Классикалық араб әдебиеті


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
қобланов жоламан таубайұлы
ЖЕТКІЗГЕНОВА ӘЛИЯ ТҮГЕЛБАЙҚЫЗЫ
ШЫҒЫС ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ӘДЕБИЕТІ
Жоғары оқу орындарының 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттеріне арналған оқу құралы
аҚТАУ-2020
Пікір жазғандар: филология ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры Ж. Ж. Тілепов
филология ғылымдарының докторы,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің профессоры Т. С. Тебегенов
Қобланов Ж. Т. Жеткізгенова Ә. Т.
Шығыс халықтарының әдебиеті: Жоғары оқу орындарының 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттеріне арналған оқу құралы (өңделіп, толықтырылған) . - Ақтау. : 2020. -290 бет.
Төрт бөлімнен тұратын оқу құралының алғашқы бірінші бөлімінде ежелгі араб, бәдәуилер поэзиясы және классикалық араб әдебиеті, екінші бөлімде парсы классикалық әдебиеті мен иран әдебиеті, үшінші бөлімде қытай әдебиетінің ежелгі дәуірі мен қазіргі қытай әдебиеті өкілдерінің басты шығармалары, төртінші бөлімде үнді әдебиетінің ежелгі дәуірі мен қазіргі үнді әдебиеті өкілдерінің шығармалары талданып, олардың өз тұсындағы рухани қызметі сараланады.
Оқу құралы жоғары оқу орындарының «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттері мен оқытушыларына, әдебиет мәселесімен айналысатын көпшілік қауымға арналған.
Кiрiспе
Бұл жаңа оқу құралы Қазақстан білімдендіру саласының басты мамандары - әдебиетшілер, мектеп мұғалімдері, әдебиетке қызығушы көпшіліктің талап-тілегін қанағаттандыруды, орта мектептерде әдебиет тарихының кең көлемде оқытылуын ескере отырып, Шығыс классикалық әдебиетінің ғажайып үлгілерімен толығырақ таныстыру мақсатында жазылды.
Шығыс әдебиеті тарихының жоғары оқу орындарында дербес пән ретінде жүргізілуіне байланысты осындай оқу құралы қажеттілігі туып отыр. Сонымен бірге қазіргі жазба әдебиетіміздің қалыптасуында араб, парсы және қытай тілдеріндегі әдеби мұралардың да белгілі бір дәрежеде өз орны бар. Жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасында бұған арнайы сағаттар бөлінген.
Бұрынғы «СССР халықтары әдебиеті» деп аталатын бөлімде Шығыс әдебиетіндегі кейбір шығармалар толық қамтылған жоқ. Бұл салада М. Әуезовтің «Уақыт және әдебиет» (1962), Р. Бердібаевтың «Гүлстанның бұлбұлдары» (1970), С. Сейітовтың құрастырған «Сөз зергерлері», Н. Карбанованың құрастырған «СССР халықтары әдебиеті» оқулық-хрестоматиясы, Ә. Дербісалиевтің «Араб әдебиеті», (1987), Ө. Күмісбаевтың «Қазіргі Иран әдебиеті» (2005), «Терең тамырлар» (1994), И. Жеменейдің «Хафиз және қазақ әдебиеті» (2000), Г. Ахметбекқызы мен С. Қажыкенованың «Қытай әдебиетінің хрестоматиясы» (2005), Х. Қарасаева мен Ж. Қоблановтың құрастырған «Шығыс әдебиетінің тарихы» (2001) кітаптарынан өзге арнайы еңбектер жоқтың қасы болды.
Бұл оқу құралы осындай олқылықтардың орнын аз да болса толтыру ниетінде К. Мәмбетов, С. Талжанов, Д. Мәсімханұлы және жоғарыда аталған авторлардың еңбектерімен қоса, «Әлем әдебиеті» әдеби-көркем және публицистикалық журналының әр жылдарда шыққан сандарындағы материалдар кең түрде пайдаланыла отырып құрастырылды.
Оқу құралы кіріспеден басқа үлкен үш бөлімнен және бірнеше жекелеген тараулардан тұрады: 1) Араб әдебиеті; 2) Иран әдебиеті; 3) Қытай әдебиеті.
Араб әдебиеті бөлімі Ә. Ә. Дербісалиевтің, Иран әдебиеті Ө. Күмісбаевтың, Қытай әдебиеті С. Әшімханова мен Д. Мәсімханұлы еңбектерін негізгі басшылыққа ала отырып жинастырылды. Осы орайда аталған авторлардың зерттеу, зерделеу жұмыстарын аса ыждағаттылықпен жүргізгендігін ризашылықпен атап айтқымыз келеді.
Әрбір бөлімге енген шығармалар мүмкіндігінше хронологиялық тәртіппен берілді. Аталған бөлімдерде сол халықтар әдебиетін толық қамтыдық деп те айта алмаймыз.
Мүмкіндігімізше әр автордың өмірі жайлы мәліметтерден соң олардың шығармаларынан үзінділер беріп отыруға тырыстық. Осы материалдарды қазақ тіліне аударуда біраз қиындықтар болғандығын жасырмаймыз. Мұның өзі белгілі бір дәрежеде оқу құралының сапасына әсер етпеді деу қиын. Сондықтан да оқу құралын мұнан әрі жетілдіру мақсатында өз ойларын ортаға салып, сын-ескертпелер жасаймын дейтін оқырманға авторлар алдын ала алғыс айтады.
І - БӨЛІМ. АРАБ ӘДЕБИЕТI
1-тарау. Көне араб лиро-эпикалық поэзиясы. Бәдәуи бәйіттері
V-VII ғасырлардағы бәдәуи поэзиясын батыс ғалымдары «Жаһиллия» («қараңғылық») ғасырының поэзиясы дейді. Ислам тарихын зерттеуші өзге оқымыстылар бұл дәуірдің бұлай аталуы жайлы әр түрлі жорамалдар ұсынған. Олар V-VII ғасырларда жасаған көшпелі бәдәуилерде жазу-сызу өнері болған жоқ, сондықтан да көшпелі бәдәуилер поэзиясы жаһиллия ғасырының поэзиясы деген атақ алды деген болжамды айтады.
Ал, енді бірі V-VII ғасырларда ақындардың болғандығын да теріске шығарады. IХ ғасырда өмір сүрген араб әдебиетшісі ибн Салам өзінің «Ақындар буыны» деген еңбегінде бәдәуи поэзиясының өмір сүргендігін айта келе, «поэзия болғанмен ол қазіргідей (тоғызыншы ғасырды айтып отыр) емес еді. Оның үстіне бәдәуи ақындарының шығармалары дейтіндердің көпшілігі ол ақындардың шығармашылдығына мүлдем ұқсамайды, олардың барлығы, ислам тарағаннан кейін ғана шықты, өйткені исламға дейін көшпелі бәдәуилер қараңғылық ғасырда өмір сүрді, олардың мұндай әдемі, өрнекті, ойлы шығармаларды шығаруы мүмкін емес еді», - дейді. Бұл сияқты жаңсақ пікірлерді кезінде араб әдебиетін зерттеуші ағылшын ғалымы, доктор Д. С. Марголиус (1858-1940) пен мысырлық ғалым, доктор Таха Хусейн де (1858-1940) қолданған болатын.
Қайсыбір халықтың болмасын қараңғылық кезеңді бастан өткергені даусыз. Бірақ оларда ауыз әдебиеті болған жоқ еді деген қате пікір. Өйткені, кез келген әдебиет өзінің бастауын ерте кезеңдердегі ауыз әдебиеті үлгілерінен іздейді.
Ибн Салам, Д. С. Марголиус пен Таха Хусейннің «көшпелі бәдәуи ақындарының бәйіттері дейтін шығармалар ислам тарағаннан кейін шыққан, сондықтан да бұл көшпелі бәдәуи ақындарының шығармаларына жатпайды» деген пікірлерінде де қарама-қайшылықтар бар.
Ислам тарағаннан кейінгі жылдары ақындардың көпшілігі сарай ақыны болып өмір сүрді. Ал, сарай ақындарының өте талантты дегендері болмаса, даланы көрмей, білмей тұрып, бәдәуи өмірін дәл суреттей алуы екі талай еді.
V-VII ғасырлардағы бәдәуи поэзиясы туралы батыл болжамдар айтып, өзінің зерделі зерттеулерімен даңқы шыққан ғалымдардың бірі, венгер шығыстанушысы И. Голдьциэр (1850-1920) . Ол әуелі араб поэзиясындағы хиджа жанрының шығу тегін зерттеп біраз мақалалар жазды да, кейінірек осы мәселеге қайта оралып үлкен зерттеуін жариялаған. Бұл ғалым, сондай-ақ, риса жанрына да бағалы бағдарлар жасады.
ХIХ ғасырдың соңғы жылдарында Австрия шығыстанушысы Рудоканакис (1876-1945) бәдәуи поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі - Әл-Ханса (VII ғ. ) туралы өз зерттеуін ғалымдар талқылауына ұсынса, неміс арабтанушысы Р. Гейер де (1851-1929) Әл-Ааша (VII ғ. ) туралы байыпты зерттеулер жүргізген.
Бәдәуи поэзиясы V ғасырдың соңғы жылдарынан басталады. Осы кезеңнен бастап VII ғасырдың ортасына дейін, Солтүстік Арабияда бәдәуи поэзиясы туып қалыптасты. Көшпелі бәдәуилердің көпшілігі Солтүстік Арабияны мекендегендіктен де бәдәуи поэзиясының Отаны Недж және Хиджаз жазығы болды.
Бәдәуилерде жазба әдебиет болған жоқ. Ол дәуір ақындарының шығармалары тек қана ауыздан-ауызға көшу арқылы сақталып қалды. Араб топырағында туған талай-талай талантты ақындар дүние жүзіне мәшһүр болды, тарихтың алтын беттерінде аттарын қалдырды.
Көшпелі бәдәуилер арасында өлең шығару өнері батырлықтан кем саналмаған. Өз тайпасының, руының даңқын шығаратын ақындар болғандықтан, өлең өнерін білетіндерге қоғам өз төрінен үлкен орын берген. Бұл жағынан олар қазақ табиғатына тым жақын.
Бәдәуи «араб немесе арабстандық» деген сөздің синонимі емес, ол түптеп келгенде «түз адамы» деген ұғымды береді.
Бәдәуилер түйе шаруашылығымен айналысқан. Өйткені, олар өмір сүрген географиялық орта түздіктердің ғұмырын түйемен мықтап матастырады. Олар түйені аса жоғары бағалайды. Сондықтан да бәдәуи ақыны сұлу қызды суреттегенде, міндетті түрде өз түйесінің сұлулығын да қозғай кетеді.
Арабтардың көптеген ақындары өз өлеңдерін астына мініп жүрген түйесін суреттеуден бастайды. Бұл жайлы араб әдебиетін зерттеуші, академик И. Ю. Крачковский (1888-1951) : «Шайырлар кейде түйенің сұлулығын тәптіштеп баяндағаны сонша, олардың суреттеулерін әділ де дұрыс бағалау үшін осы бір қасиетті жануар сырының әуесқой да нағыз білгірі болуға тура келеді» дейді.
Көшпелі бәдәуилер түйенің жоғарыда айтылған қасиеттерінен бөлек музыка сазына өте сезімтал екендігін ерте кезде-ақ байқаған. Шығыстанушы неміс ғалымы Карл Броккельман (1868-1956) «бәдәуи өлеңдерінің өлшемі түйенің жүрісіне байланысты туған, өйткені түйеге мініп бара жатқан бәдәуи өз өлеңдерінің ырғағын түйенің жүрісіне ыңғайлап айтады» - дейді.
Бәдәуи ақындарының шығармалары бізге түгелдей жеткен жоқ. Жеткенмен жарым-жартылай, сұрыпталған дәрежеде жетті.
Араб әдебиетін зерттеуші ғалымдар бәдәуи ақындарының шығармаларының ұмыт болып, жойылып кетпеуіне талантты ақындардың шығармаларын түгелдей жаттап, ел арасына айтып жүретін адамдардың үлкен үлес қосқандықтарын айтады. Мысалы, Қурайыш тайпасында сан мыңдаған өлең жолдарын жатқа айтатын Махрама ибн Нуфл, Хутайтаб ибн Абд әл-Азза секілді, ал VII ғасырлардан бастап Хаммад ар-Рауиа (VIII), Халаф әл-Ахмар (VIII), Абу Әмір Исқақ ибн Мирар аш-Шайбани (IХ), Асма және Абд әл-Мәлік ибн Кариб (IХ), Абу Саид әл-Хассан ас-Суккари (IХ), Абу Бакр Мұхаммад ибн әл-Қасым әл-Әнуари (Х) сынды үлкен дарын иелері болған. Ал хижра жылынан кейін араб оқымыстылары мен әдебиетшілері, бәдәуи ақындарының өлеңдерін қағаз бетіне түсіріп, түсініктеме жаза бастайды. Өз еңбектерін жазу үстінде олардың өлеңдерінен өнеге алып отырған.
V-VII ғасырларда бәдәуи поэзиясының кейбір Набиға, Тарафа секілді өкілдері Хира әкімдерімен жиі қатынаста болған. Бұлардың шығармаларын кейінірек қағаз бетіне түсірген де сол өлке әдебиетшілері еді.
ХIХ ғасырда ғұмыр кешкен орыстың белгілі шығыстанушы ғалымы В. Розен (1849-1908) бәдәуи поэзиясының жиналуы жайлы мына бір жайтты келтіреді: «Абу Әмір ибн әл-Ала айтып еді. Арабтар топырағында дүниеге келген әдеби шығармалар сіздерге толық жеткен жоқ. Егер жеткенде сіздер одан көп тәлім алар едіңіздер. Жаугершілік заманда (VI-VII ғасыр) Халифа Нұғман ибн әл-Мунзир нөкерлерін шақырып алып, қолжазбаларды арнайы затқа орап өз сарайының ішіне жасырып көмдіреді. Арада біраз жыл өтіп бейбіт өмір орнағаннан кейін бірде өзге Халифа Мұхтар ибн Аби Абид ас-Сақафи (VII ғ. ) Куфаға келгенде, оған біреу Халифа әл-Мунзир сарайының астында тығылған қазына бар екендігін айтады. Мұхтар ол жерді қаздырғанда бәдәуилердің көптеген өлең жинақтары шықты».
Шындығында да бәдәуи ақындарының шығармалары ұшан-теңіз болған. Бірақ, көпшілігі әлгіндей жолмен жасырылып, жасырылмағаны жойылып кеткен. Қазіргі күні бәдәуи ақындарының бізге жеткен бірнеше ірілі-уақты жинақтары бар. Олар: Хаммад ар-Рауиа (694-772) құрастырған «әл-Муаллақат» антологиясы, Муфаддал ад-Дауи (780-867) құрастырған «әл-Муфаддалиат» атты өлеңдер жинағы, Абу-л-Фарадж әл-Исфаһанидің (897-967) «Китаб әл-агани» («Ән кітабы») атты антологиясы. Ибн Кутайбаның (828-889) «Поэзия және ақындар» («аш-Шиир уа-ш-шуара») атты еңбегі, Абу Таммамның (805-886) «Китаб әл-Хамаса» («Батырлар жыры») атты антологиясы.
Ұзақ жылдар жазу-сызу өнері болмай араб ақындарының бәйіттері тек тек ауызша сақталғандықтан, кейбір бәйіттердің бұрынғы қалпынан өзгеріп, толықтырылғандығына күмән жоқ. Мысалы, Әмір ибн Кулсум өлеңдерінің ішінде Әмір шығармаларына жатпайтын кейбір бәйіттер бар. Ол бәйіттер Сирия жайында айтады. Ал, Әмір әл-Фураттың (Евфраттың) төменгі сағасында тұрған, Шамда ешқашан болмаған.
Кейбір бәдәуи ақындарының шығармаларын жинаушы «рауилер» (жадында сақтап айтушылар) тайпалас ақындарының өзге шайырлардан биік тұруын қалап, өздері бәйіттер шығарып, оны ақындарының шығармаларына таңған. Дегенмен, бәдәуи ақындарының шығармалары түбегейлі өзгертулерге ұшырай қоймаған. Өйткені, олардың өлең өрнектері өзгерте беруді көтермейді. Ондай жағдайда бәйіттердің мазмұны мен мағынасы да біржола өзгереді. Ал, бізге белгілі ақындардың шығармаларында бірен-саран болмаса өзгертулер аз.
Бәдәуи поэзиясын оқи отырып, «муаллақ» деген сөзге жиі кездесеміз. «Муаллақ» араб тілінде «ілінген», «көтерілген» деген ұғымды білдіреді. Мұндай «ілінген», «көтерілген» деген сөздің шығуы туралы араб халқының арасында аңыздар бар. Соның бірінде «бәдәуи ақындарының арасында жиі болып жататын мүшайра (ақындар айтысы) кезінде жоғары бағаға ие болған бәйіттер жинақ етіп құрастырылады да Меккеге жақын Указ жәрмеңкесінде қымбат матамен тысталып, сыртына алтын жалатылып, жұрт көбірек көретін жерге ілініп қойылады екен», - делінеді. Осы сияқты әңгімені біз Андалус ақыны ибн Абд ар-Рабихтың (860-939) еңбегінен де оқимыз.
Бізге жеткен бәдәуи ақындарының шығармалары Аднан және Қурайш диалектісінде жазылған. Қурайш диалектісі араб топырағындағы барлық тайпаларға түсінікті болған. Өйткені бұл диалектіде сөйлейтін арабтар мәдениеттің кең тараған жерінде тұрған.
Бәдәуи ақындарының шығармаларында бой көрсетер жайт өз тайпасының батырлығын мақтау, соны жыр ету. Сонымен қатар, кейбір аш-Шанфара (VI ғ. ), Тарафа сияқты ақындар көршілес тайпалардың кемшіліктерін мінеп, мысқылдап, уытты тілмен әжуалап отырған. Сондықтан да бәдәуи поэзиясында бәдәуилер өмірі жан-жақты, айқын көрінеді.
Көрнекті арабтанушы ғалым И. М. Фильштинский араб өлең өрнегінің негізі исламға дейінгі кезеңде қаланғанын айтады. «Орта ғасырларда, - дейді ол - шын мәніндегі толыққанды поэзиялық шығармалардың тууына бәдәуилер дәуірінде мықтап дамыған ауыз әдебиеті түрткі болған. Осындай процестің алғашқы баспалдағы деп соңғы дауыссыздары ғана ұйқасып келетін қарасөзді сөйлемді - саджды - атауға болады. Садж - жақын адамы қайтыс болып қара жамылғанда немесе жақындаған жауын көріп кіжінгенде, яки қатты тебіренгенде бәдәуи аузынан шығатын қысқа үн. Мұндай ұйқасты қарасөзді өзінің белгілі салт жораларында дін өкілдері - абыздар да пайдаланған. Міне, осы ұйқасты қарасөзден барып араб өлең өлшемінің қарапайым түрі - раджаз (қосарланған ямб) келіп шыққан. Раджаз соңыра араб поэзиясындағы басқа да өлең өлшемдеріне негіз болған.
Араб өлең өлшемі (аруд) латын немесе грек өлеңі секілді квантативті. Бұл созылыңқылары әрқилы буындардың ауысып келуі деген сөз. Қысқа және созылыңқы буындар жиылып бунақ құраса, ал екі және үш бунақ жарты өлең (полустишия) түзеді, ал екі жарты - өлең міндетті түрде үзілістік арақатынаспен бөлініп - бәйіт деп аталатын өлең құрайды.
И. М. Фильштинский онан әрі созылыңқы және қысқа буындардың ауысып келуіне тікелей байланысы бар араб поэзиясында он алты өлең өлшемі бар екенін айтады да «Араб филологтары бұл өлшемдерді көшпелі бәдәуилердің көлігі болған түйенің жүру ырғағына байланысты туған» деген жорамал жасайды.
Араб поэзиясы төмендегідей өлең өлшемдерінен тұрады. Олар: тауил («ұзақ», «созылыңқы»), басит («кең», «мол»), камил («толық»), рамал («жүгіргіш»), хафиф («жеңіл»), мутақариб («із тастаушы»), уафир («мол»), мадид («ұзын»), хазадж («тарсыл»), раджаз («көркемдеу», «тақпақтау»), сари («жай»), мунсарих («еркін», «бос»), мудари («мударлық»), муқтадаб («қысқа»), мутадарик («толассыз») . Бәдәуи ақындары осылардың ішінен салмақты да салтанатты деп есептелінген тауил мен баситті көп пайдаланған.
«Классикалық араб өлеңдері негізінен - монорим. Сондықтан да олар көбінесе ұйқас атымен (мысалы, барлық өлең жолдары дауыссыз «лам»-ге бітсе «ламийа») аталатын болған.
Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген қасиданың (көлемі кішігірім поэма) іргетасы исламға дейінгі кезеңде қаланған. Қасида әдетте елу немесе жүз бәйіттен тұрған. Ол кезде сондай-ақ белгілі бір тақырыпты сөз ететін құрылысы қарапайым жеті-он өлеңнен ғана құралатын қыта’а деп аталған өлең де болған. Қыта’а қасиданың бір бөлімі немесе жеке туынды ретінде де өмір сүрген».
Бәдәуи бәйіттері атты яки түйелі екі жолаушының ұшы-қиыры жоқ кең далада кетіп бара жатып бір жерге түстенуінен немесе көшкен бәдәуи жұртының ізін көруі, өткен өмірді еске алып күрсінуінен, қуануынан басталады. Жантақты күрт-күрт шайнап жатқан түйенің қасында отырып, ақын бақытты күндерін еске алады. Сүйіктісімен қайта кездескендей сезімде болады. Ақын өзінің сүйген жары жайлы сондай-ақ, араб даласы тіршілігінің алуан сыры туралы да толғанады, сыр шертеді. Сүйгенінің мінезін, кескін-келбетін суреттеп өтеді. Содан кейін ол әңгімесін кілт өзгертіп түйесін, тұлпарын мақтауға көшеді. Тұлпарының жүйріктігін, шыдамдылығын, сұлулығын айтады. Мұнан соң бірден өз руының батырларын, жауларының әлсіздігін айтып, бәдәуи өмірін баяндауға көшеді. Тайпа бірлігін қорғаған, жаулармен арпалыста ерлік көрсеткен баһадүрлерді суреттейді.
Бәдәуи поэзиясында хиджа («сатира»), ғазал («махаббат лирикасы»), уасф («табиғатты суреттеу»), мадх («мадақ»), фахр («өзін-өзі мақтау»), риса («элегия»), хамрийат («шарап жыры»), тардийат («аңшылық суреттері»), зухд («діни сарындағы жырлар»), нақаид («мысқыл»), насиб («әйел сұлулығын жырлау») секілді т. б. жанрлар болды. Әрине поэзияның осы аталған жанрларының өркендеуіне, кең тарауына ең алдымен, көшпелі бәдәуи өмірі барынша әсер етті. Өйткені, әрбір тайпа көршілес тайпамен жанжалдасып, соғыса қалған жағдайда ақын өз руының туын жоғары ұстап, тек соғыста ғана емес, өнер сайысында да сынға түсетін болған. Мысалы, сол кезде-ақ есімі елге мәшһүр болған ан-Набиға өзінің дұшпаны Әмірге: «Әмірдің сөзінен ақылсыздықтың исі шығып тұрса, оған таңданудың реті жоқ, өйткені ол надан. Әмір, сен әкеңе ұқсашы, сонда ғана ес біліп, қара айырар біреуге тартарсың. Әй қайдам, сен адам болам дегенше шашың да ағарар. Қара қарға аппақ болар», - дейді. Бұл өлең жолдарын поззияның «Хиджа» жанрына жатқызуға болады.
Риса жанрының шығу тегі де әріде. Жауымен арпалыста мерт болған ер жүрек бәдәуиді әйелі, туысқаны дауыстап жоқтайды. Бәдәуи ақын батырдың ерлігін, мәрттігін, мінезін, кішіпейілділігін айтып мадақтайды. Өздерінің қатарында оның жоқтығына қабырғасы қайыса қайғырады. Мәселен, бәдәуи поэзиясының тағы да бір талантты өкілі әл-Ханса майданда қаза болған ер жүрек ағасы Әбу Хасан Сахарды былай деп жоқтайды:
«Жоқ, сенің ардақты атыңды ұмытпаспын! Әбу Хасар Сахар қаза тапқан күннен бері мен барлық қуаныштан айрылып, бақытыммен біржола қоштастым. О, залым тажал! Қалай ғана біздің ыстық құшағымыздан Әбу Сахарды алып кеттің».
Қазақ әдебиетінде де жоқтау өлеңдерінің ертеден келе жатқан нұсқалары өте көп. Олардың алғашқы үлгілерінің тууына көшпелі бәдәуи поэзиясының ықпалы бертін келе де тиюі мүмкін. Өйткені, қазақ әдебиетіндегі жоқтау өлеңдерінің араб әдебиетіндегі риса жанрына жақындығы байқалады. Бірақ «қазақтар жоқтауын адамдарға ғана емес, төрт түлік малға да айтқан. Солармен мұңдасып, көңіліндегі күйікті таратқан».
Бәдәуи поэзиясының көп, әрі тез өріс алған жанрларының бірі - ғазал. Бәдәуи өз ойы жайлы әйелімен, яки сүйгенімен ақылдасып отырған, - дейді Ханна әл-Фахури. Өйткені, әйелі оның тар кезеңде айнымас жолдасы, досы. Әйелі әрқашан батыр бәдәуидің қорғанышына зәру немесе оның көңіліне қызғаныш уын себуші. Бәдәуи ақыны өзінің махаббатын, сүйіспеншілігін жырына арқау етеді. Мұндай лирикалық өлең шығарушылар ішінен «поэзия падишасы» деген атақ алған Имру-л-Қайс және Ибн тайпасында дүниеге келген көрнекті ақындардың бірі Адий бин Шаддадты атауға болады.
Шарап жайлы арабтың әл-Ааша және Тарафа секілді ақындарының өлеңдері бар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz