Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалдық бағалаудың психологиялық - педагогикалық негіздері



Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 29 бет
Таңдаулыға:   
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
3

1. ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДА БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ

5
0.1 Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалдық бағалаудың психологиялық-педагогикалық негіздері ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ..

5
0.2 Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалдық бағалау жүйесіне қойылатын талаптар ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

10

1. ИНКЛЮЗИВТІ МЕКТЕПТЕ ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ БАР БАЛАЛАРДА ТУЫНДАЙТЫН ҚИЫНДЫҚТАР

19
0.1 Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруде қажеттіліктері бар балалардың оқу жетістіктері және қиындықтары ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...

19
0.2 Оқыту мен тәрбиелеуде ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік.. қорғау
21

ҚОРЫТЫНДЫ ... ... ... ... ... ... .. ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ... ...
29

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ... ... ... ... ... ... ... . ... ... ... ... ... ... ...
30

КІРІСПЕ

Бүгінгі таңда еліміздегі мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі білім беру жүйесінің дамуы болып табылады. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптеріне сапалы білім алуға барлығының құқықтарының теңдігі, әр адамның интеллектуалды дамуын, психофизиологиялық және жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, халықтың барлық деңгейі үшін білімге қолжетімділігі жатады [1].

Сапалы білімнің барлығы үшін қолжетімді болу шартын қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесін түрлендіру процестерінің бірі инклюзивті білім беру болып табылады.

Инклюзивті білім беру дене бітіміне, психикалық, интеллектуалдық, мәдени, этникалық, тілдік және өзге ерекшеліктеріне қарамастан ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру кеңістігіне енгізуді, олардың сапалы білім беруде кедергілерді жоюды және әлеуметтік ортада бейімделуін және ықпалдасуын көздейді. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар; мигранттар мен оралмандар отбасыларының, аз ұлттар балалары; қоғамға әлеуметтік бейімделуде қиындықтары бар балалар жатады.

Кеңейтілген мағынада инклюзивті білім беру дегеніміз кедергілерді жою мен ерекше білім беруге қажеттілігі бар адамдарды оқыту процесінде енгізуге бағытталған білім беру процесі және олардың сапалы білімге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламсында көрсетілген орта білім берудің инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз ететін міндеттердің бірі ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды инклюзивті ортада қолдау, ал орта білім берудің мазмұнын жаңарту аясындағы міндеттердің бірі білім беру ұйымдарын өлшемшартпен бағалау жүйесіне көшуді жүзеге асыру деп көрсетілген [2]. Бұл, өз кезегінде, инклюзивті білім берудің дамуын теориялық және әдістемелік жағынан жетілдіруді қажет етеді.

Инклюзивті білім беруді дамытуды әдіснамалық және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету мыналарды көздейді:

жалпы білім беру процесіне ерекше білім беруге қажеттілігі бар тұлғалар қосу аясында оларды әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық-педагогикалық қолдауды ұйымдастыру, мүмкіндіктері шектеулі балаларды кіріктіре оқыту және инклюзивті білім беру негіздерін әдіснамалық және оқу-әдістемелік әзірлеу;

ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылардың (оқу процесін ұйымдастыру жағдайларына қойылатын талаптар, базалық пәндер және оқыту пәнінің нәтижелері бойынша дағдылар, білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар) оқу бағдарламаларын, оқу жоспарларын бейімдеу;
инклюзивті білім беру жағдайында оқушының оқу жетістіктерін бағалаудың критериалды жүйесін бейімдеу, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту нәтижелерін бағалау және мониторингілеу жүйесін әзірлеу,

үйде оқыту сапасын бағалау жүйесін әзірлеу;
ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды оқыту жағдайларына жоғары және кәсіптік, техникалық білім беру бағдарламаларын және үлгілік оқу жоспарларын бейімдеу [3].

Инклюзивті білім беруді әдіснамалық және оқу-әдістемелік қамтамасыз етуде жоғарыда көрсетілген мәселелердің ішіндегі инклюзивті білім беру жағдайында оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау бүгінгі таңда өзекті мәселенің бірі болып табылады. Әрине, оқушылардың дайындық деңгейі туралы ақпараттар алу мүмкіншілігі оқыту мүмкіндігі және жеке оқу қорытындылары болу мүмкіндігін ұсыну бойынша сынып оқушылары құрамының біртексіздігін ескеретін критерилерді қолданумен іске асырылады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылардың білімділік жетістіктерін анықтауда бағалау жүйесі олардың оқудағы жетістіктерін ғана объективті көрсетіп қоймай, оларды білім беру процесінде қолдау бойынша келесі әрекеттердің жоспарын құру үшін негіз болуы тиіс. Бұл инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесін әзірлеудің қажеттілігін негіздейді.

Әдістемелік құралдың мақсаты - оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесін жүзеге асыруда ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс атқаратын жалпы білім беретін және арнайы мектептердің педагогтарына көмектесу.

1. ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДА БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІГІ
1.1 Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалдық бағалаудың психологиялық-педагогикалық негіздері

Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау маңызды рөл атқарады. Психологиялық-педагогикалық қолдау мамандардың жүйелі ұйымдасқан, бір тұтас әрекеттерінің барысында әрбір баланың білім беру-тәрбие үдерісінде өз мүмкіндігі мен қажеттіліктеріне сәйкес табысты оқуы мен дамуы үшін қажетті әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық қолдау балаға көмек (немесе қолдау) көрсетудің ерекше түрі ретінде қарастырылады [18].
Бағалау қызметінде психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетудің екі бағытын көрсетуге болады: өзекті - балада осыған дейін пайда болған қиындықтарды шешуге бағытталған; перспективалы - оқуда болуы мүмкін ауытқуларды ескеру және алдын алуға бағытталған.

Екі бағыт та педагогикалық үдеріске қолдау қызметінің барлық мамандарының бірлескен күш-жігерінің арқасында іске асырылуы мүмкін. Олардың қызметінде өзара байланысты және оларды ескеру қажет міндетті үш компонент бар:

бала дамуының диагностикасы (психикалық, тұлғалық, әлеуметтік);

түзету-дамыту бағыттылығының жеке және топтық сабақтарының бағдарламаларын іске асыру;

білім беру ортасын баланы оқыту мен дамыту және бағалау жүйесі арқылы оның даму деңгейін бағалауға қоятын талаптары көзқарасы тұрғысынан талдау [19].

Оқушылардың бұл санатын психологиялық-педагогикалық қолдаудың нысаны оқу жетістіктерін критериалды бағалау үдерісі болып табылады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау түрлі мамандардың (пән мұғалімінің, психологтың, логопедтің, арнайы педагогтың, әлеуметтік педагогтың), мектеп дәрігерінің, басқа мұғалімдер мен ата-аналардың өзара тығыз әрекетін білдіреді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалауды психологиялық-педагогикалық қолдау төмендегілерге бағытталуы тиіс:

баланың денсаулығын және дене күшін қолдау: бала өмірінің денсаулық-сақтау түзімін ұйымдастыру, оларды жеке таңдалған қимылдық белсенділіктерге, денсаулықты нығайтатын сабақтарға қатыстыру;

балалардың зерде дамуын қолдау: әрбір баланың танымдық ерекшелігін анықтау және дамыту, оқу әрекетінің табысты болуы үшін жағдай тудыру;

баланы қарым-қатынас саласында қолдау: балаларға гуманистік өзара әрекеттенуіне жағдай тудыру, балалардың қолы бос кезіндегі әрекеттерде жеке қабілеттерін байқатуларын қолдау, тәртіп түрін саналы түрде таңдауына көмектесу;
баланың жанұясын қолдау: жанұялық қатынасты зерттеу, олардың үйлесімді болуына көмек көрсету.

Психологиялық-педагогикалық қолдау ерекше шығармашылық ахуал

құруды және балаларға таңдау жағдайын ұсынуды білдіреді. Мұндай жағдайлар оқушылардан білімді, икемділікті ғана емес, сондай-ақ, рефлексия тәжірибесін, шешімді өздігінен қабылдауды, ерік пен мінезін байқатуды талап етеді.

Дамуында мүмкіншіліктері шектеулі оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау психологиялық-медициналық-педагогик алық кеңестің қорытындысы мен ұсынымдары негізінде ұйымдастырылады және білім беру ұйымында штаттағы мамандармен (арнайы педагог, психолог, логопед-мұғалім, әлеуметтік педагог, ЕДШ мамандарымен және т.б.), сондай-ақ, білім беру ұйымынан тыс орталықтардың, түзету және инклюзивті білім беру кабинетінің мамандарымен, сол сияқты арнайы (түзету) білім беру ұйымының педагогтарымен келісім шарт негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.

Психологиялық-педагогикалық қолдаудың негізгі қағидалары:

бала дамуындағы кез келген мәселені шешудің кешенді, пәнаралық тәсілдері.

білім беру үдеріндегі баланың дамуын қолдаудың үзіліссіздігі.

қолдау үдерісін ақпараттық-әдістемелік қамсыздандыру.

қолдау әрекетін әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық жобалау.

даму мүмкіндіктері шектеулі оқушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау шараларына ата-аналарды, педагогикалық және

балалар ұжымын белсенді тарту болып табылады [19].

Бала дамуының ерекшеліктеріне, сондай-ақ ПМПК ұсынымдарына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар оқушыларды қолдаудың бағыттылығы, қарқыны және ұзақтығы анықталады. Жалпы білім беру мектебі оқушыға оның қажеттілігіне сәйкес қолдау түрін ұсынуға міндетті. Бұл қолдау қысқа мерзімді, орташа мерзімді немесе ұзақ мерзімді негізді болуы мүмкін.

Қысқа мерзімді қолдау оқуда шамалы және уақытша қиындықтары бар, логопедпен, психологпен түзету сабақтарының қысқа мерзімді кезеңін қажет ететін оқушыларға көрсетіледі (жарты жылға дейін).

Орташа мерзімді қолдау арнайы дайындалған педагогтар мен мамандардың қарқынды қолдауын қажет ететін және дамуындағы ерекшеліктерге байланысты оқуда тұрақты қиындықтарға кездесетін оқушылар үшін ұйымдастырылады.

Оқушылар дамуындағы проблемалар бастауыш сатыда жойылмаған кезде олар білім алуды арнайы сынып жағдайында және оқытудың келесі сатыларында жалғастырулары мүмкін. Бұл кезде оқушыларды ұзақ мерзімді қолдау іске асырылады.

Инклюзивті білім беру туралы түсініктер, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту формасы ретінде олардың оқуын ұйымдастыру мүмкіндіктерін және қолжетімдігін шектейді.
Бұл әсіресе инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқудағы жетістіктерін бағалауға қатысты. Қазақстандық білім беру жүйесінде қиыншылықтар келесі жағдайларға байланысты тереңдей түседі:

оқыту сапасы мониторингі және бағалау іске асырылмайды, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білімі мен біліктері критериалды бағалаудың нақты индикаторлары жоқ;

ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың оқуында туындаған проблемаларды жою бойынша превентивті шаралар жеткілікті қабылданбайды. Олар оқушының денсаулығына, оның моральдық-психологиялық жай-күйі мен әлеуметтік жағдайына байланысты болуы мүмкін;

инклюзивті білім беруді ақпараттық-консультативтік қолдау нашар ұйымдастырылған [20].

Бұлар төмендегі проблемаларды туындатады:

ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың көпшілігі

жеткілікті қамтамасыз етілмеуі салдарынан олардың әлеуеттік мүмкіндіктері іске асырылмайды;

әлеуметтік бейімделу механизмдері нашар іске асырылады, нәтижесінде девиантты мінез-құлықты балалар саны артады, балалар қылмысы мен суицидтерінің саны кемімейді;

мұндай балаларда төмен функционалдық сауаттылық қалыптасады, олар жұмысқа орналасуда қиындыққа кездеседі.

Оқу жетістіктерін критериалды бағалаудың психологиялық-педагогикалық жүйесі проблеманы шешудің келесі маңызды тәсілдерінен тұрады:

− тұлғалық-бағдарлы тәсіл, оның құрамына түрлі типологиялық топтардағы оқушылардың оқу материалын оқу жетістіктерін бағалаудың деңгейлік критерилерін қолдану мен меңгеру мүмкіндіктерінің біртексіздігін ескеру кіреді;

− әрекетті тәсіл балаларға түрлі қолжетімді өнімді қызмет түрлеріндегі мүмкіндіктері мен қабілеттерін анықтауды көздейді;
− денсаулық сақтау тәсілі, ол бағалау жағдайында қолайлы психологиялық ахуалды қалыптастыру арқылы оқушылардың психологиялық-соматикалық денсаулығын сақтау және нығайту міндеттерін шешуді қамтамасыз етеді [20].

Аталған тәсілдерді іске асыратын педагогикалық шарттар келесі аспектілерден тұрады:

оқу жетістіктерін бағалауда қызметтік формада сипатталған, оқушыларға қолжетімді әрі түсінікті көрсеткіштер бойынша анықталған, оқушы үшін шынайы және тұлғалық маңызды критерилерді қолдану;

бағалау процесінде көрсетілген көрсеткіштерге сәйкес келетін түрлі деңгейдегі және үлгідегі тапсырмаларды қолдану;
оқушылардың өз жеке оқу жетістіктерін шынайы таңдауын қамтамасыз ету және осы таңдауына қолдау көрсету.

Бағалау кезінде аталған шарттарды іске асыру білім алушының өзін еркін сезінуіне, танымдық белсенділігі, оқу мотивациясы деңгейінің артуына, эмоционалдық біркелкілігіне ықпал етеді және өз мүмкіндіктеріне сенімі артады. Міндетті түрде критериалдық бағалау жүйесі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мүмкіндіктеріне бейімделуі тиіс, олардың ерекшеліктері мен білім беру қажеттіліктерін ескере отыра дайындалуы қажет.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасауда нақты көмек көрсететін психологиялық-педагогикалық қызмет болуы тиіс. Оның міндетіне балалармен қарым-қатынас орнатуда дамытушы немесе түзету жұмысы ғана емес, сонымен қатар, бағалау қызметін сүйемелдейтін ортақ тәсілдер, оқушылармен жұмыстың бірыңғай стратегиясын дайындау бойынша педагогтармен және ата-аналармен тұрақты ынтымақтастық орнату кіреді.

Психологиялық-педагогикалық қызметтің әрбір мүшесі кәсіби этиканы сақтауы, психологиялық-педагогикалық тексеру, консультативтік қызмет немесе басқа да қызмет түрінің барысында алған мәліметтер оқушыға немесе оның отбасына зиян тигізетін болса, таратпауы қажет. Педагог-дефектолог мүмкіншіліктері шектеулі балаларға терең зерттеу жүргізеді, әрбір баламен түзету-дамыту жұмысының жоспарын анықтайды, оны іске асырады, тәрбиеленушілердің даму динамикасын қадағалайды; балаларды кіріктіре оқыту және тәрбиелеу мәселесі бойынша педагог қызметкерлерге ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетеді. Педагог-логопед балалардың тіл ақаулығын анықтайды және оларды жою бойынша түзету жұмысын жүргізеді, жалпы білім беру ортасында тілдік біліктерін дамыту бойынша жұмысқа қатысады. Мұғалім мен тәрбиеші педагог-дефектологпен және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуге қатысатын басқа да мамандармен тығыз байланыста балалардың жеке ерекшеліктерін, қызығушылықтары мен қабілеттерін терең зерттеу негізінде олардың толыққанды психикалық дамуын қамтамасыз ететін білім беру жұмысын жоспарлайды, ұйымдастырады және жүргізеді. Инклюзивті білім берудегі оқу-тәрбие процесі мектеп психологына да тікелей қатысты. Ол бұл процесте өте маңызды рөл атқарады: басты назарда балаларды шектеу емес, олардың мүмкіншіліктері болатын жеке оқушылар мен мұғалімдерді, тұтас сыныптар мен жергілікті қауымдастықты біріктіретін біртұтас жүйе құрады. Басқа сөзбен айтқанда, мектеп психологы өзара қатынастың мектептік мәдениетін дамытуды қолдайды және бағалау қызметімен байланысты қажет жағдайларда мұғалімдерге көмектеседі [19]. Мүгедек-оқушымен және ДМШ балалармен жүргізілетін психологиялық қызметтің мәні жүйке-психикалық күш түсіруден арылту, өзін өзі бағалауын түзету, психикалық қызметтерді - жады, ойлау, елестету, зейін, селқостықты жеңу, дербестікті қалыптастыру, жатырқаушылықты жеңу және коммуникативтік дағдылар қалыптастырудан тұрады.
Педагог-психолог өз қызметінде психологиялық оңалтудың келесі әдістерін қолданады: әңгіме, жеке психологиялық кеңес, психологиялық көмек, рөлдік ойындар, тренингтік жаттығуларды, сабақта туындағын түрлі жағдайларда қажет психологиялық өзара көмек пен өзара қолдау тобын қолданады [18].

Критериалды бағалау тұтас педагогикалық процестің құрамдасы болып табылады және оны тек осындай мәнмәтінінде қарастыру қажет. Баға оқушылармен оқу процесінің сапасын арттыру мақсатымен анағұрлым ұтымды әдістерді таңдау үшін қажетті кері байланысты қамтамасыз етеді. Баға оқушыларды сұрыптау құралы емес, бейімделген болуы тиіс. Инклюзивті мектепте баға шынайылық, ақпараттылық, кері байланысты қамтамасыз ету сияқты критерилерге сәйкес болуы тиіс. Бағалаудың кез келген әдістері мен технологиялары оқушы мүгедектігінің нақты түрін немесе проблемасын ескеруі тиіс. Бұл бейімдей оқытуды да: инклюзивті оқыту педагогтан оқыту стратегиясының үлкен жинағы мен әдістерін меңгеруді талап етеді. Бұл көпшілік мектепке ғана емес, сонымен қатар, дамуында мүмкіндіктері шектеулі және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудың арнайы әдістерін білдіреді.
Оқушылардың алған білім нәтижелері оқушының әлеуетті даму зонасына бағдарланған операционалды қойылған мақсаттарына сәйкес болған кезде ғана сапалы болып саналады ... [21]. Сондықтан зерде бұзылыстары бар оқушыларды критериалды бағалау вариативтілігімен ерекшеленуі тиіс. В.В. Воронкованың жетекшілігімен жүргізілген КСРО Педагогикалық ғылымдар Академиясы дефектология ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің көпжылдық зерттеулері нәтижесінде алынған төрт типологиялық ерекшеліктерге сәйкес зерде бұзылыстары бар балаларды анықтау мүмкіндігін берді [22]. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде авторлармен мектеп оқушыларын 4 типологиялық топқа бөлетін оқушылардың білім алу мүмкіндіктері бойынша оқушылардың педагогикалық жіктемесі жасалды.

Егер мұғалім бұл оқушыларды пәндік-практикалық қызметтерге үнемі үйретсе, болып жатқан шынайы әрекеттердің, өзгерістердің мағынасын, мәнін түсінікті түрде жеткізсе оқыту нәтижелі болады. Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім алу қажеттіліктері бар оқушылардың оқудағы жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі мұны ескеруі және оқушыларды тиімді ынталандыруы тиіс.

Бірінші типологиялық топты жаппай оқу процесінде бағдарламалық материалды анағұрлым сәтті меңгеретін оқушылар құрайды. Олар оқу материалын өз бетінше орындауға қабілетті, өзгерген тапсырманы орындауда үлкен қиыншылық көрмейді, жаңа жұмысты орындау барысында бар тәжірибесін негізінде дұрыс қолданады. Бұл балалар есептеу тәсілдерін, есептерді шығару амалдарын, жылдам есінде сақтап, пәндік көрнекілікті сирек қажет етеді. Әдетте оларға белгілі бақылауға, құбылысқа сөзбен ауызша сілтегеннің өзі жеткілікті. Олардың алған білімдерінің жеткілікті дәрежеде берік және икемді болуын атауға болады. Бұл мектеп оқушылары сөз өрбітудің кері жүрісін игеруге қабілетті. Олардың сөз саптау қолданысында сөйлемдер қалыптасқан, олар өз әрекеттерін еркін түсіндіреді, келешек жұмысын, тапсырма орындау тәсілдерін жоспарлай алады. Бұл топтың оқушылары үшін өзіне қойылған баға не үшін, қандай критерилер бойынша қойылғанын білу маңызды.

Екінші типологиялық топтың оқушылары да сыныпта білім алуда жеткілікті табысты. Олар негізінен, мұғалімнің жаппай түсіндіруін ұғынады, зерделеніп отырған материалды есте сақтауы біршама жақсы, бірақ педагог көмегінсіз қарапайым қорытындылар мен жинақтаулар жасауға қабілетсіз. Оларды жұмыстың барлық түрін орындауда едәуір төмен дербестігімен ерекшеленеді, олар мұғалімнің белсендіруші, әрі ұйымдастырушы көмегіне мұқтаж. Бұл оқушылар оларға хабарланып отырған құбылыстар, заттар, оқиғаларды көзіне елестете алмайды. Тапсырманы заттардың көмегімен бейнелеген кезде ғана саналы түрде орындайды. Сөзбен ауызша жеткізілген мәліметтер оларда қажет түсінікті үнемі тудыра бермейді. Бұл балалар бірінші топтағы оқушыларға қарағанда баяу меңгереді, дегенмен қандай да бір бағаны қоюдың негізгі критерилерін білуі тиіс.

Үшінші типологиялық топқа түрлі көмекке мұқтаж, бағдарламалық материалды қиналып меңгеретін оқушылар жатады. Бұл оқушыларға жаңадан беріліп отырған материалды жеткіліксіз ұғыну тән. Олар негізгіні анықтауда, бөлімдердің қисынды байланысын белгілеуде, екінші дәрежедегі ойды бөлуде қиналады. Жаппай сабақтарда оларға материалды түсінуде қиналып, қосымша түсіндіруді қажет етеді. Олар төмен дербестікпен ерекшеленеді. Пәндік-практикалық қызметтің ұйымдастырылуы, көрнекі құралдардың қолданылуы оларда толыққанды білімдердің қалыптасуына кепілдік бере алмайды. Байланыстарды, себепті- салдар тәуелділіктерді олар ұғынбайды. Олар жеке фактілерді, тапсырмаларды орындауға қойылатын талаптарды, берілетін ұсыныстарды есте сақтайды, бірақ есте сақтау тиесілі ұғынусыз өтетіндіктен, балалар ойлы және шынайы әрекеттердің кезектестігін бұзып, зерделеніп отырған фактілердің елеулі және елеусіз белгілерін шатастырады. Үшінші типологиялық топтағы оқушылар сөйлемді саптап, байланысқан сөзді меңгеруде үлкен қиыншылық көреді.

Төртінші типологиялық топқа оқу материалын үлкен қиыншылықпен меңгеретін оқушылар жатады. Оларға тек жаппай оқыту түрі жеткіліксіз. Олар жаттығулардың үлкен санын орындауды, оқытудың қосымша әдістерін енгізуді, жұмыстарды орындау барысында ұдайы қадағалауды және көмек сөзді қажетсінеді. Дербестіктің әлдебір үлесімен қорытынды жасау, өткен тәжірибесін қолдану оларға қолжетімсіз. Тікелей көмек сөзімен берілген көмекті бір оқушылар дұрыс қолданады, ал біреулері бұл шарттармен қатеге жол береді. Бұл оқушылар өзінің жұмыстағы қателерін көрмейді, ол үшін оларға осы қателерді нақты көрсетіп, оларды түзетуге түсініктеме беру қажет.

.1 Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалдық бағалау жүйесіне қойылатын талаптар

Критериалды бағалау білім алушылардың оқу жетістіктерін оқу процесіне қатысушылардың барлығына алдын ала белгілі бағалау критерийлерімен (қалыптастырушы бағалаудағы жетістіктер критерийлерімен және жинақтаушы бағалаудағы балл беру критерийлерімен) салыстыру арқылы, білім берудің мақсаты мен мазмұнына сәйкес жүргізіледі. Критериалды бағалау жүйесіне қойылатын талаптар оқу жоспарында көрсетілген нақты оқу пәндеріндегі әрбір тақырыптың бөлімі бойынша оқу мақсаттарының жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады. Критериалдық бағалау жүйесі бағалаудың келесі түрлерін:

қалыптастырушы бағалауды;

ішкі жиынтық бағалауды;

сыртқы жиынтық бағалауды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Білім туралы заңына (15 сәуір 2016 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген) сәйкес уәкілетті орган білім алушылардың білімін бағалау өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді. Осыған байланысты, жаңартылған білім мазмұнындағы оқу бағдарламаларына сәйкес оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау талаптары сатылап критериалды бағалау жүйесіне көшіріледі [1, 15].

Инклюзивті білім беру жағдайындағы білім алушылардың оқудағы жетістіктерін анықтауға негіз болатын бағалау критерийлері нормативтік құжаттарда көрсетілгендей оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарына сәйкес әзірленуі тиіс [1, 10, 16, 17].

Ескеретін жағдай, мектепте оқитын ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың басым көпшілігі зерде дамуы қалыпты және зерде дамуының тек жеңіл бұзылыстары бар балалар болғандықтан, дамуында ауытқушылығы жоқ өзінің құрбыластарымен білім мазмұнын бірдей игереді.

Инклюзивті білім беру жағдайында критериалды бағалау жүйесін жетілдіріп, оның келесі мүмкіндіктерін беретіндей көп атқарымды және қолданысқа жарамды болуын қарастыру қажет:

оқушының оқу материалдарын қаншалықты табысты меңгергенін МЖМБС талаптарына қаншалықты сай келетінін анықтауға мүмкіндік беруі;

танымдық іс-әрекет салаларында оқушылардың жетістік динамикасын қадағалап отыруға мүмкіндік беруі;

критериалды бағалау жүйесінің талаптарына түзетулер енгізу үшін жеке дамыту жұмыстарының нәтижесін ескеріп отыру;

оқушының жеке қажеттіліктеріне және оқу бағдарламасының мазмұнын игеру қарқынына байланысты бағалау талаптарына енгізілуі мүмкін түзетулерді болжау.

Критериалды бағалау жүйесі мектеп бітіруші түлектің тұлғасына қойылатын қазіргі заманғы білім беру парадигмасының талаптары бойынша, балалардың әртүрлі мүмкіндіктерінің, соның ішінде ерекше білім беруде

қажеттіліктері бар балалардың мүмкіндіктерін ескере отырып қалыптастырылады.

Сондықтан, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі мектептегі құзыретті білім беру шарттарында келесі қағидаттарды ескеру арқылы әзірлену қажет:

меңгеру деңгейін саралау;

критериалды бағалау;

бағалаудың объективтілігі;

бағалауды дараландыру;

бағалауды жариялау [19].

Инклюзивті сыныптарда оқыту адамгершілік тұрғыда, тұлғаға бағытталған негізде, дамытушы, дифференциалды және жеке қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылады.

Жоғарыда аталған бағалау принциптерін ескере отырып, мектептің құзыретті білім беруге жағдайында қалыптастырылған оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жүйесі мектеп практикасындағы жаңа білім парадигмаларының талаптары мен бағалау құралдарының арасындағы қайшылықтарды жоюға көмектеседі.
Атап айтқанда:
оқу материалдарын игеруіне қарай деңгейлеп дифференциациялау арқылы қалыптастырылған бағалау шкаласының критериалды бағалау платформасы білім алушылардың оқу жетістіктерін объективті бағалауға мүмкіндік береді;
бағалаудағы жариялылық көптеген психологиялық тұрғыдағы мәселелерді шешуге көмектеседі, соның ішінде, білім алушылар мен олардың ата-аналарының арасындағы қанағаттанғысыз бағаға қатысты қақтығыстар, білім алушылар мен олардың мұғалімдерінің арасындағы балаға қойылған бағаға келіспеушілік тұрғысындағы даулар, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы қостарапты түсініспеушіліктер.

Зерде дамуының бұзылыстары бар балаларды қоспағанда, дамуында және денсаулығында ауытқушылықтары анықталған, білім алуға арнайы қажеттілігі бар балалардың жалпы мектептегі пәндер бойынша оқу жетістіктерін бағалау, кейбір бұзылыс түрлеріне байланысты шектеулерді ескермегенде (көру, есту, сөйлеу, тірек-қимыл аппараттарының бұзылыстары, әлеуметтік-эмоционалдық бұзылыстар), жалпы сыныпқа арналған критерийлер мен көрсеткіштер арқылы бағаланады.

Түзете дамыту пәндері бойынша бағалау критерийлері кез келген тақырыпты игеру барысындағы оқу материалдарымен және қалыптастырылған дағдыларымен тығыс байланысты болуы тиіс. Олар білім алушының әртүрлі іс-әрекеттерінің жиынтығы болып табылады және жұмыс барысында оқу әрекеттерін жүзеге асыра отырып, білім деңгейін шыңдауына көмектеседі. Осылайша белгілі бір білім дағдыларының қалыптасуын жедел бақылап отыру жүзеге асырылады.

Түзете дамыту пәндерін қалыптастырушы бағалау критерилері жаңа сабақты игеру мүмкіндігіне қарай ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылар үшін, олардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып әр сабаққа жасалады.

Ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылар үшін оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесін қалыптастыру барысында келесі ерекшеліктер:

оқу процесінің тұтастығын қамтамасыз ету (пәндік бағалау, пәнаралық және білім деңгейлеріне өту аралығыдағы тұлғалық қалыптасуы) ;

бағалау критерийлерін әзірлеуге біртұтас көзқарас, яғни жалпы білім беру жүйесі мен түзете дамыту жұмыстарының үйлесімділігін сақтау;

бақылау және бағалау әрекетіне білім алушыларды белсенді қатыстыру;

оқу мазмұнын игеру процесінде тәжірибелік және танымдық тапсырмаларды орындауда танытқан қабілеттерін жүйелі бағалау;

білім алуда арнайы қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерінің динамикасын бағалау;

білім сапасының артуын қамтамасыз ету мақсатында ішкі және сыртқы бағалау тетіктерін үйлестіру;

білім алушылардың оқу жетістіктерін қорытынды бағалау мен аттестаттауда дербестікті сақтау және білім жүйесінің даму тендециялары мен білім деңгейін сараптауда, басқа да аттестаттау мақсаттарында тәуелсіз бағалауды ұстану;
жоспарланған жұмыстардың нәтижесін қалыптастыруға және деректерді ұсыну барысына қажетті деңгейде көңіл бөлу;

оқушылардың жеке оқу жетістіктерінің динамикасын сипаттайтын жинақтаушы бағалау жүйесін (портфолио) қолдану;

стандартты жазбаша немесе ауызша бағалау әдістерімен қатар, практикалық жұмыс, жобалау, шығармашылық жұмыс, өзін-өзі бағалау, бақылау және тағы басқа тәсілдерді қолдану ескерілуі тиіс [19].

Ерекше білім беруде қажеттілігі бар оқушылардың ерекшеліктерінің ескерілуі жан-жақты бағалау өлшемдерін енгізуді талап етеді. Аталған бағалау өлшемдері бағдарламаны игеру процесінде білім алушының аздаған жетістіктерін және алға ілгерілеушілігін ескеруге мүмкіндік береді, түзете-дамыту жұмыстарының нәтижесін бағалауға және алдағы жеке дамыту жұмыстарының жоспары мен білім, білік, дағдыды икемді қалыптастыруға ықпал етеді.

Біріншіден, ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі, арнайы қажетті жағдайлар жасалғанда ғана объективті болады.

Атап айтқанда:
білім, білік, дағдыларды тексеру жұмыстарын (шағын топтарда, жеке дара), ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып қолайлы ұйымдастырған жағдайда;

сыныптағы оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай туғызу (өз мұғалімінің немесе қажет болған жағдайда бөлінген әлеуметтік қызметкердің

қатысуы, үйреншікті құралдар мен тірек аппараттары: сызбалар, аудио жазбалар, қажетті көрнекіліктер, тапсырманы орындаудың жалпы алгоритмі);

бастапқы кезеңде жалпы ұйымдастыру жұмыстарының этаптарының сақталуын және қалыптасуын қадағалап отыру.

Екіншіден, ерекше қажеттілігі бар баланы инклюзивті білім беру жағдайында оқытудағы критериалды бағалау жүйесінің тағы бір ерекшелігі, мұғалім оқу процесінде қолданылып отырған әдіс-тәсілдердің тиімділігін анықтап, алдағы уақытта жетілдіру үшін білім алушының оқу жетістіктерін зерделеп отырады.
Нәтижесінде ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылардың оқу жетістіктерін жалпы білім беру стандартына сәйкес, тиісті критерийлермен бағалау мүмкіндігі артады. Бұл түпкілікті нәтижеге жетуге бағытталған жұмыс болып табылады.
Оқу бағдарламасындағы түзете-дамыту компонентінен ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушымен түзете-дамыту жұмыстары жүргізілген жағдайда, пән мұғалімі жеке дамыту бағдарламасының нәтижелерін өз жұмысының барысында ескеруі тиіс. Бұл жағдайда, критериалды бағалау жүйесінің икемділігі мұғалімге қалыптастырушы бағалау критерийлерін жекелеген тақырыптарды өту барысында өзгертіп отыруына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта оқушыға қойылатын нақты талаптарды күрделендіріп отыруға болады.

Сондықтан ерекше білім беруде қажеттіліктері бар оқушылар мен білім алуда жеке қиындықтар туындаған оқушылар үшін оқу жетістіктерін бағалау тапсырмаларын бейімдеу келесі мәселелерді қамтуы қажет:

тұжырымдар мен анықтамалардың мазмұнын және грамматикасын жеңілдету;

көпбірлікті нұсқаулықтарды шағын бірлікті қадамдарға бөлу арқылы тапсырманың орындалуын жеңілдету;

тапсырмаға берілген жазбаша нұсқаулықтардан бөлек, қажеттілігіне қарай, мұғалім тапсырманы қосымша дауыстап, мағынасын келтіре отырып, баяу оқып беру;

тапсырманың мәтінін ерекше білім беруде қажеттілігі бар оқушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес бейімдеу (үлкейтілген шрифт, тапсырмаларды бөліп беру және т.б.);

қажеттілігіне қарай жеке дара көмек көрсету: ынталандыру (мақұлдау, эмоциялық қолдау), ұйымдастырушылық (назарын қарата білу, зейінін жұмысқа аудару, өзін-өзі бағалау қажеттігін есіне салу), бағыттаушы (қайталау және тапсырмаға берілген нұсқаулықты түсіндіру);

тапсырманы орындауға берілген уақытты ұзарту;

сабақ барысында баланың шаршауы, жалығуы байқалған жағдайда, қысқа мерзімді (10-15 мин) сергіту сәттерін ұйымдастыру;

педагог тарапынан теріс көзқарастың болуына жол берілмейді, білім алушының эмоциялық күйзеліске түсуінің алдын алу қажет.

Зерде бұзылыстары бар (ақыл-ой кемістігі бар) оқушылар, танымдық қызметіндегі айтарлықтай шектеулері болуы салдарынан, МЖМБС талаптарын

орындауға бағдарланбаған арнайы оқу жоспарларына және бағдарламаларына сәйкес білім алады [19].
Танымдық қызметінің және тұтас жеке тұлғасының анық жетілмеуі себебімен зерде бұзылыстары бар оқушылар оқу процесінде айтарлықтай қиыншылық көреді. Әлеуметтік тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылған оқу мен тәрбие әсерінен балалардың білім сапасы дамиды, белгілі білім, білік, дағдыларды алады. Бірақ оқудағы осындай ілгері басқан қадамдар түрлі оқушыларда бірдей бола бермейді. Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту мүмкіндіктерінің түрлілігі даму бұзылысындағы тереңдігіне және таралуына байланысты болады.

Дегенмен, критериалды бағалау жүйесін қолдану, ақыл-ойының дамуында кемістіктері бар балалардың да даму динамикасындағы оң өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Түрлі мақсаттарға сәйкес, оқушылардың жетістіктерін қадағалау және бағалау орындалуы тиіс, олар жалпы бағалау нормаларына негізделе алмайды. Баға оқушының ілгері басуының дәрежесін ескеріп, оның оқу және даму процесін белсендендіріп, тәрбиелік және түзете-дамыту міндеттерін орындауы керек. Ақыл-ойының дамуында кемістіктері мен ауытқушылықтары бар балалар үшін олардың оқу жетістіктерін бағалаудың критериалдық жүйесі бойынша Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Мүмкіндіктері шектеулі балалардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі тақырыбында әдістемелік ұсынымдарын әзірлеген [20].

Инклюзивті білім беру жағдайында оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға қойылатын басты талаптардың бірі, олардың жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, жалпы оқу мақсаттарының орындалуын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, бағалау критерийлерін, жалпы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың қабылданған принциптеріне сүйене отырып әзірлеу қажет және ол білу деңгейінен бастап, нәтижені бағалау деңгейіне дейінгі аралықты қамтиды.

Оқушы:

өтілген оқу материалын білетінін және түсінетінін көрсете алады;

алған білімін стандартты және өзгеше жағдайларда қолдануға қабілетті;

тиісті тәсілдерді қолдана отырып, қандай да бір тапсырмаларды зерделей алады, заңдылықтарын таба алады, олардың арасындағы байланысты анықтай алады;

шартты белгілер мен тиісті сәйкес терминологияларды қолдана отырып, ақпаратты түсінікті жеткізуге қабілетті;
оқу міндеттерін шешу мақсатында таңдалған тәсілдердің дұрыстығы мен тиімділігін зерделеп, ойын айта алады.
Критерийлер оқу тапсырмасының қандай деңгейде орындалғанын нақты бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіштерге жіктеледі, ал бұл көрсеткіштердің әрқайсысы оқушының оқу мақсаттарын орындауда нәтижеге қандай дәрежеде жақындағанын анықтап береді. Критериалды бағалау жүйесін қолдануда әрбір

тапсырма бағаланып отырады. Нәтиже әрбір тапсырманың жекелеген элементтерінің дұрыс орындалуына қойылған бағалаудан тұратын жиынтық балдық көрсеткішпен өлшенеді.

Критериалды бағалау жүйесі кері байланыс функциясын атқарады. Сондықтан күнделікті ағымдағы оқу тапсырмаларын орындау барысындағы ең қанағаттанғысыз нәтиженің өзін оқушы жеке оқу жетістіктерін жақсарту үшін берілген ұсынымдар деп қабылдайды. Критериалды бағалау жүйесінде әр балдық көрсеткіш жетістік деңгейін көрсетеді. Маңыздысы, бағалау шкаласының нөлден басталатынында, бұл оқушының жеке тұлғалық қасиеттері емес, керісінше оқу іс-әрекеті бағалаудың тағы бір көрсеткіші [19].

Оқушының білімін критериалды бағалауға арналған дескрипторлар тексерілетін әр тапсырмаға құрастырылады.

Қазіргі уақытта білім алушының оқу жетістіктерін бағалауда жалпы қолданысқа енген бірыңғай критерийлер жоқ. Себебі, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау критерийлері қандай да бір педагогикалық мақсаттар таксономиясының негізінде жасалады.

Бүгінгі күні, деңгейлер санымен, сол деңгейлердің негізінде жасалған критерийлерімен, әрбір деңгейлерді тармақтарға жіктеп көрсететіндігімен ерекшеленетін көптеген таксономиялардың түрлері бар екені белгілі. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бaлaның eрeкшe бiлiм aлу қaжeттiлiгiн aнықтaу бoйыншa, пeдaгoг-психoлoг, лoгoпeд- мұғaлiм, дeфeктoлoг әлeумeттiк пeдaгoгтың aтқaрaтын қызмeтi
Бaлaның eрeкшe бiлiм aлу қaжeттiлiгiн aнықтaу бoйыншa, пeдaгoг-психoлoг, лoгoпeд- мұғaлiм, дeфeктoлoг әлeумeттiк пeдaгoгтың aтқaрaтын қызмeтi туралы
Қалыптастырушы бағалау техникасы
Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруде қажеттіліктері бар балалардың оқу жетістіктерін бағалаудың критерийі және өлшемшарттары
Инклюзивті білім беру жүйесінде ПОҚ құрамына кіретін мамандар құрамы
Инклюзивті білім беруді регламеттейтін дамытуға бағытталған құқықтық құжат
Инклюзивті білім беру
Білім беруді ұйымдастыру
Инклюзивті білім берудің мақсаты
Дамуында бұзылыстары бар балалардың білімін бағалау
Пәндер