Қазақ жаңылтпаштарының зерттелу тарихы


Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 63 бет
Таңдаулыға:   

Міне, осы тұрғыдан келгенде бүгінгі таңда фольклордың өзге жанрларына қарағанда зерттеу ісі кенжелеп қалған „қазақ жаңылтпаштарын дипломдық жұмыс етіп алуымыздан тақырыптың маңыздылығы көрінеді.

Дипломдық жұмыстың өзектілігі. Қай халық фольклорында болмасын кең таралған жанрлық түрлердің бірі - жаңылтпаш. Жаңылтпаш - астарлы сөз, әсем жыр. Жаңылтпашта қарапайым халықтық тіл өрнектеледі. Олай болатын себебі - белгілі бір құбылыс, зат жаңылтпашталғанда, оның сипатын, кескін-кейпін, мейлінше түсінікті тілмен беру көзделеді. Жаңылтпаш - бала тілін дамыту құралы. Жаңылтпаш ықшамдылық талабына мейілінше бұлтартпастай жауап береді.

Жаңылтпаш - қазақтың ұлттық құндылығына да, ауыз әдебиетінің құндылығына да тән мұра. Жаңылтпаштар балалардың тілін дамыту және оларды жан-жақты тәрбиелеу қажетінен туып, бала тәрбиесі үшін қызмет еткен. Жаңылтпаштардың ықпалы, тәрбиелік күші жағынан жасөспірімдерді тәрбиелеудің ең маңызды белесіне айналды.

Жаңылтпаш тіл дамыту мен ширатудың, әсіресе бала тілін ұстартудың тиімді құралы, дәстүрлі жолы десек, ондағы мағынасыз сөздер мен дыбыстардың ермек үшін айтылатын ретсіз жиынтығы емес. Жаңылтпаштар белгілі бір желіге құрылады да жүйелі өзіндік оқиға нышанын сөз етеді. Жаңылтпаш жанрының дәстүрлі тәлімдік-тәрбиелік мектебіне айналу мәнісі, әрине, оның танымдық қуаты мен тәрбиелік маңызынан, көркем бояулы эстетикалық күшінен, ойлы-сезімді тереңдігімен айқындалады деп түсінеміз. Сонымен қатар, дүние сырларын танытып, білім берерлік, білік-дағды қалыптастырарлық ерекшелігі де бар. Жаңылтпаш ана тілінің бай қорын, мол мұрасын бала жастан игеруге, жатық сөйлеп, тіл саздылығын тануға көмектеседі, көркем сөзді қастерлеуге тәрбиелейді. Бала танымын кеңейтумен қатар, тілін ұстартып дұрыс сөйлеуге үйретуде жаңылтпаштың орны ерекше.

Жаңылтпаштардың балалар фольклорынан алатын орны айрықша екеін жоғарыда айтып өттік. Бала тәрбиелеуде бұл жанрдың ерекше маңыздылығына халық ертеден үлкен мән берген. Қазақ халқы балалар тәрбиесіне, ұрпағының саналы болып өсуіне жіті көңіл бөлген. Бұл ұғымды саналы ұғынған қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін бала дүниеге келген күннен бастаған. Мұндай тәлім-тәрбие жүргізу ерте кезден қазірге дейін жалғасып келе жатқан құнды дәстүріміздің бірі. Мұны, әрине, қазақтың қазыналы ауыз әдебиеті үлгілерінен көре аламыз.

Жаңылтпашты зерттеуші ғалымдардың ой-пікірлеріне, ғылыми тұжырымдарына көз жүгіртсек жаңылтпаш та жұмбақ, мақал-мәтел сияқты фольклордың шағын жанрына жатады. Жаңылтпаш сөздер мен дыбыстарды қиындата қайталатқанда, айтқанда тілді мүдіртіп тұтықтандыратын сөйлемді немесе сөйлемнің бөлігін шапшаң, жиі қайталау арқылы тіл ширатуға, тіл ұстартуға лайықталады. Жаңылтпаш дүниежүзі халықтарының бәрінде бар. Бірақ жаңылтпаштың қай тілдегі атауына зер салсаңыз да, оның ауыз әдебиеті үлгісінің ортақ табиғатынан өрістеп жатқанын байқау қиын емес.

Қазақ фольклорының жекелеген жанрлары бойынша көптеген ғалымдарымыз ғылыми зерттеу еңбектерін жазды. Алайда, қазақ фольклорының күллі мәселелеріне арналған еңбектерте жаңылтпаш туралы бөлімдер болғанымен де олардың көлемі 1 беттен аспай, мазмұны тек жалпылама түрде айтылады. Қазақ халқының бай фольклорлық мұрасында жаңылтпашты зерттеу фольклортану ғылымындағы кезек күттірмес мәселенің бірі екенін ескерсек, дипломдық жұмыстың өзекті мәселе екені дау тудырмасы анық.

Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы. Дипломдық жұмысты жазу барысында төмендегі мәселелерге айырықша көңіл аударылды және барынша шешілді. Ең бастысы, қазақ фольклорындағы жаңылтпаштардың жиналып зерттелуі, ауыз әдебиетінің басқа да үлгілерімен байланысы, жаңылтпаштардың жанрлық ерекшеліктері мен тақырыптарына баса назар аударылды.

- Халық ауыз әдебиетінің оның ішінде жаңылтпаш жанры жайлы сөз қозғаған А. Байтұрсынұлы, Ә. Диваев, С. Сейфуллин, М. Ғабдуллин зерттеулерінің негізінде жаңылтпаштың теориялық, педагогикалық (халықтық) негіздері сипатталды.

Қай халықта болсын жаңылтпаш сөйлеу аппатаратына күрделендіріліп берілетін синтаксистік жағынан дұрыс құрылған фраза болып есептелетіндігі зерделеніп, мағыналық жағынан әр түрлі болғаныман дыбысталуы жағынан жақын сөздерден, фонемалардан түзіле отырып, жаңылтпаштың белгілі бір ырғақ пен әуезге негізделетіні анықталды.

- Жаңылтпаштардың шумағы құрылысына қарай қос тармақты, үш тармақты, төрт тармақты және көп тармақты болып келетіндігі айқындалды.

- Көрнекті ғалымдарымыздың жаңылтпашқа қатысты пікір-көзқарастары, тұжырымдары жүйеленіп, бүгінгі ғылым талабы мен бағыт-бағдар тұрғысынан талданды. Әр ғалымның еңбектеріндегі ерекшеліктер көрсетіліп, олардың қазіргі маңызы дәлелденді.

Дипломдық жұмыстың теориялық және практикалық мәні. Зерттеу барысында алынған тұжырымдар мен нәтижелерді халық ауыз әдебиеті жанрлары, фольклортану жайында жазылған ғылыми зерттеу еңбектерге жалпы шолу, талдау жасау барысында пайдалануға мүмкіндік береді. Оған қоса бұл зерттеу жұмысы болашақ ғылыми ізденістерге негіз бола алады. Жұмыста ұсынылған кейбір зерттеулік тұжырымдар жақын келешекте жаңылтпаштардың жаңаша зерделенуіне итермелейді.

А. Байтұрсынұлы, Ә. Диваев, С. Сейфуллин, М. Ғабдуллин мұраларының негізінде жасалған зерттеудің нәтижелері жаңылтпаш мәселесінің ғылыми-теориялық тұжырымдарының дәйектелуіне ықпал етеді; халық ауыз әдебиеті жанрларының бірі жаңылтпаштың терминдік өрісін жүйелеуге және дамытуға өзіндік үлес қосады. Жаңылтпаштың қыр-сырын теориялық тұрғыдан меңгеруге, түсінуге мүмкіндік береді.

Зерттеу бойынша жасалған тұжырымдарды, ғылыми-теориялық және практикалық пікір-көзқарастарды жоғары оқу орындарының филология факультетінің студенттеріне халық ауыз әдебиеті және фольклортану курстарындағы дәрістерде, тәжірибелік сабақтар мен элективті сабақтарда, оқу-әдістемелік кешендер дайындауда пайдалануға болады.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақ фольклорының дамуында өзіндік орны бар жаңылтпаштардың зерттелуі мен жиналуын, оның тақырыптық бөліністері мен жанрлық ерекшеліктерін талдай отыра ұлттық дүниетаным көрінісін сипаттау. Халықтың сөз байлығын қолданудағы жаңылтпаштың өзіндік дара ерекшелігін анықтау. Осы мақсатты орындауда төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:

- қазақ фольклорындағы жаңылтпаштың қалыптасу тарихы мен даму бағытын айқындау;

- аса көрнекті қазақ фольклорын зерттеуші А. Байтұрсынұлы, Ә. Диваев, С. Сейфуллин, М. Ғабдуллин сынды т. б. ғалымдардың еңбектеріндегі жаңылтпаш жайлы тұжырымдарын анықтау;

- фольклортанушылар зерттеулеріндегі жаңылтпаштың ғылыми негіздерін жүйелеу;

- жаңылтпаш құрылысында қайталаулардың ерекше орын алатындығына тоқталу;

- жаңылтпаштар тек қана сөйлеу мақамын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге адамның қиялын да дамытуға көмектесетіндігіне назар аудару;

- жаңылтпаш мазмұнында халық өмiрiнiң түрлi қырларын таныстыратын танымдық детальдармен қатар, балаларды тағылымдық өнегеге баулитын ғибраттық сарындар да мол кездесетінін ғылыми тұрғыда пайымдау.

Дипломдық жұмыстың әдістері. Жұмыстың жазылуы әрі теориялық, әрі әдістемелік талғамды қажет етті. Ең алдымен, ғылыми әдебиеттер тізімін жинастыру қажет болды. Қажетті әдебиеттер сараланып, оларға талдау жүргізілді. Екіншіден, жаңылтпаш туралы бірді-екілі ғана ғылыми мақалалар жазылғанымен арнай түрде зерттелмеген. Яғни, халық ауыз әдебиетіндегі, бала тәрбиесіндегі және ересектер арасындағы үлгілерін анықтау қажет болды. Бұл тарихи-этимологиялық, диахронды-салыстырмалы әдісті талап етті. Үшіншіден, жинақталған картотекалық мысал-деректер сараптауға түсті. Бұл тұрғыда статистикалық әдіс пен салыстырмалы-тарихи әдісті қатар жүргізу үрдісін пайдаландық.

Дипломдық жұмыстың нысаны. Фольклорлық шығармалардың шеберлігін айқындау мақсатындағы талдау жасауға негіз болған материалдар «Қазақ жаңылтпаштары» деген жинақтан алынды. Дипломдық жұмысты жазу барысында шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектеріне сүйендік.

Диплом жұмысының әдістемелік және теориялық негіздері. Диплом жұмысын жазуда қазақ фольклорына байсалды зерттеулер жүргізген А. Байтұрсынұлы, Ә. Диваев, С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов, М. Ғабдуллин, М. Қаратаев сынды т. б. жетекші ғалымдардың теориялық тұжырымдары басшылыққа алынды. Сонымен қатар бүгінгі күні қазақ фольклортануының дамуына еңбектеніп жүрген С. А. Қасқабасов, Ш. Ахметов, Ш. Ыбыраев, Б. Рахимов, Т. Дәуітұлы, М. Кәтәй пікірлері қолданылып отырды. Әсіресе, тақырыпқа қатысты құрастырылған жинақтардың құнды да дайын материал екенін айта кеткен жөн. Жұмыстың ғылыми тұрғыдан безендірілуіне әдебиеттер тізіміндегі авторлардың еңбектері барынша әсер етті.

Диплом жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысында алға қойылған мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін диплом жұмысының дерек көздері ретінде халық ауыз әдебиеті, қазақ фольклоры жайлы жазылған зерттеулер мен ғылыми мақалалар, кітаптар мен мерзімді баспасөз өнімдері, ғалымдардың зерттеу еңбектері мен түрлі сипаттағы мағлұматтары пайдаланылды. Теориялық тұжырымдар мен тәжірибелік ұсыныстар жасау үшін фольклортанушы ғалымдардың еңбектері жинақталды.

Дипломдық жұмыстың практикалық маңызы. Дипломдық жұмыс келешекте ең алдымен студенттерге және мектеп оқушыларына қажет. Жұмысты дәл осы қалпында мектепте және филолгия факультетінің бірінші курс студенттерінің тәжірибиелік сабақтарына пайдалануға болады.

Дипломдық жұмыс негізінен Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасында орындалып, қорғауға ұсынылды.

Диплом жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі бөлім мен тараушалардан және қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

  1. Қазақ жаңылтпаштарының зерттелу тарихы

1. 1 Қазақ жаңылтпаштарының жиналуы, зерттелуі

Ауыз әдебиеті - халық шығармашылығының айрықша саласы, ауызша шығарылып, ауызша тараған көркем әдеби туындылардың жиынтық атауы.

Қазақ халқының мұндай сөз өнерін ғалымдар ауыз әдебиеті деп атаған. Сонымен бірге ғылым мен мәдениетте «халық шығармашылығы», «халық поэзиясы», «халықтың ауызша сөз өнері» дейтін атаулар да осыған жақын мағынада қолданылады. 1846 жылы ағылшын Вильям Томс ұсынған «фольклор» (ағылшынша folk - халық, lore - білім, даналық) сөзі де ауыз әдебиеті атауы үшін халықаралық ғылым атау ретінде орныққан.

Фольклор - халық шығармашылығы, яғни аңыздар, қиссалар, ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар және т. б.

Фольклор рухани мәдениеттің маңызды құрамдас бөлігі, халық бұқарасының, этностардың көркемдік ой-толғамының неғұрлым пәрменді нысаны, олардың эстетикалық дарыны мен талғамының, адамгершілік ереже - қағидаларының шоғырлы көрінісі мен топтамасы десек қателеспейміз. Фольклордағы көркемдік жинақтама бейнелер арқылы халық қоғамдық өмірдің әр түрлі құбылыстарына көзқарас тұрғысын білдірген.

Қазақ балалар фольклоры - халық фольклорының арналы салаларының бірі. Ол халықтың дәстүрлі бала тәрбиесінің негізінде туып қалыптасқан, ауқымы кең көркем шығармалар шоғырынан тұрады. Мазмұны ғибратты, тілі көркем, жеңіл жатталатын, ғасырлар бойына халық даналығына, тәжірибесіне суарылған. Қазақ балалар фольклоры балалардың мінез-құлқын, көркемдік талғамын танытатын, шығарма қуат көзін ашатын асыл мұра. Ол өзінің бала табиғатына лайықтылығымен, логикалық жүйелілігімен, музыкалық әуенімен, өнегелі мазмұнымен, ойнақы жеңіл түрімен, нәрлі тілімен балалардың рухани азығына айналған тәрбие қайнары [1; 10] .

Жаңа заман баласы - ертеңгі еліміздің болашағы. Қазіргі таңда балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Сондықтан балаларды оқыту мен тәрбиелеудің негізгі мақсаты - баланың жеке басының қалыптасуы мен дамуы болып табылады.

Жаңа ұрпақты қалыптастырып, дамыту үшін, тұлғаның ішкі жан дүниесі мен оның қыр сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің жетілуіне жағдай туғызу қажет. Сондықтан баланы сәби кезінен бастап халық ауыз әдебиетімен сусындандырып, құлағына құйып өсіру алға қойылады. Яғни, балаларды тәрбиелеуде халық ауыз әдебиетінің алар орны ерекше. Балаларды ауыз әдебиетінің үлгілерімен таныстырып, олардың өмірін байыта түсу мұғалімдердің міндеті деп ойлаймыз. Олар ертегілер оқып, әңгіме мазмұнын жүйелі байланыстыра отырып әңгімелеуге үйретіп, ертегі, әңгімеде кездескен кейіпкерлердің іс-әрекетіне сай образды сөздер мен диалогтарды, кейбір өлең шумақтарын бұлжытпай жатқа айта білуге баулиды.

Фольклортанушы К. Ісләмжанұлы қазақ балалар фольклорын мынандай топтарға жіктеп, ішкі жанрлық түрлерге бөледі:

1. Әлпештеу поэзиясы (бесік жыры, сәбилік ғұрып жырлары, мәпелеу жырлары, уату-алдарқату жырлары) ;

2. Жеткіншектер поэзиясы (маусымдық жырлар, арнау-тілек өлеңдері, балалар өлеңдері:тақпақ, сұрамақ, қызықтама, өтірік өлең, мазақтама) ;

3. Ойындық фольклор (ойын өлеңдері: тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақ, балалар айтысы, ойынға байланысты жырлар: ойынға шақыру, қаламақ, санамақ, драмалық ойындар) [2; 43] .

Қазақ балалар фольклоры шығу тегі мен орындаушыларына қарай үлкендер тарапынан балаларға арналып айтылатын (бесік жыры, маусымдық жырлар, мәпелеу жырлары, жұмбақ, жаңылтпаш шығармалар) .

Балалардың өздері орындайтын шығармалар (қаламақ, санамақ, сұрамақ, тақпақ, балалар өлеңдері) .

Қазақ фольклоры алғашқы үлгілерінің жүйелі түрде жиналып зерттеле бастауы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Қазақ фольклорын жинаушылар ол кезеңде балалар фольклорына арнайы көңіл бөлген жоқ, халық мұрасының бір қыры ретінде бесік жыры, жұмбақтар, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер сияқты танымал жанрларды қағазға түсірді.

ХХ ғасырдың бас кезінде көптеген әнші, ақын-әдебиетшілер ел аузындағы фольклор үлгілерін жинап, газет-журнал бетінде, басқа да жинақтарда жариялай бастаған. «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қобыланды», «Алпамыс» жырлары Қазанда жеке-жеке жинақ болып басылды. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ауыз әдебиетінің көркем үлгілеріне арналған төрт томдық қолжазбасы болған. М. Сералин «Шаһнаманың» кейбір тарауларын қазақ тіліне тәржімелеп шығарды. Сонымен қатар орыс ғалымдарының халық поэзиясын жинауға бағытталған іс-әрекеттері де бұл ғылымның ілгері басуына көп септігін тигізді.

Қазақ фольклористикасы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары айрықша бой көрсеткен болатын. Бұл кезде Ә. Диваев, Х. Досмұханбетов, М. Әуезовтердің қатысуымен қазақтың батырлық жырлары басқа да фольклор туындылары дүркін-дүркін жарық көрді. Москвада Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсынов құрастырған «Жиырма үш жоқтау» (1926) басылса, «Сана», «Терме», «Шолпан» журналдарында да фольклор шығармалары жарық көріп тұрды.

Отызыншы жылдары қазақтың эпостық жырлары жарыққа шыға бастайды. «Батырлар жыры», «Алдар Көсе», «Сексен өтірік» атты жинақтарды айтпағанда, С. Аманжоловтың «Жұмбақтар», Ө. Тұрманжановтың «Қазақтың мақал мәтелдері», М. Әуезов тапқан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының жаңа нұсқасы, айтыстың бірінші кітабы (С. Мұқановтың сөз басымен) басылады.

Мысалы, Радловтың «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» еңбегінің қазақ фольклорына арналған үшінші томында өтірік өлең үлгісі кездеседі. Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясында» (1879) қазақ халық әдебиетінің озық үлгілерінен балаларға лайықталған тамаша үзінділер мол.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында бұл мәселе қауырт қолға алынып, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Х. Досмұхамедов, Н. Құлжанова, М. Жолдыбаев, Б. Майлин, М. Әуезов сияқты қазақ оқығандарының педагогикалық еңбектерінде заңды жалғасын тапты ( М. Дулатовтың «Қирағат» атты оқу құралында, «Балаларға тарту», І. Жансүгіров «Ел өтірігі» кітабы, А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегінде өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, тақпақ, жарапазан, бесік жыры сияқты терминдер алғаш ғылыми айналымға түсіп, мағыналық жағынан тиянақталады) .

Балалар фольклорының аталған бірнеше түрлеріне қысқаша тоқталып өтсек.

Бесік жыры. Бесік жырларын ғалымдарымыз дәстүрлі бесік жырлары және суырып салма бесік жырлары деп екі топқа бөліп қарастырып жүр. Дәстүрлі бесік жырына ұзақ жылдар бойы айтылып әбден қалыпқа түскен жырларды жатқызады. Бұл жырлар тікелей балаларға арналған. Жырдың негізгі мазмұны баланы ұйықтатуға тыныштандыруға, оның жарқын болашағына ақ тілек білдіруге құрылады. Суырып салма бесік жырлары адамның жеке басындағы, тұрмыстағы, тарих пен қоғамдағы түрлі оқиғалардың әсерінен туып тарап отырған. Бала тербетіп отырған адам бесік жырының дәстүрлі нұсқасын пайдалана отырып, өз ой толқынысын, күйініш-сүйінішін сыртқа шығарады. Бесік жыры көбінесе тілек айту мәніне құралады да, жыр айтушы бөбектің келешегіне сенім артып, қуанышқа бөленеді [3; 56] .

Сәбилік-ғұрып жырлары. Бөбек туғаннан кейін жеті-сегіз айдан соң, әуелі еңбектеп (еңбектеудің де әр түрлісі бар) содан кейінірек қаз-қаз тұрып, қаз басып жүре бастайды. Бала тәй-тәй басып жүре бастаған кезде, тұсау кесу рәсімі жасалып, тұсау кесу жыры айтылады. Сонымен баланың алғаш бесікке бөленуі, қырқынан шығуы, тіс жаруы, құйрық басып отыруы, тілінің шыға бастауы, қаз тұрып, тәй-тәй басуы т. б. сәттері түрлі ырым-жоралғылармен атап өтіледі. Осыларға орай тілектер айтылады. Мұндай тілек өлеңдерде халық түсінігінің түрлі көріністері, діни наным-сенімдерге байланысты салт-дәстүрлері бой көрсетеді.

Мәпелеу жырлары (пестушки) . Мәпелеу жырлары халықтың баланы бағып-қағуға байланысты өмірлік тәжірибесінен туындаған. Сәби денесінің дұрыс жетілуіне қолайлы жағдай туғызу мақсатынан баланың аяқ-қолын созып, әр түрлі жаттығулар жасату - практикалық қажеттілік. Анасы бала құлағына жағымды сөзбен жаттығу әрекеттерін сүйемелдей өлеңдетеді. Өлеңнің ұйқасы мен ырғағы, көркемдік құрылысы дене жаттығуларын сүйемелдеуге ыңғайланған, сол әрекеттермен үндес шығып отырады. Мазмұны балаға жақсы тілектер тілеу сипатында болып келеді. Мәпелеу жырларына «Өс, өс, балам», «Сыламақ менен», «Ақ білек» және т. б. жатады.

Уату-алдарқату жырлары (потешки) . Уату-алдарқату жырларының әрқайсысының («Қуырмаш», «Бөпем менің қайда екен?», «Бір дегенім білеу…» т. б. ) мазмұнынан халық тұрмысының өзіндік ерекшеліктері танылады. Уату жырларының міндеті - тынышсызданған баланы алдандырып, сергітіп, көңілін басқа жаққа аудару. Уату-алдарқату жырлары - бала көңілін аулайтын ермек қана емес, үлкен тәрбие құралы. Сондай-ақ, саусақтарды ретімен жұмып, ретімен ашу да бала ұғымын жүйелілікке тәрбиелейді.

Жеткіншектер поэзиясы (маусымдық жырлар) . Қазақ балаларының маусымдық жырларын көктем мен жаз, күз бен қыс өлеңдері деп екіге бөлген жөн. Алғаш күн күркірегенде, алғаш жыл құсы келгенде, бие байлап, қымыз ашытқанда түрлі ырымдар жасалады. Міне, осындай көктем, жаз, күз, қыс құбылыстары балалар өлеңдерінен өз орнын тапқан. Көктем мен жазға арналған өлеңдер («Жыл құсын көргенде», «Самалық, самалық», «Жазда» т. б. ) қуанышты көңіл күй әуендерімен ерекшеленсе, күз бен қыс туралы өлеңдерде («Күзде», «Қыста» т. б. ) сүреңсіз суық күндер, ауылдың сұрқай тіршілігі басым бейнеленеді.

Арнау-тілек өлеңдері (заклички, приговорки) . Арнау-тілек өлеңдерінің ішкі мазмұнына үңілсек, күнге, айға, табиғат құбылыстарына арналған жырлардан («Айға», «Күн шыққанда», «Жаңбыр жауғанда» т. б. ) жалбарынудың, өтіне сұранудың нышанын байқаймыз. Ал жан-жануарларға арналған жырларда («Балыққа», «Құртқа» т. б. ) өтініштен гөрі бұйыра айту сарыны басымдау [3; 57-64] .

Балалар өлеңдері (тақпақ, сұрамақ) . Жеткіншектердің күнделікті тіршілігінде жиі айтылып, кең таралған өлеңдер тобын шартты түрде балалар өлеңдері деп жеке топтауға болады. Тақпақ («Торғай», «Қарға», «Сауысқан» т. б) - шағын көлемді шығарма. Тақпақта дыбыстық үйлесімдер жарасымы анық байқалады. Мазмұны балалардың таным-түсінігіне, күнделікті тірлігіне етене жақын болып келеді. Сұрамақ («Қарға, қарға, қарғалар», «Ауылың қайда?», «Бақа» т. б. ) диалогқа құрылып, екі баланың кезектесіп айтуына ыңғайлы болып келеді. Өлең құрылысы да ойнақы, жеңіл, шымыр ұйқасқа құрылады. Айтыс түрінде келетін өзгеше қызық формасы да («Қой мен ешкінің айтысы») бар.

Қызықтама (прибаутки) . Қызықтамалардың («Түлкі, түлкі, түлкішек», «Түйе, түйе, түйелер» т. б. ) ең басты ерекшелігі, өлеңдік баяндауға құрылатындығы. Олардың сюжеті үнемі тізбекті болып келеді. Бұл өлеңдерді балалар ынталана тыңдап, тамашалап қана қоймай, оның астарындағы әзілді де түсіне білуі шарт.

Мазақтама (дразнилки) . 6-12 жас аралығындағы балалар бір-біріне ат қойып, айдар тағуға, кез келген жағдайда бір-бірін келемеждеуге ыңғай танытып тұрады. Және ол келемеждерін көбінесе өлең жолдары арқылы білдіреді. Балалар мазақтамаларын мазмұны, тақырып объектісі жағынан балалар атына ұйқастырылған (рифмованные прозвища) мазақтамалар және бала бойындағы, мінезі мен әрекетіндегі түрлі кемшіліктерді күлкі етуге арналған сайқымазақ мазақтамалар деп екі жікке бөлуге болады. Мазақтаманың негізгі мақсаты - баланың мінін көрсетіп, сынау, оны тәрбиелеу. Ал балалардың бірін-бірі мазақтауы кезінде орынсыз пайдаланып, бір-бірінің арына тиіп, ызаландырып, жасытуы мүмкін. Ондайда оларға үлкендік, салиқалы кеңес керек.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ балалар әдебиетінің тарихы
Қазақ халқының ауыз әдебиеті
Балалар әдебиеті және балалар жазушыларының өмірі менi шығармашылығы
Сәбилік ғұрып жыры
Пәнаралық байланыс ұғымы
Дүниетану сабақтарында өзіндік жұмыстарды пайдалану мүмкіндіктері
Балалар поэзиясының әдеби-көркемдік және тағылымдық-тәрбиелік мақсаттарды ұштастырушы сипаттарын теориялық негіздеу
Орыс, қазақ ғалымдарының қазақ этногинезін зерттеу тарихы
Тілімізде қазақ диалектологиясының тарихы
Халық ауыз әдебиеті пәнінен практикалық сабақтың әдістемелік нұсқауы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz