліктеу (французша -- stilisation, орысша -- стилизация) - жазушының өз шығармасында фольклорлық туындыларға немесе қандай да бір басқа әдеби нұсқаларға тән стиль өзгешеліктерін, яғни әбден қалыптасқан сөз қолдану, баяндау, бейнелеу тәсілдерін сақтай отырып, олардың негізгі сипат-белгілерін айнытпай дәл келтіру" [4,305] .
Тарихи стилизация (тарихи стиль тезіне түсіру) - өте күрделі де қиын мәселе, ол көптеген ұғымдарды қамтиды. Мәселен, авторлық баяндаудың, кейіпкер тілінің стилизациялануы, ондағы лексикалық, семантикалық архаизмдер, грамматикалық тәсілдер, текст (мәтін) түзіміндегі құрылымдар, байырғы шешендік сөз үлгілері, олардың қолданылу мотивтері т.б. сөз етілуге тиіс.
Қазіргі көркем шығармалар тіліндегі тарихи стилизация құбылысы, оның мән-мазмұнын айқындау мәселелері күні бүгінге дейін қазақ тіл білімінің арнайы ғылыми зерттеу объектісіне айналған емес. Дегенмен қазақ тіліндегі стилизация проблемасының табиғатын танып, сипаттама беруде төмендегідей пікірлер бар: Стилизация дегеніміз шығарманың тақырыбына, жанрына, эстетикалық мақсатына және автор образы - дегенге (яғни автордың идеясы, көзқарасы, позициясына) тілінің үндес келуі ғой. Мысалы, тарихи шығарма авторы жеке атауларды таңдауда болсын, кейіпкерлерін сөйлетуде болсын т.т. суреттеп отырған дәуір шындығына мейлінше жақын, сәйкес келуді көздесе, ол тарихи стилизация болмақ [1, 82] - дегенді айтады. Мұндай пікір-пайымдаулардың қай-қайсысы да көркем шығармадағы стилизация құбылысын танып-білуге, зерттеп-зерделеуге, көркем әдебиет стилистикасындағы бір тілдік ұғым-категория ретінде қалыптасуына елеулі үлес қосады.
Тарихи шығармалардың тілі табиғатынан екі тұрғыдан қарастырылатындығы белгілі:
1. қазіргі көркем тіл нормаларын белгілеу тұрғысынан;
2. суреттеліп отырған дәуір тілі ерекшеліктерін айқындау тұрғысынан. Яғни тарихи көркем туынды жалпыға ортақ әдеби тілмен суреттеле отырып, сол дәуір тілінің де сипаты қатар көрінеді. Бұл екі тілдік құбылыстың көркем шығармада аралас келуі, олардың шығарма тіліне ену жолдары, әдістері сан түрлі болуы мүмкін екендігін кейбір тың пікірлер, құнды зерттеулер дәлелдей түседі [2, 90-92]. Мұндай жағдайда зерттеуші-лингвистердің пайымдауынша, тарихи баяндауға ең аз дегенде екі жүйелік құрылым сәйкес келеді. Ең алдымен, авторлық баяндау тұтасымен қазіргі әдеби тілдің нормаларына негізделеді де, суреттеліп отырған дәуірдің тілдік элементтері тек кейіпкерлер тілінен, кейбір тарихи кұжаттар тілінен немесе хат-естеліктерден байқалады. Екінші кезеңде стильдеуші амал-тәсілдердің қолданылу аясы әлдеқайда кеңірек. Олар авторлық баяндауға да ене отырып, баяндау нормаларын қалыптастырады, тарихи баяндаудың тілдік ұйымдасу құрылымын белгілейді, шығарма суреттеліп отырған дәуірдің тіліне жақындай түседі. Тарихи стилизация құбылысы, дәлірек айтқанда, шығарманың тілдік құрылысындағы екінші құрылымында ғана толық көрінеді. Айталық, белгілі жазушы Мұхтар Мағауин Аласапырын романының басталар тұсында-ақ өзінің авторлық баяндауында сол кезеңнің тарихи келбетін, көрінісін суреттеуде стильдік құралдарды орынды да әсерлі етіп қолданған. Тәуекел ханның шақырумен өткізілген кеңес, құрылтайды автор романтикалық пафосты үнмен жеткізіп суреттейді, сондықтан жалпақ қазақ қауымы деп емес, киіз туырлықты қазақ ұлы деп, Хақ-Назар хан опат болғалы деп айта салмай, төңіректің төрт бұрышына түгел қылыш сермеген Хақ-Назар хан шаһид болғалы деп бейнелі, әсерлі суреті тілмен баяндайды. Сірә, бұдан 400 жыл бұрындар қазақ халқы қазақ хандығы болып, сол халықты сақтап, кең байтақ жер-суға иелігін жоғалтпау сияқты миссияны атқарып тұрған кезең жайындағы тарихты осылайша пафоспен бастау қажет болғанды [3, 110]. Бұл пафосты үн көркем тілде бейнелі сөздермен, поэтикалық анықтауыштармен (киіз туырлықты қазақ, төңіректің төрт бұрышына түгел қылыш сермеген хан...) жеткізіліп берілген. Бұл - тарихи стильтезіне түсірудің көркем амалдары.
Тарихқа орай стиль тезіне түсірудің басты шарты тарихи стилизациядағы тілдік тәсілдерді, әсіресе көнерген сөздерді, сөз тіркестерін жинап-топтап көрсетуде ғана емес, оларды қолдану принципінде екенін, көркем шығарма жүйесінде сол құралдардың құрылымдық-ұйымдасу механизмінде екенін естен шығармау керек. Яғни тарихи стилизация тек тілдік-стильдік тәсілдердің қолданылу ерекшеліктерін қарастырып қана қоймай, соныман қатар стильдеуші элементтердің шығарманың жанрлық ерекшелігіне қалай қызмет ететіндігін, композициялық құрылымына тигізетін әсерін де сөз етуді көздейді. Бұл жайында В.Д. Левиннің мына бір пікірі орынды айтылған: Специфика языка художественной литературы обнаруживается не в особом материале, а в особом, обусловленным конкретными эстетическими задачами произведения стилистически целенаправленном употреблении, трансформации и актуализации материала обшего языка [4, 67]. Олай болса, тарихи стиль тезіне түсіру өткенді бейнелеудің бір формасы ретінде әр жазушыда түрліше сипат алады. Мәселен, стилизация құбылысы бір жазушының авторлық баяндауында көбірек сезіліп жатса, екінші біреулерінде диалог-монолог сөздерінде, тек персонаждар тілінде ғана көрініс табады.
Әдебиет ғылымының зерттеушілері көркем шығарманы стильдік тезге түсіру жолында өмір шындығын бейнелі таныту үшін, жазушының жалпы халықтық тілдің сан-алуан байлығын, қасиет-сипаттарын әр қырынан алып, әр түрлі үлгіге салып қолдану шеберлігіне тоқталады.
Стильдік тезге түсіру туралы орыс тіл білімінде В.В.Виноградов, В.Винокур, М.Н.Кожина, А.И.Ефимов, Н.М. Шанский т.б. ғалымдардың еңбектерінде айтылған. А. И.Ефимов "Стилистика художественной речи" еңбегінде: "Стилизация - это воспроизведение писателем манеры повествования, характерной для какого-либо лица, это переключение автора на стилистическую систему, типичную для людей определенной социальной среды и эпохи. Являясь своеобразной подделкой различных речевых систем, стилизация обязывает автора вести это подражательное повествование, как бы пропуская его сквозь призму мировозрения и излюбленных приемов выражения представителя определенной социальной среды" [5.95] деп стильдік тезге осылайша анықтама береді.
Стильдік тезге түсірудің мақсатының, тәсілінің, амалының әртүрлілігіне қарай мынадай түрлерін көрсетеді: 1. Тарихи стильдік тез; 2. Жанрлық стильдік тез; 3. Әр түрлі әлеуметтік-сөйлеу стильдерінің стильдік тезі (Стилизация различных социально- речевых стилей).
Ал, орыс ғалымдарының стилистикалық еңбектеріндегі ғылыми пікірлерді қорытып барып жасалған "Лингвистикалық терминдер сөздігіңде" стильдік тезге былайша анықгама берілген:
"Подражание стилю речи, типичному для какой-либо эпох или социальной среды, манере повествования, характерной для того или иного жанра, приемом литературного мастерства, свойственным отдельным авторам и т.д., обычно с целью произвести впечатление подлинности" [ 6.425] .
Қазақ тіл біліміндегі стилистика саласының зерттеушісі М.Серғалиев "стилизация" терминін стильдеу деп аударған. "Стильдеу -- тілдік материалдарды ұйымдастырудың негізгі принциптері мен көзге айқын көрініп тұратын сыртқы тілдік белгілерге сәйкес көркемдік баяңдауды саналы түрде кұру. Сыртқы тілдік белгілер әлеуметтік ортаға, тарихи кезеңге, әдеби бағытқа, мектепке, жанрға, ресми құжатттарға, әлдебір жазушының жеке сөз саптау ерекшелігіне тән болып келеді" [7.337] .
Стиль тезі туралы теориялық еңбектерге шолу жасай отырып, ондағы берілген анықтамалардың басын біріктіріп, өз тарапымыздан қорытынды жасаймыз.
Стильдік тезге түсіру - мынадай жағдайларда іске асады: әдебиеттің белгілі бір жанрына, бағытына сай баяндау жүргізгенде; белгілі бір әлеуметтік ортаның сөйлеу мәнерін келтіргенде; жекелеген авторлардың сөйлеу, жазу даралығына еліктегенде; тарихи дөуір келбетін беруде жене т. б. Осы жағдайларда алдыға қойған мақсатқа ,яғни шынайылықка, нақтылыққа қол жеткізу үшін тілдегі бірліктер мен амал-тәсілдерді орайластырып, ұтымды қолдана білу керек.
Енді зерттеу жұмысымыздың тақырыбына қатысты тарихи стильдік тезге түсіру туралы пікірлерге тоқталайық.
"Стилизация историческая, воспроизводящая в художественном произведении речевые средства и способы их употребления, бытовавшие в прошлом итипичные для различных исторических эпох в развитии общества и языка" [ 8.95] .
Лингвист О.САхманова: "Тарихи стильдік тез немесе архаизация қоғамның және тілдің тарихи даму барысындағы сөйлеу мәнеріне (амалдарына, тәсілдеріне) еліктеу",- деп анықтама береді.
Тарихи стильдік тез тарихи тақырыпта жазылған шығармаларда жақсы көрініс табады. Қазақ әдебиетіндегі тарихи романдарды негізгі нысан етіп, арнаулы зерттеу жүргізу XX ғасырдың 50-жылдарында басталғанмен, тарихи стильдік тезтұрғысынан қарастырылған жоқ. Тарихи тақырыпта жазылған шығармалар тілдік-стильдік тұрғыдан тарихи стильдік тезге түсірілуі керек.
Тарихи романдар тіліне назар аударып, тарихи стильдік тезге анықтама берген ғалым Р.Сыздықова былай дейді: "Айталық, романды (әңгімені, повесті) тарихи стиль тезіне салып (түсіріп) жазғанда, автор өзі суреттеп отырған тарихи кезеңге тән зат, бұйым, құбылыс, әрекет атауларын келтіруге тиіс, мүмкіндігінше сол кезеңдегі тілдесу үрдісімен сөйлетуі керек, оның өзінде де әр кейіпкерді өзінің әлеуметтік орнына, тәрбие-танымына, жасына, жынысына карай сол кезеңше сөйлеткені абзал. Әрине, ол үшін көп мехнаттану керек іздену, барын табу, жоғын жасау қажет, бірақ ол жасағанын нанымды табиғи етіп ұсыну тарихи дүние жазуға барған қаламгердің өз қолымен көтерген шоқпары. Ауыр шоқпар" [1.98] .
Аталған "шоқпарды" қазақ қаламгерлері өздерінің тарихи тақырыпта жазған шығармаларында қалай көтергені, жұмсағаны жөнінде ғалым өз мақалалары мен "Сөз кұдіреті" атты зерттеу еңбегінде жан-жақты тоқталған. Көркем әдебиет стилін зерттеуші ғалым стильдік тезге түсірудің жолдарын анықтап қана қоймай, тарихи стиль тезінің көркем шығармаларда қолдану тәсілдерін, жолдарын көрсете білген.
Тарихи стиль тезін сөз қылғанда, тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларға жүгінетін себебіміз, қаламгерлер өз туындыларында бұл әдістің барлық қырын ашуға, әр қырынан пайдалануға тырысады. Оларды бұған мұқтаж ететін шығарма жанры мен тақырыбы, суреттелетін кезең мен қозғалатын өмір шындығы.
Қазақ филологиясында тарихи стиль тезі туралы арнайы зерттеу еңбегі жоқ болғанмен, ғалымдарымыз тарихи шығармалар (роман, повесть, әңгіме) туралы, яғни оларға қойылатын талаптар мен шарттар жөнінде тілдік тұрғыдан да, әдебиет тұрғысынан да зерттеу жұмыстарын жүргізген, ойларын ортаға салған. Осы пікірлерден тарихи стиль тезі туралы, амал-тәсілдері жайлы ортақ ой қорытуға болады.
Танымал жазушы Софы Сматаевтың "Елім-ай" романының тіл кестесіне тоқталған ғалымдарымыз Ө.Айтбаев пен А.Есенкұлов тарихи тақырыпты суреттеуде іріктелген тілдік құралдарды сарапқа сала келіп, Сөз қолдану тұрғысынан қарағанда, тарихи тақырыптың өзіне тән сөз сардарлары бар. Бұған барған адам осы күнгі өмірдің өзгеше пішінін кейіптеуге жарайтын сөздерді калай болса солай тоғыта бермейді. Өткен дәуірлердің өзіне лайықгы , соның рухын, тірлігін, тынысын таныстырар сөздер мен сөз тіркестерін іздейді [ 9.44] деген қорытындыға келеді.
Қазақ тілінің стилистикасы атты еңбекте тарихи стиль тезіне түсіру жайлы арнайы сөз қозғалмағанмен мынадай пікір айтылған: Халықтың бұрынғы өмірі, тұрмысы жағдайы туралы шығарма жазуда автор сол өзі суреттеп отырған уақыттың тілімен сөйлейді [2.54] .
Зерттеуші С.Губайдуллин тарихи тақырыпқа бой ұрған қаламгерлер тіліне шолу жасай келіп: "Тарихи тақырыпта шығарма жазушының алдында екі бірдей міндет туындайды: біріншіден ол өзі өмір сүріп отырған кезең тілімен сөйлеуі; екіншіден оқиға өтіп отырған дәуірдің тілдік бояуын сактау керек,"- [10.52] деген ой түйеді.
Тарихи романдар тілінің көріктеуіш амалдарын зерттеген Б.С. Әбдуова: "Өзі суреттеп отырған дәуірге сай тіл қолдануды стиль тезіне салу дегеніміз -- негізінен архаистік сөздерді өз орнына қолдану, хандар мен бектерді, билер мен батырларды, қарашы мен молда тағы басқа да тұлғаларды өз рангісіне сай сөйлету, толғандыру, киіндіру, топонимикалық атауларды, жалқы есімдерді тұрмыстық -этнографиялық жайттарды, қаз -қалпынша беру үлгісі,-" [11.9] деген тұжырымға келеді.
Сонымен қазіргі романдардағы тарихи стильдік тездің көріністері туралы әңгіме қозғамас бұрын тарихи тез жөнінде ой қорытсақ. Тарихи стильдік тез мынадай жағдайларда іске асады: халық тағдырындағы өткен күндерді суреттейтін туындылар тарихи стиль тезіне түсіріліп жазылғанда; шығармада сөз болатын кезеңге қатысты барлық ұғымдар мен атаулар орнымен қолданғанда; автор өзінің баяндау тілін шығарма тақырыбына сай құрғанда; шығарма кейіпкерлерін (көп жағдайда нақты тарихи тұлғалар) сол кезеңдегі өз тілімен сөйлете білгенде және т.б. Бұл тарихи стиль тезі туралы біздің көңілде орныққан ойлар мен байқаған ерекшеліктер. Біздің назарымызға ілікпей қалған, бірақ болашақта анықталып, тарихи стильдік тездің жемісті арналарына айналар амал, тәсілдер әлі де көп деген ойдамыз.
Тағы бір айтарымыз тарихи стиль тезіне түсірудің деңгейі, дәрежесі әрбір қалам иесінің шеберлігіне, даралығына, дарындылығына байланысты. Оқырманына көркемдік әлемін аралатып қана қоймай, шыңырау құдықтан су тартқан адамдай, халық тарихын өз қаламдарының күшімен көркемдеп ұсынуды мұрат тұтқан жазушылар алдында үлкен міндет тұр. Осы міндетті жоғары дәрежеде орындаған қалам иесінің туындысы әдебиет тарапынан да, тілдік тұрғыдан жоғары бағаланбақ.
4.2 Қазақ көркем прозасындағы тарихи тезге түскен шығармалар
ХХІ ғасыр қарсаңында қазақ тарихи романы ұлтының өткен-кеткені жайлы нағыз уыз шындықты қара қылды қақ жарғандай етіп суреттей бастағанын үнемі айтылып та, жазылып та жүр. Міне, бұл елеулі үрдістен дүниеге Тәуелсіздік көзімен қарайтын жаңа әдебиеттің пайда болғаны айқын көрінеді.
Кеңестік дәуірде әдебиетіміз тоталитаризмнің зілмауыр идеологиялық қысымына төтеп бере отырып, үнемі халық қозғалысының алдыңғы сапында болғаны, дүние жүзі қабырғалы әдебиеттерінің қатарына қосылғаны мәлім. Бұл ретте Мұхтар Әуезовтің Абай жолы, Сәбит Мұқановтың Өмір мектебі, Ғабит Мүсіреповтің Оянған өлке, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Қан мен тер, Ілияс Есенберлиннің Көшпенділер атты жаһанға әйгілі шығармаларын ауызға алсақ та жеткілікті. Ресми идеологияға қайшы озат ой, әділ көзқарас күрделі көркем образ тілімен жеткізілді. Әрине, бодандық жағдайында көп шындықтың қозғаусыз қалғаны да белгілі.
Нарық пен демократия дәуірі тарихи романның шүбәсіз таза шындықты бұрынғыдай бүгежектемей, астарламай барынша ашық айтуына толық мүмкіндік беріп отыр. Және бодандық бұғауынан құтылып, емен-жарқын заманға, тәуелсіздігімізге қол жеткізуіміз көп нәрсеге көзімізді ашты. Сол үлкен биіктен бұрын көрмегенімізді көрдік, білмегенімізді білдік. Өткен ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ірі туындылары, атап айтқанда Болат Жандарбековтің орыс тілінде жарық көрген Саки (1993), Қабдеш Жұмаділовтің Дарабоз (1994, 1996), Қалмұқан Исабаевтың Шоң би (1993), Рамазан Тоқтаровтың Абайдың жұмбағы (1999), Балғабек Қыдырбекұлының Алатау (1986, 1991), Жанат Ахмадидің Дүрбелең (1990), Шырғалаң(1997), Хасен Әдібаевтың Отырар ойраны (2001), Софы Сматаевтың Елім-ай (1976, 1980, 2003) атты, т.б. романдары ұлтымыздың өткен жолын бар қалпында дұрыс көрсетуге, тарихымыздың сабағын дербес ел игілігіне бағыштауға барын салды.
Тарихи роман - халық өмірінің өткен-кеткенінің айнасы. Халықтың белгілі бір дәуірдегі көркемдік эпопеясы. Осыны көкейіне мықтап қондырған жазушы ел-жұрт тірлігін жан-жақты көрсетуге ұмтылады. Ұлы тарихи бетбұрыстардың жаңғырығын хан, батыр, билердің ғана емес, қарапайым адамдардың күнделікті өмірінен аулауға тырысады.
Көркем әдебиет кез-келген ұлттың тілінде ерекше орын алады. Халық тілінің дамып, қалыптасуына көркем әдебиет тілі көп ықпал етеді. Ата-бабамыздан қалған асыл мұра тіліміздің бүгінгі күнгідей өмірдің бар саласына икемді, бейнелі болуына көркем сөз зергерлерінің де қосқан үлесін ешкім жоққа шығармайды. Тілдік қорымыздағы жекелеген сөздердің мүлдем көмескіленіп, жоғалып кетпеуіне және жаңа заман талаптарына сай ұғымдарды атау үшін, тілдік қордағы сөздерге жаңа мағына үстеп қолдану жолдарын ұсынып отырған қазақ қаламгерлері бұл салада да көп іс тыңдырып жатқанын білеміз. Дамудың жаңа жолына түсіп, өркениетті елдер қатарына жетуді мұрат тұтқан еліміздегі әдебиет әлеміне сапа жағынан да, түр жағынан да жаңа сипаттағы шығармалар қосылуда. Бірақ солардың ішінде дараланып, жетекші орында тұрғандары -тарихи романдар.
Халық басынан өткен тарихты суретпен жеткізуді өздеріне мақсат қылып, үлкен жауапкершілікті мойындарына алған қаламгерлеріміздің тудырған туындыларының қазақ әдебиетіндегі алар орны ерекше. Бұл ретте қазақ әдебиетінің көгінде жарық жұлдыздай боп жарқыраған тарихи тақырыптағы шығармаларды атауымызға болады. Осы көктегі темірқазықтай адастырмас жол нұсқап тұратын шығармалар қатарына І.Есенберлиннің "Көшпенділер", С.Сматаевтың "Елім-ай", М.Мағауиннің "Аласапыран", Ә.Кекілбаевтің "Үркер", "Елең-алаң" т.б. романдарын жатқызамыз. Бүған басты себеп бұл шығармалардың тарихи нақтылығында, әдеби көркемділігінде және тілдік жағынан тарихи стиль тезіне түсіріліп жазылуында.
Аталған жазушылардың өз шығармаларын жазу барысында тарихи стильдік тезге түсіру амалын калай сақтағанын, қалай қолданғанын сөз еткен, зерттеу нысанына айналдырған арнаулы ғылыми еңбектер де бар. Зерттеуші ғалымдарымыз бұл шығармаларда тарихи стильдік тезге түсірудің қандай жолдарын көрсеткеніне тоқталайық, сонда бұл шығармалардың тілдік тұрғыдан тарих тезге жатқызылуының себебін түсінеміз.
І.Есенберлиннің "Алтын Орда" және "Көшпенділер" трилогиясындағы "Тарихи романдар тілінің көріктеуіш амалдары" деген тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізген Б.С.Әбдуова бұл туындылардағы тарихи тездің көріністері туралы: "Алтын Орда" және "Көшпенділер" трилогиясындағы көне сөздердің, лауазым-титул, ономастикалық және топонимикалық атаулардың көне варианттары, сирек қолданыстағы үлгілерінің тарихи шығармадағы ең басты тілдік көркемдеуіш амалдар болып табылады", - [ 11.27] деп тұжырым жасайды.
С.Сматаевтың "Елім-ай" тарихи романында тарихи стильдік тезге түсірудің жолдары туралы Ө.Айтбаев, А.Есенкұловтың мынадай пікірін келтіреміз: "Тарихи оқиғаны кейіптеуде көне дәуірден бері сұрыптала келе ақиқат тұжырымға айналып кеткен мақал-мәтелдердің пайдасы мол болатынына тағы да көзіміз мына шығарманы қарастыра отырып, тағы жетті. Автор мұны молынан пайдалануға тырысқан" [9.46] .
Қазақ тарихи романдарының бірден-бірі М.Мағауиннің "Аласапыран" романының тарихи тезге түскендігін тілдік талдау жүргізу арқылы дәлелдеген ғалым Р.Сыздықованың қаламгердің бұл тәсілді қалай қолданғаны турасындағы пікірі өте жоғары. Тарихи дәуір шындығын нақты таныту үшін жазушы көп ізденеді. Осының бір дәлелі ретінде жазушының "тарихи шығарманың стильдік сипатын сақтау мақсатымен кейбір халық, жер-су, адам аттарын да бүгінгіден өзгешелеу, бәлкім, сол кезенде аталған тұлғада" [1.107] беретіндігін көрсетеді.
Зерттеуші Ж.Әбдірахманова: "Ә.Кекілбаев өз шығармаларында тілді тарихи дәуірге сай сөйлету ерекшелігімен бірге, сол кезеңдегі ұлттың байырғы тарихи дүниетанымын көрсете алған. Себебі, кез-келген ұлт тілінде сол ұлттың тілінде ғана мағынасы жан-жақты, табиғи түрде өз деңгейінде көріне алатын сөздер кездеседі. Мұндай сөздердің Ә.Кекілбаев шығармаларында көптеп қолданылуы және олардың сөйлем құрылымында ұлт тарихына қатысты тікелей қолданылуының өзінен жазушы шығармаларының қазақ дүниетанымының көрінісі екендігін аңғару қиын емес,-" [ 12.254] деген ой түйеді.
Зерттеуші ғалымдар тарихи романдарда тарихи тездің осындай амал-тәсілдерін, жолдарын көрсетеді. Қазақ тарихи романдары бұл туындылармен шектеліп қалмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін төл тарихымызды қайтадан тануға бет бұрдық. Тарихи тақырыпты аркау еткен жаңа дүниелер туды. Соңғы бес-он жыл ішінде жарыққа шыққан Қ.Жұмаділовтің "Прометей алауы", М.Есламғалиевтің "Әйтеке би", Ш.Құмардың "Ер Жәнібек" атты тарихи романдары қазақ тарихи романдар көшінің жалғасы. Мұнда тарихи стильдік тезге түсірудің дәстүрлі амалдары мен қоса қандай тың арналарының ашылғанына назар аударып, зерттеуіміздің нысаны етіп аламыз.
Қабдеш Жұмаділовтің "Прометей алауы" романы сонау ерте дүниедегі грек мифін еске салып, жадыда жаңғыртқанымен, мазмұны жағынан мүлде бөлек туынды. Қиялдан туған грек мифінде қараңғылықтағы адамдарға жарық сипатты от әкелетін титан Прометей жайлы айтылса, мұнда тарихи жағдай сөз болады. Роман тарихи тұлғаларды қазақы болмысқа тән шежірелік жолмен баяндайды. Оқиға қазақ хандығы тарағаннан кейінгі аға сұлтандар дәуірінде өтеді. Романның көтерген басты мәселесі - ұлт тағдыры. Мешіт орнына шіркеу салып, ата діннен алыстатып, мешелдікке жол сілтеген жат ділді өзге дін өкілдерімен рухани күрес кеңінен беріледі. Иә, мұндағы қаһармандар қолына қару алып, жауға қарсы аттанбайды, бірақ олар бұдан әлдеқайда биік тұратын рухани шабуылға қарсы тұрады. Сол себепті де мұндағы кейіпкерлер өзгеден ерек, бұрынғыдан соны тұлғалар.
Қабдеш Жұмаділовтің "Прометей алауы" романына белгілі жазушы Сәбит Досанов әдеби жыл қорытындысында жасаған баяндамасында былай деп баға берді: "Көрнекті жазушы Кабдеш Жұмаділовтің "Прометей алауы" романы сонадайдан кезге шалынар сом тұлғалы туындылардың бірі, бәлкім бірегейі.
Шығарманың алтын арқауы - қазақ хандығы құлағаннан кейінгі "аға сұлтандар дәуірі" деп аталатын тар кезеңдегі өмірде болған тарихи оқиғалар. Сондай-ақ, кейіпкерлері де ойдан шығарылмаған, сол дәуірде өмір сүрген тарихи тұлғалар. Дей тұрсақ та, бұл -- очерк не деректі кітап емес, жазушы қиялынан туған хикаяттар мен тұздықталып, кейіпкерлері іс-әрекет үстінде көрсетілген, көркем образдармен көмкеріліп, кең тынысты кемел ой, келісті тілмен кестеленген көркем шығарма.
Түйіп айтсақ, "Прометей алауы" талғампаз оқушының талғамына тар келмейтін талантты, куатты шығарма. Бұл - автордың ғана емес, қазақ прозасының да көркемдік ірі табысы" [ 13] .
Осыңдай жоғары бағаға ие болған "Прометей алауы" романында "әдебиетте аз шиырланған өңір" Аякөзде өмір сүрген қазақ биі, шешен, жырау Ақтайлақ би Байғараұлы өмірінің соңғы кезеңі суреттеледі. Соған сәйкес сол кезеңде кең қолданыс тапқан әкімшілік атаулары (бек, хан, сұлтан, төре, би т.б.) өз дәуріндегі мәнде орнымен жұмсалған. Тарихқа сөкеттік жасамас үшін тарихи тез қырларын жақсы меңгерген қаламгер бұл шығармасында сол кезең үшін жаңа сөздер болған, бүгінгі күн үшін көнерген сөздер қатарынан орын алған атауларды өз баяндауында қазақ және орыс тілдерінде қатар көрсетеді. Бұл кезеңде қазақ даласының өмір сүру салтына отаршылдар да араласа бастаған еді. Әкімшілік, ел билеу саласыңдағы терминдердің екі тілдегі атаулары қатар қолданыс тапты. Мәселен: бекініс -- приказ, округ -- дуан, аға сұлтан -- майыр, қазы -- заседатель. Бұлай беру арқылы оқырманының танымын арттырумен қоса, шығармасының тарихи стильдік тез қалыбына түсіруге қол жеткізеді.
Тарихи роман жазуда өзіне тән тіл кестесін байқатуға тырыскан жазушылардың бірі - Мұкадес Есламғали. Ол Кіші жүздің бас биі, Тәуке ханның ел басқарудағы ақылгөй кеңесшісі, белгілі шешен Әйтеке Бәйбекұлы өмірінің кейбір сәттерін "Әйтеке би" деген атпен көркем дүние етіп ұсынған. Жазушы шығармасында Алаштың үш ақиығы Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билердің сөз жарыстырған өнеріне куә етеді.
"Әуелгі бастағы хандық дәуірден бері карай ел билеу рәсімінің бір түрі ел ішіндегі дау-шарды, өкпе-жанжалды шешіп отыратын билер болғаны белгілі" [14.151] . Қаламгер "жай оғындай жарқ етіп, төкпе сөзін селдетіп сала берген" Әйтеке бидің сөйлеу мәнерінде қандай әдістерді қолданғанына назар аударайық. Мысалы:
"Төре мен кұл майданда, кәрі мен жас ақылда, бай мен кедей мырзалықта, барлық адам көр мен қаза жауабында теңеседі." (М.Е. 30-6.)
Құйрық-жалсыз құлан ғана күн көрер, көпсіз төре қайтіп күн көрмек! Көзсіз күнелтерсің,, бірақ көпсіз күнің қараң, төре. Көптің қолы көкке жетеді ... " (М.Е. 31-6.).
Осындағы төре-құл, кәрі-жас, бай-кедей деген антоним сөздер шешен ойының уытты, дәлелді шығуына әсер етсе, аллитерация ойдың сазды, құлаққа жағымды болуына ықпал етіп тұр. Қаламгер кейіпкер сөзінің мәнді, астарлы, үйлесімді шығуына көңіл бөлген. Қазақ тарихи романдарында суреттелетін шешендіктің үлгілеріне өз туындысында осылай жаңа қырынан келеді.
Тарих бетінен өшпестей із қалдырған тұлғалардың бірі Ер Жәнібек өмірінің кейбір сәттерінен сыр шертетін Шәміс Құмардың"Ер Жәнібек" атты тарихи романына тоқталайық. Мұнда Керей руынан шыққан батыр Жәнібек Келдібекұлының ерлік істері сөз болады. Ер Жәнібек, әсіресе, қазақ даласының шығысын жоңғар басқыншыларынан тазартуда жеке ерлігімен, жеңісті жорықтар ұйымдастыра білген қолбасылық өнерімен ел сеніміне ие болған. Қазақ руларын Зайсан, Алтай өңірлеріне орнықтыруда елге тірек болып, көзінің тірісінде даңққа бөленген. Жәнібек жорықта Абылайдың ақ туын ұстаған аруақты батыр. Осы арада мына бір жайды есте ұстаған жөн: Абылай өз кезінде әр рудың қолбасы батырларына ту ұстатып жауға аттандырған. Оларға берілген ту әрине Абылайдың өз туы емес, дегенмен Абылай берген жорық туы болғандықтан жұрт оны "Абылайдың ақ туы" атап кеткен. Жәнібек батыр ұстаған Абылайдың ақ туы ХХ ғасырдың 40-жылдарына дейін батырдың ұрпақтарының қолында болған. 1940 жылдардағы Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ол туды Жәнібектің жүрежаты Зардықан деген батыр ұстап жүрген екен. Көрген адамдардың айтуынша ту тозып, етегі жыртылып кеткендіктен сыртын ақ матамен қаптап тастаған дейді.
Ер Жәнібек деген атпен қалың қазаққа белгілі болған Керей Жәнібек батыр кейбір шежірелік материалдар бойынша Бердәулеттің жалғыз ұлы екен. Негізінде Жәнібек Бердәулетұлы ағайынды бесеу болып, Жәнтекейдің алтыншы буын ұрпағы болады. Қадыс Жәнәбілұлы қатарлылар құрастырған халықаралық Алтай ілімін зерттеу қоғамы жағынан шығарылған шежірелік кітап Абақ-Керей-де Жәнібектің орны жөніндегі жинақта толымды материалдар беріледі.
Онда былай делінген: Абақ-Керей ұлысының ел иесі болғандардың ішінде, әсіресе Жәнібек батыр Бердәулетұлының аты ерекше аталады. Ол үш жүздің хандары Әбілмәнбет және Абылай (Әбілмәнсүр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының ең батыр сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, Құба Қалмақ аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда ерекше көзге түскен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ-Керейдің ел иесі болған.
Жәнібек батырдың ұрпағы бүгінде Қытайда тұрады. Алматыға арнайы келген батыр ұрпағымен Еліміздің тарихшылары бас қосып, Ер Жәнібектің өміріне байланысты әралуан ой пікірлерін ортаға салды. Бір өкініштісі батырдың тегіне байланысты мәселе әлі толық дәлелденбепті.
Ер Жәнібектің есімін елі еске алды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылайхан, Қабанбай, Бөгенбай сынды батырлар қатырында шайқасқан Жәнібек Бердәулетұлын әр қазақ біле бермейді.
Шоқан Уалиханов: "Абылай хан заманы - қазақ батырларының дәуірі" деген ұлы сөзін тегін айпаса керек. Оның сыртында Абылай дәуірі жоңғарлар мен қазақтардың сұрапыл шайқастарына толы болды. Не бір батырлар шықты. Соның бірі - біз сөз өткелі отырған Ер Жәнібек батыр.
Осы Керей Жәнібек батырды ел аузында "Ақыр Жәнібек" деп те атайды. Себебі қазақтың тарихында көптеген Жәнібектер өткен. Соларды шатастырмау үшін, әрі Жәнібектердің ерлік дәуірінің ақыры ретінде есте тұтқан болуы мүмкін.
Осы Жәнібектерге келер болсақ, алғашқысы 1456 жылы хан болған Әз-Жәнібек. Екіншісі Шақшақ Жәнібек (Тархан Жәнібек деп те атайды). Оның сыртында Божбан Жәнібек дегендер болған. Божбан руынан шыққан Жәнібекті кезінде қазақтың тұтастығын бұзғаны үшін Абылай ат құйрығына байлап өлтірген. Ер Жәнібек турасында айтатын болсақ, бұл - үшінші Жәнібек. Оның шыққан тегі туралы, мынадай қысқаша шежірелік икем айтуға болады. Керейден - Құттыберді туған. Құттыбердінің шешесі - Абақ бәйбіше. Осы Құттыбердіден - Ителі, Қарақас, Молқы, Жастабан, Сарбас тарайды. Ителіден - Байлау мен Қойлау; Байлаудан - Жәдік, Жәнтекей, Шеруші туған; Жәнтекейден - Сүйіншал, Сүйіндік, Сүйінбай. Ал осы Сүйінбайдан - Жайлау, Сары, Самырат, Сәменбет, Төлеке тарайды да, осы Сары руынан - Бердәулетұлы Ер Жәнібек туған. Жәкеңнің туған жылы туралы әзірге тоқтамды мәміле жоқ. Әркім әртүрлі болжамдар айтады.
Шыңжандық Қостай Исабаев 1690 жылы туған дейді. Бұл тарихи негіздерге дәл келмейді. Осы мақала авторының пайымдауынша Жәкең 1710 жылы туған болып келеді. Олай дейтініміз: Шақшақ Жәнібек батыр бір ұзақ сапардан келе жатып Керей ауылдарына түстенсе керек. Сол күні Бердәулеттің бәйбішесі бір ұл тауып, атын қойып беріңіз деп нәрестені Шақшақ Жәнібектің алдына әкеліпті. Шақшақ Жәнібек батыр толғанып отырып былай депті; "Ей, Бердәулет, мына нәрестеге көңілім толып, көкірегім желпініп отыр, өз атымды қояйын, дұшпанға боқтатпас, жаманға даттатпас" деп нәрестенің құлағына сенің атың Жәнібек деп үш айтып, бата беріпті:
Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) - жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көзге түскен батыр, шешен.
Ол үш жүздің хандары Әбілмәмбет және Абылай (Әбілмәнсүр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының ең батыр сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, Құба Қалмақ аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда ерекше көзге түскен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ-Керейдің ел иесі болған. Бір шайқаста мінген тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп беріп, Абылайды құтқарып қалады. Өзі жекпе-жекке шыққан екі қалмақ батырын жеңіп, жаудың бетін қайтарады. Жоғарыда аталған батырлармен тізе қоса отырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың аяғына дейін қатынасады. 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде Ер Жәнібек керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арада Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асуынан жол салып ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz