Драма мен театр байланысы


Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 78 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Қазақ әдебиеті өткен ғасырдың басында аз уақыт ішінде дамып, кемелденіп, өнерге тән жанрлық салаларды тудырып, өркениетті елдерге тән жанрлық формаларды қалыптастырған болатын. Соның бірі - қазақ драматургиясы. Академик Рымғали Нұрғали: «Егер әлем драматургиясы сан ғасырмен есептелетін ұлан-ғайыр жолдан өтсе, қазақ драматургиясының тарихы әлі ғасырға да жеткен жоқ. Соған қарамастан, қоғамымыздың әлеуметтік-экономикалық тарихи-мәдени қауырт өрлеп дамуы, халықтың мыңдаған жылдық дәстүрі бар фольклоры, кәделі өнері, бай әдебиеті жаһан мәдениетіндегі дәстүрлермен қауыша келіп, қазақтың жаңа сапалы өнерін - драматургия мен театрды өмірге әкелді» [1, 7], - дейді. Қазақ дамып, қалыптасуына бірінші себеп, ұлы драматургтеріміздің ұлттық драма жанрын әлемдік үлгідегі туындылардың деңгейіне көтере алған шығармашылық ауқымы мен шеберлігі, көркемдік қуаты болса, екіншіден драматургия ғылым саласының туып, қалыптасып, шарықтап дамуына үлес қосқан бірқатар айтулы ғалымдардың еңбегі, олардың салған жаңа арнасы. Драматургия туралы арнаулы еңбектерден С. Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркі» (1964), Р. Рустембекованың «Қазақ совет комедиясы» (1975), Е. Жақыповтың «Дастаннан драмаға» (1979), Ә. Тәжібаевтың «Қазақ драмасының дамуы мен қалыптасуы» (1971), Н. Ғабдулиннің «Ғ. Мүсірепов - драматург» (1982) зерттеулерін атап өтуге болады. Ал қазақтың драма өнері туралы сүбелі еңбектерімен, өзіндік теориялық ойларымен, пайымдауларымен ұлттық әдебиеттану ғылымында, оның ішінде драматургия ғылым саласында ұлы мұра қалдырған бірегей ғалым Рымғали Нұрғалидің салған дара жолы, еңбегі өз алдына өлшеусіз дүние.

«Кез-келген ұлттың бүгінгі өркениеттегі даму процесі оның өткен тарихынан, рухани болмыс-бітімінен бастау алады. Алдыңғы ұрпақ жасаған рухани мәдениетті оған жалғас келген екінші ұрпақ берік иеленіп, мұраланып отыруы табиғи заңдылық, ал бұл мұралардың зерттелуі, насихатталуы, өз жағдайында жетілдіре, дамыта отырып пайдалануы екінші ұрпақтың келер ұрпақ алдындағы міндетті борышын өтеуі» [2, 15], - дейді әдебиетші ғалым Қ. Өмірәлиев. Келер ұрпақ алдындағы міндетті борышын өтеген ғалым, көп жылғы ізденістерінің арқасында іргелі зерттеу, қазақ драматургиясының төркіні, түрлері мен көркемдігін жан-жақты саралап шықты. Р. Нұрғали ізденісінің негізгі нысаны - қазақ драматургиясының жанрларын жүйелі түрде зерттеу, идеялық-эстетикалық ерекшеліктерді айқындау, қазіргі жанрлық дамудың тенденцияларын ашып көрсету. Ғалым бұл туралы өз еңбегінде: «Бұл мәселелерді тексеру, біздің ойымызша, бүгінгі әдеби-көркем процесс диалектикасына бойлап енуге, ұлттық және интернационалдық дәстүрлердің арақатынасын көрсетуге, белгілі кезеңдердегі әдеби даму заңдылықтарын ашуға мүмкіндік берсе керек. Мұның үстіне қазақ драматургиясының дамуындағы қалыптасқан дәстүрлер мен тұрақты байланыстарды анықтау, олқылықтар мен кемшіліктерді көрсету келешек өрістерді болжауға жағдай жасары сөзсіз» [1, 6], - деп жазады. Оның өз зерттеулерінде Д. С. Лихачев еңбегінде көрсеткен талаптарды ерекше ескеруге тырысып, оның: «Әдеби дамудың әр кезеңінде жанрлар түрлі өзгермелі факторлардың әсерінен қалыптасып, сан алуан қасиеттерге ие болғандықтан, әдебиет тарихы алдында ерекше міндеттер туады: жанрларды ғана емес, жанрлық саралауды тудыратын принциптерді зерттеу керек, жеке жанрларды, олардың тарихын ғана емес, әр дәуірдегі жанрлар жүйесін зерттеу керек» [1, 7], - деген пікірін еңбектерінде басты назарға қойғаны байқалады. Ғалым қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет ұлттық драматургиямызды жанрлық тұрғыда зерттеп, оны «Комедия», «Трагедия», «Драма» деп жіктеген. Үлкен үш жанрдың әрқайсысына ғылыми анықтама беріп, олардың жанрлық ерекшеліктері мен ортақ сипаттарын ашқан. Сонымен бірге тұңғыш рет ұлттық әдебиеттің материалдарына, тарихына, даму процесіне, тақырыптық-идеялық нысанына және тағы да бірқатар ерекшеліктеріне қарап үш жанрдың әрқайсысын іштей бірнеше салаға бөлді. Өзіндік белгілерін анықтап, ғылыми тұрғыдан теориялық тұжырымдар жасады.

Драмалық шығармалардың идеялық-эстетикалық байлығын, танымдық әрі тағылымдық, символикалық-реалистік сипаттарын, ұлттық және интернационалистік дәстүр бірлігін, көркемдік сапасы мен сөз саптау ерекшеліктерін, мәдени-рухани өміріміздегі орнын жан-жақты зерттейді.

Зерттеушінің қазақ драматургиясының жанрлық ерекшеліктерін, жанр тудыратын элементтері туралы саралап, типологиялық жинақтаулар жасап, біраз көркемдік ізденістер ашып, біршама еңбектерге теориялық-әдістемелік негіз болған, әдебиеттану ғылымында мойындалған ғылыми тұжырымдары зерттеу еңбегіміздің өзектілігі болып табылады.

Академик Рымғали Нұрғали драматургия саласында күрделі әрі іргелі зерттеулер жүргізе жүріп, әдеби сын мәселесімен де айналысқан. Әсіресе қаламгерлердің жаңа шыққан туындылары жөнінде рецензия жазып, авторлардың шығармашылық портретін жасап отырды. Өз кезегіндегі әдебиеттің даму барысын назарға алып, болжап, талай эссе-мақала, сұхбаттар жариялап отырған. Көркем шығармаларды талдау барысында «тамсанбайық - талдайық, мақтамайық - байыбына баралық» деген эстетикалық талапты басты принциптерінің бірі етіп ұстанған ғалым, көркем шығарманы талдаудағы методологиялық кенжелікті, эстетикалық, аналитикалық талдаулардың тапшылығын айта отырып, әдебиеттану мен сынның теориялық талдау дәрежесін көтеру жөнінде маңызды тұжырымдар жасайды.

Академик Рымғали Нұрғали алғашқылардың бірі болып алашшыл жазушылардың өмірі мен шығармашылығы жөнінде көлемді ғылыми мақалалар жазды. Оның Әлихан Бөкейханға арналған «Қазақты ақ жолға саламыз десек», Ахмет Байтұрсыновқа арналған «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған», Міржақып Дулатовқа арналған «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш», Жүсіпбек Аймауытовқа арналған «Ой, кер заман, кер заман», Мағжан Жұмабаевқа арналған «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да» зерттеулері тереңдігімен, ғылыми жаңалығымен ерекшеленетін еңбектер. Ендеше ғалымның әдебиеттану ғылымының өзге де салаларындағы құнды ой-пікірлері, дәлел, дәйектері, классикалық деңгейге көтерілген зерттеулері де өзекті

Зерттеу нысаны . Академик Р. Нұрғалидің ұлттық дрaматургия ғылым саласын зерттеудегі ғылыми тұжырымдaры, әсіресе дрaмaтypгияның тaрихы, теориясы, поэтикaсы, жанрлық жүйесі туpaлы еңбектері. Ғалымның әдебиеттанушы ретіндегі ұлттық әдебиеттану ғылымының басқа да салаларындағы зерттеулері мен көркем әдебиеттері.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеті. Ғылыми жұмыстың мақсаты ғалымның дрaматургия ғылымы саласын зерттеудегі теориялық-әдістемелік тұжырымдaрының, әдебиеттану ғылымының басқа да салаларындағы зерттеулерінің ғылыми маңызын, оның ғылыми зерттеу стилінің ерекшеліктерін анықтау. Осы негізгі мақсаттарға орай алдымызға төмендегідей міндеттер қойдық:

  • Р. Нұрғалидің ұлттық драматургия ғылымын зерттеудегі қосқан үлесін, жаңашылдық сипатын саралау;
  • Р. Нұрғалидің М. Әуезов драматургиясын, оның көркемдік жүйесін талдауда қолданған бағалау принциптерін анықтау;
  • сталиндік репрессияның құрбанына айналған Ж. Шаниннің және басқа да авторлардың шығармашылығын зерттеудегі ғалымның азаматтық позициясын, бағалы үлесін жан-жақты ашып көрсету;
  • ғалымның мәтінді талдауда қолданған зерттеу әдістері мен тәсілдерін бағамдау;
  • қаламгердің көркем әдебиеттегі сүбелі туындылары мен басқа да зерттеу еңбектерін, әдеби мұраларын саралау.

Диссертациялық жұмыстың зерттеу әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысында ғылыми пікірлерді жүйелеу, жинақтау, салыстыру, әдеби талдау, мәтінмен жұмыс, түсіндірмелі әдістер қолданылады.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Драматургия ғылымы саласына қатысты пікірлері бар Аристотель, М. Әуезовтің, А. Байтұрсыновтың теориялық зерттеулері, Р. Нұрғалидің «Драма өнері», «Айдын. Қазақ драматургиясының жанр жүйесі», «Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму», «Өнердің эстетикалық нысанасы», «Өнер алды - қызыл тіл», «Талант тағдыры», Ә. Тәжібаевтың «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», С. Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркі», Р. Рустембекованың «Қазақ совет комедиясы», Е. Жақыповтың «Дастаннан драмаға», А. Аникст «Теория драмы в России от Пушкина до Чехова» т. б. ғалымдардың еңбектері басшылыққа алынды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:

  • әлем әдебиетінде драма өнерінің қалыптасып, дамуына байланысты ғылыми мәліметтердің маңызы ашылады;
  • қазақ әдебиетінде драматургия ғылымының негізін салған зерттеушілердің ғылыми пікірлері жаңа көзқарас тұрғысынан жүйеленеді;
  • Р. Нұрғалидің ұлттық драматургияның теориясы мен тарихын зерттеудегі ғылыми-әдістемелік маңызы мен тұжырымдары талданып, сараланады;
  • Р. Нұрғалидің драмалық шығармаларға байланысты тақырыптық-сюжеттік, көркемдік-стильдік талдаулары өзге ғалымдардың талдауларымен салыстырмалы түрде алып қаралады;
  • академик Р. Нұрғалидің әдебиеттану ғылымына қосқан елеулі үлесі, ғылыми айналымға енгізген жаңалықтары сараланып, бір жүйеге келтіріледі;

Зерттеу жұмысының құрылымы. Кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Р. НҰРҒАЛИ - ӘДЕБИЕТТАНУШЫ

1. 1 Зерттеулері

Академик Рымғали Нұрғали - әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері З. Ахметов, С. Қирабаев, З. Қабдоловтардан бастап, одан кейінгі А. Қыраубаева, Ж. Дәдебаев, Ш. Ибраевтарға жалғанып жатқан ғылым атты даңғыл жолдың алтын көпіріндей болған белгілі тұлға, жазушы, ғалым, қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Ол 1940 жылы 1 маусымда Семей облысының Абыралы ауданы Қайнар селосында туған. Шұбартау ауданының Баршатас селосындағы орта мектепті медальмен бітірген болашақ ғалым 1958-1963 жылдары аралығында Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің алдымен қазақ тілі мен әдебиеті (2 курс), артынан журналистика бөліміне ауысып, бітіріп шығады. Әлемдегі кез келген құбылыстың тууы, өркендеп, дамуы, қалыптасуы болатынын ескерсек, қазақтың даңғайыр әдебиетші ғалымы Р. Нұрғалидің зерттеуші ретіндегі алғашқы қадамы ХХ ғасырдың орта тұсынан басталған еді. Ғылым жолына бүкіл саналы ғұмырын бағыштауға бел байлаған адамның алғашқы дүниелерінен-ақ оның ізденгіштік қырларын, шеберлік сипаттарын, стильдік кескін-келбетінің алғашқы сұлбасын үлкен ғалымдар сол кезде-ақ байқаған. Сол қарқынымен ғылымның тереңіне бойлаған ғалым өмірінің соңына дейін әдебиеттану ғылымына, қазақ халқының мәдениетіне және ұстаздық жолда талмай, тоқтамай еңбек етті.

Оның шығармашылығында өнердегі ұлттық рух басты орында тұрады. Осы дүниетаным мен көзқарастың өзге мақсаттардан жоғары тұруында ұстазы Б. Кенжебаевтың да үлесі көп болған. Жас шәкіртінің бойынан ерекше қасиетті байқаған ұстаз, С. Шәріпов шығармашылығы туралы жазуға кеңес беріп, оның шығармасын жинатып, мақала, ғылыми-зерттеу жазғызған.

Сөйтіп, ғалым ғылыми жолын 1960 жылдары Алматыда өткен Орта Азия және Қазақстан студенттерінің ғылыми конференциясында «Иран тақырыбы қазақ әдебиетінде. Сабыр Шарипов», 1962 жылы Қазан университетінде өткен бүкілодақтық студенттердің ғылыми конференциясында «Қазақ-татар әдеби байланыстары тарихынан», Ғ. Ибраһимовтың «Қазақ қызы» романы тақырыптарында баяндама жасайды. Ұстазы Бейсенбай Кенжебаевпен бірігіп «Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы» (1961) атты кітаптың авторы болуы оның энциклопедиялық біліммен қaрулaнғaн мықты ғaлым ретінде ғылымның биік тұғырынa көтерілуіне жол aшып, сол ғылыми жолындa қaзaқ әдебиетінің тaрихына, теориясынa, жеке жaнрлық және тaғы бaсқа мaңызды мәселелері мен ұлттық әдебиетіміздің дaрa тұлғaлaрының шығaрмашылығынa aрнaлғaн моногрaфия, сын, зерттеулер, іргелі ғылыми еңбектер, публицистикaлық және прозaлық туындылaрды жaрыққa шығaруымен жaлғасып жатты.

Ғалымның әр жылдардағы еңбек жолы, атқарған қызметтері оның ғылымдағы, көркем әдебиеттегі шығармашылығына әсер етпей қоймады. Қандай қызмет атқарса да оның нәтижесі үнемі баспа бетін жарық көріп отырды. Р. Нұрғали еңбек жолын 1962-1965 жылдары Республикалық «Лениншіл жас» газетінің қызметкері, Тың өлкесіндегі тілші болып бастаған еді. Бұл туралы белгілі ғалым Қоғабай Сәрсекеев ғалым туралы естелігінде былай деп жазады: «Соңғы курстерге таман озық мінезді Рымғали газет-жорнал беттерінде мақалаларымен көрінді. Жазу-сызуына тың екпін бар, мақала, очерк, сыни материалдары тосын басталып, тосын аяқталады. Оқып жүріп-ақ «Лениншіл жасқа» орналасты. «Лениншіл жас» - Рымғалидың қолы болды. Стилі жастар басылымына оң келді, содан құлаш-құлаш материалдарды төпеді-ай келіп. Етектей-етектей мақалалары жиі шығады. Бірде очерк, бірде новелла, бірде суреттеме. Өстіп жүріп ол әдеби сынға көшті, өнер тақырыбына ауысты» [3, 19] . Ғалымның әдеби сынға келуі, өз тұсындағы әдеби мәселелерге араласуы, әсіресе драматургия саласындағы сыни еңбектері әдебиеттану ғылымында өзінше бір төбе. Аспирантураны аяқтаған соң ғалым Қазақстан жазушылар Одағы басқармасының сын секциясының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Ғалымның атқарған қызметі мен ғылыми зерттеу еңбектерінің үнемі байланысып жататынын осыдан көреміз. Әр кезде әдеби құбылыстарды талдап, талғап отырған сыншы өзі айтқандай шығарманың көркемдік ерекшеліктерін, формасын талдаумен емес, ең алдымен туындыға негіз болған өмірлік материалдарды саралап, оның көркемдігін ашты. Оның күрескерлік қасиетін көрсететін сондай зерттеулерінің алғашқысы болып 1967 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қилы заман» қандай туынды?» деген мақаласы жарияланды. Кейіннен бұл мақаласы «Сырлы сөз» атты әдеби сын, зерттеу еңбегіне енді. Алдымен бұл мақаланы жазбас бұрын шығарманы жазушы Сапарғали Бегалиннен сұрап жүріп оқығанын айта келе: «Кітапты оқып шығуым тез болғанмен, ол туралы мақала жазу оңайға түскен жоқ. Дүниетаным мен шығармашылық диалектикасы, өмірлік шындық пен көркем шындық бірлігі әдеби бейненің байлығы. Қазақстанның Ресейге отар болуының зардаптары - осы орайда көптеген зерттеу еңбектер оқып, іздену қажет болды. Мұхтар Әуезов музейінде сақталған кейбір биографиялық материалдар автордың белгілі хаты (1932ж. ) қандай жағдайда жазылғандығы туралы қосымша деректер берді. Сөйтіп 25 бет мақала жазуға бірнеше ай уақыт кетті» [4, 247], - дейді. Мақалада автор Орта Азия мен Қазақстан халықтары әдебиетінде көптеген прозалық, поэзиялық, драмалық шығармалар тудырған 1916 жылдың дүрбелеңі Әуезовтің шығармашылығына «Түнгі сарын», «Қилы заманды» алып келгенін айтады. Бұл туындының Әуезовтің шығармашылық жолының басында жазылса да, сюжетінің, оқиғаларының, кейіпкерлер жүйесінің күрделігі бойынша аса талантты жазылғанына баға берілген болатын. Ғалымның бұл туындыны ғалым жазушының жиырмасыншы жылдарда жазған публицистикалық мақалаларынан, пьесаларынан, әңгімелерінен жырып алып қарамауының себебін мынадан көруге болады. «Қилы заман» кезінде үлкен дау-дамайдың объектісі болғанын айта кеткен жөн. Ғалымның айтпақ ойы да сол. Яғни, шығарманы бағалағанда Әуезов дүниетанымының қалыптасу кезеңіндегі олқылықтармен байланыстырған, творчествосының алғашқы жылдарындағы кейбір ақауларды ескереді. Әуезов творчествосының алғашқы дәуірі марксистік-лениндік эстетика тұрғысынан байсалды сараламаудың салдарынан шығарма социологизм шоқпарының астында қалды деген ғалым 1928 жылы жарияланған шығармаға баспа атынан жазылған алғысөзде шығармадан туатын объективті идеяны ескермей, әйтеуір революциядан бұрынғы өмір суреттеледі деген саяси айыппен келіспейтінін байқатады. Осындай пікіріне ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтің айтқан жауабын ғалым өзінің кейінгі еңбектерінде мынадай естеліктер келтіреді: «Бар болғаны отыз-ақ жаста. Соншалықты ауыр да терең, күрделі де қиын тақырыпқа қаймықпай барып, орасан көркем туынды жасаған. Ресми қызметте отырған кісіге, әсіресе ол кезде қоңырауы бар адамның шығармасы туралы ағынан жарылып пікір айтуға болмайды, мақтау жағынан сақтық қажет. Әсіресе қызыл көз пәленің бірі байбалам салып, аттандап шыға келсе, біреуге жақсылық істемек түгіл, өз басыңды қорғай алмай қаласың. Содан анау «алғы сөзді» ойлап таптық, - деп барып Ғабең маған сұстана қарады. - Сен мақалаңда қадала сынап отырған сол “алғы сөз” болмаса, ол кезде «Қилы заманның» басылу-басылмауы екі талай. Дүние төңкеріліп түсіп, астан-кестен болып кеткен аласапыран уақыттың мінезі де шатақ, асау» [4, 251] . Әрі қарай ғалым жазушының шығарманы жазу тарихына қатысты зерттеулерін, пікірлерін білдіреді. Шығармаға арқау болған оқиға 1916 жылғы Жетісу Албандарының көтерілісі оқиғасы екені белгілі. Жазушының ірі туындыларды тудыруда қолданатын принциптерін жақсы білетін ғалым, қазақ фольклоры нұсқаларын жинау мақсатында Жетісуға әдейілеп келген Ленинград университетінің студенті жас Мұхтар көтерілісті көзімен көрген адамдармен кездесіп, тілдесіп «Қилы заманға» арқау еткен материалдарын осы сапарларында алуы мүмкін деген болжам жасайды. Әуезов секілді ұлы суреткердің өмірі мен шығармашылығын терең зерттеген ғалым үшін бұлай топшылауының себебі қисынды еді. Академик Рымғали Нұрғали Әуезов туралы қай зерттеулерінде болмасын оның шығармашылығын батыл зерделеп, орынсыз қатал сындардан арашалап алып шығып жүрсе де, жазушының шығармаларынан көрген кейбір олқылықтарға көз жұмып қарамайды. Жазушының тіл шеберлігін, керемет суреттеулерін жоғары бағалап, аспандатып келеді де, шығармадағы өмірлік материалды саралауға келгенде өз ойын ашық, еркін ортаға тастай салады. Сын пікірлердің артық-кем айтылуы - қайталанып отыратын құбылыс екені белгілі болса да ғалым ірі шығармаларды ұлы жазушыны биіктігіне қарап көрінеу асыра мақтай салудан аулақ. Кез келген артықшылықтарын да кемшіліктерін де жеріне жеткізіп айту, дәл, оң баға беру ғалымның ғылымға адалдығы. Ол «Қилы заманды» көтерген мәселелерінің күрделілігіне, өмірлік материалдарының салмақтылығына, сюжеттік мол тармақтылығына, характерлер кесектігіне қарап жалпы бітімі оны повесть шеңберінен шығарып, роман деуге толық негіз беретінін айтқан. Қарқара жәрмеңкесін суреттеуден бастаған жазушының эпикалық құлашын, қаламгерлік диапазонының кеңдігін, палитрасының сан алуан бояу байлығын, төгілген тілін ерекше атап өтеді. Шығармадағы әрбір детальді аңғарып, автордың көрсеткісі келген көп сырын да байқағанын көрсетеді. «Қилы заманның» еш жерінде саяси жансақтық, жат сарын жоқ, бұл - патша отаршылдығын, қазақ байларының күйкі тірлігін шенеген сыншыл рухтағы шығарма» [5, 69], - деп баға берсе де, енді бірде: «Кейбір мақалаларында, «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» трагедияларының алғашқы варианттарында белең алған таптар қайшылығын жыға танымау сияқты олқылық «Қилы заманда» да бар . . . Әлеуметтік теңсіздікті, көтерілістің объективті себептерін дәл басып көре алмау сияқты автор дүниетанымындағы олқылықтар бүкіл шығарманы жоққа шығармайтыны хақ . . . Көтерілістің отаршылдыққа қарсы сипатын келісті суреттеген жазушы қазақ ауылындағы таптық күресті оның революция дауылына апара жатқан қалпын шығарманың негізгі желісіне арқау ете алмай, олқы соғады» [5, 68], -деген ашық та өткір сыны ғалымның сыни мақалалар жазудағы өзіндік қолтаңбасын көрсетеді. Осылайша автор көп уақыт жұрт назарынан қақас қалған «Қилы заманды» қалың оқырманның қолына қайта табыстауға азаматтық үлесін қосып, оң позициясын білдіреді. Мүсіреповтің сол кездері жас ғалымға мақаланы бастыруға рұқсат беріп тұрып алдына келген жас ғалымды «Қилы заманның» жоқшысы, жанашыры, ақтаушысындай көруі, Ахмет Жұбановтың «Әуезовтің әуенімен жүрсеңдер, қор болмайсыңдар» деуі ғалымға деген үлкен сенім, ақ тілеулес батасы еді. Алайда мақаланың жарыққа шығуының соңы "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Нығмет Ғабдуллиннің, бөлім меңгеру­шісі Зейнолла Серікқалиевтің, Қазақстан Жазушылар одағында істеп жүрген мақа­ла авторының жұмыстан қуылуымен аяқталған.

Р. Нұрғали біраз жыл «Қазақ энцик­ло­педиясының» бас редакторы болып қыз­мет атқарды. Кеңестік идеология күшейіп тұрған алғашқы кезде саяси өмірде де, қазақтың асыл тұлғалары ақ­тала бастаған кезде де Алаш арыстарының мұра­ларын халыққа жеткізу ісіне бар ғұмырын арнады.

Сыншыны жазушы мен оқырман арасын жалғастыратын көпір, көп нәрсені ажыратып, тиянақтап түсіндіретін әділ қазы ретінде бағалайтын ғалым әрқашанда әдебиет сыны жеке шығармалардың, жеке авторлардың төңірегінде тұйықталып қалмайтынын талай рет өз еңбектерімен дәлелдеп шықты. Оның дәлелі сыншының қазақ әдебиетінің алтын ғасырының басқа да дара тұлғаларының шығармашылығы турасында жазған мақалалары.

Ғалым зерттеулерінің қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың бәрінен энциклопедиялық білім деңгейі ғана емес, азаматтың тұлғасы мен болмысын да айқындауға болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстанда театр өнері
Театрдың пайда болу сипаты
Өнер және эстетикалық дәстүрлер
Алматы театрлары» бойынша туристік-экскурсиялық маршрутты өңдеу
Драма және драматургия негіздері
Театр және музыка өнері
ЕРТЕ ОРТА ҒАСЫРДАҒЫ ТЕАТР ӨНЕРІ
Қазақстандағы мәдени-ағарту жұмыстарының тарихы
Қазақ кеңес әдебиеті мен өнерінің қалыптасуы
ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ ШЫҒЫСТЫҚ ҮЛГІЛЕРІ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz