ҚАЗАҚСТАН САҚТАНДЫРУ НАРЫҒЫНЫҢ ӨРКЕНДЕУІ


КУСАИНОВ Х. Х, НҰРМАНОВ А. О, ДАУЛЕТКЕЛДИЕВА М. Б.
ЗАМАНАУИ ЖАҒДАЙДАҒЫ
ҚАЗАҚСТАН САҚТАНДЫРУ НАРЫҒЫНЫҢ ӨРКЕНДЕУІ
Монография
Ақтөбе, 2020
ЭОЖ . . .
КБЖ . . .
С . . .
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің
Ғылыми кеңесі шешімімен ұсынылады
хаттама № . . . от . . .
Ш. М. Кантарбаева - э. ғ. д., профессор;
Р. С. Габдуалиева - э. ғ. д., профессор;
Ш. М. Бухарбаев - э. ғ. к., доцент.
Пікір жазғандар:
С . . . Кусаинов Х. Х, Нұрманов А. О, Даулеткелдиева М. Б.
Заманауи жағдайдағы Қазақстан сақтандыру нарығының өркендеуі. Монография . . .
ISBN . . .
Бұл ғылыми жұмыста сақтандыру ұйымдарының сақтық қызметтеріне қаржылық-шаруашылық талдау, оның даму тенденциялары мен перспективалары баяндалған; шет елдердің сақтандыру операцияларының тәжірибесі және оларды Қазақстанда пайдалану мүмкіншіліктері ұсынылған.
Монография материалдары экономикалық жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ сақтандыру мәселелеріне қызығушылық танытатын оқырмандар үшін қажет.
ӘОЖ . . .
КБЖ . . .
ISBN . . . © Кусаинов Х. Х, Нұрманов А. О,
Даулеткелдиева М. Б., 2020
©Баспа, 2020
Сақтандыру - бұл уақыт өнімі, яғни өркениетті адамды жат мінездіден ерекшелейтін мәдениет өнімі.
Марк Твен
КІРІСПЕ
Сақтандыру алыс тарихқа тамырмен кететін шаруашылық өмірді қамтамасыз етудің ең ескі және тұрақты түрлерінің қатарына жатады. Сақтандыру, шын мәнінде, табиғи және экономикалық өмірде халықтың мүліктік мүдделерін табиғи зілзалалардан және өзінің табиғаты бойынша келеңсіз залал келтіретін өзге де күтпеген төтенше жағдайлардан қорғау үшін мақсатты қор құрумен мәндес болып келеді.
Сақтандыру - бүгінгі күні рөлі күрт өсіп келе жатқан қоғамдық қатынастардың ежелгі экономикалық санаттарының бірі. Сақтандыру қаржы жүйесіне кіреді. Бүгінгі күні қаржы - бұл адам баласының өмірін ақша басқаратын заманда адамның өмір сүру ғылымы.
Нарықтық экономика кезінде өндірушілер (сатушылар) мен тұтынушылар (сатып алушылар) бәсекелестік жағдайында өз қорқынышы мен тәуекеліне дербес әрекет етеді. Тәуекелсіз қорқыныш болмайды. Екі субъектінің де қаржылық болашағын болжап білуге болмайды. Сондықтан да сақтандыру тәуекел дәрежесін төмендетудің басты құралы болып есептеледі. Ол тәуекел менеджментте, яғни тәуекелді басқару ғылымында басты орын алады.
Сақтандыру адам қауіпсіздігінің ең негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған, сондай-ақ, сақтандырудың қазіргі нарықтық экономика жағдайында жеке және заңды тұлғалардың ақшалай жинақтарын шоғырландыруды және оларды қолданудың тиімді әдістерінің бірі ретіндегі рөлі артып келеді.
Сақтандыру елдің инвестициялық әлеуетінің барынша артуына, үй шаруашылығның әл-ауқат деңгейінің өсуіне, әлеуметтік қолдау және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерінің шешілуіне мүмкіншілік береді.
Сақтандыру нарығы - белгілі бір дәрежеде мемлекеттік органдармен, банктермен, қаржылық емес компаниялармен және халықпен пайдаланылатын, ондағы сақтық қызметтеріне сұраныс пен ұсыныс қалыптасатын және оларға сай қаржы ағындары туындайтын қаржы нарығының саласы.
Сақтандыру - экономиканы дамытудың түйінді факторларының бірі. Оның рөлі кәсіпкерлерді жаңашылықтырды енгізудің неғұрлым белсенді саясатын жүргізуге ұмтылдыратын, олардың іс-әрекетін инновациялық кәсіпкерлік тәуекелдерінің болуы мүмкін жағымсыз салдарларынан қорғай отырып, «рентабельді бизнеске» қолайлы жағдай жасауда көрінеді. Осының нәтижесінде, белгілі бір көлемде тәуекелге баруға мүмкіндік беретін, түрлі форматтағы жаңашыл идеяларды дайындауға кәсіпкерлік белсенділік артады, себебі ол сақтандыру жағдайы басталған кезде оларға байланысты шығындарды анықтауды және қорғануды қамтамасыз етеді.
Сақтандырылған тұлғалар (сақтанушылар және сақтандырылушылар) мен сақтандыру жағдайларының саны сақтандыру компанияларының кіріс нәтижелеріне тікелей әсер етеді. Компаниялар әрқашан да сақтандыру жағдайларының жиілігі коэффициентін төмендетуге мүдделі (сақтандыру жағдайы басталған кезде, ұйым сақтық төлемдерін жүргізе отырып, шығындалады), бұл нәтижесінде олардың пайдасына және тұтастай алғанда экономиканың нығаюына әсер етеді (сақтандыру жағдайларының төмендеуі, өз жиынтығында экономика саласында инвестициялау көзіне айналатын сақтандыру компанияларының ақша қаражатын жинақтауға ықпал етеді) .
Елдің қаржы жүйесіне қатысты сақтандыру компаниясының рөлі мыналардан тұрады:
- ақша ресурстарын мемлекеттің бюджет жүйесіне, әртүрлі өңірлік деңгейлерге бағыттай отырып, салық төлеуші болып табылады;
- күтпеген шығыстар жабылған жағдайда, нарықтық субъектілердің ресурстары сақтандыруға жіберіледі;
- жинақталған, артық ресурстар болашақ жинақтау жүйесін құру үшін резервтеледі, ең тиімді түрде инвестицияланады, бұл елдің қаржы жүйесін және тұтастай алғанда экономиканы нығайтады.
Жұмыстың мақсаты - Қазақстан сақтандыру нарығын жан-жақты, кешенді зерттеу. Басқа мақсаты - сақтандыру нарығы дамуының мәселелеріне ғылыми жұртшылықтың (оның ішінде, экономикалық теория, қаржы және басқа да сақтандыруға қатысы жоқ салалар мамандарының) неғұрлым кең ауқымының назарын аудару, қазіргі заманғы экономикалық теория талаптарына сәйкес сақтандырудың теориялық зерттеулерін келтіру.
Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін келесідей міндеттерді шешу қажет:
- сақтандыру нарығы ұғымының мәнін және оның нарықтық қатынастар жүйесіндегі орнын анықтау, қазіргі заманғы дамыған сақтандыру нарықтарына тән негізгі ерекшеліктерді қарау;
- сақтандыру нарығы саласында дамыған елдердің теориялық және практикалық тәжірибелерін қорыту;
- Қазақстандағы отандық сақтандыру нарығы жүйесінің қазіргі жағдайына дейінгі қалыптасу эволюциясын талдау, қолданыстағы ұлттық сақтандыру моделінің қалыптасуын, оның әр кезеңдегі қалыптасу ерекшеліктерін және негізгі даму үрдістері мен перспективаларын анықтау;
- қазақстандық сақтандыру нарығын мүмкін жетілдіру жолдарын іздестіру.
Зерттеу нормативтік актілерге, мерзімді баспасөздік өзекті жарияланымдарға және ҚР мен шет елдердің сақтандыру нарықтары бойынша ресми статистикалық деректерге сүйенген. Жинақталған сандық деректер негізінде кесте, график, диаграммалар құрастырылды.
1. НАРЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖАҒДАЙЫНДА САҚТАНДЫРУ ҚЫЗМЕТТЕР НАРЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕУІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. 1 Экономикалық дамудағы сақтандырудың тарихи аспектілері, мәні және орны
Сақтандыру ежелден бастау алады. Құл иеленушілік кезінде-ақ, қазіргі заманғы сақтандыру шарттарына ұқсас ерекшеліктері бар ерікті келісімдер жасалған. Мысалы, Вавилон патшасының б. э. д. 18-ші ғасырда шығарған заңдары қарақшылар шабуылдағанда, ұрлық және т. б. жасалған кездегі шығындарды бірлесіп атқару жөніндегі көпес пен мал айдаушылар арасындағы келісімді қамтиды.
Осыған ұқсас келісімшарттар теңізшілерде болған және олар кеме апаты немесе авариялар кезіндегі залалды бөлу механизмін көздеген.
Кеме қатынасы және халықаралық сауданың серпінді дамуына ықпал ететін ұлы географиялық ашулар кезінде, өзара сақтандыру негізінде көпестер мен кеме иелерінің бірлестіктері пайда болған болатын. Егер порт немесе кемелер бірлесіп құрылған жағдайда, бір керуен құрлық немесе теңіз арқылы жол жүрген кезінде залал келтірілетін болса, бірдей жауапкершілікті бірге көтеру келісімшарты жасалған.
Кеңес кезеңінде сақтандыру ісінің дамуына қатысты, КСРО 1918 жылы мемлекеттік сақтандыру монополиясы - ел ішінде сақтандыруды тек мемлекет қана, өзінің арнайы органдары көмегімен жүзеге асыратын сақтандыру ұйымы болғандығын атап өту керек. 1918 жылы 23 наурызда РКФСР ХКК отырысында сол кездегі сақтандыру туралы бірінші заңнамалық-құқықтық акт - «Әлеуметтік сақтандырудан басқа, қалған барлық сақтандыру түрлеріне мемлекеттік бақылауды қалыптастыру туралы декрет» қабылданды.
Сақтандыру қоғамдарының сақтық қызметін қадағалауға жататын сақтандыру ісін ұйымдастыру мемлекеттік сақтандыру монополиясын белгілеудегі өтпелі кезеңдердің бірі ғана болды. РКФСР ХКК 1918 жылғы 28 қарашадағы «Ресей Республикасында сақтандыру қызметін қалыптастыру туралы» декреті негізінде елдегі барлық жеке сақтандыру қоғамдары жойылды, ал олардың мүлкі мен ақша қаражаттары тиісінше мемлекет меншігіне өтті. Сақтандырудың барлық түрлерінде мемлекеттік монополия қалыптасты.
Сақтандыру ісін дамытудағы маңызды кезең 1925 жылдың 18 қыркүйегінде КСРО ОАК және КСРО ХКК елдегі мемлекеттік сақтандыру ісі туралы ережелерін бекітуі болды. Аталмыш ереженің шарттарына сәйкес, сақтандыру, оның барлық нысандары мен түрлері КСРО мемлекеттік монополиясы болып табылады делінген. Барлық операциялар тарифтер бойынша бірыңғай ережелер негізінде жасалды, ал барлық қаражат қоры КСРО Мемлекеттік сақтандыруының абсолюттік иелігінде болды. Үкіметтің 1938 жылғы 3 ақпандағы «Кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың мүлкін мемлекеттік сақтандыру туралы» қаулысымен мемлекеттік сақтандыру саласы кеңейтілді.
Кеңес мемлекетінің 1921 жылы жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу барысында, сақтандыруды одан әрі дамыту мен жетілдіруде елеулі кемшіліктер орын алған. Жаңадан қабылданған ЖЭС жеке меншік қарым-қатынастар деңгейінің нығаюына, ақша және несие айналым жүйесінің айтарлықтай шамада жаңғыруына, сақтандыру сегментін оңалтып, қалпына келтіруге және дамытуға бағытталған бірқатар алғышарттар жасады. Мұның бәрі отандық сақтандыру заңнамасына да өз әсерін тигізбей қоймады. 1922 жылдан бастап қолданылып келген РКФСР Азаматтық кодексінде сақтандыру жүйесін реттеуге арналған ХІ бөлім жалпы сақтандырудағы негізгі ерекшеліктерді жеке және егжей-тегжейлі регламенттейтін, неғұрлым пысықталған 31 бапты қамтиды.
Мемлекеттік сақтандыру тарихындағы ұзаққа созылған және аса маңызды кезеңдердің бірі елдегі сақтандыру ісінің 20 жылдық даму жолының орталық тірегі әрі нәтижесі болып есептелетін «Міндетті мемлекеттік қызметақыны сақтандыру туралы» Заңының жаңартылып, қолданысқа енгізілуі болды. Ол міндетті сақтандыру түрлерінің негізгі принциптері мен стандарттарын жүйелеп анықтаған болатын. Ұлы Отан соғысының басталуымен, ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағаның өсуімен (1942 жылы) ауыл шаруашылығы дақылдары мен жануарларды міндетті сақтандыру бойынша сақтандыруды қамтамасыз ету мөлшері артты. 1942 жылдың желтоқсанынан бастап жеке сақтандыру жүйесі түбегейлі қайта құрыла бастады. Шығынды болып табылған ұжымдық сақтандыру жойылды. Жеке аралас сақтандыру, еңбек ету қабілетінен айырылу, жазатайым оқиғалардан сақтандыру және қайтыс болған жағдайда сақтандыру енгізілген болатын.
1985 жылы өмірді аралас сақтандырудың жаңа ережелерін енгізу жеке сақтандыруды дамыту үшін кезеңді оқиғалардың бірі болды. Азаматтарға бұрынғыдай тек 10, 15 және 20 жылға ғана емес, 5 жылға шарт жасау құқығы берілді. Алайда, мемлекеттік монополияны ұстау үрдісі өзгеріссіз сақталды. КСРО Министрлер Кеңесінің 1984 жылғы 30 тамыздағы «Мемлекеттік сақтандыруды дамыту және сақтандыру саласындағы сақтандыру органдары жұмысының сапасын арттыру бойынша қосымша шаралар туралы» қаулысы отандық сақтандыру ісін одан әрі дамыту жолында өте маңызды рөл атқарды. Ол мемлекеттік құрылыстың материалдық-техникалық жүйесін нығайтуды, пайданы бөлу механизмін өзгертуді және қорларды қалыптастыруды көздеді.
Осылайша, кеңестік кезеңде сақтандыру мемлекеттің айрықша монополиясы жағдайында дамығанына қарамастан, тарихи XX ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы мен 90-шы жылдарының басында сақтандыру жүйесінде мемлекеттік монополияның жойылуына алғашқы қадамдар жасалғанын ерекше атап өту қажет. Мұны елдің нарықтық қатынастарға бет бұру жағдайларымен байланыстыруға болады. Дәл осы сәттен бастап, жаппай Қазақстанда, Ресейде және өзге де посткеңестік кеңістіктегі елдерде сақтандыру рыногын жедел дамыту үшін қажетті құқықтық, экономикалық және әлеуметтік алғышарттарды жүйелі түрде қалыптастыру бағыты жүзеге асырыла бастады.
Қазіргі заманауи Қазақстанда сақтандыру нарығының қалыптасуы мен дамуы тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шығуымен сәйкес келеді. Қазақстанда сақтық қағидаттары бойынша жұмыс істейтін алғашқы отандық сақтандыру компаниялары өткен ғасырдың 90-жылдары пайда болды. Демек, сақтандыру секторының тиісінше дамыту және толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған тиісті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру талап етілді, осыған орай 1992 жылы 3 шілдеде №1510-XII «Сақтандыру туралы» Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды. Бұл Заң біртұтас, сенімді сақтандыру қызметтері нарығын қалыптастыруға жағдайлар жасауға, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері мен азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мен оларды сақтандыру жүйесін кеңейтуге бағытталған. [22]
Өз кезегінде, Заңның қабылдануы елдегі сақтандыру бойынша қызметтер көрсету нарығының өсіміне түрткі болатын жаңа шабыт берді. Нәтижесінде, сол кезеңдерде ұлттық сақтандыру компанияларының айтарлықтай басым көпшілігі Заңмен бекітілген қатаң нормативтік талаптарға сәйкес келмей нарықтан өз еркімен кетуге мәжбүр болды.
Елдегі сақтандыру ісінің одан әрі өсе түсу салдарынан, мемлекеттің сақтандыру жүйесіндегі құқықтық реттеп отыру, қадағалау функцияларын оңтайландыру және күшейту қажеттілігі туындады. Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 16 сәуірдегі «Сақтандыру нарығын қалыптастыру және дамыту жөніндегі ұйымдық-құқықтық шаралар туралы» Жарлығы сақтандыру рыногын мемлекеттiк реттеу жүйесін және сақтандыру қызметiн қадағалауды қамтамасыз ету құқығын берді. Қаржы министрлігінің құрамына енетін Cақтандыруды бақылау мен қадағалау департаменті құрылды. Департаментмен жүзеге асырылатын негізгі функциялардың қатарына төмендегілер кіреді: [17]
- сақтандырушы ұйымдары мен сақтандыру брокерлер бірлестіктерінің тізілімін жүргізу;
- Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыруды ұйымдастыруға және сақтандыру қызметін жүзеге асыруға қатысатын барлық заңды және жеке тұлғалардың орындауы үшін міндетті, оның құзыретіне жатқызылған сақтандыру қызметі мәселелері бойынша нормативтік-әдістемелік құжаттарды әзірлеу және бекіту, оның ішінде төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін сақтандырушының активтері мен қабылдаған міндеттемелері арасындағы арақатынасты есептеу әдіснамасын айқындау және олардың нормативтік мөлшерін белгілеу;
- сақтандыру қызметінің практикасын қорыту, сақтандыру туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде белгіленген тәртіппен ұсыныстар әзірлеу және ұсыну;
- департамент қызметкерлерін кәсіби даярлау және қайта даярлау бойынша іс-шараларды жүргізу және т. б.
Қазақстандағы сақтандыру ісінің кезекті өркендеу кезеңі 1995 жылы 3 қазанда «Сақтандыру туралы» Заңының ресми жариялану уақытынан бастау алады. Аталмыш заң қазіргі таңдағы отандық сақтандырудың нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыру үшін негізін қалаған бірінші заң актісі ретінде белгілі. Заң Қазақстан үшін сақтандыру саласындағы шетелдік инвестицияларды тікелей тарту мақсатында нарықты ішінара ашу арқылы, сақтандыру нарығында барлық сақтандырушылар арасында адал және еркін бәсекелестікті дамытуға барынша қол жеткізу үшін жағдай жасады. [18]
Отандық сақтандыру саласы жаңғыруының жаңа кезеңі мемлекет басшысының 1998 жылы 30 маусымдағы «Мемлекеттік басқару органдарын одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы болды, оған сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінiң Сақтандыруды қадағалау департаментi, оның функциялары, мүлкi мен iсiн басқару жөніндегі өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне берiле отырып таратылды. [19]
ҚРҰБ сақтандыру қызметін реттеу және қадағалау жөніндегі фунциялар мен өкілеттіктер беру, оған толыққанды, тұрақты жұмыс істейтін және ұлттық сақтандыру нарығының сақтық қызметтерін сеніммен пайдаланатын мәдениетті қоғамды қалыптастыру мақсатында, елдегі сақтандыру ісін реформалау жөніндегі міндеттерді іс жүзінде іске асыруды бастауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, аталмыш жарлық сақтандыру секторындағы мемлекеттің реттеуші рөлін арттырған болатын.
2000 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің № 491 Жарлығымен сақтандыруды дамытудың 2000-2002 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты мемлекеттiң, азаматтардың және шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң мүддесін қорғаудың нақты құралы бола алатын қазiргi заманғы және тұрақты ұлттық нарығын қалыптастыру, мемлекеттiк әлеуметтiк саясаттың құрамдас бөлiмi ретінде тиiмдi сақтандыру жүйесiн құру болып табылады. [20]
Алуан түрлі ратификацияланған нормативтік-құқықтық құжаттардың тізбесінде, дәл осы бағдарлама қаржының сақтандыру секторының одан әрі даму перспективаларын, өзекті мәселерін және аталмыш бағыттағы мемлекеттік саясатты нақты тұжырымдайтын, айқындайтын, әрі іске асыратын бірінші инфрақұрылымдық бағдарлама болатын.
Қазақстан Республикасының қазіргі қолданыстағы «Сақтандыру қызметі туралы» Заңы 2000 жылғы 18 желтоқсанда қабылданды. Заң сақтандыруды кәсіпкерлiк қызмет түрі ретінде жүзеге асырудың негізгi ережелерін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, сақтандыру брокерлерiн құру, лицензиялау, реттеу, олардың қызметiн тоқтату ерекшелiктерiн, өзге де жеке және заңды тұлғалардың сақтандыру нарығындағы қызметтерiнің талаптарын, сақтандыру нарығын мемлекеттік реттеу міндеттерін және сақтандыру қызметін бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету қағидаттарын айқындайды. [7]
2004 жылға дейін ҚР сақтандыру нарығы қатысушыларының қызметін реттеуді ұйымдастырумен Ұлттық банк айналысты, ол сақтандыру компанияларының қаржы ресурстарына, активтер тұтастығын басқаруға, өзара әрекеттесетін неғұрлым жоғары өркениетті, мәдениетті нарықты қалыптастыруға бағытталған отандық сақтандыру нарығындағы қызметтерге қатысты бірқатар жүйелі іс-шаралар қабылдаған болатын. Бұл шаралар сақтық нарықтың шағын қатысушылары болып табылатын сақтандырушыларды қысқарту арқылы халықтың сақтандыру компанияларына сенімділігін арттыруға бағытталған.
Президенттің «Мемлекеттік реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» № 1270 Жарлығымен 2004 жылдың 1 тоқсанынан бастап банк қызметінің, сақтандыру нарығы қызметін, зейнетақы жүйесінің жұмысы мен инвестициялық қорлардың қызмет етуін мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі негізгі функциялар мен өкілеттіктерді «ҚР Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі» атқарды. Агенттік Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. [21]
Жарлықпен Агенттіктің бірқатар мақсаттары мен міндеттері белгіленген:
- қаржы нарығы мен оның қатысушыларының қаржылық жағдайының тұрақтылығын қамтамасыз ету және жалпы халықтың қаржы жүйесіне деген сенімділігін арттыру;
- қаржы қызметтерін тұтынушылардың заңды құқықтары мен мүдделерінің тиісті кәсіби деңгейде қорғалуын қамтамасыз ету;
- адал бәсекелестікті дамыту мақсатында қаржы нарығындағы қаржы ұйымдарының қызметіне тең құқықты және бірдей деңгейдегі заңмен қорғалатын жағдайлар жасау;
- қаржы қызметтерін тұтынушылар болып табылатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына жол бермеу жөніндегі алдын-алу шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;
- қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету мақсатында әр тоқсан сайын қаржы нарығы мен неғұрлым тәуекелге бейім қаржы ұйымдарының мониторингін жүргізу.
2004 жылы Агенттікті құру кезіндегі ең басты себептердің бірі - қаржы нарығының сол кездегі бірқатар субъектілерінің қатысушысы болған Ұлттық банктің мүдделер қақтығысын болдырмау қажеттілігі және Ұлттық банктің қызметін оның негізгі функциялары - ақша-несие саясатына шоғырлау болды.
Президенттің 2011 жылғы 12 сәуірдегі № 25 Жарлығымен Агенттіктің функциялары мен өкілеттіктері Ұлттық Банкке берілді, ал 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 61 Жарлығымен Ұлттық банктің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау жөніндегі комитеті құрылды, ол Мемлекет басшысының 2014 жылғы 30 қаңтардағы № 744 Жарлығымен таратылғанға дейін сақтандыру қызметін, жинақтаушы зейнетақы қорларының, инвестициялық қорлардың, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің және кредиттік бюролардың қызметін бақылау мен қадағалаумен, сондай-ақ қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен айналысты. [2]
2011 жылы Агенттік пен Ұлттық Банктің кері қосылуы мүдделер қақтығысы - бұл жай ғана гипотезалық қауіп емес, Ұлттық Банктің негізгі, «классикалық» рөлін орындауына теріс әсер етуі мүмкін факт екенін растады.
Әсіресе мүдделер қақтығысы, сол кезде құрылған БЖЗҚ қызметін реттеу кезінде айқын болды. Сондай-ақ, банк секторын сауықтыру бағдарламасы барысында Ұлттық банк қайта ұйымдастырылатын екінші деңгейлі банктердің уақытша қатысушысы болды. Ұлттық банктің мүдделер қақтығысы қаржы нарығын реттеу және дамытуда белгілі функциялар мен операцияларды орындайтын қор биржасы және отандық қаржы нарығы инфрақұрылымының басқа да негізгі институттарының, ұлттық компаниялардың қатысушысы ретінде оның қызметінде айқын болды. Ұлттық банктің барлық жерде және барлық қаржы нарығында жаппай қатысуы оның дамуына тиімді ықпал ете алмады.
Бұдан басқа, Халықаралық қаржы орталығын құру елдің қаржы нарығында осы орталықтың белгілі бір реттеуші функцияларының пайда болуына алып келді. Яғни, Ұлттық банк отандық қаржы нарығында бірыңғай реттеуші болуды тоқтатты. Мұның өзі реттеуші мемлекеттік функцияларды тиімді бөлуді қайта қарауды талап етті.
2019 жылдың 22 сәуірінде Ұлттық банктің ресми интернет-ресурсында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын және микроқаржы қызметін реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына тұжырымдама жарияланды. Бұл құжат қаржылық қадағалау органын қайта құру негіздемесін қамтиды. Әзірлеушілердің пайымдауынша, заң жобасы ҚР Президенті Қ. К. Тоқаевтың 2019 жылғы 29 наурыздағы тапсырмасына сай әзірлену үстінде. Заң жобасы авторларының пікірінше, жаңа-ескі орган: «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» деп аталатын болады. Ол ҚР Президентіне тікелей есеп береді және республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Осы заңды сенат депутаттары 2019 жылғы 24 маусымда екі оқылымда қабылдаған. Жаңа орган жаңа жылдың басынан бастап жұмыс істейді деп болжануда.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz